Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 59 минут бұрын)
Тағдыр

Адам есейіп, балалық шағынан жырақтаған сайын, ұлы мұхитқа бет алған кемедегі кісідей, қол бұлғап қалған жағалау — жастығы мен жас күнін жиі-жиі еске алып, жан дүниесін баураған бір сезімдерге бөленеді екен.

Өзім туып-өскен алыстағы Манаш ауылы менің көз алдыма жиі елестейтін болып жүр. Жас шағыңды, ауылыңды, мұғалімдерің мен ортақ таныстарыңды, бала шақтағы түрлі оқиғаларды еске алып, әңгімелесетін адамдар да сиреп барады. Мен туған ауыл қазір бұл дүниеде жоқ. Оның орны жер бетінен де, географиялық картадан да сүртілген. Оның орнында бүгін ескі жұртты күзеткен молалар мен теңіз беттен соғатын аптап желмен араласып ызыңдаған аруақтардың рухы ғана. Қазақтың қаншама ауылы осылай дүниеден өтті...

Жақында маған сәлем беруге қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, талантты примашы Өтепберген Хамзин келді. Оның даланың жусанындай бозарған шашы мен сақал-мұрты күні кеше шүберек сөмкесін арқалап, мектептен қайтып келе жетқанымызда соңымыздан келе жататын арықша, бидай өңді, көп сөйлемейтін балаға ұқсатпай, тіпті жат етіп жібергендей.

Менің көз алдыма тағы да суреттер келді. Енді оралмайтын бала кездің ойы мен қырын ойша жүгіріп өткендей болдым да, жүрегімді елжіреткен бір сезімдерге бөлендім. Дүниенің өткіншілігі, жалғанның да, жандардың да жалт етпелігі, ғұмыр дегеніміз жұлдыздың аққанындай ғана сәт екені көңілімді құлазытты.

Біздің Манаш ауылының оңтүстік жағы — адуын мінезді Каспий теңізі де, солтүстігі -кейпін, келбетін, тіпті болмысын өзгертпей, үн-түнсіз жататын Нарын құмы. Кәдімгі Махамбет ақынның:

Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреп жүрген ер едім,
Исатайдың барында,
Екі тарлан бөрі едім, —
дейтін Нарыны.

Біздің ауыл осындай екі дүниенің ортасында түратын. Теңіз суы ащы, оның үстіне, біз өсе келе жағалауы тіпті жырақтап, ауылымыз отырған жер сусыз шөлге айнала бастады. Ал қазсаң, екі-үш метр тереңдіктен тұщы су шығатын Нарын құмының шеті аттылы, түйелі кісіге түстік жол деуге болады. Көктемнің аяғында, мектеп балаларының оқуы тарағасын, ауыл жапатармағай қырға көшіп, Нарын құмын жайлайды. Мидай жазықта өскен біздің көзімізге құм деген таудай болып көрінетін ақ шағылдардан тұрады. Құмшекерден сәл сарғыш, сусылдаған әппақ құм. Сай-саласында майқаңбақ, қияқ, еркек, мортық, шырмауық, ши өседі. Ағаш тұқымынан тобылғы мен жыңғыл ғана. Қырға көшкенде, әрине, бүкіл ауыл бір жерге қонбайды. Әдетте жайлауда екі-үш үй болып қатар отырады.

Ел жаз бойы малдың тұяғынан тапталған жайлауды ауыстырып, бір-екі жерге көшіп қонады. Ал, күзде «теңізге түседі», яғни, қысқы мекенге көшеді.

Манаш деген — сол теңізде, суы қашқан, қарақоңыр топырақта боз жусан мен ащы сораң ғана өсетін жазық жерде шашырап жатқан үлкен ауыл. Ол ауылдың көшесі болған емес. Қамыс пен саздан шегендеп салынған үйлер.

Манаштағы Ақжал деген төбенің арғы бетіндегі бір топ үйлі шағын ауылды «Ақтікен топ» деп атайтынбыз. Себебі ол жерде жазда қарақат беретін ақтікен деген өсімдік көп болатын. Мен нағашыларымның арасында өстім. Біздің үй Ақжалдың бергі баурайында еді.

«Ақтікен топ» ауылында Хамза, Қабдығали, Ғаббас Шоқай балалары деген ағайынды кісілер болды. Олардың үлкені Хамза шоқша сақалды, ақсары өңді, құрым етік, қаракөл бөрік тігетін, темір соқса да, ағаш жонса да, қолынан жүректен шыққан әуендей, тек әсем бұйым шығатын шебер, аса сұңғыла адам еді. Ол үйдегі шешеміз Қанзиба биязы мінезді өте таза, тамақты дәмді пісіретін, жаулығын кіршік шалмайтын, балалы-шағалы болса да, шеген үйдің іші түгілі айналасының өзін жылан жалағандай етіп ұстайтын, ылғи күлімсіреп жүретін кісі болатын.

Ол үйдің Қаламқас, Тәнзила, Жұпар, Сәмен, Жаңылсын деген қыздары бар еді. Үлкендері менің апа-ағаларыммен замандас, бірге жүріп, бірге өскен қимас құрбылар еді. Жаңылсыннан кейін ата-ананың жалбарынған тілегі Құдай тағаланың құлағына жеткендей үйелмелі-сүйелмелі Алдамберген, Өтепберген деген екі ұл Хамзекең әулетін нұрландырып, ерекше сән берген. Менің анам: «Құдайдан тілеп алған, Хамзекеңнің көзінің ағы мен қарасындай екі ұлы ғой», — деп отыратын.

Алдамберген менен бұрын оқыды да, ал Өтепберген менен кейін оқыды. Біз оны Өтежан дейтінбіз. Екеуі де домбыра, мондалин, скрипка тартатын өнерлі, «құдайдан сұрап алғандарға» ұқсамайтын ұяң, тәртіпті және сабаққа үздік балалар болды, Андреев атындағы мектептің көркемөнерпаздар үйірмесіне үшеуміз бірге қатынасатынбыз.

Жаңылсын Хамзина қазақтың қыздар педагогикалық институтына біздің ауылдан алғаш барған, аса зейінді, білімдар қыз болды. Ол ауылға каникулға келгенде, мен Жаңылсынды көруге көңілім кететін.

Екеуміз дос болдық. Маған «Алматыға оқы» деп ақыл беретін. Студенттік өмір, астанадағы құрбы-достары туралы әңгіме айтатын. Мен аузымды ашып, ол бейне бір қиял-ғажайып ертегінің әлемінен келген адамдай елестеп, оны тыңдай беретінмін. Ата-аналарымыз да бір-бірінің қадірін білетін жандар болды. Біз, Алдамберген, Өтепберген, мен — үшеуміз домбыра, мондалин, скрипка тартып, өзімізше ансамбль құрып, Жаңылсын қосылып ән салатын. Көп сөйлемейтін Хамзекең сүйсініп, көздері күлімдеп, ал Қанзиба шешеміз бізге дәмді тамақ пісіріп, ол үйде ылғи бір оңаша, тыныш, әдемі сәттерді бастан кешіретінбіз. Осы жарастығымыз кейін Алдамберген үйленіп, Жаңылсын тұрмысқа шыққаннан кейін де жалғаса берді. Алдамбергеннің келіншегі Жаңыл да жаны жұмсақ, өнерлі, өлеңді түсінетін адам болып шықты.

Мен, тағдыр айдап Алматыға кеткесін ғана қатынасымыз сиреді. Қаламқас апам мен Жұпар да мені өз туғандарындай көретін. Жұпар апайдың қайын сіңлісі Қилан да менің жақсы көретін досым еді. Осындай қимас көңіл, жанашыр сезімнің күміс тін сәулелерін жылдардың шаң-тозаңы көмескі тартқызғандай бүгін бәлду-бәлду бәрі өтірік секілді.

Талантты музыкант, Құрманғазы атындағы консерваторияның оркестр бөлімін үздік бітірген Өтепберген Хамзин көп жылдар бойы қазақтың Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде примадан концертмейстер болып ойнады.

Құрманғазы оркестрі сахнаға шыққанда, Өтепберген тартатын приманың үні ерекше естіліп, көркем саз беріп отыратын. Өнер — жалпы адамзат атаулының ортақ байлығы, ортақ қазынасы. Қорқыттың қобызы, Құрманғазының домбырасы бізге қандай қастерлі болса, Паганинидің скрипкасы, Моцарттың күйсандығы, В.Андреевтің примасы, испандықтардың гитары да адамзат ұрпағы үшін сондай киелі. Біз ылғи сыңар езулеп жүретін және сонымыздың тақсыретін тартып келе жатқан халықпыз. Кейде домбыра мен қобыздан басқаға мұрнымызды шүйіріп, менсінбей қараймыз. Халқымыздың өнерлі ұрпағы тек домбыра мен қобызды біліп қоймай, дүние жүзіндегі ұлттардың қай-қай аспабын болса да жетік меңгерсе, мәдениеті мен экономикасы бірін-бірі толықтырып, бүкіладамзаттық мұраны өркендетіп жатқанда, бұл тек ұлтымыздың алғыр да өнегелі ұрпақтарын жетілдірер еді-ау. Ол үшін біздің консерваториядан бастап, музыка факультеті бар жоғары оқу орындарымыз бен музыкалық училищелеріміз өрісін, мамандық шеңберлерін кеңейте түссе, абзал. Өтепберген Құрманғазы оркестрінен кеткелі, ондай примашыны немесе ол тартқандай приманың үнін естіген емеспін.

Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінде примадан концертмейстр болып жүрген жылдар — Өтепбергеннің өмірбаянындағы ерекше айқын беттер. Өйткені өнер адамы үшін творчестволық ортада, өз бойындағы киелі сәуленің дүниеге шашырай төгілуіне әсер етер ортада жүру — үлкен бақыт.

Мәскеудің Съездер сарайында оркестрдің сүйемелдеуімен ол Николай Будашкиннің «Концерттік шығармасын» примада жеке тартқанда, талғампаз алты мың көрермен демін ішіне тартып тыңдаған. Немесе, қазақтың көрнекті композиторы Еркеғали Рахмадиевтің музыка әлемінде күрделі саналатын Скерцосын оркестрдің сүйемелдеуімен примада жеке орындау екінің бірінің қолынан келіп жүрген жоқ.

Италия мен Франция, Венгрия мен Польша және басқа озық мәдениетті елдердің әлемдік әуендерге қанық көрермендері қазақ даласының кейде ғаламат екпінді, кейде жүрегіңді төмен тартқызар мұңды сазын Қүрманғазы атындағы оркестрдың құдіретті үні арқылы таныған болса, онда «мен бармын» деп кеудесін соқпайтын, билікті белсенділердің біреуін аға, екіншісін көке деп жақындауды ыңғайсыз санайтын, көңілімен көк тіреп семірмейтін, қапсағай, сұңғақ жігіттің жүрек қуаты мен маңдай тері де бар еді.

Ол консерваторияда оқып жүрген кезінде көрген дирижер Фуат Мансұров көптеген шәкірттердің ішінен өз класына таңдаған шағын тізімге Өтепберген Хамзиннің ілінуі де кездейсоқтық емес еді.

Бірақ кешікпей Фуат Мәскеуге кетіп қалды да, өзгелердің класына баруға шәкірттің көңілі соқпады.

Кейде адамның біреуге жасаймын деген жақсылығы кері әсерін тигізеді. Өтепберген өмірінде де осындай бір сәт болған. Оркестр ұжымы Италияға сапарға барады. Сардинья аралының қалаларында музыка өнерінің талғампаз біліктілерінің сынынан сүрінбей өткен оркестрді бұл сапарға қазақ консерваториясының сол кездегі ректоры Ғазиза Жұбанова бастап барған еді. Хамзиннің оркестрдің сүйемелдеуімен классикалық күрделі шығармаларды примада жеке орындағанына риза болған Ғазиза Жұбанова талантты музыкантты қояр да қоймай консерваторияға аға оқытушы болуға шақырды. Қазақ музыка өнерінің алтын ұясы-консерваторияда қазақ даласының әр түкпірінен келген талантты жастарды баулу — түсіне білген кісіге, биік мұратты мәртебе.

Оркестр басшыларының қарсылығына қарамай, консерваторияға келген талантты музыкант ұстаздық қызметте де шәкірттерінің ілтипатына бөленеді.

Консерваторияда музыка өнерінің түрлі пәндерінен сабақ беретін мұғалімдер жыл сайын студенттерге педагогтік концерт беріп, өз шеберлігін көрсету тәртібі жүйелі дәстүрге айналған. Өмір бойы екі-үш пьесаны қайталап ойнап беретіндер де табылады. Ал, концерт беруге жүректері дауаламайтындар жекелеген шығармалардың нотасын өз аспаптарына түсіріп құтылады.

Өтепберген Хамзин консерваторияда еңбек еткен 5-6 жылда бірін-бірі қайталамайтын жүзден астам шығармаларды орындап, студенттер қауымының ілтипатына бөленіп жүрді. Жұмысына өте жауапты, оқытқан шәкірттері кім болса сол болып қалмайтын, өз мамандығының шебері атанған ол консерваторияның ұстаздар қауымына «жақпай-ақ» қойды. «Таланттарға қамқор болу керек, таланты жоқтар өздері-ақ үйтіп-бүйтіп жол тауып алады» дегендей, адам жанын, тіршіліктің күйбеңі мен пенделік ойлардан тазартатын әуен әлемі ақыры Өтепбергенді консерватория қабырғасынан аластап тынды.

Мен осы жайды сырттай естіп Ғазиза Ахметқызына арнайы барғаным да бар.

Адамның тым таза, таланатты болуы да кей ортада қауіп төндіреді. Сондықтан оларды қорғап араша түсуді, қара бас қамы мен жұмсақ орындығын ойлайтын адамдар ақымақтық деп ойлайды. Адамның, оның ішінде таланттың тағдырын біреулердің пікірі арқылы шешу — қылмыс. Сол қылмыс әлі жазасын тартпай, өмір сүріп келеді. Көкауыз қызғаншақтардың арызынан, пікір таратуынан үрейіміз ұшады. Өйткені, талантты адамның шынайы қасиетін өзіміз тани алмаймыз.

Біз өнер мен рухани тарихымызды жасайтын әр талантты қадірлеп, өз орнында ұстауымыз керек. Сонда ғана халық болып қаламыз. Сонда ғана өз өмірбаянымызды тарих бетіне қашап қалдыра аламыз.

Әр таланттың тағдыры — халықтың тағдыры. Жер бетінда азайып бара жатқан жануарлар мен хайуанаттар Қызыл кітапқа тіркеліп, қадағаланады, ерекше қамқорлыққа алынады. Әйтпесе, олар көп мергендердің қанжығасында кетер еді де, тұқымы мәңгілікке жер бетінен көшіп, аттары тарихтың кейбір сарғайған беттерінде ғана қалар еді. Өнердегі ғана емес, өмірдің барлық саласында сирек те болса кездесетін әрбір таланттың тағдырына қамқорлық жасап, оның бойындағы табиғат берген дарынды халық мұрасына айналдыруға қызмет ету үшін қандай қоғам орнату керек екенін мен білмеймін. Әйтеуір, сондай қоғам болуға тиіс секілді. Әйтпесе, онсыз да шашырап жүрген саны аз халық құмға сіңген тамшыдай рухани тірлігін үзіп, жоғалуы мүмкін.

Өтепберген Хамзин өнер сахнасында аяқ астынан көрінбей кеткенде, консерваторияда өзі дәріс берген студенттерінен басқа, «Құрманғазы оркестрінде талантты примашы болып еді — қайда жүр өзі» деп іздеген біреу болсайшы.

Адамының сұрауы жоқ қоғамның ғұмыры да ұзақ болмайды. Өзіндік ой-тұжырымы бар, пәленше айтты екен деп пікірін өзгерте салмайтын азаматтар кеңес қоғамының жүйесінде ылғи шетқақпай жүруі заңдылыққа айналған құбылыс болып келгенін біразымыз түсінеміз.

Құрманғазылар мен Ақансерілер, Майралар мен Диналар қай заманда, қай қоғамда болмасын қазақ деген аз ғана халыққа көптік етпейді.

Таланттар — халықтың жал-құйрығы.

Құйрық-жалын жалғыз талдап жұлып тастап, оның орнына жалтылдаған зер шашақты қалай, қанша тақса да, ол жарқылдақтар мен жалтылдақтар халықтың рухани тірлігіне себін тигізе алмайды.

Талант тағдырының жіңішке соқпақтары қан тамырларындай тарамданып, бытқылды сайлар мен жалаңаш жартасты құздарға ұрындырады. Өнерге деген о бастағы кіршіксіз мұратын медеу еткен жан ғана талантын қамшылап, қара тері тамшылап, шынайы өнердің шыңына өрмелейді. Оның дем берушісі де, жебеушісі де, серігі де — адалдық.

Менің жел өтінде ғұмырын өткізген шағын ауылымнан шығып, өнер өріне қанат қаққан, қиындықтарынан тайсақтап, адалдық соқпағынан бұрылмаған інім, біздің ауылдың алтын қазықтарының бірі болған Хамза ағамыздың Құдайдан сұрап алған Өтепбергені тағдыр жолымен осылай келе жатқанын мақтаныш етемін.

1992


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама