Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 15 сағат бұрын)
Адамгершілік — өнер мұраты

Адам баласының бүкіл тарихындағы әдеби мұраларға зер салсақ қайбір халық болмасын аңыз-ертегілерінен бастап, адамгершілік парасатты, әділет-адалдықты, тәрбие мен тәлімді ту етіп ұстап, үлгі етіп ұсынады. Сонымен бірге зұлымдықты, бипарасаттықты, жалғандықты, жауыздықты әрдайым әшкерелеп адам қауымын сақтандыруға тырысады. Өткен мен бүгінгіні салыстырып отырсақ, әдебиет пен өнердегі адамгершілік тақырыбы космос кеңістігіндей шексіз болу керек. Басқаны былай қойғанда адам санасының сәбилік дәуірінің өзінде адамгершілік болмысты аңсау, мұрат тұту бар. Сонау бағы заманнан соқыр сенімге бас ие отырып, парасат адалдықты қосалқы уағыздайды. Бақсақ, ешбір халық өзінің рухани әдеби мұраларында зұлымдыққа, мейірімсіздікке кешірім еткен емес. Керісінше, оны әшкерелей отырып, өзінің ұл-қыздарының биік қасиеттерін жексұрын қылықтарға қарсы қояды. Адам қоғамы өсе келе мораль, адамгершілік қасиеттерде таптық бояу табады. Айта беретін мұның белгісі жаңғыру дәуірінде аса айқын белгі берді. Езуші мен езілуші таптың сонау құл иеленушілік дәуірінен келе жатқан жігі ашыла түсті. Бүгінге дейін, екі жүйеде алысумен келеді. Ол гуманизм мен антигуманизм арасындағы тартыс болса керек.

Социалистік қоғамның адамға қояр талабы да, оның моральдық, қадір-қасиеті де өзгеше. Отанға, мекенге деген махаббат советтік патриотизм, семья, ата-анаға деген борыш, коммунистік қоғам үшін күрес әрбір совет адамының моральдық келбетін танытады. Октябрь революциясы жеңгеннен кейінгі күннен бастап, еңбекке деген еркіндік «кім еңбек етпесе, сол — ішіп-жемейді», «әркімнің қабілетіне қарап, әркімнің еңбегіне қарап» деген қағида да социалистік қоғамның негізгі принциптерінің бірі. Бүкіл адам баласының тарихында бізде ғана мемлекет құдіреті халықтың қолына көшті, халық өз тағдырын өзі шешетін дәрежеге жетті. Үстем тап жойылды, жұмысшы-шаруа өкіметі бүкіл мемлекеттік мәселе мен халықаралық мәселелерге араласты. Бүкіл ұлт пен ұлттың арасындағы ғасырлар бойы қайшылықта келген әдет-ғұрыптар жойыла бастады. Ұлт пен ұлттың арасындағы достық, беріктік жылдан-жылға нығая түсті. Мұны біз совет халқының тарихының әр кезеңінен байқап отырмыз. Азамат соғысы, интервенция жылдары өз алдына, кешегі Ұлы Отан соғысы, сұрапыл қан майдан совет халқының моральдық есейгендігін бір дәлелдесе, ұлы Лениндік ұлт саясатының зор жеңісінің айғағы болды. Бұған біздің көп ұлтты совет халқының ұл-қыздарының қан майданданғы ерлік-қаһармандығы куә. Бұл сапарда қазақ халқының үлесі аз болған жоқ. Адамгершілік сипаты, көбіне осындай сын сағаттарда көрінеді

Ауызша да, кейбір ресми документтерде де бұрын отбасы, ошақ қасынан ұзай алмаған қазақ әйелдерінің Ұлы Октябрь революциясынан кейін тек қана бейбіт еңбекте ғылым өнерінің сан саласында ғана емес, майдан төріндегі ерлігіне де әлем таңданатындай болды. Бүкіл советтік шығыстан шыққан Советтер Одағының Батырлары Мәншүк пен Әлия — қазақ қыздары еді. Олар ата-анасының ұясынан темір қанаттанып өсіп, алғашқы ақылды адамгершіліктің тұңғыш ұрығын өз семьясында көрді. Кейін мектеп табалдырығын аттады, пионерлер қатарында, одан Лениндік комсомолда тәрбиеленді. Жаңа заманның жаңа ұрпағы халық басына төнген қауіпті күндері қару алып майданға түсті. Оған «Отан» деген ұғым, тар шеңбердің ұлттық ұғымнан аулақ бүкіл Советтік деген ұғымға ауысқан. Сондықтан олар ұлы орыс халқының топырағын өз топырағындай көріп, әрбір үйін өз үйіндей қорғады. Әлгі айтқан халықтар достығы мен советтік патриотизмнің, ұштаса бірлік тапқан жері болса керек. Мұндай мысалдар, айта берсе көп кездеседі.

Қазіргі бейбіт заманда біздің азғантай ғана алпыс жылдық өмірімізде ата-аналардан жастарға үйренер көп үлгі бай мұра бар. Бүкіл совет әдебиеті сияқты қазақ әдебиеті де совет дәуіріндегі тарихи кезеңдерді, революция жылдарын қағыс қалдырған емес Бүгінгі күн тақырыбы да әдебиетіміздің әр жанрында өрнек тауып келеді. Әдебиет пен өнерді былай қойғанда, адамгершілік сипаты әрбір кісінің еңбекке деген көзқарасынан, жолдас-жораға деген қарым-қатынасынан, өзінің өскен ортасына сыйымды жұғымдылығынан байқалады.

Молшылық деген не? Ол ең алдыменен адамның рухани байлығына байланысты болса, сол байлық, қай мүдденің, қай борыштың өтеуіне қызмет істейді, гәп сонда. Мен білетін екі кісі бар: екеуінің білімі шамалас, әсіресе біреуі сонау бағы заманның кітаптарынан бастап, бүгінгі кибернетикадағы күрделі қияпаттарды біледі. Ол біреуге ақыл айтқанда әзір алдына тірі жан салып көрген жоқ. Ал, қызмет бабында бірде-бір жерде жақсы атанған емес. Оның құлқынның құлы екендігін кейбіреулер жақсы біледі. Бұл сапарда әлгі кісінің жұртқа айтқан ақылы мен өзінің, өмірдегі тіршілігі қарама-қайшы келіп отырады. Екінші бірі: білім жағынан одан асып түспесе кем емес, бірақ қай қызметте болмасын жанын салып жүргені, ол төңірегіндегі адамдардың әрқайсының қуанышына да, сәтсіздігіне де ортақ. Кім болса, ол болсын соның бір жанашыр жақынындай үстіне түсіп жүргені. Сондықтан оны сыйлайды, қадірлейді. Өйткені оның бар тірлігінде қоғамдық мүддемен қоса адамға деген ұлы мейірім жатыр. Адамгершіліктің түп қазығының бірі, сол мейірбандық. Алғашқы кісі егер өзіне көк тиындық пайдасы болса, қандай жалғандыққа да барады. Жалғандықтың ар жағында зұлымдықтың жотасы жатыр. Бір ғажабы осы пиғылын жаба тоқуға шеберлігі де жетеді. Қарапайым көзге «пәленшекең ғажап адам» деген бағаның иесі. Бір байқайтыным сонда тыныш ұйқы да, дені сау күлкі де жоқ, өйткені арамзаның ақылы қулық, онымен ұзаққа бармайтынын өзі де сезетін болар. Осыдан келіп оның оқыған, тоқығанына күмән туады. Білімді көріну үшін, әр дүниенің басын шалғаны болмаса, естігенін ұстап қалатын ерекшелігінен басқа баянды білім жоқ екендігі көрініп-ақ тұр.

Дәл осы кісі менің замандасым, менің тұңғыш шығармаларымнан бастап күні бүгінге дейін өзім «өлтіре» алмай келе жатқан кейіпкерімнің бірі. Мұндай экземплярдың өмірде сирек, мен үшін жалғыз екеніне қуанамын. Соңынан қалмай жүрген мақсатым да осындай қылықтан жастарды сақтандыру. «Бір қарын майды қидың қиқымы шірітеді» деген сөз бар емес пе, оны көргенде осы сөз есіме түседі. Ал енді Абай айтқан:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ.
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой
Қанағат, рахым ойлап қой,
Бес асыл зат көнсеңіздің, —

алғашқы бесеуі әлгі кісіде басым жатқандығына көзім жеткесін айтып отырмын. Асылы — адамгершілік атаулының сан қилы қасиеттері тек білімге, көп оқығанға байланысты емес екен. Ол — туасы тәрбие, бір ұшы — өскен орта мен астасып жатады.

Әлбетте, адамгершілік ұғымның өзі, түптей келгенде қоғамдық формациялық құбылыс қой. Сондықтан да моральдық норманы құрайтын, ар, ұят, намыс, жауапкершілік, борыш, мейірбандық, әділдік сияқты ұғымдарды, социалистік қоғамның мүддесі, талабы тұрғысынан түсінеміз. Осыдан келіп бүкіл адам баласына ортақ, КПСС Программасында жазылған, болашақ коммунистік қоғамның моралі келіп туындайды. Келешек кілті ертең қолына келетін, бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуде әрбір жас буынның өтейтін борышы көп. Жақсы дәстүр — үйренер үлгі мол, тек кейбір жат қылық, жалған мінез жағымпаз пиғылдардан жастарды аулақ ұстаудың борышы бар. Қорқаулық-қомағайлықтың да анда-санда өмірде қылаң беретінін ұмытпау керек. Біздің социалистік идеология, коммунистік тәрбие ең алдымен осылармен күреседі. Әдебиет пен өнердің де күресері осы, өйткені бүкіл әлемге үлгі болып отырған совет халқының, жеке совет азаматының тарихи миссиясы үлкен.

Сондықтан да біздің ертеңгі келер ұрпағымыздың жүгі бүгінгіден жеңіл болмайды, осының қамын ойлағанда бүкіл адамгершілік қасиетті болашақ үшін, ертеңгі ұрпақ үшін уағыздау басты міндеттің бірі. Қоғам өскен сайын, дамыған сайын адамгершілік ұғымы кеңейе түспек, әр ұрпақ ата дәстүрін, жақсы қасиеттерін бойына сіңіре отырып, өз үлесін, өз парасат түйсігін танытады, үлес қосады. Сонымен жақсылық пен адамгершілік бір-бірімен жалғасып, дами бермек, тәлімді тәрбие де осылай жалғаса бермек.

1977


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама