Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
«Түркістан уалаятының газеті» -тұңғыш қазақ басылымы

Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сәуірінен  бастап қазақтың тұңғыш басылымы “Түркістан уәлаятының газеті” жарық көрді. Орыс тілінде шығатын “Туркестанские ведомости” газетіне қосымша ретінде айына төрт рет екі басылымы қазақ тілінде екі басылымы орыс тілінде шығарыла бастады. Басылым қазақ халқының саяси көз қарасына мәдени ой пікірінің оянуына елеулі әсер етті. 

“Түркістан уәлаяты газетінің” ресми және ресми емес деп аталған басты екі бөлімі болды. Ресми бөлімінде патша өкіметінің бұйрық, жарлықтары, үкімдер жарияланып түсіндірілсе, ресми емес бөлімінде егіншілік, мал шаруашылығы, отырықшылық, мәдениет, өнер , әйел теңдігі қаралды. Оған кезінде газет беттерінде жарияланған «1731 жылы Қазақстан Россияға бодан болуы» туралы мәселелермен қатар, қазақ даласындағы Кенесары хан, Сырым, Исатай-Махамбет батырлар бастаған азаттық көтерілістердің жазылуы да куә. Оның үстіне тікелей патша жарлығымен қазақтардың ең шұрайлы жерлерінің орыс переселендеріне күшпен тартып алынып беріліп жатуы жөнінде материалдардың жариялануы редакция қызметкерлерінің ұстанған бағыт-бағдарларын көрсететін еді.

Қазақ тілінде шығатын газеттің 1882 жылы ешбір себепсіз жабылып қалуы да осындай істерге байланысты сияқты. «Түркістан уалаятының газетінде» жоғарыда айтылған жайлардан басқа мәдениет, оқу, білім, әдебиет, тарих пен этнография, археология және тағы да басқа мәселелерге қатысты материалдар, мәселен ауыз әдебиеті үлгілері де жарияланып тұрды. Тұңғыш газет өз оқырмандарына Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты біртуар перзентерінің өмірі және еңбек жолдарымен алғаш рет болып танысуларына мүмкіндік жасады. Газет патшалық Ресейдің отаршылдығын қазақ халқына мойындату және орыс тілін үйрету саясатын ұстана отырып та, қазақ қоғамының шындығын көрсете алды. Қазақты ұлт ретінде таныту там-тұмдап болса да жүргізілді. Қазақтар баспасөз жоқ кезде елдің бір шетінде болған уақиғаны екіншісі құлаќтанғанша жылжып айлар, жылдар өтсе енді газет арқылы хабарласып тез әрі тиімді болды. Қара халық сауатын ашып қана қоймай, қоғам өмірінен, оның ішкі –сыртқы жағдайларына хабардар бола бастады. Мәселен, «Түркістан уалаяты газетінен» 1870 жылғы 4-нөмірінде Түркістан өлкесінде бірінші рет ашылған почта-телеграф қатынасы туралы хабар берілді. Мұның өзі көшпенді халықтың өміріне кіре қоймаған соны жаңалық еді . Газеттің кейінгі нөмірлерінде 1866 жылғы ақша реформасы туралы «Банк хақында» деген ортақ тақырыппен қазақ жұртындағы сауда- саттық, ақша айналымы, банк жөнінде түсініктер беріліп, сауданың пайдасы айтылған. Сонымен қатар, Қытаймен шекарадағы қазақтар арасындағы, Ресей мен Қытай , татарлар мен өзбектер арасындағы сауда қарым-қатынасы көбірек жазылып, банктердің ақшалай қарыз беру ержелерімен таныстыру ұйымдастырылған. Баспасөздің қай түрі болсын сыртқы саясаттан тыс қалмайды. Біз сөз етіп отырған басылымда бұл мәселеге немқұрайды қарамаған. Мысалы, «Қытайдан жеткен хабар» деген мақалада Қытайда тұратын мұсылмандар көтерілісі туралы жазылған. Сондай-ақ мұнда қазақтардың Қытай – Ресей мемлекеттерімен және Бұқар-Хиуа хандықтарымен қарым-қатынасы туралы да көптеген материалдар жариаланып тұрған. Оларды бірінде, «Құлжа маңындағы елдердің Ресейдің қол астына бағындырылғаны» айтылса, екіншісінде «Ресейдің Қоқан хандығын бағындырғаны» жайында жазылды. Ал, үшінші бір хабарда «Ресейдің Хиуаны бағындырғаны» туралы, осыған орай «Адай елінің Хиуаға емес, Ресейге бағынышты болатындығы» баяндалды. «Түркістан уалаяты» газетінің беттерінде жоғарыда тоқталған елдің ішкі-сыртќы жағдайларымен қатар отырықшылық, егіншілік, мал шаруашылғына байланысты да көптеген іргелі материалдар жарияланып тұрды.  

Газет әйел теңдігі мәселесіне де көңіл бөлген. Мәселен, оның 1875 жылғы 16-нөмірінде балиғатқа толмаған қызды атастырып, қалың мал алатын қазақтың әдет-ғұрпын сынаған бір автордың мақаласы жарияланған. Онда « Бұл сөзді газетке басып шығарсаңыз, біздің қазақтар біраз ұялап, ойланатын болар еді» делінген. Басылымда әмеңгерлік, жесір дауы тәрізді ел ішіне бүлік салған әдет-заңдардың зияндылығын әшкерелейтін материалдар да басылып тұрған. Солардың бірінде: «Байы өлген қатын басы бос болып, өз ықтиярымен қалаған адамына баруы керек. » деген батыл ұсыныс та жасалыпты. Өткен ғасырдың қазақ қоғамындағы әйел теңдігінің аяққа басылуы діни наным-сенімге де байланысты еді. Мысалы, 1877 жылғы 2-нөмірінде Шайсмайл деген молданың 14 жасар ауру өзбек қызын үшкіріп, жазамын деп үйіне әкеліп, некесін қиып, үйленіп алғанын жазған. Соңында «Біз бұл үшкіруінің атын газетке басып шығардық. Егер үшкірімнің тағы алдайтын болса, орыс законы бойынша бұлар қатты іске кез қалар» деген ескерту жасаған. Қазақтың халық поэзиясы көне дәуірден белгілі. Оның үлгілерін хатқа түсірсе де ерте кезден қолға алынған. Мұны Ж. Баласағұнның «Құтадғу білігінен», тарихи ескерткіштерде кездесетін ескі өлеңдерден, мақал-мәтелдерден байқаймыз. Сонымен қатар М. Қашқари жинаған мақал-мәтелдердің де бірсыпырасы қазақ халқына етене жақын, байырғы ауыз әдебиеті үлгісі болып саналады.
 
Басылымда Салық Қарауылұлы Бабажанов жинап бастырған мақал мәтелдер жұртты ойлантып, толғантып төзімділікпен ізгілікке, тапқырлыққа баулыды.
 
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. С. Қозыбаев, А. Рамазанова, Қ. Аллабергенов-«Әлем  баспасөзі» тарихынан 
2. Н. Омашев, Т. Бекниязов-«Қазақ журналистикасы» I том
3. «Қазақ» энциклопедиясы. Бас редакциясы. Алматы, 1998ж.
4. Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. Алматы, Білік, 1999ж.
5. Қ. Аллаберген, Ж. Нұсқаубайұлы, Ф. Оразаев. “Қазақ журналистикасының тарихы”1996-2010ж
 
Әл фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 
Журналистика факультетінің 1-курс студенті: Арманқызы Ақ жайық.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама