Ағайынды Карамазовтар. II
Роман
ІІ
Аударған Нияз Сыздықов
АЛЕША
I
МӘЙІТТЕН САСЬІҚ ИІС ШЫҚТЫ
Қайтыс болған иеросхимонах Зосима пірәдардың мәйітін оның діни атақ-дәрежесіне сай жерлеуге әзірледі. Тақуалар мен схимниктердің мәйітін аруламайтыны мәлім. Тақуа біреуі құдай тағаланың құзырына кеткенде (делінген үлкен жаназанамада), арнайы бөлінген тақуа (яки осы іске тағайындалған) өліктің денесін жылы сумен ғана сүртеді, бұл үшін әуелі жұмсақ ысқышпен (яки грек губкасымен) өлген кісінің маңдайына, кеудесіне, қолы мен аяғына, тізесіне кішкентай крест салады". Марқұмға бағышталған бұл рәсімнің бәрін Пансий пірәдардың өзі атқарды. Мәйіт сүртілгеннен кейін өлікке тақуаның киімін кигізіп, сыртынан мантиямен1 орады; бұл үшін ереже бойынша, мантияны крест тәріздендіріп орауға лайықтап біраз тілгіледі. Басына сегіз құлақ крест салынған башлық кигізді. Башлықты қайырып қойып, марқұмның бетін қара жамылғымен бүркеді. Қолына Христостың иконын ұстатып қойды. Осыдан кейін өлікті таң алдында табытқа (әлдеқашан дайындалған) жатқызды. Марқұмның табытын күні бойы құжыраға (марқұм пірәдар тақуалар мен жай діндарларды қабылдайтын бірінші үлкен бөлмеге) қоюға ұйғарылды. Оның иеросхимонах деген атағы болғандықтан, иеромонахтар мен иеродиакондар оның басында тұрып діни бәйіт жинағы Забурды емес, ал Інжілдің өзін оқуға тиісті еді. Жаназадан кейін, іле-шала Иосиф пірәдар Інжілді оқуға кірісті, кейін күн ұзаққа және түні бойы тағы да өзі оқуға тілек білдірген Пансий пірәдардың бұған қолы босамады; ол мінәжатхананың имамымен бірге алаңдап жүрген еді, өйткені уақыт өткен сайын бір жапатармағай қобалжу онан бетер өрши түскен-ді. Монастырдағы тақуалар да, оның мейманханасы мен шаһардан топ-тобымен ағылып келіп жатқан жай діндарлар да нендей бір ғажайыпты, құлақ естімеген "ғаламат" бірдеңені күткендей қатты абыржыған. Имам да, Пансий пірәдар да тым мазасызданған жұртты тыныштандыруға қал-қадарынша тырысып бақты. Күн әбден көтерілген соң, дертке шипасы тимей қалмас деген үмітпен осы сәтті әдейі күткендей, шаһардан кейбіреулер үйлеріндегі науқастарын, әсіресе жас балаларын алып келе бастады. Бізде марқұм пірәдарды көзінің тірісінде-ақ қасиетті әулие деп санауға жұрттың ешбір күмәнсыз әдеттеніп кеткендігі, міне, осы арада байқалды. Және де келгендер әсте тек қара халық қана емес-ті. Өздерінің зор үмітін діндарлардың осыншама асығыс та айқын, тағатсыз да батыл байқатқандығы Пансий пірәдарға ешбір шүбәсыз қызғылықты көрінген, бірақ ол мұны іштей көптен сезіп жүрсе де, тап бұлайша ойлағанынан әлдеқайда асып түсер деп күтпеген еді. Кейбір тақуалардың мазасызданғанын көргенде, Пансий пірәдар оларды: "Аяқ астынан бір ғажайып болады деп тек былайғы жұрт қана үміттенуі мүмкін, ал біздерге бұл әсте жараспайтын парықсыздық болар еді", — деп сөккен дінді. Бірақ оны тыңдап жатқаны шамалы болды, әйтсе де, осыншама тағатсыздана күтуді дінді оның өзі де жақтырмай (егер бәрін шын еске түсірсек), мұны парықсыздық, жай әбігершілік деп ескеріп, ешкімге сездірмей, іштей, көкірегінің бір түкпірінде оны мойындамағанына қарамастан, солардың күткен нәрсесін оның өзі де күтсе де және мұны өзіне-өзі мойындай алмаса да, оған құлақ аспағанын сезгенде Пансий пірәдар күйгелектеп қалған-ды. Солай бола тұрса да, кейбіреулердің көзіне шалынғанын жаны жақтырмай қалған соң, ішінде үлкен бір түйткіл туғызғандай сезінген еді. Марқұмның құжырасындағы иін тірескен тобырдың ішінен, мысалы, Ракитинді, немесе жырақтан келген мейман — әлі күнге монастырьда жүрген обдорскілік тақуаны көргенінде олардан жаны жеркенген Пансий пірәдар (бұл үшін ол сол 1сәтте-ақ өзін-өзі кінәлады), неге екені белгісіз, бұлардың екеуіне де кенет күдіктене қалды; алайда, бұл мағынада көзге түскендер тек ол екеуі ғана емес-ті. Обдорскілік тақуа алабөтен әбігер секілді; оны кез келген жердің бәрінен көруге болатын еді: ол қайда болмасын бірдеңені сұрастырып, әлденеге құлақ тігіп, әлдеқандай бір құпияны ашатын адамша біреулермен сыбырласып қояды. Бет әлпеті әбден шыдамы таусылған, күткен ғажайыптың осыншама кешеуілдегеніне ызаланған кісіге ұқсайды. Ал Ракитин мінәжатханаға құлқын сәріден Хохлакова ханымның ерекше тапсырмасымен келіпті, бұл кейін мәлім болды. Осы бір мейірбан, бірақ көңілшек әйел ұйқыдан көзін ашар-ашпастан пірәдардың дүние салғанын естіген соң мінәжатханада не болып жатқанын білуге ынтығады, бірақ өзі онда бара алмайтын болғасын онда Ракитинді жұмсап, оған болған оқиғаның бәрін байқауды, сосын шамамен жарты сағат сайын онда не болып жатқанын түгел хатпен дереу хабарлауды тапсырады. Ол Ракитинді жастардың ішіндегі дінге сенетіні, ең таупықтысы деп санайтын; ал Ракитин, егер өзіне титтей пайдалы екенін сезсе, кез келген кісімен жанаса кетіп, оның көңілінен шығуға машықтанған жылпос болатын. Күншуақ, ашық еді, келген діндарлардың көбі шіркеудің айналасына жиірек қойылған, мінәжатхана ауласында бытырап жатқан бейіттердің төңірегінде топталып тұрған-ды. Пансий пірәдар ауламен келе жатып кенет Алешаны ойына алып, оны көптен, тіпті өткен түннен бері көрмегенін есіне түсірді. Сол-ақ екен, мінәжатхана ауласының ең алыс түкпірінде, шарбаққа таман, ерлігімен аты шыққан бір ертеде өткен тақуанын бейіті басындағы таста отырған Алешаны көзі шалып қалды. Ол мінәжатханаға арқасын беріп, бетін шарбаққа қаратып, құлпытасты тасалай отыр екен. Пансий пірәдар жақындап келгеннен кейін оның екі алақанымен бетін басып, дыбысын шығармай, солқылдап жылан отырғанын көрді. Пансий пірәдар оның төбесінен төне қарап тұрды.
— Жылама, балам, сабыр ет, достым, — деді ол ақыры көңілі босап, — мұның не? Жылағанша, қуанбайсың ба? Әлде сен бұл күн оның өміріндегі ұлық күн екенін білмеуші ме едің? Қазір, дәл осы сәтте оның шыбын жаны қайда жүргенін миыңа салып көрші!
Алеша жылаған сәбидің жүзіндей ісінген бетінен қолын алып, пірәдарға қарайын деп еді, бірақ, ләм деместен теріс айналды да, бетін алақандарымен қайта жаба қойды.
— Бір есептен жылағаның да жөн шығар, — деді Пансий пірәдар ойланып тұрып, — Христостың өзі шығар сенің көзіңе жас келтірген. "Егіліп жылағаның қайғы-шеріңді тарқатып, елжіреген жүрегіңді сергітуге жақсы болар", — деді тағы да Алешаға сүйсінген күйі алыстай берген пірәдар ішінен, әйтсе де, ол тезірек кетуге асыққан-ды, өйткені оның түрін көргесін, мүмкін, өзім де жылармын деп қорыққан. Ал, уақыт өте берді, монастырдағы ғибадат, марқұмның жаназасы өз жөнімен атқарылып жатты. Пансий пірәдар табыт басында тұрған Иосиф пірәдарды ауыстырып, одан қайтадан Інжілді өзі оқи бастады. Бірақ түстен кейін, сағат үшті соқпай, ешкім бұлай болар деп күтпеген, барша жұрттың үмітіне қарама-қайшы, таңғаларлық бір оқиға болды, осының алдындағы кітаптың соңында мен мұны ескертіп өткен едім, енді қайталап айтайын, шаһарымыз бен біздің күллі осы маңай бұл оқиғаны бүге-шігесіне дейін осы күнге дейін абыржып еске түсіреді. Осы арада өз тарапымнан мынаны қоса айтуым керек: жұртты әбігерлендіріп, елеңдетіп қойған, ал шын мәнінде мағынасыз, болмашы бір оқиғаны тіпті еске алғым да келмейді, егер бұл оқиға Алешаның жан дүниесі мен жүрегіне, — ол әңгімемнің келешектегі басты кейіпкері болса да, — белгілі тұрғыдан, тым қатты әсер етпесе, оның көкейінде күрт бетбұрыс, дүр сілкіндірілген өзгеріс туғызып қана қоймай, оның ақыл-парасатын бүкіл өмір бойына және белгілі бір мақсатқа біржола бағдарламаса, мен оны, әрине, ауызға да алмай-ақ қояр едім.
Енді әңгімемізге оралайық. Тап, саз бергенше марқұмның жерлеуге әзірленген мәйіті табытқа салынып, бірінші, яки бұрынғы қабылдау бөлмесіне қойылғаннан кейін табыттың басы-қасында жүргендер арасында: терезені ашу керек болар ма екен? — деген сауал туған. Бірақ әлдекімнің сөз арасында жай айта салған сауалына ешкім жауап қатпаған, тіпті елеусіз қалған да, ал егер, тек кейбіреулері ғана мұндай өліктің мәйіті бұзылып, сасық иіс шыға бастайды деп ойлау барып тұрған жосықсыздық, сауал иесінің дінге сенімінің шалалығы мен пәтуәсіздігі өкінішті-ақ (егер мысқылдамаса) деген мағынада ғана, онда да тек іштерінен ғана ойлауы мүмкін еді. Өйткені оған мүлде қарама-қарсы бірдеңе болады деп күткен-ді. Сөйтіп, түстен кейін көп кешікпей сасық иіс сезіле бастаған еді, құжыраға кіріп-шығып жатқандар мұны әуелі үнсіз, тек іштей ғана аңдады, әрқайсысы шүбәлы ойын тіпті біреу-міреуге айтуға да батпады, алайда сағат үшке таман ол иістің күмәнсыз, анық байқалып, бұл туралы сыбыс күллі мінәжатхана мен оған келген діндарларға түгел тарап, сол сәтте монастырьға да жетіп, ондағылардың бәрін қайран қалдырып, әп-сәтте шаһарға да мәлім болып, діндарларын да, дінсіздерін де, бәрін түгел абыржытқан. Дінсіздер масаттанып қалған, ал діншілдерге келсек, олардың арасынан тіпті дінсіздерден бетер қуанғандары да болды, өйткені, ағуаларының бірінде марқұм пірәдардың өзі айтқандай, "Тақуаның тұғырдан құлап, масқара болғанына құмар ғой бұл жұрт". Табыттан біртіндеп шыққан сасық иіс уақыт өткен сайын қаттырақ білініп, сағат үшке таман тіпті анық сезіліп, онан бетер аңқыған еді. Біздің монастырьдың өткен тарихында мұндай тағатсызданған елігушілік, басқа бір жағдайда тіпті мүлде мүмкін емес, тақуалардың арасында байқалған тап мынадай ақылға сыймайтын елігушілік талай заманнан бері болмаған еді, керек десеңіз, мұндайды еске түсіру де мүмкін емес-ті. Кейіннен, көп жыл өткен соң да, кейбір зерделі тақуаларымыз сол күнді бүге-шігесіне дейін түгел еске түсіргенде, сол елігушіліктің қалай ғана сондай желігушілікке жеткеніне таңғалып, жағасын ұстаған. Өйткені, көпшіліктің көз алдында нағыз тақуалық тіршілік кешкен діндарлар, құдайдан қорыққан пірәдарлар бұрын да өткен ғой бұл дүниеден; әлбетте, барлық өліктер сияқты, олардың да үнсіз табытынан сасық иіс аңқымай қоймаған, әйтсе де, бұл ешкімді еліктірмеген, тіпті титтей де мазаламаған. Ертеде өткен тақуалардың ішінен кейбіреулері туралы естеліктер біздің монастырьда да әлі күнге ұмытылмаған, аңызға қарағанда, олардың мәйіттері шірімепті де, мұның өзі тақуалардың көңіл-күйінде сиқырлы әсерін тигізіп, керемет бір жарасымды, ғажап нәрсе ретінде, ал егер құдай қаласа, ол молалардың даңқы келешекте бұдан да асады деп үміттендіретін дүние ретінде естерінде сақталыпты. Ондайлардан әсіресе жүз беске келген әулие, ораза ұстауға беріктігімен пәлі керемет үндеместігімен аты шыққан пірәдар Иов туралы естелік ұмытылмаған, ол әлдеқашан, осы ғасырдың оныншы жылдарында қайтыс болыпты, оның мүрдесін алғаш келген діндарлардың бәріне ерекше зор ілтипатпен көрсетіп, қандай да бір ұлы үміттер жайында құпия сыр ғып ескертіп өтеді екен. (Пансий пірәдар азанда Алешаны осы мүрденің басында кездестірген-ді.) Ертеде өлген бұл қарт тақуадан басқа, қайтыс болғанына онша көп болмаған әулие пірәдар иеросхимонах Варсонафий қария туралы естелік те діндарлардың жадында болатын; Зосим пірәдардың алдында сол ұстаздық еткен-ді, монастырьға келетін діндарлардың бәрі оны көзінің тірісінде дәруіш санаған еді. Бұл екеуі жөнінде олар табыттарында бейне тірі кісіше, бет-жүзі нұрланып жатыпты, мәйіттері иістенбеген күйі жерленіпті деген аңыз бар. Ал кейбіреулер ол марқұмдардың денелерінен тіпті қош иіс аңқып тұрған болатын деп те еске алады. Алайда, тіпті осыншалық әсерлі естеліктерге де қарамастан, Зосим пірәдардың табытынан байқалған мұндай байыпсыз, қисыны жоқ, қысастық құбылыстың шын себебін түсіндіру бәрібір қиын түсер еді. Өз басым бұл арада толып жатқан басқа жайттар мен түрлі себептер бір мезгілде тоғысып, бәрі бірігіп әсер еткен шығар деп топшылаймын. Ондай себептердің бірі, мысалы, пірәдарлықты нағыз зиянды жаңалық деп есептеп, оған қас дұшпанша қарау, монастырдағы көптеген тақуалардың санасында бұл өшпенділіктің әлі де берік сақталуы болды. Сонан соң, әрине, ең бастысы — марқұмның көзі тірісінде әулие саналғандығын, бұған тіпті қарсылық білдіруге мүмкін болмағандығын көре алмаушылық та бар-ды. Өйткені марқұм пірәдар көптеген тақуаларды өзіне жақындатқанмен де ғажайыптарынан гөрі, өзінің махаббатымен тарта біліп, оны пір тұтатындарды төңірегіне топтастырып қана қоймай, ол ол ма, сонымен бірге бұл арқылы монастырдағылардың арасында ғана емес, дінді былайғы жұрт арасында да әуелі өзінің күндеушілерін, одан кейін қас дұшпандарын, сонан соң ашық, жасырын жауларын туғызған-ды. Мысалы, ол тірі пендеге қысастық қылмаса да: "Оны неліктен осыншама әулие санайды?" — деушілер табылды. Осы жалғыз сауалдың өзі ғана, біртіндеп қайталана келіп, ақыры, нағыз тойымсыз ашуды қаптатты. Міне, сондықтан мен де демі таусылғанына бір күн өтпей жатып, іле-шала оның денесінен сасық иіс шыққанын естіген соң көптеген адамдар қатты қуанған шығар деп ойлаймын; сондай-ақ пірәдарға шын берілген, осыған дейін оны құрмет тұтып келгендердің ішінен бұл оқиғаға қорланып, өз тарапынан реніш білдірушілер де болды. Істің жайы біртіндеп былай өрбіген-ді.
Сасық иіс сезілген кезде марқұмның құжырасына кірген тақуалардың мұнда неге келгенін олардың сықпытынан-ақ аңғаруға болатын еді. Олар ішке кіріп, аз ғана тұрған соң, есік алдындағы тобырға қауесетті растау үшін қайта шығып кетіп жатты. Сырттағылардың кейбіреулері бұған мұңайып басын шайқаса, екіншілері іштегі қуанышын тіпті жасырғысы да келмеді, бұл олардың жанарынан жарқылдаған ызадан анық байқалған. Бірақ бұл үшін оларды ешкім сөккен жоқ, сондай-ақ ешкім жылы лебіз де білдірмеді, мұның өзі қайран қаларлық еді, өйткені монастырьда марқұм пірәдарға шын берілгендері қалай дегенмен көпшілік болатын; әйтсе де, бұл жолы азшылықтың уақытша басым түсуіне құдай тағаланың өзі пұрсат берсе керек. Көп кешікпей құжыраға сондай тыңшыларымен бірге азды-көпті білікті деген жай адамдар да келе бастады. Қара халықтан мінәжатхана қақпасының алдына жиналғандар көп болса да, ішке кіріп жатқаны аз еді. Қауесеттің жұртты елеңдеткені соншалық, нақ сағат үштен кейін жай адамдардың ағылып келуі күмәнсыз көбейе түскен-ді. Кейбіреулері, бәлкім, бүгін келетін ниеті болмаса да, дінді төбе көрсеткісі келмесе де, енді қасақана келіп жатты, олардың арасында әжептәуір шені барлары да болды. Әйтсе де, сырттай сыпайы көрінген тәртіп әлі бұзылған жоқ-ты, Пансий пірәдар сұстанған күйі Інжілді мақамына келтіріп, ежіктеп, бекемдеп оқи берді, таңғаларлық құбылысты әлдеқашан сезсе де, сезбегенси берді. Бірақ, міне, әуелі сыбырлаған, сосын біртіндеп күшейіп, өрши түскен дауыстар оның да құлағына шалынды. Пансий пірәдар кенет: "Құдайдың үкімі, тегі, адамның үкіміндей болмағаны ғой", — деген кекесінді естіді. Бұл сөздер алғашта шаһардағы бір шенеуліктің, жасамыс, жұрттың айтуынша, өте діншіл адамның аузынан шығып кеткен еді, бірақ, ол ойын дауыстап білдіргенде, тақуалар бір-бірінің құлағына бағанадан бері жыбыр-жыбыр сыбырлағанды ғана қайталаған болатын. Тақуалар осынау күдер үзген сөздерін әлдеқашан айтқан-ды, енді бәрінен жаманы, сол сөздерді естігенде нендей бір қуаныштың тасыған суы минут сайын анық сезілді. Сонсоң, көп кешікпей, тіпті жай сыпайыгершіліктің өзі бұзылуға айналды, сөйтіп барлығы сырттай сыпайысудың қажеті не деуге хақысы бардай сезінді. "Бұл не хикмет, — деді тақуалардың кейбіреулері әуелі өкінгендей боп, — кішкентай денелі, арық тері мен сүйек еді, сасық иіс қайдан шығады?" — "Демек, оған құдайдың өзі осылай жазған", — деді басқалары да қосарлана сөйлеп, бұлардың пікірі іле-шала, даусыз қабылданып жатты, өйткені тағы да былай десті: ақиретке аттанған кез келген күнәһардан шығатыны сияқты, оның мәйітінен де сасық иіс білінуі табиғи нәрсе болса, онда, бұлай іле-шала емес, кейінірек, тым болмаса, бір тәуліктен кейін байқалмас па еді, ал "мынау жаратылыстан озған", демек, бұл тек тәңірінің ісі, соның бұйрығы. Көрсеткісі келген. Бұл пікір бұлтартпастан таңырқатты. Марқұм өте жақсы көрген момын пірәдар, кітапханашы, иеромонах Иосиф: "барлық жерде бұлай емес қой", біздің дінімізде тақуалардың мәйіті шірімеуі қажеттігі қатып қалған ереже емес, бұл айтылған пікір ғана, тіпті нағыз православислік елдерде, мысалы, Афонда өліктің иістенуінен бұлай қысылып-қымтырылмайды, марқұмға құдайдың рақымы түскендігінің басты белгісі саналатын нәрсе — мәйіттің шірімеуі емес, ал сүйегінің түр-түсі, олардың денесі талай жыл көмулі жатып, тіпті шірігеннен кейін де, "сүйегі балауыз тәрізді сап-сары болса, марқұм тақуаның бақи дүниеде алды жарық болғандығының басты белгісі міне осы болады, ал егер сүйек сарғаймай, қарайып кетсе, онда тәңірінің ондай рақымшылық көрсетпегені, — православие діні әлмисақтан бері мейлінше берік һәм таза сақталып келе жатқан қасиетті орын — Афонда жағдай міне осындай", — деп тұжырды Иосиф пірәдар. Бірақ момын пірәдардың сөзі әсерсіз қалды, қайта келекелеген тойтарыс та туғызды: "Мұның бәрі тыңдауға тұрмайтын оқымыстылық пен жаңашылдық", — десті тақуалар іштерінен. "Бізде бәрі ескіше; қазір не көп — жаңалық көп, сонда бәріне еліктеу керек пе?" десті басқалары. "Бізде әулие пірәдарлар олардікінен аз болған жоқ. Олар түріктердің қол астында жүріп бәрін ұмытқан. Оларда православие діні әлдеқашан лайланған, шіркеулерінде тіпті қоңырау да жоқ", — деп кимеледі ең келекешілдері. Иосиф пірәдар, өзінің ойына өзі сеніңкіремейтіндей, айтатын пікірін онша бекемдей алмаған еді, кейіген күйі кейін шегінді. Әйтсе де, ол өте лайықсыз бірдеңенің басталғалы тұрғанын тіпті мойын ұсынбаушылық басталғалы тұрғанын тіпті бел алып бара жатқанын қысыла-қысыла мойындады. Иосиф пірәдардың ізінше, біртіндеп парасатты үннің бәрі өшті. Бір ғажабы, марқұм пірәдарды жақсы көргендердің және әулие пірәдарлықтың енгізілуін ықыласпен мойынсұнып қабылдағандардың бәрі кенет әлденеден сұмдық зәресі кетіп, кездескенде бір-бірінің жүзіне сескене қарайтын болды. Ал, жаңалық саналған пірәдарлықтың дұшпандары басын асқақ көтерді. "Марқұм Варсонофий пірәдардың мәйітінен сасық иіс білінбегені өз алдына, қайта, хош иіс аңқып тұрған болатын, — деп табалады олар, — бірақ, ол бұған пірәдарлығымен емес, өзінің ғажап тақуалығымен жеткен-ді". Осыдан кейін-ақ табытта жатқан марқұмды ғайбаттаған, оны тіпті кінәлаған пікірлер жауып кетті: "Әділетті үйретпеген еді; өмір дегеніміз — көз жасыңмен мойынсұну емес — ұлы қуаныш деп үйреткен болатын" — десті ең барып тұрған парықсыздары. "Дінге алабөтен қарайтын еді, дозақты кәдімгі жанған от дегенді мойындамаймын", — деп қосылды оларға одан бетер зердесіздері. "Оразаға осал еді, тәтті тағамнан қашпайтын, шие вареньесімен шай ішкенді тым жақсы көруші еді, бай үйдің бәйбішелері беріп жіберіп жататын. Схимникке шай құмарлық лайық па? — деп жатты кейбір іші тарлары. "Тәкаппарлана қалушы еді, — деп еске алды ең табалағыштары терісіне сыймай, — өзін әулие көретін, алдында тізерлеп тұрып тағзым еткенді ұнататын". — "Мінәжат құпиясына қиянат қылатын", — деп сыздана сыбырласты пірәдарлықтың қас дұшпандары; бұлар ең көне көз, ғибадатқа берік тақуалар, марқұмның барында ләм демеген, енді кенет сайрай жөнелген шын оразашылар мен үндеместер еді, олардың сөзі әлі ысылмаған жас тақуаларға қатты әсер еткендіктен ең жаманы да осы болатын. Обдорскілік мейман, қасиетті Сильвестрдтен келген тақуасымақ та бұл сөздерді ыждағатпен тыңдап, терең күрсініп, басын шайқап қойды: "Жоқ, тегі, ферапонт пірәдар кеше әділін айтқан болар", — деп ойлады ол ішінен; тақуаны онан сайын таңырқатайын дегендей, дәл осы сәтте ферапонт пірәдардың, өзі де кетті.
Оның омарта жақтағы кішкентай ағаш құжырасынан сирек шығатынын, тіпті шіркеуге де ұзақ уақыт бас сұқпай кететінін, бейне диуана көріп оның бұл қылығын кешіргенін, одан жалпыға бірдей ережені орындауды талап етпегенін осының алдында айтып өткенбіз. Ал егер бар шындықты айтсақ, онда мұның бәрі оған нендей бір ділгірліктен кешірілген-ді. Өйткені күні-түні дұға оқудан бас алмайтын (ол тіпті тізерлеп отырған күйі ұйықтайтын еді) мұндай ғажап оразашыл мен үндеместі, егер оның өзі бағынғысы келмесе, жалпы ережені қалай да сақтайсың деп қысудың өзі бір түрлі ерсі көрінген. "Оның тақуалығы біздің бәрімізден де артық, өйткені ережедегіден гөрі әлдеқайда көп талаптарды орындауға да мойымайды, — дер еді онда басқалары — ал шіркеуге келмесе, қашан келу керегін өзі білетін шығар, оның өз ережесі бар", — дер еді онда тақуалар. Осындай күңкіл шықпасын, оған тәнті болмасын деп Ферапонт пірәдарды тыныш қалдырған-ды. Марқұмды Ферапонт пірәдардың суқаны сүймейтін, бұл баршаға аян-ды; сонымен, "құдайдың үкімі, демек, адамдардың үкіміндей болмағаны ғой, өйткені бұл тіпті жаратылыстан озып кетіпті", — деген қауесет лезде оның құжырасына да жеткен. Бұл хабарды оған кеше бірінші болып барып, одан жаны түршігіп шыққан обдорскілік мейман жеткізген болу керек. Пансий пірәдардың табыт басында тапжылмай, бекем тұрып Інжілді оқығанын, ол құжыраның сыртында не болып жатқанын ести, көре алмаса да, айналасындағы ортаны қапысыз білетіндіктен, ең бастысының бәрін жүрегімен қатесіз болжағанын да осының алдында ескертіп өткенбіз. Ол қысылып-қымтырылмаған, қайта, нені болса да асып-саспай күтіп алғысы келгендей, өзінің көңіл көзіне елестеген әбігершіліктің ақырына қадала көз тіккен. Бір кезде сенек жақтан алақұйындатқан алабөтен бір шу шыққанда оның құлағы тұнды. Есік айқара ашылып, табалдырықтан Ферапонт пірәдар көрінді. Оның соңынан ерген көптеген тақуалар, арасында жай адамдар да бар, баспалдақ жанында төменде топталып тұрған секілді, бұл тіпті құжыраның ішінен де анық байқалды. Алайда, олар ішке кірген жоқ, баспалдаққа да көтерілмеді, сол тұрған жерінде Ферапонт пірәдардың енді не деп, не істейтінін күтті, өйткені оның мұнда жайдан-жай келмегенін сезбегенде, тым батылсынғандарына қарамастан, тіпті аздап үрейленіп те қалған. Пірәдар табалдырықта тұрып екі қолын көкке жайғанда, оң қолының астынан обдорскілік тақуасымақтың сұқтанған, кішкентай өткір көздері жылт етті, — тым әуесқойлығынан оның соңынан баспалдаққа жүгіріп көтерілген жалғыз ғана шыдамсызы сол ғана болды. Есік сарт етіп айқара ашылғанда басқалары, керісінше, кенет үрейленіп онан сайын шегіншектей берді. Ферапонт пірәдар екі қолын көкке жайған күйі кенет сөйлеп кетті:
— Жын-шайтаннан аластаймын! — ол іле-шала төрт жағына кезек-кезек бұрылып, құжыраның қабырғаларын, төрт бұрышының бәрін қолымен шоқындыра бастады. Ферапонт пірәдардың неғып жатқанын соңынан ерушілері лезде ұқты: өйткені олар пірәдардың қайда барса да әуелі жын-сайтанды аластап алмай, тізе бүкпейтінін және ләм деп ауыз ашпайтынын да білетін.
— Жын-шайтан, жоғал, жын-шайтан, жоғал! — деп қайталады ол шоқындырған сайын. — Жын-шайтаннан аластаймын! — деп дауыстады ол тағы да. Ол үстіне шұбатылған қалыңдау бешпентін киіп, белін кендір жіппен буып алған-ды. Кенеп жейдесінің ашық омырауынан ақ шулан түк басқан жалаңаш кеудесі көрінеді. Мүлде жалаң аяқ. Қолын сермегенде киімінің ішінен мойнына асып жүретін темір шынжыр тарс-тұрс етіп шылдырай бастады. Пансий пірәдар Інжілді оқуды тоқтатып, ол не істер екен — деп, алға қарай шығып күтіп тұрды.
— Ақ ниет тақуам-ау, мұның не сенің? Әдептілікті неге бұзасын? Момын тобырды неге қоздырасың? — деді ол ақырында оған сұстана қарап.
— Не үшін келдім бе? Не дедің? Сенің дінің қандай өзі? — деп айқайлады диуаналанған Ферапонт пірәдар. — Сіздің осындағы қонақтарыңызды, арам ібілістерді қуып шығарайын деп келдім. Мен келгенше көп жиналды ма екен, соны көрмекпін. Оларды қайың сыпырғышпен сыпырып тастайын деп едім.
— Жын-шайтанды аластамақсың ғой, бәлкім, сен өзін соған қызмет ететін шығарсың? — Пансий пірәдар ешбір қаймығусыз сөзін ары жалғастырды. Сонан соң, өзі жайында: "Мен әулиемін", — деп кім айта алады? Олай дей алатын сенбісің, тақуам?
— Қайдағы әулиелік, һарамдық қой бұл. Мен креслода табынғандай табынудың қажеті жоқ маған! — деп зіркілдеді Ферапонт пірәдар. — Осы күні жұрт қасиетті дінімізді бұзып барады. Марқұм, сендердің анау әулиелерің, — деді ол тобырға қарап, саусағымен табытты көрсетіп, — сайтанды мойындамаған. Ол сайтан жоламасын деп іш өткізетін дәрі беретін. Сендерде жын-шайтанның бұрыш-бұрыштағы өрмекшілерше қаптап кеткені содан. Енді міне өзі де иістеніп жатқаны анау. Мұны біз тәңірінің әмірі деп білеміз.
Зосим пірәдардың тірі кезінде бірде шынында да осылай болған-ды. Бір тақуаға түнде сайтан түсіне кіре береді, ақыры, тіпті күндіз де елестеуге айналды. Зәре-құты қашқан бейшара өзінің мүшкіл халін пірәдарға келіп баяндағанда, ол әлгі тақуаға дұғаңды үздіксіз оқып, оразаңнан танба деп ақыл айтады. Бірақ мұның да жәрдемі тимегесін марқұм пірәдар оған дұғаң мен оразаңа қоса бір дәрі ішуің керек деп кеңес береді. Мұны естігендердің көбісі, әсіресе Ферапонт пірәдар қатты елеңдеп, өзара сыбыр-сыбыр сөз қылып, бастарын шайқасқан-ды; пірәдардың осынау ерекше жағдайда берген осы бір "ғажайып" жарлығын кейбір ғайбатшылар онда Ферапонт пірәдарға сол сәтте-ақ жеткізген болатын.
— Тайып тұр, тақуам! — деді Пансий пірәдар өктем үнмен, — бұл басы жұмыр пенденің ісі емес, құдайдың ісі. Бәлкім, бұл арада біз, сен де, мен де, тіпті ешкім де пайымдай алмайтын "істі" көріп тұрған шығармыз. Тайып тұр, тақуам, тобырды қоздырма! — деп қайталады ол қайсарлана сөйлеп.
— Өзінің биік мәртебесіне сай ораза ұстамады, мәйітінің иістенгені содан. Бұл айдан анық, оны бүкпелеу күнә! — деп өршеленді сабырсыздана түскен жауыз. — Ол кәмпит жейтін, оған қатындар ылғи қалтасына салып әкелетін, шайқор болатын, құлқынын көп ойлайтын, тәтті-дәмдіні көп жейтін, оның ақыл-парасатын менмендік жайлаған... Сонсоң да масқара болып жатыр әне...
— Пәтуасыз сөзді қайтесің, тақуам! — деді Пансий пірәдар даусын көтеріңкіреп, — сенің оразаға беріктігіңе, тақуалық жанкештілігіңе таңғаламын, әттең сөзіңде ешбір пәтуа жоқ, айтқаның ақыл тоқтатпаған, тұрлаусыз бозбаланың сөзі сықылды. — Көзіңді жоғалт бұл арадан, тақуам, саған мен айтып тұрмын, — деп ақырды Пансий пірәдар ақыр-соңында.
— Маған кет деймісің! —деп міңгірледі, сәл қысылыңқырағанмен, әлі де сабасына түспеген Ферапонт пірәдар, — сендер оқымыстысыңдар ғой! Тым ақылды болған соң менің мүсәпірлігімнен асып тұрсыңдар. Осында келгенімде шала-шарпы сауатым бар еді, енді одан да айрылдым, бәрін ұмыттым, мен бейшараны сендердің данагөйліктеріңнен құдай тағаламның өзі сақтап қалды әйтеуір...
Пансий пірәдар ол енді қайтер екен деп қасара тосып тұрды. Ферапонт пірәдар біраз үнсіз тұрды, сосын кенет мұңая қалып, он алақанымен жағып басып, марқұм пірәдардың табытына қарап тұрып даусын созып былай деді:
— Ертең ғой оның табыты басында "Жәрдемші мен қамқоршыны" айтады, ол ғажап бәйіт, ал мен өлгенде бұйыратыны — "Қайдың тәтті тұрмысы" ғана, бұл болмашы бірдеңе1 деп күбірледі қамығып, көзіне жас алған ол. — Тәкаппарсып, асқақтап кетті ғой түге, түкке тұрғысыз бос орын бұл! — деп бажылдады ол кенеттен есеңгіреген кісіше, сонсоң қолын бір сілтеп, теріс айналды да, тез басып баспалдақпен төмен түсті. Есік алдында тосып тұрған тобыр қобалжып қалған; кейбіреулері оның соңынан ерді, басқалары бөгеліп қалды, өйткені құжыра әлі де ашық тұрған, Ферапонт пірәдардың соңынан іле-шала сыртқа шыққан Пансий пірәдар баспалдақта тұрып көз салды. Бірақ, кәрленген шал әлі тынышталмаған еді: жиырма қадамдай алыстаған соң, ол кенет батар күнге қарап, екі қолын көкке жайып, — бейне біреу оны тобығынан қаққандай, — жерге сұлай кетіп өкіріп жіберді:
— Тәңірімнің мерейі асты! Христос батар күнді жеңді! — ол күнге қолын жайып шамырқана айқай салғаннан кейін жерге етпетінен жата қалып, балаша бақырып жылағанда бүкіл денесі селкілдеп, екі қолы жерге жайылып кетті. Енді бәрі оның қасына жетіп барып, тамсанып-таңданып, оған қосыла еңіреп жатты. Барлығы да нендей бір ғаламат ашу-ызаға булыққан еді. — Әулие деп міне осыны айт! Тақуа болса осындай-ақ болар! — деген дауыстар енді 2қаймығусыз шығып жатты, пірәдар болатын кісі осы емес пе, — ызалана түскен екінші дауыстар оларға қосылып жатты.
— Ол пірәдар болмайды... Оған көнбейді... қарғыс атқан жаңалықтың қызметшісі бола алмайды ол, олардың ақымақтығына еліктейтін кісі емес, — деген өзге дауыстар лезде іліп ала жөнелді, мұның ақыры немен тынарын болжау қиын еді, әйтеуір дес берісінде ғибадатқа шақырған қоңырау соғылғаны. Бәрі тез шоқына бастады. Ферапонт пірәдар да түрегеліп, кресінен тәуеп еткенді көңіліне медет қып, артына бұрылып та қарамастан, өзінің құжырасына қарай кетті, мүлде түсініксіз болса да әлі де бірдеңе деп күбірлеп бара жатты. Кейбіреулері, аз ғана адам оның соңынан кетті, ал ғибадатқа асыққан көпшілігі жан-жаққа тарасты. Пансий пірәдар Інжілді оқуды Иосиф пірәдарға тапсырып төмен түсті. Жауыздардың кәрленген айқай-шуы оны мойыта алмаған, әйтсе де, ол кенет жүрегі мұңайып, бірдеңені аңсағандай болғанын сезе қойды. Ол тоқтай қалып, өзінен-өзі: "Менің тіпті еңсем түскенше осыншама мұңайғаным не?" — деп сұраған соң, мұның сырын сол сәтте түсініп таңғалған; оның кішкентай ғана, бірақ, ерекше себебі бар-ды: құжыраның алдында ұйлығып тұрған топтағы қобалжыған адамдардың арасынан ол Алешаны байқаған еді; енді міне оны көргенде жүрегі бір түрлі ауырып кеткендей сезінгенін есіне алды. Тағы да қайран қалған ол: "Осынау жас жігіт менің жүрегімді осыншама елжірететін болғаны ма?" — деп сұрады тағы да өзінен өзі. Онда Алеша, шіркеуден басқа бір жаққа асығып бара жатқандай, оның жанынан өте берген еді. Екеуінің көздері ұшырасып қалған. Алеша жанарын тез бұрып әкетіп төмен қараған сәтте оның ішінде қандай ғаламат өзгеріс болып жатқанын Пансий пірәдар жігіттің осы пішінінен-ақ аңғарған еді.
— Әлде сен де алдандың ба? — деді кенеттен Пансий пірәдар, — сен де дүмшелермен бірге болғаның ба! — деді ол өкінішпен.
Алеша тоқтап тұрып, Пансий пірәдарға бір түрлі көмескі көз тастады да, сосын жанарын тез аударып әкетіп, қайта жерге қарады. Ол сауал берушіге бұрылған жоқ, сол қырындаған күйі тұра берді. Пансий пірәдар оны көз алмай бақылаған.
— Қайда асығып барасың? Ғибадатқа шақырып жатқан жоқ па? — деп сұрады ол тағы да, бірақ Алеша оған тағы да жауап қатпады.
— Әлде мұның мінәжатханамен қош айтысқаның ба? Рұқсат сұрамай, пәтиқамды алмай кеткенің қалай?
Алеша кенет ыржиып күлді, сосын сауал қойған пірәдарға өзінің бұрынғы ұстазы, жүрегі мен ақыл-парасатының бұрынғы әміршісі, пір тұтқан пірәдары мәңгіге көзін жұмарында оны аманат қып тапсырған кісіге қатты таңырқай бір көз салды да, бұрынғысынша жауап қатпастан, қолын бір сілтеп, тіпті сыпайыгершілікті де ұмытып, мінәжатханадан шығатын қақпаға қарай аяғын тез басып кете барды.
— Әлі өзің ораласың! — деп күбір етті оның соңынан өкінішпен таңдана қараған Пансий пірәдар.
II
СОНДАЙ БІР СӘТ БОЛДЫ ҒОЙ!
Пансий пірәдар оның "сүйкімді балақаны" әлі қайта оралады деп шешкенде, әрине, қателеспеген, бәлкім, тіпті Алешаның көңіл күйінің шын мәнін (толық болмаса да, дегенмен, көрегендікпен) ұғуы да мүмкін. Солай бола тұрса да, өзім керемет жақсы көретін, әңгімемнің әлі өте жас кейіпкерінің өміріндегі сол бір таңғаларлық, бұлыңғыр сәттің дәл мәнін айқын жеткізуге қатты қиналып отырғанымды ашық мойындауым керек. Пансий пірәдардың Алешаға қапалана қойған: "Әлде сен де дүмшелермен бірге болғаның ба?" — деген сауалына — "жоқ, ол дүмшелермен бірге емес", — деп Алешаның орнына мен-ақ бекем жауап бере алар едім, әрине. Ол ол ма, тіпті мүлде қарама-қарсы болған: ол дінге нақ қалтқысыз сенгендігінен ғана ұялып қалған-ды. Бірақ, қалай дегенмен, оның қысылғаны, ұялғаны рас-ты және де мұның жанына батқаны сондай, тіпті кейін, талай уақыт өткесін де, Алеша осы бір қайғылы күнді өміріндегі ең ауыр, ең қатерлі күндердің бірі болған еді деп есіне алған. Ал егер: "Ол марқұм пірәдардың табытта жатқан мәйіті, дереу сауықтыра бастаудың, мерзімінен бұрын шірігендігіне бола осыншама мұңайып, қапаланғаны ма?", — деп тұпа-тура сұраса, мен бұған: "Иә, шынында да солай болатын", — деп ойланбай-ақ жауап берер едім. Алайда, оқырманнан менің балаң жігітімнің ақ жүректігін тым көп күлкі қылуға әзірше асықпауды өтінер едім. Ал, менің өзіме келсек, ол үшін кешірім сұрайтын немесе оның ақкөңіл сенгіштігін, мысалы, оның әлі жастығымен, немесе осыған дейін ілім-білімнен бойына жинағанының аздығымен және тағы-тағыларымен ақтап, араша түсетін пиғылымның жоқтығы былай тұрсын, қайта, мұның керісінше, пәк жүрегінің бұл қасиетін шын құрметтейтінімді мәлімдеймін. Жүрегінің әсерленгіштігіне өте сақ, күйіп-жанбай, жай жылы ғана жаратуға машықтанған, жастығына қарамай тым естілік танытатын қайсыбір зерделі жас жігіт (сондықтан да арзан ақылды), күмән жоқ, менің жігітімнің басына түскен халге ұшырамаған болар еді дегім келеді менің, бірақ та кейде, тегі, жөнсіз саналса да, ұлы махаббаттан туған кейбір елігуге, оған мүлде берілмегеннен де, беріліп кеткен артық емес пе. Жастықтың албырттығы қайда, аяғын ұдайы аңдап басатын тым сақтықтан құдай сақтасын, ондай жігіттің құны арзан — менің пікірім осындай! Бұл арада естілер: "Кез келген жас жігіттің мұндай ескі нанымға сенуіне болмайды ғой, сіздің жігітіңіз өзгелерге өнеге бола алмайды", — деуі мүмкін, әрине. Мен бұған тағы да: иә, менің жігітім сенді, қастерлеп, бекемдеп сенді, бірақ, мен ол үшін қалай дегенмен кешірім сұрамаймын, — деп жауап беремін.
Көресіздер ме: бірдеңені түсіндіріп, кешірім сұрап, кейіпкерімді ақтап жатпаймын деп жоғарыда айтып өтсем де (бәлкім, тым асығыстық болған шығар), әңгімемнің одан арғы түсініктілігі үшін қайсыбір жайтты қалай да анықтау қажет секілді. Айтарым бұл арада гәп әсте ғажайып та болып отырған жоқ. Ғажайыпты күту тағатсыздықтан туған пәтуасыздық емес-ті. Онда Алешаға қандай да бір сенімдердің мерейі үшін (мүлде бұлай емес), қандай да бір өткендегі сыңаржақ идеяның екінші бір идеядан тезірек мерейі үстем болуы үшін ғажайып қажет болған жоқ-ты, — о жоқ, тіпті де олай емес: осының бәрінде және ең алдымен, бірінші орында, белгілі бір адамның бет-жүзі — тек қана бет-жүзі — сүйікті әулие пірәдардың, бар жан-тәнімен пір тұтқан тақуасының бет бейнесі.
— Тыңдағын, менің сені іздеп жүргеніме екі сағат болды. Ана жақтан зым-зия жоғалып кеттің ғой тіпті. Мұнда неғып жүрсің? Бұл ақымақтығыңа не жөн? Тым болмаса көз салсаңшы маған...
Алеша басын көтерді, отырғаннан кейін арқасын ағашқа сүйеді. Ол жыламаған, бірақ, жүзінен қайғы-қасірет, жанарынан ашу сезіліп тұр. Әйтсе де, ол Ракитинге көз салмай, айдалаға қарап отырған еді.
— Білесің бе, сенің қиянатың мүлде өзгеріп кетіпті. Бұрынғы мақтаулы момындығыңнан дым да қалмаған. Біреуге ренжуден саумысың өзің? Кім ренжітті?
— Басымды қатырмашы! — деді оған Алеша бір кезде, теріс қараған күйі қолын әрең бір сілтеп.
— Оһо, мынаны қара! Кәдімгі басы жұмыр пендеше зекірінуін. Періштенің қылығын қара! Алешка-ау, сен мені қайран қалдырдың ғой, білесің бе, имандай шыным бұл. Мен мұнда көптен бері ештеңеге таңданбаймын. Сені көкірегі жарық қой деп жүрсем...
Алеша, ақыры, оған көз салғанмен, оның не деп тұрғанын әлі де толық түсінбегендей, бір түрлі селқостау қараған еді.
— Шалыңның сасып кеткеніне бола өстемісің? Ол керемет бір ғажайыптарымен таңдандыра бастайды дегенге шынымен-ақ сенгенің бе? — деді тағы да шын ниетімен таңырқай бастаған Ракитин.
— Сенгенмін, сенемін, сенгім келеді және бұдан былай да сенетін боламын, енді не керек саған! — деп айқайлап жіберді ашуға булыққан Алеша.
— Жоқ, достым, маған түк те керек емес. Фу, сайтан, қазір бұған он үш жасар шәкірт те сенбейді ғой. Әйтсе де, қайдам... Сен міне, енді жасаған иеңе ашуланып, бұлқан-талқан болдың: шенімді өсірмедіңдер, мерекеме орден бермедіңдер! Эһ, сендер ме! — дейсің ғой баяғы.
Алеша оған көзін бір түрлі сығырайтып, созылта қарағанда жанарынан бірдеңе кенет жалт етті... бірақ, бұл Ракитинге ызаланғандық емес-ті.
— Мен құдайға күпірлік етіп тұрғам жоқ, мен тек "ол жаратқан дүниені ғана қабылдамаймын", — деді кенет ыржия мырс еткен Алеша.
— Қабылдамағаның қалай? — деп Ракитин оның жауабына сәл ойланып қалды, — бұл не сандырақ?
Алеша жауап қатпады.
— Бос сөзді қайтеміз, онан да іске көшейік: бүгін тамақ ішіп пе ең?
— Жадымда жоқ, бірдеңе жедім ғой деймін.
— Сиқыңнан сезіліп тұр, саған әлденіп алу керек. Түріңді көргенде кісінің жаны ашиды. Сен түні бойы ұйықтаған жоқсың ғой, естідім, мәслихат болған ба қалай. Сосын мынау әуре-сарсаң мен шатпақ... Аузыңа қасиетті нанның бір түйірінен артық не түсті дейсің. Бағана шаһардан осы жаққа шығарда артық болмас деп қалтама тыға салған шұжығым бар еді, бірақ сен жемейсің ғой...
— Неге жемейін, жеймін.
— Еһе! Әуенің өзгеріп қапты ғой! Демек, мұным шын бүлік, шын баррикада де! Онда, бауырым, мұны елемеуге болмайды екен. Біздікіне жүр... Өлердей шаршадым, арақты сіміруге де қарсы емеспін. Оған сенің батылың барар ма екен... әлде тартып жібересің бе?
— Арағыңды да сіміріп саламын.
— Мәссаған! Бауырым-ау, ғажап қой, мынауың! — деп Ракитин оған одырая қарады. — Арақ ішсең де, шұжық жесең де бәрібір, бұл бір керемет, өжеттік, игілікті іс болды, сәті түсіп тұрғанда қимылдап қалайық, жүр кеттік!
Алеша жерден үнсіз түрегеліп, Ракитиннің соңынан ерді.
— Ағаң Ванечка көрсе ғой мұны, қандай таңғалар еді! Айтпақшы, сенің ағайың, Иван Федорович, бүгін таңертең Мәскеуге аттанып кетті ғой, мұны білуші ме едің?
— Білемін. — Алеша селқос жауап берді: осы сәтте оның санасында ағасы Дмитрийдің бейнесі қылт етті, бірақ, енді бір минут та кешеуілдетуге болмайтын шұғыл істі, бір парызды, сұмдық қорқынышты міндетті есіне түсіргенмен, оған ешқандай әсер етпей, тіпті жүрегіне де жетпестен, сол қылт еткен күйі жадынан ғайып болып, ұмытылды. Әйтсе де, Алеша кейіннен мұны көпке дейін есіне алып жүрген.
— Сенің ағайың Ванечка бірде мен жөнінде ол "қабілетсіз либерал қапшық" деген еді. Бір жолы сен де шыдамай кеткенінде маған "арамзалығымды" аңғартқансың... Мейлі! Енді сендердің қабілеттіліктерің мен адалдықтарыңды көре жатармыз (бұл сөздерді Ракитин ішінен сыбырлап қана айтқан). Тфу, тыңдағын! — Ол тағы да даңғырлап кетті, — монастырьға соқпай, шаһарға сүрлеумен тура тартайық... һм... Жолай Хохлакованыкіне соға кетуім қажет екен ғой. Ойлап қарашы: болған оқиғаның бәрін оған жазып жіберіп едім, нанасың ба, маған дереу жауап қайтарыпты, қарындашпен жазыпты (ол ханым, хат жазуға құмар-ақ): "Зосим пірәдар сияқты қадірменді тақуа қариядан мұндай қылықты ешбір күтпеп едім!" — депті. "Қылықты деуін қарашы! Оның да ашуланғаны ғой; эһ, сендердің бәрің де! Тоқта! — ойда жоқта айқайлап жіберген Ракитин тоқтай қалып, Алешаны да иығынан ұстап тоқтата қойды.
— Алешка, білесің бе, — басына сап ете қалған бір жаңа ойдың әсеріндегі Ракитин оған сыңай көз тастады, сонсоң, сырттай күлгенімен, іштегі соны ойын дауыстап айтуға батылы бармай, Алешаның көңіл-күйі осынша таңғаларлықтай мүшкіл халге ұшырағанына әлі де болса сене алмады, — қазір қайда барғанымыз жөнірек болар еді, сен қалай қарайсың? — деді жәдігөйсіген ол күмілжіп қана.
— Қайда барсаң да... маған бәрібір.
— Грушенькаға барсақ, қайтеді? Барасың ба? — Бұған ол не дер екен деп зәресі ұшқан Ракитиннің үні әрең шықты.
— Барсақ барайық, — деп ойланбай жауап қатты Алеша байсалды үнмен, мұның Ракитинге тосын көрінгені, яки оның абыржусыз, дереу келісе кеткеніне сасқаны соншалық, ол тіпті кейін шегініп қала жаздады.
— Қой-әй!... Солай ма! — Таңырқағанынан Ракитиннің айқайлап жібергісі келді, сонан соң ол, Алеша батыл қадамынан қайтып қала ма деп әлі де қатты қауіптенгендей, оны тез қолынан мықтап ұстап алып, сүрлеумен ілгері сүйрелей жөнелді. Екеуі үнсіз келеді, Ракитин тіпті аузын ашуға қорықты.
— Ол қуанып қалатын шығар, қуанып... — деп күбірлеген Ракитин тағы да үндемей қалды. Алешаны алып бара жатқанда ол Грушеньканы бір қуантайыншы деп әсте ойлаған жоқ-ты; ол пайдасыз іске қадам баспайтын, өз есебіне мығым болатын. Қазір екі түрлі мақсатты көздеп келе жатқан: біріншіден, кек алу, яки "тақуаның масқара болғанын" және Алешаның "әулиеліктен күнәкарлыққа" қарай "тоңқалаң асу" мүмкіндігін көру, бұған ол күні бұрын масаттанып келеді, екіншіден, бұл арада оның өзіне өте пайдалы бір құлқын құмарлық мақсаты да бар еді, алайда бұл жайында кейінірек баяндай жатармыз.
"Демек, сондай сәт туғаны ғой енді, — деп ойлады ол ішінен әрі көңілденіп, әрі ызаланып — олай болса, біз оны, бұл сәтті, өзімізге өте қолайлы болғандықтан, түп етектен ұстайтын шығармыз".
ІІІ
ПИЯЗДЫҢ БІР ТАЛ САБАҒЫ
Грушенька шаһардың нағыз қайнаған жерінде, Шіркеу алаңына жақын, Морозова деген жесір көпес әйелдің ауласындағы кішігірім баспанада тұратын, Морозованың дағарадай үлкен, екі қабат, ескі тас үйі сырттай қарағанда өте ажарсыз еді; мұнда жасамыс екі немере сіңлісімен кемпірдің өзі тұратын. Оған ауладағы үйін жалға берудің ешбір қажеті жоқ-ты, ал Грушеньканы (осыдан төрт жыл бұрын) пәтерге жіберсе, оған ашықтан-ашық қамқорлық жасап жүрген өзінің туысы көпес Самсоновтың көңілін қимағандықтан ғана жібергенін жұрттың бәрі білетін. Қызғаншақ шал өзінің "сүйіктісін" бұл үйге қойғанда, әуелде қыздың жүріс-тұрысы кемпірдің көз алдында болар деп ойлаған. Бірақ, көп ұзамай-ақ қырағы көздің қажеті болмай қалып, ақырында кемпір Грушенькамен тіпті сирек кездесетін, оның жүріс-тұрысын андып мазаламайтын болған еді. Рас, шалдың губерниялық шаһардан осынау момақан, ұялшақ, тал шыбықтай жүдеубас, мұңлы, ойға батқан он сегіз жасар уыздай жас қызды мұнда әкелгеніне төрт жыл өткен-ді. Әйтсе де, шаһарымызда бұл қыздың өмірбаянын аз, онша біле бермейтін, білсе жаңсақ білетін, төрт жылда нағыз хас сұлу боп құлпырып шыға келген Аграфена Александровнаға көз салушылардың көбейгендігіне қарамастан, ол жайында соңғы кезде де білгендері шамалы. Он жетідегі қызды біреу алдап соқса керек, бір офицер дей ме қалай, сонсоң ол тастап кетіпті-міс деген қауесет қана естілген. Офицер тайып беріпті де, өзге біреуге үйленіпті, ал масқара болған Грушенька қайыршылық халге ұшырайды. Алайда, шалдың Грушеньканы қорлықтан құтқарғаны рас болғанмен, ол өнегелі әулеттен шыққан, діни атағы бар біреудің ұрпағы, қызметсіз қалған дьяконның қызы, тағы сондай бірдеңе десіп жүретін. Енді, бас-аяғы төрт жылда, бір кездегі күйрек жанды, жәбірленгіш, көргенде жаның ашитын жетім қыздың орыстың екі бетінен қан тамған шырайлы, апайтөс аруы, өжет те батыл мінезді, тәкаппарлығына өткірлігі сай, ақшаның парқын білетін, дүниеқор, сарабдал да сақ, жұрт амалын тауып өзіне әжептәуір ақша жинап үлгірді десіп жүрген әйел боп шыға келгені мынау. Барлығы бір-ақ нәрсеге кәміл сенетін: Грушеньканың қыбын табу қиын, осы төрт жылдың ішінде, қамқоршы шалынан басқа, оның ілтипатымен мақтана алған бірде-бір еркек кіндікті болған жоқ. Бұл күмәнсіз шындық еді, өйткені әсіресе соңғы екі жылда ол қыздың ілтипатына ілігуді аңсағандар аз болмаған-ды. Бірақ ондайлардың барлық әрекеті нәтижесіз болып шыққан, ал дәмегөйлердің кейбіреулері адуынды арудан мазақ қылған мықты тойтарыс көргесін жұртқа келеке боп тізгінді кейін бұруға мәжбүр болған. Сонан соң, жұрт жас арудың әсіресе соңғы жылы "гешефт"1 дегенге бой ұрғанын, бұл жағынан оның дінге ерекше қабілетті боп шыққанын, сол себепті кейіннен көбісі мынаның өзі нағыз жәйттің өзі ғой деп атап кеткенін де білетін. Ол қарызға ақша беріп өсімін алған жоқ-ты бірақ, мысалы, оның Федор Павлович Карамазовпен бірігіп, біраз уақыт бойы шынында да вексельдерді — бір сомын он тиыннан — су тегінге сатып алумен айналысып, кейіннен ол вексельдердің кейбірінің он тиынынан бір сомнан пайда келтіргені белгілі болатын. Екі аяғы күпшектей боп ісіп кеткендіктен бір жылдан бері жүруден қалған ауру Самсонов, ересек балаларын қан қақсатқан қақбас, жүз жамбасына басып жатқан осынау қырсыққан хас саран, сол кезде табалаушыларын, айтқанындай, тырп еткізбей қысып, қорлап ұстап келген, "өсімдік майынан" басқа дым татырмаған қыздың уысына өзінің қалай түскенін де сезбей қалған еді. Өзінің адалдығына шалды кәміл сендірген соң, Грушенька толық еркіндік алған-ды. Керемет іскер шал да (әлдеқашан марқұм болған) мінезі таңғаларлық, ең бастысы, өте сараң, тастай қатты кісі еді, Грушенька оны қаншама алдап-арбаса да, мұнсыз оның күні жоқ болса да (мысалы, соңғы екі жыл бойы осылай болған еді), ол қыздың еншісіне пәлендей жартымды ақша қалдырған жоқ, тіпті тастап кетемін деп қорқытса да, шал бәрібір жібімес еді. Әйтсе де, шал оған жарытымсыз болса да бірдеңе бөлген екен, мұны естіп білгенде бәрі қайран қалысты. "Сен өзің де тегін қатын емессің, — деген ол Грушенькаға сегіз мыңдай ақша бөлерінде, — ендеше, отқа қарап қалмассың, бірақ, есіңде болсын, бұрынғыша жыл сайынғы күнкөрістігіңнен басқа, көзім тіріде менен енді ештеңе дәметпейсің, өсиетімде де саған ештеңе бөлінбейді". Ақыры, ол сөзінде тұрды: өлерінде барлық байлығын қатын-балаларымен бірге үйінде өмір бойы малай ғып ұстаған балаларына қалдырды, өсиетінде Грушенька жайында тіпті ләм деп аузына да алмапты. Мұның бәрі кейін белгілі болды. Бірақ ол "өзінің меншікті капиталын" қалай іске ұқсату жөніндегі ақыл-кеңесімен Грушенькаға аз көмектескен жоқ-ты, "табыс көзін" көрсетіп те отырған. Әуелде Грушенькамен кездейсоқ бір "гешефт" бойынша жақындасқан Федор 3Павлович Карамазов ойда-жоқта есі кеткенше ғашық боп қалғанда, бір аяғы көрде тұрған шал Самсонов бұған қатты күлген еді. Бір ғажабы, Грушенька өзінің шалымен танысқалы бері онымен һәманда ашық сөйлесіп, одан тіпті сыр жасырмаған, оның тап мұндай басқа бір сырлас-мұңдасы бола қойды ма екен. Ал соңғы кезде, Дмитрий Павлович те өзінің махаббатымен кенет киліге кеткенде, шал күлуін қойған. Керісінше, бірде Грушенькаға тіпті байыппен, шегелеп ақылын айтқан: "Алда-жалда әкелі-балалы екеуінің біреуінің етегінен ұстау керек болса, онда шалдан айырылма, бірақ, кәрі төбет саған сөзсіз үйленетін болсын, оған дейін атыңа азын-аулақ капитал жазып қойса, онда тіпті жақсы. Ал капитанға жолай көрме, жолың болмайды", — деген. Санаулы ғана күні қалғанын алдын ала сезген ләззатқұмар қақпастың аузынан шыққан сөз осындай; осы ақыл-кеңесінен кейін бес айдан соң ол дүние салған-ды. Осы арада әкелі-балалы Карамазовтардың бір қызға таласқан көкейге қонымсыз, ерсі бақталастығын онда шаһарымызда тіпті көбісі білгенмен, Грушеньканың әкесі мен баласының қайсысына қалай қарайтынын түсінетіндер аз болғанын ескерте кеткен жөн. Тіпті қыздың екі күтушісі де (алда әңгіме болатын қайғылы оқиғадан кейін) сотта берген жауабында Аграфена Александровна Дмитрий Федоровичті "ол өлтіремін деп қорқытқасын" ғана қабылдайтын еді деген болатын. Грушеньканың екі күтушісі бар-ды, біреуі — әке-шешесінің үйінен өзімен бірге ерте келген қаусаған, ауру-сырқаулы, керең болуға айналған аспаз кемпір, ал екіншісі — осы кемпірдің немересі, жиырмадағы өте пысық жас қыз. Грушенька өте саран, мүлде жұпыны тұратын. Ауладағы кішігірім баспанада оның жиырмасыншы жылдар үлгісіндегі аса қымбат ескі жиһаз қойылған үш бөлесі бар-ды. Ракитин мен Алеша кіріп барғанда, ымырт жабылған мезгіл болса да, бөлмелерде әлі шам жағылмаған еді. Грушенька өзінін қонақ бөлмесінде, әсем арқалығы бар, қаптаған былғарысы әлдеқашан қажалып, енді тесіле бастаған, дағарадай үлкен қатқыл диванда жатқан. Басының астына төсектен екі мамық ақ жастық әкеп салған. Етпетінен түсіп, созылған денесін қимылдатпай, екі қолын желкесіне қойып жатқан. Ол біреуді күткендей, үстіне қара жібек көйлегін киіп, шашына үлбіреген шілтер қадаған еді, мұнысы өзіне жарасып тұрған: үшкіл шілтер орамалды иығына бос тастай салып, омырауынан үлкен алтын түйреуішпен түйрей салған. Ол бет-жүзі қуаң тартып, еріндері дуылдап, көздері жайнаңдап, он аяғының ұшымен диванның жақтауын тағатсыздана тырсылдатып, шынында да, біреуді күтіп, мұңайып, алабұртып жатқан. Ракитин мен Алеша кірер-кірместе ішкі жақтан сәл әбігерленгендік сезілді: диваннан атып тұрған Грушеньканың шошығандай: "Кім келді?" — деп дауыстағаны ауыз бөлмеден естіліп тұрды. Бірақ, бұларды да қарсы алған күтуші қыз Грушенькаға сол сәтте үн қатты:
— Ол емес, басқа кісілер, өзге біреулер.
Алешаны қолынан жетектеп қонақ бөлмеге кіре берген Ракитин: "Не істеп жатыр екен?" — деп күбірледі. Грушенька диванның жанында тұр, шошынғаны әлі де басылмаған секілді. Қызыл-күрең қолаң шашының бір бұрымы түйрелген тұсынан ағытылып кетіп оң иығына құлап түсті, бірақ, меймандарды анықтап көріп, танығанша, қыз мұны байқаған да, бұрымын түзеткен ес жоқ.
— Аһ, Ракитка, сенбісің? Зәремді алдың ғой. Жаныңда біреу бар ма? Ертіп келгенің кім? Тәңірім-ау, кімді алып келгенсің! — деді таңырқаған ол Алешаны таныған соң.
— Шырағдан алғызсаңшы! — деді Ракитин, бұл үйде өктем сөйлей алатын етене таныс, өте жақын адамша.
— Шырағдан деймісің... әрине, әкеледі... Феня, анаған шырағдан әкелші... Сен де тапқан екенсің оны ертіп келетін уақытты! — деді даусы қатты шыққан Грушенька тағы да Алешаға иек қағып, сонан соң ол айнаға қарап тұрып, екі қолымен бұрымын тез түзете бастады. Қыз іштей наразы тәрізді еді.
— Не үшін жақтырмай қалдың? — деп сұрады Ракитин кенет өкпелеген пішінмен.
— Зәремді алдың, Ракитка, сол үшін, — Грушенька бұрылып Алешаға күлімсірей қарады. — Сен менен қымсынба, достым Алеша, келгеніңе өте қуаныштымын, күтпеген жерден келсең де құрметті қонағымсың. Ал сен, Ракитка, мені жаман қорқыттың: Митя жетіп келген екен деп ойлап қалып ем. Көремісің, бағана мен оны алдаған едім, өтірігіме нансын деп оны имандай шыным деп қарғануға мәжбүр еттім. Оған кеш бойы шалымның, Кузьма Кузьмичті айтам, қасында болып, түнге дейін онымен бірге отырып ақша санасамын дедім. Мен жұмасына бір рет оның үйіне барып, кеш бойы есеп-қисап жасасамын ғой. Есікті кілттеп аламыз: ол есеп-шотты тырсылдатады, мен кітапқа жазып отырмын — ол тек маған ғана сенеді. Митя айтқаныма сеніп кете барды, ал мен бір хабарды күтіп міне үйде отырмын. Сіздерді Феня қалай ғана кіргізген! Феня, Феня! Қақпа жаққа барып, сыртқа шығып қарашы, капитан көрінбей ме екен? Өлердей қорқам, мүмкін, бір жерді тасалап, аңдып тұрған шығар!
— Ешкім де жоқ, Аграфена Александровна, айналаны жаңа ғана шолдым, әлсін-әлсін саңлаудан да қараймын, өзімнің де зәрем жоқ.
— Феня, терезелердің қақпақтары жабылып па еді? Перделерді де түсіріп қою керек — міне былай! — Ол қалың перделерді өзі түсірді, — әйтпесе жылтыраған отқа жетіп келер. Алеша, мен бүгін сенің ағаң Митядан қорқам. — Грушенька үрейленіп тұрса да, бір түрлі масаттанғандай, даңғырлап сөйледі.
— Бүгін Митядан неге сескене қалдың, одан қорықпаушы едің ғой, қайта, ол сенің ырқыңа қарай жығыла бермеуші ме еді? — деп сұрады Ракитин.
— Саған бір хабарды, сондай бір аса қымбат хабарды күтіп отырмын дедім ғой, тап қазір Митеньканың көрінбегені жөн-ақ болар еді. Менің Кузьма Кузьмичке кеттім дегеніме, мұны сеземін, ол бәрібір сенген жоқ. Қазір ол өз үйінде, Федор Павловичтің ауласындағы бақтың бір қуысында мені аңдып отырған шығар. Егер солай аңдып отырса, мұнда келмейді, мұнысы тіпті жақсы! Ал мен Кузьма Кузьмичке шынында да тез барып келдім, Митяның өзі шығарып салған, мен шалдыкінде түн ортасына дейін боламын, мені үйге апарып тастау үшін сол кезде келмей қалма дегем оған. Ол кетіп қалды, ал мен шалдың қасында он минут болдым да, үйге қайттым — жолда кездесіп қала ма деп қорыққанымнан үйге жеткенше жүгірдім.
— Осыншама жасанып қайда бармақсың? Басыңдағы шілтерлі қалпақшаң керемет қой тіпті?
— Ракитин, сенің қайдағы жоққа әуестене қалатының бар! Жаңа айттым ғой, бір хабар күтіп отырмын деп. Сол хабар келісімен-ақ атып тұрып, ұшамын да кетемін, сіздер байқамай да қаласыздар. Сол үшін жасанып, дайын отырмын.
— Қайда ұшып кетпексің?
— Көп білсең, тез қартаярсың.
— Қарашы. Қуаныштысын... Сенің бұлай масайрағаныңды еш уақытта көрген емен. Бейне тойға жиналғандай жасанып алыпсың, — деді Ракитин оның бой-басына көз жүгіртіп:
— Тойдың не екенін сен керемет түсінесің ғой.
— Ал өзің ше, көп түсінесің бе?
— Мен тойда болғам. Алдыңғы жылы Кузьма Кузьмич баласын үйлендіргенде, музыканттар отыратын балконнан қарап тұрғам. Ракитка, қасымда мынадай кінәз тұрғанда, сенімен сөйлесуім керек пе. Міне, мейман деп осыны айт! Алеша, достым, саған қараймын да, өз көзіме өзім сенбеймін; тәңірім-ау, маған қалай ғана келдің сен! Шынымды айтсам, бұл тіпті қаперіме кірмеген нәрсе, сені келеді деп осыған дейін еш уақытта ойлаған емен. Қолайлы сәт болмаса да, келгеніңе өте қуаныштымын! Аспандағы жаңа туған айым менің, міне мында, міне былай, диванға отырсайшы. Рас, менің абыржуым әлі де басылмағандай... Эй, Ракитка-ай, сен оны кеше, немесе бұрнағы күні әкелуің керек еді ғой!.. Бірақ, мен осыған да қуаныштымын. Мүмкін, бұрнағы күні емес, бүгін, дәл қазіргі сәтте ертіп келгенің дұрыс болған шығар...
Ол жып етіп Алешамен қатарласа диванға отыра кетті де, оған жаны сүйсіне қарады. Грушенька шынында да қуанышты еді, бұлай дегенде ол жалған айтпаған. Жанары жалқынданып, еріндері күлімсіреген ол мейірлене, көңілдене күлген. Алеша қыздың жүзінен тап мұндай ақ жарқындықты көрермін деп күтпеген еді... Ол Грушенькамен күні кешеге дейін аз кездескен, сондықтан ол жөніндегі пікірі де кісі қорқарлықтай еді, ал Катерина Ивановнаға қарсы кешегі ыза-кекке толы, зұлымдық қылығына сұмдық тітіркенгені соншалық, бүгін оның мүлде басқа таңғаларлық жан болып шыға келгеніне қатты қайран қалып отыр. Басындағы қайғысы жанына қаншама батса да, оның зерлі назары қызға ықтиярсыз түскен еді. Кешеден бері оның бойындағы әдеттің бәрі өзгеріп, мүлде жақсарып кеткендей: сөзінде кешегі мәймөңкенің бірі де жоқ, қимылындағы нәуетекеш, қылымсу да байқалмайды... бәрі де қарапайым, ақ көңілді, қимылы шапшаң, тура, сенімді, бірақ, өзі әлденеге тым елігулі еді.
— Тәңірім-ау, бүгін бәрінің өзінен-өзі орайласып жатқанын қарасаңдаршы, — деп былдырлады ол тағы да. — Алеша, осыншама неге қуанатынымды өзім де білмеймін. Қазір сұрашы, түк те айта алмаймын.
— Неліктен қуанышты екеніңді неғып білмей қалдың? — деп мырс етті Ракитин. — Осыған дейін: оны ертіп кел деп маған қолқа салғаның да бір мақсатың болған шығар.
— Бұрынғы мақсатым өзге еді, енді ол өтті, қазір басқа сәт. Әйтсе де, сен екеуіңе дәм беруім керек шығар. Ракитка, мен енді көңілдімін. Отырсаңшы, Ракитка, неге түрегеп тұрсың? Әлде отырып үлгеріп пе едің? Ракитушка есебінен жаңыла қояр ма екен. Алеша, ол әне біздің қарсы алдымызда: сенен бұрын маған неге отыр демеді деп өкпелеп отыр. Біздің Ракитка өкпешіл ғой, оның өкпесі қара қазандай болып шыға келеді! — деп күлді Грушенька. — Ашуланба, Ракитка, бүгін мен көңілдімін дедім ғой саған. Сен неге мұңлы отырсың, Алешечка, әлде менен қорқасың ба? — деп қыз оның көзіне назды әзілмен қарады.
— Оның қайғысы бар. Шеннен құр қалдырыпты, — деп барылдады Ракитин.
— Ол неғылған шен?
— Әулие тұтқан пірәдарының мәйіті иістеніп кетті ғой.
Иістенгені қалай? Сен сандырақтап тұрсың, тағы сұмдықты бықсытпақсың? Жап аузыңды, ақымақ неме. Алеша, сенің тізеңе отырайыншы, міне былай! — Ол атып тұрып, күлген күйі Алешаның тізесіне лып етіп отыра кетті де, еркелеген мысықша, оның мойнынан оң қолымен наздана құшақтап алды. — Мен қазір сені көңілдендіремін, діндар балақаным менің! Мені шынында да осылай тізеңе отырғыза бересің бе, маған ашуланбайсың ба? Айтсаң болды — қазір-ақ түсемін.
Алеша үндемеді. Ол қимылдауға қорқып, тырп етпей отырған, қыздың: "Айтсаң болды — қазір-ақ түсемін" — дегенін естіді, бірақ, демін ішіне тартқандай, жауап қатқан жоқ. Алайда оның осы сәттегі халі, мысалы, оны көзімен жеп бара жатқан Ракитиннің ойлағанынан және өзіне-өзі елестете алғанынан мүлде өзгеше болатын. Жанына батқан ауыр қасірет оның жүрегіне лүпілдететін сезім атаулының бәрін басып тастаған-ды, егер ол өзінің осы сәттегі көңіл-күйін анық аңдаған болса, онда ол енді ешқандай әзәзілдік пен елігушілікке дес бермейтін берік сауыт құрсанып алғандай болғанын өзі-ақ сезер еді. Әйтсе де, алай-дүлей көңіл-күйінің бұлыңғырлығы мен еңсесін езіп бара жатқан қайғысына қарамастан, ол өзінің жүрегінде шымырлап білінген бір жаңа, ғажайып сезімге қалай дегенмен ықтиярсыз таңырқай берген: өзінің жан-дүниесінде әйел жайындағы үміт-арманы қылт етіп белгі берген сәттерде бұрын оның зәресін ұшырған осынау "қорқынышты" әйелден енді сескенбейтіні былай тұрсын, қайта, керісінше, бұрын өзі бәрінен де көбірек үрейленген, ал енді мойнынан құшақтап алып тізесінде отырған әйел оның бойында кенет мүлде басқа, тосын, ерекше бір сезімді, нендей бір өзгеше, таңғажайып, шын жүректен ынтығу сезімін туғызған еді және де осының бәрі ешбір қобалжусыз, өткендегі үрей титтей де сыр бермей болып жатқан — оны еріксіз қайран қалдырған ең басты нәрсе осы еді.
— Осы сандырақтарың да жетер, — деп дүңк етті Ракитин, — онан да шампан алдырсаңшы, сен маған борыштысың, өзің білесің ғой!
— Борышты екенім рас. Алеша, егер ол сені осында ертіп келсе, бұл үшін оған шампан қоямын деген уәдем бар еді. Әкелсін шампаныңды, мен де ішемін! Феня, Феня, бізге шампан әкелші, әлгі Митядан қалған шөлмекті әкелші, бірақ аяғыңды тезірек бас. Сараң болсам да, бір шөлмек шампан қоя аламын, бірақ саған емес, Ракитка, сен кімнің шікәрәсі едің, ал ол болса кінәз! Жанымды басқа нәрсе тебірентіп тұрса да, мейлі, сендерге қосылып мен де ішемін, біреуге соқтыққым келіп тұр!
— Сенің тосқаның қандай сәт, күткенің қандай "хабар" осыны сұрауға бола ма, әлде бұл құпия ма? — Өзің олай да, бұлай да қағытқанға назар аудармағансып баққан Ракитин осы арада тағы да бір әуестік білдірді.
— Еһ, неғылған құпия тәйірі, оны сен өзің де білесің, — Алешаны мойнынан құшақтап алып, әлі де оның тізесінде отырған Грушенька басын сәл еңкейтіп Ракитинге бұрыла беріп кенет ойланып қалды, — менің офицерім келе жатыр, Ракитин, офицерім келеді!
— Келе жатқанын естіген едім, бірақ соншама жақындап қалғаны ма?
— Қазір ол Мокроеда, содан хабар жібермекші, өзі жазыпты, бағана хат алдым. Сол хабарын күтіп отырмын.
— Мәссаған! Алайда, Мокроеда отырғаны несі?
— Ол ұзақ әңгіме, сонсоң саған соның керегі не?
— Енді Митенька қайтер екен — ой-ой! Ол мұны біле ме, әлде білмей ме?
— Қайдан білуші еді! Түк те білмейді! Біліп қойса, мені өлтірер еді. Бірақ, мен енді одан қорықпаймын, оның пышағы енді түк емес маған. Аузыңды жапшы, Ракитка, маған Дмитрий Федорович жөнінде ештеңе демеші: ол менің жүрегімді қыжылдатып бітті. Қазір менің ештеңені ойлағым келмейді. Тек Алешечканы ғана ойлай аламын, міне одан көз ала алмай телміріп отырмын... Жарқыным-ау, тым болмаса езу тартсаңшы, көңілденсеңші, менің зердесіздігім мен қуанышыма неге күлмейсің... Әне күлді, күлді! Мүләйімси қарауын. Алеша, білесің бе, бұрнағы күнгі қылығым үшін, бикеш үшін маған ашуланып қалған шығар деп ойлап едім. Мен иттік жасадым, білдің бе... Әйтсе де, қалай дегенмен соның өзі оңды болды. Жөнсіз көрінсе де, жақсы болды, — Грушенька ойға батып мырс еткенде, күлкісінен кенет бір қаталдық лебі сезілді. — Сен: "Оны көк шыбықпен шықпырту керек!" — деп айқайладың деген еді Митя. Онда мен бикешті қатты ренжіттім ғой деймін. Мені шақырып алып, табанының астына басқысы келді, шоколадымен алдарқатқысы... Жоқ, солай боп шыққаны жақсы болды, — деп ол тағы да күлді. — Дегенмен, сені ренжіді ме деп қорқа берем.
— Ақиқатында да солай болуы мүмкін ғой, — деп Ракитин шын таңырқаған пішінмен киліге кетті. — Алеша, сендей сары үрпектен ол расында да қорқады.
— Ракитка, ол саған ғана сары үрпек, білдің бе... Өйткені сен арсызсың, білдің бе! Көремісің, мен оны жан-тәніммен сүйемің, білдің бе! Алеша, сені бар жан-тәніммен сүйетіндігіме сенесің бе?
— Әй, ұятсыз неме-ай! Алексей, ол саған ғашықтығын айтып жатыр!
— Неғыл дейсің, мен оны сүйемін.
— Ал офицер ше? Мокроедан күткен аса қымбатты хабарды қайтесің?
— Ол өз алдына, мұның жөні бір басқа.
— Қатынның ойынша, міне, осылай боп шығады!
— Ракитка, менің жыныма тие бермесеңші. — деді іліп ала жөнелген Грушенька, — айттым ғой, ол өз алдына, мұның жөні бір басқа деп. Менің Алешаға ғашықтығым өзгеше. Алеша, бұрын сен жөнінде бір қулық ойлағаным рас. Мен арамза, рақымсызбын, Алеша, бірақ кей сәтте саған өзімнің ар-ұжданымдай қараймын, "Оңбағандығымды көрген соң жек көретін болды-ау" деген ой көкейімнен кетпеді. Бұрнағы күні бикештікінен осында жүгіріп келе жатқанымда да ойымнан шықпады. Алеша, саған көптен бері осылай көзім түскен. Митяға айтқам, ол біледі. Митя, міне солай түсінеді. Иланасың ба. Алеша, кейде сені көргенінде қысылып, өзімнен-өзім ұяламын... Сенің қашаннан бері ойымнан кетпейтін болғаны білмеймін, есімде жоқ тіпті...
Феня бөлмеге кіріп, подносқа салып әкелген аузы ашық шөлмек пен шарап құйылған үш бакалды үстелдің үстіне қойды.
— Шампан әкелді! — деп айқайлап жіберді Ракитин, — Аграфена Александровна, сен тым желігіп кеттің, есін шыққан. Қазір мынаның біреуін сіміріп салғасын билей жөнелесің. Э-эх, тындыра алмапты ғой, — деді ол шампанға көз жүгіртіп жатып, — Ас үйде бакалға кемпір құйғақ, шөлмектің аузы тығындалмаған, жылымшы. Бірақ, бұған да шүкіршілік.
Ол үстелге барып, бакалдағы шампанды сіміріп салды да, тағы да күйді.
— Шипа?! Күнде аузыңа тие бермейді ғой, — деді ол ернін жалап жатып, — кәне, Алеша, бакалыңды екеніңді таныт бізге. Не үшін ішемін? Ұжмақтың есігі ашық тұруы үшін бе?
Груша, сен де бақалыңды алып, ұжмақтың төрінен бір-ақ шығайық деп тартып жібер..
— Қайдағы ұжмақтың төрі?
Қыз бақалды қолына алды, Алеша да бақалын алып, бір үризди да, қаша қойды.
— Онда мен де ішпеймін, — деп іліп әкетті Грушенька, — сосын зауқым да жоқ. Іш, Ракитка, бір шөлмекті түгел өзің ішіп қой. Әуелі Алеша ішсін, содан кейін мен де ішемін.
— Мына қылымсығандарыңа жол болсын! — деп қағытты Ракитин. — Өзі оның тізесінен түспейді! Айталық, оның қайғы-мұңы болсын, ал саған не жоқ? Ол өзінің жаратқан құдайына күпірлік көрсетті, шұжық жемекші болды...
— Бұл не дегенің?
— Бүгін оның сүйікті қариясы, Зосим пірәдар, әулие қайтыс болды.
— Зосим пірәдар өлді деймісің! — деді таңырқаған Грушенька. — Тәңірімнің өзі кешірсін, мен естімеп едім! — Ол құдайға табынып шоқынды. — Жаратқан ием сақтай гөр, мұным қалай, осындай күні жігіттің тізесінде отырғаным не! — Шошып кеткен ол Алешаның тізесінен атып тұрып, диванға барып отырды. Алеша оған таңдана қараған сәтте оның жүзінде әлдененің сәулесі білінгендей болды.
— Ракитин, — деді көтеріңкі дауыспен, бекем сөйлеген ол, — мені құдайға күпірлік қылды деп мазақтай берме. Менің саған жамандық ойлағым келмейді, ендеше сен де мейірімдірек бол. Мен сенің түсіңе де кірмеген асыл қазынамнан айырылдым, сен енді маған төреші бола алмайсың! Онан да Грушенькаға қарашы: мені қалай аяғанын көрдің бе! Мен осында келгенде өзім оңбаған, кекшіл болған соң басқаша ойлай алам ба, — ашынған жанды кездестірем ғой деп едім, — бірақ, аяулы әпкемді таптым, асылымды таптым, жаны сүйген... Ол жаңа маған есіркеушілік көрсетті... Аграфена Александровна, мен сені айтып отырмын, жаңа менің жанымды жаңғыртқан сенсің ғой...
Алешаның еріндері дірілдеп, тынысы тарылып кетті. Ол тоқтай қалды.
— Сені ажалдан арашалаған екен ғой! — деп кекете күлді Ракитин. — Ол сені жұтып қойғысы келді. Мұны сеземісің сен?
— Тоқта, Ракитка! — деп Грушенька орнынан атып тұрды. — Екеуің де сөзді доғарыңдар! Енді бәрін мен өзім айтып берем: Алеша, сен үндемей-ақ қойшы, өйткені сенің сөзіңді естігенде мен жерге кіре жаздаймын, себебі мен мейірімділікті білмеймін, ызақормын, — міне мен осындаймын. Ал, Ракитка, сен суайтсың, ендеше аузыңды ашпа. Сондай бір арам ойым болғаны, оны жұтып қойғым келгені рас, бірақ, қазір сенің айтқаның жалған, қазір мүлде басқа... мен енді сенің ләм дегеніңді естімейін, Ракитка! — Осының бәрін Грушенька ерекше толқып айтқан еді.
— Екеуінің бірдей құтырынуын! — деп ысылдаған Ракитин аналарға таңырқай қарады, — есінен айырылған шығар бұл мұндар, менің жындыханаға тап болғаным ба. Бір-біріне елжіреп қалуын қарашы, қазір еңіреп жылай бастайды!
— Жыласам қайтесің, қазір жылаймын! — деп міңгірледі Грушенька. — Ол мені әпкем деді ғой, мен мұны ғұмыр бақи ұмытпаймын. Біліп қойғын, Ракитка, қайырымсыз қатал болсам да, қалай дегенмен пияздың бір тал сабағын создым ғой.
— Ол неғылған пияздың сабағы? Ту, міне ғажап, бұлар шынында да жынданған шығар!
Ракитин ол екеуінің осыншама шаттанғанына таң-тамаша болып, олардың жан-дүниесін тебірентетін сезімдердің бәрі — ал мұның өзі өмірде сирек кездеседі — екеуінде бірдей ғажап үйлесе кеткенін түсінуге тиісті болса да, бұған жәбірленіп қалған еді. Бірақ, өзіне қатыстының бәрін тым нәзік аңғаратын Ракитин — ішінара ысылмаған жастығынан, ішінара сұмдық өзімшілдігінен — жақын адамдарының сезімі мен түйсігін ұғуға келгенде мүлде дорскі болатын.
— Көресің бе, Алешечка. — деді оған қарап қымсына күлімсіреген Грушенька, — пияздың бір тал сабағын создым дегенде мен Ракиткаға мақтандым, ал саған өйте алмаймын, саған мұны өзге ниетпен айтайын. Ол әншейін бір ертегі ғана, бірақ ғажап ертегі, мен оны сәби кезімде, өзімнің Матренамнан — қазір осында аспаз боп жүрген кемпірді айтам — естіген едім. Былай болыпты: "Ертеде бір қысасқан зұлым қағып өмір сүріпті. Өлгеннен кейін артында еске аларлықтай бірде-бір ізгілікті іс қалмайды. Сайтандар оны ұстап алып, дозақтың отына тастайды. Мұны көрген соң жебеуші-періштесі құдайға құлақ қағыс ету үшін оның өмірде қандай жақсылық істегенін есіне түсірмекші болады. Есіне түсіргесін ол құдайға барып: бұл әйелдің бір күні бақшадан пияздың бір тал сабағын жұлып алып, қайыршыға бергені бар еді, — дейді. Сонда құдекең оған былай деп жауап беріпті: онда сен пияздың сондай бір тал сабағын анау от боп жанған көлде жатқан оған сөз, содан ұстап сыртқа шығуға тырмысып көрсін, егер сен оны дозақтың отынан алып шыға алсаң, мейлі ол ұжмаққа бара берсін, ал егер пияздың сабағы үзіліп кетсе, онда сол жерде қалады. Періште дозақтағы әйелге жүгіріп барып, оған пияздың бір тал сабағын созады: Әй, қатық мә дейді, осы бір тал сабақтан ұстап шығуға тырмысып көрші. Сөйтіп, періште әйелді ақырындап өзіне қарай тарта береді, тіпті сүйреп шығаруға да жуықтайды, алайда, осы сәтте оны сүйреп шығарып жатқанын көрген басқа күнәкарлар дозақтан онымен бірге шығып кету үшін оның аяғынан жармаса кетеді. Нағыз қысас болғандықтан қатын оларды бастан төбе бастайды: Ол сендерді емес, мені сүйреп жатыр, бұл сендерді емес, мені алып шығуға созылған пияздың сабағы". Әйел ауыз жиғанша пияздың сабағы үзіліп кетеді. Әйел лапылдаған көлге қайта құлап түседі, ол содан бері дозақтың отында жанып жатса керек. Жылап жіберген періште еңбегі еш болып қайтып кетеді". Ол ертегі міне осы, Алеша, мен оны жаттап алғам, өйткені дәл сол қысас қатын мына менмін. Ракиткаға мен пияздың сабағын созғанмын деп мақтандым, ал саған мүлде басқаша айтайын: менің ғұмыр бойғы көрсеткен ізгілігім осы бір тал пияз сабағын созу секілді. Ендеше, Алеша, мен сенің мына марапатыңа татымаймын, мені ізгі жан деп санама, мен қысас, барып тұрған қырсық әйелмін, мақтадым дегенше, мені өлердей ұялттым де. Эһ, сырымды ақтарған соң толық ақтарайын. Тыңдағын, Алеша: сені уысыма түсірсем екен деп құштарланғаным, сол үшін Ракиткаға талақша жабысқаным сонша, егер оны маған ертіп келсең, менен жиырма бес сом сыйлық аласың деп оған уәде де бердім. Тоқта, Ракитка, тұра тұр! — Грушенька тез басып үстелге барып, суырмадан әмиәнін алды да, одан жиырма бес сомдық қағаз ақшаны шығарды.
— Мынауың не! Сұмдық қой! — деп айқайлап жіберді абыржыған Ракитин.
— Мә, Ракитка, міне ақың, бас тарта қоймассың деймін, өзің сұрап едің ғой... — Сөйтіп, ақшаны оған лақтырып жіберді.
— Ақшадан безіп не бопты, — деп гүж етті ұялғанын сездірмеу үшін қасақана өжетсіген Ракитин, — ауызға өзі келіп түскен ырзық емес пе бұл ақымақтар болмаса, ақылдылар қалай күн көрер еді.
— Болсаң, енді үндеме. Ракитка, менің айтатын сөзім бар, ал сен құлағыма алтын сырға деп отыра бересің. Ана бұрышқа барып үндемей отырасың, сен бізді жақтырмайсың, сондықтан үніңді шығарма.
— Мен сендерді не үшін жақсы көруім керек? — деп Ракитин кіржің етті, іштегі ашуын ашық сездіріп. Ол жиырма бес сомдықты қалтасына сүңгітіп жіберген, сол үшін Алешадан қысылып барады. Ол тиесі ақысын Алешаға сездірмей кейін алармын деп ойлаған еді, енді оның алдында масқара болғанына ызаланып отыр. Грушеньканың қағыта бергеніне қарамастан, Ракитин осы сәтке дейін оған онша өршелене бермегенді жөн көрген, өйткені оның бұған қандай да бір өктемдігі бары айқын еді. Бірақ, енді ол да ашуға басты:
— Біреуді жақсы көрудің желеуі болмаушы ма еді, ал сен екеуің маған қандай қайырым қылдыңдар?
— Ал сен мына Алеша сияқты жайдан-жай сүй.
— Оның саған неге емешесі құриды, оны аузыңнан тастамайтындай, саған ол не істеп еді?
Бөлменің қақ ортасында тұрып, қызбалана сөйлеген Грушеньканың даусынан ызалы әуен сезілген еді.
— Үніңді шығарма, Ракитка, біз жайында сен түк те түсінбейсің! Сонсоң, бұдан былай маған сен дегеннен тыйылатын бол, олай сөйлескеніңе көне алмаймын, саған ондай өжеттік қайдан келді, білдің бе! Онан да бұрышқа бар да, менің малайымша үндемей отыратын бол. Ал енді, Алеша, шынайы шындықты бір өзіңе ғана ашайын, менің қандай мақұлық екенімді сонда көре жатарсың! Ракиткаға емес, саған айтамын. Сені жыланша арбап алғым келгені рас, Алеша, бұл имандай шыным, сөйтуге тәуекел етіп едім; құштарланғаным сондай, оны ертіп келсең ақша берейін деп Ракиткаға жалындым. Неге құмартты дейсің ғой? Сен, Алеша, түк те сезбедің, менен теріс айналдың, төмен қарай өтe шығасың, ал мен бейбақ саған көзімді жүз мәрте сатқан шығармын, жұрттың бәрінен сен жайында сұрастыра бастадым. Ақ жүзің жүрегімде қалды: "Мені жек көреді білем, маған тіпті қарағысы да келмейді" деп ойладым. Ақырында: "сондай балақаннан неліктен қорқам?" деп өзіме-өзім таңырқайтынды шығардым. Мен оны сол күйі қақшып тастап. күліп отырмаймын ба? Әбден ызаландым. Нанасың ба: Аграфена Александровнаға арам оймен келеді деп тірі жан айта да, ойлай да алмайды: менің мұнда бір шалым ғана бар, мені соған қосақтаған, соған сатқан, ол екеуміздің некемізді сайтан қиған болатын, бірақ басқа ешкімді жаныма жуытқан емен. Әйтсе де, сені көргенімде: мынаны қақшып тастауым керек шығар деп шештім. Қақшып алып, қарқылдап күлемін дедім. Менің қабаған иттей ызақор екенімді көремісің, ал сен ғой мені әпке деп атадың! Енді міне маған баяғы жәбірлеушім келе жатыр, мен оның хабарын күтіп отырмын. Жәбірленудің зардабы қандай болғанын білсең ғой? Бес жыл бұрын Кузьма мені осында алып келгенде — ешкім көрмесін, естімесін деп — жұрттың көзіне түсуден қорықтым, әлжуаз, зердесіз басым күндіз-түні жылап-еңіреумен болдым. Атар таңды көзден атқызып: "Қазір жәбірлеушім қайда жүр екен? Басқа бір әйелді құшақтап жатып, сірә, маған күлетін шығар-ау, әттең оны бір көретін күн туса ғой шіркін: оның сазайын берер едім, есемді қайтармай тынбас едім!" деп ойладым. Қараңғы түнде жастықты көз жасына бұлап, осының бәріне ойланып-толғанып, ет жүрегімді қасақана қарс айырып, ашу-ызаға берілемін: "Оның ба, оның сазайын берер едім!" деп кіжінемін. Қараңғыда айқайлап жіберуші едім. Сонан соң оған ештеңе істей алмайтыным, ал оның мені мазақ ете беретіні, бәлкім, мені тіпті мүлде ұмытқаны кенеттен есіме түскенде, төсектен еденге домалап түсіп, ағыл-тегіл еңіреп, таң атқанша дірілдеп-қалшылдап жерде жатушы едім. Азанда қолымнан келсе аспанды түсіріп жіберетіндей болып ашуға булығып тұратын едім. Содан кейін не істеді дейсің ғой: байлық жинауға кірістім, мейірімсіз қатал болдым, көнбедім — не, маған ақыл қосылды деймісің? Әсте олай емес, түн қараңғысы түскеннен кейін, бес жыл бұрынғы әлжуаз қыз кезімдегідей, кейде төсекте жатып тісімді шықырлатып, таң атқанша жылап шығамын, бірақ мұны ешкім көрген жоқ, ешкім білген емес; "Әттең дүние-ай, оның сазасын бере алам ба, жоқ па!" деп ойлаймын. Бәрін естіп отырмысың? Онда менің мына қылығымды қалай түсінесің: осыдан бір ай бұрын ойда-жоқта әлгі хаты келді: келе жатыр екен, жесір қалыпты, менімен көріспекші. Тәңірім-ау, сондағы айран-асыр болғанымды көрсең ғой: келгеннен кейін ысқырып қап шақырғанда-ақ мен оған басына таяқ тиген, кінәлі күшікше құйрығымды бұлғаңдатып жүгіріп барар едім! Осылай ойласам да, өзіме-өзім сенбеймін: "Мен арамзамын ба, әлде арамза емеспін бе, оған жүгіре жөнелем бе, әлде тапжылмай қалам ба? Осы бір ай бойы өзіме-өзім бұдан бес жыл бұрынғыдан да жаман өшігіп алдым. Саған бар шындықты ақтарып салдым, Алеша, менің қандай өжет, қандай қайсар екеніме енді көзің жеткен шығар! Анаған жүгіре жөнелмейін деп Митямен көңіл ауладым. Сен үндеме, Ракитка, менің төрешім сен емес, саған айтып отырғам да жоқ. Ілкіде, сендер келердің алдында хабар күтіп, ойға батып, тағдырымды бағдарлап жатыр едім, жүрегімді тебіренткен сезімді сендер еш уақытта біле алмайсыңдар. Жоқ, Алеша, менің бұрнағы күнгі қылығыма ол ренжімесін, сен осыны бикешіңе айта баратын болшы!.. Менің қазіргі көңіл-күйімді бұл жалғанда тірі пенде білмейді және біле де алмайды... Сондықтан мен, бәлкім, бүгін онда қойныма пышақ сала барармын, бірақ, әлі тоқтамға келгем жоқ...
Осы "аянышты" сөзі аузынан шығуы мұң екен, шыдамаған Грушенька сөзін аяқтай алмады, ол қолымен бетін басып, дивандағы жастыққа қисая кетіп, жас балаша еңіреп жылады. Алеша түрегеліп, Ракитинге жақындап барды.
— Миша, ашуланба, — деді ол — Оған өкпелесең де, ашуланбай-ақ қой. Жаңағы сөзін естідің ғой. Адамның жан дүниесін жөнсіз қинай беруге болмайды, рақымшылдау болу керек...
Алеша жүрегі алып ұшып сөйлеген. Оның іштегі ойын сыртқа шығаруы керек-ті, Ракитинмен сөйлескені содан-ды. Егер ол болмаса, жалғыз өзі тұрып сөйлер еді. Бірақ, Ракитин келемеждей қараған соң, Алеша кілт тыйыла қалды.
— Марқұм пірәдардың бағанағы әсері ғой бұл ширығуың, маған шүйлігуің де содан, Алешенька, құдайдың құлы, — деді өштескен кекесінмен Ракитин.
— Күлме, Ракитин, кекетпе, марқұмды аузыңа алып қайтесің: жер басып жүрген жұмыр бастылардың ішінен одан асқақ тұрғаны болған жоқ! — деп айқайлады Алеша жыламсырап. — Сенімен сөйлескенде кесік айтатын төреші болайын дегем жоқ, қайта, өзімді айыпкерлердің ішіндегі ең жексұрыны сияқты сезіндім. Оның алдында мен кіммін сонша? Мен мұнда мерт болайыншы деп келгем, "Мейлі, күл болмаса бүл болсын!" дегем — бұл менің жасықтығымнан еді, ал ол бес жылғы қайғы-қасіреттен кейін бәз біреу оған бірінші боп келіп, ақиқат сөзін айтып еді, — бәрін кешіріп, бәрін ұмытты, әне жылап та жатыр! Жәбірлеушісі қайта оралып, оны шақырып жатыр, бұл оған бәрін кешірді, қуанғаннан оған жеткенше ынтық, енді қойнына пышағын сала бармайды, өйтпейді! Жоқ, мен ондай емеспін. Миша, сен ондайсың ба, жоқ па — білмеймін, әйтеуір өзім ондай емеспін! Бұл тағылымды мен бүгін, жаңа ғана алдым... Грушенька өзінің махаббатымен бізден биік тұр... Оның жаңағы айтқан ойын сен одан бұрын естіп пе едің? Жоқ, естіген жоқсың; егер естісең, бәрін әлдеқашан түсінер едің... мұны бұрнағы күні өкпелеп қалған анау бикеш те ұғып алсын! Естіп білсе, ол кешіреді... естіп біледі де... Оның жан дүниесі әлі көндігіп үлгерген жоқ, оны аяу керек... мұндай адамның жан дүниесінде асыл қазына жатуы мүмкін.
Тынысы тарылып кеткендіктен Алеша үнсіз қалды, Ракитин ішін ыза кернесе де таңырқай қарады. Ол момақан Алеша тап бұлайша сайрар деп еш уақытта ойламаған.
— Мынаның қорғаштай қалуын! Немене, сен өзің ғашық болудан саусың ба? Аграфена Александровна, сен оны арбап тастасаң керек, тақуамыз саған шынында да ғашық боп қапты! — деп Ракитин арсыз күлкіге басты.
Грушенька жастықтан басын көтеріп, Алешаға іші-бауыры елжіреп күлімсірей қарағанда, ілкідегі көз жасынан бұлаудай беті лезде бір түрлі нұрланып кетті.
— Алеша, сен үндемей-ақ қой, періштем-ау, оның қандай кісі екенін көрмеймісің, сөзіңді шығын қылма. Михаил Осипович, — деді ол енді Ракитинге қарап, — сені ғайбаттағаныма кешірім сұрайын деп едім, енді бұл ниетімнен айныдым. Алеша, бері қарай жақындашы, мында отыршы, — деді жарқын күлімсіреген Грушенька оны өзіне шақырып, — міне былай, мына жерге отыр да (ол Алешаны қолынан алып, бетіне жымия қарады), мынаны айтшы: мен ананы сүйем бе, жоқ па? Жәбірлеушімді сүйем бе, жоқ па? — жауап берші. Сендер келгенше қараңғы бөлмеде жатып: оны сүйем бе, жоқ па? — деп жүрегімді тергеумен болдым. Алеша, осы жұмбақты маған енді өзің шешіп бересің, мезгілі жетті; сен қалай десең, солай болады. Оны кешірейін бе, жоқ па?
— Сен оны кешірдің ғой, — деді Алеша күліп.
— Шынында да кешірдім емес пе, — деді Грушенька ойлы пішінмен. — Неткен қара жүректік еді! Қара жүректігім үшін! — ол кенет үстелден құюлы тұрған шампанды алып сіміріп салды да, бақалды жоғары көтеріп жерге бір-ақ соқты. Бақал күл-пәршасы шығып сыңғыр етті. Оның күлімсіреген жүзінен нендей бір қаталдық нышаны белгі берген еді.
— Бәлкім, әлі кешірмеген шығармын, — деді ол бір түрлі өктем үнмен, өзімен-өзі сөйлескендей көзін төмен салып. — Мүмкін, жүрегім оны кешіруге енді ғана ыңғайланып жатқан шығар. Жүрегіммен әлі де арпалысамын. Көресің бе, Алеша, бес жыл бойғы көз жасым өзіме бек ұнайды... Кім біледі, мен оны емес, өзімнің сол жәбірленген күйімді ғана жақсы көретін болармын!
— Жоқ, оның халін менің басыма бере көрмесін! — деп ысылдады Ракитин.
— Қорықпай-ақ қой, Ракитка, сен оның халіне еш уақытта түспейсің. Сен маған башмақ тігесің, Ракитка, мен сені міне осындай жұмысқа салып қоямын, мендей әйелге сенің қолың жетпейді еш уақытта босқа дәмеленбе... Мүмкін, оның да қолы жетпес...
— Оның да қолы жетпей ме? Онда неге сәнденіп отырсың? — деп кекетті Ракитин.
— Сәнденгенімді бетіме баспа, Ракитка, менің адуын жүрегімді сен әлі білмейсің ғой! Ерегіссем, сәнді киімімді жұлып тастаймын, қазір, табан астында шешіп лақтырамын, — деп айқайлап жіберді ол — Ракитка, менің неге сәнденгенімді сен қайдан білесің! Бәлкім, мен оның алдынан шығып: "Сен менің қандай болғанымды көріп пе ең, көрмеп пе ең?" — деп сұрармын. Ол мені он жетімде, екі көзіме ғана әлім жеткен әлжуаз, көкірек ауру кезімде тастап кеткен. Мен оның іші-бауырына кіріп, арбап алып, құмарландырамын да:
— "Менің қандай болғанымды көрдің бе, ендеше, мархабатты тақсыр, аузыңнан сілекейің шұбырып, сорлаған күйі қала бер!" — деймін, неге сәнденгенімнің сыры міне осында, Ракитка, — деді Грушенька зілді мысқылмен. — Алеша, мен долымын, қайсармын. Үстімдегі киімімді дал-дұл ғып жыртып, өзімді-өзім зақымдап, екі бетімді шиедей қылып, адам көргісіздей еткен соң қайыр тілеп кету маған түк емес. Ерегіссем, тіпті ешқайда, ешкімге де бармаймын, ерегіссем, Кузьманың сыйлаған барлық бұйымдарын, барлық ақшасын ертең-ақ қайтарып беріп, өмір бойы күң боп өтуге бармын! ...Немене, Ракитка, мұны істей алмайды, бұған батылдығы жетпейді деймісің? Жоқ, істегенде қандай, ерегіссем, тіпті қазір істеймін, тек жыныма тимеңдерші... ал ананы қуып жіберем, өзінің істегенін алдына келтірем, маған қолы жетпейді оның!
Соңғы сөздерін айтқанда дірілдеп-қалшылдап Грушенька тағы да шыдай алмады, ол бетін басып, жастыққа құлай кетіп, тағы да ағыл-тегіл еңіреп жылады. Ракитин түрегелді.
— Кетейік, енді кешіксек монастырьға кіргізбей қояр, — деді ол.
Грушенька қалай атып тұрғанын сезбей де қалды.
— Сен де кетпексің бе, Алеша, қалмайсың ғой! — деді қапаланған ол таңырқаған пішінмен, — бұл не қылғанын: жан дүниемді соншама тебірентіп азапқа салып, енді кетіп бара жатқаның қалай, мына қараңғы түнде тағы да жалғыз өзім қалғаным ба!
— Ол сенің жаныңда қонып қала алмайды ғой? Ал егер қаламын десе — мейлі! Мен жалғыз өзім де қайта аламын! — деп кекете әзілдеді Ракитин.
— Жап аузыңды, қара ниет неме, — деп зекіді оған Грушенька ашулы үнмен, — оның осында келіп айтқан сөзін сен маған еш уақытта айтқан емессің.
— Ол саған соншама не деп еді? — деп міңгірледі ашынған Ракитин.
— Білмеймін, оның маған не дегенін тіпті анықтап айта да алмаймын, бірақ, ол мені тебірентті: мұз боп қатқан жүрегімді жібітті... Маған бірінші болып жаны ашыды, білесің бе, бірінші боп! Періштем-ау, маған ертерек неге келмедің — деп қапаланған ол Алешаның аяғына жығылды. — Сен сияқты біреуді мен өмір бойы күттім ғой, өзіңдей біреу келіп, менің күнәмді кешіретінін білдім ғой мен. Жаман атымды былай қойып, мендей сұмпайыны да біреудің сүйетіндігіне сендім!..
— Мен саған сонша қандай жақсылық істедім? — Алеша іші-бауыры елжіреп күлімсіреген күйі еңкейіп, ақырын ғана оның қолынан ұстап жауап қатты, — саған пияздың сабағын, бір тал сабағын ғана создым ғой, не бары осы ғана!
Осыдан кейін Алешаның өзі жылап жіберді. Осы мезетте сенектен әуелі шу шықты, сосын біреу кіргендей болды; Грушенька зәресі ұшып атып тұрды. Бөлмеге бақырып-шақырып Феня жүгіріп кірді.
— Бикеш, қалқатай, бикеш, эстафет келді! — деп шаттана айқайлап жіберді ентіккен қыз. — Сізді алып кетуге Мокроедан ат жіберіпті, жәмшік Тимофей тройкамен келіп тұр, қазір аттарын ауыстырады... Хат, хат, бикеш, міне хат!
Шыжалақтаған Феня қолындағы хатты төбесіне көтеріп, бұлғай берген еді. Грушенька хатты оның қолынан жұлып алып, шырағданға жақындатты. Бір жапырақ қағаздағы бірнеше жолды ол лезде оқыды.
— Шақырып жатыр! — деп айқайлағанда оның өңі бозарып, зарлы күлкіден сиқы бұзылып кеткен еді, — әне ысқырды! Тезірек жүгірсеңші, күшігім!
Алайда, ол бір сәтке ғана қобалжып тұрып қалған; сонан соң, қаны басына теуіп, екі беті алаулап шыға келді.
— Мен кеттім! — деді ол кенеттен. — Қайран бес жыл өмірім! Қош болыңдар! Алеша, қош бол, жазмыштан озмыш жоқ деген... Ал кетіңдер, енді бәрің де кете беріңдер, енді көрмегенім сендер болсын!.. Грушенька жаңа өмірге қанат қақты... Ракитка, сен де cөгe жамандамассың. Мүмкін, мені ажал түрткен шығар! Уһ! Мас кісі сияқтымын!
Ол кенет бұларды тастап, жатын бөлмесіне жүгіріп кірді.
— Енді оның бізбен сөйлесуге мұршасы келмейді! — деп күбірледі Ракитин. — Кеттік, әйтпесе тағы да әйелдердің бақырып-шақырғанына тап болармыз, мен жылап-еңіреген шудан мезі болдым...
Алеша да қарсылық етпей, онымен бірге далаға шықты. Аулада тарантас тұр екен, қолына панар ұстаған біреулер аттарды доғарып асығып жүр. Ашық қақпадан ауыстырып жегетін тың тройканы әкеле жатыр. Алеша мен Ракитин баспалдақтан енді ғана түскен кезде, Грушеньканың жатын бөлмесінің терезесі ашылып, Алешаның соңынан айқайлаған дауыс естілді:
— Алешечка, ағаңа, Митенькаға менен дұғай сәлем айта бар, оған мені, өзінің жауыз бикешін, cөгe жамандамасын деп айтты дерсің. "Грушенька, сендей ізгі жанға бұйырмай, бір сұмырайдың етегінен ұстап кете барды!" деген сөзімді де жеткізгейсің. Сонан соң, Грушенька оны бір сағат, не бары бір-ақ сағат сүйген болатын, бірақ, ол сол бір сағат уақытты өмір бойы ұмытпайтындай етіп сүйгенін де қоса айтарсың!..
Ақырында, ол еңіреп қоя берген еді. Терезе сарт етіп жабылды.
— Һм, һм! — Ракитин күлімсірей міңгірледі, — ағаң Митеньканы ол тірідей өлтірді, оның үстіне өмір бойы ұмытпасын дейді. Неткен зұлымдық!
Алеша ешбір жауап қатпады, оның не дегенін анықтап естіген де жоқ; ол Ракитиннің қасында, бір жақта жанталасқандай, асыға басып келе жатқан; есеңгіреген кісіше, аяғын қалай басқанын да сезбеген. Ракитин бітпеген жарасының беті тырналғандай, кенет тітіркеніп қалды. Бағана Алешаны Грушенькаға ертіп келгенде, ол басқа жағдайды күткен еді; енді бәрі оның ойындағыдан мүлде өзгеше болып шыққанын қарашы.
— Ол бір поляк қой, оның әлгі офицері, — деп Ракитин тағы да сөз бастады салмақты үнмен, — қазір ол тіпті офицер де емес, Сібірде, Қытаймен шекарада бір жерде кеден шенеунігі болған, сүмелек поляксымақ қой деймін. Қызметсіз қалыпты деседі. Ол қазір Грушеньканың ақшасы барын естіген ғой, сірә, сосын қайта оралған — бар ғажайып міне осы ғана.
Алеша тағы да анық естімеген еді. Ракитин шыдамай кетті:
— Немене, күнәһарды түзете алдың ба? — деп ол Алешаға ызалана күлді. — Адасқанды ақиқат жолына түсіре алдың ба? Жын-шайтан атаулыны аластадың ба, а? Бағанағы күткен ғажайыптарымыз міне қайдан жарқ етіп шықты!
— Қойшы, Ракитин, — деді жаны күйзелген Алеша.
— Сен мені бағанағы жиырма бес сом үшін "жек көресің бе?" Шын досыңды сатып кеттің дейсің ғой. Немене, сен Христос та, мен Иуда ма едім сонша.
— Ah, Ракитин, нансаң, мен оны әлдеқашан ұмытқам, — деп айқайлап жіберді ол кенеттен — есіме салып тұрған өзің емес пе?..
Бірақ, Ракитин, енді біржола ашуға мінді.
— Осынша қара бастырғанын қарашы мені! — деп күңкілдей жөнелді ол, — сайтан түртіп, сенімен байланысатын нем бар еді! Енді сені желкемнің шұқыры көрсін! Мен өз жөніме кетемін, сенің жолың әне!
Сөйтіп, ол Алешаны қараңғы түнде жалғыз қалдырып, басқа көшеге бұрылып кете барды. Алеша шаһардан шығып, монастырьға қарай бет түзеген еді.
IV
ГАЛИЛЕЙДЕГІ КАНА ШАҺАРЫ
Алеша мінәжатханаға жеткенде монастырьда тым кештеу мезгіл еді; күзетші оны басқа есіктен кіргізді. Сағат тоғызды соққан — күні бойғы беймазадан кейін жұрттың бәрі бір сәтке дамылдап, тынығып жатқан сәт болатын Алеша есікті ептеп қана ашып, марқұм пірәдардың табыты қойылған құжыраға кірді. Онда табыт басында жападан-жалғыз Інжілді сарнатқан Пансий пірәдар мен өткен түнгі мәслихаттан, одан кейін күндізгі әбігерден әбден қалжырап, екінші бөлмеде еденде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан жас мүрит Перфирийден өзге тірі пенде жоқ-ты. Пансий пірәдар Алешаның кіргенін естісе де, оған бұрылып та қарамады. Алеша есіктің оң жағындағы бұрышқа қарай барып, тізерлеп тұрып дұға оқуға кірісті. Оның жан дүниесі қатты тебіренулі еді, бірақ бәрі біртүрлі көмескілеу секілді, бірде-бір сезімі анық білініп, өзгелерінен ерекшеленбеген, қайта керісінше, көкірегінде біркелкі, баяу алмасқан сезімдер бірін-бірі ығыстыра беретіндей. Алайда, мұның өзі оның жанына жағатын секілді, ғажабы, Алеша бұған таңданбады. Бағанағы табыт пен өзіне қымбат адамның айнала қымтай жабылған мәйіті тағы да оның көз алдында тұрған еді, бірақ, ол бұл жолы өзін азандағыдай қамықтырып, жанын күйзелтіп, азапқа салған аяныш сезімі билегенін байқаған жоқ. Ол табыттың алдына барып тағзым еткенде, бейне қасиетті аруаққа бас ұрғандай болып, ой-санасы мен жүрегіне қуаныш нұры құйылған еді. Бір терезені ашып тастапты, ауа таза, салқын — "демек, егер терезені ашып қойса, онда мәйіттің иістенуі күшейгені ғой", — деп ойлады Алеша. Бірақ, күндіз сондай сұмдық, сондай абыройсыздық боп көрінген сасық иіс туралы ой енді оның санасында бағанағыдай мұңлы, реніш сезімін тудырған жоқ. Ол күбірлеп дұға оқи бастады, алайда, көп кешікпей-ақ ойланбастан судыратып жатқанын сезді. Оның жан сарайында үзік-үзік ойлар қылтыңдап, жұлдызша жарқ етіп тұтанып, қайта сөніп, бірін-бірі қуалап жатты, бірақ, мұның есесіне біртұтас, берік, мейір қандыратын бірдеңе жанына сая болғандай еді, мұны ол өзі де сезген. Марқұмның аруағына дән ризашылығы мен сүйіспеншілігін білдіруге ынтыққаны сондай, кейде тіпті дұғасын шабыттана оқи бастаған... Алайда, оқи бастағаннан кейін, кенет басқа бірдеңеге ауысып кетіп, ойға батып, дұғасын да, оның қай тұста үзілгенін де ұмыта берді. Сонсоң, Пансий пірәдардың Інжілден оқыған бейітіне құлақ салайын деп еді, бірақ, қатты қажығандықтан, ақырын қалғып кетті...
"И в третий день брак бысть в Кане Галилейстей, — деп оқыды Пансий пірәдар, — и бе мати Иисусова ту. Зван же бысть Иисус и ученицы его на брак".
'"Сөйтіп, үшінші күні Галилейдегі Кана шаһарында неке тойы өтуге тиісті еді, — деп оқыды Пансий пірәдар. — Онда Иисустың анасы да болуы керек-ті. Иисус пен оның шәкірттерін де сол тойға шақырған".
"Некелесу дей ме? Бұл не... некелесу... Грушенька да өзінің бақытын іздеп кетті... тойға кетті... Жоқ, ол пышақ алған жоқ, пышақ алып кеткен жоқ... Ол тек "бейшаралық" сөз болатын... Ал, ондай сөздерді қалай да кешіру керек. Бейшаралық сөз жанға жұбаныш... Онсыз адамдардың қайғы-қасіреті жеңілдемес еді. Ракитин шолақ көшеге кетті. Өзінің өкпе-назын ойлай берсе, ол һәманда шолақ көшеге кете беретін болады... Ал жол ма... Үлкен, тура жол, жап-жарық, мөп-мөлдір, ақырында күннің сәулесі... А?.. Нені оқып жатыр?"
"... И не доставшу вину, глагола мати Иисусова к нему вина не имут..." деп естілді Алешаға.
"Ah иә, бұл жерін тастағым келмесе де, тастап кетіп барады екем ғой, мен осы тұсын ұнатамын: Галилей жеріндегі Кана ғой, бірінші ғажайып бұл... Аһ, бұл ғажайып қой, аһ бұл бір керемет ғажайып қой! Христос алғашқы ғажайыбын көрсеткенде, ол жұрттың қайғы-қасіретіне емес, қуанышына келген болатын, адамдардың қуанышына жәрдемдескен... "Кімде-кім адамдарды сүйсе, ол олардың қуанышын да жек көрмейді..." Марқұм ағуасында осы сөздерді сәт сайын қайталаушы еді, бұл оның ең басты ойларының бірі болатын... Қуанышсыз өмір сүруге болмайды, дейді Митя... Иә. Митя... Ақиқат, ғажап нәрсенің бәрі һәманда кешірімшілдікке толы — мұны да ол айтқан-ды".
"... Глагола ей Иисус: что сеть мне у тебе, жено; не у прииде час мой. Глагола мати его слугам: еже аще глаголет вам, сотворите".
"Істеңдер... Қуаныш, қайсыбір кедей-кепшіктердің, мүлде жұтаған адамдардың қуанышы... Егер тіпті үйлену тойында да шарап жетпесе, онда, әрине, кедей адамдардың... Ол кезде Ганисарет көлінің жағасы мен сол маңайдың бәріне нағыз қара қасқа кедей, әбден жұтап біткен халық мекендеген деп тарихшылар жазып жатқан жоқ па... Сол жердегі екінші бір кемеңгер жанның — анасының асыл жүрегі онда ол көктен түскенде өзінің керемет ұлы ерлігін көрсету үшін ғана түспегенін, оны өздерінің жұпыны ғана неке тойына ықыласпен шақырған қайдағы бір қараңғы, надан, аңғал жандардың ақ көңілді қарапайым қуанышын баласының жүрегі ұға алатынын білген ғой. "Менің сәт сағатым әлі туған жоқ".
'"...Шарап таба алмаған соң, Иисустың анасы оған: шарап жоқ..." — деп естілді Алешаға.
Иисус ол әйелге былай дейді: менің сенде ешқандай шаруам жоқ; менің сәт сағатым әлі туған жоқ. Анасы оның малайларына былай дейді: егер сіздерге тағы да айтса, істеп берерсіздер" — дейді ол ақырын жымиып (ол оған қалай да жымиып күлген)... Шынында да: жарлының жұпыны тойында шарапты ағыл-тегіл ету үшін ғана жерге түскені ме оның? Міне, ол анасының өтініші бойынша барып, бәрін істеген жоқ па... Аһ, пірәдар тағы да оқып жатыр".
"... Глагола им Иисус: наполните водоносы воды, и наполниша их до верха.
И глагола им: почерпите ныне и приниситс архитриклинови, и принесоша.
Якожс вкуси архитриклии вина бывшего от воды, и не видяще, откуду сеть: слуги же ведяху почерпшии воду: пригласи жениха архитриклин.
И глагола ему: всяк человек прежде доброе вино полагает, и егда упиются, тогда хуждшее: ты же соблюл сеи доброе вино доселе".
Содан кейін оларға тағы былай дейді: қазір толтырып алыңдар да, архитриклинге алып барыңдар.
Шараптың дәмін татып көргеннен кейін архитриклин қара судың қалай шарапқа айналғанына қайран қалады: ал құмыраны суға қалай толтырғандарын малайлар біледі емес пе: архитриклин жігітті шақыртады.
Содан соң оған былай дейді: кез келген кісі жақсы шарап шығар деп ойлап, оны һәманда сіміріп салады, онда жаман болғаны; ал егер шарап осыған дейін жақсы болса, онда сенің тәртіп сақтағанын".
"Әйтсе де, бұл не, бұл не? Бөлменің кеңейіп бара жатқаны несі... Аһ иә... бұл некелесу, үйлену тойы емес пе... иә, әрине. Міне, қонақтар да келген, жас жұбайлар да отыр, көңілді тобыр және... данагөй архитриклин қайда екен? Бірақ мынау кім? Кім болды екен? Бөлме тағы да кеңейді... Ана жақта үлкен үстелдің басынан түрегеп жатқан кім? Бұл қалай... Ол да осында болғаны ма? Ол табытта жатқан жоқ па еді... Алайда, мұнда да келген... түрегелді, мені көрді білем, осы жаққа келе жатыр... Құдай сақтай гөр!.."
Иә, бетін ұсақ әжім басқан, тоқпақтай арық шал ақырын ғана, көңілді күлімсіреп, оның қасына келді. Табыт ғайып болған шалдың үстінде кеше құжырасына мәслихатқа жиналғанымызда киіп отырған киімі. Жүзі жайдары, көзі нұрланған. Демек, оның да Галилейдің Кана шаһарындағы үйлену тойына шақырылғаны ғой...
Сонсоң Иисус оларға былай дейді: құмыраларыңды суға толтырыңдар, шүпілдетіп алыңдар.
— Мен де осындамын, жарқыным, мені де тойға шақырды, — деген баяу дауыс естілді дәл төбесінен. — Мұнда неге тығылып отырсың, көрінбегенің не... біз отырған жаққа жүрсеңші.
Соның даусы, Зосим пірәдардың даусы бұл... Мені одан басқа кім шақырушы еді? Пірәдар қолынан тартып еді, тізерлеп отырған Алеша түрегелді.
— Көңіл көтеріп жатырмыз, — деді тыртиған арық шал сөзін одан әрі сабақтап, — жаңа шарапты, жаңа, ұлы қуаныштың шарабын ішіп жатырмыз; көресің бе, қанша қонақ жиналған? Әне жігіт пен қалыңдық, өне жаңа шараптың дәмін татып данагөй архитриклин отыр. Маған неге таңырқадың? Мен пияздың бір тал сабағын созған едім, тойда отырғаным содан. Осындағылардың көбі тек бір ғана тал сабағын, пияздың бір тал кішкентай сабағын ғана созғандар... Біздің ісіміз бе? Момақан, момын балақаным менің, бүгін сен де бір ынтызар әйелге пияздың бір тал сабағын өз қолыңмен соза алдың. Бастай бер, жарқыным, өз ісіңді бастай бер, момақаным!.. Біздің жарық сәулемізді көремісің, оны көремісің?
— Қорқам... қарауға дәтім жетпейді... — деп күбірледі Алеша.
— Бекерге қорқасың. Ол біздің алдымызда өзінің ұлылығымен айбынды, асқақ биіктігімен қаһарлы көрінсе де, оның қайырымдылығында шек жоқ, егер бізге ұқсап күліп-ойнап арамызда отырса — бұл оның бізді сүйгендігінен, қонақтардың қуанышы толастамасын деп қара суды балдай шарапқа айналдырды, ол тағы да қонақтардың келуін күтуде, жаңа қонақтарды енді мәңгі бақиға үзіліссіз шақыра береді. Әне жаңадан шарап әкеле жатыр, көресің бе, құмыра көтерген..."
Алешаның жүрегінде бірдеңе күйіп-жанып, лезде әлдене ішін кернегендей болып, жанын сүйсіндірген қуаныштап көз жасы ыршиын деген еді... Ол қолын созып айқайлап жіберіп, оянып кетті...
Алдында тағы да табыт тұр, терезе ашық, Інжілді баяу, мақамдап, ежіктеп оқып тұр. Бірақ, Алеша нені оқып жатқанына құлақ қойған жоқ. Міне ғажап, тізерлеп тұрып қалғып кетіп еді, енді түрегеп тұр, сосын, бейне байлаудан босанғандай, үш аттап табытқа жетіп барды. Абайсызда Пансий пірәдарды тіпті иығынан қағып та кетті. Тақуа кітаптан көзін алып оған қарай беріп еді, алайда, жас жігіттің әлдеқандай бір халге түскенін сезген соң, сол сәтте қайта тайдырып әкетті. Алеша табытқа, онда қимылсыз созылып жатқан, басына сегіз құлақ кресі бар башлық кигізіліп, кеудесіне икона қойылған, үсті жабулы өлікке жарым минуттай қарап тұрды. Пірәдардың даусын ілкіде ғана естіп еді, оның лебізі құлағынан әлі кетіп үлгірмеген. Ол әлі де құлағын тігіп, бірдеңе деген даусын естігісі келген... бірақ ол кенет шұғыл бұрылып, құжырадан шығып жүре берді.
Алеша тіпті баспалдаққа да аялдамай тез төмен түсті. Тұла бойын қуаныш билеген ол еркіндікті, өз орнын, құлашын кең жаюды аңсаған еді. Қақ төбесінен төңкерілген шетсіз-шексіз, кең аспан күмбезінде жыпырлаған жұлдыздар жымыңдайды. Тас төбесінен сонау көкжиекке дейін созылып жатқан құс жолы әлі бұлыңғыр. Қимылсыз тынық, самал түн түскен жерге. Шіркеудің аппақ мұнаралары мен алтын күмбездері жарқырайды жақұттай аспанда. Үй алдындағы гүлзарда өскен күзгі ғажап әдемі гүлдер таңға дейін қалғып кеткендей. Жердегі тыныштық көктегі тылсыммен қосылып, жердің құпиясы көктегі жұлдыздардың құпиясымен табысқандай... Алеша тоқтап қарап тұрды, сосын кенет жерге қалпақтай ұшып түсті.
Ол жерді неге құшқанын білген жоқ, оны неге құшырлана сүйе бергісі келгенін де түсінбеген, бірақ, топыраққа көз жасын қол ғып төгіп, зар еңіреп жылап жатып жерді сүйе берген: жерді жақсы көруге, оны мәңгі бақи жақсы көруге шамырқана ант берген. Оның көкірегінде: "Қуанышта қара жерге көз жасыңды төгіп, сол көз жасыңды жақсы көргейсің..." — деген үн күмбір етті... Ол неге жылады? О, ол тіпті қуанғаннан, аспан тұңғиығынан жымыңдаған жұлдыздарды көріп жылаған және де "бұл шамырқануынан ұялмаған". Бейне тәңірінің осынау қисапсыз көп әлем атаулысының арқау жіптері нақ оның жан сарайына келіп түйісіп, басқа әлемдерге жанасқанынан бүкіл жан дүниесі қалтырап кеткендей болған еді. Ол жұрттың бәрін, барлығы үшін кешіргісі және өзі де кешірім сұрағысы келді, ол өзіне емес, бәрі үшін, барлығы мен баршасы үшін кешірім сұрағысы келді, ол "мен үшін басқалар кешірім сұрай жатар", — деп жатты бір дауыс тағы да оның жан сарайында. Алайда ол, осынау аспан күмбезі сияқты, берік һәм мызғымас бірдеңе өзінің жан дүниесіне біртіндеп түсіп келе жатқанын сәт сайын айқын, қаттырақ сезе бастаған. Оның санасына қандай да бір идея өмір бойына мәңгі бақиға ұялағандай еді. Жерге әлжуаз балаң жігіт күйі құлаған ол өмірінің ақырына дейін табанды күрескер болып түрегелді және де мұны тез, сол қуаныш сәтінде-ақ түсініп, сезді. Кейін Алеша бұл сәтті өмірінде еш уақытта ұмыта алмаған: "Сол сағатта менің жан сарайыма біреу кіріп шыққан еді", — деген ол кейіннен өзінің сөзіне кәміл сеніммен...
Үш күннен кейін ол монастырьдан кетіп қалды, мұны ол "дүнияуи тіршілікке көш" деген марқұм пірәдарының өсиетіне сай істеген еді.
СЕГІЗІНШІ КІТАП
МИТЯ
I
КУЗЬМА САМСОНОВ
Жаңа өмірге қанат қаққан сәтінде оған өзінің акырғы дұғай сәлемін "жолдап", оның бір мезеттік махаббатын ғұмыр бақи ұмытпауды аманат қып тапсырған Грушеньканың халі не болғанын білмегендіктен, Дмитрий Федорович мұнда қазіргі сәтте жаман абыржып, әбігерге түскен еді. Соңғы екі күнде ол миы қабынарлықтай ғаламат бір мүшкіл күй кешкен-ді, мұны ол кейін мойындаған да. Кеше таңертең Алеша оны іздеп таба алмаса, Иван онымен кездесем бе деп трактирде босқа отырған. Тұрған пәтерінің иелері, оның өзінің тапсыруы бойынша, оның ізін жасырған еді. Кейін тағы да оның өзі айтқандай, осы екі күнде ол "өзінің тағдырымен арпалысып, жансауға іздеп", басын тауға да, тасқа да ұрған. Грушеньканы бір минут та көзсіз қалдыруға болмайтындығына қарамастан, ол қауырт шаруасымен бірнеше сағатқа шаһардан кетіп қалып, бір жаққа тез барып та келген. Мұның бәрі соңынан тиісті қағаздармен бүге-шігесіне дейін толық анықталған жайттар, әзірге біз кенет оның басына бұлт айналдырған сұмдық алапат алдындағы осы екі қорқынышты күннің хикаяларынан тек ең қажеттілеріне ғана тоқталып өтпекпіз.
Грушенька оны бір сәтке жан-тәнімен, шын сүйгенімен, ал мұнысы рас-ты, кейде мұның өзі оны шынында да сұмдық азапқа салып, өлердей күйзелтіп те қоятын. Бастысы, оның ішкі пиғылынан ол ештеңе аңғара алмаған; мұны оған мүләйімсіп немесе күштеп айтқызу да мүмкін емес-ті: ол бұған әсте көнбес еді, тек ашуланып, бұдан мүлде теріс айналып кетер еді, Алеша мұны онда анық түсінген. Онда ол Грушеньканың өзі де іштей өзімен-өзі нендей бір арпалысқа түсіп, әлденеден қатты тартына беретіндігіне, бірдеңеге тәуекел еткісі келгенмен, бұған дәті жетпейтіндігіне өте дұрыс күдіктенген, сол себепті Митяның кейде талақша жабысқан құштарлығым үшін Грушенька мені тіпті жайдан-жай жек көруі де мүмкін-ау деп ойлағанда жүрегі тітіркенуіне барлық негіз бар-ды. Мүмкін, осылай да болған шығар, бірақ Грушеньканың нақ нені ойлап жабырқағанын, міне мұны ол қалай дегенмен түсінбеген. Оны азаптаған сауалдың мәні шындығында екі тұжырымға ғана келіп саятын: "Не мен, Митя, не Федор Павлович". Бірақ, осы арада бір айдап анық нәрсені атай кеткен жөн: Федор Павловичтің Грушенькаға заңды некеге отырайық деп айтпай қалмайтындығына (егер айтып та үлгермесе) ол кәміл сенімді еді, бірақ, қатынжанды қақбастың бас-аяғы үш мыңмен құтылатындығына ол бір минут те сенбеген. Мұндай қорытындыға Митя Грушеньканы және оның мінезін білгендіктен келген. Міне, сондықтан да оған кейде Грушеньканың іштей азапқа түсіп, әлденеден тартына беретін себебі — оның әкелі-балалылардың қайсысын таңдауды, өзіне сол екеуінің қайсысы тиімді болатынын білмеуінде сияқты көріне берген. "Офицердің", яки бір кезде Грушеньканы масқара ғып тастап кеткен, енді оның қайтып келуін ол соншама қобалжып, қорқынышпен күтіп отырған адамның таяуда оралатындығы, таң қаларлығы сол, бұл күндері тіпті оның қаперіне де кірген жоқ-ты. Рас, Грушенька онымен сөйлескенде соңғы күндері бұл жөнінде ештеңе демеген. Алайда, Митяға осыдан бір ай бұрын Грушеньканың бұрынғы зәбірлеушісінен хат алғаны толық мәлім болған, мұны қыздың өзі айтқан, ішінара хаттың мазмұны да белгілі-ді. Грушенька онда, ашулы бір сәтінде, оған хатты көрсетіп қойған, бірақ, бұл ол хатқа ешбір мән бермей, оны қайран қалдырған. Мұны түсіндірудің өзі қиын: оның себебі, бәлкім, сол әйелге өзінің туған әкесімен қырбайлығының күллі жосықсыздығы мен сұмдық масқаралығына қапаланғандықтан, тап сол сәтте, оған бұдан асқан қорқынышты, қатерлі бірдеңе болуы мүмкін деп ойлай алмағандығында шығар.
Бірақ мәселе алғашқы болжам бойынша, сәтті шешілген күнде ғана осылай болатын еді. Ал оның басқаша шешілуі де, сөйтіп істің өзгеше, мүлде сұмдық боп тынуы да мүмкін ғой. Кенет Грушенька оған: "Сен жөніңе кете бер, мен Федор Павловичті таңдадым, соған тиемін, сенің керегің жоқ", — дер, сонда... сонда қайтем... Әйтсе де, Митя онда ақыры не болатынын білмеген, тіпті ең ақырғы сәтке дейін білмеген, бұл жөнінен оны ақтаруымыз керек. Ол әлі белгілі бір байламға келмеген, қылмыс жасау әлі ойында жоқ-ты. Ол тек жай бақылаумен, аңдумен, азап шегумен жүрген, өз өмірінде алғаш рет бір істің ғана сәтті аяқталуына әзірленген. Кез келген басқа бір ойға әсте ден қоймаған. Алайда, дәл осы сәтте мүлде басқа бір уайым басталып, мүлде жаңа, бөгде, бірақ, қатерлі де қиын жағдай кесе көлденеңдей берген еді.
Атап айтқанда, егер Грушенька оған: "Мен сендікпін, мені алып бір жаққа таймайсың ба" — десе, оны қалай алып кетпек? Бұған қажет ақшаны ол қайдан алмақ? Федор Павловичтен көп жыл бойы, жартымсыз болса да, үзбей алып келген қаржысы дәл осы кезде сарқылып қалғанын көрмейсің бе. Әрине, Грушеньканың да ақшасы бар, бірақ Митя бұл жөнінен керемет намысшыл бола қалды: ол Грушеньканы алып кетіп, онымен қол ұстасып жаңа өмір бастағысы келгенде, бұған оның ақшасын емес, өз ақшасын жұмсағысы келген; бұл үшін одан ақша сұрауға Митяның тіпті дәті бармас еді, басына мұндай он келгенде ол жаман қапаланған. Менің бұл фактіге көп тоқталғым келмейді, оны талдап та жатпаймын, бар айтарым: дәл сол сәтте оның көңіл-күйі осындай болғандығы ғана. Мұның бәрі, тіпті Катерина Ивановнаның ақшасын кезепше сіңіріп кеткендігіне іштей намыстанатындығына да қатыссыз, өз алдына болып жатуы да мүмкін: "Біреуінің алдында масқара болып едім, енді екіншісінің алдында тағы да арамза атанатын болдым, егер Грушенька мұны сезсе, ондай сұмырайдан өзі безіп шығады", — кейін оның өзі мойындағандай, онда Митя осылай ойлаған. Сонымен, қаржыны, сол ақшасы құрғырды қайдан табуы керек? Әйтпесе бәрі құрып бітеді, түк те істей алмайды, "өйткені ақшасы жетпей қалды, о масқара"!
Алдын ала айтып қояйын: ол, бәлкім, ақшаны қайдан алуды білген болар, бәлкім, оның қай жерде жатқанын да сезген шығар, гәп міне қайда жатыр. Қазір ештеңені ежіктеп жатпаймын, өйткені кейін бәрі түсінікті болады; әйтсе де, Митя үшін бәленің басы мынада еді, мен оны, көмескілеу болса да, айтып берейін; бір жерде жатқан ол қаржыны алу үшін, ол ақшаны алуға құқықты болу үшін ең алдымен Катерина Ивановнаға үш мың сомын қайтару керек — әйтпесе мен "біреудің қалтасына түскен ұры, нағыз сұмырай болып шығамын, ал мен жаңа өмірді оңбаған арамза күйімде бастағым келмейді", — деп ұйғарды Митя, сондықтан ол, қажет болса, әлемді төңкеруге, бірақ, Катерина Ивановнаға сол үш мыңды қалай да және бәрінен бұрын қайтаруға бекінді. Бұл шешімге ол былайша айтқанда, өмірінің ақырғы сағатында, атап айтқанда, Грушенька Катерина Ивановнаны қорлағаннан кейін, Алешаның осы жөніндегі әңгімесін тыңдаған соң, ол өзінің арамзалығын мойындап, "егер бұл оның жәбірленуін аз да болса жеңілдете алса", Катерина Ивановнаға осылай деп айта баруды тапсырғаннан кейін, осыдан екі күн бұрын кешқұрым, жолда Алешамен соңғы рет кездескеннен кейін келген болатын. Дәл сол түні, інісімен қоштасқаннан кейін ол ақша таппай қоймаймын деп қасарып отырып, "біреуді өлтіріп, тонаса да Катяға берешегін қайтарғаны" артық деп түйген. "Катяның аузынан ол маған опасыздық жасады, менің ақшамды ұрлады, ізгілікті өмір бастаймын деп сол ақшаға Грушеньканы алып қашты деген сөзді естігеннен, біреуді өз қолынан өлтіріп, сол тоналған адаммен барша жұрттың алдында кісі өлтіруші, қарақшы атанып, Сібірге айдалғаным артық! Ақшаны қайтармай тұра алмаймын!" Митя тісін шықырлатып осылай дегенде, кей-кейде оның миы шынында да қабынып кететіндей көрінген еді. Бірақ, ол әзірше арпалысып баққан...
Таңғаларлық қой бұл: мұндай ұйғарымға келгенде, оған торыққаннан өзге ештеңе қалмайтын секілді еді; өйткені, оның үстіне тақыр кедей бола тұра, осыншама ақшаны ол табан астында қайдан таппақ? Әйтсе де, бұл үш мыңды қалай да табатындығына, бұл несібенің қайыбынан келетіндігіне, тіпті көктен жауса да, оның қалтасына өзінен-өзі түсе қалатындығына ол ақырғы сәтке дейін күмәнсыз сенген. Алайда, Дмитрий Федорович сияқты, мұраға алған тегін байлықты өмір бойы шашып-төгуден өзге түк білмейтін, ақшаның қалай құралатындығынан титтей де түсінігі жоқ кісілер ғана осылай ойлайды емес пе. Бұрнағы күні Алешамен ажырасқаннан кейін іле-шала оның басында қайдағы бір қиял құйыны көтеріліп, барлық ойын шатыстырып кеткен еді. Сөйтіп, ол ақылға қонбайтын бір дөрекі қылықтан бастамақшы болған. Иә, нақ осындай жағдайда нағыз қиямет-қайым, қияли істердің ондай адамдарға бәрінен де оңай боп көрінетіні бар ғой. Ол кенет Грушеньканың қамқоршысы, көпес Самсоновқа барып, оған бір "жоспарды" ұсынып, сол "жоспарды" орындау үшін қажетті соманың бәрін бір-ақ алуға ұйғарды; ол өзінің бұл жоспарына саудагерлік тұрғыдан ешбір күмәнданған жоқ-ты, тек оның бұл қылығына осы тұрғыдан ғана қарағысы келмеген күнде Самсонов қайтер екен деп күдіктенген. Митя көпесті сырттай білгенмен, онымен таныс емес-ті, тіпті бірде-бір тілдеспеген. Алайда, қазір төрінен кері жуық бұзық шал, егер Грушенька амалын тауып адал жолға түссе, бұл үшін "бір сенімді адамға" күйеуге тисе, тап қазіргі кезде бұғақ бәлкім, әсте қарсылық ете қоймас деген үміт, неге екені белгісіз, оның көкейіне тіпті көптен бері ұялаған. Қарсы болу былай тұрсын, оның тілейтіні осы, реті келсе, тіпті өзінің жәрдемін де аямас деп жорамалдаған. Қандай да бір қауесеттен бе, әлде Грушеньканың қайсы бір сөздерінен бе, әйтеуір оның өзі де, бәлкім, шал Грушенькаға Федор Павловичтен гөрі мұны лайықты көретін шығар деп ойлаған. Оның осындай жәрдем болар деп үміттеніп, өзінің қалыңдығын, былайша айтқанда, оның қамқоршы шалының қолынан алуға ниеттенуі хикаямызды оқушылардың көбіне Дмитрий Федоровичтің тым дөрекілігі мен жеркенішті қылығы секілді боп көрінуі де мүмкін. Мен бұл арада Грушеньканың өткендегі өмірі Митяға енді біржола ұмыт болғандай сезілгенін ғана айта аламын. Ол оның басындағы қайғы-қасіретке шын жанашырлықпен қарап, мейлінше құштарланып былай деп ұйғарған: Грушенька оған сені сүйемін, сол себепті сенің етегіңнен ұстаймын десе-ақ болды, ол да, онымен бірге бұл да үр жаңа болып шыға келеді, екеуі де кесел-кемістіктен құлан-таза арылып, тек ізгілік қасиеттері ғана қалады: екеуі бір-біріне өткендегілерін кешіріп, мүлде жаңаша өмір сүре бастайды. Кузьма Самсоновқа келсек, Митя оны Грушеньканың басына қиындық туғанда тағдыр табыстырған адам ғана, бірақ, ол оны ешуақытта сүймеген, ең бастысы осы, енді ол да "ұмытылды", бітті, демек, енді ол да мүлде ғайып болған деп санаған. Сонан соң. Митя енді шалды тіпті адам санағына да қоспаған, өйткені қазір оның Грушенькамен бұрынғы жақындығын, дәнекерлері осыдан бір жылдай бұрын, әлдеқашан таусылып, былайша айтқанда, енді оның тек қамқоршы әкесі есепті болып қалған қаусаған ауру шал екендігі шаһарда баршаға һәм әркімге мәлім-ді. Қалай дегенмен бұл арада Митя тым-ақ көңілділік те көрсеткен еді, өйткені ол барлық кемістік-кеселдеріне қарамастан, өте көңілшек болатын. Оның бер жағында, ол қартайған Кузьма бақи дүниеге аттанғалы жатқанында, Грушенькаға істеген өткендегі қиянаты үшін шын ниетімен өкінетін шығар, сондықтан оның қазір осынау зиянсыз шалдан артық қамқоршысы мен досы болмасқа тиіс деп нақ осы көңілшектігінен кәміл сенген еді.
Алешамен далада сөйлескеннен кейін түні бойы көз ілмей шыққан Митя ертеңіне таңертең сағат он шамасында Самсоновтың үйіне барып, өзінің келгенін хабарлатады. Бұл екі қабат, дағарадай үлкен, түнерген, ескі үй болатын; ауласында қора-жайы, кішігірім тағы бір үй бар-ды. Төменгі қабатында бала-шағасымен үйленген екі ұлы, жасамыс қарындасы және тұрмысқа шықпаған қызы тұратын. Екі піркәзшігі, біреуі ақар-шақар жан, ауладағы үйде жайғасқан. Балалары да, піркәзшіктері де аядай жерге ұйлығып отырса да, үйдің жоғарғы қабатын шал жалғыз өзі жайлайтын, өзін бағып-қағушы, белгілі бір уақытта шақырғанында, көптен ентікпе аурулығына да қарамастан, екінші қабатқа қайта-қайта көтерілуге мәжбүр болатын қызын да қасына жолатпаған. "Жоғарғы" қабатта көпестердің ескі салты бойынша жиһаздалған, қымбат ағаштан жасалған ебедейсіз креслолар мен орындықтар қатарластыра қойылған, құндақтаулы хрусталь люстралы, терезе аралығына тұнжыр аймалар ілінген кең, сәнді бөлмелер көп болатын. Ешкім тұрмағандықтан олардың бәрі қаңырап бос тұратын, ауру шалдың өзі түкпірдегі үкіштей жатын бөлмесінде ғана жайғасқан, осында оны басынан орамалын бір шешпейтін кәрі кемпір мен ауыз үйде сәкіде жататын "малай" бала күтетін. Екі аяғы күпшектей, жүруден қалған шал былғары креслосынан оқта-текте ғана тұратын, күтуші кемпір оны қолтығынан демеп бөлмеге арлы-берлі азғана жүргізгесін қайта отырғызатын. Ол қатал еді, тіпті өзін күтуші осы кемпірмен де сөйлесе қоймайтын. "Капитанның" келгенін хабарлағанда, ол ойланбастан-ақ кіргізбеңдер деген. Бірақ Митя да қасарып болмады, тағы да айтқызды. Сосын Кузьма Кузьмич малайдан: өзінің сиқы қандай, мас емес тіс екен? Бейбастақтық байқатпай ма? — деп қазбалап сұрастырған. Бала оған: "Сау, бірақ кететін түрі жоқ" — деп жауап берген. Шал тағы да кіргізбеңдер деді. Бұдан соң, осылай боларын алдын ала болжап, әдейі қағаз осы қарындаш ала шыққан Митя бір жапырақ қағазға: "Аграфена Александровнаға тікелей қатысты бір өте тығыз шаруамен келіп едім", — деп анықтап жазып, баладан шалға беріп жіберді. Сол ойлағаннан кейін, шал малайға оны залға алып кіре бер деді де, кемпірді кіші ұлып тез осында шақырып әкелуге жұмсады. Төртбақ, әлуетті кенжесі ләм деместен жетіп келді, ол сақалын қырып, немістерше киініп жүретін (Самсоновтың өзі бешпент киетін, сақалын өсіріп қоя берген). Әкесінің алдында балалары дірілдеп тұратын еді. Осынау қылшылдаған жігітті әкесі капитаннан қорыққандықтан шақырмаған, өйткені ол қоян жүрек емес-ті, әншейін, сақтық үшін, көбіне сөйлескенде куә болсын деп шақыртқан. Ақыры, Кузьма Кузьмич аяғын әpeң басып залға шықты, қасында оны қолтығынан демеген ұлы мен малайы бар. Түрінен мынаған не керек екен деп таңырқағандық байқалады. Митья оны кісінің еңсесін басып тұрағын тұнжыраған үлкен залда күтіп отырған; не бары екі-ақ терезелі, қабырғалары "мәрмәрша" боялған, хоры, құндақтаулы үлкен үш хрусталь люстрасы бар екен. Митя босағадағы кішкентай орындықта бұл әрекетімнен не шығар екен деп мазасызданып отырған еді. Шал он сажындай жердегі қарсы есіктен кірген кезде, ол орнынан атып тұрып, әскери адамша аяғын аршындап, нық басып оған қарсы жүрді. Митя осынау қисынсыз шатпағын "міне осылаймен" бітірген соң, орнынан атып тұрып, өзінің зердесіздік ұсынысына оның беретін жауабын күтті. Соңғы сөздері аузынан шыққаннан кейін, кенет ол бәрінің құрып біткенін, ең бастысы, өзінің мүлде мыжып-шатып кеткенін сезіп, бәрінен ада-күде үміт үзді. Оның дал болған басына: "Осында келе жатқанымда бәрі дұп-дұрыс секілді еді, енді міне мыжып кеттім, бұл не ғажап!" — деген ой сап ете қалды. Митя сөйлеген кезде шал тапжылмай отырып, оған суық көзбен сазара қараған еді. Алайда, бір минуттай күткеннен кейін, Кузьма Кузьмич ақыры тым қатқыл, үмітсіз үнмен былай деген:
— Ғапу етерсіз, біз мұндай іспен айналыспаймыз.
Кенет Митяның тізесі дірілдеп бара жатқандай сезілді.
— Кузьма Кузьмич-ау, енді қайттым, — деп міңгірледі өңі қуарып кеткен ол жымия күліп. — Сіз қалай ойлайсыз, менің өлген жерім осы болғаны ма?
— Ғапу етерсіз...
Оған тесірейе қараған күйі әлі де тапжылмай тұрған Митя кенет шалдың бетінен бірдеңенің бүлк еткенін сезді. Ол селк ете түсті.
— Шынымды айтсам, мырза-екесі, бұл біздерге лайық іс емес, — деп міңгірледі шал баяу ғана, — сотқа жүгінесің, адвокат керек, қып-қызыл бәле! Ал егер шын қысылып тұрсаңыз, осында бір кісі бар, сонымен сөйлесіңіз...
— Тәңірім-ау, ол кім!.. Сіз менің шыққан жанымды қайта тірілттіңіз ғой, Кузьма Кузьмич, — деп былдырлады кенеттен Митя.
— Ол бұл аранікі емес, сонсоң қазір мұнан кетіп те қалған. Ағашпен сауда қылатын кісі, жалған аты — Кәрі Төбет. Мүмкін, естіген боларсыз, ол Чермашнядағы сіздің шоқ орманыңызға Федор Павловичпен бір жылдан бері саудаласып, бағасына әлі келісе алмай жүр. Енді ол осында тағы келіпті, Ильинский деген поптың үйіне түссе керек, Воловья стансасынан он екі шақырымдай болып қалар, Ильинская селосында. Сол шоқ орман жайында кеңес сұрап осында, маған да хат жазып жіберіпті. Оған Федор Павловичтің өзі бармақшы болатын. Егер әкеңізді ескертіп қойып, осы маған айтқаныңды Кәрі Төбетке ұсынсаң, бәлкім, бірдеңе шығар...
— Мынауың табылған ақыл болды! —деді қуанып кеткен Митя.
— Маған керегі де сондай адам еді, бұл іс нақ соның қолы! Ол саудагер, одан қымбат сұрайды, дәл осы сәтте иеліктің қағаздары қолына өзінен-өзі келіп түсе қалады, ха-ха-ха!
— Сөйтіп, Митя тырқ-тырқ күлді, сасқанынан Самсоновтың басы тіпті қалтақтап кетті.
— Бұл жақсылығыңызды қалай қайтарсам екен, Кузьма Кузьмич, — деп елпілдеді Митя.
— Уақасы жо-оқ, — деп Самсонов басын төмен салды.
— Бірақ, сіз білмей тұрсыз, сіз мені ажалдан арашаладыңыз, о, мені сізге айдап әкелген құдайдан айналайын... Сонымен, енді сол попқа барамын!
— Алғыс айтатындай нәрсе емес қой, тәйірі.
— Тез жетпесем болмас... Сіздің денсаулығыңызға қиянат қылғанымды қарашы. Ғұмыр бақи ұмытпан бұл жақсылығыңызды, нағыз орыстың сөзі бұл, Кузьма Кузьмич, нағыз орыстың сөзі!
— Тә-әке.
Митя шалдың қолынан жармаса кетіп қатты қысып сілкілейін деп еді, бірақ оның жанарынан бір жауыздықтың жарқ еткенін байқап қалды. Митя қолын тартып алды да, іле-шала соншама неге шүбәландым деп өкіне бастады. "Қажығандықтан болар..." — деген ой келді оған.
— Грушенька үшін ғой! Соған бола ғой, Кузьма Кузьмич! Ол үшін бұл істің қандай мәнділігін сіз түсінесіз бе! — деп кенет айқайлап жіберген Митя басын иіп тағзым еткен соң, жалт бұрылып, бағанағыдан аяғын аршындап, жебей басқан күйі, артына бұрылып та қарамастан, есікке қарай беттеді. Ол қуанышы қойнына сыймай мәз болған еді. "Бәрі құрып бітуге айналған сәтте жебеуші-періштем жар болды ғой, — деп ойлады ол. — Егер бұл амалды мынадай іскер шал (аса мархабатты шал, кескін-келбеті қандай!) айтып берсе, онда... онда, әрине, жолымның болғаны ғой. Оған тез жету керек. Түнге дейін қайтып келем, түнде оралам, енді бұл істі ұттым дей бер. Әйтсе де, шалдың мені мазақ етyі мүмкін бе?" Митя өзінің пәтеріне келе жатып осылай деген, әлбетте, оның басына басқа бір ой келуі де мүмкін емес еді, яки: әлде ол (ондай іскер адам) білгірлікпен ақылды кеңес берді, оның үстіне анау Кәрі Төбет дегенді де (аты-жөні қызық екен!) біледі екен, немесе — немесе шал оны мазақ етті! Амал бар ма! Осы ең соңғы ойы ғана дұрыс-ты. Кейіннен, масқара өлімнен соң көп уақыт өткесін. Самсонов шалдың өзі онда "капитанды" мазақ қып айтып едім деп күліп отырып мойындаған еді. Бұл қаскөй, ызбарлы, мысқылшыл, оның үстіне өте сүйкімсіз кісі еді. Әлде капитанның масайраған сиқы ма, әлде осынау "ысырапқор, былапыттың" айтқан "жоспары" сияқты сандыраққа ол Самсонов, үйіріле қалады деген зердесіздік сенімі ме, әлде "осынау тентек" Грушеньканың атын атап, қайдағы бір шатпағымен оны алдап, ақша алуға келгендіктен қызды одан қызғанғандығынан ба — онда шалды қай сайтанның түрткенін білмеймін, бірақ, Митя оның алдында тізесі дірілдеп, өлген жерім осы болғаны ма деп міңгірлегенде — міне тап осы сәтте Митяға зығырданы қайнаған шалдың оны осылай мазақ етпекші болғаны анықты. Митя шығып кеткесін, терісіне сыймай сазарып алған Кузьма Кузьмич баласына бұдан былай анау жалаң бұтты көрмейтін болайын, оны аулаға да кіргізбесін деп тапсырып қой деді, әйтпесе...
Ол қорқытпақшы болған сөзін ішінде бүгіп қалды, алайда, әкесінің ашуға булыққанын талай көрген баласы да сасқанынан селк еткен. Бір сағаттан соң ызадан дірілдеп-қалшылдап кеткен шал кешке қарай ауырып қалды да, "емшіге" кісі жіберді.
II
КӘРІ ТӨБЕТ
Сонымен, "тез жету" керек еді, ал ат жалданын десе — қалтасында көк тиыны жоқ, яки екі он тиындығы ғана бар еді — талай жыл шашып-төккен байлықтан қалғаны осы болса, бұған амал бар ма! Әйтсе де, үйде оның әлдеқашан жүрмей қалған ескі күміс сағаты жатқан. Ол осы сағатын алып, базардағы дүңгіршегінде отырған сағатшы-еврейге жүгірді. Еврей сағатты алты сомға сатып алды. "Бұған да шүкіршілік!" — деп мәз болған Митя (ол әлі де қуанулы еді) алты сомды ала сала үйіне қайтты. Пәтеріне келгесін ол қожайындарынан тағы үш сом сұрап алды; олар Митяны бек жақсы көргендіктен, оған өздерінің ақтық тиын-тебенін берген. Қуанышы қойнына сыймаған Митя сол арада үй иелеріне өзінің тағдыры шешілгелі тұрғанын жайып салды, сонсоң ол ілкіде Самсоновқа ұсынған бүкіл "жоспарын", одан кейін Самсоновтың қандай шешімге келгенін, өзінің болашақтан үмітін және тағы басқаларын, әлбетте жаман асығып-үсігіп баяндап берді. Оған менменсіген мырза деп қарамай өз адамы деп есептегендіктен олар Митяның көптеген құпиясына бұған дейін де қанық еді. Осылай тоғыз сомның басы құралған соң, Митя Воловья стансасына апаратын пошта аттарын алып келуге кісі жұмсады. "Белгілі оқиғаның қарсаңында, түс әлетінде, Митяның қалтасында көк тиыны болмағандығы, ақша табу үшін ол сағатын сатқандығы және тұрған үйінің иелерінен үш сом сұрап алғандығы, бұның бәріне куәлары бар екендігі" қалай дегенмен осылай есте қалып, мәлім болған.
Бұл жайтты алдын ала айтып отырмын, неге бүйткенімді кейін түсіне жатарсыздар.
Воловья стансасына тартып отырған Митя, ақыры, "бұл істің бәрін" тамамдап, ойдағыдай тындыратындығына тұла бойын қуаныш билеп масайрағанымен, бір қорқыныш көкейінен кетпей, қалай дегенмен, қапалана берген: ол жоқта Грушеньканың халі не болмақ? Ол Федор Павловичке баруға, ақыры, нақ бүгін тәуекел етпес пе екен? Оның Грушенькаға айтпай кетуінің және қожайындарына, егер біреу-міреу оны сұрай қалса, мұның қайда кеткенін әсте айта көрмеңдер деп шегелеп тапсыруының себебі де осы еді. "Бүгін кешке қалай да, не де болса қайта оралуым керек, — деп іштей қайталай берді ол арбада шайқалып келе жатып, — ал анау Кәрі Төбетті, сірә, осында ала келу керек шығар... сауданы біржола пісіру үшін..." — жан дүниесі тебіренген Митя осылай қиялдаған еді, бірақ, амал бар ма, оның бұл арманы өзінің "жоспары" бойынша іске асуға жазбаған еді.
Біріншіден, ол Воловья стансасынан ескі сүрлеумен жүргендіктен кешігіп қалған. Баратын жері он екі шақырым емес, он сегіз шақырым болып шықты. Екіншіден, ол келгенде Малинский қазірет үйінде жоқ екен, көрші деревняға кетіп қапты. Митя болдырған аттарымен итпектеп көрші деревняғға жегіп, оны іздеп тауып алғанша ымыртта үйірілді. Сырттай қарағанда жуас, мүләйім көрінген қазірет, әлгі Кәрі Төбет деген оның үйіне келіп түскенмен, қазір Сухой Поселокте екенін, ол бүгін сондағы орман күзетшісінің үйінде түнейтінін, өйткені одан да ағаш сатып алмақшы екенін бірден-ақ түсіндірді. Митяның оны Кәрі Төбетке дәл қазір ертіп апаруды, "сөйтіп, былайша айтқанда, оны құтқарып қалуды" қолқалағанына қазірет әуелде көнбегенмен, кейін Сухой Поселокке алып баруға, жай әуестіктен ғана келіскен; бірақ, қырсыққанда, бұл арадан бір шақырымнан "сәл ғана" асатындықтан, "жаяу" барайық дегені. Әлбетте, келіспеуге лажы қалмаған Митя аршындата жебей адымдап кеп беріп еді, қазірет оның соңынан безектеді де отырды. Ол әлі тұғырдан таймаған, өте сақ кісі болатын. Митя өзінің жоспарын оған да жайып салып, Кәрі Төбетпен қалай тіл табысуға ақыл-кеңес сұрап, сөйлегенде қызбаланып, күйгелектеп, жол бойы ауыз жаппаған. Қазірет оны зейінмен тыңдаса да, ақыл қосуға сараң болды. Митяның сауалына: "Білмеймін, жоқ, түк білмеймін, мен оны қайдан біледі дейсің" және тағысын тағылар деп жалтара жауап берген. Ал Митя шешесінен қалған мұра жөнінде әкесімен тіл табыса алмай жүргенін көңірсіте бастағанда, Федор Павловичке белгілі бір себептерден тәуелді боп жүрген қазіреттің тіпті үрейі қалмады. Әйтсе де, сол саудагер шаруа Горсткинді оның неліктен Кәрі Төбет деп атағанына таңғалып, мұның себебін сұрап білген соң, ол шынында да төбет итке ұқсағанмен, олай деп атай көрме, өйткені ол өзін бұлай атағанға жаман шамданады, онымен Горсткин деп қана сөйлескен жөн деп ақыл берді, "әйтпесе онымен тіл табыса алмайсың, ол сені тіпті тыңдамайды да", — деп тұжырды қазірет. Сәл таңырқап қалған Митя оны Самсоновтың өзі осылай атағанын түсіндірді. Осы жайтты естігеннен кейін қазірет әңгімені тоқтата қойды, ал егер ол: Самсонов оны осы мұжыққа сілтегенде, Кәрі Төбет деп жіберсе, мұны қайсыбір себептен күлкі қылу үшін істемеді ме екен, бұл арада неғып бір сұмдық болғаны? — деген түйткілін Дмитрий Федоровичке нақ сонда түсіндірсе, мұнысы жақсы болатын еді. Бірақ, Митяның "мұндай ұсақ-түйекке" тоқталып жатуға мұршасы келмеген. Ол асығып келе жатқан, бір шақырым да емес, бір жарым да емес, толық үш шақырым жүргенін Сухой Поселокке келген соң бір-ақ сезген; бұған ол қатты өкінсе де, шыдап баққан. Олар үйге кірді. Қазіреттің таныс орманшысы үйдің бір бөлмесінде, ал сенектің ар жағындағы таза, екінші бөлмеде Горсткин жайғасыпты. Осы таза бөлмеге кіріп, май шамды тұтатты. Пешті маздатып-ақ жаққан екен. Қарағай үстелдің үстінде сөнген самауыр, оның жанында подноста кеселер, ішілген ромның бос шөлмегі, ішіп бітірмеген бір шөлмек арақ тұр, бидай нанының қалдығы көрінеді. Горсткин сәкінің үстінде сұлап жатыр, басының астына жастық орнына сыртқы киімін жұмарлап сала салып, қор-қор етеді. Митя аңырып тұрып қалды. "Әрине, ояту керек: өте тығыз шаруамен келдім ғой, осында жеткенше жанталастым, оның үстіне бүгіннен қалмай үйге қайтуым керек", — деп әбігерленді Митя; бірақ, қазірет пен күзетшісі тіс жармай, мелшиіп тұр. Митя жақындап барып, оны өзі оята бастады, бірақ қаншама жұлқыласа да оянатын түрі жоқ. "Мынау мас қой, енді не істедім, тәңірім-ау, енді қайттым!" — деп күйінді Митя. Әбден шыдамы таусылғасын ол ұйықтап жатқан кісіні аяғынан, қолынан ызалана жұлқылап, басын олай-бұлай шайқап, қолтығынан көтеріп сәкіге отырғызып көрді, ол осылай біраз әуреленгесін ғана анау бірдеңе деп беталды міңгірлеп, тілінің күрмелгеніне қарамастан балағаттай бастады.
— Жоқ, сіз онан да тоса тұрыңыз, өйткені ол бәрібір түк сезбейді, — деді қазірет ақырында.
— Өзі де күні бойы сіміріп еді, — деп күңк етті күзетші.
— О, құдай тағала! —деді күйіп-піскен Митя, — егер оның маған қандай қажеттігін, менің қазіргі мүшкіл халімді білсеңіздер ғой!
— Сіздің таң атқанша тоса тұрғаныңыз жөн шығар, — деп қайталады қазірет.
— Таң атқанша? Құдайшылықтарың қайда, бұл мүмкін емес! — Сөйтіп дымы құрыған Митя маскүнемді тағы да оятып көрейін деп еді, бірақ, бұл әрекетінен түк шықпайтынын сезгесін қоя қойды. Қазіретте үн жоқ, ал ұйқылы-ояу күзетшінің қабағы түсіп кеткен.
— Өмір шіркін адамды қандай ғана қайғы-қасіретке душар етпейді! — деді Митя әбден ашынған үнмен. Оның бетінен тер моншақтай жөнелді. Қазірет оңтайлы сәтті пайдаланып, оны оята алған күнде де, мас кісі бәрібір сөйлесе алмайтынын өте дұрыс ескертті, сосын "ал сіз өте маңызды шаруамен келген екенсіз, сондықтан таң атқанша тоса тұрғаныңыз дұрыс болар..." — деді. Митяға қолын жайып, оның пікірімен келісу ғана қалған еді.
— Қазірет, мен май шамды алып осында қалайын да, оның оянған сәтін аңдиын. Оянса-ақ болды, тілдесем ғой... Май шамыңның ақысын жемеймін, — деді ол күзетшіге қарап, — жамбас ақымды да төлеймін, сонда Дмитрий Карамазов жадыңызда сақталатын болады. Тек сіздің қайтетініңізді білмей дағдарып тұрғаным, қазірет: мынау үйшіктің қай жеріне қисаясыз?
— Жоқ, мен үйіме қайтамын. Анау тек аяқ артуға биесін берсе болды, — деді ол күзетшіні нұсқап. — Ал енді қош болыңыз, жаныңыз жай табуына тілектеспін.
Сонымен, осылай шешілді. Ақыры, Митядан құтылғанына қуанған қазірет күзетшінің биесіне мініп кете барды, бірақ ол өзінен-өзі мазасызданып, басын шайқап: Федор Павловичке мына қызық оқиғаны ертең алдын ала құлақ қағыс еткенім жөн шығар, "әйтпесе, кім біледі, естіп қойса, есіркеушім емес пе, маған ренжіп, теріс айналып кетер", — деген ойға қалды. Күзетші бір қасынған соң үн-түнсіз өзінің бөлмесіне кетті, ал Митя болса, өзі айтқандай, ананың көз ашқан сәтін аңду үшін сәкіге барып отырды. Зілдей ауыр уайым оның жан дүниесін тұмандай тұмшалап алған еді. Жанын жеген сұмдық уайым! Оның ойы сан-саққа кетті, әйтсе де ешқайсысының ұштығына шыға алмады. Май шам өлеусірей сығыраяды, шегіртке шырылдайды, моншадай ыстық бөлмеде сұмдық қапырық бола бастаған. Кенет оның көз алдына бір бақ, оның арт жағынан аулаға кіретін тесік, әкесінің үйінде біреудің білдірмей есік ашқаны, сөйтіп Грушеньканың ішке сып ете түскені елестеп кетті... Ол сәкіден атып тұрды.
— Бұл неғылған қорлық! — деді Митя тісін шықырлатып. Сосын ол ұйқыдағы адамның қасына барып, бетіне үңілді. Бұл тым сопақ беттеу, ақ сары бұйра шашты, сирек жирен теке сақалды, үстіне шыт жейде мен қара желетке киген, ашаң денелі, әлі тұғырдан таймаған мұжық еді, қалтасындағы күміс сағатының бауы салбыраған. Оның бет әлпетіне көзі түскенде, Митяның зығырданы қайнап кетті, неге екені қайдам, әсіресе шашының бұйралығы қатты ызаландырды. Оның шымбайына бәрінен де қатты батқаны — ол.
Митя, тәуекел етіп, осыншама шығынданып, соншама азаптанып, осындай қауырт шаруамен келгенінде "оның күллі тағдырын өзіне тәуелді етіп қойған" мына арамтамақтың "бейне көктен аяғы салбырап түскендей, қаннен-қаперсіз қорылдап жатқандығы болды. "О, тағдырдың тәлкегі!" — деп кіжінген ол, не істерін білмегесін, мас мұжықты тағы да жұлмалап оята бастады. Митя оны ызалана жұлқылады, қайта-қайта жұлмалап, итермелеп, тіпті болмағасын қойғылады да, бірақ бес минуттай әуреленгеннен кейін тағы да түк шығара алмай, діңкесі құрып күйінген қалпы өзінің сәкісіне қайта барып отырды.
— Мұндай ақымақ болман! — деп өкінді Митя, — және... арамзалық қой мұның бәрі! — деді ол кенеттен тағы да, неге бұлай дегенін өзі де білмей. Оның басы зеңіп бара жатқан еді: "Осы құрғырды қайтем? Тайып отырсам қайтеді, — деген ой келді. — Қой, неде болса таң атқанша күтейін. Ерегіскенде сөйтем ғой! Балалары болғасын неге ғана келдім екен? Сонсоң, дайын көлік те жоқ, жаяу қайда барам, о, сұмдық-ай!"
Алайда, басы онан сайын мәңгіріп барады. Ол тырп етпестен отырған еді, қалғып-мүлгіген күйі қалай ұйықтап кеткені есінде жоқ. Шамасы, екі сағаттай ма, әлде одан көбірек не ұйықтап кеткен еді. Бір мезетте ояна келсе, басы сынып барады. Екі самайы солқылдайды, төбесі қол тигізбейді; оянғаннан кейін ол не болғанын түсіне алмай біраз мең-зең боп отырды. Тымырсық бөлменің іші иіс екенін, демек, өзінің иіс тиіп өле жаздағанын аңғарды-ау, ақыры. Ал мас мұжық әлі қорылдап жатыр, білтесі жанып бітуге айналған май шам өлеусіреп тұр. Айқайлап жіберген Митя шайқала басып, сенек арқылы үй иесінің өзі жатқан бөлмеге ұмтылды. Күзетші оның даусынан тез оянды, бірақ ол ана бөлмеде иіс дегенді естігесін жарлық беруге шығып кеткенмен, пәлендей уайымдай қойған жоқ, бұған Митя қынжыла қайран қалды.
— Анау иіс тиіп өлді ғой, ол өліп қалды, енді... енді қайттым? — деп баж-бұж етті күйіп-піскен Митя.
Есік-терезені аңқитып ашып тастады, пештің мұржасы да ашылды, Митя сенектен шелекпен су әкеліп, әуелі өзінің басын сулады, сосын шүберек тауып алып, оны суға малып Кәрі Төбеттің басына қойды. Ал үй иесі болса осының бәріне тіпті жеркене қарайтын секілді, терезені ашқан соң ол: "Осы да жарайды" — деп күңк етті де, жанып тұрған темір панарды Митяға ұстата салып, өзі қайтадан ұйықтауға кетті. Митя иіс тиген маскүнемнің басына қайта-қайта сулы шүберек қойып, онымен жарты сағаттай әуреге түсті, сосын тан атқанша көз ілмеспін деп ойлаған ол мүлде қажығандықтан тынығайыншы деп бір минутқа тізе бүгіп еді, сол сәтте-ақ екі көзі өзінен-өзі жұмылып, сәкіге қисая кетті де, қаннен-қаперсіз ұйықтап қалды.
Ол өте кеш оянған еді. Таңертеңгі сағат тоғыз шамасы болатын. Кішкентай үйшіктің алақандай екі терезесінен күннің көзі жарқырап тұр. Кешегі дударбас мұжық сәкіде отыр, бүрмелі бешпентін киіп алған. Алдында ызылдаған самауыр, бір шөлмек арақ тұр. Кеше шөлмек түбінде қалғанын сарқып, жаңасын ортасынан асыра ішіпті. Орнынан атып тұрған Митя мына сұмырайдың тағы да мас екенін, есінен айрылғанша ішіп үлгергенін лезде аңғарды. Ол бір минуттай бажырая қарап тұрды. Ал мұжық болса оған үн-түнсіз, мекерлене қарап қояды, Митяға ол тіпті бір түрлі менсінбей қарайтын секілді көрінген еді. Ол мұжықтың жанына жетіп барды.
— Рұқсат болса, әлгі... мен... сіз, бәлкім, ана бөлмеде ұйықтап жатқан күзетшіден естіген боларсыз: мен поручик Дмитрий Карамазовпын, өзіңіз анау шоқ тоғайды саудаласып жүрген Карамазов деген шалдың баласымын...
— Өтірік соқпа! — деді кенет бекемдеп, байсалды үнмен нақпа-нақ сөйлеген мұжық.
— Өтірік соққаным қалай? Федор Павловичті білесіз ғой?
— Сенің Федор Павловичіңді білгім келмейді, — деді тілі күрмеле берген мұжық.
— Шоқ тоғай ше, сіз одан бір шоқ тоғайды сатып алмақшы едіңіз ғой; ұйқыңызды ашсаңызшы, есіңізге түсіріңізші. Мені осында Павел Ильинский қазірет ертіп әкеліп еді... Сіз Самсоновқа хат жазған екенсіз, ол мені сізге жіберді... — деді Митя ентігіп.
— Өтірік соқпа! — Кәрі Төбет тағы да зірк етті.
Митяның аяғы мұздап қоя берді.
— Рақым етіңізші, бұл қылжақтайтын нәрсе емес қой! Сіз, мүмкін, мас шығарсыз. Сіз, тым болмаса, тілдесетін, түсіне алатын шығарсыз... әйтпесе... әйтпесе мен түк те түсінбеймін!
— Сен бояушысың!
— Рақым етіңізші, мен Карамазовпын, Дмитрий Карамазовпын, сізде бір шаруам бар еді... тиімді нәрсе... өте тиімді... сол шоқ тоғай жөнінде...
Мұжық сақалын маңызсына сипап отырған.
— Жоқ, сен подряд алып едің, нағыз сұмырай боп шықтың ғой. Сен сұмырайсың!
— Маған сенбейсіз бе, сіз қателесесіз! —деді күйіп-піскен Митя өз қолын өзі бұрап. Әлі де сақалын сипап отырған мұжық кенет қулана көзін сығырайтты.
— Жоқ, сен маған мынаны: басқа біреуге қырсығын тигізуге рұқсат ететін заңды көрсетші, естимісің! Сен оңбағансың, түсінесің бе!
Митя күдер үзіп шегініп қалғанында, кейіннен оның өзі айтқандай, "бірдеңе қақ маңдайдан сарт еткендей" сезінген еді. Көз ашып-жұмғанша санасы бір түрлі нұрланып кеткендей болып, "шамшырағы жарқ етіп жанғаннан кейін бәрін түсіне қойған". Жалпы, зердесіз болмаса да, ол мұнда ақымақтық іске, мына уақиғаға неғып киліккеніне, бір тәуліктей әуре-сарсаңға түсіп, Кәрі Төбеттің басына сулы шүберек қойып неге ғана машақаттанғандығына ақылы жетпей, мәңгіріп тұрып қалған еді... "Ол мас, удай мас, тағы бір жұма құныға ішуі мүмкін — ендеше, одан не үміт, не қайыр? Ал егер Самсонов мені осында қасақана алдап жіберсе ше? О, тәңірім, мен сорлаған екем ғой!.."
Мұжық болса, одан көз алмай, мұртынан күліп отыр. Әттең діңкесі құрып, сәби баладай әлсіреп қалғаны, әйтпесе Митя ызаланғанынан мына ақымақты түтіп жер ме еді, қайтер еді. Ол ақырын ғана сәкіге барып, пәлтесін алып киді де сыртқа шықты. Екінші бөлмеде тірі жан жоқ екен, күзетшіні іздегі таба алмады. Ол қалтасынан елу тиын ұсақты алын үстелге қойды, бұл оның түнеп шыққанына, май шамға, мазалағанына қалдырған ақысы еді. Далаға шықса, айналасы қара орман, өзге дәнеңе көрінбейді. Ол не оңға барарын, не солға кетерін білмей біраз дағдарып тұрды да, шамамен осы жақ шығар деп тартып кетті; кеше түнде қазіретті ертіп алып, осында жеткенше асығып келе жатқанында, жолды бағдарламапты. Оның көңілінде ешкімге, тіпті Самсоновқа да ешқандай кек жоқ еді. Митя орман ішіндегі тар соқпақпен еңсесі түсіп, есеңгіреп, "салы суға кетіп" жүре берді, қайда бара жатқаны қаперіне де кірер емес. Кенет оның сүлдесі құрып, жігері құм болғаны сонша, егер қарсы ұшырасқан бала итеріп қалса, құлап кететіндей еді. Дегенмен, ол әупірімдеп орманның шетіне шыға алған-ды: осы сәтте алдында көсіліп жатқан мидай даладан қушиған ашық алқаптар шалынды оның көзіне. "Өліп қалсаң, мына құла дүзден сүйегің де табылмас!" — деп қайталаған ол жүре берген, жүре берген.
Дес берісінде жолаушылаған біреулердің кездескені: бір арбакеш көпес шалды осы соқпақ жолмен алып барады екен. Жолаушылар соңынан қуып жеткенде Митя жол сұрап еді, олар да Воловья стансасына баратын болып шықты. Шүйіркелесе келе Митяны арбаға отырғызып алды. Олар стансаға үш сағаттан кейін жетті. Келе салысымен Митя шаһарға баратын пошта аттарын дайындауға жарлық етті, сөйтіп ол кенет жаман өзегі талғанын сезді. Ат жеккенше оған жүрек жалғарлық бірдеңе әзірлеп те үлгерді. Ол қуырған жұмыртқаны үлкен бір тілім нанмен қосып соғып алды, бір түйір шұжық табылып еді, оны да жеп қойды, үш рөмке арақ ішті. Ішіне ел қонғаннан кейін әлденіп, көңілі жадырап сала берді. Ол атқосшыны асықтырып, шаһарға жеткенше мазасыздана берді, келе жатып "сол ақшасы құрғырды" бүгін кешке дейін жерден қазса да табудың жаңа, "даусыз" жоспарын ойластырып та үлгерді. "Амал бар ма, тағдырыңды түкке тұрмайтын сол үш мың сом шешкелі тұрған соң қайтерсің бұл! — деді ол ұнатпаған пішінмен. — Бүгін қалай да шешемін! "Грушеньканы ойлап, оған бірдеңе болып қалмады ма деп мазасыздана бермегенде, бәлкім, ол тағы да мүлде көңілденіп кетер ме еді, қайтер еді. Алайда Грушенькасы ойына түскенде, минут сайын оның жүрегін біреу өткір пышақпен тілгілеп жатқандай сезінді. Ақыры шаһарға да жетті, сөйтіп Митя тез Грушенькаға жүгіріп кетті.
АЛТЫН КЕНІ
Ракитинге Митяның сонда қалай жетіп келгенін әңгімелегенде Грушеньканың зәре-құты қалмаған. Онда ол өзінің "эстафетін" күтіп, Митяның кеше де, бүгін де төбе көрсетпегеніне іштей қатты қуанып, құдай жазса, бұл тайып бергенше оның келмеуі де мүмкін ғой деп үміттеніп отырған, бірақ, Митя аяқ астынан сап ете қалған еді. Бізге одан арғысы белгілі: Митядан тезірек құтылу үшін Грушенька оған Кузьма Кузьмичтікіне барып "ақша санаспаса" болмайтынын айтып, өзін сол үйге дейін шығарып салуға тез көндірген, ал Митя оны сол сәтте-ақ шығарып салғаннан кейін қақпа алдында онымен қоштасқанда, сағат он екіде осы араға қайтып келіп, оны үйіне апарып тастауға оның уәдесін де алған. Митя оның бұл жарлығына да мәз болған: "Ол Кузьманың қасында болады, демек, Федор Павловичке бармайды... егер өтірік соқпаса", — деген ол сонсоң тағы да. Бірақ, өзінің пайымдауынша, жалған сөйлемеген секілді. Митяның қызғаншақтығы да қызық-ты: сүйген әйелі көзден таса болса-ақ, ол неғып жатыр екен, менің "көзіме шөп салып қоймады ма екен" деп күдіктеніп, қайдағы жоқ бір сұмдықтарды қоздататын, сосын, оның опасыздық жасай қоймағандығына сенгендіктен іштей қан жұтып, қайғы жеп оған қайта жүгіріп келгеннен кейін оның күлімдеген, көңілді, жайдары жүзіне көзі түскен сәтте-ақ жығылған жүні қайта көтеріліп, күдік-күмәннан лезде арылып, қуанғанынан — оны неге қызғанғанына ұялып, өзін-өзі сөге бастайтын әдеті бар еді. Грушеньканы шығарып салған соң, ол үйіне жеткенше асықты. О, оның бүгін талай шаруаны тындыруы керек! Бірақ, қалай дегенмен жүрегі орнына түсті. "Тек Смердяковтан тезірек сұрап білу керек шығар, кеше кешке неғып бірдеңе болмады екен, қырсық қылғанда, ол Федор Павловичке барып қоймаса игі еді, уһ!" — деген ой сап етті бір кезде оның басына. Ол пәтеріне жетпей жатып-ақ мазасыз жүрегінің бір түкпірінен қызғаныш құрты қайта жыбырлай бастады.
Қызғаныш! "Отелло қызғаншақ емес, ол сенгіш", — деген екен Пушкин. Ұлы ақын ақыл-парасатының ғаламат тереңдігін осы сөздерінің өзі-ақ дәлелдейді. Отеллоның жан дүниесі мылжа-мылжа болып, бүкіл дүние танымы күңгірттенген, өйткені оның мұрат тұтқан дүниесі құрып біткен. Бірақ Отелло жасырынбақ ойнамайды, тың тыңдамайды, біреуді аңдымайды: ол сенгіш. Керісінше, опасыздық жасалғанын аңғарту үшін оны күдіктендіру, итермелеу, намысына тию керек еді. Шын қызғаншақ мұндай болмайды. Қызғаншақтың ар-ұжданы алдында ешбір қысылып-қымтырылмастан қалай масқара болып, адамгершіліктен қалай ада болатындығын тіпті кез алдына елестетудің өзі қиын. Сонсоң, олардың бәрін бірдей пасық, арамза жандар деуге де болмайды. Керісінше, олар абзал жүректі, махаббаты таза, жан қиюға дайын адамдар, солай бола тұрса да, үстел астына тығылуға, арамзаларды сатып алуға болады деп біледі, тың тыңдау мен аңдудан да жеркенбейді. Отелло опасыздыққа әсте көне алмас еді, сәбидей пәк жанды, аңқылдаған ақ көңіл болса да, кешіру былай тұрсын, ешбір көне алмас еді. Ал шын қызғаншақ басқаша: кейбір қызғаншақтың не нәрсеге көніп, не нәрсемен келісе алатынын, нені кешіретінін ұғудың өзі қиын! Шындығында бәрінен бұрын кешіретін нақ осы қызғаншақтар, мұны әйел затының бәрі біледі. Қызғаншақ, айталық, айғақталуға айналған опасыздықты, өзінің көзінше құшақтасып тұрып сүйіскенді де оп-оңай кешіре салады, бұған оның дәті барады (әлбетте, әуелі бұрқан-тарқан боп ашуланған соң), бірақ бұл үшін, мысалы, мұның "ең соңғы рет" екеніне, осы сәттен бастап бақталасы жердің шетіне болса да көзін жоғалтатындығына немесе өзінің ғашығын осы қас дұшпан жете алмайтын бір қиырға алып кететіндігіне бірдеме ғып оның көз жеткізуі керек. Әрине, татуласу бір сағатқа ғана созылады, өйткені ол, бақталасы шынында да бір жаққа жоғалған күнде де, ертеңіне-ақ тағы сондай біреуді, жаңа бақталасты ойлап шығарып, содан қызғанар еді. Үнемі аңдып жүруді тілейтін махаббаттан не барқадар, көз жазбай күзетуді керек қылатын махаббаттың құны қандай? Алайда, шын қызғаншақ міне нақ осыны ешқашан да ұқпайды, ал оның бер жағында олардың арасында, шынында, тіпті абзал жүректілері де кездеседі. Бір ғажабы, осы жүрегі асыл жандар қайсыбір қуыста жасырынып тың тыңдап, аңдып тұрған кезінде, өз еркімен киліккен осы ұят қылықтарының бүкіл "масқаралығын "өздерінің абзал жүректерімен" айқын түсінсе де, дегенмен, тым болмаса, дәл сол қуыста жасырынған сәтте ар-ұжданнан еш уақытта қысылып-қымтырылмайды. Грушеньканы көргеннен кейін Митяның қызғанышы сап тыйылып, ол бір сәтке сенгіш, ізгі жанды бола қалды, көкейдегі арам ойы үшін тіпті өзінен-өзі жеркенді. Бірақ бұл оның осы әйелге деген махаббатында, тек жалғыз құштарлық қана емес, Алешаға айтқан тек жалғыз "мүсін сұлулығы" ғана емес, қайта, оның өзі жорамалдағаннан гөрі әлдеқайда биік, еңселі бірдеңе бар екендігінің нышаны еді. Алайда, Грушенька кезінен таса болысымен-ақ, Митя оған арамзалық пен опасыздықтың зұлымдығын үйіп-төгіп, сол сәтте қайтадан күдіктене бастайтын. Бүйткенде ол өзінің ар-ұжданынан ешбір қысылмаған да.
Сонымен, оны қайтадан қызғаныш биледі. Қалай дегенмен, асығу керек еді. Ең алдымен тым болмаса ораза ашатындай ақша табу керек-ті. Кешегі тоғыз сом түгелге жуық жолдың шығынына жұмсалып кеткен, ал көк тиынсыз қия баса алмайтының мәлім. Бірақ ол бағана арбада келе жатып өзінің жаңа жоспарын ойластырғанда ораза ашарлық бірдеңені қайдан табуды да қарастырған еді. Оның патрондарымен қоса тәп-тәуір екі бірдей дуэльдік тапаншасы барды, егер бұларды осыған дейін зақылетке салмаса, маңдайына біткен мүлкінің ішіндегі ең жақсы көретіні осылар болғандықтан ғана салмаған. Оның "Астаналық шаһар" шарапханасында бір жас шенеунікпен көз таныстығына біраз уақыт өткен еді, осынау бойдақ, қалтасы қалың шенеуніктің әр түрлі қаруға аса құмарлығын, оның тапанша, алты атар, қанжар сатып алып, бөлмесінің қабырғаларына саусылдатып іліп қойып, таныстарына көрсетіп бір мақтанып қалатынын, алты атардың түр-түрін бес саусағындай таратып, оны қалай оқтап, қалай атуды, тағы басқасын түсіндіруге машық екенін де сол шарапханадан естіп білген. Митя көп ойланбастан сол шенеунікке барды да, екі тапаншасын зақылетке алып, он сом ақша бере тұруды өтінді. Қуанған шенеунік онан да сатсаң қайтеді деп жабысып еді, Митя көнбеді, сонсоң ол ешқандай өсімнің қажеті жоқ деді де, он сомды ұстата салды. Сөйтіп, екеуі достасып ажырасты. Митя асығулы еді, ол Федор Павловичтің ауласының арт жағындағы өзінің күркесіне жетіп, тезірек Смердяковты шақырып алып сөйлесуге жанталасқан. Дегенмен, осылайша тағы бір жайт анықталған еді: қайсыбір уақиғаның алдында — мен бұл жөнінде кейінірек тоқталмақпын, — одан не бары үш сағат па, әлде төрт сағат па бұрын Митяның көк тиыны да жоқ-ты, сондықтан ол, айналасы үш сағаттан соң мыңдаған ақша уысына түскелі тұрғанда, өзінің ең жақсы көретін затын зақылетке салған... Әйтсе де, мен алға озып барамын ғой деймін.
Марья Кондратьевнадан (Федор Павловичтің көршісі) Смердяковтың ауырып қалғанын естігенде ол таң-тамаша болып, абыржып қалды. Митя оның погребке қалай құлағаны, сосын қояншығы ұстап қалғаны, дәрігердің келгені, Федор Павловичтің әбігер болғаны туралы хикаяны естіп білді; ағасы Иван Федоровичтің бағана, таңертең Мәскеуге жүріп кеткеніне де аң-таң болды. "Тегі, Воловьядан менен бұрынырақ Мәскеуге өткен ғой", — деп ойлады Дмитрий Федорович, бірақ оны Смердяковтың аурулығы сұмдық мазалаған еді. — "Енді қайттым, кім аңдиды, не болғанын маған кім айтады?" Ол әйелдерден: кеше кешке ештеңе байқамадыңдар ма? — деп қазбалап сұрай бастады. Оның нені білгісі келіп тұрғанын тым жақсы түсінген олар мұның күдігін сейілтті: оған ешкім де келген жоқ, Иван Федорович түнеп шықты, "бәрі де дұрыс болды". Митя ойланып қалды. Бүгін де аңду керек, бұған күмән жоқ, бірақ қайдан: осы арадан ба, әлде Самсоновтың қақпасынан ба? Ол ыңғайына қарай, осы арадан ба, әлде Самсоновтың қақпасынан ба? Ол ыңғайына қарай, осы арадан да, ана жақтан да аңдуға ұйғарды, ал әзірше, әзірше... Енді оның алдында әлгі "жоспары", арбада келе жатқанда ойластырылған бағанағы, жаңа, сенімді жоспар тұрған, енді оның іске асырылуын кешеуілдетуге болмайды. Митя бұған бір сағат уақытын жұмсауға бекінді: "бір сағатта бәрін шешемін, бәрін біліп аламын, сонсоң, сонсоң, біріншіден, Самсоновтікіне барамын да, Грушеньканың онда бар-жоғын сұрап білемін, сонсоң дереу осында қайта оралып, мұнда сағат он бірге дейін боламын, одан кейін оны үйіне шығарып салу үшін Самсоновтікіне қайта барамын. Ол міне осылай ұйғарған еді.
Ол жүгіріп үйіне барып, жуынып, таранып, киімін тазартып киінген соң Хохлакова ханымның үйіне кетті. Өкінішке қарай, бағанағы "жоспарының" ойына орала қалғаны. Ол үшін мыңды осы ханымнан қарызға алуға бекінді. Ең бастысы, Хохлакова қарыз беруден бас тарта қоймас деген сенім оған кенеттен, тіпті аяқ астынан келген-ді. Егер оның мұндай сенімі болса, онда ол әуелі осында, былайша айтқанда, өзіне таныс адамға бармай, тіпті онымен қалай сөйлесудің де ретін білместен танымайтын кісіге, Самсоновқа барғаны несі деп біреулердің таңдануы да мүмкін. Бірақ, гәп мынада-ды: ол соңғы бір айдың ішінде Хохлаковқа мүлде жоламай кеткен, оған дейінгі таныстығы да шамалы болатын, бұған қоса, ханымның мұны көргенде қыжырайып қалатынын да өте жақсы білетін. Митяны Катерина Ивановнаның ұнатқан жігіті болғаны үшін ғана әуел бастан-ақ жайдан-жай көріп кеткен ханым, неге екені белгісіз, кенет қыздың оны тастап, "керемет сыпайы Иван Федоровичке, осынау сүйкімді, білімді, сері жігітке тиіп алуын" тілеген. Ол Митяның қылығын жақтырмайтын. Митя оны тіпті күлкі қылатын, бірде ол жөнінде бұл әйелдің "пысықтығы мен әдепсіздігіне білімсіздігі сай" деген де болатын. Сөйтіп бағана таңертең, арбада келе жатқанда, оған мынадай ғажап ой келген еді: "Егер мені Катерина Ивановнаға үйленбесін десе, бұған сондай құштар болса (ханымның тіпті жаман күйіп-пісіп қалатынын ол білетін), онда ол маған сол үш мыңды бермеймін деп неге қасаруы керек, қайта, Катядан ада-күде безіп, бір жаққа мәңгі-бақи көзімді жоғалтуым үшін бастан құлақ садақа демей ме? Ондай еркетотай ақсүйек әйелдер, егер бірдеңе меніңше болсын деп қыңырайса, ештеңені де аямайды, тек дегеніне жетсе болды. Оның үстіне байлығы да жетіп жатыр", — деп пайымдады Митя. Ал, егер оның "жоспарына" келсек, барлығы бұрынғыша болатын, яки өзінің Чермашняға иелігін алдына тартады, бірақ енді ол, кеше Самсоновты үш мыңның орнына, алты немесе жеті мыңды жамбасқа басасың деп қызықтырғандай, мұны да қызықтырмайды, тек қарыз бергені үшін жай адамгершілік кепілдеме ретінде ғана ұсынады. Бір іске кірісердегі, шұғыл шешімге келердегі һәманғы әдетіне бағып Митя осы жаңа ойын өрбіте келе масайрап кеткен еді. Ол өзінің әрбір тың ойына жан-тәнімен берілетін. Солай бола тұрса да, Хохлакова ханымның баспалдағына көтерілгенде, ол әлде неден арқасы мұздап сала бергенін сезді: Митя бұл оның ең соңғы үміті екенін, бұдан ары дүниеде ол үшін ештеңе жоғын, егер осы ақырғы үміті үзілсе, "онда үш мыңға бола біреуді пышақтап өлтіріп, тонаудан басқа ештеңе қалмайтынын дәл осы сәтте ғана толық және алақандағыдай айқын түсінген еді..." Ол есіктің қоңырауын шылдырлатқанда сағат жеті жарым шамасы болатын.
Алғашқыда істің сәті түсетіндей көрінген: келіп тұрғаны айтылған соң оны дереу қабылдады. Митяның басына: "Мені күтіп отыр екен ғой", — деген ой сап етті, сонан соң, оны қонақ бөлмесіне кіргізгеннен кейін, іле-шала жүгіре басып кірген бикесі оны күтіп отырғанын айтты.
— Күтіп отыр ем, қош келдіңіз! Сізді маған келер деген ойдың қаперіме де кірмейтіндігіне, тегі, өзіңіз де келісерсіз деймін, алайда, мен сізді келетін шығар деп күттім, менің осы бір түйсігім таңғаларлық емес пе, Дмитрий Федорович, бүгін неғып бір төбе көрсетпес екен деп азаннан бері үміттеніп отырғамын.
— Бұл шынында да таңғаларлық екен, ханым, — деді Митя қолапайсыздау отырып жатып, — әйтсе де... мен бір өте тығыз шаруамен келген едім, аса маңызды іс, яки мен үшін, ханым, тек мен үшін ғана, тым асығыс...
— Өте ділгерліктен дірдектеп жүргеніңізді сеземін, Дмитрий Федорович; мұны сіз бірдеңені алдын ала сезу, таңғажайыпқа иек артатын керітартпалық деп ойлап қалмассыз (Зосим пірәдар жайында естіп пе едіңіз?), бұл дәл есептеудің нәтижесі, Катерина Ивановнамен болған оқиғадан кейін сіздің мұнда келмеуіңіз мүмкін емес еді, келмей тұра алмас едіңіз, бәрібір келер едіңіз, дәл есеп деген міне осы.
— Білгіңіз келсе, ақиқат өмір шындығы бұл, ханым! Әйтсе де, келген шаруамды...
— Иә, нақ өмір шындығы, Дмитрий Федорович. Мен енді тек ақиқат өмірге ғана ден қоям, таңғажайыпты күтуден тағылым алғам. Зосим пірәдардың қайтыс болғанын естіп пе едіңіз?
— Естіген жоқпын, ханым, бірінші рет сізден естіп тұрмын, — Митя сәл таңғалды. Оның санасында Алешаның бейнесі елестеп кеткен еді.
— Білесіз бе, бүгін түнде...
— Ханым, — Митя оның сөзін бөліп жіберді, — мен халімнің мүшкілдігін ғана білемін, егер сіз қол ұшын созбасаңыз, онда бәрі бітті, бірінші болып мен құримын. Мылжыңдап кеткеніме кешіріңіз, қызбаланып, тым абыржып тұрғаным.
— Білем, абыржулы екеніңізді білемін, бәрін білемін, сіздің көңіл күйіңіздің басқаша болуы да мүмкін емес қой, не дегелі тұрғаныңызды мен ерніңіздің емеурінінен-ақ сеземін. Мен сіздің тағдырыңызға көптен бері назар салып келемін, Дмитрий Федорович, оны қадағалап, зерттеп жүрмін... О, сенсеңіз, мен адам жанының епсекті емшісімін ғой, Дмитрий Федорович.
— Ханым, егер сіз епсекті емші болсаңыз, оның есесіне мен әккі болған аурумын, — Митя өзін-өзі зорлап жарамсақтанды, — егер сіз менің тағдырыма зер салып жүрсеңіз, оның мерт болуына да жәрдемдесетін шығарсыз, бірақ бұл үшін менің, ақыры, тәуекел етіп осында келуіме түрткі болған бір ойымды алдыңызға жайып салуыма рұқсат етіңіз... сізден күтетінім... Келген шаруам, ханым...
— Айтпай-ақ қойыңыз, ол әншейін бірдеңе. Ал көмек дегенге келсек, Дмитрий Федорович, менің қол ұшын созған кісім жалғыз сіз ғана емес. Сіз менің туған бөлем Бельмесова жөнінде, тегі, естіген боларсыз, міне соның күйеуі, Дмитрий Федорович, сіздің тамаша айтқаныңыздай, халі мүшкіл болып құрып бітуге айналғанда, мен оған жылқы зауытын ұстауға кеңес берген едім, қазір байып алды. Дмитрий Федорович, сіздің жылқы зауыты жайында мағлұматыңыз бар ма еді?
— Ешқандай мағлұматым жоқ, ханым, — оһ, ханым, титтей де түсінігім жоқ тіпті! — шыдамы таусылғасын даусы қаттырақ шығып кеткен Митя орнынан атып тұра жаздады. — Сізден жалбарынып өтінем, ханым, менің сөзіме құлақ салыңызшы, сізге алдымен бәрін, ойластырған жобамды түгел айтып беруіме не бары екі минут уақыт бөліңізші. Менің уақытым жоқ, өте асығыспын!.. — ханым тағы да сөзін бөліп жібере ме деп қорқып, бәрін айтып үлгеруге тырысқан Митя ышқына айқайлап жіберді. — Сізге қысылған соң келдім... сенімді, өте сенімді, әсте ұтылмайтын зақылетке, ханым, сізден қарызға үш мың сом ақша сұрауға басқа барар жерім болмаған соң келдім! Тек айтуыма рұқсат етіңізші...
— Сіз мұның бәрін кейін, соңынан айтарсыз! — деді оған қолын сермеген Хохлакова ханым, — жаңа айттым ғой, сіздің не дейтініңізді мен алдын ала білемін. Сіз болмашы қарыз сұрайсыз, сізге үш мың сом ғана керек, ал мен сізге одан да көп, әлдеқайда көп беремін, мен сізді құтқарамын, Дмитрий Федорович, бірақ бұл үшін менің айтқанымды істеуіңіз керек!
Митя отырған орнынан тағы да ыршып түсті.
— Ханым, сіз осыншама рақымшыл ма едіңіз! —деді ол өте қуанышты сезіммен. — Тәңірім-ау, сіз мені ажалдан құтқардыңыз ғой. Ханым-ау, сіз мені ажалдан құтқарғалы тұрсыз, тапаншаның оғынан... Өле-өлгенше ұмытпан...
— Әлдеқайда көп дейсіз бе? Бірақ, маған ондай мол ақшаның керегі жоқ. Осы зауал үш мыңы құрғырды бере тұрсаңыз жетеді, мен сізге бұл үшін өзімнің шексіз алғысымды білдіріп, осы қарызыңыздың сенімді кепілдемесін айтып, өз жоспарымды мәлімдейін деп келген едім...
— Болды, Дмитрий Федорович, айттым бітті, — деп кесіп тастады Хохлакова ханым керемет жарылқап тастайтын данагөйше мерейленіп. — Құтқарам дедім ғой, демек, құтқарам, Бельмесовке қалай көмектессем, сізге де солай көмектесем, Дмитрий Федорович, сіз алтын кені жайында не ойлайсыз?
— Алтын кені дейсіз бе, ханым! Ол жайында мен ешқашан да ештеңе ойлаған емеспін.
— Онда, сіз үшін мен ойладым! Талай рет ойландым! Осы мақсатпен сізді бір ай бойы бақылап келемін. Өтіп бара жатқаныңызда сыртыңыздан жүз мәрте көз салып: кенішке баратын жігерлі жігіт міне осындай-ақ болар дегем. Мен тіпті сіздің жүрісіңізге де көз салғам: талай кенішті ашатын міне осы жігіт деп пайымдағам.
— Ханым-ау, жүрісіме қарап солай шештіңіз бе? — деп жымия күлді Митя.
— Несі бар, кісінің жүрісіне қарап та болжауға болады. Қалай, Дмитрий Федорович, сіз мұны бекерге шығармақсыз ба? Жаратылыстану ғылымдары да осылай деп дәлелдейді ғой. О, мен ақиқаттан аспайтын болғанмын, Дмитрий Федорович. Мен бүгіннен бастап, өзімді жаман қапаландырған монастырдағы оқиғадан кейін кәміл ақиқатшыл болып кеттім және тәжірибе жүзіндегі қызметке бас қойғым келеді. Дертімнен жазылғам. Болды енді! — Тургенев осылай демеп пе еді.
— Әйтсе де, ханым, өзіңіз жанашырлықпен қарызға бермекші болған әлгі үш мыңды...
— Оған саспаңыз, Дмитрий Федорович, — деп Хохлакова ханым Митяның сөзін тағы да кесіп тастады, — ол үш мыңды қалтамда дей беріңіз, аз ғана уақыт ішінде, Дмитрий Федорович, үш мың емес, үш миллионды жамбасқа басасың! Сіздің көкейкестігіңізді айтып берейін бе: сіз кеніш ашасыз, миллиондаған байлық жинайсыз, сонсоң осында қайта оралып қайраткер боласыз, мына біздерді ізгілікке баулып, ілгері сүйрейсіз. Барлығын жәйттерге беріп қоямыз ба? Сіз әлі ғимараттар мен түрлі кәсіпорындар саласыз. Сіз жарлы-жақыбайларға жәрдемдесесіз, ал олар сіздің тілегіңізді тілейтін болады. Қазіргі уақыт, Дмитрий Федорович, темір жол заманы. Сіз қаржы министрлігіне белгілі және оған қажет кісі боласыз, оған дәл сіздей адамдар жетпейді. Біздегі несие қаржысының құнсызданғанын ойлағанда түн ұйқым төрт бөлінеді, Дмитрий Федорович, бұл жағынан жұрт мені аз біледі...
— Ханым, ханым-ау! - әлденеден секем алған Дмитрий Федорович оның сөзін тағы да бөлді, - мен сіздің бұл ақылыңызды, өте зерделі кеңесіңізді, бәлкім, әбден қабыл алармын сосын, ханым, анау... әлгі приискіге де баруым мүмкін... бұл жөнінде өзіңізге тағы бір келіп сөйлесермін... тіпті талай рет ақылдасармын... ал қазір өзіңіз сондай рақымшылықпен бермекші болған үш мыңды... Яки, көресіз бе, менің енді тіпті бір сағат та уақытым жоқ...
— Болды, Дмитрий Федорович, болды енді! — Өктемси сөйлеген Хохлакова ханым оның сөзін күрт үзіп тастады. — Менің сауалым бар: кенішке барасың ба, әлде бармайсың ба, онда баруға тәуекел еттің бе, жоқ па, тек бұлтақсыз анығын айт.
— Барамын, ханым, кейін... Қалаған жеріңізге баруға дайынмын, ханым... тек қазір әлгі...
— Тоқтай тұр! — Даусы қатандау шыққан Хохлакова ханым орнынан атып тұрып, толып жатқан суырмалары бар ғажап биік үстеліне қарай барды, сосын суырмаларды бірінен соң бірін тартып ашып, бірдеңені асығыс-үсігіс іздей бастады.
— "Үш мыңды алып бергелі жатқан шығар! — деп ойлады аң-таң Митя, — ешқандай қағазсыз, хаттаусыз дәл қазір қолыма ұстата салмақ қой... о, мәрттік деп міне осыны айт! Тым сөзуарлығы болмаса, ғажап әйел..."
— Міне! — деді қуанғанынан таңдайы тақ еткен Хохлакова ханым Митяның жанына қайта оралып, — міне мынаны іздеп едім!
Бұл пайғамбардың кішкентай күміс мүсіншісі еді, мұндай баулы мүсіншені кейде іштен мойынға креспен бірге тағып жүреді.
— Дмитрий Федорович, мен мұны Киевтен, дін жолында азап шеккен қасиетті Варвараның мүрдесінен алғызған едім, — деді бармақтай күміс мүсіншеге сүйсіне қараған ол сөзін одан ары жалғастырып. — Мойныңызға өз қолыммен салып, жаңа өмірге қадамың құтты болсын, жаңа ерлік істеріңнің сәтін салсын деп батамды берейін деп едім.
Сонсоң, Хохлакова ханым кішкентай күміс мүсіншені шынында да оның мойнына салып, дұрыстай бастады. Митя қатты қысылып қалса да еңкейіп мүсіншені гәлстөгі мен жейдесінің жағасы астына қарай жіберіп, көкірегіне дұрыстап басып қойды.
— Міне сіздің енді аттана беруіңізге болады! — деді Хохлакова ханым өзінің орнына мардымен қайта отырып жатып.
— Ханым, сізге шын ризамын... тіпті алғысымды қалай білдіруді де білмей тұрмын... мұндай жақсылығыңыз үшін... алайда, сіз менің уақытымның қандай қымбаттығын білсеңіз ғой, шіркін!.. Сіздің мархабатыңыздан үміттенген ақшаны алсам... О, ханым, егер сіз маған сондай ақ көңілмен, сондай шын рақымшылықпен қарайтын болсаңыз, — деді кенет тебіреніп кеткен Митя, — онда сізге іштей бір сырымды ашуға рұқсат етіңіз... әйтсе де, мұны сіз өзіңіз де көптен бері білесіз... мен осында бір бикешке ғашықпын... Мен Катяға... Катерина Ивановнаға опасыздық жасадым, сізге осыны айтайын деп едім. О, мен оның алдында жігітшілікке жатпайтын іс істедім, оған қиянат қылдым, бірақ мен осында екінші... басқа бір әйелді сүйдім; ханым, сіздің оны жек көруіңіз де мүмкін, өйткені сіз болған оқиғаға әбден қанықсыз, әйтсе де, мен оны әсте тастай алмаймын, маған үш мың сом сол үшін қажет...
— Бәрін де былай қоя тұрыңыз, Дмитрий Федорович! — деп Хохлакова ханым оны тым өктемси кесіп тастады. — Тастаңыз, әсіресе ұрғашыдан аулақ болыңыз. Сіздің мақсатыңыз -кеніш ашу, ендеше онда әйел алып барудың қажеттігі жоқ. Кейін, басыңа бақ-дәулет орнап, атақ-даңқың жер жарып оралған соң, ақсүйек қауымнан жүрегің қалаған бір сұлуды таңдап аласың. Ол ескілікті сенімнен таза, білімді, осы заманның көзі ашық қызы болады. Қазіргі басталған әйел мәселесінің оған дейін толғағы пісіп, жаңа тұрпатты әйелдің шыққанын көреміз...
— Ханым-ау, жоқ, олай емес... — деп жалбарынған Дмитрий Федорович қолын жайды.
— Қалайша олай емес, Дмитрий Федорович, әлі күнге сезбей жүргеніңіз болмаса, сізге керегі, сіздің күтетініңіз осы емес пе. Бірақ, Дмитрий Федорович, мен қазіргі әйел мәселесінен әсте безбеймін. Әйелдердің өсіп-жетілуі, тіпті ең таяу болашақта олардың саяси рөл атқаратын болуы — менің мұратым міне осы. Дмитрий Федорович, менің өзімнің де қызым бар, бірақ жұрт мені бұл жағынан онша біле бермейді. Мен осы жөнінде Щедрин деген жазушыға хат жолдадым. Әйелдің міндет-мақсаты жөнінде бұл жазушының маған өте көп нәрсені түсіндіргеніне риза болғасын мен оған өткен жылы аты-жөнімді айтпастан екі жол хат та жазып жібергенмін: "Осы заманның әйелі үшін, жазушым, сізді құшақтап, бетіңізден сүйемін, осыдан таймаңыз". Соңына: "ана" деп қол қойдым. "Осы заманғы ана" деп қол қояйын деп едім, сосын ойланып қалдым да, жай ана деуге тоқтадым: бұлай дегенде адамгершілік тұрғысынан әдемірек болады, Дмитрий Федорович, тағы бір себеп "осы заманды" деген сөз олардың есіне "Современникті" түсірер еді — қазіргі цензура жағдайында мұның қажеті не... Ah, тәңірім-ау, сізге не болған?
— Ханым-ау, — Митя орнынан атып тұрып, жалбарынған пішінмен оның алдына барып қолын жайды, — егер өзіңіз сондай рақымшылық білдіргеннен кейін... тағы да тартпақтасаңыз, ханым, онда мені жылататын болдыңыз ғой...
— Несі бар, жылаңыз, Дмитрий Федорович, жылаңыз! Бұл бір ғажап сезім... сіз ұзақ сапарға аттанасыз! Жыласаң ішің босайды, кейін қайтып оралғасын қуанасың. Қуанышыңа менімен ортақтасу үшін әлі сонау Сібірден маған әдейі келетін боласың...
— Дегенмен, маған мұрсат етсеңізші, — деп міңгірледі кенет Митя, — сізден ақырғы рет жалынып сұраймын, бағана өзіңіз өмексіткен ақшаны сізден бүгін ала аламын ба? Егер бүгін бере алмасаңыз, онда сізге қашан келейін?
— Қайдағы ақшаны айтасыз, Дмитрий Федорович?
— Әлгі өзіңіз уәде еткен үш мыңды... сондай рақымшылықпен...
— Үш мың деймісің? Соншама ақша ма? Оһ, жоқ, маған ондай ақша қайдан келсін, — деді Хохлакова ханым бір түрлі дел-сал таңырқанып. Митя сілейіп тұрып қалды...
— Мұныңыз қалай... жаңа ғана... өзіңіз айттыңыз ғой... тіпті ол ақшаны енді қалтамда деп есептей бер деген жоқсыз ба?..
— Оһ, жоқ, сіз мені дұрыс түсінбегенсіз, Дмитрий Федорович. Егер олай болса, онда сіз мені ұқпағансыз. Мен кенішті айтқам... Сізге үш мыңнан әлдеқайда көп ақша беруге уәде еткенім рас, бәрі енді есіме түсті, бірақ бұлай дегенде мен тек кенішті сөз еткенмін.
— Ал ақша ше? Үш мың сом ше? — деп Дмитрий Федорович ерсілеу айқайлап жіберді.
— О, егер сіз менен қарыз алмақшы болсаңыз, менің ақшам жоқ. Дмитрий Федорович, қазір менде көк тиын да жоқ, дәл осы күндері шаруашылығымды басқарушымен ұрсысып та біттім, осы таяу күнде ғана Миусовтан бес жүз сомды өзім қарызға алдым. Жо-жоқ, ақша жоқ менде. Білесіз бе, Дмитрий Федорович, тіпті болған күнде де, сізге бәрібір бермес едім. Біріншіден, мен ешкімге қарыз бермеймін. Қарыз бердім дегенше, араздастым дей бер. Бірақ сізге, әсіресе сізге қарыз бермес едім, сізді жақсы көргендіктен, сізге жаным ашығандықтан бермес едім, өйткені сізге бір ғана нәрсе керек, ол кеніш, кеніш, кеніш!
— О, сайтанның сапалағы!.. — деп кіжінген Митя жұдырығымен үстелді қатты қойып қалды.
— А-ай! — деп бақырып жіберген Хохлакова зәресі кетіп, бөлменің екінші бұрышына барып тығылды.
Митя түкіріп тастап, тез адымдап үйден қараңғы көшеге қалай шыққанын байқаған да жоқ! Ол бұрнағы күні кешке, қараңғы көшеде келе жатып Алешамен соңғы рет кездескенінде, кеудесін қойғылаған еді, енді кеудесін тағы да сол тұсынан қойғылап, есі ауысқан кісіше келе жатты. Кеудесін дәл сол тұсынан неге қойғылағаны, мұнымен ол не дегісі келгені — бұл әзірше тірі пенде білмеген онда ол тіпті Алешаға да аша қоймаған құпия еді, алайда, бұл құпияда ол үшін жай масқаралықтан да сұмдық, мерт болумен, өзін-өзі бар-ды, егер Қатерина Ивановнаның ақшасын қайтару үшін, сөйтіп кеудесін, оның "дәл сол тұсын", өзінің ар-ұжданын езіп келген масқаралықтан аршу үшін сол үш мың сомды таба алмаса, осылай етуге тәуекел еткен. Мұның барлығы оқырманға кейінірек толық түсінікті бола жатар; ендігі айтарымыз, ең соңғы үміті үзілген соң, осынау тепсе темір үзетін жігіт Хохлакованың үйінен бірнеше қадам ұзағасын-ақ сәби балаша еңіреп жылап қоя берді. Ол келе жатып екі көзінен парлаған жасты есеңгіреген күйі жұдырығымен сүрте берді. Ол осылай алаңға шыққан кезде, кенет бірдеңеге бүкіл денесімен соқтыққандай сезінді. Бір шүйкедей кемпірдің шыңғырған даусы естілді, бейшараны ұшырып түсіре жаздаған екен.
— Құдай сақтай гөр, мынау өлтіре ме! Сотанақ неме-ау, көзіңе қарасаңшы!
— Қалай, бұл сіз бе?! — деді қараңғыда кемпірді шырамыта кеткен Митя. Бұл Кузьма Самсоновтың үйіндегі қызметші кәрі кемпір еді, кеше сонда барғанында ол Митяның есінде қалған.
— Көкетайым-ау, сіз өзіңіз кім боласыз? — кемпірдің даусы ілкідегіден өзгеріп сала берді, — қараңғыда танымай жатырмын.
— Сіз Кузьма Кузьмичтікінде тұрмайсыз ба, соның күтушісі емессіз бе?
— Иә, солай, көкетайым, Прохорычтікінен келе жатырмын... Сізді әлі де жыға танымай тұрғаным?
— Айтыңызшы, анажан, Аграфена Александровна қазір сонда ма? Бағана өзім апарып салып едім оны, — деді кемпірдің жауабын тағатсыздана күткен Митя.
— Болды, көкетайым, келген соң аз ғана отырды да, кетіп қалды.
— Қалай? Кетіп қалды ма? — деді Митя жұлып алғандай, — Қаиш кетті? — Келе саласымен қайта кеткен, бір минут болды ма, жоқ па. Кузьма Кузьмичке бір ертек айтып мәз-мейрам ғып күлдір де, тез кетіп қалды.
— Өтірік соқпа, кәрі мыстан! — деп зекірді Митя.
— А-ай! — деп бақырып жіберді кемпір. Сол сәтте Митяның ізі де суыған еді; ол Морозованың үйіне жан ұшыра жүгіріп кеткен. Бұл Грушенька Мокроеға жүріп кеткеннен кейін, асса ширек сағаттай ғана уақыт өткен мезгіл еді. "Капитан" үйге жүгіріп кіргенде, Феня ас үйде, өзінің әжесі аспаз Матренаның қасында отырған. Оны көргенде Феня бақырып жіберді.
— Неге бақырасың? — деп міңгірледі Митя. — Грушенька қайда? — Бірақ, зәресі ұшқасын сілейіп қалған Феняның аузынан бір сөз шықпай жатып, Митя оның аяғына жығыла кетті:
— Феня, құдай үшін, айтыңызшы, Грушенька қайда?
— Көкетай, мен түк білмеймін, жарқыным Дмитрий Федорович, мен ештеңе білмеймін, тіпті өлтірсең де ештеңе айта алмаймын, — деп қарғанып-сіленді Феня, — бағана екеуің бірге кетіп едіңіздер ғой...
— Ол қайтып келген!..
— Жарқыным, ол келген жоқ деймін, құдайдың алдында ант етемін, қайтып келген жоқ.
— Өтірік соқпа, — деп айқайлады Митя, — оның қайда екенін сенің мына үрейленген сиқыңнан-ақ біліп тұрмын!..
Сонсоң ол үйден шыға жөнелді. Зәре-құты қалмаған Феня одан оңай құтылғанына қуанды, бірақ ол Митяның асығыс жүргені жақсы болғанын, әйтпесе, бәлкім, оның сазайын беретінін қапысыз ұққан еді. Әйтсе де, Митя кетіп бара жатып өзінің бір тосын қылығымен Феняны да, Матрена кемпірді де қалай дегенмен таңғалдырған: үстел үстінде мыс келі, оның ішінде ұзындығы бір қарыстай ғана кішкентай мыс келсап тұрған. Үйден шығуға ыңғайланған Митя бір қолымен есіктің тұтқасынан ұстап тұрып, екінші қолымен келсапты алып жан қалтасына тыға салып ғайып болған.
— Аһ, құдай сақтай гөр, ол біреуді жазым қылмаса игі еді! — деді Феня қолын жайып.
IV
ҚАРАҢҒЫ ТҮНДЕ
Митя қай жаққа жүгіре жөнелді екен? "Аграфена Александровна Федор Павловичтікінде болмағанда, қайда болушы еді? Самсоновтікінен шыққан соң тура соған барды, бұл айдан анық. Енді әзәзілдіктің, алдау-арбаудың бәрі әшкереленді..." — бұл белгілі. Оның басында осы бір ой құйындай үйірілген еді. Ол Марья Кондратьевнаның ауласына бұрылған жоқ: "Онда соқпай-ақ қояйын, көзге түспегенім жөн шығар... титтей күдік тумасын... әйтпесе,
дереу айтып қояды да, сатып кетеді... Тегі, Марья Кондратьевнаның аузын алған болу керек. Смердяков та солай, солай, бәрі сатылған!" Митя басқа ниетке көшкен-ді: ол тұйық көше арқылы Федор Павловичтің үйін алыстан орағытып, Дмитриев көшесінен асқан соң кішкентай көпірден өтіп, бір жағынан іргелес бақшаның шарбағымен, ал екінші жағынан Федор Павловичтің бағын қоршаған мықты биік дуалмен бөлінген арт жақтағы жан жүрмейтін, тым-тырыс, шеткері тұйық көшеден бір-ақ шықты. Оның келген жері, өзіне таныс аңыз бойынша, бір кезде Сасық Лизавета дуалдан бақ ішіне секіріп түскен тұс болуға тиіс. Неге екені белгісіз, оның басына: "Егер тіпті ол да ескіріп түсе алса, маған не болыпты?" — деген ой келді. Шынында да, ол секіріп дуалдың жоғарғы жағынан жармаса
кетіп, тырмысып үстіне шыққан соң аттай мініп отырды. Анадай жерде ескі монша тұр, бірақ дуалдың үстінен қарағанда үйдің жарық терезелері де көрінеді екен. "Айтқаным келді, жатын бөлменің терезесінде шам жанып тұр, демек, Грушенька сонда" — деп ойлаған Дмитрий бақтың ішіне секіріп түсті. Григорийдің ауру, Смердяковтың қояншығы ұстауы мүмкін екенін, мұның келгенін ешкім естімейтінін білсе де, ол өзінен-өзі бұға қалып, тоқтап тұрып тың тыңдады. Бірақ айнала жым-жырт, қас қылғандай, тылсым тыныштық, тым болмаса үп еткен самал болсайшы.
"Тек қана сыбырлайды тыныштық", — оның ойына осы бір өлең жолы әлдеқалай орала кетті, — менің секіріп түскенімді біреу-міреу естіп қалмаса болды, ешкім естімеген секілді". Ол бір минуттай тоқтап тұрған соң, шөпке аяғын ептеп қана басып ілгері жүрді;
ағаштар мен бұталарды айналып өтіп, өзінің әрбір қадамына өзі құлақ салып, мысық табандап, ұзақ жүрді. Жарық терезеге жақындап барғанша бес минуттай уақыт өтті. Дәл терезе түбінде жайыла, биіктеп, қалың өскен бірнеше түп бадам, шәңгіш ағаштары оның есінде болатын. Үйден баққа шығатын сол жақ есік жабық екен, мұны ол өтіп бара жатып әдейі, ыждағаттап қарап алды. Ақыры әлгі түп ағаштарға жетіп, тасалап тұрды. Тіпті демін шығармады. "Енді тоса тұру керек шығар, — деп ойлады ол, — егер олар аяғымның тысырын естіп қалса, қазір де құлақ салып тұрса, күдіктері тарқасып... тек жөтелмесем, түшкірмесем екен..."
Ол екі минуттай тосып тұрды, бірақ жүрегі дүрсілдеп барады, кей-кейде тынысы тарылатын секілді. "Жоқ, жүрегімнің дүрсілдегені басылатын емес, — деп ойлады ол, -бұдан ары шыдай алмаспын". Ол бұтаның тасасында тұрған; ал бұтаның алдыңғы жағына терезеден жарық түсіп тұр. "Мына шәңгіштің жемісі қандай қып-қызыл еді!" — деп күбірледі ол, неге бүйткенін өзі де білмесе де. Ол бір басып, екі басып, ақырындап терезеге жақындаған соң, аяғының ұшынан тұрып ішке көз салды. Федор Павловичтің жатын бөлмесі алақандағыдай анық көрінді. Бұл Федор Павлович "қытай шымылдығы" деп атайтын, көлденең тартылған Қызыл шымылдығы бар шағын ғана бөлме болатын. Митяға: "Қытай шымылдығының ішінде Грушенька отырған шығар", — деген ой сап ете қалды. Ол Федор Павловичке көз салды. Шал үстіне жолақты жаңа жібек халатын киіп, шашақты жібек белбеуін буыныпты; Митя оның бұлайша киінгенін бұрын еш уақытта көрген жоқ еді. Халаттың ішінен үстіндегі алтын зәпөңкелі үлбіреген таза, сәнді голланд жейдесі көрініп тұр. Федор Павлович басын қызыл шүберекпен таңып алыпты; оның басын осылай таңып алып жүргенін Алеша да көрген-ді. "Сәнденуін", — деп ойлады Митя. Федор Павлович терезеге таяу ойға шомып тұрса керек, бір кезде басын кегжең еткізіп, сәл құлақ түрді де, ештеңе естілмеген соң, үстелге барып, трафшпен орта рөмке коньяк құйып алып қағып салды. Содан кейін кеудесін кере бір күрсінді де, тағы да біраз тұрды, екі терезенің аралығындағы шар айнаның алдына барып, басын таңған қызыл шүберекті оң қолымен сәл жоғары ысырып, әлі жазыла қоймаған көгерген таңбалар мен қолдыраған ісіктерді көре бастады. "Ол жалғыз екен, тегі, жалғыз өзі болу керек" — деп ойлады Митя.
Федор Павлович айнадан алыстай беріп, кенет терезе жаққа жалт бұрылып, оған қарады. Митя тасаға жылт етті.
"Грушенька, мүмкін, шымылдық ішінде болар, мүмкін, ұйықтап та жатқан шығар", — деген ой оның жүрегіне шөңгедей қадалды. Федор Павлович терезеден кетті. "Шал терезеден Грушенька келе жатқан жоқ па екен деп қарады, олай болса, ол онда жоқ: әйтпесе қараңғы далаға несіне үңіледі?.. Демек, тағаты таусылғаны..." Митя қайтадан терезеге барып, тағы да ішке көз салды. Шал кішкентай үстелдің басында отыр екен, тегі, жабыққан ғой. Ақыры, оң алақанымен жағын таянып, шынтақтап отырды. Митя ішке шұқшия қарады.
"Жалғыз, жалғыз өзі! — деді ол тағы да. — Егер Грушенька қасында болса, онда бұлай мұңаймас еді". Таңғаларлық іс: Грушенька жоқ боп шыққан соң, оның жүрегін ақылға сыймайтын, ерекше бір өкініш кернеп кетті. "Бұл оның мұнда жоқтығынан емес, ал бар-жоғын менің анық біле алмай тұрғандығымнан шығар". Митя ойластыра келіп, өзіне-өзі осылай жауап берген. Бұл сәтте өзінің ақыл-парасаты керемет айқын болып, бәрін бүге-шігесіне дейін пайымдағанын, шалдың бет-жүзіндегі әрбір құбылысты лезде байқағаннан кейін Митяның өзі есіне түсірген болатын. Алайда оның жүрегінде беймағлұмдық пен жанын жеген күдік-күмән өрши түскен еді. "Ақыр-соңында, ол осында ма, жоқ па?" — деген ызалы сауал зығырданын қайнатты. Сонымен, Митя тәуекелге бел буып, қолын созып терезені тықылдатты. Ол шалдың Смердяковпен келіскендей: екі мәрте баяулау, сосын үш мәрте тезірек тықылдатты: тук-тук-тук — "Грушенька келді" — дегенді білдіреді. Шал селк етіп, басын кегжитіп, орнынан атып тұрды да, терезеге жетіп келді. Митя тасаға қарай жалт берді. Федор Павлович терезені ашып, сыртқа басын сұғып қарады.
— Грушенька, сенбісің? Бұл кім, сен бе? — деп күбірледі ол бір түрлі дірілдеген үнмен. — Сәулешім, періштем, қайдасың, қай жерде тұрсың? — Ол әбден дегбірсізденіп, тынысы тарылып тұрған еді.
"Жалғыз екен!" — деп түйді Митя.
— Қайда тығылып тұрсың? — деп дауыстады шал тағы да; енді ол иығын терезеден сұғындыра түсіп, басын сыртқа көбірек шығарып жан-жағына, оңға да, солға да бұрылып қараған соң, — мында кел саған дайындаған сыйлығым бар, келе ғой, қазір көрсетем!.. —
деді.
"Ол үш мың сом ақша салынған пакетті айтып жатыр" — деген ой сап ете қалды Митяның басына.
— Қайдасың?.. Әлде есік алдындасың ба? Қазір ашамын... Шал оңға қарай, баққа шығатын есік жаққа мойнын созып қараңғыға тесірейе қараймын деп терезеден сыртқа құлап түсе жаздады. Енді бір секунд болғанда, ол Грушеньканың жауабын күтпестен, есікті ашуға жүгіре жөнелетін еді. Митя бір бүйірден қарап, қимылсыз тұрған. Шалдың қырынан қарағандағы сұмдық жеркенішті сықпыты, салбыраған жұтқыншағы, имек тұмсығы, кездесуді аңсаудан сілекейі шұбырып, жымыңдаған еріндері сол жақтағы бөлмеден шамның көлбей түскен жарығынан айқын көрінеді. Митяның жүрегінде сұмдық, шамырқанған ыза-кек қайнап кетті: "Оның бақталасы, азаптаушысы, өмірін тозаққа айналдырушы міне осы!". Бұл осыдан төрт күн бұрын ескі күркеде Алешамен әңгімелесіп отырғанда, оның: "Әкемді өлтіремін деуге қалай аузың барады?" — деген сауалына жауап бергенде, бір бәлені алдын ала сезгендей айтылған, сондағы қарымтасы қайтпай тыным
таппайтын сұмдық, кекшіл ашу-ызаның тағы да кернеп кеткендігінің белгісі еді.
"Әзірше түк те білмеймін, қайдам... — деген ол онда. — Бәлкім, өлтірмеспін де, бір есептен, өлтіруім де мүмкін. Дәл сол сәтте, оның сықпытын көргенімде, кенет зығырданым қайнап кете ме деп қорқа беремін. Оның жұтқыншағын, мұрнын, көзін, арсыз күлкісін өлердей жек көремін. Оны суқаным сүймейді. Менің қорқатыным осы. Шыдамай кетсем, кім біледі..."
Митяның оны суқаны сүймеген жеркеніші өршіп барады. Ол не істемекші екенін өзі де білмей, кенет қалтасынан мыс келсапты алды.
"Онда құдай тағаланың өзі менен көз жазбаса керек қой", — деген кейіннен Митяның өзі: төсегінде қорылдап жатқан Григорий Васильевич дәл сол сәтте оянып кетіпті. Сол күні кешке ол Смердяков Иван Федоровичке әңгімелеген белгілі ем-домын жасаған, яки аса күшті бір тұнба қосылған арақпен жамағатының жәрдемімен денесін ысқылаған соң, кемпірі "аздап үшкірген" сарқындыны ішіп алып жатып қалған еді. Ішпейтін кісі болса да, дәмін татып көрген Марфа Игнатьевна да шалының қасында қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан. Бірақ міне түннің бір уағында Григорий кенет оянып кетіп, бір минуттай ойланып жатқан соң, белінің шойырылғанына қарамастан, басын көтеріп отырды. Содан кейін ойына тағы бірдеңе түскен ол түрегеліп киіне бастады. Кім біледі, "осындай қатерлі шақта" ол қорылдап ұйықтап жатқандықтан үйдің күзетсіз қалғандығына өзінен-өзі ұялып, қапалануы да мүмкін ғой. Қояншығы ұстаған Смердяков үкіштей екінші бөлмеде сұлық жатқан-ды. Марфа Игнатьевна да түк сезбейді. Кемпіріне көзі түскенде, "Титықтаған ғой бұл қатын" — деп ойлаған Григорий Васильевич аһылап-уһілеп баспалдаққа шықты. Белі, әсіресе оң аяғы қақсап бара жатқандықтан, оның жүруге шамасы жоқ еді, сол себепті аулаға баспалдақтан бір көз салу үшін ғана шыққан. Осы сәтте кешке таман баққа кіретін қақпаның құлпын салуды ұмытқаны есіне түсе кетті. Григорий өмір бойы қалыптасқан дағдысынан жаза баспайтын, өте ұқыпты әрі өте ықтиятты адам еді. Ол белі бүгіліп, аяғын әрең басып баспалдақтан түсті де, бақ ішіне қарай жүрді. Дәл солай, қақпа аңырайған ашық қалыпты. Ол баққа қалай кіргенін сезбей де қалды: әлде бірдеңе көзіне елестеді ме, әлде бір дыбысты құлағы шалды ма, бірақ, ол сол жаққа бұрылып қарағанында мырзаның жатын бөлмесінің терезесі ашық тұрғанын көрді, алайда сыртқа мойын созған ешкім жоқ. Григорий: "Терезені ашық қалдыратындай жаз емес, бұл не хикмет!" — деп ойлады, міне дәл осы кезде оның тура алдынан бақ ішінде бірдеңе қараңдағандай болды. Көлеңкенің тым тез жылжығанынан қырық-отыз қадамдай жерде, алдыңғы жақта қараңғыда біреу жүгіріп өткендей көрінді. "Құдай сақтай гөр!" — деп күбірледі не істерге білмеген Григорий, сонан соң ол, белінің шойырылғанын да ұмытып, қашқынның жолын кесе, соңынан түсіп кеп берді. Бақтың іші одан гөрі бұған көбірек таныс болғандықтан, ол төтелей тартқан; ал анау болса моншаға қарай қашып барады, одан асқаннан кейін ол сыртқа қарғып түсу үшін дуалға жармасты... Одан көз жазып қалмайыншы деп Григорий де жанталасқан. Қашқын тырмысып дуалдың үстіне шыққан кезде ол келіп жеткен еді. Ызалана айқайлап жіберген Григорий жан-дәрмен дегенде оның екі аяғынан қос қолдап жармасып үлгерді.
Сол шығар деп күдіктеніп еді, жаңылмапты; оны тани кетті, "әкесіне қол көтерген азғын", тап соның өзі!
— Сен азғын өз әкеңді өзің өлтірмекпісің! — деп айқайлады шал төңірекке түгел естірте, бірақ тек осыған ғана шамасы келді; ол төбесінен жай түскендей құлап түсті. Митя баққа қайта түсіп, жерде жатқан шалға үңіліп қарады. Мыс келсап әлі Митяның қолында болатын, енді ол оны шөптің арасына қарай лақтырды. Бірақ келсап шөптің арасына түспей, Григорийден екі қадам жерге, көзге бірден шалынатын сүрлеудің үстіне барып түсті. Ол алдында сұлап жатқан адамға бірнеше секунд қарап тұрды. Шалдың басы қан-қан; Митя қолын созып, сипап көре бастады. Ол келсаппен шалдың төбесін ойып жіберді ме, әлде тек "талдырып қана тастады ма?" — дәл сол минутта оның тек осыған "әбден көз жеткізгісі" келгенін соңынан ол анық есіне түсірген-ді. Бірақ қан шапшып жатыр, тіпті тоқтар емес, Митяның дірілдеген саусақтары әп-сәтте жылымшы қанға боялып шыға келді. Хохлакованікіне барарда қалтасына сала шыққан аппақ жаңа қол орамалын алып шалдың басына дағы жараға басқаны, оның маңдайы мен бетіндегі қанды сүртуге босқа тырысқаны оның әлі есінде. Алайда, әлгіндей болмай-ақ қол орамалы қанға малшынды. "Құдай-ау, мұным не менің? — деді кенет есін жиған Митя, — егер басын жарсам, оны қалай білмекпін... Маған енді бәрібір! — деді ол кілт үміті үзіліп, — өлтірсем қайтейін енді... Бұл шалды не сор түртті екен, жат енді осылай!" — дегенде даусы қатты шыққан ол дуалдан сыртқа тез қарғып түсіп, тұйық көшемен зыта жөнелді. Қанға малшынған орамалын жұмарлап оң қолына қысып алған еді, жүгіріп келе жатып сүртүгінің артқы қалтасына тыға салды. Ол алды-артына қарамай жүгірген еді; шаһардың қараңғы көшелерінде оған қарсы ұшырасқан бірен-саран адамдар кейін сол күні түнде бір жаққа жанталасып бара жатқан біреуді көргенін айтқан болатын. Митя тағы да Морозованың үйіне жеткенше жан ұшырған. Бағана, ол кетісімен, Феня аға аулашы Назар Ивановичке барып: ''Құдай үшін бүгін де, ертең де капитанды үйге кіргізе көрмеңізші" деп жалынған. Назар Иванович оның өтінішін тыңдап болғасын бұған келіскен, алайда, қас қылғандай, тез келсін деп шақыртқан соң, жоғарыдағы бәйбішенің бөлмесіне көтерілген-ді; ол кетіп бара жатып, деревнядан жуырда ғана келген өзінің немере інісін, жиырмалардағы жас жігітті кездестіріп, "сен аулада бола тұршы" деп тапсырған, бірақ капитан жайында ескертуді ұмытқан еді. Сол зытқаннан қақпа алдына келіп бір-ақ тоқтаған Митя тықылдата бастады. Жігіт оны бірден таныды: Митя оған бірнеше рет шайлық берген. Ол қақпаны тез ашып, Митяны ішке кіргізді, содан кейін көңілдене күлімсіреген ол: "Аграфена Александровна бұл үйде жоқ қой" — деп құлаққағыс етуге асықты.
— Прохор, ол қайда кетті? — деп Митя тоқтай қалды.
— Бағана, осыдан екі сағаттай бұрын, Тимофеймен бірге Мокроеға кеткен.
— Онда не бар? — деп зекірінді Митя.
— Ол арасын білмеймін, бір офицерге кетті ғой деймін, тез жетсін деп біреу ат жіберіпті...
Митя оны тастай салып, есеңгіреген кісіше Феняның бөлмесіне ұмтылды.
V
ОҚЫС ШЕШІМ
Феня әжесімен бірге ас үйде отырған, екеуі де ұйықтауға ыңғайланып жатқан. Олар Назар Ивановичке сеніп, бөлмені іштен бекітіп алмаған еді. Митя жүгіріп кірген бойы Феняға тап беріп, оның алқымынан алды.
— Кәне, тез айт, ол қайда кетті, Мокроеға кімге бармақшы еді? — Ол терісіне сыймай тұрған еді.
Екі әйел бақырып жіберді.
— Ай, қазір, ай, жарқыным Дмитрий Федорович, қазір бәрін айтам, ештеңені жасырмаймын, — деп зәресі зәр түбіне кеткен Феня шыр ете қалды. — Ол Мокроедағы өзінің офицеріне кеткен.
— Ол қандай офицер тағы да? — деді ызаланған Митя.
— Осыдан бес жыл бұрын тастап кеткен, өзінің әлгі бұрынғы офицері ғой, — деді тағы да тақылдай жөнелген Феня.
Дмитрий Федорович оның алқымынан қолын босатты. Бетінен қаны қашып, боп-боз боп, үні өшкен ол Феняның алдында сілейіп тұрып қалған еді, әйтсе де, оның бәрін ұққандығы, бәр-бәрін еріннің емеурінінен-ақ толық түсініп, бәрін сезгені көзінен сезіліп тұрған. Ол сәтте Митяның бірдеңені ұққан-ұқпағандығын шамалауға Феня бейшараның шамасы келді деймісің. Ол Митя кіріп келгенде сандық үстінде отырған қалпында, зәре-құты қашып, қорғанғысы келгендей екі қолымен алдын қалқалап мелшиіп қалған еді. Қорыққанынан екі көзі атыздай болған Феня оған қадала қарады. Ал Митяның екі қолы бірдей қанға боялған-ды. Ол қашып келе жатып, самайынан сорғалаған терді сүрткенде маңдайына, оң жақ бетіне жұқтырған қанның қызыл дақтары қалыпты. Феня есінен танып, дірілдеп-қалшылдап қалуға жуық отыр, ал есеңгірей бастаған аспаз кемпір орнынан атып тұрып, Митяға бедірейе қарады. Дмитрий Федорович сол қалпы бір минуттай тұрған соң, Феняның қасындағы бос орындыққа сылқ етіп отыра кетті.
Ол бірдеңені пайымдамақ түгіл, зәре-құты қашып, меңірейіп қалған еді. Бірақ барлығы айдан анық-ты: егер сол офицер болса — онда бұл оны біледі, ол жөнінде бәріне әбден қанық, Грушеньканың өз аузынан естіген, осыдан бір ай бұрын хат келгені де белгілі. Демек, осынау беймағлұм кісінің өзі келіп жеткенше бір ай бойы бәрі бұған сездірмей, өте құпия істеліп жатқаны ғой, ал ол мұның қаперіне де кірмеген! Алайда, ол жайында бұл неғып ойламаған? Сол офицерді бұл қалай ғана ұмытқан, ести сала есінен шығарғаны несі? Оған құбыжықтай көрінген қорқынышты сауал міне осы болатын. Сөйтіп, ол сол құбыжықты енді көзімен көріп тұрғандай, зәресі ұшып, қорыққанынан арқасы мұздап бара жатқанын сезінген еді.
Бірақ ол момақан, сүйкімді балаша, Фенямен ақырын, момын сөйлесіп кетті, ілкіде оның зәресін алып, жәбірлеп, жаман қорқытқаны қаперінде жоқ тіпті. Байтал тұрсын, бас қайғыда Фенядан тәптіштеп сұрастыра бастағаны тым оғаш әрі таңғаларлық көрінген. Митяның қан-қан қолына одырая қарағанмен, Феня да оның әрбір сауалына бар ынта ықыласымен, асығып-үсігіп жауап беріп жатты, ол тіпті "ақиқат шындықты" түгел ақтаруға асығатын секілді еді. Бәрін бүге-шігесіне дейін ежелеп, тіпті бір түрлі қуанышпен баяндағанда, мұны Митяны ашындыру үшін емес, қайта оған шын жүректен жәрдемдесу үшін істеген. Феня оған бүгін күннің қалай өткенін, Алеша мен Ракитиннің келгенін, өзінің есік алдында қалай күзетте тұрғанын, Грушеньканың қалай жүріп кеткенін, аттанарында ол терезе алдында тұрған Алешаға оған, Митенькаға, дұғай сәлем айт дегенін "өзінің оны бір сәтке болса да шын сүйгенін ғұмыр бақи ұмытпасын" деп тапсырғанын бажайлап баяндады. Дұғай сәлемін естігенде Митя мырс етіп күліп еді, бозарған бет-жүзі алаулап шыға келді. Өзінің тым әуестігіне титтей де қымсынбаған Феня енді оған былай деді:
— Дмитрий Федорович, қолыңызға қараңызшы, қан-қан ғой!
— Иә, — деді Митя ойланбастан, сосын өзінің екі қолына селсоқ көз салғаннан кейін қан-қан қолын да, Феняның сауалын да лезде ұмытты. Ол тағы да үнсіз қалды. Оның осында жүгіріп кіргеніне жиырма минуттай өткен. Бағанағы үрей басылған, бірақ, ол енді өзге бір оқыс шешімге тәуекел еткендей ме қалай. Бір кезде ол орнынан түрегеліп, ойға шомған күйі күлімсірей қарады.
— Мырза-екесі, бір бәлеге ұшыраудан саусыз ба өзі? — деп күбірледі, Митяның қайғы-қасіретіне ортақтаса алатын ең жақын жанашырындай, оның қолына тағы да үңілген Феня.
Митя тағы да өзінің қолына қарады.
— Қан ғой бұл Феня, — деді Митя, оған бір түрлі оғаштау қарап, — адам қаны бұл, құдай-ау, бірақ ол қан неге төгілді екен! Алайда... Феня... бір дуалдың тұрғаны (ол Феняға жұмбақ айтып тұрғандай қарады), ол сондай биік, сондай қатерлі дуал, әйтсе де... ертең таң ата, "күн шығарда", Митенька ол дуалдан бір-ақ қарғиды... Феня, сен оның қандай дуал екенін түсінбедің бе, оқасы жоқ... бәрібір ертең бәрін естисің, бәрін түсінесің... ал енді қош бол! Бөгет болмаймын, көзімді жоғалтамын, бұл қолымнан келеді. Өмірді қызықтай бер, сәулешім... мені бір сәтке болса да сүйген едің, ендеше Митенька Карамазовты ғұмыр бақи ұмытпа... Есіңде ме, ол мені һәманда Митенька деп атаушы еді ғой?
Осыдан кейін ол ас үйден шығып жүре берді. Ал Феня болса, оның бұл қылығынан бағана ол осында баса-көктеп кіріп, дүрсе қоя бергендегіден де жаман қорқып кеткен еді.
Он минуттан соң Дмитрий Федорович бағана тапаншасын зақылетке салып кеткен жас шенеунік Петр Ильич Перхотиннің үйіне келіп кірді. Сағат сегіз жарым болып қалған-ды, Петр Ильич шай ішкеннен кейін "Астаналық шаһар" трактиріне бильярд ойнауға барайын деп енді ғана сүртүгін киген еді. Бұл келгенде ол кеткелі жатқан. Бетіне қан жұқтырып алған Митяны көргенде аң-таң болған Петр Ильич:
— Тәңірім-ау! Сізге не болды? — деп сұрады.
— А, мен бе, — деді Митя асығып-үсігіп, — мен сізге ақшаңызды қайтарып беріп, алты атарымды алайын деп келдім. Сізге көп рахмет. Асығыс едім, Петр Ильич, тезірек беріңізші.
Петр Ильич айран-асыр таңырқап барады: бір кезде оның көзі Митяның қолындағы уыстап ұстаған ақшаға түсті, ғажабы, ол ақшаны осылай ұстаған күйі кірген еді, дені дұрыс адам бүйте ме және бөтен үйге осылай кіре ме: ақшаны уыстап алған оң қолын, біреу көрсін дегендей, алға созып кіргені несі. Шенеуніктің Митяны ауыз үйден қарсы алған малай баласы кейіннен ол үйге ақшаны қолына ұстаған күйі кірген болатын, демек, көшеде де ақшаны қолына уыстап ұстап келген; кіл жүз сомдық қызыл ала қағаз ақшаны қан-қан саусақтарымен қалай ұстап тұрғанын өз көзіммен көрдім деген. Әуесқой жандардың: оның қолында қанша ақша бар? — деген соңғы кездегі сұрақтарына Петр Ильич: "қайдам, ондайды көзбен шамалау қиын ғой, мүмкін, екі мың шығар, үш мың да болуы ғажап емес, әйтеуір қомақты, "қалың" болатын" деп жауап берген. Ал Дмитрий Федоровичтің өзі кейіннен былай деп мойындаған: "Онда менің де көңіл күйім қай бір оңып тұрды дейсің, бірақ мас емесім анық, ішім алабұртып, не істеп, не қойғанымды онша бағамдаған жоқпын, сондай-ақ бір түрлі жинақы секілді де едім, бірдеңе істемек боп, соған тырысып, бірақ, ол қолымнан келмеген секілді еді. Асығып-үсігіп жүргем, дөрекі жауап бергем, ең таңқаларлығы, кей сәттерде бейне ешбір қасіретке ұшырамағандай, тіпті шат көңілді сезінгем".
— Сізге не болған, мына сықпытыңызға қараңызшы? — деп тағы айқайлап жіберді мейманына одырая қараған Петр Ильич. — Қалайша, қанға боялып жүрсіз, құлап қалдыңыз ба, немене бұл, түріңізге қараңызшы!
Ол Митяны шынтағынан алып, айнаның алдына апарды. Өзінің қан жұққан бетін көргесін селк ете түскен Митя ызаланып, қабағын түйді.
— Әй, бар болғыр! Ендігі жетпегені осы еді, — деп міңгірледі терісіне сыймаған ол, содан кейін оң қолындағы ақшаны сол қолымен ұстап тұрып, қалтасынан апыл-ғұпыл қол орамалын алды. Алайда, қол орамалы да қан-қан екен (ол бұл орамалмен Григорийдің басын, бетін сүрткен-ді): сау жері қалмапты, жұққан қан қатып қалғандықтан, жұмарланған орамалдың тіпті жазылатын түрі жоқ. Ызаланған Митя оны еденге лақтырып тастады.
— Әй, бар болғыр! Сізде шүберек секілді бірдеңе жоқ па... сүртінетін?
— Сіз жаралы емессіз, тек қан жұқтырып алғансыз ғой? Онан да жуынсаңызшы, — деді Петр Ильич. — Әне қолжуғыш, мен сізге жәрдемдесейін.
— Қолжуғыш дейсіз бе? Мақұл... тек мынаны қайтсем екен? — Петр Ильичке телміре қараған Митя, оның ақшасын қайтуды бейне сол шешетіндей-ақ, бір түрлі жаман аңыраған күйі оған қолындағы жүз сомдықтарды көрсетті.
— Қалтаңызға салыңыз немесе анау үстелге қойыңыз, жоғалмайды.
— Қалтама салайын ба? Мақұл, сөйтейін. Солай еткен жөн шығар... Жоқ, білесіз бе, мұның бәрі әншейін сандырақ! — деп айқайлады ол, кенет есін жинаған кісіше. — Білесіз бе: әуелі менің шаруамды тәмамдайық, сіз менің тапаншамды беріңіз, ал мен сіздің ақшаңызды қайтарайын... өйткені ол маған өте-мөте қажет... сосын менің уақытым жоқ, асығыспын...
Сөйтіп, ол бір жүз сомдықты алып, Петр Ильичке ұстата берді.
— Менің қайыратын ақшам жоқ қой, немене, басқа ұсағың жоқ па? — деді шенеунік.
— Жоқ, — деді Митя қолындағы ақшаға тағы бір қараған соң, содан кейін, өзіне-өзі сенбегендей, үстіндегі екі-үш қағазды саусағымен қайырып қарады, сосын: — жоқ, бәрі де осындай, — деді тағы да Петр Ильичке қайтадан телміре қараған ол.
— Осыншама ақшаны қайдан алдыңыз? — деп сұрады шенеунік. — Тоқтай тұрыңыз, қазір малайымды Плотниковтарға жұмсай қояйын. Дүкенін кеш жабушы еді — тек ұсақтап бермей жүрмесе. Әй, Миша, — деп дауыстады ол ауыз үйге қарап.
— Плотниковтардың дүкеніне жұмсасаң — бұл тіпті ғажап болды ғой! — деп қуанып кетті Митя, нендей бір қызықты ой сап ете қалғандай. — Миша, — ол кіріп келген балаға бұрылып қарады, — білесің бе, Плотниковтарға тез бар да, Дмитрий Федорович сәлем айтты, қазір өзі де келеді де... Сонсоң, мынаны айтуды ұмытпа: мен барғанша үш дожнадай шампан дайындап қойсын, ана жолы Мокросға барғанымдағыдай буып-түйіп әзірлесін.. Онда мен төрт дожнасын алған едім, — деп ол енді Петр Ильичке қарады, — Миша, сен саспа, олар бәрін біледі, — деді ол, содан кейін қайта балаға бұрылып. — Құлақ салғын: сыр, страсбург самсасын, сүрлеген балық, тұздаған шошқа майын, уылдырық салуды ұмытпасын, қысқасы, қолында бар жылы-жұмсақтың бәрінен жүз, жүз жиырма сомға шамалап дайындай берсін, өткен жолғыдай... Сосын мынаны да айт: базарлық дегендей бірдеңелерді, кәмпит, алмұрт, екі-үш немесе төрт қарбыз — жоқ, бір қарбыз да жетеді, шоколад, мұз кәмпит, мәмпәси, сағыз салуды да ұмытпасын — қысқасы, ана жолы Мокроеға алып кеткенімдей етіп, шампанды қоса есептегенде үш жүз сомға дайындап қойсын... Бұл жолы да дәл сондағыдай болсын. Егер сен Миша болсаң, ұмытпасқа тиістісің... Оның аты Миша ғой! — деп ол тағы да Петр Ильичке бұрылып қарады.
— Тоқтай тұрыңызшы, — Митядан көз алмастан мазасыздана тыңдаған Петр Ильич оның сөзін бөліп жіберді, — мұның бәрін өзіңіз барғасын айтқаныңыз жөн, әйтпесе ол бала бәрін шатастырады.
— Шатастыратынын көріп тұрмын, ол шатастырады! Еһ, Миша, кызметіңнің ақысына сенің бетіңнен сүйейін деп тұрсам... Егер шатастырмайтын болсаң, он сом беремін, жүгір тез... Шампанды, ең бастысы шампанды шығарып қойсын, сосын коньякты, қызылын да, ағын да ұмытпаспын, ана жолғыдай етсін... Онда қалай істегенін олар біледі.
— Сіз неге тіл алмайсыз! — шыдамы таусылған Петр Ильич айқайлап жіберді. — Мен айттым ғой, ол тек ақшаны ұсақтатып алып, дүкенді жаппай тұра тұрыңдар деп ескертіп келсе болды, сосын өзіңіз барасыз да, бәрін айтасыз. Ақшаңызды беріңізші. Марш, Миша, бір аяғың анда, екінші аяғың мында болсын! — Мейманының қан жұққан бетіне, дірілдеген саусақтарымен бір уыс ақшаны ұстаған қан-қан қолына таңырқағандықтан аузын ашып, үрейі қашып, бажырая қарап қалған бала оның айтқанынан түк те түсінбегенін сезгесін Петр Ильич, сірә, Мишаны әдейі тезірек шығарып жібергендей еді.
— Ал, енді жуынуға жүріңіз, — деді Петр Ильич қатқыл үнмен.
— Ақшаңызды үстелге қойыңыз немесе қалтаңызға салыңыз... Міне, солай, жүріңіз. Сүртүгіңізді шешсеңізші.
Сөйтіп, оның сүртүгін шешуіне жәрдемдесе бастаған ол кенет тағы да айқайлап жіберді:
— Мына қараңыз, сүртүгіңіз де қанға боялыпты ғой!
— Бұл.. бұл сүртүкке жұққан қан емес. Аздап жеңінің ауыз жағы ғана болмаса... Бұл қан қол орамалдан өткен. Феняныкіне барғанда артқы қалтадағы қол орамалдың үстіне отырғанымда өтіп кеткен ғой, — деп түсіндірді Митя нендей бір таңғаларлық аңғалдықпен. Петр Ильич тұнжырап тұрып тыңдады.
— Ұрыншақ боларсыз, тегі; біреумен төбелескенсіз ғой, — деп күбірледі ол Митя жуына бастады. Петр Ильич құмырадан су құйып тұрды.
Митя сасқалақтап, қолын дұрыстап сабындай алмады (кейін Петр Ильичтің есіне түсіргеніндей, оның қолы дірілдеп кеткен еді). Петр Ильич оған қолыңды көпірте сабындап, қаттырақ ысқыласаңшы деген. Осы минуттан бастап ол Митяға онан сайын өктем бола бастаған еді. Орайы келгенде айта кетелік: ол ынжық мінезді жігіт емес-ті.
— Қарасаңызшы, тырнақтарыңыздың астын жумапсыз; ал, енді бетіңізді ысқылаңыз, міне мына тұсын: самай жақты, құлақтың алдын... Сіз осы жейдеңізбен кетпексіз бе? Қайда бармақсыз? Қараңызшы, оң жеңіңіздің қайырмасы түгел қан...
— Иә, қан жұғыпты, — деді Митя жеңінің қайырмасын қарап жатып.
— Басқа жейде ауыстырып кимесеңіз болмайды.
— Асығыспын. Мен міне былай етем... — деді сүлгімен бетін, қолын сүртіп, сүртүгін киіп жатып, сөзін одан ары жалғастырған Митя, — мен міне жеңімнің аузын ішіне қарай былай қайырып қоямын, сонда ол байқалмайды... Көрдіңіз бе!
— Енді айтуыңызға болады, қай жерде не нәрсеге ұрынып қалдыңыз? Біреумен төбелескен жоқсыз ба? Ана жолғыдай, тағы да трактирде ме? Анада штабс-капитанды сақалынан сүйрелеп сабап едің, тағы да сонымен бе? — деді Петр Ильич оның өткендегі қылығын бетіне басқандай. — Тағы кімді сабадың... мүмкін, өлтіріп те тастаған шығарсыз?
— Сенікі сандырақ! — деп міңгірледі Митя.
— Қалай сандырақ болады?
— Қайтесің соны, — деді Митя кенет мырс етіп. — Мен ілкіде алаңда бір кемпірді ұшырып түсірдім.
— Ұшырып түсірдім? Кемпірді ме?
— Шалды! — Петр Ильичтің бетіне тура қараған Митя күліп тұрып, саңыраумен сөйлесіп тұрғандай айқайлап кетті.
— Әй, сайтан алғыр, біресе шал, біресе кемпір... немене, сен өзің біреуді өлтіріп тастағаннан саумысың?
— Татуластық. Әуелі жағаласып едік, сосын татуластық. Осында бір жерде. Достасып ажырастық. Бір ақымақ... ол мені кешірді... ендігі кешірген де шығар... Егер түрегелсе, кешірмес те еді, — Митя кенет көзін қысқан болды, — тек білесіз бе, Петр Ильич, естимісіз, соны қайтесіз, керегі жоқ! Дәл осы минутта керек емес! — деді үзілді-кесілді Митя.
— Кез келгенмен керісе кетуге құмарсыз, сосын айтып жатқаным ғой... ана жолы әлгі штабс-капитанға жоққа бола байландыңыз... Төбелес шығардыңыз, енді міне сауық-сайран салуға бара жатырсыз. — Сіздің мінезіңіз белгілі ғой. Үш дожна шампан апармақсыз -сонша ішкілік неменеге керек?
— Бәрекелді! Енді алты атарымды беріңізші. Құдай ақына, асығыспын. Сенімен әңгімелесуге құмармын, бауырым, бірақ уақытым жоқ. Сонсоң, оның тіпті керегі жоқ, сөйлесуге енді кеш. А! Ақшам қайда, қайда қойып ем? — деді сасқалақтаған ол қалтасына қолын салып жатып.
— Үстелге қойғансыз... өзіңіз... әне жатыр. Ұмыттыңыз ба? Сізге ақша да бір, жай қағаз немесе су да бір ғой. Міне, алыңыз тапаншаңызды. Таңым бар, бағана сағат алтыға кеткенде мына тапаншаңды он сомға зақылетке салып едің, енді міне бірнеше мыңды уыстап жүрсің. Екі немесе үш мың бар шығар.
— Үш мың болып қалар, — деді ақшасын шалбарының жан қалтасына салып жатып күлген Митя.
— Бүйтіп жүріп жоғалтасыз ғой. Әлде алтын кеніші бар ма еді сізде?
— Кеніш? Алтын кеніші деймісіз? — қатты айқайлап жіберген Митя қарқылдап күлді. — Перхотин, кенішке барғыңыз келе ме? Тек ниет білдірсеңіз болды, осындағы бір ханым сізге үш мың сомды ұстата салады. Кенішті жанындай жақсы көргендігінен ол маған да ұстата салды. Хохлакованы білуші ме едіңіз?
— Таныстығым жоқ, бірақ естігенім, көргенім бар. Ол сізге неғып үш мыңды бере салды. Жайдан-жай ұстата салғаны ма? — деп Петр Ильич оған күдіктене қарады.
— Онда сіз ертең, күн шыққан соң, мәңгі бақи балғын жас Феб құдай тағаланы марапаттап, мадақтап көкке көтерілгесін сол ханымға, Хохлаковаға барып, одан өзіңіз сұрап көріңіз: ол маған үш мыңды берді ме екен, әлде бермеді ме екен? Сұрап білгеннен неңіз кетеді.
— Мен сіздердің қарым-қатынастарыңызды білмеймін ғой... бірақ, осыншама сенімділігіңізге қарағанда, берсе берген шығар. Ал сіз қолыңызға ақша тиген соң, Сібірге аттанудың орнына, басқа бір жаққа... Шынында да, сіз енді қайда бет түземексіз, а?
— Мокроеға.
— Мокроеға бармақсыз ба? Түн жамылып не бар онда!
— Кешегі масайраған Майстрюк, енді қалды тұнжырап! — деп күбірледі кенет Митя.
— Тұнжырағаны қалай? Мың-мыңдап уыстап жүріп тұнжырай ма екен?
— Мен ақшаны айтып тұрғам жоқ. Мыңдаған ақшасы құрысын!
Мен ұрғашының мінез-құлқын айтам:
Сенгіш әйел мінезі,
Құбылмалы, құлықсыз.
Мен Улисспсн келісемін, ол осылай деген болатын.
— Не дегеніңізді түсінсем бұйырмасын!
— Немене, мас деп тұрмысың?
— Мас емессің, онан бетер жамансың.
— Менің жан дүнием мас, Петр Ильич, жан дүнием мас, әйтсе де, жетер, жетер енді...
— Не істемексіз, тапаншаны оқтамақшысыз ба?
— Иә, оқтап алуым керек қазір.
Митя шынында да тапаншаның қорабын ашып, оқ-дәрі салатын мүйіз құтының тығынын алып, оқ-дәріні салған соң, мықтап тығындады. Содан кейін оқты салмастан бұрын екі саусағының ұшымен шырағданның үстіне ұстап тұрып, оны қарап көрді.
— Сіз оқты несіне қарап көріп жатырсыз? — деп сұрады абыржыңқырай көз салған Петр Ильич.
— Жай. Бірдеңе елестегесін. Егер сіз осы оқты құлақ шекеңізден сарт еткізбек болсаңыз, тапаншаңызды оқтамастан бұрын әуелі бір қарап алар ма едіңіз?
— Оны қарап көрудің қажеті не?
— Менің миыма қадалатын осы оқ емес пе, ендеше, оның қандай екенін көріп алу қызық қой... Әйтсе де, бұл сандырақ, болмашы бір сандырақ. Міне, болды, — деді ол оқты салып, мықтап тығындаған соң. — Петр Ильич, бауырым, бұл сандырақ, бәрі де сандырақ, егер сен мұның қандай сұмдық сандырақ екенін білсең ғой! Енді маған қағаз беріңізші.
— Міне қағаз.
— Жоқ, жылтыр, таза, жазатын қағаз керек. Міне мынадай. Сосын Митя үстелден қаламды алып, қағазға болмашы бірдеңені сүйкей салды да, қағазды төртке бүктеп, желеткесінің қалтасына тықты. Тапаншаны қорабына салып, аузын кілттегеннен кейін қолына алды. Содан соң Петр Ильичке мұңая қарап, ыржиып күлді.
— Енді кеттік, — деді ол.
— Қайда барамыз? Жоқ, тоқтаңыз... Сіз әлгі оқты, тегі, атылып өлу үшін әзірлегенсіз ғой... — деді абыржыған Петр Ильич.
— Жай сандырақ та! Менің өмір сүргім келеді, мен өмірді сүйемін! Сен мұны біліп қой, мен алтын шашы бұйраланған Феб пен жарық дүниені жақсы көрем... Мархабатты Петр Ильич, сен былай кете аласың ба?
— Былай кеткені қалай?
— Жол бер дегенім ғой бұл. Әрі жақсы, әрі жексұрын пендеңе жол беруің керек. Жол бергенде, жексұрын кісің сүйкімді жан болатындай етіп беретін бол. Сонсоң, былай дегін: жаратқанның өзі жар болсын, бара беріңіз, кете беріңіз, ал мен...
— Ал сіз ше?
— Болды, кеттік.
— Құдай ақына, мен қазір біреуге барып айтармын, — деді Петр Ильич оған қарап, — сізді онда жіберуге болмайды. Сізге қазір Мокроеға барудың керегі не?
— Онда бір әйел бар, соны көруім керек, сөзді доғар, Петр Ильич, бітті!
— Тыңдағын, сіз аусар болсаңыз да, маған һәман бір түрлі ұнайтын едіңіз... мазасыздана беріп тұрғаным содан ғой.
— Рахмет саған, бауырым. Мені аусарсың дедің бе? Аусарлар, аусарлар! Мен: аусарлар! — деп қақсаймын. А, Миша келіп қапты ғой, мен оны қалай ұмытқанмын.
Ұсақталған бір уыс ақшаны алып асығып-үсігіп кіріп келген Миша, Плотниковтардың үйінде шөлмектерді, балықты, шайды жинастырып "бәрі дүрлігісіп" жатқанын — қазір барлығы дайын болатынын айтты. Митя бір он сомдықты алып Петр Ильичке берді де, екіншісін Мишаға лақтырды.
— Сіз оған неге ақша бересіз! — деді шамданған Петр Ильич. — Менің үйімде бұлай етуге болмайды, бұл жас баланы бұзумен тең. Ақшаңызға ие болсаңызшы, міне мында салыңыз, босқа неге шаша бересіз? Ертең керек болады, әйтпесе тағы да маған келесіз ғой он сом сұрап. Жан қалтаға уқалап тыға салатыныңыз не бұл? Жоғалтасыз деп тұрмын ғой!
— Тыңдағын, достым, маған еріп Мокроеға жүрсең қайтеді?
— Маған онда не бар?
— Онда, қазір мен бір шөлмектің аузын ашайын, сосын екеуміз өмір үшін ішіп жіберейік! Менің ішкім кеп тұр, әсіресе сенімен бірге отырып ішуге құмармын. Сен екеуміз еш уақытта бірге отырып ішкен жоқпыз ғой, а?
— Трактирде ішуге болар еді, жүр сонда кеттік, қазір мен де сонда барайын деп тұрмын.
— Трактирге баруға менің уақытым жоқ, онан да Плотниковтардың дүкеніне барайық та, арт жақ бөлмесінде отырып ішейік. Саған бір жұмбақ айтайын ба қазір?
— Айтсаң айт.
Митя желеткесінің қалтасынан әлгі қағазын алып, Петр Ильичке көрсетті. Онда ірі әріптермен ап-анық қып былай деп жазылыпты: "Бүкіл өмірім үшін өзімді-өзім азапқа саламын, бүкіл өмірімді жазалаймын!"
— Біреуге барып айтпаса болмас, қазір біреуге барып айтам, қазір, — деп күбірледі Петр Ильич қағазды оқыған соң.
— Оған сенің уақытың жоқ, достым, онан да кеттік ішуге, марш!
Плотниковтардың дүкені Петр Ильичтікіне не бары бір үйден кейін, көшенің бұрышында болатын. Бұл біздің шаһардағы бай саудагерлердің меншігіндегі ең басты бакалей еді және де өте жақсытын. Онда астананың кез келген дүкенінде болатын не керектің бәрі: "ағайынды Елисеевтердің" шарабы, түрлі жемістер, сигар, шай, қант, кофе тағы басқалары әрқашан бар-ды. Дүкенде үш піркәзшік тапжылмай отыратын да, екі қол бала ертелі-кеш зыр қағып жүретін. Өлкеміз жұтаңқырап, помещиктер көшіп кетіп, сауда нашарлағанымен, бұл дүкен бұрынғысынша табысқа кенеліп, тіпті жылдан-жылға байи түскен: мұндай заттарды сатып алушылар әлі де табылатын. Дүкенде Митяны асыға күтіп отырған-ды. Осыдан үш-төрт жұма бұрын бірнеше жүз сомды қолма-қол төлеп (әрине, оған қарызға ешкім де бермес еді), әр түрлі тауар мен арақ-шарапты үйіп-төгіп алғаны олардың әлі есінде болатын, олар оның, тап қазіргідей, онда да қызыл ала жүз сомдықтарды будыратып ұстап жүргенін, өзіне тауар мен арақ-шарапты, тағы басқа заттарды қаншаға сатып жатқанын білмей және мұны тіпті білгісі де келмей, ақшасын беталды шашқанын да ұмытпаған. Онда оның Грушеньканы ертіп алып Мокроеға барып, "бір түнде және ертеңіне үш мыңды жын-ойнаққа салып бітіріп, сосын көк тиынсыз, жалаң бұт оралғанын" кейіннен күллі шаһар боп сөз қылған. Бір қосын сығанды оның өзі жинап алған екен (сонда осы маңда кезіп жүрген), олар оның мастығын пайдаланып, екі күнде сымпитып шығарыпты, қымбат арақ-шарапты суша сіміріпті дескен. Ол сасық мұжықтарды шампанмен суарып, деревняның қыз-қатындарын кәмпит пен страсбург самсасына тойғызыпты деп мазақ еткен. Шаһарда, әсіресе трактирге жиналғандар, сондағы аянбай "шашылып-төгілгенім" үшін Грушенька маған "тек балтырынан ғана сүйгізді, басқасынан құрамай қаптым ғой" — деп жұрттың көзінше Митяныц өзі ашықтан-ашық мойындағанын да күлкі қылған.
Митя Петр Ильичті ертіп дүкенге келгенде, есік алдында кілем жабылған күймеге жегілген қоңырау-сылдырмақтары бар үш ат жеккеннің делбесін ұстаған жәмшік Андрей оны күтіп, дайын отыр екен. Дүкендегілер тауарды бір жәшікке "реттеп салып", енді қақпағын шегелеп, күймеге қою үшін Митяның келуін ғана күтіп тұрған. Петр Ильич таңғалды.
— Мына тройка саған қалай тап бола кетті? — деп сұрады ол Митядан.
— Саған келе жатып мына Андрейді кездестірдім де, оған дереу дүкеннің алдына келетін бол, сол арадан кездесеміз дегенмін. Уақытты зая кетіруге бола ма! Өткен жолы Тимофей апарған еді, енді ол жоқ, менің алдымда ғана бір сиқырлы сылқымды алып кетіпті. Қалай, Андрей, біз көп кешігеміз бе?
— Олар бізден бұрын барса, бір-ақ сағат бұрын барады, мүмкін оған да жетпес, біз кешіксек не бары бір-ақ сағат кешігеміз! — деді Андрей жұлып алғандай. — Тимофейді өзім шығарып салғам, оның жайы белгілі ғой. Дмитрий Федорович, оларға бізбен теңесу қайда, егер бірге аттансақ, шаңымызға да ілесе алмас еді. Бұрын жету оңай болмас! — бүрмелі бешпетін киіп, шекпенін қолына алған, әлі жігіт ағасы бола қоймаған ақсары, ашаң жәмшік қызбалана сөйледі.
— Егер бір-ақ сағатқа кешіксең, елу сом берем арақ ішуіңе.
— Бір сағат деген сөз боп па, Дмитрий Федорович, олар бізден бір сағат түгіл, жарым сағат та бұрын жете алмайды!
Митя жарлық бергенде асығып-аптығып, сөздері бір түрлі жүйесіз шығып, бірді айтып бірге кеткен еді. Ол бір ойдың басын бастап, аяғын тастап жатты. Сондықтан Петр Ильич сөзге араласып, әңгімені демдеп жібергенді жөн көрді.
— Төрт жүз сомға, дәл ана жолғыдай болсын, кемінде төрт жүз сомға салыңдар бәрің — деп бұйырды Митя. — Төрт дожна шампан, одан бір шөлмек те кем болмасын.
— Саған соншама шампанның керегі не? Тоқтай тұр! — деді ыза боп кеткен Петр Ильич. -Мынау неғылған жәшік? Онда не бар? Осы жәшікте төрт жүз сомның тағамдары болғаны ма? Сасқалақтаған піркәзшіктер оған дереу түсіндіре бастады: бұл бірінші жәшік қана, онда алты шөлмек шампан мен тіске басатын бірдеңелер, кәмпит, мәмпәси тағы басқалары секілді "барған бойда керек болатын тағамдар" ғана бар деп мәймөңкелетті. Ал негізгі тағамдар мен "шикілік" ана жолғыдай, екінші жәшікке буып-түйіліп, үш ат жегілген өзгө арбамен сіздердің соңдарыңнан іле-шала жөнелтіліп, дер кезінде жеткізіледі, "Дмитрий Федоровичтің ізінше, көп болса бір сағаттан соң жетеді".
— Алайда бір-ақ сағат, одан артық кешікпесін, сонан соң мәмпәси мен сағызды көбірек салыңдаршы; қыздар ұнатушы еді, — деп шегелеп тапсырды Митя.
— Сағызың — жарайды. Ал төрт дожна шампанға жол болсын? Бір дожнасы да жетеді, — деді ашу қысуға айналған Петр Ильич. Ол піркәзшіктермен саудаласа бастады, есеп айыру қағазын талап етіп, қашан оны көргенше тынышталғысы келмеді. Әйтсе де, тек бір жүз сомды ғана үнемдете алды. Ақыры, тауарлардың жалпы құны үш жүз сомнан аспасын деп келісілді.
— А, мейлі, күл болмаса бүл болсын! — деді күйінген Петр Ильич кенет ойға шомған пішінмен, — менің қимам неге қышиды? Желмен келген, желмен кетеді деген осы міне!
— Мында жүрсеңші, ақылшым, мында жүр, ашуланба, — деп Митя оны түкпір жақтағы бөлмеге сүйреді. — Қазір бізге бір шөлмекті ашады, сосын екеуміз ішеміз оны. Еһ, Петр Ильич, онан да маған еріп жүрсеңізші, сіз бір жаны жайсаң адамсыз ғой, мен сіздейлерді ұнатамын.
Митя кір-кір сулықпен жаба салған кішкентай үстелдің алдындағы талдан тоқылған шағын орындыққа отырды. Петр Ильич оған қарама-қарсы жайғасты, сосын лезде шампан да әкелінді. Мырзалардың устрицаға, "жаңада ғана алынған ғажап устрицаға" зауқы соқпай ма екен деп құлаққағыс етіп те жатыр.
— Устрицасы құрысын, мен ондай бәлеңді ауызға да алмаймын, басқа ештеңе де керек емес, — деп кіржің етті Петр Ильич.
— Устрица жеп отыруға уақыт жоқ, — деді Митя, — оның үстіне тәбетім тартпайды. Білесің бе, достым, — деді ол кенет көңілі босап, — мен осынау жосықсыздықтың бәрін еш уақытта ұнатқан емен.
— Оны кім ұнатушы еді! Ғапу етіңіз, мұжықтарды суаруға дені дұрыс адам үш дожна шампан ала ма, бұл кімнің болса да жынына тиер.
— Менің айтпағым ол емес. Мен тиянақты тәртіпті айтам. Тәртіп, тиянақты тәртіп болмады ғой менде... Бірақ... оның бәрі бітті, енді уайымдайтын ештеңе жоқ. Енді кеш, құрысын! Менің бүкіл өмірім тәртіпсіз өтті, енді тәртіпке көшу керек. Жаңылтпаштап кеттім бе, а?
— Жаңылтпаш айтып отырған жоқсың, сандырақтап отырсың.
Мадақтаймын бұ жалғанда тәңіріні,
Мадақтаймын хақ тағала тәңірімді!
Осы бір екі жол өлең бір кезде менің өзегімді жарып шығып еді, бұл өлең емес, көздің жасы... өзім шығарғам... бірақ, штабс-капитанды сақалынан сүйреген кезде емес...
— Сен кенет оны неліктен еске алдың?
— Мен неліктен оны еске алуым керек? Сандырақ! Бұл жалғандағының бәрі бітпек, бәрі теңелмек, сосын сызық тартылып — астына қорытындысы шығарылады.
— Маған сенің алты атарың елестей береді.
— Тапанша да сандырақ! Қиялдай бермей, мынаны ішсеңізші. Мен өмірді сүйем, өмірді тым жақсы көретінім сонша, тіпті жаным түршігіп кетеді. Жетер! Өмір үшін, бауырым, өмір үшін ішейікші, өмір үшін тост көтерейікші! Мен өзіме-өзім неге ризамын? Мен арамза бола тұра, өзіме ризамын. Алайда, арамза бола тұра, өзіме-өзім неге риза болатындығымнан жан азабына түсіп жүрмін. Жан біткенге ақ батамды беремін, мен қазір жасаған нем мен оның жаратқан пенделеріне батамды бағыштауға әзірмін, бірақ... бір жеркенішті жәндікті құрту керек еді, жорғалап жүріп, өзгелердің өмірін бүлдірмеуі үшін оны өлтіру керек... Сүйікті бауырым, кәне, өмір үшін ішейікші! Өмірден қымбат не болушы еді! Ештеңе жоқ, түк те жоқ! Өмір үшін және айдай арулардың бірі үшін.
— Өмір үшін, сонсоң, сенің айдай аруың үшін ішсек ішейік. Бір стақаннан ішіп салды. Митя масайрап, серпіліп отырса да, бір түрлі мұңлы көрінген. Оны бір зілдей қайғы-қасірет езіп бара жатқандай еді.
— Миша... мына кірген сенің Мишаң ба? Миша, айналайын, Миша, бері келші, алтын шашы бұйраланған Феб үшін мына стақандағы шампанды ішіп қойшы, ертеңгі...
— Сен не істемексің! — деп айқайлап жіберді шамданған Петр Ильич.
— Қарсы болмашы, ештеңе етпес, мен үшін ішіп қойсын.
— Е-еһ!
Миша стақанды төңкере салып, тағзым етті де, шығып кетті..
— Көпке дейін ұмытпайтын болады, — деді Митя. — Мен бір әйелді сүйемін, ғашықпын! Әйел дегеніміз не? Ол жер жүзінің падишасы! Петр Ильич, мені мұң басты, мен мұңлымын. Гамлеттің: "Горацио, мен жабығып біттім, мені мұң басты... Аһ, бейшара Иорик!" — деген сөздері есіңде ме. Бәлкім, сол Иорик мен шығармын. Дәл осы сәтте мен Иорикпін, ал қуарған бас сүйек кейіннен. Петр Ильич оны үнсіз тыңдап отырған еді, сонсоң Митя да үнсіз қалған-ды.
— Анау неғылған күшік? — деп селқостау сұрады ол піркәзшіктен, қара көзі жылтырап бұрышта жатқан кішкентай әдемі сабалақ итті көрген соң.
— Варвара Алексеевнаның, біздің бикеміздің қанден иті ғой, — деп жауап берді піркәзшік, — бағана ала келген екен, ұмытып кетіпті. Апарып тастау керек енді.
— Дәл осындай бір күшікті көргенім бар еді... полкта... — деді ойға шомған Митя, — тек оның артқы бір аяғы кемтар болатын...
— Ертең оралмайсың ба?
— Оралғанда қандай.
— Есеп айырысамыз ба? — деді жылмаңдаған піркәзшік.
— А, иә, есептесейік! Әрине, есептесеміз!
Митя қалтасындағы бір буда ақшаны тағы да алып, қызыл ала жүз сомдықтың үшеуін сөреге тастай берді де, далаға шыққанша асықты. Барлығы оның соңынан есік алдына шығып, бас иіп тағзым етіп, қайырлы сапар тілеп жатты. Андрей ілкідегі коньяктан кейін
бір қырқ етті де, лып етіп отырғышқа жайғасты. Митя отыруға енді ыңғайлана бергенде, күтпеген жерден Феня пайда бола кетті. Ол ентіге басып келген бойда, оған қолын созып бақырып, аяғына жығыла кетті:
— Көкетай, Дмитрий Федорович, жарқыным, бикешке тие көрмеңізші! Мен сізге бәрін айтып бердім ғой!.. Сосын, анау жігітке де тимеңізші, қалай дегенмен, бұрынғы нақсүйері емес пе! Ол енді Аграфена Александровнаға үйленбекші, Сібірден сол үшін оралыпты... Көкетай, Дмитрий Федорович, біреудің өміріне қиянат жасай көрмеңізші!
— Те-те-те, міне гәп қайда жатыр! Сойқанды онда барғасын шығармақшы екенсің ғой! — деп күбірледі ішінен Петр Ильич. — Енді бәрі айқын болды, енді түсінбейтін ештеңе жоқ. Дмитрий Федорович, егер адамгершілігің болса, қазір тапаншаны маған қайтар, — деп айқайлап жіберді ол Митяға, — Дмитрий, естимісің!
— Тапаншаны ма? Сабыр ет, достым, жолай мен оны шалшыққа лақтырып кетем, — деп жауап берді Митя. — Феня, түрегел, менің аяғыма жығылудың қажеті жоқ. Митя ешкімге тимейді, ол ақымақ енді ешкімге де тимейді. Онан да, — деді Митя арбаға отырып жатып, -Феня, бағана мен сені ренжіттім ғой, сол үшін кешірім сұраймын, мен оңбағанды кешіре гөр... Ал, егер кешіре алмасаң, онда да бәрібір! Өйткені енді маған екі дүние бірдей! Кеттік, Андрей, бас қамшыны! Андрей делбені қақты; доғадағы кішкентай қоңырау шылдырлай жөнелді.
— Петр Ильич, қош бол! Енді көрісеміз бе, жоқ па!..
"Мас болмаса да, не деп сандырақтап кетті! — деп ойлады Петр Ильич оның соңынан қарап тұрып. Мыналардың екінші арбамен жіберілетін қалған азық пен арақ-шарапты дайындауына бас-көз болайын, әйтпесе бұлар оны алдап, жеп кетер" деген оймен ол дүкенде бола тұрайыншы деп ойлап еді, сонан соң, аяқ астынан өзіне-өзі ыза боп бір түкіріп тастады да, трактирге бильярд ойнауға кетті.
— Ақымақтығы болмаса, жаман жігіт емес, — деп күбірледі ол келе жатып. — Ол офицер Грушеньканың "бұрынғы" жігіті екен дегенді естігем. Ал, егер ол келсе, онда... Еһ, әлгі алты атары құрғыр! А, қойшы, мен оның кімі едім сонша, немере ағасымын ба? Мейлі! Түк те болмайды. Өңшең әумесерлер түге. Мас болғанша ішеді де, төбелеседі, сосын тағы табысады. Олар істің адамы ма тәйірі? "Көзімді жоғалтамын", "өзімді-өзім жазалаймын" — деп трактирде мас күйі мың мәрте қайталаған шығар. Бірақ түк те болмайды. Ал қазір мас емес. "Жан дүнием мас" — қалай бөседі бұл арамзалар. Немене, мен оның немере ағасымын ба? Бет-аузы қан, ол төбелеспей жүре алмайды. Кіммен төбелесті екен? Трактирге барғасын білермін. Қол орамалы да қан-қан... Фу, құрғыр, бөлмемде еденде қалғанын қарашы... Мейлі! Трактирге жаман жабығып келген ол дереу ойынға кірісіп кетті. Ойын оны сергітіп жіберді. Екінші ойыннан кейін әріптестерінің біріне Дмитрий Карамазовтың тағы да ақшаны уыстап ұстап жүргенін айтты, үш мың болып қалар, өз көзіммен көрдім, Мокроеда Грушенькамен сайрандауға кетті деді. Тыңдаушылар бұл хабарға елеңдесіп қалды. Барлығы күлкісіз, бір түрлі байыпты сөйледі. Тіпті ойын тоқтап қалды.
— Үш мың деймісің? Қой, ондай ақша қайдан келеді оған? Одан ары сұрастыра бастады. Хохлакова жөніндегі әңгімеге күмән келтірді.
— Шалды тонамады ма екен, а?
— Үш мың тегін емес.
— Осында бәріміз естігенбіз, әкемді өлтіремін деп еліріп, мақтанбап па еді. Сонда нақ үш мың сомды сөз еткен...
Петр Ильич тыңдап тұрды, сонан соң қойылған сұрақтарға лезде келте қайырып, салқын жауап бере бастады. Осында бара жатқанында ол Митя оның үйіне беті-қолы қан-қан боп келгенін айтпақшы болып еді, енді бұл жөнінде ләм-мим деген жоқ. Олар үшінші партияны бастады, сөйтіп Митя жайындағы әңгіме біртіндеп басылды; бірақ, үшінші партияны аяқтағаннан кейін, енді ойнағысы келмеген Петр Ильич таяқты орнына қойды да, кешкі тамақтан бас тартып, трактирден кетіп қалды. Алаңға шыққаннан кейін ол өзіне-өзі таң қалып, аңырап тұрды. Содан кейін дереу Федор Павловичтің үйіне барып, бәрін өзі сұрап білмекші болғаны есіне түсе кетті. "Күдігім жай сандырақ боп шығып, бөтен үйді босқа дүрліктіріп, бәлеге қалып жүрермін. Фу, құрғыр, осыншама мазасызданатындай немене, мен оның немере ағасымын ба?"
Ол көңілі жаман қамыққан күйі өзінің үйіне келе жатқан-ды, бір кезде Феня есіне түсті: "Ә, құрғыр, бағана содан неге сұрамағанмын, — деп ойлады ол өкініп, — бәрін біліп алатын едім ғой". Петр Ильичтің Фенямен сөйлесіп, мән-жайды сұрап білуге құмартып, онымен қалай да кездесуге асыққаны сонша, орта жолдан Грушенька пәтерде тұрған Морозованың үйіне қарай кері бұрылды. Ол қақпаның алдына келген соң, тарсылдата бастады, алайда
түн тыныштығын бұзған дүрсіл кенет тағы да оның бойын сергітіп, ызасын келтіргендей көрінді. Қырсыққанда, ешкім үн қатпады, үйдегілердің бәрі шырт ұйқыда жатса керек. "Енді мұнда жанжал шығарып алам-ау!" — деп ойлады күні бұрын уайымға батқан ол, әйтсе де, кері бұрылып кете бармай, қайтадан, ерегісе дүңкілдете бастады. Бүкіл көшені басына көтерді. "Жоқ, ерегіскенде тарсылдата беремін, оятпай қоймаймын! — деп міңгірледі өзіне-өзі ызалана қойғылап, қақпаны сындыра жаздаған ол.
VI
МЕН КЕЛЕ ЖАТЫРМЫН!
Ал Дмитрий Федорович құйындатып бара жатқан еді. Мокроеға дейін жиырма шақырымнан сәл ғана асатын, егер Андрейдің үш ат жеккені осы жүрісінен таймаса, бір сағат он бес минут шамасында жеткізетін шығар. Шапшаң жүріс Митяның бойын лезде сергіткендей. Ауа таза, салқын, ашық аспанда баданадай жұлдыздар жарқырайды. Бұл Алеша бір кезде оның аяғына жығылып "ғұмыр бақи сүюге есі кете ант берген" түннің өзі, бәлкім, тіпті сол сағаттың тап өзі де болуы мүмкін. Бірақ, көңілі жадау тартып, жабығып келе жатқан Митяның ішінде жанын жеген күдік-күмәні көп болғанмен, дәл осы сәтте оның бүкіл жан дүниесі тек қана соған, соңғы рет тағы бір көрейінші деп асығып бара жатқан сүйіктісіне, өзінің падишасына ынтығулы еді. Әйтсе де, бір нәрсені ескерте кетелік: оның жүрегі бір минут та лүпілдемеген.
Егер осынау беймағлұм адамға, жер астынан шыққандай пайда бола кеткен жаңа бақталасына, осынау бейтаныс "офицерге" қызғаншақ басымен титтей де қызғаныш білдірген жоқ десем, маған, бәлкім, ешкім сене де қоймас. Кез келген өзге біреу тап болса, оны сол сәтте-ақ қызғанар еді, сөйтіп, өзінің қанды қолын тағы да қанға бояр ма еді, қайтер еді, ал мынаған, "Грушеньканың алғашқы
махаббатына" құстай ұшып келе жатып, қызғаныштың өшпендігін көрсетпегені былай тұрсын, тіпті жай дұшпандық сезім де байқатқан жоқ — рас, ол оны әлі көрмеген еді. "Олардың бірін-бірі сүюіне хақы бар, бұл даусыз; Грушеньканың алғашқы махаббаты бұл, ол оны бес жыл бойы ұмытпаған: демек, бес жыл бойы тек соны ғана сүйген, ендеше менікі не, мен неге көлденеңнен қыстырылуым керек? Бұл арада менің көп килігуге қандай хақым бар? Былай тұр, Митя, жол бер! Сонсоң, енді менің халімнің өзі не болар екен? Мен енді ол офицерсіз-ақ құрып біткен жоқпын ба, тіпті ол мұнда келмеген күнде де барлығы өзінен-өзі бітер еді..."
Егер Митя пайымдай алатын болса, өзін қандай сезім билегенін шамамен міне осылай баяндар еді. Бірақ, ол онда бұлай пайымдай алмаған. Оның бұл тәуекелшілдігі ешқандай пайымдаусыз, кенеттен туған еді, Митя бағана, Фенянікінде, оның алғашқы сөзін естір-естіместе-ақ, ақыры неге апарып соғатынын біле, сезе тұра, белді бекем буған. Алайда, осыған қарамастан, жүрегі әлем-жәлем болып, жан азабынан торыға берген: нар тәуекел де жанын тыныштандыра алмаған. Арты қайырсыз қылығының зілі езе берген. Мұның өзі оған кей-кейде тіпті таңғаларлықтай көрінген: ол өзімді азапқа саламын, жазалаймын" — деген үкімін қағазға өз қолымен жазып қойды емес пе: бір жапырақ дайын қағазды қалтасына салып қойған жоқ па; тапаншасы оқтаулы, азанда "алтын шашы бұйраланған Фэбтің" алаулап көтерілген сәулесін қалай қарсы алатынын шешіп қойды ғой, оның бер жағында жан азабын тартқызған арты қайырсыз қылықтарының өтеуін беру қалай болғанда да қиын еді, осыны сезгендіктен де ол қинала берген, оның жанын жеп, торықтырған осы ой-ды. Алайда жолда бір рет Андрейді тоқтатып, арбадан атып түсіп, тапаншасын алып, таңның атуын бұрынғы сүйіктісімен қайта табысқанын көрсем болды, маған басқа ештеңенің керегі жоқ". Оны тағдырдың тәлкегі еткен мынау әйелге Митя бұған дейін ешқашан да тап мұндай ынтықпаған еді, еш уақытта бастан кешпеген, тосыннан туған бір соны сезім, құлдық ұрып жалбарынуға, құрбандық болуға бар нәзік сезім оның бойын билеп алған. "Садағаң кетейін!" — деді бір кезде жаны сүйсініп масайрап кеткен ол.
Олардың cap желіспен келе жатқанына бір сағаттай өткен. Митя үнсіз отырған, Андрей де, сөзуар мұжық болғанмен, бірдеңе деуге қаймық қандай, тіл қатпастан тек өзінің текіректеген "тулақ" торыларын үсті-үстіне қамшылаумен болған. Кенет Митя әлденеден шошынғандай былай деді:
— Андрей! Егер ұйықтап жатса қайтеміз? Кенеттен сап ете қалған бұл ой осы сәтке дейін оның қаперіне де кірмеген еді.
— Жатып қалуы да мүмкін ғой, Дмитрий Федорович.
Митя кірбеңдеп тұнжырай қалды: шынында да, ол құстай ұшып келсе... тұла бойын құштарлық билеп барса... сонда ол екеуі ұйықтап жатса... Грушенькасы оның құшағында жатса қайтеді... Оның жүрегін ашу-ыза кернеп кеткен еді.
— Айдасаңшы, Андрей, бас қамшыны, Андрей! — деп айқайлап жіберді шамырқанған ол.
— Бәлкім, әлі жата қоймаған да болар, — деп күбірледі Андрей, сәл үнсіздіктен соң. — Мана Тимофей айтып еді көп адам жиналыпты деп.
— Стансада ма?
— Стансада емес, Пластуновтардыкінде, әлгі қоналқа үйде, онда не істесең де еркің ғой.
— Білем; сен не дедің, көп екен дедің бе? Олар кімдер? — тосын хабар құлағына тигенде сескеніп қалған Митя бойын бір тіктеп қойды.
— Қайдам, Тимофей бәрі де мырзалар деген, екеуі шаһардан болу керек, бірақ кім екенін — білмеймін, Тимофейдің айтуынша, екеуі осы араныкі де, екеуі басқа жердікі, кім біледі, басқа біреулер де болуы мүмкін ғой, ол арасын анықтап сұрамаған едім. Қарта ойнауға кірісті деген.
— Карта ойнауға деймісің?
— Онда, егер картаға кіріссе, әлі жата қоймауы да мүмкін ғой. Сағат он екіге жуықтаған шығар, одан аса қоймас.
— Неғып отырсың, Андрей, айдасаңшы! — деді тағы да күйгелектеген Митя.
— Мырза-екесі, сізден бірдеңені сұрайын деп едім, бірақ ренжітем бе деп қипақтап отырғаным, — деп Андрей сәл үнсіздіктен кейін қайтадан сөз бастады.
— Нені сұрамақшы едің?
— Бағана Федосья Марковна сіздің аяғыңызға жығылып, бикешке тие көрмеңізші деп жалбарынды ғой, сосын тағы біреуге де... Сонсоң да, мырза-екесі, сізді онда неге апара жатқаныма... Ғапу етіңіз, мырза-екесі, мүмкін, бұл айтқаным ақымақтық шығар, бірақ шын ниетім.
Митя қолын созып, оның иығынан ұстады.
— Сен жәмшікпісің? Жәмшіксің ғой? — деді ол қызбаланып.
— Жәмшік...
— Сен жол беру керек дегенді білемісің. Әлде жәмшікпін деп ешкімге жол бермей, басып кетесің бе! Жоқ, жәмшігім, өйтуге жарамайды! Адамды басуға болмайды, біреудің өмірін бүлдіруге хақың жоқ, ал бүлдірген екенсің — өзіңді-өзің жазалауың керек... егер біреудің өмірінің шырқын бұзсаң, оны қор қылсаң — өзіңді-өзің жазала, қараңды өшір.
Мұның бәрі Митяның аузынан көңілі алабұртқанда шыққан сөздер-ді. Бірақ Андрей, мырзасына аң-таң болғанмен, әңгімені қостаған.
— Дұрыс айтасыз, көкетай, Дмитрий Федорович, сіздікі жөн, адамды басып кетуге, азаптауға болмайды, тіпті кез келген мақұлықты да өйтуге болмайды, өйткені оны да, мысалы, мына атты да құдай жаратқан, кейбіреулер, әсіресе, жәмшік ағайындар бекерге омыраулайды... Еліргенде тоқтау жоқ қой бұл мұндарға, басып кететіндей болып жүреді ылғи.
— Дозаққа асыға ма? — деп оның сөзін бөліп жіберген Митя кеңкілдеп күлді. — Андрей, ақ көңіл аңқылдағым менің, — деді ол жәмшікті тағы да иығынан ұстап, — айтшы, сен қалай ойлайсың, Дмитрий Федорович Карамазов дозаққа түсе ме, әлде түспей ме?
— Қайдам, жарқыным, бұл өзіңізге байланысты емес пе, өйткені сіз... Білесіз бе, мырза-екесі, пайғамбарымызды креске керіп, азаптап өлтірген ғой, бірақ, ол крестен түскесін тура дозақтан бір-ақ шығыпты, онда ол азап шегіп жатқандардың бәрін босатып жібереді. Бұдан кейін дозақ енді күнәкарлардың ешқайсысы қолға түспей кете ме деп уайымдайды. Сонда пайғамбар дозаққа былай депті: "Дозақ, сен уайымдама, бұдан былай саған ұлықтар мен бастықтар, бас судьялар мен байлар түсетін болады, тағы бір айналып соққанымша, әлмисақтан бері қалай кенде болмасаң, дәл солай кенде болмайсың". Бұл анық, осылай деген сөздер болған..
— Халық аузындағы аңыз ғой, қандай ғажап! Андрей, аттанар жақтағы торыны бір шықпыртшы!
— Солай, мырза-екесі, кейбіреулер дозаққа түсуі керек, — деді қырсау торыны шықпыртып алған Андрей, — ал сіз, мырза-екесі, сәби бала секілдісіз... сізді бәріміз құрметтейміз... Ашушаң болсаңыз да, мырза-екесі, мұндай мінезіңіз бар ғой, тәңірім сізді
ақ көңілділігіңіз үшін кешіретін шығар.
— Ал сен ше, Андрей, мені кешірер ме едің?
— Не үшін кешіруім керек, сіз маған ештеңе істеген жоқсыз ғой.
— Жоқ, барлығы үшін, жұрттың бәрі үшін жалғыз өзің дәл қазір, осы арада, жол үстінде мені кешірер ме едің? Айтсаңшы, аңқылдаған ақкөңілім!
— Оһ, мырза-екесі! Мен сізден қорқайын дедім, сөзіңіз таңғаларлық боп барады...
Әйтсе де, Митя оның жауабын естімеген еді. Ол апыл-ғұпыл шоқынып, ішінен бірдеме деп оғаш күбірлей берген.
— Сотанақтаған біреу болсам да, бетімнен қақпашы, жасаған ием, тек жазаламашы. Мені сотыңа салмай өткізіп жіберші... Тек соттай көрмеші, өйткені мен өзімді-өзім соттағам; соттай көрмеші деп жалынатыным — мен сені жақсы көрем ғой, жасаған ием! Оңбаған болсам да, сені сүйемін: тіпті дозаққа салсаң да мейлің, бәрібір сені сонда да жақсы көремін және сені мәңгі бақиға сүйемін деп жар салып жатамын... Алайда, менің де махаббатымды тауысуыма мұршамды келтір, — осында, тап қазір құмарымды қандырып болайыншы, нұрлы сәулең алаулап шыққанша бес сағат қана ғашығымның қасында болайыншы... Неге десең, жаным сүйген падишама қалай құмартпайын. Мен оны сүйемін және сүймей тұра алмаймын. Мені бастан-аяқ көріп тұрсың ғой, міне. Барып жеткесін-ақ аяғына бас ұрамын: сенікі жөн, мені елемей кете барғаның дұрыс болған... Қош бол, бірақ, құрбандығыңды біржола ұмыт, өзіңді еш уақытта қинама! — деймін.
— Әне Мокрое! — деп айқайлап жіберді қамшысымен алғы жақты көрсеткен Андрей.
Бозалаң түнде едәуір жерге жайылып жатқан үй-жайлардың сұлбасы қараңдай бастаған еді. Мокрое селосында екі мыңдай жан тұратын, бірақ бұл мезгілде, әр жерде бір жылтыраған бірен-саран отты есептемегенде, барлығы дерлік шырт ұйқыда-ды.
— Айда, айдасаңшы, Андрей, кімді әкеле жатқаныңды білесің ғой! — деп елірді қызбаланған Митя.
— Әлі жатпапты! — деді Андрей тағы да, селоның дәл кіре берісіндегі, көше жақ алты терезесінің бәрінде шам әлі сөнбеген Пластуновтардың қоналқа үйін қамшысымен нұсқап.
— Әлі жатпаған екен! — деп оның сөзін іліп ала жөнелді, онан сайын елірген Митя қуанғанынан, — бас қамшыны, Андрей, есігінің алдына салдырлатып-күлдірлетіп, құйындатып отырып бір-ақ тоқта. Кімнің келгенін бәрі білсін! Бұл келе жатқан менмін! Мен келе жатырмын!
Андрей болдырған тройканы шоқырақтата жөнеліп, биік баспалдақтың алдына құйындатып кеп жеткенсін ғана тері шүмектеген тулақтарының тізгінін бір-ақ тартты. Митя арбадан секіріп түсті, осы кезде ұйықтауға бара жатқан үй иесі түн ортасында заулатып келген кім екен деп баспалдақтан қарамақшы болған еді.
— Трифон Борисыч, сенбісің?
Қожайын еңкейіп, үңіле бір қарады да, баспалдақтан жүгіріп түсіп, жәдігөйсіген күйі мейманына ұмтылды.
— Көкетайым-ау, Дмитрий Федоровичпісің! Сізді де көретін күн бар екен ғой?
Трифон Борисыч, әсіресе осындағы мұжықтарды қан қақсатқан, әлі қуаты қайтпаған, орта бойлы, дембелтек мұжық еді, алайда, оның өзіне пайда түсетінін сезгенде быртық беттеу, сұсты пішіні тез құбылып, кенет жарамсақтана қалатын әдеті де бар-ды. Ол орыстарша, қисық жаға жейде мен бүрме бешпент киіп жүретін, әжептәуір ақшалы болатын, бірақ байыған үстіне байысам екен деген арманы көкейін тесіп тұратын. Мұжықтардың жартысынан көбі оның қармағына түсіп, айнала борышты боп жүретін еді. Ол помещиктердің жерін жалға және өз меншігіне де сатып алатын, бірақ бұл жерлерді алған қарызы үшін өңдеп беретін мұжықтар белшесінен батқан борыштарынан еш уақытта шыға алмайтын. Әйелі ертеде өлген, төрт ересек қызы болатын: жесір қалған үлкен қызы екі жас баласымен — мұның жиендерімен бірге оның қолында тұрғанымен, кәдімгі жалдама күң есебінде жүретін. Мұжықтан туса да, екінші қызы әупірімдеп хатшылыққа қол жеткізген бір шенеунікке тұрмысқа шыққан-ды, осындағы бір бөлменің қабырғасындағы үй ішінің өзге кішігірім фотосуреттерінің арасынан погонды мундир киген сол шенеуніктің суретін де көруге болатын еді. Ал екі кенже қызы діни мейрамдарда бір жаққа қонаққа жиналса, үстеріне бөксе тұсы тырсиған, артындағы құйрығы бір аршын, көгілжім немесе жасыл түсті, сәнді көйлек киетін, бірақ ертеңіне, күндегі әдетпен ерте тұрып, қолдарына бір-бір қайың сыпырғыш алып, бөлмелердің еденін сыпырып, пәтерге түскендерден қалған қоқысты жинап, жуындыны шығарып төгетін. Бірнеше мыңды жамбасқа басып отырса да, Трифон Борисыч ырду-дырдуға бет
алды шашылып-төгілуші есерлерден бірдеңені жырымдап қалуға құмар-ды, сол себепті Грушеньканы осында алып кеп, сайрандап жатқан Дмитрий Федоровичтен бір тәулікте үш жүз болмаса да, екі жүзден артық ақшаны қымқырғанына әлі бір ай да өтпегенін ұмытпаған ол мейманын құрақ ұшып қарсы алып, елпілдеп қалды; Митяның есіктің алдына қалай құйғытып келгенінен-ақ ол оңай олжаны сезе қойған-ды.
— Көкетай, Дмитрий Федорович, қош келдіңіз, аман-саумысыз?
— Тоқтай тұршы, Трифон Борисыч, — деді Митя, — ең алдымен маған мынаны айтшы, ол қайда?
— Аграфена Александровна ма? — Митяның бетіне қадала қараған қожайын бәрін бірден ұққан еді, — ол ма... осында ғой...
— Жанында кім бар?
— Жолаушы меймандар... Біреуі шенеунік, сөзіне қарағанда поляк болар, оны алып келуге ат жіберген де сол; ал екіншісі оның жолдасы ма, әлде жай жолсерік пе, ол арасын аңғармадым; жай киімде...
— Не, ішіп жатыр ма? Бай кісілер ме екен?
— Ішу қайда! Кәдімгі қиқым-бақай емес пе, Дмитрий Федорович.
— Қиқым-бақай ма? Ал өзгелері ше?
— Анау екі мырза шаһардан... Чернядан қайтып келе жатып тоқтады. Біреуі жас жігіт, Миусов мырзаның туысы болуға тиіс, есімін ұмытып тұрғаным... ал екіншісін сіз өзіңіз де білесіз: помещик Максимов сіздердегі монастырьға ғибадатқа барып еді дейді, ол Миусов мырзаның әлгі туысымен бірге жүрсе керек...
— Осылар ғана ма?
— Осылар ғана.
— Тоқта, тыңдағын, Трифон Борисыч, енді маған ең бастысын айт: ол неғып отыр, қалай өзі?
— Бағана келген еді, солармен бірге отыр.
— Көңілді ме? Күле ме?
— Жоқ, күліп отырған жоқ... Тіпті мүлде көңілсіз секілді, әлгі жас жігіттің шашын тараған болды.
— Поляк офицердің бе?
— Ол қайдан жас болсын, сонсоң ол тіпті офицер де емес; жоқ, мырза-екесі, оның емес, әлгі Миусовтың немере інісінің, әлгі жас жігіттің... есімін ұмыта беріп тұрғанымды қарашы.
— Калганов па?
— Дәл соның өзі.
— Мақұл, не істеуді өзім білем. Карта ойнап жатқан жоқ па?
— Ойнаған, қазір қойды, сосын шай ішті, шенеунік шие шарабын алғызды.
— Тоқта, Трифон Борисыч, тоқтай тұршы, жарқыным, өзім де білем ғой не істеуді. Онан да сен маған ең бастысын айтшы: сығандар жоқ па?
— Сығандар ізім-қайым жоғалды ғой, Дмитрий Федорович, бастықтар қуып жіберді, ал цимбалда, скрипкада ойнайтын жайттар табылады, Рождественскосға, кісі жіберіп, шақыртып алуға болады. Қазір жетіп келеді.
— Онда жіберіңіз, дереу жіберіңіз! — деп жарлық етті Митя.
— Ана жолғыдай қыздарды төсегінен тұрғыза аласың ба, әсіресе Марья керек маған, Степан да мен Арина да қажет. Хорға екі жүз сом берем!
— Мен мұндай ақшаға саған бүкіл селоны жинап беремін, шетінен тырқиып ұйықтап жатса да аяғынан тік тұрғыза алам. Бірақ, көкетай, Дмитрий Федорович, мұндағы мұжықтар, немесе анау қыз-қырқын мұншама еркелетуге тати ма? Ондай пасықтар мен дөрекілерге сонша ақшаны ысырап қып керегі не? Мұжықтың сигар не теңі, ал сен ғой оларға сигар тартқыздың. Ол жексұрын күлімсі сасиды емес пе. Ал қыз біткеннің биті өрін жүреді. Ондай ақша түгіл, түк бермесең де мейлің, онан да мен саған өзімнің қыздарымды оятам қазір, жаңа ғана жатып еді, алайда, сирағынан сүйреп тұрғызам да, сенің алдыңда өлең айтқызамын. Ана жолы сен мұжықтарға шампан ішкіздің ғой, сұмдық-ай!
Трифон Борисычтың Митяға жаны ашығансуы бекершілік еді: онда оның өзі бес-алты шөлмек шампанды жасырып қалып, үстел астынан тауып алған жүз сомдықты да бармағына басқан. Қайтарып бермеген.
— Трифон Борисыч, ол жолы мен бірсыпыра ақшаның көзіне су құйдым ғой деймін. Есіңде ме?
— Жарқыным-ау, неге есімде болмасын, онда да ақшаны суша шашқансың, үш мыңдай ақшаны рәсуә еткен боларсың.
— Бұл жолы да сондай ақшамен келдім, міне көрдің бе?
Митя бір буда ақшаны қалтасынан шығарып, қожайынның тұмсығына тақады.
— Енді маған құлақ сал да, айтқанымды ұғып ал: бір сағаттан кейін арақ-шарап, жеңіл тамақ, самса мен кәмпит келіп жетеді — бәрін тура жоғарыға шығарарсың. Андрей ала келген мына жәшікті қазір сонда апарып ашқызып, шампанды құя бастаңдар... Ең бастысы — қыздар керек, қыздар, Марьяны қалай да алғызатын бол.
Содан кейін Митя арбаға бұрылып, отырғыштың астынан тапаншаларды салған қобдишаны алды.
— Андрей, ақыңды алмаймысың! Мә саған тройкаң үшін он бес сом, ал мынау елу сом ішуіңе... Тілімді алғаның үшін, мені сыйлағаның үшін... Карамазов мырзаны ұмытпассың!
— Құдай сақтасын, мырза... шайлық бес сом берсеңіз болды, одан артық алмаймын. Трифон Борисыч куә. Шатпақтап кетсем кешіре көріңіз...
— Неден қорқасың, — Митя оны бастан-аяқ көзімен бір шолды, — онда мейлің, құрамай қабатын өзін! — деді ол кейіген үнмен бес сомды оған лақтырып жатып. — Ал енді, Трифон Борисыч, мені ақырын ғана үйге кіргіз, әуелі оларға көзімнің қиығын салайын, бірақ, олар мені көрмейтін болсын. Олар қайда отыр, көгілдір бөлмеде ме?
Трифон Борисыч Митяға сескене қарады, бірақ өтінішін дереу орындады: оны абайлап сенекке ертіп кірді, сосын өзі меймандар отырған бөлмеге қарама-қарсы бірінші үлкен бөлмеге барып, шырағданды алып шықты. Бұдан кейін Митяны ақырын ертіп кетіп, бөлменің қараңғы бұрышына тұрғызды, осы арадан ол өзі көзге түспей, ана бөлмеде әңгімелесіп отырған адамдарды еркін көре алатын еді. Алайда, Митя ұзақ қарап тұрған жоқ және қарап тұра алмайтын да еді: Грушенькаға көзі түскенде-ақ оның жүрегі дүрсілдеп, көзі қарауытып кетті. Ол үстелдің бүйіріндеп креслода отыр екен, жанындағы диванда сүйкімді, уыздай бозбала Калганов отыр; Грушенька оның қолынан ұстап жымиып қана күледі, ал Калганов Грушеньканың қарсысында отырған Максимовқа, бейне
өкінгендей үнмен, бірдеңе деп жатыр, Максимов әлде неге сақылдап күледі. Дивандағы ана біреу кім екен, оған тақау, қабырғаға таман қойылған орындықта бейтаныс тағы біреу отыр. Диванда калиян тартып шалжиып отырған кісіні көргенде, Митя бір сәтке ол кісі жуан, жалпақ бет, тапал болуға тиіс және бірдеңеге ашулы ма қалай деп ойлап қалды. Ал оның жолдасы, екінші бейтаныс, Митяға тым сорайған биік секілді көрінді; ол басқа ештеңені бағдарлай алған жоқ. Кенет тынысы тарылып кетті. Бір минут та қарап тұра алмаған соң, Митя қобдишаны комодтың үстіне қоя салды да, арқасы мұздап, демін ішіне тартқан күйі, көгілдір бөлмеде әңгімелесіп отырғандардың үстіне тура кіріп барды.
— Ай! — Оны бірінші боп байқаған Грушенька бақырып жіберген еді.
Vll
БӘЗ БАЯҒЫ, ҚАЗ ҚАЛПЫ
Митя аршындай адымдап, тез үстелге жақындады.
— Мырзалар, — деді даусы шыққан ол сөз сайын тұтыға беріп, — мен ғой, мен жай әншейін! Қорықпаңдар, — деді ол содан соң, — жай әншейін, келгенім ғой; осы кезде креслода отырған Грушенька Калгановқа қарай еңкейіп ауытқып қап, оның қолынан ұстай қалған еді, Митя енді солай қарай бұрылып қарады. — Мен... Мен де жолаушылап жүрмін. Осында қонбақшы едім. Мырзалар, жолаушы адамға... бір түнді сіздермен бірге өткізуге болатын шығар? Бір түн ғана, соңғы рет, осы бөлмеде?
Митя сөзін диванда трубка тартып отырған тығыршықтай семізге қарап аяқтаған еді. Ол трубкасын аузынан маңғазсына алып, зілдене былай деді:
— Пане, біз осында болатын шығармыз. Мұнда басқа да бөлме бар емес пе?
— Сіз екенсіз ғой, Дмитрий Федорович, неғып тұрсыз? Отырыңыз бізбен бірге, сәлеметсіз бе!
— Аман-саумысың, қымбаттым... ардақтым! Мен сізге әмсе құрметпен қараймын ғой, — қуанып кеткен Митя оған үстелден асыра жалма-жан қолын созды.
— Ай, қатты қысып жібердіңіз ғой! Саусақтарым уатыла жаздады, — деп күлді Калганов.
— Оның дәйім сөйтетіні бар, амандасқанда саусағыңды — сығымдап бітеді! — деп көңілдене тіл қатты әлі де болса қымсына күлімсіреген Грушенька: ол Митяның тентектік жасамайтындығын бет әлпетінен кенет сезгендей, оған тым сұқтана және әлі де іштей мазасызданып қараған еді. Митяның жүзінен оны қатты таңырқатқан бірдеңе байқалған, сосын ол бейуақта бұлай кіріп келіп, бұлай сөйлеседі деп әсте күтпеген.
— Сәлеметсіз бе-е-е, — деп жылмаңдады сол жақтан помещик Максимов та. Митя онымен де амандасты.
— Сәлеметсіз бе, сіз де осында екенсіз ғой, бұл үйден сізді де кездестіргеніме қандай қуаныштымын! Мырзалар, мырзалар, мен... — Осындағылардың ішіндегі дөкейі сол деп ойлап қалды ма қалай, Митя тағы да трубка тартқан панға қарап сөйледі. — Мен қанат байлап келдім... Ақырғы күнім мен ақтық сағатымды осы бөлмеде өткізгім келді, бұл бөлмеде... мен де... сүйікті падишаммен ойнап-күлгем!.. Ғапу етіңіз, пане! — деп айқайлап жіберді ол шамырқанып, — мен мұнда қанат байлап жеттім, берген антын бар... О, қорықпаңдар, бұл менің соңғы түнім! Татулық үшін ішетін болайық, пане! Қазір шарап әкеледі... Қалтам да бос емес. Неге бүйткенін кім білсін, ол кенет қалтасындағы бір буда ақшасын алып шықты. — Мархабат, пане! Маған музыка ойнап, даңғырлап, дуылдап жатқаны қажет, өткен жолғының бәрі... Алайда, кәдімгі құрт бар ғой, сол түкке тұрғысыз құрт жорғалап өтеді де, ақыры жоқ болады! Қуанышты күпімді тағы бір еске түсірейінші соңғы түнімде!..
Ол булығыңқырап қалған-ды; оның айтпағы көп, өте көп еді, бірақ аузынан таңғаларлық лептеуден өзге ештеңе шықпады. Біресе Митяға, оның қолындағы бір буда ақшаға, біресе Грушенькаға тесірейе қараған панда ес жоқ.
— Егер менің крулевам рұқсат етсе... — деді пан.
— Крулеваң не, королева дегенің бе? — Грушенька оның сөзін бөліп жіберді. — Сіз сөйлегенде менің күлкім келеді. Отырсаңшы, Митя, сен өзі не деп кеттің? Тілеуіңді берсін, үрейімді алмашы. Қорқытпайсың ғой, қорқытпайсың ба? Үрейімді қашырмасаң, саған қуаныштымын...
— Мен бе, мен қорқытам ба? — Митя қолын жоғары сермеп, айқайлап жіберді. — О, кідірмей өте беріңдер, кете беріңдер, көлденең тұрмаймын!.. — Сонсоң, ол отыра кетіп, орындықтың арқалығынан құшақтап алып, бейне Грушенькамен көріскендей, теріс қарап жылап жіберді, оны бүйтер деп ешкім ойламаған еді, бұл тіпті оның өзінің де қаперіне кірмеген шығар.
— Мұның не, не боп қалды, сен осындай ма едің! — деді Грушенька кінәлаған үнмен. — Маған келіп жүргенде өсітуші еді, — ойда жоқта бірдеңе дейді, ал мен болсам түкке түсінбеймін. Бірде дәл осылай жылағаны бар, мынау екінші рет жылауы — ұят-ай! Сен неге жылайсың? Тым болмаса, жылауға тұратын бірдеңе болса ғой? — деді ол жұмбақтай және бір түрлі ренішпен кекетіңкірей сөйлеп.
— Мен... мен жылағам жоқ . . . Сәлеметсіңдер ме! — Митя отырған күйі жалт бұрылып күліп жіберді. Бірақ, әдеттегісінше тырқ-тырқ күлген жоқ, дымын шығармай, күйгелектеп, кеңкілдеп қана күлді.
— Міне, қайтадан... Кәне көңілденсеңші, жадырасаңшы! — деп жалынды Грушенька. — Сенің келгеніңе қуанып қалдым, өте қуаныштымын, Митя, өте қуаныштымын, естимісің. Менің тілегім — ол осында бізбен бірге болсын, — деді отырғандардың бәріне қарап өктем сөйлеген Грушенька, әйтсе де, оның бұл сөздері диванда отырған мырзаға арналғаны сезіліп тұрды. — Менің тілегім бұл! Біліп қойыңдар, егер ол кетсе, мен де кетемін! — деді кенет жанары оттай жайнаған ол бұдан кейін.
— Падишамның айтқаны — заң! — деді пан Грушеньканың қолынан наздана сүйгеннен кейін. — Панның бізбен бірге болуын өтінемін! — деп ол сыпайыгершілікпен Митяға қарады. Митя тағы да шұбырта жөнелейінші деп түрегеліп еді, бірақ басқаша болып шықты.
— Шарап ішейік, панс! — Ол сөйлеудің орнына, осылай деді де қойды. Барлығы күліп жіберді.
— Тоба! — Мен ол тағы да бірдеңе айтпақшы ма деп ойласам, — деді Грушенька елеңдеп. — Естимісің, Митя, — ол нығарлап сөйлеген еді, — енді атып түрегелуіңді қой, ал шампан ала келгенің жақсы болған. Мен шампан ішемін, шие шарабынан жүрегім айниды. Бәрінен де өзіңнің келгенің жақсы болды, әйтпесе көңілсіз еді... Сен, немене, тағы да думандатуға келдің бе? Ақшаңды қалтаңа салсаңшы! Мұншама ақшаны қайдан алдың? Барлығы, әсіресе пандар, мұның бір буда ақшаны қалай уыстап ұстағанына тесірейе қалғанын байқаған соң, Митя қолындағы ақшасын жалма-жақ ыңғайсыздана қалтасына салды. Ол қызарып кеткен еді. Дәл осы минутта қожайын подноспсн аузы ашылған бір шөлмек шампан мен стақан әкелген. Митя шөлмекті алғанмен, қайтерін білмей, сасқалақтап тұрып қалды. Сонан соң, Калганов оның қолындағы шөлмекті алып, шарапты стақандарға құя бастады.
— Тағы бір шөлмегін әкеліңіз! —деп дауыстады Митя қожайынға, сонсоң, ол ілкіде татулық үшін ішейік деп қалай лепіргенін ұмытып, панмен стакан да соғыстырмастан, ешкімді күтпей, жалғыз өзі ішіп қойды. Оның бет-жүзі кенет құбылып сала берген еді. Ол үйге кіргендегі масатты, шерлі пішінмен сәбилік реңге ауысқан. Табан астында жүні жығылып, төменшіктеп қалғандай. Иесінің еркелетіп, қайта кіргізгеніне мәз кінәлы күшікше, қайта-қайта қипақтай күліп, бәріне жасқаншақтап, жылы ұшырап қарайды. Ол бәрін ұмытып, отырғандарға балаша күлімсіреп, сүйсіне көз жүгіртті. Грушенькаға қарағанда тіпті езуін бір жимады, орындығын жылжытып, оның креслосына тақап та қойды. Әлі онша пайымдап үлгермесе де, пандарға да аздап көз салған. Диванда отырған пан оны өзінің кескін-келбетімен, поляк акцентімен, ең бастысы — аузындағы трубкасымен таңырқатқан. "Оның трубка тартқанында не тұр, мейлі, тартса тарта берсін",— деген де қойған ішінен. Қырықтардағы қырқылжың панның салпиыңкыраған беті, пұштиған мұрны, үстіңгі еріннен екі жаққа тартылған сызықтай жіп-жіңішке, боялған, ерсі мұрты Митяда әзірше ешқандай сауал туғызбаған. Тіпті памның Сібірде жасатып алған, екі самайлығы бір түрлі рабайсыз алға қарай таралған ескі париксымағы да Митяны таңырқата қоймаған-ды. "Демек, парик кисе, керек болғаны ғой", — деп ол дел-сал қарап отыра берген. Ал қабырғаға таман, диванда отырған паннан гөрі жастау пан Митяны тек сорайған биік бойымен ғана таңғалдырған, өзгелерге дөрекі көзбен, мұрын шүйіре қарап, ортақ әңгімеге тыжырына, үнсіз құлақ салған ұзын тұра анау тапалмен мүлде үйлеспейтіндей. "Түрегелгенінде сырықтай боп сорайып тұратын шығар", — деп ойлаған Митя. Ал ұзын тұра, тегі, диванда отырған тапалдың досы әрі шаш бауын көтеруші, былайша айтқанда, "оның сақшысы" болуға тиіс, трубкалы тәпелтек, әрине, ұзын тұраға өзінше қожаңдайтын шығар деп те ойлаған. Бірақ, мұның бәрі Митяға өте жақсы әрі даусыз нәрседей көрінген. Кішкентай күшіктің құйрығын бұлғаңдатып еркелеуі басылып қалғандай. Грушеньканың көкейінде не барын, оның аузынан шыққан бірер сөйлемнің жұмбақ әуенін ол әлі мүлде түсінбеген; оның жан-жүрегі елжірегі ұққаны — Грушеньканың оған назданғаны, мұны "кешіріп", оны өзінің қасына отырғызғаны ғана. Грушеньканың стақандағы шараптан ішкенін көргенде, оның төбесі көкке жеткен. Алайда, жиналған топтың кенет тым-тырыс бола қалғандығына аңырған ол бәріне айнала
көз жүгірте бастаған, оның тесірейе қараған көздері: "Алайда, біз неге бұлай үнсіз отырмыз, мырзалар, бірдеңені бастамайсыңдар ма?" — дегендей еді.
— Мынаның өтірікті судай сапырғанына біз біраз күліп алған едік, — деп тіл қатты Калганов, оның ойын тап басқандай, Максимовты көрсетіп.
Митя әуелі Калгановқа, сосын іле-шала Максимовқа тесірейе қалды.
— Өтірік соқты деймісің? — деді ол бірдеңеге қуанып кеткендей тырқ-тырқ күліп. — Ха-ха!
— Иә, нанасың ба, ол біздің күллі атты әскеріміз жиырмасыншы жылдарда поляк қыздарына үйленіпті-мыс дейді, бірақ оның мұнысы нағыз сандырақ қой, солай емес пе?
— Поляк қыздарына ма? — деп тағы да тақ етті Митя, бұл жолы онан бетер сүйсініп.
Митяның Грушенькаға қалай қарайтынын Калганов жақсы түсінетін, пан жайында да бірдеңені сезетін, алайда, ол мұның бәріне онша мән бермеген, мүмкін, тіпті мүлде мән бермеген де шығар, ол бұдан гөрі Максимов жөнінде көбірек ойлаған. Калганов мұнда Максимовқа еріп әлдеқалай келе қалған және де бұл қоналқа үйден пандарды да өмірінде бірінші рет кездестірген болатын. Ал Грушеньканы бұрыннан білетін, біреуге еріп оның үйіне де барғаны бар; онда Грушенька оған ұнамаған. Алайда, ол мұнда оған тым наздана көз тастап отырған; Митя келгенге дейін тіпті оны еркелеткен де, бірақ бұл онша еліге қоймаған. Калганов жасы жиырмадан аспаған, сәнді киінген, өте сүйкімді аққұба жүзді, ғажап қою ақсары шашты жас жігіт еді. Бірақ, неліктен бүйтетінін өзі де сезбей, кейде сәби балаша аңғал сөйлеп, аңғал қарайтын әдеті бар, уыздай жас болса да, сондай парасатты, кейде тіпті сондай терең ойлы ғажап ашық-көк көздері оның аққұба жүзіне жарасып тұратын. Жалпы алғанда, һәманда мейірімді көрінгенмен, ерекше мінезді, тіпті қыңыр да болатын. Кейде оның бет-жүзінен міз бақпай, қасарысудың табындай бірдеңе сезілетін: көз алмастан тыңдап отырғанында іштей өзінің бір қиялына берілгендей көрінетін. Біресе сүлесоқтанып, жалқаулығы ұстаса, біресе тіпті, сірә, болмашы себептен де кенет мазасыздана бастайтын.
— Түсінесіз бе, мен оны төрт күннен бері қасыма ертіп жүрмін, — деді даусын созыңқырай, баяу сөйлеген ол әңгімесін одан ары сабақтап; алайда, оның үні әбден табиғи шыққан, ешқандай әсемпаздық сезілмеген. — Есіңізде ме, ана жолы сіздің ініңіз оны арбадан итеріп қап тоңқалаң асырып еді ғой, ол содан бері менің жанымда. Онда бұл неғылған жан екен деп танғалып, оны деревняға ерте келіп едім, енді міне өтірікті судай сапырып отырғаны мынау, тіпті ертіп жүруге ұяласың. Мен оны қайта алып кетіп барамын...
— Пан поляк қыздарын көрмеген және көруі де мүмкін емес, — деді трубка тартқан пан Максимовқа қарап. Ол орысша тәп-тәуір сөйлейді екен, қалай дегенмен, оның өзі ойлағаннан әлдеқайда жақсы сөйлейтін болып шықты. Орыс сөздерін поляк әуеніне салып бұзады екен.
— Сол поляк қыздарының біріне үйленген кісі мына мен болсам қайтесіңдер, — деп күле жауап қатты Максимов.
— Қалай, сіз атты әскерде қызмет етіп пе едіңіз? Сіздің сөз қылғаныңыз бар. Сіздің атты әскер болғаныңыз ба? — деп киліге кетті Калганов.
— Иә, әрине, ол атты әскер ме еді? Ха-ха! — деп күлді аң-таң Митя; ол әрқайсысын құныға тыңдап, тағы біреуі сөзге араласса — одан не күткенін құдай білсін — аузын ашып қарап отырған-ды.
— Жоғ-а, білесіз бе, — деп Максимов оған бұрылды, — менің айтайын дегенім, әлгі паненканың... үріп ауызға салғандай бикештің біздің ұланмен мазурканы ғажап билейтіндігі... Мазурканы билегеннен кейін ол жігіттің тізесіне бала мысықша секіріп міне қояды... беті аппақ жұмыртқадай... ал пан-әкесі мен пани-анасы бәрін көріп отырса да үндемейді... байқамағансиды... сөйтіп ұлан ертеңіне барып, қызға құда түседі... қандай оп-оңай... құда түседі, хи-хи! — Максимов сөзін қиқылдаған күлкімен аяқтады.
— Пан-лайдак! — орындықта отырған ұзын тұра пан күңк етті де, бір аяғының үстіне екінші аяғын қайтадан ауыстырып қойды. Панның майланған лапардай етігінің балшық жұққан қалың табаны Митяның көзіне шалына кетті. Жалпы екі панның да үстеріндегі киімдері кір-кір болатын.
— Енді лайдак дей бастады ма! Ол неге балағаттайды? — деп қатуланды Грушенька.
— Пани Агриппина, поляк өлкесінде панның көзіне асыл текті арулар түсе қойды деймісің, оның көргені күңдікте жүргендер шығар, — деп қағытты трубкалы пан.
— Оған несіне уайымдай қалдың, — деп тойтарып тастады орындықта отырған пан ұнатпаған пішінмен.
— Бұл не қылғаныңыз! Оны ауыздан неге қаға бересіз! Айта берсін, бөгет боп не керек! Қайта көңілді болады! —деп кіржіңдеді Грушенька.
— Мен бөгет жасап отырғам жоқ, пани, — деді парик киген пан мардымсыған үнмен Грушенькаға көз тоқтата қарап; содан кейін кекірейіп үнсіз қалған күйі тағы да трубкасын сора бастады.
— Жоқ, жоқ, бұл жолы пан шынын айтты, — деп Калганов, ғажайып бірдеңе сөз боп жатқандай, тағы да қызбаланды. — Ол ешқашан да Польшада болған емес, ендеше ол өзі көрмеген ел жайында не дей алады? Сіз Польшада үйленген жоқсыз ғой, солай емес пе?
— Жоқ. Смоленск губерниясында үйленгенмін. Оны, яки менің болашақ зайыбымды бір ұлан Польшадан алып келген екен, пани-анасымен, тантасымен4 және ересек ұлы бар тағы бір жақын әпкесімен бірге сонау Польшаның өзінен алып келіпті, сонан соң... ол маған бұйырды. Әуелі оған ұланның өз үйленбекші болған еді, бірақ үйленбеді, қыз ақсақ екен...
— Сонымен, ақсақ қызға үйленген екенсіз ғой? — деді Калганов таңырқап.
— Иә, ақсақ қызға басым байланған болатын. Екеуі мені алдап соғыпты. Қайдам, мен оны әдейі секіре басатын шығар десем... Бишараның сілти басқанын қуаныштан секіргенге балаппын ғой...
— Сізге тиетін болғанына қуанған ғой? — деді балаша даңғырлаған Калганов.
— Әрине, қуаныштан. Бірақ, шындығында, мүлде басқа себептен болып шықты ғой. Соңынан, шіркеуде некеміз қиылғаннан кейін, сол күні кешке ол өзінің кемтарлығын мойындап, қатты қапаланып менен кешірім сұрады: бала кезімде шалшықтан секіріп өткенімде аяғымды мертіктіріп алған едім деді, хи-хи! Калганов балаша ішек-сілесі қатқанша күліп, диванға сұлап жатып алды. Грушенька да күліп жіберді. Ал Митяның масайрағанында тіпті шек жоқ-ты.
— Білесіз бе, білесіз бе, ол ағынан жарылды, сөзінің ешбір қоспасы жоқ! — деп елпілдеді Калганов Митяға қарап. — Сосын, білесіз бе, ол екі рет төсек жаңғыртқан, бұл айтқаны — бірінші әйелі, ал екіншісі, білесіз бе, одан қашып кеткен, ол осы күнге дейін тірі, сіз мұны білуші ме едіңіз?
— Рас па? — деп таң-тамаша болған Митя Максимовқа жалт бұрылды.
— Иә, қашып кеткені рас, ондайды да бастан кешкенбіз, — деп сыпайы растады Максимов. — Бір мусьенің етегінен ұстап тәйт деген. Бәрінен де маңдайға біткен жалғыз деревнямды алдын ала өзінің атына жаздырғаны батты ғой оның. Сен, дейді, білімді адамсың, бір үзім наныңды тауып жерсің, дейді. Мені сөйтіп мұзға отырғызды ғой. Бір қадірменді архиерейдің маған: алғашқы әйелің ақсақ еді, екіншісі жел аяқ боп шықты ғой дегені бар. хи-хи!
— Тыңдаңдаршы, тыңдаңдаршы! — деп өзеуреді Калганов, — егер ол өтірік айтса — ал ол жиі өтірік соғады — жұртты бір рақаттандыру үшін ғана бөседі: бұл арамзалық бола қоймас, солай емес пе? Білесіздер ме, мен оны кейде тіпті жақсы көрем. Ол нағыз арамзаның өзі, бірақ, ол жаратылысынан осылай, ешбір қоспасы жоқ, солай ғой! Сіздер қалай ойлайсыздар? Кейбіреулер бірдеңеге бола, өзіне пайда түсіру үшін арамзалық жасайды, ал ол жайдан-жай, құдай солай ғып жаратқан соң ғана... Мына қараңыздаршы,
мысалы, ол (кеше жол бойы таласты) Гоголь "Өлі жандарында": мен жайында жазған деп бөседі. Естеріңізде шығар, онда Максимов деген помещик бар емес пе, оны сабап тастағаны үшін Ноздрев "мас боп алып помещик Максимовті көк шыбықпен шықпыртып
қорлады" деп кінәланып сотқа да тартылады, естеріңізде ме? Енді түсінесіздер ме, бұл сондағы помещик Максимов мына мен болатынмын, таяқ жеген де менмін! — деп бой бермейді. Бұлай болуы мүмкін бе? Чичиковтың ел ақтап жүрген уақыты, ең кеш дегенде, жиырмасыншы жылдардың бас кезі, демек, жылдары мүлде сәйкес келмейді. Онда мұның Ноздревтан таяқ жеуі мүмкін емес. Тіпті қисыны келмейді, солай ма? Калгановтың осыншама неге елеурегенін түсіну қиын еді, бірақ оның әйтеуір шын ниеттен елеурегені анық. Митя да онымен пікірлестігін шын ниетімен білдіріп жатыр.
— Қайтесің оны, дүрелесе дүрелеген шығар! — деп кеңкілдеп күлді ол.
— Қайдағы дүрелеу, жай әншейін, — деп кіржің етті Максимов.
— Жай әншейіні қалай? Неге айтпайсың, сені дүреледі ме, жоқ па?
— Ктура годзина, пане? (сағат қанша болды екен?) — деді орындықта отырған ұзын тұра панға трубка тартатын пан зеріккен пішінмен. Ұзын тұра иығын қиқаңдатты да қойды: екеуінің де сағаты жоқ-ты.
— Неге сөйлесіп отырмасқа? Тым болмаса, басқалардың аузына қақпақ болмасаңдаршы. Сендердің іштерің пысқан екен деп өзгеміз ауыз ашпауымыз керек пе, — деп бойын қайта тіктеп ұстаған Грушенька қасақана тиіскендей болды. Митяға алғаш рет бір ой келген секілді еді. Бұл жолы пан көрнеу шытыңқырап жауап қатты.
— Пани, я ниц не мувен против, ниц не поведзялем. (Менің сөзімде қарама-қайшылық жоқ, мен ештеңе дегем жоқпын).
— Онда жақсы болды, ал сен әңгімеңді айта бер, — деді Грушенька Максимовқа қаттырақ дауыспен. — Барлығың неге үндемей қалдыңдар?
— Бұл арада айтатын да ештеңе жоқ, өйткені бәрі кіл зердесіздік, — деп іліп әкетті Максимов, қыбы қанғандай, сәл тәлімси қалып, — сонсоң Гогольде де мұның бәрі тұспалмен ғана айтылған ғой, неге десеңіз кісілердің аты-жөнінің өзі шетінен аллегория:
Ноздрев — Ноздрев емес, Носов, ал Кувшинников — тіпті мүлде ұқсамайды, өйткені ол Шкворнев. Тек Фенарди ғана шынында да Фенарди болған, тек итальян емес, орыс, Петров; мамзель Фенарди де керемет сүйкімді болатын, трико кигендегі керемет аяқтары
кісіні есінен тандыратын еді ғой, тылтиған юбкасы жылтырап алып, қылтың-сылтыңға салған сол емес пе, бірақ төрт сағат емес, төрт-ақ минут-ты... сөйтіп, бәрінің сілекейін шұбыртқан...
— Дегенмен, сізді не үшін сабады, не үшін таяқ жеп жүрсіз? — деп болмады Калганов.
— Пирон үшін ғой бәрі, — деп жауап қатты Максимов.
— Ол қай Пирон? — деді таңырқаған Митя.
— Кәдімгі француздың белгілі жазушысы Пирон үшін. Онда біз бәріміз жиналып, трактирде отырып, әлгі жәрмеңкеде шарап ішкен болатынбыз. Олар мені де шақырған еді, мен келе сала эпиграмма айта бастағам: "Буало, бұл кім, сенбісің, күлкілі екен үстіңдегі киімің". Ал Буало маскарадқа жиналып жатырмын деп жауап береді, яки моншаға барамын дейді, хи-хи, сөйтіп олар мені мазақтап тұр ғой деп ойлап қалыпты. Мен жалма-жан білікті адамдардың бәріне кеңінен мағлұм екінші бір мысқылды эпиграмманы айта қойдым:
Болсаң сен Сафо, мен Фаонмын,
Бұған дауым жоқ менің,
Алайда, сорлатқанда сен мені,
Теңізге барар жолды білмедің.
Бұдан кейін олар онан бетер ашуланып, мені балағаттай бастады, бірдеме ғып құтылу үшін, қырсық қылғанда, Пирон туралы бір өте зиялы анекдотты айтқаным: Пиронды француз академиясына қабылдамай қойған екен, соның қарымын қайтару үшін ол кейін өзінің құлпытасына жазылатын эпитафиясын шығарыпты.
Ci-git Piron qui ne fut rien
Pas mene academicien5
Сонсоң олар мені сабап тастады.
Сонда не үшін сабады, не үшін?
— Білімді болғаным үшін таяқ жедім ғой мен. Біреуді ұрып-соғуға сылтау табыла береді ғой, — деп келте қайырды ақылгөйсіген Максимов.
— Ә, болды енді, оңбағандық қой бұл, тыңдағым келмейді, қызықты бірдеңе ме десем, не деп кеттіңдер, — деп тойтарып тастады Грушенька. Ыңғайсыздана қалған Митя, күлкісін тыя қойды. Ұзын тұра пан орнынан түрегеліп, өзімен терезесі тең кісілердің арасында болмаған соң іші пысқан адамша қолын артына ұстап, менменсіген қалпы бір бұрыштан екінші бұрышқа ерсілі-қарсылы жүре бастады.
— Мынаның селтеңдеуін! — деп Грушенька оған кіржіңдей көз тастады. Митяның онсыз да тынышы кетіп отыр еді, енді диванда отырған панның оған тыжырына қарағанын байқап қалды. Академиктікке сайланбай қалғанда шығарыпты.
— Пан, — деді еліре сөйлеген Митя, — пандар, шарап ішелік. Екінші пан, сізге де айтам: кәне, шампан ішелік, пандар! — Ол үш стақанды өзіне қарай тез жақындатқасын шампан құйды.
— Польша үшін панове, сендердің Польшаң, поляк өлкесі үшін ішіп қоялық! — деп өзеуреді Митя.
— Бардзо ми то мило, пане, выпием (мына сөзің маған бек ұнайды, пане, ішсек ішіп қоялық), — диванда отырған пан тілектес пішінмен маңыздана сөйлеп, стақанын қолына алды.
— Әй, екінші пан, атың кім еді, қадірменді мырза-екесі, стақаныңды ұстасаңшы! — деп құрақ ұшты Митя.
— Оның аты-жөні пан Врублевский, — деді диванда отырған пан.
Пан Врублевский шайқала басып үстелге келген соң, түрегеп тұрған күйі стақанын қолына алды.
— Польша үшін, панове, ура! — деп желікті Митя стақанын жоғары көтеріп.
Үшеуі де ішіп қойды. Митя шөлмекті қолына алып, үш стақанды қайта толтырды.
— Енді Ресей үшін, панове, бауырластық үшін!
— Бізге де құй, — деді Грушенька, — Ресей үшін менің де ішкім келеді.
— Мен де ішемін, — деді Калганов.
— Россеюшка үшін, кәрі әжеміз үшін... мен де, — деп қиқылдады Максимов.
— Бәрін, түгел! — деп дауыстады Митя, — Қожайын, тағы да әкел!
Митя әкелген шампаннан үш шөлмек қалған екен, соларды алып келді. Митя тағы құйды.
— Ресей үшін, ура! — деп ол тағы тост көтерді. Пандардан басқасының бәрі ішті, ал Грушенька өзінің стақанын түгел ішіп қойды. Ал пандар ерін де тигізген жоқ.
— Панове, сендердің бұларың қалай? — деп таңырқады Митя.
— Мұны қалай түсінуіміз керек?
Пан Врублевский стақанын жоғары көтеріп тұрып, көтеріңкі дауыспен:
— Жеті жүз жетпіс екінші жылға дейінгі Ресей үшін! — деді.
— Ото бардзо пенкне! (Жақсы тост деп міне осыны айт!), — деп айқайлады екінші пан, сөйтіп олар стақандарын түгесіп қойды.
— Панове, өздерің де бір ақымақ екенсіңдер ғой! — деген сөздердің аузынан қалай шыққанын Митя байқамай да қалды.
— Па-не!!! — деп қоразданды екі пан Митяға дүрсе қоя беріп.
Әсіресе пан Врублевский қатты ызаланды.
— Але не можно не мець слабось до своего краю? — деп күйіп-пісті ол (Өз еліңді сүймеуге бола ма?)
— Тез үндеріңді өшіріңдер! Тоқтатыңдар жанжалды! Тыныш отыра алмайсыңдар ма? — деп зекірген Грушенька аяғымен еденді бір теуіп қойды. Оның екі беті алаулап, жанарынан от ұшқындап тұрған еді. Әлгі бір стақан шараптың қызуы сезілгендей. Митяның зәресі кетті.
— Панове, кешіріңіздер! Кінә менде, енді қойдым. Врублевский, пан Врублевский, мен қойдым!..
— Ақымақ-ау, саған не жоқ, үндемей, тыныш отырсаңшы! — деп кіржің ете түсті ыза кернеген Грушенька.
Барлығы орындарына қайта отырып, үнсіз қалды, сонан соң бір-біріне қарады.
— Мырзалар, бәріне мен кінәлымын! — деп тағы да сөз бастады Грушеньканың әлгі зіркілінен түк түсінбеген Митя. — Ал, бұл не отырыс? Қайтадан көңілденуіміз үшін... не істесек екен, а?
— Аһ, шынында да сұмдық зерігіп барамыз білем, — деп сүлесоқтана міңгірледі Калганов.
— Банчик ойнасақ қайтеді, бағанағыдай... — деп Максимов қиқылдай жөнелді.
— Банк деймісің? Ғажап қой! — деп іліп әкетті Митя, — егер панове...
— Пузьно, пане! — деді диванда отырған пан, үні әрең шығып.
— Дұрыс айтасың, — деп қоштады пан Врублевский.
— Пузьно? Ол не деген сөз? — деп сұрады Грушенька.
— Ол поздно деген сөз, пани, кешкірген мезгіл, түн ортасы деген сөз, — деп түсіндірді диванда отырған пан.
— Оларға һәманда кеш көрінеді, оларға ештеңе істеуге болмайды! — деді күйінішті үнмен Грушенька. — Өздері томсырайып отырып алады да, басқалар да қабағын ашпасын дейді. Митя, сен келгенге дейін де олар осылай тымырайып отырған, маған тәкаппарсып бітіп еді...
— Тәңіриям менің! — деп өзеуреді диванда отырған пан, — цо мувишь, то сень стане. Витзен неласкен, и естем смутны. (Ықыласың түспегенін көріп отырмын, сол себепті, қайтейін, мен де көңілсізбін). Естем готув (мен дайынмын), пане, — деді ол сөзінің соңында Митяға қарап.
— Онда баста, панс! — деді іле-шала Митя қалтасынан ақшасын шығарып, жүз сомдық екі сараланы үстелге қойып жатып.
— Қарсылығым жоқ, пан, мені бір ұтып көрші. Картаңды ал да, банкіңді айт!
— Карта қожайыннан болсын, пан, — деді нығарлай және байыптай сөйлеген тәпелтек пан.
— То найлепши спосуб (ең оңды тәсіл), — деп қоштады пан Врублевский:
— Қожайыннан ба? Мақұл, түсіндік, мейлі солай-ақ болсын, сіз жақсы айттыңыз, панове! Картаңды әкел! — деп бұйырды Митя қожайынға.
Қожайын ашылмаған үр жаңа карталарды әкеп берген соң, Митяға қыздардың жиналып жатқанын, қамбалдарын алып аздан соң жөйттер де келетінін, азық, ішкілік әкелуге тиісті тройканың әлі келіп үлгірмегенін хабарлады. Митя үстелдің басынан атып тұрып, тезірек жарлық беру үшін іргелес бөлмеге жүгіріп барды. Бірақ, үш қыз ғана келіпті, ал Марья әлі жоқ. Ол қандай жарлық бермекші болғанын және неге жүгіріп шыққанын өзі де білмеген еді: жәшіктен мұз кәмпиттер мен сағызды алып, қыздарға үлестіріңдер дегеннен басқа ештеңе аузына түспеді. — "Сонсоң, Андрейге арақ беріңдер, арақ! — деп бұйырды ол асығыс-үсігіс, — мен Андрейді өкпелетіп алып ем!" Митяның соңынан жүгіріп келген Максимов кенет оның иығынан тартты.
— Маған бес сом беріңізші, — деп сыбырлады ол Митяға, — мен де бағымды сынап көрейін деп едім, хи-хи!
— Тамаша, ғажап қой! Мә, он сом ал! — Ол қалтасынан тағы да барлық ақшасын шығарып, ішінен он сомдықты тауып берді.
— Ұтылып қалсаң, тағы кел, тағы да берем...
— Мақұл-мақұл, — деп сыбырлады қуанып кеткен Максимов, сосын ол жүгіре басып залға кетті. Көп кешікпей Митя да залға қайтып келіп, күттіріп қойғаны үшін кешірім сұрады. Пандар жайланып отырып, ойынға кірісті. Әлгіндей емес, жылы ұшырай, тіпті ілтипатпен қарайтын секілді. Диванда отырған пан трубкасына қайтадан темекі толтырып тұтатқасын карта тастауға әзірленді; оның бетінен нендей бір масаю сезіледі тіпті.
— На мейсца, панове! — деді пан Врублевский.
— Жоқ, мен енді ойнамаймын, — деп күңк етті Калганов, — бағана елу сом ұтқызғам оларға.
— Панның бағана қолы жүрмеген, енді жүріп кетуі мүмкін ғой, — деді диванда отырған пан Калгановқа қарап.
— Банк қанша? — Қаншадан қоясыңдар? — деп елеуреді Митя.
— Кім біледі, пане, мүмкін жүз, мүмкін екі жүз шығар, өзің қанша қоясың.
— Миллион! — деді Митя қарқылдап күліп.
— Пан капитан, пан Подвысоцкий жөнінде естігеніңіз бар ма еді?
— Ол қай Подвысоцкий?
— Варшавада карта ойнағанда банкке қанша қоятынын бірінші боп жүруші айтады. Подвысоцкий келген екен, бір мың злотых қойылғанын көреді де: ва-банк дейді. Банкер: "Пане Подвысоцкий, бір злотых қоясың ба, әлде бәріне ме?", — дейді. "Бәріне, пане", — дейді Подвысоцкий. — "Тем лепей, пане". Банкер тальяны тастаған екен, Подвысоцкий бір мың злотых ұтады. "Почекай, пане, — дейді банкер, сөйтіп ол жәшікті ашып, бір миллионды ұстата береді, — алыңыз, пан, бұл сенің рахунегің" (бұл сенің ұтысың)!
Банкте бір миллион екен. "Мен білмеп едім", — дейді Подвысоцкий. "Пане Подвысоцкий, — дейді банкер, сен де бәріне қойдың, біз де бәріне қойдық". Подвысоцкий бір миллионды алады.
— Бұл өтірік, — деді Калганов.
— Пане Калганов, в шляхетской компании так мувиць не пржистом (инабатты қауымда бұлай демес болар).
— Поляк ойыншысы саған бір миллионды ұстата қояр ма екен! — деп салғанмен, Митя өзінің ағат кеткенін тез сезе қойды. — Ғапу ет, пан, жаңылып жатырмын, тағы да кінәлы болғаныңды қарашы, неге бермесін, береді, бір миллионды да бере алады. Тонорға поляктың намысына неге бермесін. Көрдіңдер ме, менің полякша қалай сұңқылдайтынымды, ха-ха! — Міне он сом қоямын, жарай ма — валет.
— Ал мен қызыл айырдың дамасына, сүйкімді паненочкаға, бір сом қоямын, хи-хи! — деп қиқылдаған Максимов әлгі даманың шетін шығарыңқырап қойып, қолындағы картасын ешкім көрмесін дегендей, үстелге жақынырақ жылжып отырып, басын үстелдің астына тығып тез-тез шоқынды. Митяның қолы шықты. Бір сомның иесі де ұтты.
— Угол! — деді Митя бір картасының бұрышын бүгіп жатып, бұл жиырма бес сом қоямын дегені еді.
— Ал мен тағы бір сом қоямын, арбалағаннан дорбалағаным, — деп балаша былдырақтады бір сом ұтқанына төбесі көкке жеткен Максимов.
— Бастым! — деді қызбаланған Митя. — Жетілік — пе! Оның пе-ге қойғанын да басты.
— Енді қойыңыз, — деді кенет Калганов.
— Пе. пе, — деп Митя ставканы еселей берді, бірақ пе-ге не қойса да — сэрш басып жатты. Ал бір сомның иесі ұта берді.
— Тағы да пе! — деп айқайлады ызаланған Митя.
— Пане, ұтқызғаның екі жүз болды. Тағы екі жүз сомға барамысың? — деп сұрады диванда отырған пан.
— Қалай, екі жүзді ұтқызып үлгергенім бе? Онда тағы екі жүзге барамын! Бәріне — тағы да пе! — Сонан соң Митя қалтасынан ақшасын шығарып, дамасы үшін екі жүз сомды тастай бергенде, Калганов қолымен баса қойды.
— Жетер енді! — деді ол өзінің ашық даусымен.
— Сенің мұның не? — деді ежірейе қалған Митя.
— Жетер, тоқтатыңыз! Енді ойнамайсыз.
— Неге?
— Себебін қайтесіз. Қолды бір сілтеңіз де, тұрып жүре беріңіз, себебі осы. Енді ойнатпаймын!
Митя оған таңырқай қарады.
— Сіздер қайда кетіп барасыздар? — деп сұрады Грушенька мазасызданып.
— Қазір кайтып келеміз, — деп жауап берді Митя. Оның бет-жүзінде әлде қандай бір батылдық пен тосын сергектіктің нұры ойнап шыға келген еді; не бары бір сағат бұрын осы бөлмеге кіріп келгенінде оның ажары мүлде өзгеше-ді. Митя пандарды әнші қыздар жиналатын және дастарқан жайылып жатқан оң жақтағы үлкен бөлмеге емес, сандықтар мен шағын қобдилар тұрған және шыт жастықтар үйме-жүйме жиналған екі үлкен кереует қойылған жатын бөлмеге ертіп барды. Бұрыштағы кішкентай тақтай үстелдің үстінде шырақ жанып тұрған. Пан мен Митя осы үстелдің басына бір-біріне қарама-қарсы отырды, ал еңгезердей пан Врублевский қолын артына ұстаған күйі олардың бір бүйіріне барып жайғасты. Екі пан да суық қарайды, әйтсе де, бұл не айтпақшы деген әуестіктері сезіліп тұр.
— Чем моген служиць пану? (Панға бізден қандай жәрдем қажет?) — деп міңгірледі тәпелтек пан. Гәп мынада, пане, көп сөз боқ сөз: міне саған ақша, — Митя қалтасынан ақшасын шығарды, — қаласаң, үш мыңды ал да, көзіңді жоғалт бұл арадан.
Митядан көз аудармаған пан бажырайған күйі оның бетіне тесірейе қараған еді.
— Тржи тысенцы, пане? (Үш мың деймісің, пан?) — Ол пан Врублевскийге қарады.
— Тржи, Панове, тржи! Тыңдағын, пан, меніңше сен есті секілдісің. Ендеше үш мыңды ал да, табаныңды жалтырат және де Врублевскийді ерте кет — естимісің? Бірақ тап қазір, дәл осы минутта кетесің, түсіндің бе, мәңгі бақиға көзіңді жоғалтасың, пане, міне мына есіктен шығасың да, зым-зия боласың. Ана жақта нең қалып еді: пальтоң ба, ішігің бе? Қазір өзім әкеліп беремін. Тройка дереу әзір болады — сөйтіп, до видзенья, панс! А? Митя жауап алатынына сенімді еді. Бұған ешбір күдіктенбеген. Панның бет-жүзінен нендей бір тосын шешімнің ізі байқалғандай болды.
— Ақшаң қайда, пане?
— Ақшаның жайы былай, пане: арбакешке және зақылетке деп бес жүзді қазір қолыңа ұстатамын, қалған екі мың жарымды ертең шаһарға барғасын беремін — ар-ұжданыммен ант етемін, жерден қазсам да табамын! — деп елірді Митя. Поляктар тағы да бір-біріне қарады. Панның сұрқы бұзыла бастады.
— Жеті жүз берейін, бес жүз емес, жеті жүз ал онда, қазір, — дереу қолыңа ұстатайын! — Митя сауданың піспеуге айналғанын сезген соң алғашқы соманы өсіре түсті. — Не, пан? Сенбейсің бе? Бақандай үш мыңды қалай ұстата сал дейсің. Ақша қолына тигесін ертең қайта оралсаң қайтпекпін... Сонсоң, қазір жанымда ондай ақша да жоқ, ақшам шаһардағы үйде жатыр, — деп былдырақтады сөз сайын зәресі ұшып, ұнжырғасы түскен Митя, — құдай ақына, үйде еді, тығып тастап едім... Төпелтек панның бет әлпетінен қайдағы бір алабөтен намысқойлық сезіле қалды.
— Чи не потшебуешь еще чего? (Тағы да бірдеңені талап етіп жүрмеймісің?) — деп сұрады ол мысқылдап. — Пфе! А пфе! (масқара, ұят-ай!) — Сөйтіп, ол түкіріп тастады. Пан Врублевский де түкірінді.
— Сенің неге түкірінгеніңді айтайын ба, пан, — деді барлығының құрып-біткенін, түсінгесін күдер үзген Митя, — тегі, Грушенькадан бұдан гөрі көбірек пайда түсірмек ойың бар ғой. Екеуің де піштірген қоразсыңдар, білдіңдер ме!
— Естем до живего доткнентиым! (Мен мұндай қорлыққа төзе алмаймын!), — екі беті қып-қызыл боп долырған тәпелтек пан, енді ештеңеге құлақ салғысы келмегендей, тырсиған күйі бөлмеден шығып кетті. Оның соңынан шайқала басып Врублевский шықты. Олардың ізінше салы суға кетіп, аңырып қалған Митя да оралған. Ол Грушенькадан қорыққан еді, панның қазір айқай-шу көтеретінін алдын ала сезген. Солай болды да. Пан залға кіргесін Грушеньканың алдына барып тәштиіп тұра қалды. Оның тағы да:
— Панн Агриппина, естем до живего доткнентиым! (Мен мұндай қорлыққа төзе алмаймын!) — деп шытынағандығы енді Грушеньканың намысына тиіп кетті ме қалай, шыдамы таусылғасын ол бұлқан-талқан болды. Шүлдірлемей, орысша айтсаңшы, бірде-бір поляк сөзін қоспай орысша неге сөйлемейсің! — деп қатуланды. Грушенька оған —
Бұрын орысша тәп-тәуір сөйлеуші ең ғой, бес жылда ұмытып қалғаның ба! — Ашу қысқасын Грушеньканың қаны бетіне теуіп, нарттай боп кеткен.
— Панн Агриппина...
— Мен Аграфенамын, мені Грушенька деп атайды, тыңдасын десең, орысша сөйле, әйтпесе аулақ жүр! — Терісіне сыймай, ырс-ырс еткен пан орыс сөздерін бұзыңқырап, асығып-үсігіп, лепіре сөйлеген:
— Пани Аграфена, мен өткендегіні ұмытып, бәрін кешірейін деп, осыған дейінгінің бәрін ұмытайын деп келдім...
— Кешіргені қалай? Сен, немене, маған кешірім жасау үшін келдің бе? — Панның сөзін кесігі тастаған Грушенька орнынан атып тұрды.
— Дәл солай, пани, мен арамза емеспін, ақ көңілмін. Әйтсе де, ашыналарыңды көргенде таң-тамаша болдым. Пан Митя мені ана бөлмеге ертіп барып, үш мыңды ал да, өз жөніңе кет деді. Мен оның бетіне түкірдім.
— Не дейсің? Ол мені саудаға салып, саған ақша бермекші болды ма? — деді күніп-піскен Грушенька, — Митя, бұл рас па? Сенің бұған қалай дәтің барды? Мен сатылғыш болғаным ба?
— Пане, пане, — деп шыжалақтады Митя, — оның жаны таза, жүзі нұрлы, сонсоң мен еш уақытта оның ашынасы болған емеспін! Сен тантып тұрсың...
— Сен оның алдында мені несіне ақтайсың, — деп налыды Грушенька, — егер жаным таза болса, ізгіліктен немесе Кузьмадан қорыққасын пәк жүргем жоқ, ал мынаның алдында тәкаппар көріну үшін, сонсоң қайта кездестіргенімде оның арамзалығын бетіне
басу үшін бойымды таза ұстағамын. Ол сенен неғып ақша алмады екен?
— Неге алмасын, алды! — деді Митя таңдайы тақ етіп, — тек үш мыңды түгел алып таймақшы болды, бірақ мен зақылетке жеті жүз берейін деп қасарып тұрып алдым.
— Енді бәрі түсінікті: менің ақшам барын естіген ғой, оның менімен қайта табысып, некелеспекші болған себебі осы!
— Пани Агриппина, — деді пан дауыстап, — мен сері жігітпін, мен шляхтичпін, мені лайдак екен деп ойлап қалма! Мен мұнда саған үйленейін деп келген едім, сен мүлде өзгеріп кетіпсің, бұрынғыдай емес, бірбеткей, ұятсыз болып алыпсың.
— Онда келген жағыңа тайып тұр! Айтсам болды, сені дүрілдетіп қуып шығады! — деп зекірінді ашуға булыққан Грушенька.
— Мұндай ақымақ, зердесіз болармын ба, бес жыл бойы өзімді өзім азаптап нем бар еді! Әйтсе де, оған бола қасірет шегетін не бопты маған, өзіме-өзім ыза боп азаптандым! Сонсоң, бұл баяғы мен білетін жігіт емес! Ол мұндай ма еді? Оның әкесі емес пе екен деп
отырғаным! Сен мына парикті қайда жасаттың? Ол сұңқар болса, мынау сұмырай емес пе. Ол күлімдеп тұрып, ән салатын маған... Сорлы басым, бес жыл бойы бекерге жылап-сықтаппын, мұндай қарғыс атқан ақымақ, оңбаған, ұятсыз болармын ба! Грушенька креслосына сылқ құлай кетіп, алақанымен бетін басты. Осы кезде сол жақтағы көрші бөлмеден, ақыры, хорға жиналған қыздардың би ырғағымен шырқалатын асқақ әні естілген еді.
— Бұл неғылған даңғаза! — деп күңк етті пан Врублевский. — Қожайын, анау ұятсыздарды қуып жіберіңізші! Бағанадан бері есіктен сығалап тұрған қожайын меймандарының керілдесіп жатқанын көрген соң, бөлмеге кіріп келді.
— Сен неге осыншама қызыл кеңірдек боласың? — деді ол Врублевскийге бір түрлі тым дөрекі үнмен.
— Оңбаған! — деп айқайлады пан Врублевский.
— Оңбаған мен бе, сен бе? Сен жаңа қандай картаны салдың? Мен ойнауға бір колода үр жаңа карта әкеп берген едім, сен оны тығып қойдың ғой! Сен жалған картамен ойнадың! Жалған карта ұстайтының үшін мен сені Сібірге айдата аламын, білесің бе, бұл жалған қағазбен бірдей... — Сонан соң, ол диванға жақындап барып, оның арқалығы мен жастықшасының арасына қос саусағын сұғып жіберіп, ашылмаған колоданы алып шықты.
— Міне менің колодам, ашылмаған да! — Ол қолындағы картаны жоғары көтеріп, бәріне айнала көрсетті. — Мен берген колоданы саңылауға қыстыра қойып, өз картасын алып шыққанын мен ана жақтан көріп тұрдым — сен пан емессің, пасықсың!
— Ал мен ана панның екі мәрте қулық жасағанын байқап қалдым, — деді Калганов та.
— Масқара, ұят-ай! — деп таңырқады қолын сермеп, ұялғанынан шынында да қызарып кеткен Грушенька. — О, тоба, адам баласы мұншама өзгере береді екен-ау!
— Маған да осы ой келіп еді, — деді таң-тамаша болған Митя. Бірақ ол сөзін аяқтағанша, не қыларын білмей, ашуға булыққан пан Врублевский жұдырығын түйіп, Грушенькаға қарап:
— Сен жәлеп сұрқиясың! — деп айқайлады. — Алайда, ол аузын жауып үлгергенше, Митя оған тап беріп, белінен мықтап құшақтап көтеріп алған бойы қас қаққанша залдан алып шығып, ілкіде ғана тәпелтек пан екеуін ертіп барған оң жақтағы бөлмеге апарып еденге лақтырып жіберген еді.
— Мен оны ана бөлмеге апарып еденге сұлатып салдым, — деді тез оралған Митя абыржығандықтан ентіге сөйлеп, — сұмырайдың тіпті төбелеспек ойы бар, енді бас сұға қоймас мұнда!..
— Ол есіктің бір жарғысын жауып, екіншісін ашып тұрып, тәпелтек панға былай деп дауыстады.
— Қадірменді мырза, ана бөлмеге баруға зауқыңыз жоқ па?
Пшепрашам!
— Көкетай, Митрий Федорович, — деп жәмпеңдеді Трифон Борисыч, — сен олардан әлгі ұтқызған ақшаңды тартып алшы тым болмаса, жіберме! Олар ұтып алған жоқ, ұрлап алды ғой.
— Ал мен ұтқызған елу сомымды алмай-ақ қоям, — деді Калганов кенет сөзге араласып.
— Онда мен де алмаймын, екі жүз сом соларда-ақ кетсін! — деп елірді Митя, — тартып алғанда маған не түседі, соның-ақ ындыны басылсын.
— Бәрекелді, Митя! — Жігітсің, Митя! — деп айқайлады Грушенька. Оның даусынан ішін ыза кернеген әуен сезілген еді. Ашу қысқандықтан нарттай қызарып алса да, маңғазсуын әлі де қоймаған тәпелтек пан есікке қарай жүре берді де, кілт тоқтай қалып, Грушенькаға қарап былай деді.
— Панн, ежели хцешь исьць за мною, идзьмы, если не — бывай здорова! (Панн, егер маған еретін болсаң — кеттік, ал егер ермесең — онда қош бол!).
Сөйтіп ол маңғазсыған қалпы, ызақорлығы мен шамшылдығынан ырс-ырс етіп есікке қарай жүре берді. Ол өр көкірек кісі-ді: оның өзін асыра бағалайтындығы сондай, тіпті бағанадан бергі оқиғалардың бәрінен кейін де Грушеньканың оған еріп кете баратындығынан әлі де үмітін үзбеген еді. Митя оның соңынан есікті тарс еткізіп жапты.
— Оларды кілттеп қою керек, — деді Калганов. Бірақ бөлменің ішкі жағынан кілт сырт етті, олар өздері іштен жауып алған еді.
— Тіпті жақсы болды! — деді тағы да Грушенька ыза болып.
— Тіпті жақсы болды! Жолдары болсын!
VIІІ
СҰМДЫҚ ҚОЙ БҰЛ
Жын-ойнаққа бергісіз, ұлан-асыр думан басталды да кетті. Грушенька маған шарап әкеліңдерші деп бірінші боп айқайлады: "ЬІндыным құрып барады, ана жолғыдай сілейе сімірейін деп ем бір, есіңде ме, Митя, сонда екеуміздің қалай танысқанымыз есіңде ме!' Ал сандырақтаған халге жеткен Митя, "өзінің бақытын" алдын ала сезгендей еді. Грушенька оны, әйтсе де, өзінен қайта-қайта қуа берген: "Ана жаққа барып, жұртпен бірге ойнап-күлсеңші, аналарға билеңдер, бәрің де билеңдер деп айт, ана жолғыдай, "үйдің қабырғалары мен пеш солқылдайтын" болсын, жарай ма!" — деді ол өктем үнмен. Бикеш әбден желігіп алған еді. Сөйтіп, Митя оның айтқанын екі етпеуге жанталасқан. Хор жапсарлас бөлмеде жиналған-ды. Ал бағанадан бері отырған бөлмелері шыт шымылдықпен екіге бөлініп, ар жағына мамық төсектің үстіне шыт жастықтар тау-төбе ғып жиналған дағарадай кереует қойылғандықтан өте тар еді. Жалпы осындағы "сыңғыраған" төрт бөлменің бәріне де кереуеттер қойылған-ды. Грушенька есікке жақын жайғасты, Митя оның креслосын сол араға әдейі апарып қойған: "ана жолы", екеуі осында алғаш келіп сайран салғанда да, ол хор мен биді осы арада отырып қызықтаған. Жиналғандардың бәрі сондағы қыздар екен; скрипкалары мен цитраларын алып жөйттер де келіпті, ақыр-соңында, бағанадан бері асыға күткен тройка да келіп жетті арақ-шарабы мен тәтті-дәмдісін алып. Митя әбігер боп жүр. Бөлмеге көлденең біреулер де кіріп жатыр, бұлар бір ай бұрынғыдай ағыл-тегіл ішкілік пен тәтті-дәмдінің иісін сезіп, шырт ұйқыдан оянып келген мұжықтар мен қатындар еді. Митя таныстарымен құшақтасып амандасып, олардың сықпытын есіне түсіріп, шөлмектің аузын ашып, кез келгеніне құйып беріп жатты. Шампанға құныққан қыздар ғана болды, еркектер жағы көбінесе ром мен коньякқа, әсіресе ыссы пуншқа басыңқырады. Митя қыздардың бәріне шоколад қайнатылсын, сосын шай мен пунштың үзілмеуі үшін үш самауыр түні бойы иығынан дем алып тұрсын: кез келгені қалағанынша ішетін болсын деп жарлық етті. Қысқасы, ақылға сыймайтын, жөн-жосықсыз бір іс басталған еді, бірақ, Митя істеген ісі неғұрлым қисынсыз болған сайын жаны кіре түскендей жігерлене берген. Егер дәл осы кезде мұжықтардың бірі Митядан ақша сұраған болса, оның қалтасынан бір буда ақшасын шығарып, оңды-солды үлестіре беретіні сөзсіз еді. Тегі, сондықтан ба қалай, қожайын Митяны қорғаштап, әйтеуір оны айналшықтай берген; ішкілікке жолаңқырамай (ол не бары бір стақан пунш ішкен еді), Митяның әрбір қимылын өзінше қырағы бақылаған Трифон Борисычтың бүгін түнде тіпті ұйықтайтын түрі жоқ-ты. Қажет болған кезде ол Митяға мүләйімсіп, жарамсақтана қалып, мұжықтарға ақша беруді, құдай сақтасын, тіпті ойыңа да алма, оларды "цигарка мен рен шарабына" да дөндетпе деп жалынып, оны тартпақтап отырды, әсіресе қыз-қырқынның ликер ішіп, кәмпит жегеніне зығырданы қайнады: "Олардың биті өріп жүреді, Дмитрий Федорович, мен ол жексұрындардың кез келгенін тіземмен көтінен бір тепкен соң, осыған риза боласың деп бұйырамын — олар міне осындай!" — деді ол ызаланып. Митя Андрейді тағы да есіне алып, оған пунш апарып беруге жарлық етті: "Бағана оны өкпелетіп алып едім", — деп қайталады ол елжіреген, әлсіз үнмен. Калгановтың алғашта шарапқа зауқы соқпаған, оған қыздардың қосылып ән салғаны да мүлде ұнамаған, әйтсе де, тағы екі бакал шампанды сіміргеннен кейін ол керемет көңілденіп, тыным таппай жүрген, ыржалаңдап күліп, адамдарды да, әнді де, музыканы да — бәр-бәрін мақтай берген. Масаң Максимов масайраған қалпы оның жанынан қалмаған. Грушенька да қызыңқырай бастағанды. Ол Калгановты нұсқап Митяға: — Қандай сүйкімді, қандай ғажап балақан!" — деді. Сөйтіп, мәз болған Митя Калганов пен Максимовтың бетінен сүюге тұра жүгірген. О, ол көп нәрсені күні бұрын сезген еді; Грушенька оған әлі ештеңе дей қоймаған-ды, назды, ынтызар көздерін оған оқта-текте бір тастағаны болмаса, айтар сөзін қасақана кешеуілдеткендей еді. Ақыры, ол Митяны кенет қолынан ұстай алып, күшпен өзіне қарай тартты. Онда Грушенька босағада креслода отырған.
— Бағана сен қалай кіріп келдің, а? Ұсқының кісі шошырлық еді!.. Сұмдық зәрем ұшты. Сен мені неғып оған бермекші болдың? Шынымен-ақ бермекші болғаның ба?
— Сенің бақытыңа көлденең тұрғым келмеп еді! — деп былдырақтады көңілі жай тапқан Митя. Бірақ, Грушенькаға оның жауабы қажет емес-ті.
— Енді ана жаққа бар... ойнап-күліп көңіліңді көтер, — деп ол Митяны қайта қуды, — қыңқылдама, тағы шақырып алам. Сөйтіп, Митя кете барған, ал Грушенька қайтадан қыздардың әніне құлақ салып, биін қызықтап отыра берген, бірақ ол, Митя қайда жүрсе де, оны көзімен бағып, ширек сағаттан кейін қайта шақырғанында, Митя арсалаңдай қайта жүгіріп келген.
— Ал, енді жаныма отыр да, менің осында кеткенімді кеше қалай естігеніңді айта бер; бірінші кімнен естідің?
Сонымен, Митя бәрін айта бастаған, бірақ сөзін қиыстыра алмай, бірді айтып бірге кетіп, асығып-үсігіп, жүйесіз баяндаған, кенеттен қабағын тыржитып, мүдіріп қала берген еді.
— Сен неге кіржие бересің? — деп сұраған Грушенька.
— Жай әншейін... анда бір науқас адам қалып еді. Егер ол сауығып кетсе, егер оның сауығатынын білсем, он жыл өмірімді қазір-ақ қияр едім оған!
— Жарайды, науқас болса, тәңірінің жазғаны шығар. Сен ертең шынымен-ақ атылып өлмекпісің, әй ақымағым-ай, не үшін сонда? Мен міне осындай, сен сияқты алабұртқан алаңғасарларды сүйемін, — деп былдырақтады тілі күрмеліңкіреген Грушенька. — Сөйтіп, сен мен үшін бәріне дайынсың ба? А? Ақымағым-ау, ертең шынымен-ақ атылып өлуге бел байладың ба! Жоқ, әзірше аялдай тұрғын, ертең саған, бәлкім, бір сөз айтармын... бүгін емес, ертең айтамын. Сенің оны бүгін естігің келе ме? Жоқ, бүгін айтқым келмейді... Ал бар, бар енді, көңіліңді сейілт. Алайда, Грушенька оны тағы бір шақырып алғанында жүзінен бір күдік-күмәнмен сары уайым сезіліп қалған еді.
— Сен неге жабырқаулысың? Жабығып жүргеніңді көріп тұрмын ғой... Жоқ, мен бәрін сеземін, — деді тағы да Митяның көзіне қадала қалған ол — Сен ана жақта мұжықтармен сүйісіп, даурығып жүрсең де, мен бірдеңені көріп отырмын. Жоқ, сен күліп-ойнап көңіліңді көтер, мен масайрағанда сен де шаттансаңшы. Мен осында біреуді бек жақсы көрем, оның кім екенін таба қойшы?.. Ай, ананы қарашы: менің балақаным ұйықтап қапты, байғұс мас болған ғой.
Ол Калгановты айтқан еді: балақан шынында да мас болып, диванда отырған күйі бір сәтке қалғып кеткен. Тек шараптан емес. Әлде неден кенет жабығып кеткесін, немесе, оның өзі айтқандай, "зеріккесін" қалғып кеткен. Ақырында, ішкіліктің әсерінен біртіндеп тым қарабайыр, дөрекі бірдеңеге ұласып бара жатқан қыздардың әні де оны қатты есеңгіреткен еді. Сонсоң, билеген биі де дөрекі бірдеңе: екі қыз аю боп киінген, ал қолына таяқ ұстаған өжет қыз Степанида, ойынды басқарушы ретінде, оларды "көрсете" бастаған, "Ширағырақ қимылда, Марья, әйтпесе таяқ жейсің!" — деп ақырып қояды ол. Ақыры, аюлар еденге бір түрлі ерсілеу құлай кетті, ішкілікке қызара бөрткен қатындар мен мұжықтар тобы бұған мәз боп қарқылдасып жатыр. Ал Калганов үстіне лас бірдеңені жұқтырғандай жеркене қараған еді. "Бұның бәрі, мына халықтық көрініс нас мақұлықтың ісі, — деді ол шегіне беріп, — олардың жазғытұрғы ойындарының сиқы, бұл, күннің көзін жазғы түнге түгел жетсін деп сақтаған түрлері". Бірақ оған бір жолаушы мырзаның қыздарды қалай тергегені туралы бидің ширақ ырғағымен лекілдете айтылған "жаңа" әннің сөзі әсіресе ұнамаған еді:
Мырзасы тергейді қыздарды,
Сүйе ме деп, әлде сүймей ме?
Алайда, қыздар мырзаны сүйе алмайтын секілді:
Соқса да жаныма батыра,
Сүйе алмаспын мен оны.
Сонан соң сыған (сыған деп айтылған) келе жатады, ол да:
Сыған тергейді қыздарды,
Сүйе ме деп, әлде сүймей ме?
Алайда қыздар сығанды да сүймейді,
Сыған жүрсе ұрлықпен,
Қайғы жермін қорлықпен.
Сөйтіп, қыздарды осылай азапқа салған көптеген адамдар, тіпті солдаттар да өтеді:
Солдат тергейді қыздарды,
Сүйе ме деп, әлде сүймей ме?
Алайда қыздар солдатты да жек көріп, жолатпайды:
Аркалар жолқабы солдаттың,
Сөмпеңдеймін соңынан мен оның...
Көп нүктенің орнындағы нағыз әдепсіз сөздер бүкпесіз айтылғанда, тыңдаушы жұрт аң-таң боп ауыздарын ашып қалды.
Істің ақыры көпеспен бітеді:
Көпес тергейді қыздарды,
Сүйе ме деп, әлде сүймей ме?
Қыздар көпесті өте жақсы көретін боп шығады, өйткені
Сауда қылар көпесі,
Мен болармын көкесі.
Калганов тіпті ыза болған.
— Мүлде ескірген өлең ғой бұл, — деді ол дауыстап, — осындай өлеңді кім шығарады екен бұларға! Теміржолшының немесе жөйттің келіп, сүйесің бе, сүймейсің бе деп тергеуі ғана қалған енді: бұлар бәрін жеңіп шығар еді. — Сонан соң, ол реніш білдіріп, жалығып біткенін айтып, диванға барып отырғанда лезде қалғып кеткен. Ол диванда басын шалқайтып отырған еді, сүйкімді ажары сәл солғындау көрінді.
— Ана қарашы, жүзі қандай сүйкімді, — деді Грушенька оның жанына Митяны ертіп барып, — бағана мен оның шашын тарап едім, ақсары қалың шашы жібектей екен... Сонан соң, іші-бауыры елжіреген Грушенька оның маңдайынан сүйді. Калганов лезде көзін ашып, бір қарады да, қатты сасқалақтап: Максимов қайда? — деп сұрады көтеріле беріп.
— Саған басқа ешкім керек емес екен ғой, — деп күлді Грушенька, — менің жанымда бір минут отыра тұр. Митя, Максимовты шақырып әкелші маған.
Максимов оқта-текте өзіне бір рөмке ликер құйып алғаны болмаса, қыздардан оншама ұзамапты, ал шоколадтың екі шәшкесін ішіп үлгерген. Жүзі күреңітіп, мұрны қызарып, көздері дымдана жәудіреп кеткен. Жүгіре басып жетіп келген шал қазір "бір әдемі әуеннің ырғағымен" саботьера биін билегісі келетінін айтты.
— Ақсүйек қауымның осы бір өнегелі билерінің бәріне мені қаршадай бала кезімнен үйретіп еді...
— Онда бара қойыңыз, Митя, сен де бірге бар онымен, мен оның қалай билейтінін осы арадан көріп отырайын.
— Мен де барайын, менің де көргім келеді, — Грушеньканың жанымда отыра тұр деген еркеназын Калганов аңғал басымен елеусіз қалдырды. Сөйтіп, бәрі биді қызықтауға кетті. Максимов әлгі айтқан биін шынында да билеп шықты, әйтсе де, Митядан өзге ешкімге де ерекше әсер ете қойған жоқ. Би дегені — екі аяқты табандарын көрсете екі жаққа қайырып секектей беру ғана, Максимов осылай секірген сайын алақанымен етігінің табанын шарт-шұрт соққылай берген. Калгановқа би мүлде ұнамады, ал Митя тіпті оның бетінен бір сүйіп алды.
— Ал, рахмет, шаршаған шығарсың, неге қарай қалдың: кәмпит жегің келді ме, а? Әлде шылым тартқың келе ме?
— Папиросың жоқ па?
— Бірдеңе ішкің келмей ме?
— Жаңа ликер ішкем... Сізде шоколад кәмпит бар ма еді?
— Әне үстелде үйіліп жатыр ғой, қойдан жуас, момыным-ау! Содан қалағаныңды ала бермеймісің!
— Жоғ-а, мен әлгі, ванилі барын... әлгі шалдарға лайықтысын... Хи-хи!
— Жоқ, ағайын, ондай ерекше кәмпитім жоқ.
— Бір сөз айтайын ба! — шал еңкейіп, Митяның құлағына кенет аузын тақады, — анау қызды қарашы, Марьюшканы айтам, егер рақымыңыз түсіп, рұқсат етсеңіз мен сол қызбен танысайыншы...
— Мынаның дәмесін қара! Жоқ, ағайын, тантып барасың.
— Мен ешкімге қысастық қылмаймын ғой, — деп сыбырлады Максимов жабығып.
— Жарайды, мақұл, мақұл. Мұнда, ағайын, би билейді, ән салады, әйтсе де, мейлі! Тоқтай тұршы... Әзірше кәмпит же, шарап іш. Ақша керек емес пе?
— Кейін бересіз, — деді Максимов жымия күліп.
— Мақұл, мақұл...
Митяның басы күйіп-жанып бара жатқан. Ол ашық сенекке — аула жақтан үйдің қабырғасына жапсыра салынған ағаш галереяға шықты. Самал ауа оны сергітіп жіберген еді. Қараңғы бұрышта жалғыз өзі тұрған ол бір кезде басын қос қолдап ұстай алды. Оның
бытыраңқы ойлары шоғырланып, сезімдері біртұтас бірігіп, барлығы жинала келіп бір сәуле түсірген-ді. Сұмдық, қорқынышты сәуле! Оған: "Егер атылып өлу керек болса, бұдан артық қолайлы сәт болуы мүмкін бе?" — деген ой сап ете түскен. — Үйден, тапаншаны алып шығып, осы лас, қараңғы түкпірде шүріппені басып қалса, бәрі бітпей ме". Ол тартыншақтап бір минуттай тұрды. Бағана, осында жеткенше жан ұшырғанында, масқара ұят қылығы, істеген ұрлығы, төгілген қан, біреудің қаны оның артында қалған!.. Алайда, онда мұның бәрі оған оңай болған, о, әлде қайда оңай болған! Өйткені онда бәрі құрып біткен: ол Грушеньканы жоғалтқан, одан айрылып қалған, енді жоқ-ты, о, онда өзіне-өзі үкім шығару оған оңай болған еді, тым құрығанда бұл оған лажсыз, қажет нәрсе секілді көрінген, өйткені ол үшін енді жер басып жүрудің қандай мәні бар? Ал енді ше! Енді жағдай өзгеше емес пе? Енді тым құрығанда бір қорқынышты құбыжықтың көзі жойылды: оның әлгі "бұрынғы" жігіті, әлгі тағдыр тағы айдап әкелген адамы көзден ғайып болды, тіпті артында ізі де қалған жоқ. Ол кенеттен кісі күлерлік, күйкі бірдеңеге айналып кете барды; оны көтеріп алып, жатын бөлмеге апарып қамап, сыртынан құлыптап қойды. Ол еш уақытта кайта оралмайды. Грушенька ұялып отыр, оның кімді сүйетінін бұл көзінен-ақ анық сезеді. Енді өмірдің қызығын көруге ешбір бөгет жоқ... Бірақ, амал бар ма, бұл өмір сүре алмайды, бұған мұршасы келмейді, о опасыз жалған! "О, тәңірім, дуалдың түбінде жатқан шалдың жанын сақтай гөр! Осы сұмдық қатеріңнен қағыс қыла гөр мені! Мендей күнәкарлардың талайына небір ғажайыптарды істеп едің ғой! Алда-жалда шал тірі қалса ше, онда не қылам? О, онда өзге масқара ұяттың бәрін жуу қолымнан келеді, ұрлаған ақшаны қайтарамын, жерден қазсам да тауып беремін... Көкіректе шемен боп қатқаны болмаса, масқаралықтың ізі де қалмайды! Алайда, жоқ, жоқ, күйрек жанды
жасықтың бос қиялы бұл! О, опасыз жалған! Әйтсе де, Митяға қараңғы түнде бір жарқын үміттің сәулесі жарқ еткендей болған еді. Ол тұрған жерінен қайтадан ішке ұмтылды — соған, тағы да Грушенькасына, ғұмырлық ғашық жарына баруы керек! "Қалған өмірімді тірі масқара болып өткізсем де, оның бір сағаттық, бір минуттық махаббатына не жетеді?" Осы бір тосын сауал оның жүрегін билеп алған. "Маған тек сол, жалғыз сол ғана керек, соның ақ жүзін көріп, лебізін тыңдап отырсам болды, басқа ештеңені ойламаймын, бір түнге, бір сағатқа, бір сәтке болса да бәрін ұмытамын!" Галереядан сенекке кіре берісте Митя қожайынмен қарсы кездесіп қалды. Трифон Борисычтың қабағы түсіп кеткен, жүзінен бір уайым сезіледі, мұны іздеп келе ме қалай.
— Не, Борисыч, мені іздеп жүрген жоқсың ба?
— Жо-жоқ, — деді қожайын сасқалақтап қалғандай, — сізді іздеп қайтем? А сіз... қайда болдыңыз?
— Тұнжырап жүргенің не? Ашуланған жоқпысың? Тоса тұр, көп кешікпей ұйықтайсың... Сағат қанша екен?
— Үшті соққан шығар. Төртке кетуі де мүмкін.
— Тамамдаймыз, аяқтаймыз қазір.
— О не дегеніңіз, оқасы жоқ. Отыра беріңіздер...
Митя: "Бұған не болған?" — деп ойлады да, қыздар билеп жүрген бөлмеге барды. Алайда, Грушенька онда жоқ екен. Ол көгілжім бөлмеде де болмай шықты; диванда Калганов қана отыр ұйықтап. Митя шымылдықтың ішіне басын сұғып қарап еді — содан табылды. Грушенька бұрыш жақтағы сандықтың үстінде, таяу тұрған кереуеттің аркалығына қолымен сүйеніп, ешкім естімесін деп өксіген дыбысын шығармай, еңкейіп жылап отыр екен. Митяны көргесін Грушенька оны ымдап шақырып, ол жүгіріп қасына келгенде қолынан ұстай алды.
— Митя, Митя, мен оны шынында да сүйген едім — деді ол сыбырлап, — осы өткен бес жыл бойы сүйгемін! Әйтсе де, оны сүйдім бе екен, әлде тек ішімді өртеген ыза-кегіме сүйсіндім бе? Жоқ, мен оны сүйгемін! Ойхой дүние-ай! Өтірік айтам, мен оны сүйгем жоқ, іштегі ыза-кегіме ғана сүйсінгемін! Митя, онда мен не бары он жетіде едім ғой, онда ол менің іші-бауырымнан өтіп, керемет көңілді болған, маған арнап ән салған... Әлде ақылы толмаған мендей шошақайға солай көрінді ме екен... Ал қазір ол, құдай сақтасын, мүлде өзге кісі, әсте ол емес. Қияпаты да ұқсамайды, тіпті бейтаныс біреу. Мен оны тіпті танымай да қалдым. Тимофеймен осында келе жатып, жол бойы: "Оны көргенде қайтер екем, оған не деймін, бір-бірімізге қалай қарар екенбіз?" — деп ойлап едім. Мен оған жан ұшырып жетсем, ол төбемнен бір шылапшын жуындыны лақ еткізгендей болды. Менің ұстазымдай: оқымыстыша, білгішсіп сөйлескенін қайтерсің, ал маңғазси қарсы алған кезде тіпті не істерге білмедім. Ләм деуге мұршам келсейші. Алғашта ол өзінің анау ұзын тұрасынан қысылатын шығар деп ойлаған едім. Оларға қарап отырып: онымен тілдесуге сөз таба алмайтыным не? — деген ойға қалдым. Білесің бе, оны бүлдірген анада менен қашып кеткесін үйленген әйелі... Танымастай қылған сол. Митя, мұндай масқара болмаспын! Оһ, әбден ұятқа баттым, Митя, оһ, бүкіл өмірім үшін масқара боп біттім ғой мен! Қарғыс атсын сол бес жылды, қарғыс атсын! — Сөйтіп, Грушенька тағы да егіліп жылады, бірақ ол Митяны босатпай, қолынан қысып ұстап алған еді.
— Митя, жарқыным, тоқтай тұршы, кетпеші, саған айтатын сөзім бар еді, — деп сыбырлады ол кенет басын көтеріп, оның бетіне қарап. — Айтшы, мен осы кімді сүйем? Мен осында біреуді сүйемін. Ол кім? Сен маған осыны айтшы. — Грушеньканың жылаудан долырып ісінген бетіне күлкінің табы шыға келіп, қаракөлеңкеде жанары жарқ етті. Бағана осында бір жігіттің сырттаны жетіп келгенде, жүрегім лүп ете қалған еді. Ол: "Ақымақ болмасаң, сенің күйіп-жанатын жігітің осы емес пе", — деп сыбырлағандай болған. Сен кіріп келгеніңде, бәрін нұрландырып жібердің. Мен: "Ол неден қаймығады?" — деп ойладым. Ал сен шынында да үрейленіп, берекең қашып, жөндеп сөйлесе де алмадың. Мен сені аналардан тайсалып тұрмаған болар деп ойладым — біреуден қорқа қоятын сен бе? Дәу де болса, менен, тек қана менен қаймығып тұрған шығар деп түйдім. Бір сәтке болса да Митяны сүйгенім рас, енді басқа біреуге... кетіп барамын деп Алешаға терезеден, қалай айқайлағанымды Феня сен дәлдірге айтты емес пе. Митя, Митя, сенен кейін тағы сүйе алармын деп қандай ақымақ болғанмын! Мені кешіресің бе, Митя? Кешіресің бе, әлде кешірмейсің бе? Мені сүйесің бе? Сүйесің бе? Грушенька атып тұрып, Митяны иығынан ұстай алды. Қуаныштан ләм деуге мұршасы келмеген Митя оның жаудыраған жанары мен күлімсіреген жүзінен көз ала алмады, сонан соң, оны қатты құшақтап алып, шөпілдетіп сүйе бастады.
— Сені азапқа салғанымды кешіресің бе? Мен сендердің бәріңді ызаланғасын азаптандырдым ғой. Ал анау шалды ызаланып қасақана есінен тандырдым... Бір жолы маған келіп шарап ішкенінде бақалды сындырғаның есіңде ме? Соны жадымда сақтап, бүгін мен де шарап ішкен бакалымды сындырдым, "опасыз жүрегім" үшін іштім. Митя, сұңқарым-ау, менің бетімнен неге сүймейсің? Бір-ақ рет сүйдің де қойдың, маған көзіңді сатып, тыңдап отырғанын не... Мені тыңдағанда не тұр дейсің! Онан да тағы бір сүйсеңші, міне былай, құшырлана сүй. Сүйетін болсаң, дұрыстап сүй! Мен енді сенің күңің болуға бармын, өмір бойы күңің боп өтемін! Сүйіктіңе жайылып төсек, бүгіліп жастық болғанға не жетеді!.. Сүйсеңші! Мені ұрсаң да, азаптасаң да, не істесең де мейлің... Тоқта! Кішкене тоса тұр, кейіннен, қазір емес... — Грушенька кенет оны итеріп жіберді. — Бар, кете бер, Митя, менің шарап ішкім келді, мас болғанша сімірейінші бір, қазір мас боп алып билеймін, менің билегім келеді! Сонан соң, Грушенька шымылдықтың бер жағына сытылып шықты. Оның соңынан мас адамша сенделген, Митя да көрінді. "Мейлі, енді не болса ол болсын — онымен бірге өткізген бір минутқа бар әлем садақа!" — деген ой келді оның басына. Грушенька шынында да тағы бір стақан шампанды сіміріп салып еді, лезде қызыңқырап қалды. Ол креслосына, бұрынғы орнына барып отырды. Рақаттана жымиып қояды. Екі беті албыртып, еріндері алаулаған, жалт-жұлт еткен көздері кіртие бастағандай, жанарындағы құштарлық тартып әкетіп барады. Тіпті Калгановтың да жүрегіне шоқ түскендей болды, ол түрегеліп Грушеньканың жанына барды.
— Бағана, диванда ұйықтап отырғаныңда, мен сенің маңдайыңнан сүйіп едім, сезбедің бе? — деп былдырақтады ол Калгановқа.
— Мен мас боп қалдым, міне... Ал сен мас болған жоқсың ба? Митя неге ішпейді? Митя, сен неге ішпейсің, мен іштім, ал сен ішпейсің...
— Мас болайын ба! Мен онсыз да маспын ғой, сені көргесін мас боп қалдым, енді шараптан мас болғым келеді. — Сөйтіп, ол тағы бір стакан шампанды сіміріп салды; өзінің есінде, бұған дейін сап-сау еді, — бұған оның өзі де таңғалған, — енді осы соңғы
стақаннан кейін, тез мас боп қалды. Осы минуттан бастап Митя айналасындағы думандатқан жын-ойнақты аңғармаған. Ол сенделіп жүре берген, күлімсіреп, кез келгенімен сөйлескен, алайда, не істеп не қойғанын өзі де сезбеген. Кейіннен ол шеңгелдей қадалып, дуылдатып тұрып алған бір ғана сезім оның жанына минут сайын "күйдірген көкірегін қызыл шоқтай" батқанын есіне түсірген болатын. Ол Грушеньканың жанына барып отырып, одан көз алмаған, оның аузына телміріп қалған... Грушенька да ділмарсып алған еді, ол жұрттың бәрін жанына шақырып ала берген; Грушенька кенет хордағы қыздардың бірін шақырғанда, ол жетіп келетін, сонан соң ол не қыздың бетінен сүйетін, немесе қолымен шоқындырған соң қайта қоя беретін. Енді бір минуттан кейін өзі жылап жіберетіндей көрінетін еді. Шалсымақ та оны хал-хадірінше көңілдендіріп баққан; Грушенька Максимовті осылай атайтын. Шал қайта-қайта жүгіріп келіп оның қолынан, тіпті "әрбір саусағынан" шөпілдетіп сүйіп жатты, ақырында, ескілікті бір әнге салып, тағы бір биді биледі. Әсіресе әннің мына қайырмасының ырғағына желіге билеген:
Мегежінім хрю-хрю, хрю-хрю,
Қашарым му-му, му-му,
Үйрегім ква-ква, ква-ква,
Қазым га-га, га-га.
Сенекте жүрген тауығым.
Тюрю-рю, рю-рю — деп сөйлейді,
Ай, ай, солай деп сөйлейді!
— Ананың алақанына бірдеңе қыстырмаймысың, Митя, — деді Грушенька, — бере салсаңшы, аузы асқа жарымаған бишара емес пе. Аһ, жарымаған, сор маңдайлар!.. Білесің бе, Митя, мен монастырға кетемін. Рас айтам, әйтеуір бір кезде кетпей қоймаймын. Бүгін Алеша маған ғұмыр бақи естен кетпейтін сөздер айтты. Иә... Сондықтан бүгін билеп қалайын. Ертең монастырьға кететін болғандықтан, бүгін билеп қалуым керек. Қайырымды жарандарым-ау, мен бір тентектік істесем қайтеді, онда не тұр, құдай тағала кешіре жатар. Егер мен тәңірі болсам, адамдардың барлығына кешірім жасар ем: "Менің сүйкімді күнәкарларым, бүгіннен бастап бәріңді кешіремін , — дер едім. Мен қазір: "Қайырымды жарандарым-ау, мендей ақымақ қатынды кешіре көріңдерші", — деп кешірім сұрауға барамын. Мен бе, мен хайуанмын ғой. Әйтсе де, ғибадат қылғым келеді. Мен пияздың бір тал сабағын создам ғой. Зымиян болсам да, ғибадат қылғым келетінін көрмейсің бе! Митя, мейлі билей берсін, бөгет болма. Бұл жалғанда екі аяқты пенделердің барлығы да, бірі қалмастан абзал жандар. Жарық дүние жақсы ғой. Өзіміз жаман болсақ та, жарық дүние жақсы ғой. Біздер жаман болсақ та жақсымыз, әрі жаманбыз, әрі жақсымыз... Жоқ, айтыңдаршы, мен сіздерге бір сұрақ қояйын, бәрін маған келіңдерші, мен сіздерден бірдеңені сұрайыншы, маған мынаны айтыңдаршы: мен неліктен мұндай жақсымыз? Мен жақсымын ғой, мен тым жақсы емеспін бе... Білдіңдер ме: мен неліктен мұндай жақсымын?
— Грушенька осылай былдырақтай берді және сөйлеген сайын мастығы өрши түсті, ақыры, қазір өзінің билегісі келетінін айтты. Креслосынан тұра беріп еді, шайқалып кетті.
— Митя, маған енді шарап ішкізбеші, сұрасам да — бермеші. Шарап кісінің мазасын алады. Көзің бұлдырап, пеш те, барлығы да шырқ айнала береді. Менің билегім келеді, қалай билейтінімді... менің қандай жақсы, ғажап билейтінімді көрсін бәрі.
Грушенька билеуге шын ниеттенген: ол қалтасынан аппақ бәтес қол орамалын шығарған соң, бір ұшынан оң қолымен ұстап, билеген кезде онымен бұлғамақшы болған-ды. Митя әбігерленіп қалған еді, белгі берілісімен-ақ бидің әнін хормен шырқата жөнелу үшін қыздар да тына қойған. Грушеньканың өзі билемекші екенін білгеннен кейін Максимов қуанғанынан бақырып жіберіп:
Аяғы шидей оның, жоны астаудай,
Құйрығы бір-ақ сүйем, бұратылғақ
— деп әнге салып, оның алдына келіп секектей бастап еді, Грушенька орамалымен сілтеп, оны қуып жіберді:
— Ш-шь! Митя, аналар неге келмей жатыр? Бәрі келсін... көруге. Қамап қойған кісілеріңді де шақыр... Сен оларды неге бекітіп қойдың? Оларға мені билеп жатыр де, менің қалай билейтінімді олар да көрсін...
Масаң Митя алшаң басып есікке барып, жұмырығымен қойғылап іштегі пандарды шақыра бастады.
— Әй пандар... Подвысоцкийлер! Шығыңдар, Грушенька билейін деп жатыр, сендерді шақырады.
— Лайдак! — деп айқайлады іштен пандардың бірі.
— Ал сен подлайдаксың. Сен тәпелтек арамзасың; енді білдің бе кім екеніңді.
— Сіздер Польшаны мазақтауды қойсаңыздар қайтеді, — деді тым қызып қалған Калганов та ақылгөйси сөйлеп.
— Сен балақан, аузыңды жап! Егер мен оған оңбағансың десем, бұл күллі Польшаға айтылған сөз емес. Қаңғырған жалғыз лайдак әлі Польша емес, үніңді шығарма, сүйкімді балақаным, онан да кәмпит же.
— Бұл не! Кісі өсте ме екен. Бұлардың неліктен татуласқысы келмейді? — деді де, Грушенька билеуге шықты. Хор шырқай жөнелді: "Ах сенегім менің, сенегім?" Грушенька басын сәл кекірейтіп алып, жымия күлген күйі қолындағы орамалымен бұлғап қап билей жөнелейін деп еді, кенет қатты шайқалып кетіп, бөлменің ортасында аңырап тұрып қалды.
— Әлсіреп... — деді ол бір түрлі өшіңкіреген үнмен, — кешіріңіздер, қажып қаппын, әлім құрып... Кінәлымын...
Ол әуелі хорға тағзым етті, содан кейін барлық төрт жағына кезек-кезек бұрылып, бас иіп тағзым ете бастады:
— Кінәлымын... Кешіріңіздер...
— Аздап ішіңкіреген ғой, бикеш, ішіңкіреп қойған ғой, сұлу бикеш, — деген дауыстар естілді.
— Мас боп қалды деген осы, — деп түсіндірді хордағы қыздарға қиқылдаған Максимов.
