Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Күзгі бұралаң жол

Күн сәскеден ауып барады. Біз Гришка, Қанатай үшеуміз диірменнің желке тұсындағы қойтастың үстінде отырмыз. Қанатай — жұқалтаң, ақ сұр өңді бала. Менен бірер жасы кішілеу. Гришка — отыздан енді асқан, дорба ауыздау сары жігіт. Қазақша судай. Дәл аяғымыздың астында кішкене өзен ағып жатыр. Тастан тасқа секіріп, тулап ағады. Қанатай балағын түріп алған, жалаң аяқ. Ақ көбік боп көпіршіген суға аяғының ұшын тигізіп, қызық көріп отыр. Гришканың үсті-басы, бет-аузы түгел үн. Терлеп отыр. Енді бірде ол жеңін сыбанып еңкейіп, қолымен судан іліп ап бетін жуды.

Гришканың білегі неше түрлі жазулар мен суреттерге толы екен. Қанатай қызығып кетті.

— Міне, керемет! Гриша ағай, мұның бәрін қашан жазғызып жүрсіз?

— Е, балалық кездегі ғой...

Қанатай Гришканың білегінен ұстап, таң-тамаша қылып, суреттерді қарай бастады. «Ұмытпаймын, туған анам» деп екі рет жазылыпты. Ысқырып тұрған аждаһа жыланның басы, жүрекке қадалған екі жүзді қанжар, теңіз кемесінің қос якорі тағы басқа да осы сияқты толып жатқан нәрселерді шимай-шатпақ қып сала берген.

— Осының бәрін өзіңіз салдыңыз ба?

— Жоға... Бірақ мұның еш қиындығы жоқ. Оп-оңай. Керек етсең кел, білегіңе туған жылыңды, аты-жөніңді қазір-ақ жазып берейін,- деп қойды Гришка, қалтасынан сиялы қарындашын алып.

— Ауырмай ма?

— Өй, сен өзің дардай жігіт болғанша қорқақпысың. Қай жылғысың?

— Қырық жетінші...

— Он алтыдасың. Паспорт алдың ба?

— Жоқ.

— Жарайды, мәселе онда емес. Кәне, қолыңды әкел, — деді Гришка.

Қанатай жеңін түрініп, білегін созды.

Гришка сиялы қарындашын сулап ап, жазуға ыңғайлана берді де:

— Ей, әкең, ұрсып жүрмей ме? — деп сұрады.

— Менің әкем жоқ.

— Ә, онда дұрыс. Кәне, батырым, сенің төзіміңді байқап көрейін бір.

Гришка қап тігетін жуан инесін Қанатайдың білегіне піспектей отырып, туған жылын жаза бастады. Қанатай тістенген күйі теріс қарап отыр. Жанына батса да сыр берер емес. Қабағы кіржиіп, көзі жасаурай түседі де, маған қарап сыр бергісі келмей жымия күледі. Анда-санда Гришка да:

— Жылаған жоқсың ба-ей! — деп қояды. Қанатай жауап орнына қарқылдап күледі. Әлден уақытта Гришка:

— Әкең аты кім? — деді.

— Жансұлтан.

— Дұрыс. «Ж» әрпін онан соң нүкте қойып «Қ» әрпін жазам. Бола ма? Бітті. Келістік онда.

Гришка инесін тағы да піспектей бастады. Тістенген Қанатай бір ауық ауырсынып, көзін жұмды. Бірақ қың етіп үн шығарған жоқ. Сөзге алдандырмақ болды ма, әлде шынымен-ақ білгісі келді ме, енді Тришка:

— Әкең қайда? — деп сұрады Қанатайдан.

— Соғыста өлген.

— Мәссаған,—деді аң-таң боп дағдарып қалған Гришка. — Әй, ол қайдағы соғыста өліп жүр?

— Отан соғысында, — деді Қанатай іркілместен.

— Тоқта, тоқта. Сен жаңа қай жылы тудым дедің?

— Қырық жетінші...

— Ал енді не оттап отырсың, онда Отан соғысы қай жылдарда болды?!

— Отан соғысында, — деді Қанатай міз бақпай. Көзі жасаурап, енді бір ауыз сөз айтса Гришканы тарпа бас салуға атылғалы тұр. Мен әңгіме бетінің ушығып бара жатқанын сезіп, Гришканы бүйірден түрттім. Өзінің ағат кеткенін Гришка да ұға қойды.

— Жарайды, жігітім. Менікі қалжың ғой. Қалай жазыппын, қолыңды қарашы, — деп алдаусырата бастады.

Бірақ Қанатай жадырай қоймады. Шып-шып қан шығып, ісінген қолына да қараған жоқ. Өңі сұп-сұр боп, кішкене танауы қусырылап кетті. Дір-дір етіп теріс қарап отырды.

Кішкене өзен тулап ағып жатыр. Ақ көбіктеніп тулаған бойда диірменнің астына зыпылдап еніп жатыр. Сарылдаған шуы құлақты тұндырады. Диірмен — бөренеден қиюластырған, шағын бір бөлмелі үй. Диірмен тастың бірқалыпты ырғағына қарай, ақырын теңселіп тұрады.

Біз — Қанатай және Қанатайдың шешесі Бибі үшеуміз — таңертең ұн тартқыза келгенбіз. Ат-арбамыз диірменнің көлеңкесінде тұр. Ал Бибі диірменнің ішінде тартылған ұнды шетінен қаптап отыр. Басқа істейтін ештеңе жоқ болған соң диірменші Гришка, Қанатай үшеуміз сыртта, қойтастың үстінде отырмыз. Жаңағы қолайсыз жайдан кейін сөз бастау үшеумізге де қиын тиді. Сондықтан үнсіз қалыпта төңірекке көз тігеміз.

Диірмен тұрған жер — терең құздың табаны. Екі жағымыз да құлама тік беткей. Сыңсып өскен итмұрын, ырғай, қараған. Жапырақтары алтындай сап-сары. Бірақ әлі түспеген. Диірменге жеткенше тулап аққан өзен, диірменнен шыққан соң сайдың табанына жайылып ағады. Тереңдігі тобыққа да жетпейді. Малта тастар қылт-қылт етіп, көрініп жатады. Жол — осы судың үстімен, шоқ-шоқ талдардың арасымен бұралаңдап, құлдилай жүреді.

«Шақ-шұқ» етіп тағалы аттың жүрісі естілді. Елең етіп жолға қарадық. Шоқ талдардың арасынан анда-санда бір қылт етіп көрініп, арбалы біреу келе жатыр. Атының тұяғы малта тасқа «шақ-шұқ, шақ-шұқ» етеді.

Сәлден кейін арбалы диірменнің алдына кеп тоқтады. Басында мыжырайған шляпасы бар, орта жастағы адам қалғыған күйде, басы салбырап біраз отырды. Онан соң бет-аузына қонған шыбындарды үркітіп, қозғала бастады. Диірменге келгенін енді ғана біліп басын көтерді. Бірақ бізді көрген жоқ.

— Крешке! Ай, Крешке, бармысың! — деп дауыстап қойды.

Гришка күлімсіреп орнынан тұрды.

— Бұл менің Шынтемір деген жекжатым, — деді. Онан бұл да дауыстап: — Уай, Шынеке, кеп қалдыңыз ба? — деп солай қарай жүрді.

— Крешке, ұн дайын ба? — деп сұрады Шынтемір.

— Дайын, Шынеке.

Біз де Гришкаға ере жүрдік. Диірмен ішінен Бибі де шыға келді. Арбасының үстінде әлі де қалғып-мүлгіп отырған Шынтемір Бибіні көріп аңырайды да қалды.

— Жаным-ау, сенбісің қайдан жүрсің? — деді. Шарасынан шығып, қызарған көзін Бибіден айырар емес. Үсті-басы ұн-ұн болған, ақ сұр өңді Бибі аппақ, ірі тістерін көрсетіп езу тартты. Шынтемірге жауап берген жоқ. Бізге бір қарап қойды да, қоңыраулы ашық даусымен:

— Өзің қайдан жүрсің? — деп қарсы сұрақ берді.

