- 04 сәу. 2016 00:00
- 239
Ұстазым - менің ақылшым
Оңтүстік Қазақстан облысы
Мақтаарал ауданы
Жетісай қаласы
М.Горький атындағы мектеп-гимназиясының
8 сынып оқушысы: Ибадулла Айгерім Бекежанқызы
Жетекшісі: ҚР-ның жас ақыны Гүлсана Тилеубекова Анарбекқызы
Ұстазым - менің ақылшым,
Әр сөзің дана асылсың.
Білімге құштар жастарға,
Шын жанашыр жақынсың.
Ұстаз - ұлы есім. Мен осынау бір ұғымды шәкірттеріне ғаламның қыр-сырын ұғындыруда білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берумен қатар, жақсылық пен ізгілік қасиеттерді бойына дарытып, жан дүниесін рухани азықтандырушы қасиетті тұлға ретінде қабылдаймын. Әрбір шәкірт ұстазы алдында қарыздар. Бұл дегенім - есейіп, ер жеткенде алған біліміңді өмірде қолдана біліп, білікті маман атану. Яғни, биік белестерді бағындырып, еліңді әлемге таныту болса керек-ті.
Айтулы осындай жеңістерге жету үшін аянбай еңбек етіп, үнемі ізденуің қажет. Осы тұста мектеп кітапханасы – менің негізгі досым десе де болады. Үнемі қолым босаса, түрлі ертегі кітаптарымен қатар, ақын-жазушылардың жыр шумақтарын оқуға асықпын. Мәселен, А.Құнанбаевтың жыл мезгілдеріне арналған жыр шумақтары мен қара сөздерін, Ы. Алтынсариннің «Өсиет өлеңдер», «Өнер білім бар жұрттар» М.Мақатаевтың
«Үш бақытым», «Қазынам бар» Ф.Оңғарсынованың «Ақын», «Ақ жайық» тағы басқа азулы ақындар мен қатар жас буын өкілдері: Тілеубекова Гүлсананың «Ұстазым», «Анашым», Жамбыл Дүйсеновтың , «Дүниеге сіз келген күн», «Періште тілек» т.б тақырыптарындағы өлеңдерін сүйіп оқимын. Өйткені бұл ақындардың жыр шумақтары жан дүниемді еріксіз баурап, көңілге қуат-бойға шабыт ұялатады. Кітап ақылшы дос, сырлас та бола біледі. Ал кітаппен достасуға бағыт-бағдар берген менің аяулы ұстазым дер едім.
Сондай-ақ, білімімді шыңдай отырып, бойымдағы тасыған өнер дарынында алғаш байқап, қолдау көрсетіп, демеу бергенде өзі болатын. Мектеп қабырғасынан бастап, аудан, облыс, республикалық деңгейлерде өз өнерімді көрсетіп, нәтижелі жетістіктерге жетудемін.
Менің отбасым - асыл қазынам. Олай деуімнің мәні бар. Үйдегі сөзі маржан, ақылы тұнық атам мен әжем көпті көріп, көңілге түйген ойларымен үнемі бөлісіп отырады. Бірде маған: «Қарағым, қашан қарасаң да құрақ ұшып, қалт етсе қол ұшын беруге даяр тұратын ұстазыңды сыйлап, ізет-құрмет көрсетуді ұмытпа. Себебі, Ұлы гұлама ғалымдардың өзі ұстазы алдында басын иген. Ол сенің қазыналы бағың, жемісін дер кезінде жей білу керек. Кезі келгенде азық қатары сөзсіз»; деп, айтқан осынау бір салмақты да салиқалы ақыл -кеңестеріне құлақ түруден шаршаған емеспін. Ал, білімді болудағы алғырлықты, зеректік пен қырағлықты, аңғарымпаздықты бойыма жиып өсуге тырысамын. Ел ертеңін ақтайтын, ел-жұртым мені мақтайтын ұрпағы болам қашанда деп өз сөзімді аяқтаймын.