Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 15 сағат бұрын)
Ұлы өнерпаз

(Күләш Байсейітованы еске түсіру)

Туғанда дүние есігін ашар өлең
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Абай

Жаз. Тамаша жаз... Көз құмарын тарқатар гүл-бәйшешек, жасыл жауқазын хош иісімен бойыңды балқытады, рақатына бөлейді... Өзен бойының қоңыр салқын лебі, көкорайлы алқап үстін анда-санда баяу ғана сипап өтеді... Әсем кек торғын аспан... Көк тәңірісі күн де мейірімді сәулесін төгіп тұр... Бұл табиғаттың да жасанған, жас балауса шағы, бай шағы...

Қырық құбылмалы бұлбұл үні осы бір салтанатты сәнді көрініске жанды рең береді... Табиғат көркін паш етеді. Жарыса ескен сан түсті гүл шоқтары бұлбұл үніне мүлгіп әлсіз сыбдырымен кей сәт өзара сырласып бас изескендей болады... Көрікті гүлді алқаптың сырын жырға қосты ерке бұлбұл... шаршау-шалдығу деген оған жат. Толас тартпас бұлбұл үні... Мәңгі сайрамақ ол өмірде... Шексіз шабыт иесі бұлбұлдың аты бұлбұл ғой... Мүлгіп қапты бар табиғат... Ну орман, асау теңіз, ойнақы өзен, қарлы шың қуана қарайды, қызғана тыңдайды бұлбұл әнін... Біз де ортақ сырыңа, біз ортақ жырыңа дейді тәкаппар табиғат жуасып...

Бұл Отан жазы... Отанның гүл-бәйшешегі, Отанның көрікті алқабы.., Онда сайраған, сырлы жыр шерткен Отанның аяулы ерке бұлбұлы Күләш еді... Күләштің үні ғой бұл... Тыңдайықшы тағы бір... Сырласайықшы сүйікті бұлбұлмен... Қандыршы құлақ құрышын, деуші едік біздер әрдайым...

Бірақ өрен талант, өр қайрат, ұшқыр қиял иесі Күләштің өмірі өте қысқа болды,,, Аяулы жан арамыздан ерте кетті... Барша халықтың сый-құрметіне бөленіп ақтық демі біткенше өсу-өрлеу, шарықтау қалпынан танбай әзиз жанға айналған Күләш өмірі тарих таразысына сирек түсетін ұлы тұлғалардың өмірі... Күләш бойындағы табиғи талантын ең алдымен өз халқының рухани мәдениетінің қайнар қазынасына, мол мұрасына суғарды... Өлмес өзегін, сарқылмас сағасын өнер алыбы содан тапты... Жас Күләш халқының қасиетті өнер туын қолға ұстап шынайы шеберлік шыңына тартты... Табысқа толы осы бip асуы мол ауыр сапар дәйім күнгейден көрініп, қуанта, сәт сайын миуалы өрісін танытып отырды...

Өз өмірінде адалдық пен ерліктің, ынтымақ пен елдіктің жаршысы болды Күләш... Отанына ынтызарлық пен қызмет етудің көпке үлгі боларлық қуаты Күләштің бойынан табылды... Заманының жүлде иесі, жүйрігі атанды... Күләшті да тұйық дүниеден томағасын сыпырып, бақыт аспанына шығарған ұлы заманымыздың ғажайып күші еді...

Отанымыздағы әрбір жетістік ақын жанды, бұлбұл үнді Күләшқа шабыт берді. Қиял қанатын кең жайып ұзаққа, алысқа-алысқа шырқады Күләш... Бұдан көп жыл бұрын ол «Заман тіпті қызықты, тамаша болып барады, күнде жиын, күнде думан жасай бергім келеді»— деп жазды. Жігері жалын атып табыстан тоят табу дегенді білмеген ұлы артистканың өнер жолындағы ұраны осы еді.

Заман қызығына тоймай, тамаша думан жасаумен өткен Күлаштың қысқа өмірінің өңіріне көз жіберсек, желісін әріден тартқан Күләш қолынан қайта жаңарып қазынаға айналған ән-күй шежіресіне, кесек кейіптерге тап боламыз.

Әрине Күләштің сәбилік шағы көз қуантарлық көрініс емес. Бұрын Верный атанған қазіргі Алматы қаласының бір шетіндегі Жасан етікшінің баспанасында 1912 жылы Күләш дүниеге келді... Күләш құлағына алғаш шалынған ананың әлдиінде де, етік тігіп ыңылдап ән салатын әкенің үнінде де бір қайғылы сарын жататын-ды. Ол еңсені езген, тұрмыс талқысынан туған ауыр бейнет, азабы мол өмірдің зарлы үні еді. Жасан етікшінің тәп-тәуір даусы болған... Ол ыңылдап отырып қазақтың ескі жырларын айтқанда жас Күләш бұрышта кейде кесте тігіп, кейде кесе сүртіп отырып, мүлги тыңдайтын-ды... Оның бала қиялы Сырлыбай ханның ауылын аралап үлде мен бүлдеге оранған сұлу Жібекті, нөкер қыздарымен көзге елестететін... Көш бойындағы бірінен-бірі өткен сұлу қыздар, олардың жасау-жиһазы Күләшті алыс дүниеге алып кететін. Қособа түбіндегі зұлымдықты ойлағанда денесі түршігіп қорқыныш билейтін бойын. Сонда да Жібек болар ма еді деген арман елесі бала қиялын қозғап кететін. Жайдақ нарға мінген Айман — Шолпанды сәби жүрегі елжіреп аяса да, Айман ақылына тәнті болып кейде ырзалықпен күрсінетін-ді... Абай әндері мен сөз маржанын тізген ақын Сара да Күләш жүрегіне жастай ұялаған... Кейде Алатаудың қарлы шыңына көз тігіп мен неге сұңқар емеспін, шығар ем қанат қағып ұшар басына деп армандайтын... Жасыл желек жамылған гүлді қойнауда жидек теріп жүріп бұлбұл үніне құмартып тұрушы еді... Бұл шақтары ол тапқаны тіршілік талшығына жетпей отырған етікшінің қызы екендігін де ұмытатын-ды. Қиялыңдағыны қуаныш еткен Күләштың балалық шағының күңгірт күндері осылай өтіп жатты.

Ұлы дүбір басталды... Аврораның айбынды үні естілді. Тұман серпілді... Қазақстанда Совет өкіметі орнап, жайма-шуақ бақыт күні туды. Бүлдіршіндей қарақат көз қазақ, қызы Алматыдағы арнаулы үлгілі мектепке оқуға түсті. Пионер галстугін тақты...

Ұлы дәуірдің қуатты күші халық бойындағы бар қасиетті азаттық айдынына шығарып жөн сілтеді, жоба берді... Социалистік мәдениеттің ұлы мұхитына, ғасырлар түнегіндегі рухани байлығының бетін ашып, еркіндік алып, елдігі жарасқан қазақ халқының жас мәдениетінің алғашқы тобы шеру тартты...

Коммунист партиясы мен совет үкіметінің көп қамқорлығының бірі 1926 жылы ұлттық драма театрының құрылуы еді. Өнер иелерінің ұйтқысы осында болды. Бұл кезде Күләш мұғалімдер даярлайтын институттың шәкірті еді. Түрлі үйірмелерде дауыс дарындылығымен көзге түскен Күләшқа қазақ, театрының негізін қалаушылардың бірі Серке Қожамқұлов кездесіп театрға келуге үгіттейді. Алғаш өзінен артист шығар -шықпасына сенбей үрейленіп жүрген Күләш тәуекелге бел байлап, 1929 жылы қазақтың драма театрына келеді. Ұзамай көрнекті артистердің санатына енеді. Қазақ драматургиясының әрі тұңғышы, әрі күдерлі белі саналатын Мұхтар Әуезовтың «Еңлік — Кебек» трагедиясындағы Еңліктің сахналық образының алғашқы авторларының бірі — Күләш. Күләш драма театрында Погодиннің «Менің досым» пьесасындағы Гаидың әйелін, Гогольдің үйленуіндегі Агафья Тихоновнаның образдарын жасаумен өзінің тамаша драмалық артистка екендігін танытты. Бұл салада атақтылардың қатарына қосылғанмен, оны көбінесе ән салу, музыкалық жағы өзіне тарта берді. Қазіргі Абай атындағы опера балет театрының 1933 жылы алғаш құрылған музыкалық студиясы 1934 жылы 13 январьда Мұхтар Әуезовтың «Айман — Шолпаның» қойғанда Айман ролін ойнауға адам табылмай Күләшке жүктейді. Күләш артистік өмірінің алғашқы жылдарында ешқандай опера сахнасын көрмегендігі мәлім. Бірақ, ішкі нәзік сезім дүниесіне бай, әpi дарынды дауыс иесі Күләш Айман образын тетіксіз тұлға етіп көрсетумен опера өнеріндегі үлкен сапарының сәтті қадамын бастады... Жасында арман еткен қыздарынан алғаш кездескені де Айман болды... «Айман — Шолпан» тек Күләш өміріндегі белгілі белес емес сонымен бipгe жалпы қазақ опера өнері тарихының бірінші бетін ашқан, бұдан былайғы даму ізін салған тұңғыш еңбек еді. Осыдан бастап қазақ халқы ғасырлар өртінен аман алып келе жатқан меңіреу дәуірдің мұңды үні мен қиял сезімінен туған рухани мәдениетінің, куәсі — бұрын сахарада айтылған ән мен күйін бірінші рет сахнада тыңдады. «Айман-Шолпанның» сәтті шығуы опера театрын құруға бел буған творчестволық коллективтің сенімін бекітті.

1936 жылғы қазақ өнерінің Москвадағы онкүндігінде көрсетілген «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» операсы мәдениет тарихымызда ерекше орынға ие. Халқымыздың ауыз әдебиетіндегі ең бай тартымды шығармалардың бірі — «Қыз Жібек». Мұнда феодалдық салтқа жас буынның наразылығы көрсетіледі. Көрнекті жазушымыз Ғабит Мүсрепов «Қыз Жібектің» музыкалы драмасын жазуға батыл қадамы басты. Музыкалы драма жазу — драматургияның аса қиын саласы бола тұрса да Ғабит Мүсрепов алдына қойған мақсатын шебер шешкендігіне дау жоқ. Автор уақиға желісінде әр дәуірде әр таптың салқыны тиген ұзақ сонар жырдың. сүрлеуінен, бүгінгі өмір тұрғысынан керегін сұрыптап алды да, өз елегінен өткізді. Қорытындыда дәуір рухын сақтай отырып, қызықты уақиға, сырлы күйге құрылған тың, дербес шығарма туды.

Ал «Жалбыр» болса поэзия, проза саласындағы мол мұрасын былай қойғанда оннан аса драмалық шығарма қалдырған қазақ халқының сүйікті жазушыларының бірі Бейімбет Майлиннің еңбегі еді. Бұл шығарма қазақ халқының өміріндегі үлкен тарихи кезең 1916 жылғы уақиғаларға құрылған. Осында Қадиша ролін ойнаған Күләштің өзіне сөз берсек бұл образды талдап жатудың қажетсіз екенін көреміз. «Қадиша ролін қатты ұнатам» деген мақаласында Күләш былай дейді:

«Жалбыр 1916 жылғы қазақ халқының, патшаға қарсы көтерілген ереуілінен алынған уақиға. Бұл «Қыз Жібек» заманынан бері, оған қарағанда өзіміздің дәуір сияқты. Біз он алтыншы жылғы уақиғаны жақсы білеміз. Дәл осы уақиғаға араласпағанмен, сондағы қатынасқан адамдардың көбінің көзі тірі. Олардың талай ерлігін, талай кездескен трагедиясын өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естігеміз. Сондықтан Қадишаны ойнағанда он алтыншы жылдың түрлі суреттерін көз алдыма елестетем. Сол жылдардағы Қадишадай қазақ қызын көргенім де бар. Сондықтан Қадиша ролін мен шын беріле сүйіп ойнаймын».

Шынында Қадишалардың трагедиясы — Ұлы Октябрь революциясынан бұрынғы, барлық қазақ әйелдерінің басында болған трагедия. Малға сатылу, сүйгеніне бара алмай күштіден зорлық көру, басында бостандық болмау, әлеумет тіршілігіне араласа алмау қазақ әйелдерінің мойнындағы лағнет қамыты тәрізді еді. Қазақстанда Совет өкімет орнамаған күнде Күләш та осы күйге душар болмасына кімнің күмәні бар. Әрине Қадиша Қыз Жібек емес. Ол көз жасына булығып, ажалға лажсыз мойын ұсынбайды. Сүйгеніне бара алмаған Қадиша алыса да біледі.

Сүйе де біледі, уәдесінде тұра алады, дұшпанымен күресе де алады. Қадишаның көз жасы торығудан тумайды, жігер-кектен туады. Ол жеке басының ғана қамын ойлайтын, ой өрісі тар тоғышар тілектің иесі емес. Қадиша көп басындағы қайғыны ту ете сөйлейді. Күләштің орындауындағы:

Уа Жәке, сөзің артық, тілің майда,
Мендей боп жылаған қыз азғантай ма, —

(жай қоңыр әнмен) деп басталатын ария өз дәуіріндегі бар қазақ қызының мұң-мүддесінен туғандай естілетіндігі де содан.

Біз Қыз Жібекке қайта оралып молырақ зер салғанды орынды көрдік. Өйткені Күләшті Одақ көлеміне әйгілеген де, Күләшпен жиырма үш жылдан аса жолдас болған да — Қыз Жібек. Халық санасында адал махаббат пен бақытты бостандық аңсаған қазақ әйелінің ауыз әдебиетіндегі үлгісі Қыз Жібекпен кездескенде Күләш жиырма бip жаста еді. Ұлы артистканың тыңдаушы жұртшылықты баурап алғандығы сонша, Қыз Жібек десе Күләш, Күләш десе Қыз Жібек еріксіз еске түседі. Бұл екеуі егіз қыздай бөлінбейтін, тұтас туыс ұғымға айналып кеткен.

Міне, оркестр аспаптарынан көңілді күймен астарласа нәзік тартылған мұңды сарын... Алыстан көрінген құм жоталары... Бертініректе ауыр қозғалған көш тізбегі... Бұл жайлауға бет алған сұлу Жібек ауылы. Көш өтті.

Жаздай жайдары жастар: жастар салған ән мен күй... Бірақ... Жібек жабырқаңқы, жан дүниесінде мазасыздық, сәтсіздік сезіледі. Құрбы-құрдастың әні де, биі де онша әсер етпейді. Мұңды Жібек өзінің қуанышынан қасірет үні басым Гаккуіне салады:

Жай таныс сырласыма, мұңдасыма,
Көз таныс замананың тұлғасына.
Еркі жоқ, есепте жоқ, есіркеу жоқ,
Неткен күн арнап туған қыз басына.
Аз арман сырым мәлім мұңдасыма,
Тілектес асыл жаным сырласыма
Несі ерсі, кімге қорлық, сол да көп пе
Еркімен өзi қонса ұясына.

Бұл аңсаған тордағы тотының мұңы... Сол кездегі әрбір қазақ қызының жүрек сырының түкпірінде орын тепкен асыл аяулы арманы. Сонау алыс дүниеде арманын азық, көз жазын сусын етіп, өмірі өксумен өткен қазақ қызының шынайы махаббаты туралы жыр, халық санасындағы ғасырлар өткелдерінен өтіп, өз тыңдаушысын тапқан «Қыз Жібек» операсы осылай басталады...

Бостандық аңсап, махаббат шөлінде құрбан болған қазақ қызының мұңын, арман-тілегін терең ұғынған Күләштың бізге тастап кеткен ғажайып ескерткішінің, бірі Қыз Жібек образы. Күләш жасаған Жібек бейнесі шын шебердің қолынан шыққан, терең толғанумен торланған, қиын кестелері бар, бедері берік, бояуы бекіген жанды портрет. Ақ жүзіне алыс ғасырдың әжімі түскен Жібекті де мәңгі жасартқан — Күләш. Күләш Жібегі қартаймайтын, жігері жалын атқан, романтикалық серпінді күйге толы, асқақ ой парасаттың, абзал адамгершіліктің Жібегі. Күләштың орындауындағы «Дүние-ай» әні өз мұңынан анау алыс дүниеден хабар берген қайғылы симфониядай естіледі. Тау бұлағындай мөлдір, күміс сылдырындай таза үніне сай Күләштың сахнадағы әрбір қимылы іштей тебіренуден туып, асқақ сезіммен ұштасып, орынды, сәнді көрінеді. Төлегенмен алғаш кездесу және түсінде көру кезеңдерінде Күләш құлпыра түсіп шексіз шаттықта көрінсе қайғы құшағына енген сәттерде көруші тыңдаушысынан өз қайғысына ортақ сезім туғызып, зарлы үнмен қоштасқандай болады. Күләшты тыңдап отырғаныңызда меңіреу дәуірдің озбыр дәстүрі мен өртіне шалынып, сүйгеніне жете алмай кеткен жүздеген Жібек бейнесі көз алдыңыздан өтеді. Күләшта басқа опера шеберлерінен оқшау көзге түсетін бір ерекшелік, ондағы айтылатын арияның ішкі сырына сай әрекет, қимыл, күйініш-сүйініш сәттері іштей қабысып жататындығында. Күләш тамаша әнімен тамсандырса, өмірге тән ойыны, қызға тән қылығымен көрушіні игеріп әкетеді, Жібек-Күләш Төлегенмен бірінші көріністе кездесу сахнасында бір үміт сәулесін сезгендей, арман кілті ашылғандай жайдары кейіпке енеді. Назды әзілдің өзі әрі сыпайы, әрі ойнақы айтылады.

Өткір де орынды әзіл ұғысқан жүректің ұтымды байлауына келіп тіреледі. Махаббат өз кесімін айтты. Күләш албырт жүректің шексіз қуанышына беріле сол қолын Төлегенге ұсына береді, оң қолындағы орамалмен бетін көлегейлеп баяу артына бұрылады. Неткен нәзіктіктен туған иба-ілтипат. Қандай тамаша әдепті көрініс. Жүрек бұйырса да, жүз жасыру қандай шынайы сыпайылықтан туып отыр. Бұл Жібекке ғана тән сипат.

Бірақ алдамшы арманның жемісі өңі болмай түсіне айналады. Өмірімде осындай болса екен деген қиялындағы Төлегенмен Жібек түсінде кездеседі. Шошып оянған Жібек Төлегенді түсінде көрудің өзін үлкен медет санап, достарына қуана баяндайды. «Сол түсімдегіні биенің бір сауымындай өнімде көрсемші еді» деген тілектен туған ақырғы көмескі үмітті талшық етеді. Бұл сөздерді Күләш күрсіну аралас қайғылы сарында айтады. «Ақбоз ат, ақбоз ат, Төлеген келе жатыр» дегенді естігенде күңгірт қабағы жадырай Күләш жайнаң қағады. Қуанышты күлкімен, мейрімді ажарға қайта енеді. Бұл үзілер үміттің алдындағы Жібектің аз қуаныш сәті ғана. Төлегеннің өлгенін естігенде Күләштің көз жасына булыға Бекежанға айтқан қарғысы халық атынан айтылған қатал үкімдей естіледі.

Арман арманға ұласып, өз аңғарымен ағып кете барады, Зұлмат дәуірдің құрбаны болған Жібек тыңдаушысымен ақырғы рет қоштасады. Жаралы жүректің зары өзінің бар қайғылы күйімен естіледі. Үзілген үміт, кесілген тілеу тұйыққа тіреген Жібек ажал құшағына еріксіз енеді...

Қазақтың ұлттық өнерінің 1936 жылғы Москвада өткен тұңғыш онкүндігіне байланысты «Правда» газеті «Қыз Жібек» ролін орындаған Күләш туралы айта келіп, үлкен талант иесі сахнадағы қимыл-әрекеті, әсерлі әндері көрерменді сендіргендігі сонша, тыңдаушы халық қазақ, тілін түсінбесе де уақиғаның желісіне, түйінді кезеңдеріне түгелдей түсініп отыр десе, совет театрының .атақты режиссеры Владимир Иванович Немирович-Данченко «Қыз Жібек» спектаклінен кейін Күләшпен әңгімесінде де «Жібек өлімінде ешқандай опералық машық жоқ. Аңшының оғы тиген тышқандай Жібек өлімі табиғи қарапайым өлім» деп Күләштің сахналық шеберлігінің ерекшелігін атап көрсетеді.

Осы жолы Күләш гүлге оранған Қазақстанның бағында сайраған бақытты бұлбұлы атанды. Совет халқы, үкімет пен партиямыз Күләштің талантын жоғары бағалады. Совет театрының ең таңдаулы қайраткерлерінің бірінші тобына «СССР-дың халық артисі» деген құрметті атақ берілгенде әйгілі сахна шеберлері Станиславский, Немирович-Данченко, Качалов, Москвин, Неждаповалармен қатар Күләштың аты тұрды. Өнер саласындағы ең жоғары атақты шығыс халықтарынан бірінші не болған да сол кезде 24 жастағы Күләш. Опера сахнасының көрнекті қайраткері Валерия Владимировна Барсова Күләш туралы былай дейді: «Мен де көптеген жолдастарым сияқты Күләш Байсейітовамен жақында қазақ өнерінің онкүндігінде таныстым. Шындығын айтуым керек, жас әнші маған қатты әсер етті... Мен оған тең, оған пар келетін әншіні атай алмас едім, қазақ әншісінің өте серпінді, көтеріңкі әрі жеңіл, ақаусыз ашық даусы айрықша өзгелердің әуезіне ұқсамайды. Бұл дауыстың күміс тембры расында сайрампаз құс әнінен айнымайды. Күләш Байсейітова қазақ бұлбұлы деген атты қалтқысыз, ешбір дауы жоқ лайықты алған. Күләш Байсейітова тек қазақ, өнері емес, бүкіл совет өнерінің мақтанышы. Байсейітованы артистка деп сөз етсек, оның сүйкімді сипаты, назды қылығы көрушілерге зор әсер беретіндігін айту керек». Міне Күләш таланты Отанның астана жұртшылығына, өнер иелеріне осылай танылды. Москвада Күләш орыс театрының алдыңғы қатарлы сахна қайраткерлерімен жүзбе-жүз кездесті. Академиялық Үлкен театрда совет опера шеберлігінің орындауында классикалық шығармаларды тыңдап, олардан өнеге үйреніп, творчестволық нәр алды.

Москвадан үлкен баға алып, творчестволық жігер, шаттық көңіл күйі мен қиял куаты қанаттанып қайтқан Күләш келісімен жаңа образдар жасауға шабыттана кірісті. Бұл шақта театр коллективі «Ер Тарғынды» қолға алған еді. 1937 жылы 15 январьда «Ер Тарғынның» премьерасы болды. Бұрынғы «Айман — Шолпан», «Қыз Жібек», «Жалбыр» негізінде музыкалық драма еді. Мұнда әнмен қатар қара сөз басым болатын-ды. Ал «Ер Тарғын» басынан аяғына дейін музыкалық күйі үздіксіз дамып отыратын опералық шартпен жазылды. Бұл шығармадағы ең күрделі образ Ақжүніс. Бұл қазақ әдебиетіндегі бұрын болмаған тұңғыш кейіпкер екендігін бір атасақ, екіншіден Күләштың артистік өміріндегі тың әрі мінез-құлық жағынан бұрынғы жасаған кейіпкерлерге қарама-қайшы келетін жат дүние еді. Күләш алдында үлкен сын тұрды. Күләш үшін ерке өскен, екі жүзді, өзім дегенде кісі өлімін ойыншыққа санайтын мейірімсіз зұлым, әрі тәкаппар, әрі сезімтал, алдау-арбаудың әр түрін қиыннан қиыстыратын хан қызының бейнесін беру оңайға түскен жоқ. Бұған дейін жағымды образдарда ойнап келген Күләш бұрынғы сахнадағы кейпін, ісін, әрекетін логикалық тұрғыдан тұтастай өзгертуге тура келді. Тамаша талант иесі бұл образды да мүлтіксіз меңгеріп шықты. Міне сіздердің көз алдыңызда Күләштің Ақжүнісі... Бір сәт ол жүзіктің көзінен өткен сиқырлы сұлу, тотыдай таранған ару. Бір сәт жан бауырдан жалт беріп, арманда қалдыратын айлалы қызыл түлкі, бір сәт арбап тұрған ақсұр жылан, бір сәт мұңсыз мүләйім, бір сәт жүрегіңді сығымдап, сырыңды ұрлайтын мейірімсіз жезтырнақ. Бір сәт лирикаға толы сынаптай сусымалы сезім иесі.

Күләш зұлымдық рухында тәрбиеленген ханның ару қызының алмас жүзіндей айнымалы мінезін, сексен сырлы сайқалдың қылықтарын, сезімтал нәзік лирикамен ұштасып жатқан тәкаппарлық пен мейірімсіздігін сахнаға тұтана шығып, түнере басылулы жауыздықтың жарқ еткен жалынынан жалт беріп, жайбарақаттыққа салынуын сахналық шеберліктің сан түсті бояумен өрнектеп шықты. Минутында мың құбылған мінез, тоқсан толқыған тұлға, шексіз қимыл, бұған Күләштің меруерттей таза күміс қоңыраулы әсем әуенін қосыңыз. Не деген тапқырлық, не деген бай табиғат десеңізші!...

Көп ойланып, терең толғанудан туған кесек бейне Күләштың табиғи қазынасының тағы бір сырын ашып кетті.

1937 жылдың күзінде гастрольге шыққан опера театры Ленинградта «Ер Тарғынды» көрсетті. Ленинградтықтар опералық постановкасы мен музыкасына үлкен ырзалық білдірді. Әсіресе Күләштің даусы мен ойын ерекшелігін жоғары бағалай келіп Ленинградтың «Красная газетасы»: «Та, которую мы вчера лишь слышали в роли Кыз Жибек — в роли положительной и даже сентиментальной создает сегодня совершенно противоположный образ ханской дочери, беспощадной и лукавой, самолюбивом и хитрой, коварной, шагающей через все и вся. Это образ потрясающего воздействия и силы.

Прекрасно владея голосом, Байсеитова показала себя и как великолепная, неподражаемая драматическая актриса, развернула в полную меру свой сверкающий многогранный талант...» деп жазды.

Театрдың творчестволық өсуімен жеке орындаушылардың да шеберлігі арта түсті. Қазақ опера өнері аз уақыттың ішінде өз бетін айқындап жедел дамуына орыс сахнасының шеберлерінің бірден-бір әсері болды. 1935 жылы Абай атындағы опера және балет театрының орыс труппасы ұйымдастырылған болатын-ды. Қазақ труппасына қарағанда мұндағы топтың арнаулы мектептен өткен творчестволық жағынан да тәжірибесі мол еді. Олар салғаннан батыс және орыс композиторларының классикалық шығармаларын көрсете бастады. Осының өзі қазақ артистері үшін өзінше мектеп болды.

Сонау 1937 жылдың Ленинград сапарында қазақтың опера өнері есейіп қалғандығын, сынды да, мадақтауды да көтеретіндігін көрсетті. Атақты орыс жазушысы Алексей Толстой Ленинградта қазақ операсының репертуарын бастан-аяқ тыңдағаннан кейін оның сол кездегі қалпында да, келешегіне де былай баға береді: «Передо мной и театр, и что-то большее, чем театр. Раскрываются доверчиво с благодарностью, с восторгом, раскрывается то, с чем мы воспринимаем подлинное, редкое искусство.

Движения актеров, их пляски, их мимика — с неизъяснимой грацией какой-то вековой гордости. Веришь, не веришь. Непонятный их язык становится понятным. Здесь присутствует красота, здесь сила и молодость, убеждения, здесь то, что города Европа давно растратили и растеряли, о чем так тоскуют лучшие люди — об этой золотой, юной, кипящей крови искусства. Невольно думаешь: с какой силой, трубными звуками звучало бы это казахское искусство, покажи его там, на западе, хотя бы на той же всемирной выставке в Париже. Какой бы отклик оно нашло в самых широких слоях народа, принужденного питаться суррагатами обескровленного буржуазного искусства»...

Творчестволық табысқа тояттап қалмау, өз өнерін жетілдіру жолында үздіксіз іздену Күләшқа тән сипат еді. Ол ешуақытта «мынау образым сәтті шыққан екен, осы да жетіп жатыр» демейтін. Әр ойнаған сайын образды байыта, жаңа үн таба білетін.

Күләш творчествосымен қатар жалпы қазақ операсының қалыптасуына байланысты композитор Е. Г. Брусиловскийдің еңбегін атамай өту әділдік болмас еді. «Айман — Шолпаннан» бастап, «Жалбыр», «Ер Тарғын», тағы басқа ілгерілі-кейінді жазылған театр репертуарының негізгі қорына айналған опералардың авторы Евгений Брусиловский. Халық өнерін, күйлерін осы күнгі оркестр аспаптарының тіліне түсіру зор шеберлікті, көп-көп еңбек сіңіруді талап етеді. Евгений Брусиловский тек оркестр тіліне түсіріп қана қоймай әрбір әннің ұлттық бедерін бұзбастан, бар мазмұнын іштей байытып, творчестволық тұрғыдан өңдей құраған. Брусиловскийдің зор еңбегі де осында.

Саралап алып жарастыра білсек халық қазынасы таусылмас кеннің көзі ғой. Сол асыл мүліктерді іске асыра білуде біздің композиторларымыз бен жазушыларымыз жұртшылыққа әлі де үлкен борышкер. Тек қана «Қыз Жібек» операсында — 48; «Жалбыр» операсында — 45; «Ер Тарғын» операсында — 75-тен астам қазақтың байырғы әні мен күйінің пайдалануы халық қазынасының ұшан-теңіз екендігінің айғағы емес пе?!

Сонымен қазақ операсы он жылдан аса өмір кешті. Творчестволық коллективтің буыны бекіп, бұғанасы қатты. Күләштің шеберлігі әбден шыңдалып, өткен жолынан белгі — актриса лабораториясында оннан аса мінсіз мүсіндер тұрды. Талап-тілегі ұлғая, құлашы кеңейе түскен артистка енді ұлттық шеңберден шыға, ұлы орыс халқының және батыстың классикалық шығармаларына бой ұрды. Мұның алдындағы баспалдақ туысқан Грузия композиторы Полнашвилидің «Даиси» операсындағы Maроның партиясы еді. «Даиси» ырғақ жүйесімен ұлттық нақышында болғанмен орыстың және батыстың классиктерінің мол әсерімен жазылған опера. Сондықтан да «Даиси» қазақ театрының орыс және батыс классиктерін меңгеру жолындағы алғашқы өткелі табысты табысы болғандығында дау жоқ. Грузия өмірімен онша таныс болмаса да үлкен талант иесінен Маро қыз өз үндесін тапты. Күләш өзіне тән сахналық қарапайымдылықпен Мароның нәзік жанын терең түсінді. Оның ішкі дүниесін аша, көңіл күйін, қайғы-шерін трагедиялық сазға дейін көтерді.

Вокальдық жағынан да қандай күрделі партия болмасын төтеп бере алатындығын аңғартты.

1944 жылы Европа классиктерінен бірінші рет итальян композиторы Пуччинидің «Чио-Чио-саны» қойылды. Бұл шығарма коллективті үлкен сынның алдына қойды. Бұрын тек қана қазақ операларында тәрбиеленген әншілер тобына енді итальяндық мәнерде айту оңайға түспеді. Өйткені қазақ әндерінің айтылу ырғақ жүйесінен итальяндық ән айту мектебінің айырмасы аспан мен жердей екендігі мәлім. Күләш мадам Батерфляйдің образын жасаумен бұл сыннан да сүрінбей, өзінің жан-жақты шеберлігінің бір белеске шыққандығын әйгіледі. 1950 жылы туысқан Грузия республикасы Күләшті Тбилисидің Академиялық опера және балет театрында Мароның, Батерфляйдің партиясын орындауға шақырды: онда Грузияның опера сахнасының шеберлері Агуладзе,Хашимураделермен сахнаға шықты. Қазақ әншісінің ғажайып талантына ырзалық сезімге толы пікірлер pеспубликалық, орталық баспасөздерде мол жарияланды.

Мұхтар Әуезовтың либреттосы бойынша Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди жазған «Абай» операсы — қазақ музыка тарихында үлкен бел. Шын мәніндегі ұлттық опера көркемөнерінің тарихы осыдан басталды. Бұл осы уақыттағы музыка мәдениетінің бар талап-тілектеріне сай қазақтың ұлттық нәр-нақысымен астарласып, шын мәніндегі әсемдік тұтастығын сақтаған үлкен еңбек. Әсіресе бас кейіпкер — Абайдың образы шебер музыкалық күй тауып, Абайдың терең ой парасатын ашатын ұғымға сінімді, жүрекке жылы, сырлы саздарға толы. Осы операдағы қасірет шеккен Ажар қыздың образын Күләш орындады.

Абай арқылы қазақ даласына келген Пушкиннің Татьянасы талай қазақ ауылын кезіп, әр үйде ән салып, ел мұңына үн қосқан еді. Татьяна әні қазақ халқына көптен таныс қолтумасына айналып, талай жүректің нәзік қылын шерткен-ді. Сол көптен таныс қызын қазақ жұртшылығы 1946 жылы өз сахнасында көрді. Батыс романдарының рухында тәрбиеленген, жапан түздегі жабайы жартасқа шыққан қызыл гүлдей, өз тұсындағы орыс қауымының өрескелдігінен аулақ, деревняда өскен таза жанды арманшыл адал, сезімтал орыс қызы Күләштің орындауында халық ұғымындағыдай жаңа келін Татьяна болып көрінеді. Өзінің романда оқыған жайттарын кезінде өмір болмысымен қатар санайтын, қайшылықтардан хабарсыз, терең оймен арманға берілген орыс қызының сыпайы әсем бейнесін қазақ жұртшылығы. зор қуанышпен қарсы алды. Күләш Татьянаның өз сезіміне өкім жүргізіп, тежей білетіндей дәрежеге жетудегі ішкі драмалық қайшылықтарын да шебер жеткізді.

Күләштің творчестволық өмірбаянында ерекше орын алатын М. Төлебаевтың (либреттосы X. Жұмалиевтікі) «Біржан — Сара» операсындағы — Сара образы. М. Төлебаевтың «Біржан — Сара» операсы біздің музыка мәдениетіміздегі бүгінгі таңдағы биігіміздің бірі саналады. Мұнда хор, би, жеке ариялар талантты композитордан шебер шешім тапқан. Кейбір белгілі қазақ әндерінің өзін қарапайым қолдана салмай іштей байытып операның жалпы жүйесін туыстыра білген, жеке кейіпкерге берілетін музыкалық мінездеме, кең тынысты күйі антракталар операның поэтикалық бояуын құлпырта түседі. Біржан мен Сараның айтысын жасынан жақсы білетін Күләш оған қазіргі дәуір тұрғысынан өң бере, теңсіздік тепкісінен шығуға талпынған қазақ әйелінің халін әлеуметтік саяси сатыға дейін көтерді. Бұл жолы Күләш Сара бейнесін жасаудағы зор еңбегі үшін СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды. Өнер өріне еркін құлаш тастаған Күләштың өсу жолындағы табыстарын қысқаша сөз еткеніміз де осы болып шықпақ. Айманнан бастап нәзік жанды сезімтал Қыз Жібек, сұрқия Ақжүніс, жүлде алған сөз шебері Сара мен арманшыл адал жанды Татьяна, отаншыл өжет Раушан мен колхоз екпіндісі Айша, романтикалық күйдегі Ажар мен ыстық қанды грузин қызы Маро, жауынгер Сайра мен адал жаны арбауға түскен Батерфляй, тағы басқа терең тебіренуден туған кесек тұлғалар Күләш қалдырған қазына, үлгі аларлық мол мұра.

Күләш тек опера сахнасының шебері емес, жеке ән салудың да алдына жан салмаған асқан жүйрігі болды. Ол қазақ жұртшылығын туысқан республикалар және демократиялық көршілес елдердің де әндерімен таныстырды. Ал енді Күләштің «Қазақ вальсі» Европаның үстімен, Лондонның тұманды бұлыңғыр аспанында қалықтап, меңіреу мұхиттың аржағындағы Америкаға да естіліп, айтылып жүр. Индияның шай плантациясындағы шаруалар мен арабтың азаттық аңсаған әйел балаларының, жаңа Қытайдың жас-кәрілері мен Туркияның түнек түрмесіндегі бейбітшілік күрескерлерінің де құлағына шалынды. Жалпы осы планетамыздың қай жеріне болса да Күләш үні қанат жайды. Жер шарында «Қазақ вальсін» естімейтін түкпір шамалы. Тек қана «Қазақ вальсі» емес «Бұлбұл», «Қос қарлығаш», тағы басқа әндер талай тілде айтылып, талай әншінің таңдайында тамылжиды. Қазақ бұлбұлының әсерлі үні қазақ әуенін әлемге танытты. Жеке ән орындаудағы сіңірген еңбегі үшін Күләш 1947 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын екінші рет алды.

Күләш өмірі көркемөнер қайраткері болуымен шектелмейді. Ол көрнекті қоғам қайраткері де еді. Күләш Отанымыздың қоғамдық өміріне белсене қатынасты. 1937 жылдан бастап 20 жыл ұдайы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болды. Бүкілодақтық бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі еді. 1952 жылы демократиялық Польшаның орталығы Варшава қаласында болған бейбітшілік жақтаушылардың дүние жүзілік конгресінің жұмысына қатысты. Қазақ көркемөнер шеберлерін басқарушылардың бірі болып 1950 жылы азат Синьцзянға барып қайтты. 1951 жылы Монғолия Халық Республикасының 30 жылдық тойына қатысқан. Совет Одағынан барған делегаттың бірі біздің Күләш болды.

Совет мәдениетінің ұлы мұхитына өз үлесін қосып отырған қазақ халқының Абай атындағы мемлекеттік опера театрының ұлы артисткасы, бүкіл совет елінің мақтанышы болған Күләш Байсейітованың коғам өрімімен ұштасып жатқан сахналық өмірінің қысқаша желісі осы.

Күләш творчествосы байсалды түрде жан-жақты зерттеуді тілейтін тақырып. Онда ашылмаған сыр, үлгі өнеге етіп ұсынарлық талай қазына бар. Бұл біздің музыка ғылымын зерттеуші ғалымдарымыздың алдында тұрған үлкен жұмыс.

Күләш Байсейітова арамыздан кетті дегенде жас, қыршын кеткендігін еске алып қынжыламыз. Өлді деуге ауыз бармайды. Ажал, өлім деген ұғым Күләшқа тән емес. Ол өлген жоқ, осынша байлықтың, осынша мұраның иесі өлмейді де. Күләш үні де талай ұрпақтың жас жүрегін тербейді, қиялын қозғайды. Ұмтыл, талаптан, үйрен дейді өз ұрпағына. Күләш үні құдіретті үн, шабыт береді, шақырады өнер шыңына.

Күләштан үлгі алған іні, сіңлілері бар. Олар қадірлейді, құрмет тұтады, үйренеді Күләштан. Халық қашан да таланттың таусылмас кені. Бүгін бесікте кекілімен ойнап, күлімдеп жатқан сәбидің ертең Күләштай болмасына кім кепіл. Күләш ие болған даңққа, өнерге, асқан шеберлікке ие болып, бақыт шыңына ол сәбиді шықпас деп кім айта алады.

1957


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама