- 04 ақп. 2023 00:00
- 259
Большевиктік "Орал" газеті және оның өміршеңдігі
“Газет - халықтың көзі, құлағы һəм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газет - жұртқа қызмет ететін нəрсе, газет арқылы халыққа жол көрсетіп, жөн сілтеуге болады. Газет - халықтың даушысы. «Жұртым» деп әрбір азамат халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады” – деп ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы айтып өткендей қазақ баспасөзінің тарихы тереңде бойлап жатыр. Осы тарих қойнауында көптеген қайраткерлер мен зиялы қауым өкілдері ештеңеден хабары жоқ қарапайым халықтың сауатын ашып қана қоймай, ғылым-білім жолында біраз тер төкті. Оған дәлел ретінде революциялық толқулар кезеңіндегі баспасөздердің қарыштауын айтсақ болады. Революция 1905-1907 жылдар аралығында болып, халықтың басына нәубет қиын кезеңдерді бастан өткеруіне мәжбүр етті. Осы уақыт ішінде көптеген басылымдардың негізі қалана түсті. Мысалға большевиктік “Орал” газеті. Бұл басылым 1907 жылдың 4 қаңтарынан 27 сәуіріне дейін Орынбор қаласында жарық көріп тұрды. Редакторы большевик Хусаин Ямашев болды. Басылым сол замандағы әлеуметтік мәселелерді оның ішінде дін, экономика, саясатты да қарастырып олардың шешімін табуды мақсат етті. Ең өзекті жазылған мәселе 2 Мемлекеттік Дума сайлауы мен еңбекшілердің жұмысы болды. Яғни шаруалар қозғалысына өз ықпалын жүргізуге ұмтылған либеральді буржуазияны жақтағандардың сырын ашты. Жұрттың оларға деген наразылығын тудырды. Ал еңбекшілерді саналылыққа тәрбиелеп саяси бостандық пен 8 сағаттық жұмыстың, жердің қайтарылуына қарсы күрес өткізу керек деген ұранды алға тартты.
Басылым мәселелерді тек мақалада ғана жарияламай Ресейге ашық хаттарда жіберіп отырды. Ал ол хатта “Қырғыз уполномочныйы” деген қол қойылып отырды. Хатты кімнің жазғаны белгісіз болғандықтан оның ішінде барлық мәселелер еш бояусыз ащы шындықта жазылуы тиіс еді. Соның ең ауыры қазақтардың ата қоныс жерлерінен айырылып өз мекендерінде бөтен жұртқа айналуы болды. Қазақ үшін жердің, төрт түлік малдың маңызы бәрінен де қымбат. Сол үшін де бұл оның жанды жерінің бірі еді. Сондықтан да Орал газеті басымдылықты жер мәселесін халықтың мүддесіне сай шешуді талап етті. Әйтсе де автор бұл мәселе патша үкіметі жойылмайынша еш натиже бермейтінін ашып айтты. Кейіннен профессор Б. Кенжебаев бұл хаттың авторы Бақытжан Қаратаев деген болжам шығарды. Оған себеп Бақытжан Қаратевтың Думада қарастырған мәселесі ашық хаттағы сөздермен үндес келуінде болған. Бақытжан Қаратаев халқының ауыр күйіне бей-жай қарай алмады. Думада 10 минут сөйлеп, оның ішіне бүкіл мәселелерді сыйдырып нағыз ержүректік танытты. Алайда патша үкіметі ашық хаттарды оқыған соң дереу газетті жабуға бұйрық берді. Осылай “Орал” газеті де өмір сүруін 31 нөмерден кейін тоқтатты.
Қорытындылай келе, бұл басылымдар қысқа ғана уақыт ішінде жарық көрсе де мына біз үшін ұмытылмайтын құнды мәліметтерді қалдыра білді. Мен қазақ баспасөзіне деген сүйіспеншілігімді осындай рух беретін басылымдар арқылы оята түстім. Кім біледі бұл газеттердің біз білмейтін құпия жаңалықтары әлі бар шығар. Енді олардың ашылуы уақыт пен ұрпақ санасының еншісінде деп ойлаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Қозыбаев С, Рамазанова А, Аллаберген Қ ӘЛЕМ БАСПАСӨЗІ ТАРИХЫНАН- Алматы "Санат" 1998- 253 бет
2. Бекхожин. Қ "Қазақ баспасөзінің даму жолдары" (монография) -Алматы 1964- 265бет
3. Атабаев Қ. Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918) (монография)- Алматы: Қазақ университеті, 2000-358 бет
4. "Massaget" сайты
Сатыбалды Асылзат Даулетқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті 1 курс
-
Бақытжан Қаратаевты біз - алғашқы заңгер, қоғам қайраткері, ағартушы-демократ одан бөлек, жер-су мәселесі бойынша қазақтың мүддесін қорғаған халық жанашыры ретінде жақсы білеміз. Ал, оның өз елі үш...