XXI ғасыр мұғалімі
Мұғалімдік мамандық - бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу.
Ы.Алтынсарин
Ұстаз... Жай ғана қарапайым сөз... Осы қарапайым ұғымның әрбір адамзат жүрегінен орын алатыны, тек қана орын алып қана емес, оның өмірлік ұстанымының, дүниеге деген көзқарасының, адами қасиеттерді сіңіруінің қайнар көзі екендігі сөзсіз. Ал ХХІ ғасыр мұғалімі қандай болу керек? деген сұрақтарға жауап іздеп көрсем. Бүгінгі таңда ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат,экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Себебі, жылдам өзгермелі қоғам мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару , өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті, тез шешім қабылдауды қажет етеді. Жаһандану дәуірі- әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде өзара кірігу үрдістерінің жандану дәуірі де болғандықтан, білім-пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан ХХІ ғасырда дамыған елдермен теңестіріп, өркениетті әлемнен мәртебелі орын алуына ықпал етер бірден-бір құдірет-білім, білімді ұрпақ»,-деп ХХІ ғасырды ғылым мен білімнің ғасыры атады. Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану үрдісінде әр халықтың өзіндік бет - бейнесін сақтап қалуы мен ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағынымен, жан- жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімінің берік, білігінің бекем болуы тиіс. Әрине, ол жалпы білім беретін білім мекемелеріндегі оқу - тәрбие жүйесінің қалай ұйымдастырылуына тікелей тәуелді.
Халқымыз әрқашанда ұстаз мәртебесін көтеріп, аса жоғары қастерлеп бағалаған. Ұлы Абай “Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады”, деп айтқаны белгілі. Сондай-ақ Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жүрегі – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы» дейді, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Олай болса, ХХІ ғасыр мұғалімі біріншіден, білімді өз пәнін жеттік меңгерген болуы керек. Екіншіден ізденімпаз, өйткені оқушылармыз бізден көп нәрсені білгісі, үйренгісі, әртүрлі ақпарат алғысы келеді. Оқулықтағы бар мәліметтермен шектелмей, жан –жақты оқушының талап тілегін қанағаттандыратындай үнемі ізденісте болу керек. Үшіншіден, әр оқушының жеке ерекшеліктерін ескеретін, оның ішкі жан дүниесіне терең үңілетін және оның адамгершілігі мол жақсы адам болып қалыптасуына ықпал ете алатын, рухани бай жақсы психолог болу қажет. Өйткені, «Тәрбиесіз берген білім –адамзаттың қас жауы» - дейді Әл-Фараби бабамыз. Тұлғаның адам болып қалыптасуына ықпал етуіміз қажет. Төртіншіден, қазіргі заман ақпараттандыру заманы болғандықтан, әр ұстаз жаңа ақпараттық техниканың тілін терең меңгерген ІТ маман болуы тиіс. Компьютердің ішкі жүйесін, офистік бағдарламаларды, интербелсенді тақтаның мүмкіндіктерін, ғаламтор арқылы білім беру сайттарын қолдану арқылы жаңа заманға бейім жастардың талабын қанағаттандырып қана қоймай уақытты үнемдей отырып, сабақты қызықты өткізе де алады. Бесіншіден, жаңа ғасыр мұғалімі жаңартылған білім аясында жаңа инновациялық технологияларды меңгеру керек.Себебі, сабақ ұстаздың көп ізденуімен, көп еңбек етуімен қатар нақты мақсатқа бағытталған, оқушының жеке ерекшеліктерін ескеретін, қалыптастырушы бағалау мен кері байланыс арқылы жүзеге асырып құрастырылған педагогикалық шығарма. Әр сабақ-мұғалім ізденісінің жемісі.
Қорыта келе, ХХІ ғасырдағы білім беру жүйесінің өзгеруі білім берудің нақты құндылықтарға бағытталуы, оқушының мектепте алған білімін күнделікті өмірде қолдана алу дағдысын қалыптастыру болып отыр. Сол үшін мұғалім дағдыға бағытталған жан жақты білімді де білікті, ізденімпаз –шығармашыл, зерттеуші – сыншыл дос, рухани бай тұлға болуы тиіс. XXI ғасыр – білімділер ғасыры. Мәңгілік ел атануымыз үшін ой-өрісі жоғары дамыған, білімді, зерделі,парасатты ұрпақ тәрбиелеп жатқанымызды бір сәтте естен шығармауымыз керек. Заман -білімдінің қолында.