Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әселхан

Халқымыздың өз өмірбаянын өзі ұмытып, өз тарихынан өзі безгендей ғұмырынан кейін кенет жарқ ете қалған айтыс өнерінің әлемінде Әселханның айдай жарқырап көрінуі сөзсайысты жатырқап қалған халқымыздың айтысқа, шілдеде қаталап келіп, суатқа бас қойған малдай, бірден құныға қызығуына, бойына сіңіруіне үлкен әсер етті.

Халық айтыс ақыны дегеннің бәрі Әселхандай болады екен деп ойлап, айтысқа шыққандардың бәрінен Әселхан көкірегінен шығатын ғажайып теңеулер мен көз алдыңа елестейтін суретті образдар, ойнақы әзіл мен мақтамен бауыздап өлтіретін найзадай өткір сын мен әжуаларды күтетін болды.

Құдай тағала көкірегіне күн берген Әселхан сіңліміз, біз жетпіс жыл бойы тірі айтыс ақынын көрмей жүргенімізде, айтыстың оқуын Шолпан жұлдызынан оқып келгендей, өз үнімен, өз мәнімен үзілген шылбырды жалғап жібергені біздің өнер өмірбаянымызда құбылыс болды.

Мен айтысты Әселхан арқылы жақсы көріп кеттім. Бүгінгі күнгі халқымыздың Саралары Әселхандай-ақ болсын!

Қазақ халқының тарихында талай талантты, өнерлі, ақыл-парасатымен ер-азматқа, оның алдына түсіп көлбеңдемей-ақ, өз әсерін тигізетін қайраткер қыздар болған. Қыздардың атымен бүкіл ру аталып, қыздардың атын түркі даласының қалалары айдар етіп тағуы тектен-тек емес. «Асыл анадан» деп те бекер айтылмаған.

Қарсыласын сөзбен қайыстырса, «жеңдім» деп желкілдемейтін, етек-жеңін, көңіл-пейілін қазақтың даласындай кең үстайтын Әселхан сіңліміздің бүкіл жан әлемі жыр кәусарынан жаралғандай, қай сахнадан көрсең де, тайсалмай, ылғи теңіздің толқыны секілді лықсып, төгіліп тұрғандай көрінеді.

Бұл — оқу-тоқумен, үйрену немесе машықтанумен келмеген, үлкен табиғи таланттың белгісі.

Әселхан ауылда тұрады.

Оның ауылында айтыскер жастар үшін ұйымдастырған мектебі де ылғи бір төгіліп тұрған дарынды балаларды тәрбиелеп жүр.

Бұл да — тек үлкен таланттың қолынан келетін іс. Өнер деген — жарыс, сайыс. Әдетте өнер әлеміндегілерде бәсеке-бәйге сезімі молырақ. Бұл сезім келе-келе бақталастыққа ұласады. «Күні кеше өзім үйретіп едім — енді қайда озып барады» деген қызылкөз қызғаныш көп адамдардың өнер өрісін тарылтады. Кеңдік, өзгенің өскеніне, өркен жайғанына қуану, соңында, жанында келе жатқандардың шабысына сүйсіну, мойындау, сүйте тұра, өзін де қамшылай түсу — міне, халықтық шеңбермен өлшенетін дарын иесіне тән қасиет осы.

Әселханның бойында осы киелі қасиет те бар секілді көрінеді маған.

Мен осыған шын көңіліммен сүйсінемін, қуанамын. Қазақтың қыздары әр ауылда осындай іс тындырып, осындай аласапыран, біреу билік қуып, біреу тырнақтап бедел жиып жүрген заманда, халқымыздың рухани тінін тарқатпай, ұрпақтың жан тазалығына жанын салып жүрсе ғой деп ойланасың, армандайсың.

Әселханның жазба өлеңдері де оқырман көңілінен шығады деп ойлаймын. Әр үйде, әр кітапханада Әселхандардың кітабы қолдан-қолға тимей жүрсе, сөз жоқ, ойлы оқырманның өресі одан сайын өсе түсер, сөйтіп қазақ деген аз ғана халықтың саналысы молая түсер еді.

Ақ көңіліңнен ұшқан әппақ құстай жырларың қазақ елінің көгінде шарықтай бергей, Әселхан сіңілім!

1992


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама