- 17 қар. 2021 00:00
- 148
Абайдың діни танымы
Абай да тек діни сана қалыптастыруға, діни адам тәрбиелеуге ұмтылған емес, ол адамгершілікті адам, толық адам, камили инсан моделин жасауға, тәрбиелеуге талпынған тұлға. Алайда бұл деген сөз біз Жаратушыны, оның жіберген кітаптарын, Елшілерін мойындамаймыз деген ой тумауы керек. Хакім Абай да, біз де бәрін мүлтіксіз мойындаймыз. Адамзаттың қарбалас, динамикалық даму үстіндегі қоғамында, экономикалық мәселелер алдыңғы қатарға шығып тұрған заманда, заманға сай, заманның даму үрдісі мен идеологиясына сай - діни ұстанымыз бен адамгершілік пайымымыз ұштасып жатса, XXI ғасыр биігінде адамзат қоғамы адамгершілік ілімін, рухани әлемді басшылыққа алса деген ниеттен туындаған пікір.
Абай өзінің діни-философиялық ой-тұжырымдарының жемісі ретінде - толық адам ілімін ұсынады. Абайдың арманындағы толық адамның іргетасы дінмен ұштасып, дінмен дамиды, дінмен жетіледі. Ислам дініндегі, ислам философиясындағы «толық адам» ілімі мен Абайдың толық адамының арасында принципиалды айырмашылық жоқ. Өз дәрежесінде Абай ислам діні мен философиясындағы толық адам ілімін жетілдіруші, жаңа сапаға көтеруші. Абай өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде алдымен қазақ қоғамындағы толық адамның моделін, одан шыға ислам дініндегі кемел адам келбетін, сондай-ақ кең мағынадағы барша адамзатқа ортақ толық адам моделін ұсынады. Оны мәңгілік триада, үштаған деп атасақ та болады
Абай 38-ші қара сөзінде жіктейтін Адамның ғылымы және Алланың ғылымы деген тұжырымдар бар. Толық адам осы екі ғылым саласына қанық, екі ғылым саласында қатар алып жүретін, оларды өзінің адамгершілік қалыбын, ішкі иманын жетілдіру үшін тұтынатын болса керек. Толық мұсылман адамның ғылымынан гөрі, алланың ғылымына ден қойған, сол бағытты терең ұстанған иман жолындағы адамға айтылса керек. Абайдың толық адамының ерекшелігі жоғарыда айтқан ғылым түрлерін меңгеріп, ішкі иманын арттырып қана қоймай, әлеуметтік мәселелерде адамзат қоғамының бейбіт те бақытты, әділетті өмір сүруі үшін тер төгетін, елінің, ұлтының қамын ойлайтын күрескер, азамат болуы қажет.
Қорытындылай келе Абайдың діни танымының ғылымилығы және ақиқилығы оның білімдарлығымен, еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен түсіндірілсе керек. Оның сопылық туралы пікірлері де ғылыми дұрыс талданған пікір болып есептеледі. Теориялық сопылық пен практикалық сопылықтың мықты және осал тұстарын дөп басып көрсетуі, қазіргі таңдағы көзқарастардың да қандай бағытта дамуы керектігін анықтап беретіндей.
Муталип Аяжан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Дінтану мамандығының студенті.
Жетекшісі ҚазҰУ ,аға оқытушысы Тунгатова Ұ.А.