— Ауыл арасы да.

Шынтемір арбасынан түсіп, диірменге кірді. Бір аяғы ағаш екен, сықырлата басып, ақсаңдай жүрді. Дәл алдымнан өткенде мен оның бет әлпетін біреуге ұқсатқандай болдым. Бірақ есіме түсіре алмадым. Бибімен екеуі қол алысып көрісіп, амандық-саулық айтылғаннан кейін.

— Жалғызбысың? — деп сұрады.

— Жоға. Қанатайым бар жанымда, — деп Бибі баласын нұсқады. Шынтемір кілт бұрылып Қанатайға қарады.

— Азамат болыпты-ау, азамат болыпты-ау... — деп күбірледі. Өңінде қуаныш пен күйініштің белгісі бар еді. Күліп тұрған Бибі:

— Қанатай, ағаңа қол беріп амандасшы, алтыным, —деді.

Шынтемір Қанатайдың қолын қысып ұстап, ұзақ тұрды, бірақ ештеңе деген жоқ.

Диірмен тасын бір қарап қойған Гришка:

— Ал, Шынеке жекжат, ұныңыз міне, дайын, — деді ылғи бір теңкиген ала қаптарды көрсетіп. — Тек, қазір үйге жүріп, шай ішіп кетіңіз.

— Иә, шай ішелік. Жүр, Бибі сен де.

— Ұн қаптап тұр едім... — деп Бибі кібіртіктеп қалды.

— Мына екі жігіт бағанадан бос жүр ғой, енді осылар қаптайды, — деді Гришка киіп-жарып.

Диірмен ішінде Қанатай екеуміз қалдық.

— Бұл кім? — деп сұрадым мен Қанатайдан Шынтемірді.

— Білмеймін. Көрген адамым емес, — деді ол.

Біз кезектесіп үн қаптауға кірістік. Біраздан кейін екеулеп жүріп, терлеп-тепшіп, ең соңғы қаптағы астықты диірмен тасқа құйдық. Осы кезде Гришка келген. Қызара бөртіп апты. Тіпті көңілді.

— Жігіттер, қалай, майда тартылып жатыр ма? — деп кеп, ұнды алақанына салып уқалап көрді.

— Байқайсыңдар ма, сендер үшін тасымды да аяп жатқан жоқпын. Басқа елге өліп кетсем де майда тартпаймын. Тек Шынтемір жекжатқа ғана осындай ғып тарттым. Әй, өзі бір мың жасар жақсы адам ғой...

Гришка жекжатын жер-көкке сыйғызбай мақтай ала жөнелді. Онан соң шығып бара жатып, маған бері келші дегендей көзін қысып, ым қақты. Мен соңынан ілесе шықтым. Гришка әлгіндегі қойтасқа ертіп әкелді.

— Әй, сен не сездің? — деді ықылықтап.— Қанатай бар ғой, жекжаттың баласы екен.

Бұл жаңалыққа мен тіптен таң қалдым.

— Мына Шынтемірдің баласы ма? — деп анықтай сұрадым.

— Тс-с-с... Айқайламасаңшы... Иә, осы Шынтемірдің баласы. Жаңа Бибімен екеуінің сөз әлпеттерінен байқап қалдым. — Гришка қулана күліп, көзін қысып қойды. — Өзің Шынтемір мен Қанатай қатар тұрғанда байқап көрші, тура аузынан түскендей. Ой ит-ай, біздің жекжат... Ха-ха-ха...

Гришка санын шапақтап, ішек-сілесі қата күлді. Сәлден кейін біздің ту сыртымыздағы Гришканың үйінен Бибі мен Шынтемір шықты. Бибі ұзын бойлы, биік кеудесін тік ұстайды. Ақ бәтес жаулығын шалқайта тартқан. Мына түріне қарап қырықтан асқан деп айта алмайсың. Оған ілесе ақсаңдай жүрген Шынтемірдің бойы сәл аласа. Күбір-күбір етіп Бибіге сөйлеп келеді.

— Байғұс, Шынтемір, — деді күлкісінен тыйылған Гришка. Жекжатына аяныш білдіріп, күрсіне сөйледі. — Бірде ішіп отырғанымызда өзінің бір ауыр өкініші туралы жылап айтып еді маған. Соғыстан жаралы боп оралған соң, колхозда председатель болып істеген көрінеді. Осы мына сендердің колхоздарыңда. Сен әрине кейіннен келдің, білмейсің ғой. Міне, сол кезде Бибі бригадир боп істейді екен. (Оның Бибі екенін жаңа ғана біліп отырмын ғой). Күйеуі соғыста хабар-ошарсыз кеткен жесір келіншек. Несін айтасың қылшылдап тұрған кезі дейді. Өзі сұлу бопты. Сұлу болғаны қазір де көрініп тұр ғой. Иә, сонымен қысқасын айтсам, Шынтемір мен Бибінің арасында хикая басталыпты. Бұл дүниеде жоқ, ғажап хикая!.. Шынтемірдің түрін өзін көріп тұрсың ғой. Дәл осыған әйел қызығар деп ойлайсың ба? Ал Бибі болса қызығыпты. Шынтемірге сөзді өзі айтыпты. Иә, иә, бір өтірігі жоқ, мұның... Екеуі — председатель мен бригадир екі атқа мініп, пішен аралап келе жатпай ма. Бір шөбі қалың ойпаңдау жерге келгенде Бибі: «Аттан түселікші» дейді. Ештеңе ойында жоқ Шынтемір мақұл көріп, аттан түседі. «Отырайық та» дейді Бибі. Жарайды деп Шынтемір отырады. Сөйтіп біраз отырады, екеуінде де үн жоқ. Әбден шыдамы таусылған Бибі: «Әй, Шынтемір, сен өзің еркекпісің, немене?» — дейді. Шынтемір келіншек ойын сонда барып бір-ақ ұғады. Одан арғысы белгілі ғой... Көп ұзамай бұл екеуінің ара қатынасын Шынтемірдің әйелі сезіп қойып, шатақ салады. Ол кезде Шынтемірдің алты баласы бар, тырп ете ме. Ақыры ауданнан сөгіс алып, басқа жаққа жұмысқа ауысады. Сөйтіп, бұл екеуінің хикаясы да тәмам болады. Екіқабат боп қалған Бибі босанып, Қанатайды табады... Қалай, аянышты ма! Шынтемір қазір көрші колхозда, сиыр бағады. Өзінің туған аулына көшіп келмек болған екен, әйелі көнбепті. Бибіден әлі де қызғанатын көрінеді. Байғұс Шынтемір, ішіп алса болды жылайды. «Крешке, менің өкінішім ауыр ғой» дейді ылғи.

Гришка әңгімесін аяқтаған кезде, ұнның тартылып болғанын айтып Қанатай да дауыстады. Диірменнің көлеңкесінде әңгімелесіп отырған Бибі мен Шынтемір де орындарынан тұрды.

Біз өз ұнымызды тиеп ап, онан Шынтемірдің ұнын тиестік. Сөйтіп, диірменнен екі арба боп, бірге шықтық. Қанатай екеуміз өзіміздің арбадамыз. Бибі Шынтемірдің арбасына отырды. Қанатай шешесінің бұл қылығын жақтырмай, бұртиып қалды. Өшін жирен аттан алғандай шықпыртып қояды. Жирен аттың тұяғы малта тастарға «күрт-күрт» етіп, желіп келеді. Әзірге ылдиға қарай жүктің ауырлығын сезер емес. Шынтемірдің көк биесі де қалар емес. Құлағын жымырып ап ентелеп келеді. Тағасы малта тасқа «шақ-шұқ» етеді.

Сайды кеулеп келген жол, күрт өрге қарай бұрылып бұралаң боп кетті. Қанатай екеуміз арбадан секіріп түсіп, қатарласа жаяу жүрдік. Кейін бұрылып қарағам: Шынтемір де арбадан түсті, қозғала берген Бибіні түсірген жоқ. Арбаның бір қанатынан ұстап, қапталдаса ақсаңдай жүріп келеді. Бибі екеуінің әңгімесі таусылар емес. Өзі өрге қарай ақсаңдай басып келе жатып та, дамылсыз сөйлеп келеді. Бірде екеуі қосыла күледі, бірде қабақтары түйіліп, кескіндері жүдеп қалады. Бір күлгендерінде, артына бұрылған Қанатай.

— Бір мылжың ғой, мына ақсақ, — деп күңк ете түсті. Қара тер болған аттар, бұралаң жолда жиі аялдап, дем алып жүріп келеді. Ышқынған сайын бүйірлері солқ-солқ етеді. Жүгі ауыр арбалар әрбір бұрылыста сықырлап, күл-паршасы шыға жаздайды.

Бір бұрылыста біз едәуір озыңқырап кеттік те, артқы арба тасада көрінбей қалды. Үстірттеу жерге шығып тоқтадық. Күтіп біраз тұрдық. Бірақ Шынтемірдің арбасы шығар емес. Қанатайдың мазасы кетті. Тықыршып әрі-бері тұрды да «қазір келеді ғой» дегеніме құлақ аспастан кейін жүрді. Сәлден кейін:

— А, ну! — деп бұйыра айқайлаған даусы естілді.

Көп ұзамай, құлағын жымыра, қос бүйірін соға ентігіп көк бие көрінді, онан арба үстінде отырған Шынтемір де, жаяулаған Бибі көрінді. Қанатай көк биені шықпырта соғып келеді екен. Таяп келгенде көрдім. Шынтемір ақсақ аяғын құшақтап отыр. Шалбарының балағынан шып-шып шыққан қан білініп тұр.

— Сүрініп жығылғаным, — деді, қиналып қабағын шытты. Дәл осы мезетте мен Қанатайдың шынымен оған қатты ұқсайтынын байқадым. Ауырсына тістенеді. Дереу ағаш аяғын шешіп, шолақ аяғының қанаған жерін таңып тастадық.

— Мені есіркегенше арбаға өзің отырмай, — деп Бибі де кейіп тұр.

Мұнан әрі жол бір сыдырғы тегіс еді. Енді бәріміз де арбаға отырдық. Неге екенін білмеймін, Қанатай Шынтемірдің арбасын алға өткізді. Енді екеуміз жирен аттың басын бос жіберіп қойып, қаптардың үстіне етпетімізден жайғаса жаттық. Шынтемір көк биені бүлкіл желіске салып қойды да, Бибі екеуі тағы да таусылмас әңгімелеріне кірісті. Бұлары Қанатайға тағы да ұнамады.

— Түу, мылжыңын-ай, мына ақсақтың, —деп жол шетіне түкіріп жіберді. — Апама не болғанын білмеймін, қарашы, ана ақсақтың аузына кіріп кетердей боп отыр,- деді ыза болып.

Арбалар шиқ-шиқ етіп келеді. Күзгі қара жол шаңы аспанға шығып, бұрқ-бұрқ етіп жатыр. Күн еңкейген. Таңертеңгісіндей қыздырмайды. Аспан да мұнартып тұр. Төңірек бір түрлі көңілсіз жабырқау тартып, ұйқыны келтіреді. Көзім жұмылып, маужырай бастадым. Біразға дейін терісіне сыймай тырсылдап жатқан Қанатай, бетін қапқа басы ұйықтап кетті.

Аз жүрдік пе, көп жүрдік пе, білмеймін. Арбалар тоқтады. Бибі өзіміздің арбаға кеп отырды.

— Ойбұй, балалар ұйықтап қапты ғой, — деді. Ақсақ аяғы сықыр-сықыр етіп Шынтемір де келді. Бірақ арбаға отырған жоқ.

— Ал, сөйтіп не істеймін мен? — деді жалынышты үнмен.

— Не істейсің, — деді Бибі күле сөйлеп, — құдай қосқан Бәтимаң бар ғой. Тізеңді соған уқалатып қойып, тиыш жат енді.

— Құдай қосқан дейсің, ә. Бір кезде тастаймын дегенімде сен емес пе едің, балаларың өскенше шыда деген. Содан бері шыдап келем ғой. Балалар тегіс өсіп, бет-беттерімен үй боп кетті. Енді сол Бәтиманың маған тағар кінәсі жоқ тіпті.

Бибі ойлы үн қатты.

— Ол кезде мен сенің алты бірдей шиеттей балаларыңды аядым. Көз жасынан қорықтым... Ал қазір болса... Ибай-ау, енді кәртайғанымызда Қозы мен Баянға ұқсағанымыз ел-жұрттан ұят боп жүрмей ме, — деді.

Шынтемір тосылып қалды.

— Менің басымды әуреге салған өзің емес пе едің, — деді сәлден кейін кінә артқандай. — Әйтпесе сені үш ұйықтасам ойыма алдым ба.

Бибі күлді.

— Жесірлік не істетпейді, — деді ақырын ғана.

Екеуі бір-біріне үнсіз, қадала қарап біраз тұрды. Аттар ауыздықтарын күтір-күтір еткізіп, пысқырып қояды. Қанатай тәтті ұйқыда қорылдап жатыр.

— Ал тағы да жолығысқанша, — деп Бибі делбені қақты. Арба шиқылдап жүріп кетті. Ұзап барып артына бұрылды да, аттың басын тартты.

— Әй, Шынтемір! — деді жайымен дауыстап. Енді бірде шик-шик етіп жанымызға Шынтемірдің арбасы кеп тоқтады.

— Мына күшігіңді бір иіскеп қалсаңшы.

Тағы да ағаш аяғы сықыр-сықыр етіп, Шынтемір арбамызға тақап келді.

— Өзі жатбауыр ма, қалай, — деп қойды.

— Қанатай, әй Қанатай! — деп Бибі баласын оята бастады. Кәне, алтыным, басыңды көтерші, мына ағаңмен... Қа-а-нат!

— Ойбай-ай, — деп Қанатай баж ете қалды.

— Не боп қалды, алтыным? Қолың ұйып қап па?

— Жоқ ауырады.

— Неге?

— Жазу жаздырғам.

— Жазуы несі?

Қанатай ұйқысын ашып, жеңін түрді.

— Алтыным-ау, мынауың не, кім істеді? — деп Бибі қорқып кетті. — Қап, бекер істеген, екенсің балам. Қап...

Біраз үнсіздіктен кейін Бибі қатқыл үнмен:

— Ұлым есің кіріп қалды... Сенің әкең Жансұлтан емес, мына Шынтемір, — деді.

Қанатай да теріс қараған күйде қатқыл үнмен:

— Менің әкем соғыста өлген, — деді.

Анасы бірдеңе айтуға оқтала беріп еді, тыңдағысы келмеген Қанатай мені жұлқып-жұлқып қалды. Мен басымды көтердім. Ұлының қиястығына шытынып қалған Бибі, ал жолың болсын дегендей Шынтемірге ым қақты. Ол қинала басып барып, арбасына отырды.

— Ал, Бибі, көріскенше...

— Жолың болсын, Шынеке, — деді Бибі жұмсақ үнмен.

Екі арба екі жаққа айырылып жүріп кетті. Шынтемірдің арбасы дөң асып кеткенше Бибі артына екі-үш бұрылып қарады. Жүзі мұңайып, көңілсіз қалды. Қанатай безерген күйде булығып отырды да қойды. Дәл ауылға кіре берісте, қаптың үстіне бетін басып сұлық құлады да:

— Менің әкем соғыста өлген, апа-а... — деп өкіріп жылап жіберді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама