Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ел мен жердің тағдыры

«Біреу өлмей, біреу күн көрмейді» деп, жарықтық ата-бабамыз табиғатта өлшеусіз, кездейсоқ ештеңе болмайтынын қарапайым нақылмен айтып кетіпті. Байқоңырдан аспанға ұшып жатырмыз, дүниені таңдандырып жатырмыз деп бөркімізді аспанға атып жүргенде, ата мұра Аралымыз дозақ отының жалынына шарпылғандай сүлдері суалып бара жатыпты. Аралдың айдыны жазылмас дерттен төсек тартқан аурудың көзіндей шүңірейіп бара жатқанда, мына жақта Шардараның толқыны шалпылдап, анау жақта түркімен бауырларымыздың құм арасынан жасаған көкорайлы көлі көз жауын алып еді.

Осыдан он бес жыл бұрын Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз «Сең» романын жазып бітіріп, кейін жарық көрген кезде, Аралдың тағдырын Адамның тағдырымен қатар қойып, дөп басып, дәл суреттеген осы шығарманы біреу қабылдап, біреу қабылдамап еді. Әбекең ақырғы әулиедей ана-табиғаттың жанын да, оның адамының мәнін де араны ашылған аждахадай сорып жатқан заманның құлқыны қайда апарарын айна-қатесіз көре алған екен, «Ей, адамзат, ойлан!» деп ерте ескерткен екен. Азаматтың қадірін ойлы жұрттардың өздері білмей жүргенде, біздің ауыл қайдан ұға қойсын. Жазушылар ауылындағы кейбір керауыздар ол романды жерден алып, жерге салған.

Сол кезде біздің бір ғалымның енді бір оншақты жылда Аралдың бұл дүниеден өтетіні жайлы байсалды болжамы, шырқыраған үні естілген емес.

Барлық қадір-қасиеті Аралдай тартылу үстіндегі Адамның да бет-бедері қалмай, жөн-жосықты білу, көргенділік, көсемдік, кесек мінез, ертеңді ойлау дегеннің бәрінен ада боп бар жатқаны аласапыран заманның таңбасындай көрінеді маған.

Қызылорданың Төретам бекетіне түсе қалсаңыз, үрпиіскен-азғана ауыл, алқа-салқа, жалаң аяқ, жалаң бас есік алдында жүрген сәбилер, жұпыны, жадау тіршілік онсыз да үзілгелі тұрған жүйкеңе бес батпан салмағын салады. Арғы жағында құрық тастам жердегі Байқоңырда кіндігі Ленинск қаласының қақпасынан патша сарайына кіретіндей қиямет-қайымның қиындығымен әрең өтіп бара қалсаңыз, тура жұмақтың үстінен түскендей әсерде қаласыз.

Қазір біз Семей сынақ алаңы жергілікті халықтың қанын сорып, топырағымыздың тамырын әбден орып болғасын сынақты тоқтатамыз деп қиқулап жүрміз. Құдіретті әскербасылары баяғыда шешіп қойған мәселені дәл өзіміз тоқтатқандай қызылтанау боп шапқылаймыз. Біз осылай бір-бірімізге мықтылығымызды көрсетеміз деп жүргенде, әскери сынақ алаңының тажалдары Қызылорда мен Жезқазғанның кең байтақ аймақтарын от-жалынға орап алып, Ақтөбе мен Орал жерінің астын кеулеп, үстін жайғап, ауыз салуда.

Айқайлап алаңға шығып, жапырлап жиналыс ашқаннан Аралдың суы толып, жеріміздің нуы оралмайды. «Анау үйтіп жатыр, мынау бүйтіп жатыр» деп, бізден тарихы мен тағдыры бөлек, білімі мен өресі бөлек жұрттарға еліктеп-солықтағаннан жазмыштан жалтара алмаймыз.

Заманның құлқыны Арал секілді алапат айдынды да жұта салудан шімірікпейтінін табиғат көрсетіп отыр. Адалдықпен күн кешкен алып тұлғаңды да алқа-салқа аңғал жүріп күнелткен халқыңды да тақтаның бетіндегі жазудай сүрте салу түк емес екенін көзбен керіп отырмыз.

Бізге тек іштей өсу қажет. Үлкеніміз бен кішіміз біліммен, жұмылған жұдырықтай бірлікпен, жылтыр сөзбен көптің көңілін аулап емес, халықты кемел жетелер ақылды пікірмен ғана елдігімізді дәлелдей аламыз. Елдік пен Жер тағдырын сонда ғана қорғай аламыз.

Аралдың балығы тулап, бақасы шулап жатқанда, Мақат пен Доссордың атқылаған мұнайы алтынмен айырбасталып тұрған кезде де, ол маңдарда қалта қамын ойлап келген өзге ұлттардың өкілдері белден басып, билік құрған.

Тағдырдың талқысына түскен бүгінгі күндері ол жақтардан қазақтан басқаның ұрығын таба алмайсың. Аяғының астынан құм кешіп, теңізімен қоса барлық көкірек сүтіндей байлығы суалған кезде де сол топырақтың азасын азалап, жоғын күңірене жоқтайтын сол баяғы түрғын халық.

Аралдың тағдыры терең ойға жетелейді.

Халықтың, жердің ертеңі енді бір ширек ғасырда қандай күйге ұшырайды?

Қарағандының көмірі, Жезқазғанның мысы сарқылған күні де көшкен жұртта қалатын менің сол аймақтардағы бауырларым. Осы жайларды бүгін ойлап жүрген мамандар, оқымыстылар мен басшылар бар ма?

Жердің астындағы табиғат нәсібімізге жазған байлықтың бәрін қалай да бүгін алып қалу қажет пе екен, сірә. Ол байлықтың рахатын көріп жатқан жергілікті халық жоқ. Мал баққан қазақ баласының тіршілік тауқыметі, белшеден батырған бейнеті Төретам бекетіндегідей.

Аралдың бүгіні — қазақ даласын жайлаған қиямет-қайым құзырының бір көрінісі қана.

Адамдардың жанашырлық пен мейірімнен, қайырымдылық пен өзі көзге түспей жасайтын жақсылықтан жырақтай бастауының түп төркіні суы тартылып, көкорайы қураған жерімізде жатқандай көрінеді маған.

Дәрігер қауым адам баласының жүйкесі жыртылса, оның қалыбына қайта келуі мүмкін емес деседі.

Жүйкедей тарамданған табиғат та адам организмімен бірдей. Ел мен жердің тағдырын өрелі жұрт ерте ойлар.

1991


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама