Адалдық жолы
«Мұхамбет пайғамбар» кітабына алғы сөз
Анам Халима мен ес білгеннен бастап, өзі жарық дүниеден өткенше бес уақыт намазын қаза қылған жан емес. Жұма сайын жеті шелпек пісіріп, біз ұйқыдан тұрғанда шағын болыскей самаурынды жыңғылдың шоғымен сарқылдатып, тұндырғышын жартылай жапқан күйі, дастарқан ортасындағы сары майға күреңітіп піскен шелпектердің бетін жауып, құран оқу үшін үй ішіндегілердің түгелдей дастарқан басына жиналуын күтіп отырар еді.
Жастай өлген әкем, апа-ағаларымның қазасынан кейін апта сайын зират басына барып, жылап отырып аят оқыған анамның жүзіне қарап өскен менің ұғатыным: қайтыс болғандардың жаны өлмейді, олардың рухы жұма күндері үйге келеді, тірілер оларды еске алып, жеті нан пісіріп, Құран оқып жүрсе, олардың жаны қиналмайды...
Жасында ауыл молдасынан аздап дәріс алған анам мен ауырып-сырқап қалсам, бұрышта ілулі тұратын құранқаптан айналасы мүжіліп, беттері сарғая бастаған көне Құранды ала салып менің жаныма отыратын да, парақтарын еппен аударған күйі күбірлеп, мен түсінбейтін тілде әлде бір құпия сөздерді оқи бастайтын. Тіпті сол құпия сөздер маған тыныштық әкеліп, ауру-сырқауымды аластап жіберетіндей әсерде жатқан менің көзім ілініп, тынышталатын болуым керек. Таңертең оянғанда, жастығымның басындағы құранқапты көретінмін.
Анам, сырт қараған адамға айбарлы көрінгенмен, жаны жұқа, мейірімді адам болатын.
Ол біздің үйдің ғана емес, бүкіл ауылымыздың патшасы секілді еді. Анамның сөзі, тіпті қас-қабағы — біз үшін заң болатын. Сондықтан ба, ол күн сайын бес уақыт намаз алдында дәрет алуға кіріскенде, біздің үйде салтанатты үнсіздік сәті басталар еді. Біздің үйдің бұл дәстүрі кейін, ағамның балалары көрінген кезде де жалғаса берді. Анам намаз оқып жатқанда жайнамаздың алдынан өту, не біреудің дауысы шығу қылмыспен бірдей қабылданатын.
Анам шариғатта жазылған заңдылықтардың біразын айтып отыратын. Қорлық-зорлық көргенге, жетім-жесірге аузыңдағыны бөліп берген сауап болады; біреудің сыртынан жағымсыз сөз айту — күнә; біреуді қарғап-сілеуге, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып былапыт, боғауыз сөз айтуға болмайды...
Соғыстан кейінгі жылдардың бірі. Анама іні болып келетін Қабдол деген нағашымыз соғыс кезінде тұтқынға түсіп, соғыс басылғаннан кейін екі-үш жыл өткенде барып ауылға оралды. Марқұм тілі қуақы, күлдіріп сөйлейтін кісі еді. Ауылға оралғасын анама сәлем берем деп Қабдол нағашымыз біздің үйге келді. Әңгіме айтып, тамақ ішіп, ауыл адамдарымен біраз отырды. Сөз арасында адамның өзінің арының алдындағы тазалығы, адалдығы жайлы әңгіме болды. Мен ол кезде бұл сөздердің мән-мағынасына жете түсінбеймін. Есімде қалған себебі — анамның сөзінің әсері болса керек.
— Адалдық біреу үшін жасалмайды, алдымен адамның өзі үшін жасалады, — деді анам. — Айдалада немесе үй арасында жалғыз келе жатқан адам бүкіл үрім-бұтағының тіршілік етуіне жететін ақша немесе алтын тауып алды дейік. Шариғат бойынша, ол адам бүкіл маңай еститіндей дауыспен айқайлауы керек. Естіген жұрт жиналғанда, жоғалтқан адам сіздердің араларыңызда жоқ па деп бәрін құлақтандырады. Егер иесі табылмаса, әлгі байлықты тауып алған адам сонан кейін ғана өзі ие болуына, не жұртқа таратып беруіне ерікті делінген шариғатта.
— Өй, апеке, сіз де қайдағыны құлағымызға сіңіресіз? Үйде шиеттей бала-шағам қарны аш, иығы жыртық шулап отырғанда, адалдық менің не теңім?! — деп Қабекең әзілдей күлді. — Онан да әлгі байлыққа өзім ие болып, өмір бойы мұртымды балта шаппай өтпеймін бе?
Анам кейіп қалды:
— Әй, бар болғыр Қабдол! Сенің немістің темір тырнағынан аман-есен құтылып келіп отырғаның — біреудің ала жібін аттамай, адал өмір сүргеніңнің шарапаты.
Жас кезімнен анамның көңіл-күйін бағып өскесін бе — оның осылай сөз арасында айтқандары жадыма сіңіп кеткенін есейгесін түсіндім. Өлеңнің дерті ме, жоқ көңіл жүдеуліктің әсері ме — мен жасымнан аурушаң болып өстім. Біздің ауылда Жантөре деген молда бар болатын. Ол анамның айтуына қарағанда, нағыз оқу өтіп кеткен, дін ілімінің жолын қуып, өмір бойы жалғыз өткен адам. Мен ауырып-сырқағанда, анам дереу Жантөре молдаға кісі жіберетін. Осындай ортада Мұхамбет пайғамбар, Қазірет Әлидің «кәпірлермен» ұрыстарда көрсеткен ерліктері жайлы неше түрлі аңыздарды естіп өскен мен бұл кісілерді өзіміздің ауылдан шыққан қазақтар деп ұғатынмын.
Менің кішкентай күнімнен жүрегіме түйген өшпес қағидам — біреуге қиянат жасамау; далада жүрген құмырсқаны өлтірген обал болады; әлсізге көмектессең, Алла тағала сауапқа жазады...
Мен де совет заманының түлегімін, пионер, комсомол, партия секілді ұйымдардың белсенді мүшесі болдым, Бірақ мұның бәрі дүниеде бір ұлы күш бар деген менің сеніміме кедергі келтірген емес.
Есейіп, оң мен солды танығаннан бастап, дін қайдан, неден, неліктен шықты деген сұраққа жауап табуды мақсат тұттым.
Әрине, біздің кезімізде дін, құдай деген сөздердің мағынасына, мәніне ой жіберу түгілі, ауызға алудың өзі күлкілідей, оны айтқан адам барып тұрған ақымақтай қабылданатын. Алайда, менің ішкі мақсатым көптеген кітаптарды оқуға жетеледі. Алғашқы қолыма түскені Інжіл аңыздары еді. Одан соң Інжіл кітабын қолыма түсірдім. Құранның орыс тіліндегі нұсқаларын Клочковский, Саблуков, Веревкиннің аудармаларында оқып таныстым.
Анамның кереметтей беріліп айтатын әңгімелерінен бе — Мұхамбет пайғамбардың өзім жасап алған бейнесі менің көңілімде үнемі жүретін. Кейде түсімде өңімдегі өзім қашаған ақ сәлделі, ақ киімді, ажары нұрлы бейнені көре қалсам, біздің үйдің өмірінде бір жақсылық болатын.
Кейін өткен ғасырларда жеке баспаханалардан шыққан, не машинкаға басылған күйінде көбейтілген Мұхамбет пайғамбар туралы орыс, неміс, ағылшын ғалымдарының бірнеше ғылыми еңбектерімен танысып едім, Мұхамбет пайғамбар менің өзіне деген жан дүниемді, қиял-арманымды бұрынғыдан бетер «жаулап» алды.
Адам баласының болмысы қызық қой. Мен енді (күнәлі болсам да айтайын) өзімнің бойымнан Пайғамбарымызға ұқсастық іздейтінді шығардым.
Алдымен тапқаным — Мұхамбет пайғамбарды емізіп өсірген Халима деген әйел.
Ақ сүтін берген ананың туған анадан айырмашылығы жоқ (менің ұғымымда). Ал менің анамның есімі де Халима, ендеше, бұл — бірінші ұқсастық.
Екіншіден, Мұхамбет пайғамбардың өскен ортасы — сусыз, шөпсіз, көкжиекпен ғана көмкеріліп жатқан шөлейт дала.
Қой бағып жүріп, ұйқыдағы отардың шетінде, шалқасынан жатқан күйі жұлдыздарға қарап, қиял қанатына мінген бала Мұхамбетке сәби шақтың түндеріндегі ең алғаш қиялдауды үйренген өзімді ұқсатамын.
Үшінші «ұқсастығым» Мұхамбеттің арғы бабасының есімі — Қосай. Бұл сөз араб тілінде «келімсек», «кірме» деген ұғымды білдіреді. Менің де түп атам Қосай атанған адам деседі.
Ораза ұстап, намаз оқыған анам, түйеге жүк артып көшіп-қонып жүріп су іздеген біздің ауылдың адамдары жоқ-жұқа тіршілікте күн кешсе де, Құдайдан басқа табынары жоқ олардың ала жіпті аттамас адалдығы — осының бәрі өзім әуелден жақсы көретін кейіпкерге жақындата түсердей әсер беріп еді.
Оның үстіне, Мұхамбет — ұлы ақын. Құрандағы сүрелердің көркем тілмен, әннің әуеніндей үйлесіммен жазылуы тегін емес. Ал менің өзім де, дәл Мұхамбеттей ақын болмасам да, өлең деп ұйқастырып, бірдеңелерді жазатыным бар.
Әрине, мұның бәрі жастықтың бастан кештірер батылдығы, алып ұшпа қиялы еді.
Мұхамбет пайғамбардың өмір жолы туралы тырнақтап жинақтаған деректерім мен Құранды бірнеше түрлі аудармаларын салыстыра отырып оқығаным, менің осы кітаптың ұзын-ұрғасын түсіріп, ана тілімізде оқитын бауырларыма неге ұсынбасқа деген ойға жетеледі.
Мені табындыратын жай — Мұхамбеттің адалдығы мен адамға жанашыр сезімі.
Осы екі қасиет оны адамзат тарихында ұлы төңкеріс жасаған жолға түсірді.
Мұхамбет оқымаған, хат танымайтын адам болғанмен, аса зерек, талантты жан болған. Ал табиғаттың (немесе Алла тағаланың) қанға сіңірген мұндай қасиеті академиялық оқу-ілімінің бәрінен биік тұрады. Адамға әулиелік қасиет, көрегендік болжам беретін де университет пен академия емес.
Мұхамбеттің бар арманы жердегі адам баласын (тек өзінің халқы арабтарды ғана емес) ақиқат жолға түсіру болды. Және ол осы арманына жету арқылы тарихта даңқымды шығарып, атымды қалдырсам деп ойлаған емес.
Аш-жалаңаш, кем-кетік, жетім көңіл болып өскен Мұхамбеттің адам жанына рухани нәр іздеуі тектен-тек болмаса керек.
Тойыну — талантқа тұсау.
Қарынның тойынуы жанның тойынуына апарады. Ал жаны тойынып, тоғайған адамның жануардан артықтығы жоқ.
Ислам дінінің бес негізінің бір тармағы ораза ұстауды ойлап шығару — осындай философиялық терең ой, сұңғыла сананың жемісі. Аш организм адамды оңаша ойға, жаратылыс жұмбақтарымен жақындасуға жетелейді.
Мұхамбет алдымен өз туған халқының, кейін адамзат атаулының азапты тіршілігін көріп, көңілі құлап күрсінді. Құлқынын тойғызу, жақсы тұрмыс құру жолында бірін бірі алдап-арбау, ақиқат пен адалдықты мойындамау, әлсізді, билігі мен байлығы жоқты таптау; сенімі жоқ сергелдең өмір; әр нәрсені, қасиетсіз кез-келгенді құдай деп табыну — онсыз да жаны жай таппай, бейнетпен күн өткізген араб халқының қасіреті екенін Мұхамбет жақсы түсінді.
Далада туып өсіп, биіктікті аспанмен өлшеу ғана қанына сіңген ол жан дүние, көңіл кеңдігін Көк пен Жер, Ай мен Күн, Жұлдызы жұмбақ әлемнен алған.
Адамзат атаулыға жаны ашып, азапты тірліктен құтқаруды, ақиқат жолына түсіріп, үйлесімді өмір беруді арман етуі және өз басының жайлы тірлігін осы арманға жету жолына құрбан етуі де осыдан.
Бірақ өмірде армандау бар да, сол арманды іске асыру бар. Адамдар ақты ақ, қараны қара, ұлыны үлы, пасықты пасық деп танып, тек адалдық пен ақиқатқа ғана бас июлері үшін не амал істеу керек?
Жақ-жақ болып ру-рудың намысын жыртқан, бір ауылдың суын ішіп отырып, бастары бірікпей берекесіз тірлік кешкен елдің көкірегін оятып, көзін ашу жазылмайтын жараға ем іздегенмен бірдей сандалтар.
Бастары қосылмай пышыраған елдің іргесін біріктіруге ұмтылу — қарақан басының қамын ойлағанның тірлігі емес. Ал тұтастығы жоқ халық сынған шыныдай, не тарихы, не рухани негізі жоқ әркімнің табанында тапталары хақ.
Әлемдік құпиялардың адамзат санасынан тысқары жұмбақтары көп. Сол жұмбақтың бірі — Алла тағаланың Мұхамбет пайғамбардың түсінде аян беруі. Адам бар жан-тәнімен ой-сана қуатын сарқа бір нәрсеге ұмтылса, сол жолда адалдык, соқпағынан бұлтармаса, оның үстіне жаратылыс берген қасиетін киедей қастерлеее, сөз жоқ, Табиғат-Ана оған кеудесін ашады. Ол түсінде ме, өңінде ме — әйтеуір мың жылдықтарда бір туар сұңғыла саналы перзентіне тіл қататын болса керек.
Асылы, жаратылыстың өзі түнек тірлікте сандалбай ғұмыр кешкен адамзат ұрпағын жарық сәулеге ұмтылдырар тұлғалардың ғасырларда біреуін туғызар заңдылығы болуы тегін емес шығар.
Будда, Иисус Христос, Әбу Сина, Мұхамбет секілді тағдырлар — осыған дәлел.
Сонымен, Мұхамбет батыс пен шығысқа, оңтүстік пен солтүстікке бөлініп және осы географиялық қонысты бір-бірімен жауласудың қағидасына айналдырған араб халқын ортақ іске, бауырмалдыққа, адалдыққа жұмылдырудың басты шарты тек сенім қуатында екенін түсінді.
Адамзат табиғатын құр сөзбен сенімге бас игізе қою құмнан арқан ескенмен бірдей екені кім-кімге де белгілі. Ендеше, оларды сенімге тек сескендірер күшпен әкелуге ғана болады. Ақырет, қиямет-қайым, дозақ пен жұмақ жайлы адам жанына қорқыныш ұялатар, тек адалдыққа жүгіндірер ілімнің тууы — зерек ой мен ұшқыр қиялдың ғана жемісі.
Шариғат жолын ұстану арқылы ғана адам адалдық пен әділетке тағзым етуі мүмкін. Сонда ғана адам баласын жануарлар дүниесінен бөліп алуға болады.
Мұхамбет пайғамбар ислам дінінің бес тіреуі бар деген шарт қойды.
Бірінші тірек — дүниені Жаратушының, яғни Құдайдың, жалғыз екеніне сену. Отқа, суға, әркімдерге бір табынып сергелдеңге түскен елді Құдай тағала жалғыз деп мойындату, ол әр адамның ойлаған ойы мен істеген ісін біліп, көріп отыратынына сендіру исламның жеңісі үшін басты шарт еді. Бұған сенбеген немесе күмәндана қараған адам шариғат Жолын ұстап көктетпейді.
Ислам дінінің екінші тірегі — Мұхамбеттің Алла тағаланың өзі жіберген елші екенін мойындау. Пайғамбар — Алланың сөзін адамдарға жеткізуші, бұған сенбеген адам мұсылман болып жарытпайды.
Мұсылман дінін құрайтын үшінші тірек — Құдайға шын ниетімен құлшылық ету. Ораза ұстап жанын, тәнін тазарту, сөйтіп, ойлау қабілетін жетілдіру. Жаны мен тәнін таза ұстап, денесін шынықтыру. Күніне бес мезгіл жуынып-шайынып басқа көлденең ойларды ұмытып, құдай тағалаға жалбарыну үшін намаз оқу. Құдайды, тірліктегі астамшылығы үшін ақыреттегі азапты ұмытып кетпеудің бір шарты — асып-тасып байлық жинамау, жылда Рамазан айында дүние-мүлік, тағы басқа меншігінен жетімдерге, мүгедектерге пітір-зекет беріп отыру.
Исламның төртінші тірегі — мұсылман дінін аяқ-асты етпеу, сол үшін өз дінін қорғауға, Құдайға шынайы сенген әр пенде өзін құрбан етуге де дайын болуы керек. Олай болмаған күнде, сенімнің-күші шіріген жұмыртқадай.
Мұсылмандықтың бесінші тірегі — бүкіл мұсылман баласы үшін қасиетті мекен — Меккеге қажыға барып тәубе ету, Қажыға қалай болса солай, жол-жөнекей емес, бүкіл жиған тергенін сарп етіп барады. Қағбаға қол тигізіп, киелі аңғарда құрбандық шалып, қайыр-садақа береді. Қажыға барғаннан кейін күнә болар іс істеу, жазатайым қателік жіберу — кешірілмес күнә. Сондықтан өзіне сенбеген адам қажыға баруға тәуекел етпейді.
Сонымен, Мұхамбет пайғамбар Алла тағаланың бұйрығымен араб ұлтын ғана емес, бүкіл мұсылман жұртын — тілі бөлек, тұрмысы мен салты да әрқилы халықтарды бір шаңырақтың — Ислам дінінің астына біріктіріп, бауырластырды.
— Қасиетті дінді түгел қабылдаңдар, бөлінбеңдер. Алланың сендерге жіберген рахымын ұмытпаңдар. Сендер бір-біріңе жау едіңдер. Құдай сендердің жүректеріңе татулық нұрын құйды, енді тәуба етіңдер, өйткені қасиетті жіппен жалғастыңдар да, сендер адамдарды шынайы дін жолына шақырдыңдар, тек әділетке жүгіндіңдер, қылмыс-қырғынға тыйым салдыңдар, өмірдің рахатына кенелдіңдер, — деген Мұхамбеттің сөзінен үлкен мақсат тұтастығы көрінеді.
«Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген тіркесті анам жиі айтып отыратын.
Жер бетінде адам табынар киелі қасиеттер жоғалып, Құдайдан қорықпағандар қаптап, жүзінен иманы төгілгендер жыл құсындай сиреген заманда әр адамның, жалпы халықтың дінге жаппай бет бұруы таң қаларлық құбылыс емес. Дүниеден қасиетті сенім, ақиқат пен адалдық іздеу — әр заманға да тән құбылыс.
Әрине, әркім дін жайлы да өз ақыл-санасымен, ой-парасатымен пайымдап, сезім елегінен өткізуі керек.
Мен, өздерің іштей сенсеңдер де, сенбесеңдер де, жаппай дін жолына түсіңдер деуден аулақпын.
О бастан ойдан гөрі қарын мен ұйқыға бейімірек халқымыз — ғасырға жуық мерзім бойына бес уақыт намаз түгілі, Мұхамбет пайғамбардың кім екенін ұмытып үлгерді.
Әрине, әртүрлі идеологиялық жүйелер тарихында неше түрлі толықтырулар, бұрмалаулар болатыны белгілі. Мұсылман діні де, оның негізін салушы Мүхамбет пайғамбардан кейін түрлі өңдеу-жөндеулерге түсті.
Менің көздегенім — Мұхамбет пайғамбардың осы дінді дүниеге келтірудегі қалтқысыз адалдығын, жанкешті еңбегін, ең бастысы халқына деген жанашырлығын көрсету.
Бұл кітаптың бас-аяғын жинақтағаныма ондаған жылдар өтсе де, мүмкіндік сәті енді туып отыр.
Дүниеде адам көкірегін жаулап, табындыратын екі нәрсе бар деп ойлаймын. Оның біріншісі — шындық та, екіншісі — құпиялылық. Миллиондаған мұсылман қауымының бәрі бірдей дауысты дыбыстары басымырақ болып келетін араб тілінің әуезді әуенімен айтылатын аят, сүрелерді түсіне бермеген, бірақ жатқа айтқан.
Осынау сазды сөздер әлде бір құпия әлемнің жарлығындай әсер етіп, адамның жан-дүниесін маужыратып, онсыз да жұмбағы мол жалғанның жаңа тылсымына бастардай сиқырымен баурайды. Құран сөзі Құдай сөзіндей естіліп қабылдануында да Пайғамбарымыздың өз аузынан шыққан түпнұсқа күйінде айтылуының әсері бар-ау деп ойлаймын.
Бұл кітаптағы кейбір аяттар мен сүрелерді түпнұсқа күйінде қазақ әріптерімен беруімнің себебі осы.
Оқысам, білсем деп талпынғандардың көбі — тіпті бәрі десе де болады — араб әліппесін білмейді. Ал аят, сүрелердің қазақ тіліндегі аудармасы дәл қасиетті кітаптың түпнұсқадағы құдіретіндей әсер етпейтін секілді.
Мен араб тілінің маманы емеспін. Анамнан үйренген аят, сүрелерді айтылуы бойынша қағазға түсірдім.
Бұл кітапты оқыған үлкен мен кіші Мұхамбет пайғамбардың өмірі мен мұсылман ілімі жолындағы қиын да, қайырымды күресі жайлы мағлұмат алып, әркім өзінше ой түйіндесе, мен өзімнің бір парызымның орындалғаны деп, шүкіршілік етер едім.
1990