1917 жылғы ақпан-қазан революциялары кезеңіндегі Қазақстан
1917 жылғы екі революция кезеңіндегі Қазақстан 1917 жылғы ақпанда патша өкіметін құлату Ресей мен оның ұлттық шет аймақтарындағы саяси күштердің орналасуын түбірімен өзгертті. Ақпан революциясының нәтижесінде қосөкімет қалыптасты, бір жағында буржуазия мен буржуазияланған помещиктердің Уақытша үкіметі пайда болса, екінші жағында жұмысшы және солдат депутаттарының мүддесін көздейтін Кеңестер құрылды. Қосөкіметтің мәні мынадай болды: нақты билікке ие Уақытша үкіметтің күшті әлеуметтік базасы болмады, ал Кеңестер әлеуметтік күшке ие бола тұрып, нақты билікке қол жеткізе алмады. Соңғысының үміті — әлеуметтік жағынан төменгілердің тікелей қолдауына сүйене отырып, билікті революция арқылы басып алу еді. Ресей мен Қазақстанның саяси өмірінде соңғы үрдіс басымдыққа ие болды. Мемлекеттік Думаның Уақытша комитетінің құрылуы, ол комитет арқылы Уақытша үкіметтің дүниеге келуі, жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесінің құрылуы туралы хабар (негізінен жеделхат түрінде), Уақытша үкімет пен Петроград Кеңесі Президиумының халыққа жолдауы Қазақстанға 1917 жылы наурыздың 2-3-інде келіп жетті. Уақытша үкімет те, Петроград Кеңесі де алғашқы кезде бір-бірін жарыса толықтырумен болды. Мұның өзінше қисынды жағы бар еді. Уақытша үкімет қажетті заңды өкілеттіктері бар жоғарғы мемлекеттік жалпыхалықтық сайланған органның еркін білдіретін таза қызметтік аппарат ретінде әрекет етті. Мұндай жағдай жергілікті жерлерде, шет аймакқтарда әлі де билікке ие, жазалаушылық қабілетінен айырыла қоймаған көне (патшалық) бюрократиялық басқарудың қарсылығын бірден басты. [1]
Петроград Кеңесінің Президиумы өз кезегінде халықтың қажетті қолдауына ие болды, губерниялар мен уездерге тікелей халықтық үкімет - Кеңестерді құруға шақырған жедел хаттар жіберді. Мұндай әрекет революцияның жеңісін бекіте түсу үшін қажет болды, өйткені бұл ақпан жеңісін сақтап қалуға және буржуазияның барлық биліктерін шектеуге белгілі мөлшерде жағдай туғызатын еді.
Петроградтан тараған нұсқаулар жер-жерде, оның ішінде Қазақстанда да қозғалыстың ерістеуіне себепші болды. Бір жағында буржуазиядық элементтер әрекет етсе, екінші жағында революциялық-демократиялық күштер қимыл жасады. Олар соған сәйкес Уақытша үкіметтің жергілікті құрылымдарын атқарушы (азаматтық) комитеттер мен революциялық билік органдары — Кеңестер құрады. Орталықтағы сияқты жергілікті жерлерде де Кеңес қайраткерлерінің атқару комитетінің құрамына немесе керісінше атқару комитетіндегілердің Кеңес құрамына кірген фактілері жиі кездесіп отырды. Лениннің бағалауы бойынша мұндай «екі диктатураның ғажайып жымдасуының өзіндік себептері болуымен қатар, ізінше шиеленісті жайтқа түрткі болды, себебі саяси селбесушілердің ел мен Қазақстанды дамыту болашағы туралы түсініктері барынша алшақ еді. [2]
Қазақстандағы қос өкімет және оның ерекшеліктері:Атқару комитеттерін құру да, Кеңестерді құру ісі де өте тез жүрді, алайда атқару комитеттері істі тезірек ұйымдастырып отырды, себебі олар қалалық ұйымдардың жергілікті өзін-өзі басқару активтеріне (қалалық думаларға), әскери-кәсіпорын комитеттеріне арқа сүйеді.Сөйтіп 4 наурыздың кешінде Петропавлдағы қалалық думаның мәжілісінде қоғамдық қауіпсіздік коалиниялық комитеті құрылып, ол атқару комитетінің қызметімен айналыса бастады. Оның құрамына конституциялық-демократиялық партияның жергілікті ұйымдарының мүшелері (кадеттер), ірі саудагерлер мен өндіріс иелері А. Черемисов, Казанцев, Мазов, Нагаткиндер кірді. Семей «қоғамдық ұйымдарының облыстық атқару комитеті мен әскерді» К.П. Ляшкеевич басқарды, қалған 34 қызмет орнының 16-сы кәсіпорын иелері мен саудагерлерге, 8-і офицерлерге, 7-еуі ауқатты шаруаларға, жұмысшыларға, солдаттар мен қызметшілерге тиді. Павлодар уезі Ертіс қаласының атқару комитеті 8 наурызда, 12 адамнан: 2 қызметкер, 1 саудагер, 1 жұмысшы, 8 ауқатты шаруадан құрылды. Басында қызметкер М. Романовский отырған, хатшылықты хорунжий Домашнев атқарған Орал Атқару комитетінің құрамы да шамамен осыған ұқсас болды. [3]
1917 жылғы 9 наурызда «Семей облыстық атқару комитетінің бюллетені», уездік атқару комитеттері — Зайсанда, Павлодарда, Көкпектіде Уақытша үкіметтін жергілікті ұйымдары ұйымдастырылғаны туралы хабарлады. Жекелеген қалаларда (Орал, Верный, Ақмола, Семей, Әулиеата) алғашқы қырғыз (қазақ) және мұсылман комитеттері құрылды. Оларды ұйымдастырудың бастамашылары Ә.Н. Бокейханов бастаған қазақ интеллигенциясының либералдық-демократиялық көсемдерімен тығыз байланыста болды. Ақпан революциясы жеңісінің хабары жеткен бойда тыл жұмысшыларының тағдырын шешу үшін қазақ жұртшылығы жіберген, бұл кезде Минскіде тұрған 15 адам Қазақстандағы өз жақтастарына үндеу хат жіберді. Бұл үндеуге Ә. Бокейханов, М. Дулатов, М. Есболов, Н. Тореқұлов, Т. Жаманмұрынов және басқалар қол койып, оны М.Тынышбаев (Черняев к.), А. Тұрлыбаев (Омбы қ.), А. Сәтбаев (Павлодар к.), Р. Мәрсеков пен Т. Ибрагимов (Семей к.), С. Жылкайдаров (Атбасар қ.), X. Досмұхамедов (Ойыл қ.), Т. Шонанов (Ырғыз қ.), К. Қожықов (Әндіжан к.), ағайынды Тұрысбековтер (Қапал қ.), Б. Каралдин, О. Алмасов (Торғай қ.) және басқалардың аттарына (барлығы 25 мекенжай бойынша) жіберілген болатын. Бұл үндеуде былай деп жазылды: «Қазақтарға, жанарған Ресейдің еркін азаматтарына!
Ресейдің барлық халықтары үшін еркіндіктің, теңдік пен туысқандықтың таңы атты. Жаңа құрылыс пен жаңа үкіметке қолдау көрсету үшін қазақтар ұйымдасуы қажет. Жаңа құрылысты қолдайтын барлық ұлттар тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Қазақтар Құрылтай жиналысына дайындалуға және оған лайықты кандидаттар таңдауға тиіс. Сіздерді бұрынғы қазақішілік дау-дамайды, отбасы, ошақ қасылық ұрыс-керісті тастауға, халықты бірігу мен әділдіктің ұранын көтеруге шақырамыз!
Жер мәселесін тездетіп талқыға салыңыздар. Біздің ұранымыз - «демократиялы республика», жер одан өнім өндіретін малшылар мен егіншілерге тиесілі. Құдайдан басқа ештеңеден де қорықпаңыздар! Әділдікпен қимыл жасаңдар, жаңа үкіметті қолдаңдар. Азық-түлікпен майдандағы біздің жұмысшылар мәселесі бойынша өкілетті министрлікке қолдау көрсетіндер. Халықтың пікірін жария етіп отырыңдар...»
Үндеу қызметтің негізгі үш бағыты бойынша арнайы мақсат қойғанын аңдау қиын емес. Олар:
1. саясаттағы басты орын жалпыресейлік мәселелерді және бірінші кезекте билік пен елдің болашақ құрылысы туралы мәселені қамтуға тиіс (жаңа үкіметке қолдау көрсету, ұран - «демократиялық республика»);
2. отырықшылар мен көшпелі елдің мүдделерін есепке ала отырып, жер мәселесі кешенін тездетіп күн тәртібіне қою қажет;
3. құрылтай жиналысының сайлауына, халықты бір тудың астына топтасуға, бұрынғы бағыныштылық пен қараңғылықты жоюға мыктап әзірлену талап етіледі («Ешкімнен қорықпаңыздар...»).
Жергілікті жерлерде қазақ және мұсылман халықтары комитеттерінің жүйесін құру мәселесі бойынша едәуір белсенді жұмыстар жүргізілді. Наурыз бен сәуірдің бірінші жартысы аралығында бұл комитеттер іс жүзінде бүкіл Қазақстан аумағын қамтыды және съездер өткізіп, онда жоғарыда аталған 15 қазақ қайраткерлерінің үндеуіне түсінік беретін құжаттар қаралды.
Қазақ комитеттері Уақытша үкіметке халықтың өзекті жалпы ұлттық мүдделерін ұсынуға және оларды табандылықпен қорғауға тырысатын демократиялық бағыттағы қоғамдық ұйымдар екенін көрсетті. Үндеу авторларының бір бөлігі Мемлекеттік Думаның мүшесі И.А. Ахтямовтың шақыруымен Петроградқа мұсылмандар кеңесіне келді. Оған Қазақстаннан Н. Құрбанғалиев, Ә.Н. Бөкейханов, А. Кенжин, Ж. Сейдалин, М. Дулатов және М. Боштаевтар қатысты. Пікір алысудан кейін мұсылман ұйымын үйлестіретін орталық мұсылман бюросын құру және Бүкілресейлік мұсылмандар съезін шақыру қажет деп тапты.
Кеңеске қатысушылардың басым көпшілігі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін бірден туған өлкелеріне жүріп кетті. Ә. Н. Бөкейханов конституциялық-демократиялық партияның VII съезінің (25-28 наурыз, 1917 жыл) делегаты ретінде Петроградта аялдап қалды. Бұл партияның саяси бағыты Уақытша үкіметті толығымен қолдауды, «жауды толық және түпкілікті жеңіп шыққанша соғысты жалғастыра беруді», Құрылтай жиналысының тұғырнамасында аграрлық және Ұлттық мәселелерді шешуді анықтап берді.[4]
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010, 752 бет
2. К. Нұрпейісовтің «Алаш һәм Алашорда еңбегі 92—114-бет
3. Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры. А., 1992, 116, 117, 188-6.
4. Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. Алматы: Атамұра, 1998, 152, 150-6.
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетің
Тарих мамандығының магистранты
Ниязбек Аякөз Әділханқызы