— Митя, мені алып кетші... қолымнан ұсташы, Митя, — деді әлсіреген Грушенька. Митя ұмтыла беріп, оны қолына көтеріп алды да, баға жетпес асылын шымылдық ішіне қарай әкетті. "Менің енді кетуім керек шығар" — деп ойлады Калганов, содан кейін ол көгілжім бөлмеден шыққасын жарма есіктің екі бөлігін де жауып қойды. Алайда, залдағы той-думан одан ары жалғасып, онан сайын қыза түскен еді. Митя Грушеньканы кереуеттің үстіне апарып жатқызған соң, аузынан құшырлана сүйді.
— Мазаламашы... — деп былдырақтады оған Грушенька жалынышты үнмен, — тимеші, әзірше сенікі емеспін... Сендікпін дедім ғой, бірақ сен маған әзірше тиме... аясаңшы... Аналардың көзінше, аналар барда маған тие көрмеші. Ол әлі осында. Мұнда... пасықтық болады.
— Садағаң кетейін! Жаным пида... бас ием саған!.. — деп күбірледі Митя. — Иә, мұнда опасыздық жайлап алған, о, менің жаным түршігеді. — Сөйтіп, ол Грушеньканы құшағынан шығармастан, кереуеттің жанына тізерлеп отыра кетті.
— Мен білем, сен, хайуан болсаң да, ақ жандысың, — деді Грушенька үні әрең шығып, — бәрін адал істейік те... бұдан бұлай адал болайық... біздің адал, мейірімді болғанымыз абзал, қара жүрек болмай, рақымшыл болғанымыз абзал.. Сен мені бір жаққа алып кетші, естимісің, жердің шетіне болса да әкетші мені... Мұнда қалғым келмейді, жан көрмейтін бір қиырға алып кетші...
— О, иә, иә, алып кетемін! — деп Митя оны құшағына қыса түсті, сені мұннан алып кетемін, қарамызды өшіреміз бұл арадан. О, әлгі қызыл ала қанның ақыры не болғанын білуге мен қазір қалған бүкіл өмірімді бір жылға айырбастар едім!
— Ол неғылған қан? — деді түкке түсінбеген Грушенька.
— Жай әншейін! — деп тісін шықырлатты Митя. — Груша, сен ғой менің адалдығымды тілейсің, ал мен — ұрымын. Мен Катьканың ақшасын ұрладым... Масқара, ұят-ай! Катьканың ба? Бикештің деймісің? Жоқ, сен ұрлық қылған жоқсың. Менен ал да, қайтарып бер... Неге айқайлайсың? Енді менің ақшамның бәрі — сенікі. Бізге ақшаның керегі не? Бәрібір шашып бітіреміз. Онан да сен екеуміздің жер айдағанымыз артық. Жерді мына саусақтарыммен тырнап ұқсатқым келеді менің. Естимісің, еңбек ету керек бізге. Алеша солай деп бұйырған. Мен сенің ашынаң емес, адал жұбайың, есігіңдегі күңің болғым келеді, саған жұмыс істеймін. Сен екеуміз бикешке барып, бас иіп тағзым етіп кешірім сұраймыз, сонан соң кетеміз. Кешірмесе және мейлі, бәрібір кетеміз. Сен оған ақшасын қайтарып бер, бірақ мені сүйетін боласың. Оны сүймейсің. Енді оған жоламайсың. Егер оны сүйетін болсаң, мен оны қылғындырып өлтірем... Оның екі көзін
инемен шұқып алам...
— Мен сені, тек бір өзіңді ғана сүйемін, мен сені Сібірде де сүйетін боламын.
— Сібірің не? Жарайды, Сібірге әкетсең де мейлің, сонда-ақ әкет, маған бәрібір... жұмыс істейміз... Сібірде қар жауады. Мен шанамен қарды шықырлатып зымыратқанды ұнатамын... қоңырау шылдырлайтын болсын... Естимісің, әне қоңырау шылдырлайды... Қоңырау даусы қай жақтан шығады? Біреулер келе жатыр... міне қоңыраудың шылдыры да басылды. Қалжыраған Грушенька көзін жұмып, бір минутқа қалғып кеткен-ді. Әлде қайдан еміс-еміс естілген қоңырау шылдыры кенет басыла қалған еді. Митя еңкейіп, басын оның кеудесіне қойған. Ол қоңыраудың үні қалай өшкенін аңғармағаны былай тұрсын, тіпті шырқалған әннің де кілт үзіліп, мастардың даурығысқан дауыстары да су сепкендей басылып, үй іші құлақ кескендей жым-жырт бола қалғанын да сезбеген еді. Бір кезде Грушенька көзін ашты.
— Не, мен қалғып кеттім бе? Иә... қоңырау... Көзім ілінгенде бір түс көргенім, айдалада келе жатыр екем... аппақ кар... қоңыраудың шылдырына бойым балқып, қалғып келеді екем деймін. Сүйіктім, сен қасымда екенсің. Алыс сапарға аттаныппыз... Сені құшақтап, қайта-қайта сүйе береді екенмін, денем тоңазығасын сенің бауырыңа жабысып алыппын, шықырлаған қар жарқырап жатыр. Білесің бе, түнгі аспанда ай, жерде қар жарқыраған сәтте тіпті қайда келе жатқаныңды да ажырата алмайды екенсің... Ояна келсем, сен жанымдасың, қандай ғажап...
— Сені неге тастайын, — деп күбірледі Митя, оның көйлегінен, кеудесінен, қолынан сүйіп жатып. Сонсоң, ол Грушеньканың маған, менің бетіме қарамай, басымнан асыра, алдыңғы жаққа таңдана көз салғаны несі деп аң-таң болды. Кенет Грушеньканың жүзінен үрейге бергісіз таңырқағандық сезіле қалды.
— Митя, ана жақтан бізге қарап тұрған кім? — деп сыбырлады кенеттен ол Митя бұрылып еді, шынында да, біреу шымылдықты ысырып жіберіп, бұларға қарап тұр екен. Сонсоң, жалғыз емес секілді. Митя түрегеліп, қарап тұрған кісіге ұмтылды.
— Мында, бері қарай келіңіздер. — Даусы ақырын шыққанмен, бекем де бұйырған біреудің үні естілді Митяға. Митя шымылдықтың ішінен шыққан бойда мелшиіп тұрып қалды. Бөлме адамға лық толған, бірақ, бағанағылар емес, мүлде өзге біреулер, арқасы мұздап қоя берген ол селк ете түсті. Митя мына кісілердің бәрін бірден-ақ таныды. Мынау үстіне пальто, басына кокардалы фуражка киген ұзын бойлы, жуан шал — исправник, Михаил Макарыч. Ал "етігін жып-жылтыр ғып тазартып жүретін", анау "шілбиген" мұнтаздай сәнқой — прокурордың орынбасары. "Оның төрт жүз сомдық хронометрі бар, маған көрсеткен". Мына бір көзілдірікті, тәпелтек, жас жігіт... Аты-жөнін ұмытып тұрғаны, бірақ Митя, оны да біледі, бірде көргені бар: бұл тергеуші, сот тергеушісі, жуырда келген "құқықтану маманы". Ал мынау — становой, Маврикий Маврикич, мұны ол жақсы біледі, таныс кісі. Омырауына жылтыраған темір таққан мына біреулер кімдер екен, оларға не керек? Тағы екі адам бар, мұжықтар... Босаға жақта Калганов пен Трифон Борисыч тұр...
— Мырзалар... Сіздердің бұларың не, мырзалар? — деп міңгірледі Митя; бірақ, содан кейін апшысы қуырылып өзін-өзі ұстай алмаған ол бар даусымен:
— Түсіндім! — деп айқайлап жіберді.
Көзілдірікті жас жігіт тез алға қарай шығып, Митяға жақындап кеп маңғазсып тұрғанымен, аздап абыржыңқырай сөйлеген:
— Біздің сізбен... Қысқасы, мен сіздің мында, мына жерге, диванға келіп отыруыңызды өтінемін... Сізбен жауаптасуымыз өте-мөте қажет боп тұрғасын.
— Шал ғой! — деп баж етті қайтерін білмей сасқалақтаған Митя, — шалдың өлімін маған жаппақсыңдар ғой!.. Тү-сін-дім!
Сонсоң, ол қасындағы орындыққа, бейне тобығынан қаққандай, сылқ ете түсті.
— А, түсіндім деймісің? Енді түсіндің ғой? Сен оңбаған туған әкеңе қол көтерген жауызсың, қартайған әкеңнің қаны жібере қоймас сені! — деп зіркілдей жөнелді Митяға төніп келген исправник шал. Ашу қысқан исправник бет-жүзі от боп жанып, қалшылдап
кеткен еді.
— Жоқ, бүйтудің қажеті жоқ! — деді тәпелтек жас жігіт. — Михаил Макарыч, Михаил Макарыч, Михаил Макарыч! Бұлай зіркілдеудің ешбір реті жоқ!.. Онымен менің сөйлесуіме мұрсат етіңізші... Сізді бүйтеді деген ой менің қаперіме де кірмеген еді...
— Бірақ, оның мына қылығына менің тіпті миым жетпейді, мырзалар, миым жетпейді! — деп бажылдай берді исправник, — өздерің анаған қараңдаршы: әкесінің қанға боялып жатқаны анау, ал бұл мұнда жеті түнде мас боп алып, бұзылған қыздың қойнында жатыр... Бұл не сұмдық! Сұмдық қой бұл!
— Қадірменді Михаил Макарыч, мен сізден қатты өтінем, тым болмаса осы жолы, ашу шақырмаңызшы, әйтпесе мен... — деп сыбыр еткен болды шалға прокурордың орынбасары. Алайда, тәпелтек тергеуші оның сөзін аяқтатпады; ол Митяға қарап тұрып бекемдеп, естірте, нығарлай былай деді:
— Әскери қызметтен кеткен поручик Карамазов мырза, мен сізге бүгін түнде әкеңіз Федор Павлович Карамазовті өлтіргеніңіз үшін айыпталатыныңызды хабарлауға тиістімін...
Ол тағы да бірдеңе деген, прокурор да қосарлана бірдеңе деп жатқан еді, бірақ, Митя олардың сөзін естігенмен, енді түк те ұқпаған. Жұрттың бәріне ол ожырая қараған еді...
ТОҒЫЗЫНШЫ КIТАП
АЛДЫН АЛА ТЕРГЕУ
I
ШЕНЕУНІК ПЕРХОТИННІҢ МАНСАБЫ
Петр Ильич Перхотиннің Морозова деген көпес әйелдің жабық тұрған берік қақпасын қалай қатты тарсылдата бастағанын бағана айтып едік қой; ол ақыры ашқызбай қоймаған. Осыдан екі сағат қана бұрын жаман қорыққан соң, әлі де абыржып, әр түрлі "ойлардан" елегізген Феня төсекке қисая алмаған еді, енді тағы біреу келіп қақпаны сындыра жаздағанын естігенде оның онан бетер зәресі ұшқан: ол Дмитрий Федорович қайтып келіп, тағы да тарсылдатып тұрған шығар (оның қалай аттанып кеткенін өз көзімен көрсе де) деп ойлады, өйткені одан басқа тірі пенде тап бұлай "өршелене" тарсылдатпайтынын ол білетін. Далаға шыққан аулашының қақпа жаққа кеткенін көрген соң, Феня оның соңынан жүгіріп барып, аша көрмеші деп құлдық ұрды. Алайда аулашы келген кісінің кім екенін сұрап біліп, оның Федосья Марковнамен сөйлесетін аса тығыз шаруасы барын естігесін, ақыры, қақпаны ашуға ұйғарды. Петр Ильич бізге белгілі ас үйге кіргеннен кейін Федосья Марковна "күдік тумауы үшін" оған аулашы да кірсе қайтеді деген; Петр Ильич сұрастыра бастап еді, ең басты оқиғаның дәл үстінен түсті: яки Дмитрий Федорович Грушеньканы іздеуге шығарда келіде тұрған келсапты ала кеткен де, қайта оралғанында келсапты әкелмеген, бірақ екі қолы қан-қан екен: "Оның саусақтарынан қып-қызыл қанның қалай тамшылап тұрғанын керсеңіз ғой!" — деп тамсанған Феня; оның бұл айтқаны, тегі, қорыққанға қос көрінетіннің кері болса керек. Өйткені онда оның қан-қан қолын Петр Ильичтің өзі де көрген, бірақ қан тамшылап тұрған жоқ-ты, оның қолын жууына өзі жәрдемдескен, сонсоң мәселе қанның тез кепкен-кеппегенінде емес, ал Дмитрий Федоровичтің келсапты алып қайда кеткендігінде, яки Федор Павловичтікіне анық барған-бармағандығына және де бұлай деп батыл тұжырымдауға негіз бар ма екендігінде болатын. Петр Ильич осы болжамына шұқшия түскен, бірақ, мұның нәтижесінде ештеңені анықтай алмағанмен, ол Дмитрий Федоровичтің әкесінің үйінен басқа ешқайда баруы мүмкін емес, демек, ол үйде қалай да бірдеңе болуға тиісті ғой деген байламға келген. "Ол қайта оралғанда, бағана оны өтірік айтып шығарып салғанымды мойындаған соң: көкетай Дмитрий Федорович, екі қолыңыз бірдей қан ғой?" — деп сұрағанымда, ол: бұл адам қаны, мен осы келгенде біреудің қанын мойныма жүк қып келіп тұрмын деп жауап берді, "оның өзі солай деді, менің алдымда барлық күнәсын мойындап қапаланды, сосын есі ауысқан адамша жүгіріп шығып кетті, — деді абыржыған Феня тағы да. Мен отырып, ойға баттым: "жын қуғандай тағы қайда кетті екен? Мокроеға барып, әлгі бикешті жазым қылар деп те ойладым. Аяғына жығылып, бикешке тие кермеші деп жалынбақшы боп оның пәтеріне жүгіріп едім, Плотниковтардың дүкені алдынан жүріп кеткелі жатқанын көрдім, онда қолы қан емес-ті"' (Феня мұны байқап, жадында сақтапты). Кемпір де, Феняның әжесі, немересінің барлық жауабын қал-қадерінше растай жатыр. Петр Ильич тағы бірдеңелерді сұрап білгеннен кейін осында кіргендегісінен әлдеқайда мазасызданып қатты әбігерленіп шықты. Петр Ильичтің кәміл сенімі бойынша, оған енді тұпа-тура Федор Павловичтікіне барып, онда бәрінің аман-саулығын анықтаудан, ал егер бірдеңе бола қалса, нақ не болғанын білуден, исправникке тек осыдан кейін, істің мән-жайына әбден қаныққасын ғана барғаннан артық дұрыс, тете жол жоқ-ты. Алайда түн болса қараңғы, ал Федор Павловичтің қақпасы тастай берік, демек, тағы да тарсылдату керек, бұған тәуекел етуге оның шалмен таныстығы шамалы — жә, ол тіпті үйдегілерді оята алды делік, оған қақпаны да ашсын, бірақ шыбық тиген ешкім жоқ боп шығады, сонда бұл қайтеді — келекеге жаны құмар Федор Павлович ертеңіне-ақ Перхотин деген бір бейтаныс шенеунік түн ортасында үйіме келіп, төсектен оятып алып: сізді біреу-міреу өлтіріп кеткен жоқ па? — деп сұрады деген анекдотты бүкіл шаһарға таратпай ма, қып-қызыл жанжал ғой бұл! Ал Петр Ильичтің бәрінен де осы жанжал деген бәледен аза бойы тік тұрады. Әйтсе де, оны еліктірген сезім тым күшті еді, сол себепті ол жерді ызалана бір теуіп, өзін-өзі тағы бір қыжыртқаннан кейін дереу жаңа бір амалға бас қойды, бірақ, ол енді Федор Павловичтікіне емес, Хохлакова ханымның үйіне бет түзеуге бекінген. Ол былай топшылаған еді: сіз бағана, пәлен сағатта, Дмитрий Федоровичке үш мың сом ақша бердіңіз бе? — деген сауалға Хохлакова ханым: мен оған ақша берген жоқпын деп жауап берсе, онда бұл, Федор Павловичке соқпастан, тұпа-тура исправникке барады; ал егер ақша бердім десе, онда бұл істі ертеңге қалдырады да, үйіне қайтады. Бұл арада, әрине, жас жігіттің мүлде бейтаныс ақсүйек ханымның үйіне түнгі сағат он бірде жетіп барып, мән-жайы таңғаларлық бір ғана сауал қою үшін оны тіпті, бәлкім, жылы төсегінен де тұрғызуға ниеттенген ожарлығынан туатын жанжалмен салыстырғанда Федор Павловичке барғаннан болатын жанжал түк еместігі түсінікті еді. Алайда кейде, әсіресе осы сықылды жағдайларда, тіпті көргенінен жазбайтын және нағыз
болбыр адамдардың да осындай оқыс шешімге тәуекел ететіні бола береді. Ал Петр Ильич сол минутта әсте болбыр боз өкпе емес-ті! Оның бойын біртіндеп билеп алған бір ғаламат мазасыздықтың, ақыры, оны жан азабына салып, тіпті ырқынан тыс еліктіріп әкеткенін Петр Ильич кейіннен өмір бойы есіне алып жүрген. Сол ханымдікіне бара жатқаны үшін ол өзін-өзі жол бойы сөккен, әлбетте, бірақ "бұл істің түбіне жетпей тынбаймын!" — деп тісін қайрап, сан мәрте қайталап айтып, айтқанын орындаған, ісін ақырына дейін жеткізген. Ол Хохлакова ханымның табалдырығынан аттағанда сағат дәл он бір болатын. Оны аулаға кідіріссіз жіберген еді, алайда: ханым жатып қалды ма, әлде әлі жатқан жоқ па? — деген сауалға — аулашы әдетте бұл уақытта ұйықтауға жататын еді дегеннен басқа, анық ештеңе дей алмады. "Анда, жоғарыға көтерілгесін, айтасыз ғой; қаласа — қабылдайды, қаламаса — қабылдамайды". Петр Ильич жоғарыға көтерілді, бірақ мұнда іс қиындай түсті. Малай қасарып тұрып алды, сонсоң, ақыры, қызметші қызды шақырды. Петр Ильич одан ханымға Перхотин деген бір шенеунік келіп тұр, өте тығыз шаруасы бар екен, егер сондай маңызды іс болмаса, сізді әсте мазаламас еді деп айтуды сыпайылап, бірақ дәйектей өтінді - "нақ осы сөзімді айнытпастан жеткізіңіз" — деді ол қызға. Қыз кетіп қалды. Ол ауыз үйде күтіп тұрды. Хохлакова ханым өзінің жатын бөлмесінде отырған, бірақ әлі жата қоймаған еді. Бағана Митя келіп кеткеннен кейін оның көңілі әлем-жәлем болған, сол себепті енді түні бойы басының сақинасы ұстайтынын уайымдап отырған-ды. Қыздың хабарын естіп таңғалғасын ол, танымайтын "осындағы бір шенеуніктің" осыншама кеш жүргендігі оның ұрғашыға тән әуесқойлығын қытықтағанмен, қабылдамаймын деп кіржің еткен-ді. Алайда, Петр Ильич те бұл жолы қашырдан кем қарыспады: қабылдамайды дегенді естіген соң, ол қыздан оған қайта барып айтуды, "дәл осы сөздерімді айнытпай жеткіз", "өте-мөте маңызды шаруамен келдім, егер оны қазір қабылдамаса, соңынан, мүмкін, өзі өкініп жүрер деп айтты" — деңіз деп түбетектей өтінді. Оның өзі кейіннен: "Мен онда бейне жардан құлағандай болып едім", — деп әңгімелеген. Петр Ильичті бастан-аяқ көзімен шолып таңырқаған қызметші қыз екінші рет барып айтуға кетті. Хохлакова ханым таң-тамаша болып, ойланып қалды, сосын жігіттің түр-тұлғасы қандай деп сұрастырып, "тым жақсы киінген, жас жігіт, өте сыпайы" екенін естіп білді. Петр Ильичтің бір көрерге сұлу жігіт екенін, мұны оның өзі білетінін реті келгесін жақша ішінде ескерте кетелік. Хохлакова ханым қабылдамақшы болды. Ол үйде киетін халатын да, аяғына туфлясын киіп отырған, енді тек иығына қара шәлісін жамыла салды. "Шенеунікті" бағана Митяны қабылдаған қонақ үйге шақырды. Бикесі мейманмен сөйлесуге сұраулы суық раймен шығып, жоғарылатыңыз деместен де, тура "Қандай шаруаңыз бар еді?" — деген сауалдан бастады.
— Ханым, осынша кеш келіп мазалағанда, сізбен ортақ танысымыз Дмитрий Федорович Карамазов жөнінде сөйлесейін деп едім.
Мейманның аузынан Митяның аты шыға бергенде-ақ ханымның жүзінен қатты шамданғандығы сезіліп қалды. Баж ете түсе жаздаған ол Петр Ильичтің сөзін ызалана үзіп тастады.
— Мені қашанғы азаптай бермексіңдер сол жексұрынды алдыма көлденең тартып? — деп зірк етті ол терісіне сыймай. — Қадірменді мырза, бұған қалай дәтіңіз барды, жеті түнде танымайтын-білмейтін ханымның үйіне келіп, оның мазасын алуға сіздің қалай ғана батылдығыңыз жетті... Және де дәл осы қонақ үйде, не бары үш сағат бұрын, мені өлтіруге келген, аяғымен еденді тепкілеп, инабатты үйдің есігін қатты серпіп кеткен адам жөнінде менімен сөйлеспек боласыз. Біліп қойыңыз, қадірменді мырза, мен сіздің үстіңізден шағым етемін, мен сіздің бұл қылығыңызды кешірмеймін, онан да қазір жөніңізді табыңыз... Мен анамын, мен қазір... мен... мен...
— Өлтіремін деді ме? Ол сізді де өлтірмекші болды ма?
— Немене, ол біреуді өлтіріп те үлгерді ме? — деп сұрады Хохлакова ханым жұлып алғандай.
— Ханым, егер жарым минут құлақ салсаңыз, сізге бірер сөзбен бәрін түсіндіріп берейін, — деп бекем жауаптады Перхотин. — Бүгін, түстең кейін сағат бесте, Карамазов мырза менен, жолдастық жөнмен, он сом қарызға алған болатын, мен оның ақшасы жоғын анық білемін, сонсоң кешкі сағат тоғызда ол маған қайта келді, шамасы екі мың ба, әлде үш мың ба, жүз сомдықтардың бір будасын қолына жұмарлап ұстап апты. Екі қолы, бет-аузы қанға боялған, өзі есінен танған кісідей көрінді. Осыншама ақшаны қайдан алдың деп сұрап едім, әлгінде ғана сізден алдым деді, алтын кенішіне бар деп қарызға берді деді...
Хохлакова ханымның кенет өңі бұзылып, зәресі ұшып кетті.
— Құдай сақтай гөр! Ол өзінің кәрі әкесін өлтірген ғой онда! — деп бақырып жіберді екі қолын төбесіне көтеріп. — Мен оған ешқандай ақша берген жоқпын, ешқандай! О, жүгіріңдер, сол үйге тез жетіңіздер!.. Енді айтпай-ақ қой! Ана сорлы шалды ажалдан арашалаңдар, оның әкесіне барыңдар, жүгіріңдер!
— Ғапу етіңіз, ханым, сонымен, сіз оған ақша берген жоқсыз ғой? Оған бір тиын да ақша бермегеніңіз анық есіңізде ме?
— Бергем жоқ, бергем жоқ! Мен оған ақша бере алмаймын дедім, өйткені ол ақшаны құндай білмейді. Ол бұлан-талан боп, еденді тепкіледі. Тіпті маған дүрсе қоя берді, әйтеуір жалт беріп үлгергенім... Сіздің енді ештеңені жасырудың жөні жоқ шығар, сондықтан тағы бірдеңені айтайын, ол менің бетіме түкірді ғой, оған не қыларсың? Әйтсе де, неге түрегеп тұрмыз? Аһ, отырсаңызшы... Ғапу етіңіз, мен... Жоқ, онан да барыңыз, сізге тез жету керек, анау сорлы шалды сұмдық өлімнен құтқарғаныңыз жөн!
— Егер оны өлтіріп тастаса, не істей алам мен?
— Аһ, тәңірім-ау, солай екен ғой? Енді не істедік? Сіз қалай ойлайсыз, енді не қылу керек?
Сонан соң ол Петр Ильичті отырғызды да, оның қасына өзі жайғасты. Петр Ильич оған болған оқиғаны, әсіресе бүгін өз көзімен көрген жайттарды қысқаша, бірақ, айтарлықтай айқын баяндап берді, бүгін Феняға барғанын және келсап жөнінде естігенін де жасырған жоқ. Осының бәрінен кейін мүлде дегбірсізденген ханым әлсін-әлі шошынып, қолымен көзін жаба берген еді.
— Нанасыз ба, мұның бәрін мен алдын ала сезгенмін! Менің көріпкелім бар, бірдеңені көзіме елестетсем-ақ болды, орындалмай қоймайды. Сол сұмырай көзіме түскен сайын: түбінде мені өлтіріп тынатын жаугер ғой мынау деп талай рет ойлағамын. Енді міне дәл солай болып та шықты. Яки, егер ол бүгін мені жәукемдемей, өзінің әкесіне қол көтерсе, бұл маған дәремет қылған тәңірінің жазғаны шығар, сонсоң оның тіпті мені өлтіруге дәті де бармас еді, өйткені мен осында, тап осы арада тұрып, оның мойнына азапкер-Варвараның бармақтай бейнесін өз қолымнан ілген болатынмын... Дәл сол минутта неғып құдай сақтағанын білмеймін, мен оған тым жақын бардым ғой, ол маған мойнын созып, тақалап тұрған! Білесіз бе, Петр Ильич (ғапу етіңіз, сіздің атыңыз Петр Ильич емес пе, солай деп едіңіз ғой)... білесіз бе, мен ғажайыпқа сенбеймін, әйтсе де, әлгі бейне-суреттің мені ажалдан қағыс қылғандығы көкейімнен кетпейді — бұған қалай ғажаптанбассың, енді қайтадан не болса соған сене бастаған секілдімін. Сіз Зосим пірәдар жайында бірдеңе естіген жоқсыз ба? Әйтсе де, не деп кеттім... Қайтерсің, ол әулиенің бейнесін мойнына салып тұрып, менің бетіме түкірді емес пе... Әлбетте, түкірді де тынды, сонысына да тәубе, жәукемдей салса қайтер едім... енді қайдан бір-ақ шыққанын қараңызшы! Алайда, сіз қалай ойлайсыз, біз не істейміз, қайда барамыз?
Петр Ильич түрегеліп, тұп-тура исправникке барып бәрін баяндайтынын айтты, ар жағын оның өзі шеше жатар.
— Аһ, ол бір тамаша адам, мен Михаил Макаровичті білемін. Қалай да сол кісінің өзіне барыңыз. Сіз тапқыр екенсіз. Петр Ильич, бұны қалай ғана ойлап таптыңыз; білесіз бе, сіздің орныңызда, бұл ой менің қаперіме де кірмес еді!
— Исправниктің жақсы танысы бола тұра, болмашы бірдеңеге ақылым жетпейтін не бопты маған, — деді Петр Ильич; енді өз жөніне кетуіне мұрша келтірмеген адуынды ханыммен тезірек қоштасуға тырысқан ол әлі де түрегеліп тұрған.
— Білесіз бе, білесіз бе, — деп былдырақтады ханым, — анда көрген-білгеніңізді... ненің анықталғанын... оған не істейтінін және қайда соттайтынын маған келіп хабарларсыз. Айтыңызшы, бізде өлім жазасына кесу жоқ емес пе? Бірақ, қалай да келіңіз, тіпті түнгі сағат үш, төрт болса да, тіпті төрт жарым болса да келіңіз... Ұйықтап қалсам оятқызарсыз, егер тұра қоймасам, жұлмаласын... О тоба, менің тіпті көз іле алмауым да ғажап емес. Білесіз бе, ал сізге еріп барсам қайтеді?
— Жо-жоқ, онан да сіздің Дмитрий Федоровичке ешқандай ақша бермегеніңізді растап оз қолыңызбен бірер сөзді сүйкей салғаныңыз артық, кім біледі, керек болып қалуы мүмкін ғой...
— Қазір жазып беремін! — деді лып етіп өзінің биік үстел-бюросына барған Хохлакова ханым. — Білесіз бе, сіз мені таң-тамаша ғып болдыңыз, сіздің тапқырлығыңызға, бұндай іске даңғылдығыңызға таңдана берем... Сіз осында қызметтесіз бе? Сіздің осында қызмет істейтініңіз қандай жақсы болған...
Бұдан кейін ол пошта қағазының жарты парағына мына жолдарды бадырайта тез жазды; "Мен өмірімде еш уақытта, атап айтқанда бүгін бейшара Дмитрий Федорович Карамазовқа (ол енді қалай дегенмен бейшара жан болды ғой) үш мың сомды қарызға берген жоқпын, жалпы мен оған ешқашан басқа да ешқандай ақша берген емен! Осы сөзімнің анықтығына бұл дүниедегі барлық қасиетті атаулымен ант етемін.
Хохлакова".
— Міне сұраған қағазыңыз! — деді ханым Петр Ильичке жалт бұрылып. — Енді барыңыз, құтқарыңыз ана сорлы шалды. Бұл сіздің тарапыңыздан ұлы ерлік болады.
Сөйтіп ханым оны үш мәрте шоқындырды. Тіпті ауыз үйге дейін шығарып та салды.
— Мен сізге дән ризамын! Сіз нанасыз ба, жоқ па, ең алдымен маған келгеніңіз үшін сізге ризалығымды білдіремін. Бұған дейін неғып ұшыраспағанбыз? Біздікіне бұдан былай да келіп тұрсаңыз, мені де әсерлендіріп тастар едіңіз. Сіздің осында қызмет ететініңізді естудің өзі қандай ғанибет... Осындай дөттегіш, тапқырлығыңыз қандай... Бірақ, олар сізді бағалай білуге тиіс, ақырында, олар сізді ұқпай қалмауы керек, менің өз басым, илансаңыз, қолымнан келгеннің бәрін істеуге дайынмын... О, мен жастарды ұнатамын! Оларға ғашықпын тіпті. Жас ұрпақ — біздің қазіргі ғафил Ресейдің түп қазығы, оның бүкіл болашағы... О, барыңыз, барыңыз!
Алайда, Петр Ильич жүгіріп шығып үлгірген, әйтпесе ханым оған әжептәуір ұнамды әсер еткен де, мұның өзі оның осы бір абыройсыз іске бекер-ақ киліккен екенмін деген түйткілін сәл бәсеңдеткендей де болған. Адамдардың талғамы сан алуан, бұл белгілі нәрсе. "Ол тұғырдан онша таймаған, — маған оның қызындай көрінді". Ал егер Хохлакова ханымның өзіне келсек, оған жігіт өте-мөте ұнап қалған-ды. "Бұл заманда жас жігіттің бой-басында сыпайыгершілігі мен қиянаттылығына іскерлігі мен ыждаһаттығының сай келгендігіне қалай сүйсінбессің. Осы күнгі жастар жайында олардың түкке ыңғайы жоқ деп былшылдай береді, мынау соның мысалы" және т.т., т.с.с. Сол себепті ол "сұмдық уақиғаны" тез ұмытқан еді, тек басы жастыққа тигесін бағана "неғып құдай сақтағанын" қайтадан есіне түсіргесін ғана: "Аһ, құдай сақтай гөр, сұмдық қой бұл!" — деп күбірлеген. Бірақ, ол тез қаннен-қаперсіз, тәтті ұйқыға кеткен еді. Әйтсе де, егер жас шенеуніктің әлі тұғырынан таймаған жесірмен бұл баяндалған әдеттен тыс қызық кездесуі кейіннен осынау дәттегіш, ыждаһатты жас жігіттің өмір бойғы мансабының тірегіне айналмаған болса, мен де мұндай ұсақ-түйек, өткінші жайттарды бажайлап жатпас едім; шаһарымызда бұл жайында әлі күнге таңдай қағып тамсанып еске түсіреді, ағайынды Карамазовтар хақындағы ұзақ хикаямызды тамамдағанда, бәлкім, біз де өзіміздің айрықша лебізімізді білдіре жатармыз.
ІІ
ҮРЕЙ
Исправнигіміз Михаил Макарович Макаров надворный советник атағын алып, подполковник дәрежесінде қызметті тастаған жеке басты, кең пейіл адам еді. Бізге осыдан үш-ақ жыл бұрын келсе де, ол барша жұрттың тілектестігіне ие болып алған-ды, ең бастысы, "қауымның басын біріктіре білетін". Үйіне қонақ келмесе алаңдап отыратын, ондай ғажап қонақжай адамды тіпті көрген емеспіз. Оның үйінде, бір-екі кісі болса да, әйтеуір күнде біреулер түстеніп жататын еді, бұл шаңырақта қонақсыз дастарқанға отырмау дәстүрге айналғандай-ды. Әртүрлі себептермен, кейде тіпті болмашы бірдеңені сылтауратып арнайы қонақасы да беріліп жататын. Дастарқандағы жылы-жұмсақ тағамдар, ауыз тұшытар дәмді болмағанмен, аста-төк молдығымен таңғалдыратын, әсіресе
самсаның дәмі ауыздан кетпейтін, пәлендей мақтаулы саналмағанмен, шарап та мол қойылатын. Қабырғаларына ағылшын сәйгүліктерінің қара жиектемедегі суреттеріне дейін ілініп, әжептәуір ғып жасаулаған ауыз бөлмеде биллиард тұратын; ол кезде сыбай-
салтаң адамдардың кез келгенінің биллиард бөлмесі осылай безендірілетін. Күнде кешке тым құрыса бір үстелге сарт та сұрт карта ойнап жататын. Алайда, бұл үйге сары қарын бәйбішелері мен бой жеткен бикештерін ертіп алып, шаһарымыздың бетке ұстар қауымы да би билеуге өте жиі жиналатын еді. Михаил Макарович көптен бері жалғыз басты күн кешсе де, жастай жесір қалған қызы мен екі немересін қолына алып, үйлі-баранды кісіше тұратын. Бой жетіп қалған немерелері жақсы тәлім-тәрбие алып, бір көрерге сияпатты, жайдары боп өскен; шаһарымыздың ақсүйек жел бастары, олардың бай қалыңдық емесін білсе де, атасының үйіне барғыштап жүретін. Михаил Макарович, онша іскер кісі саналмағанмен, өзіне жүктелген міндетті көптеген басқа адамдардан әсте кем атқармайтын. Егер турасын айтсақ, ол білімі өте тайыз, тіпті қолындағы әкімгерлік биліктің шек-шеңберін де айқын түсінбейтін жетесіз адам еді. Қазіргі болып жатқан қайсыбір реформаларды толық түсінбейтіндігі былай тұрсын, оларды пайымдауға келгенде ол кейбір қателер де жіберетін, кейде тіпті сорақы білместік те байқататын және мұның өзі оның қандай да бір масқара қабілетсіздігінен емес, қайта, бірдеңенің мәніне ешқашан да терең үңілмеуінен туатын сұмдық берекесіздігінен болып жататын. "Мырзалар, менің жан дүнием жай азаматтан гөрі әскери адамға көбірек лайық", — дейтін ол өзі жөнінде. Помещик бола тұра, оның тіпті шаруа реформасының нақпа-нақ негіздері жайында әлі күнге түбегейлі, бекем ұғымы да жоқ-ты, мұны ол, былайша айтқанда, білімін ағымдағы істің барысында, лажсыздан жылдан-жылға жетілдіру арқылы ұққан-ды. Петр Ильич бүгінгі кеште Михаил Макаровичтің үйінен дәніккен меймандардың бірін қалай да кездестіретінін анық сезген, тек оның нақ кім болатынын ғана білмеген. Ал оның бер жағында дәл осы сәтте прокурор мен земстволық дәрігеріміз, Петрбордың медициналық академиясын үздік бітіргендердің бірі, астанадан бізге жуырда ғана келген жас жігіт, Варвинский, исправниктікінде сралаш ішіп отырған еді. Ал прокурорымыз, яки жұрттың бәрі прокурор деп атап кеткен прокурордың орынбасары Ипполит Кириллович, жігіт ағасына енді ғана жеткен, не бары отыз бес жастағы, көкірек ауруына бейімдеу көрінетін, бірақ, бір бырсиған семіз, бедеу қатынға үйленген, өте ақылды, тіпті ақ көңіл кісі болса да, жоқ нәрсеге кілт еткіш, намысшыл, алабөтен адам болатын. Мінезіндегі бар кемістігі — оның өзін-өзі құдай берген шын қадір-қасиеттерінен асыра бағалайтындығында еді. Содан кейін оның көңілі байыз таппайтын адам боп көрінуінің өзге себебі де бар-ды. Ипполит Кириллович кейде көрпесіне қарай көсілуді ұмытып, қайдағы бір парықсыз ойларға бататын: мысалы, адам психологиясына жетіктікке, адамның жан дүниесін айрықша білуге, қылмыскер мен оның істеген қылмысын жаза баспай тануға келгенде оның алдына түсетін жан жоқтай көрінетін. Бұл мағынада ол өзін бағы жанбаған, қызмет бабында елеусіз қалған адам деп санайтын, жоғарғы орында отырғандар оны бағаламайды, өйткені оның дұшпандары бар деп есептейтін, қатты ренжіген сәттерінде ол бұдан да қылмысты істер жөніндегі адвокат боп кеткенім артық деп кіржіңдеп те қоятын. Карамазовтардың өз әкесін өлтіру жөніндегі кенет пайда болған іс оны дүр сілкіндіргендей еді: "Бұл атақ-даңқыңды күллі жалпақ Ресейге жаятын іс қой". Бірақ, мен сәл озыңқырап кеттім бе қалай. Көрші бөлмеде, бикештермен бірге, осыдан екі-ақ ай бұрын бізге Петрбордың өзінен келген сот тергеушісі Николай Парфенович Нелюдов деген жас жігіт те отырған. "Қылмыс жасалатын" күні кешке бәрінің осынау әкімгердің үйіне әдейі жиналғандай болғанын кейін біз де көп сөз ғып, бұған тіпті қайран қалған да. Ал шындығында бәрі өзінен-өзі оп-оңай орайласқан-ды: Ипполит Кирилловичтің зайыбының тісі қақсап ауырғалы екі күн болған, демек, үй ішіндегі мазасыздықтан оның бір жаққа кетіп қалып, жан сақтауы керек қой; ал дәрігердің кешкілікте карта ойнамаса, көңілі көншімейтін әдеті. Николай Парфенович Нелюдов болса, сол күні кешке Михаил Макаровичтікіне, былайша айтқанда, әлдеқалай бара қалудың ретін осыдан үш күн бұрын ойластырып қойған; ол шалдың бой жеткен үлкен қызынша жүретін Ольга Михайловнаны: сенің бір құпияңды біліп алдым, бүгін туған күнің екенін де, бірақ күллі шаһарды би билеуге шақырып әуреленбеу үшін мұны жұрттан әдейі жасырғың келгенін де білемін деп бір таңғалдырып, састырмақшы болған. Ольга Михайловна өзінің шын жасын сездіріп алам ба деп қорқатынын тұспалдап, оның осы құпиясын біліп алғандықтан, мұны ол ертең-ақ жұртқа жайып жіберетінін және т.т. айтып, күлкіге қарық болармын деп ойлаған. Сүйкімді жас жігіт қалжыңдағанда шалдуарланып та кететін, сол
себепті бізде ханымдар оны шалдуар деп атайтын болған, бұл атақ оған қатты ұнайтын да секілді еді. Әйтсе де, игі жақсы қауыммен араласатын, тіпті текті тұқымнан шыққан, жақсы тәрбие алып, өнегелі боп өскен ол, сауық-сайраншыл болғанмен, мейлінше бейкүнә, дәйім инабатты еді. Сырттай қарағанда дене бітімі кішкентай, әлжуаз, әлсіз туған. Қашан көрсең де, оның жіңішке, бозарған саусақтарында тым ебедейсіздеу сақиналардың бірнешеуі жылтырайтын. Бірақ, оның кызметіне кіріскенде, содан өзге жан жоқтай және дүниенің кілті — тек соның қолында тұрғандай, әлдеқандай боп шірене қалатыны бар еді. Ол, әсіресе қарадан шыққан кісі өлтірушілер мен басқа да жауыздарды тергегенде, оларды есінен тандыра састыруға әккі боп алған-ды, сөйтіп ол, шынында да,
олардың сый-құрметіне ие болмағанмен, бір қорқытса мықтап-ақ қорқытатын. Петр Ильич, исправниктің үйіне кіріп келгенмен, не дерін білмей сасып қалған еді: ол мұндағылар бәрін естіп-біліп үлгергенін аңғара қойған. Шынында да, барлығы картаны лақтырып тастап, өре түрегеліп, дабырласа сөйлесіп тұрған, тіпті Николай Парфенович те бикештерді тастап, айқаса кетуге әзірдей айбынмен олардың қасына келген еді. Петр Ильич бүгін кешке біреу сорлы шалды өз үйінде өлтіріп, тонап кеткені туралы хабардың үстінен түскен екен. Істің мән-жайы оның алдында ғана былайша анықталыпты. Дуалдың түбінде қансырап жатқан Григорийдің кемпірі Марфа Игнатьевнаның таң атқанша қаннен-қаперсіз, қорылдап ұйықтап жата беруі мүмкін еді, алайда, оның ойда жоқта оянып кеткені. Бұған көрші бөлмеде қояншығы ұстап, ес-түссіз жатқан Смердяковтың жан түршіктіре қырылдағаны — оның ауруы ұстағанда осылай қырылдай бастап, өмір бойы Марфа Игнатьевнаның зәресін кетіріп, береке-құтын алатын сұмдық үрейлі үні себеп болған еді. Смердяковтың бұл қырылына еш уақытта оның бойы үйрене алмай-ақ қойған. Кемпір төсегінен тұрып, ұйқылы-ояу күйі Смердяков жатқан қуысқа қарай ұмтылған. Бірақ ол қараңғы қуыстан ауру бейшараның жан түршіктіре қырылдап, тыпырлап жатқанын ғана естіген. Қорыққанынан бақырып жіберген кемпір күйеуін шақыра бастаған, содан кейін ол өзі төсектен тұрғанда шалы кереуетте жоқ секілді көрінгенін есіне түсірген. Ол қайта жүгіріп барып, төсекті сипалап көргенінде, шынында да жоқ болып шыққан. Демек, ол бір жаққа кеткен ғой, сонда қайда кетуі мүмкін? Кемпір баспалдаққа шығып, оны ақырын ғана дауыстап шақырған. Әлбетте, ол бұған ешқандай жауап ала алмаған, алайда, оның есесіне, бақтың алыс түкпірінен, біреудің ыңырсығаны құлағына шалынғандай болған. Ол құлағын түрген; ыңырсыған үн тағы да естілген, енді оның шынында да бақтың ішінен шыққандығы айқын-ды. Оның мең-зең басына: "О, тоба, тап ана жылғы Сасық Лизаветаның ыңырсығанынан бір айнымайды!" — деген ой сап ете
қалған еді. Кемпір ептеп төмен түсіп қарап еді, бақтың ішіне кіретін қақпа ашық жатыр екен. "Рас, байғұс шал сол жақта болды ғой" — деп ойлаған кемпір қақпаға бара бергенде, Григорийдің оны шақырып жатқанын анық естіді: "Марфа, Марфа!" — дейді адамның үрейін алатын ыңырсыған, әлсін үн. "О, жасаған, бәле-жалаңнан өзің сақтай гөр" — деп күбірлеген Марфа Игнатьевна дауыс шыққан жаққа жүгіріп барып, Григорийді осылай тауып алған еді. Кемпір оны дуал түбінен, бағана сұлап түскен жерінен емес, дуалдан жиырма қадамдай жерден тапқан болатын. Тегі, шал есі кіргесін үйге қарай жанталасқан, арасында бірнеше рет талып қалып, кайта есі кіргенде қайта еңбектей берген болу керек. Григорийдің үсті-басы қан-қан боп жатқанын көргенде, Марфа Игнатьевна бақырып жібереді. Тілі күрмеліп, әрең сөйлеген шалы оған: "Өлтірді... ол әкесін өлтірді... неге бақырасың, ақымақ... бар жүгір, шақыр..." — деп ті. Алайда, кемпірі бұған қарамастан бақыра беріпті, содан кейін Федор Павловичтің ашық терезесінен іште жанып тұрған шамды көргесін айқай салып, солай қарай жүгіреді. Терезеден адамның иманы қасым болатын сұмдықты көреді: мырза етпетінен түсіп қимылсыз жатыр екен. Шымқай ашық түсті халаты мен ақ жейдесінің омырауы қанға боялған. Үстел үстіндегі балауыз шамның жарығы едендегі қан мен Федор Павловичтің боп-боз жансыз бетіне түсіп тұр. Жаман шошынған Марфа Игнатьевна теріс айналып, бақтан атып шығады да, қақпаның ысырмасын лақтыра салып, ауланың сырт жағымен көршісі Марья Кондратьевнанікіне қарай жүгіреді. Бұл кезде көршілері, шешесі мен қызы ұйықтап жатқан, бірақ олар кемпірдің терезе қақпағын үсті-үстіне қойғылап, айқайлағанына оянып кетіп, төсектерінен тұра сала терезеге үңіледі. Марфа Игнатьевна беталды бақырып айқайлағанмен, негізгі ойын бірдеме ғып жеткізіп, көмекке шақырады. Дәл сол түні ол үйде кезбе Фома қонып жатыр екен. Оны тез оятып алып, үшеуі қылмыс болған жерге барады. Жолшыбай Марья
Кондратьевна бағана, сағат тоғызға кеткен кезде, олардың бағынан осы маңайды дүрліктірген сұмдық бір ащы дауыс шыққанын айтады — бұл, әрине, дуалдың үстіне аттай мініп алған Дмитрий Федоровичтің бір аяғынан жармаса кетіп: "Сен өз әкеңді өлтірдің!"
деп ышқына айқай салған Григорийдің дауысы болатын. "Біреу бақырып жіберді де, кенет тына қалды", — деген Марья Кондратьевна жүгіріп келе жатып, Григорий жатқан жерге жеткен соң, екі әйел Фоманың көмегімен шалды ауладағы оңаша үйге көтеріп апарған. Шам жағылған еді, Смердяков әлі тынышталмапты, өзінің қуысында қырысып-тырысып, тыпыршып жатқан қалпы, көздері қылиланып кеткен, аузынан ақ көбік ағады. Басын сірке су қосылған сумен шайып тазартқасын әжептәуір есін жиып қалған Григорий дереу: "Мырза тірі ме, өлтіріп тастамап па?" — деп сұрайды. Екі әйел мен Фома енді мырзаның бөлмесіне бармақшы болады, алайда, баққа кіргесін олар үйдің терезесі ғана емес, тіпті есігі де аңырайып жатқанын көреді; ал оның бер жағында Федор Павлович бір жұмадан бері үйдің есігін іштен өзі тас қып бекітіп алып, тіпті Григорийдің де босқа есік қағуына рұқсат етпегені белгілі. Олар, екі әйел мен Фома, есіктің ашық жатқанын көрсе де, "кейін бір бәлеге ұшырармыз" — деп сескеніп, ішке кіруге қорқады. Олар қайтып келгеннен кейін Григорий тезірек исправниктің өзіне барыңдар деп бұйырады. Міне осыдан кейін Марья Кондратьевна жүгірген бойы исправниктің үйіне барып, жұрттың бәрін дүрліктірген болатын. Марья Кондратьевна исправниктікіне бес минут бұрын жетіп үлгергендіктен, Петр Ильичке өзінің жорамалдары мен тұжырымдарын айтып қана тынбай, қылмыскердің кім екендігі туралы жалпы дақпыртты растаушы (әйтсе де, Петр Ильич іштей, осы соңғы минутқа дейін бұған әлі де сенгісі келмеген) шынайы куәгер болу ғана қалған еді. Тергеуге тез кірісуге ұйғарылды. Қалалық приставтың көмекшісіне қасына төрт адамнан куә ертіп алып, дереу Федор Павловичтің үйіне барып, барлық ережені сақтай отырып, -мен бұл арада қандай ережелерді сақтау керегін баяндап жатпаймын, — тергеуді тікелей сонда жүргізу тапсырылды. Земстволық дәрігер жаңадан келген, қызбалау кісі еді, исправниктің, прокурор мен тергеушінің жанында болайын деп өзі сұранды деуге болады. Қысқа ғана айтып өтейін: Федор Павловичті шынында да өлтіріп кетіпті, басын жарыпты, бірақ немен жарған? — тегі, кейін Григорийді зақымдаған қарумен соққан болу керек. Дәрігерлік көмектен кейін Григорий өзін қалай сұлатып салғанын кібіртіктеген, әлсіз дауыспен айтып берген соң қылмыскердің қаруы да табылды. Фонарь алып жүріп дуал жақтан іздеп еді, бақ ішіндегі сүрлеуде жатқан жерінен мыс келсапты тез тауып алды. Федор Павловичтің бөлмесінде астан-кестен болған ештеңе байқалмайды, тек шымылдық ішіндегі кереует алдында еденде кәдімгі кеңсе конвертіндей қалың конверт жатыр екен, сыртына: "Егер келіп қалса, періштем Грушенькаға арнаған үш мың сом сыйлығым" — деп жазылыпты, соңынан Федор Павлович өз қолымен "балапаныма" деп қоса жазып қойса керек. Конвертке үш жерден қызыл сүргішпен баттитып мөр басылған, бірақ оны жыртып, ішіндегі ақшаны алып кетіпті. Конвертті айқұш-ұйқыш байлаған алқызыл лента да табылады. Әйтсе де, Петр Ильичтің берген жауабында, әсіресе мына бір жайт: Дмитрий
Федорович таң алдында өзін-өзі атып өлтіруге тиіс, оның өзі осылай ұйғарыпты, мұны маған оның өзі айтты, сонсоң менің көзімше тапаншасын оқтап, бір жапырақ қағазға бірдеңелерді жазып қалтасына салып қойды, т.т. деген сөздері прокурор мен тергеушіні қатты абыржытып тастаған-ды. Оның сөзіне сенгісі келмеген Петр Ильич бұл сұмдықтың алдын алу үшін мен қазір біреуге барып айтамын деп оны қорқытқан екен, Митя ыржия күліп: "Оны істеуге үлгермейсің", — деп жауап беріпті. Демек, онда, Мокроеға, тезірек жету керек, кылмыскерді орнынан баспаса, кім біледі, ол шынында да, атылып өлуі мүмкін ғой. "Бұл айқын, бұл айдан анық!" — деп қайталай берген прокурор тым қатты абыржып, — ондай аусарлар һәман өстеді: ертең бәрібір өлемін дейді де, өлерінің алдында думандатып қалуға тырысады. Дмитрий Федоровичтің дүкенге барып, шарап пен ішім-жемдікті қалай үйіп-төгіп алғандығы прокурорды одан сайын елеңдетті. "Мырзалар, анау көпес Олсуфьевті өлтіріп, мың жарым ақшасын тонап әкеткен жігіт естеріңде ме, ол да әуелі шашын бұйралатып, одан соң ақшасын жақсылап тықпастан, тіпті қолына уыстап ұстаған күйі қыздарға барған болатын". Алайда тергеу, Федор Павловичтің үйіне тінту жүргізу, ресмилікті сақтау және басқа нәрселер бәрін кідірте берген. Мұның барлығына уақыт керек-ті, сондықтан олар таңертең шаһарға жалақы алуға келген становой Маврикий Маврикиевич Шмерцовты өздерінен екі сағат бұрын, алдын ала Мокроеға жіберген. Маврикий Маврикиевичке: онда барған соң, ешқандай әбігершілік туғызбастан, тиісті әкімдер келгенше "қылмыскерді" бағып отырасың, сонымен қабат куәларды, сотскийлерді және т.б. әзірлеп қоясың деген нұсқау берілді. Маврикий Маврикиевич дәл солай істеген де болатын, ол өзінің көптен бергі танысы Трифон Борисычқа ғана келген ісінің сырын шет жағалап ашқаны болмаса, incognito-ны сақтаған. Бұл Митя қараңғы галереяда, — оны іздеп келген қожайынды көргенде Трифон Борисычтың бет-жүзі мен сөз мәнерінде кілт өзгеріс барын сезіп қалған сәтке деп келген-ді. Сонымен, оларды аңдып отырғанын Митя да, тіпті ешкім де сезбеген; оның тапаншалары салынған қобдишаны Трифон Борисыч әлдеқашан ұрлап әкетіп, бір қуысқа апарып тығып қойған. Барлық бастықтар: исправник, прокурор мен тергеуші тройкалатқан екі арбамен сағат беске кеткенде, таң алдында ғана келді. Дәрігер Федор Павловичтің үйінде қалған: оның таңертең өлікті сойып тексеруі керек-ті, бірақ ол шындығында одан гөрі ауру малай Смердяковтың хал-жайына көбірек назар салған. Ол кетіп бара жатқан әріптестеріне: "Екі тәулік бойы дамылсыз қайталана беретін тап мұндай сұмдық және мұндай ұзақ ұстайтын қояншық ауруы сирек кездеседі, мұны ғылымның зерттеуі керек шығар", — деп білгішсігенде аналар күліп, оны ашқан жаңалығымен құтқарған еді. Дәрігердің оған қоса, мен білсем, Смердяков таңға жетпейді деген үзілді-кесілді пікірін прокурор мен тергеуші жадында тым жақсы сақтаған. Енді, ұзақ болса да қажет секілді түсініктемеден кейін, әңгімеңіздің өткен кітапта тоқтатылған тұсына қайта оралдық қой деймін.
III
ЖАН АЗАБЫН ШЕГУ
Бірінші сергелдең
Сонымен, оған не деп жатқанын түсінбеген Митя келгендерге одырая қарап отырып қалған еді. Кенет ол түрегеліп, екі қолын сермеп, айқайлай жөнелді:
Менің кінәм жоқ! Бұл өлімге мен кінәлы емеспін! Әкемнің қанын мойныма жүк қып не құдай атыпты мені... Өлтіргім келгені рас, бірақ өлтірген жоқпын! Мен емес!
Бірақ, ол аузын жауып үлгермей жатып, шымылдықтың ішінен атып шыққан Грушенька исправниктің аяғына жығыла кетті.
— Оған мына мен малғұн, мен кінәлымын! — деп ол екі қолын жайып, жаутаңдап, зар еңіреп, жан түршіктіре бақырды, — ол маған бола қолын қандады!.. Оны азапқа салып, орға құлатқан мына мен! Мен анау марқұм болған сорлы шалды да әбден азаптап біткем, бәрі менің қысастығымның қырсығы, енді міне екеуінің де түбіне жетіп тындым! Бәріне мен кінәлымын, бірінші, басты кінәлы адам менмін!
— Иә, бәріне сен кінәлісің! Басты қылмыскер сенсің! Сен жаныңды жеген зәлімсің, бұзықсың, бар бәле сенде, — деп бажылдай жөнелген исправник жұдырығын түйіп қоқилана бастап еді, бірақ оның аптығын тез басып тастады. Прокурор тіпті оны құшақтап ұстай алды.
— Мұныңыздың ешбір реті жоқ, Михаил Макарович, — деп зекіп тастады ол, — сіз мына қылығыңызбен тергеуге бөгет жасайсыз... істі бүлдіресіз... — оның тынысы тарыла бастаған еді.
— Шара қолдану керек, шара, шара қолдану керек! — деп күпілдеді Николай Парфенович те, — онсыз түк те шықпайды!
— Екеумізді бірге соттаңдар! — деп зарланды Грушенька әлі де тізерлеп тұрған күйі. — Екеумізді бірге дарға асыңдар, мен онымен бірге өлуге бақылмын!
— Груша, жан қалқам, күнім, асылым менің! — Грушенькамен қатарласа тізерлей кеткен Митя оны қатты құшақтап алды. — Оның айтқанына сенбеңдер, — деп айқайлады ол, — Грушеньканың ешқандай кінәсы жоқ, бұл өлімге, тіпті дәнеңеге де ол кінәлы емес!
Бірнеше кісінің оны күшпен ажыратып алғаны, Грушеньканы да тез бір жаққа әкеткені, сосын үстел басына барып отырғасын ғана есін жиғаны кейін Митяның жадында қалған. Оның екі бүйірі мен ту сыртында жылтыр темірлі біреулер тұрған. Үстелдің ар жағында, диванда отырған сот тергеушісі Николай Парфенович стақандағы судан бір ұрттасаңшы деп қайталай берген: "Ішсеңізші, бойыңыз сергіп, көңіліңіз орнығады, қорықпаңыз, мазасызданбаңыз" — деген оған қоса, тым сыпайы сөйлеген тергеуші. Әлі есінде, Митяның көзі кенет тергеушінің қолындағы біреуі аметист тасты, екіншісі жалтылдаған, мөлдір бір түрлі ашық сарғыш тасты, добалдай екі жүзікке түскен еді. Тіпті тергеудің сол бір қысылшаң сәттерінде де сол жүзіктерге көзі түсе бергенін, байтал тұрсын бас қайғыда, неге екені белгісіз, ол жүзіктерден әйтеуір көз аудара алмай, соларды ұмыта алмай қойғанын ол кейін көпке дейін таң-тамаша боп есіне алған. Митяның сол жағында, кеше әуелі Максимов отырған жерде енді прокурор отыр, ал оң жағында, Грушеньканың орнында аңшының иығынан түскендей тым көнетоздау пенжақты бір нарттай жас жігіт жайғасқан, алдында сиясауыт пен қағаз. Бұл тергеушінің ерте келген хатшысы болып шықты. Ал исправник енді бөлменің арғы шетіндегі терезе алдында, орындықта отырған Калгановтың қасында тұрған.
— Су ішсеңізші! — деп тергеуші оныншы рет қайталаған.
— Іштім, мырзалар, іштім... бірақ, болды, мырзалар, не қылсаңдар о қылыңдар, атып-ассаңдар да мейлі, тек тағдырымды шешіп бітіріңдерші өзі! — деп тепсінген Митя тергеушіге көзін адырайтып, тесірейе қараған еді.
— Сонымен, сіз әкеңіз Федор Павловичтің өліміне кінәлы емеспін деген жауабыңыздан таймайсыз ғой, — деп сұраған тергеуші биязы, бірақ, дәйекті дауыспен.
— Әкемнің өліміне менің кінәм жоқ! Ал басқа біреудің, екінші шалдың қанын төккенімді мойындаймын, бірақ әкемнің қанын мойыныма жүктеген жоқпын. Обал болды-ау анау сорлыға! Оны өлтіріп тастадым ғой деймін, сұлатып түсірген едім... Алайда, бұл үшін ешбір кінәм жоқ, екінші біреудің қанын, жан түршігетін қанды мойныма жүк қылу қиын маған... Бұдан асқан сұмдық айып жоқ, мырзалар, бейне біреу қақ маңдайдан салып жібергендей болдым! Әйтсе де, сонда менің әкемді кімнің өлтіруі, оған кімнің қол көтеруі мүмкін? Егер мен болмасам, оны кімнің өлтіргені? Таңғаларлық, ақылға сыймайды, мүмкін емес!
— Бәсе, оны кім өлтіруі мүмкін... — тергеуші осылай дей бергенде оған көзінің қиығын салған прокурор Ипполит Кириллович: (біз прокурордың көмекшісін ықшамдылық үшін прокурор деп атай бермекпіз) Митяға қарап былай деді:
— Малай шал Григорий Васильевичті уайымдап мазасызданбай-ақ қойыңыз. Білгіңіз келсе — ол тірі, есін де жиды, сіздің ауыр жарақаттағаныңызға қарамастан және оның өзінің сөзі мен сіздің жауабыңыз бойынша, өле қоятын түрі жоқ, тым құрығанда дәрігердің пікірінше осылай.
— Тірі ме? Ол тірі қалған, өлмеген! — деп айқайлап жіберді Митя қолын сермеп. Оның бет-жүзі жадырап сала берген еді. — О, пәруәдігәр, тілегімді қабыл етіп, мендей күнәкар, жауызыңа тигізген ғаламат рақымыңа разымын!... Иә, иә, бұл тілегімнің қабыл болғандығы, жасаған иеме түні бойы жалбарынып шығып ем!... — деп ол үш мәрте шоқынды. Митя ентігіп бара жатқан еді.
— Сіз жайында осыншама нақпа-нақ мағлұматты біз сол Григорийдің дәл өзінен алдық... — деп прокурор сөзін одан ары жалғастыра берген кезде Митя орнынан атып тұрды.
— Бір минутқа, мырзалар, не бары, бір минутқа рұқсат етіңіздерші; Грушенькаға барып келе қояйын деп ем...
— Кешірерсіз! Қазір сізге ешқайда шығуға болмайды! — деп орнынан түрегелген Николай Парфенович айқайлап та жібере жаздады. Жылтыр темірлі сақшылар Митяны ұстай алды, бірақ ол орындыққа өзі отырған...
— Мырзалар, қандай өкінішті! Мен оған бір сәтке ғана көрінейін деп ем... Түні бойы арқама аяздай батқан айыптан ақталып, қолыма жұққан қаннан тазарғанымды, менің өсте қанішер еместігімді айтайын деп едім оған! Мырзалар, Грушенька менің қалыңдығым ғой! — деді ол масаттанып, сүйсінген дауыспен, жұрттың бәріне кенеттен шола қарап. — О, рахмет сіздерге, мырзалар! Мені көзді ашып-жұмғанша қайта тірілтіп, анамнан қайта туғандай еткендерің қандай ғажап болды!... Мырзалар, ол шал сәби кезімде мені көтеріп жүрген, астауға отырғызып шомылдырған, үш жасымда тірі жетім боп сорлап қалғанымда ол менің туған әкемдей болған!...
— Сонымен сіз... — дей берген тергеуші.
Үстелге шынтақтап отырып, алақандарымен бетін басып алған Митя оның сөзін бөліп жіберген еді:
— Рұқсат етіңіздерші, мырзалар, тағы бір минутқа рұқсат етіңіздерші. Сәл ес жыюға мұрша келтіріңдерші, тыныстауға мүмкіндік беріңдерші, мырзалар! Мұның бәрі сұмдық күйзелтеді, сұмдық назаландырады мені. Мырзалар! Мырзалар-ау, адам дағыраның қатқан сірісі емес қой!
— Судан тағы бір ұрттасаңызшы... — деп күбірледі Николай Парфенович.
Митя бетінен қолын алып, күліп жіберді. Көз қарасы сергек, қас-қағымда қалай құбылған. Оның күллі түр-тұрпатының өзі мүлде өзгерген бе дерсің: ол осындағылардың бәрімен, осы отырған бұрыннан таныс адамдарының барлығымен терезесі тең кісіше, бейне ақсүйек қауымның бір үйінде кеше, әлі дәнеңе болмаған кезде бас қосқандай отыр. Әйтсе де, ескерте кетелік, бізге келген алғашқы кезде Митяны исправниктікінде жылы шырайлы қабылдап жүргенді, бірақ кейінгі уақытта, әсіресе соңғы бір айда, Митя ол үйге аяқ баспайтын болған, ал исправник айталық, көшеде келе жатып онымен кездесіп қалса қатты тыжырынып, тек сыпайыгершілік үшін ғана бас изегенситін — мұны Митя бек жақсы байқаған. Ал оның прокурормен таныстығы одан да нашар болатын, бірақ, бұл Митяның ол үйге не үшін баратынын түсінбесе де, кейде прокурордың зайыбына, осы бір күйгелектеу, тым қиялшыл ханымға барып аса ізеттілікпен сәлемдесіп жүруіне әсте кедергі жасамайтын, ханым да оны һәман ілтипатпен қабылдап, неге екені белгісіз, соңғы кезге дейін оған назар салып келген еді. Ал тергеушімен әлі танысып үлгермеген, алайда, онымен де кездесіп, бір ме әлде екі рет пе сөйлескені де бар, екеуінде де әңгіме әйелдер жайында болған.
— Байқауымша, Николай Парфенович, сіз даңғыл тергеушісіз, — деді кенет көңілдене күлген Митя, — бірақ сізге енді мен өзім-ақ қол ұшын берейін. Ол, мырзалар, мен күнәмнан арылдым... сіздермен осылай қымсынбай кептесіп, ағынан жарылғаныма мені сөкпеңіздер. Оның үстіне, мен қазір масаңдаумын, мұны сіздерге ашық айтамын. Мен... Николай Парфенович, сізді, тегі, бірде немере ағам Миусовтың үйінде кездестірудің қуаныш-құрметіне ие болдым ғой деймін... Мырзалар, мырзалар-ау, мен сіздермен иық теңестіремін деп үміттенбеймін, неге десеңіздер мен қазір сіздердің алдарыңызда кім ретінде отырғанымды түсінемін... Егер Григорий нақ мені көрсетіп жауап берсе... онда маған — о, әрине — сұмдық күдіктің көлеңкесі түседі! Сұмдық, сұмдық бұл — мұны мен түсінемін. Алайда, мырзалар, іске кіріселік, мен дайынмын, қазір-ақ бәрін тындырамыз; мырзалар. маған құлақ салып, мені тыңдасаңыздар болды. Егер мен өзімнің кінәсіз екенімді біліп тұрсам, әуреленетін не бар, барлығын лезде бітірмейміз бе! Солай ғой? Солай емес пе?
Митя асығып-аптығып, күйгелектеп, елеуреп көп сөйлеген және де тыңдаушыларының бәрін бейне бір өзінің ең жақын достарындай көріп тым еркінсіп алған-ды.
— Сонымен, әзірше сіздің өзіңізге қойылған айыпты үзілді-кесілді теріске шығаратыныңызды жазып қоямыз ғой, — деп зілдене сөйлеген Николай Парфенович, содан кейін хатшысына бұрылып қарап, нені жазу керегін күбірлеп айтты.
— Сіз не дедіңіз? Солай деп жазбақсыздар ма? Жарайды, жазсаңдар, мен келістім, толық келісемін, мырзалар... Әйтсе де, білесіздер ме... Тоқтаңдар, тоқтаңдар, онда былай деп жазыңдар: "Ол төбелес шығарып, сорлы шалды өлімші ғып сабап тастағаны үшін айыпты" — деп жазыңдар. Сосын ішімде, жүрек түкпірінде бұғып жатқан кінәм жоқ емес — алайда, оны қағазға түсірудің қажеті жоқ шығар, — деді ол кенет хатшыға бұрылып қарап, — бұл, мырзалар, менің жеке өмірім, мұның сіздерге еш қатынасы жоқ, яғни жүрек сезімінің дегенім ғой... Бірақ та қартайған әкемнің ажалына айыпты емеспін! Тіпті көкейге қонбайды ғой! Бұл мүлде ақылға сыймайтын ой!... Мен мұны сіздерге дәлелдеп беремін, сонда бірден-ақ көздерің жетеді. Сіздер әлі күлкіге батасыздар!..
Тым елеуреп кеткен Митяны тергеуші өзінің ғажап байсалдығымен басқысы келді ме қалай:
— Сабыр етіңіз, Дмитрий Федорович, — деді ол тағы да. — Тергеуді одан ары жалғастырмастан бұрын егер сіз бұған жауап беруге келіссеңіз, мен сіздің марқұм Федор Павловичті жек көргеніңізді, онымен ұдайы ұрсысып жүргеніңізді мойындаған сөзіңізді естігім келер еді... Тіпті осы отырғанда, не бары он бес минут қана бұрын, сіз тіпті оны өлтіргіңіз келгенін де айтып салған секілді едіңіз ғой: "Оны өлтірген жоқпын, бірақ өлтіргім келгені рас!" — деп елеуреген жоқсыз ба.
— Мен солай деп елеуредім бе? Оһ, бұл әбден мүмкін, мырзалар! Иә, қырсыққанда, менің оны өлтіргім келгені, тіпті талай рет өлтірмекші болғаным рас... Сор түрткенде кісінің ойына не келмейді дейсің!
— Өлтіргіңіз келді делік. Бірақ, сонда әкеңізбен осынша өштесуге ненің себеп болғанын түсіндіре алар ма едіңіз?
— Түсіндіретін не бар. мырзалар! — деді шытынып, иықтарын бір көтеріп қонған Митя, түнере қарап. — Оны суқаным сүймейтінін ешқашан жасырған емен, мұны күллі шаһар біледі — трактирдегілердің барлығы біледі. Осы жуырда ғана монастырьда, Зосима пірәдардың құжырасында да айтқам... Сол күні, кешке таман, әкемді тыритып сабап та тастағам, кейіннен қайта оралып, жұрттың көзінше жайратып саламын деп ант та ішкенмін... О, бұған мың куә табылады! Бір ай бойы қақсағам, бәрі куә! Айғақ анық, айғақ сайрап, жар салып тұр, бірақ — сезімнің, мырзалар, ішкі сезімнің жөні бір басқа! Білесіздер ме, мырзалар, — Митя қабағын түйді, — ойымша, сіздердің менен адамның сезімі жайында сұрауға хақыларың жоқ. Сіздерге құқық берілген, мен мұны түсінемін, алайда, бұл тек менің өзіме ғана қатысты ішкі сезімім, ішкі құпиям бұл... оны жек көргенімді осыған дейін жасырмағандықтан... мысалы, трактирде кез келген кісінің бәріне айтқандықтан... енді келіп одан бір құпия жасамай-ақ қояйын. Көрерсіздер ме, мырзалар, ондай жағдайда бұл маған қарсы сұмдық айғақ болып шығатындығын мен түсінемін ғой: оны өлтіретінімді жұртқа жайып жүргенде, біреу шалды шынында да мерт қылса ше: сонда қайтпекпін! Ха-ха! Мен сіздерді түсінем, мырзалар, әбден түсінем. Өзім де төбе шашым тік тұрады, өйткені, сайып келгенде, егер мен болмасам, онда оны кімнің өлтіргені? Шыны солай ғой? Егер мен өлтірмесем, онда кім болуы мүмкін? Мырзалар, — деді ол кенет дауысын көтеріп, — менің білгім келеді, — мен тіпті талап етемін, мырзалар: оны қайда өлтіріпті? Немен, қалай өлтірген? Айтсаңдаршы, — деп сұрады Митя жалма-жан, прокурор мен тергеушіні көзімен шолып.
— Біз оны кабинетінде, еденде, етпетінен түсіп өліп жатқан жерінен таптық, басын жарып кетіпті, — деді прокурор.
— Мынау сұмдық қой, мырзалар! — деп селк ете түскен Митя үстелге шынтақтап отырып, оң қолымен бетін басты.
— Тергеуді одан ары жалғастырайық, — Николай Парфенович оның сөзін бөліп тастаған еді. — Сонымен, онда сіздің әкеңізбен жауығуыңызға қандай себеп болды? Жұрттың алдында сіз өзіңізді қызғаныш билеп алғанын айтпап па едіңіз.
— Иә, қызғанғаным рас, алайда, жалғыз қызғаныш та емес.
— Ақша дауы ма?
— Иә, ақша дауы да бар.
— Даудың басы сізге шешеңізден қалған мұрадан қымқырды-мыс делінген үш мың сомда ғой.
— Қайдағы үш мың! Одан көп, әлдеқалай көп, — деді даусы қатты шыққан Митя, — алты мыңнан, бәлкім, тіпті он мыңнан да асып кетер. Мен мұны жұрттың бәріне айтқам, бәріне жар салғам! Бірақ мен, сайып келгенде, үш мыңмен қанағаттануға ұйғарғамын. Сосын, қалайда үш мың сом ақша тауып алуым керек болды... шалдың Грушенька келе қалса, оны көңілдендіру үшін сыйға тартуға үш мың сомды пакетке салып, жастықтың астына тығып қойғанын білетін едім. Мырзалар, мен осы үш мыңды әкемнің маған тиісті ақшадан жымқырған, асылында, маған тиісті ақша деп есептедім...
Прокурор тергеушіге ыммен қарап, байқатпай көз қысып та үлгірген.
— Біз бұл әңгімеге әлі ораламыз, — деді тергеуші іле-шала, — ал қазір осы жағдайды: сіздің анау, конверттегі ақшаны өз меншігіңіз деп санағаныңызды біздің қағазға түртіп қоюымызға енді рұқсат ететін шығарсыз.
— Жаза беріңдер, мырзалар, мен мұның маған қарсы тағы бір айғақ екенін түсінемін, бірақ, енді айғақ-майғақтан қорқатын мен емес, тіпті өзімді-өзім көрсетемін. Естисіңдер ме, өзімді-өзім көрсетемін! Білесіздер ме, мырзалар, сіздер менің қандай адам екенімді пайымдамай, мүлде басқа біреуге балайтын сияқтысыздар, — деді тұнжырап, мұңая қалған ол тағы да. — Сіздермен игі ниетті кісі, аса ізгі жан, ең бастысы, — мұны естен шығармаңыздар, — талай арамзалыққа барған, бірақ та дәйім аса ізгі жан болған және болып қалған адам сөйлесіп отыр, ол көкірегінде, жан сарайының түпкірінде, қысқасы, қалай десем екен... Өмір бойы нақ осыдан үнемі ізгілікті аңсаудан, былайша айтқанда ізгіліктен қасірет шегуі, оны от алып іздеуші, Диогеннің панарымен іздеуші болғандығымнан жапа шектім, ал оның бер жағында, мырзалар, біздің бәріміз сияқты, мен де арамдықтан өзге түк бітіргем жоқ... яки өзімді айтамын, мырзалар, жаңылып жатқанымды қарашы, барлығы емес, менің өзім, жалғыз өзім дегенім ғой!... Мырзалар, менің басым ауырды, — деп ол қиналғандай бетін тыржитты, — білесіздер ме, мырзалар, маған оның сықпыты ұнамаушы еді, оның арамзалығынан, дардиюынан, қасиетсіздігінен, келемежі мен күдікшілдігінен жаным түршігетін, жеркенішті болатын! Ал енді, ол өлгеннен кейін, басқаша ойдамын.
— Басқаша ойлағаны қалай?
— Басқаша дегенде, оны неге жек көрдім екен деп өкінгенімді айтып отырмын.
— Өкінесіз бе?
— Жоқ, өкінбеймін, олай деп жазбаңдар. Неге десеңіздер, мырзалар, менің өзім де жетісіп тұрған жоқпын, міне солай; өзімнің сұрқыма қарамай оған мұрын шүйіруге хақым жоқ-ты, міне солай! Мұны жазып қоюға болады.
Осыдан кейін Митя қатты мұңайып қалды. Тергеушінің сұрақтарына жауап берген кезде оның біртіндеп тұнжырай бергеніне біраз уақыт өткен еді. Дәл осы сәтте аяқ астынан тағы бір оқиға бола қалғаны. Бағана Грушеньканы алып кеткенмен, оны қазіргі тергеу жүріп жатқан бөлменің тап іргесіндегі үшінші бөлмеге ғана апарған-ды. Ол түні бойы би биленіп, уман-думан той болған бөлменің ар жағындағы жалғыз терезелі үкіштей ғана бөлме болатын. Грушенька сонда отырған, қасында аң-таң боп, зәре-құты қашқан Максимов қана бар-ды; оған өзінің жанын сақтап қалатын тек осы әйел ғана секілді көрінген. Есіктің сыртынан омырауына жылтыр темір таққан бір мұжық оларды күзетіп тұрған. Егіліп отырған Грушенька іштегі қайғы-шері алқымына келіп тығылған сәтте орнынан атып тұрып, қолын сермеп: "Осылай қайғы жеп өткенім бе!" — деп бақырған күйі бөлмеден атып шығып, өзінің Митясына жүгірді; кенет болғандықтан, әуелі оны ешкім ұстай алмай қалды, Грушеньканың ышқынған даусы құлағына шалынғанда дірілдеп-қалшылдап, орнынан атып тұрып, айқайлап жіберген Митя да, не істегенін өзі де сезбей, оған қарсы ұмтылды. Бірақ, олар бірін бірі көргенмен, құшақтарының қайта қауышуына мұршаларын келтірген жоқ. Митяны екі қолынан мықтап ұстай алды: арпалысып, жұлқынып баққан оны үш-төрт адам әрең ұстап тұрды. Грушеньканы да ұстап алған еді, қайта әкетіп бара жатқанда оның бақырып, бұған қалай қол созғанын Митя көріп тұрды. Айқай-шу басылып, тергеушінің алдындағы үстел жанындағы орнына қайта отырғасын ғана есін жиған Митя:
— Онда нелерің бар? Оған неге тиесіңдер? Ол кінәсіз, оның титтей де кінәсы жоқ!.. — деді .
Прокурор мен тергеуші Митяға басу айтып жатыр. Осылай он минуттай уақыт өтті, ақыры ілкіде бөлмеден шығып кеткен. Михаил Макарович асығыс-үсігіс қайта кіріп, дабырлап, еліге сөйлеп, прокурорға былай дейді:
— Оны алып кетті, ол төменде отыр. Мырзалар, менің мына бейбаққа айтатын бір-ақ ауыз сөзім бар еді, соған рұқсат болар ма екен? Сіздердің алдарыңда, көзбе-көз айтам, мырзалар.
— Рақым етіңіз, Михаил Макарович, — деді тергеуші, — бұған біздің тарапымыздан ешқандай қарсылық болмайды.
— Көкетай, Дмитрий Федорович, маған құлақ салшы, — Михаил Макарович Митяға қарап сөз бастағанда алабұртқан бет-жүзінен бақытсыз бейшараға жаны ашыған әкелік сезімі білініп тұрды, — сенің Аграфена Александровнаңды төменге өзім алып барып, қожайынның қыздарына табыс еттім, әлгі Максимов деген шалсымақ та табан аудармай қасында отыр, Аграфена Александровнаға бәрін түсіндірдім, естіп тұрсың ба мені? — оның ақталып шығуы керек, сол себепті сен оның көзіне түсіп бөгет жасама, оны уайымға батырма, әйтпесе ол сасқанынан сөзден жаңылып, босқа кінәлы болып қалар деп түсіндіріп, тыныштандырып, көндіріп қойдым, ұғасың ба? Жә, қысқасы, ойымдағымды түгел ақтардым, сөйтіп ол бәрін түсінді. Бауырым, ол зейінді, ақкөңіл жан ғой, ол тіпті шау тартқан менің қолымды сүймекші болды, сен үшін қолқа салды. Ол мені осында өзі жұмсады, мен үшін уайым жемесін деп айт деді, енді, жарқыным, мен оған қайтып барайын да, сенің көңілің орныққанын, оны көп ойлап жүдемейтініңді айтайын. Сонымен, сен тыныштал да, өзіңе өзің бекем бол ұқтың ба. Мен оның алдында кінәлымын, ол бір құдайы жан ғой, — Мырзалар, мен ондай момақан момынды көрген емен, оның ешбір кінәсы жоқ. Оған не деп айтайын, Дмитрий Федорович, қалай, тыныш отырасың ба, жоқ па?
Михаил Макарович ақ пейілдігіне бағып артық та кетіп жатқан, бірақ Грушеньканың қайғы-қасіреті, біреудің мұң-шері, оның іші-бауырына дейін елжіретіп, тіпті көзіне жас та келтірген еді. Митя атып тұрып, оны құшақтап алмақшы болды.
— Ғапу етіңіздер, мырзалар, рұқсат па, рұқсат етіңіздерші! — деді ол даусы үздігіп, — Михаил Макарович, сіз періштесіз, нағыз періштесіз ғой, Грушенька үшін сізге ризамын! Енді тынышталамын, көңілді боламын, мені қуанышты! — деп ақ көңілдігіңізбен айта барыңыз, оның қасында сіздей жебеуші періште барын білгендіктен, мен тіпті қазір-ақ күле бастаймын. Барлығын қазір-ақ тәмамдаймын да, босай сала, тез жетемін оған, сонда тағы көрісеміз, күтсін мені! Мырзалар, — Митя кенет прокурор мен тергеушіге бұрылып қарады, — енді мен сіздерге жан сарайымды ашамын, барлығын жайып саламын, біз бұл істі көзді ашып жұмғанша, көңілді аяқтаймыз — сонан соң рақаттана күлмейміз бе, солай ғой? Әйтсе де, мырзалар, ол әйел — менің жан дүниемнің падишасы! О, менің осы ойымды айтуыма рұқсат етіңіздерші, дәл осы ойымды сіздерден әсте жасырып қала алмаймын.. Аса ізгілікті адамдармен сұқбаттасып отырғанымды көріп отырмын: ол көктегі күнім, қастерлейтін асылым менің, әттең сіздер мұны түсінсеңіздер ғой! Оның не дегенін естідіңіздер ме: "Мен онымен бірге өлуге бақұлмын!" — деді ғой. Ал мен оған сонша қандай жақсылық көрсетіппін, мен қайдағы бір жалаңаяқ, жалаң бұт емеспін бе, ол мені не үшін сүюі керек, сұрқы жаман ебедейсіз, масқара малғұн адам ондай махаббатқа лайық болушы ма еді, ол менімен бірге не үшін айдауға кетуі керек? Бағана титтей кінәсіз, тәкаппар қыз маған бола сіздің аяғыңызға жығылды ғой! Ендеше, мен оған қазір жанымды үзіп, ол үшін уайым жеп оған қазір ұмтылмағанда, мұны қашан істемекпін? О, мырзалар, кешіре көріңіздерші! Бірақ енді, енді менің жаным жай тапты!
Сөйтіп, ол орындыққа құлай кетіп, алақандарымен бетін басып, еңіреп қоя берді. Бірақ, бұл қуаныштың көз жасы еді. Митя лезде есін жия қойды. — Исправник шал да, тіпті заңгерлер де өте разы болып қалған-ды: олар тергеудің қазір жаңа кезеңге ауысатынын сезген Митя исправникті шығарып салғасын тіпті жадырап кеткен еді.
— Ал, мырзалар, мен енді басы бүтін сіздердің құзырыңыздамын Және... егер сол ұсақ-түйектер болмаса, біз тез-ақ тіл табысатын едік. Тағы да ұсақ-түйекке ауысқанымды қарашы. Мен сіздердің құзырыңыздамын, мырзалар, бірақ айтпады демеңдер, бізге өзара сенім қажет — сіздерге сенуім керек — әйтпесе біз еш уақытта ештеңе бітіре алмаймыз. Сіздер үшін айтамын. Іске кіріселік, мырзалар, іске, сонан соң, ең бастысы, сіздер менің жан дүниемді шұқшия шұқылай бермеңдер, түкке тұрғысыз ұсақ-түйекпен жанымды қинамаңдар, тек іс пен айғақты ғана сұраңдар, мен сіздерді табан астында қанағаттандырамын. Ұсақ-түйекті қайтесіздер!
Митя осылай лепірген. Тергеу қайта басталған.
Екінші сергелдең
— Нансаңыз, Дмитрий Федорович, сіз бұндай ықыласыңызбен тіпті бізді де бір серпілтіп тастадыңыз.. — деп сөз бастады Николай Парфенович сергек пішінмен, соның алдында ғана көзілдірігін алған соң, оның алыстан көрмейтін, бірақ, алақандай ашық сұр бадырақ көздерінен іштегі қанағат сезімі анық білініп тұрған. — Біздердің осындай өзара сеніміміз жайында сіз ілкіде дұрыс айттыңыз, онсыз мұндай маңызды істе кейде, әсіресе күдік туған адамның шынында да өзін ақтап алғысы келуі, бұған үміттенуі және ақтап алуы мағынасында, ештеңеге қол жетпеуі де мүмкін. Бұл үшін біз өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін аямаймыз, бұл істі біздің қалай жүргізіп отырғанымызды міне сіз өзіңіз де көріп отырсыз... Солай емес пе, Ипполит Кириллович? — деді ол кенет прокурорға қарап.
— О, оған ешбір күмән жоқ, — деп мақұлдады, Николай Парфеновичтің серпінімен салыстырғанда, салқындау сөйлеген прокурор.
Алдын ала ескертіп қояйын: бізге жаңадан келген Николай Парфенович, қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап, прокурорымыз Ипполит Кирилловичке ерекше ілтипат білдіріп, онымен кеуде соғыстыра ұғысты деуге болатын еді. Біздің "қызмет жөнінен өкпелі" Ипполит Кирилловичтің психологиялық һәм шешендік алабөтен талантына кәміл сенген және оның осы бір өкпесіне де күмән келтірмеген біреу болса, осы Николай Парфенович болатын. Прокурор жайында ол Петербордан естіген. Оның есесіне өз тарапынан балғын жас жігіт Николай Парфенович те біздің "өкпелі" прокурорымыздың шын ықыласпен жақсы көрген бірден-бір адамы болып шыққан. Олар осында келе жатқанда алдағы істің кейбір жайттары жөнінде өзара тіл табысып, келісіп те үлгірген еді, енді міне үстел басында Николай Парфеновичтің алғыр ойы жасы үлкен жолдасының кез келген нұсқауын, бетіндегі әрбір құбылысты қалт жібермей қағып алып, оның ойын ернінің емеурінінен, кезінің қарасына, байқатпай көз қысысынан лезде ұғып отырған.
— Мырзалар, тек өзімнің айтуыма мұрша келтіріңіздерші, қайдағы жоқ бірдеңелермен сөзімді бөлмеңдерші, сонда сіздерге бәрін лезде баяндап беремін, — деді қызбаланған Митя.
— Міне бұл тамаша болды. Рахмет сізге. Бірақ, жауабыңызды тыңдауға кірісерден бұрын, сіз маған біз үшін өте қызғылықты тағы бір болмашы айғақты, атап айтқанда кеше, сағат бес шамасында, өзіңіздің танысыңыз Петр Ильич Перхотипге тапаншаларыңызды зақылетке беріп, одан он сом ақша алғандығыңыз туралы баяндасаңыз қайтер еді.
— Рас, мырзалар, тапаншаларымды он сомға зақылетке салғаным рас, бірақ, онда не тұр? Шаһарға оралысымен зақылетке бердім, бар болғаны осы.
— Немене, сапардан қайтып па едіңіз? Шаһардан бір жаққа бардыңыз ба?
— Иә, мырзалар, қырық шақырым жерге барып қайттым, сіздер мұны білмедіңіздер ме?
Прокурор мен Николай Парфенович бір-біріне қарады.
— Жалпы, сіз кеше таңертеңнен кешке дейін не істегеніңізді жүйелеп баяндауға қалай қарар едіңіз? Мысалы, шаһар сыртында бір жаққа неге бардыңыз, нақ қашан кетіп, қашан келдіңіз, осы айғақтардың бәрін... білуге болар ма еді?..
— Әуелден осылай сұрамас па? — деп қарқылдап күлді Митя,— қаласаңыздар, онда әңгімені кешеден емес, ал бұрнағы күнгі таңертеңнен қозғау керек, менің қайда, қалай және неге барғанымды сонда түсінесіздер. Мырзалар, бұрнағы күні таңертеңнен қозғау керек, менің қайда, қалай және неге барғанымды сонда түсінесіздер. Мырзалар, бұрнағы күні таңертең мен сенімді зақылетке үш мың сом ақша алу үшін осындағы көпес Самсоновқа бардым,— кенеттен жаман қысылғаным сондай, мырзалар...
— Сөзіңізді бөлгенім үшін кешіріңіз, — деді сыпайы тіл қатқан прокурор, — сізге ойда жоқта нақ сондай сома, яки үш мың сом ақша керек болуының себебі не?
— Ә, мырзалар, ондай ұсақ-түйектің қажеті не: қалай, қашан, неліктен неге онша емес, мұнша ақша деген мылжыңға берілсек... мұның өзі үш томға да сыймай, ақырында тіпті эпилог та қажет болып жүрер!
Митя мұны іштегі сырын жайып салғысы келген, ең ізгі ниетті адамның ақ көңілдігімен айтса да, шыдамсыздықтан туатын ерсілік те байқатқан-ды.
— Мырзалар, — деді ол лезде есін жиғандай болып, — тарпаң мінезім үшін мені cөгe көрмеңіздерші, тағы да өтінем: менің сіздерге құрметпен қарайтыныма және істің шын жағдайын түсінетініме тағы бір иланыңыздаршы. Мені мас деп ойлап қалмаңыздар. Мен әлдеқашан айыққанмын. Тіпті мас болсам да, ешбір бөгет болмас еді. Менің жайым былай ғой:
Айығып, ес жиғасын — ақымақ болам,
Ішіп ап, ес шыққасын — ақыл кіреді.
Ха-ха! Әйтсе де, мырзалар, байқаймын, сіздердің алдыңызда менің бұлай ділмарсуыма әлі ерте секілді ме деймін, яки түсінісіп болғанша дегенім ғой. Сонсоң, өзімнің қадір-қасиетімді сақтауым да керек шығар. Арамыздағы айырмашылықты мен неге түсінбейін: сіздердің алдарыңызда мен қалай болғанда да қылмыскер есебінде отырғам жоқ па, демек, сіздермен әсте теңесе алмаймын, өйткені сіздерге мені тергеу тапсырылған: Григорий үшін мені маңдайымнан сипай қоймассыздар, шынында да, жайдан-жай екі бірдей шалдың басын жаруға бола ма екен сіздер мені бұл үшін сот бойынша, айталық, жарты жылға ма, әлде бір жылға ма, тәубеге келтіретін орынға апарып тықпайсыздар ма, қайдам, сіздерде қалай соттаушы еді өзі, құқықтан айырушы ма еді, солай емес пе, прокурор? Иә, солай, мырзалар, бұл айырмашылықты мен түсінемін... Бірақ сіздер: қайда аяқ бастың, қалай аяқ бастың, қашан аяқ бастың және қайда аяқ бастың? — деген сияқты сұрақтармен тіпті құдайдың өзін де жаңылыстыратындарыңа өздерін де келісетін шығарсыздар. Егер бүйтсек, мен шатасамын ғой, сонан соң сіздер бір бәлені әкеп жапсырасыңдар маған, сонда не болып шығады? Түк шықпайды! Ақыры, бәрібір өтірік айта бастаған екем, оны аяқтамасам болмас, ал сіздер, мырзалар, жоғары білімді, ізгілікті адамдар ретінде, менің бұл қылығымды кешіре жатарсыздар. Сөзімді нақ өтінішпен тәмамдайын: мырзалар, сіздер тергеу ісіндегі тайыздықтан арылсаңдаршы, яки әуелі, былайша, елеусіз, болмашы бірдеңеден бастап: айталық, төсектен қалай тұрып едіңіз, не жедіңіз, қалай түкірдіңіз деген сияқты сұрақтар беріп, "қылмыскердің назарын осылай алдастырып отырып", сонан соң кенет: "Кімді өлтірдің, кімді тонадың?" — деп есеңгіретіп жіберу керек қой. Ха-ха! Сіздердің тайыздықтарың, бұлжымас ережелерің, бар қулық-сұмдықтарың осы емес пе, тәйірі! Сіздер мұндай қулықтарыңмен, мені емес, мұжықтарды алдаңдар. Мен істің мәнін түсінем ғой, мен де қызмет еткен кісімін, ха-ха-ха! Ашуланбаңыздар, мырзалар, сіздер менің бұл тентектігімді кешіресіздер ме? — Митя оларға қарап таңғаларлық ақ көңілділікпен даңғырлап кеткен еді. — Митька Карамазовтың айтқанын кешіруге болатын шығар, зейінді біреуге кешірілмесе де, Митькаға кешіріледі ғой! Ха-ха!
Николай Парфенович оны тыңдаған кезде күліп отырған! Прокурор күлмегенмен, Митяның бірде-бір сөзін, бірде-бір қимылын, бетіндегі титтей де дірілді қалт жібермейін дегендей, одан көз алмай, қадала қараумен болған.
— Алайда, біз алғашта сізбен әңгімемізді дәл солай бастадық емес пе, — деді езуінен әлі де күлкі таймаған Николай Парфенович, — таңертең төсектен қалай тұрып едіңіз, не жеп, не іштіңіз деген секілді сұрақтармен сізді шатастырған жоқпыз ғой, бірден тоқ етеріне көшкен өзіңіз емес пе.
— Бәрін ұғып, түсіндім және ризамын, маған көрсеткен ғажап рақымшылықтарың үшін нағыз ізгі жандар есебінде сіздерді төбеме көтеруге дайынмын. Абзал жанды үшеуміздің басымыз қосылып қалған екен, ендеше, ақырына дейін осылай асыл тегіміз бен ар-намысымыз жақындастырған білімді де ақсүйек адамдардың бір-біріне деген қалтқысыз сенімінен айырмағын. Қалай болғанда да, өмірімнің осы бір қиын сәтінде, ар-намысым аяққа басылған қысылшаңда сіздерді өзімнің ең асыл достарым деп білуге рұқсат етіңіздер! Мырзалар, сіздер бұған ренжімейсіздер ғой, солай емес пе?
— О, не дегеніңіз, қайта, Дмитрий Федорович, сіз барлығын тіпті сондай ғажап айттыңыз, — деп келісті онымен Николай Парфенович маңғазсып мақұлдаған пішінмен.
— Мырзалар, ұсақ-түйекті, сол түкке тұрғысыз іліп-шалудың бәрін тастайықшы, — деді Митя қуанышты үнмен, — әйтпесе мұның ақыры сорақы бірдеңе болып шығар, солай емес пе?
— Сіздің салауатты ақылыңызға ден қоюға дайынмын, — деп кенет сөзге араласты прокурор Митяға қарап, — дегенмен, сіз менің сауалымнан бас тартпаңыз. Бізге мына бір жайтты анықтау өте-мөте қажет: сізге ондай сома, яки нақ үш мың сом ақша не үшін қажет болды?
— Не үшін қажет болды дейсіз бе? Неге дерің бар ма, анаған, мынаған... әлгі, борышымды өтеу үшін.
— Нақ кімге?
— Жоқ, мырзалар, мұны сұрамаңыздар, айтпаймын! Білесіздер ме, мұны айта алмағандықтан, болмаса батылдығым жетпегендіктен, не қорыққандықтан емес, ал соның бәрі түкке тұрғысыз, болмашы бірдеңе болғандықтан айтқым келмейді, бұл арада қасарып қаламын: бұл менің жеке басымның тіршілігі, сондықтан оған ешкімнің араласуына көне алмаймын. Менің өз еркім бұл. Сіздің бұл сауалыңыздың іске қатысы жоқ, бұл менің жеке басымның тіршілігі! Борышымды қайтарып, ар-намысымды сақтағым келді, ал кімге — оны айтпаймын.
— Осылай деп жазып қоюға болады ғой, — деді прокурор.
— Рақым етіңіз. Дәл солай деп жазыңыз: айтпаймын да айтпаймын деп. Мырзалар, менің мұны айтуды тіпті масқара санайтынымды да түртіп қойыңдар. Сіздердің жазуға жалықпайтындарыңды көріп отырмын!
— Мархабатты тақсыр, — деді тым қатал әрі сесті үнмен прокурор, — егер сіз қазір өзіңізге қойылған сауалдарға жауап қайтармауға толық құқықты екеніңізді, ал біздің, бұған керісінше, егер сіз белгілі бір себеппен жауаптан жалтарсаңыз, ондай жауапты алу үшін сізді зорлауға ешқандай хақымыз жоғын білмесеңіз, сізге мұны ескертіп, тағы бір есіңізге салып қоюға қарсы болмайтын шығарсыз. Жауап беру-бермеу өз еркіңізде. Әйтсе де, иә олай, иә бұлай деп жауап беруден бас тартып, тап қазіргі жағдайыңызда сіз өзіңізге-өзіңіз қандай зиян келтіретіндігіңізді сізге ескертіп, түсіндірмей тұра алмаймыз — бұл біздің парызымыз. Сондықтан жауабыңызды жалғастыра беруді өтінемін.
— Мырзалар, мен ашуланып жатқан жоқпын ғой... мен... — деп міңгірледі әлгі зілді сөздерден сәл қысылыңқырап қалған Митя, — міне, білесіздер ме, мырзалар, анада мен барған, әлгі Самсонов деген...
Әлбетте, Митяның не дейтіні оқырманға мәлім болғандықтан, біз оның әңгімесін бажайлап жатпаймыз. Ол барлығын бүге-шігесіне дейін баяндауға тырысқан, бірақ, сонымен қабат әңгімесін де тез тәмамдауға асыққан-ды. Алайда, оның жауаптарын жазып алу, демек, оны әлсін-әлі тоқтату керек қой. Дмитрий Федоровичке бұл ұнамады, бірақ, ол мазасызданбады, ашу қысса да теріс кеткен жоқ. Рас, кейде: "Мырзалар, мынаған құдайдың өзі де терісіне сыймай кетер", немесе: "Мырзалар, бүйткенде сіздер мені босқа ренжітетіндеріңізді білесіздер ме?" — деген сөздер абайсызда аузынан шығып кетіп жатты, әйтсе де ол, бұлай дегенде, әзірше өзімсініп еркінсіген пиғылынан жазбаған еді. Сонымен, ол өзін бұрнағы күні Самсоновтың қалай "мұзға отырғызғанын" айтып берді. (Сол жолы өзін жаман алдағанын Митя енді сезе бастаған-ды.) Оның жолға ақша табу үшін сағатын алты сомға сатқанын прокурор мен тергеуші мүлде білмейтін еді, сондықтан олар бұл айғаққа жабыса кетті де, Митяның қатты наразылығына қарамастан соның алдында ғана оның көк тиын ақшасы болмағандығының екінші дәлелі ретінде бұл айғақты егжей-тегжейіне дейін қағазға түсіру қажет деп тапты. Митя біртіндеп тұнжырай берген еді. Бұдан кейін ол Кәрі Төбетке қалай барғанын, басына иіс тиген лашықта қалай түнегенін және басқаларын баяндай келіп, әңгімесін шаһарға қалай оралғандығымен бір-ақ тамамдаған сонан соң ол, сонша қолқалаған ешкім болмаса да, Грушеньканы қызғанып қалай азаптағанын бүге-шігесіне дейін баяндауға кірісіп кеткен. Оны үндеместен, зейін қоя тыңдаған, әсіресе Марья Кондратьевна ауласының "арт жағында" көптен бері Грушеньканың Федор Павловичке барған-бармағанын аңдитын орны болғандығына, үйде не болып жатқанын Смердяковтың оған жеткізіп тұрғандығына шұқшия назар аударылып, бұл да қағазға тәптіштеп түсірілген-ді. Митя өзінің қызғаншақтығын елеурей, бүкпесіз әңгімелеп, ашыналық сырларын, былайша айтқанда, "жұрттың күлкісіне" жайып салғандығына іштей қысылғанмен, жауабының иланымды көрінуі үшін, тегі, ар-ұятты жиып қойса керек. Әңгіме үстінде тергеушінің, әсіресе прокурордың бедірейе қарағандығы, сайып келгенде, оның шымбайына қатты батқан еді: Оған: "Осыдан не бары бірнеше күн бұрын әйел жайында қайдағы бір зердесіздіктерді әңгіме еткенімізде, аузының сілекейін шұбыртқан мына балақан Николай Парфенович пен анау дімкәс прокурорға жан сырымды ақтаруға мәжбүр еткен құдайға не қыларсың — масқара ғой бұл!" — деген ой сап ете қалды. Содан кейін Митя өзінің ойын: "Шыдап бақ, мойынсұнып, үндемегін", — деген өлең жолымен қорытып, әңгімесін одан ары жалғастырмақ болды. Хохлакова туралы баяндауға кіріскенде, ол қайтадан көңілденіп, тіпті осы ханым жайында жуырда ғана тараған бір қызық анекдотты, іске қатысты болмаса да, қыстырып жібермекші болып еді, тергеуші оны тоқтатып, сыпайыгершілікпен "одан гөрі маңыздырақ" мәселеден таймауды ұсынды. Ақыры, ол өзінің жаман торығып кеткенін суреттеп, Хохлакованыкінен шыққасын "біреуге пышақ салсам да, үш мың сом ақша табуым керек" — деген ойға келгенін айтқанда, оны тағы да тоқтатып, "біреуге пышақ салғысы" келгенін жазып қойды. Бұған Митя үнсіз көнді. Содан кейін әңгіме Грушеньканың түн ортасына дейін шалдың жанында боламын деген сөзінде тұрмай, бұл ертіп апарып тастағасын, оны алдап, Самсоновтан сол сәтте-ақ кетіп қалғанын кездейсоқ естіп білгендігіне келіп тірелген-ді. Әңгіменің осы тұсында: "Мырзалар, егер мен онда әлгі Феняның жоқтауын бір-ақ асырмасам, бұған тек уақытымның тығыздығы ғана себеп болды" — деген сөздер аузынан абайсызда шығып кеткені. Мұны да тәптіштеп жазып қойды. Сонан соң, түнере тосып отырған Митя әкесінің бағына қарай қалай жүгіре жөнелгенін айта бастап еді, тергеуші оны кенет тоқтатып қойып, қасындағы диванда жатқан үлкен портфелінен мыс келсапты алды.
— Мынаны көргеніңіз бар ма еді? — деді ол келсапты Митяға көрсетіп.
— Аһ, иә! — деді Митя тұнжырай мырс етіп, — көргенде қандай! Бере тұрыңызшы... А, құрысын, керегі жоқ!
— Сіз бұл жөнінде айтуды ұмытып кеттіңіз ғой, — деді тергеуші.
— Қап! Жасырайын деген жоқ едім, мырзалар, бірақ, сіздер қалай ойлайсыздар, соны сөз қылмай-ақ қоюға болмай ма? Тарс есімнен шыққанын қарашы.
— Рақым етіңіз, осы бір затпен қалай қаруланғаныңызды ыждағаттап баяндаңызшы.
— Рұқсат болса, рақым еттім, мырзалар.
Сөйтіп Митя келсапты қалай алып, жүгіре жөнелгенін айтты.
— Алайда, оны ала қашқанда сіздің қандай мақсатыңыз болды?
— Қандай мақсат дейсіз бе? Ешқандай мақсатым болған жоқ! Жай қыстыра кеткенім ғой.
— Егер ешқандай мақсатыңыз болмаса, онда неге алдыңыз? Митя өкініштен өкіріп жібере жаздады. Ол "балақанға" қадала қарап, тұнжыраған күйі ызамен мырс етті. "Осындай кісілерге" өзінің қызғаныш хикаясын соншалықты ағынан жарылып, шын пейілден ақтарғандығына жаман ұялып, жерге кіре жаздаған еді, — бар гәп осында-ды.
— Сол да сөз болып па! — деп қалды ол.
— Дегенмен де.
— Ал, ит қаппасын деп алдым. Қараңғыда... Әншейін сақтық үшін, онда не тұр.
— Түнде далаға шыққаныңызда, қараңғыда қорықпайын деп бұрын да сондай бірдеңені ала жүруші ме едіңіз?
— Е, құрысын, тьфу! Мырзалар, сіздермен тіпті сөйлесу мүмкін емес қой! — деді әбден зығырданы қайнаған Митя, содан кейін ызадан долданып алған ол хатшыға бұрылып қарап, шытынған дауыспен шамырқана былай деді:
— Көне тез жаз... тез деймін... "өзінің әкесін.. Федор Павловичті... басын жарып... өлтірмекші болып келсапты ала жүгірді де!" Ал, мырзалар, енді маған ризасыздар ма? Көңілдерің көншіді ме?— деді тергеуші мен прокурорға тесірейе қараған ол.
— Бізге ренжігесін және біздің сұрақтарымызды, шындығында олар аса мәнді бола тұрса да, ұсақ-түйек бірдеңе деп елемей ызаланғасын осылай жауап беретініңізді біз тым жақсы түсінеміз,— деді оған прокурор салқын үнмен.
— Мырзалар-ау, неғып ұқпайсыздар! Келсапты алғанда не тұр... Кісі қолына бірдеңе ұстамаушы ма еді? Не үшін алғанымды қайдан білейін. Қолыма ұстап кете барған шығармын. Бар болғаны осы. Мырзалар, ұялсаңдаршы, passans1, әйтпесе, құдай ақына, мен сіздермен мүлде сөйлеспеймін тіпті.
Митя үстелге шынтақтап отырып, қолымен жағын сүйеді. Ол іштегі ыза-кегін әрең тізгіндеп, тергеушілерге қырындап, қабырғаға қарап отырған. Шындығында ол орнынан атып тұрып, енді "дарға ассаңдар да" ләм-мим деп ауыз ашпаймын деп айқайлаудан да тайынбайтын еді.
— Білесіздер ме, мырзалар, — деді бір кезде Митя өзін-өзі әрең тізгіндеп. — Сіздерді тыңдаған кезде менің көзіме әлдене елестегендей болады... білесіздер ме, мен кейде бір түс көретін едім... жиі қайталанатын сондай бір қызық түс, біреу мені соңымнан қуады екен деймін, кім екенін білмеймін, бірақ одан әйтеуір жаман қорқам, қараңғыда, түнде мені қуып жүр екен, мені іздейді екен деймін, ал мен біресе есіктің сыртына, біресе шкафтың артына жасырынады екем, ең бастысы, ол менің қайда тығылғанымды бек жақсы біледі екен деймін, алайда ол жорта сезбегенсиді екен, өйткені ол мені үрейлендіруден көбірек ләззат алғысы келеді екен деймін.. Сіздер маған соны істеп отырсыздар! Соның кері бұл!
— Шынымен сондай түс көретін болғаныңыз ба? — деп сұрады прокурор.
— Иә, сондай түс көрем... Сіздің мұны да жазып қойғаныңыз келіп тұр ма? — деп Митя кекете күлді.
— Жоға, оны жазып қайтем, дегенмен сіздің түстеріңіз қызық екен.
— Енді ол түс емес! Шындық, мырзалар, шынайы өмір шындығы бұл! Мен — қасқырмын да, сіздер — аңшысыздар, ендеше сол қасқырды неге соғып алмайсыздар.
— Сіздің бұл теңеуіңіз бекер-ақ... — деді өте биязы үнмен Николай Парфенович.
— Жоқ, мырзалар, бекер емес! — ішіне сыймаған запыранды ақтара салғасын, тегі оның жаны сергіп, әр сөз сайын тағы да жадырай бастағанмен. Митя қайтадан қызбаланып кетті. — Тергеген сұрақтарына жауап берумен азапқа түскен қылмыскерге немесе сотталушыға сенбеуге болады, бірақ, мырзалар, аса игі ниетті адамға, оның жан-дүниесінің аса ізгілікті ықылас-ынтасына сенбеу — тіпті мүмкін емес! (Мен осылай деп қысылмай жар саламын!), бұған сенбеуге болмайды, тіпті хақыларың жоқ бірақ...
Үндеме, үндеме, Мойынсұн, әсте үндеме!
Ал қалай, одан ары жалғастырайын ба? — деп тұнжыраған Митя кілт тыйылып қалды.
— Әрине, рақым етіңіз. — деп жауап қатты Николай Парфенович.
Үшінші сергелдең
Қатулана сөйлеген Митя, әйтсе де, айтпақшы болған жайттарының бүге-шігесінен қапелімде бірдеңені ұмытып кетпеуге тырысып бақса керек. Ол әкесінің бағына дуалдан қалай секіріп түскенін, терезеге қалай жақындап барғанын, сосын, ақыры, терезе түбінде не болғанын тәмамдап баяндады. Бақ ішінде: Грушенька әкемнің қасында ма, жоқ па? — деген күдікті қалай басынан кешкенін мүдірместен, айқын, нақпа-нақ айтып берді. Бірақ, таңғаларлығы сол, прокурор да, тергеуші де бұл жолы оны бір түрлі тым сүлесоқ тыңдап, оған сұлық қарап, сұрақты әлдеқайда аз қойған еді. Митя олардың бет-жүзінен дәнеңе аңғара алмады. "Талағы тарс айырылып, кіржие қалғандарын қайтерсің, — мейлі!" — деп ойлады ол әкесі терезені ашсын деп, Грушеньканың келгендігі жайында қалай белгі бермекші болғанын айтқанда, прокурор мен тергеуші — "белгі" деген сөзге әсте назар аударған жоқ, бұл арада ол сөздің қандай мәні барын олар мүлде аңғармағандай еді, мұны тіпті Митя да байқаған. Ақыры, ол әкесінің ашық терезеден сыртқа басын сұғып қарағанын көргенде, зығырданы қайнап, қалтасынан келсапты суырып алғанын айтқан соң, кенет қасақана кідіргендей болды. Ол қабырғаға қарап отырса да, апалардың бұған тесірейе қалғанын анық сезген-ді.
— А-ал, — деді тергеуші, — сіз қаруыңызды шығардыңыз делік... содан кейін не болды?
— Содан кейін бе? Не болушы еді, өлтірдім де тастадым... Қақ төбесінен бір періп, басын жардым... Солай емес пе, сіздерше, солай ғой! — Оның көзі кенет алақ-жұлақ етті. Ілкіде өшкен бар ыза-кегі лезде қайта тұтанып, ішін жандырып бара жатқандай еді.
— Біздіңше солай-ақ болсын, — деді Николай Парфенович, — ал сіздіңше қалай еді?
Митя көзін төмен салып, көпке дейін үндемеді.
— Меніңше, мырзалар, меніңше, былай болған еді, — деді ол баяу үн қатып, — дәл сол сәтте біреудің көз жасы қағас қылды ма, шешем марқұмның тілегі қабыл болды ма, әлде жебеуші періштем келіп маңдайымнан сүйді ме, — мұны айта алмаймын, бірақ, әйтеуір мені түрткен сайтанның сағы сынғаны анық. Терезеден жалт беріп, дуал жаққа қаша жөнелдім... Сол сәтте мені бірінші рет байқаған әкем шошып кетті білем, бақырып, терезеден кейін шегінді — бұл тым жақсы есімде қалған. Ал мен бақтың ішімен дуалға қарай... секіріп дуалдың үстіне шыққан кезімде Григорий соңымнан қуып жетіп жармаса кетті...
Митя дәл осы араға келгенде басын көтеріп, тергеушілерге көз салды. Ал олар болса бұған мүлде бейжай қарап отырған еді. Митяның іші-бауырын бір наразылық жалыны шарпып кеткендей сезілген.
— Ал сіздер, мырзалар, дәл осы сәтте мені ғой күлкі ғып отырсыздар, солай емес пе! — деді Митя кенеттен.
— Сіз неліктен ондай пікірге келдіңіз? — деді Николай Парфенович.
— Себебі, сіздер менің бірде-бір сөзіме сенбейсіздер! Жардан құлағалы тұрғанымды мен түсінбейді дейсіздер ме. Шал болса анда басы жарылып жатыр, мен болсам — мұнда оны қалай өлтіргім келгенін, келсапты қолыма қалай алғанымды қамыға сипаттап бергеннен кейін, кенет терезеден қаша жөнелдім деп былжырап отырмын... Дастан ғой! Керемет жыр емес пе! Ержігіттің сөзіне сенуге бола ма! Ха-ха! Мырзалар, сіздер нағыз күлдіргіш екенсіздер ғой!
Сөйтіп, ол отырған орындығын сықырлата, күллі кеудесімен бұрылды.
— Терезеден қаша жөнелгеніңізде байқамадыңыз ба: ауладағы үйдің ар жағындағы баққа кіретін есік ашық па еді, әлде жабық па еді? — мұны көрген жоқсыз ба? — деді кенет прокурор Митяның алабұртуына тіпті назар аудармаған пішінмен.
— Жоқ, жабық болатын.
— Жабық дейсіз бе?
— Жабық болатын, жоқ, оны кімнің ашуы мүмкін? Беу, есік пе, тоқтаңыздар! — ойда жоқта бірдеңе есіне түскендей, ол селк ете түсе жаздады, — пе, сіздер келгенде есік ашық жатыр ма екен?
— Ашық жатыр екен.
— Егер есікті сіздердің өздеріңіз ашпасаңдар, оны кімнің ашуы мүмкін? — деді айран-асыр таң қалған Митя.
— Есік ашық қалыпты, сіздің әкеңізді өлтірген кісінің сол есіктен кіріп, зұлымдығын істеген соң, сол есіктен қайта шығып кеткендігі күмәнсыз, — деді саспай, анықтап, қадап-қадап айтқан прокурор. — Бұл бізге айдан анық. Оны, тегі, терезеден кіріп өлтірмеген, бөлмеде өлтірген, қылмыс болған жерді тексеруден, өліктің еденде қалай жатқандығын, барлық жағынан бұл айқын көрініп тұр. Бұған ешқандай күмән болмауға тиіс.
Митя сұмдық қайран қалды.
— Мырзалар-ау, олай болуы мүмкін емес қой! — деп айқайлап жіберді не дерге білмеген ол, — мен... мен ішке кірген жоқпын... шын айтам, мен бақ ішінде тұрғанда, сосын кейін қашып бара жатқанымда да есік жабық тұрған, мен сіздерге имандай шынымды айтып тұрмын. Мен терезенің түбінде тұрғанмын және оны терезеден ғана көргенмін... Соңғы минутқа дейін есімде. Тіпті жадымда ештеңе қалмаса да, мен мұны бәрібір білер едім, өйткені ол белгі тек маған, Смердяковқа, сосын марқұмның өзіне ғана мәлім болатын, ал шал, дәл солай белгі берілмесе, жуыр маңда тірі пендеге аша қоймас еді!
— Белгі ме? О неғылған белгі? — прокурор сұқтанып, тіпті өрескелдеу әуестікпен тіл қатқанда оның бағанадан бергі алабөтен байсалдылығынан дәнеңе қалмады. Ол тайсақтап, алыстан орағыта сұраған еді. Әлі естімеген, бір мәнді фактінің иісін сезген соң, ол Митя бұл дүдәмалды толық ашпаса қайтеміз деп қорыққан.
— Қалай, сіз білмеуші ме едіңіз! — Митя оған көзін қысып қойып, зәрлі мысқылмен мырс етті. — Ал егер мен айтпасам қайтесіздер? Онда кімнен білмексіздер? Ол белгіні марқұмның өзі, сосын мен және Смердяков қана білетін, сонсоң көктегі құдайға ғана мәлім болатын, бірақ, ол біздерге айтпайды ғой. Ал айғақ қызғылықты, оған сүйеніп қалай былықтырсаң да болады, ха-ха! Тынышталыңыздар, мырзалар, мен қазір ол құпияны ашамын ал сіздердің ойларыңдағы — зердесіздік. Кіммен сөйлесіп отырғандарыңызды білесіздер ме! Сіздердің алдарыңызда отырған айыпкер — өзін-өзі көрсететін, өзіне зиян келтіріп жауап беретін адам! Міне солай, өйткені мен ар-намыстың серісімін, ал сіздер ондай бола алмайсыздар!
Митяның кекетіп-мұқатқанына прокурор шыдап баққан, оның тек тағы қандай дәйекті естіп білгенше тағаты таусылған. Федор Павловичтің Смердяков үшін ойлап тапқан белгісіне қатыстының бәрін Митя бажайлап, нақпа-нақ баяндап берді, әрбір тықылдың мәнін түсіндіріп, тіпті үстелді тықылдатып та көрсетті, сонан соң Николай Парфеновичтің: демек, ол, Митя, шалдың терезесін тықылдатқанда: дәл "Грушенька келді" — дегенді білдіретін белгіні берді ме? — деген сұраққа дәл солай, яки "Грушенька келді", — деп тықылдатқанын айтты.
— Енді қалай қиялдасаңдар да еріктерің! — деп кіжірейген Митя кілт тоқтап, олардан тағы да теріс айналды.
— Бұл белгіні тек марқұм әкеңіз бен өзіңіз және малай Смердяков қана білуші ме еді? Өзге ешкім білген жоқ па? — деп тағы да анықтай түсті Николай Парфенович.
— Иә, бізден басқа, малай Смердяков және көктегі құдай ғана. Құдай дегенімді де жазып қойыңыз, бұл артық болмайды. Кейін құдайекең сіздердің өздеріңізге де керек болар.
Олар, әрине, жаза бастаған, сонан соң, прокурор кенет жаңа бір ойға тірелгендей, былай деген:
— Ал егер ол белгіні Смердяков та білсе, дәл солай тықылдатып әкеңізге есікті ашқызып, содан кейін... осы қылмысты сол істесе ше? Бұлай дейтінім, сіз әкеңіздің өліміне қатысты айыпты ешбір мойындамайсыз ғой.
Митя оған қатты кекеткен пішінмен, оның үстіне оқты көзімен ата қараған еді. Өңменінен өткізе, ұзақ тесірейе қарағанына шыдамағандықтан прокурордың көзі жыпылықтап кетті.
— Тағы бір түлкі ұстадым десеңізші! — деді ақырында Митя,— ол сұмпайыны дәл бұлаңдаған құйрығынан қақпанға түсірген жоқсыз ба, хе-хе! Мен сіздің арам ойыңызды сезем, прокурор! Сіз ғой мені әлгі айтқаныңызға жармаса кетіп, орнымнан атып тұрып: "Бәсе, сол Смердяков екен ғой менің әкемді өлтірген!" — айқай салады деп ойладыңыз ғой. Мойындаңызшы, осылай ойлағаныңызды мойындаңызшы, ар жағын сосын айтайын.
Бірақ, прокурор мойындамады. Ол үндеместен күтіп отыра берген.
— Қателесесіз, Смердяковқа аударып айқай саламын! — деді Митя.
— Оған тіпті мүлде күдік те келтірмейсіз бе?
— Немене, сіздер күдіктеніп пе едіңіздер?
— Оған да күдік туғызғанбыз.
Митя көзін төмен салды.
— Әзіл-қалжыңды былай қояйықшы, — деді ол тұнжыраған күйі, — ә дегенде-ақ, бағана ана шымылдық ішінен сіздерге жүгіріп шыққан сәтте басыма "Смердяков!" — деген ой сап ете қалып еді. Сонсоң, осында үстел қасында отырып, төгілген қанға мен кінәлы емеспін деп қақсаған кезде де іштей: "Смердяков!" — деп ойлаған едім. Тіпті Смердяков көкейімнен кетпей қойған. Ақыр-соңында, қазір де кенет: "Смердяков!" — деп тағы да ойладым, бірақ тек бір сәтке ғана осылай болды, сонсоң іле-шала: "Жоқ, Смердяков емес!" — деген ойға қалдым. Жоқ, мырзалар, бұл оның ісі емес!
— Олай болса, күдіктенетін басқа кісіңіз жоқ па? — деп сұрады Николай Парфенович сыпайылап қана.
— Бұл кімнің немесе қандай кісінің, көктегі құдайдың немесе сайтанның ісі екенін айта алмаймын, бірақ... әйтеуір Смердяков емес мұны істеген! — деп кесіп тастады Митя.
— Алайда, сіз бұл оның ісі емес деп неліктен осыншалықты кесіп айтып, қасара бересіз?
— Сенімім бойынша. Әсерім бойынша. Неге десеңіз, Смердяков нағыз сүмелек, барып тұрған қорқақ. Қорқақ деймін-ау, жоқ, бұ жалғанда екі аяқтыдан ондай жасықты іздеп табу неғайбыл Ол тауықтан жаратылған. Менімен сөйлескенде, оған тіпті қол көтермесем де, бейне ажалы менен болатындай, һәман дірілдеп тұратын еді. Аяғыма жығылып, жылап қоя беретін, менің мына етігімді сүйетін, "қорқытпашы" деп шынымен жалынатын. Естисіздер ме: "Қорқытпашы" — бұл неғылған сөз? Оған менің тіпті жаным ашитын. Ол қояншық аурулы, нақұрыс, дімкес сорлы, сегіз жасар баланың бір пергенінен де қалмайды. Сол да кісі болып па? Жоқ, Смердяков емес, мырзалар, оның ақшаға құмарлығы жоқ, менің қолына қыстыра салған тиыныма да жуымайтын... Сосын ол шалды өлтіріп қайтеді? Ол, бәлкім, оның некесіз туған баласы шығар, сіздер мұны білуші ме едіңдер?
— Сондай бір аңызды естігеніміз бар. Бірақ, сіз де әкеңіздің баласысыз ғой, соған қарамастан, әкемді өлтірмей тынбаймын деп жұрттың бәріне жар салмадыңыз ба.
— А, енді менің бақшама тас лақтырдыңдар ма! Неткен арамдық, неткен сұмдық бұл! Мені қорқыта алмайсыңдар! Мырзалар-ау, маған шімірікпестен бұлай деу, қалай, сіздерге нағыз жауыздық болып көрінбей ме! Жауыздық болатын себебі, мұны сіздерге мен өзім айттым. Оны өлтіргім келгені былай тұрсын, бұл менің қолымнан келетін де еді, оның үстіне өлтіріп тастай жаздадым деп өзіме-өзім пәле тілеп айтқаным және бар. Бірақ, мен оны өлтірген жоқпын, мені жебеуші-періштем қағас қылды ғой — міне нақ осы бір жайтты сіздер пайымдай алмадыңыздар... Сондықтан сіздердің бұларыңыз жауыздық болып шығады! Неге десеңіз, оны мен өлтірген жоқпын, мен емес, мен емес оны өлтірген! Прокурор, естимісің, оны өлтірген мен емес!
Митя демігіп кетті. Тергеу үстінде ол тап бұлай қатты күйіп-піспеген еді.
— Мырзалар, сіздерге Смердяков не деді? — деді ол сәл үнсіздіктен кейін. — Сіздерден мұны сұрауыма болатын шығар?
— Бізден бәрін, іске тікелей қатысты жайттардың барлығын сұрауыңызға болады, — деп жауап қатты прокурор салқын сұсты пішінмен, — ал біз, қайталап айтам, сіздің әрбір сұрағыңызға жауап беруге міндеттіміз. Ал сіз сұраған малай Смердяков біз барғанда қояншығы дамылсыз ұстай бергендіктен, діңкесі құрып, ес-түссіз төсегінде жатыр екен. Қасымыздағы дәрігер ауруды қарап көріп еді, ол бәлкім, тіпті таңға да жетпес деді.
— Онда әкемді жын-шайтан өлтіргені ғой! — Бұл сөздер Митяның аузынан осы соңғы минутқа дейін: "Смердяков па, әлде Смердяков емес пе?" — деп өзінен-өзі іштей сұрап тұрғандай, абайсызда шығып кеткен еді.
— Біз бұл дәйекке тағы бір орала жатармыз, — деді Николай Парфенович, — ал қазір жауабыңызды одан ары жалғастыруға қалай қарайсыз.
Митя сәл тыныстауға өтініш етті. Оған сыпайылықпен рұқсат берілді. Дем алып болғасын ол жауабын одан ары жалғастырды. Бірақ іштей қиналып отырғандай. Ол сергелдеңге түсіп, ар-намысы аяққа басылып, қорланған еді. Оның үстіне, енді қасақана істегендей, прокурор минут сайын әрбір "ұсақ-түйекке" жармаса берген-ді. Митя дуалға ырғып шыққан соң оның сол аяғынан жармаса кеткен Григорийді қақ бастан келсаппен қалай соққанын, сосын сұлап түскен шалды көрейінші деп жерге қалай секіріп түскенін айтып бола бергенде, прокурор оны тоқтатып қойып, дуалдың үстінде қалай отырғанын толығырақ суреттеуді өтінді. Митя қайран қалды.
— Міне, былай, аттай мініп отырдым, бір аяғым іште, екіншісі сыртта.
— Ал келсап ше?
— Қолымда болатын.
— Қалтаңызда емес пе еді? Бәрі анық есіңізде ме? Қалай, қолыңызды қатты сермедіңіз бе?
— Қатты сермеуім де мүмкін, ал сізге мұның керегі не?
— Қолыңызды қай жаққа, қалай сермегеніңізді анықтау үшін дуалда қалай отырғаныңызды қазір мына орындықта дәл солай отырып көрсетсеңіз қайтеді?
— Немесе, сіз өзі мені мазақтап отырғаннан саусыз ба? — деп сұрады прокурорға миығынан қараған Митя, бірақ анау кірпік те қаққан жоқ. Күйгелектей бұрылған Митя орындыққа аттай мініп алып, қолын сермеп қалды:
— Міне, былай соқтым! Міне, осылай өлтірдім! Тағы не керек сізге?
— Рахмет. Енді мынаны түсіндіріңізші: шындығында, неге жерге қайта секіріп түстіңіз, шындығында, қандай мақсат көздеп, не істемек болдыңыз?
— Эй, сайтан... сұлап жатқан шалды көрейін деп... Неге өйткенімді қайдан білейін!
— Сондай абыржу үстінде ме? Қашып бара жатып па?
— Иә, абыржып және қашып бара жатсам да сөйттім.
— Оған жәрдемдескіңіз келген шығар?
— Қандай жәрдем... Қайдам, жәрдемдескім келуі де мүмкін, бірақ, жадымда жоқ.
— Не істегенім есімде жоқ дейсіз бе? Яки тіпті ақылдан адасқан секілді болдыңыз ғой?
— О, жоқ, соншама алжасып не болыпты, бәрі де анық есімде. Ештеңені ұмытқан жоқпын. Оны көрейінші деп жерге түстім де, қол орамалмен жарасының қанын сүрттім.
— Қол орамалыңызды көргенбіз. Не, қарағанда — өліп жатқан шалды кайта тірілтемін деп үміттендіңіз бе?
— Қайдам, үміттене қойдым ба екен? Жай өлі-тірісін білгім келген шығар.
— Әншейін соны ғана білмекші болдыңыз ба? Ал сонан соң?
— Мен дәрігер емеспін ғой, анықтай алмадым. Сосын ол жазатайым болған екен деп қаша жөнелдім, енді, міне, бейшараның есі кіріпті.
— Жақсы-ақ, — деді сөзінің қорытындысында прокурор. — Рахмет сізге. Маған керегі де осы ғана. Енді жауабыңызды жалғастыра беруге болады.
Амал бар ма, тек жаны ашығасын ғана секіріп түскені, өлікке төніп тұрып: "Мұны қандай ғана сор түртті екен, амал жоқ, болары болды, жатсын осылай", — деп жанашырлық білдіргені жадында тұрса да, мұны жауабына қоса айту оның қаперіне де кірмеген еді. Ал прокурор болса бір ғана тұжырымға келген: "адам ондай сәтте, ондай абыржу үстінде" тек өзі істеген қылмыстың бірден-бір куәсінің өлі-тірісін қапысыз анықтау үшін ғана жерге қайта секіріп түсуі мүмкін. Демек, бұған дәті барған кісінің күші, жанкештілігі, салқынқандылығы мен сақтығы қандай болу керек... және тағысын тағылар. Прокурор дандайсып қалған еді: "Күйгелек немені "ұсақ-түйекке" жармасып ызаландырып көріп едім, қалай айтып салғанын сезген де жоқ".
Митя жауабын қинала-қинала одан ары жалғастырған. Бірақ, енді оны Николай Парфенович тағы да тоқтатты.
— Екі қолыңыз, сосын, кейіннен анықталғанындай, бет-аузыңыз да қан-қан күйі қызметші әйел Федосья Марковнаға қалай бардыңыз?
— Мен онда қолыма, бетіме қан жұққанын мүлде білген жоқпын! — деп жауап берді Митя.
— Ол шынын айтып тұр, ондайда нақ солай болмақ, — деп қосарланды прокурор Николай Парфеновичке қарап.
— Шынында да білмеген едім, сіз өте дұрыс айттыңыз, прокурор, — деді оны қостай жөнелген Митя. Алайда, бұдан кейін оның кенет "қарасын батырғысы", "екеуінің бақытына бөгет болмағысы" келгені жайындағы хикаяларды ағытудың кезегі келді. Сөйтіп оның, бағанағыдай, тағы да жүрек сырын ақтарып, "жан дүниесінің падишасы" жайында тағы да сөз қозғауға ешбір дәті бармады. "Қандалаша қадалған" осынау сұсты кісілерден оның жаны жеркенген еді. Сондықтан ол қайталанған сұрақтарға келте қайырып, тіксіне жауап берген:
— Сонсоң өзімді атып өлтіруге бекіндім. Ендігі тірліктің қажеті не? — деген сұрақ жанымды жей берді. Бір кезде оны алдап кетсе де, бес жылдан кейін өзінің кінәсын енді заңды некемен жуып-шаяйын деп бұрынғы көңіл қосқан адамы келіп тұрса, қайтуым керек. Құрып біткен жерім осы шығар деп ойладым... Осылай масқара болғаным анау, Григорийдің қанын мойныма жүк қылғаным мынау... Ендеше не үшін өмір сүрем? Оқтап қойып, таң алдында құлақ шекемнен бір-ақ басып салайын деп зақылетке салған тапаншаларымды алуға бардым.
— Түні бойғы той-думан ше?
— Таң атқанша думандаттық, бұл рас. Ә, құрысын, мырзалар, не болса да тез бітіріңдерші. Онша алысқа бармай-ақ, шоқ тоғайдың сыртына шығып атылып өлуге біржола бекінгем, таңғы сағат бес кезінде мұны істейтін едім де, қалтамда жазып қойған қағазым да бар-ды. Перхотиндікінде тапаншаларды оқтап жатқанда жазғанмын. Міне, қағазым, оқыңдар. Бірақ сіздерге арнайы айтып тұрғам жоқ! — деді ол кіржиген пішінмен. Сонсоң Митя желеткесінің қалтасынан қағазын алып, үстелге лақтырып тастады; тергеушілер оны шұқшия оқып шыққан соң, әдеттегісінше, іске тігіп қойды.
— Тіпті Перхотин мырзанікіне барарда да қолыңызды жуу қаперіңізге кірмегені ме? Демек, біреу-міреу күдіктенер деп те қауіптенбегеніңіз ғой?
— Қандай күдік? Күдіктен күдіктенбе мейлің, — маған бәрібір, осында тайып беріп, сағат бесте атылып өлсем, маған не қылады. Егер әкемнің қазасы болмаса, сіздер ештеңе білмес те, мұнда келмес те едіңдер. О, сайтанның әлегі бұл, әкемді өлтірген сайтан, сіздердің мұны іле-шала естіп білулеріңе де сайтан жәрдемдескен! Мұнда қалай тез келдіңдер? Ғажап, адам нанғысыз тіпті!
— Перхотин мырза оған келгенде сіздің қолыңызда... қанға боялған қолыңызда... ақша... көп ақша... бір буда жүз сомдық болғанын бізге айтып берді, мұны оның үйіндегі малай бала да көріпті!
Солай, мырзалар, нақ солай болғандығы есімде.
— Онда тағы бір кішкентай сұрақ қойсақ қайтеді. Сіз мынаны қалай түсіндірер едіңіз, — деп бипаздай бастады Николай Парфенович, — жауаптарыңыз бойынша сіз тіпті үйіңізге де кіріп үлгірген жоқсыз, сонда сізге мұншама ақша аяқ астынан қайдан келе қалды?
Николай Парфеновичтің тікесінен қойған сауалына прокурор сәл тыжырынғанмен, оның сөзін бөлмеді.
— Иә, үйіме соққан жоқпын, — деп Митя өте салмақты, бірақ жерге қарап жауап берді.
— Олай болса, әлгі сұрақты тағы да қайталауға рұқсат етіңіз,— деп бір түрлі жәдігөйси қалған Николай Парфенович сөзін одан ары жалғастырды. — Сіз соншама ақшаны қайдан таптыңыз, оның бер жағында өзіңіздің мойындауыңыз бойынша, сол күні сағат бесте...
— Он сомға зәруліктен тапаншаларымды Перхотинге зақылетке бердім, сонсоң үш мың сом қарыз алайын деп Хохлаковаға бардым, бірақ ол бермеді, тағысын тағылар, тағы сол сияқты бірдеңелер, — деп Митя оның сөзін кесіп тастады, — иә, міне, мырзалар, зәрулік көріп едім, үш мың көктен қалай түсе қалды, а? Білесіздер ме, мырзалар, енді сіздердің екеуіңіз де: қайдан алғанын айтпаса қайтеміз? — деп қорқып отырсыздар. Дәл солай: айтпаймын, сіздер мұны дұрыс сездіңіздер, мырзалар, — деп тақылдады өршелене сөйлеп кеткен Митя. Тергеушілер сәл үнсіз қалды.
— Түсініңіз, Карамазов мырза, мұны анықтаудың біз үшін үлкен мәні бар, — деді содан кейін Николай Парфенович баяу, жуасыған үнмен.
— Түсінемін, бірақ та айтпаймын.
Прокурор да әңгімеге киліге кетіп, тағы да ескерткен болды: егер күдік туған адам жауап беруден бас тартқаны өзіне пайдалы және т.т. деп есептесе, онда мейлі үндемеуіне де болады, бірақ, ол бұл арқылы өзіне-өзі қандай зиян келтіретіндігі себепті, әсіресе мынадай өте маңызды сұраққа жауап бермесе, мұның ақыры...
— Тағысын тағылар, мырзалар, тағысын тағылар! Жетер, бұрын да естігенмін мұндай көк мылжыңды! — деп Митя тағы да үзіп тастады, — қандай маңызды іс екенін, ең мәнді жері қайсы екенін өзім де білемін, солай бола тұрса да айтпаймын.
— Бізге бәрібір, бізден емес, сізден жауап алынып отыр, жауап бермесеңіз өзіңізге өзіңіз зиян келтіресіз, — деді сәл шытынған Николай Парфенович.
— Білесіздер ме, мырзалар, енді қылжақты қоя тұрыңыздар.
— Митя кенет көзін алартып, ана екеуіне қадала қарады. — Дәл осы тұсқа келгенде маңдайымыз соқтығысатынын мен әуелден-ақ сезгенмін. Бірақ алғашқы кезде, бағана жауап беруге кіріскенімде, мұның бәрі алыс тұмандай, бейне әуеде қалқып жүргендей көрінген, сонсоң бәрінің болмашы бірдеңе көрінгені соншалық, сөзімді тіпті "арамызда өзара сенім болуын" ұсынудан бастадым ғой. Ондай сенімнің мүмкін еместігіне енді көзім жетті, өйткені біз қалай дегенмен сол қарғыс атқан дуалға келіп тірелетін едік! Міне, соған келіп жеттік те! Әйтсе де, мен сіздерді әсте кінәламаймын, сіздерге біреудің сөзіне сенуге болмайды ғой, мен мұны неге түсінбейін!
Ол тұнжырап отырып қалды.
— Ең бастысын айтпаймын деп қасарысқан ниетіңізден қайтпай-ақ, тым құрыса мына бір жайтқа титтей болса да ишара етпес пе екенсіз: жауап берудің өзіңізге осындай аса қысылтаяң сәтінде сізге нақ қандай күшті себеп ауыз аштырмай отыр?
Митя мұңлы пішінмен, бір түрлі ойға шомып мырс етті.
— Мен сіздердің ойлағаныңыздан гөрі әлдеқайда ақ көңілмін, мырзалар, сіздер бұған татымасаңыздар да, неліктен үндемейтінімді түсіндіріп, әлгі ишараңызды жасап көрейін. Ол жайында айтпайтыным, мырзалар, ол маған масқара болумен бара-бар. Ол ақшаны қайдан алдың? — деген сұраққа жауап беру мен үшін — егер де мен шынында да әкемді өлтіріп, ақшасын тонасам — міне осы ауыр қылмыспен де салыстыруға болмайтын сұмдық масқаралықпен бара-бар. Менің оны айта алмауымның себебі осы. Өлімнен ұят күшті. Не, мырзалар, мұны да жазбақсыздар ма?
— Иә, жазып қоямыз, — деп міңгірледі Николай Парфенович.
— Сіздердің мұны, әлгі "масқаралық" деген сөзімді жазбағандарың жөн. Мұны айтпауыма да болатын еді, алайда, ақкөңілділігімнен айтып салдым, былайша айтқанда, мен сіздерді сыйлағасын айтып жатсам, оған жармаса кетіп, қағазға түртіп қоямыз дегендерің сұмдық екен. Бірақ, мейлі, не жазсаңдар да еріктерің, — деді ол тыжырынған жеркенішпен, — мен сіздерден қорықпаймын... қайта, өзімді мақтан етемін.
— Ал оның неғылған масқаралық екенін айтпайсыз ба? — деп міңгірледі Николай Парфенович.
Прокурордың беті жаман тыржиып кетті.
— Жо-жоқ, жезі fini1, босқа әуре болмаңдар. Былығуға да татымайды. Сіздерден онсыз да былығып болдым. Оған татымайсыздар, сіздер де, ешкім де... Жетер, мырзалар, енді сөйлеспеймін.
Тым батыл айтылған еді. Николай Парфенович қайталап сұрауын қойды, алайда, Ипполит Кирилловичтің көзінен оның әлі үміт үзбегенін Митя байқап қалған.
— Онда тым болмаса мынаны айта аласыз ба: Перхотин мырзаның үйіне барғаныңызда қолыңызда қанша ақша бар еді, яки нақ қандай соманы ұстап кірдіңіз?
— Мұны да айта алмаймын.
— Перхотин мырзаға сіз бұл Хохлакова ханымнан алған үш мың сом ақша-мыс деген секілді едіңіз ғой?
— Айтсам, айтқан шығармын. Болды, мырзалар, қанша ақша екенін айтпаймын.
— Онда осы жаққа қалай жүріп кеткеніңізді және осында келгесін не істегеніңізді түгел баяндап беріңіз, қарсылық жоқ па?
— Оһ, бұны осындағылардың бәрінен сұрасаңыздар болмай ма? Әйтсе де, жарайды, өзім-ақ айтайын.
Митя бәрін баяндай берді, бірақ, бұл арада біз оның әңгімесін келтіріп жатпаймыз. Сүреңсіз, атүсті баяндаған. Махаббатының сүйінішін ауызға да алған жоқ. Алайда, "жаңа фактілерге байланысты", ағылып өлуге бекінген батылдығының басылып қалғанын айтуды ұмытқан жоқ. Ол дәлелдеп жатпай, егжей-тегжейіне бармай айтқан. Сонсоң, тергеушілері де бұл жолы оны мазаламаған: олар үшін енді басты пункт бұл емес екендігі айқын-ды.
— Біз мұның бәрін тексереміз, куәлардан жауап алғанда мұның бәріне әлі тағы ораламыз, әлбетте, оған сіз қатысып отырасыз, — деп қорытты тергеуді Николай Парфенович. — Ал енді сізге қазір барлық заттарыңызды, ең бастысы, ақшаңыздың бәрін мына үстелдің үстіне қоюды өтінуге рұқсат етіңіз.
— Мырзалар, ақшамды шығарайын ба? Рақым етіңіз, не істеуді түсіндім. Тіпті ертерек неғып естеріңе түспегеніне таңым бар. Рас, ешқайда қашпас едім, көз алдарыңда отырмын ғой. Міне, ақшам, бәрі осы болуға тиіс, есептеп алыңыздар.
Ол қалталарының бәрін ақтарып, барлық ақшасын шығарды, тіпті желеткесінің жан қалтасынан екі он тиындықты да алды. Есептегенде сегіз жүз отыз алты сом қырық тиын 6болды.
— Барлығы осы ғана ма? — деп сұрады тергеуші.
— Осы.
— Сіз ілкіде берген жауабыңызда Плотниковтардың дүкенінде үш жүз сом қалдырғаныңызды, Перхотинге он сом, жәмшікке жиырма сом бергеніңізді, осында келгесін карта ойнағанда тағы екі жүз сом ұтқызғаныңызды айтқансыз, сонсоң...
Николай Парфенович барлығын қосып есептеуге кірісті, Митя оған ықыласпен көмектесті. Жұмсалған әрбір тиынға дейін еске түсіріп, есепке алды. Николай Парфенович жиынтығын тез шығарды.
— Демек, мына сегіз жүзді қоса есептегенде, сіздің қолыңызда алғашқыда мың жарымдай ақша болған ғой?
— Демек, солай болған, — деп Митя кесіп айтты.
— Онда куәлардың бәрі одан әлдеқайда көп болатын деп айтқанын қайтеміз?
— Айтса айта берсін.
— Сіздің өзіңіз де солай деген болатынсыз.
— Өзім де солай дегенмін.
— Біз мұның барлығын әлі жауап алынбаған адамдардың куәлігімен салыстырып тексереміз; ал ақшаңызға қам жемеңіз, ол тиісті орында сақталады, мына іс... аяқталған соң... егер сіз оған даусыз құқықты болып шықсаңыз немесе, былайша айтқанда, оның сіздікі екені дәлелденсе, қолыңызға қайтып оралады. Ал, қазір...
Николай Парфенович тез түрегеліп, Митяға "оның үстіндегі киімін, жалпы оның бой-басын..." түгел ыждағаттап тінтуге, барлығын қарап көруге "мәжбүр болатынын және мұны істеуге міндетті екендігін" бекемдеп мәлімдеді.
— Рақым етіңіздер, мырзалар, егер қажет болса, барлық қалталарымды айналдырып көрсетейін.
Ол шынында да қалталарын айналдыра бастаған еді.
— Тіпті үстіңіздегі киіміңізді де шешуге тура келеді.
— Қалай? Тыр жалаңаш па? Түу, құрысын. Жай тінтсеңдерші! Немене, өйтпеуге болмай ма?
— Әсте болмайды, Дмитрий Федорович. Шешінуіңіз керек.
— Қалағандарың-ақ болсын, — тұнжырап кеткен Митяның көнуден басқа лажы қалмады, — тек құдай үшін, бұл арада емес, ана шымылдық ішіне барайыншы. Қайсың тінтуші ең?
— Әрине, шымылдық ішінде, — деп Николай Парфенович онымен келіскенін білдіріп басын изеді. Оның бет-жүзінен тіпті ерекше бір маңғазсыған қалып сезіле қалған еді.
VI
ПРОКУРОР МИТЯНЫ СӨЗДЕН ҰСТАДЫ
Митяға мүлде тосын, таңғаларлық бірдеңе басталғандай еді. Бұған дейін, тіпті осыдан бір-ақ минут бұрын, біреу-міреу оған — Митя Карамазовқа мұндай қорлық көрсетуі мүмкін-ау деген ой оның қаперіне де кірмеген. Қорлықтың ең жаманы — олардың бұған "тәкаппарсып, кіржие қарағандығы" болды. Сүртүгін шешкізгені жарайды, бірақ, олар мұны тыр жалаңаш шешінесің деп қорлады ғой. Өтінсе бір сәрі, шындығында, бұйырды емес пе; ол мұны бек жақсы түсінді. Сыр бермейін деп және ішін ыза кернегесін қыңқ етпестен көне кетті. Шымылдық ішіне Николай Парфеновичпен бірге прокурор да кірді, сосын тағы бірнеше мұжық болды, оларды көргенде Митя: "Мұнысы, әрине, күш көрсету, бәлкім, тағы да бірдеңе үшін де болар" — деп ойлады.
— Немене, жейдені де шешу керек пе? — деп сұрады ол шытынған үнмен, алайда, Николай Парфенович оған жауап қатпады: прокурормен бірге оның сүртүкті, шалбарды, желетке мен фуражканы шұқылап қарап тексеруден қолы тимей жатқан еді, екеуінің де шұқшия тінтіп жатқандығы көрініп тұрған: "Ұят деген қайда бұл, тіпті сыпайылық сақтау дегеннен қалған ғой, тегі", — деп ойлады Митя.
— Мен сіздерден қайталап сұраймын: жейдемді шешейін бе, жоқ па? — деді одан сайын шытынған ол бұрынғыдан да қатал үнмен.
— Кезегі келгенде айтылады, әзірше мазасызданбаңыз. — Николай Парфеновичтің жауабынан тіпті әкіреңдеген зілді үн сезілген еді. Қалай дегенмен, Митяға осылай көрінген.
Оның бер жағында тергеуші мен прокурор өзара бірдеңе деп күбірлесіп жатты. Митяның сүртүгіне, әсіресе сол жақ етегіне арт жағынан жұққан қан алақандай боп қатып, кеуіп қалыпты, әлі онша жұмсармаған. Шалбарына да қан жұғыпты. Сонан соң, Николай Парфенович куәлардың көзінше оның сүртүгінің жағасын, жеңінің аузын, шалбарының ышқыры мен басқа да тігіс-тігісін бірдеңе іздеген кісіше саусағымен сипалап көрді; оның іздегені, әрине, ақша. Ең жаманы, Митя ақшаны шалбарының ышқырына тігіп жүретіндей масқара жағдайға жеткендей, оған күдіктенетіндерін жасырған да жоқ. "Офицер болсам да, мыналардың мені баукеспе ұрыша тінткені өтті-ау бәрінен де" — деп Митяның зығырданы қайнады. Күдіктерін бір-біріне мұның алдында ұялмастан ашық айтқанын қайтерсің. Мысалы, елпең қағып жүрген хатшы, ол да шымылдық ішінде болатын, Николай Парфеновичтің назарын оның қолындағы фуражкаға аударды: "Гриденька-песір есіңізде ме", — деді хатшы оған, — ол жазда бірде бүкіл кеңсеге тиісті жалақыны әкелуге барып, қайтып келгесін: мас боп жүріп жоғалтып алдым деген болатын, — кейін ол ақшаның қайдан табылғанын білесіздер ғой? Фуражкесінің анадай көмкермесінен шыққан, жүз сомдықтарды шиыршықтап тыға беріпті. Бұл факті тергеушінің де, прокурордың да есінде болатын, сондықтан олар барлық киімдерімен қоса кейіннен тағы бір ыждағаттап тексеру үшін Митяның фуражкасын былай алып қойды.
Митяның жейдесінің оң жақ жеңінің ішке қайырып қойған аузы қанға боялғанын көргенде, Николай Парфенович:
— Ғапу етіңіз, мынау не сұмдық, қан ғой? — деп зіркілдеді.
— Қан болса қайтейін, — деп дік ете түсті Митя.
— Яки бұл неғылған қан... сосын жеңнің аузын неге ішке қайырып қойдыңыз?
Митя Григориймен әуре боп жүріп жеңінің аузын қалай былғап алғанын, содан кейін Перхотиннің үйінде қолын жуғанда оны қалай ішке қайыра салғанын айтып берді.
— Жейдеңізді де алуға тура келеді, айғақ зат болғандықтан... алмаса болмайды. — Митя қызарып, терісіне сыймады.
— Сонда, немене, мен тыр жалаңаш қалам ба? — деп айқайлады.
— Ашуланбаңыз... Бір жөнін келтірерміз, ал қазір аяғыңыздағы ұйықты да шешсеңіз.
— Қылжақ емес пе? Бұл шынымен-ақ қажет пе? — Митяның көзі алайып кеткен еді.
— Біздің қылжақтауға уақытымыз жоқ, — деп Николай Парфенович оны тойтарып тастады.
— Онда, егер қажет болса... мен... — деп міңгірлеген Митя кереуетке отырып, ұйығын шешуге кірісті. Ол ұялғанынан жерге кіре жаздады: барлығының үстінде киімі бар, ал бұл жалаңаш және де таңғаларлығы сол — жалаңаш болғасын олардың алдында кінәлі екенін оның өзі сезе бастаған еді, сонсоң, бастысы, шынында да өзінің кенет олардың бәрінен төменшіктеп, енді олардың мұны жек көруге толық хақылы екеніне өзі де келісетіндей көрінген. "Егер бәрі жалаңаш болса, онда ұят болмас еді, ал егер жалғыз сен ғана жалаңаш болсаң және жұрт сенен көз алмаса, бұл — масқара! — деген ой Митяның басына орала берді. — Кейде түсімде осындай сұмдық бірдеңелерді көруші едім, мынау да сондай түсім шығар". Бірақ, ол ұйығын шешуге тіпті жаман қиналған еді: ұйығы да, дамбалы да кір-кір болатын, енді бәрі көріп қойды. Ең бастысы, оның өз аяғы өзіне ұнамайтын, неге екені белгісіз, ол ғұмыр бойы екі үлкен бақайын көргенде жеркеніп, әсіресе оң аяғының жалпиған, ебедейсіз үлкен бақайының тырнағы төмен қайырылып өскендігіне тыжырына қарайтын, енді соның бәрін бөтен біреулер көруі керек. Өлердей ұялғандықтан ол қасақана бұрынғыдан да дөрекіленіп үстіндегі жейдесін сыпырып алып, лақтырып тастады.
— Тағы бір жерімді тінткілерің келмей ме, бірақ оған қол салу ұят қой?
— Жоқ, әзірше керек емес.
— Немене, осылай жалаңаш отыра берем бе? — деді ызаланған Митя.
— Иә, әзірше жалаңаш боласыз... Ана жерге барып отырғаныңыз жөн, кереуеттен жұқа көрпені алып жамыла тұрыңыз, сонсоң... бір ретін табармын.
Барлық заттар куәларға көрсетіліп, тінту актісі жасалды, сонсоң, Николай Парфенович кетіп қалды, оның соңынан киімдерді де алып кетті. Ипполит Кириллович те кетіп қалды. Митяның қасында одан үн-түнсіз көз аудармаған мұжықтар ғана қалған-ды. Митя денесі тоңазығасын көрпеге оранып отырды. Қымтағысы келіп қаншама әуреленгенмен, жалаңаш сирағы көрпеден шығып тұрған. Николай Парфенович көпке дейін орала қоймаған соң, Митя: "бәрінен мына қорлығы өтті-ау", "иттің күшігі дей ме екен" — деп тісін шықырлатты. "Әлгі прокурорсымаққа не жоқ, ол дәу де болса жалаңаш отырған менен жеркеніп кетіп қалған болар". Алайда, Митя киімдерін ана жақта бір жерде тексерген соң қайта әкеліп беретін шығар деп ойлаған. Николай Парфеновичтің соңынан ерген бір мұжық кенет мүлде басқа киімдерді алып келгенде Митяның зығырданы одан жаман қайнап кетті.
— Міне, сізге киім де табылды, — деді Митяға лыпа боларлық бірдеңені тез тапқанына масаттанғандай еркінсіген Николай Парфенович. — Калганов мырза ғой осы бір қызғылықты жағдайда қол ұшын беріп жатқан, таза жейдені берген де сол сәті түскенде, осының бәрі оның шамаданында екен. Дамбалыңыз бен ұйықтарыңды қалдырсаңыз да болады.
Митя буырқанып кетті.
— Бөтен біреудің киімін кимеймін! Өз киімімді беріңдер! — деп айқайлады Митя.
— Өз киіміңізді бере алмаймыз.
— Өз киімімді беріңдер, Калгановың да, оның киімі де өздеріңде-ақ болсын.
Митяны ұзақ үгіттеді. Ақыры, бірдеме ғып көндірді. Оның қанға боялған киімін "жиналған заттай айғақтарға қосу керек, сол себепті оны қайтарып беруге олардың "тіпті құқы да жоқ екені... өйткені істің ақыры немен тынатындығы әлі белгісіз екені" Митяға түсіндірілген-ді. Ақыр-соңында, Митя мұның бәрін әрең деп ұққан. Ол тұнжырап үндемеген күйі асығып-үсігіп киіне бастады. Киініп жатқанда мынау оның өзінің ескі киімінен гөрі тәуірлеу екенін, сондықтан оны "кимей-ақ қойғаны" жөн болатынын ескерткен болды. Оның үстіне, "тылтиған тар екен. Сендердің масайрап күлулерің үшін.. сайқымазақ болуым керек пе!"
Сіз бұл жолы да әсірелеп тұрсыз, Калганов мырзаның бойы сізден биік болса, сәл ғана шығар, тек шалбары ұзындау болмаса, деп оған тағы да түсіндірілді. Дегенмен, сүртүктің иықтары шынында да тарлау болып шықты.
— Сайтан алғыр, мынаның түймелері салуға да келетін емес қой, — деп Митя тағы да баж етті, — рақым етіңіздер, дереу Калғанов мырзаға барып: одан киімін бере тұруды сұраған мен емес, қайдағы бір сайқымазақша киіндіріп қойған мыналар деп менің атымнан сәлем айтыңдаршы.
— Ол мұны бек жақсы түсінеді және өкініш те білдіріп жатыр... Яки киімін бергеніне емес, жоқ, шындығына келгенде, осы оқиғаның бәріне... — деп міңгірледі Николай Парфенович.
— Өкінсе — өкпесі өшсін! Ал енді қайда? Әлде осы арада омалып отырам ба?
Оған қайтадан "ана бөлмеге" барыңыз деді. Митя ашу-ызадан қабағы салбырап, ешкімге көз салғысы да келмей шығып кетті. Ол біреудің киімін кигеніне намыстанып, тіпті әлгі мұжықтар мен есіктен бір жылт етіп жоғалған Трифон Борисовичтің алдында да масқара болғандай сезінді; Митя оны көргенде: "Сайқымазақты көруге келді ме екен" — деп ойлаған. Ол өзінің бұрынғы орындығына барып отырды. Оның көзіне көкейге қонбайтын, сұмдық бірдеңе елестегендей боп, тіпті ақылынан адасқандай көрінген еді.
— Маған енді не қылмақсыңдар, дүрелей бастайсыңдар ма, одан басқа ештеңе қалған жоқ қой,— ол прокурорға қарап тісін шықырлатты. Николай Парфеновичпен тіпті тілдескісі де келмегендей, оған мойын бұрып та қараған жоқ. "Ұйықтарымды шұқшия тінткілегені жаман еді, оның үстіне, айналдырып көрсет деп бұйырды ғой, оңбаған неме, ол менің іш киімімнің кір екенін көрсетейін деп қасақана сөйтті!"
— Енді куәлардан жауап алуға көшуге тура келеді, — деді Николай Парфенович, оның сауалына жауап бергендей.
— Иә-ә, солай-ай, — деді прокурор да ойға шомып, әлденені еске түсіргендей пішінмен.
— Дмитрий Федорович, сіздің мүддеңіз үшін біз қолымыздан келгеннің бәрін істедік. — Алайда, сіз ақшаңызды қайдан алғаныңызды түсіндіруден үзілді-кесілді бас тартқандықтан, біз енді...
— Жүзігіңіздегі қандай тас? — Митя әлде қандай бір ойдан сейілгендей болып, Николай Парфеновичтің оң қолындағы үш бірдей үлкен жүзіктің біреуін саусағымен нұсқап, оның сөзін бөліп жіберді.
— Жүзік пе? — деп қайталап сұрады таңырқаған Николай Парфенович.
— Иә, анау... ортан қолыңыздағы, жолақтысы, қандай тас? — Митя, бейне қиқар балаша, бір түрлі шытынаған пішінмен сұрады.
— Сұрғылт топаз ғой, — деп жымиды Николай Парфенович: көргіңіз келсе, саусағымнан алайын...
— Жоқ, жоқ, тимеңіз! Алмаңыз, қажеті жоқ!.. — лезде есін жиып, өзіне-өзі ыза болған Митяның даусы қаһарлы шықты. — Сайтан... Мырзалар, сіздер менің жан дүниемді ластап біттіңдер. Менің сіздерге таңым бар, егер әкемді шынында да өлтірген болсам, мен мұны сіздерден жасырып, бұлталақтап, өтірік айтып, бұқпантайлап жатады деп ойлағандарыңыз ба?
Жоқ, Дмитрий Федорович ондай сілімтік емес, ол мұндай сұмдыққа төзе алмас еді, егер шын кінәлы болсам, ант етемін, мен сіздердің мұнда келгендеріңді және алғашқы ойлағанымдай, күннің шығуын да күтпестен, әлдеқашан таң атпай-ақ атылып өлер едім. Мен мұны қазір жан-тәніммен сезіп тұрмын. Қарғыс атқан бір түнде пайымдап үлгергеніме жиырма жыл өмірімде де үйрене алар ма екем!.. Егер әкемді өлтіргенім шын болса, өткен түнде және қазір сіздердің алдарыңызда өзімді-өзім бұлай ұстап, бұлай отыра алар ма едім, — сіздермен бұлай сөйлесіп, бұлай қимылдар ма едім, сіздермен мына жарық дүниеге бұлай қарар ма едім, абайсызда Григорийдің қанын мойныма жүк қылдым-ау деп түні бойы қыпылдап шыққанымды сіздерге тіпті айтпай-ақ қояйын, — бірақ, бұл үрейленгендіктен емес, о, жоқ, сіздердің жазаңыздан қорыққандықтан емес. Масқаралықтан! Енді келіп менің сендердей бейшара, ештеңені көрмейтін, түкке сенбейтін көрсоқыр бейшараларға өзімнің тағы бір арамзалығымды, тағы бір масқаралығымды жайып салғанымды тілейсіздер ғой? Бұл жауабым мені тіпті сіздер әкеп тағатын айыптан құтқаратын болса да мұны істей алмаймын. Одан да каторгаға айдалғаным артық! Әкеме есікті ашқызып, сол есіктен ішке кім кірсе, оны өлтірген де, тонаған да сол адам. Ол кім — мұны айтуға мен дәрменсізбін, бірақ, ол адам тек Дмитрий Карамазов емес, мұны біліп қойыңдар, менің сіздерге бар айтарым, міне осы ғана, осымен бітті, енді мазалай бермеңдерші... Айдасаңдар да, ассаңдар да мейлі, тек мазаламаңдаршы. Енді үндемеймін. Куәларыңды шақыра беріңдер!
Митя суырыла сөйлегенде енді қайтып үн қатпауға біржола бекінгендей болған еді. Оны бағанадан бері бағып отырған прокурор, Митя аузын жабар-жаппастан, мүлде салқын, өте байсалды пішінмен әншейін бірдеңені сөз еткендей тіл қатты:
— Міне, сіз ілкіде ғана сөз еткен нақ сол есік жөнінде өзіңіз жарақаттаған шал Григорий Васильевтің өте-мөте қызғылықты және бізге де, сізге де аса маңызды жауабын, орайы келіп тұрғандықтан, сізге біздің нақ қазір хабарлағымыз келеді. Есін жиғаннан кейін ол біздің сұрақтарымызға былай деп айқын да анық жауап берді: баспалдаққа шыққасын, бақ ішінен бір тысырды естіген ол ашық тұрған қақпадан баққа кірмекші болады, ал баққа кіргеннен кейін, бізге сіздің өзіңіз айтқандай, ашық терезеден әкеңізді көре сала қараңғыға зыта жөнелген сізді көрместен бұрын ол, Григорий, солға бұрылып қарағанында терезе шынында да ашық екен, сондай-ақ жақын тұстан оның аңырайған есікке де көзі түсіпті, ал сіз бақ ішінде тұрғанымда есік жабық болатын дегенсіз. Жасыратыны жоқ, сіздің дуалға қарай қашып бара жатқаныңызды едәуір алыстан, бақтың орта тұсынан көріп қалған Васильев, сіздің ашық жатқан есіктен қалай шыққаныңызды өз көзімен көрмесе де, сізді сол есіктен шыққан болуға тиіс деп шүбәсіз, анық куәлік беріп отыр.
Митя прокурор сөзін аяқтамай-ақ орнынан атып тұрған-ды.
— Бұл сандырақ! — деп айқайлады ызаға булыққан ол, — бұл арсыздық алдау! Жабық тұрған есікті ашық жатқан деуге оның қалай дәті барады... Ол өтірік соғады.
— Оның жауабынан таймайтынын сізге ескерте кетуді өзімнің борышым деп білемін. Ол шүбәланбайды. Есік ашық болатын дейді. Біз одан бірнеше мәрте қайталап сұрадық.
— Иә, нақ солай ғой, жаңсақ айтпайсың ба деп қайталап сұраған мен! — деп Николай Парфенович те қызу қостады.
— Өтірік, жалған! Бұл не маған жала жабу, не жынданған сорлының көзіне көрінген елес, — деп одан ары бажылдады Митя, — басы жарылып, қанға боялған адам кіресі-шығасы есі барда сандырақтамай ма... Бұл оның сол сандырағы.
— Бірақ, ол есіктің ашық екенін есін жиғасын емес, оған дейін, ауладағы шағын үйден баққа кіре бергенде көріпті ғой.
— Онысы өтірік, жалған, олай болуы мүмкін емес! Менен кек алмақшы болғасын жала жабады. Мен есіктен жүгіріп шықпасам... ол қалайша бұлай демек, — деді алқынған Митя.
Прокурор Николай Парфеновичке бұрылып, оған сұсты пішінмен:
— Көрсетіңіз, — деді.
— Мына затпен таныстығыңыз бар ма еді? — Николай Парфенович кеңсе конвертінің көлеміндей, қалың қағаздан жасалған аумақты конвертті үстелдің үстіне қойды, үш жерден басылған мөрі анық көрінеді. Бір жақ шетінен жыртылған конверттің іші бос екен. Митя оған бажырая қарады.
— Бұл... демек, әкемнің конверті болды ғой, — деп міңгірледі ол, — әлгі үш мың сом ақша жатқан конверт... жазуы бар ма екен, көрсетіңізші; "балапаныма"... міне: үш мың, — оның дауы қатты шығып кетті, — үш мың, көресіңдер ме?
— Неге көрмейік, бірақ біз оның ішінен ақта көре алмадық, бос конверт шымылдық ішіндегі кереует алдында, еденде жатыр екен.
Митя бірнеше секөнт состиып тұрып қалды.
— Мырзалар, — деп ол кенет бар даусымен айқайлап жіберді, — бұл Смердяковтың ісі! Әкемді өлтіріп, тонаған сол! Шалдың конвертті қайда тығып қойғанын тек сол ғана білетін... Өлтірген сол, енді бәрі айқын болды!
— Бірақ, конвертті және оның жастық астында жатқанын сіз де білдіңіз емес пе.
— Жоқ, ешқашан да білген емеспін: мен оны еш уақытта көрген де жоқпын, осыған дейін Смердяковтан естігенім болмаса... көріп тұрғаным осы, — деді мүлде алқынып кеткен Митя.
— Алайда, бағана бізге конверт әкем марқұмның жастығының астында жатқан деп айтқан өзіңіз емес пе. Сіз нақ жастықтың астында болатын дедіңіз, ендеше, оның қайда екенін білгенсіз ғой.
— Біз дәл солай деп жазып та қойдық! — деп растады Николай Парфенович.
— Сандырақ, шатпақ! Жастықтың астында екенін мен мүлде білген жоқпын. Кім біледі, мүмкін, басқа бір жерде шығар... Жастықтың астында деп... жай жорамалдап айта салғам, Смердяков не деді? Қайда екенін одан сұрадыңыздар ма? Смердяков не дейді? Бұл ең бастысы... Ал мен қасақана өзіме аударғам... Сіздерге жастық астында деп ойланбастан өтірік айтқам, ал сіздер.. Білесіздер ме, кейде аузыңнан өтіріктің қалай шыққанын байқамай да қаласың. Ал конверттің жатқан жерін жалғыз Смердяков қана, тек сол ғана білетін, басқа ешкім де білмейді!.. Конверттің қайда жатқанын ол маған да айтпаған! Әкемді сол өлтірген, одан басқа ешкім де емес, сол екені күмәнсыз, бұл маған енді айдан анық, — деп шамырқанып алған Митя өршелене сөйлеп, бір айтқанын жөн-жосықсыз қайталай берген. Бұл айтқанымды түсінесіздер ме, оны неге тезірек қамауға алмайсыздар... Мен қашып кеткен соң Григорий ес-түссіз жатқанда, үйге кіріп өлтірген нақ сол, бұл енді айқын... Ол белгі берген соң, әкем есікті ашқан... Өйткені қалай тықылдатуды жалғыз сол ғана білетін, онсыз әкем ешкімге есік ашпас еді...
— Сіз тағы да бір нәрсені ескермей тұрсыз, — деді бұрынғысынша ұстамды, бірақ, енді масаттана үн қатқан прокурор, — сіз барда, яки сіз әлі бақта тұрған кездің өзінде есік ашық жатса, белгі берудің қажеті не...
— Есік, есік, — деп міңгірлеген Митя үні өшіп, прокурорға мөлие қараған күйі, әлі құрып орындығына қайта отыра кетті. Барлығы үнсіз қалды.
— Иә, есік!.. Ол жай бір елес! Маған құдайдың қарғысы тиген! — деп айқай салды көз алдына сүлесоқтана қараған ол.
— Міне көресіз бе, Дмитрий Федорович, енді өзіңіз ойлап қараңызшы, — деді маңызси сөйлеген прокурор. — Бір жағынан, өзіңіз жүгіріп шыққасын ашық қалған есік туралы куәнің берген жауабы, мұның өзі сіз бен бізге оңай тиіп тұрған жоқ. Екінші жағынан — соның алдында үш сағат бұрын ғана, сіздің өз аузыңыздан естуімізше, не бары он сомға тапаншаларыңызды зақылетке салғаныңызға қарамастан, аяқ астынан пайда бола қалған ақшаны қайдан алғаныңызды айтудан қасарыса бас тартуыңыз мүлде түсініксіз-ақ! Осының бәрін ойластыра келіп, өзіңіз айтыңызшы: біздің қайсысына сенуіміз керек және неге келіп шөккеніміз жөн? Сонсоң, бізді жан дүниеңіздің игі ниетін ұға алмайтын "қаныпезер ұятсыздар мен күлдіргі кісілер", — деп сөге көрмеңізші... Қайта, біздің де жағдайымызға зер салыңыз...
Митя адам түсінбестей толқып, бозарып кеткен еді.
— Мақұл! — деді ол кенеттен, — мен сіздерге құпиямды ашып, ол ақшаның қайдан келгенін айтып берейін!.. Кейін сіздерді де, өзімді де кінәламау үшін өз масқарамды өзім ашайын.
— Маған сенсеңіз, Дмитрий Федорович, — деп тергеуші бір түрлі қуанған пішінмен оның сөзін іліп әкетті, — сіздің тап осы минутте шыныңызды айтып, кінәңізді толық мойындауыңыз кейін өз тағдырыңыздың көп жеңілдеуіне септігін тигізуі мүмкін, сосын, оның үстіне...
Алайда, прокурор үстелдің астынан тергеушіні сәл түртіп қалып еді, ол дер кезінде тартынып үлгірді. Бір тәуірі, Митя оның сөзіне құлақ та салмаған еді.
VII
МИТЯНЫҢ ҚҰПИЯ СЫРЫ. ТӘЛКЕККЕ ТҮСУ
— Мырзалар, — деді әлі де толқып тұрған Митя, — ол ақша... мұны толық мойындауым керек... ол менің өз ақшам болатын.
Мұндай жауапты күтпеген прокурор мен тергеушінің тіпті сұрқы бұзылып кеткен еді.
— Қалайша сіздікі болмақ, — деп міңгірледі Николай Парфенович, — сіздің өз мойындауыңызша, күндізгі сағат бесте...
— Ә, құрысын, ол күнгі сағат бес пен менің мойындауымды сөз ғып қайтеміз, енді гәп онда емес! Ол ақша менің өзімнің, меншікті ақшам, былайша айтқанда, ұрлықтан түскен, яки менікі болмағанмен, ұрлықпен тапқан ақша болатын, мың жарым сом, қайда барсам да жанымда жүретін...
— Сонда сіз оны қайдан ала қойдыңыз?
— Қайдан алушы ем, міне, мына мойнымнан алдым, мырзалар... Алақандай шүберекке тігіп көптен бері, бір ай бойы, ұят болса да, мойныма салып жүргем!
— Бірақ, ол ақшаны кімнен... солай ма?
— Сіздің: "ұрлап алдыңыз" — дегіңіз келді емес пе? — Солай деп турасын неге айтпайсыз. Иә, мен өзім де солай ма деп ойлаймын: тіпті ұрладым десем де болады, қаласаңыз, "солай-ақ" болсын, әйтсе де, мұным ұрлық шығар деп ойлай бердім. Ал кешегі кештен бері тіпті біржола сіңіруге айналдым ғой деймін.
— Кешегі кештен берісі қалай? Сіз жаңа ғана айтқан жоқсыз ба: бір ай бойы... ақша жанымда жүретін деп!
— Жоқ, бұл әкемнің ақшасы емес, мен оны әкемнен ұрлап алған шығар деп ойлап қалмаңыздар, бұл басқа біреуден жымқырылған ақша. Мұршамды келтіріңдерші, сөзімді бөлмеңдерші. Оңай дейсіңдер ме. Ол былай болған еді: осыдан бір ай бұрын бір күні мені бұрынғы қалыңдығым Катерина Ивановна Верховцева шақырып алды. Сіздер оны білуші ме едіңіздер?
— Неге білмейік, рақым етіңіз.
— Білетіндеріңді аңғарамын. Бұл жалғанда ондай асылдың асылы, ізгі жанды қыз бола қояр ма екен, алайда, ол сені ұнатпаса, бұған амал бар ма, о, ол мені көптен, көптен бері жек көретін... және де мұның жөні де бар, өзіме де сол керек!
— Катерина Ивановна ма? — деп тергеуші қайталап сұрады. Прокурор да онан бетер тесірейе қарады.
— О, бекер-ақ атадыңыз оның есімін, қажеті жоқ! Тағы оны әкеп қыстырған мен оңбаймын ғой бұл дүниеде. Иә, мен оның жек көретінін сезіп жүрдім... көптен... алғашқы кездесуімізден, әлгі менің пәтерімде болғаннан... алайда, осы да жетер, ендігісін айтпаймын, мүлде қажеті жоқ... сіздер оған татымайсыздар... Тек мынаны ғана айтайын: осыдан бір ай бұрын ол мені шақырып алып, Мәскеудегі әпкесі мен бір туысына поштамен салып жіберші деп (бейне өзі жібере алмайтындай!), қолыма үш мың сомды ұстата салмасы бар ма, ал мен... бұл, менің сорыма, өмірімдегі аса бір шетін сәтке... яки, әлгі, қысқасы, екінші әйелге, қазір ана жақта, төменде отырған әйелге, Грушенькаға ғашық боп қалған сәтке дөп келгені... ғашық жарымды алып, осында, Мокросға келіп, сол үш мыңның жартысының яки бір жарым мыңының басына су құйдым ғой; қалған жартысын сақтап қойғам. Міне, шүберекке тігіп, бойтұмар орнына, мойныма салып жүрген сол мың жарымды кеше алып, аямастан шашып-төктім. Сегіз жүзі өзіңіздің қолыңызда, Николай Парфенович, кешегі мың жарымнан қалғаны сол.
— Ғапу етіңіз, сонда бұл қалай, осыдан бір ай бұрын сіз осында келгеніңізде, мың жарым емес, үш мыңды түгел шашып-төктіңіз ғой, мұны жұрттың бәрі біледі емес пе?
— Оны кім біледі? Кім санап отырыпты? Мен оны кімге есептетіппін?
— Жарқыным-ау, сонда артық-кемсіз үш мыңды шашып-төгіп сайрандадым деп жар салған өзіңіз ғой.
— Рас, күллі шаһарға солай деп жар салғам, күллі шаһар да солай деп гуілдескен, бәрі солай деп санаған, осында, Мокросда да үш мың деп санаған. Бірақ мен, үш мың емес, бір жарым мыңын ғана жұмсағанмын, қалғанын бойтұмар ғып тігіп қойғанмын, кешегі ақшаны қайдан алдың деген сауалдарыңа — бар шыным осы, мырзалар...
— Мынауыңыз ғажайып қой... — деп күбір етті Николай Парфенович.
— Онда мынадай сауал қоюға рұқсат етіңіз, — деп тіл қатты ақырында прокурор, — осыған дейін... бұл жөнінде... яки сонда, осыдан бір ай бұрын, мың жарым сомды үнемдеп қалғаныңызды біреу-міреуге айтпап па едіңіз?
— Ешкімге айтқан жоқпын.
— Таңғаларлық екен. Неғып ешкімге де айтпадыңыз?
— Мұны ешкім білмейді. Тірі пендеге айтқан емен.
— Әйтсе де, мұны неліктен бүгін қалдыңыз? Мұны сондай керемет құпияға айналдыруға итермелеген не? Ойымды анығырақ айтсам: сіз, ақыры, бізге, өз сөзіңіз бойынша, іштегі керемет "масқара" сырыңызды аштыңыз: ал шындығында — яки, әрине, тек былайша айтқанда — бұл қылығыңыз, яки бөтен біреудің үш мың сом ақшасын, күмән жоқ, тек уақытша ғана сіңіріп кетуіңіз — міне, бұл қылығыңыз, менің ойымша, өте-мөте ағаттық іс болған, бірақ бұл соншама күйзелерліктей масқара қылық емес, әрине, ал егер, оған қоса сіздің мінезіңізді ескерсек... Жарайды, айталық, тіпті өте-мөте ұят-ақ іс болсын, бұған келісейік, бірақ, қалай дегенмен, ұят іс болғанмен, масқара қылық емес қой. Яки мен, шындығында, Верховцева ханымның үш мың сом ақшасын сіздің шашып-төгіп жұмсап қойғандығыңызды онда, сіз тіс жармасаңыз да, талайлардың сезгендігін айтпақпын, мұндай аңызды мен өзім де естігенмін... Мысалы, Михаил Макарович те естіген. Демек, сайып келгенде, мұның өзі енді аңыз да емес, ол күллі шаһардың аузындағы өсек. Оның үстіне, егер қателеспесем, мұны, яки ол ақшаны, нақ Верховцева ханымнан алғаныңызды біреуге өзіңіздің айтқаныңыз да мәлім... Сондықтан да, өзіңіздің айтуыңызша, бойтұмар ғып сақтап жүрген мың жарым сомды осыған дейін, яки дәл осы минутке дейін сіздің соншалықты бір ғажап құпияға айналдырғаныңызға және де соған бола тіпті осындай азапқа түскеніңізге қатты қайран қалып отырмын. Осындай құпияны ашуға сіздің соншама неге қынжылатыныңыз түсініксіз... өйткені сіз ілкіде ғана, мұны мойындағанша, каторгаға айдалғаным артық деп тіпті айқайлап та жібердіңіз ғой...
Прокурор үнсіз отырып қалды. Ол қызбаланып кеткен еді. Сол себепті ішіндегі ызаға бергісіз, қатты өкінішін жасыра алмай, көкірегіне сыймаған запыранды сөзінің тартымды шығуына да мән берместен ақтара салған, яки жаңыла беріп, жүйесіз сөйлеген.
— Масқаралықтың мәні ол мың жарымда емес, қайта, менің оны анау үш мыңнан жырымдап қалуымда, — дегенде Митяның үні бекем естілді.
— Онда не тұр, — деп шытына қалған прокурор мырс етті, — ұятта болса, немесе, өзіңіз қаласаңыз, тіпті масқара болса да, өзіңіз жымқырып кеткен үш мыңның жартысын өзіңіз үнемдегеннің несі айып? Гәп үш мыңды қайткеніңізде емес, оны неге жымқырғаныңызда ғой. Айтпақшы, сіз неге өйттіңіз, яки ақшаның жартысын неге алып қалдыңыз? Не үшін, нендей мақсатқа бүйттіңіз, бізге осыны түсіндіре аласыз ба?
— Мырзалар-ау, барлық күш те сол мақсат та емес пе! — деп айқайлап жіберді Митя. — Оңбағандықтан, яки есепқорлықтан ғой, өйткені есепқорлық бұл ретте жауыздық боп шығады... Осы жауыздығым табандатқан бір айға созылды ғой!
— Түсінбедік.
— Сіздерге таңым бар. Әйтсе де, түсіндірмесем болмас, әйтпесе бәлкім, ұқпай қаларсыздар. Сіздер тек менің ойымды бағып отырыңыздар: өзімнің ар-намысыма сеніп тапсырылған үш мың сомды иемденіп кетемін де, оны шашып-төгіп сайрандағаннан кейін, ертеңіне оған барып: "Катя, мені құдай атты, сенің ақшаңды жұмсап қойдым, — дейді екем — сонда қалай, мұным жақсы ма? Жоқ, жақсы емес — бұл қиянатшылық, ұятсыздық, өзін-өзі ұстай білмейтін хайуанның ісі болып шықпай ма, солай емес пе, солай ғой? Бірақ, қалай дегенмен, ұры емеспін ғой? Біреудің қалтасына түскен жоқпын ғой, солай емес пе! Шашып-төгіп жұмсап қойғаным болмаса, ұрлаған жоқпын! Енді сіздерге бұдан да тиімдірек, екінші жағдайды айтайын, тек менің ойымды бақылап отырыңыздар, әйтпесе, жаңылып кетуім де ғажап емес — басым айналып кеткені — сонымен, екінші жағдай: бұл ретінде мен үш мыңның мың жарымын, яки жартысын ғана жұмсаймын. Сонсоң, ертеңіне барамын да: "Катя, менен жауыз, зердесіз жексұрыннан, ақшаңның мына қалған жартысын алмасаң болмас, әйтпесе мұның да көзіне су құюым мүмкін, мені күнәға батырғың келмесе, ала көрші!" — деймін. Міне, бүйткенде қалай боп шығады? Мейлің хайуан де, мейлің жауыз де, маған бәрібір, бірақ, әйтеуір ұры емеспін, бұл анық, өйткені егер ұры болсам, ақшаны түгел сіңіріп кетпей, жартысын қайтарып беретіндей мені жын қағып па. Бұдан кейін ол, егер іле-шала жартысын қайтарса, қалғанын да, яки жұмсап қойған ақшаны да әкелетін шығар, ғұмыр бойы іздесе де, жұмыс істесе де, тауып әкеп береді деп ойлайды. Сонымен, оңбаған боп шықсам да, ұры емеспін, қалай десеңіз олай де, әйтеуір ұры емеспін!
— Жарайды, азғана айырма бар екен делік, — деп прокурор салқын мырс етті. — Әйтсе де, сіздің жоқ жерден сондай қорқынышты айырма тапқаныңыз қалай дегенмен таңғаларлық.
— Иә, нақ сондай айырма бар ма деп қорқа берем! Екінің бірі оңбаған болуы мүмкін, бәлкім, бұл солай да шығар, алайда, нағыз оңбаған болмаса, кез келгені ұры бола бермейді. Әлгі бір бүге-шігесі дегенге менің ыңғайым жоқ... Десек те, менің кәміл сенімім бойынша, оңбағандықтан кәззаптық жаман. Тыңдағын: мен бір ай бойы шүберекке тігілген ақшаны бойтұмарша мойныма салып жүрмін делік, қаласам — ертең-ақ апарып бере аламын, демек, мені оңбаған деуге болмайды, бірақ, оны апарып беруге дегенмен батылдығым жетпейді, күн сайын: "Неге апармайсың, оңбаған-ау, неге тартыншақтайсың!" — деп өзімді өзім қамшыласам да, желкемнен кейін тартады да тұрады, сөйтіп, міне, бір ай бойы тартпақтап келемін! Сонда, бұл қалай, сіздіңше, жақсы ма?
— Айталық, онша жақсы болмаған делік, мен мұны толық түсінемін және бұл жөнінде сөз таластырмаймын да, — деп ұстамды үн қатты прокурор. — Жалпы, осындай ұсақ-түйектер мен айырмалар төңірегіндегі таласты былай қойып, әңгіменің тоқ етеріне қарай ойысқаныңыз қалай болар еді. Біздің: үш мың сомды неліктен екіге бөлдіңіз, яки жартысын шашып-төгіп сайрандап, қалғанын тығып қоюыңыздың себебі не? — деген сауалымызға сіз әлі жауап берген жоқсыз — гәп, міне, қайда жатыр? Сол алып қалған мың жарымды, шындығында, не үшін тығып қойдыңыз, оны қайда жұмсамақшы болдыңыз? Мен осы сауалға жауап беруді талап етемін, Дмитрий Федорович.
— Ah, иә, солай екен ғой! — деп айқайлап жіберді Митя, алақанымен маңдайын салып қалып, — басты себепті түсіндірудің орнына, сіздерді босқа әурелегеніме кешіре көріңіздер, баяғыда айтсам ғой, сіздер ендігі бәрін түсінетін едіңіздер, өйткені олай еткенде менде масқаралықтан өзге қандай мақсат болушы еді! Білесіздер ме, бәрі әлгі марқұм шалдың Аграфена Александровнаға қырындауынан басталғаны, жігіт емеспін бе, қызды одан қызғанып әлек-шәлегім шықты: ол шал екеуміздің қайсымызға құларын білмей қобалжып жүрген шығар деп те ойладым; егер қыз кенет бір шешімге келсе, егер ол мені әуреге салуын қойып, ойда жоқта: "Оны емес, сені сүйемін, жердің түбіне алып кетсең де, соңыңнан еруге әзірмін", — десе қайтпекпін деген ой күнде көкейімнен кетпей қойды. Ал егер қалтамда екі он тиындықтан басқа түк болмаса ше: оны қайда, қалай алып кетпекпін, — өлген жерім осы емес пе. Онда мен Грушеньканы білмейтін және түсінбейтін едім, мен ол ақшаға қызығатын шығар, демек, мендей жалаң бұтты қайтсін деп ойлағанмын. Сонсоң үш мыңның да жартысын қасақана бөліп алдым да, ішкіліктен әлдеқайда бұрын, асықпай-саспай, баппен шүберекке орап, инемен тігіп, мойныма салып алғасын ғана қалған жартысына арақ ішуге кеттім! Жоқ, бұл оңбағандық! Енді ұқтыңыздар ма?
Прокурор қарқылдап күліп еді, оған қосылып тергеуші де күлді.
— Меніңше, бәрін ішіп қоймай, ұстамдылық көрсеткендігіңіз тіпті естілік және адамгершілік болған, — деп мырс етті Николай Парфенович, — өйткені, егер ішіп қойсаңыз, онда қайтер едіңіз?
— Кәззап боп шықсам, бұл аз ба, міне қайткеннің көкесі! О, құдай тағала, сіздер мені ұқпай зәремді алдыңыздар ғой! Сол мың жарымды бойтұмар ғып мойныма салып жүрген уақыт бойы құдайдың құтты күні, сағат сайын: "Сен кәззапсың, сен ұрысың!" — деп өзіме-өзім қақсаумен болдым. Бір ай бойы кәрленуімнің де, трактирде төбелес шығаруымның, әкемді сабап тастауымның да сыры — өзімді қайдағы бір баукеспе ұрыдай көргендігімде! Өзімді нағыз оңбаған, сұмырай деп сезінгенім соншалық, осы мың жарым сом туралы құпиямды тіпті туған інім Алешаға ашуға да дәтім бармады ғой! Бірақ, естеріңізде болсын, ақшаны бойтұмар ғып салып жүргенімде, құдайдың құтты күні, сағат сайын өзімді-өзім: "Жоқ, Дмитрий Федорович, мүмкін, сен әлі ұры емес шығарсың", — деп жұбатумен болдым. Неліктен дейсіз ғой? Себебі, ертең-ақ Катяға барып, осы мың жарым сомды қайтарып беруге әлі мұршаң келіп жатыр. Осыған дейін дәтім бармай келіп еді, ақыры кеше ғана, Фенядан Перхотинге бара жатқанымда бойтұмарды мойнымнан жұлып алдым, ал жұлып алған екем, сол сәтте-ақ біржола баукеспе ұры, кезеп, ғұмыр бақи арсыз адам болып шыға келдім, бұл даусыз. Неге дейсіз бе? Себебі, мен бойтұмарды жұлып алғанда, Катяға барып: "Мен, оңбаған болсам да, ұры емеспін", — демекші болған арманыммен де қош айтысқам! Енді түсінікті ме, ұқтыңыздар ма!
— Бұған нақ кеше кешке тәуекел етуіңіздің себебі не? — деп Николай Парфенович оның сөзін үзіп жіберді.
— Себебі не? Сол да сұрақ боп па: себебі, осында, таңғы сағат бесте атылып өлуге бел буғанмын: "Азғын боп өлдің не, адам боп өлдің не, бәрібір емес пе деп ойладым!" Алайда,жоқ, олай болмай шықты! Махаббатым мерейімді өсіріп, көгілжім көк төбемнен қайта ашылғанда! — қандай сәтте десеңізші? — иланасыздар ма, жоқ па, мырзалар, осы түні менің жаныма бәрінен де көбірек батқан — малай шалдың қанын мойныма жүк қылғаным емес, мүлде басқа нәрсе болды! О, ол да арқама аяздай батқан, бірақ, онша емес-ті; қалай дегенмен, ақыр-соңында, бойтұмардағы қарғыс атқан ақшаға қол салып, жұмсап қойғанымды, сөйтіп бір сәтте-ақ ғұмыр бақиға кәззап боп шыға келгенімді күйіне түсінудей қатты батқан жоқ-ты! Уа, мырзалар, сіздерге жүрегім қан жылап қайталап айтам: өткен түні менің көп жайттарға көзім жетті! Арамза боп өмір кешу былай тұрсын, арамза боп өлуге де болмайтындығына көзім жетті менің... Жоқ, мырзалар, ақ өлімнен артығы жоқ!..
Митяның өңі бозарып кеткенді. Ашу қысып, ыза кернегеніне қарамастан, мүлде титықтап, діңкесі құрығаны сезіліп тұрған.
— Дмитрий Федорович, мен сізді түсіне бастаған секілдімін, — деді жаны ашығансып, бипаздай сөйлеген прокурор, — әйтсе де, мұның бәрі сіздің өз еркіңіздегі нәрсе, меніңше, бұл жүйкеңіздің... жұқарып біткендігінің белгісі, міне солай. Әйтпесе, айталық, бір айға жуық осыншама азап шеккенше, қалған мың жарым сомды өзіңізге ақшасын сеніп тапсырған бикешіңізге неге апарып бермедіңіз, сосын, айтуыңызша, онда тым мүшкіл халге түсуіңіз себепті, сіздің жағдайыңызда көкейге қонымды өзге бір амалын неге қарастырмадыңыз, яки қателігіңізді ағынан жарыла мойындағасын ханымның өзінен неге қарыз сұрамадыңыз, ол өте мейірімді жан, сіздің қаржыдан қысылғаныңызды көргеннен кейін, әсіресе мұны хаттап-қағаздайтын болсаңыз, немесе, ақыр-соңында, тіпті көгісе Самсоновқа айтқан шартыңызды Хохлакова ханымға ұсынсаңыз, ол бас тарта қоймайтын еді ғой, солай емес пе? Сіз ол қарыз шартын әлі де тиімді санайсыз ғой?
Митя қызарып кетті.
— Сіздің мені тіпті соншалықты сұмпайы деп ойлағаныңыз ба? Мүмкін емес, бұл жай айта салғаныңыз шығар!.. — деді ызаға булыққан Митя, оған сенерін де, сенбесін де білмегендей тесірейе қарап.
— Сенсеңіз, шыным бұл... Сіз неліктен жай айта салды деп ойлайсыз? — деп енді прокурор таң тамаша болды.
— Беу, шіркін, өйтсем одан жаман оңбағандық болмай ма! Білесіздер ме, мырзалар, сіздер мені тәлкек қылуға айналдырдыңыздар ғой деймін! Рақым етіңіздер, енді сіздерге барлығын ақтарайын, мейлі, тіпті намыстанып тұрсам да, мойындайын сіздерге, бірақ, мен мұны сіздерді ұялту үшін істеймін, адамның жан сезімімен ойнау қандай сұмдыққа апарып соғатындығына сіздер сонда бір қайран қаларсыздар. Прокурор, сіздің жаңағы айтқан амалыңыз менің басымда болған дүние, оны біліп қойыңыз! Иә, мырзалар, әлгі ант атқан бір айда маған ондай ой келген, Катяға баруға тәуекел етіп те қойғам — егер нағыз арсыз болмасам, сөйтер ме едім! Бірақ, оған барып өзімнің опасыздығымды айтып, осы опасыздығымды іске асыруға, соның алдағы шығындарына одан, Катядан, ақша сұрау (сұрау, естисіңдер ме, сұрау!), сосын, екінші әйелмен, оның бақталасы, оны жек көретін, оны қорлаған әйелмен қашып кету, — бұл қалай, прокурор, сіздердің естерің дұрыс па өзі!
— Есіміздің дұрыс-бұрысын сөз етіп қайтеміз, бірақ әлгі әйел затының қызғанышы дегенді... қызу үстінде аңдамауым да ғажап емес... егер, әрине, сіздің айтқаныңыздай, қызғаншақтық шын орын алса... Иә, сол тәрізді бірдеңе, бәлкім, болса болған да шығар, — деп мырс етті прокурор.
— Бірақ, ол жан түршіктірер жексұрындық болар еді, — деді Митя үстелді жұдырығымен қақырата қойып қалып, — тіпті не дерге білмеймін бұл қолқаңнан ататын жеркенішті бірдеңе болар еді! Сонсоң, сіздер сезесіздер ме, Катя маған қарыз берер де еді, иә, иә, менен кек алу үшін, қайтқан есесімен қыбын қандыру үшін берер еді, өйткені ол да өршіл жан, қабағынан қар жауатын әйел! Ал мен ол ақшаны алар едім, одан бас тартуға дәтім бармас еді, сонан соң ғұмыр бақи... о, құдай тағала! Ғапу етіңіздер, мырзалар, бұл ой тіпті жуырда ғана, бұрнағы күні ғана, түні бойы Кәрі Төбетпен әуре боп жүргенде, сонсоң кеше, иә, кеше де, таңертеңнен кешке дейін есімнен бір кетпеген. әлі есімде, мынау бәле кеп жабысқанша...
— Ол неғылған бәле? — деп Николай Парфенович киліге кетіп еді, бірақ, мұны Митя естімеді.
— Мен сіздерге ашпайтын сырымды аштым! — деді соңынан тұнжырап кеткен ол — Мырзалар-ау, неге үндемейсіздер, маған бірдеңе демейсіздер ме? Лебіз білдіру өз алдына, оны бағалай білулерің керек емес пе, егер бағаламасаңдар, айтқанымды зерделей білмесеңдер, онда, мырзалар, айтып қояйын, мені тіпті ілтипатқа да алмағандарың ғой, онда мен сендердей саппастарға сырымды ашқанымнан жарылып өлермін! Жоқ, атылып өлгенім артық! Көріп отырмын, сендер маған сенбейсіңдер! Не, сіздер солай деп жазып қоймақсыздар ма? — деп баж етті шошып кеткен ол
— Сіздің осы айтқаныңыздың бәрі, яки ең соңғы сәтке дейін Верховцева ханымға барып қарыз сұрамақшы болғандығыңыз...— деп Николай Парфенович оған таңырқай қарады. — Илансаңыз, Дмитрий Федорович, бұл мойындауыңыздың біз үшін мәні өте-мөте зор, яки осы оқиғаның бәрі... әсіресе сіз үшін, өзіңіз үшін өте-мөте мәнді.
— Мырзалар-ау, құдайдан қорықсаңдаршы, — деді Митя қолын жайып, — тым болмаса осыны жазбай-ақ қойсаңдаршы, ұялсаңдаршы! Мен, былайша айтқанда, сіздерге ағынан жарылып жатсам, сіздер осыны пайдаланып, жаралы жаныма суық қолдарыңды сұғасыңдар... О, құдай тағала!
Ол ашынғасын қолымен бетін басты.
— Дмитрий Федорович, оншама мазасызданбай-ақ қойыңыз, — деп түйіндеді прокурор, — бұл жазылғанның барлығын әлі сізге оқып береміз, егер келіспейтін жеріңіз болса, оны өзіңіздің айтуыңызша түзетеміз, ал қазір сізге мына бір болмашы сауалды үшінші рет қайталағым келіп тұр: мойныңызға салып жүрген бойтұмардағы ақшаны шынында да тірі жан білмегені ме, неғып ешкімге айтпадыңыз? Меніңше, бұл әсте мүмкін емес секілді.
— Ешкім, тірі пенде білген жоқ. Немене, әлгіден түк түсінбегендерің бе! Тыныштық беріңдерші.
— Рақым етіңіз, мұны кейін түсіндіре жатарсыз, бұған алда уақыт жеткілікті, ал әзірше мынаны пайымдап көріңізші: сіздің жүрген жеріңізде үш мың сомды шашып-төгіп бітірдім, мың жарым емес, нақ үш мың деп өзіңіздің тіпті айқайлап жар салғандығыңыз жөнінде біздің, бәлкім, ондаған куәміз бар шығар; одан кейін, кешегі ақша қолыңызға тиісімен-ақ, бұл жолы да үш мың сом ақшамен келдім деп талай адамдарды құлақтандырып үлгердіңіз емес пе...
— Сіздерде, ондаған емес, жүз, екі жүз куәлік бар, менің сөзімді екі жүз адам, мың адам естіп тұрған! — деп кіжиді Митя.
— Міне көресіз бе, жұрттың бәрі, бәрі солай дейді. Ендеше, бәрі деген сөзде бір мән-мағына бар шығар?
— Әншейінгі шатпақ, мен бөсіп кетіп едім, менің соңымнан олар да өтірік соға бастады.
— Сізге бұлай "өтірік" айтудың не қажеті болды, сіз мұны қалай түсіндіресіз?
— Сайтан біледі оны. Мақтаншақтықтан шығар... осылай... мен ақшаны судай шашамын деп... Әлде сол бойтұмардағы ақшаны ұмыту үшін бе... иә, нақ сол үшін... құрысын... сіздер маған осы сауалды неше мәрте қойып отырсыздар? Өтірік айттым дедім ғой жаңа, сонымен бітті, ауыздан шыққан өтірікті түзеткім келмеді. Адам кейде не үшін өтірік айтады?
— Дмитрий Федорович, оның себебін айту өте қиын ғой, — деді сесті үнмен прокурор. — Алайда, сіз мынаны айтыңызшы: әлгі өзіңіз бойтұмар деп атаған шүберек қандай, үлкен бе еді?
— Жоқ, үлкен емес.
— Сонда, мысалы, қандай?
— Жүз сомдықты ортасынан бүктегенде қандай болады — міне сондай.
— Бізге бәрінен де сол шүберекті көрсеткеніңіз артық емес пе? Ол жаныңызда шығар.
— Эй, сайтан.. неткен зердесіздік... қайдан білейін оның қайда қалғанын.
— Тоқтай тұрыңыз, алайда: сіз оны мойныңыздан қай жерде және қашан алдыңыз? Пәтеріме соққан жоқпын деп жаңа өзіңіз айттыңыз ғой.
— Фенядан шығып, Перхотинге бара жатқан жолда ішіндегі ақшаны алдым да, шүберекті лақтырып тастадым.
— Қараңғыда ма?
— Ол үшін шырағданның қажеті не? Бұл оп-оңай.
— Қайшысыз ба, көшеде ме?
— Тегі, алаңда болар: ал оған қайшының керегі не? Үлбіреген шүберекті дар еткізіп бір-ақ айырғам.
— Содан кейін оны қайда тастадыңыз?
— Сол жерге.
— Дәл қай жерге?
— Қайда тастаушы ем, алаңға, әрине! Ал оның қай тұсы екені жадымда жоқ. Оның сіздерге қажеті не?
— Мұның төтенше мәні бар, Дмитрий Федорович: заттай айғақтар сіз үшін пайдалы ғой, сіз тіпті осыны да түсінбейсіз бе? Бір ай бұрын ақшаны шүберекке орап тігуге біреу-міреу көмектесіп пе еді?
— Ешкім де көмектескен жоқ, өзім тіккенмін.
— Ине ұстай алушы ма едіңіз?
— Көк инені түрте алмаған солдат бола ма, ал бұған тіпті ешқандай ептілік қажет емес.
— Ал матаны, яки әлгі ақшаны ораған шүберекті қайдан алдыңыз?
— Сіздер өзі мені күлкі ғып отырған жоқсыздар ма?
— Әсте күлмейміз және күлетін жағдайымыз да жоқ, Дмитрий Федорович.
— Қайдам, тіпті есімде жоқ, бір жерден алған шығармын.
— Мұныңыз қалай, мұндайды қалай ұмытуға болады.
— Құдай ақына есімде жоқ, мүмкін, ескі-құсқы бірдеңені жыртқан шығармын.
— Өте қызық екен: онда сол жыртылған зат, бәлкім, ол ескі көйлек шығар, ертең пәтеріңізден табылып та қалар. Ол кенеп шүберек пе еді, әлде жай мата ма?
— Соған қарады деймісің. Тоқтаңыз... Бірдеңенің шетінен жыртып алған сияқты едім. Иә, жай мата болатын... Жаңылмасам, бикесінің ескі шүберек қалпағына тіктім ғой деймін.
— Үй иесі бәйбішенің чейчигіне ме?
— Иә, жымқыра қойып едім.
— Жымқырғаны қалай?
— Білесіздер ме, әлі есімде, бірде ескі шүберек қалпақты бірдеңені, айталық, қаламды сүртуге қажет болар деп алған едім. Ескі-құсқы болғасын сұраусыз ала салғамын, мың жарым сомды сол шүберекке орап тіктім... Нақ сол ескі шүберек қой деймін. Жуа-жуа тозып біткен, түкке тұрғысыз бірдеңе.
— Осы айтқаныңыздың бәрі анық есіңізде ме?
— Оны айта алмаймын. Сол шүберек қой деймін. Мейлі, күл болмаса бұл болсын!
— Егер шын солай болса, бикесі сондай затының жоғалғанын есіне түсіріп, мұны растай ала ма?
— Жоқтамаса, қалай растайды. Ескі шүберек дедім ғой сіздерге, жарты тиынға тұрмайтын ескі бірдеңе-ді.
— Ал ине мен жіпті қайдан алдыңыз?
— Болды, енді тіпті ауыз ашпаймын. Жетер енді! — деп Митя ақыры ашуға басты.
— Тағы да таңғаларлық: әлгі... бойтұмарды алаңның қай жеріне тастағаныңызды қалай ұмыттыңыз...
— Ертең алаңды сыпыртсаңыздар, бәлкім, табылып қалар, — деп Митя мырс етті. — Жетер енді, мырзалар, жетер, — деді ол қажыған үнмен. — Айқын көріп тұрмын: сіздер маған сенбедіңіздер! Бір сөзіме де, титтей де иланбайсыздар! Бұған сіздер емес, өзім кінәлымын, ағынан жарылып нем бар еді. Құдай атайын демесе, өзімді-өзім бұлай масқаралар ма едім! Көздеріңнен көріп тұрмын, сіздерге бұл күлкі. Прокурор, мені құртқан сенсің! Қыбың қанса, енді масайрай бер... Маған көрсеткен осы қорлықтарың өз бастарыңа келсін!
Митя басын төмен салып, қолымен бетін басты. Прокурор мен тергеушіде үн жоқ. Бір минуттен кейін ол басын қайта көтеріп, аналарға әлде қалай сүлесоқтана көз салды. Ол енді болатыны болып, бояуы сіңді деп күдер үзгендей еді, содан кейін ақырын үні өшіп, дағдарып отырып қалды. Оның бер жағында тергеуді аяқтау, ол үшін куәлардан жауап алуға тез кірісу керек-ті. Таңғы сағат сегіз боп қалған. Шырағдандар әлдеқашан сөнген. Митядан жауап алған кезде кіріп-шығып жүрген Михаил Макарович пен Калганов бұл жолы бөлмеден екеуі бірдей шығып кетті. Прокурор мен тергеушінің түрлерінен де қатты қажығандық байқалады. Бұлыңғыр күнді әп сәтте қалың бұлт басып, жаңбыр шелектеп құя жөнелген. Митя терезе жаққа дел-сал көз тастап отырған еді.
— Терезеден қарауға бола ма? — деп сұрады ол Николай Парфеновичтен.
— А, қарай беріңіз, — деп үн қатты тергеуші.
Митя түрегеліп, терезеге барды. Көк-жасылдау кішкентай әйнектерге жаңбыр сабап тұр. Сыртта, терезенің дәл түбінде лайсаң жол, оның ар жағында қарайған, жұтаң, ескі үйлер жаңбырдан одан сайын қарауытып, сұрықсызданып көрінеді. Митя "Алтын шашты Фэбті", оның алғашқы сәулесімен бірге қалай атылып өлмекші болғанын есіне түсірді. "Бәлкім, оны дәл осындай мұнартқан таңда істеген тәуір шығар", — деп мырс еткен ол кенет қолын төмен бір сермеп, өзінің "азаптаушыларына" бұрылды:
— Мырзалар! — оның даусы ашынып шықты, — мені қойшы, мен енді құрыған кісімін ғой. Бірақ, Грушеньканың халі не болмақ? Құдай үшін айтыңдаршы, жалынып өтінемін, менімен бірге оның да сорлап қалғаны ма? Ол кінәсіз ғой, кеше ол: "бәріне мен кінәлымын" — деп тек есеңгірегесін ғана айтқан. Оның ешбір, титтей де кінәсы жоқ! Сіздермен бірге отырғанымда... мен түні бойы соны уайымдап шықтым. Маған айта аласыңдар ма: енді оған не істемексіңдер?
— Дмитрий Федорович, ол жөнінде босқа уайымдайсыз, — деді іле-шала асығыс жауап берген прокурор, — сіз қапалана сөз етіп отырған әйелді бірдеңе деп кінәлау үшін әзірше бізде ешқандай елеуші себеп жоқ. Ойымша, істің барысында ондай себеп табыла қояр ма екен... Бұл мағынада, қайта, біздің тарапымыздан қолдан келгеннің бәрі істелінеді. Бұған мүлде қам жемеңіз.
— Мырзалар, рахмет сіздерге, еш нәрсеге қарамастан, сіздердің қалай дегенмен адал, әділетті екендеріңізді өзім де білгемін. Көңілім күпті еді, жеңілдеп қалдым... Ал енді не істейміз? Мен дайынмын.
— Иә, солай, асықпасақ болмас. Тезірек куәлардан жауап алуға кірісу керек. Оларды тергегенде сіздің қатысып отыруыңыз қажет, өйткені...
— Оған кіріспес бұрын шай ішіп алсақ қайтеді? — Николай Парфенович прокурордың сөзін бөліп жіберді, — бір стақан шайлық еңбек еттіңіз ғой!
Егер төменде дайын шай болса (Михаил Макаровичтің анық "шай ішуге" кетуі себепті), шай ішіп әлденіп алуға, содан кейін "одан ары жалғастыра беруге" ұйғарылды. Бабымен ішілетін шай мен "тәтті-дәмдінің" бәрі қол бостау уақытқа қалдырылды. Төменде шай шынында да бар боп шықты, оны көп кешікпей жоғарыға алып та келді. Николай Парфенович сыпайыгершілікпен ұсынған бір стақан шайдан Митя әуелі бас тартып еді, соңынан өзі сұрап алып, құныға ішіп салды. Жалпы, оның әбден діңкелеген кісіше отырғандығы таңғаларлық еді. Абзалында, тепсе темір үзетін жас жігітке, қаншама қажытса да, бір түнгі уман-думан не тәйірі? Бірақ алдындағы заттар кей-кейде теңселіп, шыр айналып бара жатқандай болып, құр сүлдері отырғанын оның өзі де сезген "Біраздан кейін, мүмкін, сандырақтай бастармын", — деп ойлаған ол ішінен.
VIII
КУӘЛАРДЫҢ ЖАУАБЫ. СӘБИДІҢ ШЫРЫЛЫ
Куәлардан жауап алу басталған. Алайда, біз енді әңгімемізді одан ары жалғастырғанда, осыған дейінгідей, оқиғаның бүге-шігесіне тоқталмаймыз. Сондықтан Николай Парфеновичтің әрбір куәні айтқанын тек ақиқат болсын, өйткені бұған ар-ұятыңмен жауаптысың және де кейін бұл сөзіңді ант ішіп тұрып қайталайсың деп қалай ескерткенін пажайлап жатпаймыз. Сонан соң, ақырында, әрбір куәдан өзінің жауабы жазылған хаттамаға қол қою талап етілетіндігіне және тағысын тағыларына да тоқталып жатпаймыз. Әйтсе де, куәлардың назары үш мың сом төңірегіндегі бәз баяғы бір сауалға, яки Дмитрий Федорович осыдан бір ай бұрын Мокросға алғашқы келгенінде оның ақшасы үш мың ба еді, әлде мың жарым ғана ма еді, одан кейін кеше, екінші рет оралғанында ол үш мың соммен келді ме, әлде мың жарым ғана ма еді? — деген жалғыз ғана сауалға көбірек аударылғанын атап өтелік. Амал не, куәліктің бәрі, бірі қалмастан, Митяға қарсы боп шықты, оны ақтаған бірде-бір куә болмады, ал кейбір куәліктерде тіпті оның жауаптарын терістейтін жаңа, сұмдық жайттар да келтірілді. Бірінші болып Трифон Борисовичтен жауап алынған. Ол тергеушінің алдына келгенде, ешбір қаймықпағаны былай тұрсын, кайта, өзін айыпталушыға қарсы ыза-кек билеген, оған қатты наразы адамша ұстап, шындықтан таймайтын, өте намысшыл болып көрінгені күмәнсыз еді. Ол аз сөйлеп, ұстамды болған, әр сауалды күтіп алып, нақпа-нақ, ойластырып жауап берген. Бір ай бұрын келгенінде оның үш мың сомнан кем шашып-төгуі мүмкін емес деп былқылдатпай, бұлталақтатпай жауап берген, мұны "Дмитрий Федоровичтің" өз аузынан естігендерін осындағы мұжықтардың барлығы растай алады деген: "Ол сыған қатындарына қаншама ақшаны шашты. Солардың өзіне ғана бір мыңнан артық рәсуә болған шығар".
— Сен оны қайдан білесің, бәлкім, бес жүз сом да болмас, — деді Митя тұнжыраған пішінмен оның бұл жауабына, — әттең мастықтан есептеу есімде болмағаны...
Митя бұл жолы шымылдыққа арқасын беріп, қырындап отырып, көңілсіз тыңдаған, оның мұңлы, қажыған кескін-кейпі: "Ә, мейлі, не десеңдер о деңдер, маған енді бәрібір!" — дегендей еді.
— Жоқ, Дмитрий Федорович, оларға мың сомнан артық ақша кеткен, — деді Митяның сөзін бекерге шығарған Трифон Борисович,— бостан-босқа еденге лақтыра бердіңіз, ал олар ала берді. Баукеспе ұры, сұмырай қарақшы халық емес пе, егер басқа жаққа ауып кетпесе, сізден алдап-сулар қанша ақша түсіргенін олардың өздері де айтар еді. Сіздің қолыңыздағы ақшаны мен өз көзіммен көргемін — есептеуін есептегем жоқ, әрине, сіз маған ұстатқан жоқсыз және бұл жөн де шығар — ал көзбен шамалағанда, есімде, мың жарымнан әлдеқайда көп секілді болатын... Мың жарым деген не! Ондай ақшаны біз де қолымызда ұстағанбыз, білеміз ғой...
Ал кешегі ақша жөнінде Трифон Борисович тоқ етерін бір-ақ айтты: аттан түсіп жатқанында, үш мың соммен келдім деп Дмитрий Федоровичтің өзі айтқан деді.
— Қойыңыз, Трифон Борисович, — деп келіспеген болды Митя, — үш мың сом ақшамен келдім деп шынымен-ақ дабырлап айтқаным ба?
— Солай дедіңіз, Дмитрий Федорович. Андрейдің көзінше айтқансыз. Андрей әлі кеткен жоқ, оны шақырып алып сөйлесулеріңе болады. Залда, хордың әншілерін сыйлап жатқаныңызда осы үйде алтыншы мыңды қалдырып жатырмын деп тіпті айқайлап айтқан болатынсыз, — яки мұны бұрынғымен қосып есептегенде деп түсіну керек. Степан мен Семен да естіген, онда сіздің жаныңызда Петр Фомич Калганов та тұрған, оның да есінде қалуы мүмкін...
Алтыншы мыңды шашып жатқандығы туралы хабар тергеушілерге қатты әсер еткен еді. Оларға, әсіресе, үш те үш, демек, алтау, олай болса, ана жолы үш мың екеуін қоссаң алты мың, енді бәрі айқындалды деген жаңа топшылау ұнап қалған-ды.
Трифон Борисович көрсеткен мұжықтардың бәрінен, Степан мен Семеннан, жәмшік Андрейден және Петр Фомич Калгановтан жауап алынды. Мұжықтар мен жәмшік Трифон Борисовичтің жауаптарын ешбір бұлталақсыз растады. Оған қоса, Андрейдің аузынан, онымен бірге келе жатқанда Митяның: "Мен, Дмитрий Федорович, ана дүниеде қайда барамын: көкке ме, әлде тамұққа ма, махшарда мені кешіре ме, әлде кешірмей ме?" — деп сұрағанын да ерекше мән беріп жазып алды. "Психолог" Ипполит Кириллович осының бәрін жымия күліп отырып тыңдағаннан кейін Дмитрий Федоровичтің ол дүниеде қайда тап болатындығы туралы куәлікті "іске тігіп қою керек" деген ұсыныс жасады.
Бөлмеге селсоқтанып, тұнжырап, қыңырланып кірген Калганов, прокурор мен Николай Парфеновичтің күнде кездесіп жүретін, көптенгі танысы бола тұрса да, олармен өмірінде тұңғыш рет жүздесіп тұрғандай сөйлесті. Ол жауабын "мен ештеңе білмеймін және білгім де келмейді" деп бойын аулақ салудан бастады. Бірақ, алты мың жайында ол да естіген болып шықты, дәл сол минутта оның жанында тұрғанын мойындады. Өз ойынша Митяның қолында "қанша ақша болғанын білмейді". Бірақ поляктардың карта ойнағанда қулық істегенін растады. Қайталап қойылған сауалдарға берген жауаптарында поляктардың карта ойнағанда қулық істегенін растады. Қайталап қойылған сауалдарға берген жауаптарында поляктарды бөлмеден қуып шыққасын Митя мен Аграфена Александровнаның арасында шынайы жарастық орнап, оның Митяны сүйемін деп айтқанын ескерте кетті. Аграфена Александровна жөніндегі пікірін білдіргенде, бейне ол асыл текті қауымнан шыққан бикештей, ұстамды әрі қошеметпен сөйледі, оны "Грушенька" деп атауға тіпті бір рет те аузы бармады. Жас жігіттің жауап беруден жеркенетіндігі көрініп тұрса да суыртпақтап сұрай берген Ипполит Кириллович Митяның өткен түндегі "ғашықтық хикаясының" күллі бүге-шігесін тек содан ғана естіп білді. Калгановтың сөзін Митя бір рет те бөлген жоқ. Ақыры, жас жігітті қоя берді, бөлмеден шығып бара жатқанында оның кіржиген наразылығы сезіліп тұрған еді.
Поляктардан да жауап алынған. Олар өздерінің аядай бөлмесінде, төсекке жатқанмен, түні бойы көз ілмеген-ді, ал тергеушілер келген соң, бізді де шақыртуға тиісті ғой деп тез киініп, дайын отырған. Іштей аздап қорықса да, намысқа тырысқан еді. Ең үлкені, яки Муссялович деген тәпелтек пан он екінші класты шенеунік екен, қазір қызметтен кеткен, бұрын Сібірде мал дәрігері болып істеген. Ал пан Врублевский қызметсіз жүрген дантист, орысша айтқанда — тіс дәрігері болып шықты. Ол екеуі бөлмеге кіргесін, сауал беруші Николай Парфеновичке қарап жауап берудің орнына, әуелі Михаил Макаровичке қарап сөйледі, осындағы ең шені үлкен, сол болар деп ойлады ма қалай, әр сөз сайын: "пане пулковнику" деп атай берді. Николай Парфеновичке ғана жауап беру қажеттігін олар біраздан кейін, тек Михаил Макаровичтің өзі түсіндіргесін ғана аңғарды. Кейбір сөздерге мүдіріңкірегені болмаса, орысша тіпті әжептәуір сөйлейтін боп шықты. Пан Муссялович Грушенькаға өзінің бұрынғы және қазіргі қарым-қатынасы жайында айтқанда масаттанып, лепіре бастап еді, Митя талағы тарс айрылып, бұл "сұмырайдың" менің көзімше олай бөскеніне көне алмаймын деп айқайға басты. Пан Муссялович "сұмырай" деген сөзге жармаса кетіп, хаттамаға жазып қоюды өтінді, Митя ызадан терісіне сыймады.
— Ол сұмырай, сұмырай! Жүз жерден жазып қойсаңдар да еріктерің, мен оны сұмырай деуден бәрібір танбаймын! — деп зіркілдеді ол.
Митяның сөзін хаттамаға жазып қойғанмен, Николай Парфенович осы бір шетіндеу сәтте айтарлықтай іскерлік көрсетіп, бұл жағдайдан құтылудың амалын оп-оңай тауып кетті: Митяға қатаң ескертіп өткен соң, ол махаббатқа қатысты жайттарды сұрастыруды доғарып, тез істің маңыздырақ жағына ауыса қойды. Маңыздырақ жағы деп отырғанымыз — пандардың тергеушілерді қатты елеңдеткен жауабы, атап айтқанда, ана бөлмеде Митяның пан Муссяловичті пара беріп сатып алмақшы болып: оған, егер біржола қараңды батырсаң, саған үш мың сом беремін, оның жеті жүзін қазір қолыңа ұстатамын, ал қалған екі мың үш жүзін "ертең таңертең шаһарға қайтқасын аласың", қазір түгел беруге жанымда ондай сома жоқ, үйде қалдырып кетіп едім деп ант беріп иландырғаны болатын. Митя әуелі олай деп айтқан жоқпын деп қызбалықпен мойындап еді, пан Врублевский оны бұлтартпай қойды, бірақ, ол содан кейін, бір минуттай ойланғасын, тұнжырап тұрып: қайдам, пандардың жөн айтуы да мүмкін, ашумен кісі не демейді, айтсам айтқан шығармын деп мойындаған-ды. Прокурор оның бұл сөзіне жабыса кеткен. Тергеушілерге енді Митяның қолындағы үш мың сомның жартысы немесе біраз бөлегі шаһарда бір жерде, немесе тіпті осы Мокросда бір жерде шынында да тығулы жатуы мүмкіндігі (кейіп шынында да солай көрсетілгендей), демек, Митяның бойынан не бары сегіз жүз сом ғана табылғандығы айқын-ды, ал тергеудің қолын байлауы мүмкін осы бір елеусіз айғақтың өзі осыған дейін, қалай дегенмен, Митяның жағдайын жеңілдететін бірден-бір куәлік болып келген-ді. Енді Митяға пайдалы деген осы жалғыз куәліктің өзі құрып бара жатқандай еді. Прокурордың: не бары мың жарым ғана ақшаң бола тұрып, панды уәдемде тұрамын деп сендіргенде, оған ертең тауып беретін екі мың үш жүз сомды қайдан алмақшы едіңіз? — деген сауалына Митя "поляксымаққа": ертеңіне ақша орнына, өзімнің Чермашнядағы, әлгі Самсонов пен Хохлакова ханымға айтқан мекен-жайымды бермекші болған едім деп тайсалмай жауап берген. Прокурор оның бұл "күнәсыз қулығына" тіпті мырс етіп күліп те жіберген еді.
— Сіз екі мың үш жүз қолма-қол ақшаны алудың орнына, ол мекен-жайыңызды "иемдену құқына" келіседі деп ойладыңыз ба?
— Сөз жоқ, келісер еді, — деген ешбір күмән қалдырмаған Митя. — Міне қызық, екі мың немесе төрт мың түгіл табандатқан алты мыңды жамбасқа басайын деп тұрса, неге келіспейді! Онда ол өзінің адвокатсымақтарын, поляксымақтары мен жәйттерін тез жинап алып, шалдан үш мың сом түгіл, күллі Чермашняны сыпырып алар еді.
Әлбетте, паң Муссяловичтің жауабы хаттамаға егжей-тегжейіне дейін енгізілген-ді. Осымен паңдарды босатқан. Олардың карта ойнағанда қулық жасағаны тіпті сөз де болған жоқ; оларға онсыз да барынша риза Николай Парфенович оның бәрі картаның қызығына түскен мастардың арасындағы бос кикілжің шығар деп, ұсақ-түйекті сөз еткісі келмеген. Ал түнгі уман-думан мен ырду-дырду аз ба еді... Сонымен, екі жүз сом ақша паңдардың қалтасында кете барған.
Одан кейін Максимов шақыртылды. Шал байғұстың зәре-құты қалмаған, аяғын кібіртіктеп зорға басады, сықпыты әлемтапырық, тұнжырап кеткен. Ол үнемі төменде Грушеньканы паналап отырған, кейіннен Михаил Макарович айтқандай, "кей-кейде бикешке қарап жыламсырап, керегекөз көкшіл орамалмен көзін сүрткені болмаса", тіс жарып үн шығармаған. Сол себепті Грушеньканың өзі оған тоқтау айтып, жұбатқан болатын. Дмитрий Федоровичтен "қолының қысқалығынан он сом" қарызға алғанын кемсеңдеп тұрып тез мойындаған шал ол ақшаны қайтаруға дайын екенін айтқан... Николай Парфеновичтің: қарыз алғанда оған өте жақын тұрғандықтан сіз байқауға тиіспісіз, Дмитрий Федоровичтің, қолында онда нақ қанша ақша барын көре алдыңыз ба? — деген тікелей сауалына, — Максимов: "жиырма мың болатын" — деп қойып қалды ешбір шүбәланбастан.
— Сіздің осыған дейін бір жерден жиырма мың сомды тым болмаса бір рет көргеніңіз бар ма еді? — деп сұрады Николай Парфенович жымия күліп.
— Көргенде қандай, тек жиырма мың емес, жеті мың болатын бәйбішем жаман деревнямды зақылетке салғанда көргемін. Қолына ұстап мақтанып тұрып, анадайдан ғана көрсеткен еді. Қалыңдығы бір қарыс болатын, шылғи қызыл ала қағаздар. Дмитрий Федоровичтің ақшасы да шылғи қызыл ала болатын...
Оны көп ұзамай қоя берді. Ақыры, кезек Грушенькаға да жетті. Тергеушілер одан жауап алғанымызға Дмитрий Федорович қитығып қалмас па екен деп қауіптенді ме қалай, Николай Парфенович оған тіпті бірдеңе деп күбірлеп ақыл айтқан да болды, сөйтіп Митя оған үнсіз бас изеп, өзінің "тәртіп бұзбайтынын" аңғартқан. Грушеньканы Михаил Макаровичтің өзі ертіп келді. Ол қабағы түсіп, тұнжыраған, бірақ, сырттай сабырлы пішінмен кірді де, Николай Парфеновичтің қарсысынан көрсетілген орындыққа жайғасты. Өңі боп-боз, тегі, денесі тоңазыған ба қалай, әдемі қара шәлісін бір қымтап қойды. Онда Грушенька шынында да сол дірілдеп, тоңып кеткен еді — бұл кейін ұзаққа созылған, сол түнгі жабысқан науқастың бастамасы болатын. Қиянаттылығы, кісіге тура, байсалды қарайтындығы мен сабырлы мәнері бәрінде тым жақсы әсер қалдырған. Николай Парфенович тіпті қалай "елігіңкіреп қалғанын да" аңғармаған еді. Мен оның "ғажап сұлулығын" сонда ғана сездім, бұрын талай рет көрсем де, оны әрқашан "уездік сылқым" секілді бірдеңе ғана шығар деп ойлаушы едім деп соңынан кейбір отырыстарда оның өзі мойындағанды. Әйел қауымындағы бір сұхбат үстінде: "Оның қылықтылығы шынайы ақсүйек қауымындағыдан әсте кем емес" деп тамсана айтып салғаны да бар. Бұл мақтауға кіржіңдеп қалған арулар жас жігітті сол сәтте-ақ "шалдуар" — деп атаған да, бұған ол дардай болып қалған. Бөлмеге кіргеннен кейін Грушенька оған тек көз қиығын ғана салғанын байқаған соң Митяның бағанадан бергі мазасыздануы сап тыйыла қалған еді. Алғашқы кіріспе сауалдар мен ақыл-кеңестен кейін Николай Парфенович, мүдіріңкірей сөйлегенмен, дағдылы сыпайыгершіліктен жаңылмауға тырысып: "Әскери қызметін тастаған поручик Дмитрий Федорович Карамазовпен қандай қарым-қатынаста болдыңыз?" деп сұрады. Бұл сауалға Грушенька асықпай-саспай, айқын жауап берді:
— Таныс кісі болғандықтан, оны соңғы бір ай бойы танысым ретінде қабылдап жүрдім.
Одан арғы суыртпақтап суырған сұрақтарға: "кей сәттерде" ол маған ұнайтын, бірақ мен оны сүйген емеспін, анау "шал" сияқты, мұны да "өзімнің оңбаған ызақорлығымнан" әуреге салдым, Федор Павлович пен еркек кіндіктінің бәрінен мені қалай қызғанатынын көріп, осыны ғана қызық көрдім деп тұпа-тура және ашық мәлімдеді. Федор Павловичке еш уақытта көңілім түскен емес, оны тек мазақ қылдым. "Өткен бір ай бойы бұл екеуіне көңіл бөлуге тіпті мұршам да келген жоқ; менің алдымда кінәлы болған басқа бір кісіні күтумен болдым... Бұл жайында, — деді ол қорытындысында, — сіздер менен ештеңе сұрамаңыздар, ал мен ештеңе айтпай-ақ қояйын, өйткені бұл менің жеке басымның ерекше шаруасы".
Николай Парфенович те дереу солай етті: "махаббатқа" қатыстысын былай қоя салып, тура ең мәнді нәрсеге, яки үш мың сом ақша жайындағы боз баяғы, ең басты мәселеге ауысты. Грушенька осында, бір ай бұрын, шынында да үш мың сомның қалай шашып-төгілгендігін, ақшаны қолына алып санамағанмен, үш мың деген сөзді Дмитрий Федоровичтің өз аузынан естігендігін растады.
— Ол мұны сіздің өзіңізге ғана айтты ма, әлде қасыңызда біреу бар ма еді, немесе оның басқа біреуге осылай деп тұрғанын естідіңіз бе? — деп сұрады одан іле-шала прокурор.
Бұған Грушенька жұрттың көзінше де естідім, өзге біреумен сөйлескенінде де естідім, екеуміз оңаша қалғанда өзінен де естідім деп жауап қайтарды.
— Оңаша отырғандарыңда бір рет қана естідіңіз бе, әлде бірнеше мәрте естідіңіз бе? — деп прокурор қайталап сұрап еді, одан бірнеше мәрте деген жауап алды.
Ипполит Кириллыч бұл куәлікке қатты риза болды. Одан арғы жауаптардан бұл ақшаның оған қайдан келгені анықталды, Дмитрий Федорович оны Катерина Ивановнадан алыпты.
— Бір ай бұрын осында судай шашылған ақша үш мың сом емес, одан аз екендігін, қаржысының тең жарымын Дмитрий Федорович кейінге алып қалғанын тым болмаса бір рет естіген жоқсыз ба?
— Жоқ, еш уақытта естіген жоқпын, — деді Грушенька.
Бұдан кейін тіпті Митя, мұның керісінше, оған осы ай бойы бір тиын да ақшам қалмады деп жиі қынжылғаны да анықталды. "Әкесінен бірдеңе алатын шығармын деп үміттенген еді", деді Грушенька сөзінің соңында.
— Сіздің алдыңызда... немесе әлдеқалай сөз арасында, немесе ашу үстінде әкемді өлтіремін деп кіжінгенін құлағыңыз шалған жоқ па? — деп қойып қалды бір кезде Николай Парфенович.
— Oh, айтқан! — деп күрсінді Грушенька.
— Бір жолы ма, әлде бірнеше мәрте ме?
— Ренжіген кезінде бірнеше мәрте қайталаған солай деп.
— Оның бұл ниетін іске асыратындығына сіз сендіңіз бе?
— Жоқ, еш уақытта сенген жоқпын! — деп кесіп айтты ол мен оның ізгілігіне сенетінмін.
— Мырзалар, рұқсат етіңіздерші, — деді кенет Митя, — сіздердің алдарыңызда Аграфена Александровнаға айтатын бір ғана сөзім бар еді, соған рұқсат етіңіздерші.
— Айтыңыз, — деп рұқсат етті Николай Парфенович.
— Аграфена Александровна, — Митя орындықтан түрегелді, — құдайға, одан соң маған сенсең: кеше қаза болған әкемнің қаны үшін, менің кінәм жоқ!
Осыны айтқан соң, Митя орындығына қайта отырды. Грушенька түрегеліп, иконаға қарап шоқынып, құдайға құлшылық етті.
— Жасаған ием өзің жар бола гөр! — деді тебіреніп кеткен ол жалбарынған үнмен; сонсоң, орнына отырмастан, Николай Парфеновичке қарап былай деді: — Ол қалай деп айтса, соған сеніңіздер! Мен оны білемін: не күлдіремін деп, не қыңырлығынан аңғырт сөйлеуі мүмкін бірақ, ар-намысына кір келетін болса, ол еш уақытта алдамайды. Шындықты бетіңе айтады, бұған сеніңіздер!
— Жанашырлық білдіргеніңе рахмет, Аграфена Александровна! — деді оған Митя даусы дірілдеп.
Кешегі ақша туралы сауалға Грушенька қанша екенін білмеймін, бірақ оның кеше үш мың сом ақшамен келдім деп біреулерге бірнеше мәрте қайталап айтқанын естігенін мәлімдеді. Оны қайдан алдың? — деп сұрағанында, Грушеньканың жеке өзіне ғана Катерина Ивановнадан "қымқырдым" депті, бұған ол сен ештеңе ұрлаған жоқсың, сондықтан ақшаны ертең қайтарып беруің керек депті. Прокурор Катерина Ивановнадан ұрладым дегенде, ол қандай ақшаны — кешегі ақшаны айтты ма, әлдебір ай бұрын осында жұмсалған ақшаны айтты ма? — деп ежіктеп сұрағанда, — Грушенька оған бір ай бұрынғы ақшаны айтқан-ды, оның сезін мен солай түсінгенмін деп жауап берді.
Ақыры, Грушеньканы босатты. Николай Парфенович: қаласаңыз, шаһарға қазір-ақ қайтуыңызға болады, егер менің тарапымнан, мысалы, көлік, немесе, айталық, қасыңызға біреуді қосып беру жөнінен қандай да бір көмек қажет болса, онда мен... өз тарапымнан... — деп құрақ ұшты.
— Тәңір жарылқасын, — деп Грушенька оған тағзым етті, — бірге қайтуға әлгі помещик шал бар ғой, соны ала барамын, ал әзірше, рұқсат етсеңіз, төменде күте тұрайын, Дмитрий Федорович жөніндегі шешімдеріңізді естімей қалай кетемін.
Грушенька шығып кетті. Митя тынышталып, бір минутқа тіпті бойы сергіп қалғандай еді. Сонан соң, таңғаларлығы сол, уақыт өткен сайын бойынан қуат кетіп, әлсірегендей болды. Қажығандықтан көзі жұмыла берді. Ақыры, куәлардан жауап алу да бітті. Тергеушілер хаттаманың түпкілікті нұсқасына кіріскен еді. Митя түрегеліп, орындығынан бұрыш жаққа, шымылдыққа қарай барып, қожайынның үстіне кілем жауып қойған сандығына қисайып еді, тез ұйықтап кетті. Ол жатқан жеріне де, мезгіліне де үйлеспейтін бір таңғаларлық түс көрді. Міне ол жапан түзде, ертеректе өзі қызмет еткен жермен келеді екен дейді: көк салпақ, бір мұжықтың пар ат жегілген арбасында отыр. Денесі тоңазитын секілді, қарашаның бас кезі екен, жапалақтаған жабысқақ қар жерге түсер-түспесте еріп кетіп жатыр. Жирен сақалы салбыраған, сұр тері тон киген, елулер шамасындағы жасамыс мұжық көлігін айдап қойып, ширақ жүріп келеді. Міне бір село да көрінді, үйлері қап-қара күйе, тең жарымы өртенген, от шарпыған бөренелері ғана қараяды. Селодан шыға берістегі жолдың үстіне бір топ әйел үймелей қалыпты, бәрі де азып-тозған, қажыған, қызыл-күрең беттері біртүрлі таңғаларлық. Әсіресе шет жағында тұрған ұзын бойлы әйелдің арбиған қу сүйегі ғана қалыпты, қырықтағыдай көрінгенмен, шын жасы жиырмадан аспауы да ғажап емес, сопиған беттері пышақ жанығандай, қолындағы сәбиі шыр-шыр етеді, бейшараның кеуіп қалған емшегінде, тегі, бір тамшы сүт жоқ шығар. Сәбиі дамылсыз шырылдап жалаңаш қолын ербеңдете береді, кішкентай жұдырықтары суықтан көгеріп кетіпті.
— Аналар неге жылайды? Олардың жылағаны несі? — деп сұрады Митя, жиналған топтың жанынан құйындатып өтіп бара жатқанда.
— Сәби ғой жылаған сәби, — деп жауап берді оған жәмшік. — Оның өзінше, мұжықша, "бала" демей, "сәби" дегеніне Митя қайран қалды. Мұжықтың "сәби" дегені оның жанына жағып барады: олай десе, аяныштырақ болады.
— Неліктен жылайды екен, а? — зердесіз адамша, Митя қайталап сұрады. — Бейшараның қолын неге бос жіберген, неге қымтамаған?
— Жаурап қалған ғой, үстінде жылу ұстарлық лыпаса болмаса қайтсын сәби бейшара.
— Неге олай? Мұның себебі не? — деп зердесіз Митя одан тағы қайталап сұрады.
— Себебі, жұт алған, өртке ұшыраған, аш-жалаңаш, сосын қайыр-садақа сұрамағанда қайтеді.
— Жоқ, жоқ, — дейді Митя әлі де түкке түсінбегендей, — сен мынаны айт: ол әйелдердің үй-жайы өртеніп, жұтап қалуының себебі не, адамдар неліктен кедей болады, сәби неге емшекке жарымайды, мына жапан түз қайдан пайда болды, әлгі әйелдер неге бір-бірімен құшақтасып, неліктен сүйіспейді, бірлесіп шаттық әнін неге шырқамайды, қара бәледен олар неге қарайып кеткен, сәбиін неге емізбейді?
Бұл сауалының ессіздік, қала берді бекершілік екенін іштей сезе тұрса да, оның қалай да нақ солай деп, тек қана осылай деп сұрағысы келген. Содан кейін ол жүрегін осыған дейін болып көрмеген бір елжіреу сезімі билегенін, екі көзіне жас келіп тығылғанын, емшектегі сәби де, оның қап-қара боп қатып-семген анасы да жыламасын деп, осы минуттан бастап басы жұмыр пенде біткеннің көз жасы төгілмесін деп барша жұртқа қандай да бір жақсылық істегісі келгенін және де осы ниетін кешеуілдетпей, ештеңеге қарамай тап қазір Карамазовқа тән аңғырттықпен істегісі келгенін сезген еді.
— Мен де сенімен бірге боламын, енді сені тастап кете алмаймын, ғұмыр бақи қасыңда жүремін, — оның дәл құлағының түбінен Грушеньканың жан-тәнімен тебіренген, нәзік үні естілді. Міне, ол жүрегі алып ұшып, шапақтаған бір сәулеге талпынатын секілді, өмірдің қызығына тоймай сайрандай бергісі келеді, мен мұндалаған жаңа жарық сәулеге қарай тоқтаусыз жүре бергісі, тезірек, дәл қазір, дереу жүре бергісі келді!
— Не? Қайда? — деді шошып оянған ол көзін ашқан соң, жымия күліп сандықтың үстіне отырып жатып. Николай Парфенович оның қасына келіп, хаттаманы тыңдап, қол қой деп тұр екен Митя бір сағат па, әлде одан көбірек пе көз шырымын алған шығармын деп ойлады, алайда, тергеушінің сөзі оның құлағына кірмеген-ді. Қалжырағандықтан сандықтың үстіне қылжия кеткенінде басының астында түк жоқ еді, енді қараса біреу жастық әкеп салыпты, мұны байқағанда ол қайран қалды.
— Басыма жастық әкеп салған кім? Ондай рақымшыл жан кім болды екен? — ол, өзіне бейне бір жақсылық істелгендей, ризашылығы тасып төгіліп, даусы дірілдеп, бір түрлі шаттана айқайлап жіберді. Көзіне кеп тығылған жас күллі жан-жүйесін елжіреткен жақсылықты істеген куәлардың бірі ме, әлде оған мейірімі түсіп жастық алдырған Николай Парфеновичтің хатшысы болды ма, әйтеуір жанашырлық көрсеткен адам сол беймағлұм күйі қалып қойды.
— Мырзалар, мен тым жақсы түс көрдім, — деді іштегі қуанышынан жүзі нұрланып кеткен ол таңғаларлық үнмен.
IX
МИТЯНЫ АЛЫП КЕТТІ
Хаттамаға қол қойылғаннан кейін Николай Парфенович айыпкерге маңыздана қарап, оған "Қаулыны" оқыды; онда былай делінген: мынадай жылы, мынадай күні, мынадай жерде, мынадай округтік соттың тергеушісі мынадай қылмыстары үшін (қойылатын айыптар мұқият тізілген болатын) айыпкер ретінде мынадай адамнан (яки Митядан) жауап алғаннан кейін, айыпкердің істеген қылмыстарын мойындамағандығын, өзін ақтау үшін ешқандай дәлел келтірмегендігін, алайда, куәлар (мына адамдар) мен нақтылы жағдайлар (мына-мына жағдайлар) оның кінәсын мойнына салғандығын ескеріп және "Жазалау туралы заңның" мынадай-мынадай баптарын, т.т. басшылыққа ала отырып тергеуден және соттан жалтаруына жол бермеу үшін ол (Митя) мына абақтыға отырғызылсын бұл туралы айыпкерге хабарлансын, осы қаулының көшірмесі прокурордың орынбасарына да табыс етілсін және т.т., т.с.с. Қысқасы, Митяға осы минуттен бастап оның қамауға алынатындығы, содан кейін оны қазір шаһарға алып барып өте жайсыздау бір орынға отырғызылатындығы мәлімденді. Митя қаулыны зейінмен тыңдағасын тек иығын бір қозғалақтатты да қойды.
— Жарайды, мырзалар, мен сіздерді кінәламаймын, мен әзірмін... Сіздерге бұдан басқа ештеңе қалмағандығын мен түсінемін.
Николай Парфенович қазір оны становой пристав Маврикий Маврикиевич алып жүретінін, оның осында екенін Митяға жайлап түсіндірген болды...
— Тоқтаңыздар, — бөлмедегілердің бәріне қарап суырыла сөйлеген Митя тергеушінің сөзін бөліп жіберді. — Мырзалар, біздің бәріміз қаталмыз, бәріміз жауызбыз, адамдарды, әйелдер мен емшектегі сәбилерді жылатуға келгенде бәріміз де кем түспейміз, бірақ бәріміздің ішімізден — мейлі, енді осылай деп-ақ ұйғарылсын — менен асқан оңбаған сұмырай жоқ! Мейлі! Мен өмір бойы күн сайын кеудемді қағып, түзелемін деп уәде бердім де, күн сайын сол жеркенішті қылығымды қайталаумен болдым. Енді түсіндім, мына мен сияқтыларға соққы, тағдырдың соққысы керек, оларды мойнына бұғалық салып жуасытпаса болмайды. Мен өз бетіммен ешқашан да қаз тұра алмас едім! Бірақ нажағай ойнады. Айыбым мен барша жұрт алдындағы масқаралығымның азабын тартуға талша мойным мұнша, азап шегу арқылы жанымды тазартамын! Бәлкім, тазарармын, сіздерше қалай, мырзалар? Алайда енді ақтық сөзіме құлақ салыңдаршы: әкемнің қаны төгілгендігінде менің еш кінәм жоқ! Айыпты болсам, оны өлтіргенім үшін емес, ал өлтіргім келгені үшін ғана және, бәлкім, шынында да жазатайым етуімнің мүмкіндігі үшін ғана айыптымын... Бірақ менің сіздермен қалай да бір жағаласып көрмек ниетім бар, мұны айтып қояйын. Сіздермен ақырына дейін айқасамын, ар жағын бір құдайға тапсырдым! Қош болыңыздар, мырзалар, тергеу үстінде сіздерге дауыс көтергенім үшін ренжімессіздер, о, онда мен әлі ессіз есер едім ғой... Бір минуттен кейін мен тұтқынмын, сондықтан қазір, әзірше басы бос тұрғанда, Дмитрий Карамазов сіздерге соңғы рет қолын ұсынады. Сіздермен қоштасқанда мен жалпы халайықпен қоштасамын!..
Митяның даусы дірілдеп кетті, сонсоң ол шынында да қолын соза беріп еді, оған өзгелерден гөрі жақындау тұрған Николай Парфенович қолын жұлып алғандай артына тыға қойды. Мұны сол сәтте сезген Митя селк етті. Соза берген қолын ол да тез тартып алды.
— Тергеу әлі біткен жоқ, — деп міңгірледі сәл қысылыңқырап қалған Николай Парфенович, — шаһарға барғасын оны одан ары жалғастырамыз, әлбетте, мен өз тарапымнан... сіздің ақталуыңызға... тырысқан талабыңыздың сәтті болуына тілектеспін... Шындығында, Дмитрий Федорович, сізді өз басым, былайша айтқанда, кінәлы деуден гөрі, бақытсыз жан деп санауға бейіммін һәманда... Осында отырған бәріміз, егер де баршамыздың атымыздан бірдеңе деуге менің батылдығым жетсе, біздің бәріміз сізді түпкі негізінен алғанда адамгершіл жігіт деп есептеуге әзірміз, бірақ, амал қанша! — кейде әлде неге шамадан тыс құштарланып кететініңіз бар...
Николай Парфенович сөзін аяқтай бергенде оның тәштиген пішіні әлдеқандай болып маңғазси қалған еді. Осы сәтте Митяның басына мына "балақан" қазір оны қолтықтап алып, ана бұрышқа қарай апарған соң, екеуінің арасында таяуда ғана болған "қыздар" туралы әңгімені қайта бастамаса игі еді деген ой сап ете түсті. Әйтсе де, кейде тіпті дар басына апара жатқан қылмыскерге де іске ешбір қатысы жоқ, алабөтен ойлар келе бермей ме.
— Рақымшыл, адамгершіл мырзалар-ау — менің онымен соңғы рет жүздесіп, қоштасуыма бола ма? — деп өтінді Митя.
— Әбден болады, бірақ та... қысқасы, енді біздің көзімізше ғана жүздесесіздер...
— Оқасы жоқ, тұра беріңіздер!
Грушеньканы алып кірді, бірақ олар ұзаққа созбай, тез қоштасты, бұған Николай Парфенович тіпті қанағаттанбай қалған секілді, Грушенька Митяға еңкейіп тағзым етті.
— Сендікпін, — дедім ғой, — сол айтқаным айтқан, ғұмыр бақи сендікпін, сені қайда жіберсе де мейлі, көзімнің тірісінде сенімен бірге боламын. Қош бол, өзіңді-өзің ешбір кінәсіз сорлатқан бейбағым!
Оның еріндері дірілдеп, екі көзінен жас ыршып кеткен еді.
— Груша, саған ғашықтығым үшін, сені бақытсыздыққа ұшыратқан баянсыз махаббатым үшін мені кешіре гөр!
Митя тағы да бірдеңе дегісі келіп еді, бірақ, кенет тыйыла қалып, далаға шығып кетті. Одан көз жазбай тұрған адамдар оны тез қоршап алды. Күні кеше Андрейдің тройкасымен құйындатып келіп бір-ақ тоқтаған төмендегі баспалдақтың алдында екі арба дайын тұр екен. Екі беті шиқандай, дембелтек семіз Маврикий Маврикиевич аяқ астынан болған бір жөнсіздікке қабақ шытып қалған ба, қалай, бұлан-талан боп біреулерге ақырып жатыр екен. Митяға арбаға отыр деп дүңк еткен даусы тым дөрекі шықты. "Бұрын, менімен бірге трактирде отырып шарапты судай сіміргенде бет әлпеті мүлде басқаша еді", — деп ойлады Митя арбаға мініп жатып. Трифон Борисович та баспалдақтан төмен түскен. Қақпа алды ұйлыққан жұрт — мұжықтар, қатындар, жәмшіктер, бәрі Митяға тесірейе қалыпты.
— Қош болыңдар, құдайы жандар! — арбада отырған Митя олармен айқайлап қоштасты.
— Өзің де кешіргейсің бізді, — деген екі-үш дауыс шықты.
— Трифон Борисович, сен де қош бол!
Бірақ Трифон Борисович, мұрнынан шаншылып жатқандай, оған тіпті бұрылып та қарамады. Ол да бірдеңе деп бажылдап, күйгелектеп жатқан. Маврикий Маврикиевич пе соңынан еруге тиісті екі сотскийдің көлігі әлі дайын емес екен. Екінші тройканың айдаушысы жаман тонын киіп жатып, кезек менікі емес, Акимдікі болатын деп салғыласып жатыр. Аким болса жоқ, оны шақыруға кісі жіберілген; мұжық тоқтаңдар, Аким келгенше тоса тұрыңдар деп қасарды.
— Маврикий Маврикиевич, бұл мұңдарға не лаж, ар-ұяттан жұрдай болған әбден! — деп күйінеді Трифон Борисович әлгі мұжыққа. — Аким, саған ол бұрнағы күні ғана жиырма бес сом ақша берген жоқ па еді, оны құлқыныңа құйып аласың да, енді келіп шу шығарасың. Біздің бұл оңбағандарға сіздің осыншалық кешірімділігіңізге таңым бар, Маврикий Маврикиевич, басқа не дейін!
— Бізге екінші тройканың керегі не? — деп сөзге араласты Митя, — біреуі де жетеді ғой, Маврикий Маврикиевич. Жанжал шығармасам, сізден қашпасам, айдауылдың не қажеті бар?
— Мырза-екесі, кісімен сөйлесе білмесеңіз, әуелі үйреніп алыңыз, маған сен дейтін кімнің шікіресісің, сонсоң ақылың өзіңе... — деп Маврикий Маврикиевич ішіне сыймай бара жатқан запыранды лақ еткізудің сәті түскеніне қуанып кеткендей, Митяны тойтарып тастады.
Митя үндемей отырып қалды. Ол азарланып кеткен еді. Сәлден соң мүлде жаурап бара жатқандай сезінді. Жаңбыр басылған, бірақ тұтасқан бұлттан аспан әлі бұлыңғыр, тура маңдайдан өткір жел соғады. "Қалтырап бара жатқаннан саумын ба өзі?" — деп ойлады Митя иығын қозғалақтатып. Ақыры, Маврикий Маврикиевич те арбаға отырды-ау, ауыр денесімен Митяның қасынан жалп еткенде, байқамағансып, оны қатты сығылыстырған еді. Рас, ол көңілсіз болатын, сол себепті өзіне жүктелген мына іске мүлде риза болмай, қитығып қалған-ды.
— Қош бол, Трифон Борисыч! — деп айқайлады Митя тағы да, бірақ ол бұл жолы ақкөңілділіктен далақтамай, ашу қысқасын, қасақана айқайлағанын іштей сезген. Алайда, екі қолын артына ұстап, маңғазсып тұрған Трифон Борисович Митяға сұсты пішінмен қадала қараған бойы ештеңе деп жауап қатпаған.
— Қош болыңыз, Дмитрий Федорович, қош болыңыз! — бір жерден шыға келген Калгановтың даусы естілді кенеттен. Ол арбаға жүгіріп келіп, Митяға қолын созды. Фуражкасыз екен, Митя оның қолын алып, қысып үлгерді.
— Қош бол, мархабаттым, сенің рақымшылдығыңды ұмытпаймын! — деді ол тебіреніп. Алайда, арба қозғала берді де, олардың қолдары ажырасып кетті. Қоңырау шылдырлады — Митяны алып кете барды.
Ал Калганов болса ауыз үйге жүгіріп кіріп, бұрышқа барып, басын төмен салып, қолымен бетін басып еңіреп қоя берген, бейне жиырмадағы зіңгіттей жігіт емес, ақ үрпек баладай боздап ұзақ отырған. О, ол Митяның кінәлі екендігіне толық сенуге жуық-ты! Ащы уайым билеп, өмірден күдер үзуге айналған ол: "Неғылған жандар бұл, бұдан соң оларды қалай ғана адам дерсің!" — деп ашына айқай салған. Бұл минуттен оның тіпті бұл дүниеде өмір сүргісі де келмеген. "Қажеті не, өмір сүруге тұра ма!" — деп күйінген опынған жігіт.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
ОНЫНШЫ КІТАП
БАЛАЛАР
І
КОЛЯ КРАСОТКИН
Қарашаның бас кезі болатын. Он бір градустай қара суықтың ақыры көк тайғаққа айналған еді. Тоңазыған жерге түскен түнгі қырбық қарды "ызғырық, өткір" жел кішігірім шаһарымыздың тұнжыраған көшелерімен, әсіресе базар алаңымен ұйтқытып ала жөнелген. Бұлыңғырланып атқан таңмен бірге қардың ұшқындауы да тоқтаған. Алаңға таяу, Плотниковтардың дүкеніне жақын тұста, іші-сырты мұнтаздай кішігірім үй тұратын, бұл бір шенеуніктің жесірі Красоткинаның мекен-жайы болатын. Губерния хатшысы Красоткиннің өзі осыдан он төрт жылдай бұрын, әлдеқашан дүние салған да, отызға енді ғана жеткен, әлі де өте шырайлы келіншегі осы мұнтаздай ұясында "өз капиталына" тұратын. Нәзік мінезді, ақ жарқын келіншек әйел атына кір келтірмей, ибалық сақтап күн кешіп жатқан-ды. Ол күйеуімен не бары бір жылдай ғана отасып, оған бір ұл тауып бергесін, он сегіздегі уыздай жас күйі жесір қалған. Осыдан кейін ол өзінің бүкіл ғұмырын көзінің қарашығындай жалғыз баласы Коляны тәрбиелеуге бағыштаған еді. осы он төрт жыл бойы сүйікті ұлын ебектеген әзіз ананың ол бірдеме ғып ауырып қала ма, суық тие ме, тентектік істеп қоя ма, орындыққа шығамын деп құлап түсе ме, немесе тағы бір бәлеге тап бола ма деп құдайдың құтты күні зәресі кетіп, еле жаздай жүріп керген қуанышынан уайым-қайғысы кеп болған еді. Коля әуелі мектепте, одан кейін біздің прогимназияда оқи бастағанда, шешесі оның сабаққа дайындалуына көмектесу үшін баласымен бірге сарлық, ғылымдарын игеруге талаптанып, мұғалімдермен, тіпті олардың әйелдерімен де танысқанша асыққан, Коляға тиіспесін, мазақтап қол жұмсамасын деп тіпті оның шәкірт жолдастарын да еркелетіп, жік-жаппар болған еді. Ақыры, оның осы қылығы балалардың шынында да Коляны шешесінің еркетайы деп мазақтап, күлкі етуіне себеп болған. Бірақ Коля өзінің намысын қорғай білді. Ол батыл мінезді бала еді, сыныпта "керемет күшті", епті, табанды, өжет әрі тапқыр деген қауесет тарап, тез орныққан. Жақсы оқыды, ол арифметика мен бүкіл дүниежүзілік тарихтан, тіпті мұғалім Дарданеловтың өзін де сүріндіре алады деген лақап та тараған. Бірақ Коля балаларға кекірейіп, мұрын шүйіре қарағанымен, жолдастыққа жақсы болды, жөнсіз ақсақтаған жоқ. Шәкірттердің құрмет тұтқанын заңды нәрседей қабылдап, оттарға өзі де достық ілтипатын аямаған. Ең бастысы, шама-шарықтан аспады, қажетті жерінде ұстамдылық көрсете білді, бастықтардың алдында ең соңғы, көкейкесті шектен әсте аспады, егер ол шектен аттаса, жай теріс қылықтың өзі тәртіпсіздікке, бейбастақтық пен бассыздыққа ұласып, төзгісіз нәрсе болып көрінетіндігін түсінді. Әйтсе де, ол реті келгенде нағыз бұла тентекше асыр салып ойнаудан тартынбайтын, бірақ оның бұл шалдуарлануында өзінше бір тапқырлық көрсетуге, таңырқатып тастауға "экстрафефер" жасауға, әсемпаздық пен сырбаздыққа тырысушылық көбірек-ті. Ең бастысы, өте намысшыл болды. Ол осы қасарма мінезімен тіпті шешесін де өзіне тәуелді етіп қойған. Баласына һәманда елпілдеп тұратын шешесі оған әлдеқашан бағынышты болған еді, тек оның маған неліктен "мейірімі түспейтіндігіне таңым бар" деген бір ғана ойға төзе алмайтын. Оған ұлы ешбір "жібімейтіндей" көрінетін, анасының тіпті оны неліктен осынша мейірімсізсің деп кінәлап еңірегенде етегі толған кездері де болған. Бүйткенді суқаны сүймеген бала өзінен іші-бауыры елжіреп тұруын талап еткенде онан сайын қасара түсетіндей сезінетін. Бірақ ол мұны еш уақытта қасақана істемейтін, мінезі сондай болса қайтеді, бәрі өзінен-өзі осылай боп шыға келетін, шешей қателескен еді: Коля оны өте жақсы көретін, оның шәкірттік тілімен айтқанда, тек "елжіреген мейірімділікті" ғана ұнатпайтын. Әкесінен қалған шкафта бірнеше кітап бар-ды. Кітап оқуға құмар Коля солардың кейбірімен танысып та үлгірген еді. Ұлының далаға шығып ойнаудың орнына, қолына бір кітапты алып, шкафтың алдында содан бас алмай бірнеше сағат тұратындығына кейде таңғалғаны болмаса, шешесі оның бұл қылығына онша уайым жемеген. Сөйтіп, Коля оның жасында әлі қолына ұстатуға да болмайтын кейбір кітаптармен танысып алған... Әйтсе де, ол еш уақытта үделі бір шектен шыққан да, соңғы кезде шешесінің зәресін ұшырған, алабөтен қылық та көрсете бастаған еді, рас, бұл соншалықты сұмдық бірдеңе болмағанмен, нағыз өлермен өжеттік болатын. Осы жазда, шілдеде, каникул кезінде, шешесі мен баласы жол түскен соң, осы арадан жетпіс шақырым жерде, екінші уезде тұратын жекжатының үйіне бір жұмаға қонаққа барған, туыс әйелдің күйеуі темір жол стансасында істейтін (бұл шаһарымызға ең жақын станса болатын, бір айдан кейін Иван Федорович Карамазов Мәскеуге осы стансадан аттанған). Үйге қайтқасын өз прогимназиясының шәкірттерін осы сапардан алған жаңа әсерлерімен тағы бір таңырқатайыншы, деп ойлаған Коля, стансаға келе салысымен темір жолды ыждағаттан қарап көріп, оның жұмыс тәртібімен танысын алған. Бірақ дәл осы кезде онда тағы бірнеше бала бар екен, Коля олармен де танысады, сөйтіп біреулері стансада, екіншілері сол төңіректе тұратын он екі мен он бестің арасындағы алты-жеті баланың басы құралады, екеуі тіпті біздің шаһардікі болып шығады. Балалар күнде асыр салып ойнап жүреді, сонан соң, төртінші күні ме, әлде бесінші күні ме, өңшең алаңғасар бозбастар екі сом қойып, ақылға сыймас бір бәс тігіседі, қостың кішісі болғандықтан, оған ересектеулерінің танауын көтере қарайтындығына намыстана ма, әлде өлермендігі қыстай ма, Коля түнде, сағат он бірдегі пойыз етерде қос рельстің аралығында етпетінен жатып, сол пойыз оның үстінен өткенше тырп етпеймін деп мәлімдейді. Рас, ол мұны екі рельстің ортасында жермен жер болып созыла жабысып жатса, пойыздың кісіні зақымдамай өте шығатындығына көз жеткізген соң ғана айтқан, бірақ, қалай десек те, олай жату оңай болып па! Коля қос рельстің арасында жата аламын дегенінен қайтпады. Балалар әуелі оны күлкі қылды, сонсоң бөспесің, мақтаншақсың деп мазақтап, онан бетер ерегістірді. Он бестегі бозбастардың оған тым мұрын шүйіре қарап, "кішісініп", алғашта оны тіпті жолдас деп есептеуге қомсынғандығы Коляны бәрінен де қатты қорлады. Сөйтіп, ымырт жабылғасын стансадан бір шақырымдай жерге барып, жолға шыққан пойыздың жүрісі біртіндеп қызып, жүйтки жөнелетін тұстан күтіп алуға ұйғарылды. Балалар жиналды. Айсыз түн тастай қараңғы еді. Тиісті мезгіл жеткенде Коля қос рельстің арасына етпетінен созылып жатты. Бәс тігіскендеріне жаман опынған қалған бесеуі жүрегі аузына тығылып, зәре-құты қалмай, жолдың етегіндегі бұтаның түбіне бұғып жатқан. Ақыры, стансадан шыққан пойыздың дүрсілі естіледі. Сосын қараңғыдан қос қызыл шамы жарқырап, жақындаған алып құбыжықтың дыбысы күшейе түсті. Бұтаның арасындағы өлердей қорыққан балалар: "Түрегел, қаш рельстен!" — деп айқалап еді, бірақ үлгермеді — пойыз зымырап өте шықты. Балалар атып тұрып, Коляға жүгірді, ол қимылсыз жатқан еді. Олар Коляны жұлмалап, жерден көтермекші болды. Митя тез түрегеліп, үн-түнсіз көмбеден түсті. Төмен түскесін: "ол сендерді қорқытайыншы деп әдейі қимылсыз жатты" деген; алайда, онда Коля шынында да ес-түссіз жатыпты, біраз уақыт өткесін шешесіне оның өзі мойындаған, сонымен ол "өжет бала" деген атаққа біржола не болған. Стансадағы үйіне қайтып келгенде ол шүберектей боп-боз екен. Келесі күні басы зеңіп, денесі қызып науқастанып та қалады, бірақ кеңілі шат, қуанышты, өзіне-өзі разы болыпты. Бұл оқиға кейін, Коля шаһарға оралғасын ғана мәлім болып, прогимназияға жетіп, бастықтардың да құлағына шалынады. Шешесі жалғыз ұлы үшін бастықтарға барып қолқа салып жалынып-жалбарынады, ақыры жұрт құрмет тұтатын беделді мұғалім Дарданеловтың араласуымен жабулы қазан жабулы қалған. Бойдақ жігіт болғасын Дарданелов талай жылдан бері жүрегін тұтқындаған Красоткина ханымға ғашық боп жүргенде, осыдан бір жыл бұрын, меселім қайта ма, әлде әдепсіз көрінем бе деп қысылса да, оған өзінің осы ыстық сезімін білдіруге бір мәрте тәуекел еткенде; ондай жаны таза, назқой жесір ару онша кетәрі болмасқа тиіс қой деп армандауға, өзінің кейбір жұмбақ қылықтарына қарағанда, Дарданеловтың тіпті азды-көпті хақы бар секілді көрінгенмен, бұған келісуді сүйікті ұлына опасыздық жасаумен бара-бар санап, Красоткина ханым оның бұл жүрек сырын, алайда, қабылдамай тастаған. Бірақ Коляның мына өлермендігі мұзды жібіткендей көрінген соң, баласына араша түскені үшін ол Дарданеловқа, алысқа меңзесе де ада-күде үміт үзбеуге ишара білдірген; Дарданеловтың өзі де ардың тазалығы мен сыпайыгершілікті қастерлейтін кісі болғандықтан, оның шын бақытты сезінуі үшін әзірше осының өзі де әбден жеткілікті-ді. Ол Коляға жарамсақтануды намыс көрді, бірақ оны жақсы көрді, әйтсе де сыныпта оған өзгелермен бірдей талап қойып, қатты ұстады. Алайда Коляның өзі де мұғалімін алыстан құрметтеп, сабағын үздік оқыды, сыныпта екінші шәкірт саналды, Дарданеловпен салқын сөйлесті, сөйтіп Коляның бүкіл дүниежүзілік тарихтан өте күштілігіне, керек болса оның тіпті Дарданеловтың өзін де "сүріндіре" алатындығына күллі сынып күмәнсыз сенген. Бір күні, шынында да, солай болды, Коляның: "Троянның іргесін қалаған кім?" деген сауалына Дарданелов жалпы халықтар, олардың қозғалыстары мен қоныс ауыстырулары жайында, көне заман, ескі аңыздар жайында әңгімелеп, Троянның іргесін қалаған нақ кім екендігіне, яки ол кісілердің атын атап жауап бере алмады, сонсоң бұл сауалдың өзін, неге екені белгісіз, тіпті еріккеннің ермегі секілді, қажетсіз бірдеңе деп санайтындығын сездірді. Бірақ балалар Троянның іргесін кім қалағанын Дарданелов білмейді деген сенімде қалып қойды. Ал Коля болса баяғы замандағы шаһарды кімдердің салғанын, әкесінен қалған шкафтағы Смарадовтың кітабынан оқып алған-ды. Ақыры, Троянның іргесін нақ кімдердің қалағанын білуге балалардың өздері де ынтыққан еді, бірақ Коля оларға өзінің құпиясын аша қоймады, сөйтіп оның білгіштік атақ-даңқы мызғымай қалды.
Темір жолдағы оқиғадан кейін Коляның шешесімен қарым-қатынасында кейбір өзгеріс туған еді. Анна Федоровна (Красоткиннің жесірі) ұлының стансада қандай ерлік көрсеткенін естігенде, зәресі зәр түбіне кетіп, тіпті шалық боп қала жаздаған. Шешесінің есі бір кіріп, бір шыққан сүлесоқ халі бірнеше күнге созылғанда шындап сасуға айналған Коля бұдан былай ондай ессіз есерлік жасамаймын деп адалдық, ақырғы сөзін айтқан. Шешесі талап еткен соң, ол тіпті икона алдында тізерлеп тұрып, әке аруағын аузына алып ант та берген; "қайсар" бала сосын "іші-бауыры елжірегендіктен" алты жасар сәбише еңіреп жылап жіберген; сөйтіп анасы мен баласы күн ұзаққа қайта-қайта құшақтасып, солқылдап жылаумен болған. Ертеңіне қайтадан "безбүйрек" болып оянған Коля, әйтсе де, енді ұяңдау, кішіпейілдеу, салмақтылау және мұңлылау көрінген еді. Рас, арада ай жарымдай өткесін тағы бір тентектігімен оның аты тіпті біздің бітістіруші судьяға да мәлім болған, бірақ оның бұл жолғы қылығы мүлде басқа, кісі күлерлік, жай ақымақтық қанады, сонан соң қатысқаны болмаса, өзінің бүлдірген ештеңесі жоқ боп шыққан. Алайда бұл жайында орайы келгенде кейінірек әңгіме етерміз. Жалғыз ұлы үшін қалтырап, назалана берген сұлу жесірдің тынышсыздануы өскен сайын, Дарданеловтың көкірегіндегі үміт оты да маздай түскендей еді. Бұл жағынан Дарданеловтың дітін ұғып, аңсарын аңғарған Коля, әлбетте, осы "сезімі" үшін оны қатты жек көрген. Кезінде Коляның осы жеккөрінішін шешесінің көзінше ашық айтып, Дарданеловтың нені көксейтінін оған алыстан аңғартқан дөрекілігі де болған еді. Енді, темір жолдағы оқиғадан кейін, ол бұл жөнінен де өзінің көзқарасын ол тіпті шет жағалап тұспалдаудан да біржола тыйылып, шешесінің көзінше Дарданелов туралы қошеметпен сөйлеуге көшкен. Ал Анна Федоровнаның сезгіш жүрегі мұны шын ризашылықпен ұға қоятын, бірақ оны есесіне үйіне келген мейманның аузынан Коляның көзінше Дарданеловты ауызға алған сөз шыққанда, ұялғанынан оның екі беті бал-бұл жанып қызарып кететін еді. Мұндай сәттерде Коля қабағын түйіп алып терезеге қарайтын, немесе нан сұрап тұрған жоқ па екен деп етігінің жұлығына үңіле бастайтын, болмаса зілдене дауыстап Перезвон атты жаман сабалақ төбетін шақырып алатын еді. Осыдан бір айдай бұрын тауып әкеліп, неге екені қайдам, жолдастарының ешқайсысына көрсетпей, үйде жасырып ұстаған итін ол бірдеңеге үйретіп жаттықтырамын деп әбден әуреге салып біткен еді, ақырында, бейшара ит Коля сабаққа кеткенде, үйде оны жоқтап ұлитынды шығарған, ал мектептен келгенде оның басына секіріп, қыңсылап еркелеп, сосын еденге сұлай кетіп, қимылсыз жата қалатын, тағы бірдеңе қылатын қысқасы, үйретілген нәрсенің бәрін, иесінің талап етуімен емес, тек өзінің оған деген шын берілгендігі мен ықыласын сездіру үшін ғана көрсете бастайтын.
Айтпақшы: ұмытып барады екем, оқырманға таныс, әскери қызметінен кеткен штабс-капитан Снегиревтің баласы Илюша, әкесін шәкірттердің "жөке сақал" деп мазақтағанына намыстанып, бір баланың санына бәкінің ұшын сұғып алып еді ғой, сол бала осы Коля Красоткин болатын.
II
БАЛАҚАНДАР
Сонымен, қарашаның үскірік желі ызыңдаған бір суық күні Коля Красоткин үйде отырған еді. Бүгін жексенбі, сабаққа бармайды. Міне, сағат он бірді соқты, ал оның "өте тығыз шаруамен" бір жерге қалайда баруы керек болса да, омалып отырғаны мынау; ересектердің бәрі өте шұғыл да ерекше жағдаймен бір жаққа кетіп қалғандықтан осы үйге бас-көз боп жалғыз өзі қалса, қалай кетпек. Красоткинаның үйінде, оның өзі тұратын пәтерден басқа, ауыз бөлменің екінші жағында жалға берілген шағын екі бөлмелі тағы бір пәтер бар-ды, онда екі жас баласымен бір әйел тұратын. Жас жағынан Анна Федоровна құралыптас келіншек онымен дос-жар құрбы боп кеткен-ді, оның дәрігер күйеуі әуелі Орынборға, сосын Ташкент жаққа кеткелі бір жыл болған, соңғы алты айдан бері одан ешбір хабар-ошар жоқ-ты; оның басына түскен қайғы-қасіретті сейілтуге Красоткина ханымның достығы жәрдемдеспегенде, бейшара жылап-сықтаудан бас көтермес еді. Тағдырдың тәлкегі аз боп жүргендей, оның жалғыз күтуші қызы Катеринаның ойда жоқта дәл сенбіден жексенбіге қараған түні таң алдында бала табатын шығармын демесі бар ма. Мұны осыған дейін ешкімнің сезбегені қалай деп үйдегілердің бәрі таңғалысқан. Дортердің әйелі бұған аң-таң болса да, әзірге уақыт барда, Катеринаны шаһарымыздағы осындайда көмегі тиетін қолы епсекті кемпірдікіне тезірек жеткізгенді жөн көрген. Оған күтуші қызы өте қажет еді, сол себепті осы ниетін тез іске асырмақ болып оны кемпірдің үйіне апарған соң, қасында қалып қойған. Ертеңіне таңертең, неге екені белгісіз, Красоткина ханымның бәз біреуден қысылтаяңда қол ұшын беруін өтініп, өзінің қамқорлығын да аямай, осы шаруаға достық ниетпен тікелей араласып, қолғабыс етуі қажет болады. Сонымен, екі әйелдің екеуі де үйде жоқ-ты, ал Красоткина ханымның қызметшісі, Агафья апай, базарға кеткен, сөйтіп Коля "балақандарға", яки пәтерші әйелдің бағусыз қалған кішкентай ұлы мен қызына уақытша бас-көз болуға мәжбүр етілген еді. Қасында иті болғасын Коля үйді жалғыз күзетіп отыруға қорыққан жоқ-ты, ол Перезвонды ауыз бөлмедегі сәкінің астына "тырп еткізбей" жатқызып қойған, Коля үйде жүріп ауыз бөлмеге кірген сайын иті басын жерден жұлып алып, арсалаңдап құйрығымен еденді сабайтын себебі осыдан еді, алайда, иесі бері кел деп ысқырып қалмаса, ол қайтеді. Коля көзін алайта қараған соң, бейшара ит қайтадан жым бола қалатын. Мына "балақандардың" жіпсіз байлағаны болмаса, Коляға қысылатындай ештеңе жоқ-ты. Катеринаның кенеттен бір жайсыз оқиғаға душар болғанына Коля, әлбетте, қатты қыжыртқан, бірақ ол шешесі жоқта жетімсіреген балаларды өте жақсы көретін еді, сәбилерге арналған бір кітапты оларға апарып бергендігі де сондықтан. Үлкені, сегіздегі Настя, оқи білетін, ал кішісі, жетідегі Костя, оған дауыстап кітап оқығанда құмарта тыңдайтын. Әрине, Красоткиннің оларды бір қызықты ойынмен алдарқатуына, яки екеуін сапқа тұрғызып қойып сарбаз боп ойнауына немесе үйдің ішінде тығылмақ ойнауына да болатын еді. Ол бұрын да талай осылай істеген және бұған арланбайтын, сол себепті өзінің сыныбында бірде Красоткин үйіндегі пәтерші әйелдің қаршадай балаларымен ат боп ойнайды дейді, өзі бейне шеткі атша мойнын бұрып, қырындап алып ордаңдайды екен деген лақап та тараған, алайда, Красоткин бұған саса қоймаған: "бұл заманда" өзім секілді он үштегі сомадай балалармен ат боп ойнасам, бұл ұят қылық болар еді, әрине, ал егер үйімдегі "балақандармен ойнасам — оларды жақсы көргендіктен ойнаймын, ендеше, не істейтінім жөнінде біреуге есеп беруге міндетті емеспін деп, өзіне тағылған кінәны серпіп тастаған-ды. Мұның есесіне "балақандардың" екеуі де оны керемет жақсы көретін еді. Әйтсе де, оның бұл жолы олармен ойнауға мұршасы келетін емес. Оның былай қарағанда тіпті өте құпия бірдеде секілді көрінетін аса мәнді шаруасы бар еді, балаларды Агафьяға тастап кетейін десе, кемпірдің базардан қайтып келмей жатқаны. Ол мезгіл-мезгіл ауыз бөлмеге шығып, балалардың есігін ашып, олардың не істеп отырғанына қайта-қайта көз салған; мұның айтуымен кітап оқып отырған екі бала бұл есікті ашып қараған сайын ол қазір ішке кіріп, тамаша әрі қызықты бір ойынды бастайтын шығар деген үмітпен оған ауыздарын аңырайтып үнсіз күлімдейтін. Алайда өзі алакөңіл боп тұрғандықтан Коля бөлмеге кірмеген. Сағат он бірді соққасын ол, енді он минуттан кейін "қақбас" Агафья келмесе, оны күтпестен кете беруге біржола бекінген-ді; әлбетте, ол кетерінде "балақандардың" ол жоқта қорықпаймыз, ештеңені бүлдірмейміз және үрейленіп жыламаймыз деген уәдесін алады. Ол осындай байламға келгеннен кейін мақталы астары қайсыбір аңның жұқа терісінен иленген жағасы бар қысқы пәлтесін киіп, сөмкесін иығына ілді; шешесінің "мұндай суықта" далаға шыққаныңда аяғыңа галошыңда іле салуды ұмытпасаңшы деп талай жалынғанына қарамастан ол ауыз бөлмеден өтіп бара жатып галошқа жеркене бір көз салды да, етігімен шығып кете барды. Иесінің киінгенін көргенде Перезвон денесін бұлғақтатып, құйрығымен еденді сабалап, тіпті бір түрлі жалынышпен қыңсылап та қойған, бірақ Коля тым арсалаңдап кеткен итінің еркінсіп бара жатқанын көргеннен кейін, бұл оның тәртіпке дағдылануына зиянды болар деп ойлап, оны бір минут болса да қайтадан сәкінің астында ұстаған соң, тек ауыз бөлмеге шығатын есікті ашқасын ғана оны ысқырып өзіне шақырып алған. Жатқан жерінен атылып шыққан ит оның алдында құйрығын бұлаңдатып, тайраңдай жөнелген еді. Ауыз үйге шыққасын Коля "балақандардың" есігін ашқан. Екеуі бұрынғысынша кішкентай үстелдің басында отыр екен, бірақ кітапты алып қойып, әлде не туралы керілдесіп жатыр. Олар өмірде кездесетін әралуан төтенше оқиғалар жөнінде жиі таласып қалатын, ондайда ересектеу Настя дәйім басым түсіп жататын еді; ал Костя, егер онымен келіспесе, әрқашан Коля Красоткиннің төрелігіне жүгінетін, сонсоң ол қалай деп тапса, шешім екі жаққа бірдей әділ үкім болып қалатын. "Балақандардың" бұл жолғы талас-тартысы біршама қызықтау көрінгендіктен, Красоткин табалдырықта аналардың пікір таласына құлақ салып кідіріп қалған-ды. Оның тыңдап тұрғанын көргесін балалар онан сайын өршелене таласты.
— Кіндік әжелер сәбилерді бақшадағы қырыққабат жүйектерінің арасынан тауып әкеледі дегенге мен еш уақытта сенбеймін, — деп былдырақтайды Настя қызбаланып. — Қазір далада қыс, ешқандай жүйек жоқ, ендеше, ол Катеринаға кішкентай қызды қайдан алмақ.
— Фью! — Коля іштей ысқырып қойды.
— Немесе былай: кемпірлер сәбиді басқа бір жақтан әкеледі, бірақ, тек күйеуі барларға ғана береді.
Костя Настядан көз алмай, зер сала тыңдап, ойланып тұрған.
— Настя, сен неткен зердесізсің, — деді, ақырында, қызбаланбай, салмақтап сөйлеген ол, — Катеринаның күйеуі болмаса, оған бала қайдан келмек?
Настя қатты қызарақтап қалған еді.
— Сен түкке түсінбейсің? — деді ол ашуланып, — мүмкін, оның күйеуі болған шығар, мүмкін, ол қазір түрмеде отырған шығар, әйтпесе бала табушы ма еді.
— Оның күйеуі түрмеде ме еді? — деп сұрады Костя байсалды үнмен.
— Немесе былай болуы да мүмкін, — деп өзінің алғашқы жорамалынан айнып шыға келген Настя інісінің сөзін бөліп жіберді. — Сенікі дұрыс, оның күйеуі жоқ, бірақ күйеуге тигісі келген, сөйтіп қалай күйеуге шығар екем деп күндіз-түні ойлап жүргенде, күйеуге тие алмаса да, балалы болған.
— Ә, солай ма еді, — деп келісе кетті мүлде жүні жығылған Костя, — сен маған мұны бұрын неге айтпадың, мен қайдан білем.
— Ал, балалар, — деді Коля бөлмеге кірген соң, — байқаймын, сендерден сақ жүрмесе болмас!
— Перезвонды ала кетесіз бе? — Костя ыржиып күлгесін, саусағын сыртылдатып итті шақыра бастады.
— Балақандар, менің қиналып тұрғаным, — деп бастады Красоткин маңғазсып, — маған көмектеспесеңдер болатын емес: Агафья, әрине, табанынан сауған, әйтпесе осы уақытқа дейін ол қайда жүр, менің бір жаққа кетуім керек, бұл осылай деп ұйғарылып, қол қойылған мәселе. Қалай, мені жібересіңдер ме, жоқ па?
Балалар бір-біріне сасқалақтап қарады, олардың ыржиған жүзінен абыржығандық сезіле бастады. Олар, әйтсе де өздерінен нені талап етіп тұрғанын әлі толық түсінбеген-ді.
— Мен кеткесін тентектік жасамайсыңдар ма? Шкафқа шықпайсыңдар ма, аяқтарыңды сындырып алмайсыңдар ма? Мен жоқта бірдеңеден қорқып жыламайсыңдар ма?
Балалардың жүзі сұмдық жабырқап сала берді.
— Оның есесіне мен сендерге бір керемет нәрсені көрсетер едім; менің кішкентай ғана мыс зеңбірегім бар, оған кәдімгі шын оқ-дәріні салып атуға болады.
Мұны естігенде балалардың жүзі қайтадан жадырап кетті.
— Қане көрсетіңізші, — деді көзі жайнаңдаған Костя, Красоткин сөмкесіне қолын салып, кішкентай қола зеңбіректі алып шығып үстелге қойды.
— Көргілерің келсе, міне! Қараңдаршы, кішкентай доңғалақтары да бар, — деп Коля ойыншықты үстелдің үстімен сырғытты, — одан атуға да болады. Оқ салып ату керек.
— Өлтірмей ме?
— Көздеп атсаң әрине, өлтіреді. — Красоткин оқ-дәріні қайда салу керегін, сосын домалақ оқпен қалай оқтауды түсіндірді, оталдыратын кішкентай тесікті көрсетті, атқан кезде зеңбіректің кейін тебетін сәті де болатындығын ескертті. Балалар оның бұл әңгімесін керемет құштарлана тыңдады. Олардың қиялын әсіресе зеңбіректің кейін төбетін кезі де болатыны қайран қалдырды.
— Ал оқ-дәріңіз бар ма? — деп сұрады Настя.
— Бар.
— Оқ-дәріңізді де көрсетіңізші, — деді даусын созып, жалынғандай жымия күлген Настя.
Красоткин қолын сөмкесіне тағы да сүңгітіп жіберіп, шынында да бір шөкім оқ-дәрі салынған кішкентай құты мен қағазға оралған бірнеше домалақ оқты алып шықты. Ол тіпті құтының тығынын алып, оқ-дәріден алақанына салып та көрсетті.
— Тек отқа сақ болу керек, әйтпесе гүрс етіп жарылғанда, бәріміздің быт-шытымызды шығарады. — деп қасақана қорқытып қойды Красоткин.
Балалар оқ-дәріге қорқа-қорқа көз салғанмен, бұрын көрмеген нәрсені көріп бір рақаттанып қалды. Бірақ Костяға домалақ оқтар көбірек ұнады.
— Ал оқ отқа жанбай ма? — деп сұрады ол.
— Оқ жанбайды.
— Онда маған бірнеше оқ беріңізші, — деді Костя жалынышты үнмен.
— Саған азғана бермей болмас, міне, ала ғой, тек шешеңе мен берді деп айтып қойма. мен қайтып келгенше дымыңды шығармыз, жарай ма, әйтпесе ол мұны оқ-дәрі шығар деп ойлап қорқып, сендерді құрып жүрер.
— Мамам, бізге еш уақытта шыбық тигізген емес. — деді оған іле-шала жауап қатқан Настя.
— Оны білем ғой, мен әншейін әсірелеңкіреп жатырмын. Сендер мамаларыңды ешқашан да алдамаңдар, тек осы жолы — мен қайтып келгенше ғана тістеріңнен шығармаңдар. Қалай балақандар, жүре берейін бе, жоқ па? Мен жоқта қорқып, жылап жүрмейсіңдер ме?
— Жы-ла-ай-мыз, — деп ыңырсып бастады Костя.
— Жыламағанда ше, жылаймыз! — деді Настя да үрейлі үнмен інісін қостап.
— Оһ, балалар, балалар, қорқайын дедім мен сендерден. Амал жоқ, балапандар, сендерді күзетіп қанша отырарымды құдай біледі. Ал уақыт өтіп барады, мен кешігіп барам, уһ!
— Перезвонға өлгеніңше жата қал деп бұйырыңызшы, — деп өтінді Костя.
— Басқа не істейміз, жарайды, онда Перезвонмен ойнайық. Перезвон, пси! — Сөйтіп, Коля итіме жарлық етуге кірісті, ал Перезвон білетін өнерін көрсете бастады. Бұл үлкендігі кәдімгі қорада жүретін иттердей, сұр-ақшыл-көк түсті сабалақ ит еді. Оң көзі қисық, сол құлағы, неге екені белгісіз, қиық болатын. Ол қыңсылап секірді, тік тұрды, артқы екі аяғымен жүрді, еденге шалқасынан қисая кетіп, бейне өлген итше, төрт аяғын көтеріп, қимылсыз жата қалды. Дәл осы соңғы сәтте есік ашылып, базардан сатып алған азықтарын салған түйіншектерді көтерген Агафья кіріп келді; Красоткина ханымның үй күтушісі қырықтардағы шұбар бет, жуан әйел еді. Ол кірген бойында сол қолындағы түйіншегін төмен түсірген күйі еденде жатқан итке қарап қалды. Агафьяның келуін қаншама асыға күтсе де, Коля ойынды үзген жоқ, Перезвонды сол қалпында тағы біраз жатқызғасын ғана, ақыры, оған ысқырып қалып еді, ит орнынан атып тұрып, өзінің борышын өтегеніне мәз болып арсалаңдап секіре бастады.
— Қарай гөр мынау итті! — деді Агафья ғибратты үнмен.
— Әйел нәсілі, сен неге осынша кешіктің? — деп сұрады Красоткин тіксініп.
— Олай дейтін сен кімнің шікірәсісің!
— Кімнің шікірәсі?
— Иә, шікірәсі. Кешіксем кешігем, онда сенің не шаруаң бар, — деп күңкілдеді пештің алдында күйбеңдеп жүрген Агафья; бірақ оның даусынан ешқандай наразылық пен ашу-ыза сезілмейді, қайта керісінше, пысықай байбатшаның бетінен алудың бір реті келгеніне қуанғандай, тым разы секілді.
— Әй, шолақ ақыл кемпір, — деді Красоткин диваннан түрегеліп жатып, — жарық дүниедегі қасиетті нәрсенің бәрін, оған қоса тағы бірдеңелерді аузыңа алып, мен жоқта мына балақандарға бас-көз боламын деп маған ант ете аламысың. Мен бір жаққа кетемін қазір.
— Менің саған ант беруімнің керегі не? — деп күлді Агафья,— мен оларды онсыз да бағамын.
— Жоқ, егер оларды бақпасам, жаным жаннамға кетсін деп ант етпесең кетпеймін.
— Маған кетпегенің жақсы. Дала аяз, үйде отыр.
— Балақандар, — деді Коля екі балаға қарап, — мен қайтқанша немесе шешелерің келгенше, оның да оралатын уақыты әлдеқашан өтіп кетті, мынау әйел сендердің қастарыңда болады. Сәскелік тамақтарыңды да береді. Агафья, мыналарға жүрек жалғарлық бірдеңе бересің ғой?
— Беруге болады.
— Қош болыңдар, балапандар, сендер үшін енді уайым жемеймін. Ал сен, әжетай, — деді маңызсыған пішінмен күбірлеп сөйлеген ол, Агафьяның жанынан өтіп бара жатып, — қатындардың Катерина жөніндегі дағдылы мылжыңымен мыналардың басын қатырмассың, олардың сәбилігіне жаның ашыр деп ойлаймын. Перезвон, иси!
— Әй, сен құдай атқанды ма, — деді Агафья ешбір қылтың-сылтыңсыз. — Кісі күлерлік тіпті! Мұндай сөздерің үшін сенің өзіңді таяқтап алар ма еді.
III
ШӘКІРТ БАЛАҚАН
Бірақ енді Коляның құлағына ештеңе кірмеген. Ақыры үйден шыға алғаны қандай жақсы болды. Қақпадан шыққасын ол жан-жағына қарап: "Аяз екен ғой!" деп иығын қиқаңдатқаннан кейін көшемен тура жүрді, сосын оң қолдағы шолақ көшеге түсіп, базар алаңына қарай беттеді. Ол алаңға бір үй қалғанда тоқтап тұрып, қалтасынан ысқырығын шығарып, қатты ысқырып біреуге мен келдім деп қақпа алдынан белгі берді. Арада бір минут өтпестен он бірлердегі нарттай бала іштен шыға келді; ол да үстіне жылы, таза, тіпті сәнді дерлік пәлте киген. Бұл бір ауқатты шенеуніктің баласы, даярлық сыныпта оқитын (ал Коля Красоткин одан екі сынып жоғары оқитын) Смуров деген бала еді; оның әке-шешесі Красоткинді аты-шулы тентек деп есептеп, баласының Колямен ойнауына рұқсат етпейтін, сол себепті Смуров, тегі, үйден қашып шықса керек. Егер оқырман ұмытпаса Смуров осыдан екі айдай бұрын ордың ар жағында тұрған Илюшаға тас лақтырған балалардың ішінде болған және сонда Алеша Карамазовқа Илюша жайында баяндап берген бала еді.
— Красоткин, менің сені күткеніме табандатқан бір сағат болды, — деді Смуров батыл пішінмен, содан кейін олар алаңға қарай жүрді.
— Бір себеппен кешігіп қалғаным, — деп жауап қатты Красоткин. — Менімен бірге жүргенің үшін таяқ жемейсің бе?
— О не дегенің, мені ұрады деп кім айтты? Перезвонды ерте келгенсің бе?
— Иә, Перезвонды да ала келдім!
— Оны да ерте барасың ба?
— Иә, ерте барамын.
— Ah, Жучка болса ғой!
— Қайдағы Жучка. Ол жоқ енді. Жучка зым-зия жоғалды емес пе.
— АҺ, былай десек қайтеді, — деді кенет тоқтай қалған Смуров,— Илюша Жучка да сабалақ ит еді, Перезвон секілді ол да бурыл, сұр болатын деген-ді, — ендеше, сол Жучка осы ит десек қайтеді, мүмкін, ол иланып қалар?
— Шәкірт балақан, өтіріктен аулақ бол, бұл бір; тіпті ізгілікті іске бола да өтірік айтпа, бұл екі. Ең бастысы, сен онда мені келеді дегеннен басқа ештеңені бықсытпаған боларсың деп ойлаймын.
— Құдай сақтасын, мен бәрін түсінем ғой. Алайда Перезвонмен оның көңілін аулай алар ма екенбіз, — деп күрсінді Смуров.
— Білесің бе: оның әкесі, капитан, әлгі жөке сақал, бүгін оған бір күшік, тұмсығы қарайған нағыз меделян күшігін әкеп беремін деген еді, сол күшікпен ол Илюшаны жұбатармын деп ойлайды, әй қайдам?
— Ал Илюшаның халі қалай өзі?
— Аһ, жаман, жаман ғой. Көкірек ауруы болу керек. Ақыл-есі дұрыс, тек тыныс алғаны ұнамайды, деміге береді. Таяуда ол далаға шыққым келеді деген соң, етігін кигізіп едік, аяғын баса алмады. "Аһ, әке, мен саған ескі етігім жаман деп айтып едім ғой, онымен бұрын да жүре алмаушы едім" — дейді. Ол аяғын баса алмағанына етігі кінәлы деп ойлайды, ал шындығында ол әлсіреп біткен. Бір жұмаға жете алмас. Герценштубе келіп тұрады. Енді олар тағы да бай, ақшасы көп.
— Сұрқиялар ғой.
— Кімді айтасың?
— Дәрігерлерді, жалпы емші-домшылардың бәрін, әлбетте, және кейбіреулерін де айтамын. Мен медицинаны мойындамаймын. Пайдасыз мекеме. Бірақ мен мұның бәрін зерттеймін әлі. Сендердікі, алайда, неғылған елжіректік бұл? Сендер онда, тегі, бүкіл сынып боп барып жүрген шығарсыңдар, солай ғой?
— Жоқ, бәріміз емес, онда барып жүргендер он шақты болып қалар, күн сайын барады. Ештеңе етпейді.
— Мені таңғалдыратыны — осының бәріндегі Алексей Карамазовтың рөлі: сұмдық қылмысы үшін ағасын бүгін болмаса, ертең соттайын деп жатқанда, ол соншама уақытын балалармен бірге қайдағы бір елжіректікке жұмсайды!
— Бұл арада ешқандай елжіректік жоқ. Илюшамен татуласамын деп өзің де барайын деп отырсың ғой.
— Қайдағы татуласу? Кісі күлерлік сөз ғой мынауың. Алайда, мен өзімнің қылығымды біреудің талқыға салуына көне алмаймын.
— Сенің келгеніңе Илюша қатты қуанатын шығар! Бұл оның қаперіне де кірмейді. Айтшы, сенің көпке дейін барғың келмегені неліктен? — деп сұрады кенет Смуров қызбаланып.
— Сүйікті балақаным, бұл менің өз еркім, сенің шаруаң емес. Мен өз бетімен барамын, өйткені мен осылай деп ұйғардым, ал сендердің бәріңді онда Алексей Карамазов алып барды, демек, айырмасы бар. Сосын, сен қайдан білесің, мен, бәлкім, онда әсте татуласу үшін бара жатпаған болармын? Ақымақтық сөздің қажеті не.
— Бізді Карамазов апарған жоқ, мүлде ол емес. Біздің балалар онда өздері бара бастаған, әрине, алғашта оған еріп барғанымыз рас. Ешқандай ерсілік, ешқандай зердесіздік болған жоқ. Әуелі біреуі, сосын екіншісі. Біздің келгенімізге әкесі қатты қуанды. Сен білесің бе, егер Илюша өлсе, ол жынданып кетеді. Илюша оның көз алдында сөніп бара жатыр ғой. Біздің Илюшамен татуласқанымызға ол қалай қуанды. Илюша сені сұрады, өзге ештеңе деген жоқ. Бірдеңені сұрайды да, үнсіз отырып қалады. Оның әкесі не жынданады, не асылып өледі. Білесің бе, ол ақ ниетті адам, ана жолы қателік кетті. Бәріне анау өз әкесін өзі өлтірген азғын кінәлы, ол онда бейшараны сабап тастады ғой.
— Дегенмен, Карамазов бір жұмбақ жан. Мен онымен әлдеқашан-ақ танысып алатын едім, бірақ кейбір жағдайда тәкаппар болғанды ұнатамын. Сонсоң, менің ол жөнінде өз пікірім бар, тек оны әлі тексеріп, түсіндіру керек.
Коля мардымсып үндемей қалды, Смуров та үндемеді. Смуров, әлбетте, Коля Красоткиннің алдында табынатын, сондықтан онымен теңесуді тіпті ойына да алмайтын. Енді ол Красоткиннің онда барғанына құштар еді, өйткені Коляның "өз еркіммен барамын" деп түсіндіруі тегін емес, демек, бұл арада Коляның тек енді ғана, нақ бүгін бармақшы болғанында бір гәп бар деп ойлаған. Олар базар алаңымен келе жатқан, бұл жолы онда келген арбалар толып кетіпті, сатуға әкелген құс та көп екен. Шаһарлық қатындар жаппаларының астында дөңгелек нан, жіп, тағы бірдеңе сатып тұр.
Жексенбідегі осындай жиындарды біздің шаһарда аңғалдықпен жәрмеңке деп атайды және де жыл бойы ондай жәрмеңкелер көп болады. Перезвон өте көңілді, біресе оңға, біресе солға бұрылып, бірдеңені иіскелеген болып, соңымыздан зыр қағып келеді. Басқа иттермен ұшырасып қалғанда, олармен өздерінің ережесі бойынша, алабөтен ықыласпен иіскелеседі.
— Смуров, мен реализмді, өмір шындығын бақылағанды ұнатамын, — деп Коля кенет сөз бастады. — Сен иттердің бір-бірімен кездескенде қалай иіскелесетінін байқадың ба? Бұл арада олардың бәріне ортақ табиғаттық нендей бір заңы бар болуға тиіс.
— Иә, тіпті күлкің келеді.
— Күлкілі ештеңе жоқ, сен қателесесің. Соқыр сенімнен арылмаған адамға қалай көрінсе олай көрінсін, бірақ табиғатта күлкілі ештеңе жоқ. Егер иттер пайымдап, сынауға қабілетті болса, онда олар адамдардың және олардың әміршілерінің арасындағы әлеуметтік қатынастардан күлкілі жайттарды әлдеқайда көп таппаса, аз таппас еді; мұны қайталап айтып жатқаным, бізде зердесіздіктің өте көптігіне мен кәміл сенемін. Ракиткиннің айтқан ойы бұл, ғажап ой. Смуров, мен социалистпін.
— Социалист деген не? — деп сұрады Смуров.
— Бұл адамдар бір-бірімен тең және барлығынын ортақ бір ғана иелігі болады, неке деген болмайды, дін мен барлық заңдар жөнінен де әркімнің өз еркі өзінде,қалған басқа жағы да осылай болады деген сөз. Сен әлі жассың, мұны түсіну қиын саған. Алайда дала шыңылтыр екен.
— Иә. Он екі градусты. Бағана әкем термометрден қараған.
— Смуров, сенің байқағаның бар ма: қыстың ортасында, он бес градус немесе тіпті он сегіз градус аяз болғанда да, суық онша сезілмейді, ал қазір, мысалы, қыстың басында қар әлі жұқа кезде кенеттен түскен он екі градус аяздың өзі әжептәуір сезіледі. Бұл суыққа әлі дағдылана қоймағандықтан. Адам дағдыланғыш қой, ол барлығына, тіпті мемлекеттік және саяси қатынастарға да дағдыланып алады. Дағды — ең басты күш. Әйтсе де, ана мұжықты қарашы, кісі күлерлік.
Коля арбасының жанында биялайлы қолын соғып жылытып тұрған, жүзі жылы, тұлып киген еңгезердей мұжықты көрсеткен еді. Оның салбыраған ақсары сақалын қырау басқан екен.
— Мына мұжықтың сақалына мұз қатыпты! — деді Коля оның жанынан өте бергенде, мазақтағандай қатты дауыстап.
— Сақалына мұз қатқан жалғыз мен емес, — деп байсалды жауап берді мұжық ғибратты әуенмен.
— Оған неге тиісесің, — деді Смуров.
— Оқа емес, ол ашуланбайды, жақсы кісі, Матвей, қош бол.
— Қош.
— Сенің атың Матвей ме еді?
— Матвей. Сен, немене, білмеп пе ең?
— Білген жоқпын; жай жобалап айтып едім.
— Әй, бәтшағар-ай. Шәкіртсің ғой, сірә?
— Шәкіртпін.
— Қалай, таяқтап тұра ма?
— Ептеп қана.
— Ауыра ма?
— Неге ауырмасын.
— Аһ, дариға-ай! — деп мұжық терең күрсінді.
— Қош бол, Матвей.
— Қош, аман бол, сүйкімді балақайым.
Балалар өз жөнімен кете барды.
— Жайсаң мұжық екен, — деді Коля қасындағы Смуровқа. — Мен халықпен сұхбаттасқанды ұнатамын және де оны әділетті бағалауға һәманда қуаныштымын.
— Сен оған бізді ұрады деп неге өтірік айттың? — деп сұрады Смуров.
— Оның да көңілін жұбату керек емес пе?
— Қалай?
— Көресің бе, Смуров, бірдеңені еріннің емеурінінен аңғармай, қайталап сұрағанда, менің қитығып қалатыным бар. Кей нәрсені тіпті түсіндіру де киын. Мұжықтың ойынша, шәкіртті ұрады және ұруға тиіс те: мектепке барса, таяқ жемесе — бұл қалай? Шыбық тигізбейді десем, ол опынып қалмай ма. Әйтсе де, сен мұны түсіне алмайсың ғой. Халықпен тілін тауып сөйлесу керек.
— Тек ешкімге тиіспей, жай жүр, әйтпесе, өткенде ана бір мүттәйімға ұқсап, бірдеңеге ұшырап жүрерміз.
— Сен, немене, қорқасың ба?
— Күлмеші. Коля, құдай ақына қорқамын. Әкем бұлқан-талқан болады. Менің сенімен бірге жүруіме қатаң тыйым салды.
— Уайымдама, бұл жолы түк те болмайды. Наташа, сәлемет пе, — деп дауыстады ол жаппаның астында сауда жасап тұрған келіншекке.
— Қайдағы Наташаны айтасың, менің атым Марья, — деп тіксінді әлі тұғырдан таймаған әйел.
— Марья болсаң, тіпті жақсы, қош бол.
— Сотқар неменің кіп-кішкентай болып ап тілін сүйреңдетуін!
— Сенімен сөйлесуге қазір уақытым жоқ, келесі жексенбіде айтарсың, — деп қолын бұлғады Коля, бейне келіншекке бұл тиіспей, бұған ол жабысқандай.
— Дәмесінің зорын, жексенбіде мен саған не айтуым керек? Өзі тиісіп тұрып, істеп тұрғанын мына сотқар неменің, — деп бажылдады Марья, — сендей аты-шулы жәбіршіні таяқтайтын кісі жоқ!
Жаппаның астында Марьямен бірге сауда жасаушы әйелдер бұған күліп жатқан кезде, дүкендердің қалтарысынан етегі шұбатылған көк шекпенді, басында күнқағарлы фуражкасы бар, әлі жастау, күрең сары бұйра шашты, ашулы біреу шыға келді; түрі көпестің піркәзшігіне ұқсайды, біздің шаһарлық емес, тегі, сырттан келген кісі болу керек. Әлденеге тұлданулы екен, Коляны көрген жерден оған жұдырығын түйді.
— Мен сені білемін, — деп айқайлады ол ашуланып, — мен сені білемін!
Коля оған тесірейе қарады. Ол өзінің бұл кісімен қандай жағдайда ұстасып қалуы мүмкін екенін есіне түсіре алмады. Бірақ ол көшеде жүргенінде әлдекімдермен аз ұстасты ма, барлығы бірдей жадында қала ма.
— Немене, танып тұрмысың? — деп сұрады ол кекесінді үнмен.
— Мен сені білемін! Мен сені білемін! — деп беталды қайталай берді мещанин.
— Білсең, өзіңе жақсы. Ал, қош, сенімен сөйлесуге уақытым жоқ!
— Неге сотқарланасың? — деп айқайлады мещан. — Сен тағы да бұзақылана бастадың ба? Мен сені білемін! Сен тағы да сотқарлығыңды бастадың ба?
— Мен сотқарлық жасаймын ба, жоқ па, бұл, ағайын, сенің шаруаң емес, — деді Коля, тоқтап тұрып, оны көзімен шолып.
— Қалай менің шаруам емес.
— Солай, ол сенің шаруаң емес.
— Онда бұл кімнің шаруасы? Кімдікі ол? Кімдікі деймін?
— Бұл, ағайын, енді Трифон Никитичтің ісі, сенікі емес.
— Трифон Никитичің кім ол? — деп аңырып қалған жігіт бұрынғысынша қызарақтап Коляға тесірейе қарады. Коля оны көзбен маңғаздана бір шолып өтті. Сонсоң кенеттен:
— Вознесеньеге барып па едің? — деп шұқшия сұрады қатқыл үнмен.
— Қайдағы Вознесенье? Неге? Жоқ, барған жоқпын, — деді сасқалақтайын деген жігіт.
— Сабансевті білуші ме едің? — деп сұрады Коля онан сайын шұқшия түсіп.
— Сабансеві кім тағы? Жоқ, білмеймін.
— Онда өз обалың өзіңе! — деп қолын бір-ақ сілтеген Коля, тіпті Сабансевті де білмейтін меңіреуге сөзімді несіне қор қыламын дегендей, оңға қарай жалт бұрылып, өз жөнімен кете барды.
— Әй, тоқтай тұршы! Әлгі Сабансевің кім еді? — деді енді ғана есін жиған жігіт, тағы да абыржуға айналып. — Анау не деп кетті өзі? — Ол енді саудагер әйелдерге аңырая қарады.
Әйелдер қарқылдап күлді.
— Қу бала екен, — деді әйелдердің бірі.
— Қайдағы Сабансевті айтты әлгі? — деп жігіт оң қолын сермеп, дамылсыз қайталай берді.
— А, ол әлгі, Кузьмичевтардың қызметшісі болған Сабанеевті айтқан шығар, ол, әлгі, осылай болуға тиіс, — деп жорамалдады екінші әйел.
Жігіт оған одырая қарады.
— Куз-ми-чевта деймісің? — деп қайталап сұрады әлгі әйел, — оның аты Трифон ба еді? Ол, Трифон емес, Кузьма болатын, жаңағы бала Трифон Никитич деді, демек, ол емес.
— Ол, білгің келсе, Трифон да, Сабанеев те емес, ол Чижов, — деп іліп әкетті осыған дейін тіс жармай, байсалды тыңдап тұрған үшінші әйел, — оның аты Алексей Иваныч Чижов, Алексей Иванович.
— Нақ солай, Чижов, ол дұрыс айтады, — деп кәміл сеніммен растады төртінші әйел.
Есеңгіреген жігіт біресе ана әйелге, біресе мына әйелге қарады.
— Менен неге сұрады оны, жараңдар-ау, айтсаңдаршы, ол неге сұрады! — деп айқайлады күйгелектей бастаған жігіт, —"Сабанеевті білуші ме едің?" — дейді. Оның Сабанееві кім екенін сайтан біледі!
— Сен-дағы бір зердесіз екенсің-ай, Чижов, Алексей Иванович Чижов деп айтып тұрсақ, бұл Сабанеев дей береді! — деп зекіп тастады оны саудагер әйелдердің бірі.
— Чижовтың кім? Қандай адам ол? Егер білсең, айта қойшы.
— Анау жаз бойы базардан шықпаған ұзын тұра, су мұрын ше?
— Жарандар-ау, айтыңдаршы, мынаның Чижовы кімге дәрі, а?
— Чижовтың кімге дәрі екенін мен қайдан білейін.
— Оның саған неге керегін кім біліпті, — деп іліп әкетті екінші әйел, — мұны сен өзің білмесең, мен білем бе, әйтпесе неге дызалақтайсың. Ақымақ болмасаң, ол бізге емес, саған айтты ғой. Әлде шынында да білмейсің бе?
— Кімді?
— Чижовты.
— Чижовтарыңмен басымды қатырмай, аулақ жүріңдерші! Қазір мен оның сазайын тартқызам! Ол мені мазақ қылды!
— Чижовтың сазайын бересің бе! Әлде ол сені сабай ма! Сендей ақымақты көрсем көзім шықсын!
— Сен қатын да тілің сүйреңдеген бір заржақ екенсің, мен Чижовты емес, ана баланы сабаймын дедім, енді білдің бе! Ұстаңдар, ұстаңдар ананы, мені мазақтағаны үшін сазайын берем қазір!
Қатындар күліп жатыр. Коля олардан алыстап бара жатқан, оның қыбы қанғанға ұқсайды. Смуров жанында келеді, арттағы шуылдасқан топқа бұрылып қарап қояды. Коляға еремін деп бір пәлеге ұшырамасам жарар еді деп әлі де қорыққанымен, ол да көңілді.
— Сен одан қайдағы Сабанеевті сұрадың? — деді Коля оның жауабын алдын ала сезген пішінмен.
— Оны мен қайдан білем? Енді олар кешке дейін шуылдасады. Мен қоғамның барлық жіктеріндегі ақымақтарға қозғау салып қойғанды ұнатамын. Әне тағы бір милау тұр, анау мұжықты айтам. Жадыңнан шығарма, "ақымақ француздан асқан зердесізді іздеп таба алмайсың" демей ме, бірақ орыстың сұрқы да өзін сездіріп тұрады. Ана қарашы, анау мұжықтың кещелігі бетінде жазулы тұрған жоқ па, а?
— Оған тиіспе, Коля, тоқтамай өте шығайық.
— Оған бірдеңе демей қалай өтпекпін, міне, бастадым. Әй! Сәлеметпісің, мұжығым!
Жайбарақат келе жатқан еңгезердей мұжық басын көтеріп, сәлемдескен балаға қарады; жалпақ беті жабалғылау, сақалы көкшулан тартқан, аздап ішіп алған болу керек.
— Егер қалжың болмаса, ал, аманбыз, — деп баяу жауап қатты ол.
— Ал қалжыңдасам қайтер едіңіз, — деп күлді Коля.
— Қалжыңдасаң — қалжыңда, онда не тұр. Оқасы жоқ. Құдайым әзіл-қалжыңнан айырмасын.
— Кешір, ағайын, қалжыңдап ем.
— Құдай кешірсін.
— Сен өзің кешіремісің?
— Шын ниетіммен кешіремін. Кете бер.
— Олай болса, онда сен, тегі, ақылды мұжық болдың ғой.
— Сенен гөрі ақылдырақ шығармын, — деп кенеттен, бұрынғысынша салмақты жауап берді мұжық.
— Асыра айтқан жоқсың ба? — деді абыржыңқырап қалған Коля.
— Шын айтам.
— Сенікі жөн шығар.
— Солай ма екен, ағайын?
— Қош бол, мұжық.
— Қош.
— Мұжықтар әр түрлі болады, — деді Коля біраз үнсіздіктен кейін Смуровқа. — Өзім де сезіп ем ақылды мұжыққа тап болатынымды. Халықтың ақыл-парасатын мойындауға мен әрқашан дайынмын.
Алыстағы шіркеу сағаты он бір жарымды соқты. Балалар асығуға айналды, сөйтіп штабс-капитан Снегиревтің үйіне дейін аяқтарын жеделдете басып. бір-біріне үн қатпады деуге болады. Үйге жиырма қадамдай қалғанда Коля тоқтап тұрып, Смуровты енді үйге кіріп, Карамазовты осы араға ертіп келуге жұмсады.
— Алдын ала иіскесіп алмай болмайды, — деді ол Смуровқа.
— Оны шақырып әкелудің қажеті не, — деп келіспеді Смуров, — осылай бірге барайық, сенің келгеніңе мәз боп қалады бәрі де. Аязда тұрып танысып қайтесің?
— Оны аязға неге ертіп шығу керегін мен өзім білемін, — деп қатал кесіп тастады Коля (ол мұндай "балапандармен" осылай сөйлескенді ұнатушы еді), бұдан кейін Смуров оның әмірін орындауға жүгіре жөнелген еді.
IV
ЖУЧКА
Коля тәкаппар кейіппен дуалға сүйеніп тұрып, Алешаның келуін күткен еді. Иә, оның Карамазовпен көптен бері танысқысы келіп жүрген. Балалардан ол туралы біраз жайттарды да естіп білген де, бірақ осыған дейін Алеша жөнінде оған бірдеңе дей бастаса, мұны жаратпаған сыңай танытып, ол туралы айтылған пікірлерге құлақ салғанмен, арасында оны тіпті "сынап" алатыны да бар-ды. Алайда, онымен танысуға іштей өте құштар болатын: Алеша туралы естіген әңгімелерінің бәрінде оның жанын сүйсіндіріп, оны онан сайын еліктірген тартымды бірдеңе бар еді. Сонымен, мұның өзі ол үшін бір маңызды сәт тұғын; біріншіден, ұятқа батып қалмай, тәуелсіз кісі екеніңді танытуың керек: "Әйтпесе, он үштегі бала ғой деп маған да ана балаларға қарағанындай қарап жүрер. Ол балалар кім еді соншама? Кездескенде сұрап көрем одан. Алайда, бойымның тапалдығынан-ақ көресіңді көретін болдым. Анау Тузиковты қарашы, жасы кіші болса да, менен қалқыңқы ғой. Бір тәуірі, қиянатыма қарап мені ешкім ақылсыз демейді, сұлу емесімді білемін, сықпытым оңып тұрған жоқ, бірақ бет әлпетім зердесіз емес. Онымен онша ашыла сөйлеспеу керек шығар, егер көрген жерден жалбақтай кетсем... әлдене деп ойлап қалар. Тьфу, егер... деп ойласа, қандай өкінішті!"
Алешканың алдында нағыз тәуелсіз кісі болып көрінуге тырысқан Коля осылай қатты абыржыған еді. Ең жаманы, оны сықпытының "оңып тұрмағандығынан" гөрі, бойының тапалдығы көбірек қинаған. Былтыр ол үйінің бір бұрышындағы қабырғаға өзінің бойы қанша екенін қарындашпен белгілеп қойған, содан бері екі айда бір рет сол сызыққа тебірене жақындап барып, бойын өлшеп көретін: қанша өсті екен? Бірақ, өкінішке қарай, ол сұмдық аз өскен болып шығатын, сөйтіп ол бұған қатты налып қалатын. Ал сықпытына келсек, "оңып тұрған жоқ" деп кемсітуге әсте келмейтін, қайта әжептәуір сүйкімді, азғана сепкілі болмаса, қуқылдау аппақ жүзі өзіне жарасымды еді. Қаймықпай қарайтын кішкентайлау сұр, өткір көздерінен іштегі сезім оты жалқындап тұратын. Шықшыты шығыңқылау, сәл ғана көнтектеу кішкене еріндері шиедей қызыл болатын; пұштиған мұрын да таңқиып жатқан-ды. Айнаға қараған сайын: "Осыншама таңырайған неткен таңқы мұрын!" — деп күбірлеп, өзіне-өзі көңілі толмай айнадан бұрылып кететін. Сонан соң ол: "Әй, қайдам, қиянатымның ақылды көрінуі де неғайбыл-ау" — деп енді тіпті өзінің бет-жүзіне де шүбә келтіретін. Әйтсе де, ол тек өзінің сықпыты мен денесінің өсіп жетілуін ғана уайымдаумен жүрген еді деп ойламау керек. Керісінше, айнаның алдында тұрған минуттері қаншама намысына тисе де, ол мұны лезде ұмытатын, ал "идеялар мен шынайы өмірге түгелдей берілген кезде" — өзінің қызметін ол осылай анықтап қойған-ды — тіпті көпке дейін ұмытып кететін.
Үйден тез шыққан Алеша жеделдете басып Коляға жақындады; оның жүзінен нендей бір қуаныш лебі есетінін Коля анадайдан аңғарған. "Менің келгеніме осынша қуанғаны ма", деп ойлады Коля жаны сүйсініп. Осы арада біз көрмегелі бері Алешаның танымастай болып өзгергенін айта кеткен жөн: ол үстіндегі мүриттің жұқалаң қара бешпентін сыпырып тастап, сәнді сүртік киіп жүрген, басында жұмсақ дөңгелек қалпақ, ал шашын қысқартып қырпытып алған. Осының барлығы бойына жарасып тұрғандықтан, Алеша сұлу бозбала боп шыға келген-ді. Оның сүйкімді жүзі қашанда көңілді көрінетін еді, бірақ мұның өзі бір түрлі жайбарақат, жайдары көңілділік болатын. Алешаның далаға бөлмеде отырған күйі, пәлтесіз шыққанына аң-таң болған Коля, тегі, асыққан шығар деп ойлаған. Алеша Коляға қолын соза берген еді.
— Бәріміз күткен едік, келгеніңіз қандай жақсы болды.
— Қазір айтам, оның бір себебі бар. Қалай болғанда да сізбен танысқаныма қуаныштымын. Өзім де көптен бері таныспақшы едім, сосын сіз жайында естіп білгенім де аз емес, — деп міңгірледі сәл ентіге сөйлеген Коля.
— Екеуміз мұнсыз да танысатын едік, мен де сіз жөнінде бірсыпыра хабардармын, әйтсе де, сіз мұнда, бұл үйге кешігіңкіреп келдіңіз ғой.
— Айтыңызшы, оның халі қалай өзі?
— Илюша нашар жатыр, өлетін шығар.
— Не деп тұрсыз! Карамазов, осы медицина дегеннің қолынан түк келмейді, солай емес пе, — деді қызбаланған Коля.
— Илюша сізді өте жиі есіне алды, білесіз бе, ол тіпті ұйқысырап сандырақтағанда да атыңызды атай береді. Тегі, ол сізді бұрын... әлгі... бәкіні сұғып алғанға дейін қатты құрметтеген болу керек. Сонсоң, тағы бір себеп бар... Айтыңызшы, мынау сіздің итіңіз бе?
— Менікі. Перезвон ғой.
— Жучка емес пе? — деп Алеша Коляның көзіне мүләйімси қарады. — Сонда ол ит біржола жоғалғаны ма?
— Сендердің барлығыңа Жучка керегін білемін, бәрін естігенмін, — деп Коля жұмбақтап мырс етті. — Тыңдағын, Карамазов, қазір барлығын түсіндіремін, мұнда келуімнің басты себебі де, үйге кірместен бұрын гәптің неде екенін түсіндірейін деп сізді далаға шақыртқанымның сыры да осы, — деді шешіле сөйлеген Коля. — Білесіз бе, Карамазов, көктемде Илюша даярлық сыныпқа оқуға түскен болатын. Ал ондағы балалардың қылығы мәлім ғой. Илюша келісімен-ақ, оған тиісе бастады. Одан екі сынып жоғары оқығандықтан, мен, әлбетте, бұған әуелі алыстан, тек сырттай көз салып жүрдім. Байқаймын, кішкентай әрі әлжуаз болса да, оның бағына қоятын түрі жоқ, ә десе мә деп шыға келеді, көзі оттай жанады. Мен өзім дәл сондайларды жақсы көрем. Ал аналар оны одан сайын ерегістіреді. Ең бастысы, онда Илюшаның үстіндегі пәлтесі алым-жұлым болатын, шалбары да тылтиып кеткен-ді, ал етігінің жұлығы нан сұрап тұрған. Олар оны осы себепті де қорлады ғой деймін. Оны кемсітті. Мұндайға шыдайтын мен бе, қолма-қол араша түсіп, балаларды жымдай қылдым. Карамазов, сен мұндай қызықты көріп пе едің, мен оларды сабаймын, ал олар мені бәрібір жақсы көреді? — деп бөскен Коля бір мақтанып қойды. — Мен балаларды жалпы жақсы көрем. Қазір де үйде екі балапанның бағым-күтімі менің мойнымда, жаңа осында келерде солардан зорға шықтым. Ақыры, балалар Илюшаға тимейтін болды, мен оны қанатымның астына алдым. Ол керемет намысқой, мұны мына мен айтып тұрмын; ақыры, не керек, ол маған жан-тәнімен беріліп, айтқанымды екі етпейтін, мені тәңірідей көретін, маған өлердей еліктейтін болды. Үзіліс кезінде ол маған келеді, сөйтіп екеуміз бірге жүретінбіз. Жексенбі күндері де бірге болатынбыз. Біздің гимназияда ересектеу баланың өзінен кіші баламен жақын жүргенін күлкі қылады, бірақ бұл соқыр сенім. Міне, мен осылай деп ойлаймын, білдің бе, мұным дұрыс қой? Мен оны үйретіп, жетілдіремін — егер оны шын жақсы көрсем, айтыңызшы, оған өз білгенімді неліктен үйретпеуім керек? Міне, Карамазов, сіз өзіңіз де анау балақандармен бірге жүрсіз ғой, демек, бұл сіздің жас ұрпаққа ықпал еткіңіз келгені, олардың өсіп-жетілуіне пайдаңызды тигізбекші болғаныңыз емес пе? Мінезіңіздің осы қасиетін сырттай естіген едім, несін жасырайын, менің назарымды бәрінен де көбірек тартқан осы қасиетіңіз болатын. Алайда, тоқ етеріне көшейінші: маған Илюшаның бойында бір сезімталды, елжіректік пайда болған секілді көрінді, ал мен, біле білсең, ондай елжіреген мейірімділікті тумысымнан әсте жақтырмаймын. Оның үстіне мына қайшылықты қараңыз: ол намысшыл, бірақ маған жан-тәнімен берілген — солай бола тұрса да, көзі жайнаңдап, менімен тіпті келіскісі жоқ, сөз таластырып, қасара қалады. Мен оған әртүрлі идеяны айтып көрдім: оның бұл идеялармен келіспегені былай тұрсын, тіпті менің жеке басыма қарсы тулайтынды шығарды, өйткені оның елжіректігіне мен салқынқандылықпен қараймын. Сонан соң, оны сынап көру үшін, ол елжірек болған сайын, мен онан бетер салқынқанды бола бердім — кәміл сенімін осындай болған соң. қасақана осылай еттім. Бүйткенде мен оның мінезін шынықтырып, кедір-бұдырын тегістеп, адам ғып шығарғым келген еді... одан арғысын... сіз, әлбетте, еріннің емеурінінен-ақ ұғарсыз деймін. Сонан соң, маған ол кенеттен бір күн, екі күн, үш күн бойы әлде неден қысылып, қапаланатындай көрінді, бірақ елжіректікке емес, мүлде өзге, құдіретті, асқақ бірдеңеге бола опынатын секілді. Бұл неғылған қайғы-шер? — деп ойлаймын. Баланы қысып едім, айтып салды: сіздің марқұм әкеңіздің (онда ол әлі тірі болатын) малайы Смердяковпен оның қалай танысқанын құдай біледі; сол сұмпайы зердесіз баланы бір ақымақтық қалжыңға, яки хайуандық, оңбағандық қалжыңға үйретеді — нанның жұмсағына түйреуішті салып, аштықтан аузына түскенді шайнамай қылғытатын бұралқы иттердің біріне тастап көрейік дейді. Сөйтіп, екеуі нанның жұмсағына түйреуішті солай етіп орап, қорада бір үзім қатқан паң тастаушы табылмаған соң көкке қарап ұлыған итке (Карамазов, сіз иттің бұлай беталды ұлығанын ұнатасыз ба? Өз басым жек көремін), жұрттың бәрі хикая ғып жүрген Жучкаға тастайды. Ит нанды қағып алып, жұтып жібергеннен кейін қыңсылап, бір орында айналсоқтап тұрып, сосын қаша жөнеледі, ақыры сол қыңсылаған күйі жоқ болыпты — маған Илюшаның өзі осылай баяндаған еді. Ол мені құшақтап, жылап тұрып айтты, иттің қыңсылағанынан жаны түршіккендей: "жүгіреді де қыңсылайды, жүгіреді де қыңсылайды" деп қайталай берді. Байқаймын, опасыздығына қатты опынатын секілді. Мен оның бұл күйзелісін шынға баладым. Ең бастысы, оның бұрынғы қылықтары үшін де сазайын бергім келді, сол себепті, шындығында, қулық жасап, өтірік ашуланып, бұлқан-талқан болғансыдым: "Сен, деймін, сұмдық рақымсыздық жасадың, сен оңбағансың, әрине, сенің бұл сұмпайылығыңды айтып жар салып жату маған лайықсыз іс, бірақ енді сенімен байланысты әзірге үзе тұрамын. Бұл қылығыңды әуелі ойластырып көремін, сосын, қажет болса, Смуров арқылы (мына қасымда жүрген және маған һәманда шын берілген бала арқылы) хабарласамын: сенімен бұдан былай қарым-қатынас жасаймын ба, әлде оңбағандығыңа көзім жеткеннен кейін сенен біржола беземін бе, мұны сонда білесің'". Менің бұл шешімім оны қатты налытты. Шынымды айтсам, онда тіпті, бәлкім, тым қатты кеткендей сезінген едім, бірақ дәл сол сәттегі ойым осындай болса, бұған не лажым бар. Бір күннен кейін бұдан былайғы жерде менің "онымен сөйлеспейтінімді" айт деп — бізде екі жолдас бір-бірімен көріспейтін болғанда осылай етеді — оған Смуровты жұмсадым. Бұл арадағы құпия сыр мынада: мен оны не бары бірнеше күн фербантта ұстап, тәубесіне келгенін көрген соң, оған қайтадан қол созғым келген. Бұл берік ниетім еді. Ал ол қайтты дейсіз ғой: Смуровтан менің сәлемімді естігенде оның көзі жайнаңдап кетіпті, "Красоткинге айта бар, — деп айқайлапты ол, — мен енді көшедегі иттің бәріне түйреуіш салған нан тастаймын, бәр-бәріне тастаймын, білдің бе!" — "А, бұл бәтшәғарың тым еркінсіп барады екен ғой, демек, оның аптығын басу керек шығар", — деп ойладым да, оны суқаным сүймейтінін анық аңғарта бастадым, кездесіп қалғанда теріс айналатынды немесе мысқылдап күлетінді шығардым. Сөйтіп жүргенде оның әкесі әлгі бір оқиғаға душар болды, есіңізде ме, балалар оны жөке сақал деп мазақтап еді ғой? Пайымдап көрсеңіз, балалар Илюшаны сұмдық ашуға алдын ала осылай әзірлеген-ді. Менің одан безгенімді сезген соң, балалар: "Жөке сақал, жөке сақал", — деп мазақтап, оған тиісе берген. Осыдан кейін төбелес басталды да кетті, ақыры бұлай болғанына қатты өкінемін, өйткені Илюшаны онда жаман ұрды ғой деймін. Бірде сабақтан кейін аулаға шыққасын ол барлығына дүрсе қоя берді, ал мен оншақты қадамдай жерде оған жай қарап тұрғам. Ант етемін, онда мен Илюшаға күлген жоқпын, қайта, оған жаным ашыған, тіпті аздан соң оны арашалауға да дайын едім. Бірақ ол менің қарап тұрғанымды байқап қалды ғой деймін: неге өйткенін білмеймін, әйтеуір қалтасынан бәкісін алып, маған ұмтыла берді де, оң аяғымның санына кірш еткізді. Мен тырп етпедім, шынымды айтсам, Карамазов, менің кейде керемет батырлығым да бар, оған: "Сенімен дос болғаным үшін тағы бір жеріме пышақ салмаймысың, мен әзірмін", — дегендей, мысқылдай қарап тұра бердім. Алайда, ол екінші рет пышақ жұмсай алмады, бұған оның дәті бармады, өзінің зәресі ұшып кеткендіктен, бәкісін лақтырып тастап, еңіреп жылаған күйі қаша жөнелді. Мен, әлбетте, шағым айтқан жоқпын және бастықтардың құлағына шалынбауы үшін балалардың бәріне үндеріңді шығармайсыңдар деп бұйырып қойдым, тіпті өзімнің шешеме де кейін, жыртып кеткен болмашы жарақат жазылған соң ғана айттым. Кейін естідім, сол күні ол балалармен тас лақтырысыпты және сіздің саусағыңызды қыршып алыпты, — оның қандай күйде жүргенін осыдан өзіңіз шамалай беріңіз! Амал бар ма, менікі зердесіздік болды: төсек тартып қалғанында оның теріс қылығын кешіру, яки онымен татуласу үшін үйіне баруым керек еді, бірақ бара алмадым, мен осыған өкінемін. Бірақ, бұл арада, менің өзгеше бір есебім де бар-ды. Міне, бар болғаны осы... тек бір зердесіздік істедім бе деп ойлай берем...
— Ah, қандай өкінішті, — деді тебіреніп кеткен Алеша, — онымен қарым-қатынасыңыздың мұндай екенін бұрын білсемші, білсем ғой, оған екеуміз бірге барайық деп сізге әлдеқашан келемін ғой. Нанасыз ба, денесі қызып-жанып, қиналып жатқанында, ол сіздің атыңызды атап сандырақтады. Сізді мұнша қымбат көретінін қайдан білейін! Әлгі Жучканы іздеп таба алмағандарың ба? Илюшаның әкесі мен балалар да бүкіл шаһарды сүзіп шықты. Нанасыз ба, ол қиналып жатып, көзіне жас алып, менің көзімше: "Әке, менің ауырып жатқаным, анада Жучканы өлтірдім ғой, бұл құдайдың сол үшін маған жіберген жазасы", — деп үш мәрте қайталады; оның көкейінен осы ой кетер емес! Егер сол Жучканы тауып әкеліп, тірі екенін көрсетсе, ол қуаныштан сауығып кетер ме еді, қайтер еді. Бәріміздің сізге сенгеніміз осыдан.
— Айтыңызшы, Жучканы іздеп табатын нақ мен деп неліктен ойладыңыздар? — деп сұрады құштарланған Коля, — басқаға емес, нақ маған үміт артудың себебі не?
— Сізді сол итті іздеп жүр екен, тапқан соң оны алып келмекші екен деген бір қауесет тараған. Осындай бірдеңені Смуров айтқан сияқты еді. Ең бастысы, біздің бәріміз Жучка тірі, оны бір жерден көріпті деп Илюшаны иландыруға тырысамыз. Балалар оған тірі қоян тауып әкеліп еді, ол қоянды көргесін жымиып күлді де, далаға алып барып қоя беріңдер деді. Біз солай еттік те. Содан кейін әкесі келді, ол бір жерден меделян күшігін тауып әкеліпті, алданыш бола ма деп ойлаған екен, бірақ керісінше, бұрынғыдан да жаман болды ма деп ойлаймын...
— Карамазов, енді мынаны айтыңызшы: оның әкесі неткен жан? Мен оны білемін, бірақ оны сіз қандай адам деп ойлайсыз: сайқымазақ па, қылжақбас па?
— Аһ, жоқ, өте-мөте сезімтал, бірақ бір түрлі ынжық кісілер болады ғой. Ғұмыр бақи қорықсыған жасқаншақтығынан болар, шындықты көзін шұқып, тура айта алмаған адамдарына іштегі зәрлі мысқылын сайқымазақтануымен білдіреді. Нансаңыз, Красоткин, мұндай сайқымазақтықтың ақыры кейде өте қайғылы болып жатады. Қазір оған барлығы, бұл дүниедегінің бәрі бір Илюшаның бойында секілді көрінеді, Илюша өлсе, ол не жынданады, не өзін өзі өлтіреді. Оның сықпытын көргенімде, бұған менің ешбір күмәнім қалмайды тіпті.
— Карамазов, айтқаныңызды түсіндім, енді сіздің оны білетініңізді көріп тұрмын, — деді тағы да тебірене сөйлеген Коля.
— Ал мен ит ертіп жүргеніңізді көргесін, әлгі Жучканы алып келген шығар деп ойлаған едім.
— Сабыр етіңіз, Карамазов, бәлкім, біз оны іздеп табармыз әлі, ал мынау — бұл Перезвон. Мен оны қазір бөлмеге ала кірейін, бәлкім, Илюша меделян күшігінен гөрі менің итімді көргенде көңілдене түсер. Сабыр етіңіз, Карамазов, қазір сіз бірдеңені көріп білесіз. Аһ, құдай-ау, мен сізді неге далада ұстап тұрмын! — деді кенет Коля өкінішті үнмен. — Мынадай суықта жалғыз сүртікте тұрсыз ғой, осыны сезбеген мен де саппас екенмін; көрдіңіз бе, менің саппастығымды! О, біздің бәріміз де саппаспыз, Карамазов!
— Абыржымаңыз, рас, дала суық, бірақ мен жаураған жоқпын. Әйтсе де, кеттік. Айтпақшы: атыңыз кім, сізді Коля дейтінін білемін, әкеңізді қалай атайды?
— Николай, Николай Иванов Красоткин, немесе ресми түрде, Красоткин ұлы, — деп әлде неге мырс еткен Коля, кенет тағы былай деді:
— Мен, әлбетте, өзімнің Николай деген атымды мүлде жаратпаймын.
— Неге?
— Мән-мағынасыз, жай бірдеңе...
— Он үштесің ғой? — деп сұрады Алеша.
— Дәлірек айтқанда, он төрттемін, екі жұмадан кейін он төртке толамын, көп қалған жоқ. Карамазов, сіздің алдыңызда бір кемшілігімді алдын ала мойындап қояйық тек сізге ғана, алғашқы таныстық үшін ғана, менің күллі жаратылысымды салған жерден көріп білуіңіз үшін ғана мойындаймын: менен жасың нешеде деп сұрағанда құрыстап кететінім бар, тіпті жек көрем... сосын ақырында... мен жөнінде, мысалы, өткен жұмада даярлық сыныбындағы кішкентай балалармен қарақшы ойынын ойнапты деген өсек тараған. Ойнағаным рас, бұл шындық, бірақ өзі үшін, өзінің рақаттануы үшін ойнады деген — міне, бұл мүлде жалған. Мен бұл өсек сізге де жеткен шығар деп ойлаймын, сондықтан, өзім үшін емес, балалар үшін ойнағанымды, өйткені олар менсіз, өз бетімен қызықты бірдеңе ойлап шығара алмайтынын ескертіп қоюға тиістімін. Бізде сандыраққа қашанда бейім тұрады. Маған сенсеңіз, бұл өсек-аяңның шаһары.
— Тіпті өзің үшін ойнасаң да оқасы жоқ, оның қандай ерсілігі бар?
— Ал өзің үшін... сіз ат боп ойнай қоймайсыз ғой?
— Онда былайша пайымдаңыз, — деп жымия күлді Алеша, — мысалы, ересектер ғой театрға барады, ал театрда түрлі кейіпкерлердің бастан кешірген оқиғалары көрсетіледі, кейде онда да қарақшыларды көресің, ұрыс та болып жатады — міне бұл, әлбетте, өзіне тән ерекшелігімен, балалардың ойыны секілді нәрсе емес пе? Үзіліс кезінде балалардың әскер немесе қарақшы боп ойнауы — бұл да жаңа туып келе жатқан өнер ғой, жас өркеннің көкірегінде ояна бастаған өнерге құштарлықтың белгісі емес пе, бұл ойындар кейде тіпті театрдағы қойылымдардан гөрі үйлесімдірек шығып жатады, айырмасы — театрға актерларды көруге барады, ал мұнда балалардың өздері актер. Бірақ бұл тек табиғи болса ғана.
— Сіз осылай деп ойлайсыз ба? Сіздің кәміл сеніміңіз осындай ма? — деп Коля оған қадала қарады. — Білесіз бе, сіз өте қызғылықты ой тастадыңыз; үйге барған соң, осы жөнінде миға салып көремін. Шыңымды айтсам, сізден тағылым аларлық бірдеңе естірмін деп ойлап едім. Карамазов, мен сізден үйрену үшін келдім, — деді соңында тебіреніп, ширығып кеткен Коля.
— Ал мен сізден үйренемін, — деді оның қолын қысып тұрып, жымия күлген Алеша.
Коля Алешаға шын риза болған еді. Оны өзімен терезесі тең кісідей көргеніне, онымен "ересек кісіше" сөйлескеніне ол қайран қалған.
— Карамазов, сізге қазір театр қойылымы секілді бір қызық ойын көрсетемін, осында келуімнің себебі де осы, — деді Коля өрекпи күліп.
— Әуелі сол жақтағы қожайындарға кірейік, балалардың бәрі пәлтелерін сонда шешіп қалдырады, өйткені бөлмеде тар әрі тымырсық қой.
— О, мен тек бір сәтке ғана кіремін, пәлтемді шешпесем де болады. Перезвон ауыз үйде тырп етпестен жатады: "Перезвон, пси, күш, өл!" — міне көресіз бе, ол өле қалды. Мен әуелі ішке кіріп, жағдайды көрген соң, қажет болса, "Перезвон, иси!" — деп ысқырамын — сонда ол, өзіңіз көрерсіз, бөлмеге атылып кіреді. Тек дәл сол сәтке Смуров есікті аша қоюды ұмытпаса болды. Ит менің жарлығымды екі етпейді, сөйтіп сіз бір қызық ойынды көретін боласыз...
V
ИЛЮШАНЫҢ ТӨСЕГІ ҚАСЫНДА
Әскери қызметтен кеткен штабс-капитан Снегиревтің отбасы тұратын өзімізге таныс бөлмеде жиналған жұрттың көптігінен тыншу әрі тар еді. Бұл жолы Илюшаның жанында бірнеше бала отырған, оларды Илюшамен татуластырып, қайта табыстырған Алеша екенін, Смуров сияқты, бәрі де мойындағысы келмегенмен, бұл шындығында солай болатын. Алеша балаларды, бірінен соң бірін, "елжіреген мейірімділік" көрсетусіз-ақ, әлдеқалай, өзінен-өзі орайласқандай етіп Илюшамен қайта табыстырған еді — оның бұл жолғы бар ептілігі осы ғана. Осыдан соң Илюшаның науқасы әжептәуір жеңілдеп қалған Бір кезде өзімен өштескен балалардың достық пейілі мен жанашырлығын көргенде оның тіпті көңілі босап кеткенді. Енді оның жүрегіне тікендей қадалған нәрсе — жалғыз Красоткиннің келмегендігі ғана еді. Егер Илюшечка басынан кешкен ең өкінішті оқиғаны есіне алса, ол өзінің бұрынғы жалғыз досы әрі қорғаушысы Красоткинге сонда абайламай пышақ салып алғандығы болатын. Зейінді Смуров та (Илюшамен татуласуға бірінші болып келген бала) осылай пайымдаған. Алайда Смуров оған Алешаның "бір шаруамен" келмекші екенін тұспалдағанда Красоткин не істеу керегін өзі де білетінін, біреудің ақылына зәру емесін, науқасқа барғысы келсе, оған қашан баруды өзі де білетінін, себебі, оның "өз есебі" барын "Карамазовқа" айта бар деп кесіп тастаған. Бұл осы жексенбіден екі жұмадай бұрын болған-ды. Алешаның алғашқы ниетінен айнып, оған өзі бармағаны осыдан еді. Алеша күтіп жүргенмен, Смуровты оған, әйтсе де, бір рет емес, екі рет жұмсаған. Бірақ екі жолы да Красоткин үзілді-кесілді бас тартып, қиястана жауап берген: егер барғым келмесе, тіпті Алешаның өзі келіп қолқаласа да, Илюшаға еш уақытта бармайтынымды оған айта бар, сосын енді қайтып мұндай нәрсемен мені мазаламаңдар деген. Коляның бүгін таңертең Илюшаға баратынын акырғы сәтке дейін тіпті Смуровтың өзі де білмеген еді; Коля кеше кешке Смуровпен қоштасып тұрып, кенет ертең таңертең мені үйіңде күтетін бол, екеуміз Снегиревтардікіне барамыз, бірақ мұны әзірше тісіңнен шығарма, біз онда жол-жөнекей соға кеткендей болып баруымыз керек деп ескертіп қойған. Смуров оның айтқанына көнген де. Красоткиннің бірде: "егер ол ит тірі болса, оны неғып таба алмай жүр, онда олардың барлығы қолдарынан түк келмейтін ақымақтар болғаны ғой", — дегені бар еді. — Смуровтың ол жоғалған Жучканы тауып әкеледі деп қиялдауына осы сөздер себеп болса керек. Біраз уақыт өткесін Смуров жоғалған ит жайындағы жорамалын Красоткинге ептеп тағы да құлақ қағыс еткенде, ол: "Өзімнің Перезвоным барда, бүкіл шаһардан біреудің итін іздейтін, мені ақымақ деймісің? Сосын, дені дұрыс кісі түйреуіш жұтқан ит тірі қалады деп ойлай ма? Емешесі үзілудің белгісі бұл, басқа түк те емес!" — деп жаман ашуланған.
Оның бер жағында Илюшаның бұрыштағы иконаға таяу тұрған төсегінен бас көтермегеніне екі жұмадай болып қалған. Балалармен тас лақтырысқанда Алешаның саусағын қыршып алған күннен бері сабаққа да бармаған. Бір айға жуық ара-тұра төсегінен тұрып, кейде бөлмеде, ауыз үйде ептеп жүргенмен, ол науқас болатын. Ақыры әбден әлсіреп, әкесінің демеуінсіз жүре алмайтын халге жеткен еді. Баласы үшін қалтырап, тіпті ішуді де қойып кеткен әкесі ол өліп қала ма деп қорқып, тіпті есінен адаса жаздаған; сөйтіп, әсіресе, қолтығынан демеп бөлмеде жүргізгесін оны төсегіне қайта жатқызғаннан кейін, — тез ауыз үйге жүгіріп шығып, қараңғы бұрышта маңдайын қабырғаға сүйеп тұрып, Илюша сезіп қалмасын деп дыбысын шығармай, жиі-жиі солқылдап жылайтын.
Ал бөлмеге қайтып келгесін ол сүйікті ұлын әдетте бірдеңемен алдарқатып, жұбатуға тырысатын, оған ертегі, күлкілі анекдот айтатын, немесе бет әлпетін, қимылын өзгертіп, өзі білетін күлкілі адамдарды бейнелейтін, тіпті аңның ұлыған болмаса бақырған даусына да салатын. Алайда Илюша әкесінің сайқымазақтанып, бет-аузын тыржыңдатып, оны күлдірмекші болғанын мүлде ұнатпайтын еді. Ол жақтырмаған сезімін сыртқа шығармауға тырысқанмен, әкесінің бұл қоғамда ит қорлықпен жүргенін ойлағанда жүрегі сыздап кететін де, балалардың "жөке сақал" деп мазақтағаны мен сол бір "қаралы күнді" һәман тітіркене есіне алатын. Илюшканың мешел, бұйығы, момақан әпкесі Ниночка да әкесінің сайқымазақтанғанын жақтырмайтын (ал Варвара Николаевна әлдеқашан Петерборға оқуға кеткен-ді), бірақ, мұның есесіне, жарымес шешесі күйеуі қорбаңдап әлдекімді бейнелегенде немесе күлкілі бірдеңені көрсеткенде мәз-мәйрам болып, рақаттана күлетін. Бейшараның одан өзге жұбанышы да қалмаған еді, өзге уақытта ол мені ұмыттыңдар, сыйламайсыңдар, ренжітесіңдер деп және тағы басқа өкпесін айтын дамылсыз күңкілдеп, жылай беретін. Алайда соңғы күндері ол да кенет өзгерген еді. Ол Илюша жатқан бұрышқа жаутаң-жаутаң етіп, ойға шоматын болған-ды. Үнемі бұйығып отырғаны, ешкімге үн қатпайды, жыласа — тірі жанға естірткісі келмегендей, ақырын ғана ыңырсиды. Штабс-капитан бұл өзгерісті сезгенде оған не болғанына миы жетпей, дал болған. Балалардың топырлап келгенін жақтырмаған ауру шеше әуелі қабақ бермеген, әйтсе де, кейіннен олардың үйді уман-думан қылғаны оны көңілдендіретін болған, ақыры қатты ұнағаны сонша, егер осы балалар келмей кетсе, ол мүлдем жабығып, уайымдап қалар еді. Олар бірдеңені айта бастағанда немесе ойынға кіріскенде, ол күліп, қол шапалақтайтын. Кейбірін жанына шақырып алып, бетінен сүйетін. Әсіресе Смуровты өте жақсы көріп кетті. Ал балалардың Илюшаның көңілін көтеруге келгені үшін штабс-капитанның әуел бастан кеудесін қуаныш кернеген, ауру ұлы сары жамбас боп жатпаса, бәлкім, ол тезірек сауығып кетер деп те үміттенген. Іштей қаншама қорықса да, байғұс әке баласының бір күні аяғынан басып кететіндігіне тіпті соңғы кезге дейін бір минут те шүбәланбаған. Ол өзінің жауқазын меймандарын елпілдеп қарсы алып, солардың маңынан кетпей, қалбалақтап қызмет етіп, оларды мойнына мінгізуге де бақұл болған, ол тіпті солай істеген де, бірақ Илюшаға ұнамағасын бұл ойын тоқталған. Ол балаларға кәмпит, пірәнік, жаңғақ сатып әкелетін, алдарына май жаққан нан қойып, шай беретін. Бұл кезде оның қалтасы ақшасыз болмағанын айта кеткен жөн. Ол анада Катерина Ивановнадан... екі жүз сом ақшаны Алешаның айтуымен ғана алған-ды. Содан кейін, олардың жай-жағдайы мен Илюшаның науқас екенін естіген соң, Катерина Ивановнаның өзі келіп, үй-ішімен түгел танысып, тіпті штабс-капитанның жарымес әйелін де таңғалдырған. Содан бері Катерина Ивановнаның да алақаны ашық болған да, баласы өліп қала ма деген ойдан жасыған штабс-капитан бұрынғы менмендікті ұмытып, қайыр-садақаны арланбай ала берген... Катерина Ивановнаның айтуы бойынша, жергілікті дәрігер Герценштубе ауру балаға осы уақыт бойы күнара үзіліссіз және ыждағаттап келіп тұрған, бірақ оның дәрі-дәрмекті аямағанына қарамастан, бұдан түскен пайда шамалытұғын. Алайда, оның есесіне бүгін, яки жексенбі күні таңертең, штабс-капитанның үй іші Мәскеуден келген бір жаңа атақты дәрігерді күтіп отырған еді. Катерина Ивановна қыруар ақшасын шығындап, оны Мәскеудің өзінен арнайы шақыртып алдырған — әлбетте, Илюшаны емдету үшін емес, өзге бір мақсатпен алдырған-ды, бірақ ол жайында кезегі келгенде кейін айтыла жатар, әзірге жаңа дәрігер қолда тұрғандықтан, Катерина Ивановна одан Илюшечканы да қарауды өтініп, бұл жайында штабс-капитанды алдын ала ескертіп қойғанын айтсақ та жеткілікті шығар. Сүйікті ұлы оған қашан келер екен деп зарыға күткен баланың, ақыры, үйге келуін көптен бері тілесе де. ол Коля Красоткинді тап бүгін жетігі келер деп әсте ойламаған Красоткин есікті ашып, бөлмеге кіргенде барлығы, штабс-капитан мен балалар, төсектегі Илюшаны қоршап алып, кеше ғана туған кішкентай меделян күшігін жапа-тармағай көріп жатқан; жоғалып кетіп, бір жерде өліп қалған Жучканы уайымдап, қапаланған ұлының көңілін жұбату үшін штабс-капитан күшікті аламын деп иесіне бір жұма бұрын ескертіп қойған-ды. Әкесі оған бір кішкентай күшікті, күшік болғанда, нағыз меделян күшігін (әрине, ең мәндісі де осы еді) сыйламақшы екенін осыдан үш күн бұрын естіп, білген Илюша әдеп көрген балаша сезімнен бұл сыйлыққа қуанғандай сыңай танытқан еді, бірақ бұл күшіктің азаппен өлген Жучканы тағы да оның есіне түсіріп, онан сайын қапаландыра түскенін барлығы, әкесі де, балалар да анық байқаған. Жанында қыбырлаған титтей күшікті ол ебетейсіз ыржиған күйі, қуарып, солған, жіп-жіңішке қолымен сипалай берген еді: оның күшікті жарататыны көрініп тұр, бірақ... Жучка бәрібір жоқ, бұл қалай дегенмен Жучка емес, егер Жучка тірі болса ғой, оған қоса мына күшік те болса ғой — ол, міне, сонда шын бақытты сезінер еді!
— Красоткин! — Коляның келгенін бірінші болып көрген балалардың бірі айқайлап жіберді. Бұл дауысқа абыржып қалған балалар қақ жарылып, екі жаққа кейін шегініп тұрғанда, Илюша кереуетінде көрініп жатты. Штабс-капитан елпеңдеп Коляның алдына барды.
— Рақым етіңіз, жоғарылатыңыз... ең қымбатты қонақ өзіңізсіз! —деп қалбалақтап жатыр. — Илюшечка, саған Красоткин мырза келді...
Бірақ Красоткин, штабс-капитанмен қол беріп амандасқан соң, ақсүйек қауымының дағдылы сыпайыгершілігіне машықтығын көрсетпек болды білем. Ол іле-шала әуелі креслода отырған дімкәс әйелге (штабс-капитанның зайыбы балалар Илюшаның төсегін қоршап алып, маған күшікті көрсетпей қойды деп бұртыңдап отырған еді) бұрылып, оның алдында басын иіп тағзым етті, одан кейін Ниночкаға бұрылып, әйел есебінде, оған да тап сондай сыпайыгершілікпен тағзым етті. Оның мұндай ілтипат білдіргені науқас әйелге өте-мөте ұнамды әсер еткен еді.
— Тәлімі жақсы, өнегелі бозбала бесенеден белгілі, — деді даңғырлаған ол қолын жайып, — өзге қонақ балаларды көрмейсіңдер ме: бірінің үстіне бірі артылып кіреді түге.
— Шешесі-ау, бұл қалай, үйге біріне бірі мініп кіреді деймісің?— деп міңгірледі, мүләйімсіп айтса да, "шешесі" бірдеңе деп сала ма деп қымсынған штабс-капитан.
— Солай, аттай мініп алып кіреді. Ауыз үйде бірі екіншісінің мойнына мініп алады да, сол күйі инабатты үйдің төріне қарай көстеңдейді бұл мұндар. Сондай да қонақ бола ма екен?
— Шешесі-ау, ол кім өзі, бұл үйге олай кірген кім болды екен?
— Бүгін мына бала ана баланың мойнына мініп кірді емес пе, анау анаған...
Бірақ бұл кезде Красоткин төсектегі Илюшаның жанында тұрған еді. Өңі қашып кеткен Илюша кереуеттен басын көтеріп, Коляға қадала қарады. Красоткин болса, өзінің бұрынғы кішкентай досын екі айдан бері көрмеген соң, оның алдында аңырып тұрып қалған: оның мұншама азып, бет-аузы бір уыс боп қушиып, сарғайып кеткенін көрермін, күйіп-жанған дененің қызуы бақырайған қос жанардан сезіліп тұрар, қолдары шыбықтай боп солып қалар деген ой оның қаперіне де кірмеген еді. Илюшаның ентігіп, жиі тыныстағанын, еріндері кезеріп кеткенін көргенде іштей жаны ашып, қападар болған еді. Коля оған бір аттап, қол бергеннен кейін не дерге білмей:
— Ал, шалым... халың қалай? — деді әдейі дөрекілеу сөйлеп.
Алайда оның үні өшіп қалып, қалжыңқойсыған ниетінен түк шықпай, кенет сұрқы бұзылып, ернінің айналасы дірілдеп кеткен еді. Ебетейсіз ыржиғаны болмаса, Илюшаның да бірдеңе деуге мұршасы келмеген. Коля бір кезде қолын көтеріп, неге өйткенін өзі де білмей, алақанымен Илюшаның шашынан сипаған. Содан кейін:
— Еш-те-ңе ет-пес! — деп баяу міңгірледі Коля; бірақ ол бұлай дегенде Илюшаның көңілін көтергісі келгенін, немесе өзге бір себебі болғанын өзі де түсінбеген.
— Мынау не, күшігің бар ма еді? — деп сұрады Коля кенет қатқыл үнмен.
— Иә-ә-ә! — Ентігіп отырған Илюшаның даусы ақырын созылып шықты.
— Тұмсығының қарасын, демек, шынжырлап ұстайтын нағыз қабаған ит болады, — істің мәнісі күшік пен оның қап-қара тұмсығында тұрғандай, Коля маңғазсып, білгішси қалған еді. Ал, шындығында, бар гәп оның "сәбише" еңіреп қоя бермеу үшін өзін-өзі ұстауға қаншама тырысса да, босаған көңілін әлі де тізгіндей алмай тұрғандығында еді. — Оны өскен соң шынжырлап қоймаса болмайды, мен білемін, — деді ол.
— Өзі де тайыншадай болып өсер, — деп таңданды топтың ішінен бір бала.
— Меделян тұқымдас ит үлкен боп, тіпті тайыншадай боп өседі, — деді қосарлана сөйлеген бірнеше бала.
— Иә, ол тайыншадай, кәдімгі тайыншадай болады, — деді балалардың жанына жетіп барған штабс-капитан, — мен дәл сондай, нағыз қабаған иттің күшігін әдейі іздеп таптым, бұл күшіктің әке-шешесі де тайыншадай үлкен әрі жұлып түсетін қабаған, бойы еденнен мынадай... Илюшаның төсегінің шетіне, не сәкінің үстіне отырсаңызшы. Рақым етіңіз, қымбатты қонақ, сізді күткелі қашан... Алексей Федоровичпен бірге келдіңіз бе?
Красоткин кереуетке, Илюшаның аяқ жағына тізе бүкті. Ол осында келе жатқанында әдейі қалжыңға басып, әңгімені неден бастауды ойластырып келсе де, енді жіптің ұштығын жоғалтып алған еді.
— Жоқ... Перезвонмен.. Ертіп келген итім бар, аты Перезвон. Славянша атаған. Ауыз үйде... ысқырып қалсам болды, жетіп келеді. Менің де итім бар, — деді ол сосын кенет Илюшаға бұрылып, бұдан кейін ол: — Жучка есіңде ме, шалым? — деп ойламаған жерде қойып қалды.
Илюшечканың сұрқы бұзылып кетті. Ол Коляға жалбарына қарады. Босағада тұрған Алеша қабағын түйіп, Жучканы сөз ғып қайтесің деп Коляға басын изеп еді, ол байқамады немесе байқағысы келмеді.
— Онда... Жучка қайда? — деп сұрады қарлыққан дауыспен Илюша.
— Бауырым-ау, сенің Жучкаң фью болды емес пе? Ол жоқ енді!
Илюша жауап қатпады, бірақ Коляға тағы да тесірейе, онан сайын қадала қарады. Коляның көзін ұшырастырған сәтте Алеша оған тағы да қайта-қайта басын изеп еді, анау көзін тайдырып әкетіп, тағы да аңғармаған болды.
— Бір аулада қылжия кеткен шығар. Аузына ондай сыбаға түскен ит қалай тірі қалсын, — деп адуындады Коля, оның бер жағында әлденеден тынысы тарыла бастағандай болып. — Оның есесіне менің Перезвоным... Славянша атаған... Сені көрсін деп ала келдім...
— Ке-ре-гі жоқ! — деп дүңк етті Илюшечка.
— Жоқ, жоқ, сен оны қалай да көруің керек... Көңілің көтеріледі. Әдейі ерте келдім, анау сияқты, бұл да барақ ит. Рұқсат болса, ханым, мен қазір оны осында шақырар едім, сіз қалай қарайсыз? — деді ол енді адам түсінгісіз бір ерекше тебіреніспен кенет Снегирева ханымға қарап.
— Керегі жоқ, керегі жоқ! — деп бақырды ашынған дауыспен Илюша. Оның көзінен Коляны кінәлағандық сезілді.
Қабырғаға таяу тұрған сандықтың үстіне енді ғана жайғасқан штабс-капитан Коляның әлгі сөзіне орнынан қайта атып тұра жаздап:
— Сіздің мұныңыз не... басқа уақыт таппадыңыз ба... — деп міңгірлеп еді, райдан қайтпаған Коля Смуровқа: "Есікті аш!" — деп айқай салған, сосын, ол есікті ашқаннан кейін, Коля ысқырығымен қатты ысқырып қалғанда, Перезвон атылып бөлмеге кірген.
— Кәне, ескір, Перезвон, екі аяғыңнан тік тұр! Кәне тік тұр! — Коля түрегеліп, итіне ишара етіп еді, Перезвон екі артқы аяғынан тік тұрып Илюшаның алдына барды. Сонсоң тірі пенденің қаперіне де кірмеген бір оқиға болды: Илюша кенет селк етіп, бүкіл денесімен алға қарай шайқала берді де, демін ішіне тартып Перезвонға тесірейе қарай қалды. Содан кейін ол:
— Мынау... Жучка ғой! — деп айқайлап жіберді қайғы менен қуаныштан қарлыққан әлсіз дауысымен.
— Ал сен қалай ойлап ең? — Илюшаны қуантайыншы деп даңғырлай жөнелген Коля итті құшақтап еденнен көтеріп алып, оның алдына тосты.
— Кәртәмішім-ау, қарасаңшы, бір көзі қыли, бір құлағы қиық, көрмейсің бе, дәл өзің айтқандай ғой. Мен оны осы белгілері бойынша іздеп таптым! Көп кешікпей-ақ, сонда тапқанмын. Ол бұралқы ит болатын, солай емес пе! — деп түсіндіре бастады Коля тезірек штабс-капитанмен оның зайыбына, сонан соң, ақырында қайтадан Илюшаға бұрылып қарап. Федоровтардың ауласына барып паналапты, бірақ олар итке тамақ бермеген, деревнядан қаңғып келген бұралқы итті қайтсын... Мен оны сол жерден іздеп таптым... Кәртәмішім-ау, сеземісің, демек, анада сенің берген наныңды ол жемеген ғой. Егер ол қомағайланып жұтып жіберсе, онда, әрине, бір жерде сеспей қататын еді! Бірақ ол нанды жемеген, аузынан шығарып тастаған. Ал сен мұны байқамағансың. Ол тілін жарақаттап алған, оның қыңсылағаны содан. Ит қыңсылағанда ол нанды жеп қойды деп ойлағансың ғой. Жаны шығып кете жаздаса, бейшара қыңсыламай қайтсын, иттің аузының іші нәзік болады... адамның аузынан әлдеқайда нәзік болады! — деді қызбаланған Коля қуаныштан екі беті бал-бұл жанып.
Ал Илюшаның тіпті бірдеңе деуге де мұршасы келмей қалған-ды. Ол өңі шүберектей бозарып, аузын ашқан күйі, бадырақ көздері оңғалағынан шыға жаздап Коляға телміре қарап қалған еді. Әттең түк сезбегені, ауру балаға мұндай қалжыңның ауыр тиетінін білгенде, Красоткин мұндай оқыс қылыққа әсте аяқ баспайтын еді. Алайда, осында отырғандардан мұны жалғыз Алешадан басқа ешкім де ұқпады. Ал штабс-капитанға келсек, ол тіпті сәби бала болып кетті ме дерсің.
— Жучка ма! Мынау рас Жучка ма! — деп айқайлады ол мәз-мәйрам болып. — Илюшечка, бұл Жучка ғой, сенің Жучкаң ғой! Мамасы-ау, Жучка табылды, міне! — Ол жылап жібере жаздаған-ды.
— Мен қалай түк сезбегенмін! — деп өкініп жатыр Смуров та. — Бәрекелді Красоткин, мен сендерге айтып ем ғой, ол Жучканы табады деп, міне тауып әкелді де!
— Тауып әкелді! — деп қуанды тағы бір бала.
— Красоткин керемет қой! — деп шуласқан балалар қол соға бастады.
— Тоқтаңдар, тоқтаңдар, — деп Красоткин олардың бәрінен асыра айқайлауға тырысты, — мен қазір сендерге мұның қалай болғанын айтайын, мұның өзі шынында да қызық! Мен итті іздеп тауып, үйге әкелген соң, көлденең көзден жасырып, кілттеп қойдым, күні кешеге дейін оны тірі пендеге көрсеткен жоқпын. Осыдан екі жұма бұрын Смуров қана көріп қойды, бірақ мен бұл Перезвон деп иландырғасын ол ештеңені сезбеді, қолым боста Жучканы әр түрлі ойынға жаттықтыра бердім, мына қараңдаршы, оның тіпті білмейтіні жоқ! Кәртәмішім-ау, мен оны жаттықтырып, жүнін құндыздай ғып жалтыратып әкелмекші болдым: былайша айтқанда, кәртәмішім, сенің Жучкаң міне, қандай болды дегім келді саған! Бір түйір ет табылмас па екен, ол қазір сендерге бір керемет көрсетеді, сонда күлкіден ішектерің қатады, кішкентай бір түйір ет неғып болмас екен?
— Штабс-капитан ауыз бөлмеден қожайынның үйіне жүгіріп кірді, онда бұлардың да тамағы пісіріліп жатқан. Ал Коля болса, уақытын зая кетірмеу үшін асығып-үсігіп, Перезвонға: "Өле қал!" — деп бұйырды. Ит кенет шыр айналып барып, төрт аяғын жоғары көтеріп, шалқасынан қимылсыз жаға қалды. Балалар қыран-топан күліп жатыр, Илюша жаны қиналып жатса да жымиған болды, бірақ Перезвонның өтірік өле қалғаны бәрінен де "шешесіне" қатты ұнаған секілді. Ол қарқылдап күліп, саусақтарын шыртылдатып:
— Перезвон, Перезвон! — деп итті шақыра бастады.
— Жоқ, ол әсте тұрмайды, тіпті бәрің жапатармағай айқайласаңдар да, бәрібір тырп етпейді, ал егер мен айтсам, ол атып тұрады! Перезвон, пси! — деп дауыстады мардымсып, өктемси сөйлеген Коля.
Ит атып тұрып, несіне арсалаңдап, секіре бастады. Осы кезде түйір піскен етті ұстап штабс-капитан да жүгіріп кірген еді.
— Ыстық емес пе екен? — деп асықса да ыждағаттап сұрады Коля піскен етті қолына алып жатып, — жоқ, ыстық емес екен, жалпы бұл ит дегенің астың ыстығын жаратпайды. Ал енді бәрің бері қараңдар, Илюшечка, сен де бері қара, кәртәмішім-ау, неге қарамайсың? Мен әдейі алып келсем, ол көз де салмайды!
Коля тұмсығын көтеріп, қимылсыз тұрған иттің дәл мұрнының үстіне бір түйір ет қоймақшы еді. Бейшара ит осы күйі, иесі қанша тұр десе сонша, тіпті жарты сағат болса да, тырп етпестен мелшиіп тұруға тиіс. Бірақ ол Перезвонды тек бір сәтке ғана ұстады. Сонан соң:
— Пиль! — деп қалып еді, ит дәл мұрнының үстіндегі етті қақшып аузына сала қойды. Бәрі мәз-мейрам болып таңырқасып жатыр.
— Бұл неге келмейді десем, әуелі осының бәріне жаттықтырып алмақшы болған екенсің ғой! — деді Алеша оны іштей жазғырғандай болып.
— Тек осыған бола келе алмағаным рас, — деді Коля да ағынан жарылып. — Итімнің керемет машықтанғанын көрсеткім келді!
— Перезвон! Перезвон! — Илюша кенет тырбиған саусақтарын сыртылдатып, итті өзіне шақыра бастады.
— Жоқ, оны былай шақыру керек! Кереуетіңе оның өзі секіріп шығатын болсын. Перезвон, иен! — Коля алақанымен төсекті қағып еді, ол Илюшаның кереуетіне секіріп мінді. Илюша Перезвонды басынан екі қолымен құшақтап еді, ит оның бетінен жалап алды... Перезвонды құшақтап төсегіне қисая кеткенде Илюшаның беті оның барақ жүніне көміліп кетті.
— Астағыпыралла! Астағыпыралла! — деп таң-тамаша болып жатыр штабс-капитан.
Коля кереуеттің шетіне қайта отырды.
— Илюша, тағы бірдеңе көрсетейін бе. Ойыншық зеңбірек әкелдім саған. Есіңде ме, ана жолы осы ойыншық зеңбіректі айтқанымда, сен: "Аһ, менің де көргім келеді!" — деген едің ғой. Міне, саған әдейі әкелдім.
Сосын Коля сөмкесінен кішкентай қола зеңбіректі апыл-ғұпыл шығара бастады. Оның өзінің қуанышы да қойнына сыймай бара жатқан: басқа уақытта ол Перезвонның тигізген әсері басылғанша аялдай тұрар еді, бірақ қазір олай ете алмады: "бәрі осыншама қуанып жатқанда, тағы бір қуанышты несіне аяймын!" деп ойлады ол. Оның өзі керемет сүйсінулі болатын.
— Морозов деген шенеуніктің үйінен көрген соң, осы ойыншыққа көптен бері қызығып жүр едім, — бірақ, тек сен үшін, кәртәмішім, сен үшін ғана. Ағасынан қалған ойыншық екен, оның қолында босқа тұрмасын деп бір кітапқа айырбастап алдым: әкемнің шкафында "Мұхаммедтің туысы немесе Шипагерлік қылжақ" деген кітап тұратын, соны бердім. Әулекі кітап осыдан бір ғасыр бұрын Мәскеуде, цензура жоқ кезде басылыпты, ал Морозовтың дәл сондай нәрсеге жаны құмар. Ол маған тіпті рахмет айтты...
Коля ойыншық зеңбіректі жоғары көтеріп ұстағандықтан, оны барлығы көріп, таң-тамаша болып қалған еді. Илюша басын көтеріп, Перезвонды оң қолымен құшақтап отырған күйі, ойыншыққа қызыға қараған. Коля тіпті оқ-дәрім де бар, "егер ханымдар қорықпаса", қазір-ақ атып көруге болар еді дегенде, бәрі одан сайын елеңдеп қалды. "Маматайы" ойыншықты қолыма ұстап көргім келеді деп еді, оның бұл тілегі дереу орындалды. Тізесіне қойып жүгірте бастағанына қарағанда, кішкентай доңғалақты қола зеңбірек оған қаттылады білем. Алайда одан не істеуге рұқсат сұралғанын аңдамаса да, зеңбіректен атып көрейік деген өтінішке ол келісе кетті. Коля оқ-дәрі мен бытыраны көрсетті. Бұрын әскери адам болғандықтан, штабс-капитан зеңбіректі қалай оқтауды өз міндетіне алды: ол оқпанға титтей ғана оқ-дәрі салды да, бытыраны әзірше алып қоя тұруды өтінді. Еденге ойыншық зеңбіректі оқпанын кісілерден теріс қаратып қойғанын кейін ол иненің жасуындай тесікке оқ-дәрінің үш түйіршігін салып, өте берді. Кәдімгідей гүрс етті. Маматайы әуелі селк ете түсті де, сосын мәз-мәйрам боп күліп жіберді. Балалар үнсіз қуанышпен қарайды, әйтсе де Илюшадан көз алмай, бәрінен де қатты шаттанған штабс-капитан болды. Коля зеңбіректі еденнен көтеріп алып, оқ-дәрі мен бытыраны қоса, дереу Илюшаға сыйлады.
— Бұл менің тартуым, саған сыйлығым! Әлдеқашан дайындап қойып ем, — деп қуаныштан тебірене сөйлеген ол тағы да қайталады.
— Аһ, онан да маған сыйласаңызшы! Жоқ, оған емес, маған неге сыйламайсыз! — деп маматайы, бейне бір сәби балаша, сұрай бастады. Оның бермей қоя ма деген іштегі уайымы абыржыған бет-жүзінен сезіліп тұрды. Коля қысылып қалды. Штабс-капитан да дегбірсізденіп сасқалақтай бастаған еді.
— Шешетайы! Шешетайы! — деді ол әйелінің жанына жетіп барып, — сенікі болмағанда кімдікі дейсің, әрине, сенікі, алайда Илюша ұстай тұрсын, өйткені зеңбіректі Илюшаға сыйлады ғой, түптеп келгенде ол бәрібір сенікі, қазір оны саған ойнауға бәрібір береді, ойыншық екеуіңе ортақ болады...
— Жоқ, ортақ емес, тек менікі болсын, Илюшаға оның керегі не, — деп міңгірледі жыламсырауға айналған шешесі.
— Апа, ала бер, сенікі-ақ болсын! — деді даусы ышқынып шыққан Илюша. — Красоткин, мынаны апама сыйлауыма бола ма? — деп сұрады ол, өзіне сыйлаған затты басқаға бергені үшін ренжіп қала ма деп қорыққандай, Красоткинге кенет жалбарына қарап.
— Неге болмасын, әрине, беруге болады! — деп келісе кеткен Красоткин ойыншық зеңбіректі Илюшаның қолынан алып, шешесіне аса сыпайыгершілікпен тағзым етіп ұстата берді. Бұған шын риза болған дімкәс әйел тіпті көзіне жас алды.
— Илюшечка, құлыншағым, шешеңді шын жақсы көретініңе енді күмәнім жоқ! — деді сүйсінген шешесі; осыдан кейін ол ойыншық зеңбіректі тізесіне қойып, ерсілі-қарсылы жүгірте бастады.
— Шешетайы, қолыңнан бір сүйейінші. — Елпең қатқан күйеуі әйелінің жанына жетіп барып оның қолынан сүйді.
— Егер араларыңда бір сүйкімді бозбала болса, ол осы рақымшыл бала болар! — деді шаттанған әйел Красоткинді көрсетіп.
— Илюша, сен оқ-дәріге уайым жеме, мен саған қалағаныңша тауып бере аламын. Біз енді оқ-дәріні өзіміз жасайтын болдық қой. Боровиков оның құрамын біліп алған-ды: жиырма төрт бөлік селитра, он бөлік күкірт, алты бөлік қайыңның көмірі — осының бәрін түйіп ұнтақтағаннан кейін, су құйып араластырып, барабан терісіне үйкелеп үгітсе болғаны — оқ-дәрі болып шыға келеді.
— Сендердің оқ-дәрілеріңді Смуров маған айтқан, бірақ әкем шын оқ-дәрі олай жасалмайды дейді.
— Қалай, бұл не дегені? — Коля қызарақтап қалған еді. — Сынап көргеміз — оталады. Бірақ, қайдам...
— Жо-жоқ, ол жай айтады, — деді елпеңдеп Коляның жанына жетіп келген штабс-капитан кінәлі пішінмен. — Шын оқ-дәрі олай жасалмайды дегенім рас, әйтседе, жай айта салған сөз ғой бұл, оны солай істесе де ештеңе етпейді, бәрібір...
— Қайдам, бізден гөрі сіз артық білетін шығарсыз. Дода салатын қыш құтыға салып тұтатып көріп едік, керемет жанды, түгел жанып бітті, болар-болмас қара күйе ғана қалды. Алайда ол жұмсақ қоспа ғана-ды, ал егер теріге үйкелеп ұнтақтаса ше... Әйтсе де сіз жетігірек білуге тиістісіз ғой, мен білмеймін... Естіп пе едің, біздің оқ-дәріміз үшін Булкинді әкесі шықпыртып алыпты.
— Естігем, — деп жауап қатты Илюша. Ол досының әңгімесін зейінмен, рақаттана тыңдап отырған.
— Біз бір шөлмек оқ-дәрі жасаған едік. Булкин оны кереуетінің астына тығып сақтап жүрген. Бір күні әкесі көріп қалып, мына бәлені әкелген сенбісің, күлімізді көкке ұшырмақшы екенсің ғой дейді. Сосын баласын сілейтіп салыпты. Гимназияға барып, мен жөнінде шағынбақшы да болады. Маған оны жолатпай қойды, енді маған ешкімді маңайлатпайтын болды. Смуровты да жібермейді, бәріне жексұрын секілдімін; олардың ойынша, мен "тым өжетпін", — деді кекете мырс еткен Коля. — Барлығы осындағы темір жолда болған оқиғадан кейін басталды.
— Аһ, сіздің ондағы керемет өжет қылығыңызды біз де естігенбіз! — деді таң-тамаша болған штабс-капитан, — қалай ғана қорықпай жаттыңыз екен? Пойыздың астында жатқанда неғып түк сезбедіңіз, неғып сескенбедіңіз? Шынымен-ақ қорықпағаныңыз ба?
Штабс-капитан Коляға жәдігөйси қалған-ды.
— Онша қорыққан жоқпын! — дей салды Коля. — Оны қойшы, қапияда опық жегізген әлгі қаздың хикаясы болды ғой, — деді ол қайтадан Илюшаға бұрылып. Бірақ ол, қаншама елең қылмағандай, әдейі кісімсіп сөйлесе дс, өзін-өзі әлі де тізгіндей алмай, әуенінен жаңылыса берген еді.
— Ah, мен қаздың хикаясын да естігенмін! — Жүзі жадырап сала берген Илюша күліп жіберген еді. — Маған айтқан кезде түкке түсінбеп едім, сені судьяның алдына алып барғаны рас па?
— Бізде түймедейді түйедей қылатын жаман әдет бар емес пе, әйтпесе түкке тұрмайтын, болымсыз бірдеңе, — деп бастады өкімсіген Коля. — Бір күні, алаңнан өтіп бара жатқанымда, біреу онда қаз айдап келді екен. Мен тоқтап, қаздарға қарап тұрдым. Осында Вишняков деген бір жігіт бар, ол қазір Плотниковтарда анда бар, мында барға жұмсайтын жүгірмек болып істейді, сол кенет маған қарап: "Немене, өміріңде қаз көрмеп пе едің?" — деді. Мен оған қарадым, жиырмаға келген дардай жігіттің табақтай бетінде ақыл-парасаттан ныспы болсайшы бұл, бірақ, біле-білсең, мен қара халықтан ешқашан да безбеймін. Халықпен бірге болғанды қалаймын... Біз халыққа ере алмай келеміз — бұл аксиома — Карамазов, сіз, қалай, маған күліп тұрған жоқсыз ба? 7
— Құдай сақтасын, неге күлейін, қайта, бар ықыласыммен тыңдаймын, — деді Алеша аңқылдаған ақ көңілден. Осыдан соң секемшіл Коля сергіп сала берген еді.
— Менің теориям, Карамазов, айқын әрі қарапайым, — деді қайтадан шешіле сөйлеген ол. — Өз басым халыққа сенемін және оны дәйім әділетті бағалайтыныма қуаныштымын, бірақ оны төбеме ескірте алмаймын, бұл sine qua...1. Иә, айтпақшы, қаздың хикаясына оралуым керек екен ғой. Мен ол ақымаққа қарап: "Қаздар не туралы ойлайды екен?" — дедім. Ол маған түйсіксіз кісіше бедірейе қарап: "Қаздар не ойлаушы еді?" — деді. "Көремісің, әне бір арба тұр, деймін. Арбадағы қаптың тесігінен жерге сұлы төгіліп жатыр, ана бір қаз мойнын доңғалақтың дәл астына созып, сол сұлыны теріп жеп жатыр, көресің бе?" — "Әрине, көріп тұрмын", — дейді. "Олай болса, деймін, егер сол арба кенет алға жүріп кетсе — доңғалақ қаздың мойнын үзе ала ма, жоқ па?" — "Мойнын үзбек түгіл, мүрдем кетіреді", — деп ол аузын аңырайтып, ыржиып күлді. "Олай болса, жігітім, жүр, кеттік" — деймін. "Кеттік", — дейді. Көп әуреленбедік: ол тізгіннен ұстайтындай болып атқа алдынан жақындай берді, қазды арбаның астына қарай қақпайлау үшін қапталдан мен де жақындадым. Дәл осы кезде аңқау мұжық та теріс қарап, біреумен сөйлесіп тұрған еді, қазды қақпайлаудың қажеті де болмады: ол, сор түрткендей, доңғалақтың астына өзі мойнын созып, жердегі сұлыны теріп жей бастады. Көзімді қысып қалғанымда жігіт атты тізгінінен жұлқып қалып еді — мойны үзілген қаздың "қ-қрақ" деген даусы ғана шықты! Қырсық қылғанда, мұжықтар бізді көріп қалып, айқай-шу көтермесі бар ма: "Сен, қасақы, мұны қасақана істедің!" — "Жоқ, қасақана емес".
— "Жоқ, қасақана істедің!" "Мировойға2 барғың келген шығар?" деп гүжілдесіп жатыр. Мені де ұстап алды: "Сен де осында айналсоқтап жүргенсің, анаған сен көмектестің, сені күллі базар біледі!" Қайдам, шынында да солай, мені күллі базар біледі, — деді мардымсыған Коля. — Барлығымыз мировойға бармақшы болдық, өлген қазды да әкеле жатыр. Қарасам, зәре-құты қашқан жігітім жылайды, кәдімгі қатындарша еңірейді. Ал мал иесі: "Бұлай ете берсеңдер, сендер қаз атаулыны құртып бітірерсіңдер!" — деп кідіңдейді. Әлбетте куәлар да табылды. Мировой кесімін тез айтты: иесіне бір сом құнын төлеп, өлген қазды айыпты жігіт өзіне алсын. Бірақ бұдан былай мұндай қылжақтан сақ жүрсін. Ал жаман қатынша жылаған жігіт: "Мен емес, анау айтақтағасын істедім",—деп мені көрсетеді. Ал мен: оны айтақтап нем бар, тек өзімнің ойымды айтып, пікірімді ғана білдірдім деймін салқынқандылықпен. Мировой Нефедов мырс етті, сонсоң неге өйткеніне ызаланып кетті білем: "Қолыңа кітабыңды алып, сабақ оқудың орнына, қайдағы жоқ былшылыңмен біреуді шатастырмауың үшін сені қазір бастықтарыңа жіберемін", — деп зіркілдеп алды. Бірақ мені ешқайда жіберген жоқ, жай қорқытса керек, әйтсе де қауесет тарап кетті, ол тіпті бастықтардың құлағына да шалынды: құлағымыз ұзын ғой біздің! Тіл мұғалімі Колбасников шүйіліп көріп еді, тағы да Дарданелов арашалап қалды. Қазір Колбасников бәрімізбен өштесіп алды, кәдімгі көк есек. Илюша, сен, естіп пе едің, ол үйленді ғой, Михайловтардың қызының еншісіне берген мың сомына қызыққан ғой деймін, ал қалыңдығының сықпытынан, құдай сақтасын, кісінің жүрегі айниды. Үшінші сыныптың балалары оған мынадай эпиграмма шығарған:
Үйленгенде Колбасников салдыр-салақ,
Үшінші сынып күлді оны қылып мазақ.
Осылай шұбырта береді, өте күлкілі, саған кейін өзім әкеп берем. Ал Дарданелов жайында ештеңе демеймін: ол білімпаз кісі, өте білімпаз. Өз басым сондайларды құрметтеймін, бірақ арашалағаны үшін деп ойлап қалма, әсте олай емес.
— Алайда, Трояның іргесін қалаған кім? — деген сауалыңмен сен оны мүдіртіп тастаған едің ғой! — деді дәл осы сәтте Красоткинге қатты сүйсінген Смуров сөзге араласа кетіп. Қаз туралы әңгіме оған өте ұнаған еді.
— Шынымен-ақ мүдіртіп тастадыңыз ба? — деп іліп әкетті жәдігөйсіген штабс-капитан. — Әлгі Трояның іргесін қалаған кім? — деген сауал ма? Онда қалай сүріндіргеніңізді естігенбіз. Илюшечка маған сонда-ақ айтқан...
— Әке, оның білмейтіні жоқ, біздегі балалардың бәрінен де көп біледі! — деді іле-шала Илюша да, — ол жай білмегенсиді, әйтпесе барлық пәннен оның алдына ешкім түсе алмайды...
Илюшаның бар ықылас-пейілі Коляға төгіліп тұрғандай еді.
— Ал Троя жөніндегі жай сандырақ қой. Мен өзім ол сауалды бос сөз санаймын, — деді Коля мардымсыған қарапайымдылықпен. Ол сөзінің әуенін тауып үлгергенмен, әйтсе де, әлі де біршама абыржулы еді, қатты тебіреніп кеткенін мысалы, қаздың хикаясын тым ағынан жарыла баяндағанын сезген-ді, оның бер жағында әңгіме кезінде Алеша тіпті тіс жармаған, байсалды қалпынан әсте айнымаған, сөйтіп менменшіл баланың жүрегін: "Үндемеуінің себебі — мені оның мақтағанына құштар деп ойлап, жек көріп қалғандығында емес пе екен? Олай болса, егер ол бұлай деп ойлайтын болса, онда мен..." — деген күдік біртіндеп ішін тырнай бастаған еді.
— Мен бұл сауалымды мүлде бос сөз санаймын, — деді ол тағы да мардымси сөйлеп.
— Ал Трояның ірге тасын қалаушыларды мен білемін, — деді кенеттен осыған дейін ләм деп ауыз ашпаған, үндемейтін, тегі, ұялшақтығынан көп сөйлемейтін, өте сүйкімді, жасы он бірлердегі Карташов деген бала. Ол дәл босағада отырған еді. Аң-таң болған Коля оған тәкаппарси көз тастады. Әңгіме мынада-ды: "Трояның іргесін қалаған кім?" — деген сауал барлық сыныптарда шешілмес жұмбақ саналатын, өйткені оған жауап беру үшін Смарагдовты оқу керек. Ал Смарагдовтың кітабы Колядан өзге ешкімде жоқ-ты. Коля теріс айналған кезде Карташов басқа оқулықтарының арасындағы Смарагдовтың кітабын ашып қалып, Трояның іргесін қалаушылар туралы айтылған тұсқа дәл түскен еді. Ол мұны көптен бері білетін, бірақ масқара боп қалам ба, әлде Коля оны бұл үшін бірдеме деп ұялтып тастай ма деп қорыққандықтан, Трояның іргесін қалаушыларды мен де білемін деп жұрттың алдында суырылып шығуға өзінен-өзі қысылып, тартыншақтай берген еді. Енді міне, неге екені белгісіз, шыдай алмай айтып салды. Көптен айтқысы келіп жүр еді, айтып тынды.
— Сонда оның іргесін қалаған кім болды? — деп кекете сұраған Коля оған тәкаппарсып, менсінбей қарады. Баланың шынында да бірдеңені білетінін бет әлпетінен-ақ сезгеннен кейін, ол, әлбетте, ақыры не болса да тәуекел еткен. Жалпы көңіл рауанындағы жарастылық жоғалып бара жатқан еді.
— Трояның іргесін қалағандар — Тевкр, Дардан, Иллюс және Трос, — деп нақпа-нақтап айтқан баланың екі беті заматта от боп жанғаны сонша, оған тіпті тура қарауға да дәтің шыдамайды. Алайда балалардың бәрі оған тесірейе қарап, бір минут бойы одан көз алмаған, содан кейін бұл тесірейген көздердің бәрі бірден Коляға ауған. Ал Коля өжет баланы жек көрген салқынқандылықпен бастан-аяқ көзбен шолып тұрған-ды.
— Яки олар не бітіріпті сонда? — деді ол, ақыры, терісіне сыймай, — жалпы шаһардың немесе мемлекеттің іргесін қалау деген не өзі, білесің бе? Немене, олар келіп, бір-бір кірпіштен қалап па?
Барлығы күліп жіберді. Кінәлы баланың қызарған беті онан сайын күреңіте түсті. Үні шықпайды, жыларманға жуық. Коля оны қасақана тағы бір минут азапқа салды.
— Ұлттың негізін қалау сияқты тарихи оқиғаларды пайымдау үшін ең алдымен оның не екенін ұғып алу керек, — деді ол қатал ғибрат айтып. — Әйтсе де, әйел затының ондай ертек-аңызына мен мән бермеймін, сонан соң, жалпы, бүкіл дүниежүзілік тарихты онша ұнатпаймын да, — деді тағы да ол немқұрайды пішінмен, енді балалардың бәріне қарап.
— Қалай, бүкіл дүниежүзілік тарихты ма? — деп сұрады шошынған кісіше штабс-капитан.
— Иә, бүкіл дүниежүзілік тарихты айтамын. Ол адамзаттың басынан кешкен кейбір зердесіздіктерді зерттеу ғана, бар болғаны осы. Мен математиканы және жаратылыстануды ғана ұнатамын. — деп көкіді Коля, көз қиығын Алешаға тастап: ол мұнда тек соның пікірінен ғана қорқатын. Бірақ Алеша әлі де үн қатпай, байсалды қалпынан таймады. Егер ол қазір бірдеңе десе, әңгіме сонымен тәмамдалатын еді, алайда ол ауыз ашпай қойды, бірақ оның бұл "үндемеуі — жек көргендіктен болуы мүмкін ғой", осы себепті Коля қатты қыстығып кеткен еді.
— Бізде классикалық тілдерді несіне оқытады: естен адасқандық бұл, басқа ештеңе де емес... Карамазов, сіз менімен, тегі, тағы да келіспейсіз ғой?
— Келіспеймін, — деп ақырын жымиды Алеша.
— Егер менің пікірімді білгілерің келсе, классикалық тілдер, — бұл полицейлік шара, ол тілдерді соған бола оқытады, — деп Коля кенет тағы да біртіндеп ентіге бастады, — адамды зеріктіріп, зейін-зердеден айыратын болғасын ғана оқытады. Онсыз да сұмдық зерігушілікті одан сайын күшейту үшін не істеу керек? Онсыз да меңдеп алған парықсыздықты одан сайын көбейту үшін не істеу керек? Классикалық тілдерді осыған бола ойлап шығарған. Ол тілдер туралы менің кәміл пікірім, міне, осындай және мұны еш уақытта өзгерте қоймайтын шығармын, — деп тікесінен тұжырды Коля. Оның екі бетінде бармақтай теңбіл қызарып шыға келген еді.
— Шын айтады, — деді оны ықыласпен тыңдаған Смуров ашық, сенімді үнмен.
— Ал өзі латын тілінен алдына жан салмайды! — деп дауыстады топтың ішінен бір бала.
— Иә, әке, ол жай айтып тұр, әйтпесе латын тілінен сыныбымызда бірінші шәкірт, — деп үн қатты Илюша да.
— Онда тұрған не бар? — деген Коля, жолдастарының мақтағаны жанына жағып бара жатса да, сыр бермегенді жөн көрді. — Латын тілін керек болғасын жаттаймын, оның толық курсынан өтпей қоймаймын деп шешеме берген уәдем бар, сосын, меніңше, қолға алған іске тындырымды болу керек қой, бірақ, бәрібір, классицизм мен сол күллі арамзалықты тіпті суқаным сүймейді... Тегі, бұған келіспейсіз ғой, Карамазов?
— "Арамзалық" деудің қажеті не? — Алеша тағы да мырс еткен еді.
— Рақым етіңіз, классиктер барлық тілдерге аударылған, ендеше, латын тілін оқыту оларға, классиктерді зерттеу үшін емес, тек полицейлік шара үшін, адамды зейін-зердеден жұрдай ғып топтастыру үшін ғана қажет болған. Осыдан кейін арамзалық болмағанда не болады?
— Осының бәріне сізді кім үйретті екен? — деді ақыры таңғалған Алеша.
— Біріншіден, мұны біреудің үйретуінсіз-ақ, өзім де пайымдай аламын, екіншіден, білгілерің келсе, классиктердің аударылғандығы жөнінде осы айтқанымның бәрін күллі үшінші сыныпқа мұғалім Колбасниковтың өзі жар салып айтқан...
— Дәрігер келді! — деп дауыстады бағанадан бері үн қатпаған Ниночка.
Шынында да, қақпаның алдына Хохлакова ханымның күймесі келіп тоқтаған еді. Дәрігерді күтіп таңертеңнен тықыршыған штабс-капитан оны қарсы алу үшін апыл-ғұпыл далаға жүгірген. Маматайы ширап, әдейі паңдана қалған-ды. Алеша болса Илюшаның жанына барып, оның жастығын түзеуге кірісті. Оның төсекті қалай дұрыстағанына креслосынан дегбірсіздене көз салып Ниночка отыр. Балалар асығыс-үсігіс қоштаса бастады, кейбіреулері кешқұрым тағы бір соғамыз деп уәде беріп жатыр. Коля Перезвонды шақырып еді, ит кереуеттен секіріп түсті.
— Мен әлі кетпеймін, осында боламын! — деді асыққан Коля Илюшаға, — ауыз бөлмеде тоса тұрамын да, дәрігер кеткен соң, Перезвонды ертіп қайта кіремін.
Бірақ дәл осы сәтте дәрігер бөлмеге кіре берген еді — ол аю ішік жамылған, нығызсыған кісі екен, салбыраған қара қоңыр жақ сақалы бар, иегін жылтырата қырыпты. Ол табалдырықтан аттай беріп, адасып басқа үйге кірдім бе деп аңырып тұрып қалды: "Бұл не? Қайда келдім?"— деп міңгірледі иығындағы ішігі мен қуық ағарына дейін теңіз мысығының терісімен қаптаған бас киімін де шешпестен. Топырлаған балалар, жұпыны бөлме, бұрыш жақтағы жіпке ілінген кір — осының бәрі оны абыржытып тастаған еді. Штабс-капитан оның алдында иіліп-бүгіліп, шұлғыды да қалды.
— Әсте жаңылған жоқсыз, бәрі де дұрыс, — деп жәмпеңдеп жатыр ол, — біздің үйге келдіңіз, көне жоғарлатыңыз...
— Сне-ги-рев? — деді маңғазсыған дәрігер даңғырлай сөйлеп. — Снегирев мырза сіз боласыз ба?
— Иә, мен, мен!
— А!
Дәрігер бөлмені тағы бір жеркене шолды да, ішігін шеше бастады. Мойнындағы мәртебелі ордені бәрінің көзіне шалына кетті. Штабс-капитан оның ішігін қағып алғаннан кейін дәрігер басынан фуражкасын алды.
— Пациент қайда? — деп сұрады ол өкімсіген, ашық дауыспен.
VI
ЕРТЕ ЕСЕЮ
— Сіз қалай ойлайсыз, дәрігер оған не дер екен? — деп сұрады аптыққан Коля, — алайда, өзінің сықпыты қандай жексұрын еді, солай емес пе? Медицинаны менің суқаным сүймейді!
— Илюша өлетін шығар. Меніңше, бұл күмәнсіз секілді, — деді Алеша мұңлы үнмен.
— Олар залымдар ғой! Медицина деген барып тұрған залымдық! Карамазов, әйтсе де, сізбен танысқаныма қуаныштымын. Көптен бері біліскім келіп жүр еді. Тек мынадай көңілсіз жағдайда танысқанымыздың өкінішті болып тұрғаны.
Коляның бұдан да гөрі қызынып, онан сайын өктемсіп, тағы бірдеңе дегісі келген еді, бірақ әлденеге қыжыртып тартынып қалды. Мұны сезе қойған Алеша жымия күліп, оның қолын қысты.
— Сіздей бірегей жанды мен көптен бері сыйлайтын едім, — деп міңгірледі тағы да аузына сөз түспей, мүдіре берген Коля. — Естігем, сіз мистиксіз және монастырьда болғансыз. Мистик екеніңізді білемін, алайда... бұл мені тоқтата алған жоқ. Шын өмірге араласу сізді сауықтырады... Сіз сықылды адамдар басқаша ете алмайды...
— Сіздің мистика деп тұрғаныңыз не? Сонда ол мені неден сауықтырады? — деді сәл таңырқаған Алеша.
— Құдай және тағы бірдеңелер бар ғой.
— Қалай, сіз әлде құдайға сенбейсіз бе?
— Жоқ, мен құдайға қарсы ештеңе дей алмаймын. Әрине, құдай деген жай жорамал ғана... бірақ... мен оның қажеттігін мойындаймын, тәртіп үшін... әлемдік тәртіп үшін және тағы сол сияқты... егер құдай жоқ болса, онда оны ойлап шығару керек болар еді, — деді тағы да қызара бастаған Коля. Оған Алеша қазір мына бала өзінің білімділігі мен "есейгендігін" көрсетпекші ғой деп ойлап қалатындай көрінген еді. "Ал мен оның алдында білімпаз екенімді көрсеткім келіп тұрғам жоқ", — деп ойлады іштей ызаланған Коля. Сөйтіп, ол кенет қатты опынды.
— Шынымды айтсам, менің сондай айтыс-тартысқа түсіп жатуға тіпті құлқым жоқ, — деп кесіп тастады ол, — адамзат баласын құдайға сенбей-ақ сүюге болады ғой, сіз қалай ойлайсыз? Вольтер құдайға сенбеген ғой, бірақ адамзат баласын сүйген, солай емес пе? — ("Тағы, тағы!" деп ойлады ол ішінен).
— Вольтер құдайға сенген, бірақ, тегі, жеткіліксіз сенсе керек, ол адамзат баласын да онша көп сүймегенге ұқсайды, — Алеша бұлай дегенде жас жағынан өзімен тетелес немесе тіпті өзінен үлкен кісімен сұхбаттасқандай, саспай, байыптап, еркін сөйлеген еді. Вольтер жөніндегі пікіріне Алешаның өзінің де күдіктілігі және осы сауалдың шешімін нақ оған, кішкентай Коляға қалдырғандығы Коляны таңғалдырды.
— Ал сіз Вольтерді оқып па едіңіз? — деді Алеша ақырында.
— Жоқ, оқығандықтан емес... Әйтсе де, "Кандидті" оқыдым, орысша аудармасын... ескі, бұрмалаған, күлкілі аударма болатын... (Тағы, тағы!).
— Бірдеңе ұға алдыңыз ба?
— О, иә, барлығын... яки... мені түк те түсінбейді деп ойлауыңыздың себебі не? Әрине, онда әдепсіздік деген жетіп жатыр... Мен, әрине, оның пәлсапалық роман екенін және оның... идеяны айту үшін жазылғанын ұға аламын, — деді мүлде шатаса бастаған Коля. — Карамазов, мен социалистпін және де қыңыр социалистпін, — деді ол сөзін жайдан-жай кенеттен үзіп.
— Социалистпін деймісіз? — деп Алеша күліп жіберді. — Қай уақытта үлгеріп жүрсіз? Сіз не бары он үште емессіз бе, солай ғой?
Коля қыжыртып қалды.
— Біріншіден, он үш емес, он төрт, екі жұмадан соң мен он төртке келемін, — деді шырт еткен ол, — екіншіден, миыма кірмейтіні, бұған менің жасымның қандай қатысы бар? Әңгіменің түйіні, менің жасымда емес, көзқарасымның қандайлығында емес пе, солай ғой?
— Кісінің көзқарасына жасының қандай мәні барын есейгеннен кейін өзің көресің әлі. Менің ойымша, сіз олай дегенде өз ойыңызды айтқан жоқсыз, — деп жауап қатты Алеша баяу, байсалды үнмен. Бірақ қызарақтаған Коля оның сөзін бөліп жіберді.
— Ғапу етіңіз, сіздер көнбістік пен мистицизмді көксейсіздер. Мысалы, мынаған қалай келіспес екенсіз: төменгі тапты құлдықта ұстау үшін христиан діні байлар мен ақсүйектерге ғана қызмет етпей ме, солай ғой.
— Аһ, сіздің мұны қайдан оқығаныңызды мен сезіп тұрмын, сізді бұған біреу үйреткен ғой! — деді күйінген Алеша.
— Ғапу етіңіз, қалай да біреудің үйретуі шарт па екен? Маған ешкім де үйреткен жоқ. Өзімнің де қолымнан келеді... Білгіңіз келсе, менің Христосқа қарсылығым жоқ. Ол нағыз мархабатты кісі болған, егер ол біздің заманымызда өмір сүрсе, тура революционерлерге келіп қосылар еді де, бәлкім, тіпті көрнекті рөл атқарар ма еді, қайтер еді... Тіпті қалай да солай болар еді.
— Мұндай шолақ ойды қайдан ғана естідіңіз екен! Сізге мұны үйретіп жүрген қандай ақымақ екен! — деді күйзелген Алеша.
— Ғапу етіңіз, шындықты жасыруға болмайды. Мен, әрине, бір нәрсе жайында Ракитин мырзамен жиі әңгімелесемін, бірақ... Мұны кезінде Белинский ақсақал да айтыпты дейді ғой.
— Белинский ме? Жадымда жоқ. Ол еш жерде бұлай деп жазбаған.
— Егер жазбаса, ол солай деп айтқан деп жүр ғой. Мен мұны біреуден естіп едім... десек те, қайдам...
— Ал Белинскийді оқып па едіңіз?
— Қалай десем екен... жоқ... оқыдым дей алмаймын, әйтсе де... әлгі Татьянаның Онегинге неге тимегені айтылған тұсын оқығанмын.
— Онегинге тимеді деймісіз? Бұл қалай, сіз, немене... тіпті соны да түсінетін болдыңыз ба?
— Ғапу етіңіз, сіз мені анау Смуров деген баламен бірдей санайсыз ғой, тегі, — деп дүңк етті Коля. — Әйтсе де, — деді одан соң әлдеқалай мырс еткен Коля, мені бір керемет революционер екен деп қалмаңыз. Мен Ракитин мырзамен көп жағдайда келіспей қаламын. Егер Татьянаны ауызға алсам, бұл менің әйел еркіндігін жақтағаным емес. Мен әйел бағынышты адам, демек, ол айтқанға көнуге тиіс дегенді мойындаймын. Наполеон айтқандай, — деді неге екені белгісіз, мырс еткен Коля, — Lеs fеmmеstriocottеnt1, осынау жалған кемеңгердің осы пікірін мен қалай дегенмен жақтаймын. Мысалы, мен де: ел-жұртыңды тастап, Америкаға қашу — опасыздық, одан да жаманы — зердесіздік болады деп санаймын. Өз жерімізде жүріп-ақ адамзатқа көп пайда келтіре алатын болсақ, Америкаға қашатын не бар? Дәл қазір. Жемісті қызмет деген бастан асып жатқанда. Мен дәл осылай жауап бердім.
— Ол қандай жауап? Кімге? Әлде сізді біреу Америкаға шақырып па еді?
— Шынымды айтсам, мені үгіттеген, бірақ мен көнбедім. Бұл, әрине, менің іштегі сырым, Карамазов, біреу-міреуге айтып қоймассыз, жарай ма. Мен сізге ғана ашып жатырмын. Үшінші бөлімшенің шеңгеліне түсіп, Шынжыр көпірдің аузында тағылым алатын жайым жоқ:
Есіңнен кетпес сол бір үй
Шынжыр көпір аузында!
Есіңізде ме? Ғажап қой! Сіз неге күлдіңіз? Өтірікті судай сапыруын қарашы деп ойлап тұрған жоқсыз ба? ("Ал егер ол үйдегі әкемнен қалған шкафта "Колоколдың" бір нөмірі ғана бар екенін, менің одан басқа түк оқымағанымды сезіп қалса қайтем?" — деп ойлады Коля кенет зәресі ұшып).
— Оһ, жоқ, неге күлейін, өтірік айтып тұр деген ой менің қаперіме де кірген жоқ. Олай ойламайтыным, сіздің бұл айтқаныңыздың барлығы шынайы шындық! Ал айтыңызшы, Пушкинді оқып па едіңіз? "Онегинді"... Ілкіде Татьянаның атын атадыңыз ғой?
— Жоқ, әлі оқыған жоқпын, бірақ оқығым келеді. Мен жоқ нәрсеге сене бермеймін, Карамазов. Менің ана жақты да, мына жақты да тыңдап алғым келеді. Сіз неге сұрадыңыз?
— Жай.
— Айтыңызшы, Карамазов, сіз мені сұмдық жек көресіз бе? — деп салды бір кезде Алешаға қарсы қарап тікірейе қалған Коля. — Өтінемін, тек шыныңызды айтыңызшы.
— Бұл неғылған сауал? — деді оған таңдана қараған Алеша. — Не үшін жек көрем? Менің әлі өмірдің дәмін татып та көрмеген сіздей балауса жастың осындай шатпақ сандырақпен азғындап үлгергеніне ғана жаным ашиды.
— Маған жаныңыз ашымай-ақ қойсын, — деп тәкаппарси қалған Коля оның сөзін бөліп жіберді, — ал кінәмшіл екенім рас. Жоққа бола кілт ете қалатыным бар, тіпті ұят. Жаңа сіз мырс еткенде, мен...
— Жоқ, менің мүлде басқа бірдеңеге күлкім келген. Күлген себебім, Ресейде тұрған бір жат жұрттық немістің біздің осы күнгі оқушы жастар жөніндегі пікірін оқыған едім жуырда: "Орыс шәкіртіне жұлдызды аспанның картасын көрсетсең, осыған дейін ешқандай түсінігі болмағанына қарамастан, ол саған ертеңіне сол картаны өзінше түзетіп әкеледі", — деп жазыпты. Ілім-білім дегеннен жұрдай, бірақ өзін өзі дәріптегіштігін 8қайтерсің — ол неміс орыс шәкірті туралы осылай демекші болған.
— Аһ, керемет айтқан екен! — деп күліп жіберді Коля, — верниссимо, дәл үстінен түскен! Бәрекелді, неміс! Алайда ол сабазың сонымен бірге жақсы жағын да байқамаған, бұған сіздің өзіңіз қалай қарайсыз? Өзіңді өзің дәріптеушілік — бұл пісіп жетілмегендіктен, шикіліктен, бірақ кезі келгенде кісі бұдан арылады, түзеледі, бірақ оның есесіне қаршадайыңнан рухың тәуелсіз болғаны, алғыр ойың мен сенімің болғаны қандай ғажап, беделдің алдында шұлғып қалатын ол шұжық құмарлар немене сонша... Немісің, алайда, қалай дегенмен жақсы айтқан екен! Бәрекелді, неміс! Десек те, немістерді қылғындыру керек. Ғылым-білімге күшті болса бола берсін, оларды бәрібір қылғындырып өлтіру керек...
— Оларды сонда не үшін қылғындырмақсың? — деп күлді Алеша.
— Тегі, бөсіп барам ғой деймін, көндім сізге. Кейде балалығым ұстап, бірдеңеге қуанғанда, өзімді ұстай алмай, бөскім кеп аузым қышып кетеді. Тыңдағын, алайда, екеуміз мұнда жоқ нәрсені мылжыңдап тұрғанда, анау дәрігер кідірді ғой. Әйтсе де, ол, бәлкім, "шешейді" де, анау мешел Ниночканы да қарайтын болар. Білесіз бе, Ниночка маған ұнады. Шығып бара жатқанымда ол маған: "Осыған дейін неге келмедіңіз?" — деп сыбырлады. Және де сондай бір өкпе-назбен айтты! Меніңше, ол өте мейірімді болуға тиіс, менің оған жаным ашиды.
— Иә, иә! Осында келіп жүрсеңіз, оның қандай адам екенін көресіз әлі. Нақ осындай жандармен таныстықтан пайымдайтын көптеген басқа да жайттарды бағамдау үшін сізге бұл әсіресе өте пайдалы, — деді қызбалаған Алеша. — Сізді түзей алатын ең жақсы ем осы ғана.
— О, неге ғана ертерек келмедім екен деп ішім удай ашып, өзімді-өзім кінәлай беремін! — деді Коля ащы өкінішпен.
— Иә, өкінішті-ақ. Төбе көрсеткеніңізге бейшара балақанның қалай қуанып қалғанын өзіңіз көрдіңіз емес пе! Сізді күтіп, қалай қапа боп жатқанын білсеңіз ғой!
— Айтпаңызшы! Бітпеген жараның аузын несіне тырнайсыз. Бірақ өзіме де сол керек. Мен мұнда өркөкіректіктен, менменсіген тәкаппарлықтан, сұмдық әкімшілдіктен келмедім, бойымдағы осы қырсықпен арпалысып-ақ бағам, алайда арылатын түрім жоқ. Енді ғана сезіп жүрмін, Карамазов, мен көп жағынан арамзамын!
— Жоқ, сіз, теріс тәрбиеленсеңіз де, сүйкімді жансыз, сондықтан мен мейірімді, тым әсерленгіш баланы қатты тебіренте алғаныңыздың себебін тым жақсы түсінемін! — деп жауап берді қызбаланған Алеша.
— Сіз мұны мына маған айтып тұрсыз ба! —деп таңғалды Коля, — ал мен, нансаңыз, — осында келгелі бері бірнеше мәрте, — сіз мені жек керетін шығар деп ойлаған едім. Егер сіздің пікіріңізді менің имандай қадір тұтатынымды білсеңіз ғой!
— Әйтсе де, шынымен-ақ соншама күдікшіл болғаның ба? Қаршадай басыңмен! Ал мен болсам, ана бөлмеде сіздің сөз саптасыңызға қарап, сірә, тым күдікшіл болар деп түйген едім.
— Солай ойлап қалғаныңыз шын ба? Алайда, көзіңіз қандай қырағы еді, солай емес пе? Бәс тігуге бармын мен тап қаздың хикаясына көшкен кезде сондай ойға келген шығарсыз. Керемет өжет боп көрінуге жаныққаным үшін дәл сол сәтте сіз мені иттің етінен жек көріп, жеркеніп тұрғандай болдыңыз, сосын өзім де сізді лезде жақтырмай қалып, онан бетер мыжып кеттім. Одан кейін: "Егер құдай жоқ болса. оны ойлап шығару керек" дегенде мен, мұны кітаптан оқып алғаныма қарамастан, өзімнің керемет білімпаздығымды көрсетуге (дәл қазір, осы арада тұрған да) асыққандай сезіндім. Бірақ ант етуге бармын, атаққұмарлықтан өйтпегенім хақ, әншейін, себебін өзім де білмеймін, қуанғанымнан, құдай ақы, қуанғанымнан болу керек... қуанғанда кез келген кісінің мойнына асыла кету өте ұят қылық болса да, тегі, солай ғой деймін. Мен мұны білемін. Алайда, оның есесіне сіздің мені жек көрмейтіндігіңізге, ал әлгінің бәрі менің өзім ойлап шығарғанымен енді көзім жетті. О, Карамазов, мен нағыз бақытсыз жанмын. Кейде көзіме қайдағы жоқ бірдеңелер елестеп, жұрттың бәрі мені күлкі қылатындай көрінеді, сонда, зығырданым қайнап кеткенде, көз алдымдағының бәрінің күл-талқанын шығарғым келеді.
— Сонда ғой, айналаңдағы адамдарды мазалай бастайсың, солай емес пе, — деді Алеша жымия күліп.
— Иә, барлығының, әсіресе шешемнің мазасын аламын. Карамазов, айтыңызшы, мен қазір соншалықты күлкілімін бе?
— Неге олай деп ойлайсыз, мұндай ой тіпті қаперіңізге де кірмесін! — деді Алеша шошынып. — Сонан соң, күлкілі деген не ол? Неше мәрте кісі күлерлік болғанда немесе солай боп көрінгенде не тұр? Қазір қабілетті адамдардың бәрі жұртқа күлкі болам ба деп жаман қорқады, олардың бақытсыздығы міне осында. Менің тек сіздің осыны тым ерте сезгеніңізге таңым бар; әйтсе де, мен мұны көптен бері байқап жүрмін, бірақ жалғыз сіздің басыңыздан ғана емес. Қазір тіпті балалар да осындай дертке ұшыраған. Бұл алжасқандықпен бара-бар. Тұтас бір ұрпақтың бойына кіріп алып, намысқойлық боп көрінген әзәзіл шайтан бұл, нақ шайтан бұл, — деді тағы да Алеша; оған тесірейе қараған Коля ол мырс ететін шығар деп күткен еді, бірақ Алеша күлмеді. — Басқалар қандай болса, сіз де сондайсыз, яки сіздің басқалардан айырмаңыз жоқ, бірақ сізге айтатыным, жұрттың бәріне ұқсаудың еш қажеті жоқ.
— Тіпті жұрттың бәрі сондай екеніне қарамастан ұқсамауым керек пе?
— Иә, бәрінің сондай екендігіне қарамастан. Тіпті сопиып жалғыз қалсаңыз да, өзгелерге ұқсамай бағыңыз. Сіз шынында да басқалардан бөлексіз: міне сіз теріс қылығыңызды, тіпті күлкілі істеріңізді де мойындаудан ұялған жоқсыз. Ал қазіргі заманда мұндайды кім мойындай алады? Ешкім де мойындамайды, тіпті мұндай қылығы үшін өзін өзі сынап-мінеу қажеттігін ешбір сезбейтін болып барады емес пе. Ақылың жетсе, басқалар сияқты болмай, өзіңмен өзін бол: өзгелерге ұқсамайтын жалғыз өзің болсаң да, сол ешкімге ұқсамаған күйінде қала біл.
— Ғажап сөз! Мен қателеспеппін. Кісіні жұбатуға машық екенсіз. О, егер сізбен танысуға қандай құштарланғанымды білсеңіз ғой. Карамазов, сізбен дидарласқым келгелі қашан! Сіздің де мені ойға алғаныңыз рас па? Бағана айттыңыз ғой, сізді ойладым деп.
— Иә, сіз жайында естігенмін және сізді ойлағаным да рас... ал егер сіздің мұны сұрауыңызға ішінара намысқойлығыңыз да себеп болса, оның оқасы жоқ.
— Білесіз бе, Карамазов, сіздің бұл сөздеріңіз жігіт пен қыздың сырласқанына ұқсап кетті білем, — деді Коля бір түрлі сөніңкі, ұяң дауыспен. — Кісі күлерлік бірдеңені айтқам жоқ па, қалай?
— Неге, әсте күлкілі емес, тіпті күлкілі болса да түк емес, өйткені бұл жақсы лепес, — деп жайдары күлімсіреді Алеша.
— А, білесіз бе, Карамазов, меніңше, сіз өзіңіз де ұялыңқырап қалған жоқсыз ба, солай ғой... Жанарыңыздан байқап қалдым, — деп әлдеқалай қуланса да, іштей бір қуанышпен жымиып күлді Коля.
— Мен не үшін ұялуым керек?
— Онда неге қызарып кеттіңіз?
— Қызартатын сөз айтсаң, қалай қызармайын! — деп күлген Алешаның бет-жүзі шынында да күреңітіп кеткен еді. — Иә, аздап ұялған секілдімін бірақ неге қызарғанымды құдай білсін... — деп міңгірледі шын қысылыңқыраған ол.
— О, дәл осы минутте маған қосылып, сіздің де әлденеден ұялғаныңыз үшін мен сізді шын жақсы көремін және қадір тұтамын! Өйткені сіз де дәл мен сияқты екенсіз! — деді тебіреніп кеткен Коля. Оның екі беті алаулап, жанары жалт-жұлт еткен еді.
— Тыңдағын, Коля, сіз, алайда, өмірде өте бақытсыз кісі боласыз ба деймін, — деді кенет әлдеқалай Алеша.
— Білем, білем. Бірақ сіздің осының бәрін күні бұрын қалай болжайтыныңызға таным бар! — деп іліп әкетті Коля.
— Әйтсе де, тұтас алғанда, қалай дегенмен, осылай тірі жүргенімізге шүкіршілік ету керек.
— Тауып айттыңыз! Ура! Сіз әулиесіз! О, екеуміз тіл табысатын болдық, Карамазов. Білесіз бе, мені бәрінен де көбірек сүйсіндіретіні, сіз менімен терезесі тең кісіше сөйлесесіз. Ал екеуміз теңбіз бе, жоқ, тең емеспіз, сіз биік тұрсыз. Бірақ тіл табысатын болдық. Білесіз бе, соңғы бір ай бойы өзіме өзім: "Ол екеуміз не өмір бойы төс қағыстырған дос боп өтеміз, не салған жерден ғұмыр бақиға дұшпан боп айрылысамыз!" — деумен жүргенмін.
— Мұны, әрине, мені жақсы көргендіктен айтқан боларсыз! — деді Алеша жымия күліп.
— Әрине, жақсы көргесін, тіпті сізді шын жақсы көріп, армандағасын айттым! Мұның бәрін сіз қалай ғана күні бұрын біліп қоясыз осы? Әне дәрігер де шықты. Құдая тәуба, бірдеңе айтпақшы ма қалай, бет-әлпетін қараңызшы!
VII
ИЛЮША
Дәрігер үйден шығуға айналған еді, үстіне ішігін киіп, басына фуражкасын қондырып алыпты. Қабағын түсіріп, тыжырынған түріне қарағанда үстіне бірдеңені жұқтырып алам ба деп жеркенетін секілді. Ауыз үйді көзімен шолғанда Алеша мен Коляға суық қарады. Алеша есіктен көшірге қолын бұлғап еді, дәрігерді әкелген күйме үйдің алдына келіп тоқтады. Штабс-капитан дәрігердің соңынан жүгіріп шығып, соңғы рет тілдесіп қалмаққа иіліп-бүгіліп тағзым етіп, оның етегіне орала кетті. Бейшараның сұрқы бұзылып, зәре-құты қалмаған еді:
— Мәртебелім, мәртебелім-ау... шынымен-ақ?.. — дей бергенде үні өшіп қалған ол, сорлы балаға тағдырдың қатал үкімі дәрігердің тап қазіргі бір ауыз сөзінен өзгере қалатындай, оған соңғы рет жалбарына қарап, қолын ербеңдете берді.
— Менің қолымнан не келеді! Мен құдай емеспін ғой! — Енжар жауап қатқан дәрігердің даусы, әйтсе де, әдеттегісінше өктем естілді.
— Доктор... Мәртебелім... қалай, таялып қалғаны ма?
— Жаман айтпай жақсы жоқ. — Сөзінің әр буынына екпін түсіре сөйлеген дәрігер көзін төмен салып, табалдырықтан аттап, күймеге қарай жүруге ыңғайланды.
— Мәртебелім-ау, Құдай үшін бірдеңе деңізші тым болмаса! — құты қашқан штабс-капитан тағы да кенеше жабысты, — мәртебелім-ау!.. Жалғызымның жанына араша боларлықтай еш амал қалмағаны ма, шынымен-ақ еш лаж жоқ па?..
— Менің қолымнан түк келмейді енді, — деді дегбірсізденген дәрігер, — алайда, һм, — ол кенет іркіліп қалды, — егер де, сіз, айталық, егер... пациентті... дәл қазір және дереу түрде Сиракузаға жіберсеңіз (ол "қазір және дереу түрде" деген сөздерді, қатуланғаны былай тұрсын, тіпті бір түрлі ызамен айтқанда, штабс-капитан селк ете түскен-ді), онда... жаңа, қолайлы климаттың әсерімен... бәлкім, шипа болуы да мүмкін...
— Сиракузаға ма! — Әлі де түк түсінбеген штабс-капитан айқайлап жіберді.
— Сиракуза Сицилияда емес пе, — деп түсіндірмекші болған Коляның таңдайы тақ етті. Дәрігер оған үңіле қарады.
— Сицилияға ма! Көкетай-ау, мәртебелім-ау, — штабс-капитан не дерге білмей сасып қалды, — өзіңіз көрдіңіз ғой! — ол екі қолын жайып, үй ішінің тым жұпынылығын меңзеді, — сонда мен әйелімді қайтем, шиеттей бала-шағамды қайтем?
— Жо-жоқ, бала-шағаңызды Сицилияға апарудың қажеті болмас, жазға салым Кавказға жіберсеңіз де жетіп жатыр... қызыңызды Кавказға... ал жұбайыңызды ревматизмін Кавказдың шипалы суымен емдеткеннен кейін іле-шала Париждегі психиатр доктор Лепельлетьенің емханасына жатқызу керек, мен оған хат жазып бере аламын, міне, сонда ғана..., мүмкін, сонда сәтін салса...
— Доктор, доктор-ay! Міне, көрмейсіз бе! — деп әбден жаны күйзелген штабс-капитан тағы да қолын ербеңдетіп, ауыз бөлменің жалаңаш бөрене қабырғасын көрсетті.
— А, онда менің шаруам жоқ, — деп мырс етті дәрігер, — мен сіздің енді қандай амал қалды деген сауалыңызға ғылымның не дейтінін ғана айттым, ендігісі... өкінішке қарай...
— Қорықпаңыз, емші мырза, менің итім сізді қаппайды. — Есікте тұрған Перезвонға дәрігердің сескене қарағанын байқаған Коляның даусы қатты шыққан еді. Оның үнінен кекесін әуен сезілген. Кейін "оны кемсітейінші деп айттым" деп Коляның өзі мойындағандай, дәрігер деудің орнына, ол "емші" деп қасақана айтқан болатын.
— Сен не деп оттап тұрсың? — деп Коляға таңырқай қараған дәрігер басын кегжең еткізді. — Мынауың кім өзі? — деді сосын ол, бейне жауап беруді талап еткендей, кенет Алешаға бұрылып қарап.
— Ол Перезвонның несі, емші мырза, әйтсе де, сіз менің кім екенімді сұрап қайтесіз, — деп Коля тағы да шағып алды.
— Звоның не? Жаңғырық? — Перезвон дегенді ұға қоймаған дәрігер қайталап сұрады.
— Жаңғырық, білмейді бірақ мәңгіріп. Сиракузада көріскенше қош болыңыз, емші мырза.
— Мынауың кім? Бұл сұңқылдақтарың кім өзі? — деді ызаға булыққан дәрігер.
— Ол осындағы бір шәкірт қой, доктор, шалдуар бала, елең қылмай-ақ қойыңыз оның сөзін, — деді қабағын түйіп, шапшаң сөйлеген Алеша. — Коля, сен аузыңды жабасың ба, жоқ па! — деп зекірді сосын ол Красоткинге. — Оның сөзін ауыр алып қайтесіз, доктор, — деп қайталады содан кейін, енді өзі де ашуға беріле бастаған Алеша.
— Мынау, тегі, таяқ жемеген бала болар, шықпыртып алу керек оны! — Аяқ астынан бұлқан-талқан болған дәрігер жер тепкілеуге жуықтады.
— Білесіз бе, емші мырза, егер менің итім сізді қауып алса қайтесіз! — деді өңі сұрланып, жанарынан жалын ұшқындаған Коля дірілдеген дауыспен. — Перезвон, пси!
— Коля, тағы бірдеңе десең, екеуміз ғұмыр бақи көріспейміз! — деп зекірді оған Алеша.
— Емші мырза, бұл жалғанда Николай Красоткинге бұйырғы жүретін біреу болса, ол осы кісі, — деп Коля Алешаны көрсетті.
— Мен оның айтқанын екі етпеймін, ал қош болыңыз.
Бұдан кейін ол жүгіріп барып есікті ашып, бөлмеге кіріп кетті. Оның соңынан иті де зып берді. Алешадан көз алмай бес секундте аңырып қалған дәрігер, сонан соң, бір түкіріп тастап, "бұл ма, бұл не сұмдық, бұл не хикмет!" — деп күйіп-пісіп, есік алдындағы күймеге қарай жүрді. Штабс-капитан дәрігерді шығарып салайын деп оның соңынан жүгірді., Коляның ізінше Алеша да бөлмеге кірген. Ол Илюшаның төсегі қасында тұр екен. Илюша Коляның қолынан ұстап алған, әкесін шақырып жатыр. Бір минуттен кейін штабс-капитан да келді.
— Әке, әке, мында келші... біз... — деп күбірледі іші елжіреп, тебіреніп кеткен Илюша, бірақ, әлсіреп бара жатты ма қалай, тырбиған қолдарын кенет алға созып, Коля мен әкесін, екеуін бірдей, әлі келгенше қапсыра құшақтап алып кеудесіне қысты. Тұла бойы дірілдеп, жүйкесі босаған штабс-капитан үнсіз солқылдап жылады. Коляның да жан-жүйесі босап, еріндері дірілдеп, иегі кемсеңдеп кеткен еді.
— Әке, әке! Саған жаным ашиды, әке! — деді көзінің жасын тыя алмаған Илюша.
— Илюшечка... қарашығым.. доктор айтты... жазылып кетесің... бақытты өмір сүреміз... доктор... — дей берген еді штабс-капитан.
— Аһ, әке, қайтесің оны! Жаңа дәрігердің мен туралы саған не дегенін мен білемін! Бәрін көріп жаттым ғой! — деді Илюша күйзеліп, сонсоң ол маңдайын әкесінің иығына басып, екеуін қайтадан құшақтап алып өзінің кеудесіне қыса түсті.
— Әке, жылама... мен өлгеннен кейін өзіңе басқа бір... оңды бала тауып ал... бір баланы таңдап алып, оған Илюша деп ат қойып, мені қалай жақсы көрсең, оны да сондай жақсы көретін бол..
— Әй, кәртәміш, сен не деп барасың, мұның не, әлі-ақ жазыласың! — деді тіксінген кісіше Красоткин.
— Ал мені, әке, мені еш уақытта ұмытпа, — деді одан ары Илюша, — бейітіме келіп жүрерсің... сосын, папа, серуенге шыққанда екеуміз бір жартасқа барушы едік қой, мені сол жерге қоярсың, Красоткинді ертіп алып кешқұрым келіп жүр... Перезвонды да ерте келерсің... Мен сендерді күтемін... Папа, папа!
Коляның даусы үзіліп кетті де, үшеуі құшақтасқан күйі үнсіз тұрып қалды. Ниночка да өзінің креслосында дыбыс шығармай жылап отырған, кенет бәрінің жылағанын көргенде шешесі де екі көзге ерік берген-ді.
— Илюшечка! Илюшечка! — деп кемсеңдеді ол.
Красоткин кенет Илюшаның құшағынан босанды.
— Әзірше қош бол, кәртәмішім, мен кетейін енді, түстік ішуге шешем күтіп отырған шығар, — деді Коля асығып-үсігіп. — Үйден шығарда ескертпегенімді қарашы! Қатты мазасызданатын болды... Бірақ түстен кейін саған тез қайтып келіп, күн ұзаққа және кеш бойы қасыңда болып, талай қызықты әңгіме айтып беремін! Перезвонды да ала келемін, ал қазір оны өзіммен бірге ала кетейін, әйтпесе ол қыңсылап мазаңды алады; көріскенше күн жақсы!
Содан кейін ол ауыз бөлмеге жүгіріп шықты. Жыламайыншы деп қаншама зорланса да, шыққасын шыдай алмады. Алеша келгенде ол еңіреп тұрған еді.
— Коля, уәдеңізде тұрып, қалай да келетін болыңыз, әйтпесе ол жаман қапаланып қалар, — деді Алеша шегелей түсіп.
— Сөзсіз келемін! Мен, қайта, осында ертерек неге келмегеніме өкінемін, — деп міңгірледі Коля енді еңіреп жылағанына ешбір қысылмастан. Осы кезде штабс-капитан да ішкі бөлмеден атып шығып, есікті қайта жаба қойды. Жүзі қатулана түскен, еріндері дір-дір етеді. Ол Коля мен Алешаның алдына барып, екі қолын жайып былай деді.
— Оңды бала керек емес маған! Басқа баланың керегі жоқ! — деді ызаға булығып, тісін шықырлатқан ол сыбырлап қана сөйлеуге тырысып, — Әгәрки сені, Иерусалим, ұмытатын болсам, онда мені...
Алқынған кісіше сөзінің соңын жұтып қойған ол әлсіреген қалпы тақтай сәкінің алдына тізерлей кетті. Сосын басын қос қолдап қысып алып, іштегілерге естіртпей, ботадай боздай жөнелді. Коля көшеге жүгіріп шықты.
— Қош бол, Карамазов! Өзіңіз келесіз ғой? — дегенде Коляның даусы қатқыл да ашулы шыққан еді.
— Кешқұрым сөзсіз келемін, — деді Алеша.
— Иерусалим жөнінде не деп кетті әлгі... Онысы не тағы да?
— Ол Інжілде айтылған сөз ғой: "А не забуду тебе, Иерусалиме", яки егер бойымдағы небір абзал-асылдың бәрін ұмытатын болсам, егер оны басқа бірдеңеге айырбастап жіберсем, онда мені қарғыс атсын...
— Түсіндім, ар жағын айтпасаңыз да болады! Өзіңіз де келетін болыңыз! Перезвон, пси! — деп итіне ақырып қалған Коля аяғын алшаң басып, үйіне қарай жеделдете кете барды.
ОН БІРІНШІ КITАП
ТЕТЕ АҒАСЫ ИВАН ФЕДОРОВИЧ
I
ГРУШЕНЬКАНЫҢ ПӘТЕРІНДЕ
Алеша Шіркеу алаңындағы Морозова деген көпес әйелдің үйінде тұратын Грушенькаға бара жатқан. Оның қалай да келіп кетсін деген өтінішін Феня таңертең ерте келіп айтқан-ды. Алеша көпес ханымның кешеден бері әлденеге қатты мазасыздануды екенін Фенядан сұрап біліп алған еді. Митя абақтыға отырғалы бергі екі ай бойы Алеша бұл үйге өз шаруасымен де және Митяның тапсыруы бойынша да жиі-жиі барып тұратын. Митя тұтқындалғасын үш күннен кейін Грушенька мұрттай ұшып, содан бері, міне, бес жұмаға жуық науқас-тұғын. Бұл уақыт ішінде ол бір жұмаға жуық тіпті ес-түссіз де жатқан-ды. Оның далаға шығуға жарағанына екі жұмаға жуықтағанмен, кескін-келбеті өзгеріп, жүзі жүдеу тартып, сарғайып кеткен еді. Бірақ ол Алешаға бұрынғыдан да қиянатты көрінген, содан ба қалай, кіріп барғаныңда оның көзі мен өзінің көзі ұшырасып қалғанда іші жылып жүре беретін болған. Оның көзқарасынан бір нәрсені әбден пайымдаған бекемдік сезіледі, ішінде біраз рухани өзгеріс болғанға ұқсайды, бойында адал, тағдырға мойынсұнған, бірақ ізгілікті, тәуекелшіл батылдық пайда болған секілді. Қастарының орта тұсынан маңдайына тіке түскен болмашы әжім сызығы оның сүйкімді бет-жүзіне іштей ойға шомған салиқалы шырай беріп, былай қарағанда тіпті сұстылау да ғып көрсететін. Мысалы, бұрынғы жеңілтектіктің ізі де қалмаған. Алешаны тағы бір қайран қалдырғаны — сүйген жігіті сұмдық қылмыс бойынша тұтқындалғаннан кейін бастан кешкен бақытсыздықтың бәріне қарамастан, одан соң төсек тартып жатқандығына, ол аз болса, алда әлі соттың қатал үкімі тұрғандығына қарамастан, Грушеньканың жастыққа тән дағдылы көңіл шаттығын сақтап қала алғандығы еді. Оның бір кездегі тәкаппар жанары енді әлде жаси бастаған ба қалай, десек те... осынау қос жанарда, әйтсе де, өшіп бітпегені былай тұрсын, қайта керісінше, көптен бергі уайымы жүрегіне қайта оралған сәттерде, нендей бір қаһарлы от жалыны анда-санда бір жалт етпей қалмайтын. Оның бәз-баяғы бір себебі — Катерина Ивановна, ол тіпті ауырып жатқанында да соның атын атап сандырақтаған. Катерина Ивановнаның қамаудағы Митяға қалаған уағында баруға мүмкіндігі бола тұра, бір рет те төбе көрсетпегендігіне қарамастан, Грушеньканың абақтыдағы Митяны одан сұмдық қызғанатындығын Алеша түсінетін. Мұның өзі оны қиын жағдайға қойған еді, өйткені Грушенька өзінің жүрек сырын тек жалғыз соған ғана ашатын да, одан үнемі ақыл-кеңес сұрайтын; ал Алеша болса, кейде оған мардымды ештеңе айта алмай қиналатын.
Грушеньканың пәтеріне Алеша іштей қобалжып кірді. Ол үйінде екен; Митяға барып келгеніне жарым сағаттай болыпты; бұл кіргенде үстел жанындағы креслодан тұрып, оған қарсы жүрген шапшаң қимылынан Алеша, сірә, мені тағатсыздана күткен ғой деп түйді. Үстел үстінде дорақ ойнауға тасталған карталар жатыр. Оның ар жағында, былғары дивандағы төсекте үстіне халат киген, шүберек қалпақты Максимов шынтақтап жатыр екен; жылмиып күліп қояды, бірақ жүдеу көрінді, тегі, ауру-сырқауы болуға тиіс. Грушенька осыдан екі айдай бұрын Мокросдан қайтқанда оған еріп келген үйсіз-күйсіз бейшара шал содан бері табан аудармастан осында жатқан. Қара жаңбыр, лайсаңда үсті-басы малмандай болып Грушенькаға еріп келген үрейлі шал диванға барып отырған соң, осында қалсам қайтеді дегендей, оған үнсіз, жалбарына қарап қалған-ды. Ауыр қайғы жанын жеп, оған қоса безгек мұрттай ұшыруға таяған Грушенька әбігермен жүріп алғашқы жарым сағатта оны тіпті ұмытып та кеткен еді, сонан соң аң-таң болып оған тесіле қарағанында абдыраған шал оның көзіне мөлие қарап бір жырқ еткен. Осыдан кейін ол Феняны шақырып алып, шалға тамақ бергізді. Ол күні Максимов сол орнында тапжылмастан, тіпті тырп етпестен отырған ымырт үйіріліп, терезе қақпалары жабылған соң Феня:
— Бикеш, анау кісіні қайтеміз, ол осында қонбақшы ма? — деп сұраған. Оған Грушенька:
— Иә, диванға төсек салып бер, — деген.
Грушенька шалдың енді шынында да барар жері қалмағанын суыртпақтап сұрап отырып біліп алған еді: "Менің есіркеушім Калганов мырза енді сені үйіме апара алмаймын деп турасын бір-ақ айтып, қолыма бес сом ақша ұстатты" — деген ол "Жарайды, тәңірім жар болсын сағақ қалсаң қала ғой", деп шешкен мұңлы Грушенька оған жылы шыраймен жымия қарап. Оның күлімсіреп сөйлескеніне іші жылыған шалдың көзінен жас ыршып, еріндері дірілдеп кеткен еді. Кезбелікпен күнін көрген шал содан бері осы үйде болатын. Ол тіпті Грушенька ауырып жатқанда да кетпеген. Феня мен оның шешесі — Грушеньканың аспазы — шалды үйден қумаған, қайта бұрынғысынша, дайын тамағын алдына қойып, диванға төсегін салып беріп отырған. Кейін Грушенька оған тіпті үйірсек боп та кеткен. Митяға барып келгесін (Грушенька басын көтеріп жүруге жараған соң, біржола айығып кетпесе де, оған барып тұратын болғанды), ол өзінің қайғы-шерін ұмыту, оны ойлай бермеу үшін "Максимушкамен" ұсақ-түйек бірдеңені әңгіме ете бастайтын. Шал кейде әңгімешіл болып кететіндіктен, ақыры, ол бикешке керек секілді көрінетін еді. Грушенька Алешадан басқа тірі пендені қабылдамайтын болған, алайда оның өзі де бұл үйге күнде келмейтін және һәман тек төбе көрсетіп қана шығатын. Ал оның көпес шалы бұл кезде ауыр науқасты, шаһардағы жұрттың соя қылғанындай, "әл үстінде жатқан" ол Митя сотталғасын не бары бір жұмадан кейін қайтыс болған. Өлеріне үш жұма қалғанда, дәм-тұзының таусылатынын сезген соң, марқұм жоғарыдағы өзі жатқан бөлмеге ұлдарын қатын-балаларымен бірге шақырып алып, енді менің қасымда болыңдар деп бұйырыпты. Ал малайларына осы минуттен бастап Грушеньканы табалдырықтан аттатпаңдар, ал егер келе қалса, оған: "Сізге ойын-күлкісімен жүре берсін, енді мені мүлде ұмытсын деп тапсырды" — деп айтуға жарлық етеді. Осыған қарамастан, Грушенька күнде кісі жұмсап, оның көңілін сұрап тұрған.
— Ә, ақыры келдің бе! — деді картасын тастай салып, Алешамен көңілді сәлемдескен Грушенька. — Ал, Максимушка сені мұнда келе қояр ма екен деп зәремді алып еді. Сондай ділгер боп отыр ем саған! Үстелге отыр: не ішесің, кофе әкелсін бе?
— Өзегім талып келіп едім, ішсем ішейін, — деді Алеша үстелге жайғасып жатып.
— Ә, солай ма, Феня, Феня, кофе әкелші! — деп дауыстады Грушенька. — Сенің келетініңді сезгендей, бағана қайнатып қойған, сонсоң самса да әкел, тек ыссы болсын. Жоқ, сабыр ет, Алеша, бүгін сол самсасы құрғырдың жанжал шығарғаны. Үйдің дәмі ғой деп абақтыға алып барып едім, ол нанасың ба, қайтарып тастады, аузына алған да жоқ. Бір самсаны тіпті еденге лақтырып, аяғымен таптады. Мен: "Онда күзетшіге қалдырып кетемін, егер кешке дейін жемесең, онда ызадан ішегің бітеліп қалғаны!" — дедім де кетіп қалдым. Нанасың ба, ол екеуміз тағы да керісіп қалдық. Барған сайын жанжалдасып ажырасамыз.
Грушенька бұның барлығын апыл-ғұпыл, абыржып айтқан еді. Құты қашқан Максимов көзін төмен салып, ыржиып күлді.
— Сонда бұл жолы шатақ неден шықты? — деп сұрады Алеша.
— Бүйтер деп ойыма да келмеп еді! Нанасың ба, мені "анау поляктан" қызғанады: "Сен оны не үшін асырамақсың. Демек, сен оны асырай бастағансың ғой?" — дейді. Мені қызғанады, әлі күнге қызғанады! Ұйықтап жатып та, тамақ ішіп отырып та қызғанады! Өткен жұмада тіпті Кузьмадан да қызғанды ғой.
— Ол "полягіңді" білуші еді ғой?
— Не қыларсың оған. Әуел бастан осы күнге дейін біле тұра, бүгін атып тұрып, дүрсе қоя берді. Не дегенің тіпті айтуға ұят. Ақымақ ол! Мен кеткелі жатқанда оған Ракитқа келді. Бәлкім, оны Ракитка айтақтайтын шығар, а? Сен қалай ойлайсың? — деді тағы да ол селсоқтанып.
— Ол сені сүйеді, білесің бе, ол саған ғашық. Тек қазір ол ашулы ғой.
— Ертең соттайын деп жатса, ашулы болмағанда қайтеді. Оған алдағы сот жөніндегі ойымды айтпақшы болып барған едім, неге десең, Алеша, мен тіпті ертең оның тағдыры не болатынын ойлауға да қорқамын! Сен, міне, ол ашулы ғой дейсің, ал менің қандай ызалы екенімді сеземісің. Ал ол полякты сөз қылады! Мұндай ақымақ болар ма! Мына Максимушканы ғой қызғанбайды.
— Менің зайыбым да қатты қызғанушы еді мені, — деп қалды осы сәтте Максимов.
— Сені не деп қызғанады, — Грушенька күлген болды, — кімнен қызғанады?
— Үй күтуші қыздар ше.
— Ә, сен аузыңды жапсаң қайтеді, Максимушка, қазір менің әсте күлегештігім ұстап тұрған жоқ, теріме сыймай отырмын. Ал самсаға көзіңді сатпай-ақ қой, бәрібір бермеймін, ол сенің ішіңе жақпайды, бальзамная да татырмаймын. Көрмейсің бе, мынамен де әуреленуім керек; менің үйім құдайхана ма, сонша, — деп күлді Грушенька.
— Мен сіздің бұл рақымшылығыңызға лайық емеспін, мен нағыз оңбағанмын, — деді, Максимов жыламсырап. — Онан да сіз мұндай жақсылығыңызды бұған менен гөрі лайықтау өзге біреуге жасаңыз, сол дұрыс болады.
— Eh, Максимушка, адамның жақсылық істеуге лайықсызы бола ма екен, сонан соң оның лайықты-лайықсызын қайдан білесің. Сол поляк қайдан ғана тап болды екен маған, Алеша; бүгін ол да ауырып қалыпты. Мен оған да барып келдім. Ерегіскенде оған да самса беріп жіберу керек еді, Алеша, алайда өйткен жоқпын, ал Митя болса сен оны неге асырайсың, деп кінәлайды мені, енді қасақана беріп жіберемін, сонда қайтер екен! Аһ, міне, Феня да келді біреудің хатын алып! Иә, дәл солай, тағы да поляктардан келіпті, тағы да ақша сұрайды!
Паң Муссялович шынында да, әдеттегісінше, тым шұбалаңқы һәм тым мәнерлеп жазған хатында Грушенькадан қарызға үш сом сұрапты. Қарызын үш айда өтеуге міндеттенген қолхатын да қоса салып жіберіпті; оған пан Врублевский де қол қойған. Грушенька "өзінің полягынан" осындай қолхаттар қосылған мұндай хаттарды көп алған болатын. Бұл осыдан екі жұма бұрын, Грушенька ауруынан айыққасын басталған еді. Бірақ, ол төсек тартып жатқанында оның көңілін сұрауға екі панның келіп тұрғанын білетін. Поштаның етектей қағазына мейлінше мәнерлеп жазып, өз әулетінің алақандай мөрін басқан бірінші хаты тым ұзақ әрі өте күңгірт болғандықтан, Грушенька оны жарым-жартылай оқыған соң лақтырып тастаған. Онда мұндай хатты оқуға оның тіпті мұршасы да жоқ-ты. Одан кейін, ертеңіне, екінші хат келген; бұл хатында пан Муссялович тез арада қайтарамын деп уәде беріп, қарызға екі мың сом ақша сұраған. Грушенька бұл хатқа да жауап қайтармаған. Бұдан кейін, күн сайын бір хаттан, тағы бірсыпыра хат келген-ді, алайда маңғазсып, мәнерлеп жазылған бұл хаттарда қарыздың сомасы әуелі жүз сомға, одан кейін жиырма бес сомға, сосын он сомға дейін біртіндеп азая берген, ақыр-соңында, Грушенька екі панның одан бір сом қарыз сұрап, екеуі бірдей қол қойған қолхатын қоса салып жіберген хатын да алған еді. Осыдан кейін оларға шын жаны ашыған Грушенька кешқұрым панға өзі барып қайтқан. Барса, екі поляк әбден жұтап, қайыршы болуға жуықтапты, не ішуге тамақ, не жағарға отын жоқ, не темекісі жоқ, үй иесіне борышқа белшеден батқан. Мокроеда Митядан ұтып алған екі жүз сомның басына су құйып үлгеріпті. Алайда оны екі панның танауын таңырайтып, менсінбей, тәкаппарсып, керемет сыпайыгершілік сақтағансып, күпілдеп қарсы алғандығына Грушенька қайран қалған болатын. Ол "өзінің полягына" он сомды ұстата салып, жай күлген де қойған. Грушенька мұны Митяға күліп отырып айтқанда, ол ешқандай қызғаныш білдірмеген. Бірақ содан бері екі пан оған түп етектеп жабысып, қарыз сұраған хаттарын қарша боратып жатқан, ал бұл хат келген сайын оларға там-тұмдап қана беріп тұрған. Ал бүгін Митяның аяқ астынан тулап, жаман қызғанғаны.
— Полягім сырқаттанып қалған соң, Митяға бара жатып жолай бір минутке оған да соға кетейін демесім барма ақымақ басыммен, — деп тағы да сөз бастады асығып-үсігіп, абыржыған Грушенька.
— Сонсоң күліп, Митяға бәрін айтып бердім: мына қызықты қара, деймін оған, әнмен жібіте алсам, маған тие қояды деп ойлады ма екен, полягім қолына гитарын алып, маған бұрынғы әндерін айта бастады. Митя орнынан атып тұрып, балағаттай жөнелді... Жоқ, ерегіскенде мен енді ол пандарға самса беріп жіберемін! Феня, олар әлгі жүгірмекті неге жіберіпті? Міне, ол қыздың қолына үш сомды қыстыр да, оған қоса қағазға он шақты самса орап ұстат — апарып берсін, ал сен, Алеша, менің пандарға самса беріп жібергенімді Митяга әдейі айта бар.
— Жоқ, мен мұны еш уақытта айтпаймын, — деді Алеша жымия күліп.
— Еһ, сен оның іші бара күйіп жатыр деймісің, ол жорта қызғанғансыды, ал шындығында оған бәрібір, — деді Грушенька кейіп.
— Жорта қызғанғаны қалай? — деп сұрады Алеша.
— Сен аңғалсың, Алеша, білдің бе, қанша зерделі болсаң да, бұл арада ештеңе аңғармай тұрсың, білдің бе. Мен оған өзімді біреуден қызғанғаны үшін ренжімеймін, қайта, егер ол мені мүлде қызғанбаса, қалай өкпелегенді сонда көрер еді. Мен, міне осындаймын. Оның қызғанғанын кек тұтпаймын, өйткені өзімнің де тілім қатты, өзім де қызғаншақпын. Тек оның мені мүлде сүймейтіндігіне ғана жәбірленемін енді келіп жорта қызғанған болады, білдің бе. Мұны көрмейтіндей, соқыр емеспін ғой? Маған жайдан-жай анау, әлгі Катька туралы айта бастады: ол анадай, ол мынадай дейді, мен үшін сотқа Мәскеудегі доктор шақыртты, мені ақтап алу үшін алғызды, сосын ең атақты, ең білгір адвокатты да шақыртты дейді. Егер оны көзімді бақырайтып қойып мақтаса, бұл ғашықтығының белгісі емес пе ол арсыздың! Менің алдымда өзі кінәлі болғандықтан, әуелі бар кінәні маған аударып, "сен менен бұрын полякпен әмпей болғансың, ендеше менің Катькамен әмпейлігімді қалай айыптамақсың" — деп кінәнің бәрін жалғыз маған аудару үшін байлана кетті. Міне, солай! Барлық кінәны тек маған аудармақшы. Ол қасақана байланды, әдейі істеді, тек мен...
Грушенька сөзін аяқтай алмай, орамалымен көзін басып, еңіреп қоя берді.
— Ол Катерина Ивановнаны сүймейді, — деді Алеша нығарлай сөйлеп.
— Оны сүйе ме, жоқ па, мұны таяуда өзім де анықтамақпын, — деп көзінен қол орамалын ала берген Грушеньканың үні сесті шықты. Оның сұрқы бұзылып кеткен еді. Момақан, жайдары-жуас жүзінің лезде түнере қалып, ыза тепкенін көргенде Алеша жаман қапаланды.
— Болды, ондай зердесіздікті сөз ғып қайтеміз! — деді кенет өктем сөйлеген ол — Мен сені мұнда ол үшін шақырған жоқпын. Алеша, жарқыным, ертең оның тағдыры не болмақ? Міне, осы менің жанымды қинайтын! Тек жалғыз менің қабырғам қайысады! Байқаймын, оның тағдырын уайымдап жатқан ешкім көрінбейді, бұған тірі пенде қам жемейтіндей. Тым болмаса сен бірдеңе ойлаймысың? Ертең оны соттайды ғой! Сен айтшы маған, ертең оны қалай соттамақ? Малай ғой, малай ғой өлтірген, малай! О, тәңірім! Малайдың орнына неғып оны соттар екен, оған ешкім араша түспейтін болғаны ма? Малайға мүлде тиген де жоқ қой, а?
— Оны қатаң тергеді, — деді ойға шомған Алеша, — бірақ барлығы өлтірген ол емес деп ұйғарды. Қазір ол қатты науқас. Сонда қояншығы ұстап қалғаннан бері ауру. Ол шын сырқат, — деді тағы да Алеша.
— Тәңірім-ау, сол адвокатқа сен өзің неге бармайсың, онымен оңаша отырып, бар шындықты өзің неге жайып салмайсың. Жұрттың бәрі оны Петербордан үш мыңға арнайы шақыртыпты деп жүр емес пе.
— Ол үш мыңды мен, ағам Иван және Катерина Ивановна үшеуміз бергенбіз, ал Мәскеуден екі мыңға докторды алғызған Катерина Ивановна. Сонсоң, бұл іс күллі жалпақ Ресейге жария болып, газет-журнал біткеннің бәрі дуылдатып жатпағанда, адвокат Фетюкович бұдан да көп сұрайтын еді, ол мұнда келуге көбіне-көп тек өзінің атын шығару үшін келісті ғой деймін неге десеңіз мұның өзі аты-шулы іске айналып кетті. Мен оны кеше көрдім.
— Иә, қалай? Оған айттың ба? — деп сұрады Грушенька бойын асығыс бір тіктеп қойып.
— Сөзімді тыңдап отырды, бірақ ештеңе демеді. Өзінің белгілі бір пікірге келгенін ғана айтты. Бірақ менің сөзімді ескеруге уәде берді!
— Ескергені қалай! Бұл алаяқтардан шығар! Олар оны құртып тынады! Ал, докторды ше, докторды неге алғызыпты?
— Сарапшы ретінде шақыртыпты. Ағамның есі ауысқан, сол себепті ол шадық кезінде абайламай өлтіріп алыпты деген ұйғарым шығартпақ, — деп ақырын жымиды Алеша, — бірақ ағам бұған көнбейді.
— Аһ, шалық екені рас, бірақ ол ешкімді өлтірген жоқ қой! — деді Грушенька өбектеп. — Онда ол шынында да шалық болатын, әбден есуастанып алған-ды, бұған мен, мына мен оңбаған кінәлымын! Бірақ ол өлтірген жоқ, өлтірген ол емес! Барлығы, күллі шаһар сол өлтірді деп шуылдасады. Тіпті Феняның жауабынан да сол өлтірген болып шығады. Ал дүкендегі өсекті, анау шенеуніктің сөзін, оның алдында трактирде не деп шуласқанын неғып естімедіңіз! Барлығы, барлығы оған қарсы өре түрегелді ғой.
— Иә, куәлардың жауабы сұмдық көбейіп кетті, — деді тұнжыраған Алеша.
— Анау Григорийге, Григорий Васильевичке не жоқ десеңші, есік аңырайып жатқан деп қасарып болмайды, өз көзіммен көргем деп жеңсік бермейді, мен онымен жолығып, көзбе-көз сөйлесіп едім, сөзіме құлақ қоймады. Боқтанады тіпті!
— Иә, ағама ең көдіктісі де, бәлкім, соның жауабы болар, — деді Алеша.
— Менің ойымша, Митя қазір де шалық секілді, — деді кенеттен Грушенька бір түрлі жаман уайымға батқан, шүбәлі пішінмен. — Білесің бе, Алеша, саған айтуға көптен оқталып жүр едім: мен оған күнде барған сайын таңғалам. Айтшы, сен қалай ойлайсың: оның қазіргі сөздерінен не түсінуге болады? Бірдеңені айта береді, айта береді — бірақ түкке түсінсем бұйырмасын, ол менің миым жетпейтін нәрсені айтатын шығар, ал мен зердесіздің оны ұқпайтынын содан болар деп ойлаймын; ол маған бір бала, яки қайдағы бір кішкентай сәби туралы айта бастады, "ол сәбидің дейді, не жазығы бар?" "Ол бала үшін мен енді Сібірге де айдалатын болдым, мен өлтірген жоқпын, бірақ менің Сібірге айдалуым керек!" Бұл не дегені, ол неғылған бала — түгіне түсінгем жоқ. Ол ағыл-тегіл сөйлей бастағанда көңілім босап кетті, тым жақсы айтылған сөзге оның өзі де жылады, мен де жыладым, сонсоң ол менің бетімнен сүйді де, қолымен шоқындырған болды. Бұл не хикмет, Алеша, айтшы маған, ол неғылған "сәби"!
— Қайдам, Ракитин әйтеуір дәнігіп алыпты ғой оған баруға, — деді күлімсіреген Алеша, — әйтсе де... Ракитиннен болмасқа тиіс. Мен оған кеше барғанмын, бүгін де барамын.
— Жоқ, Ракитинді қойшы, ол Иван Федоровичті көргенде абыржып қалады, ол Митяға барып жүр ғой, білесің бе... — Грушенька айтылмайтын сөздің абайсызда аузынан шығып кеткенін сезгесін күмілжіп қалды. Аң-таң Алеша оған тесірейе қарады.
— Барғаны қалай? Оның Митяға барып жүргені ме? Иван бір де төбе көрсетпеді деп маған Митяның өзі айтып еді ғой.
— Қап, мұным не менің! Абайсызда айтып қойғанымды қарашы! — деді қысылған Грушенька ұялғанынан екі беті алаулап шыға келіп. — Тоқта, Алеша, енді үндемей-ақ қой, әйтеуір айтып қойған екем, шындықты түгел жайып салайын саған. Ол Митяға екі мәрте барды, біріншісінде Мәскеуден қанат байлап жеткен бойда — онда мен әлі сау болатынмын, екіншісінде осыдан бір жұма бұрын барды. Ол Митяға бұл жайында саған айтпа, тісіңнен шығарушы болма деп тапсырған, тіпті ешкім білмесін деген, өйткені ол жасырын барып жүрген-ді.
Алеша терең ойға батып, бірдеңені іштей пайымдап отырғандай. Әлгі хабар оны қатты таңырқатқан еді.
— Митяның ісі жөнінде Иван менімен сөйлескен емес, — деді ол баяу үнмен, — осы екі ай бойы ол менімен жалпы өте аз тілдесті, үйіне барсам, келгеніме қабақ шытатынды шығарды, сосын мен де үш жұмадан бері қарамды көрсетпедім. Ім... Егер Иван оған осыдан бір жұма бұрын барса, онда одан бері Митяда шынында да бір өзгеріс болуы мүмкін ғой...
— Өзгергенде қандай, әрине, өзгерді! — деп іліп әкетті Грушенька. Олардың құпиясы, бір жасырын сыры бар! Маған бұл құпия деп Митяның өзі айтқан, оның қандай құпия екенін Митяның көңілі байыз таппағанынан-ақ шамалай бер. Ол бұрын да көңілді еді ғой, қазір де солай, тек, білесің бе, басын былай шайқап, бөлмеде ерсілі-қарсылы жүре бастағанда, сонсоң оң қолының мына саусағымен самай шашын шиыршықтауға кіріскенде, оның ішінде ненің мазалап тұрғанын... мен білемін. Ана жолы көңілді еді, бүгін де көңілді!
— Сен не дедің жаңа кеюлі еді дедің бе?
— Ол кеюлі болса да, көңілді еді. Бір сәтке тұнжырайды да, лезде қайта жадырайды, сосын кенет тағы мойып қалады. Білесің бе, Алеша, мен оған таңғаламын: ертеңгі тағдыры сондай қорқынышты бола тұра, ол кейде тіпті болымсыз бірдеңеге бейне сәбише мәз болып күледі.
— Иванның келгенін маған айтпа деп тапсырғаны рас па? Дәл солай: айтушы болма деді ме?
— Дәл солай: айтушы болма деді. Ғажабы, Митя алдымен сенен қорқады ғой деймін. Бұл арадағы құпия осында, бұл құпия деп оның өзі айтқан... Алеша, жарқыным, сен оған барып, бәрін біліп алшы: екеуінің қандай құпиясы бар екен, сонсоң маған келіп бәрін айтып берерсің, — деп мүләйімсіп, жалына бастады Грушенька, — алда мені тағдырдың тағы қандай тәлкегі күтіп тұр екен, соны біліп алайын, мен бейбақты тым болмаса сен аясаңшы! Осыған бола шақырған едім сені.
— Ол құпиясы сен жөнінде бірдеңе болар деп ойлаймысың? Онда сенің көзіңше құпия сырын ашпас еді ғой.
— Қайдам. Мүмкін, ол нақ маған бірдеңе демекші шығар, алайда айтуға дәті бармайтын болар. Сол себепті құлақ қағыс еткені болса қайтесің. Бір құпия бар дейді де қояды, ал ол неғылған құпия — мұны айтпайды.
— Сен өзің не ойлайсың?
— Мен не ойлаушы ем? Мен сорлайтын болдым — менің ойым осы. Катька келіп киліккесін ол үшеуі түбіме жетіп тынады. Бар пәле сол Катькадан, бәрі содан тарап жатыр. "Ол анадай, ол мынадай", сонда менің ондай болмағаным ғой. Митя мені тастамақшы, бар құпия осы ғана! Мұны үшеуі — Митька, Катька, сосын Иван Федорович ойлап шығарды. Алеша, көптен бері сенен бір нәрсені сұрамақшы едім: осыдан бір жұма бұрын Митя маған Иван Катькаға ғашық болу керек, өйткені оның үйіне тым барғыштап кетіпті деп еді ойда жоқта. Ол маған шын айтты ма, жоқ па? Ар-ұжданың не десе, соны айт тек, мені аяма.
— Саған өтірік айта алмаймын. Менің ойымша, Иван Катерина Ивановнаны сүймейді.
— Иә, онда мен өзім де солай ойлағанмын! Ұятсыз неме маған өтірік соғады, білдің бе! Кейін мені кінәлы ету үшін жорта қызғанады. Бүкпелеу дегенді білмейді ғой ол ақымақ, тоқетерін бір-ақ қойып қалады... Мен бе, мен оған көрсетемін! "Мен өлтірді дегенге сенесің бе" дейді маған, мына маған осылай дейді, бұл мені жазғырғаны емес пе! Мейлі! Көрерсің, сотта мен анау Катьканың сазайын берем! Тура шалқасынан түсіретін сөзім бар айтатын... Онда мен бәрін жайып саламын!
Сөйтіп Грушенька тағы да еңіреп қоя берді.
— Грушенька, — деді Алеша орнынан түрегеліп, — мен саған тек мынаны кесіп айта аламын: біріншіден, маған сенсең, Митя тек сені ғана сүйеді. Мен білем. Анық білемін. Екінші айтарым, оның қандай құпия сыры барын сұрағым келмейді, ал егер бүгін барғанымда оның өзі ашылса, онда не дегенін саған айтатынымды оған ескертіп кетемін. Сонсоң, бүгін саған келіп, бәрін айтып беремін. Тек... меніңше... бұл арада Катерина Ивановнаның қатысы жоқ, ол өзге құпия. Солай болуға тиіс. Меніңше Катерина Ивановна жөнінде емес ол құпия. Ал әзірше қош бол!
Алеша оның қолын қысты. Грушенька әлі де жылап тұрған. Өзінің жұбатқан сөздеріне оның онша илана қоймағанын, бірақ іштегі күдігін айтып, тым болмаса шер-мұңын біраз тарқатқанын көрген Алеша оны мынадай күйде тастап жүре беруге қимады. Бірақ ол асығыс болатын, алда оны бірсыпыра шаруа күтіп тұрған.
II
АУРУ АЯҚ
Ең алдымен Хохлакова ханымның үйіндегі шаруасын тезірек тындырып, одан кейін Митяға да кешікпей бару үшін Алеша әуелі сол үйге жеткенше асыққан еді. Хохлакова ханым үш жұмадан бері бір аяғы әлдеқалай ісіп кеткендіктен ақсаңқырап басатын болған, бірақ күндіз төсекте жатпайтын, өзіне ұнайтын бір өте сәнді көйлегін киіп, қабылдау бөлмесіндегі кушеткада қисайып жатып бір мезгіл ғана дем алатын жері бар-ды. Ана жолы оның сырқаттанып жүрсе де тым сәнқойланып кеткенін: қайдағы бір әдемі түйреуіштердің, бантиктердің, әлекей-шүлекейлі кеудешелердің пайда болғанын байқағанда, ол жай мырс еткен де қойған; мұның себебін іштей сезгенмен, осы бір бөстекі ойды бойына дарытпауға тырысқан-ды. Соңғы екі айда Хохлакова ханымның үйіне, оның басқа меймандарымен бірге, Перхотин деген жігіт те келетін болған-ды. Алеша мұнда төрт күннен бері бас сұқпаған еді, сондықтан ол табалдырықтан аттасымен тезірек Лизаның бөлмесіне өтіп кетуге тырысқан; өйткені Лиза кеше "'өте тығыз шаруа бар", тез келіп кетсін деген өтінішпен бір қызды жүгіртіп жіберген, белгілі бір себептермен Алеша осы төтенше істі тез тындырып тастауға мүдделі еді. Алайда үй күтуші қыз Лизаға барып айтқанша, Алешаның келгенін біреуден естіп қалған Хохлакова ханым оны "бір минутқа ғана кіріп шықсын" деп дереу өзіне шақыртты. Алеша алдымен шешесінің өтінішін орындайын, әйтпесе Лизаның бөлмесінде отырғанында қайта-қайта кісі жұмсап сөйлестірмес деп ұйғарды. Бұл кіргенде ханым кушеткада жатыр екен, тойға жиналғандай сыланып-сипанып сәнді киінген, жүзіне қарағанда іштей өте толқулы секілді. Ол Алешаны қауқылдаған қуанышпен қарсы алды.
— Сізді де көретін күн бар екен ғой! Бір жұма төбе көрсетпей кеткеніңіз не, ah, жоқ, жаңылдым, осыдан төрт күн бұрын, сәрсенбіде келген екенсіз ғой. Сіз, әрине, Lise-гe келдіңіз, мені естіп қалмасын деп аяғыңыздың ұшынан ғана басып, оның бөлмесіне зып бергіңіз келгенін де сеземін. Жарқыным, мархабатты Алексей Федорович, сол қыз үшін менің қалай қатты мазасызданатынымды білсеңіз ғой! Әйтсе де, бұл жөнінде кейін сөйлесерміз. Ең бастысы сол болса да, қазір оны кейін қоя тұралық. Мархабатты Алексей Федорович, Лизам жөнінде мен сізге кәміл сенімдімін. Зосим пірәдар дүние салған соң — жарықтық иманды болсын! (Ол шоқынды), — мына жаңа кәстөміңіз бойыңызға құйып қойғандай жарасып тұрса да, мен сізге ехимник, нағыз шын тақуа деп қараушы едім. Мұндай керемет ісмер тігіншіні қалай тауып жүрсіз? Әйтсе де, жоқ, оны кейін сөйлесерміз, қазір ең бастысы ол емес. Кейде сізді Алеша деп атағаным үшін кешірерсіз, мен кемпірмін ғой, ендеше, бәрі де кешірімді маған, — деп ол кербездене бір күлімсіреп қойды, — алайда, мұны да қоя тұралық. Маған керегі — ең бастысын ұмытпау. Рақым етіңіз, егер елігіңкіреп бара жатсам, сіз "ең бастысын ұмытпаңыз" деп ескертіп отырыңыз. Аһ, қазір қайсысы басты екенін біліп бола ма! Lise сізге күйеуге шығамын деген уәдесін — өзінің балалық уәдесін, Алексей Федорович — қайтып алғалы бері сіз, әрине, оның бәрі креслода талай заман қимылсыз отырған ауру өрімдей қыздың қиялы ғана болғандығын түсінген шығарсыз деймін, — қазір, құдайға шүкір, өз аяғынан жүретін болды. Әлгі жаңа доктор... оны сіздің сорлы ағаңызды көрсету үшін Катя Мәскеуден арнайы шақыртты емес пе, ағаңызды ертең... Ақыры немен тынар екен! Мұны ойлағанда менің иманым қасым болады. Ең бастысы, немен бітер екен деп... Қысқасы, сол доктор кеше келіп Lisе-ні көрді... Келіп көргені үшін елу сом төледім. Әйтсе де, айтпағым бұл емес, тағы да жаңылдым ба қалай... Мүлде адасқанымды сезесіз бе. Асығулымын. Неліктен асығамын? Қайдам. Миым жетпейді тіпті. Маған барлығы шым-шытырық боп шатасып, түйіншектеліп қалған секілді көрінеді. Менімен сөйлесуден зеріккесін тұрып жүре бересің бе деп те зәрем жоқ. Аһ, тәңірім-ау! Бұл не отырыс, біріншіден — кофе ішейік, Юлия, Глафира, кофе әкеліңдерші!
Алеша жаңа ғана бір жерден кофе ішкенін айтып, алда риза деді.
— Кімнің үйінен?
— Аграфена Александровнанікінен.
— Ә, анау әйел ме? Аһ, бәрінің түбіне жеткен сол емес пе, әйтсе де, мен қайдан білем, ол енді керемет тақуа боп алыпты деседі ғой, бірақ кеш қалған. Қажет кезінде, бұдан ертерек көшуі керек еді тақуалыққа, ал қазір не пайда? Үндемеңіз, Алексей Федорович, үндемей тыңдай беріңіз, менің сізге айтар ойымның көптігі сондай, түптеп келгенде сізге жарытып ештеңе айта алмаған боп шығуым да мүмкін. Ертеңгі соттың сұмдығы... менің қалайда баруым керек, дайындалып жатырмын, кресломен көтеріп кіргізеді, өз бетіммен отыра аламын, жанымда кісі болады, өзіңіз білесіз, мен куәмін ғой. Сотта қалай сөйлемекпін, не демекпін! Не айтатынымды да білмеймін тіпті! Онда ант беру керек қой, солай емес пе?
— Бірақ, меніңше, бара алар ма екенсіз?
— Отыра аламын дедім ғой; аһ, сіз менің бармағанымды тілейсіз ғой, тегі! Анау сот, анау сұмдық қылмыс, сонсоң барлығы Сібір кетпек, бәз біреулері үйленбек және мұның бәрі керемет тез болмақ, бәрі өзгермек, сосын, ақырында, түк қалмайды, барлығы қаусаған шал болады, бір аяғы көрде тұрады. Алайда мейлі, мен қажыдым. Менің барлық үмітімді үзген сол, анау Катька — cette charmante personne1; енді ол бір ағаңыздың соңынан Сібір бармақшы, ал екінші ағаңыз сол әйелдің соңынан кетіп, көрші шаһарда тұрмақ, сөйтіп бәрі бірін-бірі тірідей тамұққа салмақ. Бұл менің зығырданымды қайнатады, ең жаманы, айдай әлемге масқара қылғаны батып тұр; Петербор мен Мәскеудің барлық газеттерінде миллион мәрте жазды емес пе. Аһ, иә, нанасыз ба, мені ағаңыздың "көңілдесі" болды деп те жазды ғой; нансаңыз, мен ондай сөзді тіпті ауызға алуға жеркенем, өзіңіз ойлаңызшы!
— Олай болуы мүмкін емес! Қайда, қалай жазыпты?
— Қазір көрсетейін. Кеше алған бойда оқып шығып едім. Міне, Петербордың мына "Қауесет" атты газетінде. Ол биыл шыға бастаған қауесет дегенге құлағым түрік жүретіндіктен, жаздырып алатын болып едім, менің сорыма: қандай қауесет болып шыққанын көрмеймісің. Міне, мына тұсын оқыңызшы.
Сонан соң ол жастығының астынан газетті алып, Алешаға ұстата берді.
Оның ренжігені былай тұрсын, тіпті қабырғасы сөгілген-ді, сол себепті басындағы ойлары шым-шытырық боп кетуі, шынында да, ғажап емес-ті. Газеттің алабөтен хабары, әрине, оның намысына тым қатты тиюге тиісті, алайда ол, бақытына қарай, дәл сол сәтте бірдеңені пайымдайтындай күйде болмаған, сондықтан бір минуттен кейін газетті тарс ұмытып, өзге нәрсеге ауысып кете барған. Әйгілі сот процесі туралы дақпырттың жалпақ Ресейге түгел тарағанын Алеша әлдеқашаннан білетін, ол осы екі айда ағасы туралы, жалпы Карамазовтар әулеті хақында және тіпті өзі жөнінде де дұрыс жазылған өзге хабарлармен бірге сандырақ хабарлар мен мақалаларды да, құдай сақтасын, сұмдық көп оқыған. Бір газетте тіпті ол ағасының қылмысынан кейін құдайға құлшылық етуге онан бетер беріліп, құжырасынан шықпайтын болыпты деп те жазыпты: мұны бекерге шығарған екінші газет, керісінше, ол өзінің пірәдар қариясы Зосиммен бірігіп монастырьдың сандығын бұзғаннан кейін "монастырьдан қашып кетіпті" деп жазған. Енді "Қауесет" газетіндегі мына мақалаға: "Скотопрогоньевскіден (өкінішке қарай, біздің шаһар осылай аталатын, мен мұны көптен бері жасырып келген едім), Карамазовтың соты жөнінде" деген тақырып беріліпті. Қысқа ғана хабар екен, Хохлакова ханым жөнінде тура ештеңе делінбеген, алайда барлық кісі аттары жалпы тұспалдап қана аталады. Онда соншама шуылдатып соттағалы жатқан қылмыскер, әскери қызметтен кеткен капитаны, ар-ұяттан жұрдай болған, бойкүйез, крепостниктің ара-тұра махаббатқа беріліп, кейбір "зеріккен жесірлерге" алабөтен ықпалы болғандығы ғана хабарланады. "Зеріккен жесірлердің" ішінен, бойжеткен қызы бола тұра, кербезденуін қоймаған сондай бір ханым тым елігіп кеткендіктен, қылмыс жасалардан не бары екі сағат қана бұрын, егер оны алтын кенішіне алып қашса, үш мың сом ақша бермекші болыпты. Бірақ ол зұлым, қырықтағы қырқылжың ханым қаншама кербезденсе де, оны алып сонау Сібірге жылыстағанша, әкесін өлтіріп, соның үш мың сомын тонағанды артық санаған және де бұл үшін ешбір жаза көрмеймін деп дәмеленген. Бұл ойнақы мақала әкеге қол көтеру мен кешегі басыбайлылықтың адамгершілікке жатпайтындығына ізгілікті наразылық білдірумен аяқталады; ол осылай тәмамдалуға да тиісті. Алеша газетті қызыға оқығаннан кейін ортасынан бір бүктеп, Хохлакова ханымға қайтарды.
— Ол ханым мен болмағанда кім? — деп міңгірледі Хохлакова тағы да, — соның алдында бір сағаттай бұрын оған алтын кенішін алмайсың ба деген мен болатынмын, енді келіп "қырықтағы қырқылжың" деген атаққа қалдым! Менің ондай арам ойым болған да жоқ! Мұны ол қасақана жазған! Қырықтағы қырқылжыңы үшін, менің кешіргенім сияқты, оны мәңгілік төрешіміз де кешіре көрсін, бірақ оның... кім екенін білесіз бе? Ол сіздің досыңыз Ракитин.
— Мүмкін, — деді Алеша, — бірақ мен ештеңе естіген жоқпын.
— "Мүмкін" емес, сол, дәл сол! Мен оны үйімнен қуып шығарғанмын... Сіз ол хикаяны білуші ме едіңіз?
— Сіздің оған бұдан былай табалдырығымнан аттамайтын болыңыз деп ескерткеніңізді білемін, бірақ нақ не үшін олай дегеніңізді — бұл жөніңде... сіздің өз аузыңыздан ештеңе естіген емеспін.
— Демек, одан естігенсіз ғой! Ол не деді, мені жамандады ма, қатты балағаттады ма?
— Иә, жамандады, бірақ ол жұрттың бәрін жамандайды ғой. Алайда сіздің оған неге келме дегеніңіз жөнінде мен одан ештеңе естіген жоқпын. Мен онымен жалпы өте сирек кездесемін. Біз дос емеспіз.
— Жарайды, онда бәрін мен өзім жайып салайын сізге, сонан соң, өкінбеске амалым да жоқ, өйткені бұл арада, бәлкім, менің өзімді кінәлы ететін бір себеп бар шығар. Тіпті титтей, болмашы ғана себеп, тіпті елең қылуға да тұрмайтын, мүлде елеусіз бірдеңе болғандықтан оның бар-жоғының өзі дүдәмал. Қалай десем екен, жарқыным, — Хохлакова ханым бір түрлі тіксіне қалғанда, оның екі езуінде әлдеқандай сиқырлы, жұмбақ күлкінің табы ойнап шыға келді, — нанасыз ба, көкейімде бір күдік... кешіріңіз, Алеша, мен сізге шеше болуға жараймын ғой... о жоқ, жоқ, керісінше, қайта мен сізді әкемдей көруге... неге десеңіз шешеңіздей деуімнің бұл арада ешбір реті жоқ... Ал, егер Зосим пірәдардың алдында мінәжат еткенмен бірдей десем — ең дұрысы да, ең лайықтысы да, міне, осы болар: өйткені мен бағана сізді ехимник, хақ тақуа деп атадым ғой, — сонымен, әлгі жарлы жігітіңіз, сіздің досыңыз Ракитин (о, тәуба, тіпті дәтім бармайды! Мен оған онша қатты ашулана да, ызалана да алмаймын), қысқасы, сол жеңілтек жігітіңіз, нанасыз ба, жоқ па, кенет мені айналдыра бастады. Мен мұны кейіннен, тек соңынан ғана сездім, бұрыннан таныс болсақ та, бұған дейін оның ондай әдеті жоқ-ты, енді алғашта, яки осыдан бір айдай бұрын, ол біздікіне құдайдың құтты күні дерлік келетінді шығарған. Мен түк те сезген жоқпын... сонсоң ойыма бір күдік сап ете қалды, бастысы, ішім әлденеден сезіктене бастады. Білесіз бе, осында Петр Петрович Перхотин деген бір қарапайым, инабатты, сырбаз жігіт қызмет істейді ғой, сол екі айдан бері маған келіп-кетіп жүретін. Сіз оны осы үйде талай рет кездестіргенсіз. Ол шынында да инабатты, сырбаз жігіт қой. Ол, күнде емес, үш күнде бір келеді (күнде келсе де кім ренжиді), өзі дәйім мұнтаздай боп жүреді, сонсоң, Алеша, мен жалпы мына өзіңдей талантты, инабатты жастарды жақсы көрем, ал Петр Петрович мемлекеттік ақыл-ойдың иесі болатын көшелі жігіт және де қандай ділмар десеңші, мен оны қолтығынан демеуге қолымнан келгенді аямаймын Ол болашақ дипломат. Сол бір қорқынышты күні біздікіне түн ортасында келіп жеткен ол мені ажалдан арашалап қалды десем де болар. Ал сіздің досыңыз Ракитин келсе кілемнің үстінде лапардай етігімен көстеңдеп жүргені... қысқасы, ол маған тіпті бірдеңені тұспалдайтынды шығарған, ал бірде, кетерінде, қолымды сондай қатты қысты. Қолымды сығымдап жібергесін аяғым ауырды. Ол біздікінде Петр Петровичті бұрын да талай рет кездестірген, алайда, нанасыз ба, жоқ па, көрген жерден оны іліп-қағып, кекетіп-мұқата берді, тіпті оған бірдеңе деп мыңқылдауын қоймады. Екеуі тоқайласып қалғанда ішімде күлкі қысып тұрса да, бұлар сүзісіп қала ма деп қыпылдап жүрдім. Бір күні үйде жалғыз отырғанымда, яки, жоқ, осылай қисайып жатқанымда, Михаил Иванович келді, нанасыз ба, жоқ па, менің ауру аяғыма өлең шығарыпты. Онда міне былай делінген:
Бұл аяқ па, бұл аяқ
Ауырып қалды сәл бірақ... —
одан ары қалай еді тағы, — өлеңнің сөздерін жадымда сақтай алмайтыным-ай осы, — мен оны сізге кейін көрсетемін, ғажап, өте тамаша өлең, сонсоң, білесіз бе, ол менің аяғым жөнінде ғана емес, ол ғибрат боларлық, ғажап ойлы өлең, әттең ұмытқанымды қарашы, қысқасы, альбомға жазып қоюға да жарайды. Мен, әлбетте, оған рахметімді айттым, ол бұған масаттанып қалды білем. Сонсоң, мен ауыз жиып болғанша, ойда жоқта Петр Ильичтің кіріп келмесі бар ма, оны көргенде Михаил Иванович қабағын қарс жауып, түнере қалды. Өлеңін көрсеткен соң Михаил Ивановичтің маған бірдеңе дегісі келгенін ернінің емеурінінен ішім сезген, бірақ дәл осы сәтте келіп жеткен Петр Ильич оған кедергі жасады ғой деймін. Мен, ойымда түк жоқ, Петр Ильичке әлгі өлеңді көрсеттім, бірақ оны кімнің шығарғанын айтпадым. Кімдікі екенін білген жоқпын деп әлі күнге мойындамаса да, оның салған жерден сезгені анық, бұған менің ешбір күмәнім жоқ, білмедім деп әншейін жорта айтады. Күліп жіберген Петр Ильич өлеңді сынап-міней бастады: семинарист біреудікі ғой, тегі, түкке тұрғысыз екен, — деді ол, — білесіз бе, ол мұны сондай қызуланып, сондай құмарланып айтты! Осыдан кейін сіздің досыңыз, жай күліп қоюдың орнына, аяқ астынан бұлқан-талқан болды... Құдай сақтасын, екеуі төбелесіп қала ма деп ем: "Бұл өлеңді жазған мен, дейді досыңыз. Жай әзілдеп сүйкей салғам, өйткені мен өлең жазуды намыс көрем, дейді. Бірақ менің өлеңім — жақсы өлең. Сіздердің Пушкиндеріңізге әйелдің аяғын жырлағаны үшін тіпті ескерткіш те қоймақшы ғой, ал менікі бағыт-бағдарлы өлең, дейді, ал сіз өзіңіз крепостник екенсіз ғой дейді: сізде адамгершіліктен ныспы да жоқ дейді, қазіргі оқыған қауымның жан сезімі сізге мүлде жат дейді, сіз өсіп жетілмей, кенже қалғансыз дейді, сіз парақор шенеуніксіз дейді!,"Осыдан кейін мен бұларың не, қойыңдар" деп шыжалақтап, екеуіне жалына бастадым. Ал Петр Ильич нансаңыз, жалтақтауды білмейтін жігіт қой, ол дер кезінде аса инабатты әуенге көше қойды: Михаил Ивановичке мысқылдай қарап тыңдап тұрған соң, кешірім сұраған болды: "Мен қайдан білейін дейді. Білсем, олай демеймін ғой, кайта, мақтайтын едім ғой, дейді... Бұл ақын дегендер шетінен кінәмшіл келеді, дейді..." Қысқасы, сыпайы сөйлеген боп оңдырмай келемеждеді. Маған ол кейін оның бәрі шындығында келемеж болатын деп түсіндірді, ал мен шын айтқаны шығар деп ойлап қап ем. Міне қазір сіздің алдыңызда қисайып жатқанымдай, кушеткада жатқанымда, бір кезде: төрімде отырып, қонағыма тіл тигізіп, дөрекілік көрсеткені үшін оны дүрілдетіп қуып шықсам қайтеді, бұл лайықты ма, әлде лайықсыз ба? — деген ой келді. Сізге өтірік, маған шын: көзімді жұмып ап ойлап жатырмын: қалай, мұным инабаттылық бола ма, жоқ па деп, не істерге білмей қиналамын, жүрегім дүрсілдеп барады: айқайлайын ба, әлде айқайламайын ба? Бір дауыс айқайла дейді, екіншісі жоқ, айқайлама дейді! Соңғы дауысты ести сала айқайлап жіберген соң талып қалдым. Әлбетте, барлығы улап-шулап жатыр. Сонсоң, лезде қайта басымды көтеріп, Михаил Ивановичке: бұлай деуге аузым бармаса да айтайын, бұдан былай сіз бұл үйдің табалдырығынан аттамайтын болыңыз дедім. Осылай қудым да шықтым оны. Аһ, Алексей Федорович! Бұның жақсы емесін өзім де сеземін, — онда мен жалған айтқанмын, шындығында мүлде ренжіген жоқпын да, әйтсе де маған кенеттен — кереметі де осы кенеттігінде — осылай еткенім лайықты көрінген, тек осы қылығымның өзі... Алайда, илансаңыз, бұл қылығым қалай дегенмен иланымды шыққандай еді, өйткені тіпті ағыл-тегіл жыладым, соңынан тағы бірнеше күн көзімнен жас кетпеді, сосын түстен кейін бәрін тарс ұмыттым. Содан бері оның бұл үйге бас сұқпағанына, міне, екі жұма өтті, енді мен тіпті: ол мүлде төбе көрсетпей кетер ме екен деп те ойлай бастадым. Бұл өткен оқиға ғой, енді кеше кешке әлгі "Қауесет" қолыма тиген соң не болғанын айтайын. Оқып шыққасын аһ ұрдым: мұндайды кімнің жазуы мүмкін, әрине, тек сол мен үйден қуып шыққан соң... үйіне барғанда, отыра қалып жазған; бұл жіберген — олар басып шығарған. Екі жұма болды ғой одан бері. Әйтсе де, Алеша, қажет нәрсені сөз етпей, қайдағы жоқ бірдеңені мылжыңдап кеткен жоқпын ба? Аһ, тым көп сөйлеп кеттім ғой деймін!
— Бүгін ағама қайткенде де кешікпей баруым керек еді, — деп міңгірледі Алеша.
— Дұрыс, кешікпе! Есіме салғаныңыз жақсы болды ғой. Мынаны айтыңызшы, аффект деген не бұл?
— Қайдағы аффект? — деп таңғалды Алеша.
— Соттағы аффектіні айтамын. Аффект болған адамға бәрі кешірімді деседі. Ол не қылса да — бәрі кешіріледі дейді ғой.
— Сіз не деп тұрсыз өзі?
— Не деп кеттім бе, айтайын: әлгі Катя... Әттең, сол бір сүйкімді, кербез бикештің кімге ғашық екенін біле алмай-ақ қойғаным. Жуырда осында келгенінде суыртпақтап сыр тартып көріп ем, бірақ түк шығара алмадым. Сөзінің бәрі үстіртін болғасын не шығушы еді, қысқасы, оның әңгімесі менің денсаулығымды сұраудан ары аспады, маған тіпті оның сөз әуенінің өзі ұнамады, сонсоң қайтейін: мейлі, неғылсаң о ғыл дедім де қойдым... Аһ, иә, әлгі аффект жөнінде: әлгі докторларыңыз келді емес пе. Сіз оның келгенін білуші ме едіңіз? Білуге тиіссіз ғой, кісінің есі ауысқанын анықтайтын докторды сіздер шақырттыңыздар, әйтсе де, жоқ, сіз емес, Катя шақыртқан. Бәрі Катяның ісі! Мынаны қараңыз: есі дұп-дұрыс адам бір кезде аяқ астынан аффект деген кеселге ұшырайды екен, яки бір сәтке оның есі ауысып кетеді екен. Былайша есі дұрыс, не істеп не қойғанын біледі, бірақ аффект. Міне Дмитрий Федоровичте сондай аффект болған. Бұл аффект дегеніңіз жаңа сотпен бірге келді ғой. Жаңа соттың аяғына оралып келген жақсылық бұл Доктор осында келіп, менен сол күні кешке не болғанын, әлгі алтын кеніші жөнінде сұрастырды: онда ол қандай күйде еді? — дейді. Келе салып айқай-шу көтерсе: маған үш мың сом керек, маған үш мың ақша беріңдер деп дігірлесе, содан кейін тайып отырып, кенет әкесін өлтірсе — аффект болғаны емей не бұл. Оны өлтіріп қайтем, соншама не бопты дей тұра, өлтіргенін қайтерсің. Міне нақ осы үшін өлтіріп қайтем дей тұра, абайсызда өлтіргені үшін кешіреді оны.
— Ол өлтірген жоқ қой, — деп кілт үзіп жіберді Алеша. Ол барған сайын мазасызданып, тағатсыздана түскен еді.
— Білем, оны анау Григорий деген шал өлтірген...
— Григорий ме? — деді аң-таң Алеша.
— Сол, сол Григорий өлтірген. Дмитрий Федорович оны басынан соққанда ұшып түскенде, қайта түрегелген кезде есіктің ашық жатқанын көрген соң, барған да Федор Павловичті өлтірген.
— Неге, не үшін өлтіреді оны?
— Ол аффект болған. Дмитрий Федорович оны бастан салып жібергенде есінен танып қалған да, қайта есі кіргесін аффект болған, сосын барған да өлтірген. Оның мен өлтірген жоқпын дейтіні, тегі, не істеп не қойғанын білмегендігінен. Бірақ, білесіз бе: егер оны Дмитрий Федорович өлтірген боп шықса, бұл әлдеқайда жақсы болар еді. Мен Григорий өлтірді десем де мұның нақ солай екені анық, бірақ оны бәрібір Дмитрий Федорович өлтірген, осылай болғаны әлдеқайда пайдалы! Жоқ, баласының әкесіне қол көтергені қай бір жақсылық дейсің, мұны мен құптамаймын, оның керісінше, балалары ата-анасын құрмет тұтуға тиіс. Бірақ, қалай дегенмен, Дмитрий Федорович өлтірген боп шыққаны жақсы, онда сіз жылап-сықтамайсыз, өйткені ол есі ауысқан сәтте жазатайым еткен, дұрысырақ айтқанда, бәрі есінде бола тұра, не істеп не қойғанын сезбегендіктен өлтіріп алған болып шығады. Жоқ, олар оны кешірсін, бұл адамгершіліктің нышаны, сонсоң жаңа соттың жақсылығын жұрттың көруі де керек қой, мен қайдан білейін, көптен бері осылай деседі, кеше ғана естігенімде таңғалғаным сондай, тіпті сізге дереу кісі жұмсағым да келді; кейін, егер оған кешірім жасалса, соттан шығысымен оны тура біздікіне ертіп кел түстік ішуге мен таныстарымды да жинайын, сөйтіп жаңа соттың мерейі үшін ішейік. Меніңше, дастарқан басында онымен бірге отыру қауіпті бола қоймас, өйткені шақыратын қонақтарым да бірсыпыра ғой, алда-жалда әулекілене бастаса, желкесінен алып шығарып жібермейміз бе. Кейін ол өзге бір шаһарға барып бітістіруші сот болып немесе басқа бір қызмет істей алады, себебі өз басынан қайғы-қасірет кешкен адам өзгелерге әділ кесімін айтады. Ал ең бастысы, қазір кім аффекті емес дейсің, сіз, мен — бәріміз аффектідеміз, оған мысал жеткілікті: мысалы, біреу отырады, романс айтады, сосын аяқ астынан бірдеңе ұнамайды да, тапаншасын алып, кез келген бір бейбақты басып салады, сонан соң, бәрі кешіріледі. Мен мұны жуырда бір жерден оқыған едім, докторлардың бәрі растайды. Қазір олар мұны растап жүр, бәрі растайды. Оны айтасыз, тіпті менің Лизам да аффект, ол мені бұрнағы күні жылатқан еді, кеше тағы да жылатты, бақсам аффект болған екен, оны мен бүгін ғана аңғардым. Oh, Lise мені күйіндіріп-ақ бітті! Мүлде қияли боп кеткен бе деймін. Ол сізді неге шақыртты? Ол шақырып па еді, әлде өзіңіз келдіңіз бе?
— Иә, ол шақырған, мен оған барайын енді, — деп Алеша орнынан тез түрегелді.
— Ah, мархабатты, қымбатты Алексей Федорович, бар гәп міне осында ма деп қорқам. — Хохлакова ханым еңіреп қоя берді.
— Бірақ, құдай куә, Lise жөнінде мен сізге ақ ниетіммен сенемін, сондықтан қызымның сізді менен жасырын шақырып алғаны оқа емес. Алайда Иван Федоровичке, сіздің ағаңызға, ғапу етіңіз, оны нағыз сырбаз жігіт деп білсем де, олай оп-оңай сене алмаймын. Ал, нансаңыз, ол ойда жоқта Lise-гe келіп кетіпті, мен мұны тіпті білген де жоқпын.
— Қалай? Не? Қашан? — деп Алеша шоршып түсті. Ол енді отырмай, түрегеп тұрып тыңдаған еді.
— Енді айтайын сізге, мен, бәлкім, сізді осыған бола шақырған шығармын, өйткені сізді бұдан басқа не үшін шақыратынымды да білмеймін... Міне былай: Иван Федорович Мәскеуден келгеннен кейін осы үйде не бары екі рет болған, алғашында таныс кісі ретінде сәлемдесу үшін келген, екіншісінде, осы жуырда ғана, Катяның осында отырғанын біліп келіпті. Қазір оның шаруасы онсыз да басынан асып жатқандығын білгендіктен, мен, әрине, оның жиі келіп тұруына дәмеленген де жоқпын, vous comprenez, cette affaire et la mort terrible de votrepapa1 — сонсоң кенет оның біздікіне тағы да келгенін, тек менде емес, Lise-де болғанын естідім, осыдан алты күн бұрын келіп, бес минуттей ғана отырғасын кетіп қалыпты. Ал мен мұны үш күннен кейін ғана Глафирадан естіп білдім, бұл мені фрапперлендіріп2 тастады. Ести сала шақырып алып сұрасам, Lise күледі: ол сізді ұйықтап жатқан шығар деп ойлапты, сосын сіздің денсаулығыңызды білейінші деп менің бөлмеме кірді, дейді. Солай болғаны рас шығар, әрине. Бірақ бұл Lise ме, тәубе, әйтеуір мен ренжітпесе көңілі көншімейді! Бір күні түнде онымен не болғанын көзге елестетіп көрсеңіз ғой — осыдан төрт күн бұрын, сіз осындай соңғы рет келіп кеткесін іле-шала, түнде оның кенет талып қалып, бақырып, шыңғырып, есіргені! Мен неге ешуақытта олай есіріп, бақырмаймын? Содан кейін екінші күні, сосын үшінші күні де қайталанды, ал кеше бар ғой, кеше әлгі аффектісі құрғырдың тап болғаны. Қызымның кенеттен зіркілдей жөнелгені: "Иван Федоровичті суқаным сүймейді, сіз оны осы үйдің есігінен қаратпайтын болыңыз, ол мұнда енді қайтып қарасын көрсетпесін!" Аяқ астынан дүрсе қоя берген соң, сасқанымнан: ондай инабатты, ондай білімді жігітті қалай ғана бетінен қағамын, оның үстіне мынадай сұмдық бақытсыздыққа ұшырап жүрсе, бұған қалай аузым барады, неге десең сол хикаялардың бәрі, қалай дегенмен де, басқа қонған бақыт емес, арылмас сор емес пе? — деп қарсы дау айта бастадым. Менің сөзіме ол қарқылдап күлді, күлгенде де, 9білесіз бе, тіпті намысыма тиді. Қайтейін, әйтеуір күлгеніне де шүкіршілік, енді талма ауруы өтіп кететін шығар деп қуандым; оның үстіне Иван Федоровичке енді біздің үйге келмеңіз деп өзім де ескертіп, оның оғаш қылығының себебін түсіндіруді талап еткелі жүрген едім. Бірақ бүгін таңертең Лиза төсегінен тұрар-тұрмаста Юлияға бұртыңдап, нанасыз ба, оны ашу үстінде бетінен шапалақпен тартып жіберіпті. Өз басым қыздармен сіз-біз деп қана сөйлесемін, ал оның мұнысы монстроз1 ғой барып тұрған. Сосын, арада бір сағат өтпей жатып, ол Юлияны құшақтап, оның аяғынан сүйеді. Ал енді менің бөлмеме кірмейтінін, бұдан кейін де онда аяқ баспайтынын айтуға маған қыздардың бірін жұмсапты, сонсоң, амал бар ма, өзім барып едім, бетімнен сүйіп, жылай бастады, бірақ бір ауыз сөз айтпастан шығарып жіберсе, бетімнен сүйгенін қайтейін; сол себепті ештеңе де сұрап біле алмадым. Енді, мархабатты Алексей Федорович, бар үмітім сізде, әлбетте, менің бар ғұмырымның тағдыры да сіздің қолыңызда. Сізден қолқалап өтінетінім Lise-гe барып, барлығын сұрап біліп алыңызшы — ал мұны жалғыз сіз ғана істей аласыз — сонсоң маған келіп айтып беріңіз, — егер бұл жағдай одан ары созылса, онда менің тірі жүруімнің қажеті жоқ, мен өлемін немесе осы үйден бір жаққа қаңғып кетемін, өйткені мен оның анасымын, түсінесіз бе. Бұдан ары шыдауға менің шамам жоқ, төзе аламын, бірақ төзімнің де таусылатын кезі болады ғой, сонда қайтем... онда көдік. Аһ, тәңірім-ау, Петр Ильич те келді міне! — Есіктен кіріп келген Петр Ильич Перхотинді көргенде Хохлакова ханым кенет жүзі жадырап, қуанып қалды. — Кешіктіңіз ғой, мұнша кешіккеніңіз не! Ал, кәне төрлетіңіз, сөйлей беріңіз, оның тағдырын шешіңіз, анау адвокат не деді? Алексей Федорович қайда кетіп барасыз?
— Мен Lise-гe барайын.
— Аһ, иә! Бірақ менің өтінішімді ұмытпайсыз ғой, солай ма? Мұнда біреудің тағдыры шешілмек, тағдыры!
— Әрине, ұмытпаймын, алайда, қолымнан келсе... Бірақ мен кешігіп барам, — деп міңгірледі тезірек кетуге асыққан Алеша.
— Жоқ, "қолымнан келсе" дегенді қоя тұрып, шындап кірісіңіз, шындап, жарай ма, әйтпесе мен құримын! — деп дауыстады оның соңынан Хохлакова ханым, бірақ бұл кезде Алеша бөлмеден шығып кеткен еді.
ІІІ
КӨК САЙТАН
Алеша Лизаның бөлмесіне кіргенде, ол өзінің креслосында шайқалып отыр екен; аурудан аяғын баса алмай қалғанда оны осы кресломен алып жүретін. Ол Алешаға қарсы ұмтыла қоймады, бірақ қырағы, өткір көздері оған қадала қалды. Қабағы ісіңкіреп, өңі қуарып, сарғыш тартқан. Алеша қыздың айналасы үш күнде күрт өзгеріп, қатты жүдегеніне таңғалды. Лиза оған қол берген жоқ, Алеша оның сүйріктей, нәзік саусақтарына өзі қолын тигізді де, үндеместен қарсы алдына барып отырды.
— Сіздің абақтыға баруға асығып тұрғаныңызды білемін, — деді Лиза қатқылдау үн қатып, — бірақ менің шешем сізді табандатқан екі сағат ұстап, сізге Юлия екеуміз туралы айтқан әңгімесін жаңа ғана аяқтады ғой.
10— Оны қайдан білдіңіз? — деп сұрады Алеша.
— Есіктің сыртынан тыңдап тұрдым. Несіне тесірейе қалдыңыз? Онда не тұр, білдірмей тыңдағым келген соң, білдірмей тыңдадым, бұл қылығымды ерсі дерлік ештеңе жоқ. Ол үшін кешірім сұрамаймын.
— Сіз бірдеңеге ренжулі секілдісіз ғой?
— Жоқ, қайта, өте қуаныштымын. Осы ілкіде ғана іштей тағы да, отызыншы мәрте пайымдадым: уәдемнен тайып, сізге күйеуге шыққым келмегені қандай жақсы болған. Сіз маған күйеу бола алмайсыз: мен сізге тимеймін, өйткені, егер сізге тигеннен кейін өзіме ұнаған басқа бір жігітке хат жазып, осыны апарып бер десем, сіз оны сөзсіз апарып бересіз, сосын маған тіпті оның жауабын да алып келесіз. Қырықтағы қырқылжың болғаныңда да менің сондай хаттарымды таситыныңызға күмәнім жоқ.
Лиза күліп жіберді.
— Сіз маған әрі ашушаң әрі ақпейіл секілді көрінесіз, — деді Алеша күлімсіреп.
— Ақпейіл болсам, бұл менің сізден ұялмайтындығымнан шығар. Ол ол ма, ұялмайтыным былай тұрсын, тіпті ұялғым да келмейді, нақ сіздің алдыңызда және нақ сізден не деп ұяламын. Алеша, менің сізді сыйламайтыным неліктен дейсіз? Мен сізді өте жақсы көремін, бірақ сыйламаймын. Егер сыйласам, онда ұялмай сөйлесе алмас едім, солай ғой?
— Солай.
— Ал сіз менің ұялмаймын дегеніме сенесіз бе?
— Жоқ, сенбеймін.
Лиза тағы да дегбірсіздене күлді; ол асығып-үсігіп, тез сөйлеген.
— Мен сіздің абақтыдағы ағаңыз Дмитрий Федоровичке кәмпит беріп жібердім. Алеша, білесіз бе, сіз өте жақсы жігітсіз! Тез жек көруіме мұршамды келтіргеніңіз үшін мен сізді керемет жақсы көретін боламын.
— Lise, мені бүгін неге шақырдыңыз?
— Сізге бір тілегімді білдіргім келіп еді. Мені ұрып-соғып, сосын үйленіп, азаптап, алдап болғасын тайып беретін біреу неғып табылмас екен. Менің бақытты әйел болғым келмейді!
— Мұныңыз қалай, не деп кеттіңіз?
— Ah, күл болмаса бүл болсын. Менің тіпті осы үйді өртеп жібергім де келіп жүр. Барып, ақырын ғана — мұны ақырын барып қана істеу керек — қалай от қоятынымды көзіме елестетем. Олар сөндірмек болып жанталасады, ал өрт лаулай береді. Мен біліп тұрсам да, үндемеймін. Аһ, неткен зердесіздік еді! Кісінің іші пысады тіпті!
Лиза жеркенішпен қолын бір сілтеді.
— Сіздер бай екенсіңдер ғой, — деп күбір етті Алеша.
— Не, онан да жарлы болғанымыз артық па?
— Артық.
— Мұны сіздің көкейіңізге құйған, тегі, әлгі марқұм тақуаңыз ғой? Мейлі, барлығы жарлы бола берсін, мен-ақ бай болайын, кәмпит жеп, кілегей ішейін, бірақ мен онда анау жарымағандардың ешқайсысына бір тамшы татырмаймын. Аһ, айтпаңызшы, айтпаңызшы, — Алеша ауыз ашпаса да, Лиза қолын сермей берді, — сіз маған бұның бәрін әлдеқашан айтқансыз, мен бәрін жатқа білемін. Зеріктім. Егер жарлы болсам, мен біреу-міреуді өлтіріп тынармын, — тіпті бай болған күнде де біреуді мерт қып тастауым мүмкін — босқа отыратын не бар! Білесіз бе, менің егін орғым келеді, қолыма орақ алып қара бидай орғым келеді. Мен сізге тиейін, бірақ ол үшін сіз мұжық, кәдімгі қара табан мұжық болыңыз, екеуміздің бір тайымыз болса ғой, бұған қалай қарайсыз? Сіз Калгановты білесіз бе?
— Білем.
— һәман қиялдайды да жүреді. Ол былай дейді: шын өмірдің қажеті не, онан да қиялдың өзі артық. Қиялға берілгенде көңіл шіркін сені қайда ғана апармайды, ал шын өмір адамды зеріктіріп жібереді. Ол таяуда үйленбекші, маған да жүрек сырын ақтарып үлгерді. Сіз зырылдауық жібере білуші ме едіңіз?
— Білем.
— Ол міне сол зырылдауық секілді: зыр айналдырып жібергесін, қамшының астына алып шықпырта берсең де қыңқ етпейді: мен оған тиіп аламын да, өмір бойы шыр айналдырамын оны. Менің жанымда отыруға арланбайсыз ба?
— Жоқ.
— Қасиетті бірдеңені сөз етпегеніме қатты ашуланасыз ба. Әулие болғым келмесе қайтейік Айтыңызшы ең зор күнәға батқаның үшін ақыретте не істейді? Сіз бұны анық білуге тиістісіз ғой.
— Қайтесің, құдайдың қарғысына тиер, — деп Алеша оған қадала қарады.
— Өзімнің тілейтінім де сол Ақыретке барған соң, мені жазаға кессе ғой, ал мен бәрінің көзіне бедірейе қарап тұрып қарқылдап күлсем ғой. Мен осы үйді өртеп жібергім келеді, Алеша, не, сіз маған сенбейсіз бе?
— Неге сенбейін? Бірдеңені өртегісі келіп не істерге білмей жанын жеп тұратын он екі жасар балалар болады, олар өртеп те жатады. Бұл өзінше бір дертпен тең.
— Өтірік бұл, өтірік айтасыз, ондай балалар болса, мейлі, бола берсін, бірақ менің айтайын дегенім ол емес.
— Сіз жамандықты жақсылық деп қате ұғасыз: бір минуттік дағдарыс қана бұл, оған, бәлкім, бұрынғы сырқатыңыз кінәлы шығар.
— Сіз мені жек көресіз бе! Менің жақсылық істегім келмейді, мен жамандыққа құштармын, бар болғаны осы, бұған аурудың ешқандай қатысы жоқ.
— Сонда не үшін жамандық қылмақсыз?
— Бәрін тып-типыл қылу үшін. Шіркін, айналаң тып-типыл болса ғой! Білесіз бе, Алеша, мен кейде неде болса жамандық пен зұлымдық қылып бақсам екен және де мұны ақырындап ұзақ істесем екен, сонсоң жұрт бір күні бір-ақ білсе екен деп ойлаймын. Барлығы мені қоршап алып, саусақтарымен көзге шұқиды, ал мен оларға бедірейе қарап тұрамын. Бұл қандай жағымды. Алеша, мұның жанға өте жағымды көрінетіні несі?
— Жай. Небір асылды табаныңның астына салып езуге, немесе, өзіңіз айтқандай, өртеп жіберуге құштарлықтан бұл мұндай да бола береді.
— Мен мұны жай айтып қана қоймай, істеймін де.
— Оған күмәнім жоқ.
— Аһ, күмәнім жоқ дегеніңіз үшін сізді қалай жақсы көрмейін. Әлде сізді мазақтау үшін қасақана айтып тұр деп ойлайсыз ба?
— Жоқ, олай ойламаймын... бірақ, кім біледі, аздап солай болуы да ықтимал.
— Аздап солай екені рас. Мен сіздің алдыңызда еш уақытта өтірік айта алмаймын, — деді Лиза жанарынан нендей бір жалқын жарқ етіп.
Алешаны бәрінен де гөрі көбірек қайран қалдырғаны Лизаның салмақтылығы еді: қазір оның жүзінен күлкі мен әзілдің ізі де сезілмеген; ал бұрын ең "салмақты" сәттерінде де ол күлегеш, әзілқой болатын еді.
— Адамдардың қылмысқа құмартатын сәттері болады, — деді ойға шомған Алеша.
— Иә, Иә! Сіз менің ойымдағыны тап бастыңыз, бәрі құмартады, ондай "сәттерде" ғана емес, ұдайы құмартады. Білесіз бе, өтірік айтуға бір кезде бәрі келісіп алған секілді, содан бері бәрі өтірікті судай сапырып келеді. Бәрі сұрқиялықты іштей ұнатып тұрса да, жек көреміз деп жай айтады.
— Ал сіз бұзық кітаптарды әлі де оқисыз ба?
— Оқимын. Мамам ондай кітапты оқыған соң жастығының астына тығып қояды, ал мен ұрлап алып оқимын.
— Өзіңізді бұлай аздырғаныңыз ұят емес пе?
— Қайтеді, азсам аза берейін. Осында бір бала бар, ол үстінен пойыз өткенде қол рельстің ортасында тырп етпестен жатыпты. Бақытты бала деп, міне, соны айт! Тыңдағын, өз әкесін өлтіргені үшін сіздің ағаңызды ғой қазір соттағалы жатыр, алайда, өз әкесіне қол көтергені үшін жұрттың бәрі оны жақсы көреді.
— Әкесін өлтіргені үшін қалай жақсы көрмек?
— Жақсы көреді, бәрі жақсы көреді! Жұрттың бәрі бұл не сұмдық дейді, бірақ іштей оны сұмдық жақсы көреді. Ең алдымен менің өзім жақсы көремін.
— Бәрі сөйтеді деген сөзіңіздің жаны бар секілді, — деді Алеша ақырын ғана.
— Аһ, мынау ойыңыз қандай ғажап еді! — деп айқайлап жіберді Лиза, — тақуа кісі де бұлай ойлайды екен ғой! Алеша еш уақытта өтірік айтпайтыныңыз үшін сізді қандай құрмет тұтатыныма сенесіз бе. Қойшы, онан да сізге бір күлкілі түсімді айтайыншы: кейде ұйықтап жатқанымда шайтандар түсіме кіреді, түн екен деймін, бөлмемде қолыма шырағдан ұстап отыр екем, қарасам барлық жерде, бұрыш-бұрышта, үстелдің астында шайтандар өріп жүр, есікті ашып еді, ар жағында тағы толған шайтан, олар ішке кіріп кетіп, мені ұстап алмақшы екен деймін. Міне, жақындап келіп, жармаса бастады. Тез шоқына қойып едім, бәрі кейін ығысты, менен сескенуге айналды, бірақ мүлде кететін емес, босаға жаққа айналсоқтай береді, бұрыш-бұрышқа барып тығылады, мені аңдиды. Бір кезде құдайды дауыстап сыбап алғым келгені, сосын тіпті балағаттай да бастап едім, олар қайтадан маған қарай ұмтылды, қуанып кетті білем, мені тағы да ұстамақшы болды, сонсоң тезірек қайта шоқына бастағанымда — олардың бәрі қайтадан кейін қашқан екен деймін. Керемет қызық қой бұл, зәре-құтың қалмайды.
— Дәл осындай түсті менің де көргенім бар, — деді кенеттен Алеша.
— Рас па? — деді таңғалған Лиза. — Тыңдағын, Алеша, тек күлмеңізші, бұл керемет ғажап қой: екі кісінің көрген түстері бірдей боп шығуы мүмкін бе?
— Дұрыс айтасың, мүмкін.
— Алеша, мен айтсам, бұл керемет ғажап қой, — деді одан ары бір түрлі айран-асыр таңырқаған Лиза. — Түстің өзі ғажап емес, менің көрген түсімді айна қатесіз сіздің де көргендігіңіз ғажап. Сіз маған еш уақытта өтірік айтпаған едіңіз, қазір де өтірік айтпаңыз: бұл шын ба? Сіз маған күліп тұрған жоқсыз ба?
— Шын айтамын.
Әлденеге таңырқап қалған Лиза жарты минуттай үндемеді.
— Алеша, маған келіп тұршы, жиі келші, — деді ол содан кейін жалынышты үнмен.
— Мен сізге һәман, өмір бойы келіп тұрамын, — деп бекем жауап берді Алеша.
— Мен тек жалғыз сізге ғана айтамын, — деп қайтадан бастады Лиза. — Тек өзіме, сосын сізге ғана. Бұл жалғанда жалғыз сізге ғана айтамын. Өзімнен гөрі сізге ықыласпен ашылам. Сізден әсте ұялмаймын. Алеша менің сізден мүлде ұялмауымның, тіпті қысылып-қымтырылмауымның себебі не? Алеша, жәйттер пасха кезінде балаларды ұрлап әкетіп, сояды екен дейді, сол рас па?
— Қайдам.
— Менде бір кітап бар, содан қайсы бір сот туралы оқыдым: бір жәйт төрт жасар баланың әуелі екі қолының саусақтарын түгел шауып тастайды, сонсоң оны қабырғаға қол-аяғынан керіп шегелейді, кейін сот болғанда бала төрт сағаттан кейін ғана, тез өліп қалды деп жауап береді. Тезі сол ма! Ол: бала тек дамылсыз ыңырси берді, ал мен оған жаным рақаттанып қарап тұрдым дейді. Керемет емес пе!
— Керемет деймісің?
— Керемет. Мен кейде сол баланы қабырғаға қол-аяғынан керіп шегелеген өзім шығармын деп ойлаймын. Керіп тастаған бала жаны қиналғандықтан ыңырси береді, ал мен оның қарсы алдына барып отырып, ананас компотын ішуге кірісемін. Мен ананас компотына құмармын. Сіз қалай қарайсыз?
Алеша оған үндемей қарап тұрды. Лизаның сарғыш тартқан қуаң жүзі кенет бұзылып, екі көзі оттай жанды.
— Білесіз бе, кітаптан сол жәйт туралы оқығаннан кейін түні бойы дірілдеп-қалшылдап, жылап шықтым. Қалай жаны ышқынып, ыңырсыды екен сорлы сәби (төрттегі бала бәрін түсінеді ғой), ал менің көкейімнен компот туралы ойдың кетпегені. Таңертең бір кісіге қалай да маған тез жетсін деп хат жазып жібердім. Ол келді, мен оған түсімдегі бала туралы, компот туралы баяндап бердім, бәрін тәмамдап айттым, сонсоң "бұл керемет қой" дедім. Ол кенет күлді де, бұл шынында да керемет екен деді. Содан кейін түрегеліп, шығып жүре берді. Не бары бес минут отырды. Қалай ойлайсыз, ол мені жек көріп кетті ме екен? Айтыңызшы, Алеша, айтыңызшы, ол мені жек көріп кетті ме, жоқ па? — деп кушеткада бойын тіктегенде Лизаның жанары бір жалт етті.
— Айтыңызшы, — деді абыржып қалған Алеша, — ол кісіні өзіңіз шақырып па едіңіз?
— Өзім шақырғам.
— Оған хат жіберіп пе едіңіз?
— Хат жазғам.
— Көрген түсіңіз, сонсоң әлгі бала жайында сұрау үшін ғана шақырдыңыз ба?
— Жоқ, әсте олай емес, мүлде басқа себеппен. Ол келгеннен кейін, іле-шала мен көрген түсім жайында сұрадым. Ол жауабын айтып, күлді де, түрегеліп, шығып жүре берді.
— Онда оның сіз жөніндегі пиғылы адал екен, — деді Алеша ақырын ғана.
— Мені жек көріп қалған жоқ па? Маған күлген жоқ па?
— Жоқ, неге десеңіз, ананас компотына, бәлкім, оның өзі де сенетін шығар. Қазір ол да қатты науқас, Lise.
— Иә, сенеді! — деді Лиза жанары жалт етіп.
— Ол ешкімді де жек көрмейді, — деді одан ары Алеша. — Бірақ ол тірі пендеге сенбейді. Егер сенбесе, онда, әрине, жек көретін болғаны ғой.
— Демек, мені де жек көргені ме? Мені де ме?
— Сізді де.
— Онда мұның өзі тіпті жақсы болды ғой, — деді Лиза бір түрлі тісін шықырлатып. — Шығып бара жатып, күліп жібергенінде, мен жек көрінішті болғанның жаман емесін сезе қойған едім. Сәбидің саусақтары қырқылғаны да жақсы, жек көрінішті болғаны да жақсы...
Сөйтіп, ол Алешаның көзіне қарап тұрып, бір түрлі ызамен, зілдене күлді.
— Білесіз бе, Алеша, білесіз бе, менің бір тілегім... Алеша, мені құтқармасаңыз болмайды! — Лиза кушеткадан атып тұрып, оны құшақтай кетті. — Мені құтқарыңызшы, — деп ол жыларман болды. — Сізге не дегенімді басқа біреуге айтып қояды дейсіз бе? Мен сізге бар шындықты, нағыз, шынайы шындықты айттым ғой! Әйтпесе мен өзімді мерт қыламын, өйткені тірліктен жерідім! Менің өмір сүргім келмейді, өйткені бәрінен әбден жерідім! Бәрінен жерідім, бәрінен бездім! Алеша, сіздің мені мүлде сүймейтініңіз неліктен! — деп ол сөзін шамырқанып аяқтады.
— Жоқ, мен сізді сүйемін! — деп тебірене үн қатты Алеша.
— Ал мені уайымдап жылайсыз ба?
— Жылаймын.
— Сізге тигім келмегені үшін емес, жай мені ойлап жылайсыз ба?
— Жылаймын.
— Рахмет! Маған тек сіздің осы жылағаныңыз ғана қымбат. Өзгелері мені дарға асса да, табандарының астына салып езсе де мейлі, бәр-бәрі, бірі қалмай сөйтсе де мейлі! Себебі, мен ешкімді сүймеймін. Естимісіз, еш-кім-ді де! Қайта, бәрін жек көремін! Енді кете бер, Алеша, ағаңызға баратын уақыт өтіп барады! — деді ол кенет Алешаны құшағынан босатып.
— Ал сізді қайтем? — деді зәресі ұшуға айналған Алеша.
— Тез ағаңа жет, әйтпесе абақтыны жауып қояды, бар, міне қалпағыңыз! Мен үшін Митяның бетінен сүйіңіз, барыңыз, тез жетіңіз!
Сонымен, ол Алешаны есіктен итеріп шығарғандай болды, Лизаға өкінішті күдікпен қараған Алеша шығып бара жатқанында оң қолына екі бүктеп, желімделген кішкентай ғана хатты қыстыра салғанын бір-ақ сезді. Иван Федорович Карамазовқа деген жазуға оның көзі бірден түсті. Ол Лизаға жалт қарады. Қыздың жүзі сұстана қалған еді.
— Табыс ет, қалай да табыс ететін бол! — деп бұйырды қатуланып, дірілдеп кеткен қыз, — бүгін, дереу қазір табыс етесің! Әйтпесе мен у ішіп өлемін! Мен сізді осыған бола шақырғанмын!
Сонсоң, ол есікті тез жаба қойды. Тиек шырт етті. Алеша хатты қалтасына сұға салып, тура баспалдаққа қарай беттеді; Хохлакова ханымға кірген жоқ, оны тіпті ұмытып та кеткен еді. Ал Лиза, Алеша кетісімен іле-шала тиекті қайта ағытып, есікті ашыңқыраған соң, саңылауға саусағын қыстырып, қатты жауып қалған. Он секундтан кейін саусағын босатып алып, баяу басып креслосына барып отырғасын, бойын бір тіктеп қойып, көгерген саусағы мен тырнағының көбесінен шыпшыған қанға тесірейе қараған. Еріндері дірілдеп кеткен ол:
— Мен арамзамын, оңбағанмын, жексұрынмын! — деп ішінен қайталай берген еді.
IV
МАДАҚ СӨЗ ЖӘНЕ ІШТЕГІ СЫР
Алеша абақты қақпасының қоңырауын шылдырлатқанда күн кешкіріп қалған еді (қарашаның күні қай бір ұзақ дейсіз). Тіпті ымырт үйіріле бастаған-ды. Бірақ оны Митяға кедергісіз кіргізетінін Алеша білетін. Біздің шаһарда да барлық жердегідей. Алғашта, алдын ала тергеу біткенше, Митяның туыстарымен және басқа кісілермен кездесіп сөйлесуіне, әрине, қалай дегенмен белгілі бір қажетті ресми тәртіп орнатылған, бірақ кейіннен ол ресмиліктің бәсеңсігені былай тұрсын, Митяға келушілердің қайсыбіріне кейбір кеңшілік өзінен-өзі берілгендей болып кеткен еді. Кейде жолығысатын бөлмеде тұтқын өзіне келген кісімен тіпті оңаша да қалатын. Әйтсе де, ондайлар көп емес-ті. Грушенька, сосын Алеша мен Ракитин ғана. Бірақ Грушенькаға исправник Михаил Макаровичтің өзі зор ықылас білдіретін. Мокросда Грушеньканың оған зекіп тастағаны шалдың жүрегін күпті ғып жүретін. Кейін, істің мән-жайына көзі жеткен соң, ол бұрынғы пікірін мүлде өзгерткен-ді. Таңғаларлығы сол, Митя абақтыда отырғалы бері, оның қылмыскер екендігіне кәміл сене тұра, исправник оған бірте-бірте аянышпен қарай бастаған: "Бұл сорлы ізгі жанды болуы да мүмкін ғой, бірақ, амал не, шведше ішкілік пен жосықсыздықтан құрып біткен!" — дейтін ол. Сөйтіп оның жүрегіндегі бұрынғы жеркеніштің орнын енді бір түрлі аяушылық басқан еді. Алешаға келсек, исправник оны өте жақсы көретін және де онымен көптен танысты, ал соңғы кезде тұтқынға жиі келгіштеп кеткен Ракитин "исправниктің бойжеткендеріне" — өзі күн құрғатпай барып жүретін үйдегі бикештерді ол осылай атайтын еді. Өте жақын таныстардың бірі болатын. Бұған қоса Алеша онымен жалпы "даналық" жайында әңгімелесуге құмар абақты күзетшісінің де көптен бергі өте жақын танысы-ды. "Өз ақылымен пайымдағыш" үлкен пәлсапашы бола тұра, абақты күзетшісі, мысалы, Иван Федоровичті құрметтемейтіні былай тұрсын, одан тіпті сескенетін де, ең бастысы, оның пікірлерінен қорқатын. Бірақ ол Алешаға бір түрлі ерекше зор ілтипатпен қарайтын. Соңғы бір жыл бойы шал шіркеу құптамайтын діни кітаптарды шұқшия оқып жүретін де, алған әсерлерін жас досына айтқанша асығатын. Бұрын ол тіпті монастырьға да барып, онымен және иеромонахтармен ұзақ әңгімелесіп те жүретін. Қысқасы, абақтыға мүлде кешігіп келгенде де, Алешаның күзетшімен тіл табысып, бәрін оп-оңай реттеуге мүмкіндігі барды. Оған қоса күзетшілердің бәрі оған үйірсек боп алған. Бастықтар рұқсат етсе, қарауыл жағынан қысым болмайтын. Шақырғанда Митя өзінің тар үйшігінен дәйім төмендегі жолығысатын бөлмеге түсетін. Алеша кіре бергенде ол Ракитинмен кездейсоқ ұшырасып қалды. Ракитин кеткелі тұр екен. Митя екеуі даңғырлай сөйлеседі. Митя онымен қоштасып, әлденеге қарқылдап күледі. Ракитин оған бірдеңе деп міңгірлейтін секілді. Ракитин, әсіресе соңғы кезде Алешамен кездесуден қашқақтай беретін, онымен сөйлеспейтін, тіпті сызданып зорға амандасатынды шығарған-ды. Енді міне Алешаның кіріп келе жатқанын көргенде ол қабағын түкситіп, тері жағалы, кең, жылы пәлтесінің түймесін салған болып теріс қарады. Сонсоң қол шатырын іздегенсіп күйбеңдей қалды.
— Бірдеңемді ұмытып кетермін әлі, — деді ол әйтеуір үн қату үшін.
— Басқаның бірдеңесін де ұмытпағын! — деп қағытты өзінің қалжыңына қарқылдап күлген Митя. Ракитин дыз ете қалды.
— Бұл ақылыңды Ракитинге айтқанша, анау Карамазовтарыңа айтпайсың ба, крепостник мұндар! — деп зіркілдеді ызадан дірілдеп кеткен ол
— Саған не болған! Мен жай қалжыңдап жатырмын! — деді оған қатты кейіген Митя. — Фу, сайтан! Бұлардың бәрі осындай, — деді ол жалма-жан шыға берген Ракитинге басын изегесін Алешаға қарап, — бағанадан бері адам сияқты, күліп-ойнап, көңілді отыр еді, енді келіп аяқ астынан қитыққаны несі! Саған тіпті иек те қаққан жоқ, немене, мүлде аразсыңдар ма? Сен неге кеш келдің? Таңертеңнен бері сені күте-күте екі көзім төрт болды ғой. Бірақ оқасы жоқ. Есесін толтырамыз.
— Ол саған неге келгіштеп кеткен? Онымен достасып алғанды қалаймысың? — деп сұрады Ракитин шыққан есікті иегімен нұсқаған Алеша.
— Михаилмен бе? Жоқ, ондай түк те жоқ. Қойшы, сол доңызды! Мені... арамза санайды. Әзіл-қалжың да миларына кірмейді — бұлардың басты кемістігі осы. Олар әзіл-қалжың дегенді еш уақытта түсінбейді. Мені осында әкелгенде абақтының сұрқынан түңіліп едім, олар да сондай — жаны жадағай, құлазыған, құрдым бірдеңе.
Дегенмен, ол зерделі, ақылды жігіт. Ал, Алексей, сонымен, бассыз қалатын болдым деген осы болғаны ма!
Содан кейін ол өзі орындыққа барып жайғасқан соң, қасына Алексейді де отырғызды.
— Иә, ертең сот. Қалай, аға, мына бәледен ақталатындығыңа тіпті ешбір үміт артпайсың ба? — деп сұрады қипақтаған Алеша.
— Сен не дедің? — Митя оған бір түрлі шүбәлана қарады, — ah, сот туралы екен ғой! Түу, сайтан! Екеуміз бағанадан бері түкке тұрғысыз бірдеңелерді әңгімелеппіз ғой, міне бәрі сол сотты сөз қылады, ал мен осы ең басты шаруа жайында сенімен әлі сөйлеспеппін де. Иә, ертең сот, бірақ, бассыз қалды деген осы болғаны ма дегенде мен сотты меңзеген жоқпын. Басым орнында, тек оның ішінде түк қалмаған. Сен маған неге соншама сынап-мінеп қарайсың?
— Бұл не дегенің, Митя?
— Не деуші ем, идея, идея! Эфика. Бұнысы не өзі?
— Эфика деймісің? — Алеша таңғалды.
— Иә, сондай бір ілім болу керек... тек... шынымды айтсам, оның қандай ілім екенін мен саған түсіндіре алмаймын.
— Ал Ракитин біледі. Ол, сайтан неме, көп біледі! Тақуа болғысы келмейді. Петербор кетпекші. Сонда барып, сын бөліміне қызметке тұрам дейді, тек дұрыс бағытта болсын дейді. Кім біледі, мүмкін, пайдасын тигізер, мансапқа қолы жетер. Уһ, керемет мансапшыл ғой олар! Эфикасы құрысын. Мен болсам біттім, Алексей, біттім, тәңірінің сүйікті пендесі! Мен бәрінен де сені жақсы көрем. Саған жүрегім үзіліп тұрады. Әлгі Карл Бернары немене?
— Карл Бернар? — деп Алеша тағы да таңғалды.
— Жоқ, Карл емес, тоқта, жаңылдым: Клод Бернар. Бұл не? Химия емес пе?
— Ол бір ғалым болуға тиіс, — деді Алексей, — бірақ, шынымды айтсам, ол жайында жартымды ештеңе айта алмаймын. Жай естігенім болмаса, оның қандай ғалым екенін білмеймін.
— Қойшы сол сайтан алғырды, оны мен де білмеймін, — деп жекірінді Алеша. — Анығы, қайдағы бір алаяқ шығар, қазір бәрі алаяқ. Ал Ракитин кіріп кетеді, Ракитин саңылауды көрді дегенше кірді дей бер, ол да бір Бернар емес пе! Уһ, бұл Бернарлар ма! Олар тым көбейіп кетті ғой!
— Саған не болды? — деп түбетектеді Алеша.
— Ол мен жайында, менің ісім жайында мақала жазып, осы арқылы әдебиетте атын шығармақ, маған келгіштеп жүргені содан, өзі айтты. Бағыт-бағдармен жазбақшы: "қоршаған ортасы күн көрсетпесе, оның өлтіруден өзге лажы қала ма дейді" және тағысын тағылар, өзі осылай деп түсіндірді маған. Социализм сарынындағы мақала болады дейді. Қойшы сол сайтан алғырды, мейлі сарынды болса бола берсін, маған бәрібір. Ол Иванды ұнатпайды, оны жек көреді; саған да ықыласы төгіліп тұрған жоқ. Ал мен оны қуа алмаймын, өйткені ол ақылды адам. Тек тым асқақтап кетеді. Жаңа мен оған: "Карамазовтар — арамза емес, пәлсапашы, өйткені хас орыстың бәрі пәлсапашы, ал сен оқысаң да пәлсапашы емессің, сен кәдімгі қара табан мұжықсың, — дедім. Ол кекетіп күлді. Сонсоң мен оған: де мыслибус поп est disputandum1 — дедім, керемет тапқыр сөз емес пе? Көремісің, мен де классицизмге бой ұрдым, — деп Митя күлді.
— Сен неліктен құрисың? Жаңа өзің солай дедің ғой? — деп Алеша оның сөзін бөліп жіберді.
— Неліктен құримын ба? һм! Шындығында... егер бәрін жалпы алсақ — жасаған иеме жаным ашиды, гәп міне осында!
— Жасаған иеме жаның ашығаны қалай?
— Өзің ойлап қарашы: әлгі анау нервіде, яки жүйкеде, баста, яки анау мидағы сол әлгі нервіде (сайтан алғыр!).. қылдырықтай бірдеңе бар дейді, міне сол дір ете түскенде... яки, аңдайсың ба, мен бірдеңеге, міне былай қарағанымда әлгі қылдырықтай бірдеңе... кенет дір ете қалады екен... сонсоң ми да әлгі заттың бейнесі қылаң етеді екен, дереу сол сәтте емес, қас қағымдай, бір секунттей, өткесін пайда болады екен, бейне сондай бір сот, яки сәт емес, — сайтан алғыр-ай, қайдан аузыма түсті, — ал бейне, яки зат немесе оқиға бейнеленеді екен, сайтан алғырдың ар жағы қалай еді — иә, менің бірдеңені көретінім міне осыдан дейді, сонсоң... менің кеудемде жаным бар болғасын, оған қоса әлгі бейне, тағы бірдеңелер болғасын емес, мұның бәрі ақымақтық, ал әлгі қылдырықтай нәрсенің болғандығынан көреді екем. Мұны, бауырым, маған Михаил кеше түсіндірді, естігенде арқама ыстық темір басып алғандай болдым. Алеша, ғажап ілім емес пе бұл! Жаңа адам 11туып келеді, мен түсінемін... Бірақ жасаған иеме бәрібір жаным ашиды!
— Оныңа да шүкіршілік, — деді Алеша.
— Құдайды неліктен аяу керек? Химия, бауырым, химия! Лaжың жоқ, сенің, қадірменді тақуам, аздап ығыспасаң болмайды, химия келе жатыр әне! Ал Ракитин құдайды сүймейді, жаратпайды. Бәрінің ең осал жері осы! Бірақ жасырады, өтірік айтады.
Мекерленеді. Мен одан: "Қалай, сын бөлімінде осы ниетіңді іске асырмақпысың?" — деп сұрадым. Ол: "Ашықтан-ашық істеткізбейді ғой", — деп күледі. "Бірақ, — деп сұрадым одан — содан кейін адамның халі не болмақ? Құдай болмаса, махшар дүние жоқ болса? Демек, бұның өзі не істесең де қазір істеп қал, бәріне де еріктісің деген сөз емес пе?" "Немене, сен мұны білмеп пе едің?" — дейді. Күледі. "Ақылды адамға бәрін істеуге болады дейді, ақылды адам қармақты қайда тастауды біледі, ал мына сен дейді, кісі өлтіріп қолға түстің, енді түрмеде шірисің дейді!". Мұны мына маған айтады! Қорсылдақ доңыз! Бір кезде ондайларды мен желкесінен алып лақтырушы едім, енді, амал бар ма, тыңдап отыратын болдым. Оның жөн сөздері де көп. Жазғаны да жаман емес. Осыдан бір жұма бұрын ол маған бір мақаласын оқыған еді, мен соның үш жолын әдейі көшіріп алдым, міне, тоқтай тұршы, міне мұнда.
Митя асығып-үсігіп желеткесінің қалтасынан бір қағазды алып оқыды:
"Бұл мәселені шешу үшін ең алдымен өзіңнің жеке басыңды өзіңнің өмір шындығың тұрғысынан алып қарау керек". Бірдеңе түсіндің бе, жоқ па?
— Түсінген жоқпын, — деді Алеша.
Ол Митяның сөзін сұқтана қарап тыңдаған еді.
— Мен де түсінбедім. Түсініксіз, күңгірт, бірақ оның есесіне білгір. "Қазір бәрі осылай жазады дейді, өйткені қоршаған орта солай дейді"... Ортадан сескенеді. Ол оңбаған, өлең де жазады, Хохлакованың аяғына өлең шығарыпты, ха-ха-ха!
— Естігем, — деді Алеша.
— Естігем деймісің? Ал өлеңін ше, естіп пе ең?
— Жоқ.
— Ол өлең менде бар еді, міне, қазір оқып берейін. Сен түк білмейсің, мен саған айтқан жоқпын, бұл арада бір үлкен хикая бар. Ол сұм ғой! Осыдан үш жұма бұрын бір келгенінде мені мазақтамақшы болды: "Міне, сен дейді, ақымақтығыңнан үш мыңға бола сорлап қалдың, ал мен жүз елу мыңды жамбасқа басқалы жүрмін, бір жесір сұлуға үйленбекпін, сонсоң Петербордан тас үй сатып аламын дейді". Содан кейін Хохлаковаға қалай жымыңдап жүргенін айтты, жасында зердесіз әйелдің қырқында ақылы кіруші ме еді. "Ол сезімге тез беріледі дейді, міне, оның осы осалдығын пайдаланып, мақсатыма жетпекпін дейді. Үйленгесін оны Петерборға алып барамын, онда газет шығара бастаймын дейді". Мұны айтқанда аузынан жеркенішті сілекей шұбырады, — бұл әрине, Хохлаковаға құмарлықтан емес, ол жүз елу мың көкейін тескесін шұбырған сілекей. Сөйтіп, мені иландырып, сендіріп те қойған. Маған күнде келетінді шығарған: икемделіп қалды деген, қуаныштан жайнаң қағып жүрген. Сонсоң, оны бір күні қуып шығады. Петр Ильич Перхотиннің мысы басып кетіпті, жігіт-ақ екен! Ракитинді үйінен дүрілдетіп қуып шығарғаны үшін мен тіпті ол түйсіксіз әйелдің бетінен сүйіп алар едім! Ракитин өлеңсымағын маған келіп жүргенде шығарған. "Бірінші рет дейді, қолымды былғап, өлең жаздым, біреуді алдау үшін, пайдалы іс үшін кісі не істемейді. Ақымақ қатынның ақшасын қалтама түсіре алсам, кейін әлеуметке пайда келтіруім мүмкін ғой дейді". Олар кез келген оңбағандықтың әлеуметтік ақтауын табады! "Қалай дегенмен, сенің Пушкиніңнен артық жаздым ғой дейді, өйткені мен әзіл өлеңнің өзіне әлеуметтік қасірет әуенін бере алдым дейді". Пушкин жөніндегісін мен түсінемін. Егер шынында да сондай қабілетті бола тұра, ұрғашының сирағын ғана жырласа, бұған не дерсің! Өлеңімен қандай мақтанды! Оларда намысшылдық жетіп жатыр ғой! Ол қу неменің өлеңіме — "Көңілдес аруымның ауру аяғының айығуына" деп тақырып қойғанын қайтерсің!
Уж какая же эта ножка,
Ножка, вспухшая немножко!
Доктора к ней ездят, лечат,
И бинтуют, и калечат.
Не по ножкам я тоскую, —
Пусть Пушкин их воспевает:
По головке я тоскую,
Что идей не понимает.
Понимает уж немножко.
Да вот ножка помешала!
Пусть же вылечится ножка,
Чтобы головка понимала.
Ол доңыз, қорсылдаған доңыз ғой, бірақ сұмырайдың өлеңі ойнақы шыққан! "Әлеуметтік" әуенін кіргізгені де шын. Бірақ дүрілдетіп қуып шығарғанда ол қандай ашуланды екен. Тісін шықырлатқан шығар!
— Ол кегін қайтарды, — деді Алеша. — Ол Хохлакова туралы мақала жазған.
Сөйтіп, Алеша "Қауесет" газетінде басылған мақала жайында асығыс-үсігіс айтып берді.
— Мақаланы Ракитин жазған! — деп қостады Митя қабағын түйіп, — оны жазған тек сол! Ондай мақалалар... білем ғой... мысалы, Грушаны қаншама қаралады!.. Катя жөнінде де... һм!
Ол абыржыған күйі бөлмені бір айналды.
— Аға, менің ұзақ отыруыма болмас, — деді сәл үнсіздіктен кейін Алеша. — Ертең сен үшін сұмдық, ғаламат күн: саған тәңірінің соты болмақ... қандай да бір қам-қарекет орнына жоқ нәрсені сөз қылғанына менің таңым бар...
— Жоқ, сен таңданба, — деді Митя қызбаланып. — Немене, сонда мен анау сідік сасыған, бұралқы итті мылжыңдайын ба? Қанішерді сөз қылайын ба? Сен екеуміз ол туралы жеткілікті сөйлескен едік қой. Сасықтан жаралған сасықты енді сөз еткім келмейді! Көрерсің, оған құдайдың қарғысы тиеді, үндеме!
Толқып кеткен ол Алешаға жақындап келіп, оның бетінен сүйді. Митяның көзі жайнап кеткен еді.
— Ракитин мұны түсінбейді, — деді ол әлдеқалай масаттана түсіп, — ал сен болсаң, сен бәрін түсінесің. Сені көруге ынтыққаным да содан. Асылында да, менің осында мына қотыр-қотыр бөлмеде саған көп нәрсені айтқым келгелі қашан, бірақ ең бастысы хақында үндеген жоқпын: айтылатын мезгілі әлі де жетпеген секілді көрінді. Саған жан сырымды ақтаратын соңғы кезең енді келді ғой деймін. Бауырым, осы соңғы екі айда мен үр жаңа адам боп түлеген секілдімін, мен мүлде жаңа адам боп кайта тірілдім! Басымнан осы бір найжағай ойнамаған күнде, көкіректе бұғып жатқан ой еш уақытта басын көтермес те еді. Жаным түршігеді тіпті! Рудникте жиырма жыл бойы қайламен кен қопарғанда не тұр, мен одан мүлде қорықпаймын, менің өзге бірдеңеден зәрем жоқ: тек сол қайта тірілген адам менен безіп кетпесе екен! Онда да, рудниктерде де, жер астында өзіңмен бірге жұмыс істейтін, өзің сықылды кісі өлтіріп каторгада жүрген ақжүрек біреуді кездестіріп, онымен табысуға болады, өйткені онда да өмір бар, онда да сүюге, қасірет шегуге болады! Каторгада күн кешкен ол бейбақтың қатып-семген мұздай жүрегін жібітіп, оған жан кіргізу әбден мүмкін, жылдар бойы бағып-қағып, ақыр соңында, оның бұзықтықтан аласталған асқақ та асыл жанын, жанашыр сана-сезімін қайта жарқыратуға болады, оның бойындағы періштені қайта туғызып, ержүрек батырды қайта тірілтуге болады! Ал ондайлар көп, тіпті жүздеп саналады, олар үшін біздің барлығымыз кінәлымыз! Онда маған тап сондай минутте "сәби" неге түсіме кірді екен? "Бейшара сәби түсіме неліктен кірді?". Сол минутте мұның өзі маған болашағымды болжаған даналық есепті көрінген! "Сәби" үшін қылша мойным талша. Өйткені барлығы үшін — барлығы кінәлы. Барлық "сәбилер" үшін, өйткені сәбилердің кішкентайлары да, ересектері де бар. Барлығы — "сәби". Мен солардың барлығы үшін каторгаға барамын, өйткені барлығы үшін де біреудің тәуекел етуі керек қой. Мен әкемді өлтірген жоқпын, бірақ каторгаға баруым керек. Мойныма аламын! Мұның бәрі осында отырғанда ойыма келді... осы қотыр-қотыр бөлмеде. Ал олар көп, жеті қат жер астында қайламен кен қопарушылар жүздеп саналады ғой. О, иә, біздің аяғымыз кісендеулі болады, қарақан бастың еркі жоқ, бірақ онда, сұмдық қайғы-қасіреттің нәтижесінде, біз қайтадан қуанышқа жетеміз, өйткені адам баласы онсыз өмір сүре алмайды, ал құдай болуға тиіс, неге десең адамды қуанышқа кенелтетін бір тәңірінің өзі ғана, бұл оның ғана еншісі, ұлы... О, құдай тағала, пендеңді дұғасынан айыра көрме! Мен жер астында құдайға сиынбай қалай жүрмекпін? Ракитин өтірік айтады: егер құдай жердің бетінен аласталса, біз оны жердің астынан қарсы аламыз! Каторгадағы адам құдайсыз өмір сүре алмайды, бұл оған бостандықтағы кісіден де сұмдық азап! Сонда біздер, жер астындағы адамдар, жеті қат шыңыраудан қуанышқа кенелтуші хақ тағалаға қасірет жырын шырқатамыз! Құдай, әм оның қуанышы жасасын! Мен оған тәнтімін!
Митя шамырқанып сөйлегендіктен ентігіңкіреп қалған. Оның өңі қуарып, еріндері дірілдеп, екі көзінен жас сорғалап кеткен еді.
— Жоқ, өмір таусылмақ емес, қара жердің астында да өмір бар! — деп бастады ол қайтадан. — Сен, Алексей, менің енді қалай өмір сүргім келетіндігіне, өмірге қандай құштарлығыма бұның нақ осы қотыр-қотыр бөлмеде басыма келгендігіне нанасың ба! Ракитин бұны қайдан ұқсын, оған тек үй салып алып, пәтерші жіберсе болды. Бірақ мен сені көргенше асықтым. Сонсоң қайғы-қасірет деген немене? Мен одан, қисапсыз көп болса да, әсте қорықпаймын. Бұрын қорқушы едім, енді қорықпаймын. Білесің бе, сотта мен, бәлкім, жауап та бермеспін... Менің бойымда бір бұлқынған күш бар секілді, мен енді барлық қиындықты жеңіп, барлық азапқа төзе аламын, тек: мен тірімін! — деген сөз бір минут те аузымнан түспесе болды. Мың сан михнат көрсем де — мен тірімін, азаптан бұратылсам да — мен тірімін демекпін! Қараңғы қапасқа салса да мейлі, мен бәрібір тірімін, жарық күнді көремін деп қасарып бағамын, күннің көзін көрмесем де, оның бар екенін біліп отырамын. Ал жарық күннің бар екеніне күдіктенбеу — бұл тіршілікпен, өмірмен бара-бар. Алеша, періштем менің, сайтан алғыр, әлгі әрқилы пәлсапалар құртатын болды мені! Әлгі Иван... . — Иван не қылды? — деп Алеша оның сөзін бөліп жіберіп еді, бірақ Митя оны естімеді.
— Асылында, бұрын мұндай шүбәланушылықты әсте сезбеуші едім, тегі, мұның барлығы ішімде бұғып жатса керек. Басымда қайдағы бір идеялар буырқанып жатқандықтан, міне, нақ осы себептен, мен ішкілікке де салындым, төбелестім де, не істерге білмей құтырдым да. Соларды тізгіндеп, жаныштап, жуасытып айызымды қандыру үшін төбелескемін. Ракитиндей емес, Иван ойын ішінде сақтайды. Ол бір жұмбақ жан ғой, сосын да үн қатпайды, ауыз ашпайды. Ал мені құдай жайындағы ой мазалай береді. Мені азапқа салатын да тек жалғыз сол ғана. Ол қалай жоқ болмақ? Ал егер Ракитиннің айтқаны дұрыс болса ше, егер бұл адамзат баласының ойдан шығарған бірдеңесі болса ше? Онда, егер құдай жоқ болса, онда жердің, барша әлемнің қожасы адам болып шықпай ма? Ғажап қой! Алайда, егер құдай болмаса, онда адам қалай рақымшыл болмақ? Міне, мәселе қайда жатыр! Менің көкейімнен кетпейтіні де осы. Онда адам баласы кімді сүймек? Ол ырзашылығын кімге білдірмек, марапатын кімге айтпақ — кімді мадақтамақ? Ракитин күледі. Адамзат баласын құдайсыз да сүюге болады ғой, дейді. Бұлай деп сол боқмұрын сүмелек қана пайымдай алады, ал мен болсам түсіне алмаймын: Ракитинге өмір сүру оңай: "Сенің онан да адамның азаматтық құқықтарын ұлғайтуға, немесе, тым болмаса, сиыр етінің бағасы қымбаттамауына әрекет жасағаның жөн; пәлсапалардан гөрі осы арқылы адамзат баласына сүйіспеншілігіңді оңайырақ көрсетіп, оған етене жақын боласың", — деді ол бүгін маған. Мен де есемді жіберген жоқпын: "Реті келсе, сиыр етінің бағасын құдайсыз-ақ қымбаттатып, тиыннан тебен айыратын қу сен емессің бе", — дедім оған. Ашуланып қалды. Неге десең, Алексей, сен айтшы маған: рақымшылық дегеніміз не бұл? Менің рақымшылығым бір түрлі де, құдайдың рақымшылығы екінші түрлі болса, онда рақымшылық дегеннің өзі шамалап, салыстырып қана айтылатын бірдеңе емес пе? Солай ғой? Әлде олай емес пе? Сүріндіретін сұрақ қой бұл! Егер мен осыны ойлап екі түн көз ілмедім десем, сен күлмессің деймін. Мен қазір жұрттың бұл жайында түк ойламай, қалай өмір сүріп жатқанына ғана қайранмын. Жай әбігершілік! Бұл Иванда құдай жоқ. Оның идеясы ғана бар. Алайда маған шақ келмейді ол идеялары. Бірақ ол ләм демейді. Мен ол масон ба деп ойлаймын. Сұрағанымда үндемеген. Қайнарынан шөлімді қандырайын деп едім — ауыз ашпайды. Бір жолы ғана жалғыз сөз айтқан.
— Не деп еді? — деп сұрады Алеша жұлып алғандай.
— Мен оған: егер олай болса, онда бәрін істеуге мүмкін болғаны ғой дедім. Ол қабағын түйді: "Біздің әкеміз, Федор Павлович марқұм доңыз еді ғой, бірақ ол дұрыс пайымдаған". Міне, ол қалай дейді. Бар айтқаны осы. Ракитинге онымен теңесу қайда.
— Иә, — деп растады Алеша өкінген үнмен. — Ол саған қашан келіп еді?
— Оны кейін айтармын, қазіргі әңгіме басқа. Мен осыған дейін саған Иван туралы жарытып ештеңе айтқан емен. Ақырына қалдырғам. Менің мұндағы сергелдеңім бітіп, соттың кесімі шықсын, содан кейін саған бірдеңелерді айтармын, онда бәрін айтам. Бір сұмдық іс бар... Бұл істе сен менің төрешім боласың. Ал қазір аузыңды ашпа, үндеме. Міне, сен ертеңгі сотты сөз ғып тұрсың, ал мен, нансаң, түк те ойламаймын.
— Анау адвокатпен сөйлесіп пе едің?
— Адвокатты қойшы! Мен оған бәрін баяндағанмын. Астаналық қой, жылпылдаған сұмпайының өзі. Бернар! Тек маған көк тиынға сенбейді. Нанасың ба, жоқ па, ол мен өлтірді дегенге сенеді, — мұны көріп отырмын. "Олай болса, деп сұрадым, сотта мені қорғауға несіне келдіңіз?" Соларды қойшы түге. Доктор алғызғандарын қайтерсің, мені жынды ғып шығармақ. Онысына көнбеймін! Катерина Ивановна "өзінің парызын" ақырына дейін орындамақ. Соншама зорланып қайтеді екен! — Митя күйініп мырс етті. — Мысық ол! Тас жүрек! Ол менің Мокросда не дегенімді, "ашу қысқанда терісіне сыймайтын әйел" деп айтқанымды біледі! Оған жеткізген. Иә, куәлардың жауабы көбейді, тіпті теңіздің құмындай тау төбе! Григорий айтқанынан таятын емес. Ол адал, бірақ ақымақ. Жұрттың көбі ақымақтығының арқасында адал боп жүр емес пе. Бұл — Ракитиннің ойы. Григорий маған дұшпан. Кейбіреулерді достарыңның арасынан көргеннен гөрі дұшпандарыңның арасынан кездестіргенің артық. Катерина Ивановнаны айтам. Менің қыпылдай беретінім, төрт мың жарымнан кейін менің дұғай сәлем айтқанымды ол сотта жайып сала ма деп қорқамын! Есесін толық қайтарады, соңғы кондрантына дейін төлейді. Мен оның жанкештілігін қаламаймын! Сотта мені масқара қылады! Қайтейін, бірдеме ғып шыдап бағам да. Алеша, сен оған барып, сотта бұл туралы дабырлама деп қолқалап көрсең қайтеді. Әлде өйтуге болмай ма? Әй, сайтан, мейлі, бәрібір шыдаймын! Әйтсе де Катяға жаным ашымайды. Өзі тілеп алды. Ұрлық түбі қорлық. Алексей мен айтарымды айтып қаламын. — Ол тағы да күйініп мырс етті. — Тек... Грушаны, тәңірім-ау Грушаны қайтем! Ондай азап шегетіндей не жазығы бар еді! — деп жыламсырады ол кенеттен. — Грушаның халі жаныма батады, мені қинайтын сол туралы ой! Бағана ол маған келіп кетті..
— Ол маған айтты. Бүгін ол саған өте өкпелі көрінеді.
— Білем. Мінезімнен-ақ опық жеп біттім ғой мен. Аяқ астынан қызғаныш білдіргенім! Кетерінде кінәмді мойындап, бетінен сүйдім. Бірақ кешірім сұраған жоқпын.
— Неге кешірім сұрамадың? — деді аң-таң Алеша.
Митя кенет көңілдене күлді.
— Сүйікті балақаным, тәңірім тек сені күндердің бір күнінде өзіңнің кінәң үшін сүйген әйеліңнен кешірім сұрата көрмесін! Оның алдында қандай күнәға батсаң да, әсіресе сүйікті әйелден ешқашан да кешірім сұрауға болмайды! Өйткені, бауырым, ұрғашыны парықтау мүмкін емес тіпті, ал мен олардың қадір-қасиетін қалай дегенмен жетік білемін ғой! Әйелге "кінә менде, кешіре гөр деп" кінәңді мойындап көрші: кекетіп-мұқату міне сонда басталады! Бұл сылтыңсыз, жай кешіре салмайды, әбден жер-жебіріңе жетіп, болмағанды болды деп, жоқты бар деп мысыңды құртады, ештеңені де ұмытпайды, бірдеңені ойлап шығарудан да тайынбайды, сонсоң кешірсе — осыдан кейін ғана кешіреді. Мұны да әйелдің әйелі-ақ істейді! Қайдағы жоқты жиып-теріп, басына үйіп-төкпей оның көңілі көншімейді — илансаң, тәңірім, бізді ділгер етіп қойған осынау періштелердің бәрі, бірі қалмай осындай сұмдық қатыгез! Асылында, жарқыным, мен саған бүкпесіз, ашығын айтайын: естияр еркектің кез келгені әйтеуір бір ұрғашының айтқанына көніп, айдауына жүруі керек. Менің пайымым осындай, пайымым емес-ау, жан сезімім осындай. Еркек кең пейіл болуы керек, бұл еркектің абыройын төкпейді. Тіпті батырдың да атағына кір келтірмейді, Цезарьдың да атақ-даңқын кемітпейді! Әйтеуір, қалай болғанда да, еш уақытта еш нәрсеге кешірім сұрай көрме. Әйелден опық жеген ағаң Митяның тағылымын ұмытпағын. Жоқ, мен өз кінәмді Грушадан кешірім сұрамай-ақ, бірдеме ғып жуып-шаямын. Мен оның алдында бас ием, Алексей, бас ием! Әттең ол мұны көрмейді ғой, жоқ, ол махаббаттан әлі де тоят тапқан жоқ. Ол мені жан азабына салады, махаббатымен азапқа салады. Бұрынғысы не тәйірі! Онда мені тек тән тояты діңкелететін, енді мен оның күллі жан дүниесін өзімнің жан дүниеме қабылдап алып, осының арқасында өзім де адам болдым! Біздің некемізді қияр ма екен? Мұнсыз мен қызғаныштан жарылып өлермін. Құдайдың құтты күні бірдеңе түсіме кірмей қоймайды. Ол саған мен туралы не деді?
Алеша Грушеньканың бағанағы айтқанын түгел қайталады. Митя бүге-шігесіне дейін тыңдап, көп жайттарды қайталап сұраған соң, ырза боп қалды.
— Қызғаныш білдіргеніме ашуланбайды екен ғой, — деді ол масаттанып, — міне әйелдің асылы! "Менің өзімнің де ділім қатты". Мені қызғанғанына ешбір төзбесем де, уһ, мен міне сондай, ділі қатты әйелдерді ұнатамын! Тебелесерміз. Бірақ мен оны шын сүйемін, — ғұмыр бақи сүйетін боламын. Біздің некемізді қияр ма екен? Міне, мәселе қайда. Ал менің онсыз күнім қараң...
Митя қабағын түйіп алып, бөлмені бір айналып шықты. Қара көлеңке тарта бастаған еді. Сонсоң ол заматта абыржи қалды.
— Ол неғылған құпия сыр? — деп өзеурейді. Үшеуің бірігіп алып, маған қастық ойладыңдар ма, "Катька" да бар ма? — дейді. Жоқ, Грушенька, бауырым, олай емес. Сен бұл арада мүлт кеттің, әйелдің шолақ ақылдылығын байқатып алдың! Алеша, жарқыным, эһ, не болса о болсын! Мен саған қазір біздің құпия сырымызды ашамын!
Ол жан-жағына көз салған соң, алдында тұрған Алешаға тез жақындап келіп, оған құпия пішінмен сыбырлап қана сөйледі, оның не деп тұрғанын ешкім анық ести алмаса да — күзетші шал бұрыштағы сәкіде қалғып отырған, ал қарауылшы солдаттар алыс болатын — ақырын ғана сыбырлаған.
— Мен саған біздің барлық құпиямызды ашамын! — деп сыбырлады Митя асығып-үсігіп. — Кейіннен айтпақшы едім, бірақ сенсіз менің ондайға дәтім бара ма? Мен тек сенің сөзіңе шөгемін. Иванның мәртебесі бізден биік десем де, сен менің періштемсің ғой. Бәрін шешетін сенің бір-ақ сөзің. Мүмкін, ең мәртебеліміз, Иван емес, сен шығарсың. Асылында, бұл ар-намыстың ісі, ең асқақ ар-намыстың ісі — бұл құпия болғанда да керемет құпия, оны бір өзім шеше алмаймын, сол себепті бәрін саған қалдырдым. Әйтсе де, оны шешуге әлі ерте, себебі үкімді күтуіміз керек: үкім шығарылғаннан кейін менің тағдырымды сен шешесің, қазір асықпа; қазір мен саған бәрін айтамын, сен тыңдай бер, алайда ештеңені шешпе. Үндемей тыңдай бер. Мен саған бәрін жайып саламын. Егжей-тегжейсіз, жалаң идеяны ғана айтамын. Сұрақ та қойма, қимылдама да, жарай ма? Әйтсе де, тәңірім-ау, сенің көзіңді қайтем? Өзің, үндемегеннен, екі көзің бәрін сездіріп қоя ма деп қорқа беремін. Уһ, қорқа берем! Алеша, тыңдашы: Иван маған қашып кет дейді. Бүге-шігесін айтып жатпаймын: бәрі ескерілген, бәрі дұрыс болатын секілді. Үндеме, шешіміңді айтпа. Ол маған Грушаны алып Америкаға қашсаңшы дейді. Мен Грушасыз қалай өмір сүрмекпін! Ал оны маған онда неғып жібермейді? Каторгадағы кісіні некелестіре ме? Иван некелестірмейді дейді. Ал Груша болмаса, онда мен жер астында қайламен не бітірем?, Тек өзімнің басымды ғана мылжалармын! Ал екінші жағынан, ар-ұждан бар ғой! Қайғы-қасіреттен қаштым емес пе? Ақыл-кеңес беріп еді — оған құлақ қоймадым, арылу жолын көрсетіп еді — одан теріс айналдым. Жер астында кен қопарғаннан гөрі "ізгі ниетің болса", Америкада көбірек пайда келтіруге болады дейді Иван. Сонда біздің жер астындағы гимніміз қайда айтылмақ? Америка не Америкада тағы да жанталасқан әбігершілік! Мен сол Америкаңда бұзықтық та жеткілікті шығар деймін. Мен жазадан қашамын ғой! Сондықтан да саған айтатыным, Алексей, мені жалғыз сен ғана ұға аласың, өзге ешкім де түсінбейді, басқаларға бұл ақымақтық, сандырақ, менің саған марапат туралы айтқанымның бәрі осы. Мынау есуас немесе ақымақ шығар деуі мүмкін. Бірақ мен жынданған жоқпын, ақымақ та емеспін. Марапат жайлы: Иван да түсінеді, тек оған жауап бермейді, үндемейді. Марапатқа сенбейді. Айтпа, айтпа: көз қарасыңнан көріп тұрмын: сен бәрін қазір-ақ шешіп те қойдың! Бірақ, мені аясаң, ол шешіміңді қоя тұр, Грушасыз маған күн жоқ, сотқа дейін аялдасаңшы!
Митя сөзін булығыңқырап барып аяқтаған. Ол Алешаны екі иығынан ұстап алып, ісіңкі көздерімен оған тесірейе қалған еді.
— Каторгадағы адамның некесін қиюшы ма еді? — деп үшінші рет қайталады ол жалынышты үнмен.
Оның сөзін таң-тамаша боп тыңдаған Алеша қатты күйзелді.
— Маған бір-ақ нәрсені айтшы, — деді ол, — Иван осылай болсын деп болмай ма, сонсоң осының өзің бірінші боп ойлап шығарған кім?
— Сол, сол бәрін ойлап шығарған, түбетектей беретін де сол! Төбе көрсетпей кетіп еді, кенет осыдан бір жұма бұрын келгенінде әңгімесін осыдан бастады. Бой бермейді. Өтінбейді, бұйырады. Мен оған көкейімдегіні, саған айтқанымдай, жайып салып, марапат туралы айтсам да, тілін алатындығыма күмәнданбайды. Ол маған бәрін қалай реттейтінін, барлық мағлұматты жинап алғанын айтты, алайда бұны кейін сөз етерміз. Көндірмей қоятын емес. Ең бастысы — ақша дейді: он мыңы сенің қашып шығуыңа, жиырма мыңы Америкаға кетуіне дейді, ал он мыңға біз сенің қашып кетуіңді мүлтіксіз ұйымдастырамыз дейді.
— Маған айта көрме деді ме? — Алеша қайталап сұрады.
— Тірі пендеге, ең алдымен саған айтпа! — деп шегеледі. Тегі, сен ар-ұжданымдай болып менің алдымда кесе-көлденең тұрып алады деп қорқады білем. Саған бәрін айтып қойғанымды оған сездірмессің. Тісіңнен шығара көрме!
— Сенікі дұрыс, — деп түйіндеді Алеша, — соттың үкімі шықпай тұрып шешуге болмайды. Ал соттан кейін өзің де шешесің; онда сен өзіңнің мүлде жаңа адам болғаныңды сезесің, шешімді сол айтады:
— Жаңа адам болғанымды ма, әлде Бернар болғанымды ма; Бернар болсам, бернаршылаймын ғой! Сол себепті мен сол сұмырай Бернар өзім емес пе екенмін деп сезіктенемін! — деді ашынған Митя ыржия күліп.
— Бірақ, ағатай, неғып ақталуға болмайды, неғып ешбір үміт жоқ?
Митя иығын қиқаңдатып, басын шайқады.
— Алеша, бауырым, сенің кететін уақытың болды! — деді ол асығып-үсігіп. — Аулада күзетшінің даусы естілді, қазір ол осында келеді. Ендігі кешеулік дұрыс болмайды. Тезірек құшақтап, бетімнен сүй, шоқындыр, ертеңгі тағдырым шешілетін күн сәтті болғай деп батаңды бер.
Екеуі құшақтасып сүйісті.
— Ал Иван, — деді бір кезде Митя, — маған қашып кетуге ақыл бергенмен, өзі менің өлтіргеніме сенеді!
Оның езуінен қайғылы күлкінің табы сезілді.
— Сен одан: сенесің бе, жоқ па деп сұрадың ба? — деді Алеша.
— Жоқ, сұраған жоқпын. Сұрағым келіп еді, бірақ сұрай алмадым, дәтім бармады. Іштегісін көзінен сезсем, сұрап қайтем. Ал, қош бол!
Асығыс-үсігіс сүйіскеннен кейін Алеша кетуге ыңғайланып еді, Митя оны кенет қайтадан тоқтатты:
— Менің алдымда тұршы, міне, былай.
Сөйтіп, ол екі қолымен Алешаны иықтарынан тағы да мықтап ұстап алды. Оның заматта шүберектей боп қуарған бет-жүзі тіпті қараңғыда да анық көрінген еді. Оның еріндері қисайып, екі көзі Алешаға қадала қалды.
— Алеша, құдайдың алдында ғана айтылатын шынайы шындықты айтшы маған: мен өлтірді дегенге сенесің бе? Бұған қалай қарайсың? Сен өзің сенесің бе, жоқ па? Тек шынайы шындықты айт, өтірік айтпа! — деді оған Митя шамырқанып тұрып.
Алеша бүкіл денесімен шайқалып кеткендей, оның жүрегіне — мұны ол анық сезген — сүңгідей үшкір бірдеңе қадалып бара жатқандай болған.
— О не дегенің... — деп міңгірледі сасып қалған ол.
— Бар шындықты жасырма, өтірік айтпа! — деп қайталады Митя.
— Сені кісі өлтіруші дегенге бір минут те иланған емен, — деді көкірегінен даусы дірілдеп шыққан Алеша, содаң кейін ол осы сөзіне құдайды куәға тартқысы келгендей, оң қолын көкке көтере берген. Осыдан кейін Митяның бет-жүзін заматта масайраған қуаныш нұрландырған еді.
— Өркенің өссін! — деді ол, талып жатқасын уһ деп демін шығарғандай, даусын созып. — Сен мені қайта тірілттің... Нанасың ба: осыған дейін сенен сұрауға да қорқып едім, сенен, інімнен! Ал, енді жүре бер! Ертеңгі күнге жанымды тыныштандырдың ғой, жасаған ием жар болсын саған! Ал жүре бер, тек Иванды жақсы көретін бол! — деді Митя ақыр соңында.
Алеша екі көзінен жас парлап шыққан еді, Митяның таңғаларлық шүбәланғыштығы, тіпті оған, Алешаға да осыншама сенбегендігі, — мұның барлығы сормаңдай ағасы душар болған ауыр қайғы-қасірет пен сұмдық торығудың түпсіз тұңғиығын лезде оның көз алдына әкелген; осыған дейін бұл оның тіпті қаперіне де кірмеген еді. Ағасының тағдыры не болады деп уайымдағанда ол қабырғасы сөгіліп бара жатқандай сезінген. Жаралы жүрегі сазып кеткен. Сонсоң, Митяның ілкідегі: "Иванды жақсы көретін бол!" — деген сөзі кенет есіне түсті. Оның өзі де Иванға бара жатқан. Ол Иванды көруге тіпті таңертеңнен бері ынтыққан. Иванның уайымы оған Митяның уайымынан кем батпаған ал енді, ағасымен кездескеннен кейін, бұл уайымы онан бетер күшейе түскен еді.
V
СЕН ЕМЕССІҢ, СЕН ЕМЕССІҢ ДЕЙМІН!
Иванға бара жатқанында оған Катерина Ивановна тұратын үйдің жанынан өтуге тура келді. Терезелерде жарық бар екен. Кенет тоқтай қалған Алешаның осы үйге кіріп шыққысы келді. Оның Катерина Ивановнаны көрмегеніне бір жұмадан асқан еді. Алайда, оған әсіресе осындай қатерлі күннің қарсаңында Иван да осында болуы мүмкін ғой деген ой сап ете қалды. Қоңырауды шылдырлатқаннан кейін қытай шамының көмескі жарығы түскен баспалдаққа аяқ баса бергенде ол жоғарыдан түсіп келе жатқан біреуді байқады, жақындап келгенде оның Иван екенін тани кетті. Демек, ол Катерина Ивановнаның бөлмесінен шығып келе жатқан болу керек.
— Ah, сен екенсің ғой, — деді салқын үн қашқан Иван Федорович. — Ал, қош, сен ана бикешке келдің бе?
— Иә.
— Кірмей-ақ қой, ол "ашулы секілді", барсаң онан бетер шамдандырып аларсың.
— Жоқ, кіре бер! — Жоғары жақтағы кенет ашылған есіктен біреудің даусы естілді.
— Алексей Федорович, бұл сенің оған барып келе жатқан бойың ба?
— Иә, оған бардым.
— Маған бірдеңе деді ме, жоқ па? Алексей Федорович, кірсеңізші, Иван Федорович, сіз де керексіз, қайта кірмесеңіз болмайды. Ес-ти-мі-сіз!
Катяның даусы өктем естілгендіктен, Иван Федорович, бір сөтке кідіргенмен, Алексей Федоровичпен бірге қайтадан жоғары көтерілуге ұйғарды.
— Тыңдап тұрған ғой! — деп күбірледі Иван тыжырынып, бірақ Алеша оның сөзін естіп қалған еді.
— Рұқсат болса, мен пәлтемді шешпей-ақ қояйын, — деді Иван Федорович залға кірген соң. — Мен отырмаймын. Бір минутке ғана оралдым.
— Алексей Федорович, отырыңыз, — деді Катерина Ивановна, бірақ өзі тізе бүкпеді. Мойыл қара көздерінен қаһарлы от жалқындағаны болмаса, бұл уақыт ішінде ол онша өзгермепті. Оның осы сәттегі ғажап сұлулығы кейін Алешаның есінде қалған еді.
— Сонымен, ол маған не деп еді?
— Ол бір ғана өтініш айтты, — деді Алеша оның бетіне тура қарап, — өзін аясын, абыройын төкпесін деді, сотта... — ол сәл күмілжіп қалды, — алғаш рет танысқандарыңызда... әлгі анау шаһарда... екеуіңіздің араңызда болған оқиға жайында... дабыраламай-ақ қойсын деді.
— А, ана жолғы ақшаға дұғай сәлем жолдағанын ба! — деп іліп әкетті ол өкінішпен мырс етіп. — Сонда қалай бұл өзі үшін қорқа ма, әлде мен үшін уайым жей ме, а? Аясын дейді — сонда кімді аяуым керек? Оны ма, әлде өзімді ме? Айтсаңызшы, Алексей Федорович.
Алеша оның не деп тұрғанын қапысыз ұққысы келіп, оған қадала қараған.
— Өзіңізді де, оны да аяғаныңыз жөн ғой, — деді ол баяу ғана.
— Ә, солай ма, — деді нендей бір зілмен Катерина Ивановна, сонсоң лезде қызарып кетті. — Алексей Федорович, сіз мені әлі білмейсіз, — деді ол қатуланып, — ол ол ма, қандай екенімді сіз түгіл мен өзім де білмеймін. Ертеңгі тергеуден кейін сіздер, бәлкім, мені таптап езіп тастамақшы шығарсыздар.
— Адалын айтсаңыз болды, — деді Алеша, — сізден өзге ештеңе керек емес.
— Әйел заты көп ретте ар-намысын сақтамайды, — деді ол шытынап. — Осыдан не бары бір сағат бұрын ондай зұлымға жақындауға жаным түршігеді деп ойлап ем... жыландай тітіркентіп еді... ал енді, міне, олай емес, мен оны әлі де болса адам деп есептемеймін! Сонсоң, өлтірген сол ма екен? Оның өлтіруі мүмкін бе? — деді лезде шамырқана қалған ол Иван Федоровичке қарап. Ол келерден бір-ақ минут бұрын Катяның дәл осы сауалды Иван Федоровичке де қойып, бір емес, жүз мәрте қойғаннан кейін ақырында, екеуінің әңгімесі ұрыс-керіспен тынғанын Алеша тез пайымдаған еді.
— Мен Смердяковқа бардым... Шалды өлтірген сол деп мені сендірген сен ғой. Мен сенің сөзіңе иланып қалдым! — деді ол әлі де Иван Федоровичтен көз алмаған. Иван Федорович амалсыздан мырс етіп күлген болды. Сен деген сөзді естігенде Алеша селк етті. Мұншама жер-жебіріне жетер деген ой оның қаперіне де кірмеген.
— Алайда, жетер енді, — деп тыйып тастады Иван. — Мен кеттім. Ертең келем. — Ол теріс айналып, бөлмеден шыққан соң, баспалдаққа қарай беттеді. Катерина Ивановна Алешаға бірдеңе дегісі келгендей, оның екі қолынан мықтап ұстады.
— Ананың соңынан жүгіріңіз! Тез қуып жетіңіз! Бір минут те жалғыз қалдырмаңыз, — деп сыбырлады ол апыл-ғұпыл. — Ол жынданған.. Сіз оның есі ауысқанын білмеуші ме едіңіз? Ол ауру, жүйкесі құрып біткен! Маған доктор айтқан, барыңыз, соңынан қалмаңыз...
Алеша бөлмеден шығып, Иван Федоровичтің соңынан жүгірді. Ол елу қадам да алыстап үлгермеген екен.
— Саған не керек? — деді Иван Федорович өзінің соңынан келе жатқан Алешаны көрген соң, — анау жынданған, сондықтан сен оның соңынан жүгір деген шығар. Бәрін жатқа білемін, — деді тағы да ол шытынып.
— Катерина Ивановна, әлбетте, қателеседі, бірақ ол сені ауру деп дұрыс айтады, — деді Алеша. — Мен жаңа оның бөлмесінде сенің бетіңе қарап тұрдым: сенің өңің тайған, ауру кісінің өңі секілді, Иван!
Иван тоқтамай жүре берді. Алеша оның соңынан қалмады.
— Алексей Федорович, сен кісінің қалай жынданатынын білесің бе? — деп сұрағанда Иванның кенет баяу шыққан, жайдары даусынан жай ақкөңіл әуестік қана сезілді.
— Жоқ, білмеймін, бірақ оның да түр-түрі көп шығар.
— Ал жындана бастағанын кісінің өзі сезе ала ма?
— Меніңше, ондайда адамның өзін өзі айқын бақылауы мүмкін емес, — деді аң-таң Алеша. Иван бір сәтке үндемеді.
— Егер менімен сөйлескің келсе, онда әңгімеңнің тақырыбын өзгертші, өтінем, — деді ол кенеттен.
— Міне, бір хат бар еді саған, ұмытпай тұрғанда беріп қояйыншы, — деді Алеша жасқаншақтап, сонсоң қалтасынан Лизаның хатын алып, оған ұстата берді. Олар шамға таяп қалған-ды. Иван Лизаның жазуын бірден таныды.
— А, әлгі кек сайтан қыздың хаты екен ғой! — Иван ызамен мырс етіп күлді де, конвертті ашпастан жыртып-жыртып әуеге лақтырып жіберді. Жел ұшырып әкетті.
— Сірә, ол әлі он алтыға да толмаған, бірақ жігітке сөз салудан тартынбайды! — деді Иван тыжырынып. Содан кейін ол көшемен қайтадан адымдай жөнелді.
— Сөз салғаны қалай? — деді таңғалған Алеша.
— Бұзық әйелдердің жігітке қалай жабысатыны белгілі емес пе?
— О не дегенің, Иван-ау, о не дегенің? — деп шыжалақтады күйіп-піскен Алеша. — Ол әлі бала ғой, сен оны неге ғайбаттайсың! Ол ауру ғой, дені сау кісі сондай бола ма? Бәлкім, ол да есінен адаса бастаған шығар... Оның хатын саған табыс етпеуге менің тіпті дәтім бармады... Оған жәрдемдесу үшін мен, қайта, сенен бір жанашырлық жылы сөз естимін бе десем.
— Мен саған ештеме дей алмаймын. Бала болса қайтейін, мен оны бағып отыруым керек пе. Мені қолқалама, Алексей. Доғар сөзіңді. Мен бұл жайында ештеңе ойламаймын да.
Олар тағы бір минуттей үнсіз отыр. Сонан соң Иван кенет тіксіне қалып, қайтадан зілдене сөз бастады:
— Енді ол ертеңгі сотта аузыма дуалы сөз сала гөр деп түні бойы әулие-әнбиеге жалбарынып шығады.
— Сен... сен Катерина Ивановнаны айтамысың?
— Иә. Сотқа Митеньканың құтқарушысы болып бара ма, әлде құртушысы болып бара ма? Тәңіріден жаныма таупық бере гөр деп тілемек. Көресіз бе, өзі не істерін білмейді, әлі ештеңені пайымдамаған. Мені күтуші кемпір дей ме екен, мен оны сәбише әлдилеп жұбатуым керек пе!
— Катерина Ивановна сені сүйеді ғой, аға, — деді Алеша мойыған сезіммен.
— Мүмкін Бірақ менің оған құштарлығым жоқ.
— Ол қапа болып жүр. Сен оны неге өмексітесің... кейде... үміттендіретін сөз айтатының не? — деді одан ары Алеша оны ептеп кінәлағандай. — Сен оны өмексітіп қойғаныңды мен білем ғой, бірақ бұлай дегеніме кешіре гөр, — деді ол тағы да.
— Қазір оған ашығын айтып, біржола безіп шығуға менің мұршам келіп тұр ма? — деді Иван шытынып. — Әлгі қанішерге үкім шыққанша амалдай тұру керек. Егер мен онымен бүгін кетіссем, онда ол менен кек алу үшін ертеңгі сотта анау сұмпайыны құртып тынады, өйткені ол оны иттің етінен жек көреді және мұны біледі де. Бұл арада бәрі жалған, бір жалғандық екінші жалғандықты балалатып жатыр! Кетіспей тұрғанымда, ол менен әлі де үмітін үзбейді, ендеше, анау жексұрынды менің құрдымнан құтқарғым келетінін білгендіктен, оны жарға құлата да қоймайды. Сол үкімі құрғырдың шығатын күні бола ма, жоқ па!
"Қанішер", "жексұрын" деген сөздер Алешаның жүрегіне тікендей қадалды.
— Ағамды жарға құлататындай оның қолында нендей айғақ бар? — деп сұрады Иванның сөзіне ойланып қалған Алеша. — Митяны оп-оңай құрта қоятындай не айта алады ол?
— Сен әлі түк білмейсің... Оның қолында бір қағаз бар, оны Митя өз қолымен жазған, Федор Паловичті оның өлтіргенін бұл айғақ бұлтартпай дәлелдейді.
— Қой, мүмкін емес! — деді аң-таң болған Алеша.
— Қалай мүмкін емес? Мен өзім оқып көрдім ғой.
— Бәрібір ондай қағаздың болуы мүмкін емес! — деп тағы да қайталады Алеша өршеленіп. — Бұлай дейтінім, оны өлтірген Митя емес! Әкемді ол өлтірген жоқ, ол емес!
Иван Федорович кілт тоқтады.
— Сонда, сеніңше, оны кім өлтірген? — Оның осынау бір түрлі салқындау қойған сауалында тіпті нендей бір менменсіген әуен де сезілген.
— Кім екенін сен өзің де білесің, — деді Алеша баяу үнмен, ағынан жарылып.
— Кім ол? Әлгі есінен айырылған нақұрыс қояншық жайындағы ертегіні айтамысың? Смердяков па?
Алеша тұла бойы дірілдеп-қалшылдап бара жатқандай сезінді.
— Кім екенін сен өзің де білесің, — деді ол әлсіз үнмен. Алеша булығып қалған-ды.
— Ол кім, неге айтпайсың? — деп Иван кіржіңдей бастады.
Ол ұстамдылығынан кенет жұрдай болды да қалды.
— Мен бір-ақ нәрсені білемін, — деді әлі де күбірлеп сөйлеген Алеша. — Әкемді өлтірген сен емессің!
— "Сен емессің!" Сен өзі не деп тұрсың! — деді аң-таң Иван..
— Әкемді өлтірген сен емессің, сен емессің деймін! — Алеша тағы да нықтап қайталады.
Үнсіздік жарты минуттей созылды.
— Мен емесін өзім де білемін, сен өзің сандырақтап тұрған жоқсың ба? — деді сұрланып, сұрқы бұзылып мырс еткен Иван. Ол Алешаға тесірейе қарап қалған еді. Екеуі де шамның түбінде тұрған.
— Жоқ, Иван, әкемді өлтірген менмін деп өзіңе-өзің талай рет айтпап па ең.
— Қашан айттым?.. Мен Мәскеуде болдым ғой... Қашан олай дедім? — деп міңгірледі мүлде сасуға айналған Иван.
— Басымызға бұлт торлаған осы екі айда жалғыз өзің жеке қалғанда сен мұны өзіңе-өзің талай рет айтқансың, — деді Алеша одан ары, баяу сөйлесе де, нығырлай түсіп. Бірақ ол енді ықтиярсыз, бір құдіретті күштің әмірімен, өзінің еркінен тыс сөйлеген. — Сен оны өлтіргенмен — менен басқа ешкім де емес деп өзіңе-өзің мойындап, өзіңді-өзің кінәлағансың. Шындығында өлтірген сен емес, сен қателесесің, оны өлтірген сен емес, естимісің, оны өлтірген сен емес! Саған осыны айтсын деп мені тәңірімнің өзі жұмсады.
Екеуі де үндемей қалды. Бұл үнсіздік табандатқан бір минутке созылды. Олар бір бірінің көзінен көз аудармай сілейіп тұрған. Екеуінің де өңі қуарып кеткен. Сонсоң Иван тұла бойы дірілдеп, Алешаны иығынан мықтап ұстап алды.
— Сен менің пәтерімде болып па едің! — деп күбірледі ол тісін шықырлатып. — Түнде, ол келгенде сен менің үйімде отырдың ба... Неге айтпайсың... Немене, сен оны өз көзіңмен көрдің бе?
— Сен өзі кімді айтып тұрсың... Митяны ма? — деп сұрады түкке түсінбеген Алеша.
— Оны айтып қайтем, ол сұмырайды қойшы! — деп кіржің етті Иван. — Сен, немене, оның маған келіп жүретінін білесің бе? Айт кәне, сен мұны қайдан білдің!
— Оның кім? Сенің кімді айтып тұрғаныңды түсінсем бұйырмасын, — деп міңгірледі енді зәресі кеткен Алеша.
— Жоқ, сен білесің... әйтпесе қалай... сенің білмеуің мүмкін емес...
Бірақ Иван кенет сабасына түскендей көрінді. Ол бірдеңені миға салып салмақтағандай боп тұрды. Содан кейін оның езуінен таңғаларлық кекесін сезілді.
— Аға, — Алеша дірілдеген дауыспен қайта бастады, — саған мұны менің сөзіме сенетініңді білгендіктен айтып жатырмын. Мен саған: сен емессің! дегенде мен мұны ғұмыр бақи жадыңда қалсын деп айттым. Естимісің, ғұмыр бақиға. Мейлі, осы қазірден бастап мені біржола жек көріп, безіп кетсең де ықтиярың, бірақ осы сөздерді саған айтсын деп менің аузыма салған бір құдайдың өзі.
Бірақ бұл кезде Иван Федорович, тегі, өзіне-өзі келіп үлгірсе керек.
— Алексей Федорович, — деді ол кекете мырс етіп, — мен әулиелер мен қояншықтарға төзбеймін, әсіресе құдай тағаланың өкілдерін ұнатпаймын, мұны сіз бек жақсы білесіз. Осы минуттен бастап сізбен ат құйрығын біржола үзетін шығармын. Дереу, осы мүйісте өз жөніңе тайып тұруыңызды өтінемін. Сонсоң, үйіңізге қайтатын жолыңыз да осы бұрылыста емес пе. Әсіресе, бүгін маған жолай көрмегін! Естимісіз!
Ол теріс айналып, аяғын нық басып, тура кете барды, артына бұрылып та қараған жоқ.
— Аға, — деп айқайлады оның соңынан Алеша, — егер бүгін олай-пұлай бірдеңе болып қалса, алдымен мені ойыңа аларсың!..
Алайда Иван жауап берген жоқ. Ол қараңғыға сіңіп кеткенше, Алеша мүйістегі шамның түбінде тұрды. Ол содан кейін ғана шолақ көше жаққа бұрылып, өзінің пәтеріне қарай баяу жүрді. Ол да, Иван Федорович те, екеуі екі жақта, бөлек пәтерде тұратын: Федор Павловичтің қаңырап қалған үйінде екеуінің бірі де тұрғысы келмеген. Алеша бір мещанның үйінен жасау-жиһазымен шағын бөлмені жалдап алған; ал Иван Федорович онан едәуір алыста, бір дәулетті шенеунік жесірінің меншігіндегі оп-оңды үйдің әжептәуір жайлы, кең филгейінде жалғыз өзі тұратын. Бірақ оған кешкі сағат алтыда жатқаннан таңғы алтыда бір-ақ бас көтеретін құлағы керең, сырқырама аурулы, қаусаған кәрі кемпір ғана қызмет ететін. Осы екі айда Иван Федорович таңғаларлықтай күй талғамайтын көнбіс боп алған еді де, көбіне-көп жалғыз өзі оңаша қалғанды ұнататын болған. Өзі жататын бөлмені өзі жинастыратын, ал қалған бөлмелерге тіпті өте сирек кіретін. Ол қақпаның алдына келіп, қоңыраудың тұтқасынан ұстаған соң тоқтап тұрды. Ызасы тарқамағасын тұла бойы әлі дірілдеп тұрғандай сезінді. Сонан соң ол кенет қоңыраудың тұтқасын босатып, бір түкіріп тастады да, теріс айналып мүлде басқа жаққа, шаһардың екінші шетіне, өзінің пәтерінен екі шақырымдай жердегі бір кішкентай, қисайған қима үйге қарай жебей басып жүре берді; бұл үйде Федор Павловичтің бұрынғы көршісі, бір кезде сорпа-суан алып кету үшін оның ас үйіне күнде келіп жүрген Марья Кондратьевна тұратын; онда Смердяков онымен бірге бақ ішінде отырып, гитараға қосылып ән салатын еді. Марья Кондратьевна өзінің бұрынғы кішігірім үйін сатып жібергеннен кейін шешесімен бірге осы жұпыны баспанада тұрып жатқан-ды. Федор Павлович қайтыс болғаннан кейін ауру Смердяков та осында болатын. Кенет сап ете қалған ойдың құдіретімен Иван Федорович қазір міне сонда бара жатқан-ды.
VI
СМЕРДЯКОВПЕН БІРІНШІ ЖОЛЫҒУ
Бұл Иван Федоровичтің Мәскеуден оралғалы бері Смердяковпен сөйлесуге үшінші рет бара жатқаны еді. Сұмдық оқиғадан кейін онымен алғаш рет келген бойда, бірінші күні-ақ кездесіп сөйлескен, сонсоң екі жұмадан кейін оған екінші рет барған. Бірақ ол осыдан соң онымен кездесуін тоқтатып, оны көрмегеніне және ол жөнінде ештеңе естімегеніне, міне, бір айдан асқан. Онда Иван Федорович Мәскеуден әкесі өлгесін бесінші күні ғана келіп жеткен, сол себепті тіпті топырақ та сала алмаған: марқұм ол келерден бір күн бұрын жерленген-ді. Иван Федоровичтің кешігуінің себебі мынада еді: оның Мәскеудегі мекен-жайын білмегендіктен, Алеша жеделхат жіберуге Катерина Ивановнаның жәрдемдесуін өтінген, алайда, ол да анық ештеңе білмегенмен, Иван Федорович Мәскеуге келісімен қалай да сонда баратын шығар деген үмітпен апасы мен әпкесінің атына жеделхат жіберген-ді. Бірақ Иван Федорович ол үйге тек төртінші күні ғана барды да, жеделхатты оқыған соң, әрине, алды-артына қарамай мұнда жетуге асығады. Келгесін алдымен Алешамен кездесіп, сөйлескесін оның Митяға тіпті күдік те келтірмей, шаһарымыздағы өзге пікірлердің бәріне қарама-қайшы, оны өлтірген Смердяков деп ашық айтқанына ол қатты қайран қалған. Сонан соң исправникпен, прокурормен сөйлесіп, айыптау мен тұтқынға алудың бүге-шігесіне қанық болғаннан кейін Алешаға онан бетер таңданып, оның пікірін ағасының басына күн туған шақта оған бауырластық сезімі мен жанашырлығын білдіргені болар деп шамалаған; Алешаның Митяны өте жақсы көретінін Иван білетін. Әйтсе де, осы арада Иванның Дмитрий Федоровичке деген туыстық сезімі хақында бірер сөзбен ақи-тақи ескерте кеткен жөн: оны Иванның тіпті суқаны сүймейтін, ал кейде, бір жағынан, өліп-өшіп жанашырлық білдіріп жатса, екінші жағынан, оны өлердей жек көріп, аза бойы қаза тұратыны да бар-ды. Оған Митя күллі болмыс-бітімімен, тіпті өзінің бүкіл пішін-пошымымен де ұнамайтын. Катерина Ивановнаның оған ғашықтығына қарадан-қарап ыза болатын. Дегенмен, ол қамауда отырған Митямен де сол күні, келген бойда кездескен, алайда, бұл жүздесу Митяның айыбына оның сенімін кемітпегені былай тұрсын, қайта, күшейте түскен еді. Ол барғанда ағасы мазасы кетіп, жаман күйзелген күйде екен. Митя тым көп сөйлеген, ұмытшақ көрінген, бірді айтып бірге кете берген, тым тіке қайырып, Смердяковты айыптап, сұмдық шатаса да берген. Оның еншісіне тиетін ақшадан марқұм әкесі "сіңіріп кеткен" бәз-баяғы үш мың сом жөнінде әсіресе көп сөз қылған-ды. Митя: "Ол менің ақшам, менікі болатын, егер мен тіпті сол ақшаны ұрлаған күнде де ешбір кінәлы болмас едім", — деп қақсаған-ды. Ол өзін бұлтартпайтын айғақтардың бәріне дерлік қарсы дауласпаған, оқиғаларды өз пайдасына қарай бейімдеп түсіндіргенде де жөн-жосықсыз, қисынсыз лаға берген, Иванның немесе өзге біреудің алдында әсте ақталғысы келмегендей, ашуға басып, өзіне қойылған айыпты елең де қылмаған жұрттың бәрін балағаттап, күйіп-піскен.
Григорийдің ашық жатқан есік жайындағы жауабына кекірейе күліп, онда оны "сайтан ашқан ғой" деген-ді. Бірақ бұл жөнінде ешқандай жүйелі түсінік бере алмаған. Осы алғашқы жүздесудің өзінде-ақ ол Иван Федоровичке өздері "бәріне рұқсат" деп көкитін кісілердің маған шүбәланып, мені тергеуге қандай хақы бар деп, оны беттен алып ренжітіп те үлгерген. Онда ол Иван Федоровичке жалпы он қабақ білдіре қоймаған-ды. Митямен осы жолығысудан кейін Иван Федорович енді Смердяковқа келе жатқан еді.
Иван Федорович Мәскеуден асығыс аттанып, вагонда келе жатқанында Смердяков туралы және үйден кетер алдында кешқұрым онымен соңғы рет қалай әңгімелескені жөнінде ұзақ ойға батқан. Көп нәрсе таңғалдырып, көп жайт күдікті көрінген. Алайда, сот тергеушісіне берген жауабында Иван Федорович ондағы әңгімені кезі келгенше кейінге қалдырғанды жөн көрген. Смердяковпен жолыққанша қоя тұрған. Онда ол шаһардағы ауруханада жатқан. Дәрігер Герценштубе және оған ауруханада кездескен дәрігер Варвинский мұның шүйілген сұрағына Смердяковтың қояншығы ұстап қалғандығына күмән жоқ деп бекем жауап беріп, "кісі өлімі болған күні ол өтірік талып жатқан жоқ па?" деген сұраққа тіпті таңырқап қалған-ды. Олардың сөзінен Иван Федоровичтің ұққаны: оның бұл жолғы ауруы тіпті алабөтен болған, талмасы жиі-жиі қайталап, бірнеше күнге созылған, сол себепті оның өмірі, тіпті қыл үстінде тұрған, тек енді, біраз ем-дом жасағаннан кейін ғана аурудың беті қайтқан секілді, бірақ науқас "ғұмыр бақиға болмағанмен әжептәуір ұзақ уақытқа" шалық боп қалуы әбден мүмкін (мұны дәрігер Герценштубе қоса айтқан). Иван Федоровичтің "демек, ол енді жынды ма?" деген дегбірсіз сұрағына олар "толық мағынада олай деуге болмас, бірақ кейбір ауытқу бары күмәнсыз" деп жауап берді. Иван Федорович оның неғылған ауытқу екенін өзі біліп алуға ұйғарды. Ауруханада оны аурумен жолығуға кідіріссіз жіберді. Смердяков оңаша бөлмеде кереуетте жатыр екен. Оның жанындағы екінші төсекте шаһардың бір титықтаған мещаны жатыр, шемен ауруынан күп боп ісіп кетіпті, бүгін бе, ертең бе деп көрге бет бұрса керек; оның Смердяковпен сұхбатына бөгет болатын түрі жоқ секілді. Иван Федоровичті көргенде Смердяков күдікпен бір ыржиып қойды, алғашқы сәтте ол тіпті сескеніп те қалды білем. Қалай дегенмен Иван Федорович осылай ойлап қалған. Алайда тек бір сәтке ғана солай көрінген, қалған уақыттың бәрінде Смердяков керемет сабырлылығымен, тіпті, қайран қалдырды деуге болады. Оның шын ауру екеніне, сөйтіп халінің өте мүшкіл бола бастағанына Иван Федоровичтің салған жерден көзі жеткен еді: әбден әлсіреген, тілі оралымға келмейтіндей, әрең сөйлейді; қатты жүдеп, сарғайып кеткен. Жиырма минут бойғы кездесуде ол басының ауыратындығы мен бар мүше-мүшесі сырқырап, қақсайтындығына шағына берді. Әтектің бетіндей, қуарған беті бір уыс боп қушиып, самай шашы үрпиіп, төбесінде бір тал шаш қана қалған. Бірақ бірдеңені меңзегендей боп тұратын сол көзі бұрынғы Смердяковты ұстап беретін сықылды. Сол сәтте Иван Федоровичтің есіне оның: "Ақылды адаммен сөйлескен қандай ғанибет", — деген сөздері орала кетті. Ол кереуеттің аяқ жағындағы орындыққа жайғасты. Смердяков төсекте жатқан күйі күллі денесімен қинала бір қозғалақтады, бірақ бірінші боп тіл қатпады, үндемеді, көзқарасынан онша құштарлығы сезілген жоқ.
— Менімен сөйлесе аласың ба? — деп сұрады Иван Федорович, — мен сені онша қалжырата қоймаспын.
— Сөйлесе аламын, әрине, — деп міңгірледі Смердяков әлсіреген үнмен. — Келгеніңізге көп болды ма? — деді ол содан кейін Иван Федоровичтің имене сөйлегеніне ырза болғандай кешірімді пішінмен.
— Жоқ, осы бүгін ғана... сендердің мына быдықтарыңды анықтау үшін...
Смердяков күрсінді.
— Несіне күрсінесің, сен бәрін білдің ғой? — деп қойып қалды Иван Федорович.
Смердяков кекірейіп үндемеді.
— Ондайды қалай білмессің? Бәрі күні бұрын айқын болды емес пе. Бірақ ақыры бұлай боларын кім білген?
— Бұлай болғаны қалай? Сен бұлталақтатпа! Жерқоймаға түсе бергенде-ақ қояншығың ұстап тоңқалаң асатыныңды сен алдын ала болжап айтып едің ғой? Жерқоймаға құлап кетем деп ашық айтқансың да.
— Сіз тергеуде осылай деп көрсеттіңіз бе? — деп сұрады Смердяков байсалды әуестікпен.
Иван Федорович кенет шырт етті.
— Жоқ, әлі айтқан жоқпын, бірақ айтатыным анық. Сен маған, ағайын, қазір бірсыпыра жайттарды түсіндіруге тиіссің, сонсоң, жарқыным, мен сенің қылжағыңды көтере алмаймын!
— Тәңірідей көріп, бар үміт артатын кісім сіз болсаңыз, мен не деп қылжақтамақпын! — деп міңгірледі бір сәтке ғана көзін жұмып, әлі де өте байсалды сөйлеген Смердяков.
— Біріншіден, — деп бастады Иван Федорович, — менің білетінім, қояншық аурудың қашан ұстайтынын күні бұрын болжау мүмкін емес. Мен сұрап білдім. Қай күні, қай сағатта қиқылдап-шиқылдап қалатынын болжау қиын шаруа. Сонда сен маған күні мен сағатына дейін болжап, оған қоса тіпті жерқоймаға түсіп бара жатқанда ұстайтынын да күні бұрын қалай айттың? Егер қояншығың ұстаған боп өтірік ауырып жатпасаң, дәл сол жерқоймаға құлап кететініңді сен алдын ала қалай білуің мүмкін?
— Мен жерқоймаға түспей тұрам ба, күніне тіпті бірнеше рет түсіп шығамын, — деді асып-саспай, ыңырана сөйлеген Смердяков. — Осыдан бір жыл бұрын шатырдың тесігінен тоңқалаң асқаным да бар. Қояншық аурудың қашан ұстап қалатынын күні мен сағатына дейін алдын ала болжауға болмайтын шығар, бірақ іштей түйсінуге әрқашан болады.
— Ал сен күні мен сағатына дейін айтқансың!
— Менің қояншық ауруым жөнінде, мырза-екесі, онан да осындағы дәрігерлерден сұрап білгеніңіз жөн болар: мен шын ауырдым ба, әлде өтірік ауырдым ба, бұл жөнінде сізге енді ештеңе айта алмаймын.
— Ал жерқойма ше? Жерқоймаға құлайтыныңды қайдан білдің?
— Сол жерқоймасы құрғырды айта бердіңіз ғой! Онда жерқоймаға түсерде, өзінен-өзі зәре-құтым қашып, тұла бойымды бір күдік билеп кетті; мұншама қатты қорыққаным, сіз кеткен соң, енді мені қорғайтын тірі пенде қалмағанына жаман налыдым. Жерқоймаға түсіп жатып: "Дәл қазір ұстап қалатын шығар, қазір талып түсемін, құлар ме екем, құламас па екем?" — деп күдіктене бергенім, міне осы күдіктен кенет тынысым тарылып, тұншығып қалдым да... төмен қарай тоңқалаң астым. Осының бәрін және соның алдында кешқұрым қақпа алдында сізбен болған әңгімені, — онда мен сізге өзімнің осы қорқынышыммен жерқоймаға түсуден қорқатынымды айтқан болатынмын, — мұның бәрін мен дәрігер Герценштубе мырзаға және тергеуші Николай Парфеновичке тәмамдап айттым, олар бәрін қағазға түсіріп алды. Ал дәрігер Варвинский мырза нақ солай қатты секем алғандықтан, яки "құлап кетер ме екем, құламас па екен?" деп шүбәланғандықтан шынында да оның қояншығы ұстап қалған деп жұрттың көзінше бекемдеп айтқан. Ұстамағанда қайтеді деген. Сөзсіз солай болуға тиісті еді, бәрі оның қорқынышынан болды деп жазған.
Смердяков осыны айтқан соң, бұл әңгімеден қажығандай, бір күрсініп қойған.
— Жауабыңда осының бәрін айттың ба? — деп сұрады сәл аңырап қалған Иван Федорович. Ол екеуінің сондағы әңгімесін тергеушіге айтамын деп оны қорқытып алмақшы еді, алайда, мұның бәрін оның өзі хабарлап та үлгіріпті.
— Мен неден қорқам! Мейлі, ақиқат шындықты толық жазып қойсын деп әдейі айттым, — деп нықтады Смердяков.
— Екеуміздің қақпа алдындағы әңгімемізді де тәмамдап айттың ба?
— Жоқ, оны бір сөзін де қалдырмай толық айттым дей алмаймын.
— Қояншығың ұстап қалғансып, өтірік дірілдеп-қалшылдап, қиқылдап-шиқылдай аламын деп мақтанып ең ғой, онда соны да айттың ба?
— Жоқ, оны айтып қайтем.
— Сен енді мынаны айтшы, анада сен маған Чермашняға барсаңшы деп соншама неге өзеуредің?
— Мәскеуге кетіп қаласың ба деп қорықтым, ал Чермашня тиіп тұрған жоқ па.
— Мұның өтірік, мені кет-кеттің астына алған сен емес пе едің: бәледен аулақ бол, тезірек кет! — деп едің ғой!
— Онда тек қана сізге деген достық ниеттен, шын ілтипаттан ғана, сол үйде бір жамандықтың боларын сезіп, сізге жаным ашығасын ғана айтқанмын. Бірақ та сізден гөрі өзімді көбірек ойлағаным рас. Үйде бір сұмдықтың болғалы тұрғанын, онда сіз әкеңізді арашалау үшін қалып қоятыныңызды ұқсын деп: бәледен аулақ кетіңіз дегенім сондықтан.
— Солай деп турасын айтпайсың ба, ақымақ неме! — деп кіржің етті Иван Федорович.
— Онда турасын айтуға менің мұршам келді ме? Мен тек қорыққан соң бірдеңе дегем. Әйтпесе нем бар, сонсоң сіздің ашуланып қалуыңыз да мүмкін ғой. Менің, әрине, Дмитрий Федорович жоққа бола бір жанжал шығарып, әлгі тығулы ақшаны жымқырып кетер деп қауіптенетін жөнім бар-ды, өйткені Митя ол ақшаны бәрібір өз ақшам деп есептемейтін; бірақ мұның ақыры кісі өліміне апарып соғатынын кім білген? Қайдам, ол бариннің төсегі астында тығулы жатқан ақшаны жай ұрлап алатын шығар деп қана ойлағам, ал ол шалды өлтіріп тастаған. Мырзаекесі, сіз де оны күні бұрын қалай білер едіңіз?
— Егер сен өзің болжауға мүмкін болмады деп тұрсаң, оны мен қалай біліп, жолдан қалуым керек? Сен неге шатастырасың? — деді ойға шомған Иван Федорович.
— Сізге Мәскеуіңді қоя тұрып, әуелі Чермашняға барып келіңіз дегенімнен-ақ аңғаруға тиісті едіңіз ғой.
— Олай аңғара қою оп-оңай деймісің!
Қатты қажығандай көрінген Смердяков бір минуттай тағы да үнсіз қалды.
— Қалай дегенмен аңғаруға тиісті едіңіз: егер сізді Мәскеуден Чермашняға қарай қақпайласам, бұл сіздің осы маңда болғаныңызды тілегенім, өйткені Мәскеу алыс дегенім, ал сіздің қашықтап кетпегеніңізді білсе, Дмитрий Федорович те онша елеуремес деп үміттенгенім емес пе. Бірдеңе бола қалса, мені арашалауға да тез жете алатын едіңіз, өйткені Григорий Васильевичтің сырқатын, ал менің ауруым ұстап қала ма деп қорқа беретінімді сізге өз аузымнан айттым ғой. Келісілген белгі бойынша тықылдатып, марқұмның бөлмесіне кіруге болатыны, қалай тықылдату керегін Дмитрий Федоровичке айтып қойғанымды түсіндіргеннен кейін мен, қайдам, оның бірдеңені бүлдіретінін өзіңіз де сезіп, Чермашняны қоя тұрып, үйде қалатын шығар деп ойлаған едім.
"Міңгірлегенмен, сөзі тым жүйелі; Герценштубенің оның ақыл-есі шатасқан деп шатпақтағаны қалай?" — деп ойлады Иван Федорович.
— Сен жын соққан, маған қуланба! — деп зекірді терісіне сыймаған ол.
— Ал мен, шынымды айтсам, онда сіз бәрін түсінген шығар деп ойлаған едім, — деді Смердяков аңғалсыған пішінмен.
— Түсінген болсам, қалатын едім ғой! — деді Иван Федорович тағы да шытынай қалып.
— Қайдам, жазған басым сізді бәрін толық түсінген соң, бір жаққа кетіп бой тасалай тұрайыншы, неде болса бір бәледен тезірек аулақ болайыншы деген шығар деп ойласам.
— Сен, немене, жұрттың бәрі өзіңдей су жүрек деп пе ең?
— Ғапу етіңіз, сіз де мен сияқты ма деп ойлағаным рас.
— Әрине, аңғаруым керек еді, — деді абыржи түскен Иван. — Сенің тарапыңнан бір сұмдықтың боларын сезгемін де... Бірақ сен өтірік айтасың, тағы өтірік соғып тұрсың, — деп жекірінді ол кенет әлде нені есіне түсіріп. — Сонда тарантасқа жақындап келіп, маған: "Ақылды адаммен сөйлескен қандай ғанибет", — дегенің есіңде ме. Демек, менің кетіп бара жатқаныма қуанғаның ғой, әйтпесе несіне мақтайсың?
Смердяков қайта-қайта күрсінді. Оның жүзі күреңіте бастаған еді.
— Егер қуансам, онда тек Мәскеу аспай, Чермашняға баруға келіскеніңіз үшін ғана қуанған шығармын, — деді ол сәл ентігіңкіреп. — Дегенмен, жақынырақ қой; тек онда мен әлгі сөздерді мақтайыншы деп емес, кекетейін деп айтқанмын. Сіз оны ұқпағансыз.
— Не деп кекетпекші едің?
— Сондай сұмдықты алдын ала сезе тұра, әкеңізді тастап кетсеңіз, бізге араша түскіңіз келмесе, сол үш мыңды сен ұрладың деп мені әрқашан-ақ отырғызып қоя алатын болса, кекетпегенде қайтем.
— Сен жын соққан не деп кеттің! — деп Иван тағы да ашуланды. — Тоқта: әлгі белгі туралы, әлгі қалай тықылдату керектігі жайында тергеуші мен прокурорға бірдеңе деп пе едің?
— Бәрін қаз-қалпы баяндап бердім.
Иван Федорович іштей тағы да қайран қалды.
— Егер онда мен бірдеңені ойласам, — деп қайта бастады ол сенің тарапыңнан бір оңбағандық бола ма деп қана ойлаған шығармын. Дмитрий өлтіруі мүмкін, бірақ ақша ұрлайды дегенге әсте сенген жоқпын... Ал сенің тарапыңнан кез келген сұмырайлықты күттім. Қояншығым ұстағансып өтірік ауыра аламын деп мақтандың ғой, сен оны маған не үшін айттың?
— Аңқылдаған аңқаулығымнан ғана айтқанмын. Мен осы өмірімде еш уақытта өтірік талып ауырған емеспін, қайдам, бірдеңе десем, тек сізге мақтанайын деп былшылдаған шығармын. Мен онда сізді өте жақсы көріп қалдым да, алдыңызда еркінси сөйлегім келген еді.
— Інім шалды өлтірген де, ақшаны ұрлаған да сол деп, сені айыптайды.
— Оның басқаша айтуға лажы бар ма? — деп Смердяков кекете ыржиды, — анадай айғақтардан кейін оның шатпағына кім сенеді? Есіктің ашық жатқанын Григорий Васильевич көрген ғой, бұған не дей алады. Енді айтты не, айтпады не, мейлі! Әркім өзін ақтағысы кеп дірілдейді...
Ол тынышталып үнсіз отырған еді, бір кезде, әлде не есіне түскендей, тағы да былай деді:
— Міне, тағы да баяғы гөй-гөй: бұл дәу де болса соның ісі деп, олар айыпты маған аудармақшы, — мұны мен осыған дейін де естігенмін, — тым болмаса, әлгі қояншығым ұстағансып өтірік ауыра аламын деп бөскенімді алып қарайықшы: егер мен әкеңізге шынында да бір жамандық ойлап жүрсем, онда мұны сізге күні бұрын айтар ма едім? Оны өлтірмекші болсам, түбінде өзіме бөле боп жабысатын айғақты туған баласына алдын ала сездіретіндей, ғапу етіңіз, менің соншалықты кеше болғаным ба? Бұл шындыққа жанаса ма? Жоқ, керісінше, еш уақытта бұлай болуы мүмкін емес. Екеуміздің бұл әңгімемізді, әлгі құдіреттің өзінен басқа, ешкім естіп тұрған жоқ, ал егер сіз прокурор мен Николай Парфеновичке осыны жеткізсеңіз, бұл арқылы түптеп келгенде мені арашалап қалған болар едіңіз: өйткені соншалықты аңқылдаған аңқау болсам, мен қандай жауызбын? Мұның бәрін олардың әбден пайымдауы мүмкін ғой.
— Тыңдағын, — деді Смердяковтың соңғы дәлеліне қайран қалып, оның сөзін бөліп жіберген Иван Федорович орнынан түрегеліп, — мен саған әсте шүбәланбаймын, сені айыптау тіпті күлкілі болар еді деп білемін... қайта, көңілімді орнықтырғаның үшін саған ризамын. Кейін соғам ғой, ал қазір кеттім. Әзірге қош, тез айық. Ештеңе қажет емес пе?
— ЬІқыласыңызға рахмет. Марфа Игнатьевна мені ұмытпайды. Әйтеуір, бұрынғы рақымшылығы бойынша, маған бірдеңе қажет болса, тауып әкеп береді. Мейірбан жандар ғой, күнде келіп тұрады.
— Көріскенше күн жақсы. Мен, әйтсе де, сенің өтірік ауыра алатыныңды айтпаймын...
саған айтар ақылым, өзің сездіріп алма, — деді кенеттен Иван неге екені белгісіз.
— Бәр-рін түсіндім. Егер сіз оны тісіңізден шығармасаңыз, онда ана жолы қақпа алдында болған әңгімемізді мен де дабырламаймын.
Иван Федорович тез шығып, дәлізбен он шақты қадам басқан соң, кенет Смердяковтың соңғы сөздерінде қандай да бір ренішті мән бардай сезінген. Оның қайта оралғысы да келген, алайда бұл ойы заматта сейілгесін ол: "Ақымақтық қой!" — деген де ауруханадан шығып кете барған. Ең бастысы, мүлде керісінше болуға тиісті көрінсе де, Смердяков емес, нақ өзінің ағасы Митяның айыпты болып шыққандығына оның шынында да көңілі орныққандай болған еді. Онда ол неліктен бұлай екенін пайымдап жатқысы да келмеген, өзінің көкейдегі ойын қазбалап жатуға тіпті арланған да. Оның әлденені тезірек ұмытқысы келген. Одан кейінгі бірнеше күнде Митяны қапаландырған айғақтардың бәрімен жақынырақ және толығырақ танысқаннан кейін, оның кінәлы екендігіне Иван Федорович әбден көз жеткізгендей болған. Нағыз бейшара жандардың, мысалы, Феня мен оның шешесінің жан түршіктіретін жауаптары жиналған-ды. Перхотин, трактир, Плотниковтардың дүкені, Мокроедағы куәлар туралы тіпті айтпаса да болады. Ғажабы, істің егжей-тегжейі қапаландырған. Тергеуші мен прокурорды Григорийдің ашық жатқан есік туралы куәлігі қандай таңғалдырса, құпия "тықылдату" туралы хабар да сондай қайран қалдырған. Григорийдін кемпірі, Марфа Игнатьевна, Иван Федоровичтің сұрағына Смердяков түні бойы қалқаның сыртында жатқан, "біздің төсегімізден үш қадам да болмайды", қатты ұйықтасам да, оның ыңырсығанынан қайта-қайта ояна бердім, "тыным таппай ыңырсыған, дамылсыз ыңырсып жатқан" деп турасын айтқан. Герценштубемен сөйлесіп, Смердяковтың әлсірегені болмаса, әсте жынданған кісіге ұқсамайтындығы туралы күдігін білдіргенде, шал жай жымиып күлген де қойған. "Ал сіз оның қазір немен ерекше шұғылданып жатқанын білесіз бе? — деп сұраған ол Иван Федоровичтен, — французша сөздерді жаттап жүр, жастығының астында француз сөздері орыс әріптерімен жазылған дәптер бар, хе-хе- хе!" Иван Федорович, ақырында, оған күдіктенуді қойған. Ал Дмитрий туралы ойлағанда оның тіпті жаны түршігетін. Қалай дегенмен, бір нәрсе таңғаларлық еді: Алеша шалды өлтірген Дмитрий емес, "тегі", Смердяков болуға тиіс деген пікірінен қайтпады. Алешаның пікірін әрқашан жоғары бағалайтын Иван қазір оны мүлде түсінбеген. Тағы бір ғажабы, Иван мен Митя туралы әңгімелесуге Алеша әсте ынтықпайтын және тек оның сұрақтарына жауап бергені болмаса, өзі сөз бастамайтын. Иван Федорович мұны да анық байқаған. Әйтсе де, онда ол басқа бір бөгде жағдаймен де алаңдап жүрген-ді: Мәскеуден келгесін, алғашқы күндерден бастап ол өзінің Катерина Ивановнасына деген ынтызар, ессіз құштарлықтың тұтқыны болған еді. Бұл арада Иван Федоровичтің кейін оның бүкіл өміріне әсерін тигізген бұл жаңа құштарлық сезімін баяндап жату қажет бола қоймас; бұл басқа бір әңгіменің, өзге бір романның желісі бола алар еді, бірақ мен оны келешекте жаза алатын-алмайтынымды білмеймін. Ал қазір мына бір жайтты қалай дегенмен айтпай кете алмаймын: жоғарыда жазғанымдай, Катерина Ивановнадан түнде Алешамен бірге келе жатқанында, Иван Федорович оған: "Мен оған құмартып жүргем жоқ" дегенде, — дәл сол сәтте мүлде өтірік айтқан: Иван Федорович оған шын ғашықты, бірақ кейде оған зығырданы қайнап кеткенде, оны өлтіріп тынатындай болатыны да рас. Бұл арада көптеген себептер түйіскен-ді: Митяның басына түскен бақытсыздыққа жаны күйзелген ол енді өзіне қайта оралған Иван Федоровичті бейне бір құтқарушысындай көріп, оған жабыса кеткен Катерина Ивановна өзін жәбірлегендей, қорлағандай, кемсіткендей болып жүрген. Осындай сәтте оны бұрын да жан-тәнімен сүйген — о, ол мұны бек жақсы білетін, — парасаты мен жан сезімін өзінен әрқашан жоғары қойған жігіт оған қайта орала қалған еді. Бірақ салмақты қыз, сүйген жігітінің Карамазовтарға тән ожар құмарлығымен оны елтіп-еріткен әсеріне қарамастан, түгелдей оның ырқында кетіп, өзін құрбандық еткен жоқ-ты. Сонымен қабат ол Митяға опасыздық жасағанына іштей ұдайы опынып, Иванмен көрісіп қалған ашулы сәттерде (мұндай сәттер өте көп-ті) мұны оған айтып та салатын. Алешамен әңгімесінде Иван Федорович: "Бір жалғандық екінші жалғандықты балалатып жатыр" дегенде осыны айтқан. Бұл арада, әрине, жалғандық шынында да көп еді. Иван Федоровичті бәрінен де осы көбірек қитықтырған... бірақ мұның бәрі кейіннен болған-ды. Қысқасы, ол біразға дейін Смердяковты ұмытып кеткен. Алайда оған алғаш рет барғаннан кейін екі жұма өткесін, баяғы бір таңғаларлық ойлар, бұрынғыдай, оны тағы да азаптай бастаған. Оның мына бір сауалдарды өзіне-өзі қайта-қайта қоя бергенін айтсақ та жеткілікті: сонда, соңғы түні, Федор Павловичтің үйінде, өзінің жүрері алдында, ұрыша, мысық табандап баспалдаққа барып, төменде әкемнің не істеп жатқанына не үшін құлақ салдым? Кейіннен осыны жаным түршіге еске түсіруімнің себебі не, сонсоң, келесі күні таңертең келе жатып кенет елді сағынып, ал Мәскеуге кіре бергенде өзіме: "Мен оңбағанмын ғой!" — деп айтқаным неліктен? Бұл ойлардың оны билеп алғаны сондай! — бір күні ол жанымды жеген күдік-күмәннің әсерінен сірә, тіпті Катерина Ивановнаны да ұмытуға бақұл болармын деп те ойлаған. Дәл осы ойдың құшағында келе жатқанында ол көшеде Алешаны кездестірген Иван Федорович оны тоқтатып, кенет бір сұрақ қойған.
— Сенің есіңде ме, бір күні түстен кейін Дмитрий үйге еліре кіріп келіп әкемді сабап тастады ғой, содан кейін мен аулада саған: "тілек тілеу хақын" өзімде қалдырамын деген едім, — айтшы, сонда сен мені әкемнің елімін тілейді екен ғой деп ойлап қалған жоқсың ба?
— Ойладым, — деді Алеша баяу үнмен..
— Шындығында, солай болған да, бұл арада ми ашытатын дәнеңе жоқ. Бірақ сен онда мені "бір жалмауыздың екінші жалмауызды жеп тынуын" да тілейді, яки нақ Дмитрийдің әкемді өлтіруіне және де тезірек өлтіруіне құштар... бұған тіпті өзі де жәрдемдесуге теріс қарамас деп ойлаған жоқсың ба?
Сәл қуарып кеткен Алеша ағасының көзіне үнсіз қарады.
— Айтсаңшы! — деп айқайлап жіберді Иван. — Мен сонда сенің не ойлағаныңды білуге құмармын. Менің білуім керек; шындықты, шындықты естуге тиіспін! — Алешаға күні бұрын ашу-ызамен қараған ол ауыр күрсінді.
— Ғапу ет, маған сонда да осы ой келген, — деп күбірлеген соң Алеша "жуып-шаятындай" бірде-бір сөз айтпастан үнсіз қалды.
— Рахмет! — деп дүңк еткен Иван інісін тастап, өз жөнімен кете барды. Содан бері Алеша ағасының одан іргесін біржола алысқа салып, тіпті оны жек көре бастағанын сезген де, кейіннен өзі де оған баруды қойған еді. Бірақ Иван Федорович онымен сол кездесуден кейін іле-шала, өзінің үйіне де соқпастан, кенет тағы да Смердяковқа бармақшы болған-ды.
VII
СМЕРДЯКОВПЕН ЕКІНШІ ЖОЛЫҒУ
Смердяков бұл кезде ауруханадан шыққан болатын. Иван Федорович оның жаңа пәтерін: осынау ортасында сенегі бар, екі бөлмелі, қисайған кішкентай ағаш үйде тұратынын білетін. Бір жағында шешесімен бірге Марья Кондратьевна, екіншісі жағында Смердяков жалғыз өзі тұратын. Бұл үйде Смердяков жай тұрып жатыр ма, әлде пәтер ақы төлеп тұра ма — мұны бір құдайдан басқа ешкім білмейтін. Кейіннен жұрт ол сол үйге күйеу бала болғалы жүргендіктен тегін тұрған болатын деп жорамалдаған-ды. Шешесі мен қызы оны өте құрметтеп, оған өздерімен салыстырғанда, аса мәртебелі адам деп қараған. Тықылға есік ашылғаннан кейін Иван Федорович сенекке кірген соң, Марья Кондратьевнаның мегзеуі бойынша, тура сол қапталдағы Смердяковтың "төргі үйіне" кірген еді. Бөлмедегі оймышталған қышпен қапталған пештен жылу лыпып тұр. Қабырғаның кегілжім түсқағазы көз тартады, бірақ алым-жұлым екен, жыртық-жарықшақтардың сыртында құжынаған қызыл тарақандардың дамылсыз сыбдыры естіледі. Үйдің іші жұпыны: екі қабырғада екі сәкі, үстел жанында екі орындық тұр, басқа дәнеңе де жоқ. Жай тақтай үстел болса да, оның үстіне қызғылт ірі кестелі дастарқан жауып қойыпты. Кішкентай екі терезенің алдында бір-бірден қазоты гүлі отырғызылған құмыра көрінеді. Бұрыштағы киотта1 икона. Үстел үстінде бүйірі майысқан шағын жез самауыр және екі шәшкесімен ботнас тұр. Бірақ Смердяков шайын ішіп болса керек, самауырдың ызыңы естілмейді... Ол үстел басында дәптерге үңіліп, қаламымен бірдеңені шимайлап отыр екен. Алдында сиясауыт, оның жанында балауыз шырағымен аласа шойын шамдал тұр. Смердяковты көргенде Иван Федорович оның ауруынан құлан-таза жазылғанын бірден-ақ аңғарды. Бетінің өңі кіріп, қоңайып қалыпты, айдарын үрпитіп қарсы тарап, самай шашын бұзау жалағандай ғып жатқызып қойған. Мұрынға көзілдірік қондырып алыпты. Смердяковтың мына сиқын көргенде, бұрын оның мұндай әдетін байқамаған Иван Федоровичтің тіпті жыны ұстап кетті: "Көзілдірік тағып әлдеқандай болуын мына мақұлықтың!" Смердяков басын енжар көтеріп, оған көзілдірігінің астынан тесірейе қарады; сонсоң ол ақырын көзілдірігін алып, орнынан көтеріле берді, бірақ онша қошемет көрсетпей, тіпті ыңырана қимылдап, әдептілік сақтамауға болмағандықтан ғана созыла көтерілген еді. Мұның бәрі Иванның ойына сап ете қалған да, ол бәрін бірден аңғарған, ең бастысы — Смердяковтың: "Мынау тағы неғып жүр, ана жолы барлығына келісіп едік қой, енді не керек бұған?" — деп тұрғандай, өте ашулы, жақтырмаған, тіпті менменсіген көзқарасын сезе қойған. Иван Федорович өзін-өзі зорға ұстады:
— Үйің тымырсық қой, — деді ол түрегеп тұрған күйі, пәлтесінің түймелерін ағытып жатып.
— Шешініңіз, — деді сыздана сөйлеген Смердяков.
Иван Федорович пәлтесін шешіп сәкінің үстіне қойды да, дірілдеген қолымен орындықты үстелге тез жылжытып қойып отырды. Смердяков өзінің сәкісіне одан бұрын отырып үлгірген.
— Біріншіден, екеуміз ғанамыз ба? — деп сұрады Иван Федорович қатқыл үнмен шапшаң сөйлеп. — Біздің сөзімізді ана жақтағылар естімей ме?
— Ешкім ештеңе де естімейді. Өзіңіз көрдіңіз ғой: арада ауыз үй бар.
— Сен, шырақ, маған мынаны айтшы: ауруханада жатқаныңда саған барғанымда, мен дәл кетейін деп тұрғанда: егер сен менің қояншығым ұстағансып өтірік ауыра алатынымды тісіңнен шығармасаң, онда мен де екеуміздің қақпа алдындағы әңгімемізді тергеушіге түгел жайып салмайын деп неге былжырадың? Түгелің— не деген сөз? Онда сен маған не демекші болдың? Бұл не, қоқан-лоққың ба? Немене, онда мен сенімен сөз байласып па едім, мен сенен қорқам ба?
Ешқандай тұспал, жұмбақты қаламайтынын, не де болса ашығынан кеткенді қалайтынын қасақана анық сездіргісі келген Иван Федорович буырқанып сөйлеген. Смердяковтың жанарынан ашудың оты жалт етіп, сол көзі қыпылықтай қалған еді; сөйтіп ол, әдеттегісінше ұстамды, бір қалыпты күйі, дереу жауап берген: "Ашығынан кеткенді қаласаң, мен де саған ашық айтайын" дегендей еді.
— Онда менің сізге айтпақшы болған және сізге айтқан ойым мынау болатын: сіз туған әкеңіздің опат болғалы тұрғанын күні бұрын білсеңіз де, оны өлімге қиған едіңіз, ал мен кейін жұрт сіздің осы пиғылыңыз жөнінде, мүмкін, тіпті одан басқа бірдеңе жөнінде де теріс пікірде болмасын деп ойлағанмын — онда менің бастықтарға дабыра етпеуге уәде берген нәрсем осы-тұғын.
Смердяков өзін-өзі тізгіндеп, салмақпен сөйлегенмен, оның даусынан қаталдығы мен қайсарлығы, зілі мен зіркілі аралас бірдеңе анық сезілген. Ол көзімен ішіп-жеп тесірейе қарағанда, Иван Федоровичтің алғашта тіпті көзі бұлдырап кеткен еді:
— Қалай? Не? Сенің есің дұрыс па өзі?
— Менің есім әбден дұрыс.
— Онда мен оны өлтірмекші екенін қайдан білем? — деп, ақыры, айқайлап жіберген Иван Федорович жұдырығымен үстелді қойып қалды. — "Одан басқа бірдеңе жөнінде де" деп нені тұспалдадың? Айт кәне, оңбаған!
Смердяков үндеместен, Иван Федоровичке бұрынғысынша бедірейе қарап, оны бастан-аяқ шола берді.
12— Айтамысың, жоқ па, жексұрын сұмырай, "басқа бірдеңе" дегенің не сенің? — деп зіркілдеді Иван Федорович.
— "Басқа бірдеңенің" не екені менің жаңа ғана есіме түскені: әкеңіздің өліміне онда сіз өзіңіз де өте тілектес болған шығарсыз деймін.
Иван Федорович атып тұрып, оның иығынан жұдырығымен пәрмендете қойып жіберіп еді, анау қабырғаға қарай шайқалақтап қалды. Смердяковтың бетін жас жуып кетті, сосын ол: "Мырзаекесі-ау, әлсіз кісіге жұдырық жұмсау ұят емес пе?" — деп міңгірлегеннен кейін сіңбірік қатқан торкөз, көкшіл шүберек орамалымен көзін баса қойып, қорсылдап жылай бастады. Осылай бір минуттей уақыт өтті.
— Жетер! Тоқтат қорсылдағаныңды! — деді, ақыр соңында, өктем сөйлеген Иван Федорович, орындыққа қайта отырып жатып. — Менің де шыдамымның шегі бар!
Смердяков кір-кір шүберегін көзінен алды. Оның тыржиған бетінің әрбір сызығынан ілкідегі көрген жәбірі сезіліп тұрды.
— Сонымен, сен оңбаған, онда мені Дмитриймен бірлесіп, әкемді өлтірмекші деп ойлағаның ба?
— Онда сіздің ішіңізде қандай ой барын мен қайдан білейін, — деді Смердяков ренішті үнмен. — Сол себепті осы бір тұрғыдан тамырыңызды басып көрейінші деп, сізді қақпадан кіре бергеніңізде тоқтатқан едім.
— Менің тамырымды басып көргенде қайтпекші едің? Бұл не?
— Міне, нақ мына бір жағдайды анықтау үшін: әкеңіздің тезірек өлгенін сіздің тілейтін-тілемейтініңізді білгім келіп еді.
Иван Федоровичті бәрінен де гөрі ызаландырғаны Смердяковтың осынау оспадарсыз әуеннен әсте тайғысы келмегендігі болды.
— Оны өлтірген мына сенсің! — деді даусы қатты шыққан ол бір кезде.
Смердяков кекете мырс етті.
— Оны өлтірген мен емес, мұны сіз өзіңіз де бек жақсы білесіз. Ақылды адамға бұл жайында енді сөз қылатын да реті жоқ шығар деп ойласам.
— Бірақ неліктен, неліктен ғана сен онда маған сондай күдік туғыздың?
— Өзіңіз білесіз, тек қорқыныштан ғана. Өйткені онда мен зәре-құтым қашқандықтан жұрттың бәріне күдіктенетін мүшкіл халге түскен едім. Сізді де сынап көрмекші болғаным сондықтан, егер сіздің тілегіңіз ағаңыздың ниетімен бір жерден шықса, онда бұл істің біткені, сөйтіп, екі арада шыбын өледі демекші, мен де құритын шығармын деп ойладым.
— Әй, сен бұдан екі жұма бұрын басқаша айтып едің ғой.
— Ауруханада жатқанымда сізбен сөйлескенде де айтпағым осы-ды, бірақ, сіз мұны артық сөзсіз-ақ түсінер, өте ақылды кісі болғандықтан, ашық әңгімені қаламаған шығар деп ойлаған едім.
— Сөзін қарашы! Бірақ сен бұлталақтатпай жауап бер, естимісің: сенің сұмпайы көкейіңде мен өзімді масқаралайтын мұндай сұмдық күдікті нақ қалай және нақ қандай қылығыммен туғыздым екен?
— Өлтіруге ме — жоқ, мұны сіз өзіңіз әсте істей алмас едіңіз, бұл тіпті ойыңызға да келмеген шығар, ал егер оны басқа біреу өлтірсе — мұның жөні бір басқа, сіздің мұны тілегеніңіз күмәнсыз.
— Асықпай-саспай, салмақтап сөйлеуін қара мынаның! Сен не деп оттап тұрсың өзі, әкеме өлім тілейтін мені не қара басыпты?
— Қара басатын не бар? Оның сіздерге мұра боп қалатын байлығы ше? — деп Смердяков зілмен және тіпті бір түрлі кекете іліп әкетті. — Онда ағайынды үшеуінің әрқайсына кемінде қырық мыңнан келмей ме, тіпті одан көбірек болуы да мүмкін, ал егер онда Федор Павлович әлгі анау Аграфена Александровна ханымға үйленсе, онда ол некесі қиылғасын-ақ барлық капиталды дереу өзінің атына көшіретін еді, өйткені ол соншалықты ақылсыз әйел емес, міне сонда үшеуіңе әкелеріңнен екі сөлкебай да бұйырмас еді. Ал онда неке қиярға кеп қалып па еді? Қылдай ғана қалған-ды: сұңғыла ханым тек шынашағымен міне былай белгі берсе-ақ болды, шалың тілі салақтап оның соңынан шіркеуге жүгіре жөнелуге дайын болатын.
Иван Федорович өзін-өзі амалсыздан ұстап қалды.
— Мақұл, — деді ол ақырында, — өзің көрдің міне, мен орнымнан атып тұрып, саған қол көтерген жоқпын, сені өлтірген жоқпын. Айта беруіңе болады айтатыныңды: демек, сеніңше, мен Дмитрийді сондай бір сұмдыққа итермелеп, бірдеңеден үміттенгенмін ғой, тегі?
— Үміттенбесеңіз өйтесіз бе, әрине, үміттендіңіз, егер ол әкесін өлтіруге барса, онда барлық ақсүйектік құқықтары мен шенінен ада болып, өзіне тиетін еншіден де құдаң қағып, тескен тау айдалмай ма. Онда оның еншісі ініңіз Алексей Федорович екеуіңе қалады, бірдей ғып бөліп аласыздар, демек, бұл әрқайсыңа қырық мыңнан емес, енді алпыс мыңнан келеді деген сөз. Ендеше, сіздің онда Дмитрий Федоровичке бір үміт артқаныңызда күмән жоқ!
— Қап, мынаның қорлығын-ай! Тыңдағын, оңбаған: егер онда мен біреу-міреуге үміт артсам, әрине, тек саған ғана үміт артар едім, бірақ әсте Дмитрийге емес; ант етуге бармын, онда мен бір сұмдықты ойлап жүр ме деп нақ сенен сезіктенгенмін... онда... менің ондағы әсерім әлі есімде!
— Онда сізді мен жөнінде де сондай пікірде болар деп бір минутке ойлап қалғаным рас, — деп Смердяков кекесінмен ыржия күлді, — демек, онда сіз менің алдымда өзіңізді онан бетер әшкерелеген болатынсыз, өйткені егер менің бір жамандықты күте тұра кетіп қалсаңыз, онда бұл: әкемді өлтірсең өлтіре бер, мен саған бөгет жасамаймын дегенмен тең емес пе.
— Мына сұмырай не дейді? Сен тап солай ұқтың ба?
— Бәрі әлгі Чермашнясы құрғырдан басталды ғой. Аясаңшы! Әкеңіздің Чермашняға барып кел деп қолқалағанына құлақ қоймастан, Мәскеуге жүруге дайындалдыңыз! Содан кейін мен ақымақтың жалғыз ғана сөзіне бола кенеттен келісе кеттіңіз! Сол Чермашняға баруға келісетін не бар еді! Демек, менің бір сөзім үшін, Мәскеуге кетпей, Чермашняға барсаңыз, бұл сіздің менен бірдеңеге үмітті болғандығыңыздың белгісі емес пе.
— Жоқ, құдай ақы, жоқ! — деп қарғанды ызадан тісін шықырлатқан Иван.
— Қалайша жоқ? Қайта, сондағы айтқан сөзім үшін сіздің — қалай дегенмен әкеңіздің бел баласысыз ғой — мені желкемнен алып бөлімшеге сүйреуіңіз, дүрелеп алуыңыз керек еді... тым болмаса, сол арада тұмсықтан бір салып жіберсеңіз де артық емес-ті, ал сіз, ғапу етіңіз, қайта, ешбір қабақ та шытпастан, мен ақымақтың тілін алып, мұның ешбір жөні болмаса да, Чермашняға кеттіңіз, сіздің онан да әкеңіздің жанын сақтап үйде болуыңыз керек еді ғой... Осыдан кейін мен қалай ойламақпын?
Иван қабағын түйіп, дірілдеген қалпы жұдырығымен тізесіне сүйеніп отырып қалған еді.
— Иә, сонда сенің мұрныңды бет қылмағаным өкінішті-ақ, — деді ол бір кезде күйінішпен мырс етіп. — Онда сені бөлімшеге сүйрелеудің жөні болмады: маған кім сенеді және не демекпін ал тұмсықтан бір қасқайту... уһ, есіме түспегенін қарасаңшы; жұдырық жұмсауға тыйым салынғанмен, бір рет аузыңды қан жалатуым қажет-ақ еді.
Смердяков оған қыбы қанған кісіше қарады.
— Жайшылықта, — деді ол бір кездерде Федор Павловичтің үстеліне барып, Григорий Васильевичпен дін жайында таласып, оны келемеждегендей білгішсіп, менменсіген әуенмен, — күнделікті өмірде жұдырық жұмсауға осы заманда заң жүзінде шынында да тыйым салынған, сөйтіп бәрі ұрып-соғудан қалған, алайда, төтенше жағдайда, біз түгіл, күллі әлемде, тіпті нағыз толық француз республикасы болса да мейлі, сонау Адам ата мен Хауа ана дәуіріндегідей, бәрібір ұрмай-соқпай қоймайды, бұл ешқашан да тыйылмайтын шығар деймін, ал сіз сондай төтенше жағдайда да қол көтере алмадыңыз.
— Сен, немене, французша сөйлеуге үйреніп жүрсің бе? — деп Иван иегімен үстел үстінде жатқан дәптерді нұсқады.
— Оның не сөкеттігі бар, үйренсем білімімді молықтыруға септігі тиеді, сосын, кім біледі, бір заманда Еуропаның сол ырыс дарыған елдеріне баруым да мүмкін ғой.
— Әй, жауыз, — деді көзі шатынап, тұла бойы дірілдеп кеткен Иван, — сеңің маған қоятын мен ешбір қорықпаймын, мені қалай көрсетсең де мейлің, ал егер мен қазір сені өлімші ғып тепкілемесем, мұның бір ғана себебі бар: осы қылмыс сенің қолыңнан келді ме деп күдіктене беремін және бұл үшін сені сотқа тартқызбай қоймаймын. Мен сені әшкерелеймін әлі!
— Ал меніңше, үндемегеніңіз жөн. Ешбір айыбым болмаса, маған не қыла аласыз, сізге кім сенеді? Ал егер бірдеңе деп бықсыта бастасаңыз, мен де бәрін жайып саламын, менің де өзімді ақтауым керек қой?
— Сен, немене, мені қорқады деп ойлаймысың?
— Сізге осы айтқанымның бәріне, мейлі, сотта сенбесе сенбей-ақ қойсын, оның есесіне былайғы жұрт иланып қалады, сөйтіп сіз масқара боласыз.
— Бұл не, тағы да: "Ақылды адаммен әңгімелескен қандай ғанибет" дегенің бе, а? — деп Иван тісін шықырлатты.
— Сіз дәл үстінен түстіңіз. Ендеше, бұрынғыша ақылды болыңыз.
Иван Федорович түрегеліп, ызаға булыққан күйі, пәлтесін киді де, Смердяковқа жауап қайырмастан, тіпті оған бұрылып та қарамастан, тез шығып кетті, кешкі таза ауа оны сергітіп жіберген еді. Ай жарық болатын. Шым-шытырық боп шатасқан неше түрлі сұмдық ойлар мен түйткіл-түйсіктер оның зығырданын қайнатып барады. "Қазір барып, Смердяковты көрсетсе қайтеді? — Алайда, барғанда не демек: қалай болғанда да ол кінәлы емес қой. Ол, қайта, менің өзімді айыптап жүрер. Шынында да, сонда мен Чермашняға неге бардым? Не үшін, неге бардым? — деп Иван Федорович өзінен-өзі қайта-қайта сұрады. — Иә, мен, әрине, бірдеңені күттім, онікі дұрыс..." Соңғы түні әкесінің үйінде баспалдақта тұрып, оның бөлмесіне өзінің қалай құлақ түргені міне жүзінші рет есіне түскен шығар, бірақ бұл жолы оның қапаланғаны сондай, біреу бүйірден түйреп алғандай, кілт тоқтай қалған: "Иә, онда мен осыны күткенмін, бұл рас! Менің тілегенім нақ оның өлімі болатын! Әйтсе де, бұл қалай, сонда әкемнің өлімін шын тілегенім бе?.. Смердяковты өлтіру керек!.. Егер Смердяковты өлтіре алмасам, онда маған жер басып жүрудің де керегі жоқ!.." Иван Федорович онда үйіне соқпастан, тура Катерина Ивановнаға барып, өзінің сықпытымен оны жаман шошытқан-ды: ол есінен адасқан кісі секілді көрінген. Иван Федорович оған Смердяковпен болған әңгімені бастан-аяқ, бүге-шігесіне дейін баяндап берген. Катерина Ивановнаның басалқасына қарамастан, ол ашуын баса алмай, бөлмеде ерсілі-қарсылы сенделе берген, сөзі үздік-создық, таңғаларлық еді. Ақыры, ол қолын үстелге шынтақтап қойып, жағын таянып отырған күйі мына бір түсініксіз нақылды айтқан:
— Егер оны өлтірген Дмитрий емес, Смердяков болса, онда менің онымен тілектес болғаным, өйткені оны итермелеген мен. Бірақ итермеледім бе, жоқ па — мұны әлі білмеймін. Ал егер Смердяков өлтірмей, Дмитрий өлтірген болып шықса, онда, әрине, менің де кісі өлтіруші болғаным.
Оны тыңдап болған соң, орнынан үндемей түрегелген Катерина Ивановна өзінің жазу үстеліне барып, үстіндегі қобдишаны ашып, ішінен бір қағазды алып, Иванның алдына қойды. Бұл Иван Федорович кейін Алешаға әкесін Дмитрийдің өлтіргенін "күмәнсіз дәлелдейді" деген қағаз еді. Ол Митяның мас күйі Катерина Ивановнаға жазған хаты болатын, оны ол Катерина Ивановнаның үйіндегі кикілжіңнен кейін — Грушенька Катерина Ивановнаны қорлаған оқиғадан кейін — монастырьға қайтып бара жатқан Алешаны кездестірген кеште жазған-ды. Онда, Алешамен ажырасқаннан кейін, Митя Грушенькаға жетуге асыққан; оны көрген-көрмегені белгісіз, алайда қараңғы түсе "Астаналық шаһар" трактирінен бір-ақ шығып, удай мас болғанша ішкені анық. Мас күйі қалам мен қағаз сұрап алып, кейін өзіне бәле болып жабысатын хатты жазған. Бұл — ашу үстінде жазылған, мылжың, бас-аяқсыз бірдеңе-ді, нақ "мастың шатпағы-ды". Мас адам, үйіне келген соң, ілкіде ғана оны бір саппастың өлердей қорлағанын, оның қандай оңбаған, ал өзінің қандай әдепті екенін, ол сұмырайға сыбағасын бермей қоймайтынын — осының бәрін шұбыртып, жөн-жобасыз, елеуреп, жұдырығымен үстелді қойғылап, көзінен масаң сорасы сорғалап айтпай ма, бұл хат та сол секілді. Трактирде оған сырт жағы біреумен есеп айырысуға пайдаланылған кәдімгі сапасы төмен, бір жапырақ кір-кір қағазды берген-ді. Мас адамның ағыл-тегіл мылжыңына, тегі, орын жетпесе керек, сондықтан Митя ашық жердің бәріне толтырғаннан кейін хатының соңғы жолдарын тіпті бұрынғы сөздердің үстінен қиғаштап жазыпты. Хаттың мазмұны міне мынадай: "Тағдырымның иесі, Катя! Ертең ақша тауып аламын да, сенің үш мың сомыңды қайтарамын, сонан соң қош бол — адуынды әйел, бірақ сонымен бірге өзімнің махаббатым, сен де қош аман бол! Бәрін осымен тәмамдайық! Ертең біреулерден сұрап көремін, ал егер таба алмасам, саған ант етемін, әкемнің үйіне барып, оның басын жарып, жастығының астында тығулы жатқан ақшаны аламын, тек оған дейін Иван кетсе екен. Тескен тау айдалсам да мейлі, ақшаңды қайтарамын. Ал өзің қош аман болғайсың. Саған басымды иіп тағзым етемін, өйткені сенің алдында мен нағыз арамзамын. Кешір мені. Жоқ, кешірмегенің жақсы: маған да, саған да жеңілірек болады! Сенің махаббатыңнан да каторгаға айдалғаным артық, өйткені мен басқа әйелді сүйемін, оның қадір-қасиетіне менің бүгін ғана көзім жетті, ендеше сен мені қалай кешірмексің? Өзімді тонап алған кәззәпті өлтіріп тынамын! Ешқайсыңды көрмеу, білмеу үшін сендердің бәріңнен Шығысқа кетіп қарамды өшіремін. Анау әйелді де көргім келмейді, өйткені менің азаптаушым жалғыз сен ғана емес, мені ол да азапқа салады. Қош бол!
P.S. Қарғыс айтып отырсам да, сені құрмет тұтам! Кеудемнен бірдеңенің үні естіледі. Қалып қойған жалғыз ішек дыңылдайтындай. Онан да жүрегімнің қарс айрылғаны артық еді ғой! Әуелі қалай дегенмен анау төбетті өлтіремін де, сонсоң өзімді жоқ қыламын. Үш мыңды қолынан бермесе, жолынан аламын да, саған лақтырамын. Сенің алдында арамза болсам да, ұры болмайын! Үш мың сомыңды аласың. Кәрі төбеттің төсегі астында қызғылт лентамен буулы жатыр. Мен ұры емеспін, бірақ өзімді тонаушыны өлтірмей қоймаймын. Катя, жеркене қарама: Дмитрий ұры емес, ол кісі өлтіруші! Ол әкесін өлтірді, сөйтіп сенің тәкаппарлығыңа қор болмайын деп өзін-өзі құртты. Ол мұны сенің махаббатыңнан қорыққасын істеді.
PPS. Сенің аяғыңнан сүйемін, қош бол!
PP.SS. Катя, біреулердің ақша беруін тіле құдайдан. Онда менің қолым қан болмайды, ал бермесе — онда қанға боялады! Өлтірсеңші мені!
Сенің құлың әрі дұшпаның Д. КАРАМАЗОВ".
"Қағазды" оқып шыққасын Иванның көзі жетті. Демек, Смердяков емес, өз ағасы өлтірген. Ал Смердяков өлтірмесе, онда Иванның да өлтірмегені. Бұл хат оның көз алдында кенеттен айдан анық мағынаға ие болып шыға келген еді. Енді ол Митянын айыптылығына ешқандай күмән келтіре алмайтын болған. Айтқандайын, Митяның Смердяковпен сөз байласып өлтіруі мүмкін ғой деген күдік ешқашан Иванның қаперіне де кірмеген, оның үстіне бұл айғақтармен де үйлеспейтін. Иванның көңілі біржола орныққан еді. Ертеңіне таңертең ол Смердяковты және оның кекесінді күлкісін жай жеркене есіне алған да қойған. Бірнеше күннен кейін ол Смердяковтың күдігіне өзінің соншама неге қапа болғанына тіпті таңғалған. Иван оны сол жек көрген күйі біржола ұмытуға ұйғарған. Осылай бір ай өткен-ді. Смердяков ауыр науқас екен, жындануға айналыпты дегенді бірер мәрте құлағы шалғаны болмаса, Иван Смердяков жөнінде ешкімнен сұрамайтын болған. Бірде жас дәрігер Варвинскийдің: "Ол жынданады", — дегені ғана есінде қалған. Осы айдың соңғы жұмасында Иванның өзі де халінің өте нашарлағанын сезген еді. Дәл сот болардың алдында Катерина Ивановна Мәскеуден алдырған дәрігермен ақылдасуға да барған. Дәл осы кезде Катерина Ивановна екеуінің қарым-қатынасы да тым ушығып кеткен-ді. Олар бір біріне ғашық екі қас дұшпан іспеттес болған. Катерина Ивановнаның кенеттен, Митяға қайта-қайта құштарлана оралуы Иванды әбден ызаландырып біткен. Бір ғажабы, біз баяндап өткен Катерина Ивановнаның үйіндегі соңғы оқиғаға дейін — онда Алеша Митядан келе жатып сонда соққан-ды — ол, Иван, бір ай бойы бір рет те Митяны кінәлаған күдік естімеген; Катерина Ивановнаның Митяға "айналсоқтай" бергендігіне және Иванның мұны жақтырмағандығына қарамастан, осылай болған еді. Тағы бір қызығы, Митяны күннен-күнге онан бетер жек көре бастағанын сезгенде, ол ағасын Катяның оған "айналсоқтай" бергені үшін емес, ал оның өз әкесін өзі өлтіргені үшін жек көретіндігін түсінген! Мұны толық сезіп, мойындаған. Дегенмен, Иван сот болардан он күн бұрын Митямен жолығып, оған қашып кетудің жоспарын айтқан; бұл жоспар, тегі, көптен ойластырылса керек. Бұл арада, оны мұндай қарекетке итермелеген басты себептен басқа, тағы бір гәп бартұғын: Смердяковтың оған, Иванға, бар айыптың Дмитрийге ауғаны тиімді, өйткені әкеден қалған мұраны бөлгенде Алеша екеуіне тиетін енші қырық мыңнан алпыс мыңға дейін өседі-міс деген сөздері оның жүрегіне шөңгедей қадалып тұрып алған еді. Сондықтан ол Митяны қашырып жіберуге өз тарапынан отыз мыңды тәуекел етуге ұйғарған болатын. Анада Митядан қайтып келе жатқанында ол жаман жабырқап, қатты қысылған еді, оның өзінен-өзі: "Бұл іштей менің де тап сондай кісі өлтіруші болғандығымнан емес пе екен?" — деп сұрағысы келген. Оны алыстан қармап, жанын жеп бара жатқан бірдеңе қинаған. Ең бастысы, осы бір ай бойы тәкаппар басы сұмдық азапқа түскен, дегенмен бұл жайында кейіннен... Алешамен сөйлескесін пәтеріне келіп, есіктің қоңырауынан ұстай беріп, аяқ астынан Смердяковқа барғысы келгенде, Иван Федорович кенет көкірегін кернеген алабөтен ашу-ызаның ырқында болатын. Катерина Ивановнаның әлгінде ғана оған Алешаның көзінше айтқаны есіне түсе кетті. "Оны өлтірген сол (яки Митя) деп сендірген сенсің, тек қана сенсің!" Осы сөздер ойына оралғанда Иван тіпті сілейіп тұрып қалды: ол шалды Митя өлтірді деп Катерина Ивановнаны еш уақытта сендірген емес, қайта, Смердяковқа барып келгеннен кейін ол Катерина Ивановнаның алдында өзіне-өзі күдіктене бастаған. Онда, керісінше, бұған "қағазын" жайып салып, Дмитрийдің айыпты екендігін дәлелдеген оның өзі болатын! Енді келіп: "Смердяковқа өзім де барғанмын!" — деп кекірейді. Қашан барды екен? Иван бұл жайында түк білмейтін еді. Демек, ол Митяның айыптылығына онша сенімді болмағаны ғой! Оған Смердяков не деуі мүмкін? Ол Катерина Ивановнаға нақ не деді екен? Иванның жүрегінде буырқанған ашудың оты лап еткен еді. Осыдан жарты сағат бұрын оның бұл сөздерін неғып елең қылмағанына, оған сол арада неге дүрсе қоя бермегеніне енді өзі де түсінбеген. Иван қоңырауды тастай беріп, Смердяковқа жеткенше асықты. "Бұл жолы жоқтауын бір-ақ асырарым мүмкін", — деп ойлады Иван келе жатып.
VIII
СМЕРДЯКОВПЕН ҮШІНШІ ЖӘНЕ ЕҢ СОҢҒЫ ЖОЛЫҒУ
Орта жолда азандағы үскірік, құрғақ жел қайта көтеріліп, ұсақ, қалың, құрғақ қар қырбықтай бастады. Құрғақ қар жерге жата қалмаған соң, оны жел үйіріп әкетіп, көп кешікпей кәдімгі ақ бұрқақ басталды. Шаһарымыздың Смердяков тұратын жағында шам деген мүлде жоққа жуық-ты. Иван Федорович қараңғыда, бұрқасынды елең қылмастан, жолды іштей бағдарлап келе жатқан. Басы зеңіп барады, екі шекесі зірк-зірк етеді. Білезіктен төмен екі қолының сіңірі тартылатын секілді, мұны ол сезіп келеді. Марья Кондратьевнаның баспанасына азғана қалғанда Иван Федорович аяқ астынан бір масты кездестірді; шоқпыт-шоқпыт шекпен киген тәпелтек мұжық теңселе басып, бірдеңе деп міңгірлеп, балағаттап келеді, сонсоң, кенет тыйыла қалып, қарлыққан масаң дауыспен ән салған болады:
Ванька кеткен Питерге,
Күтем оны мен неге!
Бірақ ол осы екінші жолдан кейін тоқтай қалып, әлдекімді тағы да балағаттай бастайды, сосын қайтадан әлгі әнге басады. Әлі ештеңені пайымдай қоймаса да, оған сұмдық зығырданы қайнаған Иван Федоровичке кенет бір ой келді. Ол мына мұжықты төбесінен бір қойып, ұшырып түсірер ме еді деп қыстыққан. Дәл осы сәтте екеуі қатарласа беріп еді, мұжық шайқалып кетіп, бар салмағымен Иванға келіп соқтықты. Иван оны қатты итеріп қалды. Қатқақ жерге кескен томарша жалп ете түскен мұжық: О-о! — деп бір ышқынды да, сұлық жатты. Иван оған бір аттап жақындады, мұжық етпетінен түсіп, ешбір қимылсыз жатыр екен, түк те сезетін емес.
"Суыққа ұшып өледі-ау", — деп ойлаған Иван осыдан кейін Смердяковтың үйіне қарай кете барды.
Есік ашуға қолына шырақ ұстап жүгіріп шыққан Марья Кондратьевна оған Павел Федорович (яки Смердяков) ауыр науқас білем, төсек тартып жатқан жоқ, бірақ бейшара шалық болмады ма екен деп қорқамыз, тіпті алдына қойған шайға да ернін тигізбей қайтарып тастайды деп ауыз үйде-ақ сыбырлап жатыр.
— Немене, сонда ол бір бұзақылық істей ме? — деп сұрады Иван Федорович дөрекілеу үнмен.
— Қайдағы бұзақылық, қайта, мүлде бұйығы, үндемейді, тек сіз онымен онша ұзақ сөйлеспеңіз... — деп өтінді Марья Кондратьевна.
Иван Федорович есікті ашып, үйге кірді.
Өткен жолғыдай, бүгін де пеш маздатып жағылған екен, бірақ бөлменің ішінде болмашы өзгеріс байқалады: екі қабырғадағы сәкілердің бірін шығарып тастап, оның орнына былғарымен қапталған ескі ағаш диван әкеп қойыпты. Оның үстіне төсек салынған, аппақ жастықтары әлі онша кірлемеген. Смердяков сол бәз-баяғы халатымен төсекте отыр. Үстел диванның алдына әкеп қойылғандықтан, бөлме мүлде тарылып қалған секілді. Үстелдің үстінде сары тысты бір кітап жатыр, алайда Смердяков оны оқып отырғанға ұқсамайды; тегі, дәнеңе істемей, жай отырса керек. Ол Иван Федоровичке үнсіз, самарқау ғана көз салды, сірә, оның бұл келісіне ешбір таңырқамайтындай, бет әлпеті мүлде өзгеріп, қатты жүдеп, сарғайып кетіпті. Көздері шүңірейіп, төменгі қабағы көгерген.
— Сен өзің шынында да ауырып қалғаннан саумысың? — деді Иван Федорович. — Мен көп отырмаймын, тіпті пәлтемді де шешпеймін. Қайда тізе бүгейін?
Ол үстелдің екінші шетінен келіп, орындықты жылжытып қойып отырды.
— Неге қадала қалдың, неге үндемейсің? Менің бір ғана сауалым бар: саған Катерина Ивановна ханым келді ме? Сенен бір жауап естімей кетпеймін, білдің бе.
Біразға дейін үн қатпай, Иванға самарқау көз салып отырған Смердяков кенет қолын бір-ақ сілтеп, теріс қарады.
— Саған не болған? — деді Иван сәл шытынып.
— Ештеңе болған жоқ.
— Бұны қалай түсінуім керек?
— Ал қайтесің, келді, сізге бәрібір емес пе. Қойыңызшы.
— Жоқ, қоймаймын! Айтсаңшы, қашан келіп еді?
— Есімде жоқ, білмеймін, — деді Смердяков жаратпаған пішінмен мырс етіп; ол кенет Иванға қайта бұрылып, оған оқты көзімен ата қарады.
— Өзіңіз де аурусыз ғой деймін, жүдеп қалыпсыз, өңіңіз де бұзылып кетіпті, — деді ол Иванға.
— Менің денсаулығымды қайтесің, онан да сауалыма жауап бер.
— Көзіңіз неге сарғайып кеткен, ағын қарашы — сап-сары. Немене, әбден азапқа түсіп жүрсіз бе?
Ол кекете мырс етті де, кенет күліп жіберді:
— Естимісің, саған айттым ғой бір жауабыңды естімей кетпеймін деп! — Терісіне сыймаған Иван айқайлап жіберді.
— Сіз маған неге дікілдей бересіз! Әбден азаптап болдыңыз ғой? — деп міңгірледі қиналған Смердяков.
— Ә, сайтан! Саған жармасатын нем бар менің. Сауалыма жауап берсең, қазір кетемін.
— Менің сізге айтатын ештеңем жоқ! — деді Смердяков тағы да тұнжырай қалып.
— Айтқызбай қоймаймын, бұған иманың кәміл болсын!
— Сіз неге осыншама мазасыздана қалдыңыз? — деді оған кенет тесірейе қараған Смердяков, бірақ ол енді жек көргені былай қалып, тіпті бір түрлі жеркене қарағандай болған еді. — Не, ертең сот бастала ма? Сізге түк те болмайды, айтқанға сенсеңізші ақыры! Үйіңізге қайтыңыз да, ештеңеден қауіптенбей, тыныш ұйықтай беріңіз!
— Мен сені түсінбедім... сонда мен ертең неден қорқуым керек? — деді Иван таңғалып; оның жан дүниесін шынында да нендей бір үрейдің ызғары қарып кеткен еді. Смердяков оны бастан-аяқ көзбен бір шолып шықты.
— Не-ғып тү-сін-бей-сіз? — деп созды ол кінәлаған үнмен. — Ақылды адам да осындай монтаны бола алады екен ғой!
Иван оған үнсіз қарап қалды. Оны кешегі малайының аяқ астынан мінез көрсетіп, онымен сөйлескенде қайдағы бір жан көрмеген тәкаппарлық әуен танытқандығы таңғалдырған еді. Мұндай әуен тіпті өткен жолы да сезілмеген.
— Сізге қорқатын түк те жоқ дедім ғой. Сізге қарсы ештеңе демеймін, ондай айғақ жоқ. Қараңызшы, қолыңыз дірілдейді. Үйіңізге қайта беріңіз, оны өлтірген сіз емес.
Иван селк етті, оның есіне Алеша түскен еді.
— Мен емесін білем... — деп міңгірледі ол
— Бі-лем дей-сіз бе? — деп Смердяков тағы іліп әкетті.
Иван атып тұрып, оның иығына жармасты.
— Кәне бәрін айт, сұмырай! Бәрін айт!
Бірақ Смердяков айылын жиған жоқ. Ол Иванға атарға оғы жоқ кісіше тесірейе қарап қалған еді.
— Олай болса, оны өлтірген мына сіз боласыз, — деді ол ызалана сыбырлап.
Иван бірдеңені түсінгендей, орындыққа отыра кетті. Ол кекете мырс етті.
— Бұл не, тағы да баяғы әуенің бе? Өткен жолы айтқаныңды тағы қайталап тұрмысың?
— Сіз өткен жолы да осылай алдымда тұрғанда бәрін түсінгенсіз, қазір де түсініп тұрсыз.
— Менің түсінгенім — сен жындансаң керек.
— Мұндай да мазасыз адам болады екен ғой бұл. Екеуден-екеу отырмыз, ендеше бір-бірімізбен осыншама арбасып, монтанысудың керегі не? Әлде менің көзімді бақырайтып қойып, барлық айыпты жалғыз маған аударғыңыз келе ме? Шалды өлтірген сіз болатынсыз, демек, басты айыпкер де сіз, ал мен тек сіздің қол шоқпарыңыз, елгезек малайыңыз Личард қана болғанмен, мен оны сіздің айтуыңыз бойынша ғана өлтірдім.
— Өлтірдім деймісің? Оны сен өлтіріп пе едің? — деді тұла бойы мұздап кеткен Иван.
Миында бірдеңе үзіліп кеткендей, оның денесі бүрісіп, дірілдеп-қалшылдай бастаған еді. Енді оған Смердяковтың өзі таңдана қараған: тегі, Иванның шынымен-ақ зәресінің ұшқандығы, ақыры, оны айран-асыр таңғалдырған болу керек.
— Сіздің шынында да ештеңе білмегеніңіз бе? — деп күдіктене міңгірлеген Смердяков оның көзіне қарап ыржия күлді.
Кенет оның ойына: Иван тілі байланған кісіше, одан көз алмай тұрып қалды.
Ванька кеткен Питерге, Күтем оны мен неге! — деген екі жол өлең оралған еді.
— Білесің бе; мен қазір түс көріп отырған жоқ па екем, алдымдағы сен емес, аруақ шығар деп қорқамын? — деп міңгірледі ол.
— Бұл арада ешқандай аруақ жоқ, екеуміз ғанамыз, сосын тағы үшінші біреу ғана бар, ол екеуміздің арамызда отыр.
— Ол кім? Арамызда отырған кім? Үшіншің кім? — деп Иван Федорович қорыққан кісіше жан-жағына алақтап, бұрыш-бұрышқа көз жүгірте бастады.
— Ол үшінші — тәңірінің өзі, аруақ та сол, ол қазір біздің қасымызда, бірақ оны көрем деп әуреленбеңіз, бәрібір таба алмайсыз.
— Сен шалды мен өлтіргенмін деп өтірік соғасың! — деп ызалана жекірінді Иван. — Сен әлде жынданғансың, әлде, өткен жолғыдай, мені мазақтап отырсың!
Смердяков бағанағыдай, ешбір қымсынбай, оған барлай қараған еді. Ол іштегі күдігінен әлі де арыла алмаған-ды, оған Иван әлі де "бәрін білетіндей", ол "мұның көзін бақырайтып қойып, барлық айыпты соған аудару" үшін жорта сезбегенситіндей көрінген.
— Кішкене тоқтай тұрыңыз, — деді ол ақыры әлсіз үнмен, сосын кенет үстелдің астынан сол аяғын шығарып, шалбарының балағын қайыра бастады. Ұзын ақ шұлықпен бәтіңке киген екен. Смердяков байлауышын асықпай шешкеннен кейін шұлыққа қолын бойлата сұқты. Мұны көргенде зәресі ұшқан Иван Федорович тіпті дірілдеп кеткен еді.
— Жынданғансың ба! — деп бақырып жіберген ол орнынан атып тұрып, шалқая беріп еді, арқасымен қабырғаға соғылып, оған жабысып қалғандай состиды да тұрды. Ол Смердяковқа зәре-құты қаша қорқып қарады. Ал анау, Иванның үрейленгенін елең де қылмастан, шұлығының түбінен бірдеңені алмақшы болып әуреленіп жатыр. Ақыры ол саусақтарымен бірдеңені ұстап бері тарта бастады. Иван Федорович оның әлдеқандай бір қағаздар немесе қағазға оралған бірдеңе екенін көріп тұр. Смердяков әлгі нәрсені шұлығынан шығарғасын үстелдің үстіне қойды.
— Мін-не! — деді ол ақырын ғана.
— Бұл не? — деп үн қатты дірілдеген Иван
— Көрсеңізші! — деді ақырын ғана Смердяков.
Иван үстелге жақындап барып, қағазға оралған затты ашпақшы бола берді де, әлдеқандай бір сұмдық, жеркенішті бақа-шаянға қолы тиіп кеткендей, саусақтарын тез тартып алды.
— Саусақтарының сіңірі тартылып, дірілдеп тұрғаны несі, — деп Смердяков оралған қағазды өзі асықпай жаза бастады. Оның ішіндегі үш пәшке шылғи қызғылт жүз сомдықтар екен.
— Үш мыңның бәрі түгел, есептемесеңіз де болады. Алсаңызшы, — деді ол Иванға иегімен ақшаны меңзеп. Иван орындыққа сылқ етті. Оның өңі аппақ шүберектей еді.
— Әлгі шұлығы құрғырмен... зәремді алдың ғой.... — деді ол бір түрлі ебедейсіз ыржиып.
— Сіз осыған дейін неғып білмедіңіз, шынымен-ақ түк сезбедіңіз бе? — деп Смердяков қайталап сұрады.
— Жоқ, білген жоқпын, мен Дмитрий шығар деп ойлаған едім. Аһ, сорлы бауырым. Сорлаған ағам! — Ол кенет басын қос қолдап қысты. — Эй, сен оны жалғыз өзің өлтірдің бе? Ағаммен біріктің бе, әлде жалғыз өзің бе?
— Тек сізбен бірігіп қана: шалды сіз екеуміз өлтіргенбіз, демек, Дмитрий Федоровичтің ешбір кінәсы жоқ.
— Жарайды, жарайды... Мен жөнінде кейін. Дірілдеп кеткенім не бұл... Бірдеңе деуге де мұршам келмей барады.
— Сіздің анадағы батылдығыңыз қайда кеткен, онда "бәріне де рұқсат" деп күпінген едіңіз, енді келіп осыншама зәреңіз ұшады!— деп міңгірледі аң-таң болған Смердяков. — Лимонад ішіп жіберсеңіз қайтеді, қазір-ақ алғызайын. Тез сергітеді. Тек әуелі мынаның бетін жауып қояйық.
Сонсоң Смердяков иегімен тағы да ақшаны меңзеді. Ол Марья Кондратьевнаға лимонад әзірлеп әкеле ғой деп дауыстауға ыңғайлана берді де, көріп қалмасын деп әуелі ақшаны бүркемекші болды: қалтасынан қол орамалын алып еді, ол тағы да сатпақ-сатпақ екен, сондықтан үйге кіргенде Иванның көзіне шалынған, үстел үстіндегі жалғыз сары кітапты алды да, сонымен үстінен бастыра салды. Кітаптың аты: "Қасиетті пірәдарымыз Исаак Сириннің ұлағаты". Иван Федорович кітаптың атын әп-сәтте оқып үлгерген еді.
— Лимонадыңды ішпеймін, — деді ол. — Мен жөніндегіңді де қоя тұр. Онан да отыр да, бәрін баяндап бер: сен мұны қалай істедің? Бәрін айт...
— Пысынайсыз ғой, тым болмаса пәлтеңізді шешсеңізші.
Иван Федорович шешінбей отырғаны енді ғана есіне түскендей, пәлтесін сыпырып, орындықтан көтерілместен сәкіге лақтыра салды.
— Айтсаңшы, өтінемін, айтсаңшы!
Иван тынышталғандай болды. Ол енді Смердяковтың бәрін жайып салатындығына сенімді еді.
— Қалай еткенімді айтайын ба? — деп бір күрсінді Смердяков.
— Сіздің сондағы айтқаныңыздай... бәрі өзінен-өзі орайластырылды...
— Менің сөзімді қазір қайтесің, — деді оның сөзін бөліп жіберген Иван, бірақ ол енді, ілкідегідей жекірінбей, өзін-өзі тізгіндеп, әр сөзін нығарлай түскен еді. — Тек мұны қалай істегеніңді бүге-шігесіне дейін айт. Рет-ретімен. Ештеңені ұмытпа. Ең бастысы — осы бүге-шігесі. Өтінем.
— Сіз жүгіріп кеткесін мен жерқойма құладым...
— Қояншығың ұстады ма, әлде жорта құладың ба?
— Әрине, жорта талып қалдым. Бәрі өтірік. Баспалдақпен ептеп төмен түстім де, жерге ақырын қисая кетіп, бақырып, қиқылдап-шиқылдадым да қалдым. Көтеріп шығарғанша аласұрып, тыпырши бердім.
— Тоқта! Ылғи, соңынан ауруханада да өтірік ауырдың ба?
— Жо-жоқ. Ертеңіне, азанда, ауруханаға әкетпей-ақ, ауруым шын ұстап қалды, ұстағанда да өте қатты болды, тіпті кеп жылдан бері олай ұстаған жоқ-ты. Екі күн мүлде ес-түссіз жаттым.
— Жарайды. Айта бер.
— Мені әлгі кереуетке әкеп жатқызғанда-ақ қалқаның сырты екенін сезе қойдым, өйткені Марфа Игнатьевна, ауруым ұстап қалғанда, мені қашан да өз бөлмесіндегі осы қалқаның сыртына әкеліп жатқызатын еді. Шыр етіп жерге түскелі бері байғұстың маған жаны ашып тұратын. Түні бойы ыңырсып шықтым, тек ақырын ғана..Дмитрий Федоровичті күтіп жаттым.
— Күткенің қалай, саған келмек пе еді?
— Маған не деп келеді. Мен оның шалға келуін күтіп жаттым, өйткені тап сол түні келмей қоймайтындығына ешқандай күдігім жоқ-ты, сонсоң, мен жатып қалсам, ал ол ешбір хабар ала алмаса, дуалдан секіріп түсіп, үйге кіруге әрекет жасамағанда қайтеді, оның ойлаған ісін тындырмай қоймайтындығы белгілі.
— Ал егер ол келмесе қайтер едің?
— Онда түк те болмас еді. Онсыз батылым бармас еді.
— Жақсы, жақсы... тек байыптап айт, асығып-аптықпа, ең бастысы — ештеңені ұмытпа!
— Мен ол дәу де болса... Федор Павловичті өлтіретін шығар деп күтіп жаттым... Өйткені, әсіресе соңғы күндері... мен оны әбден қайрап-ақ баққанмын... ең бастысы — есікті қалай тықылдатуды біледі. Бұл күндерде көкейге жиналған күдік пен ашу-ызаға күпті болған көңіл оны, қалай тықылдатуды білгендіктен, бар-бардың астына алуға тиісті. Бұл сөзсіз. Менің оны күткенім осыдан.
— Тоқта. — деді Иван оның сөзін бөліп, — егер ол шалды өлтірсе, онда ақшаны алып тайып отырмай ма, сенің ойыңша осылай болуға тиісті еді ғой? Әйтпесе саған не пайда? Мен түсінбеймін.
— Ол ақшаны еш уақытта бәрібір таба алмас еді. Өйткені мен шалдың ақшасы төсегінің астында деп жорта айтқанмын. Бұл өтірікті. Бұрын қобдишада болатын, міне, солай-ды. Содан кейін мен Федор Павловичті, марқұм жалғыз маған ғана сенетін еді ғой, ақша салған пакетті бұрыштағы иконаның сыртына апарып жасыр, алда-жалда біреу-міреу ұрлағысы келсе, асығыста ештеңені аңдамайды деп үгіттегенмін. Сонымен, ол пакет бұрыштағы иконаның сыртында тығулы тұратын. Қобдишада жатса бір сәрі, оның тым болмаса кілті бар, ал ақшаны төсектің астына тастай салу деген тіпті күлкі емес пе. Ал мұнда бәрі ақша төсектің астында жатыпты-мыс дегенге сенеді. Зердесіздік қой бұл Сонымен, егер оны шынында да Дмитрий Федорович өлтірген болса, онда ол ештеңе таба алмай, кез келген сыбдырдан зәресі ұшып, кісі өлтірушілер қашан да өстеді, сол үйден қашқанша асығар еді, немесе қолға түсер еді. Онда мен келесі күні немесе тіпті сол түнде-ақ бұрыштағы иконаның сыртындағы ақшаны оп-оңай ала қояр едім. Сөйтіп бар бәле Дмитрий Федоровичке ауар еді. Бұған үмітім кәміл-тұғын.
— Ал егер ол өлтірмей, тек ұрып кетсе қайтер едің?
— Егер өлтірмесе, онда, әрине, ақшаны алуға менің батылым бармас еді де, жабулы қазан жабулы қалатын еді. Бірақ, мынадай есебім де бар-ды, егер оны тек өлімші ғып сабап кетсе, онда мен ол есінен танып жатқанда ақшаны қымқырып үлгеріп, соңынан Федор Павловичке сізді соққыға жығып, ақшаны тонап кеткен Дмитрий Федорович деп отлепарттайтын1 едім.
— Тоқта... мен шатасып барам... Олай болса, шалды өлтірген Дмитрий де, ал сен тек ақшаны алдың ғой?
— Жоқ, өлтірген ол емес. Иә, оны өлтірген Дмитрий деп... сізге қазір де айта салар едім, алайда енді жалған сөйлегім келмейді, өйткені... өйткені, егер сіз шынында да, өзім көріп отырғандай, осыған дейін түкке түсінбесеңіз және өзіңіздің айдан анық айыбыңызды көзімді бақырайтып қойып маған аудару үшін менің алдымда қулық жасасаңыз, онда да бәрібір қалай болғанда да барлығына сіз кінәлысыз, өйткені сіз шалдың өлетінін білгенсіз және оны өлтіруді маған жүктегенсіз, сосын, осының бәрін біле тұра кетіп қалғансыз. Сондықтан бұл қылмысқа басты айыпкер сіз екеніңізді, қолын қандаған мен болсам да, басты айыпкер мен емесін осы кеште көзге шұқып дәлелдегім келеді! Заң тұрғысынан алғанда, оны өлтірген нақ сіз боласыз!
— Мен қалай, неліктен кісі өлтіруші болып шығамын? О, тағала! — деп кіжінді, ақырында өзі туралы сөзді ең соңында қалдырғанын ұмытқан Иван. — Бұл не, баяғы Чермашня ма? Тоқта, сен мынаны айтшы: егер Чермашняны келіскендіктің белгісі деп ұқсаң, онда саған менің келісім беруім неге керек болды? Сен мұны енді қалай түсіндірер екенсің?
— Сіздің келіскендігіңізге сенімді болсам, бұл жоғалған үш мың ақша үшін қайтып келгесін шу көтермейтініңізді, ал егер қайсыбір себептен бастықтар Дмитрий Федоровичтің орнына маған күдіктенсе немесе мені онымен сыбайлас деп кінәлайтын болса, керісінше, мені басқалардан қорғайтыныңызды біліп жүрмеймін бе... Ал әкеден қалған мұрадан енші тигеннен кейін мені қалған өміріме жетерліктей ғып жарылқайтыныңыз өзінен-өзі белгілі, өйткені ол еншіге қалай дегенмен әуелі менің арқамда қолыңыз жететін еді, ал Аграфена Александровнаға үйленгеніңізде көрер ем қалай қолыңызды мұрынға тығып қалғаныңызды.
— А! Сен мені тіпті кейін де, өмір бойы азаптамақшы болған екенсің ғой! — деді Иван тісін шықырлатып. — Ал егер мен онда кетіп қалмай, сені ұстап берсем қайтер едің?
— Онда сіз мені қалай ұстап берер едіңіз? Чермашняға бар деп үгіттеді дейсіз бе? Ол ақымақтық болмай ма. Сонан соң, екеуміздің әңгімемізден кейін сіз жүріп кетер ме едіңіз, әлде үйде қалар ма едіңіз. Егер ешқайда кетпесеңіз, онда ештеңе болмас та еді, сіздің бұл 13қылмысқа аяқ басқыңыз келмейтінін білгесін мен де тырп етпес едім. Ал егер жүріп кетсеңіз, онда бұл мені сотқа ұстап беруге дәтіңіз бармайтынына, демек, ол үш мыңды кешіретініңізге мені сендіргеніңіз емес пе. Сонан соң, кейін мені қудалауға сіздің тіпті мұршаңыз да келмес еді, өйткені онда мен сотта бәрін жайып салар едім, яки ақшаны ұрлағанымды немесе шалды өлтіргенімді емес, — шыбын жаным кеудемде тұрғанда мұны айтармын ба, — қайта, керісінше, оны өлтіріп ақшасын тонауға мені нақ сіздің желіктіргеніңізді, бірақ менің ондай қылмысқа баруға көнбегенімді айтып берер едім. Сондықтан кейін мені алқымнан алып қыспауыңыз үшін, онда маған сіздің келісіміңіз керек болған — неге десеңіз, қолыңызда дәлеліңіз болмаса, маған қалай жармасасыз; ал мен әкеңіздің өліміне қандай құштар болғаныңызды әшкерелеймін деп сізді әрқашан-ақ алқымнан ала түсетін едім, айтпады демеңіз — онда жұрттың бәрі бұған шынымен-ақ сеніп, сіз қалған өміріңізге жерге қарап өтетін едіңіз.
— Сеніңше, мен әкемнің өлімін тілеп өле жаздағанмын ғой, сірә? — деді Иван тағы да тісін шықырлатып.
— Күмән жоқ, тілеген болатынсыз және де өзіңіздің үнсіз келісіміңізбен маған бұл іске рұқсат та бергенсіз, — деп Смердяков Иванға тайсалмай қараған. Ол өте әлсіз-ді, сол себепті баяу, қалжырап сөйлеген, бірақ іштегі, бұғып жатқан бірдеңе оған маза бермейтіндей, тегі, оның бір пиғылы бар секілді, Иван мұны алдын ала сезген.
— Одан ары жалғастыра бер, — деді оған Иван, — сол түні не болғанын одан ары айта бер.
— Одан ары не болушы еді! Төсекте жатыр едім, бір кезде бариннің даусы шыққандай болды. Григорий Васильевич ілкіде ғана түрегеліп, далаға шыққан еді, кенет біреудің бақырған даусы естілді де, тым-тырыс бола қалды, айнала қараңғы-ды. Мен төсекте әлі күтіп жатырмын, жүрегім дүрсілдеп, шыдамым таусылып барады. Ақыры түрегеліп, далаға шықтым — солға көз салып едім, шалдың баққа қараған терезесі ашық екен, сонсоң ол неғып отыр екен, тірі ме екен деп солай қарай тағы бір аттадым, оның аһылап-уһілеп алас ұрып жүргені құлағыма келді, демек, әлі тірі болған ғой. Эһ! — деп өкіндім іштей. Терезеге барып, оған: "Бұл мен ғой" деп дауыстадым. Ол маған: "Келді, келді, қашып кетті", — деді. Яки Дмитрий Федорович қой ол келген. "Григорийді өлтірді!" — "Қайда?" — деп сыбырладым мен. "Ана жақта, бұрышта" — деп нұсқады ол да сыбырлап. "Тоса тұрыңыз" — деймін оған. Содан кейін Григорий Васильевичті іздеп бұрыш жаққа бардым, ол дуалдың түбінде сұлап жатыр екен, үсті-басы қан-қан, есінен танып қалыпты. Демек, Дмитрий Федоровичтің келгені рас болды деген ой сап ете түсті де, Григорий Васильевич, тірі қалған күнде де, ессіз-түссіз жатқандықтан бәрібір түк сезбейді деп ойлап, неде болса зұлымдық ісімді тезірек тындыруға тәуекел еттім. Кенет Марфа Игнатьевна оянып кете ме дегеннен басқа қаупім болған жоқ. Мен мұны сол минутте сездім, бірақ кісінің көзіне қан толғанда оны не тоқтата алады. Бариннің, терезесіне қайта барып: "Ол осында, Аграфена Александровна келіп тұр, үйге кіргісі келеді", — дедім. Ол терезеден маған үңіліп, сенерін де, сенбесін де білмей, есікті ашуға батылы бармай тұр, бұл қалай — менен қорыққаны ма деп ойладым. Тіпті кісі күлерлік: Грушеньканың келіп жеткенін терезенің жақтауынан қалай тықылдатып белгі беруді ана жолы екеуінің көзінше өзім ойлап тауып едім: енді міне ол, менің сөзіме иланбай, терезеден тықылдатқаныма сеніп, есікті ашуға жүгіре жөнелді. Есікті ашқасын ішке кіре бергенімде, ол кесе-көлденеңдеп тұрып алды. Маған тесірейе қарап, қалтырап барады: "Ол қайда, қай жерде тұр?" Егер мына менен осыншама қорықса, онда халінің өте мүшкіл болғаны ғой! — деп ойладым; ол мені табалдырықтан аттатпай қоя ма, немесе айқай-шу көтере ме, әлде Марфа Игнатьевна жетіп келе ме, әлде өзге бірдеңе болып қала ма деп қорыққасын өзімнің де берекем қашып, тізелерім дірілдеп кеткен еді; қазір жадымда жоқ, алайда сонда оның алдында боп-боз боп, өңім қашып тұрған шығармын деймін. Сонсоң, оған былай деп сыбырладым: "Ол ана жақта, терезенің түбінде тұр ғой, сіз оны неғып көрмедіңіз?" — "Келсе, неге ертіп келмедің, бар алып кел!" — "Ол қорқады деймін, айқай-шудан зәресі ұшып қалыпты, бұтаның ішінде бұғып тұр деймін, бөлмеңізге барып өзіңіз дыбыс шығарыңызшы". Ол жүгіріп терезеге барып, қолындағы шырағданды терезе алдына қойды. Содан кейін: "Грушенька, қайдасың, келіп жеттің бе, Грушенька, қайда тұрсың?" — деп дауыстады. Сыртқа қарап айқайлағанмен, терезеден басын сұғып қарайтын түрі жоқ, тіпті менен екі елі ажырасқысы келмейді, мұның себебі — менен жаман қорқып қалғандығынан ба қалай... "Әне мен өзім де терезеге барып, сыртқа мойын созып қарадым, әне бұтаның ішінде бұғып тұр, сізге күледі, көрдіңіз бе?" — деймін. Ол маған иланып қалды да, Грушеньканы күте-күте тағаты таусылғасын тұла бойы дірілдеп, терезеден мойнын созып сыртқа қарады. Дәл осы сәтте үстел үстіндегі пресс-папьені, есіңізде ме, салмағы үш қадақтай бір шойын пресс-папье болушы еді ғой, соны ала салып, оның арт жағынан барып, дәл қарақұстан құлаштап кеп соқтым. Қыңқ етуге де шамасы келмеді. Тек төмен қарай шөге берді, сонсоң екінші, үшінші рет соқтым. Үшіншісінде қарақұсын ойып түскенімді сездім. Ол шалқасынан түсіп құлады, үсті-басы қан-қан болды. Өзімнің үстіме көз жүгіртіп едім: қан жұқпапты, шашырамаса керек, пресс-папьені сүртіп орнына қойдым, содан кейін бұрыштағы икона сыртында тығулы тұрған пакетті алдым, ішіндегі ақшаны алған соң, пакет пен қызғылт лентаны еденге лақтырып тастадым. Баққа шыққанымда тұла бойым дірілдеп-қалшылдап кетті. Тура қуыс алма ағашына бардым, ол қуысты сіз білесіз, оған көптен бері менің де көзім түсіп жүрген-ді, оның ішінде өзім әлдеқашан дайындап қойған шүберек пен қағаз жатқан; барлық ақшаны әуелі қағазға, сосын шүберекке орап қуысқа тықтым да, тесігін бітеп қойдым. Ол ақша сол қуыста екі жұмадан артық жатты, тек ауруханадан шыққасын ғана алдым. Қайтып келдім де төсегіме жата қалдым, бірақ қорқынышты бір ой мазалай берді: "Григорий Васильевичті өлтіріп тастаса, мұның ақыры жамандыққа бастауы мүмкін, ал егер ол тірі қалып, есі кірсе, бұл тіпті ғажап болар еді, өйткені онда ол Дмитрий Федоровичтің осында келгендігіне, демек, шалды соның өлтіріп, ақшаны соның алып кеткендігіне куә болар еді". Осы бір күдіктен шыдамым таусылғасын Марфа Игнатьевнаны тезірек оятайыншы деп ыңырси бастадым. Ақыры, ол түрегеліп, маған қарай ұмтыла бергенде, Григорий Васильевичтің орнында жоғын көргеннен кейін далаға жүгіріп шықты, сонсоң оның бақ ішінде бақырған даусын естідім. Осылай түні бойы басылмаған дүрлігіс басталып кеткен соң, мен де тынышталдым.
Әңгімеші сөзін тоқтатты. Бағанадан бері Иван оны демін ішіне тартып, қимылдамастан, одан көз алмай тыңдап отырған. Ал Смердяков болса, әңгіме кезінде оған анда-санда бір көз тастап қойып, көбіне-көп қырын қарай берген. Әңгімесін тәмамдаған соң, өзінің де көңілі қобалжығандай, ол ауыр күрсініп қойды. Беті тершіп шыға келді. Алайда, оның іштей өкініп отырғанын, немесе оны өзге бір сезім билегенін аңғару қиын еді.
— Тоқта, — деп Иван бірдеңе есіне түскендей іліп әкетті. — Ал есік ше? Егер шал есікті тек саған ғана ашса, онда оның сенен бұрын ашық тұрғанын Григорий Васильевич қайдан көріп жүр? Есіктің ашық қалғанын ол сенен бұрын көрген жоқ па еді?
Бір ғажабы, Иван мұны аса байсалды, ешбір ашу-ызасыз, тіпті мүлде өзгеше әуенмен сұраған еді. Егер осы сәтте біреу-міреу есік ашып, табалдырықтан бұларға көз салса, онда, қызғылықты болса да, дағдылы бірдеңе жайында екеуара шүңкілдесіп отырған шығар деп ойлайтындығы сөзсіз еді.
— Григорий Васильевичтің мен көргенде есік ашық жатқан-мыс дегені жай былшыл, оған солай болып елестеген, — деді ыржиып мырс еткен Смердяков. — Меніңше, ол кісі емес, арындауық мәстектен ол не: ол дәнеңе көрген жоқ, онікі жай елес, сол қасарған күйі қасарып қалады ол екеуміздің бақытымызға оның осы лақапты ойлап шығарғаны қандай жақсы болған, енді Дмитрий Федоровичтің айыбын мойнына салатындығы күмәнсіз.
— Енді, — деді Иван Федорович тағы да абыржи бастап, бірдеңені әрең пайымдағандай пішінмен, — сен мені тыңда... Ұдайы ұмытып, жаңылыса беріп отырғаным... Иә! Сен маған тым болмаса мынаны айтшы: пакетті сол арада ашып, еденге тастап кеткенің не? Ақшаны пакетімен неге алып кетпедің... Пакет туралы айтқаныңда маған ол сәтте сенің тек солай етуің керектей көрінді... әйтсе де, неліктен олай еткеніңе — миым жетпейді...
— А, менің олай істеуімнің бір себебі бар. Өйткені, егср ол ақшаны бұрын өз көзімен көрген, бәлкім, тіпті оны пакетке өз қолымен салған, сосын пакетті қалай желімдеп, сыртына не деп жазғанына сол арада қарап тұрған, бәріне қанық, кәнігі, мысалы, мына мендей бір адам болса, ондай адам, егер оны өз қолымен өлтірсе, ақшаның пакетте екендігіне күні бұрын онсыз да анық көзі жете тұра, кісі өлімінен кейінгі алас-күлесте пакетті ашып қайтеді? Керісінше, мысалы, мына мендей кәззәп болса, ол пакетті ашпастан қалтасына сүңгітіп жіберіп, тезірек тайып отырар еді. Ал Дмитрий Федоровичтің жөні бір басқа: ол пакет туралы естігені болмаса, оны өз көзімен көрмеген, сол себепті ол, айталық, төсектің астынан алғаннан кейін табан астында пакетті ашып көріп, оның ішінде ақша бар ма, жоқ па? — осыған көз жеткізуі қажет. Бірақ ол, артында өзіне қарсы айғақ қалдыратындығын ойластыруға мұршасы келмегендіктен пакетті сол жерге тастай салады, өйткені ол кәнігі кәззап емес, бұрын еш уақытта оқып көрмеген, себебі ол ақсүйек әулетінен, ал егер ол енді келіп осындай бір сұмдыққа тәуекел етсе, мұны ұрлыққа құныққандықтан емес, өзінің есесін алу үшін ғана істемек, ол осылай ететіні жөнінде күллі шаһарға күні бұрын жар салып, тіпті Федор Павловичке барып, өзінің еншісіне тиісті ақшаны қолынан бермесе жолынан аламын деп дүйім жұрттың алдында мақтанғаны да бар. Алайда прокурорға берген жауабымда мен бұл ойымды тіке қойып қалмай, керісінше, өзім түк те түсінбегендей болып, олар мұндай тұжырымға, мен айтқасын емес, өз беттерімен келетіндей етіп тұспалдап қана сездірдім, — менің осы тұспалымнан прокурор мырзаның аузынан тіпті сілекейі шұбырды...
— Ғажап екен, сен онда осының бәрін шынымен-ақ сол арада, табан астында ойластырып үлгергенің бе? — деді есі шыққанша таңырқаған Иван Федорович. Ол Смердяковқа тағы да үрейленіп қарады.
— Рақым етіңіз, онда алас-күлесте мұның бәрін миға салып жатуға мұрша келуші ме еді? Бәрін күні бұрын ойластырып қойғанмын.
— Қой... онда саған сайтанның өзі қол ұшын берген болды ғой! — деді Иван Федорович тағы да таңғалып. — Жоқ, сені ақымақ деуге болмайды, сен менің ойлағанымнан гөрі ақылдырақ болып шықтың.
Ол бөлмеде олай-бұлай жүргісі келіп орнынан түрегелді. Сұмдық жабығып кеткен еді, алайда, үстел көлденең тұрғандықтан және де үстел мен қабырғаның арасынан қысылып өту керек болғасын, ол тұрған күйі бұрыла берді де, қайта отырды. Жүре алмағандығына шытынып қалды ма қалай, бағанағыдай тағы да бұлқан-талқан боп зіркілдей жөнелді:
— Әй, сорқасқа, жексұрын! Сені тек бір себептен — ертеңгі сотта сазаңды тарттыру үшін ғана өлтірмей тұрғанымды неғып түсінбейсің. Міне, құдай куә, — Иван Федорович қолын жоғары көтерді, — мүмкін, менің де кінәм бар шығар, мүмкін, шынында да ішімнен... әкемнің өлімін тілеген болармын, бірақ, саған ант етейін, менің кінәм тап сен ойлағандай ауыр емес, мүмкін, тіпті сені әсте құтыртпаған да шығармын. Жоқ, жоқ, құтыртқан жоқпын! Алайда бәрібір, керек десең мен өзімді-өзім көрсете аламын, ертең-ақ, сотта көрсетемін, тәуекел! Мен бәрін айтып беремін, бәрін. Бірақ, сотқа сен екеуміз бірге барамыз! Сотта мен жайында не айтсаң да, куә ретінде не десең мейлің — бәрін мойындаймын, сенен қорықпаймын; бәрін өзім-ақ растаймын! Әйтсе де, соттың алдында сен де кінәңді мойындауға тиістісің! Сен мұны қалай да істейсің, сотқа бірге барамыз! Бұған иманың кәміл болсын!
Иванның масаттанып, нығырлап сөйлегені сонша, дәл солай болатындығы жанарының жарқ-жұрқ еткенінен-ақ сезіліп тұрған еді.
— Сіз аурусыз, байқауымша, сіз қатты науқассыз ғой деймін, — деді Смердяков. Бірақ ол мұны ешбір мысқылсыз, тіпті жанашырлық білдірген әуенмен айтқан еді.
— Екеуміз бірге барамыз! — деп қайталады Иван, — бармасаң және мейлі — бәрін өз мойныма аламын.
Смердяков үндемеді, ол ойланып қалған еді.
— Олай болуы мүмкін емес, сіз сотқа бара алмайсыз, — деді ол, ақырында, үзілді-кесілді жауап қатып.
— Сен мені түсінбедің ғой! — деді Иван жазғырған үнмен.
— Егер бәрін өз мойныңызға алсаңыз, бұл сізге масқара ұят болады. Ұяты былай тұрсын, мұныңыз тіпті мүлде пайдасыз, өйткені мен сізге еш уақытта ондай ештеңе айтқан емеспін, сіз әлде аурудың әсерінен бе (меніңше, солай секілді), әлде ағаңа жаның ашығасын ба өзіңізді әдейі құрбандық етіп, онымен қоймай, өмір бойы мені адам деп санамақ түгіл, шыбын ғұрлы көрмегендіктен, маған пәле жауып тұрсыз деп турасын бір-ақ айтамын. Сізге кім сенейін деп тұр, бұл үшін тым болмаса бір дәлеліңіз бар ма?
— Сен маған мынау ақшаны, әрине, мені иландыру үшін көрсеттің ғой.
Смердяков ақшаның үстінен бастыра салған Исаак Сириннің кітабын алып былай қойды.
— Мынау ақшаны алып кетіңіз, — деп Смердяков бір күрсінді.
— Әрине, алып кетемін! Алайда сен оны маған неге бересің, осы ақшаға бола қолыңды қанға бояған жоқсың ба?
— Маған оның түкке керегі жоқ, — даусы дірілдеп кеткен Смердяков қолын бір сілтеді. — Осындай ақшам болса, дұрыс өмір сүре бастармын, Мәскеуде, сәтін салса тіпті шет елде тұрармын деп ойлап едім, осындай арманым болып еді, одан да гөрі осының бәрі "барлығына рұқсат" делінгесін істелген-ді. Шындығында, мені бұған үйреткен сіз едіңіз, өйткені онда сіз маған талай нәрсені айтқансыз: егер мәңгі жасайтын құдай болмаса, онда ешқандай ізгілік те болмайды, онда ізгіліктің тіпті қажеті де жоқ. Сіз шынында да осылай дегенсіз. Сонсоң мен де осылай пайымдағанмын.
— Бұған сен өз ақылыңмен жеттің бе? — деп Иван мысқылдап күлді.
— Сіздің ақылыңызбен ғой бәрі.
— Егер ақшаны қайтарып жатсаң, онда, тегі, құдайға сенетін болғаның ғой?
— Жоқ, әлі де сенбеймін, — деп күбірледі Смердяков.
— Онда ақшаны неге қайтарасың?
— Болды... қажай беріп қайтесіз! — деді қолын тағы бір сілкіген Смердяков. — Анада кісінің не істесе де өз еркі деп едіңіз, енді келіп осынша абыржитындай сізге не болып қалды? Өзіңізді-өзіңіз көрсетпекшісіз тіпті... Бірақ сіздің мұныңыздан түк те шықпайды! Өзіңізге-өзіңіз ор қаза алмайсыз! — деді тағы да кәміл сезіммен, нықтап сөйлеген Смердяков.
— Оны көресің ғой! — деді Иван.
— Бұлай болуы мүмкін емес. Олай етуге сіз тым ақылдысыз. Сіз ақшаға тым жақынсыз, мен мұны білемін, қошеметті де бек ұнатасыз, өйткені сіз өте тәкаппар адамсыз, ал әйел жынысының қызығына құштарлығыңызда тіпті шек жоқ дер едім, бірақ мұның бәрінен де жан тыныш, жаға бос өмірді, тірі пендеге илікпегенді жақсы көресіз — сіздің көкейіңізді тескен міне осы. Сотта ондай масқаралықты мойындап, сізге қалған ғұмырыңызды дозаққа айналдырып не болыпты. Сіз Федор Павлович сияқтысыз, барлық балаларының ішінен оған айна-қатесіз ұқсаған жалғыз сіз ғана, екеуіңнің мінез-құлықтарың бірдей.
— Сені ақымақ деуге болмайды, — деді Иван, айран-асыр таңданған пішінмен; оның қаны бетіне теуіп шыға келді, — бұрын сені зердесіз болар деп ойлаушы едім. Ал қазір сен байсалдылық танытып тұрсың! — деді Смердяковқа көзқарасы кенет өзгерген ол.
— Мені зердесіз деп ойласаңыз, бұл тәкаппарлығыңыздан шығар. Ақшаны алсаңызшы.
Иван үш пәшке сақшаны алып, орамастан қалтасына салды.
— Ертең сотта көрсетуге керек болады, — деді ол.
— Сізге онда ешкім де сенбейді, шүкіршілік, енді сіздің өз ақшаңыз да жеткілікті, қобдишадан алып кеп көрсету онша қиын емес.
Иван орнынан тұрды.
— Саған қайталап айтамын, сені тек бір себептен — ертең маған керек болғасын ғана өлтірмей тұрғанымды жадыңнан шығармағын, есіңде тұт!
— Онда өлтіре салмайсыз ба. Осы қазір өлтіріп кетіңізші, — деді Смердяков таңғаларлық үнмен Иванға таңдана қарап. — Әйтсе де, сіз мұны да істей алмайсыз ғой, — деді ол сосын, мысқылдай мырс етіп, — бұған дәтіңіз бармайды, бұрынғы батылдық қайда сізге!
Ертеңге дейін қош бол! — Кетуге ыңғайланған Иванның даусы қаттырақ шыққан еді.
— Тоқтаңызшы... Маған ақшаны тағы бір көрсетіңізші.
Иван қалтасынан ақшаны алып оған көрсетті. Смердяков ақшадан он секунттей көз алмады.
— Енді кете беріңіз, — деді ол қолын бір сілтеп. — Иван Федорович! — деп дауыстады ол тағы да оның соңынан.
— Тағы не демексің? — деді кетіп бара жатып артына бұрылып қараған Иван.
— Қош!
— Ертеңге дейін! — деп тағы да қайталаған Иван үйден шығып кетті.
Далада бұрқасын әлі басылмаған. Ол шыққан бетте ширақ адымдап келе жатыр еді, бір кезде кенет шайқала бастағандай болды. "Бұл не хикмет" — деп ойлады ол мырс етіп. Енді оның күллі жан дүниесін нендей бір қуаныш билегендей көрінген. Ол өзінің бойында байсалды бекемдік пайда болғанын сезді: соңғы кезде оны сұмдық азапқа салған сергелдең енді бітті! Түпкілікті шешімге келді, "енді ол өзгермейді!" — деп ойлады ол масайраған сезіммен. Дәл осы сәтте бірдеңеге сүрініп кетіп құлай жаздады. Тоқтап, аяғының астына қарап еді, бағана өзі ұшырып түсірген мұжық сол жерде ес-түссіз, қимылсыз жатыр екен. Бұрқасын қар оның бетін жабуға жуықтапты. Иван оны көтеріп алып, арқалап жүре берді. Оң жақта бір кішкентай үйдің жарығын көрген соң, жақындап барып, терезенің қақпағынан тықылдатты — үй иесі бір мещан екен, Иван оған мына мұжықты бөлімшеге жеткізуге жәрдемдессең, қолма-қол үш сом төлеймін деді. Мещан киініп сыртқа шықты. Онда Иван Федоровичтің мұжықты бөлімшеге қалай жеткізіп, тезірек дәрігерге көрсету үшін оны сонда қалай қалдырғандығының, сосын "шығынға" жұмсауға деп жомарт қолымен ақшаны тағы да қалай бере салғандығының бүге-шүгесіне тоқталмай-ақ қояйын. Бар айтатыным, бұл іс оның табандатқан бір сағат уақытын алған-ды. Бірақ Иван Федорович өзіне өте разы болған. Ақыл-ойы шартарапқа кетіп, тыныштық таппаған еді. "Егер ертең нақ солай етуге тәуекел етсем, — деп ойлады кенет жаны рақаттанған ол, — аязда үсіп өлгелі жатқан мұжықты бөлімшеге апаруға бір сағат уақытымды кетірмес едім ғой, өлсең өрем қап деп бір түкіріп тастап, кете берер едім... Алайда, мен өзімнің іс-әрекетімді бақылай алады екенмін, — деп ойлады ол дәл осы сәтте онан бетер жаны рақатқа батып, — ал ана жақтағылар ғой мені жындана бастаған деп ойлайды!" Ол өзінің үйіне жақындаған кезде кенет сап ете қалған: "Осы қазір, дереу прокурорға барып, барлығын өзім айтып берсем қайтеді?" — деген сұрақтан тоқтай қалды. Бұл сұрақтың жауабын ол үйіне қарай қайта бұрылғанда тапқан еді: "Ертегі барлығын бір-ақ тындырармын!" — деп күбірледі ол ішінен; бір ғажабы, әлгі қуанышының, өзіне разылығының бәрі бір сәтте сап басылды. Иван бөлмесіне кіргенде, бейне бір ұмытылмас нәрседей, дәлірек айтқанда, қазір де нақ осы бөлмеде, бұрын да осы бөлмені жайлаған, жанды қинайтын, жеркенішті бірдеңені еске салатындай, суық ызғар оның жүрегін қарығандай болды. Ол қажыған күйде диванға отыра кетті. Күтуші кемпір самауыр әкелді, ол шап шығарды, бірақ ішкен жоқ; сосын кемпірді ертеңге дейін қайтарып жіберді. Диванға отырғанда оның басы айналып бара жатқан еді. Ол ауырып тұрғанын, әлсірей бастағанын сезді. Қалғи бастаған еді, мазасы кеткесін түрегеліп, ұйқысын қашыру үшін бөлмеде ерсілі-қарсылы жүрді. Оған арагідік сандырақтап кеткендей көрінген. Алайда Иванды аурудан гөрі басқа нәрсе көбірек алаңдатқан-ды; ол қайтадан отырып, әлденені іздеген кісіше, айналасын оқтын-оқтын көзбен шола бастады. Бірнеше мәрте осылай болды. Ақыры, оның көзі бір ноқатқа барып қадалды. Иван мырс етті, бірақ іштегі ызаның запыраны бетіне қызарып шыға келді. Ол отырған орнында, басын екі қолымен мықтап таяп, әлгі ноқатқа, қарсы қабырғадағы диванға қалай дегенмен көз қиығын тастап қойып ұзақ отырды. Сол жақтағы бірдеңе оны түршіктіріп, әлдеқандай бір зат мазалап, жанын қинағандай еді.
IX
САЙТАН. ЕЛЕСПЕН ЕГЕС
Мен дәрігер емеспін, дегенмен, Иван Федоровичтің сырқаты жайында бірдеңе деп емеурін білдіретін кез келген секілді, мұны сезіп отырмын. Тек мына бір жайтты күні бұрын айтып қойған жөн шығар: ол күні кешке Иванды көптен айналдырған ауру, оны қаншама тырысса да, ақыры, жықпай қоймауға, ес-түсінен айырып мұрттай ұшыруға таяп қалған-ды. Медицинадан түк сезбесем де, осы арада өзімше бір болжам айтсам деймін: ол бойындағы қайрат-жігерін, шынында да, керемет ширақтырып, соның арқасында ауыр науқасының әуелі бетін қайтарып, сонан соң, сағатын салса, әлбетте, одан құлан-таза айығуды да армандаған болуға тиіс. Иван өзінің ауру екенін білген, бірақ өміріндегі ең бір қатерлі шақ жақындаған дәл осы кезде екі аяғын тік басып жүріп, іштегі ойын еш жалтақсыз, батыл айтып, "өзін-өзі ақтап қалу" қажет болатын сәтте төсек тартып жатуды әсте құлқы сүймеген еді. Айтқандайын, Катерина Ивановнаның қиялы қияға шарықтаған бір сәтінде — мен мұны жоғарыда айтып өткенмін — алдырған жаңа дәрігерге ол бір жолы барып көрінген де болатын. Дәрігер оны тыңдап, қарап көргеннен кейін миында бір кінәрат бар ма қалай деген ойға да келген, сол себепті ол Иванның, аза бойы қаза болса да, жұқалап қана ашқан сырына әсте таңданбаған-ды. "Сіздің жағдайыңызда галлюцинация, яки көзіңізге жоқ нәрсе елестеуі әбден мүмкін, — деген дәрігер, — бірақ мұны әлі тексеріп көру қажет... жалпы, бір минут те кешеуілдетпей, тиянақты емге кіріскен жөн, әйтпесе ақыры жаман болады". Бірақ Иван Федорович дәрігерден шыққан соң, оның дұрыс айтқан ақылын орындамаған, емделуге жатуды ескермеген. Қолын бір сілтеп: "Әзірше аяқ басып жүрмін ғой, төсек тартып қалсам бір сәрі — онда мейлі емдей берсін" — деп түйген. Сонымен, ол сандырақтай бастағанын өзі де сезіп, жоғарыда айтқанымдай, қарсы қабырғадағы диван жаққа тесірейе қарап отыра берді. Диванда бейтаныс біреу отырған секілді, Смердяковтан оралған соң өзінің бөлмесіне кіргенінде ешкім жоқ сияқты еді, енді мына біреудің қайдан пайда бола қалғанын құдай білсін. Бұл, француздар айтпақшы, "qui frisait la еmquantainе'1 мырза, немесе дұрысырақ айтқанда, біздің жасамыс орыс джентльменінің бір түрі болатын, жалбыраған қалың қара шашына енді ғана қылау түскен сақалын сүйірлеп қырып қойыпты. Көнетоз қызыл-қоңыр педжәгінің осыдан екі-үш жыл бұрын бір ісмер тігіншінің қолынан шыққаны сезіліп-ақ тұр, алайда сәннен қалған ондай педжәкті соңғы екі жылдан бері ауқатты кісілердің ешқайсысы кимейтін. Жейдесі, шарпы сықылды ұзын галстугы, мұның бәрі сәнқой джентльмендікіндей, бірақ жейдесінің кірлегені, ал жалпақ шарпының түгі қырылғаны жақыннан қарағанда сезіліп қалады. Торкөз шалбары өзіне жарасады екен, бірақ тым ашық түсті секілді, оның үстіне тыртиыңқырап кеткен бе қалай, өзгелер мұндай шалбарды әлдеқашан кимейтін болған, басындағы жұмсақ ақ түбіт қалпағы да қазіргі маусымға лайық емес. Қысқасы, қалтасы жұқа болса да, өзінше ыздиып жүрген біреу болу керек. Кешегі басыбайлылық құқық алшаңдаған бұрынғы ақсаусақ-помещикке ұқсаған джентльмен кезінде сорпа бетіне шығар, ақсүйек қауымның ортасында жүрген, ертеде қысылғанда қол ұшын берер жақын жолдас-жорасы да болған сол ескі таныс-білістігін, бәлкім, тіпті қазір де сақтаған, жастықта айқап-шайқап өткен көңілді тұрмыстан кейін біртіндеп қолы қысқарған соң, жуырда басыбайлылық құқық жойылғаннан кейін кісіге тез жұғысатын биязы мінезіне бола ғана үйіне келсе қабыл алып, төрінде кім отырса да дастарқанның төменірек жағына болса да ұялмай отырғызуға болатын инабаттылығы себепті, қайырымды ескі таныстарын паналап тамақ асырайтын адамға ұқсайды. Ондайлар әңгімешіл болады, бір-екі мәрте карта ойнаудан да қашпайды, бірақ, бірдеңеге қолқабыс етуді өтінгенің сырғақтап шыға келеді; бөтен дастарқаннан күнелтушілер әдетте жеке басты, не сұр бойдақ, не әйелі өлген жесір болып шығады, тіпті бала-шағалы да болуы мүмкін, бірақ балалары жырақтағы әпкелерінің қолында тәрбиеленетіндіктен, джентльменіміз инабатты қауымда отырғанында, бұл жағдайын ұят көретіндей, балаларын еш уақытта ауызға алмайды. Оны туған күнімен, жаңа жылмен құттықтаған хатын алып, кейде өзі де жауап қайтарып тұрса да, ол біртіндеп балаларын мүлде ұмыта бастайды. Күтпеген қонақтың аңқылдаған ақкөңіл көрінетін жылмағай-жылтыр бет әлпеті ыңғайына қарай тез құбыла қалады. Сағаты жоқ екен, бірақ тасбақа сүйегінен жасалған, қара баулы лорнеті бар. Оң қолының ортаңғы саусағында арзандау жылтыр тасты үлкен алтын сақина. Қасақана тымырайып алған Иван Федоровичтің бірінші болып тіл қатқысы келмеген еді. Шүңкілдесіп отырып шай ішуге жоғарыдағы бөлмесінен ілкіде ғана төмен түскен қонақ үй иесі оң қабақ танытпағасын үндемеген кісіше, тыныш күтіп отырған, әйтсе де, қожайын лебіз білдірсе, ол кез келген сыпайыгершілік әңгімеге әзір тұғын. Бір кезде оның жүзінен кенет қобалжығандық сезілді.
— Кешірерсің, әншейін есіңе салып жатқаным ғой, — деді ол Иван Федоровичке, — Смердяковқа барғанында одан Катерина Ивановна жайында бірдеңені сұрамақшы едің ғой, бірақ одан ештеңе сұрамадың, ұмытып кеттің бе...
— Аһ, иә! — деді оған Иван өкініштен тұнжырай қалып, — иә, ұмытып кетіппін... Әйтсе де, енді бәрібір, бәрі ертеңге қалды ғой, — деп міңгірледі ол өзіне-өзі. Сонсоң ол бейтаныс қонаққа ызбарлана қарап, тағы да былай деді: — Мұны мен сенсіз де есіме 14түсіретін едім, өйткені нақ сол нәрсе ойымнан кетпей қапа болып отырғанмын! Есіме түсіре алмай отырған бірдеңені менің есіме салған болып жәмпеңдемей-ақ қой, бұған мені сене қояды дедің бе?
— Сенбесең сенбей-ақ қой, — деп жымиды джентльмен. — Өзіңді-өзің зорлап иландырғаннан не пайда? Мұндайда әсіресе заттай айғақтың септігі тимейді. Фоманың сенген себебі, білгің келсе, Христостың қайта тірілгенін көргендіктен емес, ал бұған оның күні бұрын сенгісі келгендігінен. Міне, мысалы, спириттерді1 алыңыз... мен оларды бек жақсы көремін... Миға салсаңыз, олар үшін пайдалымыз деп ойлайды, өйткені оларға сонау ақиреттің өзінен сайтандар шүнтиған мүйіздерін қылтыңдатып тұрады-мыс."Бұл дейді, былайша айтқанда, махшар дүниенің заттай айғағы дейді". О дүние мен заттай айғақ, ай-люли! Сосын, ақырында, егер сайтанның бары дәлелденсе, мұның өзі құдайдың бары дәлелденгендігінің белгісі бола қояр ма екен? Менің идеалистік қоғамға жазылғым келеді, оларға оппозиция жасамақпын: "Мен материалист емеспін, идеалистпін дегендей, хе-хе!".
— Тыңдағын — деп Иван Федорович үстел басынан түрегелді. — Мен сандырақтап отырған сияқтымын... әрине, сандырақтап отырмын... бөссең бөсе бер, маған бәрібір! Сен мені өткен жолғыдай ызаландыра алмайсың. Тек маған бірдеңеге ұят секілді... Менің бөлмеде олай-бұлай жүргім келеді... Мен сені кейде көрмеймін, тіпті даусыңды да естімеймін, өткен жолғыдай емес, бірақ сенің не деп мылжыңдайтыныңды һәман сеземін, неге десең мылжыңдайтын сен емес, менмін, менің өзім ғой! Тек өткен жолы ұйықтап отырдым ба, әлде сені өңімде көрдім бе? Міне мұны білмеймін. Ал қазір мен орамалды суық суға малып алып басыма қойып көремін, сен менің көз алдымнан мүмкін сонда жоғаларсың.
Иван Федорович бұрыш жаққа барып, әлгі айтқанындай, басына сулы орамал қойып, бөлмеде ерсілі-қарсылы жүрді.
— Екеуміздің бірден сен деп сөйлескеніміз маған ұнайды, — деді қонақ кісі.
— Ақымақ неме-ау, — деп күлді Иван, — немене, мен сенімен сіз-біз деп сызылып тұрады деп пе едің. Мен қазір көңілдімін, тек самайым зырқылдайды... сосын төбем... тек рақым етіп өткен жолғыдай пәлсапалағаныңды қойшы. Егер қараңды батыра алмасаң, көңілдірек бірдеңені айтып бөссеңші. Өсегіңді қоздатсаңшы, сен солай тамақ асыраушы емессің бе, ендеше өсекті қоздата бер. Маған осы елесті ауру қайдан ғана жабысты екен! Бірақ мен сенен қорықпаймын. Мен сені жеңемін. Жындыханаға апарып тықпас!
— Тамақ асыраушы дегенің c'cst charmant1 екен. Мен өзімен өзім болмағанда қайтушы ем. Бұл дүниеде жай қарын тойдырушы болмағанда, мен кіммін? Айтпақшы, сені тыңдаған сайын, аздап таңғалып отырмын: құдай ақына, сен мені қиялыңдағы елес емес — өткен жолы осылай деп болмап едің — қайта шынымен бар нәрсеге балай бастадың ғой деймін...
— Сені бір минут те нақты шындыққа балап қабылдамаймын, — деді ызамен айқайлап жіберген Иван. — Сен жалғансың, жоқсың, сен менің сырқатымсың, сен тек елессің. Әттең сенің қараңды қалай өшірудің амалын таба алмай қор болып отырғаным, сондықтан сенен біраз уақыт жапа шегетін шығармын. Сен менің галлюцинациямсың, жай елес бірдеңесің. Сен менің елесімсің, әйтсе де, тек бір жағымның ғана... менің ой-пікірлерім мен сезімдерімнің ең жаман жағының елесісің. Егер менің сенімен осылай әуреленіп отыруға уақытым болса, онда бұл жағынан сен маған тіпті қызғылықты да 15болар едің-ау...
— Тоқта, тоқта, мен қазір сені сөзден ұстаймын: бағана шам түбінде, Алешаға дүрсе қоя бергеніңде, оған: "Сен одан білдің бе! Оның маған келіп жүретінін сен қалай білдің?" — деп зіркілдемеп пе едің. Сен онда мені айттың ғой. Демек, бұл қас қағымдай сәтке болса да маған сенгенің, менің шын бар екеніме иланғаның емес пе, — деп ақырын күлді джентльмен.
— Иә, бұл ділімнің әлсіздігі болатын... бірақ менің саған сенуім мүмкін емес. Өткен жолы ұйықтап отырғанымды, я болмаса түрегеп жүргенімді білмеймін. Мен, бәлкім. онда сені өңімде емес, түсімде көрген шығармын...
— Бағана сен онымен — Алешаны айтамын — неге сонша суық сөйлестің. Ол Мархабатты бала ғой. Мен оның алдында Зосим пірәдар үшін кінәлымын.
— Алешаны сөз ғып қайтесің! Сен малай, сөйлесең байқап сөйлесеңші! — деп Иван тағы да күлді.
— Біреуге ұрсасың да, сосын өзің күлесің — бұл жақсы ырым. Алайда сен бүгін өткен жолғыдан гөрі менімен әлдеқайда жылы сөйлестің, мұның себебін мен түсінемін: бұл кемеңгерлік шешімнен...
— Шешім жайында аузыңды ашпа! — деп зекіп тастады Иван.
— Түсінем, түсінем, e'est noble, e'est carmant2, сен ертең анау ағаң араша түсіп, өзіңді құрбандық етпексің ғой, ...e'est chvaleresque3.
— Жап аузыңды, әйтпесе қазір ішке тепкілеймін!
— Оныңа қуанбасам ренжімеймін, өйткені онда менің мақсатыма жеткенім: егер мені ішке тепкілемекші болсаң, онда менің бар екеніме сенгенің ғой, себебі елесті ішке тепкілемейді. Қалжыңы, өз алдына: маған бәрібір, балағаттасаң балағаттай бер, бірақ қалай дегенмен сәл сыпайырақ болғаның жөн ғой, тіпті менімен болса да. Аузыңа ақымақ, малай дегеннен басқа сөз түспей ме!
— Сені балағаттасам, ол өзімді балағаттағаным болмай ма! — деп Иван тағы да күлді, — сен бәрібір менсің, бет әлпетін өзге болса да менсің. Сен тек менің ойымдағыны ғана айтасың... маған өз бетіңше бірдеңе деуге сенің ақылың жетпейді!
— Несі бар, екеуміздің ойымыз бір жерден тоғысып жатса, онда менің мерейім өскені ғой, — деді сыпайылап айтса да масаттана сөйлеген джентльмен.
— Тек менің ең пасық, онда да ең бір жетесіздік ойымды алатының бар. Сен ақымақсың, оңбағансың. Сен нағыз ақымақсың. Жоқ, мен саған төзе алмаспын тегі! Саған не қылсам екен а, не істесем екен осы! — деп тісін шықырлатты Иван.
— Достым-ау, менің қайтсем де джентльмен болып көрінгім келеді ғой, мені нақ солай қабылдағанды тілеймін, — деді жәмпеңдей қалған қонақ көңіл жықпас ақкөңілдігін аңғартуға асығып. — Мен жарлымын, бірақ... соншалықты адалмын дей алмаймын, алайда... жүрген жерімде мені күнәкар періштеге теңеу айдан анық ақиқат болып кеткен. Бір кезде өзімнің қалай ғана періште бола қалғаным, құдай ақына, миыма кірмейді. Егер періште болсам, сонау әлмисақта болған шығармын, енді оны ұмытсам да ешкім сөкпес. Енді мен инабатты деген атымды ғана қастерлеп, жұртқа жексұрын көрінбеуге тырысып, 16бұйырған ырзыққа риза болып жүрген кісімін. Мен адамды шын жақсы көремін — о, маған көбіне-көп жала жапты ғой! Оқта-текте сендердің араларыңа келіп қалғанымда, бейне бір шын өмір сүргендей боламын, маған бәрінен де көбірек ұнайтыны осы. Тап өзің секілді қиялшылдығымнан қорлық көріп жүрмін ғой мен, сендердің фәни дүниедегі тіршілік шындығын жақсы көретінім де сондықтан. Сендерде бәрін жазып-сызып қойған, мұнда формула, мұнда геометрия, ал бізде не, ылғи бір белгісіз теңдеулер ғана! Мұнда жүргенде мен арманшыл болып кетемін. Армандағанды жаратамын! Оның үстіне жерге түскенімде ырымшыл болып аламын — бір тілегім, тек күлмеші: маған нақ осы ырымшылдығым ұнайды. Мұнда мен сендердің барлық әдеттеріңе машықтанып алдым: саудагерлердің моншасына барғанды ұнатамын, нанасың ба, көпестермен, поптармен бірге шабынуға да құмармын. Шіркін, бөшкедей жуан бір көпес қатынға айналып кетіп, біржола сол күйімде қалсам ғой, сол қатынның сенген нәрсесіне мен де сенсем ғой деп армандаймын. Менің мұратым — шіркеуге барып, аруаққа шын ықыласпен шырақ қою ғой, құдай ақына осылай. Менің қайғы-қасіретім, міне, сонда ғана тарқамақ. Сендердің араларыңда жүргесін емделгенді де ұнататын болдым: жазғытұрым шешек ауруы тарағанда - осындағы тәлімханаға өзім барып, шешек еккіздім — менің сол күнгі қуанышымды көрсең: славян ағайындарға он теңге садақа да бердім!.. Сен айтқаныма құлақ салмайсың ғой. Байқауымша, бүгін сенің еңсең тым түсіңкі секілді, — деп джентльмен сәл үнсіз қалды... Мен білем, кеше сен дәрігерге бардың... ал, денсаулығың қалай өзі? Дәрігер не деді?
— Сен ақымақсың! — деді шырт еткен Иван.
— Оның есесіне сен ақылдысың ғой. Сен мені тағы да тілдедің бе? Жаным ашығасын емес, жай айтам. Мейлің, жауап бермесең бермей-ақ қой. Әлгі сырқырамасы құрғырдың тағы да мазалауын...
— Ақымақсың! — деп тағы қайталады Иван.
— Сен бір айтқаныңды қайталан береді екенсің, ал менің өткен жылы қалай сырқырама болғаным өлі күнге есімнен кетпейді.
— Паһ шіркін, сайтан сырқырамамен ауыра ма екен?
— Кейде кәдімгі екі аяқты пендеге айналсам, неге ауырмайын. Сол себепті оның зардабын да тартуға тура келеді. Сайтан sum et nihil hummanum a mc alienum puto1.
— Қалай, қалай? Сайтан sum et nihil humanum... Онда сен ақымақ сайтан болмағаның ғой!
— Бірдеме ғып көңіліңді тапқаныма да шүкіршілік.
— Сен мұны менен үйренбеген шығарсың, — деп аң-таң болған Иван кілт кідіріп қалды, — ғажап екен, менің басыма мұндай ой тіпті, еш уақытта келген емес...
— C'est du nouvcan n'est cepas?2 Қазір мен саған шынын айтып, бәрін түсіндіріп беремін. Тек құлақ сал: кісі кейде ұйықтап жатып, әсіресе бастығырылған кезінде, іші ауырғасын ба, әлде басқа себептен бе, әйтеуір сондай бір таңғажайып түс көреді, оның бұл түсінде шым-шытырық оқиғаны, өңіндегідей анық бірдеңелерді өз басындағы ең асыл қасиеттерден бастап бешпетінің жаман түймесіне дейінгі ұсақ-түйек елес беретін керемет шытырман, тіпті қаперіне де кірмейтін оқиғаны немесе тұтас оқиғалар тізбегін көретіні сонша, саған өтірік маған шық мұны тіпті Лев Толстойдың өзі де ойлап шығара алмас еді 17және де мұндай түсті кейде жазушылар ғана емес, қайта, мүлде жай адамдар, шенеуніктер, фельетоншылар, поптар да көреді... Мұның өзі бір қызық жұмбақ: маған бір министр жақсы идеялардың бәрі оның басына ұйықтап жатқанында келетінін айтып еді. Міне, тап қазір де солай. Мен сенің көз алдыңдағы елес қана болсам да, бастығырылған кезіңдегідей, осыған дейін тіпті сенің қаперіңе де кірмеген ғажап ойларды айтамын, сондықтан сенің ойыңдағыны қайталайды деп қалма, оның бер жағында мен сенің басыңдағы тек елес қанамын, бар болғаны осы.
— Өтірік соқпа. Сенің мақсатың — менің ұйықтап жатып бастығырылған кездегі елесім емес, ал өзіңмен-өзің екеніңе сендіру болатын, енді келіп тек көрген түс қана екеніңді өзің растап тұрсың.
— Достым, мен бүгін бір ерекше әдісті таңдап алдым, оны саған кейін түсіндіремін. Тоқтай тұршы, мен сөзімнің қай тұсына келіп едім? Иә, онда маған суық тиіп қалған еді, бірақ, мұнда емес, ана жақта...
— Қайдағы ана жақты айтасың? Сен менің үйімде әлі ұзақ болмақсың ба, әлде маған жабысып қалып па едің? — деді қапаланған Иван. Ол бөлмеде жүруін қойып, диванға барып отырды да, екі қолын үстелге шынтақтап тіреп, басын қапсыра ұстап алып қатты қысты. Сонан соң, суланған орамалды жұлып алып, ызамен лақтырып тастады: тегі, септігі тимеді білем.
— Сенің жүйкең жұқарған, — деді ықыласы түспегесін дөрекілеу көрінсе де, жылы шырайы өзгермеген джентльмен, — сен маған тіпті суық тигізіп алғаным үшін де қабақ шытасың, егер ол табиғи нәрсе болса, оған не лаж. Мен онда Петербордағы министрлік мансаптан дәмесі бар бір жоғары мәртебелі ханымның үйіндегі дипломатиялық кешке жетуге асыққан едім. Үстімде фрак, мойнымда ақ галстук, қолымда першәтке дегендейін, алайда, менің қай жақта болғанымды ойласаңызшы, жердегі сіздерге жету үшін маған әлі жеті қат көктен төмен түсу керек қой... әрине, бұл қас қағымдық қана нәрсе, әйтсе де күн сәулесінің жерге жетуі үшін де табандатқан сегіз минут қажет емес пе, ал менің, ойлап қарасаңыз, фрак пен омырауы ашық желеткеде ұшуым керек. Жалпы, аруақтар тоңбайды ғой, бірақ мен кәдімгі жұмыр басты пендеге айналуға асығыстық жасап, сол күйі... осы жаққа тартып кетіппін, ал жеті қат көкте, сонау эфирде, сонау бейне су секілді бірдеңеде, — сондай ғаламат аяз — оны тіпті аяз деуге де болмайтын шығар.
Өзің ойлап көрші: жүз елу градус суық! Деревнядағы еріккен қыздардың ермегін білесің ғой: олар отыз градустық қақаған аязда қайсыбір маубасқа мықты болсаң, мына балтадан бір жалап алшы, дейді, сосын жалап қалғанда балтаға жабысқан тілін анау дарақы қанын сорғалатып, терісімен әрең жұлып алады; отыз градус аязда осылай болса, жүз елу градустық суықта қалай болатынын енді өзің шамалай бер, менің ойымша ол жақта балтаға тигізген саусағың да үзіліп түсер, егер... әрине, көкте балта болса...
— Онда балта болушы ма еді? — Тыжырынып, ұнатпай қалған Иван Федорович оның сөзін бөліп жіберген. Ол сандырақтап отырғаным шамам келгенінше сенбеуге тырысайын, әйтпесе біржола жынданып кетермін деп қорқып, қасарып отырған еді. Таңырқаған қонағы:
— Балта ма? — деп қайталап сұрады.
— Иә, ол жақта балтаның халі не болар еді? — ішін ыза кернеп, қитыға қалған Иван Федорович айқайлап жіберді.
— Көкте балтаның халі не болады деймісің? Quelle idee1. Егер қашықтаңқырап кетсе, 18онда, меніңше, неге өйтетінін өзі де білмей, жерді айналып ұша береді, жер серігіне айналады. Жұлдызнамашылар балтаның шырқап қалай жоғарылағаны мен құлдилап қалай төмендегенін есептеп шығарады. Сосын Гатцук күнтізбеге енгізеді, бар болғаны, міне, осы.
— Сен ақымақсың, сенен өткен ақымақ болмас! — деді Иван кіржіңдеп, — айтсаң қиыстырып айт өтірігіңді, әйтпесе тыңдамаймын. Сен мені шындыққа жығып бермексің ғой, өзіңнің шын бар екеніңе мені иландырмақсың ғой, бірақ менің оған сенгім келмейді! Сенбеймін!
— Мен саған өтірік айтып тұрғам жоқ, бәрі де шындық: амал қанша, шындықтың дәйім дерлік тапқырлық болып көрінбейтіні бар ғой. Байқауымша, сен ғой менен керемет, кемеңгерлік бірдеңені, бәлкім, оған қоса тіпті ғажап бірдеңені де күтетін шығарсың. Бұл өкінішті-ақ, бірақ мен қолымнан келетін нәрсені ғана бере аламын...
— Сен салпаң құлақ есек, пәлсапаңды қоя тұрсаң қайтеді!
— Денемнің оң жақ жартысы салдырап қалып, ыңқыл-сыңқыл болып тұрғанда, пәлсапаға менің не теңім. Бармаған дәрігерім қалмады: бәрі шетінен білгіш, ауруыңды қолмен қойғандай ғып айтып та береді, бірақ емдей алмайды. Осында бір бәтшағар студентті көрдім: ол сіз өлген күнде де қандай ауру әкететінін анық біліп өлетін боласыз дейді! Сосын мамандарға сілтегіштігін қайтерсің бұлардың: біз, былайша айтқанда, тек ауруыңызды ғана анықтап береміз, ал емделуге пәленбай маманға барыңыз, сізді сол емдеп жазады дейді. Шіркін ескі дәрігерлерді айтсаңшы, олардың емдемейтін ауруы болмаушы еді ғой, солар қайда жоғалып кетті, қазір кіл мамандар ғана қалған және де бәрі шетінен газетте хабарланып жатады. Мұрның ауырмасын де, ауыра қалса, сені Парижге жібереді: онда мұрынды емдейтін еуропалық маман бар дейді. Сен Парижге барасың, ол сенің мұрныңды көреді, мен дейді ол, сіздің тек оң жақ танауыңызды емдей аламын, өйткені мен сол жақ танауды емдемеймін, бұл менің мамандығым емес, сондықтан менен кейін Венаға барыңыз, онда сол жақ танаудың маманы бар, сізді сол емдейді дейді. Енді не істеу керек? Халықтың қарабайыр ем-домын жасап көрейінші деп, бір дәрігер немістің ақылымен моншаға барып, ыстыққа балбырап балқып отырып, тұздалған балмен ысқылап көрдім. Шындығында осыны сылтауратып тағы бір рет моншаға барайыншы деп істеп ем, бірақ бет-аузымды сатпақтағаннан басқа ешқандай пайдасы болмады. Әбден қапаланғасын Миландағы Маттен деген графқа хат жаздым; бір кітап пен мұрынға тамызатын бірдеңе жіберіпті, мейлі, онысына да рахмет. Нанасың ба: сәтін салғанда, Гоффтың мальцэкстратынан жазылдым! Әлдеқалай сатып алған едім, кішкентай құтымен бір жарымын ішкесін-ақ тіпті билеуге де жарайтын боп құлантаза жазылдым. Ырза болғаным сондай, оған газет бетінде "рахмет" айтқым келіп еді, нанасың ба жоқ па, енді екінші хикая басталды: мақаламды бірде-бір редакция қабылдамады! "Мұныңыз тым керітартпалық болып жүрер дейді, ешкім сенбейді, өйткені "la diablc n'existe point"1 дейді. "Сіз аты-жөніңізді көрсетпей бастырыңыз" деп ақыл береді. Егер олай болса, ол қандай "рахмет" айтқандық. Кеңседегілерге күліп былай деймін: "Біздің заманымызда құдайға сену кертартпалық болуы мүмкін, бірақ мен сайтан емеспін бе, ендеше, маған сенуге болады" — "Сайтанға кім сенбеуші еді, мұны түсінеміз ғой, дегенмен, мақалаңызды басуға болмайды, өйткені ұстаған бағытымызға кесірін тигізуі мүмкін. Әзіл есебінде болмаса?" — дейді. Әзіл есебінде бастыру тапқырлық емес қой деп ойладым. Сонымен, ақыры баспады. Нанасың ба жоқ па, бұған мен тіпті қатты өкпелеп қалдым. Менің, мысалы, ризашылық секілді ең ізгілік сезімімді білдіруіме тек әлеуметтік жағдайыма бола ресми түрде тыйым салынды.
19— Тағы да пәлсапаға бастың ба! — деді терісіне сыймаған Иван.
— Құдай сақтасын, бірақ кейде бірдеңе деп шағынбауға да болмайды ғой. Мен жалаға ұшыраған жанмын. Міне, сен де қит етсе ақымақсың деп ақия қаласың. Албырттығың сезіліп тұр. Достым-ау, гәп адамның ақыл-парасатында ғана ма екен! Мен жаратылысымнан ізгі жүректі, ақжарқынмын, "мен де түрлі водевильсымақ емеспін бе. Сен мені шынында да шашы ағарған Хлестаков деп ойлайсың ба қалай, алайда, менің тағдырым одан әлдеқайда қиынырақ. Бір кезде — мұны өз басым еш уақытта түсіне алған емен — бәрін сынап-мінеп "терістеуге" тағайындалыппын, асылында, мен нағыз рақымшыл кісімін, бірдеңені мансұқтауға мүлде ыңғайым жоқ. Жоқ, сен қазір барасың да бәрін сынап-міней бастайсың, онсыз сын болушы ма еді, егер "сын бөлімі" болмаса, ол не қылған журнал? — дейді. Сынсыз тек "осанна"1 ғана болады. Ал өмір сүру үшін жалғыз "осанна" жерімсіз ол "осаннаның" кеудедегі күдік отына шарпылып, оған қоса, тағы сондай бір өткелектерден өтіп қорытылуы қажет. Мен, әйтсе де, осының бәріне өзім барып килікпеймін, оны мен ойлап шығарған жоқпын, ендеше, жауап беретін де мен емес. Не керек, құрбандыққа шалған тышқақ лақтай ғып, мені сын бөліміне жазуға көндірді ғой, сөйтіп өмір сүретін болып шыға келдім. Біз мұндай әзіл-қылжақты түсінеміз: өз басым, мысалы, онан да мені құртып тыныңдар деген талабымды тұпа-тура, ашық айттым. Жоқ, өмір сүре бер дейді, өйткені сенсіз болмайды дейді. Егер бұ дүниеде бәрі ақылмен істеліп жатса, онда қандай хикая болушы еді. Сенсіз ешқандай хикая болмақ емес, ал хикаясыз тағы да жаман дейді. Сонымен, әйтеуір бір хикая болсыншы деп лажсыз көнгендіктен, біз біреудің әмірімен ақылға сыймайтын жосықсыздық көрсетемін. Адамдар соның бәрін байсалды бірдеңе деп пайымдайды, сонда олардың әлгі айқын парасаты қайда. Олардың қасіреті де, міне, осында. Сөйтіп олар қасірет шегеді, әрине, бірақ... оның есесіне өмір сүреді, қиялда емес, шын өмір сүреді, өйткені өмір дегеннің өзі сол қасірет қой. Ал қасіретсіз өмірдің қандай қызығы болар еді — онда барлығы бітпейтін бір ғибадатқа айналып кетпей ме: ғибадат қасиетті, әттең зеріктіріңкіреп жіберетіні бар оның. Ал мен ше? Мен де қасірет шегемін, алайда, өмір сүремін дей алмаймын. Мен белгісіз теңдеудегі икспін. Ненің қайдан басталып, қайда аяқталатынын аңғарудан қалған ақыры, өзінің атын да ұмытқан өмірдің әншейін бір елесі ғанамын. Немене, күлемісің... жоқ, сен күлмейсің, сен тағы да ашуға бастың. Сен ылғи ашулы жүресің, сен тек парасатты болғанды көксейсің, ал мен, саған тағы қайталап айтайын, бөшкедей жуан бір көпес қатынның жан сарайына кіріп алып, тәңіріге мінәжат қып шырақ қою үшін ғана жеті қат көктегі күллі тіршілігімді, барлық шен-шекпен, абырой-атағымды тәркі етер едім.
— Онда сен де құдайға сенбейтін болғаның ғой, — деп ызамен мырс етті Иван.
— Яки қалай десем екен, сен өзі шын сұрайсың ба?..
— Құдай бар ма, жоқ па? — деп Иван тағы да ызамен айқайлап жіберді.
— Сен, немене, шын айтасың ба? Жарқыным-ау, құдай ақына білмеймін, имандай шыным бұл.
— Білмейсің бе, ал құдайды ғой көресің? Жоқ, сен өзіңмен-өзің бола алмайсың, сен — мына менсің, сен шындығында менсің, бар болғаны осы ғана! Сен жай бірдеңесің, менің қиялымсың!
— Яки, қаласаң, сен екеуміз бір пәлсапаны ұстанамыз, міне, осылай деген жөн шығар. Je pense done je suis2, міне, мен мұны анық білемін, ал айналамдағы қалған нәрсенің бәрі, мына күллі жарық дүние, құдай тағала және тіпті сайтанның өзі де, — мұның бәрі мен 20үшін әлі дәлелденбеген, бұлардың бәрі, өзімен-өзі дербес өмір сүре ме, әлде тек менің эманациям, яки сәулем бе, уақытша және жеке-дара өмір сүретін өзімдік меннің дәйекті дамытылуы ма... қысқасы, енді сөзімді доғара қояйын, өйткені сен қазір дүрсе қоя бергелі тұрған секілдісің
— Онан да бір анекдот айтқаның артық еді ғой! — деді Иван ұнатпаған пішінмен.
— Анекдот та табылады және де ол нақ бізге керек тақырыптағы анекдот болады. Яки бұл анекдот емес, жай бір аңыз ғана. Сен ғой, мені сенбейсің деп кінәлайсың, "көріп тұрсаң да сенбейсің" — дейсің. Достым-ау, бұлай ойлайтын жалғыз мен бе екем, біздің ана жақта қазір барлығы мәңгіріп кеткен, мұның бәрі сендердің ілім-ғылымдарыңның кеселі. Атом, бес сезім, торт стихия ғана бар кезде, бәрі бірдеңе ғып оңтайласушы еді. Атом деген қадім заманда да болған ғой. Сендер мұнда "химиялық молекуланы", "протоплазманы", қайдағы жоқ тағы бірдеңелерді ашыпты дегенді естісімен-ақ — бізде барлығы құйрықты қыса қойды. Сонсоң бәрі былықты да кетті. Ең жаманы — ырың-жырың, өсек-аяң етек алды; сіздерде қанша болса, өсек-аяң бізде де сонша, тіпті көбірек те шығар, ақырында, біреуді көрсету де жоқ емес, қайсыбір "сыбыстарға" елеңдей қалатын ондай бөлімше бізде де бар. Бұл қарабайыр аңыз біздің орта ғасырлар заманынан қалған деседі. Сіздердің емес, біздің өзіміздің орта ғасырларымызды айтамын — бұған бізде мес қарын көпес қатындардан басқа — тағы да сіздердің емес, біздің өзіміздің мес қарын қатындарды айтамын — тіпті ешкім де сенбейді. Сендерде бардың барлығы бізде де бар, тыйым салынса да, өзіміздің бір құпиямызды мен саған дос болғасын ашып жатырмын. Бұл жұмақ туралы аңыз. Осында, сендер мекендейтін мына жерде бір ойшыл, пәлсапашы болыпты, ол "заңдарды, ар-ұжданды, дінді, осының бәрін", ең бастысы — ақыреттегі әмірді бекерге шығарыпты дейді. Ол өлген соң қара түнектен, құрдымнан бір-ақ шығармын деп ойлаған екен, ақыреттегі болашақ өмірге тап болыпты. "Бұл менің сеніміме қайшы келеді" — деп таңырқап, күйіп-піседі екен. Міне сол кісіні осы қылығы үшін соттапты... Яки, көресің бе, сен ғапу ет, мен тек естігенімді айтып отырмын, бұл жай аңыз ғана... көресің бе, ол әуелі осынау қара түнекте квадриллион шақырым жол жүрсін (қазір бізде де шақырыммен есептейді ғой), оған жұмақтың есігі тек осыдан кейін, осы квадриллионды бітіргесін ғана ашылып, барлық күнәсі сонда ғана кешіріледі деп кесіпті деседі...
— О дүниеде, яки сіздерде, осы квадриллионыңнан басқа тағы қандай азап бар? — деп сұрады бір түрлі таңырқап елең еткен Иван.
— Қандай азап дейсің бе? Аһ, несіне сұрайсың оны: бұрын олай да, бұлай да болып жатушы еді, қазір имандылық жағына басатын болды ғой, өзінің "ар-ұжданы алдында опынып, азап шексін дейді", бірақ мұның бәрі әншейін сандырақ. Бұл да сендерден жұққан нәрсе, бәрі "сендердің мінез-құлықтарыңның биязыланғандығынан". Сонымен, түптеп келгенде кімдер ұтты дейсің ғой, бұдан тек арсыздар ғана ұтты, егер ар-ұяттан әу бастан жұрдай болса, ол ар-ұжданының алдында қалай опынып азап шекпек? Оның есесіне, әлі ар-ұятынан айрылмағандықтан инабатты адамдар жапа шекті... Реформаға тиянақты әзірліксіз кіріседі, оның үстіне оны өзге мекемелерден көшіріп алады — сосын да көретініміз қып-қызыл зиян болмағанда қайтсін! Онан да ежелгі жылтыраған оттың өзі жақсы емес пе еді. Ал енді әлгі квадриллионға кесілген кісі қарап тұрады да, жолға көлденең жатып алады: "Барғым келмейді, қасақана ешқайда бармаймын!" — дейді. Орыстың білімді деген атеисінің жан сарайын ал да, мұхиттағы киттің құрсағында үш күн, үш түн дөңбекшіген Иона пайғамбардың жан сарайымен араластырып жібер, — әлгі ерегісіп жолға жатып алған ойшылдың мінезі қандай екенін сен, міне, сонда білесің.
— Сонда ол сонау көкте ненің үстіне жатты екен?
— Онда да бірдеңенің үстіне жатуға болады. Әйтсе де, сен мені күлкі ғып тұрған жоқсың ба?
— Бәрекелді! — деп айқайлап жіберді бағанағысынша таңырқап, елеңдей қалған Иван Енді ол бір түрлі өзгеше әуестікпен тыңдаған еді. — Немене, ол қазір де сол арада жатыр ма?
— Әрине, жатқан жоқ. Мың жылдай жатқан соң тұрып жүре берген.
— Онда бір салпаң құлақ есек екен ғой! — деп кеңкілдеп күлді Иван әлде нені пайымдауға зорланып. — Мәңгі солай жатты не, әлде квадриллион шақырым жүрді не — бәрібір емес пе? Ол үшін миллион жыл табан тоздыру керек қой?
— Тіпті одан да көп уақыт керек, есептеп шығаруға қағаз бен қарындаштың жоғын қарашы. Бірақ оның сол межеге жеткеніне қай заман десеңізші, міне, осы арадан енді анекдот басталады.
— Жеткені қалай! Ол миллион жылды қайдан алады?
— Сен әлі күнге біздің қазіргі жер туралы ойлап тұрсың ғой! Жер үнемі осындай болды деймісің, мүмкін, ол, миллион мәрте өзгерген шығар; айталық, оның мерзімі бітіп, мұздап, жарылып, шашылып-төгіліп, құрамдас бөліктеріне тарқап, сосын қайтадан су пайда болып, қатып-бекіп, сосын қайтадан құйрықты жұлдыз, қайтадан күннің көзі, ал күннің көзінен жер пайда болған шығар — міне, осындай даму жолы осыған дейін, мүмкін, қисапсыз көп қайталанған шығар, ең соңғы сызықшасына дейін бәз-баяғы бір қалыпта қайталана берген шығар. Сұмдық зеріктіретін нәрсе ғой бұл...
— Ал жеткесін не болыпты?
— Не болушы еді, оған жұмақтың есігін ашады, ол ішке кіреді, бірақ екі секөнт өтпей жатып — сағатына қарай сала (меніңше, ұзақ жолда оның қалтасындағы сағаты әлдеқашан іріп кетуге тиісті болса да), — жұмақта екі секөнт болмай жатып, бұл екі секөнтте бір квадриллион түгіл, квадриллионды квадриллионға көбейтіп, оның көбейтіндісін тағы да бір квадриллионға дәрежелегендей жол жүруге болады ғой! — деп айқайлап жібереді. Қысқасы, "осаннаға" басады ғой, сөйтіп тым асыра сілтеп алады, осы себепті ондағы ізгі ойлы деген кейбіреулер алғашқы кезде оған қол бергісі де келмейді: мұның кертартпалар қатарына зып бергенін қайтерсің дейді. Орыстың табиғи білім-болмысы ғой бұл. Қайталап айтамын: бұл — аңыз. Естіген құлақта жазық жоқ. Бізде осындай нәрселердің бәрі жөнінде пікірлер тараған.
— Мен сені ұстадым! — деп балаша қуанған Иван бірдеңені анық есіне түсіргендей айқайлап жіберді, — квадриллион жыл туралы анекдотты мына менің өзім ойлап шығарған болатынмын! Онда мен он жетіде едім, гимназияда оқып жүргенмін... мен бұл анекдотты сонда ойлап шығарып, Коровин деген жолдасыма айтқанмын, бұл Мәскеуде болған-ды... Бұл анекдотты менің өзге біреуден естуім мүмкін емес, оның ерекшелігі де осында. Мен оны ұмытқан едім... бірақ ол қазір өзінен-өзі есіме түсті — сен айтқан жоқсың, өзім есіме түсірдім. Кейде жайдан-жай, тіпті дарға асуға апара жатқанда да өмірдегі талай жайттардың көз алдыңа келетіні сияқты... түсімде есіме түскенін қарашы. Сол түс, міне, сенсің! Сен менің түсімсің, ал өмірде сен жоқсың!
— Осыншама қызбаланып бекерлегеніңе қарағанда, менің бар екеніме қалай дегенмен сенесің-ау деймін, — деп күлді джентльмен.
— Жоқ, сенбеймін! Жүзден бір бөлігіндей де сенбеймін!
— Тым болмаса мыңнан бір бөлігіндей сенетін шығарсың. Ең күштісі де осы ең кішкентайы, титтейі ғана болуы мүмкін ғой. Мойындасаңшы, тым құрығанда он мыңнан бір бөлігіндей сенетін шығарсың...
— Бір минут те сенбеймін! — деп айқайлады ызаланған Иван. Бірақ, сенің бар екеніңе бір есептен иланғым да келер еді! — деді тағы да ол таңғаларлық пішінмен.
— Еһе! Алайда мойындады деген, міне, осы! Бірақ мен рақымшылмын ғой, бұл жолы да саған қол ұшын берейін. Естимісің: сен мені ұстаған жоқсың, мені сені ұстадым! Әлдеқашан ұмытқан анекдотыңды — маған мүлде сенбейтін болсыншы деп саған жорта айттым ғой.
— Өтірік соқпа! Сенің бұл көрінгендегі мақсатың — өзіңнің бар екендігіне мені сендіру емес пе.
— Дәл солай. Бірақ толқу, мазасыздану, сену мен сенбеу арасындағы тайталас кейде мына сен сияқты ар-ұяты бар адамға сұмдық азап қой, одан да асылып өлген артық шығар. Маған титтей болса да сенетініңді білгендіктен де мен саған осы анекдотты айтып, көкейіңде өшпес күдік туғыздым. Сені не сенерін, не сенбесін білмесін деп сергелдеңге салып қойдым, бұл арада да көздеген бір мақсатым бар. Жаңа әдіс-айла ғой бұл: менің бар екеніме мүлде сенбейтін болсаң, сені білем ғой, менің көрген түс емес, шын бар екенімді айтып, мені көзге шұқи бастайсың; міне, сонда мен мақсатыма жеткен болып шығамын. Ал менің діттейтінім — ізгі мақсат. Мен сенің көкірегіңе сенімнің титімдей ғана дәнін тастаймын, сосын одан бәйтерек өсіп шығады — бәйтерек болғанда қандай керемет, оның басына шығып отырғаның да сенің "жапан түздегі диуана да, бейкүнә әйел де" болғың келеді әлі, өйткені сен іштей жан-тәніңмен соны тілейсің, жапан түзде жел обатын диуана боласың, сен әлі сол жаққа кетіп жан сауғалайсың!
— А, сен оңбаған, менің шыбын жанымды сөйтіп сақтамақшы екенсің ғой?
— Өмірде тым болмаса бір рет жақсылық істеуім керек емес пе. Байқаймын, тегі, маған ашулысың ғой деймін, сен маған ашулысың!
— Сайтан неме! Сен әлгі жапан түзде жел обып, он жеті жыл бойы құдайға құлшылық еткен, үсті-басын мүк басқан сорлыларды сиқырлап байқамап па едің?
— Жарқыным-ау, менің бар бітіргенім де сол емес пе. Бар әлем мен дүние-жалғанды естен шығарсаң да, сондай біреуге жабысарың хақ, өйткені бұл тым қымбат гауһар тас қой, кейде ондай жанның жалғыз өзі бір шоғыр жұлдыздан да қымбат көрінеді — біздің өз есебіміз бар емес пе. Жеңіске жеткеннен қымбат не болушы еді! Олардың ішінен кейбіреулері — сен бұған сенбесең де айтайын — өзінің өресі жағынан, құдай ақына, сенен төмен емес: ол бір сәтте сену мен сенбеудің арасындағы құрдымға үңілген кезде, қылдай ғана тайып кетсе, актер Горбунов айтқандай, "тоңқалаң асар ма екен" — деп те ойлайсың.
— Сонымен, не болды, қолыңды мұрынға тығып қалдың ба?
— Достым-ау, — деді қонақ ғибратты әуенге кешкен қонақ,— бір науқас маркиздің (тегі: дүмше дәрігер емдеген бе, қалай) өзінің иезуит-пірәдарының алдына барып мінәжат қылғанда айтқанындай, кейде мұрынсыз қалғанша, қолды мұрынға тығып қалған артық емес пе. Өз көзіммен көрген едім — ғажап нәрсе. "Маған мұрнымды қайтарып бер!" дейді маркиз. Сөйтіп, кеудесін қағады. "Балам, — дейді жауаптан жалтарған иезуит-пірәдар, — бұл жалғанда барлығы бір құдайдың бұйрығымен болып жатады, сол себепті ақыры қайырлы болсын деп тіле. Қатал тағдыр сізді мұрыннан айырып, пұшық қылған екен, бірақ мұның да бір қайыры бар шығар, енді сізге қалған ғұмырыңызда қолыңды мұрынға тығып қалдың деп табалауға ешкімнің аузы бармайды". — "Қасиетті пірәдарым-ау, бұл не деп жұбатқаныңыз! — дейді қапаланған маркиз,— онан да, мұның керісінше, қалған ғұмырыма мен күн сайын мұрнымның өз орнында тұрғанын көргеніме риза болар едім!".
— "Балам, — дейді күрсіне иезуит-пірәдар, — бар игілікті бір күнде басыма үйіп-төге қой деу жөнсіз, олай деп аруақ-құдайға шет болмаңыз, ескерусіз қалып жатқан жоқпыз, неге десеңіз, қайран мұрным деп қайғырып тұрғанда да, тілегіңіз қабыл болды деп біліңіз: өйткені мұрыннан айырылған күнде де, бәрібір қолды мұрынға тығып қалғандай боласыз ғой..."
— Түу, неткен ақымақтық еді! — деп айқайлап жіберді Иван.
— Достым-ау, менің сені күлдіргім келіп еді, не бары осы, алайда, ант етемін, бұл нағыз иезуиттік қитұрқы, сонсоң, илансаң, осының барлығы әрбір әрпіне дейін дәл менің айтқанымдай. Жуырда ғана болған еді, мені көп әуреге салды. Бейшара жігіт үйіне келгесін сол түні атылып өлді; соңғы демі таусылғанша табан аудармай қасында отырдым... Ал әлгі мінәжат қылатын иезуиттік үйшіктерге келсек, бұл — менің ең бір жабырқаған сәттерімде ермек қылатын ең сүйікті орным. Енді таяу күнде ғана болған тағы бір оқиғаны айтайыншы. Пірәдар шалға жиырмалардағы бір сары шашты норман қызы келеді. Құлын мүсінді, айдай ару екен, тіпті аузыңнан сілекейіңді шұбыртады. Қыз еңкейіп, үйшіктің тесігінен өзінің қандай күнәға батқанын сыбырлайды. "Қызым-ау, мұның не, тағы да күнәға батқаның ба?... — дейді пірәдар. — О Santa Maria1, не деп тұрсың: енді басқа біреумен бе, шырағым-ау, сенің күнәға батуың бітпеуші ме еді, ұят қой бұл!" — "Ah mon ріге2 — дейді күнәкар қыз көз жасын көл ғып. — Ga lui fait tant dc plaisir ct a moisi peu de peune3! Байқаймысың, қалай-қалай жауап береді! Бұл арада тіпті мен де тайқып шыға келдім: бұл табиғаттың өзінің жан ашуы, бұл қаласаң, бейкүнә пәктіктен де артық! Мен сол арада қыздың күнәсын кешіріп, кетуге ыңғайлана беріп едім, бірақ тез қайта оралдым: пірәдардың тесіктен сыбырлап, кешке қызбен кездесуге уағдаласып жатқанын құлағым шалып қалды, шалың қайсар-ақ кісі еді, бірақ лезде үйіріліп түсті! Шіркін табиғат-ай, ол өзінің дегенін істетпей қоймайды ғой! Немене, тағы да мұрын тыржиттың ба, тағы да ашуландың ба? Саған енді қалай жағуды да білмеймін тіпті..."
— Әбден миымды ашыттың ғой, тыныштық бересің бе, жоқ па. — Көз алдындағы көлбеңдеген елесінен қажыған Иванның даусы ыңырсып шыққан еді. — Сенімен отырғанда мен жаман зерігемін, әрі-берідесін азапқа түсем! Қалай ғана құтылар екем сенен!
— Қайталап айтамын, маған қоятын талаптарыңды кішкене кеміріңкіресеңші, "кемеңгерлік, ғажап бірдеңені" талап етпе менен, сонда өзің көресің әлі, екеуміз тіл табысып өмір кеше аламыз, — деді нықтап сөйлеген джентльмен. — Менің амалын тауып айнама алтын шұғыла шашып, "салдырлатып-гүлдірлетіп, жарқылдатып-жалтылдатып", қанаттарымды отқа шарпып келудің орнына, мынадай күйкі күйде көрінгеніме сен өзі шынымен ашулысың ғой деймін. Біріншіден, әсемдік сезімін кемсініп қалса, екіншіден, тәкаппарлығың ұстады: мендей кемеңгердің көкірегіне мұндай пасық сайтан қалай ғана кіріп алды екен? — деп намыстанасың. Жоқ, сен бір кезде Белинский соншалықты мысқылдаған романтикалық сарыннан арылып болмағансың. Амал барма, әлі жассың ғой. Бағана осы жаққа жиналып жатып қалжың үшін фрагыма Арыстан мен Күн жұлдызын тағып алып, бір кезде Кавказ жақта қызмет еткен, қазір бос жүрген штатский советник болып барсам қайтеді деп ойлаған едім, сонан соң, тым болмаса Темірқазық жұлдызын немесе Сириусты тақпай, Арыстан мен Күнді жалтыратып келгеніме ашуланып сабап тастай ма деп қорықтым. Сен болсаң мені ақымақ деуден бір жазбайсың. Құдай-ау, сенімен ақыл-парасат салыстыру менің тіпті қаперіме де кірмеген нәрсе ғой. Фаусттың 21алдына келген Мефистофель: менің зұлымдық істегім келіп тұрады, бірақ ылғи жақсылық жасаймын деген екен. Мейлі, мұны ықтияры білсін, ал мен өзім мүлде керісінше істеймін. Бұл жалғанда ақиқатты сүйетін және кісіге шын жақсылық тілейтін біреу болса, ол мен шығармын. Мен күресте өшкен құдайы сөздің көкке ұшқанда оң жақтағы кресте қарақшының жанын кеудесіне қондырып ала кеткенін көргемін, мен әнге басып. "Осанна" деп даурыққан херувим-періштелердің масайраған даусын да естігемін, серафим-періштелердің аспан көгі мен күллі әлемді жаңғырықтаған қуанышты айқайын естігенмін. Саған жарық дүниедегі қадір-қасиетінің бәрімен ант етейін, менің де сол хорға қосыла кетіп, бәрімен бірге "Осанна!", — деп айқайлағым келген еді. Кеудемді кернеп, аузыма келіп те қалған... өзің білесің, мен тым сезімталмын ғой, көркемдікті сезгіш зеректігім де бар. Бірақ салиқалы ой — о, менің бай-басымдағы ең сорлы қасиет те осы ғой — ол мені бұл жолы да шектен шығармай тежеп қалды да, дер сәтті өткізіп алдым! Өйткені, — деп ойладым мен сол минутте, — менің "осаннамнан" кейін не болар еді? Онда жарық дүниедегінің бәрін сол сәтте-ақ қара түнек басып, енді қайтып ешқандай төтенше уақиға болмайтын болар еді. Сөйтіп, тек өзімнің қызмет бабым мен әлеуметтік жағдайым себепті ғана сондай игі сәтті өткізіп жіберіп, жамандыққа маталып қалуға мәжбүр болдым. Жақсылықтың абыройы түгелдей өзге біреулерге бұйырған да, менің сыбағама тек жамандық қана қалған. Бірақ мен жылпостық тірлікке құмартқан емен, мен баққұмар емеспін. Инабатты жандардың бәрінен қарғыс есту, тіпті тепкі көру бұл жалғандағы барлық жан иелерінің ішінен жалғыз менің пешенеме жазылу себебі не, әлде, пенде кейпіне келген соң, кейде оның осындай зобалаңын да көруім керек пе? Мен білем, мұның бір құпиясы бар, бірақ оны маған әсте ашқылары келмейді, өйткені, онда, гәптің неде екенін сезгесін, менің "осаннаға" басуым мүмкін ғой, сөйтіп, теріс лағу дереу тыйылып, күллі әлемде зерделілік басталар еді де, онымен бірге, әлбетте, барлығы мақұрым болар еді, тіпті газеттер мен журналдар да құрыр еді, өйткені онда оларға кім жазылмақ. Әйтсе де мен, ақыр-соңында, мәмлеге келіп, өзімнің квадриллионымды жүріп өткеннен кейін ол құпияға қанығатынымды білемін. Бірақ оған дейін менің жаным тыныштық таппайды, өзіме жүктелген міндетті қиналсам да атқара беремін: біреуді құтқару үшін сан мыңды құрбандыққа шалу керек болады. Мысалы, жалғыз Иов деген бір тақуа үшін қаншама кісінің жанын жаралап, қаншама адамның абыройын төгуге тура келді, кезінде осыған бола мені жаман мысқылдады ғой! Жоқ, қашан сол құпия ашылғанша, мен үшін екі түрлі шындық бар: біреуі — ана жақтағы, олардың шындығы, әзірше ол маған мүлде беймәлім, екіншісі — менің өзімнің шындығым. Екеуінің тазасы қайсы болатынын білмеймін... Сен қалғып кетпедің бе?
— Егер сен менің бойымдағы әлдеқашан бастан кешкен, санамен салмақтаған соң түкке тұрғысыз жеркенішті бірдеңе ретінде лақтырып тасталған пасықтық атаулыны маған қайдағы бір жаңалықтай қайтадан мылжыңдасаң, мен қалай қалғымайын! — деді даусы қырылдап шыққан Иван.
— Тағы да жақпадым ғой! Әдеби баяндаумен еліктірем бе десем: менің әлгі аспандағы "осаннам" тәп-тәуір шықты ғой, солай емес пе? Сосын жаңағы ана Гейне мысқылды әуенше, ол да сәтті шыққан жоқ па?
— Жоқ, мен ешқашан да мұндай малай болған жоқпын! Менің жан дүнием мына сендей малайды қалай ғана туғыза алды екен?
— Достым, мен орыстың бір ғажап, аса мархабатты байбатшасын білуші едім, ол ойшыл жігіт, әдебиет пен әсемдік әлемінің керемет әуесқойы, "Ұлы жендет" деп аталатын дастанды жазушы... Мен әншейін соны ғана тұспалдаған едім!
— Сен "Ұлы жендет" жайында аузыңды ашушы болма, — деп зекірінді ұялғанынан құлақ шекесіне дейін қызарып кеткен Иван.
— Ал, әлгі "Геологиялық төңкеріс" ше, ол қалай? Есіңде ме Дастан деп, міне, соны айт!
— Үніңді өшір дедім ғой саған, әйтпесе қазір мен біржола өшіремін!
— Немене, сонда мені өлтірмекпісің? Жоқ, ғапу етіңіз, мен айтарымды бәрібір айтып қаламын. Бұл келгенде мен өзімді сондай бір жан рақатына батырайын деп келдім. О, мен өзімнің сондай албырт, сондай жас, өмірге сондай керемет құштар достарымның арманшылдығын ұнатамын! Өткен көктемде осы жаққа жиналып жатып: "Ана жақта жаңа адамдар бар, олар барлығын күл-талқан етіп, бітірген соң, антропофагиядан бастамақ, — дегені қайда.
— Ол ақымақтар, менен сөйтсек қайтеді деп сұрап па! Меніңше, ештеңені талқандаудың қажеті жоқ, не бары адамның басындағы құдай туралы идеяны құртса жетіп жатыр, істі міне осыдан бастау керек! Міне, осыдан, нақ осыдан бастау керек — о, түкке түсінбейтін көрсоқырлар! Адам баласы бірі қалмастан құдайдан безінсе (ал мен, геологиялық дәуірлер сияқты, бұл дәуірдің де туатындығына сенемін), онда бұрынғы дүниетанымның бәрі, ең бастысы — осыған дейінгі күллі имандылықтың бәрі бірін бірі жалмаусыз-ақ, өзінен-өзі құртып бітеді де, тіршілік түгел өзгереді. Адам тірісінде өмірден барынша алып қалуға жанталасады, бірақ олар мұны тек осы фәни дүниедегі бақыт пен қызық-қуаныш үшін ғана істейді. Құдіретке, күші тасыған алыпқа тән масаю рухы билеген адамның мейманасы тасып, құдай — адам, құдай да емес, құдайдан былайда емес адам пайда болады. Енді өзінің күш-жігерімен, ілім-білімімен табиғатты сағат сайын ешбір тежеусіз жеңе алатын адам баласы рақатқа батқан үстіне бата береді де, кейін көктегі өмірдің қызығына кенелемін ғой деген ескі үмітінің бәрін біржола ұмытады. Басы жұмыр пенде біткен өзінің бұл дүниеде қонақ екенін өлген соң қайта тірілмейтінін білетін болады, сол себепті ол ақтық демі таусылар сәтті тәңіріше, тәкаппар һәм байсалды қарсы алады. Ол бұ жалғандағы тірліктің қас қағымдай ғана сәт екендігіне назаланбау қажеттігін тәкаппарлығынан түсінеді де, өзі секілді жұмыр басты бауырын ешбір сый-сияпат дәметпестен жақсы көретін болады. Махаббат өмірдің бір сәтін ғана қанағаттандырады, бірақ оның осы бір сәттілігін түсінгендіктен ол махаббаттың қызуы да ересен болмақ, мұны, тегі, ақыреттегі мәңгі сарқылмас махаббаттан үміттенумен ғана салыстыруға болатын шығар"... тағысын тағылар, тағы сондайлар дегендейін. Ғажап емес пе!
Иван екі құлағын басып алып темен қарап отыр еді, бір кезде оның тұла бойы дірілдеп кетті. Бірақ әлгі дауыс одан ары жалғаса берді:
— Енді мәселе мынада, деп пайымдады менің жас өрен ойшылым: бір кезде сондай заман тууы мүмкін бе, жоқ па? Егер ондай заман туатын болса, онда бәрі шешілді дей бер, онда адамзат баласы біржола орнығады. Бірақ, адамның сүйегіне сіңген зердесіздігі себепті бұл, бәлкім, әлі мың жыл бойы бола қоймайтын шығар, сондықтан ақиқатты түсінетін әрбір адамға өзінің қалауынша, жаңа негізде өмір кешуге рұқсат болуға тиіс. Бұл мағынада алғанда оған "барлығы рұқсат етілген". Ол ол ма: сол заман тіпті еш уақытта тумаса да мейлі, бірақ құдай мен мәңгі өлмеу қалай дегенмен де жоқ болып шықса, онда жаңа адамның, тіпті бүкіл әлемде жалғыз өзі болса да, құдай-адам болуын рұқсат, содан кейін, қажет болса, оның осы жаңа мансабымен бұрынғы құл — адамның бұрынғы кез келген имандылық шегінен оп-оңай аттап өте беруіне болады. Құдайға заң жоқ! Құдай қай жерге келіп тоқтаса — ол енді құдайдың жері! Мен қайда келіп тоқтасам... ол жер дереу бірінші орын болмақ... "барлығына рұқсат", сонымен іс бітеді! Бәрі қандай жанға жағымды; тек бір алаяқтық істегің келсе, бұл үшін ақиқаттың рұқсатын алудың қажеті не? Бірақ біздің осы күнгі орыстар қызық қой: оның ақиқатты жақсы көретіндігі соншалық, тіпті рұқсатсыз алаяқтық жасауға да дәті бармайды...
Өзінің сөзуарлығына елігіп кетті ме қалай, таңдайын тақылдата сайраған қонақ қожайынға мысқылмен қарап отырған еді; алайда, ол сөзін аяқтай алмады: Иван үстел үстіндегі стақанды ала салып, ділмарсыған немеге құлаштап лақтырып жіберді.
— Ah, mais c'estletc entin1 — деді анау диваннан атып тұрып, үстіне шашыраған шайды саусақтарымен қағып жатып, — Лютердің сия сауытын қалай лақтырғанын еске түсірдің бе! Өзі сен менің көрген түсімсің дейді де, өзі сол түске стақан лақтырады! Қарынның қылығы ғой мұның! Өзім де нақ солай шығар деп күдіктеніп едім: сен өтірік құлағыңды басқансып, шынында, бәрін тыңдап отырдың...
Аула жақтан біреудің терезе жақтауын өршелене тықылдатқаны естілді. Иван Федорович диваннан түрегелуге ыңғайланды.
— Естимісің, барып ашсаңшы, — деді қонақ өктемірек дауыспен, — бұл келген сенің інің Алеша ғой, ол саған төтенше әрі қызғылықты, бір хабар әкелді, мен білген соң айтамын!
— Сен суайт, дымыңды шығармай тыныш отырсаңшы, мен оның Алеша екенін сенен бұрын сезгенмін, оның келетінін сенсіз де біліп отырғанмын, неге босқа жүрсін, әрине, "бір хабар" әкелді!.. — деді Иван күйгелектеп.
— Барсаңшы, тез ашсаңшы. Дала бұрқасын, ол сенің бауырың емес пе, жаурап қалар. Monsieur, sait — il le temps qu'il fait? C'est a ne pas mettre un chien dehors...1
Сырттағы кісі әлі тықылдатып тұрған. Иван терезеге қарай ұмтылып еді, кенет оның қол-аяғын бірдеңе матап тастағандай болды. Жұлқынып көріп еді, түк шықпады. Ал терезедегі тықыл онан сайын жиілеп, күшейе түсті. Ақыры бір кезде тұсауы үзілгендей болған соң Иван Федорович диваннан атып тұрды. Ол жан-жағына одырая қарады, балаусыз шырақтың екеуі де жанып бітуге айналған, ілкіде ғана қонағына лақтырған стақан да үстел үстінде, өзінің алдында тұр, диванда отырған ешкім көрінбейді. Терезедегі тықыл әлі тоқтаған жоқ-ты, бірақ ілкіде түсінде елестегендей, онша қатты емес, өте саябыр еді.
Бұл түс емес! Жоқ, ант етемін, бұл көрген түс емес, барлығы да осы жаңа ғана өңімде болды! — деп айқайлап жіберген Иван Федорович терезеге барып желдеткішті ашты.
— Алеша, мен саған келмей-ақ қой деп едім ғой! — деп қатуланды ол інісіне. — Қысқа ғана айт: саған не керек! Тек қысқа қайыр, естимісің?
— Осыдан бір сағат бұрын Смердяков асылып өлді, — деді Алеша аула жақтан.
— Онда баспалдаққа қарай бара бер, қазір есікті ашамын, — деді Иван, сөйтіп ол Алешаға есік ашуға кетті.
X
«МҰНЫ АЙТҚАН СОЛ»
Алеша ішке кірген соң, Иван Федоровичке осыдан бір сағаттан азғана бұрын оның пәтеріне Марья Кондратьевна келіп, Смердяковтың асылып өлгенін хабарлағанын айтты. "Әлгі самауыры құрғырды алып кетейінші деп бөлмесіне кірсем, ол қабырғадағы шегеде асылып өліп қалыпты". Алешаның: "Тиісті орынға хабарладың ба?" — деген сұрағына, — ешкімге айтқан жоқпын, "ең алдымен сізге хабарлайыншы деп осында жеткенше жан ұшырдым, жол бойы жүгірдім", — депті. Дірілдеп-қалшылдап кеткені сонша, тіпті есінен адасқан секілді боп көрінді, — деді Алеша. Марья Кондратьевнамен бірге олардың үйіне жүгіріп барғанында, Смердяков сол асылған күйі 22тұр екен. Үстелде жатқан бір жапырақ қағазға: "Мен өзім асылып өлуге бел будым, бәрі өз еркіммен, өз тілегіммен істелді, бұған ешкім кінәлы емес", — деп жазыпты. Алеша үстел үстіндегі қағазды сол күйі қалдырып, тура исправникке барады: оған бәрін мәлімдеген соң "тура саған келдім", — деді сөзінің соңында Иванның бетіне қадала қараған Алеша. Осының бәрін айтқан кезде ол, ағасының бет әлпетіне ғажайыптанғандай, оған көз аудармаған еді.
— Аға, — деді ол кенет шошынғандай, — сен өзі бір сұмдық дертке ұшырағаннан қалайсың! Менің айтқаным тіпті қаперіңе де кірмейтін кісіше қарайсың ғой.
— Сенің келгенің жақсы болды ғой, — деп міңгірледі ойға шомған Иван, інісінің таңырқаған сөздерін естімегендей пішінмен. — Ал мен оның асылып өлгенін білдім ғой.
— Оны кімнен естідің?
— Кімнен естігенім жадымда жоқ. Бірақ білгенім хақ. Білгенім рас па? Иә, маған ол айтқан-ды. Ол жаңа ғана айтқан еді маған...
Иван бөлменің ортасында тұрып, әлі де сол ойға шомған күйі, төмен қарап сөйлеген-ді.
— Ол деп тұрғаның кім? — деп сұрады Алеша лажсыздан жан-жағын көзімен шолып.
— Ол қашып кетті ғой.
Иван басын көтеріп, ақырын жымиып қойды:
— Ол сенен, сендей момақан момыннан қорықты. Сен "нағыз херувимсің" ғой. Дмитрий сені херувим1 деп атайды емес пе. Херувим... Серафимдердің2 қуанғандағы шат-шадыман дауыстарын айтсаңшы! Серафим деген не? Мүмкін, ол бір шоғыр жұлдыз шығар. Ол бір шоғыр жұлдыз, бәлкім, не бары бір химиялық молекула болар... Арыстан мен Күн шоғыр жұлдызы бар, сен мұны білуші ме ең?
— Аға, отырсаңшы! — деді Алеша зәресі кетіп, — құдай үшін, диванға барып отыршы. Сен сандырақтап тұрсың, жастыққа қисая тұршы, міне былай. Маңдайына сулы орамал басайын ба? Мүмкін, айығып кетер?
— Орамалды әперші, анау орындықтың үстінде болуға тиіс, бағана сонда тастағанмын.
— Онда жоқ қой. Мазасызданба, оның қайда жатқанын мен білемін, міне таптым, — деді бөлменің екінші бұрышындағы Иванның кішкентай сәндік үстелінің жанынан әлі ұсталмаған, бүктеулі, таза орамалды тауып алған Алеша. Иван орамалға таңырқай қарады, оның есі заматта қайта оралғандай болды.
— Тоқташы, — деді диваннан көтеріле берген ол, — мен бағана, осыдан бір сағат бұрын, дәл осы орамалды нақ сол арадан алып сулағанмын. Басыма қойғаннан кейін оны сонда лақтырып тастаған едім... оның құрғақ болғаны қалай? Басқа орамал жоқ еді ғой.
— Сен маңдайыңа осы орамалды басып па едің? — деп сұрады Алеша.
— Иә, оны басыма қойып алып, бөлмеде жүргенмін, осыдан бір сағат бұрын... мына 23балауыз шамдар қалай жанып біткен? Қазір сағат қанша?
— Он екіге жуықтап қалды.
— Жоқ, жоқ, жоқ! — деп Иван айқайлап жіберді, — бұл көрген түс емес! Ол осында болған анау диванда отырған. Сен терезеден тықылдатқан кезде, мен оған стақанды лақтырғанмын... міне мынау стақанды... Тоқта, мен бұрын да осылай ұйықтайтынмын, бірақ бұл жолғы ұйқым ондай ұйқы емес. Бұрын да болған. Алеша, қазір мен осындай түстер көріп жүремін... бірақ бұл түс емес, өңімдегі бірдеңе: бөлмеде сенделіп жүремін, бірдеме деп сөйлеймін, бірдеңені көремін де... ал өзім ұйықтап жүремін. Бірақ ол осында болды, анау диванда отырған... Ол барып тұрған ақымақ, Алеша, нағыз ақымақтың өзі, — деп кенеттен күліп жіберген Иван бөлмеде ерсілі-қарсылы жүре бастады.
— Ақымақ дегенің кім? Аға, сен кімді айтып тұрсың? — деп сұрады тағы да Алеша жабырқаған үнмен.
— Сайтанды айтамдағы! Ол маған келуге дәнігіп алды. Екі мәрте келді, тіпті үш мәрте деуге де болады. Ол мені мазақтады: мен оның қанатын от шарпыған, күркіретіп, жарқылдатып келетін ібіліс болмай, жай сайтансымақ болғанына бейне ашуланатын сияқтымын. Бірақ ол ібіліс емес, ол өтірік соғады. Ол жалған атты жамылушы. Ол жай шайтансымақ, жаман-жұман, кішігірім шайтан. Моншаға барғанын қайтерсің. Оны шешіндірсең, даниялық иттің құйрығы секілді ұзындығы бір аршын, тақыр, сұрғылт құйрығын тауып алатының сөзсіз... Алеша, сен жаурап қалған шығарсың, далада қар жауып тұр ғой, шай ішесің бе? Не? Суық деймісің? Ішкің келсе, қазір шай қойғызайын? С' est в ne pas mettrc un chien dehors...
Алеша тез қолжуғышқа барып орамалды сулады, содан кейін Иванды отыруға көндіріп, басын сол сулы орамалмен орады. Өзі оның жанына құйрық басты.
— Бағана сен маған Лиза туралы не деп едің? — деп Иван қайтадан сөз бастады. (Ол тым сөзуар болып бара жатқан-ды). Лиза маған ұнайды. Мен саған ол жөнінде бір ғайбат сөз айттым ғой деймін. Өтірік айта салғанмын, ол маған ұнайды... Мен ертең Катя үшін қорқамын, бәрінен де сол үшін көбірек қорқам. Келешек үшін. Ол ертең мені жерге тастап, аяғымен таптап кетеді. Оны қызғанғасын Митяны жарға құлатпақшы деп ойлайды мен жайында! Иә, ол осылай ойлайды! Бірақ әсте олай емес қой! Ертең бәрі бітеді, бірақ, бұл әлі асылып өлу емес. Жоқ, мен асылып өлмеймін. Сен білесің бе, Алеша, мен еш уақытта өзімді-өзім мерт қыла алмаймын! Сонда қалай, арамзалығымнан ба? Мен қорқақ емес-ті. Өмірге құштарлықтан ғой бұл! Смердяковтың асылып өлгенін мен неліктен білдім деймісің! Иә, мұны маған ол айтқан...
— Осында бәз біреудің отырғандығына сен кәміл сенімдімісің? — деп сұрады Алеша.
— Анау диванда, бұрышта отырған. Сен оны қуып жіберетін едің. Әйтсе де, сен оны қуып жібердің де ғой: сен келген соң, ол тайып берді. Алеша, мен сенің қиялдарыңды ұнатамын. Мен сенің ақ жүзіңе сүйсінетінімді білуші ме едің? Ал ол - менің өзім, Алеша, менің өзім. Мендей арамдық, оңбағандық, жексұрындық атаулының бәрі сонда! Иә, мен "романтикпін", ол мұны дұрыс айтты... мұнысы жала болса да солай. Нағыз ақымақтың өзі, бірақ сонысымен ұтып жарады. Ол қу болғанда — сұмдық қу ғой, мені қалай ашуландыруды біледі. Ол мені өзінің бар екендігіне сөндірмекші болып мазақтап, мылжыңын тыңдап отыруға мәжбүр етті. Ол мені, балаша алдап соқты. Әйтсе де, ол мен жөнінде талай шындықты айтты. Мен өзім туралы ондайды ешқашан да айта алмас едім. Білесің бе, Алеша, білесің бе, — деді сонан соң Иван, бейне бір жасырын сырын ашқандай, өте байсалды пішінмен, — мен оның, шынында да мен болмай, өзімен өзі болғанын өте-мөте тілер едім!
— Ол сені азаптап біткен екен, — деді ағасына жанашырлықпен қараған Алеша.
— Мені мазақ етті! Және де бәрін қалай керемет еппен істеді десеңші. "Ар-ұждан ба! Оны қайт дейсің? Оның болу-болмауы менің өзіме байланысты емес пе. Мен не үшін азап шегуім керек? Баяғы ғадат бойынша да. Бүкіл адамзат баласының жеті мың жыл бойғы ғадаты бойынша азап шегемін. Әйтпесе бұдан тыйылып, құдай боп шығамыз". Мұны айтқан сол, мұны айтқан сол!
— Сен емес пе, сен емес пе? — деп ағасына жайдары қараған Алеша іркілместен айқайлап жіберді. — Ондай мейлі, соны қойшы, біржола ұмытсаңшы! Сенің осы қарғап-сілегеніңнің бәрін ала кетсін де, енді қайтып қарасын көрсетпесін!
— Иә, бірақ, ол ызақор. Мені күлкі қылды. Ол дөрекі ғой, Алеша, — деді қатты назаланған Иван. — Алайда, ол маған жала жапты, айтқанының көбі қып-қызыл жала. Ол маған көзімді бақырайтып қойып, менің өзім жайында өтірік соқты ғой. "О, сен бір ізгі ниетті ерлік көрсету үшін бармақсың, әкемді мен өлтірдім, малай оны менің құтыруыммен өлтірді демекшісің..."
— Аға, — деп үзіп жіберді Алеша, — бұл не дегенің: оны өлтірген сен емес. Бұл өтірік!
— Сол, мұны айтқан сол, ал мұны ол біледі. "Сен ізгі ниетті ерлік көрсету үшін бармақсың, сөйте тұра ізгілікке әуелі өзің сенбейсің — сені ызаландырып, азапқа салатын міне осы, сенің кекшілдігіңнің себебі де осы". Бұл оның маған мен туралы айтқаны, ал ол не деп тұрғанын біледі...
— Мұны айтатын сен, ол емес! — деді Алеша күйініп, — ауру болғасын сандырақтап, өзіңді-өзің азапқа салып, аузыңа келгенді шатасың!
— Жоқ, ол не деуді біледі. Сен, дейді, намысқойлығыңнан бармақсың, сен түрегеліп: "Оны өлтірген мен, несіне үрейленіп бүрісе қалдыңдар, сендер өтірік айтасыңдар! Пікірлеріңді жаным жек көреді, үрейлеріңді суқаным сүймейді" — дейді. Бұл оның мен туралы айтқаны, сонсоң кенет тағы да: "Ал білесің бе, сен өзіңді мақтаса екен дейсің: қылмыскер, былайша айтқанда, кісі өлтіруші, бірақ, ол қандай ақ көңіл, ағасына араша түсіп, айыпты өз мойнына алды! — дейді. Міне, бұл шіп-шикі өтірік, Алеша! — деп айқайлап жіберді Иван, жанары жалт-жұлт етіп. — Қайдағы бір қара табан марапаты дәрі емес маған! Ол өтірік соққан, Алеша, саған ант берейін, өтірік соққан! Осы қылығы үшін үстелден ада салып періп жібергенімде, оның тұмсығына тиген стақанның күлпәршесі шыққан.
— Аға, тынышталсаңшы, қойсаңшы енді! — деп жалынды Алеша.
— Жоқ, ол қалай азаптауды біледі, ол қатал, — деді одан ары Иван, інісінің сөзіне құлақ салмай. — Оның осында неге келетінін мен һәмәнда алдын ала сезетін едім. "Жарайды, сен намысқойлығыңнан барады екенсің дедік, бірақ бүйткенде қалай дегенмен Смердяковты әшкерелеп, каторгаға айдайды, Митяны ақтайды, ал сені тек адамгершілік тұрғысынан кінәлайды (естимісің осы сәтте ол күліп жіберді), басқа біреулер тіпті мақтауы да мүмкін деген үміт болады ғой. Бірақ, міне Смердяков жоқ, ол асылып өлді — анда сотта жалғыз сенің айтқаныңа кім сенеді? Ал сен сотқа бармақсың, өзің бармақсың, енді қалай да барасың, өйткені баруға тәуекел етіп қойдың. Осыдан кейін сен онда не үшін бармақсың?" Бұл қорқынышты ғой, Алеша, мен мұндай сауалдарға төзе алмаймын Маған мұндай сауал қоюға кімнің дәті барады!
— Аға, — деп Алеша оның сөзін бөліп жіберді, зәресі кетсе де, Иванды ақылға келтіруге ол үмітін әлі үзбеген еді, — мен осында келгенше, мұны ешкім білмей, тіпті ол жайында құлақтанып үлгеретіндей уақыт өтпей жатып, Смердяковтың өлгенін ол саған қалай айтуы мүмкін?
— Ол айтты, — деді Иван шүбәсіз бекем үнмен. — Білгің келсе, оның сөзі нақ осы жайында ғана болған. "Егер сен ізгілікке сенсең, бұл оңды-ақ болар еді: мейлі, маған сенбесе сенбей-ақ қойсын, мен қасақана барамын дейді. Алайда сен де, Федор Павлович сияқты, доңыз емессің бе, ендеше, ізгілік сенің не теңің? Егер өзіңді құрбандыққа шалғаның ешбір кәдеге аспаса, онда сотқа не үшін бармақсың? Себебі, онда неге баратыныңды сен өзің де білмейсің! О, онда неге баратыныңды біліп алу үшін сен ештеңені де аямас едің ғой! Сонымен, бармақпысың? Сен бұған әлі тәуекел еткен жоқсың. Сен: "барайын ба, бармайын ба?" — деп түні бойы ойланып отырасың. Бірақ сен қалай дегенмен барасың, баратыныңды білесің, қандай ұйғарымға келсең де мейлі, бұл енді саған байланысты емес. Сен барасың, өйткені бармауға дәтің шыдамайды. Ал дәтің неге шыдамайды, — міне бұл жұмбақтың шешімін енді өзің тап!" Ол түрегеліп, жүре берді. Сен келдің, ол кетті. Алеша, ол маған қорқасың деді! Менің қорқақтығымның le mont dе lenigme1 "Жерден аспан көгіне шарықтайтын қыран құс сендей болмайды!" Мұны ол ақырын айтқан-ды, мұны ол асырып айтқан! Смердяков та осылай деген. Оны өлтіру керек! Катя мені жек көреді, мұны мен бір айдан бері байқап жүрмін енді Лиза да жек көре бастайтын шығар! "Сен өзіңді мақтаса екен деп барасың" — сұмдық өтірік қой бұл! Алеша, мені сен де жек көресің. Енді мен сені тағы да жек көретін болдым ғой. Анау жауызды да жек көремін, оны менің суқаным сүймейді! Каторгада шіріп өлсе де мейлі, ол жауызды менің арашалағым келмейді! Мадақтауға бастым ба! О, ертең мен олардың алдында барып, бәрінің бетіне түкіремін!
Долданып атып тұрған Иван орамалды лақтырып тастап, бөлмеде қайтадан ерсілі-қарсылы жүре бастады. Алеша оның бағанағы: "Мен бейне өңімде ұйықтайтын секілдімін... Жүремін, сөйлеймін, көремін, бірақ ұйықтаған сияқтымын", — деген сөздерін есіне түсірді. Міне, қазір де дәл солай болып жатқандай. Алеша оның жанынан кетпеді. Жүгіріп барып дәрігерді ертіп келейінші деген ой келіп еді, бірақ ағасын жалғыз қалдыруға қорықты: оның қасында отыра тұратын ешкім жоқ-ты. Ақыры, Иван біртіндеп мүлде есінен айырылуға айналды. Ол тынымсыз сөйлей берген, бірақ оның сөзінде жөн-жоба жоқ еді. Тіпті тілі күрмеле бастаған, сонсоң ол тұрған орнында кенет шайқалып кеткен еді. Бірақ Алеша оны сүйеп үлгерді. Иван өзін қолтығынан сүйеп кереуетке апаруға көнді, Алеша оны әрең деп шешіндіріп, төсекке жатқызды. Өзі оның басында тағы екі сағаттай отырды. Науқас қимылдамастан, ақырын ғана бір қалыпты тыныстап қатты ұйықтап кеткен еді. Алеша жастық алып, шешінбестен диванға қисайды. Ұйықтарының алдында Митя мен Иванның амандығын тілеп, дұға оқыды. Иванның ауруы оған түсінікті бола бастады: "Тәкаппарлық шешімнің азабы бұл, ар-ұжданның тереңдігінен!" Құдайға сенбесе де, шындыққа мойынсұнғысы келмесе де, бұл екеуі оның жүрегін жеңбей қоймаған-ды. "Иә, — деп ойлады Алеша жастыққа басын қойған соң, — иә, Смердяков өліп кеткеннен кейін Иванның жауабына ешкім сенбейді; бірақ ол сотқа барып, барлығын айтады! — Алеша ақырын жымиып қойды: — Құдірет жеңеді! — деп ойлады ол — Сонан соң ол тағы да: не шындықтың сәулесімен дүр сілкініп қайта аяғын басып кетеді, не... өзі сенбеген нәрсеге қызмет еткені үшін өзі мен жұрттың бәріне кектенген күйі өштікпен мерт болады", — деді де, Иван үшін тағы да шоқынды.
ОН ЕКІНШІ КІТАП
СОТТЫҢ ҚАТЕСІ
I
ҚАТЕРЛІ КҮН
24Баяндалған оқиғалардан соң, екінші күні, таңертеңгі сағат онда, округтік сотымыздың мәжілісі ашылып, Дмитрий Карамазовқа сот басталды.
Алдын ала ыждағаттап ескертіп қояйын, соттың қалай өткенін бүге-шігесіне дейін толық баяндап беремін дей алмайтыным былай тұрсын, тіпті ештеңені шатастырмай, рет-ретімен айтып беремін деуге де аузым бармайды. Егер барлығын еске түсіріп, тәптіштеп түсіндірсем, онда бұл үшін қалыңдығы бес елі үлкен кітап жазу керек болатын сияқты. Сондықтан өзімді ғажаптандырған һәм жадымда қалған ерекше оқиғаларды ғана әңгімелекпін және де бұл үшін мені ешкім сөге қоймас деп ойлаймын. Әйтпесе, елеусіз бірдеңені елеуліге балап, көзге ұрып тұрған, қажетті нәрселерге назар салмауым мүмкін ғой... Әйтсе де, бір есептен, оқырманнан кешірім сұрамағаным жөн бе деймін. Хал-қадерімше тырысып көрейін, аянып қалмағанымды оқырман өзі түсіне жатар.
Сот залында не болғанын баяндаудан бұрын, әуелі сол күні мені айрықша қайран қалдырған жайтқа тоқталып өтейін. Алайда мұның өзі, жалғыз мені ғана емес, жұрттың бәрін таңғалдырған-ды; бұл кейін мәлім болған еді. Атап айтқанда: бұл іске көз тігіп елеңдеушілердің тым көптігін, соттың басталуын жұрттың бәрі асыға күткендігін жамиғат міне табандатқан екі ай бойы гу-гу сөз етіп, өзінше өлшеп-пішіп, таңдай қағып таңданып, қиялдап жатқанын баршасы білген. Олар бұл істің күллі жалпақ Ресейге жария болғанын да білген, бірақ оның, тек бізде ғана емес, барлық жерде жұрттың бәрін, тіпті әрбір адамды дерлік жаман күйіндіріп, жан түршіктіре тітіреткенін қалай дегенмен көз алдарына елестете алмаған еді. Бұл сот кезінде сезіліп қалған-ды. Сот қарсаңында бізге өзіміздің губерниялық шаһардан ғана емес, Ресейдің басқа шаһарларынан да, ақырында, Мәскеу мен Петербордан да қонақтар келген. Заңгерлердің келгені өз алдына, тіпті бірнеше ақсүйек мырзалар мен ханымдар да келіп жетті. Билеттің бәрін талапайлап әкеткен еді. Ақсүйектердің аса құрметтілеріне сот жайғасқан үстелдің арт жағынан ерекше орын бөлінді; бір қатар ғып қойған орындықтарға маңғазсыған мырзалар келіп отырды; бұрын еш уақытта бұлай болмаған еді. Өзіміздің және сырттан келген ханымдар бар — әсіресе әйелдер өте көп еді, жиналған жұрттың жарымынан кем болмаған шығар. Жан-жақтан заңгерлердің ағылып келгені сондай, билет түгел таратылып қойғандықтан, тіпті оларды отырғызатын орын таппай қатты састы. Залдың арт жағынан, эстрада сыртынан, орындықтарды шығарып тастап, уақытша қоршау жасауға тура келді, залға бас сұға алғанына риза болған заңгерлердің "іс қаралып" жатқанда сол арада иін тіресіп тұрғанын мен өз көзіммен көрдім. Кейбір ханымдардың, әсіресе сырттан келгендерінің залдың ішкі балконына сәнді киініп отырғаны рас, бірақ бұлайша сыланып-сипану көпшілігінің қаперіне де кірмеген еді. Әйтсе де, бәрінің жүзінен іштей қатты налып, керемет құштарланған, сәл әбестеу әуейілік сезіліп тұрған. Бұл қауымның атап айтарлық бір өзгешелігі — ханымдардың бәрі дерлік, кем дегенде басым көпшілігі, Митя жағына шығып, оның ақталуын тілеген; көптеген адамдардың байқауынша, кейін бұл солай болып та шықты. Мұның басты себебі — ол әйел жүрегін оп-оңай жаулап алатын нағыз ақсайтанның өзі деген дақпыртта болуы да мүмкін. Жұрт бақталас екі бикештің келетінін де сезген. Олардың біріне, яки Катерина Ивановнаға бәрі ерекше назар аударған-ды. Ол жайында талай ғажайыптар айтылған, қыздың Митяға құштарлығы туралы, оның тіпті қылмыс жасағанына да қарамастан, таң-тамаша қалдырған анекдоттар да тараған. Оның тәкаппарлығы (ол біздің шаһарда ешкімнің есігін ашып көрмеген еді), "ақсүйек қауымдағы тамыр-таныстығы" айрықша сөз болған. Ол айыпкердің соңынан каторгаға барып, жер астындағы кеніштердің бірінде онымен некелесуге үкіметтен рұқсат сұрамақшы екен деп гуілдескен. Грушеньканың сотқа келуі де одан кем дүрліктірмеген еді. Екі бақталастың — ақсүйек тәкаппар қыз бен "сылқым бикештің" сот кезінде жүзбе-жүз кездесуі қалай өтер екен деп бәрі тағатсыздана күткен-ді: әйтсе де, шаһарымыздағы ханымдарға, Катерина Ивановнадан гөрі, Грушенька көбірек мәлім еді. Олар "Федор Павлович пен оның сормаңдай ұлының түбіне жеткен сылқымды", әлбетте, бұрын да көрген және "орыстың ондай сұлу деуге ауыз бармайтын, кәдімгі бір мещан қызына" әкесі мен баласының соншама есі кете ғашық болғандығына бірі қалмастан бәрі таңғалысқан. Қысқасы, өсек-аяң жетерлік-ті. Шаһарымызда бірнеше үйде Митяға бола әжептәуір керілдесіп қалғанын да анық білемін. Көптеген ханымдар осы бір сұмдық қылмыс жөніндегі пікірлері үйлеспегендіктен күйеулерімен қатты шекісіп қалған еді, осыдан соң олардың күйеулері сот залына, айыпкерді жай ұнатпағаны былай тұрсын, оған тіпті өшігіп келгендігі түсінікті. Жалпы, әйелдерге қарағанда, еркектер жағының барлығы айыпкерге теріс пікірде болғанын ашық айту қажет. Біреулері қабағын қарс жауып сұстанып алса, екіншілері, бұлар көбірек, тіпті ызадан терісіне сыймайды. Бізге келгелі бері Митя олардың көбіне кездескен кезде тіл тигізіп үлгіргені де рас-ты. Сотқа келгендердің ішінен кейбіреулері тіпті көңілді көрінген еді, бірақ олар Митяның тағдырына немқұрайлы болса да, қаралып жатқан іске шұқшия зер салған; бәрі істің тезірек бітуіне асыққан, ал еркектердің көбі қылмыскердің қатал жазалануын тілеген; оларға қосылмаған істің адамгершілік жағынан гөрі, былайша айтқанда, қазіргі заң тұрғысынан әділ шешілуін артық көрген заңгерлер ғана болды. Әйгілі Фетюковичтің келуі жұрттың бәрін дүр сілкіндірді. Оның дарын-таланты көпке белгілі болатын, бұл оның атышулы қылмысты істерді қорғау үшін шеткері аймаққа бірінші келуі емес-ті. Ол сотқа қатысқаннан кейін мұндай істер һәманда бүкіл Ресейге мәлім болып, көпке дейін естен кетпейтін. Прокурор мен сот төрағасы жөнінде де талай анекдот тараған-ды. Жұрттың бәрі сотта Фетюковичпен сайысқа түсуден біздің прокурор қорқады-мыс, ол екеуі сонау Петерборда қызмет істеген алғашқы кезден-ақ дүрдараз болады-мыс, сол астанада тұрған кезінен дарын-таланты әділ бағаланбағаны үшін бәз біреулерге өкпелі біздің намысқой Ипполит Кириллович осы Карамазовтардың ісі кезінде қайтадан биікке құлаш сермеп, осы іспен тіпті өзінің атын шығаруды да арман етіпті-міс, бірақ Фетюковичтің мысы басып кете ме деп сескенеді-міс деп жүрген. Алайда оның Фетюковичтен тайсақтайтыны жайындағы дақпырт онша әділ емес-ті. Прокурорымызды қатерлі сәтте ұнжырғасы түсіп жүнжіп кететін ынжық деуге болмайды, қайта мұның керісінше, нақ төніп келген қатер бұлты қоюланған сайын намысқа мініп, ширығып алатын жігерлі кісілер қатарына жататын Жалпы, оның тым қызбалау һәм тым әсерленгіш екенін де айта кеткен жөн. Ол кейбір іске жаныға кірісіп, оны өзінің тағдыры мен бар дәулеті соның қалай шешілуіне қарап тұрғандай тыраштана жүргізетін. Прокурорымыз нақ осы қасиетімен барлық жерде белгілі болмаса да, біздің соттағы өзінің жұпыны орнына лайықты шамадан әлдеқайда көбірек аты шыққандықтан, заңгердің арасында оның осы әдетін аздап күлкі де қылатын еді. Әсіресе оның психологияға құштарлығына күлетін. Меніңше, олардың бәрі қателескен: біздің прокурор, адамшылығы мен мінезі жағынан алғанда, меніңше, көбісінің ойлағанынан әлдеқайда байсалды кісі болатын. Бірақ осынау ауру-сырқаулы адам қызмет істеген алғашқы қадамынан бастап одан кейін өмір бойы өзін дұрыс ұстауға үйрене алмаған еді.
Ал сотымыздың төрағасына келсек, ол жөнінде білімді, мархабатты кісі, өзінің ісі мен осы заманғы идеяларды тәжірибе жүзінен таныған адам дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Ол әжептәуір өзімшіл болған, бірақ мансаптың соңына онша түспеген. Өмірінің басты мақсаты — озық ойлы адам болу ғана-ды. Оның қол ұшын беретін таныс-білістері, дәулеті де болды. Карамазовтардың ісіне оның едәуір қызбалықпен қарағандығы кейін сезілді, бірақ тек жалпы мағынада ғана. Ол құбылыстың өзіне, оны жіктеп-жүйелеуге, оған өзіміздің әлеуметтік негіздеріміздің жемісі ретінде, орыстарға тән нәрсенің және тағысын тағыларының сипаттамасы ретінде қарауға ғана назар салған. Ал істің жеке сипатына, оның қайғы-қасіретіне, сондай-ақ айыпкерден бастап оған қатысушылардың бәрінің жеке басына ол едәуір немқұрайлы және жалпы тұрғыдан қараған, әйтсе де, бәлкім, ол солай қарауға тиісті болған да шығар.
Сот келерден көп бұрын залдың іші жиналған жұртқа лық толды. Біздегі сот залы шаһардағы кең, биік, саңғырлаған ең тәуір зал болатын Биіктеу орынға жайғасқан сот мүшелерінің оң жағынан присяжный заседательдерге арналған үстел мен екі қатар орындықтар қойылған. Айыпкер мен оны қорғаушының орны сол жақта еді. Залдың ортасында, сот отыратын жерге жақын тұста "заттай айғақтар" қойылған үстел тұрған. Оның үстінде Федор Павловичтің қанға боялған ақ жібек халаты, осымен бастан ұрып өлтірген шығар деп жорамалданған қатерлі мыс келсап, Митяның жеңіне қан жұққан жейдесі, оның артқы қалта тұсына қан қатқан сүртіп, бұл қан сіңген қол орамалды қалтаға тыға салғаннан болған-ды, қатқан қаннан енді мүлде сарғайған әлгі орамал, Митя өзін-өзі атып өлтіру үшін Перхотиннің үйінде оқтап алған, бірақ Мокросда Трифон Борисович қыбын тауып қолына түсірген тапанша, Грушенькаға арналған үш мыңды ішіне салып, сыртына жазып қойған конверт, оны айқұш-ұйқыш байлаған алқызыл жіңішке лента, бәрі бірдей есімде жоқ, тағы басқа көптеген заттар жатқан. Одан ары едәуір алысырақта, залдың артына қарай, жиналған жұрт отыратын орындар басталатын, ал балюстраданың алдыңғы жағында жауап берген соң залда қалатын куәларға арналған бірнеше орындық тұрған. Сағат онда төрағасы, бір мүшесі мен бір құрметті бітістіруші судьядан құрылған сот залға кірді. Әлбетте, сол сәтте-ақ прокурор да келді. Соттың төрағасы бойы ортадан төмендеу, шымыр, мығым денелі, жүзі көсеу кісінің бетіне ұқсайтын, елулер шамасындағы, қысқа ғып қырыққан қара шашына енді қылау түсе бастаған, қызыл ленталы, — орденінің қандай екені есімде жоқ, — адам еді. Прокурор маған, жалғыз маған емес, жұрттың бәріне бір түрлі өте жүдеу көрінген, бетінде қан-сөл қалмаған, белгісіз бір себептен, кенет, бәлкім, тіпті бір түннің ішінде қаусап қалған секілді әсер қалдырған, өйткені бұрнағы күні ғана көргенімде оның өзі әдеттегісіндей жаман емес-ті. Төраға сот приставына сауал қоюдан бастады: присяжный заседательдердің бәрі келді ме?.. Алайда, байқауымша, одан ары бұлай тәптіштей алмайтын сияқтымын, себебі, көп нәрсені ести алмаған едім, бірдеңелерге өзім мән бермесем керек, тағы бірдеңелерді жадымда сақтауды ұмытыппын, мұның ең басты себебі, жоғарыда айтқанымдай, егер ондағы айтылған сөздің, болған оқиғаның бәрін жіпке тізгендей ғып баяндамасам, бұған менің уақытым да, қағаз да жетпес еді. Бар білетінім, екі жақ та, яки қорғаушы мен прокурор, присяжный заседательдерге онша көп үміт артпаған-ды. Бірақ он екі присяжныйдың құрамы есімде: олар — өзіміздің төрт шенеунік, екі көпес, алты шаруа мен шаһарымыздың мещандары. Біздің қауымда, әлі есімде, сот болардан көп бұрын жұрт, әсіресе әйелдер жағы: "Мұндай нәзік, шым-шытырық, психологиялық істі қарауды қайдағы бір шенеуніктердің, ақыр-соңында, тіпті мұжықтардың қатерлі шешіміне неғып беріп қояр екен, "қайсыбір шенеунік, онан бетер мұжық бұл істен не түсіне алады?" — деп таңырқаған. Присяжныйлар құрамындағы төрт шенеунік, шынында да, кішігірім қызметтегі, елеусіз, кәртең кісілер болатын, ішінен біреуі ғана сәл жастау-ды; олар біздің қауымда онша көзге түспеген, жартымсыз жалақысын талшық қылған, қаусаған кемпірлерін, тегі, ертіп жүруге де ұялатын, бір қора жалаңаяқ балалары бар, бос уақытын карта ойнаумен өткізетін, сосын, әлбетте, өмір бойы бір кітап оқымаған адамдар еді. Ал екі көпес, сырттай маңғазсығанмен, бір түрлі үндемес ынжық, елп етпес салбөксе болатын: біреуі сақалын тақырлап қырып, немісше киінетін; сұйық көкшулан сақалды екіншісінің мойнындағы қызыл лентасында бір медалі бар-тұғын. Мещандар мен шаруалар жөнінде айтпаса да болады. Біздің мещандардың шаруалардан айырмасы шамалы, олар тіпті жер де жыртады. Бұлардың да екеуі немісше киініпті, содан да болар, ол екеуінің түрі қалған төртеуіне қарағанда кір-қожалақ, ұсқынсыздау көрінді. Демек, оларды көргенде-ақ: "Мына сорлылар бұл істен не түсіне алушы еді?" — деген ойдың менің басыма сап ете қалғаны сияқты, өзгелерге де келуі әбден мүмкін. Солай бола тұрса да, олардың қабағын түкситіп, түнеріп алған ұсқындары бір түрлі таңғаларлықтай сұсты, ызғарлы әсер еткен.
Ақыры, соттың төрағасы қызметтен кеткен титулярный советник Федор Павлович Карамазовтың өлімі туралы істің қаралатындығын жариялады — онда ол дәл осылай деді ме, жоқ па, бұл есімде жоқ. Сот приставына айыпкерді алып келуге жарлық етілді, сөйтіп міне Митя да көрінді. Залдағылардың бәрі тына қалды, тіпті шыбынның ызыңын да естуге болатын еді. Өзгелерге қалай әсер еткенін білмеймін, менің өзіме Митяның ыздиған түрі мүлде ұнаған жоқ. Ең бастысы, ол үстіне ине-жіптен шыққан үр жаңа сүртік киіп, керемет сәнденіп келіпті. Кейін естіп білдім, ол сот болатын күні кию үшін Мәскеудегі бір таныс тігіншісіне бұрынғы өлшем бойынша жаңа сүртік тігуге арнайы тапсырыс берген екен. Қолына үр жаңа қара жұқа былғары першетке, үстіне сәнді жейде киген. Ол алдына тура қараған күйі, әдеттегісінше аршындай адымдап өзінің орнына барып, өте салмақты пішінмен отырды. Дәл сол сәтте әйгілі қорғаушы Фетюкович те кіріп келгенде, залда баяу гуіл естілгендей болды. Бұл ұзын бойлы, тырбиған арық, сидиған, ұзын сирақты, қуарған саусақтары сүйріктей, қырма сақал, қысқалау шашын жай қайыра салған, оқта-текте, әлде мысқылдағанынан ба, әлде жай жымиғанынан ба, қисайып кететін қаймыжық ерінді кісі еді. Түріне қарағанда қырықтар шамасында болатын. Егер бір-біріне тым жақын орналасқан кішкентай, түр-түссіз көздерінің арасын ұзындау жұқалаң мұрнының жұқалаң қыры ғана бөліп тұрмаса, оның бет-жүзі қиянатты көрінуі де мүмкін еді. Қысқасы, оның бет әлпетін құс тұмсықтау ғып көрсететін бірдеңе таңғалдырған-ды. Ол фрак киіп, ақ галстук тағынды. Сот төрағасының Митядан жауап алуға кіріскені, яки оның аты-жөнін, атақ-дәрежесін, тағы басқаларын қалай сұрағаны әлі есімде. Митя қатал жауап берді, бірақ оның кенет даңғырлап сөйлегені сонша, сот төрағасы тіпті басын шайқап қалып, оған таңырқай қараған еді. Одан кейін сотқа шақыртылған адамдардың, яки куәлар мен сарапшылардың тізімі оқылды. Тізім ұзақ болатын; төрт куә сотқа келмеген: Миусов бұл кезде Парижде болатын, бірақ оның алдын ала тергеудегі жауабы барды, сосын Хохлакова ханым, ауырып қалған помещик Максимов, ал кенет өліп кеткен Смердяков жөнінде полицияның куәлігі бар еді. Смердяков туралы хабарды естігенде залдағылар қатты қозғалақтап, сыбыр-сыбыр сөз басталды, әрине, куәлардың бірі ойда жоқта өзін-өзі өлтіргенін жұрттың көбі әлі білмейтін Алайда Смердяков туралы хабарлағаннан кейін Митяның орнынан атып тұрып, бүкіл залға:
— Өзі де ит еді, ит боп өлді! — деп айқайлаған оқыс қылығы жұртты қатты таңғалдырған еді.
Осыдан кейін қорғаушы оның жанына қалай жетіп барғаны сонсоң, егер мұндай қылығыңды тағы қайталасаң, қатаң шара қолданамын деп сот төрағасының оны қалай қорқытқаны да әл есімде. Үздік-создық сөйлеп, басын изей берген Митя әлі қылығына ешбір өкінбеген пішінмен қорғаушысына:
— Қойдым, енді өйтпеймін! Аузымнан шығып кеткені! Қойдым — деп сыбырлап бірнеше мәрте қайталады.
Осы бір болмашы кикілжің присяжныйлар мен жиналған жұртқа, әрине, ол жайында он пікір туғызбаған-ды. Ол мінез көрсетемін деп теріс әсер туғызып алған еді. Сот хатшысы айыптау актысын міне осындай әсермен оқыған.
Айыптау актысы қысқалау көрінгенмен, тыңғылықты әзірленген еді. Онда пәленшенің неліктен жауапқа тартылатындығы, оны неліктен сотқа берілгендігі, тағы сол сияқты ең басты себептері ғана баяндалған. Солай бола тұрса да ол маған қатты әсер етті. Хатшы анықтап, жұртқа естірте, айқындап оқыған. Зауалсыз қал масқа тиісті осынау қайғылы оқиға барлығының көз алдына қайтадан бадырая, айқын елестеген еді. Әлі есімде, айыптау актысі оқылғасын іле-шала соттың төрағасы Митядан өктем үнмен:
— Айыпкер, сіз өз кінәңізді мойындайсыз ба? — деп сұраған.
Митя тез орнынан түрегелді:
— Ішкілікке салынып, бұзықтық жасағаныма, жалқаулығым мен төбелесқойлығыма кінәлы екенімді мойындаймын, — деді. Ол тағы да бір түрлі дөрекі шыққан, ызалы дауыспен. — Тағдырдың таяғы маңдайыма тиген тап сол сәтте ғұмыр бақи адал болғым келіп еді! Ол менің дұшпаным әрі әкем болса да мейлі, бірақ шалдың өлімінде менің ешқандай кінәм жоқ. Оның тоналғанына мен кінәлы емеспін, жоқ, әсте кінәлы емеспін, тіпті кінәлы бола да алмаймын: Дмитрий Карамазов арамза болуы мүмкін, бірақ ол кәззәп емес!
Ол осылай деп айқайлады да, қайтадан орнына отырды, сірә, тұла бойы дірілдеп-қалшылдап кетті ғой деймін. Төраға бөстекі сөзді қойып, еліре бермей, тек қойылған сұрақтарға жауап беру керектігін оған қысқаша ескертіп өтті. Осыдан кейін ол тергеуге кірісуге жарлық етті. Барлық куәларды сот алдында ант бергізу үшін залға кіргізді. Мен олардың барлығын дәл осы сәтте көрдім. Айыпкердің куә есебінде шақыртылған інілеріне, алайда, антсыз-ақ жауап беруге рұқсат етілген-ді. Священник пен сот төрағасы куәларды ақиқаттан айнымауға ескерткеннен кейін оларды алып кетіп, мүмкін-қадерінше бір-бірінен бөлек отырғызды. Сонан соң оларды кезекпен жауап беруге шақыра бастады.
II
ҚАУІПТІ КУӘЛАР
Сот төрағасы прокурор мен қорғаушының куәларын екі топқа бөлген-бөлмегені, оларды жауап алуға нақ қандай тәртіппен шақыруға ұйғарылғаны маған беймәлім. Бірақ, мұның бәрі солай болуға тиіс. Білетінім, алдымен прокурордың куәларын шақыра бастаған-ды. Қайталап айтамын, мен тергеудің қалай жүргізілгенін бастан-аяқ баяндамақ емеспін. Оның үстіне менің ондай баяндауым бір есептен артық та болып шығар еді, өйткені прокурор мен қорғаушының айтысындағы барлық мағлұматтар мен тыңдалған куәліктердің әуені мен мән-мағынасы алабөтен бір шақырайған сәулелі нүктеде тоғысқан тәрізді болған-ды; мен осы екі ғажап сөздің кейбір тұстарын толық жазып алған едім, айтыс басталар алдында кенет басталып кетіп, сайып келгенде, рақымсыз, тым қатал кесім шығарылуына әсер етпей қалмаған басқа бір төтенше әрі күтпеген оқиғамен бірге бұл сөздерді де реті келгенде баяндап беремін. Әзірше айтарым, соттың алғашқы минуттан бастап осы "істің" біршама ерекше сипаты айқын сезілді, бұл қорғаушының дәлелдерімен салыстырғанда айыптаудың айрықша күштілігі еді, мұны жұрттың бәрі де байқаған. Қаһарлы сот залында фактілер екшеліп, сұрыптала бастаған, осынау сұмдық оқиға айқындалып, төгілген қан сыртқа шыпшып шыға бастаған алғашқы сәтте мұны бәрі түсінді. Мұның өзі тіпті мүлде даусыз іс екендігі, бұған ешқандай күдіктің жоқтығы, шындығында, ешқандай айтыстың да қажетсіздігі, айтыс болса тек ресмилік үшін болатындығы, қылмыскердің айыбы айдан анықтығы жұрттың бәріне, бәлкім, алғашқы сәттен-ақ түсінікті болған шығар деймін. Мен тіпті қызғылықты айыпкердің ақталғанын тағатсыздана күткен ханымдардың бәрі, бірі қалмастан, сонымен қабат оның мүлде кінәсіздігіне толық сенімді болған шығар деп те ойлаймын. Ол ол ма, егер жігіттің айыбы онша дәлелденбесе, олар тіпті өкініп қалатындай көрінеді маған, өйткені онда қылмыскерді ақтаған түпкілікті шешім пәлендей әсерлі болып шықпас еді. Таңғаларлығы сол, ханымдардың бәрі оның ақталатындығына ең соңғы минутқа дейін кәміл сенімді болған; "ол кінәлы, бірақ рақымшылықтан және қазіргі жаңа идеялар мен жаңа сезімдерден оны ақтайды" және тағысын тағылар. Олардың мұнда соншалықты тағатсыздана жүгіріп келгені де содан еді. Еркектер жағы прокурор мен әйгілі Фетюковичтің тайталасына көбірек назар аударған. Барлығы таңғалысып, өздеріне-өздері: мұндай түкке тұрғысыз, ұтылған істен тіпті Фетюковичтей талант та не шығара алады? — деген сұрақ қойып, қорғаушының әрбір қадамын зер сала бақылап отырды. Бірақ Фетюкович өзіне сөз кезегі келген ақырғы сәтке дейін жұрттың бәріне жұмбақ болып қалған еді. Оның өз әдісі барын, оның ойында бірдеңенің пісіп жетілгенін, көздеген бір мақсаты барын, бірақ оның қандай мақсат екенін тап басу мүмкін еместігін тәжірибелі адамдар алдын ала сезген. Алайда оның өзіне сенімділігі мен менмендігі көзге шалынбай қалмаған еді. Сонымен бірге, жұрттың бәрі де оның бізге келгелі бергі азғана уақыт ішінде, не бары үш күнде, осы іспен соншалықты тиянақты танысып, "оны бүге-шігесіне дейін зерттеп" үлгергендігін тез байқап, бұған сүйсініп қалған. Мысалы, прокурордың куәларын ең керек кезде "сүріндіргенін", сонан соң хал-қадірінше, олардың кісілігіне кір келтіріп, ең бастысы, даттай білгенін, сөйтіп сайып келгенде, олардың берген жауабына да күдік туғыза алғанын да кейіннен жұрттың бәрі сүйсініп әңгімелеген-ді. Әйтсе де, ол мұны көбінесе қулықпен былайша айтқанда, өзінің адвокаттар қолданатын әдіс-айланың бірде-бірін ұмытпайтын заңгерлік өнерпаздығын таныту үшін ғана істейтін болар деп жорамалдаған-ды: өйткені бәрі осы "даттауларымен" оның ешқандай елеулі, түбегейлі ұтысқа жете алмайтындығына сенімді болатын, алайда, мұны қайсыбір идеясын, дәл ұрымтал тұста суырып салатын тағы бір қорғаныс құралын ішінде сақтаған оның өзі көбірек түсінген-ді. Бірақ өзінің күшін сезгендіктен, жай ойын қылғандай еркінсіген еді. Мысалы, Федор Павловичтің камердинері болған Григорий Васильевтен жауап алған кезде — "баққа қараған есіктің ашық жатқандығы" туралы ең мықты куәлік берген нақ сол болатын — өзіне сұрақ қоюдың кезегі тигенде қорғаушы оған кенедей жабысты. Бұл арада Григорий Васильевичтің залға соттың айбынынан именбестен кіріп, иін тіресе отырған жұрттан қысылып-қымтырылмастан жауап бергенін ескерте кеткен жөн; ол байсалды, тіпті асқақ көрінген. Ол оңашада өзінің Марфа Игнатьевнасымен әңгімелескеніндегідей зор сеніммен жауап берді, сотқа қошемет көрсете сөйлегені болмаса, өзге айырмасы жоқ-ты. Оны жаңылдыру мүмкін емес еді. Прокурор одан әуелі Карамазовтар әулетінің бүге-шігесіне дейін қазбалап сұрады. Отбасының жай-күйі түгел ақтарылды. Куәнің аңқылдаған, адал кісі екендігі сезіліп тұрған. Марқұм қожайынның аруағын қаншама сыйласа да, ол мысалы, бариннің Митяға әділетсіз болғанын айтпай қала алмады, ол "балаларын дұрыс тәрбиелемеді деп бір қойды. Мен болмағанда кішкентай жетімек битке жем болып өлетін еді, — деді ол тағы да Митяның сәби кезін баяндағанда. Шешесінен қалған мекен-жайы жөнінде баласын әкесінің бұлай жәбірлеуіне болмайды ғой". Прокурордың Федор Павлович баласымен есеп айырысқанда оны ренжітті дейтіндей қандай дәлеліңіз бар деген сұрағына Григорий Васильевич пәлендей салмақты дәлел айта алмай жұртты таңғалдырды, бірақ ол баласымен "дұрыс есеп айырыспады", оған "тағы да бірнеше мың берешек болатын" деген жауабынан танбады. Айтқандайын, Федор Павлович шынында да Митяға тиесі ақшасын толық төлемеді ме? — деген сұрақты прокурор кейіннен қойды. Алеша мен Иван Федоровичті де қоса, барлық куәларға тым қадала қойғанмен, олардың бір де бірінен ешқандай анық мағлұмат ала алмаған; фактіні бәрі растағанмен, ешқайсысы тіпті болмашы айқын дәлел келтірмеген. Григорий үстел басында болған оқиғаны, Дмитрий Федорович үйге баса-көктеп кіріп келіп, әкесін жағадан алып сабаған соң, оны кейін қайтып келіп өлтіремін деп қорқытқанын айтқаннан кейін залда тұнжыраған әсер тараған; қарт малайдың өзіне тән ерекше тілмен, артық сөзсіз, байсалды баяндауы керемет шешен шыққан еді. Григорий сонда Митяның оны беттен қойып қап ұшырып түсіргеніне өкпелемейтінін, мұны ол әлдеқашан кешіргенін айтты. Марқұм Смердяков жайында айтарда шоқынып алды, сонсоң ақымақтығы мен аурудан езілгендігі болмаса, байғұс қабілетті еді, бірақ ең жаманы — құдайға сенбейтін, оны бұған баулыған Федор Павлович пен оның үлкен ұлы болатын деді. Ал Смердяковтың адалдығын қызулана дәлелдеп бақты, сөйтіп, бір күні ол бариннің жерге түсіріп алған ақшасын тауып алғанда, оны жымқырып қалмай, қожайынға өзі апарып бергенін, бұл үшін ол оған "алтын теңгелік" сыйлағанын және осыдан кейін оған барлық жағынан сене бастағанын айтты. Баққа қарайтын есіктің ашық жатқанын көргенін де қасара растады. Әйтсе де, Григорийден көптеген жайттарды сұраған еді, оның бәрі бірдей менің есімде қалмаған. Ақыры, тергеу кезегі қорғаушыға тиді, ол әуелі Федор Павловичтің "белгілі бикешке" арналған үш мың сомды "бейне бір" тығып қойған пакет жайында сұрауға кірісті. "Бариніңе талай жыл жақын жүрген кісі ретінде, сіз сол пакетті өз көзіңізбен көрген жоқсыз ба?" — деп сұрады ол. Григорий көрген жоқпын, "жұрттың бәрі гу-гу сөз ете бастаған осы күндерге дейін" ондай ақша жайында тіпті естіген де емеспін деп жауап берді. Прокурор куәларға мекен жайды бөлісу туралы сұрақты қалай шұқшия қойып, бәрінен бәз-баяғы бір жауапты естігені сияқты, Фетюкович те пакет туралы сұрақты куәлардың ішінен сұрауға болатындарының бәріне шұқшия қойып, пакет жөнінде көбісі естісе де, олардың бәрінен көрген жоқпыз деген жалғыз ғана жауап алған-ды. Қорғаушының осы сұраққа шұқшиғанын залдағылар әуел бастан байқаған еді.
— Мүмкін болса, мен сізге тағы бір сұрақ қояйын деп едім, — деді кенеттен Фетюкович ойда жоқта. — Алдан ала тергеуде сөз болғандай, сіз сол күні кешке, ұйықтар алдында, құяңнан жазылуға шипа бола ма деп беліңізге бір тұнба жағып едіңіз ғой, былайша айтқанда, сол бальзамды сіз қалай дайындап едіңіз?
Григорий сұрақ қоюшыға меңірейе қарап тұрды, сосын, сәл үнсіздіктен кейін:
— Шалфей қосып ем, — деп міңгірледі.
— Тек шалфей ғана ма? Есіңізге түсіріңізші, мүмкін, тағы бірдеңе болған шығар?
— Жолжелкен де бар-тұғын.
— Мүмкін, бұрыш та қосқан шығарсыз? — деп сұрады Фетюкович.
— Бұрыш та бар тұғын.
— Тағы бірдеңелерді қосқан шығарсыз. Сөйтіп, осының бәрін араққа қойған боларсыз?
— Спиртке.
Залда ақырын күлген дыбыс естілді.
— Көресіз бе, тіпті спиртке қойыпсыз. Сол тұнбамен арқаңызды ысқылағаннан кейін шөлмектің түбінде қалғанын, тек зайыбыңызға ғана мәлім бір тақуалық дұғаны оқыған соң, ішіп қойдыңыз ғой, солай емес пе?
— Ішіп қойдым.
— Көп пе еді? Шамамен? Бір рөмке ме, әлде екеу ме?
— Бір стақан болып қалар.
— Тіпті бір стақан деңіз. Мүмкін, бір жарым стақан шығар?
Григорий үндемеді. Ол бірдеңені сезе бастағандай еді.
— Біржарым стақан таза спиртті сіміріп салу — бұл тіпті жақсы емес пе, сіз қалай ойлайсыз? Онда баққа қарайтын есік түгіл, "бейіштің есігі де ашық жатуы" мүмкін ғой?
Григорийде әлі үн жоқ. Залда тағы да күлкі естілді. Төраға қозғалақтап қойды.
— Баққа қараған есіктің ашық тұрғанын көргеніңізде сіз ұйықтап жатқан жоқ па едіңіз? — Мұны анық білесіз бе? — деп онан сайын шұқшия түсті Фетюкович.
— Түрегеп тұрғанмын.
— Ұйықтап жатпағандығыңыз, бұл әлі дәлел емес (залда жырқылдаған күлкі естілді). Мысалы, дәл сол минутте, егер біреу сізден бірдеңені сұраса — мысалы, биыл бізде қай жыл екенін сұраса — бұған жауап бере алар ма едіңіз?
— Қайдам?
— Білесіз бе, биыл біздің заманымыздың, Христос туғаннан бері, қай жылы?
Григорий өзін тәлкек қып біткен кісіге не дерін білмей, тесірейе қарап тұрып қалды. Биыл қай жыл екенін оның шынында да білмеуі таңғаларлық еді.
— Мүмкін, десек те, бір қолыңызда неше саусақ барын білетін шығарсыз?
— Мен басында еркі жоқ кісімін, — деді кенет дауысын көтере нықтап сөйлеген Григорий, — бастықтардың келеке еткісі келсе, бұған не лаж, мен шыдауға тиістімін.
Фетюкович сәл тосылып қалған еді, алайда, осы сәтте төраға сөзге араласып, қорғаушыға қолайлырақ сұрақтар қою керектігін ескертіп, кеңес берген болды. Фетюкович оны тыңдап болғасын, маңғаздана бір тағзым етіп, сұрағын тәмамдағанын мәлімдеді. Әрине, залдағы жұрттың да, присяжныйлардың да ішінде құяңын емдеймін деп мас болып "бейіштің есігін көрген", сосын тіпті Христос туғаннан бері есептегенде биыл қай жыл екені де білмейтін кісінің жауабына күдіктенудің кішкентай құрты жыбыр еткені сөзсіз еді; демек, қорғаушы өзінің мақсатын қалай дегенмен жеткен-ді. Бірақ Григорий кетердің алдында тағы бір оқиға болды. Төраға айыпкерге қарап, одан: куәнің берген жауабы жөнінде айтарыңыз жоқ па? — деп сұрады.
— Есік жөнінде ғана қате айтты, өзгесінің бәрі рас, — деді даңғырлап сөйлеген Митя.
— Сәби кезімде битімді қарағанына рахмет, ұрғанымды кешіргеніне де рахмет; шал ғұмыр бойы менің әкеме есіктегі итіндей адал болған-ды.
— Айыпкер, байқап сөйлеңіз, — деп қатал ескертті сот төрағасы.
— Мен ит емеспін, — деп күңк етті Григорий.
— Жарайды, онда мен-ақ ит болайын! — деп айқайлады Митя. — Ренжіп қалса, сөзімді қайтып алдым, ал одан кешірім сұраймын: мен хайуан болғанмын, оған мейірімсіз болғанмын! Езопқа да қатал болғанмын.
— Езопың кім тағы? — деп сұрады сұстанған төраға.
— Әлгі Пьероны... әкемді, Федор Павловичті айтам.
Төраға Митяға оның аңдап сөйлеуі қажеттігін оған тағы да нығарлаңқырап, өте қатаң ескертіп өтті.
— Сіз бұл қылығыңызбен судьяларда теріс пікір туғызып, өзіңізге өзіңіз зиян келтіресіз.
Ракитиннен жауап алған кезде де қорғаушы дәл осындай аса ептілік көрсете білді. Айта кетейін, Ракитин сотқа өте керек куәлардың бірі болатын, оның әсіресе прокурорға қажеттігі күмәнсіз-ді. Ол бәрін білетін және де таңғаларлықтай көп білетін, бәрінің үйінде болып, бәрін көрген, бәрімен сөйлескен, Федор Павлович пен барлық Карамазовтардың өмірбаянын жетік білетін болып шықты. Ал, үш мың сом ақша салынған пакет жайында Митяның өзінен ғана естіпті. Мұның есесіне ол Митяның "Астаналық шаһар" трактиріндегі сойқандығының бәрін, оның балағат сөздері мен қимыл-әрекетінің бәрін бүге-шігесіне дейін баяндап, тіпті штабс-капитан Снегиревтің "жөке сақал" атанған хикаясын да айтып берді. Ал мекен-жай бойынша есеп айырылысқанда Федор Павловичтен баласына берешегі бар ма еді деген ерекше пункт жөнінде — міне бұл жөнінде тіпті Ракитиннің өзі де анық ештеңе дей алмай, тек жеркеніш білдірген: "бұл парықсыз карамазовшылдықта ешқайсысы өзін түсіне де, анықтай да алмаған жағдайда кімнің кінәлі, кімнің кімге берешек екенін біліп бола ма" — деген жалпы сөздермен ғана шектелген. Бұл қылмыстың бүкіл қасіретін ол басыбайлылық құқықтың және қажетті мекемелердің жоқтығынан зардап шеккен, жосықсыздыққа белшеден батқан Ресейдегі ескірген мінез-құлықтардың салдары ретінде сипаттаған еді. Қысқасы, ол осы тұста айтарын айтып қалған. Осы соттан бастап Ракитин мырза өзін алғаш рет танытып, белгілі болған-ды; прокурор оның бір журналға осы қылмыс туралы мақала дайындап жатқанын білетін, сондықтан өзінің сөзінде (ол сөзді біз кейін көреміз) сол мақаладан оның бірнеше ойын келтірген-ді, демек ол мақаланы оқыған. Куәнің жағдайды бояуын қалыңдатып, аса қатерді етіп суреттеуі "айыптауды" күшті қолдаған еді. Жалпы, Ракитин ойының еркіндігімен және сол ойын ерекше ізгілікпен көрсете білуімен жұртты баурап алған. Ол нақ басыбайлылық құқық туралы, ырың-жырыңнан қажыған Ресей туралы айтқан кезде тіпті екі-үш мәрте қол шапалақтап та кетті. Бірақ Ракитин жастықтың әсерінен сөзінің бір жерінде сәл мүлт кетіп еді, қорғаушы мұны сол сәтте тап басты. Ол Грушенька жөніндегі белгілі сұрақтарға жауап бергенде Аграфена Александровнаны "көпес Самсоновтың ашынасы" деп қалған; әлбетте, мұндай кемсіту оның аузынан сөйлеген сөзінің сәтті шыққанын сезгендіктен өзінің ізгі ниетін білдіріп қалуға еліктеуінен аңдамай шығып кеткен еді. Бірақ, амал бар ма, ауыздан шыққан сөзді қайтару қиын, Фетюкович оны нақ осы сөзден ұстаған. Бұлай болған себебі, осындай қысқа мерзімде қорғаушы істің ішкі құпиясымен бүге-шігесіне дейін жете танысып үлгереді деген ой Ракитиннің қаперіне де кірмеген еді.
— Білуге болар ма екен, — деп бастады сұрақ кезегі келгенде өте сыпайы, тіпті ізетпен жымиған қорғаушы, — епархия бастықтары қасиетті қарияның атына ғажап, таупықты арнау сөз жазылған, терең мәнді, діни ойға толы "Марқұм болған пірәдар Зосим қарияның өмірі" деген бір кітапша бастырып шығарған еді, мен оны жуырда ықыласпен оқыған едім, сол кітапшаны жазған Ракитин мырза, әрине, сіз емессіз бе?..
— Мен оны бастырайын деп жазған жоқпын... кейін басып шығарған, — деп міңгірледі Ракитин, әлденеден сасып қалғандай, ұялған пішінмен.
— О, бұл ғажап қой! Сіз сияқты ойшыл адам кез келген қоғамдық құбылысқа өте кең мағынада қарай алады және солай қарауға тиіс те. Қасиетті қарияның қамқорлығымен сіздің аса пайдалы кітапшаңыз тарап кетті және бірқыдыру пайдасын да келтірді... Бірақ менің сізден, ең бастысы, мынаны сұрағым келіп еді: сіз ілкіде ғана Светлова ханыммен өте жақын таныс болған едім деген жоқсыз ба? (Nota bene1. Грушеньканың аты-жөні Светлова болып шықты. Мен мұны бірінші рет сол күні, соттың барысында естіп білген едім).
— Мен өзімнің барлық таныстарым үшін жауап бере алмаймын... Мен жас жігітпін... кездескен кісілерінің бәрі үшін кім жауап бере алады, — деп дыз ете түсті Ракитин.
— Түсіндім, бәрін түсіндім! — деді Фетюкович өзінің сұрағынан өзі қысылғасын одан тезірек кешірім сұрағысы келген кісіше еліге сөйлеп, — осындағы жастардың игі жақсыларын үйінде ықыласпен қабылдаған уылжыған жас, сұлу әйелмен таныстыққа, кез келген өзге біреу сияқты, сіздің де мүдделі болғандығыңыз түсінікті, бірақ... менің сұрағым келгені мынау ғана: светлое осыдан екі айдай бұрын Карамазовтардың кенжесі — Алексей Федоровичпен танысуға құштар болғандығы, сөйтіп ол оны монастырдағы 25киімінде ертіп келгеніңіз үшін сізге жиырма бес сомды қолма-қол ұстатуға уәде бергендігі бізге мәлім. Сол күні келіп осы істі туғызған қайғылы оқиға болғаны да белгілі. Алексей Карамазовты сіз Светлова ханымға ертіп келген болатынсыз — сіз бұл қызметіңіз үшін Светловадан уағдаласқан жиырма бес сомды алып па едіңіз? — Менің сізден осыны сұрап білгім келіп еді
— Бұл жай қалжың болатын... Сіздің мұны неге сұрағаныңызды мен түсінбедім. Қалжыңдап алғанмын... кейін қайтарып берейін деп...
— Демек, алдыңыз ғой. Бірақ әлі күнге қайтарған жоқсыз... әлде қайтарып бердіңіз бе?
— Бұл бос сөз... — деп күбірледі Ракитин, — мұндай сұрақтар мен жауап бере алмаймын... Әрине, қайтарып беремін.
Төраға оны арашалай бастап еді, бірақ қорғаушы енді Ракитин мырзаға қоятын сұрағы жоқ екенін мәлімдеді. Сөйтіп, Ракитин мырза сахнадан ұнжырғасы түсіңкіреген күйде кетті. Оның ас ізгілікті көрінген сөзінің әсері қалай дегенмен бүлінген еді, Фетикович оны кезімен шығарып салғанда, залдағыларға: "Сендерді ізгі ниетті айыптаушыларыңның сиқы осы ма!" — дегендей болға Әлі есімде, Митяның тарапынан да дөрекілік естілмей қалмаған Ракитиннің Грушеньканы кемсіткеніне ызаланып кеткен отырған орнынан: "Бернар!" — деп айқайлап жіберді. Ракитиннен жауап алу аяқталған соң, төраға айыпкерден: өз тарапыңызда айтатын пікіріңіз жоқ па? — деп сұрағанда, Митя:
— Ол менен, тіпті қылмысты болып отырған кезімде де, бірнеше рет қарызға ақша алған! Ол оңбаған Бернар, мансапқор, құдайға сенбейді, қасиетті қарияны алдап соқты! —деп ашына айқай салған.
Ашуланып сөйлегені үшін Митяны, әрине, тағы да ескертті алайда, оның есесіне Ракитин мырза біржола масқара болған еді. Штабс-капитан Снегиревтің жауабы да сәтсіз шыққан еді, бірі мұның себебі мүлде басқа-ды. Ол алба-жұлба, кір-кір киімде келіп етігі батпақ, сосын, алдын ала өте сақтықпен "тексерілгеніне" қарамастан, удай мас боп шықты. Митяның оны қалай қорлағаны туралы сұраққа жауап беруден кенет бас тартты.
— Құдайдан қайтсын. Илюшечка айтпа деген. Құдай ақиретте есесін қайтарар.
— Сізге айтпа деген кім? Сіз кімді айтып тұрсыз?
— Илюшечка, менің ұлым: "Әкетай, әкетай, ол сені жаман қорлады ғой!" — деген. Дөңбек тастың жанында айтқан. Қазір әл үстінде жатыр...
Штабс-капитан еңіреп қоя беріп, сот төрағасының аяғына жығылды. Оны тез алып кетті, бұған залдағылар бір күліп қалды. Прокурордың жиналған жұртты мықтап бір елеңдетіп тастармын деген үміті ақталмады.
Ал амал-айланың бәрін қолданып баққан қорғаушы бұл істің тіпті болмашы бүге-шігесіне дейін танысып үлгергендігімен залдағыларды таңдандыра түскен еді. Мысалы, Трифон Борисовичтің жауабы өте күшті әсер қалдырғандай көрінген, бұл, әлбетте, Митя үшін өте-мөте қолайсыз болған. Осы қайғылы оқиғадан бір айдай бұрын Мокроеға алғаш келгенінде оның үш мыңнан кем шашып-төкпегенін қолмен қойғандай ғып нақ сол есептен берді; "егер кем болса, аз-ақ кем шығар, сыған қатындарына қаншама ақша шашты! Ал біздің анау бит басқан мұжықтарға қалай үлестіргенін көрсеңдер ғой, "көшеде жарты сөлкебайды тастай салғанды қойшы жиырма бес сомнан ұстатқанын қайтерсің, одан әсте кем берген жоқ. Былай ұрлап-жырлағаны қанша! Ұрлаған кісі мен жымқырып едім деп жар салмайды ғой, егер өзіне бола алмай шашып-төксе, ол ұрыны қолынан қалай ұстарсың! Біздің халық қарақшы ғой, ар-ұяттан ада болған түге. Ал қыздарға, біздің деревнядағы қыздарға қанша ысырап болды. Содан бері бәрі байып алды тіпті, міне солай, ал бұрын жұтап отыр еді". Қысқасы, ол шашып-төгілген ақшаны түгел есіне түсіріп, бәрін дәл есептеп берген. Сонымен, не бары мың жарымдайы ғана жұмсалып, қалғаны шүберекке тігіліп қойынға тығылғаны туралы жорамал шындыққа жанаспауға айналған. "Бастықтарға" жағынуға тырысып Трифон Борисович: "Оның қолындағы үш мың сомды мен өз көзіммен көрдім, кәдімгі алақаныма салғандай анық көргемін, ақшаның есебінен жаңылысатын кісі мен емес!" — деп елірген. Бірақ сұрақ кезегі қорғаушыға келгенде, ол куәнің әлгі жауабын теріске шығаруға әрекет те жасамастан, қамауға алынарынан бір ай бұрын Мокроеға алғаш рет келіп сайрандағанында Митяның мас күйі ауыз үйдің еденіне түсіріп алған жүз сом ақшасын жәмшік Тимофей мен Аким деген тағы бір мұжықтың тауып алып, Трифон Борисовичке табыс еткені, ал оның бұл үшін әлгі екеуіне бір сомнан бергені туралы әңгімеге бірден көшкен. "Ал сіз ол жүз сомды Карамазов мырзаға сонда қайтарып бердіңіз бе, әлде сіңіріп кеттіңіз бе?" Трифон Борисович әуелі бұлталақтап көріп еді, бірақ мұжықтардың жауабынан кейін тауып әкелген жүз сомды алғанын мойындады, бірақ оны Дмитрий Федоровичке сол сәтте-ақ аман-есен түгелдей қайтарғанмын, "ақ ниетпен қолына ұстатқанмын, алайда, ол удай мас еді, сол себепті есінде қалмауы да мүмкін-ау деп қорқамын", — деді. Алайда, жүз сомды оған тауып әкеп бергенін қашан куә-мұжықтарды шақырғанша өз еркімен мойындамағандықтан, оның бұл ақшаны мас Митяға қайтарып бергенмін деген жауабына жұрт үлкен күдікпен қараған еді. Сонымен, прокуратура әкелген аса қауіпті бір куәнің жауабы тағы да күдікті болып, жаман атаққа іліге жаздады. Поляктармен де солай болды: олар кекірейіп, маңғазсып келген еді. Олар, біріншіден, біз "патшаға қызмет еткенбіз" деп, сонан соң, "пан Митя" біздің ар-ұжданымызды үш мың сомға сатып алмақшы болды, оның ақшаны уыстап ұстап жүргенін өз көзімізбен көрдік деп даурыға жауап берді. Поляк сөздерін тым көп араластырған пан Муссялович, сот төрағасы мен прокурордың алдында бұлай сөйлегені беделін көтеріп тастағандай көрінген соң, ақырында, мүлде еркінсіп алып, таза полякшаға көшті. Бірақ Фетюкович оларды да тұзаққа түсіре білді: қайта шақыртылған Трифон Борисович қаншама бұлталақтаса да, Митяның карталарын пан Врублевский өзінің карталарымен алмастырғанын, ал паң Муссялович картаны үлеп отырып байқатпай ауыстырып жібергенін қалай дегенмен мойындауға мәжбүр болды. Өзінің жауабында мұны Калганов та растады, сөйтіп екі паң ұятқа батып, тіпті жұртқа күлкі болып кеткен-ді.
Осыдан кейін өте кәдік деген куәлардың бәрімен дерлік осылай болды. Фетюкович әрқайсысының адамгершілігіне кір келтіретін бірдеңе тауып, санын соқтырып жіберген еді. Әуесқойлар мен заңгерлер бұған сүйсініп отырған, олар мұның сайып келгенде қандай қомақты, түбегейлі нәтижеге жеткізе алатындығына ғана түсінбеген, өйткені, қайталап айтам, барған сайын ауырлай түсіп, қайғы-қасіреті көріне бастаған айыптаудың бұлтартпастығын бәрі сезген. Бірақ "ұлы сиқыршының" өзіне сенімділігінен оның асып-саспайтынын байқағасын "ондай адам" сонау Петербордан тегін келмеген шығар, түк бітірмей қайтатын кісі ондай болмасқа тиіс деп ойлаған.
ІІІ
ДӘРІГЕРЛІК САРАПТАУ ЖӘНЕ БІР ҚАДАҚ ЖАҢҒАҚ
Қылмыскерге дәрігерлердің сарабы да онша көмектесе алған жоқ. Сонсоң, тегі, Фетюковичтің өзі де ондай жәрдемге пәлендей үміт артпаған болу керек; кейін солай болып та шықты. Шынтуайтына келгенде бұл сарапқа салу Мәскеуден әйгілі дәрігерді арнайы алдырған Катерина Ивановнаның талап етуі бойынша ғана жасалған-ды. Қорғаушының, әрине, бұдан жоғалтатын ештеңесі жоқ-ты, сәтін салса, қайта, бірдеңені ұтуы да мүмкін еді. Әйтсе де, нақ дәрігерлердің кейбір ала уыздығы себепті тіпті күлкілі жағдай да болған. Сарапшы болғандар: сырттан келген әйгілі дәрігер, сосын өз дәрігеріміз Герценштубе, сонсоң, жас дәрігер Варвинский. Соңғы екеуі прокурор шақыртқан жай куә ретінде де жауап берген. Алдымен сарапшы ретінде дәрігер Герценштубеден жауап алынды. Ол ақ шашты, қасқа бас, орта бойлы, мығым денелі жетпістегі шал болатын. Шаһарымызда жұрттың бәрі оны жоғары бағалап, құрмет тұтатын. Ол адал ниетті дәрігер, жайдары, тақуа адам, былайша айтқанда, гернгутер немесе "моравалық діндар" болатын -мен тіпті басқаша не деуге де білмеймін. Біздің шаһарда көптен бері тұратын және өзін-өзі абыройлы ұстайтын. Ол қайырымды, кісіге ілтипатты болатын, ауырып қалған жарлы-жақыбайлар мен шаруаларды ақысыз-пұлсыз емдейтін, олардың үйшіктері мен жаман лашықтарына өзі баратын, дәрі-дәрмекке тіпті өзі ақша беретін, бірақ кейде қасарысып қалатын мінезі де бар еді. Егер оның басына бір ой келсе, оны одан тайдыру мүмкін емес-ті. Айтпақшы, әйгілі дәрігердің бізге келгелі бергі екі-үш күннің ішінде дәрігер Герценштубенің қабілеті жөнінде кемсіткен пікір айтып үлгіргені күллі шаһарға дерлік жайылған. Гәп мынада-ды: Мәскеулік дәрігер ауруды қарағанына жиырма бес сомнан кем алмайтынына қарамастан, шаһарымыздың кейбір тұрғындары оның келгеніне қуанып қалған да, оған барып ақыл-кеңесін естуге ақшаларын аямаған. Оған дейін бұл аурулардың бәрін, әрине, дәрігер Герценштубе емдеген, енді міне әйгілі дәрігер қай үйде болмасын оның емін мазақтап сынаған еді. Ақырында, ол науқастың үйіне келмей жатып: "Ал, айта беріңіз, сізді ластаған дәрігерсымақ кім еді, Герценштубе бе? Хе-хе!" — деп тікесінен қойып қалуға көшкен. Дәрігер Герценштубе, әрине, мұның бәрін естіп жүрген. Сөйтіп, міне, үш дәрігер бірінен соң бірі жауап беруге келген еді. Дәрігер Герценштубе "айыпкердің ақыл-есінде бір кінәрат бары өзінен-өзі көрініп тұр ғой" — деп ашық мәлімдеді. Содан кейін ол өзінің ойын баяндай келіп, — мен оған тоқталып жатпаймын, — ең бастысы, бұл кінәрат айыпкердің осыған дейінгі толып жатқан қылықтарынан ғана емес, сонымен бірге тап қазір, дәл осы минутте де сезіліп тұрғанын да ескертіп өтті, ал сонда мұның өзі қазір, дәл осы минутте оның қай қылығынан көрініп тұрғанын түсіндіруді өтінгенде, дәрігер шал аңқылдаған ашық мінезіне бағып, өзінің алабөтен сөз сақтасымен ақырында былай деді: "айыпкер залға кіргенде маған оның бет пішіні таңғаларлық, біртүрлі қызық секілді көрінді, ол басын салбыратып төмен қарап, бейне солдатша адымдап кірді, ал дұрысында, нәзік жынысқа ерекше әуесқойлығы себепті, ол әйелдер отырған сол жаққа қарап, мыналар енді мен жөнінде не дер екен деп ойға батуға тиісті еді". Осы тұста оның орысша көп және құмарта сөйлегенін айта кеткен жөн, бірақ оның әрбір тіркесі әлде қалай немісшеге ұқсап кететін, алайда, ол бұған ешқашан да қысылып-қымтырылып жатпайтын; өйткені өмір бойы өзінің орысшасын керемет деп санаған ол "мен тіпті орыстардың өздерінен де жатық сөйлеймін" деп ойлайтын, сол себепті дүниежүзіндегі барлық мақалдардың ішіндегі ең жақсысы әрі ең әсерлісі, шіркін, орыс мақалдары ғой деп қойып, орысша мақалдата жөнелетін әдеті де бар-ды. Тағы бір ескерте кететін жайт, ол сөйлегенде, жаңғалақтығынан ба қалай, өзі тым жақсы білетін, алайда, неге екені белгісіз, тарс есінен шығып кете беретін, тіпті ең дағдылы сөздердің өзі де жиі аузына түспей қалатын еді. Әйтсе де, ол тіпті немісше сөйлеген кезде де осылай боп жататын, ондайда, ұмытқан сөзін іздеп тапқысы келгендей, һәманда қолын дәл тұмсығының алдынан ербеңдете беретін, сол себепті қашан әлгі сөзін есіне түсіргенше, ешкім оны бастаған әңгімесін аяқтата алмайтын. Ал оның айыпкер залға кіргенде елдерге көз салуы керек еді деген ескертпесіне жұрт дөрекілеу күбірлесіп қалған. Дәрігер шалды бізде әйел қауымы түгелдей өте жақсы көретін және оның өмір бойы сұр бойдақ боп өткенін, бірақ адал жаны пәк екенін, оның әйел затына мінсіз жаратылған, асқақ жандар деп қарайтынын да білетін. Сол себепті оның ойда жоқта сондай ескертпе жасағаны жұртқа сұмдық ерсі боп та көрінген-ді.
Жауап кезегі Мәскеулік дәрігерге келгенде, ол айыпкер ақылынан адаса бастаған, "ол тіпті жындануға айналған" деп есептейтінін ашық айтып, барынша дәлелдеп бақты. "Аффект" пен "мания" жайында зерделей шұбырта келіп, қолда бар мағлұматтарға қарағанда, айыпкер тұтқындаларының алдында бірнеше күн бұрын ашуы келгенде есінен адасатын халге түсіпті, сондықтан ол, қылмыс жасаған күнде де, барлығын түсінгенмен, бойын билеп алған сұмдық бір зұлымдықпен арпалысуға мүлде шамасы келмегендіктен, лажсыздан жасаған болу керек деген қорытынды шығарды. Бірақ дәрігер оның аффектіден басқа да дерті бар, ол манияға да шалдыққан, яки басынан кетпейтін бір ойлар еліктіріп әкететін болған деді, оның ойынша, бұлай бола берсе, мүлде жынданып кетуі де мүмкін. (NB. Мен мұны өзімше баяндап отырмын, ал дәрігер таза ғылыми, маман тілмен түсіндірген-ді). "Оның барлық іс-әрекеті есі дұрыс адамның ақыл-ойы мен логикасына қайшы келеді, — деді ол одан ары. — Мен өзім көрмеген нәрсені, яки қылмыстың өзі мен осынау күллі қайғылы оқиғаны тіпті сөз ғып та отырған жоқпын, бірақ бұрнағы күні менімен сөйлескендей адам түсінгісіз, мөлиген жансыз көз қарасынан қорыққан едім. Күлкілі дәнеңе болмаса да, жайдан-жай күледі. Жөн-жосықсыз ашулана береді. "Бернар, эфика" деген таңғаларлық сөздерді, түсініксіз тағы бірдеңелерді айтады. Дәрігер бұл дертті әсіресе айыпкердің өзге сәтсіздіктері мен өкініштерін түгелімен оп-оңай есіне түсіріп әңгімелеп алғанда, өзінің сан соғып қалған үш мың сом ақшасы хақында күйіп-піспей сөйлей алмайтындығынан байқаған. Ақырында, жұрттың айтуынша, үш мың ақша сөз болған сайын ол бұрын да бір түрлі жаман буырқанып қалады екен, бірақ, шындығында ол ашкөз емес, риясыз адал деседі. "Ал оқымысты әріптесімнің айыпкер залға кіргенде, көз алдына қарамай, әйелдерге қарауы керек еді деген пікіріне келсек, — деді мысқылдан сөйлеген мәскеулік дәрігер сөзінің соңында, — мен мынаны ғана айта аламын: мұндай пікір, ерсілігін былай қойғанда, оған қоса тіпті мүлде қате де; себебі, айыпкер өзінің тағдыры шешілетін сот залына кіргенде көз алдына сүлесоқтана қарамауға тиісті, өйткені бұл оның сол сәттегі ақыл-есінің кіресілі-шығасылығының белгісі саналуы мүмкін ғой деген пікірге келіскенмен, ол әйелдер отырған сол жаққа емес, қайта, оң жаққа қарап, көзімен өзінің қорғаушысын іздеуге тиісті еді, неге десеңіз ол өзінің күллі тағдыры сотта соңын қорғай білуіне байланысты екенін біліп, мұнда алдымен соған үміт артып келген болатын деп мәлімдеймін". Дәрігер өзінің пікірін үзілді-кесілді және нығарлап білдірген еді. Бірақ жауап алуға бәрінін соңынан шақыртылған дәрігер Варвинскийдің тосын тұжырымы екі оқымысты сарапшының арасындағы алауыздықты мүлде күлкілі етіп көрсеткен. Оның көзқарасы бойынша, айыпкердің ақыл-есі бұрын да дұрыс болатын және қазір де әбден дұрыс, ал егер тұтқынға алынар алдында ол күйгелектеп, тым ашулы жүрсе, бұл көптеген айдан анық себептерден: қызғаныштан, ашу-ызадан, үнемі мас боп жүруден және тағы сондайлардан тууы мүмкін. Алайда бұл күйгелектеп ашулануда, ілкіде айтылғанындай, ешқандай алабөтен "аффект" болуы мүмкін емес. Ал айыпкердің залға кіргенде солға немесе оңға қарауға тиістілігіне келсек, "оның қарапайым пікірі бойынша", айыпкер залға кіргенде, нақ көз алдына тура қарауға тиісті болатын, ол солай етті де, өйткені қарсы алдында соттың төрағасы мен мүшелері отырған, оның күллі тағдыры енді солардың қолында тұғын, "сондықтан ол көз алдына тура қараған кезде дәл сол сәтте өзінің ақыл-есі әбден дұрыс екенін дәлелдеген", — деп жас дәрігер өзінің "қарапайым" куәлігін сәл қызыңқырап қорытқан.
— Бәрекелді, емшім! — деп айқайлап жіберді Митя отырған орнынан, — нақ солай!
Митяны, әрине, тоқтатқан, бірақ жас дәрігердің пікірі сотқа да, сондай-ақ жиналған жұртқа да қатты әсер еткен еді, өйткені, кейін белгілі болғанындай, онымен бәрі келіскенді. Әйтсе де, енді куә ретінде жауап алынған дәрігер Герценштубе ойда жоқта кенет Митяның пайдасына сөйлеп кетті. Карамазовтардың әулетін көптен бері білетін шаһардың байырғы тұрғыны болғандықтан, ол "айыптау" жағын елеңдетіп тастаған бірнеше өте қызықты куәлік келтірді, сонан соң, бірдеңе есіне түскендей, тағы да былай деді:
— Алайда, бейбақ жігіттің тағдыры әлдеқайда тәуір болуы да мүмкін еді, өйткені бала кезінде де, одан кейін де оның жүрегі таза болатын, мен мұны білемін. Орыстың мақалы бар емес пе: "Біреу ақылды болса, бұл жақсы, ал егер оған тағы бір ақылды адам қонаққа келсе, бұл одан да жақсы, өйткені онда бір ақылдың орнына, екі ақыл болады..." деген.
— Бірақ ақыл жақсы, екі ақыл одан да жақсы, — деп айтып жіберді шыдамы таусылған прокурор; шалдың қандай әсер қалдыратынын ойламастан сағызша созып, баяу сөйлеп кісінің ішін пыстыратыны былай тұрсын, қайта һәман әуелі өзі мәз болатын өзінің одағайлау, бытпыраған, неміс тапқыры дәріптей беретін әдетін ол көптен білетін еді.
— О, иә-иә. Менің де айтпағым сол еді, — деп лезде іліп әкетті ол, — бір ақыл жақсы, екі ақыл одан да жақсы. Бірақ оған екіншісі ақылымен келген жоқ, ол өзінің ақылын да қыдыртып жіберген... Бұл қалай, ол ақылын қайда жіберген? Бұл сөзді — оның ақылын қайда жібергенін ұмытып тұрғанымды қарашы, — деді ол одан ары, дәл көзінің алдынан саусағын шошаңдатып, — аһ, иә, шпацирен.
— Қыдыртып жіберген бе?
— Иә, қыдырып кеткен, өзім де солай дегелі тұр едім. Сөйтіп, оның ақылы серуенге шығады да, бір шытырман шатқалға түскеннен кейін ғайып болады. Оның бер жағында, ол жақсылықты ұмытпайтын, сезімтал бала болушы еді, о, мен оны тіпті қаршадайынан білемін, әкесі ауланың арт жағындағы қара лашыққа апарып тастағаннан кейін ол далада жалғыз түймелі дамбалда жалаң аяқ жүгіріп жүретін.
Ағынан жарылған шалдың даусынан кенет бір жүрек тебірентерлік, нәзік әуен сезіліп қалған еді. Бірдеңені алдын ала сезгендей селк ете түскен Фетюкович заматта бойын жия қойды.
— О, иә, онда менің әлі жас кезім... Онда мен... иә, қырықтың бесеуінде ғана болатынмын, осында жаңада келген кезім еді. Оны көргенде жаным ашығасын: осы балаға бір қадақ... сатып әперсем қайтеді деп сұрадым өзімнен-өзім... Иә, бір қадақ деп тұрғанымды қалай атаушы еді? Ұмытып тұрғанымды қарашы, әлгі балалар жақсы көретін нәрсені айтам... Әлгі — құрғырды қалай деуші еді... — деп дәрігер қолын тағы да ербеңдетті, әлгі ағашта өсетінді айтам, жинап алып үлестіріп жатады ғой...
— Алма ма?
— О, жо-жо-жоқ! Алманың он шақтысы бір қадақ тартады, ал мұның бір қадағында... жоқ, өте көп және де бәрі кішкентай болады, ауызға салып бытырлатып жатады ғой!..
— Жаңғақ па?
— Иә-иә, жаңғақ, өзім де солай демекші едім, — деп растады дәрігер, аузына түспеген сөзді іздеп қиналмағандай, мүлде асып-саспаған пішінмен, — сөйтіп мен оған бір қадақ жаңғақ әкеп бердім, өйткені оған осыған дейін бір қадақ жаңғақ сыйлаған тірі пенде болмаған ғой, сонсоң бас бармағымды шошайтып, оған: "Балақан! Yott der Vater" , — деп едім, ол күліп, "Yott der "Vater. — Yott der sohn" , — деді. Сосын ол тағы да күліп: "Yott der sohn... — Yott der heilige Leist" — деді. Онда ол тағы да күліп тұрып: "Yott der heilige Leist", — деп діңкесі қатқанша қайталай берген еді. Мен кете бардым. Үшінші күні оның жанынан өте бергенімде "Ағай, Yott der Vater, Yott der sohn" — деп маған өзі айқай салды, бірақ Yott der heilige Leist деп қоса айтуды ұмытып кетті, бұл сөздерді оның есіне салсам да, менің оған тағы да жаным қатты ашыған еді. Сонсоң оны бір жаққа алып кетті де, мен одан көз жазып қалдым. Арада аттай жиырма үш жыл өткен соң, бір күні таңертең ақ басыммен кабинетімде отыр едім, ойда жоқта бір зіңгіттей жігіт кіріп келді, мен оны танымай қалып едім, ол күліп, бас бармағын шошайтып тұрып: Yott der Vater, Yott der sohn und Yott der heilige Leist! — деді. Келіп түскенім осы, баяғыда маған сыйлаған жаңғағыңыз үшін сізге алғыс айтайын деп әдейі келіп тұрмын: маған бір қадақ жаңғақ сатып әперетін тірі пенде табылмаған кезде оның бір қадағын сыйлаған жалғыз сіз болған едіңіз" — деді. Осыдан кейін бақытты жастық шағым мен аулада жалаң аяқ жүретін бейшара бала есіме түсіп, жүрегім елжірегесін: "Сен ізгі жанды жігіт боп өскен екенсің, менің саған бала кезіңде әкеп берген бір қадақ жаңғақты өмір бойы ұмытпағаның соның белгісі", — дедім. Сөйтіп, оны құшақтап, батамды бердім. Сонсоң жылап жібердім. Жігітім күліп тұр, бірақ кейін ол да жылады... өйткені орыстардың жылайтын жерде жиірек күлетіні бар ғой. Бірақ онда ол жылаған болатын, мұны мен өз көзіммен көргемін. Ал қазір, амал бар ма!..
— Немісім-ау, мен қазір де жылап отырмын, құдайдың пендесі-ау, мен қазір де жылап отырмын! — деп айқайлады Митя кенет отырған орнынан.
Қалай болған күнде де, анекдотсымақ жиналған жұртқа едәуір қолайлы әсер етіп тастаған еді. Бірақ Митяның пайдасына берілген басты куәлік Катерина Ивановнаның жауабы болған, ол жайында қазір баяндап беремін. Жалпы, а decharge1-нің куәлары, яки қорғаушы шақыртқан адамдар жауап бере бастағанда, Митяға кенет тағдырдың рақымы түсе бастағандай, тіпті көбірек түсе бастағандай көрінген еді және де бір ғажабы тіпті қорғаушының өзі де бұлай болар деп күтпеген-ді. Бірақ Катерина Ивановнадан бұрын Алешадан жауап алынып, ол айыптаудың бір аса маңызды тұсына қарсы тіпті салмақты дәлел боларлықтай деректі есіне түсірген еді.
IV
МИТЯҒА ТАҒДЫРДЫҢ РАҚЫМЫ ТҮСКЕНДЕЙ БОЛҒАН ЕДІ
Мұны тіпті Алексейдің өзі де күтпеген еді. Жауап аларда оған ант бергізген жоқ-ты, сондықтан ба қалай, Алешаның алғашқы сөздерінен бастап оған екі жақ та өте жұмсақ және ілтипатпен қарағаны менің әлі есімде. Оның жақсы атаққа ілігіп жүргені көрініп тұрған. Ол сыпайы, сабырлы жауап берген, бірақ сорлап қалған ағасына деген ыстық сезімі сөзінен анық байқалған еді. Бір сауалға жауабында Алеша ағасының мінезін сипаттап, бәлкім, ол тым ашушаң да, тым құштарланғыш та шығар, бірақ кең пейілді, намысқой және керек болса — біреу үшін жанын қиюға бар нағыз ақ жүрек адам деді. Әйтсе де, ол соңғы күндері Грушенькаға құмарлығынан және әкесімен бақталастықтан ағасының жаман қыстығып жүргенін мойындады. Бірақ, сол үш мың ақша Митяның жынын келтіретін бірдеңеге айналғанын, оны ол әкесі алдап, толық бермей қойған өзіне тиісті еншінің қалдығы деп есептегенін, сол себепті, ол ақша жайында тіпті ашуланбай, ызаланбай сөйлегенін мойындамады, бірақ ағасы әкесін тонау мақсатымен өлтіруі мүмкін деген жорамалды назаланып теріске шығарды. Ал, прокурор айтқандай, қос "бикештің", яки Грушенька мен Катяның бақталастығы жөнінде жалтара жауап берді, бір ме, әлде екі ме сауалға тіпті мүлде жауап та берген жоқ.
— Ағаңыз әкесін өлтірмекші боп жүргені жөнінде сізге бірдеңе деген жоқ па еді? — деп сұрады прокурор. — Егер бұл сауалға жауап бергіңіз келмесе, айтпай-ақ қойсаңыз да болады.
— Тура ештеңе деген емес, — деп жауап берді Алеша.
— Онда қалай? Әлде жанамалап сездірді ме?
— Қайдам, бірде өзінің әкеме өш екенін... қысылтаяңда... қаны қайнап кеткенде... оны өлтіріп тастаймын ба деп қорқатынын айтқаны бар еді.
— Сөйтіп, сіз оған сеніп қалдыңыз ба?
— Сеніп қалдым деуге аузым бармайды. Алайда қатерлі сәтте нендей бір асыл сезімнің оны құтқарып қалатындығына мен әрқашан сенгемін, шындығында солай болып 26та шықты, өйткені әкемді өлтірген ол емес, — деп түйді Алеша күллі залға естірте қатты сөйлеп. Осы сәтте прокурор, керней даусын естіген әскери атша, елең ете қалған еді.
— Сіздің бұл айтқаныңыздың бәрі шындық екеніне менің ешбір күмәнім жоқ және де мұны сормаңдай болған ағаңызға деген сүйіспеншілігіңізбен байланыстырып, оған апарып телімейтін де боламыз, бұған сенуіңізге болады. Үй іштеріңде болған осы қайғылы оқиғаға сіздің көзқарасыңыз өзгеше екендігі бізге алдын ала тергеуден белгілі. Бұл көзқарасыңыздың мүлде ерекше екенін және оның прокуратурадағы басқа куәліктердің бәріне қайшы келетінін де жасыра алмаймын. Сондықтан сізден тағы бірдеңені ыждағаттап сұрағым келеді: ағаңызды кінәсіз деп есептеп, мұның керісінше, алдын ала тергеудің өзінде-ақ бұған басқа кісі кінәлы деуге сізді не нәрсе жетектеді, мұндай сенім үшін сіздің қандай деректеріңіз болды?
— Алдын ала тергеуде мен тек қойылған сұрақтарға жауап бергенмін, — деді Алеша ақырын ғана байсалды пішінмен, — ал Смердяковты айыптап өзім сөз бастаған жоқпын.
— Дегенмен, кінәны соған аударған жоқсыз ба?
— Мен Дмитрийдің айтқанын қайталағанмын. Оны тұтқындаған кезде не болғанын, онда оның Смердяков өлтірді деп көрсеткенін маған тергеуден бұрын айтқан. Ағамның кінәсыздығына мен кәміл сенемін. Егер ол өлтірмеген болса, онда...
— Онда Смердяков өлтірген ғой? Неліктен нақ Смердяков өлтіруі мүмкін? Сонан соң, ағаңыздың кінәсіз екендігіне сіздің осыншама сенімділігіңіздің себебі не?
— Ағамның сөзіне қалай сенбейін. Мен оның маған өтірік айтпайтынын білемін. Мен онда оның жалған сөйлемегенін бет-жүзінен байқағанмын.
— Тек бет-жүзінен ғана ма? Сіздің бар дәлеліңіз осы ма?
— Менің басқа дәлелім жоқ.
— Смердяковтың кінәлы екендігі жөнінде де, ағаңыздың айтқаны мен оның бет әлпінен өзге, титтей болса да басқа дәлеліңіз қайсы?
— Иә, басқа дәлелім жоқ.
Прокурор осымен жауап алуын доғарған. Алешаның жауаптары залдағы жұртты қатты түңілтіп тастағандай әсер еткен еді. Смердяков жайында бізде сотқа дейін-ақ біреулер бірдеңені естіпті, біреулер бірдеңе депті-міс деп жүрген, ал Алеша жайында ол ағасын ақтап, малайды айыптайтын бір төтенше дәлелдер жинапты-мыс деп гуілдескен енді міне — айыпкердің туған інісі болғандықтан, өзінен-өзі түсінікті — қайдағы бір адамгершілік сенімнен басқа, ешқандай дәлел жоқ болып шықты.
Бірақ енді Фетюкович одан жауап алуға кіріскен еді. Айыпкер өзінің әкесіне өшігіп жүргені, оны тіпті бір күні жазатайым қылуы да мүмкіндігі туралы оған, Алешаға, нақ қашан айтты екен, мысалы, мұны оған қайғылы оқиға алдындағы соңғы рет кездесуінде айтқан жоқ па екен? — деген сауалға берген жауабында Алеша, әлде не енді ғана есіне түскендей, кенет селк ете түсті.
— Мүлде жадымнан шыққанын қарашы, бір нәрсе енді ғана есіме түсті, онда маған өте бұлыңғырлау көрініп еді, енді...
Сөйтіп Алеша, бір ой кенет сап ете қалғанын сезгендей, Митямен монастырьға баратын жолда, кешқұрым бір ағаштың түбінде соңғы рет кездескенінде енді өзінің абыройын ақтап алатын бір амалы барын, ол мына жерде, оның омырауында екенін бірнеше мәрте қайталап, "кеудесінің жоғарғы тұсын" қалай нұқығанын есіне түсіріп, еліге баяндап берді. "Онда мен ағам кеудесін нұқи бергенде ол өзінің жүрегін айтатын шығар, басына торлаған, бірақ маған айтуға дәті бармаған бір масқара жағдайдан құтқаратын күшті жүрегімнен таба аламын дегені болар деп жорамалдаған едім, — деді одан ары Алеша. — Онда мен ол әкем туралы айтқан болар, оған барып бір зорлық көрсетіп жүрмесем игі еді деген сұмдық ойдан жаны түршігетін шығар деп ойлағанымды да жасыра алмаймын; оның бер жағында ағам онда маған омырауына тыққан бірдеңені көрсеткен секілді болған еді, адамның жүрегі төменірек емес пе, ал бұл үнемі көкірегінің жоғарғы жағын неге нұқи береді деп ойлағанымды әлі ұмытқан жоқпын. Бұл ойым онда маған зердесіздік боп көрінсе де, ағам, бәлкім, шүберекке тігіп мойнына салып жүрген мың жарым сомды көрсеткен шығар!..
— Дәл солай болатын! — деп Митя отырған орнынан айқайлап жіберді. — Алеша, дәл солай болатын, онда мен кеудемді қаққанда шүберекке түйген ақшаны көрсеткемін!
Бұл сөздерді естігесін Фетюкович тезірек Алешаның жанына барып, тынышталыңыз деп басалқы айтып, оған түпетектеп жабысты. Ал Алеша болса, өзінің естелігіне елігіп тұрған еді, ол ондағы масқаралықтың мәні, дәу де болса, Катерина Ивановнаға берешегін жарым-жартылай өтеуге жететін мың жарым сомы бола тұрып, бұл ақшаны оған бермей, өзге бірдеңеге, егер көнсе, Грушеньканы алып бір жаққа тайып отыруға жұмсамақшы болғандығында шығар деген жорамалын қызбаланып баяндаған еді...
— Бұл солай, дәл солай болған, — деді кенет қызып кеткен Алеша, — ағам онда маған осы масқаралығымның қақ жартысын мойнымнан қазір-ақ лақтырар едім деп айқайлаған (ол: қақ жартысын деп бірнеше мәрте айтқан!), сонсоң, бірақ сорлатқанда мені тұрлаусыз ғып жаратқан ғой, сол себепті мен мұны істей алмайтынымды, бұл қолымнан келмейтінін, бұған бара алмайтынымды күні бұрын біліп тұрмын деген!
— Ол кеудесінің тап сол тұсын жұдырығымен нұқи бергені айқын, анық есіңізде ме? — деп қазбалап сұрады Фетюкович.
— Айқын, анық есімде, өйткені онда жүрек төменірек емес пе, бұл омырауын неліктен қойғылайды деп ойлағаным әлі есімде, бірақ бұл ойым онда өзіме зердесіздік секілді көрінген... осылай көрінгенін ұмытқан жоқпын. Енді ғана есіме түскені де осыдан шығар. Осыған дейін қалай ғана ұмыттым екен! Онда ағам ақшам бар, бірақ бұл мың жарым сомды бермеймін дегенде, нақ сол мойнындағы түюлі ақшаны көрсеткен! Ал оны Мокросда тұтқындағанда ағам: "мен мұны білемін, бәрінің қалай болғанын естігенмін", Катерина Ивановнаға берешегін жарым-жартылай (нақ тең жартысын!) өтеп, оның алдында ұры боп көрінбейтіндей ақшасы бола тұрып, ақшасыз қалғанша, оның алдында ұры деген атаққа қалғаным артық деп санағандығын өзінің өміріндегі ең сұмдық масқара қылығы деп есептейтінін айқайлап айтқан! Бірақ оның сол берешекке қалай күйініп, қалай опынғанын білсеңіздер ғой! — деді даусы қатты шыққан Алеша.
Әлбетте, енді прокурор келіп килікті. Алешадан қалай болғанын тағы бір баяндап беруді өтінген соң, ол: айыпкер кеудесін нұқи бергенде оның бірдеңені көрсеткен секілді болғаны анық па? Мүмкін, ол жұдырығымен кеудесін жай қаққан шығар? — деп ыждағаттап сұрады.
— Жоқ, қайдағы жұдырық! — деді ыршып түскен Алеша, — ол саусақтарымен көрсеткен, мына, тым жоғарылау тұсты нұсқаған. Мұны дәл осы минутке дейін қалай ғана ұмыттым екен!
Соттың төрағасы Митяға осы куәлікке байланысты оның не айта алатыны жөнінде сауал қойды. Митя бәрінің нақ осылай болғанын, онда ол нақ шүберекке түйіп мойнына салып жүрген мың жарым ақшаны көрсеткенін, мұның өзі, әрине, масқара екенін мойындап, "Мен бұл масқарадан қаша алмаймын, бұл менің бүкіл өмірімдегі ең масқара қылығым! — деді ашынған Митя. Содан соң:
— Бере алатын едім ғой, бірақ бермедім. Ақшасын қайтарып бергенше, оның алдында ұры болып-ақ көрінейін дедім және бермейтінімді күні бұрын білдім ғой — ең сұмдығы осы болды! Алешаның айтқаны дұрыс! Рахмет, Алеша! — деді.
Алешадан жауап алу осымен тәмамдалды. Тым болмаса бір айғақтың, тым болмаса, айталық, болар-болмас бір ғана дәлелдің, тіпті дәлелге тұспал ғана боларлықтай бір ілдалданың табылғандығы, тіпті осының өзі де, қалай дегенмен, Митяның мың жарым ақшаны шүберекке түйіп мойнына салып жүргенін титтей болса да дәлелдейтіндігі, айыпкер алдын ала тергеуде, Мокроеда бұл мың жарым "өз ақшам" деп мәлімдегенде өтірік айтпағандығын көрсететіндігі әжептәуір мәнді іс болған еді. — Алеша қуанышты болатын; ол жүзі алаулап, өзіне көрсетілген орынға барып отырды. Сонсоң, "Қалай ғана ұмытқанмын! Мұны қалай ғана ұмыттым екен!" деп ішінен көпке дейін қайталай берген еді.
Катерина Ивановнадан жауап алу басталды. Ол кіріп келгенде залда алабөтен бір дүрлігіс байқалған. Әйелдер лорнеттері мен бинокльдеріне жармасты, ал еркектер қозғалақтап қалды, кейбіреулері оны анық көру үшін өре түрегелді. Кейін бәрі ол кіріп келген бойда Митя "аппақ шүберектей боп" бозарып кеткен еді дескен. Қара киімді Катерина Ивановна өзіне көрсетілген орынға әдеппен тіпті сәл қысылыңқырағандай болып жақындады. Оның жабырқау, қоңыр көздерінен батылдық байқалып тұрғанмен, жүзінен іштегі толқыған сезімін аңғару мүмкін емес еді. Дәл сол минутте ол ғажап сұлу көрінген еді-ау деп кейін талайлардың таңдай қаққанын да айта кеткен жөн. Ол баяу сөйлесе де, даусы күллі залға анық естіліп тұрған-ды. Өте байсалды болуға немесе, тым болмаса, байсалды көрінуге тырысқан. Соттың төрағасы "кейбір шетін жайттарға" жанасуға жасқанғандай, өзінің сауалдарын сыпайылап қана, аса қошеметшілдікпен қойып, мұндай зор бақытсыздыққа жанашырлықпен қарауға тырысқан. Бірақ Катерина Ивановна сауалдардың біріне жауап бергенде, ол айыпкердің атастырып қойған қалыңдығы болғанын ә дегеннен ашық айтты, содан кейін: "өзі тастап кеткенге дейін..." — деді тағы да оған қоса. Ал одан өзінің туыстарына поштамен жіберу үшін Митяға аманат қып тапсырған үш мың сом туралы сұрағанда, ол: "Мен оған тура поштаға апарып сал деп берген жоқпын да; мен оның ақшадан қатты қысылып жүргенін сезген едім... дәл сол минутте... Мен оған бұл үш мыңды бір айдан кейін салып жіберуіңе де болады деп бергенмін. Бірақ, ол осы берешегіне бола кейін бекер қиналды..." — деп бекемдеп жауап берді.
Мен сауалдардың бәрін түгендеп және Катерина Ивановнаның барлық жауабын тәптіштеп жатпаймын, тек берген жауабының айтуға тұрарлық мәнін ғана баяндап отырмын.
— Әкесінен ақшасын алған соң ол үш мың сомды поштамен салып жіберетініне мен кәміл сендім, — деді ол одан ары өзінің жауабында. — Оның риясыздығына, оның адалдығына... әсіресе ақша жөнінен өте адалдығына мен ешқашан да күмәнданған емеспін, әкесінен үш мың сом ақшасын алатындығына ол берік сенген еді, бұл жөнінде маған бірнеше рет айтқан. Мен оның әкесімен араздығын білдім, әкесінің оны өкпелетіп жүргеніне де әрқашан сеніп келдім және осы күнге дейін сенемін. Ал әкесіне қандай да бір қоқан-лоқы жасағаны есімде жоқ. Менің көзімше ондай ештеңе деген де, ешқандай қоқан-лоқы көрсеткен де емес. Егер ол маған келсе, мен оны сол үш мың сомға бола қапаланба деп оп-оңай тыныштандыратын едім, амал не, ол маған келмейтін болған-ды... менің өзім... өте ыңғайсыз жағдайда қалған едім... сол себепті оны өзім шақырып ала алмадым... Менің тіпті оған сол берешегіңді қашан өтейсің деп құлақ қағыс етуге де ешқандай хақым жоқ-ты, — деді бикеш кенет одан ары даусынан бір батылдық сезілгендей болып, — бір кезде одан мен бұл үш мың сомнан әлдеқайда көп қарыз алғанмын және де оны кейін қайтара алатын-алмайтынымды ойламастан алған едім...
Оның үнінде қандай да бір сес білдіру сезілген еді. Дәл осы минутте сауал кезегі Фетюковичке көшкен-ді.
— Бұл мұнда емес, сіздер енді ғана танысқан алғашқы кезде болған шығар? — деп ептеп іліп әкетті ұтымды бірдеңені сезе қойған Фетюкович. (Осы арада, Петербордан ішінара Катерина Ивановнаның шақыруы бойынша келгендігіне қарамастан, ана бір шаһарда тұрған кезінде Катерина Ивановнаға Митя бес мың сом ақша берген оқиға мен "дұғай сәлем" туралы оның қалай дегенмен ештеңе естімегенін жақша ішінде ескерте кетелік. Катерина Ивановна мұны Фетюковичке айтпаған жасырып қалған! Мұның өзі таңғаларлық еді. Сотта осы оқиға жайында айтатын-айтпайтынын тіпті ең соңғы минутке дейін оның өзі де білмеген, ол бір шабыт сәтін күткен деп сеніммен айтуға болады).
Жоқ, өз басым осы бір минуттерді еш уақытта ұмыта алмаспын деймін! Катерина Ивановна айта бастады, бәрін айтып берді, Митя Алешаға баяндаған оқиғаны, "дұғай сәлемді" де, бәріне себеп болған нәрсені де, өзінің әкесі туралы да, Митяның үйіне өзі қалай барғанын да тәмамдап баяндады, бірақ ол Митяның "ақшаны Катерина Ивановнаның өзі келіп алып кетсін" деп апасынан айтып жібергені жөнінде ләм-мим демеді, тіпті ешбір ишара да білдірген жоқ. Ол мұны ақ көңілдігінен бүгіп қалған еді, сөйтіп онда қылшылдаған жас офицер жігіттен ақша сұрап алуға... нендей бір үміт артып, оған өзі барғанын, бұл үшін ар-намысын көк шүберекке түйіп қойғанын жайып салуға ұялған жоқ. Бұл айран-асыр таңғалдырған бірдеңе болды. Мен оның әңгімесін тұла бойым мұздап, қалтырап отырып тыңдадым, оның әрбір сөзіне құлақ түрген зал да демін ішіне тартып тына қалған-ды, осы себепті ондай өр мінез, тәкаппарсыған паң бикештен мұндай ағынан жарыла жауап беруді, мұндай құрбандықты, мұндай өзін-өзі масқаралауды тіпті күту қиын еді. Сонда мұның бәрі не үшін, кім үшін? Өзіне опасыздық жасап, қорлаған кісіні құтқару үшін бе, ол жөнінде сотта жақсы әсер қалдырып, оны арашалап қалуға, тым құрыса, болмашы септігін тигізу үшін бе! Шынында да, қолындағы ақырғы бес мың ақшасын өмірінде қалған бар байлығын бере салғаннан кейін бейкүнә бикештің алдында қошаметпен тағзым еткен офицердің бейнесі өте сүйкімді әрі аса тартымды көрінген еді, әйтсе де, менің жүрегім зу ете қалған! Мен соңынан бір өсек шыға ма деп қорықтым (кейін солай болып та шықты!). Кейін бүкіл шаһарда офицер қызды тек "қошаметпен тағзым етіп" қана қоя берді-міс дегенге кім иланады, бұл арада бір шикілік бар деп кекетіп, мысқылдап жүрген. Тегі, бірдеңені "бүгіп қалған" болу керек деп тұспалдаған. "Тіпті бүгін қалмаса да, тіпті бәрі шындық болса да мейлі, деген біздегі ең қадірменді ханымдардың өздері де тіпті сонда да әлі белгісіз ғой: әкесін құтқарып қалу керек болғанның өзінде де қыз басымен бүйту ізгілікке онша жата қояр ма екен? Сондай ақылды, сондай керемет сұңғыла бола тұра, Катерина Ивановнаның кейін жұрттың осылай құрыққа сырық жалғайтындығын алдын ала неғып сезбеуі мүмкін? Ол, сөз жоқ, сезген, бірақ міне бәрін ақтарып салуға тәуекел еткен! Әлбетте, оның ағынан жарылғанына шүбә келтірген бұл жеркенішті күмән-күдіктің бәрі кейіннен қоздаған-ды, ал алғашқы сәтте бұған бәр-бәрі таң-тамаша қалған. Ал сот мүшелеріне келсек, олар Катерина Ивановнаны құрмет тұтып, былайша айтқанда, ұялғандарынан тіпті дымын шығармастан тыңдаған. Прокурор бұл тақырыпқа одан ары бірде-бір сауал қоймағанды жөн көрді. Фетюкович Катерина Ивановнаға бас иіп тағзым етті. О, оның мерейі өсіп қалған еді! Олжасы аз болмаса, мерейленбегенде қайтсін: қысылтаяңда адамгершілік көрсетіп, біреуге қолындағы ақырғы бес мың сомын ұстата салған адам кейін әкесінің үш мың сом ақшасын тонау мақсатымен түн жамылып келіп, оны өлтіріпті дегеннің тіпті ешбір қисыны келмейтін тәрізді. Фетюкович енді, тым құрығанда, тонады деген айыпты теріске шығара алатын болған еді. "Іске" кенет жаңа бір сәуле түскендей көрінген-ді. Митяға пайдасы тиетін жағымды бірдеңе жылт еткен. Ол болса... ол жөнінде Катерина Ивановна жауап беріп тұрғанда ол бір ме, әлде екі ме орнынан атып тұра беріп, сосын орындығына қайта жалп етіп, екі алақанымен бетін басып отырып қалып еді деп гуілдескен-ді. Алайда, Катерина Ивановна жауап беріп болғасын, ол кенет зарланған дауыспен, оған қолын созып:
— Катя, мұның не, құрыттың ғой мені! — деп айқайлап жіберді.
Сонан соң күллі залға естірте бақырып жылай бастады. Бірақ, тез бойын жиып алып:
— Енді маған үкім шығарылды дей бер! — деп тағы да айқайлады.
Бұдан кейін Митя тістеніп алып, екі қолын айқастырып кеудесіне қойған күйі мелшиіп қалған еді. Катерина Ивановна залдан кетпеді, ол өзіне көрсетілген орындыққа барып жайғасты. Өңі қуарып, тұнжырап кеткен. Оған жақын отырған кісілер кейін байғұс безгек адамша дірілдеп-қалшылдағанын көпке дейін баса алмап еді деп жүрді. Одан кейін жауап беруге Грушенька келген. Мен кенеттен болған қайғылы оқиғаға жақындап келемін; шындығында. Митяны құрытқан, бәлкім, сол оқиға шығар. Өйткені, егер сол оқиға болмаса, қылмыскерге тым құрығанда бір жеңілдік жасалатындығына күмәнданбаймын, басқалар да сенген, кейін заңгерлердің бәрі де осылай деген-ді. Бұл жайында қазір баяндаймын. Оның алдында Грушенька жайында бірер сөз айта кетелік.
Залға ол да түгелдей қара киімде, иығына әдемі қара шәлісін жамылып келген еді. Өзінің дағдылы мысық табан жүрісіне салып, толық әйелдердің әдетінше сәл шайқала басып, соттың төрағасынан көз алмай, оңға да, солға да бір көз салмастан баллюстрадаға жақындап барды. Меніңше, тап сол сәтте ол керемет сұлу көрінген еді, кейін әйелдердің онда оның өңі боп-боз еді дегені жалған. Оның жүзінен керемет ширыққандық пен ашу-ыза да сезілген деп сендірмекші де болған. Ал мен ол назаланулы еді, біздегі жанжал десе жанығып кететін жұрттың бұл қайтер екен деп мұрын шүйіре қарағаны шымбайына батқан болар деп ойлаймын. Ол жек көргенге төзбейтін, тәкаппар мінезді, біреудің жаратпағанын сезген сәтте-ақ лезде талағы тарс айырылып шытынай қалатындардың бірі еді. Сонымен бірге, әрине, именшектігі де жоқ емес-ті және де осы мінезіне іштей қысылатын да, ендеше, оның сабырмен сөйлей алмағандығы, бірде ызаланып, енді бірде жақтырмай тым дөрекілеу кеткендігі, тағы бірде сөзінен өзін-өзі ғайбаттап, кінәлаған әуеннің сезілгендігі әсте таңғаларлық емес-ті. Кей-кейде ол тіпті бейне бір түпсіз тұңғиыққа кеткелі тұрғандай: "енді маған бәрібір, күл болмаса бүл болсын, айтарымды айтып қаламын..." — дегендей көрінген. Өзінің Федор Павловичпен таныстығы жөнінде: "Бәрі түкке тұрмайтын нәрсе, егер оның өзі талақтай жабысса, бұған мен кінәлымын ба?" — деп кіржіңдеді. Сосын бір минуттан кейін тағы да: "Барлығына мен кінәлімін, ананы да, мынаны да — шалды да, баласын да — екеуін бірдей сергелдеңге түсірген мен", — деді. Әңгіменің бір шеті Самсоновқа келіп тірелгенде: "Айтыңдаршы, онда кімнің қандай шаруасы бар, ол менің жанашырым болған кісі, өз туыстарым мені далаға лақтырып тастағанда, мендей жалаң аяқ жетімді жалғыз сол ғана қамқорлығына алған", — деп бір түрлі тепсіне сөйлеген еді. Осыдан кейін соттың төрағасы басы артық егжей-тегжейге тоқталмай, сауалдарға тура жауап беру қажеттігін өте сыпайылап ескертіп өткен. Грушеньканың екі беті алаулап, қос жанары жалқындап кеткен еді.
Федор Павловичтің үш мың сом ақша салып қойған пакеті бар дегенді ана "жауыздан" естігені болмаса, ондай пакетті өз көзімен көрмеген болып шықты. "Мұның бәрі жай бір топастық болатын әншейін күлкі қылғаным ғой, мен онда аяқ басушы ма едім".
— Жаңа біреуді "жауыз" деп атағанда, сіз кімді айттыңыз? — деп сұрады прокурор.
— Әлгі өзінің қожайынын өлтірген малайды, Смердяковты айтамын, ол кеше асылып өліпті ғой.
Одан сол табан астында: мұндай үзілді-кесілді айыптау үшін қандай дәлелі барын сұрағанда, бұған оның да ешқандай нақты дәлелі болмай шықты.
— Маған Дмитрий Федоровичтің өзі осылай деген болатын, оған неге сенбейсіздер. Оның түбіне жеткен анау әзәзіл ғой, міне бұл солай, барлығына тек сол ғана кінәлы, міне бұл солай, — деп терісіне симаған Грушеньканың даусынан ызалы әуен сезілген еді.
Одан енді кімді тұспалдап тұрғанын сұрады.
— Анау бикешті, Катерина Ивановнаны айтамын. Анада бір жолы ол мені үйіне шақырып, алдыма шоколад қойып алдарқатпақшы болды. Ол ар-ұяттан жұрдай ғой, бұл міне солай...
Осы арада сот төрағасы оны тоқтатып, адуындамай сөйлеу керегін қатты ескертті. Бірақ жүрегі әлем-жәлем қызғаншақ әйел енді тіпті тұңғиыққа кете баруға да әзір-ді...
— Мокрое селосында оны тұтқындаған кезде, — деп сұрады прокурор бірдеңені есіне түсіргендей болып, — сіздің екінші бөлмеден шыға келіп: "Барлығына мен кінәлымын, ол екеуміз каторгаға бірге кетеміз!" — деп айқайлағаныңызды жұрттың бәрі көріп, бәрі естіген. Демек, шалды оның өлтіргендігіне дәл сол минутте сіздің де сенімді болғаныңыз ғой.
— Онда менің жан сезімім қандай күйге түскені есімде жоқ, — деп жауап берді Грушенька — ол әкесін өлтіріпті деп бәрі даурығысып жатқан соң, әуелі бұған өзімді кінәлы санап, ол мені қызғанып өлтірген шығар деп ойлағаным рас. Бірақ Митя өзінің кінәсыздығын айтқан соң, мен оған заматта сендім, қазір де сенемін және ғұмыр бақи сенемін: суайт адам ондай болмайды.
Сауал кезегі Фетюковичке көшті. Айтқандайын, оның Ракитин жайында және оның "Алексей Федорович Карамазовты ертіп келгені үшін" жиырма бес сом алғаны туралы сауал қойғаны менің әлі есімде.
— Оның менен ақша алғандығына таңданатын түк те жоқ, — деп мырс етті ызаланып, тыжырына сөйлеген Грушенька, — оның менен ақша сұрағаны бір бұл емес қой, емініп жүріп айына отыз сомнан ақша алады және де көбінесе босқа шашып төгуге алады: өйткені оның ішім-жемдігі онсыз да жеткілікті.
— Сонда Ракитин мырзаға алақаныңыздың осыншама ашықтығының сыры неде? — деп қалды сот төрағасының қатты қозғалақтағанын елең де қылмаған Фетюкович.
— Ол менің туған бөлем емес пе. Менің шешем мен оның шешесі туған апалы-сіңлілер ғой. Бірақ ол маған бұл жайында сотта айта көрмеші деп жалынған еді, ол менімен туыстығына жаман арланады.
Бұл жаңа дерек тірі пенденің қаперіне кірмеген нәрсе болып шықты, мұны күллі шаһарда, тіпті монастырьда да ешкім сезбеген, тіпті Митя да білмеген. Кейін Ракитин сонда құлақ-шекесіне дейін қып-қызыл боп орындығында мелшиіп қалған еді деп жүрген-ді. Оның сотта Митяға қарсы жауап бергенін Грушенька залға кірместен бұрын ебін тауып біліп алған, содан кейін оған зығырданы қайнап кеткен. Ракитин мырзаның бағанағы сөзі, ол сөзінің күллі ізгі ниеттілігі, басыбайлылық құқықты, Ресейдің азаматтық тіршілігінің кемшіліктерін сынаған әрекетінің бәрі — міне мұның бәрі енді біржола зая болып, жалпы пікірдің ішінде жоғалып кеткен еді. Осыдан кейін Фетюковичтің көңілі көншіп қалған: құдайекеңнің оған тағы бір ықыласы түскен-ді. Жалпы, ерекше жаңалық дерлік бірдеңе айта алмайтын болғандықтан, Грушенькадан жауап алу ұзаққа созылмады. Ол залда отырған жұртта тым жағымсыз әсер қалдырды. Жауабын тәмамдағасын Катерина Ивановнадан алысырақ жерге барып отырғанында, жүздеген жақтырмаған көздер оған ежірейе қараған еді. Грушенькадан жауап алынып жатқан кезде Митя басын төмен салып, үн-түнсіз, мелшиіп отырды.
Куә ретінде жауап беруге енді Иван Федорович келген еді.
V
КЕНЕТТЕН БОЛҒАН АПАТ
Әуелі оның Алешадан бұрын шақыртылғанын ескерте кетейін. Бірақ онда сот төрағасына пристав куә: кенет сырқаттанып қалған ба, әлде бір талма ауруы бар ма қалай, осы себепті қазір келе алмады, алайда, ол сәл айығысымен өзі келіп, куә ретінде жауап беруге әзір деп хабарлаған. Мұны, әйтсе де, ешкім әлдеқалай естімей қалған еді, бұл кейін ғана белгілі болған. Оның келгенін алғашта ешкім байқаған жоқ: негізгі куәлардан, әсіресе бақталас екі бикештен жауап алынып біткен; сөйтіп жұрттың ындыны біраз қанған-ды. Тіпті біраз зеріге де бастағандай көрінген. Әлі де бірнеше куәдан жауап алынуы керек-ті; бірақ, бірсыпыра жайттар сөз болғандықтан, олар пәлендей бірдеңе айта алмауы да мүмкін. Ал уақыт болса өтіп барады. Иван Федорович ешкімге қарамастан, басын төмен салып, ойға шомған кісіше қабағын түйіп, таңғаларлықтай баяу басып жақындаған еді. Мұнтаздай боп киінген, алайда, бет әлпеті маған ауру кісінің түріндей әсер етті: оның жүзінде топырақ өңдес, кәдімгі өлетін адамның кескініне ұқсас бірдеңе бар еді. Жанарының оты қайтқан; ол жоғары қарап, залды баяу шолып шықты. Орындығынан ұшып тұра жаздаған Алеша: "Аһ!" деп күрсініп қалды. Бұл менің есімде. Бірақ мұны сезгендер аз болды ғой деймін.
Сот төрағасы ол куә ретінде ант бермегендіктен жауап беру-бермеу оның өз еркі екенін, алайда, егер жауап беретін болса, әрине, ақиқаттан айнымауға тиістігін, тағысын тағыларын ескертіп өтті. Иван Федорович тұнжырай қарап, тыңдап тұрған; сосын ол ақырын ыржиғандай болды, бірақ, оған таңырқай көз салған сот төрағасы сөзін аяқтасымен-ақ кенет күліп жіберді.
— Сонымен, тағы не демексіз? — деп сұрады ол қатаң дауыспен.
Залдағылардың бәрі ыңғайсыз бірдеңені сезгендей, тына қалды.
Сот төрағасы абыржуға айналды.
— Сіз... мүмкін, әлі толық сауықпаған шығарсыз? — деді ол көзімен сот приставын іздеп.
— Босқа абыржымаңыз, жоғары мәртебелім, менің жауап берерліктей жайым бар және сіздерге кейбір қызғылықты жайттарды айтып та бере аламын, — деп кенет өте байсалды және қошеметпен жауап берді Иван Федорович.
— Сіз, қалай, ерекше бір хабарлама жасамақсыз ба? — деп сұрады оған әлі де күдіктене қараған сот төрағасы.
Иван Федорович бірнеше секөнт үндемей, тұнжырап төмен қарап тұрды, содан кейін ол басын қайта көтеріп алып тұтығыңқырай жауап қатты:
— Жоқ, ештеңем жоқ. Ондай ерекше түк те жоқ.
Оған сауал қоя бастады. Ол қалай дегенмен де анық жауап берген, бірақ, бір ғажабы, ешбір ықылассыз, қасақана келте қайырып, тіпті барған сайын түскен жеркенішпен сөйлеген еді. Көптеген сауалдарға білмеймін деп сылтауратты. Әкесінің Дмитрий Федоровичке қандай өкпе-назы барын білмейтін болып шықты. — Ондай нәрсемен айналысқан емен! — деді ол.
Айыпкердің өз әкесін өлтіремін деп қоқан-лоқы көрсеткені жайында естігені бар. Пакеттегі ақша жайында Смердяковтан білген...
— Барлығы да бәз баяғы бірдеңелер, — деді ол сосын қажыған пішінмен, — мен сотқа ерекше дерлік ештеңе айта алмаймын.
— Сіздің сырқат екеніңізді көріп тұрмын және қазіргі жан сезіміңізді де түсінемін... — деді сот төрағасы.
Осыдан кейін ол, қажет десеңіздер, сауал қоюларына болады деп прокурор мен қорғаушыға қарап еді, Иван Федорович кенет әлсіреген дауыспен:
— Жоғары мәртебелім, мені босатыңызшы, әлім құрып, қатты ауырып тұрмын, — деп өтінді.
Ол осы сөздерді айтқасын, рұқсат етілуін күтпестен, залдан шықпақшы болып бұрылып жүре берді. Бірақ, төрт қадамнан кейін, бірдеңені ойластырғандай тоқтап тұрып, кенет ақырын мырс етті де, бұрынғы орнына қайта оралды.
— Менікі, жоғары мәртебелім, әлгі... "Заходу — вскоцу, заходу — не вскоцу" — дейтін шаруа қызы бар еді ғой, соның кері. Тәйт деп күйеуге шығып кетуі үшін оны сәндеп киіндіріп, некесін қиюға апармақшы болып, сарафаны мен юбкасын алып соңынан қалмай жүрсе, ол: "Көңілім түссе — тиемін, түспесе — тимеймін", — деп қырсығады... Бұл оқиға біздегі бір ұлыста болған...
— Мұнымен сіз не демекшісіз? — деп сұрады сот төрағасы қатқыл үнмен.
— Міне, — деп Иван Федорович кенет бір бума ақшаны шығарды, — мынау ақшаны көресіздер ме... бұл ақша ана пакеттің ішінде жатқан, — ол заттай айғақтар тұрған үстелді меңзеді, — әкемді осы ақшаға бола өлтірген. Қайда қояйын? Сот приставы мырза, анда апарып беріңізші.
Сот приставы ақшаны алып, төрағаға берді.
— Егер де бұл нақ сол ақша болса... ол сіздің қолыңызға қайдан түсіп жүр? — деді аң-таң сот төрағасы.
— Кеше Смердяковтан алдым, әкемді сол өлтірді ғой. Асылып өлерінің алдында мен оған барып жолыққан едім. Әкемді менің ағам өлтірген жоқ, оны Смердяков өлтірген болатын. Өлтірген сол, оны бұған итермелеген мына мен әкесінің өлімін кім тілемейді дейсің?
— Сіздің өзі есіңіз дұрыс па? — деп қалды абайламаған сот төрағасы.
— Міне, гәп те сонда, менің... тап сіздің өзіңіз секілді, анау отырған... сұм-м-пайылар секілді, сұмдық зымияндығымда! — деп ол залдағыларға бұрылып қарады. — Менің әкемді өлтірді, ал мұнда бәрі өтірік қорыққан боп мүләйімсиді түге, — деп ол ызаға булығып, тісін шықырлатты. — Бірінің алдында бірі мекерленіп бағады. Өңшең сұмдар! Бір сұмырай екінші сұмырайды жемей қоймайды... Баласы әкесін өлтірген болып шықпаса — олардың бәрі ашуланып, терісіне сыймай тарасар еді... Қызық қой бұл! "Жейтін нан мен қызықтайтын бірдеңе болса жетеді!" Бірақ, менің өзім де оңып тұрған жоқпын ғой! Осында бір ұрттам су бар ма екен, ындыным құрып барады. Құдай үшін бір жұтқызыңдаршы! — деді ол кенет басын ұстап.
Сот приставы дереу оның жанына жетіп барды. Алеша орнынан атып тұрып: "Ол ауру, оның айтқанына сенбеңдер, ол сандырақтап тұр!", — деп айқайлады. Катерина Ивановна орындығынан ұшып түрегеліп, зәре-құты қашып Иван Федоровичке тесірейе қарап мелшиіп қалды. Митя түрегеліп, бір түрлі ерсілеу ыржиған қалпы ағасының сөзін одан көз алмай тыңдаған еді.
— Тынышталыңыздар, мен әлі жынданған жоқпын, небары кісі өлтіруші ғанамын! — деп тағы сөйлеп кетті Иван. — Кісі өлтірушіден шешендікті қалай талап етуге болады... — деді ол тағы да ыржия күліп.
Абыржыған прокурор сот төрағасына еңкейіп бірдеңе деді. Сот мүшелері де бір-бірімен асығыс сыбырласып жатыр. Осының бәріне құлақ түріп Фетюкович отыр. Не болар екен деп залдағылар да тына қалған еді. Бір кезде сот төрағасы есін жиғандай болды.
— Сіздің бұл айтқаныңыз бізге түсініксіз, сосын мұның өзі мұндай жерде айтылатын сөз емес қой деймін. Шама-шарқыңызша, тынышталуға тырысып, бізге айтып беріңіз... егер шынында да айтатын бірдеңеңіз болса, әрине. Бұл мойындауыңызды сіз немен дәлелдей аласыз... егер сандырақтап тұрмасаңыз, әрине?
— Бар гәп сонда тұр ғой, менің куәларым жоқ. Смердяков асылып өлді, ол ит ана дүниеден сіздерге өзінің куәлігін... пакетке салып... жібере алмайды. Сіздерге тек пакет болса болды ғой, бірақ соның біреуі де жетер еді. Менің куәларым жоқ... Дегенмен, бір куә табуға болады, — деді ойланып тұрып мырс еткен ол.
— Ол куәңіз кім?
— Жоғары мәртебелім, оның сабаудай құйрығы бар, түр-тұрпаты сай келмейді ғой! La diable n'existe point!1 Сол жаман-жәутік, құйтақандай сайтансымаққа назар аударып қайтесіздер, — деді ол одан ары. Сонан соң, кенет күлкісін тыйып, бір құпиясын ашқалы тұрғандай тағы да былай деді: ол, мүмкін, заттай айғағын ұстап — осында бір жерде, мына үстелдің астында бұғып отырған шығар, сонда болмағанда, қайда болушы еді? Маған қараңдар, менің сөзіме құлақ салыңдар: мен оған: үндемей қалғым келмейді десем, ол маған геологиялық төңкерісті айтады... ақымақтық қой бұл! Қайтесіңдер, ол жауызды босатсаңдаршы... ол гимнді айтты ғой, өйтетін себебі, оған оңай! Мас жексұрындардың "Ванька кетті Питергені" әндетіп барылдағанымен бірдей ғой бұл, ал мен екі секөнттік қуаныш үшін квадриллион квадриллионды, яки әлемнің бар байлығын бере салар едім. Сіздер мені білмейсіздер ғой! О, сіздердің мына қылықтарыңның бәрі, бұл неткен зердесіздік! Ал, оның орнына, мені неге отырғызбайсыздар! Менің осында келгенім бе... Ақымақтықтан аяқ алып жүре алмайтынымыз неліктен!.
Сөйтіп ол ойға шомып тұрып залға тағы да баяу көз салды. Бірақ енді жұрттың бәрі дүрлігіп қалған еді. Алеша орнынан атып тұрып, оған ұмтыла беріп еді, бірақ одан бұрын сот приставы Иван Федоровичті қолынан ұстап үлгерді.
— Сенің бұл қай басынғаның? — деп зіркілдеп приставтың бетіне тесірейе қараған Иван Федорович оның жағасына жармаса кетіп, еденге жалп еткізді. Бірақ сақшылар жетіп келіп, оны ұстап үлгерді, осыдан кейін ол өкіріп-бақырып жылай бастады. Әкетіп 27бара жатқанда бақырып, түсініксіз бірдеңені айтып айқайлай берді.
Жұрт әбігерленді де қалды.Өзім де абыржулы болғандықтан, бәрін бірдей байқай алмаған едім, сол себепті жіпке тізгендей ғып тәмамдап айта да алмаспын. Залдағы жұрт тынышталып, істің мән-жайын пайымдаған соң сот приставы куәнің осыған дейін есі дұрыс еді, осыдан бір сағат бұрын аздап басы айналғанда оны дәрігер көрген, бірақ осы залға кіргенге дейін сөзі дұрыс еді, ақыры бұлай болатынын мен қайдан білейін, қайта сотқа барып жауап беруім керек деп көнбеген оның өзі деп бастықтарға тиянақтап түсіндіргеніне қарамастан, байғұстың жаман опық жегені ғана есімде. Алайда, залдағылар енді ғана тынышталып, ес жиып болысымен, әлгі көріністен кейін іле-шала екіншісі басталды: Катерина Ивановна шалық болған кісіше зарланды да қалды. Ол да жаны күйзеліп, өкіріп-бақырып жылап, кеткісі келмей жұлқынып, залдан әкетпеңдерші деп жалынды, сонсоң сот төрағасына кенет былай деп айқайлады:
— Менің тағы бір жағдайды айтуым керек, дереу... табан астында!.. Міне, мына бір қағазды, мына хатты алып... тезірек оқыңдаршы, тезірек деймін! Бұл анау жауыздың хаты, оны анау жауыз жазған болатын, — деп Митяны көрсетті. — Әкесін өлтірген осы жауыздың өзі, бұған қазір көздерің жетеді, ол маған әкесін қалай өлтіретінін жазған-ды. Ал анау болса ауру, оның есі ауыса бастаған! Мұны мен үш күннен бері байқап жүрмін!
Ол шамырқана айқайлап жіберген еді. Оның сот төрағасына ұсынған қағазын пристав қағып алды, ал Катерина Ивановна орындығына сылқ етіп, қолымен бетін басып, солқылдап жылай бастады, бірақ, дыбыс шығарса залдан аластай ма деп қорыққандықтан, тіпті ыңырсығанын да сездірмеуге тырысқан. Оның приставқа берген қағазы Митяның "Астаналық шаһар" трактирінен жазған хаты болатын. Оны Иван Федорович "есепқорлық" мәні бар құжат деп атаған-ды. Әттең! Митяға осы бір есепқорлықтың апарып танылғандығы, әйтпесе, бұл хат болмаса, ол бұлай орға жығылмас еді ғой, немесе, тым құрығанда, мұншама жаман сорламас еді ғой! Қайталап айтам, оқиғаның бүге-шігесін түгел байқау қиын-ды. Маған тіпті қазір де сондағының бәрі таусылмас әбігер секілді көріне береді. Төрағасы жаңа деректі сотқа, прокурорға, қорғаушыға және присяжныйларға дереу хабарлаған болуға тиіс. Менің есімде қалғаны — куә бикештен жауап алуға қалай кіріскені ғана. Сот төрағасының: қалай, тыныштала алдыңыз ба! — деп жайлап қана қойған сауалына Катерина Ивановна лезде жауап қатты:
— Мен әзірмін, дайынмын! — Сонан соң, ол қандай да бір себептен оны тыңдамай қоя ма деп қорықты ма қалай: — Сауалыңызға жауап беруге әбден жараймын, — деді тағы да. Одан бәрін толығырақ түсіндіруді өтінді: бұл неғылған хат, оны ол қандай жағдайда алып еді?
— Мен бұл хатты сол сұмдық оқиға болатын күннің қарсаңында алған едім, одан бір күн бұрын трактирде отырып жазған, демек, өзі қылмыс жасардан екі күн бұрын жазған — өздеріңіз көз салыңдаршы, есеп айырысу қағазына жазылған ғой! — деді ентіге сөйлеген ол — Онда ол мені жек көріп кеткен еді, өйткені оның өзі опасыздық жасап, анау сайқалдың соңынан еріп кеткен... тағы бір себеп, ол маған үш мың сом берешек болатын... О, осы берешегі үшін ол жаман өкінген, бұл да өзінің арамзалығынан! Үш мың сомның сыры мынада — сіздерден өтінемін, жалынып сұраймын, менің осы сөзіме құлақ салыңдаршы: әкесін өлтірерден үш жұма бұрын ол бір күні таңертең маған келген. Оған ақша керегін және не үшін керегін мен білетін едім — анау сайқалды алдап-сулап бір жаққа алып кету үшін керек-ті. Мен оның өзіме опасыздық жасағанын, ол енді мені тастап кетпекші екенін білдім, бірақ солай бола тұрса да, оған бұл ақшаны өзім ұсындым, Мәскеудегі апама салып жіберші дегенді сылтауратып бердім, — ақшаны қолына ұстатқанда, бетіне қарап тұрып қашан салсаң да өзің біл, "бір айдан кейін" жіберуіңе де болады дедім. Ол неге ұқпасын, егер мен оған: "Маған опасыздық жасап, ана сайқалмен кету үшін саған ақша керек емес пе, сол ақшаны сен менен-ақ алсаңшы, мен оны саған өз ықтиярыммен беремін, егер осы ақшаны алуға арсыздығың жетсе, алып көр!.." — деп көзіне шұқып айтсам, қалайша ұқпайды... Мен оның жауыздығын айғақтамақшы едім, ол қайтті дейсіз ғой? Ол ұялған жоқ, ақшаны алып тайып тұрды да, анау сайқалмен бір түнде жоқ қылды... Бірақ ол түсінді, менің бәрін білетінімді сезді, илансаңыздар мен оған ақша бергенде: ол осы ақшаны алар ма екен, алмас па екен, егер алса, онда нағыз арсыздың өзі болғаны? — деп азапқа салғанымды да түсінген. Мен онда оның көзіне қарап тұрғанмын, ол да менің көзімнен көз алмаған, сөйтіп бәр-бәрін түсінген, алайда менің ақшамды алып жүре берген!
— Рас, Катя, сонда мені масқара етпекші екеніңді көзіңнен-ақ аңғарғанмын, бірақ ақшаңды бәрібір алғанмын, — деп міңгірледі Митя. Мен сұмырайдың құдай сүйер қылығы жоқ қой, мені бәрің жек көрсеңдер де мейлің, өзіме де обал жоқ!
— Айыпкер, — деп дауыстады сот төрағасы, — енді бір сөз аузыңыздан шықса — мен сізді алып кетуге бұйырамын.
— Сол ақша оны азапқа түсірді, — деді асығып-үсіккен Катя одан ары, — ол маған оны қайтарғысы келген, бермекші болған, бұл рас, бірақ оған анау сайқал үшін де ақша керек қой. Сол себепті ол тіпті әкесін өлтіруге дейін барды, бірақ менің ақшамды қайтарған жоқ, сайқалын қасына ертіп алып, ана бір деревняға жылыстап еді, ақыры, сонда қолға түсті ғой. Әкесін өлтіріп, тонаған ақшаны ол сонда тағы да шашып төкті. Ол маған бұл хатын әкесін өлтірерден бір күн бұрын жазған, мас күйі жазған, мені біреу өлтірмекші болса да, оны тірі пендеге көрсетпейтінімді анық білгендіктен, өшігіп жазғанын сонда-ақ сезгенмін. Әйтпесе жазбас еді. Ол менің одан кек алуға, оны жардан құлатуға бармайтынымды білген! Алайда: хатты оқып көріңіздерші, зер сала, құдай үшін зер сала оқыңыздаршы, сонда сіздер оның хатында бәрін жазғанын, әкесін қалай өлтіретінін, оның ақшасы қайда жатқанын — бәрін алдын ала өлшеп-пішіп жазғанын көресіздер. Қараңыздаршы, тек байқамай қалмаңыздар, онда: "Мен оны өлтіремін, тек Иван кетсінші", — деген бір сөйлем бар. Демек, ол әкесін қалай өлтіретіндігін күні бұрын ойластырған, — деп табалап, кекеткен Катерина Ивановна сотқа ескертіп те қойды. Қатерлі хаттың тіпті бүге-шігесіне дейін зер салып, әрбір сызығына дейін зерттеп оқығандығы көрініп тұрған еді. — Мас болмаса, ол маған бұлай деп жазбас еді, бірақ, қараңыздаршы, онда оның әкесін қалай өлтіретіндігі күн ілгері, айдан анық баяндалған ғой, ол өзінің күллі іс-әрекетін жайып салған ғой!
Осылай қатты шамырқанған ол, әрине, өзі үшін бұның қандай зардабы болатынын, мүмкін, тіпті бір ай бұрын сезсе де, елең қылмаған еді, өйткені ол сонда да, бәлкім, іштегі ыза-кегінен қалтырап: "Осы хатты сотқа оқып берсем бе екен?" — деп қиялдаған шығар. Енді келіп жардан құлағандай болады. Дәл осы сәтте сот хатшысы хатты дауыстап оқып бергенде, оның таңғаларлықтай әсер еткені ғана есімде қалыпты. Митяға: "Сіз осы хатты жазғаныңызды мойындайсыз ба?" — деген сауал қойылды.
— Мойындаймын, ол менің хатым! — деді Митя. Мас болмасам, оны жазар ма едім!.. Катя, сен екеуміздің бір-бірімізді жек көруімізге себеп жеткілікті, бірақ, қаншама жек көрсем де, сені сүйгеніме ант етуге бармын және ант етемін де, ал сен мені әсте сүйген жоқсың!
Ол сылқ етіп отыра кетіп, жаны күйзелгесін қолын бұрады. Сосын прокурор мен қорғаушы Катяға қарсы сауал қоюға кірісті; бұл сауалдар негізінен "бағана осындай айғақты жасырып қалып, мүлде басқа тұрғыдан, мүлде өзге әуенде жауап беруге сізді, былайша айтқанда, не нәрсе итермеледі деген мағынада болды".
— Иә, иә, бағана мен өтірік айтқамын, ар-намысым мен ұжданыма қарсы, бәрін өтірік айттым, бірақ та бағана мен оны қасақана құтқарғым келіп еді, өйткені ол мені жаратпайтын, сұмдық жек көретін, — деп айқайлады Катя есі шыққандай боп. — О, ол мені жаман жек көретін, үнемі жек көретін сонсоң, білесіз бе, білесіз бе — ол мені ертеректе берген ақшасы үшін аяғына бас ұрып тағзым еткен минуттен бастап жеккөретін болған еді. Мұны көргемін... Мен онда мұны лезде сезгенмін, бірақ көпке дейін өзіме өзім сенбедім. Оның жанарынан: "Онда сен маған қалай дегенмен өзің келгенсің", — дегенді талай рет оқыдым. О, ол түк те түсінбеген, сонда менің оған не үшін жүгіріп барғанымды ол мүлде сезбеген, ол бәрін тек жамандыққа жорыған! Ол өзіне қарап өлшеп-пішеді, жұрттың бәрі оның өзіндей деп ойлайды, — деп әбден шамырқанған Катя ызаланып, тісін шықырлатты. — Ал оның маған үйленбекші болған себебі — мен мұрагер болдым ғой, бар себеп осы, тек осы ғана! Өзім де тек осыдан шығар деп күдіктене беруші едім-ау! Ол нағыз хайуан! Ол сонда маған өзі келгеніне ұялатындықтан, ол менің алдымда өмір бойы қалтырап тұрады, сол үшін мен оны ғұмыр бақи жек көріп өтемін, демек, қашан да оған өктем бола аламын деп ойлаған-ды, оның маған үйленбекші болған себебі мені осы ғана! Барлығы міне осылай, нақ осылай болған-ды! Мен оны махаббатыммен, таусылмас махаббатыммен өзіме қаратып алам ба деп едім, тіпті оны опасыздығына да төзгім келген, әйтсе де, ол ештеңе де, түк те түсінбеді. Ондай адам бірдеңені түсіне ала ма! Ол жауыз ғой! Мен бұл хатты ертеңіне кешке ғана алған едім, трактирден әкелген-ді, ертеңіне таңертең, азанда-ақ оған бәр-бәрін, тіпті оның опасыздығын да кешіргім келгенін қайтерсің!
Әрине, сот төрағасы мен прокурор оны тыныштандыруға тырысқан еді. Әйелдің шамырқанғанын пайдаланып, оның осындай ағынан жарылған куәліктерін тыңдап отырғанына, бәлкім, олардың өздері де ұялғандығына менің ешбір күмәнім жоқ. Мен олардың оған: "Сізге қандай ауыр тиетінін біз түсінеміз, илансаңыз, сізге жанымыз ашиды", — дегенін және тағысын тағыларын естігемін, бұл әлі есімде, — алайда онда тым қатты назаланған әйелді осындай жауап беруге мәжбүр еткен солардың өздері болатын. Ақырында, ол Иван Федоровичтің осы екі ай бойы өзінің анау "кісі өлтіруші, жауыз" ағасын құтқарып қалуды ойлап, тіпті есі ауысуға айналғанын қал-қадарынша айқын сипаттап өтті, тіпті сондай керемет шамырыққан минуттерде де, бір мезетке болса да, мұндай жағдай жиі кездеседі.
— Ол өзін-өзі азапқа салды, — деді ашынған Катерина Ивановна, — ол ағасының кінәсын қалай жеңілдете алар екем деп аласұрды да жүрді, ол әкесін де ұнатпайтынын, оның өлімін, мүмкін, өзінің де тілегенін маған өзі айтқан болатын. О, оның ар-ұжданы ғажап қой! Оны азаптаған осы ар-ұжданы! Ол маған бәрін айтатын, ештеңені жасырмайтын, ол күнде келіп, менімен өзінің бірден-бір жақын досындай сырласатын. Мен оның жалғыз ғана досы болғанымды абырой санаймын! — деді кенеттен ол, әлде қандай бір сес білдіргендей жанарын жалт еткізіп. — Ол Смердяковқа екі рет барған. Бір жолы маған келгенде былай деді: егер оны өлтірген менің ағам болмай, Смердяков болып шықса (өйткені осында бәрі шалды Смердяков өлтірді деген лақап таратып жүр ғой), онда бұған, бәлкім, мен де кінәлі шығармын, себебі менің әкемді жақтырмайтынымды Смердяков білетін, ендеше, ол мені өз әкесінің өлімін тілеп жүрген деп ойлауы ғажап емес. Сонда мен оған осы хатты көрсетіп едім, ағасының өлтіргендігіне ол күмәнсыз сеніп қалды, мұның өзі оны төбесінен жай түскендей күйретіп салған еді. Туған ағасы өз әкесінің қанын мойнына артқан азғын болып шыққандығына оның жаны төзе алмай қалды! Оның осыған қапаланып, ауырып жүргенін мен осыдан бір жұма бұрын байқаған едім. Соңғы күндері менің үйімде отырғанында, ол сандырақтаған болатын. Оның есі ауысуға айналғанын мен өз көзіммен көрдім. Көшеде де сандырақтап жүргенін байқағандар бар. Осында келген дәрігер, менің өтінішім бойынша, бұрнағы күні оны қарағаннан кейін маған ол аса қатерлі дертке шалдыға бастағанын айтып еді, — мұның барлығы ананың, анау отырған жауыздың қырсығынан! Ал кеше Смердяковтың асылып өлгенін естігесін оның жаман қапаланғаны соншалық, тіпті жынданып та кетті, барлығы анау жауыздың қырсығынан соны қалай құтқарып қалам деп, өз жанын өзі жегендіктен!
О, әлбетте, өмірде бір-ақ рет — мысалы, дар алдында тұрған ең соңғы минутте ғана осылай ағынан жарылып, осылай ашық мойындауға болатын шығар. Бірақ Катя өзіне тән мінезін танытып, сәтін жібермеген еді. Бұл сәтте ол әкесін құтқарып қалу үшін бұзық жігіттің үйіне өзі барған бәз баяғы өжет Катядан айнымаған; Митяның басына төнген тағдырдың тауқыметін аз да болса жеңілдетем бе деп бағана осынау дүйім жұрттың алдында "оның ізгілікті қылығын" айтып беріп, өзін және өзінің қызға тән ар-ұятын құрбандыққа шалған тәкәппар, пәк жанды Катя еді. Енді, дәл бағанағысындай, өзін тағы да құрбандық етіп тұрғаны мынау, бірақ бұл жолы ол өзін өзге біреуге, оған қандай қымбат екенін, бәлкім, тек енді, осы минутте ғана бірінші рет сезіп, анық пайымдағасын құрбандық еткен еді! Ол Иван берген жауабымен өзін-өзі құртты деп ойлап қалып, шалды Митя емес, бұл өлтірген шығар деп қорыққандықтан құрбандық болған, Иванды, оның атақ-абыройын, оның беделін сақтап қалу үшін құрбандық болған! Алайда, осыдан кейін бір сұмдықтың шеті қылтиған-ды. Иван екеуінің қарым-қатынасын баяндағанда, қыз оған жала жапты ма, жоқ па, гәп, міне, қайда жатыр. Жоқ, жоқ, Митя мені оған бас иіп тағзым еткенім үшін жек көрді деп ашынғанда, Катя оны қасақана қаралаған жоқ-ты! Бұған ол сенімді болатын, мұны әлі де пір тұтқан, ақкөңіл Митя тек күлкі үшін жек көргенсігеніне ол тіпті, мүмкін, сол тағзым еткен сәттен бастап кәміл сенген шығар. Онда бұл тек тәкаппарлығынан ғана Митяға шамырыққан, сүлесоқ махаббатымен өзі барып жабысқан, намысы жәбірленгесін ғана жабысқан, сөйтіп оның бұл сүйіспеншілігі, махаббат емес, кекшілдік болып шыққан. О, оның осы бір сүлесоқ махаббаты кейін, бәлкім, шынайы сүйіспеншілікке айналар ма еді, қайтер еді, мүмкін, Катя тіпті бұдан артық ештеңе тілемеген де шығар, бірақ Митя өзінің опасыздығымен оны өлердей қорлаған соң, тәкаппар бикештің жан сезімі мұны кешіре алмаған. Ал кек тұтқан сәт кенет ғайып болып, жәбірленген әйелдің көкірегінде ұзақ жиналып, ішті кернеген запыранның бәрі, тағы да әлдеқалай сыртқа лақ еткен. Ол Митяға опасыздық жасаған еді, бірақ, сонымен қабат ол өзіне де опасыздық жасаған болатын! Айтарын айтып үлгеріп, ішіндегі зілді шығарған соң, оны ар-ұят сезімі қайтадан езген еді. Ол тағы да талып қалып, бақырып жылап, құлап түсті. Оны алып кетті. Оны көтеріп әкетіп бара жатқанда орнынан ұшып тұрған Грушенька жылап Митяға қарай жүгірді, оны тіпті ұстап та үлгермеді.
— Митя! Сенің түбіңе жеткен анау сұр жыланын! — деп айқайлады ол. Сонсоң ызаға булыққан күй сотқа қарап: — Міне, көрдіңдер ме оның қандай екенін! — деп әулікті. Сот төрағасының ымдауымен Грушеньканы ұстап, залдан зорлықпен шығармақшы болды. Ол көнбеді, арпалысты, Митяға қарай кейін жұлқынды. Ал Митя өкіріп-бақырып, оған ұмтылды. Бірақ оны ұстап қалды.
Иә, біздің әуейі ханымдардың жаны рақаттанып қалған шығар деймін: мұның өзі бір қызғылықты хикая болған еді. Содан кейін мәскеулік дәрігердің залға қалай кіргені есімде қалыпты. Сот төрағасы осының алдында ғана приставты Иван Федоровичке жәрдемдесуге жарлық беруге жұмсаған секілді еді. Дәрігер сотқа науқастың халі өте мүшкіл екенін, сондықтан оны тезірек үйіне жеткізу керегін мәлімдеді. Прокурор мен қорғаушының сауалына қайтарған жауабында бұрнағы күні оған науқастың өзі келгенін, бұл оған есі ауысуға айналғанын ескерткенін, алайда, ол емделуден бас тартқанын айтты. "Оның жындана бастағаны айқын болатын, өңімде қайдағы жоқ бірдеңелер көзіме елестейді, көшеде жүргенде әлдеқашан өліп қалған кісілерді кездестіремін, күнде кешқұрым сайтандар қонаққа келеді деп маған өзі айтқан еді", — деді қорытындысында дәрігер. Әйгілі дәрігер жауап беріп болғасын кетіп қалды. Катерина Ивановна сотқа табыс еткен хат заттай айғақтарға қосылды. Мәслихаттасқаннан кейін сот: тергеу одан ары жүргізіле берсін, ал екі куәнің (Катерина Ивановна мен Иван Федоровичтің) төтенше жауаптары хаттамаға енгізілсін деп қаулы етті.
Мен бұдан былайғы тергеуді баяндап жатпаймын. Қалған куәлардың жауаптары, әрқайсысының өз ерекшелігі болғанмен, бұрынғылардың куәлігін қайталау және соны растау ғана болып жатса, мұның қажеті бола да қоймас. Әйтсе де, қайталап айтайын, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні прокурордың сөзіне келіп саймақ-ты, мен енді соны баяндауға кірісемін. Катерина Ивановнаның талып қалғанына бәрі жаман абыржып қатты елеңдеп, жұмбақтың тезірек шешілуін тағатсыздана күткен. Қыздың жауабына Фетюковичтің жүні жығылып қалды ғой деймін, оның есесіне прокурордың ұпайы түгел секілді көрінген. Тергеу аяқталғаннан кейін сот мәжілісіне бір сағаттай уақытқа үзілісі жарияланды. Ақыры, сот төрағасы айтысты ашты. Біздің прокурорымыз, Ипполит Кириллович, өзінің айыптау сөзін бастағанда, кешкі сағат сегізді соққан секілді еді.
VI
ПРОКУРОРДЫҢ СӨЗІ. СИПАТТАМА
Ипполит Кириллович айыптау сөзін тұла бойы қалтырап, маңдайы мен екі самайынан суық тер шыпшып, денесі біресе тоңып, біресе қызып тұрып бастаған еді. Кейін оның өзі осылай деген. Ол бұл сөзін өзінің бүкіл өміріндегі chefd'oeuvre1, chef d'oeuvre, өзінің аққу әні деп санаған. Рас, ол осыдан кейін тоғыз ай өткесін тез асқынған көкірек ауруынан қайтыс болды; сол себепті, егер өлетінін алдын ала сезген болса, онда оның өзін айдын көлмен қоштасып сұңқылдаған аққумен салыстыруға шынында да хақы болған шығар. Бұл сөзіне ол өзінің күллі жан сезімі мен өзіне бұйырған ақыл-парасатын аямай-ақ жұмсаған, сөйтіп көкірегінде азаматтық сезім мен "қарғыс атқан" мәселелердің бірге бұғып жатқанын қалай дәлелдегенін де байқамай қалған; бұл біздің Ипполит Кириллович байғұстың ішіне осы екеуін бірдей сыйғыза алғандығынан еді. Бастысы, оның сөзі шыншылдығымен ұтқан: ол айыпкердің кінәсына шын сенген еді; ол оны айыптағанда, тек тапсырыс бойынша, қызмет бабымен айыптамаған, ал "сазайын беруге" шақырғанда ол шынында "қоғамды қорғап қалуға" құштарлығын ғана танытқан. Сайып келгенде, Ипполит Кирилловичке қырын қараған біздегі әйел қауымының өзі де оның сөзінен ерекше әсер алғанын мойындаған. Оның дауысы әуелі тарғылданып, бір түрлі жарықшақтанып шыққан еді, бірақ лезде бекіп, бүкіл залға сыңғырлап естіліп, ақырына дейін өзгермеді. Әйтсе де, ол сөзін аяқтасымен талып қала жаздаған-ды.
"Присяжный заседатель мырзалар, — деп бастады айыптаушы, — бұл жалпақ Ресейге әйгілі болған іс. Алайда, бұған таңданатын не бар, оған соншалықты түршігетін не болып қапты? Біздерге, әсіресе біздерге? Мұндайға біздің етіміз өліп кеткен жоқ па еді! Мұндай сұмдық бізге сұмдық боп көрінуден қалып барады емес пе — біздегі сұмдықтың көкесі, міне, осы! Біздің бәз біреудің жеке бір зұлымдығына емес, қайта, өзіміздің осы әдетімізге жанымыз түршігуге тиіс. Мұндай істерге, келеңсіз келешегімізден елес берген осындай замана белгілеріне біздің осыншалықты енжар, осыншалықты сүлесоқ қарауымыздың себебі не? Біздің арсыздығымызда ма, әлде әлі жас болса да, күнінен бұрын қартайған қоғамымыздың ақыл-парасаты мен қиялының тым ерте жұтағандығында ма? Мүмкін, ол біздің мінез-құлқымыздың түп тамырына дейін іріп-шірігендігінде немесе, түптеп келгенде, соның өзі бізде тіпті, бәлкім, атымен болмағандығында шығар. Бұл сауалдардың шешімін табатын мен емес, солай бола тұрса да, мұның өзі жанға бататын сауалдар, сол себепті кез келген азамат, жанына батқаны былай тұрсын, бұл үшін тіпті жан азабын тартуға міндетті. Біздің енді ғана қаз тұрған, әлі буыны бекімеген баспасөзіміз, әйтсе де қазірдің өзінде қоғамға азын-аулақ қызметін көрсетіп те үлгерді, өйткені ол тыюсыз кеткен бұзықтық пен мінез-құлықтың азғындауын үнемі әшкерелеп, мұны қазіргі патшамыз сыйлаған жаңа жария соттың залына келушілерге ғана емес, барша жұртқа жеткізбесе, мұны біз еш уақытта да біршама толық біле алмас едік. Сонымен, біздің күнде дерлік оқып жүргеніміз не? О, біздің минут сайын оқитынымызбен салыстырғанда мынау қылмыс тіпті түкке тұрмайтын, елеусіз бірдеңедей көрінеді. Бірақ, ғажабы сол, біздің орыс топырағындағы ұлттық қылмысты істердің көпшілігі бізге үйреншікті көрінуге айналған, 28етек алған кесапат болғасын онымен күресудің өзі қиындап кеткен жалпы бірдеңе, қандай да бір ортақ бәле екендігін дәлелдейді. Міне, бір жерде ақсүйек тұқымнан шыққан, өмірге енді ғана аяқ басып, мансабына енді ғана қол созған бір қылшылдаған жас офицер өзінің борыш қолхатын ұрлап алу үшін бір кезде өзіне азда болса шарапаты тиген кішігірім шенеунік пен оның үйіндегі күтуші әйелді жасырын келіп, ар-ұжданынан ешбір қысылмастан жауыздықпен пышақтап өлтіреді, ол ол ма, оған қоса: "жоғары қауымдағы ойын-күлкім мен алдағы мансап-мақсатыма қажеті болар", — деп оның ақшасын да жымқырады. Ол екеуін бірдей бауыздап өлтіріп, жастыққа қисайтып жатқызып кете барады. Енді бір жерде омырауындағы крестері ерлігінің айғағындай салпылдаған батыр жігіт үлкен жолды қарақшыша торып жүріп, өзінің көсемі әрі қамқоршысы болған кісінің шешесін өлтіреді де, қасындағы жортуылшыларын: "ол мені туған баласындай көруші еді, сол себепті оның ақыл-кеңесінің бәрін орындаймын, бірақ маған сақтықтың қажеті жоқ", — деп иландырмақшы болады. Мейлі, жауыз-ақ болсын, алайда оны біздің қазіргі замандағы жалғыз-жарым жауыз ғой деуге менің аузым бармайды. Бәз біреуі тіпті пышақ салмас та, әйтсе де оның ойы мен сезімі әлгі қарақшының ойы мен сезімінен әсте айнымайды, іштей ол да сондай жауыз. Тыныш бөлмеде, өзінің ар-ұжданымен оңаша қалғанында ол, бәлкім, өзінен-өзі: "Ар-намыс деген не, қанға қынжылу ескі түсінік емес пе екен?" — деп сұрайтын шығар. Мүмкін, біреу-міреу маған қарсы дау айтып, ол дімкәс күйгелек кісі, ол шімірікпестен өтірік соғып, сандырақтап әсірелеп тұр деп айқай көтерер. Мейлі, көтерсе көтерсін, тәңірім-ау, онда мен бұған өзім бірінші боп қуанбаймын ба! Мейлі, иланбасаңдар иланбаңдар, дімкәс десеңдер дей беріңдер, тек мына сөзімді естеріңде сақтасаңдар болды: егер менің осы айтқанымның кемі оннан бірі, тіпті жиырмадан бірі шындық болса да, мұның өзі сонда да сұмдық емес пе! Мынаған назар салыңыздаршы, мырзалар, бізде жас жігіттердің қалай атылып өлетіндігіне қараңыздаршы: біздің аруағымыз, ақиретте бізді не күтіп тұрғаны хақындағы бап бейне атам заманда құрып, жерге көміліп, үстін құм басқандай, Гамлеттің: "Ана дүниеде не болар екен?" — деген сауалын қоймақ түгіл, соның титтей ишарасын да білдірмейді ғой, бұл жайында тіпті қаперіне де алмайды ғой бұл мұндар. Ақырында, біздегі азғындыққа, біздің әйел жанды ләззатқұмарларға назар аударыңыздаршы. Осы соттың құрбандығы, сорлы Федор Павловичті мен олардың кейбіреулерімен салыстырғанда бейкүнә сәби дер едім. Ал оны біздің бәріміз білетін едік қой: "Ол біздің арамызда өмір кешкен жоқ па еді...". Иә, орыстың қылмыс психологиясын, бәлкім, бір заманда өзіміздің де, еуропалық та ақылмандар зерттейтін болар, өйткені бұл татитын тақырып. Бірақ бұл кейінірек бір уақта, қолымыз босаған кезде, қазіргі тіршілігіміздің қасіретті парықсыздығы түгелдей артта қалғанда болатын шығар, сол себепті оны, мысалы, мен сияқты адамдардың қазіргі істегенінен әлдеқайда ақылдырақ та, әділірек те қарастыруға мүмкіндік туады. Әзірге біздің тек жанымыз түршігеді де қояды, немесе өтірік жанымыз түршіккенсіп тәлімсиміз, сөйте тұра, мұның керісінше, бос дырдуға құмар арсыз жалқаулығымызды түрткілейтін әсерлі, оқыс сезімдерді ұнататын кісілерше еліте сөз етеміз немесе, ақырында, соңынан ойынның қызығымен мәз-мейрам боп лезде ұмыту үшін қорқынышты елесті сәби балаша қолмен итеріп тастап, ол көз алдынан жоғалғанша басымызды жастыққа тығатынымыз бар. Бірақ бір кезде бізге де салауатты, парасатты өмірді бастау керек емес пе, бізге де өзімізге қоғамбыз деп көз салу керек қой, бізге де қоғамдық ісімізде тым болмаса бірдеңені пайымдау немесе тым болмаса пайымдай бастау керек емес пе. Өткен дәуірдің ұлы жазушысы өзінің ең ұлы шығармасының соңында бүкіл Ресейді алдағы беймағлұм мақсатқа алып ұшқан ауыздықпен алысқан орыс тройкасы бейнесінде суреттеп: "Аһ, тройка, құстай ұшқан тройка, сені ойлап тапқан кім екен!" деп таң қалады, сосын масаттанған қуанышпен құйындатқан тройкаға барлық халықтар қошеметпен жол береді дейді оған қоса. Мейлі, мырзалар, жол берсе берсін, қошеметпен бе, әлде жай ма, мейлі жол берсе берсін, бірақ, менің күнәкар көзқарасымша, данышпан суреткердің шығармасын бұлай аяқтаған себебі, ол әлде сәбише пәк тәтті қиялға берілген, әлде сол кездегі цензурадан қорыққан. Өйткені, егер оның тройкасына тек оның өз кейіпкерлерін: Собакеевичтерді, Ноздревтар мен Чичиковтарды ғана жексе, онда жәшік қып кімді отырғызсаң да мейлі, ондай аттармен бәрібір алысқа кете алмайсың! Бұл бар болғаны бұрынғы аттар, оларға қазіргі аттармен теңесу қайда, ал бізде..."
Осы арада жұрт қол шапалақтап, Ипполит Кирилловичтің сөзін үзіп жіберді. Орыс тройкасының ымырашылдықпен суреттелуі ұнап қалды білем. Рас, залда екі-үш жерден ысқырған дауыс та шыққан, алайда төрағасы бұл үшін "залдан шығарамын" деп ескерткен жоқ, ысқырушыларға сұстана қарады да қойды. Бірақ Ипполит Кириллович мерейленіп қалған: осыған дейін оның сөзіне еш уақытта қол шапалақтаған жоқ-ты! Осыншама жыл құлақтарына ілмеп еді, енді міне (1202) берісінде оның сөзі күллі жалпақ Ресейге тарайтын болды!
"Шындығында, — деді ол одан ары, — осы қайғылы оқиғаның арқасында ойда жоқта бүкіл Ресейге әйгілі болған Карамазовтардың әулеті дегеніміз не? Мүмкін, мен тым әсірелеп тұрған шығармын, бірақ маған осы әулетсымақтарың түр-тұлғасынан біздің қазіргі зиялы қоғамымыздың жалпыға ортақ кейбір негізгі сипаттары болар-болмас жылтылдап тұрғандай көріне береді - әттең, олардың барлығы бірдей көрінбегенін қайтерсің, "судың тамшысында шағылысқан күннің нұрындай" болып қана микроскоппен қарағанда әрең көрінетіндей болып қана сезілгенін қайтерсің, әйтсе де, қалай дегенмен бірдеңе көрінді ғой деймін. осыған да шүкіршілік. Анау сорлы, оспадар, бұзылған шалға, ақыры, осындай қайғылы өлімге тап болған сол "отағасыға" қараңыздаршы, ырзығын бөтен дастарқаннан іздеуге әдеттенген дегдар ақсүйек ойда жоқта, кездейсоқ үйленуінің арқасында әйелінің еншісіне тиген азын-аулақ ақшаға қолы жетеді, сосын әуелі жат жылпос сұм, сосын, дегенмен, ақыл-ой жұрнағынан да құр алақан емес жәдігөйсіген сайқымазақ болады, алайда, ол ең алдымен өсімқор болады. Жылдар жылжып өткен соң, қалтасы қалыңдаған сайын оған жыл бітуге айналады. Бұрынғы төменшіктеуі мен жалбақтауынан ада болады да, кекесіні мен кекшілдігі, қол ұстасып жүретін арсыздығы мен ләззатқұмарлығы ғана қалады. Рухани жағы жұрдай, оның есесіне өмірге құштарлығы таңғажайып. Түптеп келгенде ол өмірде ләззатқұмарлықтан өзге ештеңені көрмейді, өзінің балаларын да осыған үйретеді. Оның әке ретінде ешқандай міндеті жоқ. Ол балаларын мазақ етеді, сәбилерді ауладағы малайдың үйшігінде тәрбиелетеді, олардан құтылғанына қуанады. Сосын мүлде ұмытады. Шалдың күллі мінез-құлық ережесі apres moi le deluge1. Азамат болу туралы ұғымға қарама-қарсының бәрі — ол үшін қоғамнан ада-күде қол үзу, тіпті оған қас дұшпан болу: "жер-көкті өрт алса да мейлі, тек өзім аман қалсам болды". Оған жақсы бұл, ол барлығына риза, ол осылайша тағы да жиырма-отыз жыл өмір сүрмек. Ол туған баласының шешесі мұраға қалдырған ақшасынан жырымдайды, сөйтіп осы ақшаға, оның, яки ұлының ашынасын өзіне қаратып алмақшы болады. Жоқ, мен айыпкерді қорғауды Петербордан келген аса дарынды адвокатқа беріп қоя алмаймын. Шындықты мен де айта аламын, ол шалдың туған баласының жүрегінде қандай сұмдық наразылық тудырғанын мен де түсінемін. Әйтсе де, осы да жетпей ме, сорлы шалдың құлағын несіне шулата береміз, ол сыбағасын алды ғой. Алайда, оның әке және де осы заманғы әкелердің бірі екенін еске алып көрелікші. Егер мен оны тіпті осы заманғы көптеген әкелердің бірі десем, осы отырған қауымды ренжіте қояр ма екем? Жоқ, осы заманғы әкелердің көбісі өз пікірін, бұл шалша оспадар білдірмейді, өйткені олардың тәрбиесі жақсы, білімі артық, бірақ, шындығында, сол шалша бәрі де бәз баяғы бір пәлсапаны ұстанады. Мейлі, мен-ақ пессимист боп шығайын. Сіздер мені кешіруге келістіңіздер ғой. Алдын ала келісіп алайық: сіздер маған сенбеңіздер, мен айта берейін, бірақ, сіздер маған бәрібір сенбеңіздер. Әйтсе де, қалай болғанда да аузыма қақпақ қоймаңыздар, ал кейбір сөздерімді қалай дегенмен естеріңізден шығармаңыздар. Енді сіздерді шалдың, осы отағасының балаларымен таныстырайын: біреуі айыпкер ретінде біздің алдымызда отыр, ол туралы әңгіме алда; өзгелері жайында үстіртін ғана айтып өтейін. Қалған екі 29баласының үлкені қазіргі заманның өте білімді, ақыл-парасаты да жеткілікті жігіттерінің бірі, алайда, ол бұ жалғанда ештеңеге сенбейді, оның өмірде терістеп, жоққа шығарғаны аз емес, бұл жағынан ол айна қатесіз әкесі деуге болады. Оның берген жауабын бәріміз де естідік, осы отырған қауым оны жылы қарсы алды. Ол пікірін жасырған жоқ, қайта, мүлде керісінше, бүкпесіз жайып салды, сол себепті менің ол туралы, айтқанда, әлбетте, оны жеке адам ретінде емес, Карамазовтар әулетінің мүшесі ретінде алып, біршама ашық сөйлеуіме болатын шығар деймін. Осында кеше, шаһардың шет жағында, бұл қылмысқа тікелей қатысы бар бір дімкәс нақұрыс, Федор Павловичтің бұрынғы малайы, тіпті оның некесіз туған ұлы болуы да ықтимал, Смердяков деген асылып өлді, ал ол маған алдын ала тергеу кезінде осы жігіт Карамазовтың, яки Иван Федоровичтің рухани тынымсыздығынан оның иманы қасым болғанын көзінен жас шығып айтқан еді. "Былайша айтқанда, олардың ойынша, бұ дүниеде барлығына рұқсат етілген және алдағы уақытта да ештеңеге тыйым салынбасқа тиіс", — олар мені міне һәманда осыған үйреткен болатын. Смердяковтың есі ауысуына, әрине, оның талма ауруы да, сосын төбеден жай түскендей болған мына сұмдық оқиға да әсер еткенмен, ол нақұрыс құлағына үнемі құя берген осы айдан біржола жынданып кеткен болу керек. Бірақ, оның сөзінен одан гөрі ақылдырақ адамның ауызынан шығуға лайықты бір өте-мөте қызғылықты пікірдің шет пұшпағы байқалған еді, бұл жайында тіпті менің де сөз етіп отырғаным осыдан, ол маған: "Егер балаларының ішінен мінезі жағынан Федор Павловичке тартқаны болса, ол тек Иван Федорович!" — деген еді. Бұл мінездемені одан ары өрбіту сыпайыгершілік бола қояр ма екен, сондықтан мен әзірше осы ескертпемен шектелейін. О жоқ, менің тағы да бірдеңе деп қорқытып жатқым келмейді, жас жігітті жаманшылық күтіп тұрғанына меңзесем, бұл жаман ырым болар еді. Оның жас жүрегінде шындық оты әлі сөнбегенін, сенбеушілік пен ойдың шын қасіретінен гөрі тұқым қуалаған арамзалық әулеттегі қандастық сезімін әлі тұншықтырып үлгірмегенін біз бүгін осында, мына залда көрдік. Шалдың тағы бір ұлы бар — о, ол әлі балаң жігіт, ағасының азғындаған қараниет пиғылына қарама-қарсы, ол адал әрі момын, былайша айтқанда, "халықтық бастау-бұлаққа" бас қоюдың немесе біздің ақылман зиялылардың кейбір теориялық бас қосыстарында осы бір данасынған сөзбен аталатын нәрсеге жанасудың амалын іздеп жүр. Ол, көресіздер ме, монастырьға барып жанасты; тіпті шашын қырықтырып, тақуа бола да жаздады. Меніңше, біздің бейшара қоғамымыздағы арсыздық пен азғындықтан қорыққан, сөйтіп қырсық атаулының бәрі еуропалық ағартушылықтың салдары деп қателескен көптеген адамдардың, өздері айтқандай, "туған топыраққа", былайша алғанда, елестен шошынған сәбилерше туған жердің ыстық құшағына жабысатын, сөйтіп әлгі құбыжықты көрмеу үшін ғана қажыған ананың суалған емшегіне, тым болмаса, басын қойып пысылдап ұйықтап кетуге, тіпті өмір бойы солай ұйықтап жатуға құштар именшек ежеленуі оның бойынан өзінен-өзі және тым ерте сезілген секілді. Мен өз тарапымнан ақ жүрек, дарынды жас жігітке ең ізгі тілегімді білдіремін оның жастық ізгі ниетімен халықтың бастау бұлақтан сусындауға құштарлығы кейін, өмірде жиі кездесетіндей, мінез-құлық жағынан үмітсіз мистицизмге, ал азаматтық жағынан топас шовинизмге айналып кетпеуін тілеймін — бұл екеуі біздің ұлтқа, бәлкім, тіпті теріс пайымдалған және тегін келген еуропалық ағартушылықтан тым ерте азғындаушылықтан да, ал оның ағасы нақ осы дертке шалдыққан-ды, зор кесел болуы мүмкін".
Шовинизм мен мистицизм үшін тағы да екі-үш ысқырған дауыс шықты. Бірақ, Ипполит Кириллович әбден елігіп алған-ды, сөйтіп, осынын бәрі тіпті шын сотқа ұқсаңқырамай бара жатқан;. көкірек аурулы, қыстыққан адам болғандықтан ол, тіпті сөзінің біршама бұлыңғыр шыққандығына да қарамастан, өмірінде тым болмаса осылай бір көсіліп қалғысы келген. Бірде ол Иван Федоровичке мінездеме бергенде тіпті дөрекілеу кетті, сонсоң да анау айтыс кезінде оны бір ме, әлде екі ме тойтарып тастады ғой деп сөз қылған, сондықтан осыны есіне тұтқан Ипполит Кириллович соның қарымын қайтарғысы келген. Бірақ мен ондай қорытынды жасауға болатын-болмайтынын білмеймін. Қалай дегенмен, мұның бәрі әлі тек кіріспе ғана еді, соңынан оның сөзі түзеліп, қаралып отырған іске қарай ойысқан.
"Бірақ, осы заманғы отағасының үшінші ұлы, — деді одан ары Ипполит Кириллович, — міне айыпкердің орындығында, біздің алдымызда отыр. Бізге оның ерлігі де, өмірі мен ісі де мәлім: мерзімі жеткесін бәрі ашылып, бәрі жария болды. Інілерінің "еуропашылығы" мен "халықтың бастау бұлағына" қарама-қарсы, ол өзінің бар болмысымен Ресейді бейнелейді деуге болады — о жоқ, бәрін емес, түгел емес, оның күллі Ресей анамызды бейнелегенінен құдай сақтасын! Алайда, біздің Россеюшка бейнеленген, оның исі аңқып тұр, Россеюшка-анамыз, үнемі естіліп тұр. О, біз бірбеткей болғанда да кереметпіз ғой, біздің болмыс-бітімімізде жамандық пен жақсылық таңғаларлықтай бытысқан, біз ағартушылық пен Шиллерді жақсы көреміз, солай бола тұра, трактирде жанжал шығарып, арақ-шарапты өзімізбен бірге сімірген маскүнемдердің сақалынан жармасамыз. О, көңіліміз көл боп, қабағымыз жазылғанда, біз де жайдары, кең пейіл боламыз. Керісінше, егер әлденеге көңіліміз кетсе, оған құлай берілеміз — аса ізгілікті мұраттарға жан-тәнімізбен берілеміз, бірақ, егер сол асыл мұраттарға өзінен-өзі, оп-оңай қол жететін болса, бәрі аузымызға көктен өзі келіп түсіп жатса, ең бастысы мұның өзі тегін, мүлде ақысыз-пұлсыз болса, ол үшін көк тиын төлемейтін болса, міне сонда ғана берілгішпіз. Ақысын төлеуді суқанымыз сүймейді, оның есесіне керемет алағанбыз, нені болса да ала береміз. О, бізге өмірдегі толып жатқан игіліктердің бәрін (нақ бәрін, одан кемге көнбейміз) көбірек беріңдерші, сосын әсіресе құлқымызға тұсау салынбасыншы, сонда біз қандай жайдары, кең пейіл боп шыға келетінімізді көрсетеміз. Жоқ, біз сараң емеспіз, алайда, бізге әуелі ақша беріп көріңдерші және неде болса көбірек, молырақ беріңдерші, сонда сіздер құлқынды құртқан со құрғырды біздің бір түнгі жынойнаққа жеткізбей қадай шашып бітіргенімізді көре аласыздар. Ал, егер ешкім бере қоймаса, онда ақшаны қалай табу керегін көрсету бізге түк емес, бұл үшін тек ынта болсын де. Әйтсе де, бұл туралы кейін айтыла жатар, әзірше рет-ретімен бастайық. Ең алдымен, бағана өзіміз құрмет тұтатын, қадірменді азаматтардың бірі айтқандай — әттең оның шыққан тегі жат жұрттық болып тұрғаны! — біздің алдымызда отырған бір кезде "ауланың түкпір жағында жалаң аяқ жүгірген' бала. Тағы да қайталап айтамын — мен айыпкерді қорғауды ешкімге бермеймін! Айыптаушы өзім болғандықтан, қорғаушы да өзім боламын. Иә-ә, біз де адамбыз, біз де пендеміз, демек, балалық шақ пен туған ұяның алғашқы әсерлері кісінің мінезіне қандай әсер тигізетіндігін шамалауға біз де қабілеттіміз. Бірақ, сол сәби енді бозбала, қылшылдаған жас жігіт, офицер болады; ақыры бұзақылығы үшін және біреуді жекпе-жекке шақырғаны үшін оны біздің береке-құт дарыған Ресейдің шалғайдағы шекаралық шаһарсымақтарының біріне жер аударады. Сонымен, ол сонда қызметін атқарған болып, қолынан келіп тұрғасын қонышынан басып, думандатып жүріп жатады, әлбетте, бұған ақша керек, онсыз алшаңдай алмайсың, сөйтіп, ұзақ дау-дамайдан кейін ол әкесінен соңғы алты мың сомды алғасын осымен тынуға ұйғарады, бұл ақша оған жіберіледі де. Байқайсыздар ма, ол қағаз да береді, оның қалған ақшадан бас тартамын, шешем қалдырған мұра жөнінде әкеммен екі арадағы талас осы алты мыңмен тәмамдалады деп өз қолымен жазған қолхаты бар. Дәл осы кезде ол дес берісінде бір өр мінез әрі өте білімді бойжеткенмен танысады. О, жоқ, болған әңгіменің бүге-шігесін қайталауға менің дәтім бармайды, сіздер оны ілкіде ғана естідіңіздер, онда ар-намыс та, жанкештілік те сөз болған сол себепті мен ештеңе демеймін. Зинақор, ұшқалақ, бірақ шын адамгершіліктің алдында, биік идеяның алдында бас иген жас жігіттің бейнесі бізге өте тартымды көрінген. Алайда, сосын, осы залда тіпті ойда жоқта медальдің екінші жағы да жылт етті. Бірдеңені жорамалдауға менің тағы да зауқым жоқ, сондықтан неліктен бұлай болғанын ежелеп жатпаймын. Бірақ, оның неге өйткендігінің себептері болды емес пе, әлгі бойжеткенімізді енді келіп, көптен көкірегін кернеген өкпе-наздан көз жасын тыя алмай, бізге өзінің, бәлкім, тым аңғал тым албырт қылығы үшін, бірақ қалай дегенмен де асқан адамгершілік, шын жанкештілік қылығы үшін оны жігітінің бірінші боп жек көргенін айтады. Ал жігіт бұған, қыздың қитығып қалатындығына қарамастан, мырс етіп күледі. Оның опасыздығын біле тұра (ол не істесе де, тіпті опасыздық жасаса да, бұдан былай осының бәріне ол төзуге тиістігіне сенімді болғасын опасыздыққа барған-ды), міне, осыны біле тұра, ол жігітінің қолына үш мың сомды әдейі ұстатады және де бұл ақшаны оған сол опасыздығы үшін беретіні айқын, тіпті ашықтан-ашық меңзейді;оған іштей кінәлап, тесірейе қараған қыздың көзі: "Не, мынаны аласың ба, әлде алмайсың ба, неғып соншалықты арсыз болғаның", — дейді. Жігіт бойжеткенге қарап тұрады, оның ойын толық түсінеді (осында сіздердің алдарыңызда барлығын ұққанын ол өзі мойындады ғой), сосын қайыбынан келген ақшаны қалтаға салады да, өзінің жаңа ғашық жарымен екі күнде шашып бітіреді! Сонда қайсысына сену керек? Алғашқы ертегіге ме — күнкөрістік соңғы ақшасын біреуге ұстата салып, ізгілікке бас иген ғажап адамгершілікке ме? Әлде медальдің сұмдық жеркенішті екінші жағына ма? Әдетте, өмірде былай боп жатады ғой: екі қарама-қайшылық қосарланғанда, шындықты сол екеуінің арасынан іздеу керек, бұл жолы дәл олай емес. Бәрінен де дұрысырағы, біріншісінде ол қандай шын адамгершілік танытса, екіншісінде де тап сондай шын арамзалықтан танбаған. Неліктен дейсіз ғой? Мұның себебі, менің бағанадан бері айтпағым да осы еді, бойымызға қайдағы жоқ қайшылық біткенді жинағыш, екі тұңғиықтың екеуін де, төбеміздегі асыл мұраттар тұңғиығын да, аяғымыздың астындағы нағыз арамза, жеркенішті азғындық тұңғиығын да бірден шалғыш нақ карамазовтық жаратылысымызда. Карамазовтардың үй-ішімен жақын таныс, көптеген жайттардың куәсі болған жас жігіт Ракитин мырзаның ілкіде айтқан бір тамаша ойын естеріне түсіріп көріңдерші, ол: "Осы бір бас абау, адуын жандарға асқан адамгершілік сезімі қандай қажет болса, азғындықтың опасыздығын сезіну де сондай қажет", — демеді ме, ал бұл шындық: осынау ақылға сыймайтын қойыртпақ нақ соларға ұдайы және үздіксіз қажет. Аңдайсыздар ма, мырзалар, бір мезгілде, екі бірдей түпсіз тұңғиықтың арасында тұру керек екен — мұнсыз бақытсызбыз, жанымыз жай таппайды. тіршілігіміздің мәні болмайды. Біздің етек-жеңіміз керемет кең, жалпақ Ресей-анамыз сықылды кеңбіз, біз бәрін сыйғыза аламыз және бәрімен сыйыса аламыз! Әйтсе де, присяжный заседатель мырзалар, әлгі үш мыңды сөз етіп кеткендіктен, мен сол алға қарай озайын. Оның, осынау қиянпұрыстың ол ақшаны сондай ұятқа батып, сондай масқара болып, сондай сұмдық қорлықпен алғаннан кейін дәл сол күні оның қақ жартысын бөлек алып, шүберекке тіккен соң, қаншама қызықса да және қаншама ділгер болса да, бір ай бойы бойтұмарша мойнына салып жүргенін көздеріңе елестетіп көріңдерші! Трактирде ішкілікпен ләйліп жүргенде де, өзінің ғашығын бақталас әкесінен аулағырақ алып әкетуге аса қажет ақшаны бәз біреуден сұрамақшы болып шаһардан жан таласып аттанғанда да бойтұмардағы ақшаға қол тигізуге оның дәті бармайды. Тым құрығанда ғашығын өзі өлердей қызғанатын шалдың әзәзілдігіне қалдырмау үшін болса да, ол мойнындағы бойтұмарды қадай да сөгуге тиісті емес пе, сосын, бүйтіп күнде қылпылдап жүргенше, оны бір жаққа алып қашу үшін қыздың, ақырында: "Мен сендікпін", — дейтін сәтін күтіп, табан аудармастан оның қасында болуға тиісті емес пе. Алайда, ол бойтұмарға қол тигізбейді, сонда бұған нені сылтауратады дейсіз ғой? Әуелі қыздың: "Мен сендікпін, қайда алып кетсең де еркің", — деуін сылтауратты, онда оның жолдық ақшасы болатын еді. Бірақ, айыпкердің өз сөзі бойынша, келесі сылтауына қарағанда бұл түкке тұрмайды. Әзірге, мына ақшаны мойнына салып жүргенде — "мен оңбағанмын, бірақ ұры емеспін", — деп пайымдады ол, — өйткені онда мен өзім қорлаған қалыңдығыма қалаған уағымда барып, жамбасқа басқан соманың жартысын алдына жайып салып, оған һәманда былай деп аламын: "Көремісің, сенің ақшаңды жарым-жартылай ұстап қойып, адамшылықтан жұрдай, нашар кісі екенімді көрсеттім, мен тіпті керек десең, нағыз оңбағанның өзімін (мен айыпкердің өз сөзін қайталап жатырмын), алайда оңбаған болсам да, ұры емеспін, егер ұры болсам, онда қалған ақшаны әкелмес едім, алғашқы жартысы сияқты, мұны да сіңіріп кетер едім". Фактіге мұндай ғажап түсініктеме болар ма! Сондай масқара басымен үш мыңды алмауға ар-намысы жетпеген осынау нағыз есерсоқ, жетесіз, — міне, осындай кісі кенеттен керемет бір бекемдік танытып, бойтұмардағы мың жарымға қол тигізуге қорқады! Біз тергеген адамның мінезімен титтей сәйкес келе ме бұл? Жоқ, қалған ақшаны шүберекке тігіп қоюға шын батылдығы жеткен күнде де, нағыз Дмитрий Карамазовтың не істейтінін сіздерге айтпауға болмас. Қызығып кеткен сәтте-ақ ол бойтұмарын сөгіп, үш мыңның жартысын бірге шашып-төккен жаңа ғашығына тым құрыса тағы бір ермек табу үшін — әзірше, кемінде, жүз сомды ала тұрар еді, себебі ақшаның қалай да жартысын, яки мың жарымын қайтару шарт емес, мың төрт жүзі де жетеді — бәрібір бәз баяғыша боп шығады: "оңбаған болсам да, ұры емеспін, өйткені мың төрт жүзін қалай дегенмен қайтарып тұрмын, ал ұры бәрін сіңірер еді, ештеңе қайтармас еді". Осыдан соң біраздан кейін ол бойтұмарға қайтадан қол салып, тағы бір жүз сомын алар еді, сосын осылай біртіндеп жүз сомнан ала берер еді де, әрі кеткенде бір айда ақшадан не бары жүз сом қалар еді: былайша айтқанда, бір жүзін қайтарсам да оқасы жоқ, бәрібір бәз баяғыша боп шығады: "оңбаған болсам да, ұры емеспін. Екі мың тоғыз жүзін шашып-төксем де, бір жүзін қайтарып тұрмын ғой, ал ұры мұны да қайтармас еді". Сөйтіп, ақыры, бойтұмарда ақырғы жүз сом қалғанда, соған қарап тұрып, ол өзіне-өзі: "Қалған бір жүзді қайтардың не, қайтармадың не онан да мұны да ішіп бітірейін!" — дер еді. Біз білетін нағыз Дмитрий Карамазов, міне, осылай етсе керек-ті. Бойтұмар туралы ертегі — бұл шындыққа жанаспайтын, тіпті ақылға сыймайтын, қарама-қайшылық. Бәрі де болуы мүмкін, тек қана бұл емес, әйтсе де, біз бұған әлі ораламыз".
Әкесі мен баласының мүлік дауы, олардың үй-ішіндегі қарым-қатынасы туралы, тергеуде анықталған жайттың бәрін баяндай келіп, қолдағы деректер бойынша мұраны бөлісуде кімнің кімді алдағанын немесе кімнің кімге асыра есептегенін анықтауға ешқандай мүмкіндік жоқ деген қорытындыны қайталап айтқаннан кейін Ипполит Кириллович Митяның көкейінен кетпей қойған үш мың сомға байланысты дәрігерлік сарапты еске салып өткен еді.
VII
ТАРИХИ ШОЛУ
"Дәрігерлік сараптау бізге айыпкердің есі ауысқан, ол маньяк деп дәлелдеуге тырысты. Мен оның есі әбден дұрыс, бірақ бәрінен жаманы осы болып тұр демекпін: егер оның есі ауысса, онда ол, мүмкін, анағұрлым ақылдырақ болар ма еді, қайтер еді. Ал оның маньяктығына келсек, мен бұл пікірмен де келісер едім, алайда, тек бір пункт бойынша ғана — нақ сарапшылар атап көрсеткен, айыпкердің сол үш мың сомды әкесі оған бермей кеткен ақша-мыс деп есептейтін көзқарасы бойынша ғана келісер едім. Солай бола тұрса да, бәлкім, айыпкердің есуастыққа бейімдігінен гөрі, оның осы ақшаны сөз еткенде неге жынданып кете жаздайтынын түсіндіру үшін әлдеқайда лайықтырақ көзқарасты табуға болатын шығар. Мен өз тарапымнан, ашушаңдығы мен ызақорлығы болмаса, айыпкер ойлауға толық қабілетті, есі дұрыс болатын және қазір де жағдайы сондай деп тапқан жас дәрігердің пікірімен түгел келісемін. Гәп, міне осында: айыпкердің ұдайы, бұлқан-талқан боп ызалануының шын себебі үш мың сомда: жалпы ақшада емес, оның зығырданын қайнататын өзге бір ерекше себепте. Бұл себеп — қызғаншақтық!"
Осыдан кейін Ипполит Кириллович айыпкердің Грушенькаға құштарлығының барлық қатерлі сыр-сипатын жайып салды. Айыпкердің өз сөзімен айтқанда, ол "сылқым бикешке" әуелі "оны сілейтіп салу" үшін барады, "бірақ, сілейтіп салудың орнына, оның аяғына жығылады — бұл махаббат міне осылай басталған болатын деп түсіндірді Ипполит Кириллович. — Дәл сол кезде бұл бикешке бір шалдың, яки айыпкердің әкесінің де көз құрты түседі — бұдан артық таңғаларлық, қатерлі тоқайласу бола қояр ма екен — өйткені әкесі мен баласы бикешпен бұрыннан да таныс болады, оны бұрын да кездестіріп жүреді, сосын екеуінің жүрегінде махаббат оты кенет, бір мезгілде лап ете қалады және де ешбір тағат таппайтын, нағыз карамазовтық құштарлықпен тұтанады. Бізге мұны бикештің өзі айтқан: "Менің ананы да, мынаны да қылжақ еткім келеді", — деген ол. Иә, оның аяқ астынан әкесін де, баласын да қылжақ еткісі келеді; бұрын бұл ойына да келмеп еді, енді міне оның басына осындай ниет сап ете қалады, — сонымен, мұның ақыры екеуі бірдей бикештің аяғына жығылумен тынады. Ақшаны тәңірдей пір тұтатын шал өз үйіне сол бикештің бір ғана бас сұққаны үшін сыйға тартуға үш мың сомды әзірлеп қояды, алайда, көп кешікпей ол егер қыз оның некелі әйелі болуға көнсе, өзінің атақ-даңқын да, күллі дүние-мүлкін де оның аяғына тастауды өзіне бақыт санайтындай халге түседі. Бізде бұған да айдан анық куәліктер бар. Ал, айыпкерге келсек, оның басындағы қайғы-қасіретте күмән жоқ, біз мұны көріп отырмыз, жас бикештің "қылжағы" қалай дегенмен осындай-ды. Әзәзіл бикеш жігіт сорлыға тіпті титтей үміт те қалдырмаған, өйткені бұл үміт, нағыз шын үміт оған тек ең соңғы сәтте, өзін осыншама жан азабына түсірген ғашығының алдында тізерлеп тұрып, бақталас әкесінің қанына боялған қолын созған сәтте ғана білдірілген-ді; айыпкер тұтқынға алынғанда өстіп тұрған болатын. "Мені онымен бірге мені де каторгаға айдаңдар, оның түбіне жеткен менмін, барлығынан да менің кінәм ауыр!" — айыпкер тұтқындалған сәтте шын ниеттен опынған қыз осылай деп бақырған. Осы істі баяндап беруді мойнына алған талантты жас жігіт, — мен жоғарыда атап өткен Ракитин мырза, — осынау өжет бикештің мінезін өте қысқа да әсерлі бірнеше сөзбен былай сипаттайды. "Қаршадайынан өмірден күдер үзген қыз тым ерте алданып қалып, бұзық жолға түседі, сүйген жігіті оған опасыздық жасап, тастап кетеді, одан кейін жоқшылық көреді, ақ, адал отбасының қарғысына ұшырайды, сосын, ақырында, оны бір дәулетті шал қанатының астына алады; әйтсе де, оның өзі бұл шалды қамқоршым деп санайды. Талай игі қасиеттер даруы мүмкін балғын жүректе жастай ыза-кек жиналады. Байлыққа құштар, есепқорлық мінез пайда болады. Қоғамды мысқылдау, кек сақтау қалыптасады". Мұндай мінездемеден кейін оның әкелі-балалыларды тек мазақ ету үшін, тек кек алу үшін ғана қылжақ қылғандығы түсінікті. Махаббатынан үміт үзген, адамшылықтан жұрдай боп, өзінің ғашығына опасыздық жасаған, ар-ұятына сеніп қолына ұстатқан біреудің ақшасын шашып-төккен осы бір айдың ішінде, — айыпкер, сонымен қабат, ұдайы жанын жеген қызғаныштан — кімнен дейсіз ғой, өзінің әкесінен!" — ыза булығып, жынданып кете жаздайды. Бастысы, құтырған шал өз баласының сүйген қызын сол үш мың соммен қызықтырып, өзіне қаратып алмақшы болады, ал Дмитрий бұл ақшаны шешесінен қалған мұра, әкесі бермей жүрген борыш деп есептейді. Иә, мұндай қорлыққа төзу қиын! Мен бұған келісемін. Мұндай жағдайда тіпті мания да келіп килігуі мүмкін. Әңгіме ақшада емес-ті, ал оның өз бақытына өз ақшасымен осындай жан түршігерлік қастық жасалуында болатын!"
Бұдан кейін Ипполит Кириллович айыпкердің өз әкесін өлтіру туралы ойға біртіндеп қалай келгендігіне тоқталып, мұны айғақтармен дәлелдеді.
"Әуелі трактирлерде тек айқай салумен жүреміз — бір ай бойы жар саламыз. О, біз жұрттың көзіне іліккенді жаратамыз, сөйтіп оларға о дегеннен ақтарылып, тіпті өте құпия, қатерлі сырымызды да аша бастаймыз, жұртпен пікірлескенді ұнатамыз, содан кейін, неге екені белгісіз, дереу, табан астында, олардың бізді жақсы көре қалуын, уайым-қайғымызбен ортақтасып, бізді барынша құптап, мінез-құлқымызға бөгет болмауды талап етеміз. Әйтпесе, ашу шақырып, трактирді күл-талқан қылуға барамыз. / Ол штабс-капитан Снегирев туралы анекдотты айтып берді /. Осы бір ай бойы айыпкерді кездестіріп, оның сөзін естіп жүргендер, ақыры, оның әкесіне зіркілдеп, қоқан-лоқы көрсеткені өз алдына, егер бұлай ашуға міне берсе, бір жамандыққа апарып соқтыруы мүмкіндігін сезген-ді. / Осы арада прокурор әкесі мен балаларының монастырдағы бас қосуын, Алешамен болған әңгімені және шалдың үйіндегі сұмдық жанжалды баяндап берді; бұл жанжалға айыпкердің түстен кейін әкесінің бөлмесіне елеуреп кіруі себеп болған /. Мен айыпкер өзінің әкесін өлтіру туралы ойға бұл жанжалдан бұрын келген болатын деп пайымдаудан аулақпын, — деді одан ары Ипполит Кириллович".
Әйтсе де, осы бір ой оның басына бірнеше рет келген, оны көзіне елестетіп те көрген — бұған біздің фактілеріміз, куәларымыз бар және мұны оның өзі де мойындаған. Присяжный заседатель мырзалар, — деді содан кейін Ипполит Кириллович, — айыпкердің осы қылмысқа саналы түрде және қасақана бармақшы болғандығына мен тіпті күні бүгінге дейін күмәнданғанымды да сіздерден жасыра алмаймын. Алда қандай да бір қауіп-қатердің қараңдап тұрғанын оның жан дүниесімен талай рет сезгеніне, бірақ тек сезіп қана қойғанына, оны тек мүмкіндік есебінде ғана елестеткеніне, бірақ оны іске асырудың мерзімін де, жағдайын да әлі белгілемегеніне мен кәміл сенемін. Алайда, мен тек бүгінге дейін, Верховцева ханым ілкіде сотқа сол қатерлі құжатты тапсырғанға дейін ғана күмәндандым. Мырзалар: оның: "Бұл хат шалды өлтірудің жоспары, бағдарламасы!" — деп қалай айқайлағанын өздеріңіз естіген жоқсыздар ма. Айыпкер сорлының "мас боп жазған" күйінішті хатын ол бикеш осылай деп бағалады ғой. Бұл хаттан, шынында да, сондай бағдарлама мен пиғыл сезіледі. Хат қылмыс жасардан екі тәулік бұрын жазылған, сонымен, ол өзінің осы жан түршігерлік арам пиғылын іске асыруға екі тәулік қалғанда, егер ертең ақша таба алмасам, жастықтың астына тыққан ақшасын алу үшін әкемді өлтіремін "ол ақша қызыл лентамен буылған пакетте жатыр, тек Иван кетсе екен", — деп ант бергендігі бізге анық мәлім болып отыр. Естисіздер ме: "тек Иван кетсе екен", — дейді, демек, барлығы күні бұрын ойластырылған, жағдай ескерілген — сосын ба: сосын барлығы осы жоспарға сәйкес іске асырылған! Оның сондай ниетте болып, барлығын өлшеп-пішіп қойғандығы күмәнсіз, қылмыс тонау мақсатында жасалмақшы болған, хатта бұл анық мәлімделген, ашық айтылып, астына қол да қойылған. Айыпкер қолынан бас тартпайды. Біреулер ол мас күйі жазған дер. Бірақ, бұл оның кінәсын жеңілдетпейді, себебі, ол мас болса да ойындағысын жазған. Сауында басына келмесе, масында аузына түспес еді. Бәлкім: ол өзін-өзі әшкерелеп трактирлерде неге жар салады? Мұндай қылмысқа көпе көрнеу тәуекел еткен кісі ойын ішінде сақтамаушы ма еді, асылында, ол үндемеуге тиіс қой дер. Бұл, әрине, дұрыс, бірақ та бүйтіп даурыққанда оның мұндай жоспары мен пиғылы әлі жоқ-ты, тек сондай бір тілек қана бар-ды, тек талпыныс қана сезілген-ді. Кейінірек ол бұл жайында көп дабыраламайды. "Астаналық шаһар" трактирінде мас боп отырып осы хатты жазған кеште ол, әдетіне қарама-қайшы, үндемеген болатын, биллиард та ойнамаған, оңаша отырған, ешкіммен тілдеспеген де; тек осындағы бір көпестің піркәзшігін отырған орнынан түріп шығарған, бірақ бұл оның трактирге келгенде біреумен ұстаспай қоймайтын дағдысынан, өзінен-өзі болған еді. Рас, айыпкер осы қылмысқа тәуекел өткенде, шаһарда тым дабырлап кетіп едім, осы пиғылымды іске асырғанда бұл еліруім менің әшкереленіп, айыпталуыма мықты айғақ боп жүрмес пе екен деп қауіптенуге де тиісті еді. Бірақ, не лаж, дабыраланғандығы анық, оны енді қайтара алмайсың, сосын, ақыры, бұрын да қиялап шығып кетуші едім ғой, бұл жолы да бір жөні болар. Осылай тағдырға үміт артатынымыз бар ғой, мырзалар! Сонымен бірге, мен оның қатерлі сәттен орағытып өтуге шама-шарқынша тырысып баққанын, істің қан төгуге дейін бармауы үшін көп күш салғанын мойындауым керек. "Ертең мен жұрттан үш мың сом ақша сұраймын, егер ешкім бермесе, онда қан төгіледі", — деп жазған ол өзіне тән мәнермен. Тағы да мас күйі жазылған да, тағы да сау күйіндегі ойынан айнытпаған!".
Осыдан кейін Ипполит Кириллович Митяның қылмысқа бармау үшін бірдеме ғып ақша табуға тырысқанын толығырақ баяндауға көшті. Оның Самсоновқа бірнеше рет барғанын, Кәрі Төбетке қалай барып қайтқанын — осының бәрін құжат бойынша дәлелдеді. "Әуреге түсіп, күлкі болып, ашығып, жол ақысын төлеу үшін сағатына дейін сатып (мың жарымды бойтұмар ғып мойнына салып жүрсе де — иә, осыған қарамастан!), оның үстіне артында қалған ғашығы ол жоқта Федор Павловичке кетіп қала ма деп күдіктеніп, қызғаншақтықтан азап шегіп, ақыры қайтып келеді. Бұған да шүкіршілік! Ғашығы Федор Павловичке бармапты әйтеуір. Грушеньканы қамқоршы шалы Самсоновтікіне оның өзі шығарып салады. (Таңғаларлығы, біз оны Самсоновтан қызғанбаймыз, бұл істегі психологиялық жағынан өте-мөте ерекше өзгешелік міне осы!). Содан кейін ол жан ұшырып ауланың "түкпір жағындағы' бақылайтын орнына барады, сөйтіп мұнда — иә, мұнда ол Смердяковтың қояншығы ұстап қалғанын, екінші малайдың да ауырып жатқанын естіп біледі, далада ешкім көрінбейді, ал "белгі" мұның қолында, ендеше, оны неғып шайтан түртпейді! Алайда, ол қалай дегенмен қасарып бағады; осында уақытша тұрып жатқан, баршамыз аса құрмет тұтатын Хохлакова ханымға барады. Жігіттің тағдырына көптен жаны ашитын ханым оған мына думан-дырду мен парықсыз махаббаттан басыңды алып қаш, трактирден трактирге сандалумен жастық күш-қуатты босқа ысырап етуді қойып, Сібірдің алтын кенішіне кет деп өте ақылды кеңсе береді: "Сіздің ширыққан күш-жігеріңіз, сіздің қайдағы жоқ хикаяға құмар махаббатшыл мінезіңіз сол жақта қажет", — дейді ол. Әңгіменің нәтижесімен Самсоновтікіне Грушеньканың мүлде бармағандығы туралы хабарды оның кенет естіген сәтін, сосын оны тақырға отырғызып кеткен Грушенька, қазір Федор Павловичтің тізесінде отырған шығар деп жүйкесі құрыған қызғаншақ, бейшара жігіттің қалай бұлқан-талқан боп ашуланғанын баяндағаннан кейін Ипполит Кириллович қоянның қашуына мылтықтың басуы дөп келгеніне назар аударып, былай деп қорытты: "үй күтуші қыз оған ғашығы қазір Мокроеда, ол өзінің" "бұрынғы" "күмәнсыз" сүйіктісіне еріп сонда кеткен деп айтып үлгірсе — түк те болмас еді. Бірақ та зәресі ұшқан қыз қарғанып-сіленіп, шоқынды да қалды, егер айыпкер оны сол жерде өлтіріп кетпесе, бұл тек қана оның алды-артына қарамастан опасыз ғашығының соңынан кетуге асыққандығынан еді. Дегенмен, аңдайсыздар ма: қаншама алабұртса да, ол мыс келсапты ұмытпайды. Оның өзге бірдеңені алмай, нақ келсапқа жармасуы неліктен? Осындай бірдеңе бір ай бойы көз алдынан кетпей, неге болса да әзір жүрсе, ілдалдалық не көзіне түскенде, соны ала салмағанда қайтеді. Ал ондай нәрсенің қайсысы қаруға жарайтынын, міне мұны ол бір ай бойы ойластырып, пайымдап қойған-ды. Әйтпесе, ол осыдан артық қару табылмас деп келсапты алар ма еді! Демек, ол осы бір қатерлі келсапқа қалай дегенмен жайдан-жай, ықтиярсыз жармаспаған. Міне ол әкесінің бағына да келеді — бейсауат ешкім көрінбейді, бөтен көз жоқ, түн ортасы болып қалған, айнала қараңғы, қызғаныш оты ішін өртеп барады. Ол дәуде болса осында, бақталасының құшағында жатқан шығар, кім біледі, дәл осы минөтте оны күлкі ғып отыруы да мүмкін-ау деген күдік бойын билеп алуға жуық. Тек күдік қана болса бір соры ғой — бірақ, қазір қандай күдік болуы мүмкін, алданғаны анық, даусыз: Грушенька осында, анау жарығы сөнбеген бөлмеде, шалдың қасында, шымылдық ішінде болуға тиіс, сөйтіп, ол бейбақ ептеп терезеге таман барып, әрегіректен ішке көз тастайды, бірақ, сосын жазатайым, сұмдық бірдеңе боп қалмауы үшін ол ашуды ақылға жегізіп, тезірек бөлмеден басын алып қашады, айыпкердің мінсізін білетін бізді, сол сәтте оның жан дүниесі қандай күйде болғанын, бұл бізге фактілерден мәлім — ең бастысы, есікті тықылдататын белгіні білгендіктен оған ішке" кіру түк емесін түсінетін бізді міне осыған иландырғылары келеді! Ипполит Кириллович осы араға келгенде айыптау сөзін қоя тұрып, Смердяков жайында тоқталып өткенді жөн көрді, бүйткенде ол шалды Смердяков өлтіріпті-мыс деген дақпырттың анық-қанығына жетіп, бұл күдікті біржола тиянақтамақшы болған еді. Ол бәрін байыптап айтып шықты, осыдан кейін, бұл дақпыртқа көбісі теріс пікір білдіргеніне қарамастан, айыптаушы оған елеулі мән беретіндігін бәрі түсінген еді.
VIII
СМЕРДЯКОВ ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Ипполит Кириллович: "Біріншіден" мұндай күдіктің тууына не себеп болды екен?" — деген сауалдан бастады. Тұтқындағанда Смердяков өлтірді деп бірінші боп айқайлаған айыпкердің өзі болатын, алайда, сол айқай салған сәтінен бастап соттың дәл осы минутіне дейін ол өзінің осы ойын дәлелдейтін бірде-бір айғақ келтірген жоқ — ол ол ма, тым болмаса, көкейге қонымды бір тұспал да жасамады. Сонсоң, бұл айыптауды оның екі інісі мен Светлова ханым ғана растайды. Бірақ, айыпкердің үлкен інісі өзінің күдігін тек бүгін, есі ауыса бастаған, елесті ауру үстінде ғана ашты, ал бұған дейін, екі ай бойы, ол әкесінің өліміне ағасы айыпты деген жорамалға толық сеніп, бұл пікірге, тіпті ешбір наразылық та білдіргісі келмегендігі мәлім. Әйтсе де, біз бұған кейінірек айырықша тоқталармыз. Ал кіші інісі шалды Смердяковтың өлтіргендігі туралы ойын дәлелдейтін ешқандай дерегінің жоғын, ол тек айыпкердің өз сөзіне және "оның бет әлпетіне" қарап қана осылай ойлайтындығын бізге бағана айтқан — иә, осы бір керемет дәлелсымақты ол бізге екі мәрте қайталаған-ды. Ал Светлова ханым тіпті одан да асып түсті ғой деймін: "Айыпкердің өзі не десе, соған сеніңіздер, ол өтірік айтатын кісі емес", — дейді ол. Айыпкерге шын жаны ашитын үш адамның бар кінәны Смердяковқа аударатын нақты дәлелдерінің сиқы міне осындай. Оның бер жағында Смердяков айыпты деген пікір тарап кетті, ол әлі де басылмаған, тіпті қазір де бар — сонда, қалай, бұған сенуге бола ма, бұл көкейге қона ма, өзі?"
Осы тұста Ипполит Кириллович "қояншығы ұстап талып қалғанда өліп кеткен" Смердяков марқұмның мінезін үстіртін болса да сипаттап өткенді жөн көрді. Ол оны өзінің жетесі жетпейтін пәлсапалық ойлардан миқата болған, тәжірибе жүзінде оның марқұм мырзасы ма, әлде тіпті әкесі ме, Федор Павловичтің әулекі тіршілігінен, теория жүзінде — мырзасының ортаншы ұлы Иван Федоровичтің зеріккенде ермек үшін немесе мазақ ету үшін айтатын пәлсапалық әрқилы таңғаларлық әңгімелерінен түйген парыз бен міндет хақындағы осы күнгі кейбір ілімдерден зәресі ұшып тауы шағылған шала сауатты, нақұрыс етіп көрсетті.
— Қожайынының үйінде өткізген соңғы күндері жан дүниесі қандай күйде болғанын ол маған өзі айтқан еді, — деп түсіндірді Ипполит Кириллович, — әйтсе де, мұны басқалар да: айыпкердің өзі, оның інісі және тіпті малай Григорий де, яки оны жетік білуге тиістілердің бәрі растайды. Бұған қоса, қояншық болғасын үнемі қападар боп жүретін Смердяков "нағыз қоян жүрек-ті". Пікірінің өзіне тиімсіздеуін әлі аңғара қоймаған шағында айыпкер бізге: "Ол менің аяғыма жығылып, етігімнен сүйетін еді", — деген-ді. Айыпкер нақ соны өзінің сенімді адамы етіп таңдап алып, оны жаман қорқытып қойғаны сонша (мұны оның өзі де мойындайды), Смердяков тіпті бұған бәрін сол сәтінде жеткізіп тұратын жансыз болуға да көнеді. Ол бұған келісіп, қожасыңа опасыздық жасайды, осыдан кейін ол айыпкерге ақша салған пакетті де, үйге кіру үшін есікті қалай тықылдату керегін де жайып салады, қайтсін, оның сүйтпеске шамасы болды деймісің! "Әйтпесе мені құртады ғой, өлтіретінін анық сезген соң қайтейін", — оны әбден қорқытып тастаған адамның қазір тұтқында отырғандығына, демек, оның сазайын тарттыру үшін ол мұнда келе алмайтындығына қарамастан, тергеу кезінде тіпті біздің алдымызда да құты қашқан Смердяков осылай деді: "Минут сайын күдіктеніп қараса, оның қаһарына ұшыраймын ба деп қорықпағанда қайтейін, кінәсіз екенімді көріп, шыбын жаныма қиянат қылмасын деп ыбыр-сыбырдың бәрін оған тезірек жеткізуге жанталастым". Мен оның: "Ол маған ақырып қалғанда, алдында тізерлей кетіп, аяғына бас ұратын боп ем", — деген сөздерін жазып алған едім, сол жадымда қалыпты. Жаратылысынан өте адал жігіт болғандықтан, қожайынының жоғалтқан ақшасын оған апарып бергеннен кейін, оның осы адалдығын байқаған мырзасының сеніміне бөленген Смердяков сорлы есіркеушім деп, жақсы көретін кісісіне опа бермегеніне өкініп, жаман қиналып жүрген шығар деп шамалау керек. Аса білікті психиаторлардың пікірінше, талма дерті асқынған жандар өздерін-өздері ұдайы және де қараптан-қарап кінәлауға үнемі бейім тұрады деседі. Олар әлденеге және бәз біреулердің алдындағы "кінәсы" үшін іштей қиналады, ар-ұжданының опынуынан жан азабын тартады, көп ретте тіпті ешбір себепсіз әсірелегіш келеді және өздеріне өздері қайдағы жоқ кінә мен қылмысты ойлап шығарады. Сөйтіп, егер тынымсыз қорқытып-үркітсе, ондай бейбақ шынында да күнәкар, қылмыскер боп шығады. Бұған қоса, ол көз алдындағы жағдайлардан бір бәленің шығуы мүмкіндігін күні бұрын кәміл сезген. Федор Павловичтің ортаншы ұлы, Иван Федорович, осы қайғылы оқиғаның дәл қарсаңында Мәскеуге жүрмекші болғанда, Смердяков оған қала тұрыңыз деп құлдық ұрады, алайда, ол өзінің үйреншікті қорқақтығына бағып, іштегі қаупін бүкпесіз, ашық айта алмайды. Ал оның тұспалдап қана қойғанын Иван Федорович аңдамайды. Смердяков оны өзінің қорғанындай, ол барда оған ешқандай бәле-жала жоламайтындай көреді екен. Дмитрий Карамазовтың "мас күйі жазған" хатындағы: "Мен ол шалды өлтіремін, тек Иван жүріп кетсінші", — деген сөздерін естеріңізге түсіріңіздерші; демек, Иван Федоровичтің үйде болуы бәріне отбасының тыныштығы мен амандығының кепіліндей көрінген. Енді міне ол кетіп барады, ал Смердяков жас мырза жүріп кеткесін шамасы бір сағаттан кейін қояншығы ұстап, талып қалады. Әйтсе де, бұл әбден түсінікті. Осы арада қорқыныш пен алабөтен бір түңілістен қапаланған Смердяков жаны түршігіп, қатты күйзелгенде, бұрын да талай рет болғанындай, ауруы ұстауға таялғанын әсіресе соңғы күндері анық сезіп жүргенін ескерте кеткен жөн. Оның қай күні, қай сағатта келетінін алдын ала болжау, әрине, қиын, бірақ қояншығының ұстап қалуы мүмкіндігінің аурулы адам күні бұрын сезе алады. Медицина осылай дейді. Сөйтіп, Иван Федорович ауладан шыға салысымен, былайша айтқанда, өзінің жетімсіреп, қорғансыз қалғандығын сезген Смердяков, үй ішінің жабдығымен жерқоймаға басқышпен түсе беріп: "Ауруым ұстар ма екен, ұстамас па екен, ал егер дәл қазір ұстап қалса қайтем?" — деп ойлайды. Сөйтіп, нақ осы көңіл күйінен, осы секемшілдігінен, осы сауалдардан кенет булығып кетіп — талма ауруы ұстарда һәман осылай болады ғой, есінен танған күйі жерқойманың түбіне тоңқалаң асады. Осы бір табиғи кездейсоқтыққа қараптан-қарап күдік туғызады, әлденеге меңзеген болады, ол қасақана талып түсті дегенге тұспалдайды! Егер ол жорта талып қалса, онда ол не үшін өйтеді? Оның қандай есебі болды, нені мақсат тұтты деген сауалдар тұрмай ма? Медицина жөнінде тіпті сөз ғып та жатқам жоқ; ғылымдікі өтірік, ғылым қателеседі, дәрігерлер қулықтан шындықты ажырата алмады, мейлі, солай-ақ болсын делік, алайда, мынаған жауап беріңіздерші: ол не үшін қасақана талып қалады? Шалды өлтіруге ниеттенгендіктен өтірік ауруы ұстағансып, үйдегілердің назарын алдын ала және тезірек өзіне аударғысы келгендігінен бе? Көресіздер ме, присяжный заседатель мырзалар, Федор Павловичтің үйінде қылмыс жасалатын түні бес кісі болған-ды: біріншіден, Федор Павловичтің өзі, бірақ ол өзін өзі өлтірмейді ғой, бұл айқын; екіншіден, оның Григорий деген малайы, алайда, оның өзі мерт бола жаздаған жоқ па; үшіншіден, Григорийдің әйелі Марфа Игнатьевна деген үй күтуші әйел, әйтсе де, ол өзінің қожасына қол көтерді деп күдіктенудің өзі ұят. Олай болса, күдіктенуге екі адам: айыпкер мен Смердяков қалады. Бірақ айыпкер шалды мен өлтіргем жоқ деп азар да безер болады, ендеше, оны өлтірген Смердяков боп шықпай ма, басқа амал жоқ, өйткені күдіктенуге өзге ешкімді таба алмайсың, басқа біреу өлтірді деу қиын. Міне, міне, ендеше, кеше ғана асылып өлген нақұрыс сорлыға бұл "қулық", керемет айып қалай жабысты екен! Бұл айыптауға өзге бір сорлының жоқтығынан ғана! Егер басқа біреуге, алтыншы адамға тым болмаса көлеңке түссе, тіпті болар-болмас күдік туса, онда Смердяков өлтірді деуге айыпкердің өзінің де дәті бармас еді, ол айыпты алтыншы адамға аударар еді, бұған мен кәміл сенімдімін, өйткені қылмысты Смердяковқа апарып тану мүлде қисынсыз.
Мырзалар, психологияны қоя тұрайық, медицинаны да қоя тұрайық, тіпті логиканың өзін де қоя тұрайық, сөйтіп айғақтарға, тек айғақтарға ғана жүгінейікші, олар бізге не дер екен, соны көрейікші. Өлтірген Смердяков па, бірақ, онда ол қалай өлтірген? Жалғыз өзі ме, әлде айыпкермен бірігіп пе? Алдымен алғашқы жағдайды, яки Смердяковтың жалғыз өзі өлтіргендігін алып қарайықшы. Әрине, егер өлтірген болса, онда ол бірдеңеге қызығып, қандай да бір пайданы көздеп өлтірген. Алайда, айыпкердікіндей себептердің тіпті нышаны да, яки ұзыннан өші қысқадан кеп, қызғаныш және тағысын тағылары болмағандықтан, Смердяковтың оны тек ақшасына қызығып қана, мырзасының пакетке қалай салғанын өз көзімен көрген үш мың сомды алу үшін ғана өлтіргендігі күмәнсыз. Сөйтіп, міне, шалды өлтірмекші болғаннан кейін ол екінші біреуге, бұған өте-мөте мүдделі кісіге, яки айыпкерге — ақша мен белгі туралы бәрін тәптіштеп: пакеттің қайда жатқанын, оның сыртында не деп жазылғанын, немен оралғанын, ең бастысы мырзаның есігін ашқызатын әлгі "белгіні" айтады. Қалай, сонда ол мұны өзін-өзі ұстап беру үшін істегені ме? Әлде бәрін біліп алғасын, бәлкім, онда бұдан бұрын барып, пакетті алғысы келетін тағы бір ашкөзді тапқысы келді ме екен? Бірақ, маған бәз біреулер, алайда, ол қорыққасын айтқан шығар деуі мүмкін. Әйтсе де, қалай бұл? Осындай сұмдық өлермендік пен зұлымдыққа барған, сосын оны іске асыруға бел байлаған адам, — бұ жалғанда жалғыз өзінен өзге тірі жан сезбейтін, егер өзі айтып қоймаса, еш уақытта ешкім білмейтін құпияны ашады. Жоқ, мұндайды ойластырған адам, қаншама қорқақ болғанмен, егер өзін-өзі күні бұрын ұстап бергісі келмесе, тым болмаса пакет пен белгі туралы ешкімге әсте тіс жармайды. Неге хабарлап тұрмайсың деп екі аяғын бір етікке тыққан күнде де, ол басқа бір амалын табар еді, өтірік айтар еді, бірақ мына құпиясын тісінен шығармас еді! Керісінше, қайталап айтайын, егер ол тым құрығанда ақша туралы айтпаса, сонсоң шалды өлтіріп, ақшасын алған болса, онда оны тонау үшін өлтірді деп айыптауға қалай дегенмен ешкімнің де аузы бармас еді, өйткені ақшаны одан басқа ешкім көрмеген, үйде ондай соманың барын тірі пенде білмеген. Тіпті айыптаған күнде де, оны басқа бір себептен өлтірген шығар деп есептер еді. Бірақ Смердяковта ондай себептің барын осыған дейін ешкім байқамағандықтан, керісінше, мырзасы оны жек көрмейтінін, малайы оның сеніміне дардай екенін бәрі көріп жүргендіктен, әрине, ақыр соңында, күдік соған түскен-ді, ал шындығында, күдік ең алдымен сондай себебі бар және мұны айтып та жүрген, бұл ниетін жасырмаған, қайта, жұртқа жар салған кісіге, қысқасы марқұмның үлкен ұлы Дмитрий Федоровичке түсуі керек еді. Онда Смердяков шалды өлтіріп, ақшасын тонар еді де, торға оның баласы түсер еді — бұл, әрине, қанды қол Смердяковқа тиімді болмас па еді? Сөйтіп, шалды өлтіруге ниеттенген Смердяков ақша мен пакет және белгі жайында оның баласына күні бұрын әдейі ескертіп қояды — қандай көкейге қонымды, керемет қой!
Шалды өлтіретін күн жеткенде Смердяков қасақана талып түскен болып жерқоймада құлайды, не үшін дейсіздер ғой? Біріншіден, әрине, әуелі малай Григорийге бола: ем-домын жасап жатпақшы қарт тұрып, үйді күзетіп отырар деген. Екіншіден, мырзасына бола: өзін ешкім күзетіп отырмағанын көргесін, баласы келіп қала ма деп қыпылдаған шал, мұны ол жасырмайтын, бұрынғыдан да сезіктене түсіп, өте сақ болар деп ойлаған. Ақырында, ең бастысы, мынаған бола: аяқ астынан қояншығы ұстап қалғасын оны ас үйден (ол һәманда басқалардан оңаша осында түнейтін), кіріп-шығатын бөлек есігі де бар-ды флигелдің екінші бұрышындағы Григорийдің бөлмесіне, шал-кемпірдің төсегі тұрған ши тақтайдың сыртына, үш қадам жерге дереу алып барады ғой деп түйген; ауруы ұстап қалғанда, қожайын мен жан аяғыш Марфа Игнатьевнаның жарлығы бойынша, оны ежелден бері дәйім сол араға апаратын еді.
Әйтсе де, маған ол, бәлкім, жорта істеген болар, қояншығы ұстап жатқан кісіге күдіктенбес деп өтірік талып қалған шығар, оның айыпкерге ақша мен белгіні айтып қоюы да тегін емес, мүмкін, ол ақшасына қызығып, шалды өлтірсін деп әдейі құлағына тигізген шығар деушілер табылар; сонда қалай, ол шалды өлтіріп, ақшасын алып кеткен соң, бұл үшін, бәлкім, тіпті үйде айқай-шу шығарып, салдырлатып-күлдірлетіп, куәларды оятып алғаннан кейін, көресіздер ме, Смердяков та төсегінен тұрып, шалдың бөлмесіне барғаны ма — сонда ол не үшін бармақ? Онда ол бір рет өлтірілген қожайынын екінші рет өлтіруге, бір рет ұрланған ақшаны, екінші рет ұрлауға баратын болғаны ғой — гәп міне қайда жатыр. Мырзалар, сіздер күлесіздер ме? Мұндай болжам айту менің өзіме де ерсі секілді, оның бер жағында, ойлап қарасаңыздар, айыпкер нақ осылай деп пайымдайды: "Менен кейін, дейді ол, мен Григорийді құлатып жұртты дүрліктіріп кетіп қалған соң, Смердяков орнынан тұрып шалға барып, ақшасын тонау үшін оны өлтіріп кеткен". Мен осының бәрін Смердяковтың алдын ала қалай өлшеп-пішіп, бәрін қолмен қойғандай қалай біліп алғанын, яки ашуға булығып, ызаланған Дмитрийдің, терезеден жайлап бір көз салған соң есікті қалай ашқызудың сырын біле тұра, бар олжаны Смердяковқа қалдырып, өз жөніне кете барғандығын айтып та отырған жоқпын! Мырзалар, менің байыппен мынаны сұрағым келеді сіздерден: Смердяковтың қылмыс жасаған сәті қайсы? Осы сәтті атай алмасаңыздар, оның айыптауға болмайды.
"Мүмкін, ол шын талып жатқан шығар. Сосын кенет есі кіргесін, айқай-шуды естіп сыртқа шыққан болар" — мұнда не тұр? Көрген соң ол өзіне-өзі: "Қожайынға барып, оны өлтірсем бе екен?" — дегені ме. Не боп, не қойғанын қайдан біледі, бұған дейін ессіз жатпап па еді? Әйтсе де, мырзалар, қиялдың да шегі бар.
"Иә-иә, — дейді нәзік жандар, — ал егер екеуі сөз байласқан болса ше, егер оны екеуі бірігіп өлтіріп, олжа ақшаны тең ортақ бөліссе ше, онда қалай болар еді?"
Иә, бұл шынында да елеулі күдік еді, сондықтан да — әуелі осы күдікті дәлелдейтін керемет айғақтар оп-оңай табыла кетеді: біреуі шалды өлтіреді, бар машақатты өз мойнына алады, ал екінші сыбайласы ауруы ұстаған боп төсекте жатады, — және де мұны жұртты күні бұрын күдіктендіру үшін, әуелі қожайынын, сосын Григорийді мазасыздандыру үшін істейді. Білуге болар ма екен, екі сыбайластың дәл осындай есуастық жоспарды ойлап шығаруына не себеп? Бірақ, бәлкім, Смердяков шын сыбайластыққа онша ықылас білдірмеген шығар, былайша айтқанда, не істесе де мейлі, несін көзге түсем деген шығар: қоян жүрек Смердяков, мүмкін, қылмысқа қарсылық етпеуге ғана көнген болар, бірақ, содан кейін қожайынын арашалап қалмады деп оны бәрібір кінәлайтындығын сезген соң, — қояншығы ұстағансып өтірік талып жатуға келісіп алып, "Сен оны қалай өлтірсең олай өлтір, онда менің нем бар", — деп ойлауы да мүмкін ғой. Алайда, бұлай болған күнде де, Смердяков жорта талып қалғанда, үй ішінде бәрібір әбігершілік туатындығын күні бұрын білгендіктен, Дмитрий Карамазов олай етуге әсте келісе қоймас еді. Әйтсе де, мен көндім, ол келіскен-ақ болсын; онда да Дмитрий Карамазов бәрібір қанішер, қылмысқа бастаушы боп шықпай ма, ал Смердяков оны жай қостаушы ғана, тіпті қостаушы да емес, тек қорыққасын амалсыздан кісі өліміне жол беруші ғана боп қалмай ма, ал сот мұны қалай да анықтайды, сонда біз түптеп келгенде нені көрер едік? Қамауға алынуы мұң екен, қылмыскер бәрін Смердяковқа жабады, жалғыз соны ғана кінәлайды. Өзімен қоса кінәламайды, жалғыз оны ғана кінәлайды: бәрін істеген тек қана сол шалды өлтірген де, тонаған да сол, бұл соның қолынан келген іс дейді! Қылмысты бірігіп істеп, кейін біріне-бірі жала жабатын бұл неғылған сыбайластар, — еш уақытта бұлай болмайды ғой. Карамазовқа қандай қауіпті екенін сезесіздер ме: ол негізгі кісі өлтіруші, ал Смердяковтың қолы қанға боялмаған, ол біреудің өліміне немқұрайды қараушы ғана, ол тақтайдың сыртында жатқан-ды, сол себепті де қылмыскер айыпты талып жатқан оған аудара береді. Алайда, жатқан кісінің де тулауы мүмкін ғой, ол қарақан басын арашалау үшін ақиқат шындықты жайып салуы мүмкін ғой: қылмысты бірігіп істегеніміз рас, бірақ арашаламағаным, қарсылық білдірмегенім болмаса, оны мен өлтірген жоқпын демей ме. Оның қаншалықты кінәлы екенін соттың оп-оңай анықтай алатынын, олай болса, оны жазалаған күнде де, бар бәлені үйіп-төккісі келген негізгі қылмыскерге қарағанда оны әлдеқайда жеңіл жазалайтынын Смердяков түсінген-ді. Бірақ, онда ол кінәсын амалсыздан мойындар еді. Әйтсе де, біз мұны көрген жоқпыз. Қылмыскердің бар айыпты оған аударып баққанына қарамастан, Смердяков сыбайластық жайында ләм деген жоқ. Ол ол ма: тергеу кезінде Смердяков ақша салынған пакет пен есікті қалай тықылдату керегін оған мен өзім айттым, — әйтпесе ол түк те білмейтін еді деді. Егер ол шын сыбайлас боп, өзін айыптымын деп санаса, тергегенде осының бәрін жайып салуы неғайбіл, яки қылмыскерге әлгінің барлығын өзі айтқанын мойындай қояр ма екен? Керісінше, мойындамас еді, айғақтарды бұрмалап, кемітіп көрсетуге тырысар еді. Бірақ, ол бұрмалаған да, кеміткен де жоқ. Бұл сыбайлассың деген бәлеге қалармын деп қорықпайтын бейкүнә жанның ғана қолынан келеді. Сөйтіп, ол ұстамалы ауруынан және осы бір сұмдық оқиғадан кейін өмірден ада-күде күдер үзіп, әбден торыққан сәтінде өзіне қол салған. "Менің өліміме ешкім кінәлы емес, мен бұл дүниеден өз еркіммен және өз ниетіммен кеттім" — деген алабөтен пікір жазып қалдырыпты. Ал, шалды өлтірген Карамазов емес, мен едім деп қоса жаза салса қайтеді екен. Бірақ, ол бұлай етпеген: алғашқысына ар-ұжданы жеткенде, соңғысына жетпей ме?
Сонсоң не болды: "Мынау ана үстелдің үстіндегі заттай айғақтардың арасында жатқан пакеттен алынған ақша, мұны мен кеше Смердяковтан алған едім", — деп бағана осында, сотқа үш мың сом ақша әкелді. Присяжный заседатель мырзалар, ілкідегі мұңлы көрініс естеріңізде болар. Бүге-шігесін ежелемей-ақ қояйын, алайда, ең елеусіз дегенінен іріктеп алып — нақ елеусіздігі, демек, сол себепті кез келген кісінің жадында қалмай ұмытылатындығынан — сіздерге екі-үш пікір тастасам, бұл артық бола қоймас. Біріншіден, тағы да: ар-ұжданы жібермегесін Смердяков кеше ақшаны қайтарып беріп, өзі асылып өледі (ар-ұжданынан қысылмаса бүйтпес еді ғой). Сонан соң, әрине, ол Иван Карамазов өзінің қылмысын тек кеше ғана мойындайды; Иван Карамазов айтқандай, әйтпесе ол соған дейін мұны жасырып келер ме еді? Жарайды, мойындасын-ақ, әйтсе де, тағы да қайталап сұраймын, еш күнәсыз біреу ертең қатаң сотталғалы жатқанын біле тұра, өлеріндегі бір жапырақ қағазында оның бізге шындықты толық ашпауының себебі не? Ақшаны әкеп көрсету әлі дәлел емес қой. Мысалы, менің және осы залдағы тағы да екі адамның осыдан бір жұма бұрын мына бір дәлелді, атап айтқанда Иван Федорович Карамазовтың губерниялық шаһарға айырбастан ақшасын алу үшін әрқайсысы бес мыңнан, яки барлығы он мыңнан бес пайыздық екі билетті жібергенін кездейсоқ естігеніміз бар еді. Мұны айтқаным, ол күні мұндай ақша жұрттың бәрінде болуы мүмкін, демек, сотқа үш мың ақшаны әкеп көрсетіп, бұл сондағы қобдишадан немесе пакеттен ұрланған ақша еді деп дәлелдеу мүмкін емес. Ақырында, шалды мерт қылған шын қылмыскердің аузынан кеше осындай аса құнды хабарды естиді де, жайбарақат жата береді. Неге дереу хабарламаған? Барлығын неге ертеңге қалдырған? Иван Федоровичтің неліктен бүйткенін жорамалдауыма болатын шығар деймін: ол бір жұма бойы денсаулығына қапаланып, дәрігер мен жақындарына әлдене көзіне елестей беретінін, тіпті өліктермен де кездесетінін айтып шағынып жүреді; елесті ауруы тап бүгін қалпақтай ұшырардың алдында, Смердяковтың асылып өлгенін естіген соң, ол кенет: "Өлер кісі өліп кетті, енді соған жаба салуға да болатын шығар, ағамды қайткенде де арашалап қалуым керек", — деген ойға келеді. Сіздер бұл арамзалық қой дерсіздер, тіпті туған ағаңды құтқару үшін де бар кінәны өлген кісіге аудару барып тұрған арамзалық болмай ма? Ал, егер ол еш ойланбастан өтірік соқса ше, егер ол малайдың кенеттен өлгенін естігесін мүлде есі ауысқандықтан бәрі нақ осылай деп ойлап қалса ше? Сіздер оның бағанағы қылығын көрсеңіздер ғой, оның сондағы сиық-сықпытын байқасаңыздар ғой. Ол аяғынан басып тұрған, сөйлеген, бірақ онда ақыл-есі бар ма еді? Елесті ауруға шалдыққан адамның сандырағынан кейін осында тағы бір құжат — айыпкердің қылмыс жасардан екі күн бұрын, өзінің жоспарын егжей-тегжейіне дейін баяндап Верховцеваға жазған хаты көрсетілді. Ендеше, қылмыстың жоспарын және оны кімнің жасағанын іздеп несіне арамтер боламыз? Бәрі осы жоспардан айнытпай орындалған ғой және де мұны істеген соны ойластырушы, өзге ешкім де емес. Иә, присяжный заседатель мырзалар, "дәл қағаздағыша істелді деген осы емес пе!" Жоқ, ол өзінің ғашығы бақталас әкесінің құшағында жатқанына кәміл сенімді бола тұра, одан именіп, терезесінен әсте қаша жөнелмеген. Жоқ, бұл қисынсыз, ақылға сыймайды. Ол ішке кіріп шаруасын бір-ақ тындырған. Тегі, ол ашумен, ызаға булығып кірген бойда, қас дұшпаны әрі бақталасы тап болғанда, қолындағы келісаппен басын жарып өлтірсе керек, содан кейін үйдің ішін айнала тінткесін қыздың жоқ екеніне көзі жеткен соң, ол жастықтың астына қол жүгіртіп, конвертті алуды дегенмен ұмытпаған, ораған қағазы әне үстел үстіндегі заттай айғақтардың арасында жатыр. Мұны сіздерге мына бір елеулі жайтқа назар аударсыншы деп айтып тұрмын. Әккі қылмыскер, әсіресе тонау үшін кісі өлтіруші болса, он конверттің тысын еденге, өліктің қасынан табылған күйінде қалдырар ма еді? Егер ол, мысалы, тонау үшін ғана өлтіретін Смердяков болса, ол пакетті өліктің басында тұрып ашып қарамай-ақ, сол күйі алып жүре берер еді; өйткені ол онда ақша барын біледі — ақшаны пакетке оның көзінше салып, желімдеген, ал егер ол пакетті сол күйі алып кетсе, онда біз ақшаны тонаған-тонамағанын қайдан білер едік? Присяжный заседатель мырзалар, мен сіздерден Смердяков бұлай істер ме еді, ол конвертті еденге тастап кетер ме еді? — деп сұраймын. Жоқ, тек ызалы, ойлануға мұршасы келмеген және де осыған дейін еш уақытта біреудің ала жібін аттамаған, тіпті қазір де жастықтың астынан шыққан ақшаны ұры болғандығынан емес, қайта, оның өзінен жымқырған ақшаны қайтарушы есебінде алған кісі ғана осылай істейді. Сөйтіп, ол бұрын көрмеген пакетті қолына алған соң, ішінде ақша бар ма екен деп жыртып көреді де, ақшаны қалтаға суға салып тайып отырады, бірақ артында қалған конверттің кейін оған бәле боп жабысатын айғақ екендігі оның қаперіне де кірмейді. Мұның себебі, шалды Смердяков емес. Карамазов өлтірген, ал ол ойламаған, ұқпаған, бұған оның зейіні қайдан жетсін! Ол қаша жөнеледі, соңынан қуып жеткен малай шалдың ырсылын естиді, ол жармаса кетіп тоқтатқанда, бұл оны басынан мыс келісаппен ұрып сұлатып салады. Оған жаны ашыған қылмыскер дуалдан қайта төмен түседі. Қараңыздаршы, енді ол бізді кенет мен онда бейшараға жаным ашыған соң бірдеме ғып жәрдемдессем бе екен деп жерге қайта секіріп түскеніне иландырмақшы болады. Мұндай жанашырлық білдіретін минут пе екен ол? Жоқ, ол зұлымдық ісінің бірден-бір куәсінің өлі-тірісіне көз жеткізу үшін ғана қайта түскен-ді. Қандай да бір өзге сезім, қандай да бір басқа себеп көкейге қонбайды. Байқайсыздар ма, ол еңкейіп орамалымен Григорийдің басынан сорғалаған қанды сүртеді, сосын оның шаруасы біткеніне көзі жеткеннен кейін, есалаң кісіше, үсті-басы қан-қан күйі, салып отырып ғашығының үйіне қайта барады, — сонда үсті-басына қан жұққандығы, демек, бұл оны дереу ұстап беретіндігі неғып ойына келмеген? Бірақ үсті-басымның қан екендігіне тіпті назар аудармаған едім деп бізге қылмыскердің өзі айтып отыр, бұған сенуге болады, бұл әбден мүмкін нәрсе, ондайда қылмыскерлердің басында мұндай аңғырттық бола береді. Бірінде — керемет әккі, екіншісінде — жетесі жетпейді. Алайда, ол онда ғашығының қайда екенін ғана ойлаған-ды. Оған қыздың қайда жоғалып кеткенін тезірек білу керек-ті, сол себепті ол оның пәтеріне жүгіріп барады да, күтпеген сұмдық хабарды естиді: Грушенькасы өзінің "бұрынғы", "күмәнсыз" жігітімен Мокрое селосына кетіп қалыпты!
IX
ПСИХОЛОГИЯҒА БАСУ. ҚҰЙЫНДАТҚАН ТРОЙКА.
ПРОКУРОР СӨЗІНІҢ СОҢЫ
Сөйлегенде тым елігіп кетпей, өзін-өзі тізгіндеп сөйлеуге тырысатын күйгелек шешендердің бәрі құмар келетін бастан-аяқ баяндаудың қара дүрсін тәсілін таңдаған Ипполит Кириллович те сөзінің осы тұсына келгенде Грушеньканың "бұрынғы", "күмәнсызына" әсіресе көбірек тоқталып, осы тақырыпта бірнеше аса қызықты ой толғады. "Көрінгеннен қызғанып жарылып кете жаздайтын Карамазов" сол "бұрынғы", "күмәнсыздың" алдында кенет жуаси қалғандай болып, көзге де ілінбейді. Көктен түскендей болған жаңа бақталасы тарапынан болатын қауіп-қатерге оның осыған дейін онша мән бермегендегі себепті мұның өзі онан бетер таңғаларлық еді. Бірақ, қашан да қазіргісін місе тұтатын Карамазовқа басына бұлт айналатын күн алыста сияқты көрінген-ді. Тегі, мұны жай бірдеңе деп ойласа керек. Алайда, осы жаңа бақталасын Грушеньканың одан жасыруының бәлкім бір себебі барын, осынау жыл құсындай қайта оралған бақталасы ол әйелге жай бос қиял, жалған үміт емесін, қайта, өмірінің бар қызық-қуанышымен үміт-арманы екенін бағана одан жасырып қалғанын жаралы жүрегімен сезген соң, міне осыны бірден аңдағаннан кейін ол жуаси қалған-ды. Присяжный заседатель мырзалар, мен айыпкердің жан дүниесіндегі осы бір күрт өзгерісті айтпай кете алмаймын: оның мұндай сыңайы жоқ еді, бірақ кенет шындық сөзсіз мойынсұну қажеттігі, әйел затын құрметтеп, оның жүрек қалауын мойындау оны көндірмей қоймаған еді және де мұның нақ сол әйел үшін әкесінің қанына қолын бояған сәтте болғанын қараңыздаршы! Десек те, төгілген қанның, анадан дереу кек алыңдар деген жан айқайы шыққандығы да шындық еді, өйткені өзінің жан дүниесін майып етіп, бұ жалғандағы күллі тағдыр-талайын өзі құртқан ол сол сәтте бәрін жүрегімен сезіп, өзінен-өзі: "Бір кезде оны масқара ғып тастап кетсе де, енді өзінің кінәсын мойындап, қайта табысып бақытты өмір сүрейік деп ақ адал ант беріп, қайта тұтанған махаббатымен қайта оралған "бұрынғымен", "күмәнсызымен" салыстырғанда, жанындай жақсы көріп, шын сүйген осы бір әйелге енді ол кім және кім боп көріне алады. "Бұл бейбақ енді оған не бере алады, оған не сыйламақ?" — деп сұрауға тиісті еді. Карамазов осының бәрін түсінді, істеген қылмысы өзінің жолында кесе-көлденең тұрғанын, ол енді өмір сүруге хақы жоқ, қайта өлім жазасына кесілуге тиісті қылмыскер ғана екенін ұқты! Оны жаныштап, езіп тастаған осы ой болатын. Сөйтіп, ол кенет тек бір өжеттік ойға келеді, Карамазовтың мінезімен бұл ойы оған өзінің осы мүшкіл жағдайынан шығудың бірден-бір, лажсыз амалы секілді көрінуге тиісті еді. Бұл амал — атылып өлу. Ол зақылетке берген тапаншаларын алмақшы болып шенеулік Перхотиндікіне жеткенше асығады, жүгіріп келе жатып бағана қолын әкесінің қанына боп тапқан ақшасын қалтасынан шығарады. О, қазір оған бәрінен де гөрі ақша керек: Карамазов өледі, Карамазов атылып өледі, бұл баршасының есінде қалады! Бекерге ақын атаныппыз ба, уман-думан дырдумен ғұмырымызды екі басынан бірдей тұтатқан балауыз шамша бекерге жандырыппыз ба. "Оған дереу, тезірек жетуім керек, — онда барған соң, о, онда мен ұлан-асыр той жасаймын, бұрын-соңды болмаған, есте қалатын, жұрт көпке дейін жыр ғып айтып жүретін сауық-сайранды бір дүрілдетемін, думандатқан айқай-шудың, құйқылжытқан сыған әні мен биінің ортасында шүпілдеген бақалды қолға алып, қадірменді ханымды оның жаңа бақытымен құттықтап, оған денсаулық тілейміз. содан кейін сол арада, оның аяғына жығылып, көз алдында шүріппені басып салып, бастың мылжа-мылжасын шығарып өмірмен қоштасамыз! Бір кезде Митя Карамазовты есіне алып, Митяның оны қалай сүйгеніне көзі жеткен соң, Митясына жаны ашитын болар!" Мұнда әсершілдік, қиялшыл өжеттік, сосын, присяжный мырзалар, тағы бірдеңе, көкірегінде айқай салып, миына маза бермей, жүрегін өлердей уландыратын тағы бірдеңе бар; ол бірдеңе — оның ар-ұжданы, присяжный мырзалар, бұл сол ар-ұжданның соты, бұл сол ар-ұжданның опынуы! Бірақ тапанша бәрін келістіреді, жалғыз-ақ сүйеніш, сол тапанша, өзге амал жоқ, одан ары не болатынын мен білмеймін, ол минутте Карамазов "анда не болатынын" ойлады ма екен, сосын Карамазов ана жақта не болатынын ойлайтын Гамлет деймісің. Жоқ, присяжный мырзалар, олар да Гамлеттер болса, біз де әзірше Карамазовтар ғой!
Содан кейін Ипполит Кириллович Митяның жолға қалай жиналғанына, Перхотиндікінде, дүкенде не болғанына, жәмшіктеріне не істегеніне тоқталып, бүге-шігесіне дейін айтты. Ол талай сөздер мен нақылдарды, ишара-меңзеулерді келтірді, мұның барлығын куәлар растаған болатын, — сөйтіп жалпы жағдай тыңдаушыларға күшті әсер еткен. Әсіресе қатты әсер қалдырған айғақтардың жиынтығы еді. Осынау шамырқанып алып, ештеңені абайлаудан қалған адамның айыбы айқын көрініп қалған-ды. "Оған қорғанатындай ештеңе қалмаған еді, — деді Ипполит Кириллович, — ол тіпті екі-үш мәрте мойындауға да жуықтап қалған, бәрін тәмамдап айтпағаны болмаса, тұспалдаған деуге болады (осы арада куәлардың сөзі келтірілді.) Ол тіпті жолда жәмшікке: "Осы келе жатқанда, сен кісі өлтірушіні әкеле жатқаныңды білесің бе!" — деп еліреді. Әйтсе де, бәрін ақтаруға болмайтын еді: оған әуелі Мокрое селосына жету керек-ті, хикаясын содан кейін аяқтай жатады. Алайда, ол сорлыны алда не күтіп тұрған еді дейсіздер ғой? Гәп мынада-тұғын: Мокроеға барғаннан кейін, алғашқы минуттан-ақ, ол "күмәнсыз" деп жүрген бақталасының шындығында соншалықты күмәнсыз де еместігін көріп, ол мұның оған жаңа бақыт пен денсаулық тілеп бір бақал шампан ішкенін әсте қаламайтынына көзі жетеді. Бірақ, присяжный мырзалар, сіздер соттың тергеуінен айғақтарды білесіздер. Бақталасы былай қалып, Карамазовтың мерейі үстем болады, осыдан соң — иә, осыдан соң оның жан дүниесінде мүлде жаңа бір кезең басталады, мұны мен тіпті оның басынан кешкен және алда тағы да басынан кешуге тиісті кезеңдердің ішіндегі ең сұмдығы дер едім! Присяжный мырзалар, — деді Ипполит Кириллович көтеріңкі дауыспен, — қорланған табиғат пен қылмысшыл жүрек — міне, бұл екеуі жер бетіндегі әділ соттың ешқайсысы теңесе алмайтын кекшілдер деуге болады. Ол ол ма: әділ сот пен өлім жазасы тіпті табиғаттың шығарған өлім жазасын жеңілдетеді, мұның өзі осындай сәттерде қылмыскердің жан дүниесін торығудан сақтайтын амал ретінде тіпті қажет те, өйткені Грушеньканың оны сүйетінін, сол себепті өзінің "бұрынғы", "күмәнсызынан" безуге дайын екенін, — оны, оны, "Митяны", жаңа өмірге қол ұстасып, бірге аяқ басуға шақыратынын, оның басына бақыт құсын қондыруға уәде беретінін білген де — және қандай сәтте десеңізші? — Карамазовтың қалай жаман қиналып, қандай жан азабына түскенін мен тіпті көз алдыма елестете де алмаймын. Митя болары болып, бояуы сіңгеннен кейін енді қолдан ештеңе келмейтінін болған соң білді ғой мұны! Айтпақшы, айыпкердің сондағы көңіл-күйінің шын мәнін түсіндіру үшін баршамызға аса маңызды бір жайтты үстіртін болса да ескерте кетейін қаншама құмартып, құштарланса да, ең соңғы минутке дейін, тіпті өзі тұтқындалатын сәтке дейін Грушенька оған қолы жетпес, көңілі тояттамас, құштар жап болып қала берген-ді. Бірақ, Митя нақ сол сәтте неге атылып өле қалмаған, бұл игі ниетін неліктен кейінге қалдырған, тіпті тапаншасының қайда қалғанын да ұмытқаны қалай? Міне, нақ осы ғашығын бір құшуға құмарлық пен аңсаған көңілін сол сәтте, сол арада тояттатуға үміттенушілік қана ұстап қалады оны атылып өлуден. Ол уман-думан жынойнақта өзімен бірге масайрап отырған ғашығының қасынан кетпейді, қыз оған бұрынғысынан да ғажап сұлу, керемет қылықты көрінеді, — ол одан екі елі ажырамайды, оған жаны сүйсінеді, оның алдында өліп-өшіп қалады. Осынау керемет құштарлық тұтқындалудан қорқуын былай қойғанда, тіпті бір сәтке ар-ұятты да ұмыттыруы әбден мүмкін еді! Иә, бір сәтке, тек бір сәтке ғана! Мен қылмыскердің мынадай үш жағдайдың қыспағына төтеп бере алмай, жаман жаншылған жан дүниесінің сондағы жай-күйін түсінемін: біріншіден, ол мас болады, айналасы буалдыр түтін, у-шу, дүбірлеткен би, қиқыл-шиқыл ән, ал ғашығы болса, шарапқа қызара бөртіп алып, әнге басып, би билеген масаң күйі оған күлімдеп қарайды! Екіншіден, ол қатерлі сот әлі алыс, қалай дегенмен есік қағып тұрған ешкім жоқ әлі, — оны тек ертең, азанда ғана келіп ұстауы мүмкін деген үмітін көңіліне медеу тұтады. Демек, әлі бірнеше сағат уақыт бар, ал мұның өзі көп, өте көп емес пе! Бірнеше сағаттың ішінде бірсыпыра нәрсені ойластыруға болады ғой. Мен оның өлім жазасына кесілген қылмыскерді дар басына апара жатқандағыдай күйге түскенін түсінемін: әлі созылып жатқан бір көшеден де баяу жылжып, сан мың халықтың жанынан өту керек, содан кейін екінші көшеге бұрылады, үрейлі дар алаңы сол көшенің арғы шетінде! Бас кезінде дарға асуға кесілген қылмыскер қорлық күймесінде отырып, алдында әлі талай ұзақ ғұмыр бар деп ойлауға тиістідей көріне береді маған. Бірақ міне, алайда, үйлер біртіндеп артта қалып жатыр, күйме болса жылжып келеді — о, бұл түк емес, алдағы бұрылысқа дейін әлі талай жер, сөйтіп, ол оң мен солына, одан көз аудармаған мыңдаған немқұрайлы әуесшіл жандарға әлі де сергек қарайды, өзіне-өзі әлі де солардай кәдімгі басы бос пендедей болып елестейді. Алайда, екінші көшеге бұрылатын жер де келді — ол! Мұның да оқасы жоқ, ештеңе етпейді, алда тағы бір көше бар. Қаншама үй артта қалып жатса да, ол бәрібір: "Алда әлі де бірсыпыра үй бар", — деп ойлайды. Ақырына дейін, алаңға жеткенше осылай болады. Онда Карамазов та осындай күйге түскен шығар деп ойлаймын. "Ана жақта әлі жиналып үлгірген жоқ, — деп ойлайды ол, — әлі де бір амалын ойластыруға болар, о, қорғаныс жоспарын жасауға, тойтарыс беруге әлі уақыт жетеді, ал қазір, қазір, — қасымда мынадай айдай аруым отырғанда, сары уайымға түсіп не болыпты!" Ол алакөңіл, оның зәресі жоқ, бірақ та ақшасының жартысын бір жерге жытырып үлгереді — әйтпесе бағана әкесінің жастығы астынан алған үш мыңның қақ жартысы қайда кетеді, бұл тіпті менің миыма кірмейді. Оның мұнда алғаш келуі емес, бұдан бұрын екі тәулік бойы думандатқаны бар. Осынау ескі, дағарадай ағаш үй барлық сарайларымен, кілеттерімен қоса оған белгілі. Мен ақшаның бір бөлегін ол сонда, нақ осы үйде, тұтқындаларының алдында ғана, бір қуысқа, жарыққа, төсеніштің астына, шатырдың астындағы бір бұрышқа тыққан болар деп жорамалдаймын — не үшін бе? Не үшін болушы еді? Ұстауға қазір-ақ жетіп келуі мүмкін, ол оны қалай қарсы алатынын, әрине, әлі ойластырған жоқ, оған тіпті мұршасы да келіп жатқан жоқ, басы да зіркілдеп барады, оның үстіне көңіл шіркін қызға ауып тұрса қайтпек? — ақша қашан болса да қажет қой. Ақшалы адам қайда жүрсе де адам. Мүмкін, осындай минуттегі мұндай есепқандық сіздерге ерсі секілді көрінер? Бірақ, осыдан бір ай бұрын, тағы да осындай бір мазасыз, қатерлі сәтте, үш мыңның жартысын бөлек алып, бойтұмар ғып тіккен едім деп бізге оның өзі айтып отырған жоқ па, егер мұнысы өтірік болса, оны біз қазір-ақ дәлелдейміз, әйтсе де Карамазовқа бұл идея белгілі, бұл идея оның басына келген. Ол ол ма, кейін тергеушіні мың жарымды бойтұмар ғып (ондай бойтұмар ешқашан да болмаса да) тігіп алған едім деп сендіргенде, бәлкім, ол соның алдында екі сағат бұрын ақшасының жартысын бөліп алып, сақтықта қорлық жоқ деп, бойында ұстамау үшін Мокроеда бір жерге, таңертеңге дейін тыға тұрғандықтан да бойтұмарды аяқ астынан ойлап шығарған болар. Екі құрдымға, присяжный мырзалар, естеріңе түсіріңдерші: Карамазов екі құрдымға бірден үңіле алады екен! Біз ол үйден іздегенбіз, бірақ таба алмағанбыз. Мүмкін, ол ақша қазір де сонда жатқан шығар, бірақ, ертеңіне-ақ ол арадан алынып, айыпкерге берілуі де ғажап емес. Қалай болғанда да, ол кереуетте жатқан қыздың қасында, еденде тізерлеп тұрып, оған қолын созып жалбарынған күйінде тұтқындалған-ды, есінің кеткені соншалық, тіпті қамауға алушылардың қалай сап ете түскенін де сезбеген еді. Ол не деп жауап беруді де ойластырып үлгермеген-ді. Оның өзі де, ақыл-ойы да қапылыста торға түскен болатын.
Енді міне ол өзінің тағдырын шешетін судьяларының алдында отыр. Присяжный заседатель мырзалар, біздің қызметімізде адамның алдында әуелі өзіміз үшін қорқатын, сонан соң сол адам үшін де қорқатын сәттер болады! Бұл қылмыскер өзінің құрығанын сезе тұра, сенімен әлі де болса арпалысып, тартысып баққысы келетін жанталас байқалатын сәттер. Мұндайда қылмыскердің бойындағы өзін-өзі сақтау түйсігі бас көтеріп, қалай да жан сауғалауға тырысады, ол саған өңмеңіңнен өтетін қасіретті көзбен тесірейе қарайды, сосын сені, сенің бет-жүзіңді, іштегі ойыңды қалт жібермей зерттейді, енді қандай тұзақ құрар екен деп аңдиды, сөйтіп түршігіп отырып іштей сан қилы жоспар жасайды, бірақ айтуға қалай дегенмен әлі дәті бармайды, абайламай аузымнан шығып кете ме деп қорқады! Адам жанының осы бір қорлық сәттері, оның осы бір жан азабы, бірдеме ғып жан сақтауға осы бір дөрекі құштарлығы — жаныңды түршіктіреді, кейде тіпті тергеушінің өзін де жібітіп, қылмыскерге жанашырлық тудырады! Онда біз осының бәріне куә де болғанбыз. Әуелде ол абдырап, үрей үстінде кейін өзіне бәле болып жабысатын: "Қан! Өзіме де сол керек!" — деп айтып салған. Бірақ, ол тез тежелген-ді. Не деу керек, қалай жауап берген жөн — мұны ол әлі ойластырмаған-ды, оның аузына: "Әкемнің өліміне мен кінәлы емеспін!" — деген жалаң терістеу ғана түскен. Бұл оның уақытша табан тірер бекінісім осы, кейін оның ар жағынан, бәлкім, хал-хадарымша қорған тұрғызуым да мүмкін дегені еді. Біз сұрақ қоймай жатып, мен малай Григорийдің өліміне ғана айыптымын деп, абыройын айрандай төгетін кінәны алдын ала ысыруға жанталасты. "Григорий үшін мен-ақ кінәлы болайын, бірақ, онда әкеме кім қол көтергені, мырзалар, сонда оны кім өлтіргені? Егер мен өлтірмеген болсам, онда оны кім өлтірген?" Естисіздер ме: біз оған осы сауалды берейік деп келсек, ол біздің өзімізден сұрайды! Алдан орағытып, "егер мен өлтірмеген болсам" деп қалғанын, оның осы бір сасық қулығын, осы бір аңқаулығын, осы бір карамазовтық шыдамсыздықты сіздер сезесіздер ме? Шалды өлтірген мен емес, ондай күдік ойларыңа да келмесін: "Өлтіргім келгені рас, мырзалар, мұны жасырмаймын деп мойындайды ол (асығады, тіпті жанталасады!), — бірақ менің ешбір кінәм жоқ, оны өлтірген мен емес!" Әкесін өлтіргісі келгенін айтып, бізге ағынан жарылғанын қараңыздаршы; өздерің көріп отырсыздар, мен шынымды айттым, ендеше, қолымның қанданбағандығына да сенуге тиістісіздер дейді. О, мұндайда қылмыскердің кейде тым шолақ ақылдау, иланғыш болып кететіні бар. Міне дал осы сәтте тергеушілер оған: "Мүмкін, Смердяков шығар?" — деген елеусіз сауалды әлдеқалай қыстырып жіберді. Дәл күткеніміздей болып шықты: Смердяковқа аударудың ұтымды сәтін күтіп, соны ойластырып үлгірмей жатқанында, оның алдынан орағытып, қапы қалдырғанымызға бұлқан-талқан болды. Албырттығына бағып, лезде шектен шыққан ол Смердяковтың өлтіруі мүмкін емес, ол біреуге қол көтере алмайды деп сендіруге жанталасты. Алайда әзірше оған иланбасаңыздар, бұл оның бақай қулығы ғана: ол Смердяковты кінәлаудан бас тартпайды, керісінше, оны әлі-ақ айыптайды, өйткені ол кінәны соған аудармағанда кімге аудармақ, әйтсе де, мұны ол кейінірек істемек, қазір, бәрі бүлініп тұрғанда үндемейді. Ол Смердяковты, ертең-ақ немесе тіпті бірнеше күннен кейін кінәлап шыға келер, тек оңтайлы сәті тусын, сонда ол: "Көрдіңіздер ме, бұл Смердяковтың ісі дегенде сіздерден гөрі мен көбірек сенбеген едім, бұл естеріңізде шығар, ал енді менің де көзім жетті: бұл дәуде болса соның ісі, шалды сол өлтірмегенде кім өлтіреді!" — деп бізге өзі-ақ айқай салады. Ал әзірше ол тұнжырап, шытынаған қалпы бәрін жоққа шығарумен отыр, алайда, шыдамсыздығы мен ызақорлығы оны терезеден әкеме жай көз салдым да, одан именгесін кейін кетіп қалып едім деп өтірік соғуға итермелейді. Бастысы, ол есі кірген Григорий берген жауаптың егжей-тегжейі мен анық-қанықтығынан әлі бейхабар. Біз тінтуге кіріскенде, ол шамданып қалды, бірақ: үш мыңды түгел таба алмадыңдар, оның мың жарымын ғана таптыңдар ғой. — деп қайрап қояды. Содан кейін, әрине, ашудан үні өшіп, бәрін терістегенде бойтұмар туралы идея ғұмырында бірінші рет басына сап ете қалады. Осы өтірігінің ақылға сыймайтындығы өзі де сезетіні даусыз, енді соны қалай ғана иланымды етіп, шындыққа жанасатын бір хикая ғып шығару үшін қайтсем екен деп азаптанады. Мұндайда тергеудің ең әуелі қолға алатын ісі, ең басты міндеті — қылмыскердің ойлануға мұршасын келтірмеу, қапылыста тап басу, көкейіндегі аңғал, нанымсыз, қарама-қайшы ойларын ол сонда ғана айтып салады. Қайсыбір күтпеген айғақты, бұған дейін қаперіне де кірмеген, аса мәнді, бірақ ол ескермеген істің бір жай-жапсарын төбесінен жай түскендей ғып сарт еткізгенде ғана қылмыскерді сөйлетуге болады. Ондай айғақ бізде дайын болатын, о, көптен бері әзір-ді: бұл қылмыскер үйден жүгіріп шыққанда есіктен ашық қалғандығы туралы есі кірген Григорийдің куәлігі. Ол есікті мүлде ұмытқан, малай шалдың көріп қалуы мүмкін-ау деген күдік ойына да келмесе керек. Әсер керемет күшті болды. Ол атып тұрып: "Смердяков өлтірген, Смердяков!" — деп айқай салып, іштегі көкейкестісін кісі нанғысыз ғып айтып салды, өйткені қылмыскер Григорийді соққыға жығып, қашып кеткеннен кейін ғана Смердяковтың өлтіруі мүмкін-ді. Оған Григорий есіктің ашық қалғанын соққыға жығыларынан бұрын байқағанын, жатын бөлмесінен шығарында ши тақтайдың сыртында Смердяковтың ыңырсып жатқанын да естігенін айтқанымызда — Карамазов шынында да езіліп кетті. Менің қызметкерім, өзіміздің керемет тапқыр қадірменді Николай Парфенович, сонда ол бейшараға жаны ашып кеткендіктен, тіпті жылай жаздағанын ай ғып еді. Міне дәл осы сәтте ол өзінің мүшкіл халін сезіп, әлгі атышулы бойтұмарға жармасты: жарайды, енді бұл хикаяны да естіп көріңдер дейді! Присяжный мырзалар, содан бір ай бұрын оның жарты ақшасын бойтұмар ғып тігіп алғаны туралы өтірікті неліктен жай қисынсыздық қана емес, қысылтаяңда айта салатын барып тұрған сандырақ дейтінімді мен айтып өттім. Тіпті небір қиюласпайтын өтірікпен бәстескен күнде де, — бұдан асқан суайттық бола қояр ма екен. Бұл арада, бастысы, мерейленген хикаяшыны өмірде өте жиі кездесетін, бірақ осы бір бейшара, еріксіз жазғыштар елеусіз де қажетсіз ұсақ-түйек деп мұрын шүйіретін, тіпті олардың қаперіне не кірмейтін егжей-тегжейлермен-ақ мүдіртіп, діңкелетуге болады. О, олардың мұндай минуттерді ондайға мұршасы келуші ме еді, олардың ақыл-парасаты кесек дүниелерді туындатып жатқан жоқ па — мұндай ұсақ-түйекпен мазалауға қалай дәттері барады! Әйтсе де, олар нақ осы болмашы бірдеңеден ұсталады емес пе! Қылмыскерді тергей бастайды: "Ал, сіз бойтұмарлық матаны қайдан алып едіңіз, оны сізге кім тігіп бірді!" — "Өзім тіктім". — "Ал матаны қайдан алдыңыз". Айыпкер шамдана бастайды, мұны ол намысқа тиетін ұсақ-түйек көреді, иланасыздар ма, бұл оның тіпті шын ниеті! Алайда, олардың барлығы осындай ғой. "Мен оны жейдемнен жыртып алғанмын". — "Хо-ош делік. Демек, онда біз ертең киім-кешектеріңіздің арасынан сол жыртылған жейдеңізді табатын болдық қой". Аңдайсыздар ма, присяжный мырзалар, егер де біз сондай бір жейдені шынымен-ақ таба алсақ (жейде шынында да бар боп шығып, оның шамаданынан немесе комодынан тауып алсақ қой), — онда бұл дәлел болғанда да, айыпкер жауабының әділдігін дәлелдейтін салмақты дәлел болмас па еді! Бірақ, ол мұны ұғатын емес. "Есімде жоқ, жейдемнен болмауы да мүмкін, үйдегі кемпірдің шепшігінен тіктім ғой деймін", — "Қайдағы шепшік ол?" — "Оның бір ескі, жаман шепшігі жататын, соны алғам". — "Сөйткеніңізге күмәнсыз сенесіз бе?" — "Жоқ, олай дей алмаймын..." Сөйтіп, бұртыңдайды, ашуланады, бірақ, ойлап қараңыздаршы: қалай есінде қалмауы мүмкін? Тіпті ең қатерлі минуттерде де, айталық, дар басына апара жатыр екен делік, сонда да нақ осындай ұсақ-түйектер кісінің есінде қалмақ. Онда ол барлығын ұмытады, бірақ жолай көзіне шалынған бір жасыл шатырды, немесе креске қонған ұзақ қарғаны — міне, мұны ол есінде сақтайды. Ол бойтұмарын үй ішімен жасырып тікпеді ме, ендеше, қолына инесін алып тұрғанда біреу үстіне кіріп келе ме деп қалай қорыққаны, сырттан дүрсіл шыққанда қоршаудың сыртына (оның пәтерінде ши тақтай бар) қалай зып бергені есінде қалуы керек қой... Әйтсе де, присяжный мырзалар, мен сіздерге осының бәрін, осы егжей-тегжей, ұсақ-түйектің бәрін не үшін айтып тұрмын! — деді бір желпініп қалған Ипполит Кириллович. — Айыпкер осы бір сандырағынан қайтпай, дәл осы минутке дейін қасарғандықтан айтып тұрмын мұны! Басына қауіп бұлты төнген түннен бергі екі айда ол ештеңені түсіндірген жоқ, бұрынғы қияли жауаптарына нақты жағдайды анықтайтындай дәнеңе қоспады; оның бәрі ұсақ-түйек, сіздер ар-ұжданға сеніңіздер дейді. О, біздің сенгіміз-ақ келеді, тіпті ар-ұжданға болса да сенуге құштармыз! Сенбейтіндей не болыпты, біз адам қанына құныққан қорқау емеспіз ғой? Бізге айыпкерді арашалайтын тым болмаса бір айғақ айтсаңыздар, бұған қуанбасақ, ренжімес едік, — бірақ ол тағымды, шынайы айғақ болсын, туған інісінің қылмыскердің бет әлпетіне қарап түйгені немесе ол кеудесін нұқығанда, қараңғыда мойнындағы бойтұмарын көрсеткен-ді деген дүдәмал жорамал ондай айғаққа жүрмейді. Біз жаңа айғаққа қуанар едік те, айып тағудан лезде бас тартар едік. Ал қазір әділет шіркіннің есесі кетіп бара жатыр, сол себепті біз қайтпаймыз да, ештеңеден бас тарта да алмаймыз". Ипполит Кириллович осыдан кейін сөзін түйіндеуге көшті. "Арамзалық тонау мақсатымен" өз әкесінің қанын төккен сұмырайға зығырданы қайнағандықтан, ол безгегі ұстағандай қалшылдап кеткен еді. Жинақтап келгенде мұның өзі нағыз сорақы, қайғылы айғақтар екенін анық көрсетті. "Сіздер өзінің дарынымен даңқы шыққан қорғаушының аузынан не естісеңіздер де осында жүректеріңді елжірететін қандай шешендік, жан тебірентерлік сөздер айтылса да, — деді шыдамай кеткен Ипполит Кириллович, — сіздер дәл осы минутте әділ сотымыздың қасиетті шаңырағы астында отырғандарыңды қалай дегенмен ұмыта қоймассыздар. Біздің шынайы шындығымызды қорғаушылар, қасиетті Ресейімізді, оның түп негіздерін, оның от басын, оның барлық қасиетті де қымбаттысын қорғаушылар екендеріңді еске түсіресіздер! Иә, сіздер осы отырғанда Ресейдің көзісіздер, дәл осы сәтте сіздердің үкімдеріңіз тек осы залда ғана естіліп қоймайды, ол күллі Ресейге тарайды, сөйтіп жалпақ Ресей сіздерге өзінің қорғаушылары мен төрешілері деп құлақ салатын болады, олар бір серпілсе де немесе мойып қалса да, бәрі сіздердің үкімдеріңізге байланысты болмақ. Ресейді, оның үмітін қасіретке ұшыратпаңыздар, бас асау үш ат жеккеніміз құйындатып келе жатқан жоқ па, оның тіпті жардан құлатуды да мүмкін. Байтақ Ресейде осы бір алды-артқа қараусыз, беталды далақтап шаба беруді тоқтатуды қол созып қолқалағалы қай заман. Ал егер сол алып қашқан, ала құйын үш ат жеккен өзге халықтар әзірше қорқып жол берсе, онда бұл, бәлкім, ақын ойлағандай, әсте оны құрметтегенінен емес, жай қорыққандығынан ғана шығар — бұл естеріңізде болсын. Шынында да, қорыққасын немесе тіпті жиіркенгесін де сөйтуі мүмкін ғой, бірақ осылай жол бергендеріне де шүкіршілік, егер жол бермесе, қайта керісінше, желдей ескен елестің жолына қырсығып кесе-көлденең тұрып алса, сөйтіп өзің, халықты ағарту ісін, өркениетті қорғаймыз деп аласұра жұлқынған жүгенсіздігімізге тоқтау салса қайтер едіңіздер! Еуропадан шыққан осы бір елеңдеген дауыстарды біз әлдеқашан естігенбіз. Енді ол дауыстар зорая түскендей. Ендеше, оларды еліктірмеңіздер, туған баласының өз әкесіне қол көтеруін ақтайтын үкім шығарып онсыз да өршіген өшпенділікке жел бермеңіздер!"
Бір сөзбен айтқанда, Ипполит Кириллович тым елігіңкіреп кетсе де, қалай дегенмен, сөзін масаттанып аяқтаған еді және тыңдаушыларына, шынында да, ерекше күшті әсер қалдырған. Сөзін тәмамдаған соң, ол тез шығып кетіп, қайталап айтайын, екінші бөлмеге барып сылқ құлаған. Зал қол шапалақтаған жоқ-ты, бірақ байыптылары оған разы болған. Қоңылтақсыған тек әйелдер жағы ғана, алайда, шешендігі оларға да ұнаған, ақыры немен бітетіндігіне қам жемегендіктен олар бар үмітті Фетюковичке артқан-ды; "ақыры оған да сөз тиді ғой, енді ол, әрине, бәрін жеңіп шығады!" Барлығы Митяға көз тастап қойып отырған; прокурор сөйлеген кезде ол қолын сығымдап, тістеніп алып, тұнжырап, үнсіз қалған. Әлсін-әлі басын көтеріп, құлақ тіккен. Әсіресе Грушенька туралы бірдеңе естілгенде елеңдей түскен. Прокурор Ракитиннің Грушенька туралы пікірін келтіргенде, Митяның бетінде тыжырынған, ызалы күлкі ойнап, ол: "Әй Бернарлар-ай!" — деп қалды. Ал Ипполит Кириллович Мокроеда оны тергеп, қалай азапқа салғанын айтқанда, Митя басын көтеріп алып, қатты елеңдеп қалды. Сөздің бір тұсында тіпті атып тұрып, бірдеңе деп айқайлағысы келгендей де болды, бірақ, ол өзін-өзі ұстап, ұнатпағандай иығын қиқаң еткізген де қойған. Оның сөзін қалай тәмамдағанын, атап айтқанда Мокроеда қылмыскерді тергегенде қандай ерлік көрсеткенін кейін біздің қауымға сөз етіп: "Қайтсын, қабілетіне мақтанбай. Тұр алмаған ғой," — деп Ипполит Кирилловичті күлкі қылған еді. Мәжіліске қысқа ғана, ширек сағатқа, көп болса жиырма минутке үзіліс жарияланды. Гу-гу әңгіме, таңырқаған дауыстар естіліп жатты. Солардың кейбірі менің есімде қалып еді:
— Байыпты сөз! — деді тұнжыраған мырза бір топта.
— Психологияға басыңқырап жіберді, — деді екінші дауыс.
— Барлығы шындық, даусыз ақиқат қой!
— Иә, ол бұған машықтанған.
— Түйінін айтты.
— Біз ше, біз жөнінде де түйіндеді, — деп қосылды үшінші дауыс, — естеріңде ме, сөзінің басында барлығы да Федор Павлович сияқты демеді ме?
— Соңында да айтты. Бірақ, өтірік соғып жіберді.
— Көмескі тұсы да болмай қалған жоқ.
— Сәл елігіңкіреп кетті.
— Әділ емес, әділ емес бұл.
— Жоқ, қалай дегенмен епті екен өзі. Көп күткен еді, енді мін айтып ішін босатты, хе-хе!
— Тергеуші не дер екен?
Екінші топта:
— Ал Петербордан келген кісіні ол бекерге қағытты: "иә тебірентерлік сөздер..." дегені естеріңізде ме?
— Иә, мұнысы ыңғайсыздау шықты.
— Асығып кетті білем.
— Күйгелек кісі ғой.
— Міне, біз күліп тұрмыз, ал қылмыскердің халі қандай екен десеңізші?
— Иә, Митеньканың халі қандай екен?
— Қорғаушы не дер екен?
Үшінші топта:
— Анау лорнеті бар, шетте отырған жуан әйел кім?
— Ол бір генералша, ажырасқан, мен білемін.
— Лорнет ұстағаны содан екен ғой.
— Қызығатындай түгі де жоқ тәйірі.
— Жоқ, бір қарарлығы бар ғой әлі.
— Оның ар жағында, екі орындықтан соң, сары шашты біреу отыр әне, оның жөні бір басқа.
— Бұлар анада Мокроеда оны қапыда қалай тап басты, ә?
— Солайы солай ғой. Бірақ ол тағы да айтып жүрген. Осында қыдырып жүріп те әңгімеледі емес пе.
— Қазір де шыдамай кетті. Намысшыл ғой.
— Өкпелі ғой, хе-хе!
— Және өкпешіл де. Жылтыр сөзге әуестеу, шұбыртып кетеді.
— Сосын қорқытатыны бар, байқадыңдар ма, сес білдірді ғой. Тройка жөнінде не дегені естеріңде ме? "Онда Гамлеттер ғой, ал бізде әзірге Карамазовтар емес пе!" Тауып айтқан сөз.
— Бұл оның либерализмге бүйрегі бұрғаны. Қорқады!
— Адвокаттан да сескенеді.
— Иә, Фетюкович мырза қалай көсілер екен?
— Не десе де бәрібір, біздің мұжықтар бәрібір мыңқ етпейді.
— Сіз солай ойлайсыз ба?
Төртінші топта:
— Ал тройка жөніндегісі ғажап емес пе, халықтар хақында қай тұста айтты осы.
— Шын айтасың, халықтар күтпейді деп айтқан тұсы есіңде ме.
— Не?
— Ағылшын парламентінің бір мүшесі өткен жұмада орнынан түрегеліп, нигилистер жөнінде министрліктен: бізге дәріс айтпақшы ұлтпен ұстаса кететін шақ туған жоқ па? — деп сұрапты. Ипполит сол туралы айтты, мен білемін, сол туралы. Ол осы жөнінде өткен жұмада айтқан-ды.
— Сидиған ұзын сирақ балықшыларға өйту қайда?
— Әлгі сүйір тұмсық құсты айтамысың? Неліктен өйту қайда дейсің?
— Кронштадта қақпағын жауып тастаймыз да, бір түйір астық бермей қоямыз. Сонда қайдан алар екен?
— Американы қайтесің? Енді олар Америкадан алады.
— Өтірік айтасың.
Бірақ, осы сәтте кішкентай қоңырау шылдырады да, бәрі орындарына жүгірді. Фетюкович мінбеге шықты.
X
ҚОРҒАУШЫНЫҢ СӨЗІ. ТАЯҚТЫҢ ЕКІ БАСЫ
Әйгілі шешеннің алғашқы сөзі естілгенде барлығы тына қалған... Бүкіл зал одан көз аудармаған еді. Ол бірден тоқ етеріне көшіп, сөзін жайлап, сенімді бастады, бірақ лебізінен титтей де асқақтық сезілмеген. Ділмарсуға, масайған әуенге бой ұрушылық та, сезімді қытықтайтын жылтыр сөзге салынушылық та байқалмаған. Бір-бірімен тілектес сыралғы жандардың алдында сөйлеп тұрғандай болған-ды. Оның даусы ғажап әуезді, зор әрі сүйкімді еді, осы әуенінің өзінен-ақ ақиқат дерлік, ақкөңіл бірдеңе сезілгендей болған. Әйтсе де, егер ол кенеттен керемет шабытпен сөйлеп кетсе, "жаулап алар заманда тыңдаушының жүрегін" демекші, мұны барлығы сол сәтте-ақ ұққан-ды. Ипполит Кирилловичпен салыстырғанда, оның сөзі, бәлкім, жұпынылау да көрінуі мүмкін, бірақ ол тым шұбалтпай, тіпті нақпа-нақ сөйлеген еді. Әйелдерге бір нәрсе ұнамай қалды ғой деймін: ол әсіресе сөзінің бас кезінде күллі денесімен алдындағы тыңдаушыларына қарай ұмтыла түсіп, бір түрлі бүкірейіп, бірақ басын шұлғи сөйлеген еді, ұзын әрі жіңішке белін тіп-тік қып бүккеніне қарағанда дәл орта тұсында бүгіліп-жазылып тұратын бір тетігі бардай көрінген-ді. Шашыраңқылау бастап, айғақтарды бытыраңқылау алып, жүйесіздеу сөйлеген секілді еді, әйтсе де, сайып келгенде соның бәрі біртұтас жинақы нәрсе болып шықты. Оның сөзін екіге бөлуге болар еді: алғашқы жартысы — бұл айыптау сөзін сынау, оны жоққа шығару, кейде тіпті кекетіп-мұқатып, мысқылдау. Бірақ сөзінің екінші жартысында ол әуенін де, тіпті тәсілін де күрт өзгертіп, шалқыған шабытты сарынға басқанда, залдағылар осы сәтті көптен күткендей бір сүйсініп қалғанын жасырған жоқ. Ол өзінің сөзін қызмет орны Петерборда болғанмен, бәз біреудің кінәсіздығына іштей сенімді болса, немесе мұны алдын ала сезсе, ондай адамды сотта қорғау үшін Ресейдің шалғайдағы шаһарларына келуі бір бұл ғана еместігінен бастады. "Менің бұл келуім де дәл сондай ниеттен туған, — деп түсіндірді ол — Тіпті газеттердегі алғашқы мақалалардан-ақ қылмыскерді арашалап қалуға жарарлықтай бірдеңенің байқалатындығы мені таңғалдырды. Бір сөзбен айтқанда, мені ең алдымен қызықтырған нәрсе, сот тәжірибесінде жиі кездессе де, меніңше, дәл осы істегідей толық және өзіне тән ерекшеліктерімен еш уақытта қайталанбаған заң айғағы болды. Бұл айғақты соңынан, айтарымды айтқасын да тұжырымдауыма болатын еді, алайда, айла-тәсілді бүкпелеп, әсерлендіру сәтін кейінге сақтамайтын әдетіме бағып, көкейдегі ойымды сөзімнің басында айтсам да ештеңе етпес деймін. Бұл менің тарапымнан, бір есептен, аңғалдық та шығар, бірақ мұның есесіне шын ниетім ғой. Менің айтпақ ойым, келер тұжырымым мынадай: айғақтардың басым көпшілігі айыпкерге қарсы, сонымен қабат, егер оларды жеке-жеке алып, ажыратып қарасақ: сын көтеретін бірде-бір айғақ жоқ! Қауесеттер мен газеттердей хабарларды одан ары қадағалаған сайын осы ойымның дұрыстығына көзім жете түсті, сөйтіп жүргенде қылмыскердің туыстары мені сотта оның қорғаушысы болуға шақырды. Содан кейін осында жеткенше асықтым, ал келген соң бәріне біржолата көзім жетті. Мен осы бір қордаланған сұмдық айғақтардың күл-талқанын шығарып, жеке-жеке алғанда әрбір айыптау айғағының күмәндылығы мен жалғандығын әшкерелеу үшін осы істі қорғауға келістім".
Қорғаушы сөзін осылай бастады да, былай деді:
"Присяжный заседатель мырзалар, мен мұнда жаңа келген адаммын. Сол себепті алған әсерімнің бәрі әділ шығар деп ойлаймын. Тентек, мінезді адуын айыпкер осы шаһарда, айталық, жүз адамды ғайбаттауы мүмкін, демек, бұлар ол жөнінде күні бұрын теріс пікірде болмақ, ал мен ондай емеспін, ол мені еш уақытта ренжіткен емес. Әрине, осы отырған қауымның адамгершілік сезімі тым ширығулы екенін мен де мойындаймын: кылмыскер тым тентек те адуын кісі. Алайда, ол осындағы қауыммен аралас-құралас болмап па еді, оны тіпті аса дарынды айыптаушымыздың шаңырағында да құшақ жая қарсы алып жүрмеп пе еді. (Nota bene. Бұл сөздер естілгенде екі-үш жерден мырс еткен күлкі естіліп, тез басылған, бірақ оны барлығы байқаған-ды. Прокурордың әйелі — аса ізгілікті һәм қадірменді, әйтсе де, қиялшыл һәм бірбеткей, кейде, көбінесе ұсақ-түйекке бола күйеуімен шекісіп қалатын ханым, неге екені қайдам, оны қызық жігіт деп санайтындықтан, үйіне Митяның келіп жүретіндігіне прокурордың лажсыздан көнетінін жұрттың бәрі білетін. Әйтсе де, Митя бұл үйге тым сирек баратын еді). Дегенмен, — деді одан ары қорғаушы, — менің оппонентім тіпті ақыл-парасаты тәуелсіз, әділ мінезді болған күннің өзінде де, мына сорлы клиентім жөнінде қайсыбір қате пікірдің күні бұрын қалыптасуы мүмкін ғой деп тартынбай айта аламын. О, бұл түсінікті, ол бейшара қасақана теріс қарауға әбден лайықты. Адамгершілік сезімнің, әсіресе сұлулық сезімнің қорлануы кейде еркіңнен тысқары болып жатады. Әрине, аса талантты айыптау сөзінен біз қылмыскердің мінезі мен қылығына тиянақты талдау жасап, бұл іске мейлінше сын көзбен қараған пікірді естідік, ең негізгісі, бізге істің мән-жайын түсіндіру үшін оның психологияға терең бойлағаны соншалық, егер ол қылмыскердің жеке басы жөнінде титтей де қасақана теріс пікірде болса, онда ол ондай тереңге әсте бара алмас та еді. Бірақ, мұндайда іске нағыз дұшпандықпен, көрінеу әділетсіз қараудан да жаман, тіпті аса қатерлі нәрселер де болады емес пе. Әсіресе, егер бізді, мысалы, былайша айтқанда, көркемдік ойынға бой ұру, көркем шығармашылыққа құштарлық еліктірсе, былайша айтқанда, роман жазуға құдай берген психологиялық дарын тасып жатса, осылай болмақ. Мұнда маған оппонент болатын кісінің аса терең де нәзік психолог екенін, ол біздің әлі толық жетілмеген заң әлемінде өзінің осы қасиетімен біршама өзгешелеу даңқы шыққан адам екенін маған Петерборда, осында жиналып жатқанымда ескерткен еді, бірақ, мен мұны ондай ескертусіз-ақ өзім де білетінмін. Алайда, мырзалар, психология дегеніміз терең дүние болғанмен, ол қалай десек те таяқтың екі басы сияқты нәрсе ғой (залда әр тұстан күлкі естілді). О, осындай қарабайыр салыстыруым үшін сіздер мені, әрине, кешірерсіздер; мен тым шешенсуге жоқпын. Алайда, айыптаушының сөзінен кез келген бір мысал келтірейін. Қылмыскер түнде, бақ ішімен қаша жөнеліп, дуалдан секірмекші болғанында аяғынан жармасқан малайды мыс келсаппен бастан ұрып сұлатып салады. Содан кейін ол қайтадан баққа секіріп түсіп, жерде талып жатқан Григорийге еңкейіп, өлді ме, жоқ па? — деп бес минут қарап тұрады. Алайда, қылмыскердің шалға жаны ашығасын қайта секіріп түскеніне айыптаушы ешбір иланғысы келмейді. "Жоқ, ондай сәтте мұндай жанашырлық болуы мүмкін емес дейді; бұл монтанылық, ол қайта секіріп түскенде зұлымдығының бірден-бір куәсінің өлі-тірісін білгісі келген, демек, ол осы қылмысты істегенін, оның кері оралатындай өзге бір себебі, өзге бір ой-сезімі жоқ екенін осы қылығымен дәлелдеген". Психология деген міне осы: енді осы психологияны алып, осы іске тағы бір рет қолданып көрейікші, тек екінші жағынан қолданайық, сонда оның шындыққа жанасымдылығы әлгіден әсте кем түспейді. Қылмыскер ішке куәнің өлі-тірісін білейінші деген сақтықпен секіріп түседі, алайда, ол әкесін өлтірген соң оның бөлмесінде — өзінің тергеуде айтқанындай, кейін оған бәле болып жабысқан сұмдық айғақты — ішінде үш мың сом ақша бар деп жазылған, жыртық пакетті тастап кетеді. "Егер ол осы пакетті алып кетсе, оның жалпы болған-болмағанын, ішінде қыруар ақша жатқанын, демек, ол ақшаның тоналғанын да бұ жалғанда тірі пенде білмес еді ғой". Бұл айыптаушының сөзі. Көресіздер ме, бірінде ол сақтықты ұмытып, сасқанынан айғақ боларлық затты еденге тастап қаша жөнелген, сосын, екі минуттен кейін тағы бір кісіні соққыға жығады да, керемет сақ, нағыз әккі бола қалады. Әйтсе де мейлі, солай-ақ болсын делік: психологияның нәзіктігі де сол, ондай жағдайда мен заматта кавказдық қыран бүркіттей қанқұмар да қырағы бола қаламын да, келесі сәтте бейнебір көртышқанша түк көрмей түртінектеп, жасқаншақ бола қаламын. Бірақ, егер мен біреуді соққыға жыққасын оның өлі-тірісін анықтау үшін ғана қайта түсетіндей, соншалықты қанқұмар, сұмдық қатыгез болсам, онда тағы бір өлікпен бес минут бойы әуреленер ме едім, өйтсем тағы бір жаңа куәға тап болмаймын ба? Жарақаттанған шалдың қанына қол орамалымды былғап нем бар, кейін өзіме қарсы айғақ болсын деп пе? Жоқ, егер біз соншалықты қатыгез де қаныпезер болсақ, онда дуалдан қайта секіріп түскесін қолдағы келсаппен сорлы немені басынан тағы бір-екі салып жіберіп, куәнің көзін біржола құрытып, жанымызға тыныштық таппаймыз ба? Сонсоң, ақыр-соңында, дуалдан түсіп куәмнің өлі-тірісін білгесін, енді екінші айғақты, бағана екі әйелден алып кеткен келсапты сол арадағы соқпаққа тастап кетемін, бірақ, бұл келсапты олар кейін танып, оны солардан алып кеткенімді айтып беретіні менің қаперіме де кірмейді. Ұмыт қалдырсам, асып-сасып, абдырап жүргенде түсіріп алсам бір сәрі: жоқ, мен оны лақтырып жібердім ғой, ол шал жатқан тұстан он бес қадамдай жерден табылады. Сонда мен не үшін бұлай еткен болып шығамын? Малай шалды өлтіргеніме ішім удай ашып, өкініп тұрып, келсапты кісі өліміне құрал болғандығы үшін қарғыс айтып лақтырып тастағанмын, басты себеп осы, өзгеше болуы мүмкін емес, әйтпесе несіне ызаланып лақтырамын. Өлімге жаны ашып, бұған өкініш білдірсе, бұл, әрине, әкесіне қол көтермегендігінен: егер ол әкесін өлтірсе, соққыға жығылған екінші кісіге жаны ашып дуалдан қайта түспес еді, онда жанашырлыққа мұрша келе ме, өз басымен қайғы болар еді, бұл, әрине, нақ осылай болғанда. Керісінше, қайталап айтамын, малай шалдың басын мылжалап тастар еді, онымен бес минут әуреленбес еді. Оның ары таза болатын, сол себепті ғана шалға жаны ашып, ізгілік білдірген. Міне, бұл енді, екінші психология. Присяжный мырзалар, мен психологиядан не қаласаң соны шығаруға болатынын сіздерге айқын дәлелдеп беру үшін сол психологияға әдейі шүйліктім. Мәселе психологияның кімнің қолында екендігінде. Ол тіпті нағыз байсалды деген кісілерді де махаббатқа еліктіреді ғой, мұны еріксіз істетеді ғой. Присяжный мырзалар, мен психологияға тым басыңқырап жіберу, оған азды-көпті қиянат қылу жөнінде айтып тұрмын".
Осы тұста жұрттың арасынан тағы да мақұлдаған күлкі естілді және оның бәрі де прокурорға қатысты еді. Қорғаушының сөзін түгел келтірмей-ақ, тек кейбір тұстарын, ең бастыларын алсам да жетпей ме.
XI
АҚША ЖОҚ БОЛАТЫН. ЕШТЕҢЕ ТОНАЛМАҒАН
Қорғаушының сөзінде жұрттың бәрін таңырқатқан, атап айтқанда сол бәле болып жабысқан үш мың сомның болғанын, демек, оның тоналуы мүмкін екенін толық жоққа шығаратын бір пункт бар-ды.
"Присяжный заседатель мырзалар, — деп бастады қорғаушы, — бұл істе кез келген жаңа, әділ адамды қайран қалдыратын бір өте қызықты ерекшелік бар, ол — біреуді сен тонадың деп айыптағанмен, нақ ненің тоналғанын атап айтудың мүлде мүмкін еместігі. Үш мың сом тоналған дейді, бірақ оның шын бар болғанын ешкім білмейді. Ойлаңыздаршы: біріншіден, үш мың сомның болғанын біз қайдан білеміз, оны кім көріпті? Ақшаны көрген және ол сыртында жазуы бар пакетте болатын деген тек малай Смердяков қана. Осы өлімнің алдында мұны қылмыскер мен оның інісі Иван Федоровичке айтқан да сол. Светлова ханымға да айтқан. Бірақ, ақшаны үшеуі де өз көзімен көрмеген, оны көрген тағы да Смердяков қана, алайда, осы арада: егер ақшаның болғаны және оны Смердяковтың көргені рас болса, онда ол бұл ақшаны соңғы рет қашан көрген?" деген сауал туады. Ал, егер қожайын оны төсектің астынан алып, Смердяковқа айтпастан қобдишаға қайта салса ше? Байқайсыздар ма, Смердяковтың айтуынша, ақша төсектің астына тығылған; қылмыскер оны төсектің астына қолын сұғып алуға тиісті емес пе, әйтсе де, төсек титтей де ұйпаланбаған, бұл туралы хаттамада ыждағаттап жазылған. Қылмыскердің төсекті қалай дегенмен мүлде ұйпаламауы, оның үстіне сол күні әдейі төселген тап-таза, жұқа ақжайманы қан-қан қолымен былғамауы тіпті де мүмкін емес қой. Бірақ бізге: пакет еденде жатқан жоқ па еді? — деуі мүмкін. Міне нақ осы пакет туралы айтуымыз қажет секілді. Бағана мен тіпті сәл таңырқап қалдым: аса талантты айыптаушымыз осы пакетті сөз еткенде, кенеттен өзі — естисіздер ме, мырзалар, оның өзі — пакет туралы айтқанда, мысалы, Смердяков өлтірді деген жорамалдың ақылға сыймайтынын көрсеткен тұсында: "Сол пакет болмаса, ол айғақ болып, еденде жатпаса, тонаушы оны алып кетсе, онда ол пакеттің болғанын, оның ішіне ақша салынғанын, демек, оны қылмыскердің тонағанын бұ дүниеде тірі пенде білмес еді" — деген жоқ па. Сонымен, қылмыскерді сен тонағансың деп айыптауға, тіпті айыптаушының өзінің мойындауы бойынша да, жазуы бар сол алақандай пакет қана дәлел болған жоқ па, "әйтпесе ақшаның тоналғанын да, керек десеңіз тіпті сол ақшаның болған-болмағанын да ешкім білмес еді". Бірақ, еденде жатқан сол жыртық пакет оның ішінде ақша болғанын және оны біреудің тонап кеткенін дәлелдей ала ма? "Бірақ, ол ақшаның пакетте екенін Смердяков көрді ғой" — дейді, сонда ол бұл ақшаны соңғы рет қашан көріпті? — мен, міне, осыны білгім келеді. Мен Смердяковпен сөйлескенмін, ол маған бұл ақшаны осы өлімнен екі күн бұрын көрдім деген! Алайда, мен, мысалы, неліктен былай деп жорамалдай алмаймын: есікті бекітіп алып, Грушеньканы күте-күте тағаты таусылған шал пакетті алып ашпақшы болса, "соны пакетке салып қайтем, көрініп тұрмағасын күмәнданып қалар, онан да өңшең қызыл аланың отызын бірдей көз алдына тоссам, бәлкім, сілекейі шұбырып кетер", — деп ойласа қайтеміз, сонсоң ол ішіндегі ақшаны алғасын, жыртылған конвертті айғақ болар деп күдіктенбестен еденге тастай салады. Қалай, присяжный мырзалар, өзге бір жорамал мен өзге бір айғақ болуы мүмкін бе? Неғып осылай болмайды? Ал егер осындай бірдеңе шынымен болса, онда тонады деген айып өзінен-өзі түсіп қалады: ақша жоқ болатын, демек, ештеңе де тоналмаған. Ал егер едендегі пакетті айғақ деп санауға және оның ішінде ақша бар болатын деуге болса, онда менің керісінше — онда ақша жоқ-ты, оны қожайынның өзі алған-ды, жыртық конверттің еденде жатқаны осыдан ғана деуіме неге болмайды? "Мақұл, бірақ, егер ақшаны пакеттен Федор Павловичтің өзі алса, онда ол ақша қайда кетеді, тінткенде оның үйінен ештеңе табылмады ғой?" — дейді. Біріншіден, ақшаның біразы оның қобдишасынан шыққан, екіншіден, ол ақшаны таңертең, тіпті бір күн бұрын алып, өзге бірдеңеге жаратуы, біреуге беруі, бір жаққа жіберуі, ақырында әуелге ойын, жоспарын мүлде өзгертуі, алайда Смердяковқа мен сөйтпекпін деп айтуды қажет көрмеуі де мүмкін емес пе? Ал егер осылай деп жорамалдауға титтей мүмкін болса, онда қылмыскерді ол тонау мақсатымен өлтірген деп және конверттегі ақша шын тоналған деп қалайша соншама қарысып айыптауға болады? Бүйте берсек керемет бір хикаяға бой ұрамыз ғой. Егер бірдеңені ұрланған десек, сол затты көрсету немесе, тым құрыса, оның сөзсіз болғанын дәлелдеу керек қой. Ал ол ақшаны тіпті ешкім көрмеген. Жуырда Петерборда бір балаң жігіт, он сегізге енді ғана толған бір бақалшы бала тапа тал түсте ақша ұсақтайтын дүкенге барып, қожайынды жан түршігерлік хайуандықпен балталап өлтіріп, мың жарым сомын алып кетіпті. Бірақ, ол бес сағаттан соң ұсталады, не бары бес сомын жұмсап үлгеріпті, қалғаны қалтасында екен. Қожайыны қазаға ұшырағаннан кейін дүкенге келген піркәзшігі полицияға қанша соманың тоналғанын ғана емес, тіпті ақшаның түр-түсін де, яки қызғылты, көкшілі, күрең қызылы қанша, алтын шақалардың қаншасы неше тиындық екенін де айтып береді, сөйтіп тұтқынның қалтасынан табылған ақша дәл соның айтқанындай болып шығады. Сонсоң, дүкеншіні өлтіріп, нақ осы ақшаларды алғанын қылмыскердің өзі де бұлталақсыз, толық мойындайды. Присяжный заседатель мырзалар, мен даусыз айғақ деп, міне, осыны айта аламын! Өйткені бұл ретте ақшаның барын білемін, оны көзбен көріп, қолмен ұстай аламын, демек, ақша жоқ және болған да емес дей алмаймын. Ал мынау істе қалай? Әңгіме адамның өмірі мен өлімі, адам тағдыры туралы болып отырған жоқ па? Бәз біреулер: "Солай солай ғой, бірақ қылмыскер сол түні нағыз қызойнақ жасап, ақшаны суша шашты, сонсоң қалтасынан мың жарым сом шықты — сонда бұл ақшаны ол қайдан алған?", — дер. Алайда, нақ мың жарымы ғана табылып, қалған жартысы қаншама іздесе де табылмағандықтан, міне нақ осы себептен мұны пакеттегі ақша деуге болмайды, бұл ақша еш уақытта ешқандай пакетте жатпаған. Алдын ала тергеуде қылмыскердің қай уақытта қайда жүргені тексеріліп (өте қатал тексеріліп) дәлелденді: қызметші әйелдерден шыққасын ол шенеунік Перхотиндікіне баруға асығады, өз үйіне де соқпайды, тіпті ешқайда кірмейді, жалпы көзден таса қалмайды, демек, оның үш мыңның жартысын шаһарда бір жерге апарып тығып тастауға мұршасы да жоқ-ты. Айыптаушының ақша Мокрое селосында бір қуысқа тығылған деп жорамалдауына міне нақ осы пікір себеп болған. Ол ақша, мүмкін, Удольф қамалының бір қуысында жатқан шығар, мырзалар? Мұның өзі қияли жорамал, қайдағы бір махаббатнама болып шықпас па екен. Сезесіздер ме, тек осы жорамал, яки ақшаның Мокроеда бір жерге тығылғаны бекерге шығарылса, тонады деген айып та түгел көкке ұшады, әйтпесе мың жарым сом қайда кеткен болып шығады? Егер қылмыскердің ешқайда кірмегені дәлелденсе, онда ақшаны ұшты-күйлі жоқ қылған не ғаламат? Осындай махаббатнамамен де адам өміріне қылыш шаппақшы боламыз-ау! "Қалтасынан шыққан мың жарымды қайдан алғанын ол қалай десек те түсіндіре алмады, оның үстіне, сол түнге дейін оның қалтасында көк тиын болмағанын жұрттың бәрі біледі" — дер тағы біреулер. Оны кім біліпті? Әйтсе де, айыпкер ақшаны қайдан алғаны жөнінде айқын да бекем жауап берді, қаласаңыздар, присяжный заседатель мырзалар, тіпті оның осы жауабынан артық нанымды, сонан соң, оның мінезі мен жан сезіміне көбірек үйлесетін өзге бір жауап болуы мүмкін емес. Айыптаушының өз хикаясы өзіне ұнаса керек: өзінің қалыңдығынан ұялмай-қызармай үш мың сом алуға дәті барған ондай жетесіз жасықтың ақшаның жартысын бойтұмар ғып мойнына салып жүруі мүмкін емес дейді, қайта керісінше, тіпті солай болған күнде де бойтұмарын күнара шетінен сөгіп жүз сомнан алып, бір айда-ақ бітірер еді дейді. Оның мұны ешбір қарсы пікірге төзбейтін зілмен айтқанын естеріңе түсіріңдерші. Ал егер барлығы мүлде басқаша болса ше, ал егер сіз мүлде өзге біреуді суреттеген хикаяға бой ұрған болсаңыз қайтеміз? Бар гәп те сіз ойлап шығарған сол өзге біреуде болып отыр ғой. Мүмкін: "Осы өлімнің алдында бір ай бұрын Верховцева ханымнан алған үш мыңды Мокрое селосында оның суша шашып бітіріп, көк тиынсыз қалғанын растайтын куәлар бар, ендеше, ол ақшаның жартысын алып қалуы мүмкін емес", — деп таласушылар табылар. Әйтсе де, ол куәлар кімдер? Сотта олардың қаншалықты адал жауап бергендігі көрінді ғой. Сонсоң, біреудің қолындағы нан қашан да үлкен көрінетіні бар емес пе. Ақырында, ол куәлардың ешқайсысы, ақшаны көзбен шамалағаны болмаса, қолында ұстап санамаған. Максимов деген куә қылмыскердің қолында жиырма мың сом болатын деген жоқ па. Бірақ, присяжный мырзалар, психологияның екі ұшы болатындықтан, енді соның екінші ұшына да қол тигізіп көруіме рұқсат етіңіздер, байқап көрелік, бұдан не шығар екен.
Осы өлімнің алдында бір ай бұрын Верховцева ханым поштамен салып жіберу керек еді деп оның қолына үш мың сом ұстатады, алайда: бағана осында айтылғанындай, ол ақшаның оған сондай қорлап, сондай кемсітіп берілгеніне сенуге бола ма? — деген сауал туады. Алғашқы жауабында Верховцева ханым бұл жөнінде мүлде басқаша айтқан еді, ал қазіргі, екінші жауабынан біз ыза мен кектің, ішті өртеген өштіктің ащы үнін ғана естідік. Куәгер ханымның алғашқы жауабында әділін айтпағандығы бізді оның мына жауабына да күдіктеніп қарауға мәжбүр етеді. Айыптаушы бұл махаббатнамаға "жолағысы келмейді, бұған оның батылы бармайды" (оның өз сөзі). Мейлі, онда мен де жоламай-ақ қояйын, алайда, егер пәк, аса инабатты әйел, ал Верховцеваның сондай ханым екеніне біздің күмәніміз жоқ, егер міне осындай әйел сотта айыпкерді құрту мақсатымен өзінің алғашқы жауабынан тайқып шыға келсе, онда оның бұл жауабының әділ, салиқалы жауап еместігі айқын екенін, дегенмен, ескерте кеткім келеді. Біздің кекшіл әйел көп нәрсені әсірелеуі мүмкін ғой деп пайымдауға хақымыз жоқ па. Иә, мен оның ақшаны жерге кірердей ғып ұялтып, масқаралап беріп едім деп әсірелеуі мүмкіндігін айтамын. Керісінше, ол ақшаны ұялмай алатындай ғып, әсіресе біздің қылмыскер сияқты жеңілтек жігіт қысылмай алатындай ғып берген-ді. Бастысы, онда ол есеп бойынша өзіне тиісті үш мың сомды әкесінен таяуда алам ғой деп үміттеніп жүрген. Бұл оның ұшқалақтығы еді, қалған ақшасын әкесі береді, ол алады, содан кейін Верховцева ханымға берешегімді поштамен жіберіп, борышымнан құтыламын деп кәміл сендірген өзінің осы ұшқалақтығы болатын. Бірақ қылмыскердің дәл сол айып тағылған күні алған ақшасының жартысын бойтұмар ғып тігіп алуы мүмкін екендігіне айыптаушының ешбір сенгісі келмейді: "оның мінезі ондай емес, оған ондай түйсік қайдан келсін"; — дейді. Бірақ та, осында Карамазов далаңбай деп айқайлаған, Карамазов кереғар қос құрдымға бірдей үңіле алады деп лепірген өзіңіз емес пе едіңіз. Карамазов нақ сондай, екі жаққа, қос құрдымға бірдей үңілетін адам, бірақ, егер екінші жақтан әлденеге таңырқап қалса, қызойнақтың қызығына қаншама құнықса да, тізгінін тарта алады. Ал екінші жақ деп отырғанымыз — ол махаббат, онда оның жүрегінде жаңа махаббат лап етіп тұтанған-ды, ал оған ақша керек, о, керек болғанда да, мына ғашығымен сайраңдауға шашылған ақшадан әлдеқайда көп керек! Қыз оған: "Федор Павловичті қайтемін — мен сендікпін" дегенде, оны дереу алып кетуі керек қой — ендеше, бұған ақша керек. Мұнымен салыстырғанда қызойнақ деген не тәйірі, Карамазов мұны неге түсінбесін? Иә, осы бір ой көкейінен кетпей мазасызданған жігіттің ақшаның жартысын бөліп алып, алда қандай күн болады деп тығып тастағанына күдіктенетін не бар? Бірақ міне, алайда, уақыт жылжи береді, ал Федор Павловичтің үш мың сомды қайтаратын түрі жоқ, қайта керісінше, мұның сол ақшасына оның ғашығын шал өзіне қаратып алмақшы дегенді естиді. Ол: "Егер Федор Павлович ақшамды қайтармаса, Катерина Ивановнаның алдында ұры болып көрінемін-ау", — деп уайымдайды. Сонсоң, бойтұмар ғып жүрген мың жарымды Верховцева ханымға алып барып: "Мен оңбаған болсам да, ұры емеспін", — деп алдына тастаймын деген ойға келеді. Міне, бұл демек, бойтұмарды сөгіп шетінен жүз сомнан ала бермей, қайта, осы мың жарымды көзінің қарашығындай сақтауының екі бірдей себебі емес пе. Айыпкердің намысы жоқ деуге сіздің қалай дәтіңіз барады? Жоқ, оның намысы бар, мейлі теріс, көп ретте тіпті қате болсын, бірақ, оның намысы бар, мен тіпті ол тым намысқой дер едім, мұны ол дәлелдеді. Бірақ міне, дегенмен, іс қиындауға айналады, оның ішін қызғаныш өртейді, бәз-баяғы екі сауал айыпкердің жатса-тұрса ойынан кетпей, "Катерина Ивановнаға берсем, Грушеньканы алып кетуге ақшаны қайдан аламын?",— деп дал болады. Егер ол осы бір ай бойы есіріп, ішкілікке салынып, трактирлерде жанжал шығарып жүрсе, бұл, бәлкім, оның өз қылығынан өзі опық жеп, төзімі таусылғандығынан шығар. Осы екі сауалдың шиеленіскені соншалық, ақыры, оны әбден түңілтіп жіберген еді. Ол әкесінен сол үш мың сомды ақырғы рет сұрауға кіші інісін жұмсайды, бірақ, оның жауабын күтпестен, өзі жетіп барып, жұрттың көзінше шалды сабап тастайды. Бұдан кейін оған әкесі ақша берейін деп тұрма, демек, өзге алатын жер жоқ. Сол күні кешке ол кеудесін, нақ мойнындағы бойтұмар тұрған тұсты қағып, оңбаған боп көрінбеудің амалы бар менде, бірақ, сөйте тұра оңбаған боп қалам ба деп қорқамын, өйткені ол амалды пайдалана алмайтынымды, бұған ділім, тұрлау-тиянағым жетпейтінін сеземін деп інісіне ант етеді. Алексей Карамазовтың бұлталақсыз, ағынан жарылған шынайы жауабына айыптаушы неліктен сенбейді? Керісінше, ақша Удольф қамалының бір қуысында жатыр дегенге сенуге мені неге зорлайды? Сол күні кешке інісімен сөйлескен соң, айыпкер кейін өзіне бәле болып жабысқан хатты жазады, енді міне сол хатты қылмыскердің ақшаны тонағандығының айғағы дейді! "Жұрттың бәрінен сұрап көремін, егер ешкім бермесе, онда әкемді өлтіремін де, төсегінің астындағы қызғылт лентамен байланған пакеттегі ақшаны аламын, тек Иван кетсе екен!" — бұл қылмыстың толық жоспары, ендеше, ол өлтірмегенде кім өлтіреді? "Дәл хатта жазылғанындай істелген!" — деп лепіреді айыптаушы. Бірақ, біріншіден, бұл мас күйі және қапы ашу үстінде жазылған хат, екіншіден, ол пакет туралы тағы да Смердяковтан естігенін жазады, ал өзі пакетті көрмеген, үшіншіден, хат жазылғанмен, барлығы хаттағыдай істелді ме, мұны немен дәлелдеуге болады? Айыпкер жастықтың астындағы пакетті алды ма, ақшаны тапты ма, тіпті сол ақшаның өзі болды ма екен? Содан кейін айыпкер онда барғанда ақшаға бола барды ма екен, естеріңе түсіріңіздерші! Ол жан ұшырып жетіп барғанда, тонау үшін емес, өзіне қасірет шектірген әйелдің тек бар-жоғын білу үшін ғана барған-ды, — демек, ол жоспармен, хатта жазылған ниетпен бармаған, яки тонау қаперінде де жоқ-ты, кенет, қызғаныштан туған ашумен барған. "Иә, бірақ ол жүгіріп барғаннан кейін шалды өлтіріп, ақшаны алып кетті ғой", — дер біреулер. Иә, сайып келгенде, ол өлтірді ме, жоқ па? Мен тонады деген айыпқа наразымын, мен оны жоққа шығарамын: егер нақ ненің тоналғанын анық айта алмасақ, тонады деп айыптауға болмайды, бұл аксиома! Әйтсе де, ол өлтіре қойды ма екен өзі, тонаусыз, жай өлтіре қойды ма екен? Бұл дәлелденді ме? Мұның өзі қайдағы бір хикая емес пе?
XII
ОЛ ЕМЕС, БАСҚА БІРЕУ ӨЛТІРГЕН
Мархабат, присяжный мырзалар, бұл арада адам өмірі таразыға түсуде, демек, сақ болуымыз керек. Қылмыскер шалды қасақана өлтірді деп айыптауға бүгінгі, сот болатын ең соңғы күнге дейін, тіпті әлгі "бәле" хат бүгін сотта көрсетілген сәтке дейін шүбә келтірілгенін біз айыптаушының өз аузынан естідік. "Хатта жазғанындай істелген!" Бірақ, мен тағы да қайталаймын: ол онда, қыздың соңынан тек оның қайда екенін білу үшін ғана барған. Бұл даусыз факті ғой. Егер қыз үйінде отырса, ол да ешқайда бармас еді, оның қасында болып, хаттағы уәдесін орындай алмас еді. Ол әншейін, кенеттен жүгіре жөнелген, ал "мас күйі жазған" хаты оның тіпті есінде де болмауы мүмкін. "Келсапты ала кетті ғой" дейді — сосын бізге сол келсаптан тұтас бір психологияны қоздатқаны естеріңізде ме: сол келсапты қайтпекші болды екен, оны неге қару етпекші болды екен және тағысын тағылар. Осы арада мынадай бір қарапайым ой келеді маған: егер сол келсап қылмыскердің көзіне түспейтін жерде жатса, сөреде емес, шкафта жатса қайтер еді? — онда келсап оның көзіне түспес еді де, ол қарусыз, құр қол кетер еді, онда, мүмкін, ешқандай өлім де болмас еді. Мен бұл келсапты біреуді өлтіру үшін пайдаланылған қарудың айғағы деп қалай айтпақпын? Иә, оның трактирлерде есіріп отырғанында әкемді өлтіремін деп еліргені рас, алайда, екі күн бұрын, мас болып хат жазған кеште ол тынышталған-ды, "Карамазов болғасын кикілжіңсіз жүре алмайтыны себепті" тек бір көпестің піркәзшігімен ғана жанжалдасқан еді. Мен бұған былай деп жауап бермекпін: егер ол біреуді өлтірмекші болса және мұны жоспармен, хатында жазғанындай ғып істегісі келсе, онда піркәзшікпен жанжалдасып қайтеді, ол тіпті трактирге де кірмес еді. өйткені мұндай қара ниет басқан кісі тыныштық іздейді, ешкімнің көрмеуі, естімеуі үшін оңаша қалады: "Мүмкін болса, мені ұмыта тұрыңдаршы", дейді — мұны тек қулықпен емес, ал ішкі түйсігімен де істейді. Присяжный мырзалар, психологияның екі ұшы болса, ондай психологияны біз де түсінеміз. Ал трактирлердегі осы бір ай бойғы айқай-шуға келсек, онда балалардың немесе қабақтан шыққан мастардың ұрсысқанда: "Мен сені өлтіремін", — деп еліретіндері аз ба, бірақ, өлтіріп жатқаны жоқ қой. Сонан соң, әлгі бәле хаттың өзі — мас кісінің елеурегені немесе қабақтан шыққан мастың: "өлтіремін, қырып-жоямын!" — деп жай айқайлағаны ғана емес пе екен! Неге бұлай болмасқа, неліктен осылай болып шықпасқа? Әлгі хат неліктен бәле болып жабысатын хат болуға тиіс, керісінше, неліктен күлкілі хат болмасқа? Оның себебі, өлген әкенің денесі табылған, қарулы қылмыскердің бақ ішімен қашып бара жатқанын көрген куә бар, ол куәні да соққыға жыққан демек, барлығы хатта жазғанындай болған, сондықтан ол, күлкілі хат емес, бәле хат болуға тиіс. Құдайға шүкір, ақырғы нүктесіне де жеттік білем: "егер ол баққа келсе, өлтірген де сол". Баққа келсе, қалай да сол деген екі сөзбен бәрінің біткені ме, бүкіл айыптау — "келсе, қалай да" деген сөздерде ғана ма. Ал егер келсе де, қалай да сол деуге болмаса ше? О, фактілердің жиынтығы, олардың дөп келуі шынында да едәуір дәлелді көрінетіндігіне мен келісемін. Бірақ, айғақтардың жиынтығымен елікпей, олардың әрқайсысын жеке-жеке алып қараңыздаршы: мысалы, қылмыскердің әкемнің терезесіне қарай беріп қаша жөнелдім деген жауабының шын болып шығу мүмкіндігіне айыптаушы неге күмән келтіреді? Қылмыскердің бойын билеген ізеттілік пен "таупықтылық" сезімді айыптаушының осында қалай мысқылдағанын естеріңе түсіріңіздерші. Ал егер сондай бірдеңе шын болса ше, яки ізеттілік болмаса да, таупықтылық болса ше? "Сол сәтте марқұм шешемнің шарапаты тисе керек", — дейді қылмыскер тергеуде, ендеше, ол әкесінің үйінде Светлованың жоғына көзі жеткесін теріс айналып кете барған. "Бірақ, терезеден қарағанда оның бар-жоғын көруі мүмкін емес", — деп қарсы дау айтады айыптаушы. Неге көре алмайды? Ол тықылдатқаннан кейін терезе ашылған еді ғой. Федор Павловичтің бірдеңе деуі, аузынан бір дыбыс шығып кетуі мүмкін емес пе — сонда Светлованың жоқ екендігіне оның заматта көзі жетпей ме. Қалай болса да, өз ойымызша, өз қиялымызша жорамалдайтынымыз неліктен? Шындығында ең нәзік романистің көзіне де шалынбайтын қисапсыз көп жайттар қылт етуі мүмкін ғой. "Иә, бірақ Григорий есіктің ашық қалғанын көрген, олай болса, айыпталушы үйге кірген, демек, өлтірген де сол". Присяжный мырзалар, бұл есік туралы... Байқайсыздар ма, есіктің ашық жатқанын бір-ақ адам көрген, алайда, оның өзі де мүшкіл халде болғаны сондай... Бірақ мейлі, тіпті есік ашық қалсын делік, мейлі қылмыскер мойындамасын, оның жағдайында әбден түсінікті жан сауғалау сезімінен өтірік айтсын делік, мейлі ол үйге кірсін, бөлмеге барсын — алайда, онда не тұр, ішке кірсе қалай да біреуді өлтіруі керек пе? Оның өңмеңдеп кіріп барып, бөлмелерді асығыс аралап көруі, ашумен әкесін итеріп қалуы, тіпті соғып жіберуі де мүмкін, бірақ ол Светлованың бұл үйде жоғын сезгесін осыған мәз болып, әкесіне тимей кеткеніне қуанып қаша жөнеледі. Бәлкім, ол әкесін жазатайым қылудан құдай сақтағанына, жүрегінің пәктігіне, әкесін мерт қылмағанына қуанғандығынан, әлі де біреуді аяп, жанашырлық білдіре алатын ақ көңілділігінен — нақ осы себептен бір минуттен кейін дуалдан төмен түсіп, ілкідегі арпалыста соққыға жығылған Григорийге қайта оралған шығар. Айыптаушы бізге қылмыскердің Мокрое селосындағы мүшкіл халін бар өнерін салып жан түршіктіре суреттеді, ал онда қайта тұтанған махаббат оны жаңа өмірге бастаған еді ғой, бірақ та оның артында әкесінің қанға бөккен өліп жатқан, демек, ар жағында дар ағашы да алыс емес-ті, сол себепті ол енді махаббатқа беріле алмайтын халде еді. Бірақ, айыптаушы қайткенмен де махаббаттың болғанын айтпай тұра алмады және де өзінің психологиясымен түсіндірді: "Ол мас болатын, қылмыскер дарға апарылады, оны әлі ұзақ күту керек, тағысын тағылар". Алайда, айыптаушы мырза, сізден тағы бір рет қайталап сұрайын: сіз өзі өзге біреуді суреттегеннен саусыз ба? Егер ол әкесінің қанына қолын шын бояған болса, онда қылмыскер дәл сондай сәтте ғашығымен ойнап-күлуді ойлап, кейін соттың алдында бұлталақтайтындай сұмдық дөрекі, соншама оспадар болғаны ма? Жоқ, жоқ дегесін жоқ! Оның шын ғашықтығына қыздың енді ғана көзі жетеді, оған қол ұстасып кетейік дейді, менімен бақытты боласың дейді, — о, ант ете аламын, егер ол әкесін өлтіріп келіп тұрса, махаббатқа берілгенше өлгенім артық шығар деп атылып өлер еді! О жоқ, тапаншаларының қайда жатқанын да ұмытпас еді! Мен қылмыскерді білемін: айыптаушының оны қасарған, қаныпезер деп атағаны оның мінезіне әсте сай келмейді. Ол өзін-өзі өлтіретін еді, бұл айдан анық; бірақ мұны істемеген себебі — "оны шешесінің аруағы сақтаған", әкесінің қанына оның жүрегі титтей де кінәсыз-ды. Мокрое селосында ол сол түні тек соққыға жығылған Григорийді уайымдап азап шеккен болатын, соның түрегеліп, есін жиюын, жарақатының жеңілдігін ғана тілеген, өзін қатал жазадан сақтай гөр деп қана құдайға шағынған. Оқиғаны неліктен осылай түсіндірмеске? Қылмыскер өтірік айтып отыр деуге біздің қандай даусыз дәлеліміз бар? Әкесінің өлігін тілге тиек етіп: жүгіріп шыққан сол емес пе еді, ендеше, шалды ол өлтірмегенде кім өлтіреді? — дер бізге тағы да.
Қайталап айтамын, айыптаудың бар логикасы мынау ғана: Шалды ол өлтірмегенде, кім өлтіруші еді? Басқа кімді айыптаймыз? — дейді. Бұл қалай, присяжный заседатель мырзалар? Күдіктенетіндей сөзге біреудің шынында да болмағаны ма? Сол түні ол үйде болған кісілер мен келіп-кетушілердің бәрін айыптаушының саусақпен қалай санағанын естідік қой. Бес адам екен. Үшеуіне еш күдік жоқ, мен бұған келісемін: бұлар — өлген кісінің өзі, Григорий деген малай шал мен оның кемпірі. Демек, қылмыскер мен Смердяков қалады, сондықтан да айыптаушы Смердяковтан басқа ешкім болмағасын қылмыскер бар кінәны соған аударып отыр, ал егер алтыншы біреу болса, тым құрыса соның елесі болса, онда ол Смердяковты қоя тұрып, кінәны сол алтыншы біреуге аударар еді деп лепіреді. Бірақ, присяжный заседатель мырзалар, менің бұған мүлде керісінше тұжырымға келуіме неге болмайды? Қылмыскер мен Смердяков екеуі қалса — онда мен сіз кінәлайтын басқа ешкімді таба алмағасын, менің клиентімді айыптап тұрсыз деп неге айта алмаймын? Ондай кісінің жоқ болатыны, сіз Смердяковты күдікті кісілер қатарынан күні бұрын әдейі шығарып тастаған болатынсыз. Рас, шалды өлтірген Смердяков деп көрсетушілер тек қылмыскердің өзі мен оның екі інісі және Светлова ғана. Бірақ, шындығында, тек осылар ғана ма екен, кейбір басқа жағдайлар да бар емес пе, қоғамда кейбір мәселе, қайсыбір күдік-күмән көмескілеу болса да сезіле бастап, бұлдырлау болса да бірдеңе естілгендей болып, жәмиғат әлденені күткендей алаңдап отырған жоқ па. Ақыр соңында фактілерді жай салыстырып көрудің өзі де мұны дәлелдемей ме: біріншіден, дәл сол күні Смердяковтың қояншығы ұстап қалады, айыптаушының мұны неліктен қызғыштай қорғаштайтыны түсініксіз. Сонсоң дәл сот болатын күннің қарсаңында Смердяков кенет асылып өледі. Бұдан кейін қылмыскердің тетелес інісінің бүгінгі жауабы да көктен түскендей болды, ағасының кінәсына осыған дейін сеніп келген ол енді сотқа бір бума ақшаны көрсетіп, шалды өлтірген Смердяков дейді! О, Иван Карамазовтың сырқат екендігіне, оның есі ауысуға айналғандығына, оның жауабы шынында да бар кінәны өлген кісіге аударып, ағасын қайтсе де арашалап қалуға жасалған сандырақ әрекет болуы мүмкін екендігіне сотпен, прокурормен бірге мен де толық сенемін. Бірақ, қалай дегенмен де Смердяковтың есімі аталды ғой, тағы да жұмбақ секілді бірдеңе естілгендей болды емес пе. Присяжный мырзалар, бұл арада бірдеңе толық айтылмай, іште бүгіліп қалған тәрізді. Бәлкім, толық айтылар әлі. Әйтсе де, мұны әзірше қоя тұралық, ол әлі алда ғой. Сот бағана мәжілісті одан ары жалғастыруға ұйғарды, қазір соны күтіп отырған кезде, мен, мысалы, айыптаушының Смердяковқа берген аса нәзік әрі ғажап сипаттамасы жөнінде өзімнің кейбір пікірімді ортаға салғым келеді. Алайда, оның талантына таңданғанмен, берген сипаттамасының мәнімен толық келісе алмаймын. Мен Смердяковта болғам, оны көргем және онымен сөйлескем де, ол менде мүлде басқа әсер қалдырған еді. Денсаулығы мәз емес-ті, бұл рас, бірақ оның, мінезі мен жүрегі — о жоқ, айыптаушының сипаттағанындай, соншалықты дәрменсіз көрінбеген. Мен оның ынжықтығын, әсіресе айыптаушы бәрімізді таңырқатып баяндаған ынжықтығын әсте байқай алмағам. Оны ақ көңіл деуге тіпті де болмас еді, керісінше, мен оның керемет күдікшіл екенін, бірақ мұны оның аңғалдығы сездірмейтінін, оның көп нәрсені пайымдауға қабілетті екенін байқағанмын. О! айыптаушының оны нақұрыс дегені тым аңғалдық болған секілді. Менің одан алған әсерім айқын: кетерімде, тегі, керемет, ызақор, тым бақкүндес, кекшіл әрі сұмдық күншіл болар деп ойлағамын. Жинаған кейбір мағлұматым да бар: ол өзінің кімнен туғанын жаман жек көрген, бұған намыстанған, "Сасық қыздан туғанын" есіне алғанда тісі шықырлап кетеді екен. Оны бала кезінен бағып-қаққан Григорий мен оның әйелін де сыйламаған. Ресейді қарғап-сілеп, күлкі қылған. Францияға кетіп, онда француз болуды армандапты. Ол үшін әттең ақшам болмай жүргені деп көбірек айтып жүрсе керек. Меніңше, ол өзінен өзге ешкімді ұнатпаған, ал өзін-өзі дәріптеуге келгенде тіпті шектен шығып кетеді екен. Білімділіктің белгісі — ол жақсы киім, таза манишка, жылтыраған етік деп санаған. Федор Павловичтің некесіз туған баласымын деп (бұған да айғақтар бар) санағандықтан, ол өзін шалдың бел балаларымен салыстырып көргесін қатты назалануы әбден мүмкін ғой; барлығы солардікі, ал бұған түк те жоқ, барлық құқық пен мұра солардікі, ал бұған қазан-ошақ басындағы аспаздық қана бұйырған. Маған ол ақшаны пакетке Федор Павлович екеуміз салғанбыз деп өзі айтқан-ды. Оның мансабына жарайтын осы қыруар ақшаның қандай мақсатқа арналғанын, әрине, ұнатпаған. Оның үстіне үш мың сом өңшең шытырлаған сары ала қағаздар көзінің жауын алған еді (бұл туралы мен әдейі сұрағамын). О, күншіл, намысқой кісіге бір уыс ақшаны еш уақытта көрсетуге болмайды, ал ол бір қолдағы соншама көп ақшаны алғаш рет көрген-ді. Бір бума сары ала қағаздар алғаш көргендіктен ештеңе етпесе де, оның қиялына теріс әсер етуі мүмкін ғой. Ерен талантты айыптаушымыз бізге Смердяков өлтірді деп айыптауға болатындығының барлық pro-сы мен eontra-сын өте шебер суреттей келіп, әйтсе де, ол не үшін қасақана талып қалады деп қазбалап сұраған еді. Иә, оның қасақана талып қалмауы да мүмкін ғой, үйреншікті ауруы өзінен-өзі ұстап қалып, сосын тағы да өзінен-өзі басылуы ғажап емес, одан кейін оянып кетуі де мүмкін. Айталық, біржола айығып кетпесе де, есі кіруі ықтимал, әдетте талма ауруларға осылай болып жатады. Айыптаушы Смердяков оны қай кезде өлтіруі мүмкін? — деп сұрайды. Меніңше, мұның жауабы оп-оңай. Қаша жөнелген қылмыскер дуалға ырғи бергенде оның аяғынан жармасқан малай шал: "Әкесін өлтірген сұмырай!" — деп айқайлаған кезде ол оянып кетіп, төсегінен атып тұрады (өйткені ол ұйықтап жатқан, ауруы ұстаған кісі біраздасын әрқашан шырт ұйқыға кетеді). Тастай қараңғы түндегі ащы айқай дәл осы кезде онша қатты ұйықтап жатпаған Смердяковты оятып жіберуі ғажап емес: мүмкін ол тіпті бір сағаттан бері шала ұйқыда жатқан шығар. Ол төсегінен тұрғасын әлі ештеңені ажыратып, аңғарып үлгірместен, айқай естілгенге не болып қалды екен деп далаға шығады. Басы мең-зең, зейін-зердесі әлі қалғып тұр, міне ол бақ ішінде, сосын жарық терезеге қарай барады, сөйтіп, оның келгеніне қуанып кеткен қожайыннан сұмдық хабарды естиді. Осы кезде оның басына бір ой сап ете қалады. Зәре-құтсыз қожайыннан бәрін бүге-шігесіне дейін естіп біліп алады. Сонымен, оның есеңгіреген, дімкәс миында бір жамандық, бірақ қызғылықты да өте қисынды ой туындайды: шалды өлтіріп үш мыңын алу керек те, соңынан бар кінәны оның өз баласына аудара салу қажет: сол өлтірді демегенде, басқа кімнен көреді, соны айыптамағанда, басқа кімді айыптайды, оның осында келгені бұған айғақ емес пе? Бір жағынан, жазасыздық туралы ой, екінші жағынан, ақшаға, оңай олжаға құштарлық оны еліктіруі мүмкін ғой. О, бір минут қана бұрын ондай сұмдық қылмысқа бару қаперіне де кірмеген кісілердің мұндайда, ең бастысы, заматта, ойда жоқта тым еліккіштігі жиі кездеседі! Сөйтіп, Смердяков қожайынның бөлмесіне кіріп, өзінің қараниет ойын іске асыруы мүмкін, ал немен, қалай дегенге келсек, — бақ ішінен алған кесек тас жетіп жатыр. Бірақ не үшін, қандай мақсатпен өлтірмек? Үш мың сом ше — мансабына жеткізетін осы емес пе. О! Мен өзіме өзім қайшы келіп тұрғам жоқ: ақшаның бар болуы әбден мүмкін. Қожайынның ақшасы нақ қайда жатқанын, оны қай жерден алуды, бәлкім, жалғыз Смердяков қана білген шығар. "Ал ақша оралған қағаз, едендегі жыртық пакет ше?" Бағана айыптаушы осы пакет туралы айта келіп, Карамазов сияқты кәнігі болмаған ұры ғана оны еденде тастап кетуі мүмкін, ал Смердяков сияқтылар артында мұндай айғақ қалдырмас болар деген өте орынды пікір білдіргенде, — бағана, присяжный мырзалар, оны тыңдап отырғанымда мен өзіме өте таныс бірдеңені екінші рет естігендей болған едім. Білесіздер ме, нақ осы пікірді, Карамазовтың пакетті қайтетіні туралы осы жорамалды соның алдында екі-ақ күн бұрын мен Смердяковтың өзінен естіген едім, ол мені тіпті таңғалдырған-ды: ол маған жорта аңқаусып, әдейі алдан орағытып, мені осындай пікірге өзі келсін дегендей, маған осы ойды ептеп қана тықпалағандай, осы ойды әдейі аңғартқандай көрінген еді. Ол осы ойын тергеушіге де сездірмейді ме екен? Мұны аса талантты айыптаушыға неғып таңбады екен? Бұған бәз біреулері я кемпір, я малай шалдың әйелі ме деуі де мүмкін-ау. Смердяковтың түні бойы ыңырсып шыққанын кемпір естіп жатты емес пе. Естігені рас, бірақ бұл тым солқылдақ дәлел. Мен ауладағы иттің шәуілінен түні бойы көз іле алмадым деп шағынған бір әйелді танитын едім. Алайда, ол күшік түнде екі-үш рет қана шаңқ етсе керек. Бұл түсінікті де; шырт ұйқыдағы адам кенет ыңырсыған дауысты естігесін оянып кетеді де, ұйқысының бұзылғанына ренжігенмен, лезде қайта қор ете түседі. Екі сағаттан кейін ол әлгі ыңырсыған дауыстан тағы оянып, тағы да қайта ұйықтап кетеді, тағы екі сағаттан кейін бұл тағы қайталанады, сөйтіп түнде үш мәрте осылай болады. Таңертең төсегінен тұрғасын ол біреу түні бойы ыңырсып ұйықтатпапты деп ренжиді. Әйтсе де, оған қалай да осылай көрінуге тиіс; ол аралықтағы екі сағат бойы ұйықтап жатқан-ды, демек, тек оянып кеткен сәті ғана есінде қалған, оны түні бойы біреу оята берген секілді көрінгені осыдан. Олай болса, Смердяков өлерінде жазған хатында мұны неге мойындамаған, мұның себебі не дейді айыптаушы. "Біріне ар-ұжданы жеткен де, екіншісіне жетпеген". Бірақ ғапу етіңіздер: ар-ұждан — бұл тәубешілік қой, бірақ оның тәубеге келе алмауы да мүмкін емес пе, онда тек торығушылық қана болған. Торығу мен тәубешілік — бұл екеуі екі түрлі нәрсе. Торыққанда кісі кекшіл, кесір болуы мүмкін, ендеше өзіне қол салуға бекінген Смердяков бұл сәтте өмір бойғы бақкүндестерін ит етінен жаман жек көруі де ғажап емес. Присяжный заседатель мырзалар, соттың қатесінен сақтаныңыздар! Менің осы айтқандарым мен түсіндірмелерімнің қай жері шындыққа жанаспайды? Осы баяндауымнан қате тауып көріңіздерші, бұлай болуы мүмкін емес, сандырақ деңіздерші? Егер солай болу мүмкіндігінің, осы жорамалымның шындыққа жанаспайтындығының тіпті болмашы ұшығын сезсеңіздер — үкімнен тартыныңыздар. Ал бұл арада тек ұшығы ғана ма екен? Дүниедегі қасиетті нәрсенің бәрімен ант етейін, бұл өлім туралы сіздерге осы баяндаған пайымдауыма өз басым кәміл сенемін. Ең бастысы, айыптаушы қылмыскерге үйіп-төккен айғақтардың ішінен аз да болса нақпа-нақ, даусыз бірде-бір айғақтың жоқтығы, бұл бейбақтың тек айғақтардың жиынтығынан ғана құрып бара жатқандығы туралы ой мені бәрінен де көбірек абыржытып, ызамды келтіреді. Иә, айғақтардың жиынтығы сұмдық нәрсе, оның саусағынан сорғалаған қан бар, жейдесіне жұққан қан бар, басы жарылған шалдың қараңғы түнде "Әкесін өлтірген сұмырай!" деп айқай салып сұлап түскені бар, сонан соңғы гулеген алыпқашты өсектер, куәліктер, ишаралар мен айқай-шу бар — о, мұның бәрі, әрине, әсер етеді, адамның сенім-ұғымына әсер етпей қоймайды, бірақ, присяжный мырзалар, ол тап сіздердің сенім-ұғымдарыңызды өзгерте ала қояр ма екен? Сіздерге қандай зор билік, әділ кесік айту билігі берілгенін еске түсіріңіздерші. Алайда билік неғұрлым күшейген сайын, оның қолданылуы да соғұрлым қиямет! Мен осы айтқанымнан зәредей де қайтпаймын, бірақ мейлі, солай-ақ болсын, менің сорлы клиентім қолын өз әкесінің қанына бояды деген айыппен бір минутке мен де келісейін. Бұл тек жорамал ғана, қайталаймын, мен оның кінәсыздығына ешбір күдіктенбеймін, бірақ мейлі, менің қылмыскерім әкесін өлтіргені үшін айыпты деп жорамалдап көрейін, алайда, егер менің тіпті осыған аузым барған күнде де, маған құлақ салыңыздаршы. Сіздерге тағы бірдеңені айту қажеттігін жүрегіммен сеземін, өйткені сіздердің жүректерің мен ақыл-парасаттарыңдағы іштей арпалысты мен көріп тұрмын... Присяжный заседатель мырзалар, сіздердің жүректеріңіз бен ақыл-парасаттарыңызды ауызға алғаныма кешіріңіздер. Бірақ менің шыншыл болғым келеді, ақиқаттан ақырына дейін тайғым келмейді. Бәріміз де ақиқатқа жүгінейікші!.."
Осы кезде қатты қол шапалақталып, қорғаушының сөзі бөлініп кетті. Соңғы сөздерін айтқанда қорғаушының тебіреніп кеткені соншалық, оның шынында да айтатын тағы бірдеңесі барын және оның өзі өте маңызды нәрсе екенін бәрі де сезген еді. Бірақ қол шапалақталғанын ұнатпаған сот төрағасы, егер "мұндай жағдай" тағы да қайталанса, онда сот залынан шығарамын деп қорқытып қойды. Барлығы тым-тырыс бола қалды, содан кейін Фетюкович осыған дейінгісінен мүлде басқа, бір түрлі өзгеше, шын пейілді лебізбен сөйлеп кетті.
XIII
ӘЗӘЗІЛ ОЙДЫҢ ҰСТАСЫ
"Присяжный заседатель мырзалар, менің клиентімнің түбіне жеткелі тұрған тек айғақтардың жиынтығы емес, — деді ол, — жоқ, оны құртатын, шындығында, бір ғана факті: ол — қарт әкенің өлігі! Жай кісі өлтіру болғанда және мардымсыз, дәлелсіз, әншейін қауесет дерлік фактілерді жинақтап алмай, әрқайсысын жеке-жеке алып қарағанда, — сіздер бұл айыптауды жоққа шығаратын едіңіздер; оның құдай сүйер қылығы жоқ екені рас, алайда күні бұрын теріс пікірде болудың салдарынан адам тағдырына бұлай қарауға болмас деп тым құрығанда күмәнданатын едіңіздер! Бірақ бұл арада жай өлім емес, әкенің өлімі ғой! Осы жағдайдың басымдылығы соншалық, айыптайтын фактілердің тіпті мүлде мардымсыздығы мен мүлде дәлелсіздігі әрі-беріден соң оншама мардымсыз, оншама дәлелсіз емес секілді көріне бастайды, барынша әділ қарауға тырысқанда да осылай болмақ. Сонда мұндай қылмыскерді қалай ақтау керек? Ол кісі өлтіреді екен, содан кейін еш жазасыз кетуі қажет пе — әркім-ақ іштей лажсыздан, ішкі түйсігімен міне осылай ойлайды. Иә, өз әкеңнің қанын төгуден асқан сұмдық жоқ бұ дүниеде, — өйткені ол қан саған өмір берген, сені сүйген, сен үшін жанын пида қылуға әзір болған, сені жөргегіңнен көзінің қарашығындай көрген, өмір бойы сенің бақытың үшін қасірет шеккен, тек сенің қуанышың мен сенің жетістігіңді көңіліне медеу тұтқан адамның қаны! О, мұндай әкені өлтіру — бұл мүмкін емес, тіпті ақылға сыймайтын іс! Присяжный мырзалар, әке, шын мағынасындағы әке деген не, неғылған құдіретті сөз бұл, осы бір атауда қандай ғаламат ұлы идея бар? Біз жаңа шын әке дегеннің не екенін, оның қандай болуға тиістілігін ішінара ғана айтып өттік. Бәріміздің назарымызды тартып, жанымызды күйзелткен бұл істегі әке, марқұм Федор Павлович Карамазов, біздің жүрегіміздегі әке туралы ұғыммен ешбір үйлеспейді. Бұл бір сор ғой. Иә, шынында да, кейбір әке сондай сордан айнымайды. Осы сорды үңіле қарастырайықшы — алдағы кесіктің өте маңыздылығы себепті, присяжный мырзалар, ештеңеден де қаймықпау керек. Біз енді тіпті онша қорқақтамауға тиістіміз, былайша айтқанда, аса талантты айыптаушының сөзін қайталасақ, балаларша немесе қорқақ әйелдерше кейбір идеялардан ат тонымызды ала қашқанымыз жөн болмайды. Әйтсе де, менің қадірменді қарсыласым (мен ләм деп ауыз ашқанға дейін де ол менің қарсыласым болған) өзінің шабытты сөзінде: "Жоқ, мен қылмыскерді ешкімге қорғатпаймын, мен оны Петербордан келген қорғаушыға беріп қоймаймын, — айыптаушы да өзім, қорғаушы да өзім!" — деп бірнеше мәрте қайталады. Алайда, айыптаушы жетімек сәби кезінде өзінің маңдайынан сипап еркелеткен жалғыз-ақ кісінің қолынан алған не бары бір қадақ жаңғаққа қалай мәз болғанын жиырма үш жыл бойы ұмытпаған зұлым қылмыскердің, міне осындай кісінің, мархабатты дәрігер Герценштубе айтқандай, әкесінің "ауласында жалаң аяқ, жалғыз түймелі дамбалда" қалай дірдектеп жүргенін де осы жиырма үш жыл бойы ұмыта алмайтынын айтуды ұмытып кетсе, оның бұл қайталауынан не барқадар. О, присяжный мырзалар, осы "сорға" жақыннан үңілмей-ақ қойсақ деймін, жұрттың бәрі білетін нәрсені тағы да қайталап қайтеміз! Әкесінің үйіне қайтып келгенде менің клиентімді қалай қарсы алды? Оны мейрімсіз, өзімшіл, жауыз ғып көрсетудің қажеті не? Ол озбыр, ол дөрекі, ол елірме, біз оны осы мінезі үшін де соттамақпыз, сонда оның тағдырына кім кінәлы, ізгілікке бейім, жүрегі жылы, сезімтал бола тұра, оның осындай теріс тәрбие алғанына кінәлы біреу бар ма? Біреу-міреу оған зерделі бол деп пе, оның ілім-білімнен хабары бар ма, сәби кезінде оны тым құрыса маңдайынан сипаған біреу болып па? Менің клиентім бір тәңірінің шарапатымен ғана, яки тағы аңша өскен. Жырақта өткізген ұзақ жылдардан кейін ол, бәлкім, әкесін көруді аңсаған шығар, ол, бәлкім, соның алдында балалық шағын көз алдына елестетіп, сәби кезінде түсіне кірген жеркенішті елестерді санасынан аластауға мың мәрте әрекет жасап, әкесін кешіріп, оны құшақтауды күллі жан дүниесімен аңсаған шығар. Сонсоң не болды? Даулы ақшаға бола оны аяр күлкімен, күдікпен, ілікпен қарсы алады; әкесінің күнде "коньяк сіміріп отырғанда" айтатын мылжыңы мен арзан дәрісінен оның жүрегі айниды, содан кейін, ақыр-соңында, ол әкесінің оған бермей жүрген ақшаға өз баласының ашынасын азғырмақшы болғанын да көреді, — о присяжный мырзалар, бұл сұмдық қой, қатыгездік қой! Сөйте тұра шалың жұрттың бәріне балам мені сыйламайды, мейрімсіз деп шағынады, барған жерінде оны қаралап отырады, кесірін тигізіп жүреді, жала жабады, оны абақтыға отырғызу үшін борышқорлық қолхаттарын қолына түсіріп алады! Присяжный мырзалар, мұндай жандар менің клиентім секілді сырт қарағанда қатыгез, елірме, озбыр көрінетін адамдар шындығында көбінесе өте нәзік жанды келеді, тек мұны сездірмейді. Менің бұл идеяма күлмеңіздер, әсте күлмеңіздер! Талантты айыптаушымыз бағана менің клиентімді ол Шиллерді жаратады, "сұлу да асқақ" нәрсені ұнатады деп жаман мазақтады. Оның, яки айыптаушының орнында болсам, мен бұған күлмес едім! Иә, ондай жүректер — о, өте сирек және тым әділетсіз ұғылатын осы бір жүректерді қорғауыма мәулет беріңіздерші, — ондай жүректер көп ретте нәзіктікті, сұлулықты, әділеттікті аңсайды және өзіне, өзінің елірмелігіне, өзінің қатыгездігіне қарай қасақана осыны аңсайды, — ойланбастан, шын аңсайды. Олар былай қарағанда құмарланғыш, қатыгез көрінсе де, мысалы, әйелді сүйсе — күйіп-жанып азап шегіп сүйеді де, рухани, асқақ махаббатты аңсайды. Маған тағы да күлмеңіздер: ондай кісілерде көбінесе міне осылай болып жатады. Олар тек осы құмарланғыштығын, кейде тіпті тым дөрекі құмарланғыштығын жасыра алмайды, — жұртты ғажаптандыратын міне осы, жұрт міне осыны ғана көреді, ал адамның жан дүниесіне үңілмейді. Олардың құмары тез тояттайды, әйтсе де, осы бір дөрекі де қатыгез секілді жігіт мейірімі төгілген, сұлу әйелмен жақындасқанда қайта түлеп жаңарудың, түзелудің, бұрынғысынан жақсы, мәртебелі де адал болудың — бағана күлкі етсе де айтайын — "асқақ та сұлу" көрінудің жолын іздесе керек! Ал клиентімнің Верховцева ханымға ғашықтығын сөз еткім келмейді деп бағана айтқанмын. Дегенмен, бірер сөз айтуға болатын шығар деймін: біз бағана осында куәнің жауабын естудің орнына, ызақор, кекшіл әйелдің зіркілін ғана естідік, опасызсың деп өзге біреу кінәласа бір сәрі, ал оның бүйтпеуі керек еді, өйткені опасыздық жасаған оның өзі! Егер ойланатындай азғана уақыты болса, ол мұндай куәлік бермес еді! Жоқ, оған сенбеңіздер, менің клиентім, ол айтқандай, "жауыз" емес! Мархабатты пайғамбарымыз өзін креске керейін деп жатқанда: "Егер қойшы қайырымды болса, онда ол алдындағы қойы үшін жанын қиюға бақұл болады, сонда бірде-бір қой өлмейді..." — деген екен. Біз де адам құрбан етіп алмайтын болайықшы! Мен жаңа: әтсе дегеніміз не? деп сауал қойып: бұл құдіретті сөз, аса қасиетті атақ, — деп жауап бердім. Бірақ, присяжный мырзалар, әр сөзді орынды пайдалану керек қой, сондықтан мен бір нәрсе өзіне лайық сөзбен, меншікті атауымен атағым келеді: өлген шал — Карамазов сияқты әкені әке деп қалай атарсың, ол бұған лайық емес. Әкеге деген сүйіспеншілік, егер оның тарапынан ақталмаса, мән-мағынадан жұрдай бос қиял болмақ. Жоқтан махаббат тумайды, жоқтан тек құдай ғана туғыза алады. Пайғамбарымыз: "Әке болсаңдар, балаларыңды ренжітпеңдер" — деп жазған ғой жүрегіндегі махаббат қызуымен. Мен бұл нақылды өз клиентім үшін ғана емес, барлық әкелер үшін еске салып тұрмын. Әкелерге дәріс айтатындай билікті маған кім берді дейсіздер ғой? Ешкім де берген жоқ. Бірақ адам әрі азамат болған соң, vivos vico1 дегім келеді. Бұ жалғанда бізге азғана ғұмыр берген, бірақ жаманшылығымыз жетіп жатыр, ғайбатымыз да көп. Сондықтан басымыз қосылған сәтті бір-бірімізге жақсы лебіз білдіру үшін пайдаланғанымыз ләзім. Мен де сөйтпекпін: мен қазір өз сәтімді пайдаланып тұрмын: мына мінберді бізге құдіреттің күшімен бекерге бермеген — бұл мінберден бізді күллі жалпақ Ресей тыңдайды. Мен осында отырған әкелерге ғана емес, барлық әкелерге: "Әке болсаңдар, балаларыңды ренжітпеңдер!" — деп жар саламын. Иә, Христостың өсиетін әуелі өзіміз орындайықшы, содан кейін балаларымыздан талап ету ешқайда қашпас. Әйтпесе біз балаларымыздың әкелері емес, дұшпандары боламыз, ал олар біздің балаларымыз емес, дұшпандарымыз болады, оларды біз өзімізге-өзіміз дұшпан қылған болып шығамыз. "Асып-тасыма, алдыңнан келуі мүмкін" — бұл менің сөзім емес, Інжілдің сөзі, ол: жәбірлеушіңнің саған істегенін сен оған істеме дейді. Егер балаларымыз бізден көргенін істесе, олардың кінәсы не? Жуырда Финляндияда бір үй күтуші қызға жасырын бала тауыпты деп күдіктенеді. Аңдып жүріп шатырдың астынан, бұрыштағы кірпіштердің артына тығылған, ешкім білмейтін сандығын тауып алады, ашып қарағанда ішінен қызыл шақа сәбидің өлігі шығады. Сандықтың түбінен ол қыздың одан бұрын туған тағы екі баласының қаңқасы табылады, сонсоң мұны ол толық мойындайды. Присяжный мырзалар, мұндай әйелді ана деуге бола ма? Иә, сәбилердің оның ішінен шыққаны рас, бірақ ол сол бейшаралардың анасы ма? Ол жөнінде ана деген қасиетті атауды айтуға қайсымыздың аузымыз барады? Присяжный мырзалар, батыл болайық, тіпті өжет болайық, қазір біз тіпті нақ осындай болуға және қайсыбір сөздер мен идеялардан "темір" мен "құбыжықтан" зәресі ұшатын мәскеулік көпес қатындарша үрікпеуге міндеттіміз. Жоқ, керісінше, соңғы жылдардағы өсіп-өркендеу бізге де қатысты екенін дәлелдеп: баланы тудырған әке — әке емес, оны 30тудырған және әкелік парызын өтеген әке ғана әке деп турасын айтуымыз керек. О, әрине, "әке" деген сөздің, әкем жауыз болса да мейлі, алайда, ол мені тудырғандықтан, қалай дегенмен, менің әкем деп саналуын талап ететін басқа мәні, басқа түсіндірмесі де бар. Әйтсе де, бұл енді, былайша айтқанда, мистикалық мәні, оны түсінуге менің миым жетпейді, өзім ұқпайтын, бірақ дін сену керек дегесін сенетін көптеген басқа нәрселер сияқты, мен бұған жай ғана сенемін, немесе, дұрысырақ айтқанда, сену керек дегесін ғана сенемін. Егер бұл осылай болса, онда ол өмір шындығынан тысқары қала-ақ берсін Ал шынайы өмірде — оның өз құқықтары бары, оған қоса ұлы міндет жүктейтіні өз алдына — бұл салада, егер біз мархабатты, ақыр-соңында христиан болғымыз келсе, ақыл-парасат пен тәжірибеде өзін-өзі ақтаған, терең толғаныста пісуі жеткен сенімді ғана қабылдауға тиістіміз және міндеттіміз, қысқасы, адамға зиян келтірмеу үшін, оны азапқа салып, мерт қып алмау үшін барлығын да ақылмен істеуіміз керек, ұйқылы-ояу, сандырақтап жүріп, зердесіз істесек тек зиян көреміз. Міне, сонда бұл шын христиандық іс болады, тек мистикалық іс қана емес, сонымен бірге нағыз парасатты, шын жанашырлық іс болады".
Осы кезде залдың көп жерінен қатты қол шапалақтала бастап еді, бірақ Фетюкович тіпті қолын сермеп, сөзімді бөлмеңдерші, айтып бітірейінші деп жалынғандай болды. Барлығы тына қалды. Шешен сөзін одан ары жалғастырып кетті.
"Присяжный мырзалар, біздің балаларымыз, айталық, есейіп қалған, айталық, бірдеңені пайымдай бастаған балаң жігіттеріміз осындай сауалға тап болмас деп ойлайсыздар ма? Жоқ, тап болғанда қандай, сол себепті олардан қолдан келмейтін нәрсені талап етіп қайтеміз! Жаман әкенің сиқы, әсіресе басқа әкелермен, басқа балалардың жақсы әкелерімен салыстырғандағы сиқы балаң жігітке осы бір қиямет-қайым сауалды лажсыздан қойғызады. Бұл сауалға: "Сені дүниеге келтірген әкең, сен оның қанынан жаралғансың, сондықтан сен оны сүюге тиістісің", — деп жауап бере салады. Сонсоң ол ойлана бастайды: "Мен дүниеге келер сәтте ол мені сүйе қойды ма екен, — деп ойға батады барған сайын таңырқаған ол, — мен оған мені тудыра ғой деп жалыныппын ба, шараптың буына балқыған ол, тап сол минутте, құмарлығы тояттаған сәтте мені де, тіпті менің жынысымды да білмеген шығар, маған тигізген бар шарапаты — қанымен бірге ішкілікке құмарлығын да сыйлағаны ма... Мен оны не үшін сүюім керек, мені тудырып, сосын өмір бойы жек кергені үшін ғана сүюім керек пе? "О, бұл сауалдар сіздерге, бәлкім, дөрекілік, қатыгездік секілді көрінер, бірақ ақылы толыспаған жастан қолдан келместі несіне талап етеміз: "Табиғатты есіктен қусаң, ол терезеден кіреді", — ең бастысы, әлгі "темір" мен "құбыжықтан" үрікпейік, бұл сауалды мистикалық ұғымның талабы бойынша шешпей, ақыл-парасат пен мархабаттылық тұрғысынан шешейік. Сонда оны қалай шешу керек? Міне былай: баласы әкесінің алдында тұрып, одан: "Әке, мен сені не үшін сүюім керек, маған осыны айтшы? Әке, сені не үшін сүюге тиісті екенімді дәлелдеші?" — деп байыптап сұрасын — егер әкесі бұл сауалға жауап беріп, дәлелдей алса — онда бұл, мистикалық соқыр сенімге сүйенбей, парасатқа, ұстамдылыққа және шын адамгершілікке сүйенетін жақсы отбасы болғаны. Керісінше, егер әкесі дәлелдей алмаса, — ол отбасы құрып біткен дей бер: ол оның әкесі емес, баласы әкесін бөтен кісі, тіпті дұшпаны деп санауға ерікті және құқықты болады. Присяжный мырзалар, біздің мінберіміз ақиқат пен кемел ұғымдардың мектебі болуға тиіс.
Осы кезде шешеннің сөзін қатты ду қол шапалақтау үзіп кетті. Әрине бүкіл зал емес, бірақ тең жартысы екені анық. Бұлар әкелер мен шешелер болатын Әйелдер отырған жоғарғы жақтан бақырған, у-шу дауыс естілді. Біреулер қол орамалымен бұлғайды. Сот төрағасы кішкентай қоңырауын қатты шылдырлата бастады. Ол залдағылардың қылығына кейіп қалды білем, әйтсе де, ілкіде қорқытқанындай, залдан "шығарып жіберуге, батылы барған жоқ: шешенге қол шапалақтап, орамалымен бұлғағандардың ішінде арт жақтағы ерекше орындарда жайғасқан ұлықтар, фрагының омырауында жұлдызы жарқыраған жақсы-жайсаңдар да бар-ды, сол себепті айқай-шу басылған соң, сот төрағасы бұрынғысынша залдан "шығарып жіберемін" деп жай есе білдірумен ғана шектелді, ал мерейі үстем болып, шабыттанып қалған Фетюкович сөзін одан ары жалғастырды.
"Присяжный заседатель мырзалар, бүгін осында көп сөз болған, баласы дуалдан ішке секіріп түсіп, әкесінің үйіне кіргеннен кейін, ақырында, оны тудырған дұшпаны әрі жәбірлеушісімен бетпе-бет келген сұмдық түн естеріңізде ме. Тап сол минутте ол көкейін ақша тесіп бармағанын мен тағы да қайталап айтамын: оны тонаушы деп айыптау барып тұрған жосықсыздық, мұны мен бұрын да айтқанмын. О, жоқ, ол үйге әкесін өлтірмекші болып кірмеген, егер ондай зұлымдық ойына келсе, онда күні бұрын қаруын сайлап алмас па еді, мыс келсапты ол, неге өйткенін өзі де білмей, жай ала салған-ды. Сонсоң, мейлі ол әкесіне есікті алдап ашқызсын, мейлі үйге кірсін — мұндай лақапқа мен бір минут те иланбайтынымды айтқанмын, әйтсе де жарайды, бір минутке солай болған деп-ақ жорамалдайық! Присяжный мырзалар, сіздерге жарық дүниедегі қасиетті нәрсенің бәрімен ант етемін, егер үйдегі кісі оның әкесі болмай, тіпті бөтен біреу болса да, ол бөлмелерді тез қарап шығып, іздеген адамның жоқ екеніне көзі жеткен соң, бақталасымен ұстаспай шығып кетер еді, қиратқанда — соғып қалар, итеріп жіберер, бірақ не бары осы ғана, өйткені басқаға оның мұршасы жоқ, іздеген кісісін тез тауып алуы керек. Бірақ оның алдында әкесі — әке емес, әкесымақ болып, оны қаршадайынан жек көрген қас дұшпаны, жәбірлеушісі енді келіп — жексұрын бақталасы боп тұрған! Әкесін көргенде оны заматта ыза кернеп, туда бойын өшпенділік билеп кетеді, ойлануға мұршасы келмей қалады" — барлығы бір-ақ минутте болады! Бұл ессіз есерлік пен есуастықтың қысқан сәті еді, алайда, бұл сонымен қабат табиғаттағы барлық нәрсе сияқты, өзінің мәңгілік заңдары үшін тынымсыз, санасыз жазалайтын табиғаттың да долданған сәті болатын. Бірақ қылмыскер шындығында әкесін өлтірмеген — мен міне, осылай деп ойлаймын, тіпті осылай деп жар салуға бармын — жоқ, ол зығырданы қайнағасын келсапты жай сермеп қалғаны болмаса, оны әсте өлтіргісі келмеген, тіпті жазатайым етуі мүмкіндігін де сезбеген. Егер сол қырсық келсап болмаса, ол әкесін жай сабап кетуі мүмкін, бірақ өлтірмес еді. Ол үйден жүгіріп шыққанда артында сұлап жатқан шалдың өлі-тірісін де білмес еді. Мұндай кісі өлтіру кісі өлтіру емес-ті. Мұндай кісі өлтіру әкені өлтірумен бірдей емес-ті. Жоқ, ондай әкені өлтіру — өз әкесін өлтіру болып саналмайды. Мұны тек ескі соқыр сенім бойынша ғана әкені өлтіруге жатқызуға болады! Бірақ, әй қайдам, шындығында оны әкесін өлтірді деуге болар ма екен — жүрегімді тебіренткен осы ойымды сіздерге тағы айтқым келеді! Присяжный мырзалар, міне біз оны соттаймыз, бірақ осыдан кейін оның өзіне-өзі не дейтінін білесіздер ме: "Олар менің тағдырым үшін, тәрбием үшін, білім алуым үшін, өнегелі болып өсуім үшін, адам болуым үшін шыбық басын да сындырған жоқ. Олар маған тамақ та, сусын да берген емес, абақтыда зарығып жатқанымда келіп хал-жайымды да білген жоқ, енді міне каторгаға айдатпақшы. Менің есебім түгел, енді оларға ешқандай берешегім жоқ, тіпті ақиретке дейін тірі пендеге борышты емеспін. Олар қайрымсыз болса, мен де тас жүрек боламын. Олар қатыгез болса, мен де қатыгез боламын" — міне ол осылай дейді, присяжный мырзалар! Мен ант етемін, егер сіздер оны айыптасаңыздар, онда оған оның ар-ұжданына тек жеңілдік жасайсыздар, онда ол төгілген қанға өкініп қиналмайды, қайта оны қарғап-сілейді де қояды. Ол ол ма, сіздер оны түзеліп адам санатына қосылу мүмкіндігінен айырасыздар, сөйтіп ол қалған өмірін қаныпезер, қатал, көрсоқыр болып өткізеді. Бірақ сіздер оны бұл дүниедегі ең сұмдық, ең қатал, ең аяусыз жазамен, бірақ оның жан дүниесін мәңгіге сақтап қалып, қайта жаңартатындай ғып жазалағыларың келе ме? Егер бұған келіссеңіздер, онда өздеріңнің рақымшылық ниеттеріңмен мысын құртыңдаршы! Оның жаны қалай тітіреп, қалай түршіккенін сіздер сонда көріп, сонда естисіздер: "Маған мұндай минутті бастан кешуге, осыншама сүйіспеншілікке бөленуге шынымен-ақ жазғаны ма, мұндай рақымшылыққа мен өзі лайық па екем" — ол міне осылай дейді! О, мен білемін, присяжный мырзалар, бұл жігіттің озбыр болса да мейрімді жүрегін мен білемін. Бұл жүрек сіздердің ерлік шешімдеріңе тағзым етеді, бұл жүрек адамға сүйіспеншіліктің қасиетті сәтін аңсайды, бұл жүрек қайта жанып, өлместей болып қайта тіріле алады. Өресі тарлығынан күллі әлемді жазғыратын жандар кездеседі. Бірақ сіздер оның мысын құрту үшін қайрымдылық көрсетіңдерші, оған сүйіспеншілікпен қараңдаршы, сонда ол өзінің кінәсын қарғап-сілеп күйінеді, өйткені оның жан-дүниесінде ізгілік ұрығы әлі жеткілікті. Оның жаны жадырап, тәңірінің рақымдылығы мен адамдардың қандай ғажап, қандай әділ екенін сезеді. Сонда кінәсына опынуы мен өтейтін қисапсыз борышы оның жанын түршіктіріп, оны езіп тастайды. Сонда ол: "Менің есебім түгел", — деп кекіреймейді, қайта: "Мен барлық адамдардың алдында кінәлымын, барлық адамдардың ішіндегі ең жаманы мен екенмін", — деп күйінеді. Көзінен өкініш жасы шығып, өзегін өртеген қасіретке тебіренген ол: "Адамдар мені су түбіне жібергісі келмеді, мені құтқарды, демек, олар менен қилым артық екен! — дейді тебіреніп. О, сіздерге мұны істеу, осы қайырымдылықты көрсету тіпті оп-оңай, ал шындыққа титтей жанаспайтын айғақ жоқта сіздерге: "Иә, айыпты", — деп айту өте қиын. Кінәсіз бір адамды жазалағаннан да, кінәлы он адамды қоя берген артық — біздің даңқты тарихымызда өткен ғасырдан шыққан осы бір асқақ үнді естисіздер ме? Сіздерге орыс соты тек жазалау ғана емес, сонымен бірге құрдымға кеткелі тұрған адамды құтқарып қалу екенін ескертетін адам мен емес! Мейлі басқа халықтарда — заңның әрпі мен жазаға жармаса берсін, ал бізде — оның рухы мен мәні, сүрінгенді сүйемелдеп қайтадан санатқа қосу қымбат. Ал егер бұл осылай болса, онда Ресей — алға қарыштай берсін, о, онда басқа халықтар тыжырынып жалт бұрылатын құйындатқан үш ат жеккенмен бізді қорқытпай-ақ қойсын! Түпкі мақсатқа салтанатпен, сабырмен жететін — құйындатқан үш ат жеккен емес, орыстың асқақ күймесі. Менің клиентімнің тағдыры, біздің орыс шындығының тағдыры сіздердің қолдарыңызда. Бұл шындықты сақтап қалатын да, оны қорғап қалатын да сіздер, бұл шындықтан айнымайтын әділ адамдардың барын, оның адал қолда екенін дәлелдейтін де сіздер!"
XIV
МҰЖЫҚТАР ДА НАМЫСҚА ТЫРЫСҚАН ЕКЕН
Фетюкович сөзін осылай аяқтағанда тыңдаушылардың сүйсінген сезімінің тегеурінін тежеу қиынға соққан еді. Енді оны тізгіндеу мүмкін болмай қалған-ды: әйелдер сыңсып жатыр, көптеген еркектер де жылады, тіпті екі ұлық та көзіне жас алды. Сот төрағасының бұған көнбеске лажы қалмады ғой деймін, ол тіпті қоңырауын шылдыратуға да асықпады. "Жұрттың мұндай керемет ықыласын басуға тырысу — бұл қасиетті нәрсені қорлағандық болар еді" — деп гуілдесті кейін әйел қауымы. Шешеннің көңілі де шын толқып кеткен еді. Міне дәл осындай сәтте біздің Ипполит Кириллович тағы бір "сөз сайысына" шықты. Оның бұл қылығын ұнатпаған әйелдер жағы: "Қалай? Мұнысы несі? Қарсылық білдіруге қалай ғана дәті барады екен?" — деп күбірлей жөнелді. Алайда дәл осы сәтте, егер тіпті прокуроршаның өзі, яки Ипполит Кириллович зайыбы бастаған бүкіл әлем әйелдері шу көтерсе де, оны тоқтату мүмкін емес-ті. Оның өңі бозарып, толқығанынан тұла бойы қалтырап кеткен-ді; аузынан шыққан алғашқы сөздері тіпті түсініксіз болды; ол ентігіп сөйлей алмады, жаңылыса берді. Бірақ та тез түзелді. Әйтсе де, мен оның осы екінші сөзінен тек бірнеше үзінді ғана келтірмекпін.
"... Сөйлегенде бейне роман жазғандай қоздатты-ай кеп деп сөгеді бізді. Сонда қорғаушының өзінің сөзі қандай екен, оның сөзі бір романнан екіншісін туындату емес пе екен? Тек өлең ғана жетпей тұр. Ашынасын күте-күте шаршаған Федор Павлович конвертті жыртып, оны еденге тастайды. Осы бір қызғылықты сәтте оның тіпті не дегені де келтірілді. Нағыз дастан емес пе бұл? Оның конверттен ақшаны алғандығының дәлелі қайда, оның не дегенін кім естіпті? Нақұрыс Смердяков өзінің некесіз туғаны үшін күллі қоғамға топырақ шашқан байрондық қаһарманға айналдырылса, бұл байрондық дәстүрдегі дастан емей не? Әкесінің үйіне жеті түнде баса-көктеп кірген баласы оны өлтірген болып шығады, сонымен бірге өлтірмеген де болып шығады — бұл тіпті роман деуге де, дастан деуге де келмейді, бұл шешімін өзі де білмеген жұмбақ айтушы бір жұмбақ жанның сөзі іспеттес. Өлтірсе — өлтірді деу керек қой, ал әуелі — өлтірген, сосын — өлтірмеген болса, мұны кім түсінеді? Сонан соң, біздің бұл мінберіміз — ақиқат пен кемел ұғымдар мінбері деп аталады да, осы "кемел ұғымдар" мінберінен баласының өз әкесін өлтіруін дәл солай әкеге қол көтеру деп атау соқыр сенім болады деп ант бермекші болады! Бірақ, егер өз әкесін өлтіру соқыр сенім болса, егер әрбір сәби өзінің әкесін: "Әке, мен сені не үшін сүюге тиістімін?" — деп тергейтін болса — онда біздің тағдырымыз не болмақ, қоғамның түп негіздері не болмақ, отбасы не болмақ? Әкені өлтіру — бұл, сезесіздер ме, мәскеулік көпес қатынның үрейін ұшыратын "құбыжық" қана екен. Тек мақсатына жету үшін, ақтауға болмайтын қылмысты ақтау үшін ғана орыс сотының міндеті мен болашағының ең қымбатты, ең қасиетті өсиеттері бұрмаланып, үстірт түсіндіріледі. "О, оның мысын құрту үшін қайырымдылық көрсетіңдерші", — дейді қорғаушы, ал қылмыскердің күтіп отырғаны да сол, оның мысы қалай басылғанын жұрттың бәрі ертең-ақ көреді әлі! Қорғаушының қылмыскерді ақтауды талап етуі тым жұпыны талап емес пе екен? Әкесін өлтірген қылмыскердің ерлігін кейінгі, жас ұрпақтың жадында қалдыру .үшін, соның есімімен аталатын арнайы стипендия белгілеуді неге талап етпеске? Інжіл мен дінді де түзетпек болады: бұл мистика дейді, ақыл-парасат пен кемел ұғымдар тұрғысынан әбден екшелген шын христиандық мына біздерде дейді. Сөйтіп, біздің алдымызға Христостың жалған бейнесін әкеп тастады. Асып-тасыма, алдыңнан келуі мүмкін дейді де, қорғаушы іле-шала Христос жәбірлеушіңнің саған істегенін сен оған істеме деп өсиет еткен ғой дейді — және де бұл сөздер ақиқат пен кемел ұғымдар мінберінен айтылады. Інжілге сөз сөйлерде ғана үңілетін ежелгі дағдымыз ғой, біз оған сөзімізді аздап әсерлендіру қажет болғанда және де қаншалықты қажеттігіне қарай кәдеге асып кетуі мүмкін осы бір қалай дегенмен де әжептәуір қызғылықты шығармамен таныстығымызды көрсетіп мақтанып қалу үшін ғана сөз салмаймыз ба! Ал Христос болса бұлай етпе дейді, олай етуден сақтан, өйткені тек кекшілдер ғана сөйтеді дейді, ал біздер кешіруге, жағымызды шапалаққа тосуға тиістіміз, біз жәбірлеушілеріміздің бізге істегенін оларға істемеуіміз керек дейді. Тәңіріміз бізді міне осыған үйреткен, ал баласының өз әкесіне қол көтеруіне тыйым салуды соқыр сенім деп атауға әсте үйретпеген. Күллі православислік Ресейдің "Біздің тәңіріміз бір өзіңсің!.." деп құлшылық ететініне қарама-қарсы, қорғаушының Христосты тек "креске керілген адам жанды бейшара" — деп қана атағанын айтып, тәңіріміздің Інжілін ақиқат пен кемел ұғымдар мінберінен түзетіп жатпай-ақ қояйық.
Осы арада сөзге киліккен сот төрағасы, осындайда айтылатын әдет бойынша, әсірелемей, шектен шықпай сөйлеуді және тағысын тағыларын ескертіп, елігіп кеткен шешенді тежеп қойды. Залдағылар да қобалжулы болатын. Жұрт қозғалақтап, тіпті наразылық та білдіріп жатты. Фетюкович қарсы ештеңе демеді, ол тек мінберге барып, қолымен жүрегін басып тұрып, ренішті дауыспен бірнеше ғана байсалды сөзін айтты. Ол "романдар" мен "психология" жөнінде мысқылдап тағы бір сәл қағытып өткен соң, бір жерінде "Юпитер, сен маған ашуланып тұрсың, демек, қателесіп тұрсың" деген сөздерді ретін тауып қыстырып жібергенде, жұрт оны қолпаштап біраз күлісіп алды, өйткені Ипполит Кириллович енді Юпитерге әсте ұқсамайтын еді. Содан кейін Фетюкович ол жас ұрпаққа әкелерін өлтіруге рұқсат етеді-міс деген айыпқа тіпті жауап беріп жатуға намыстанатынын айтты. "Христостың жалған бейнесі" және оның Христосты тәңірі деп атамай, жай "креске" керілген адам жанды бейшара" деп қана қойғандығы, "православиеге ұнамайтын нәрсе ақиқат пен кемел ұғымдар мінберінен айтылмасқа тиістігі" жөнінде Фетюкович мұның бәрі жай өсек-аяң екенін, осында келерінде мынадай мінберден "азамат ретінде және ақ патшаның адал боданы ретінде өзінің жеке басына дұшпандық болатындай" кінә айтыла қоймас деп үміттенгенін аңғартып өтті. Бірақ осы сөздер айтылған кезде сот төрағасы оны да бір тойтарып тастады, сонан соң Фетюкович басын иіп сөзін аяқтады, залдағылар оны қолпаштаған гуілмен шығарып салды. Біздің ханымдардың пікірінше, Ипполит Кириллович "біржола жаншылып" тасталған еді.
Содан кейін қылмыскердің өзіне сөз берілді. Митя орнынан түрегелді, бірақ көп сөйлеген жоқ. Тәні де, жаны да қажыған соң, оның ұнжырғасы түсіп кеткен еді. Таңертең залға кіргендегі өршілдігі мен ширақтығынан ештеңе қалмағандай. Ол бүгін ғұмыр бақилық бір аса маңызды сәтті басынан кешіріп, осыған дейін ұқпай келген бірдеңені пайымдап, зердесіне құйғандай сезінген болатын. Оның даусы баяу шыққан еді, ол енді бағанағыдай айқайламаған. Оның, сөздерінен жаңа бір әуен, мойынсұнған, жығылған, езілген секілді бірдеңе сезілген-ді.
"Присяжный мырзалар, сөйлегенде не дейін! Үкім шығатын сәт туды білем, тәңірінің қолы иығыма тигенін сезіп тұрмын. Бұзық кісінің тағдыры осылай бітпек қой! Бірақ құдайдың алдында ант етіп, сіздерге былай демекпін: "Әкемнің қанына мен кінәлы емес-ті!" Соңғы рет қайталаймын: "Оны өлтірген мен емес!" Бұзық болсам да, ізгіліктен безген жерім жоқ. Сәт сайын түзелуге тырыстым, бірақ, амал не, даладағы тағы аңша тіршілік кешіппін. Прокурорға рахмет, ол менің қаперіме де кірмеген көп жайттарға көзімді ашты, алайда мені өзінің әкесін өлтірді дегені жалған сөз, бұл арада прокурор қателесті! Қорғаушыға да рахмет, оның сөзін тыңдағанда жылап отырдым, әйтсе де, оның да мені өзінің әкесін өлтірді дегені жалған, солай шығар деп жорамалдаудың қажеті жоқ еді! Ал дәрігерлерге сенбеңіздер, жаным құлазығаны болмаса, есім дұрыс. Егер маған жанашырлық білдіріп, босатып жіберсеңіздер — қалған өміріме сіздердің тілектеріңді тілеп өтер едім. Енді түзелемін деп ант етемін, құдайдың алдында ант етемін. Ал соттасаңыздар — сапымды төбеме қойып бырт еткіземін де, екі бөлек сынығын сүйемін! Бірақ мені аясаңдаршы, құдай тағаланың рақымынан айырмаңдаршы, мен өзімді білемін ғой: онда мен күпірлік қылам! Жаным қиналып бітті, мырзалар... аясаңдаршы!"
Ол орнына сылқ еткендей болды, даусы өшіп қалғасын соңғы сөзі әрең шықты. Содан кейін сот сауал қоюға кірісіп, екі жақтың өз тұжырымдарын айтуын өтінді. Әйтсе де, бүге-шігесіне дейін тоқталғым келмейді. Ақыр-соңында присяжныйлар орындарынан тұрып, мәслихаттасуға кетті. Сот төрағасы да қатты қалжыраған еді, сондықтан ол оларға: "Әділетті қараңыздар, қорғаушының шешенсіген сөзінің жетегінде кетпеңіздер, бірақ, қалай дегенмен, салмақтап көрерсіздер, сіздерге ұлы міндет жүктелгендігін есте ұстаңыздар" деген және тағы осы сияқты мардымсыз тілек айтумен ғана шектелді. Присяжныйлар шыққаннан кейін үзіліс жарияланды. Енді орнынан тұрып, бір жаққа баруға, алған әсерді ортаға салуға, дәмхана жаққа барып жүрек жалғауға мүмкіндік туған. Түннің бір уағы болып қалған-ды, бірақ, сағат бірге жуықтаса да, жұрттың тарайтын түрі жоқ-ты. Бәрінің бір түрлі ширығып, елеңдеп қалғаны соншалық, тынышталу тіпті ешкімнің қаперіне де кірмеген. Бәрі соттың шешімін жүрегі алып ұшып күткен еді, бірақ бәрінің бірдей жүрегі соншалықты алып ұшты деуге де бола қоймас. Әйелдер жағының тағаты таусылғанмен, оның "сөзсіз ақталатындығына" жүректері сенімді болатын. Бәрі ортақ қуаныштың әсерлі сәтіне әзірленген. Шынын айтсақ, залдың еркектер отырған жағында да оның күмәнсыз ақталатындығына кәміл сенімділер өте көп-ті. Біреулері қуанып, екіншілері тұнжырап, ал үшіншілерінің басы салбырап кеткен: соңғылары — оның ақталғанын тілемегендер еді! Ал Фетюковичтің өзі қылмыскердің ақталатындығына шәк келтірмеген. Жұрт оны орталарына алып құттықтап, оның алдында жарамсақтанып жатқан еді.
Кейін сөз болғанындай, сондай бір топта Фетюкович былай депті:
— Қорғаушыны присяжныйлармен жалғастыратын көзге ілінбес бір нәзік жіп болады. Екі арадағы осы арқау сөйлеп тұрғаныңда тартылып, алдын ала ептеп сезіле де бастайды. Мен оны сезгенмін, ондай арқау жіп бар. Саспаңыздар, ұтыс біздікі болады.
Тұнжыраған, жуан, шұбар бет бір мырза — шаһар іргесіндегі помещик — әңгімелесіп тұрған мырзаларға жақындап келіп:
— Енді біздің мұжықтар не дер екен? — деп сұрайды.
— Тек мұжықтар емес қой. Онда төрт шенеунік те бар емес пе.
— Иә, шенеуніктер де бар, — деді оларға келіп қосылған земство басқармасының мүшесі.
— Ал, сіз Назарьевті, Прохор Ивановичті, білуші ме едіңіз, әлгі медаль таққан көпес присяжныйды айтам?
— Не?
— Ол ақылгөй адам.
— Бірақ үндемейді ғой.
— Үндетіп қайтесің оны, қайта үндемегені жақсы. Петербордан келген ділмәрдің дәріс айтпақшы болғанын қайтерсің, мұның өзі күллі Петерборға дәріс бере алатынын қайдан білсін ол. Ойлап қараңыздаршы, білдей он екі баласы бар!
— Бұл не, оны қалай ақтамас екен? — деп елеуреді екінші топтағы біздің жас шенеуніктердің бірі.
— Неге ақтамасын, ақтайды, — деген екінші бір өктем дауыс шықты.
— Егер ақтамаса, бұл ұят, масқара ғой! — деді әлгі шенеунік ашынып. — Мейлі, тіпті өлтірсін делік, бірақ әкенің ішінде де әкесі болады емес пе! Сосын, ақыры, қатты шамырқанып кетсе... Келсапты шынында да сермеп қалуы мүмкін ғой, оның жалп ететінін қайдан білсін. Тек малай шалды әкеп қыстырғандары жаман болған. Әншейін бір күлкілі оқиға. Қорғаушының орнында болсам, мен: өлтіргені рас, бірақ кінәсы жоқ, менің пікірім міне осындай! — деп турасын бір-ақ айтар едім.
— Ол солай істеді, тек "менің пікірім міне осылай" деп қана тұжырған жоқ.
— Жоқ, Михаил Семеныч, айтты десек те болады, — деп іліп әкетті үшінші дауыс.
— Ғапу етіңіздер, мырзалар, бізде ұлы ораза кезінде ашынасының некелі әйелін бауыздап тастамақшы болған әртісті ақтап жіберді емес пе.
— Бірақ, ол өлтірген жоқ қой.
— Бәрібір, бәрібір, пышақ жұмсаған!
— Балалар жөніндегі пікірі қандай? Ғажап емес пе!
— Ғажап болғанда қандай.
— Ал мистика туралы пікірі ше, оған қалай қарайсың?
— Мистиканы қайтесіңдер, — деп елірді біреуі, — онан да анау Ипполитті, оның ертеңгі халін ойласаңдаршы! Митенька үшін прокурорша оны түтіп жейді ғой.
— Ол осында ма еді?
— Мұнан не алады? Егер осында болса, осында-ақ түтіп жемес пе еді. Үйінен шыға алмай қор болып отыр, тісі ауырады. Хе-хе- хе!
— Хе-хе-хе!
Үшінші топта.
— Митеньканы, мүмкін, ақтап та жіберер.
— Онда жетіседі екенбіз, ертең-ақ "Астаналық шаһардың" күл-талқаны шығады, сосын он күн бойы ішеді десеңші.
— Еһ, сайтан!
— Сайтан деймісің, иә, бұған, әрине, сайтан араласқан, әзәзіл сайтан осындайға араласпағанда, қайда жүреді дейсің.
— Мырзалар, жарайды, ділмәрсіп кетті делік. Бірақ, таразымен ұрып басын жаратындай әкелердің не жазығы бар. Бүйте берсе, ақыры қайда апарып соқтырмақ.
— Ал күйме ше, естеріңде ме, күйме туралы не дегені?
— Иә, кәдімгі арбаны керемет күйме ғып шығарды ғой.
— Онда не тұр, қажет болса және бәрінің ретіне қарай, ертең-ақ күймені арбаға айналдыра салады.
— Жұрт епті болып барады ғой. Мырзалар, осы біздің Русьте шындық деген бар ма, әлде атымен жоқ па?
Алайда, осы сәтте қоңырау шылдырлады. Присяжныйлар артық-кемсіз дәл бір сағат мәслихаттасқан еді. Жұрт орындарын қайта жайғасқасын зал жым-жырт бола қалды. Присяжныйлардың залға кіргені әлі есімде. Ақыры, кесікті еститін болдық! Қандай сауалдар қойылғанын ұмытыппын, сол себепті жіпке тізгендей ғып келтірмей-ақ қояйын. Сот төрағасының бірінші және ең басты, яки "нақ тонау мақсатымен қасақана өлтірген бе?" деген сауалына (сөзбе-сөз есімде жоқ) берілген жауап қана жадымда қалыпты. Бәрі тына қалды. Присяжныйлардың дәрежесі үлкені, ішіндегі ең жас шенеунік жым-жырт залға қарап, естірте сөйлеп:
— Иә, айыпты! — деді айқын дауыспен.
Содан кейін өзге сауалдар бойынша да осылай кете берді: айыпты да айыпты, ешбір кешірім жоқ! Бұлай болар деп ешкім де күтпеген еді, жұрттың бәрі тым құрыса аз-кем кешірімділік көрсетілер деп сенген еді. Залдағы жым-жырт халық бүлк етер емес, оның жазалануын көксегендер де, ақталуын тілегендер де — бәрі де бейне қара тас болып қатып қалғандай. Содан кейін абыр-сабыр әбігершілік басталды. Еркектерден соттың үкіміне дән ризалары көп екен, олардың кейбіреулері қуанышын жасырмай, рақаттана қолын уқалап та қояды. Риза еместері еңсесі түсіп, иығын қиқаңдатып, сыбырласып жатыр, әйтсе де әлі ештеңені пайымдап үлгірмеген тәрізді. Алайда, құдай сақтасын, әсіресе әйелдердің қалай өрекпігенін көрсеңіздер ғой! Мен тіпті бүлік шығарар ма екен деп ойлаған едім. Олар әуелі өз құлағына өзі сенбегендей болды. Сонан соң, кенеттен, бүкіл залға: "Бұл не сұмдық? Бұл не масқара?" — деп айқайлаған дауыстар естілді. Бәрі өре түрегелді. Оларға, тегі, осының бәрін табан астында оп-оңай өзгертіп, басқа шешімге келуге болатындай көрінсе керек. Осы сәтте Митя атып тұрып қолын созып, өзекті өртеген ащы дауыспен:
— Құдайдың алдында, Махшардың соты алдында ант етемін, әкемнің өліміне мен кінәлы емеспін! Катя, сені кешірдім!
Ағайындар, достар, анау екінші бейбақты да аяңдаршы! — деп айқай салды.
Ол сөзін аяқтай алмады, сосын, мұндай дауыстың заматта қайдан келгенін құдай білсін, мүлде өзгеше, жаңа бір, жан түршіктіретін үнмен бүкіл залды басына көтеріп жылап жіберді. Балконның түкпір жағынан бір әйелдің зарланғаны естілді: бұл Грушенька еді. Ол бағана жалынып-жалбарынып жүріп, сотта сөз сөйлеу басталар алдында залға қайта кірген-ді. Митяны алып кетті. Үкімді жариялау ертеңге қалдырылды. Бүкіл зал дүрлігіп кетті, бірақ мен енді не болатынын күтпедім, жұрттың не деп жатқанына да құлақ салған жоқпын. Шығып бара жатқанымда, баспалдақта құлағыма шалынған мына бір пікірлер ғана жадымда қалыпты.
— Оны жиырма жыл жер астында жұмыс істеуге айдайтын болды ғой.
— Одан кем бермес.
— Иә, біздің мұжықтар да намысқа тырысқан екен.
— Біздің Митеньканы сорлатты ғой!
Төртінші және ақырғы бөлімнің соңы
ЭПИЛОГ
I
МИТЯНЫ ҚҰТҚАРУДЫҢ ЖОСПАРЫ
Алеша ағасына сот болғаннан кейін бесінші күні, таңертең ерте, сағат тоғызға кеткенде, Катерина Ивановнаның үйіне барған: оның екеуі үшін аса маңызды бір іс жөнінде түбегейлі келісіп алуы керек еді және бұған қоса оған айтатын бір аманаты да бар болатын. Катерина Ивановна онымен анада Грушеньканы қабылдаған бөлмеде әңгімелесіп отырғанда, қатарлас, екінші бөлмеде елесті ауруға шалдыққан, ес-түссіз Иван Федорович жатқан. Катерина Ивановна соттағы оқиғадан кейін іле-шала қалпақтай түсіп, есінен танып қалған Иван Федоровичті дереу өзінің үйіне алып баруға жарлық еткен болатын, мұндайда болмай қалмайтын жұрттың алып қашпа өсек-аяңын елемеген. Онымен бірге тұратын екі әпкесінің біреуі соттағы оқиғадан кейін Мәскеуге қайтып кетіп, екіншісі ғана қалған. Бірақ, олардың екеуі бірдей кетіп қалса да, Катерина Ивановна өзінің шешімін өзгертпейтін еді, ауруды күтіп, күндіз-түні оның жанынан кетпес еді. Науқасты Варвинский мен Герценштубе емдеген; ал мәскеулік дәрігер аурудың аяғы не болатынын айтудан тартынып Мәскеуге қайтып кеткен. Қалған дәрігерлер Катерина Ивановна мен Алешаның көңілін алдарқатқанмен әлі берік сендіре алмайтыны анық сезілген еді. Алеша ауру ағасына күніне екі рет келіп тұрды. Алайда, бұл жолы ол машақаты көп, алабөтен бір іспен келген еді, бұл жайында сөз бастаудың қиындығын ол күні бұрын сезген, оның үстіне асығып та отырған: бүгін таңертең екінші жерге баратын тағы бір шаруасы бар-ды, сонда кетуі керек. Олар он бес минуттей сөйлесіп отырды. Катерина Ивановна өңі қуарып, қатты қажығандай, оның үстіне бір түрлі тынышсызданып, мазасы кетіп отырғандай көрінген: әйтсе де, ол Алешаның неге келгенін алдын ала сезген-ді.
— Оның шешімі жайында қапаланбаңыз, — деді ол үнмен Алешаға. — Қалай болса да, ол бәрібір осы шешімге келеді: ол қашуға тиіс! Анау бейбақ, намыс пен ар-ұжданның серісі, мен Дмитрий Федоровичті емес, ағасы үшін өзін құрбандық еткен, анау есіктің ар жағында жатқан адамды айтамын, — деді Катерина Ивановна жанары жалт-жұлт етіп, — қашудың барлық жоспарын маған әлдеқашан айтқан. Мен сізге кейбір жайттарды айттым ғой.... Білесіз бе, ол біреулермен келісіп те қойды білем... Көресіз бе, айдауға кесілген партияны Сібірге алып жүргеннен кейін бұл, сірә, осы арадан үшінші этапта болатын шығар. О, оған әлі көп бар. Иван Федорович үшінші этаптың бастығына барып та келген. Тек ол партияның бастығы кім болатыны әлі белгісіз және мұны алдын ала білудің реті де келмей тұрғаны. Жоспарды барлық бүге-шігесімен сізге, бәлкім, ертең көрсетермін, Иван Федорович сотқа барарының алдында маған тастап кетіп еді жай-күйім не болар деп... Бұл ана жолы, есіңізде ме, бірде кешқұрым біздікіне келгеніңізде ол екеуміздің шекісіп қалғанымыздың үстінен шығып едіңіз ғой, сонда болған: ол баспалдақпен төмен түсе бергенде, сіз кірдіңіз, сосын мен оны зорлап қайта қайтардым ғой, есіңізде ме? Онда ол екеуміздің неге ренжісіп қалғанымызды білесіз бе?
— Жоқ, білмеймін, — деді Алеша.
— Әрине, онда ол сізге ештеңе сездірмеген: ол екеуміз осы Митяның қашу жоспарына бола жанжалдасқан едік. Ол маған ең бастысын үш күн бұрын айтқан, міне сонда басталған кикілжің үш күнге созылған-ды. Ол, егер сотталатын болса, Дмитрий Федорович анау сайқалды алып шетелге қашады дегенде, мен қитықтым да қалдым, неге өйткенімді айта алмаймын, өйткені мұны тіпті өзім де білмегем... О, әрине, онда мен сол сайқалдың Дмитрий Федоровичпен бірге шетелге кететініне бола қитыққамын! — деді кенеттен Катерина Ивановна ызадан дірілдеп. — Иван Федорович менің сол сайқалға бола бұлқан-талқан болғанымды көргесін мен оны Дмитрийден қызғанады екен ғой демек, Дмитрийді әлі де сүйеді екен деп ойласа керек. Ондағы жанжалдың себебі осы-ды. Менің түсіндіріп жатқым келмеді, ал кешірім сұрауға намыстандым; ананы әлі де сүйеді екен деп шүбәланғаны маған ауыр тиді. Мен Дмитрийді сүймеймін, мен тек жалғыз сені ғана сүйемін деп әлдеқашан ашық айтқаныма қарамастан, шүбәланса қалай ашуланбайын! Мен анау сайқалға қаным қайнағасын ашуланған едім! Үш күннен кейін, сіз келген күні кешке, ол маған бір желімделген конверт әкеп беріп, менімен бірдеңе болып қалса, ашып оқырсың деді. О, ол өзінің осындай дертке ұшырайтынын алдын ала сезген ғой! Ол Митяның қалай қашатынының толық жоспары осы конвертте екенін айтқан соң, егер олай-бұлай болып кетсем немесе қатты ауырып қалсам, оны сен жалғыз өзің құтқарасың деді. Сонсоң, маған он мың сомдай ақшасын қалдырды, бұл оның айырбастап әкелуге кісі жұмсағанын біреуден естіп алған прокурордың сөзінде айтылған ақша болатын. Иван Федоровичтің мені ағасынан әлі де қызғанса да және менің Митяны сүйетініме әлі де сенсе де, оны құтқару туралы ойынан қайтпағандығы және де бұл істі маған тапсырғандығы мені қайран қалдырды! О, бұл оның өзін құрбандыққа шалуы болатын! Жоқ, Алексей Федорович, өзін-өзі бұлайша құрбандыққа шалуды сіз бәрібір толық түсіне алмайсыз! Сүйсінгенімнен аяғына жығылайын деп едім, бірақ, ол мұны Митяның құтқарылатындығына менің қуанғанымның белгісі деп теріс ойлап қалар деп (ал ол сөзсіз солай ойлар еді) бұл ниетімнен тартындым, содан кейін мұндай әділетсіздік оның ойына қалай ғана келеді екен деп қаным қайнағасын ішімді ыза кернеп, оның аяғына жығылудың орнына, тағы да жанжал шығарғаным. О, мен бақытсызбын ғой! Осындай жаман, бәдбақыт мінез бергесін қайтейін! О, сіз әлі көрерсіз: осы мінезімнен ол мені тастап, анау Дмитрийше тіл табысуы оңай өзге біреумен кетіп қалады әлі, бірақ мен бұған төзе алар ма екем, онда мен өзімді-өзім мерт қылармын! Анада келгеніңізде, сізді жоғарыға шақырған соң, оған да қайта орал дедім ғой, сонда сізбен бірге қайта кіргенінде оның маған кенет оқты көзімен қадала қарағанына ызаланғасын сізге: шалды Дмитрий өлтірді деп сендірген мынау, тек осы ғана деп қалай айқайлағаным есіңізде ме! Мен оны тағы бір қорламақ болып оған қасақана бәле жапқан едім, ол ағасы — кісі өлтіруші деп мені еш уақытта сендірген емес, қайта керісінше, мен өзім оны осыған иландырмақшы болғамын! О, мұның бәрі менің кесірлігімнен! Соттағы масқара оқиғаға себепкер болған да мен, менің өзім! Ол маған өзінің ізгілігін көрсеткісі келді, тіпті мен оның інісіне ғашық болсам да, кекшілдік пен қызғаныштан оны бәрібір жардан құлатпайтынын дәлелдегісі келді. Оның сотқа барып, сөз сөйлегені содан... Бәріне мен себепкермін, мен ғана кінәлымын!
Катя әлі еш уақытта Алешаға мұндай сыр ашқан жоқ еді, сондықтан ол Катяның қайғы-қасіреті ең тәкаппар деген жүрек те менмендігінен қайтып, қайғымен күйреп түсетін халге жеткенін сезді. О, Алеша оның қазіргі жан азабының тағы бір қатты қинайтын себебін білетін, Митя сотталған соң Катя мұны білдірмеуге қаншама тырысса да, ол сезіп қалған-ды; егер Катя осы себеп жайында дәл қазір өзі сөз ете бастап, оның аяғына жығылғандай болса, неге екені қайдам, бұл Алешаға тым ауыр тиер еді. Катя өзінің соттағы "опасыздығына" жаман қапаланған, сол себепті оның ар-ожданы жылап-еңіреп, дауыс қып бақырып, күйініп, маңдайын еденге соғып мұның алдында кешірім сұрауға мәжбүр ететінін Алеша күні бұрын сезген-ді. Әйтсе де, ол ең алдымен осыдан қорқып, қасірет шеккен бикешті аян кеткен еді. Енді оның айтқалы келген аманаты онан бетер қиын секілді көрінді. Ол тағы да Митя туралы сөз бастаған еді.
— Ештеңе етпейді, түк те болмайды, ол үшін абыржымаңыз! — деді Катя тағы да қатқыл, қыңыр үн қатып, — мен оны білемін, оның жүрегі маған тым жақсы мәлім, бәрі бір-ақ минуттік нәрсе ғой. Шүбәланбаңыз, ол қашуға көнеді. Және, бір тәуірі, дәл қазір емес қой; тәуекел етуге оның әлі уақыты бар. Оған дейін Иван Федорович те айығар, сонда ол бәрін өзі тындырады, маған ештеңе қалмайды. Саспаңыз, ол қашуға келіседі. Тіпті келісті деуге де болады: бірақ ол анау сайқалын қалай тастап кетеді? Сайқалды каторгаға жібермейді, ендеше, оны өзімен бірге алып қашпағанда қайтеді? Тек сізден қаймығады, мораль тұрғысынан қарағанда сіз қашып кетуді мақұлдамай ма деп қорқады, бірақ, егер сіздің рұқсатыңыз соншалықты қажет болса, онда сіз рақымшылық жасап, бірдеме ғып рұқсат етерсіз, — деді Катя зілмен оған қоса. Сонсоң, біраз үнсіз қалды да, ақыры мырс етті.
— Анда ол, — деді Катя тағы сөз бастап, — қайдағы бір әнұранды, тағдырдың тауқыметін тартуға тиістігін, қайдағы бір парызды сөз ететін көрінеді; Иван Федоровичтің ана жолы маған бұл жөнінде көп әңгімелегенін ұмытқан жоқпын, алайда, сіз Иван Федоровичтің мұны айтқанда қалай тебіренгенін көрсеңіз ғой! — деді заматта толқып кеткен Катя, — егер сіз оның сол бейбақты сөз еткенде, бір жағынан, оны қандай жақсы көргенін, екінші жағынан, дәл сол минутте оны, бәлкім, қандай жек көргенін білсеңіз ғой! Ал мен о, мен онда оның көзіне жас алып айтқан әңгімесін тәкаппарсыған мысқылмен тыңдадым ғой! О, неткен сұмдық! Мен бе, мен сұмыраймын! Оны айықпас дертке ұшыратқан менмін! Ал анау, сотталған інісі біреу үшін қасірет шеге ала ма, қасіретшіл кісі ондай болмайды. Ондай тас жүректер еш уақытта қайғырмайды! -— деп аяқтады шытынаған Катя.
Бұл сөздерден енді өшпенділік пен жеркенішті жеккөрініштің лебі сезілген еді. Шындығында Митяға опасыздық жасаған мұның өзі ғой. "Бәлкім, оның алдындағы кінәсын сезген соң да кейбір сәттерде оны жек көретін шығар", — деп ойлады Алеша іштей. Ол тек "кейбір сәттерде" ғана болса екен деп тілеген. Катяның соңғы сөздерінен қырбайлықты сезе тұрса да, ол қарсы тіл қатқан жоқ.
— Бұған оны өзім көндіремін деген уәдеңізді естиін деп сізді бүгін әдейі шақырып едім. Әлде, сіздіңше, айдаудан қашу адалдыққа жатпай ма, ерлік іс емес пе, немесе қалай еді әлгі... христиандыққа жатпай ма, — деді Катя кекете түсіп.
— Жоқ, ештеңе емес. Мен оған бәрін айтам... — деп міңгірледі Алеша. Содан кейін ол Катяның көзіне тура қарап тұрып:
— Ол сізге бүгін келсін деп еді, — деп қойып қалды. Диванда қатар отырған Катя селк ете түсіп, тіпті шегініп қалғандай болды.
— Мені ме... қой, бұл мүмкін бе? — деп былдырлады бозарып кеткен Катя.
— Таңданатын түк те жоқ, әбден мүмкін, — деді әлгіден гөрі ширап, өктемірек сөйлеген Алеша. — Сіз оған тап қазір өте қажетсіз. Қажет болмаса, сөз бастап қайтем және сізді күні бұрын азапқа да түсірмес едім. Ол ауырады, тіпті есі ауысқан тәрізді, сізді шақырады. Ол татуласуға шақырмайды, тек барып табалдырықтан көрінсеңіз болды. Со бір күннен кейін ол көп өзгерген. Сіздің алдыңызда кінәсы көп екенін түсінеді. Кешірім сұрамақшы емес: "Мені кешіруге болмайды", — дейді ол төбе көрсеткеніңізге зар боп...
— Сіз мені қапияда... — деп былдырлады Катя, — сіздің осындай бірдеңемен келетініңізді осы күндері өзім де сезген едім... Оның шақыратынын білгем! Бірақ, мүмкін емес іс қой бұл!
— Мүмкін болмаса мейлі, алайда, сіз мүмкін болмаса да істеңізші! Сізді қорлағанына ол өмірінде бірінші рет қайран боп өкінетінін ұмытпаңыз, бұл кінәсын ол осыған дейін тап мұндай анық ұққан жоқ-ты. Ол: "Егер Катя келмесе, онда мен "өмір бойы бақытсыз боп өтемін", дейді. Естисіз бе: каторгаға кесілген сорлы тағы жиырма жыл бақытты болмақшы, неғып аянышты емес? Ойлаңызшы: сіз кінәсіз күйген бейшараға барасыз ғой, — деді Алеша ашынған үнмен, — оның қолы таза, қанға боялмаған! Тым құрыса оның алдағы шексіз қайғы-қасіреті үшін барыңыз бүгін! Барыңыз да, түнекке шығарып салыңыз... табалдырыққа барып тұрсаңыз болды... Сіздің баруыңыз керек, сіз мұны істеуге тиістісіз! — деп түйді "тиістісіз" деген сөзді әрең айтқан Алеша.
— Істеуге тиістімін, бірақ... бара алмаймын, — деді Катя назаланып, — ол маған қарайды... мен шыдай .алмаймын.
— Екеуіңнің жанарларың ұшырасуға тиіс. Егер қазір тәуекел етпесеңіз, кейін қалай өмір кешпексіз?
— Онан да ғұмыр бақи қасіретпен өткенім артық.
— Сіздің баруыңыз керек, сіз баруға тиістісіз, — деді тағы да нығарлай түскен Алеша.
— Алайда, неліктен бүгін, неліктен қазір?.. Ауру адамды қалай тастап кетем...
— Бір минутке ештеңе етпес, не бары бір минут қой. Егер бармасаңыз, онда ол кешке қарай есінен танып жатып қалатын шығар. Мен сізге өтірік айтып тұрғам жоқ, бейшараны аясаңызшы!
— Мені неге аямайсыз! — деп налыған Катя жылап жіберді.
— Демек, баратын болдыңыз ғой! — деді оның көзінен жас ыршып кеткенін көрген Алеша сенімді үнмен — Мен оған сізді қазір келеді деп айтып барамын.
— Жоқ, айтпаңыз! — деді зәресі ұшқан Катя. — Мен барамын, бірақ мұны алдын ала дабырламай-ақ қойыңыз. Өйткені барғанмен, мүмкін, ішке кірмеспін... Әлі білмеймін...
Оның үні өшіп қалды. Тынысы тарылды. Алеша түрегеліп, кетуге ыңғайланды.
— Ал, егер барғасын бәз біреумен ұшырасып қалсам қайтем? — деді заматта өңі тағы да қуарып сала берген ол баяу ғана.
— Сол себепті де қазір барыңыз, сонда ешкімді кездестірмейсіз. Шын айтам, ешкім де болмайды. Сізді күтеміз, — деп тұжырған Алеша бөлмеден шығып жүре берді.
II
БІР МИНУТКЕ ӨТІРІК ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛДЫ
Ол Митя жатқан ауруханаға асыққан еді. Сот үкім шығарған күннің ертеңіне жүйкесі құрып ауырғандықтан, Митяны шаһарымыздағы аурухананың тұтқындар бөліміне апарған болатын. Бірақ, Алеша мен көптеген басқа кісілердің (Хохлакованың, Лизаның және басқаларының) өтінуімен дәрігер Варвинский оны тұтқындардан бөлек, соның алдында ғана Смердяков жатқан кішкентай бөлмеге жайғастырған-ды. Рас, дәліздің аяғында сақшы тұрған, терезеде темір тор, сондықтан Варвинский ауру тұтқынға заңға сиыңқырамайтын жеңілдік бергендігіне онша уайымдай қоймаған; жалпы, ол қайырымды әрі кісіге жаны ашығыш жігіт еді. Ол Митя секілді адамға кісі өлтірушілер мен ала аяқтардың ортасына күмп ете қалудың қиындығын, оған әуелі біраз бой үйрету қажеттігін түсінген. Митяның туыстары мен таныстарының оған келуіне дәрігер де, қарауылшы да, исправниктің өзі де рұқсат берген-ді. Адайда, бұл күндері оған Алеша мен Грушенька ғана келген. Онымен кездесуге Ракитин де екі рет әрекет жасаған, бірақ Митя оны кіргізбеңіз деп Варвинскийден қолқалап сұраған.
Алеша келгенде ол кереуетте отырған, үстінде аурухананың халаты, аздап қызуы көтеріліпті, басын сірке су қосылған суға малған орамалмен таңып алған. Ол Алешаға делсалдау қарады, бірақ жанарынан іштегі бір үрейі сезіліп қалғандай еді.
Жалпы, Митя соттан кейін тым көп ойланатын болған-ды. Кейде қасындағы адамды ұмытып, ой түбіне жете алмай қиналған кісіше жарты сағат үн қатпай отыратын. Ал егер ойын үзіп, сөйлескісі келсе, үнемі кенеттен сөйлейтін және де көмекейіне келген сөзді айтпай, өзге бірдеңені айтатын. Кейде інісіне қасіретпен қарайтын. Оның көңілі Алешамен бірге болғандағыдан гөрі Грушамен бірге отырғанында көбірек сергитін секілді еді. Рас, ол Грушамен мүлде аз сөйлесетін, бірақ ол кіріп келгенде қуаныштан жүзі нұрланып сала беретін. Алеша үндеместен кереуетке барып, оның жанына отырды. Митя інісінің келуін дегбірсізденіп күткен, алайда одан келе сала бірдеңені сұрауға батылы бармады. Ол Катя оған келмейтін шығар, бұл ақылға сыймайтын нәрсе деп санайтын, ал егер келмесе, онда әсте көкейге қонбайтын бірдеңе болып шығатынын да сезген. Алеша ағасының халін түсінген еді.
— Трифон Борисыч, — деді Митя абыржыңқырап, — күллі мекен-жайының астан-кестеңін шығарыпты дейді: еденнің тақтайына дейін қопарыпты, "галдерей" біткенді қиратыпты дейді, прокурор мені сонда бір жерге тықты деген бәз-баяғы мың жарым ақшаны іздейтін көрінеді. Үйіне барысымен қиратуға кіріскен ғой. Ол алаяққа сол керек! Кеше маған осындағы күзетші айтты; сол жақтікі екен.
— Ол келетін болды, — деді Алеша, — бүгін келе ме, әлде таяу күнде келе ме — мұны білмеймін, бірақ келетіні анық, күмәнсыз.
Митя селк етті, бірдеңе демекші еді, бірақ үндемеді. Бұл хабар оған сұмдық қатты әсер етті. Әңгіменің бүге-шігесін білуге ынтық болса да, сұрауға қаймығатыны көрініп тұрған. Дәл осы сәтте Катядан қандай да бір қатыгездік пен қорлау есту оған пышақ салумен бірдей болар еді.
— Әйтсе де, Катя маған: қашып кету жөнінде сенің ар-ұжданыңды бірдеме ғып тыныштандыратын бол деп тапсырған еді. Егер оған дейін Иван айықпаса, онда бұл істі Катяның өзі қолға алады.
— Маған мұны айтқансың, — деді ойға батқан Митя.
— Ал сен ғой мұны Грушаға жеткізіп те үлгердің, — деді Алеша.
— Иә, — деп мойындады Митя.
— Ол бүгін таңертең келмейді, — деді ол інісіне жаутаңдай қарап. — Груша кешке келеді. Оған кеше Катяның әрекет қып жатқанын айтып едім, үндеген жоқ; аузын қисайтты да қойды. Тек: "Мейлі!" — деп қана сабыр етті. Негізгісін түсініпті. Қазбалап сұрауға батылым бармады. Катяның мені емес, Иванды сүйетінін ұққан ба қалай?
— Әй, қайдам? — деп қалды Алеша.
— Олай болмауы да мүмкін. Алайда, ол бүгін таңертең келмейді, — деп Митя тағы да қайталады, — мен оған бір істі тапсырған едім... Көрерсің, бәрімізден әлі Иван ағаң асады. Бізді қойшы тәйірі, өмір соныкі болады. Ол ауруынан айығады.
— Білесің бе, Катя оны уайымдап қалтыраса да, айығып кететіндігіне онша күмәнданбайды, — деді Алеша.
— Демек, Иванның өлетіндігіне сенімді болғаны ғой. Сенімді болатыны — ол айығып кете ме деп қорыққандығынан.
— Ағам мықты ғой. Оның айығатындығына менің де үмітім зор, — деді Алеша дегбірсізденіп.
— Иә, ол айығады. Бірақ, Катя ол өледі деп ойлайды, оның қайғысы жеткілікті...
Сонсоң үнсіздік орнады. Митяны өте шетін бірдеңе мазалап тұрғандай еді.
— Алеша, мен Грушаны жанымдай жақсы көремін, — деді кенет дірілдеп кеткен ол жылауға жуықтаған дауыспен.
— Грушаны анда, сенімен бірге жібермейді ғой, — деп іліп әкетті Алеша.
— Иә, саған тағы бірдеңені айтпақшы едім, — деді сосын Митя кенет бір түрлі сыңғырлап шыққан дауыспен, — егер жолда немесе анда барғасын ұрып-соқса, бұған көнбеймін, біреуін мерт қыламын, сосын мені атып тастайды. Жиырма жыл азап! Әлден-ақ сен дей бастады. Күзетшілер маған сен дейді. Бүгін түні бойы өзімді-өзім жазғырып азапқа салып шықтым: дайын емеспін! Көне алмаймын! Күзетшінің "сен" деп дікілдегеніне төзе алмай жатып, "әнұранға" басқым келді! Груша үшін бәріне... ұрып-соғудан өзгесінің бәріне төзер едім... Бірақ, оны анда жібермейді ғой.
Алеша ақырын жымиды.
— Аға, — деді ол, — менің пікірімді білгің келсе айтайын, тек жадыңнан шығарма. Саған өтірік айтпайтынымды білесің ғой. Енді тыңдағын: сен тағдырдың мұндай тауқыметін тартуға дайын емессің. Ол ол ма: дайын болмағандықтан, саған оның тіпті қажеті де жоқ. Егер әкемді шын өлтірген болсаң, онда мұның әділ жазасын тартудан қашқаныңа өкінер едім. Бірақ, сен кінәсізсің, сондықтан тағдырдың ондай тауқыметін тарту саған тым ауыр тиеді. Сен азап шегу арқылы өзіңді-өзің мүлде басқа адам ғып қайта тудырғың келді, меніңше, қай жаққа қашсаң да, өмір бойы, һәманда көкейіңдегі осы мүлде басқа адам боламын деген ниетіңді ұмыта көрме — саған осының өзі де жетіп жатыр. Тағдырдың осы сұмдық тауқыметін тартуға мойынсұнбауың өз парызыңды бұрынғыдан да көбірек сезуіңе, сөйтіп осы ұдайы сезінуіңмен алдағы уақытта, өмір бойы өзіңнің қайта түлеп өзгеруіңе, бәлкім, анда барғандағыдан гөрі әлдеқайда көбірек көмектесер. Өйткені ол жақта сен төзе алмайсың да, бірдеңені бүлдіресің, сосын, ақыр соңында: "Кегім қайтты", — деуің де мүмкін. Адвокат бұл жөнінде шындықты айтқан. Тағдырдың тауқыметін жұрттың бәрі бірдей көтере бермейді, кейбіреулерінің көтере алмауы да мүмкін... Естігің келсе, менің пікірім осындай. Егер де сенің қашып кеткеніңе офицерлер мен солдаттар кінәлы болып шығатын болса, онда мен сенің бұл әрекетіңе "рұқсат етпес едім", — деді Алеша жымиып.
— Бірақ, аса ептілікпен істесе, қатты жаза қолданбауы да мүмкін, болмашы бірдеңемен құтылуға болады деп айтып та, сендіріп те жүр ғой (Иванға этап бастығының өзі осылай депті). Әрине, қашып кету үшін пара беру де адалдыққа жатпайды, алайда, бұл арада мен ешбір кінә таға алмаймын, өйткені, шындығында, егер Иван мен Катя, мысалы, сені босатып алуды маған тапсырса, мен не істейтінімді білемін — барамын да, параға күзетшілерді сатып аламын; саған шындықты бүкпесіз айтып отырмын. Сондықтан мен саған төреші бола алмаймын. Бірақ, біліп қой, сені де еш уақытта кінәламаймын. Сонсоң, бұл істе мен саған қалай төреші бола аламын — бұл таңғаларлық іс боп шықпай ма? Саған бәрін ақтардым ғой деймін.
— Оның есесіне мен өзімді азап шегуге душар етуге тиістімін!— деді даусы қаттырақ шыққан Митя. — Мен қашамын, бұл сенсіз де шешілген нәрсе: Митька Карамазовтың қашпауы мүмкін бе? Бірақ, оның есесіне мен өзімді-өзім азапқа салып, қайда жүрсем де күнәмды кешіре гөр деп тәңірге жалбарынумен бүкіл өмірімді өксітіп өткіземін! Иезуиттер осылай деуші ме еді, солай ғой? Қазіргі мына екеуміз сияқты емес пе, а?
— Солай, — деді ақырын жымиған Алеша.
— Мен сені қашанда шындықты тура айтатының үшін, ештеңені бүгіп қалмайтының үшін сүйемін! — деді Митя қуанышты күлкімен — Демек, бұл Алешкамды иезуитшелеген сәтінде ұстағаным ғой! Бұл үшін мен сенің бетіңнен сау жер қалдырмай сүюім керек қой! Ал, енді қалғанын да тыңдай бер, мен саған қазір жан дүниемнің екінші жартысын да жайып салайын. Мен мынадай ойға келіп, бәрін шешіп қойдым: егер қашатын болсам және қалтамда төлқұжатым мен ақшам бола тұрса да, тіпті Америкаға қашсам да, қуаныш, бақыт іздеп қашпай, шындығында, мұндағыдан жаман болуы мүмкін екінші каторгаға қашатынымды көңіліме медеу тұтамын! Ондағы азап мұндағыдан кем болар деймісің! Алексей, шын айтам, кем болмайды! Сол сайтан алғыр Америкаңды әлден-ақ жек көремін. Мейлі Груша менімен бірге екен делік, бірақ оған қарашы өзің: қайдағы американ әйел? Ол орыс емес пе, қара тырнағына дейін орыс қой, ол кіндік кескен ата мекенін сағынбай тұра ала ма, оның осындай қасіретке, тағдырдың осындай тауқыметін тартуға мен үшін ғана көнетінін мен сағат сайын көруге мәжбүр болмаймын ба, сонда ол байғұстың жазығы не? Ол жақтағы шаруаларға, тіпті бәрі бірдей менен артық болса да, мен қалай ғана төзбекпін? Американы менің әлден суқаным сүймейді! Ондағылардың бәрі шетінен машинаның керемет білгірі немесе тағы бірдеңе болса да мейлі, олар бәрібір менімен тіл табысатын, мен ұнататын кісілер емес! Мен Ресейді сүйемін, Алексей, өзім арамза болсам да, орыстың құдайын сүйемін! Иә, мен онда боқ басында өлемін! — деді ол заматта жанары жалтылдап. Көзіне жас келгесін даусы дірілдеп кеткен еді.
— Мен, міне, осылай шештім, Алексей, естимісің! — деді ол толқығанын басқасын тағы да, — Грушаны алып барған соң — онда тағы аю мекендейтін алыс түкпірге қарай оңаша кетіп, дереу жер жыртуға кірісеміз, жұмыс істейміз. Ол жақтан бір меңіреу түкпір табылатын шығар! Қызыл күрең адамдар әлі де бар дейді ғой, олар бір қиыр шетті жайласа керек, міне сол өлкеге, соңғы могикандарға барамыз. Сонсоң, Груша екеуміз грамматиканы қолға аламыз. Жұмыс пен грамматика — үш жыл бойы осылай болады. Осы үш жылда ағылшын тіліне тіпті олардың өздерін жаңылдыратындай болып үйреніп аламыз. Содан кейін — қош бол, Америка! Осында, Ресейге, американ азаматы болып тайып береміз. Қапа болма, мұнда келмейміз. Солтүстіктің немесе оңтүстіктің бір шалғайлау жеріне сіңіп кетеміз. Оған дейін менің де, Грушаның да түр-тұрпаты өзгеретін шығар деймін, анда, Америкада, дәрігер бетімнің бір жеріне бармақтай сүйелді неғып жапсыра алмас екен, олар бекерге механик атала ма. Жоқ, онан да бір көзімді шұқып тастаймын да, бір аршын ғып аппақ қауға сақал жіберемін (Ресейді сағынып сақалым ағарады ғой) — сонда, бәлкім, мені ешкім танымас та. Ал таныса тани берсін, әзер болса тағы да жер аударатынына, тағдырдың жазғаны сол болса, оған не лаж! Неде болса алысырақ кетіп, жер жыртамыз, сөйтіп өмір бойы американ болып өтемін. Оның есесіне кіндік кескен жерде өлеміз ғой. Менің жоспарым міне осындай, осыдан әсте таймаймын. Қалай, мақұлдайсың ба?
— Мақұлдаймын, — деді оған қарсылық білдіргісі келмеген Алеша.
Митя бір минут үндемей қалды да, сосын қайта сөйлеп кетті:
— Олар сотта мені қалай отырғызды? Жаман отырғызып кетті ғой!
— Отырғызып кетпесе де, бәрібір соттайтын еді сені, — деді Алеша күрсініп.
— Иә, мұндағы жұртты мезі ғып біттім ғой! Енді мейлі не болса о болсын, оңай емес! — деді қапаланған Митя.
Бір минут тағы да үнсіздік орнады.
— Алеша, — деді сонан соң Митя, — өлтірсең де шынын айтшы, ол қазір келе ме, жоқ па, неге айтпайсың? Не деді? Қалай деді?
— Барамын деді, бірақ бүгін келетін-келмейтінін айта алмаймын, оған оңай деймісің! — деп Алеша ағасына жаутаңдай қарады.
— Әрине, оңай емес, әрине, қиын! Алеша, осы уайым-қайғыдан мен жынданатын шығармын! Груша менен көз алмайды. Түсінеді бәрін. О, тәңірім, таупықты қыла гөр: не деп кеттім? Катяның келуін талап еттім! Нені талап ететінімді түсінем бе өзі? Карамазовтардың озбырлығы ғой бұл, күнәкарлық қой бұл! Жоқ, қасіретшіл кісі мендей болмайтын шығар! Мен оңбағанмын ғой, міне осылай!
— Әне келді! — деді қуанып кеткен Алеша.
Дәл осы кезде табалдырықтан Катя көрінген. Митяға бір түрлі сасқалақтап қараған қыз сәл кідіріп қалған еді. Митя тез атып тұрғанда жүзінен қорқыныш сезіліп, бозарып кетті, алайда, сол сәтте-ақ жалынышты пішінмен жаутаңдай күлімсіреген ол Катяға екі қолын ынтыға соза берді. Мұны көргенде Катя да оған қарсы ұмтылды. Ол Митяның екі қолынан ұстай алып, төсекке күшпен қайта отырғызған соң, өзі оның жанына жайғасып, оның қолын өзінің қолынан босатпай, дегбірсізденіп қатты қыса берді. Екеуі де бірдеңе демекке бірнеше рет оңтайланғанмен үн қатқан жоқ, сосын бір-бірінен көз аудармай, тағы да үн қатпастан, репетсіз күлімсіреп отыра берді; осылай екі минут өтті.
— Мені кешірдің бе, әлде кешірген жоқсың ба? — деп міңгірледі, ақырында, Митя; содан кейін ол Алешаға жалт бұрылып, қуаныштан өңі құбылып:
— Естимісің, не деп сұрағанымды естимісің! — деді оған.
— Мен сені осы ақ жүректігің үшін сүйгенмін! — деп қалды Катя. — Саған менің кешіргенім, маған сенін кешіргенің не үшін қажет, мені кешірсең де, кешірмесең де бәрібір, мендегі жан жарасы өмір бойы жазылмайды — екеумізге де сол керек... — деп ол тыныстауға тоқтады.
— Не үшін келгенімді айтайын ба?— деді тағы да албырттанып, асығып-үсіккен Катя, — сенің аяғыңнан құшайын деп, қолыңнан қысайын деп, Мәскеуде қолыңды қалай қысушы ем, есіңде ме, міне дәл солай ауыртып қысайын деп, сен менің пірімсің, менің қуанышымсың деп, сені жан-тәніммен сүйемін деп айтуға келдім, — жан азабынан даусы бір түрлі ышқынып шыққан ол Митяның қолынан құшырлана сүйді. Екі көзінен жас ыршып кетті.
Алеша үні шықпай, мелшиіп тұрып қалды; ол өз көзіне өзі сенбеген еді.
— Ғашықтық өтті-кетті, Митя! — деді тағы да Катя, — бірақ осы сөнген махаббатым маған жанымдай қымбат. Сен мәңгі бақиға біліп қой мұны. Ал енді, бір минутке, болар іс болды ғой деп көрелікші, — деп былдырақтады күлімсіреген Катя оның көзіне тағы да сүйсіне қарап. — Сен қазір басқа әйелді сүйесің, мен де басқа жігітті сүйемін, солай бола тұрса да, сен маған, мен саған бәрібір ғашық боп өтеміз бұ дүниеден, сен мұны білесің бе? Естимісің, маған ғашық болып от, өмір бойы ғашық бол! — Оның үнінен бір түрлі зілді діріл сезілген еді.
— Ғашықпын және... білесің бе, Катя, — деді сөзінен кейін бір тыныстаған Митя, — білесің бе, мен саған осыдан бес күн бұрын, сол күні кешке ғашық болғанмын... Сен талып қалғанда, сені көтеріп алып кеткенде... Өмір бойына! Солай, өмір бойы ғашық болып өтемін.
Екеуінің бұл дидарласуы албырт сезімнен туған, ешбір мән-мағынасыз дерлік, бәлкім, тіпті жалған сөздер болуы да мүмкін еді, бірақ дәл осы минутте мұның бәрі де шындық болатын және бұған олардың өздері де кәміл сенген-ді.
— Катя, — деді Митя кенеттен, — мен өлтірді дегенге сенесің бе? Қазір сенбейтініңді білемін, бірақ анада... сотта жауап бергеніңде... Сонда неғып сендің?
— Онда да сенбегем! Ешқашан да сенген емес! Саған өшіккесін өзімді-өзім зорлап иландырғам, сол бір сәтке... Жауап бергенде...өзімді өзім солай деп иландырдым да сеніп қалдым... ал жауап бергеннен кейін қайтадан сенбейтін болдым. Бәрін біліп ал, ұмытып барады екем ғой: мен мұнда сенің алдыңда өзімді-өзім кінәлап жан азабын тарту үшін келдім! — деді ол сосын ілкідегі сүйіспеншілік сезімнің нәзік үнінен мүлде басқаша дауыспен.
— Қиналып біттің ғой! — деп қалды Митя.
— Мен енді кетейін, кейін тағы келемін ғой, — деп сыбырлады Катя, — ал қазір жаман қажып тұрғаным!..
Сонан соң орнынан тұра беріп еді, кенет бақырып қалып, кейін шегінді. Бөлмеге ойда жоқта Грушенька кіріп келген еді ақырын басып. Оны ешкім күтпеген-ді. Катя тез есікке қарай жүрді, алайда, Грушенькамен қатарласа беріп кілт тоқтай қалды да, аппақ шүберектей боп бозарған күйі:
— Мені кешіріңіз! — деді ақырын ғана.
Грушенька оған қадала қарады, сосын, бір сәттен кейін өшіккен, зәрлі дауыспен тіл қатты:
— Біз екеуміз кекшілміз ғой, бикеш! Екеуміз де кекшілміз! Бізге бір-бірімізді кешіру қайда? Онан да мынаны құтқар бірдеме ғып, сонда мен өмір бойы сенің тілеуіңді тілеп өтемін.
— Не, кешіргің келмей ме! —деп айқайлады Грушеньканы жөн-жосықсыз кінәлаған Митя.
— Қапаланба, мен оны саған құтқарып беремін! — деп сыбыр еткен Катя бөлмеден тез шығып кетті.
— Ол саған: "Кешіріңіз" — дегеннен кейін де иілмедің ғой сен, — деді күйінген Митя тағы да.
— Митя, сен оны бекерге кінәла ма, бұған хақың жоқ! — деп Алеша ағасына қатты айтып салды.
— Оныкі тәкаппар ауыздан шыққан сөз ғана, шын жүректен ақтарылған сыр ондай болмайды, — деді Грушенька тыжырынған пішінмен. — Сені құтқарса болды — бәрін кешіремін...
Грушенька бірдеңені ішінде бүгіп қалғандай үндемеді. Ол әлі есін жиып үлгермеген еді. Ол әлде қалай келіпті, мұнда Катяны кездестіремін деп ойламаған да, күтпеген де; мұның бәрі кейін мәлім болған.
— Алеша, неғып тұрсың, Катяның соңынан жүгірсеңші! — деді інісіне Митя асығып-үсігіп, — оған айт... не десең де мейлің... тек ренжімей кетсінші!
— Саған кешке таман тағы бір соғамын! — деді де Алеша, Катяның соңынан жүгірді. Ол оны аурухана ауласының сыртында қуып жетті. Катя асығып барады екен, Алеша соңынан қуып жеткесін, іле-шала былай деді:
— Жоқ, ананың алдында өзімді-өзім жерге кіргізетіндей маған не болыпты! Мен оған: "кешіріңіз" дегенде, өзімді неде болса ақырына дейін азаптайыншы деп ем. Ол кешірмеді... Мен оны осы қатыгездігі үшін ұнатамын! — Катяның даусы бұзылыңқырап, іштегі кектің ұшқыны жанарынан бір жалт етіп өткен еді.
— Ағам оны күтпеген еді, — деп міңгірледі Алеша, — оның келмейтіндігіне ол сенімді болатын...
— Оған күмәнім жоқ. Әйтсе де, мұны қоя тұралық, — деп кесіп тастады Катя. — Тыңдағын: мен енді сендермен бірге ана сорлы баланы жерлеуге бара алмаймын. Табытына қоятын гүл жіберткенмін. Ақшалары әлі болуға тиіс. Егер қажет болса, оларға бұдан былай да қол ұшын беретінімді ескертерсіз... Ал енді жүре беріңіз, рақым етіңіз, менің жалғыз қалғым келеді. Сіз шіркеуге кешіктіңіз ғой, бесін намазына қоңырау соғып жатыр. Рақым етіңіз, мені тастап жүре беріңіз!
III
ИЛЮШАНЫ ЖЕРЛЕУ. ТАС ТҮБІНДЕГІ СӨЗ
Алеша шынында да кешіккен-ді. Балалар оны күткен, бірақ ол кешіккендіктен үстіне гүл қойып безендірілген шағын табытты, олар шіркеуге өздері алып баруға ұйғарған еді. Бұл Илюша деген бейшара баланың табыты болатын. Ол Митя сотталғасын, екі күннен кейін өлген. Илюшаның жолдас балалары Алешаны қақпа алдында улап-шулап қарсы алды. Олардың бәрі оның келуін тағатсыздана күткен еді, енді міне, ақыры, оның келіп жеткеніне қуанып жатыр. Олар он екі бала болатын, бәрінің де кішкене ранеңі мен иықтан салатын сөмкесі бар. Илюшаның өлерінде: "Әкем жылайды ғой, онымен бірге болыңдар" — деп өсиет еткенін ұмытқан жоқ-ты. Бәрін бастап жүрген Коля Красоткин.
— Карамазов, сіздің келгеніңізге мен өте қуаныштымын! — деді ол Алешаға қол беріп жатып. — Қиын жағдай ғой бұл. Тіпті қарап тұруға дәтің шыдамайды. Снегирев мас емес, бүгін оның ұрттамағанын анық білеміз, бірақ бәрібір мас секілді... Менің ділім қатты ғой, әйтсе де, мынау бір ауыр жағдай болып тұрғаны. Карамазов, сіз үйге кірместен бұрын бір сауал қойсам, кідіртіп қалмас па екем?
— Ол не, Коля? — деді тоқтап тұрған Алеша.
— Айтыңызшы, сіздің ағаңыз кінәлы ма, жоқ па? Әкесін өлтірген ол ма, әлде анау малайы ма? Не десеңіз, соған шөгемін. Осыны ойлап қатарынан төрт түн ұйықтаған жоқпын.
— Оны өлтірген малай жігіт, ал менің ағамның ешқандай кінәсы жоқ, — деп жауап берді Алеша.
— Мен де солай ойлаймын! — деп айқайлап жіберді Смуров деген бала.
— Сонымен, ол шындық үшін кінәсіз құрбандық болмақ! — деді елігіп кеткен Коля.
— Құрбандық боп кетсе де, ол бақытты! Мен оған қызығам тіпті!
— Мұныңыз қалай, өйтуге бола ма екен, не үшін? — деді Алеша таңданып.
— О, егер мен де бір кезде шындық үшін өзімді осылай құрбандық ете алсам ғой, — деді Коля ширығып.
— Бірақ мұндайдың бетін аулақ қылсын, мұндай масқаралықтың да, мұндай сұмдықтың да қажеті жоқ саған! — деді Алеша.
— Әрине... менің бүкіл адамзат баласы үшін құрбандық болғым келеді, ал масқаралыққа келсек, маған бәрібір: жоғалар әзер болса атымыз. Мен сіздің ағаңызды құрмет тұтамын!
— Мен де!
Күтпеген жерден топтың ішінен анада Трояның іргесін қалаушының кім екенін білемін деп мақтанған баланың дауысы естілді; дәл сондағыдай айқайлап жібергеннен кейін құлағына дейін қып-қызыл боп шыға келді.
Алеша бөлмеге кірді. Жиегін жұқа ақ матамен бүрмелеген көгілдір табытта екі қолын кеудесіне қойып, көзін жұмып Илюша жатыр екен. Оның жадау бет-жүзі титтей де өзгермегендей, сонсоң, бір таңғаларлығы, өліктен иіс сезілмейді. Ол байсалды күйі, ойға шомып жатқан секілді. Әсіресе кеудесіне айқастырып қойған, бейне мәрмәр тастан мүсінделгендей қолдары бір түрлі сұлу көрінді. Қолына гүл ұстатып қойыпты, жалпы табыттың іші-сырты түгел гүлге оранған, бұл гүлді таңсәріден Лиза Хохлакова беріп жіберген-ді. Алайда, бұған қоса Катерина Ивановна жіберген гүл де әкелінген еді. Алеша есік ашқанда, штабс-капитан дірілдеген қолдарымен бір шоқ гүлді сүйікті ұлының үстіне жайып қойып жатқан еді. Тірі пендеге, тіпті көз жасын бұлап отырған, милау әйеліне де, бірдеме ғып ауру аяғына басып, өлген ұлына жақыннан қарауға тырысқан "шешетайына" да мойын бұрғысы келмеген ол Алешаға әрең көз салды. Балалар Нинажанды орындығымен бірге көтеріп әкеп, табытқа жақын отырғызып қойған. Ол басын табытқа сүйеген, тегі, үнін шығармай жылап отырса керек. Снегиревтің жүзі ширақ көрінгенмен, мазасызданып абыржығандық, сонымен бірге қатуланғандық та сезілетіндей. Оның қимылынан, аузынан шыққан сөздерінен есеңгірегендік сезіледі. Ол Илюшаға қарап минут сайын:
"Әкетайым, сүйікті әкетайым!" — дей берген. Оның жалғыз ұлын еркелеткенде, оған: "Әкетайым, сүйікті әкетайым!" — дейтін әдеті бар тұғын.
— Көкесі, маған да гүл берші, ананың қолынан алшы, ана бір аппақ гүлді әперші! — деді көзінен сорасы аққан милау "шешетайы". Әлде Илюшаның қолындағы кішкентай аппақ раушан гүлі ұнап кетті ме, әлде ұлының қолынан соңғы рет гүл алғысы келді ме, әйтеуір табытқа қолын созып қозғалақтап, әбігерлене берді.
— Ешкімге де бермеймін, бір талым да ұстатпаймын! — деп кіліңдеді Снегирев. — Сенікі емес, бұл Илюшаның гүлі. Барлығы соныкі, саған түк те жоқ!
— Әке, шешеме тым болмаса бір талып берсеңші! — деді көз жасы тыйылмаған Нина кенет басын көтеріп.
— Бермеймін, әсіресе оған бермеймін! Ол Илюшажанды жек көретін. Ол анада баласының ойыншық зеңбірегін алып қойған, сұраған соң қайтсын, Илюшажан ойыншығын оған сыйлаған болатын, — сол жолы баласы ойыншық зеңбірегін шешесіне беруге қалай мәжбүр болғанын есіне түсіргенде, штабс-капитан еңіреп қоя берді. Милау шеше бейшара екі қолымен бетін басып, үнін шығармай жылап отырып қалды. Өлікті алып шығатын уақыт жеткеніне қарамастан, әкесі әлі босатпайтынын сезген соң, балалар, ақыры, табытты қоршап алып көтере бастаған еді.
— Мен оны аулада жерлегім келмейді, — деп күңкілдей жөнелді Снегирев, — анау өзіміздің дөңбек тастың түбіне қоямын. Илюша осылай деген. Тимеңдер!
Ол осының алдында да, үш күн бойы, сол тастың түбіне апарып қоямын деп болмаған еді; бірақ бұған Алеша, Красоткин, үй иесі кемпір, оның сіңлісі және балалардың бәрі қарсы шыққан.
— Ойлап тапқанын қараңдар мұның, айдаладағы бір тастың түбіне апарып көме салатындай ол асылып өліп пе, — деп зіркілдеген қақсал кемпір. — Анау аула ішіндегі қасиетті топырақ бұйырмап па оған. Сонда жерленсе, анау шіркеудегі дұғаның сауабы тиіп жатады ғой. Дьякон бәйіттің әр сөзін нақышына келтіріп оқығанда, бейне бір соның бейіті басында оқылғандай, бәрі анық естіліп, оған жетіп жатпай ма...
Ақыры, штабс-капитан: "Қайда апарсаңдар онда апарыңдар!" — дегендей қолын сілтеді. Балалар табытты көтеріп алды, сонсоң, шешесінің алдынан өтерде, ол ұлымен қоштасып қалсын деп бір минутке тоқтап, табытты жерге қойды. Бірақ, үш күн бойы анадайдан ғана көз салған бейбақ ана жалғызының ақ жүзін жақыннан көргенде дірілдеп-қалшылдап, ақ шашын табытқа жайып жіберіп, басын жұлқына шайқалақтата бастады.
— Шеше, шоқындырсаңшы оны, пәтиқаңды беріп, бетінен сүйсеңші, — деп дауыстады Нина.
Алайда, шешесі басын дамылсыз шайқап, үні өшіп, өзегін өртеген күйініштен сұрқы бұзылып, бір кезде кеудесін ұра бастады. Сонсоң табытты ары алып өтті. Өзінің алдынан алып өткенде Нина марқұм інісінің аузына соңғы рет ернін тигізді. Алеша сыртқа шығарында үй иесіне бөлмеде қалғандарға бас-көз бола тұрыңыз дей беріп еді, оның сөзін аяқтатпаған кемпір:
— Әрине, солардың жанында боламын, біз де құдайдың құлымыз ғой, — деді жылап тұрып.
Шіркеуге дейін алыс емес-ті, үш жүз қадамдай ғана, одан аспайды. Күн ашық, желсіз еді; шыңылтырлау аяз. Ғибадатқа шақырған қоңырау үні әлі басылмаған. Ескі, тылтиған, жұқалаң пәлтесін киіп, жалпақ жиекті, мыжырайған қалпағын қолына ұстаған, жалаң бас Снегирев табыттың соңынан жайдан-жай абыржып, дегбірсізденіп келе жатқан. Не істерін білмегендей, біресе табыттың бас жағынан ұстауға қолын созып, біресе қайтадан бүйір тұстан келіп бір жерінен ұстауға тырысып, табытты көтеріп келе жатқандарға бөгет жасай берді. Бір тал гүл қарға түсіп еді, соны жоғалтса кешірілмес күнәға бататындай, жанталаса көтеріп алды.
— Әлгі нанның қыртысын алуды ұмыттық білем! — деді ол кенет қатты зәресі ұшып. Бірақ, балалар бір тілім нанның қыртысын ол бағана алып қалтасына салғанын сол сәтте-ақ есіне салды. Бір үзім нанның қыртысын қалтасынан алып көргеннен кейін ол тез тынышталды.
— Илюшажан тапсырған еді, Илюшажан, — деп түсіндірді ол Алешаға, — түні бойы көз ілмеді, мен оның жанында отырдым, бір кезде ол: "Әкетай, менің басыма шымшықтар келіп тұрсын десең бейітімнің үстіне бір үзім нанның қыртысын үгітіп тастарсың, сонда олардың қалай ұшып келгенін естіп, жалғызсырамай, жабырқамай жатар едім", — деген еді.
— Бұл өте жақсы, жиірек сөйтіп тұру керек, — деді Алеша.
— Күнде, күн сайын! — деп былдырақтады штабс-капитан кенет бойы сергіп сала бергендей.
Ақыры, табытты шіркеуге алып кеп қақ ортасына қойды. Оның айналасында тұрған балалар діни рәсім атқарылып біткенше байсалды қалыптарынан тайған жоқ. Бұл бір ескі және жұтаңдау шіркеу еді, иконаларының көбінің беті жалаңаш екен, әйтсе де, осындай шіркеулерде дұға оқу бір түрлі көңілге тоқ көрінеді. Ғибадат кезінде Снегирев сәл тынышталғандай болды, алайда, есеңгіреген кісіше, жайдан-жай мазасызданатыны сезілмей қалмады: ол біресе табыттың қасына барып жамылғының шетін, гүлдердің шашағын түзеткен болды, біресе шамдалдан еденге түскен балауыз шамды көтеремін деп біраз әуреленді. Содан кейін тынышталып, түкке түсінбегендей, тұнжыраған топас пішінмен табыттың бас жағында сілейіп тұрды. Апостол оқылған соң ол қасында тұрған Алешаға бұлар Апостолды дұрыс оқымады ғой деп сыбырлады, бірақ, ойын түсіндірген жоқ. Херувимді оқығанда қосылып айта бастап еді, әйтсе де оны аяқтамады, тізерлеп отыра кетіп, шіркеудің тас еденіне маңдайын қойып, бірсыпыра сол күйі қалды. Ақырында, марқұмның жаназасын шығаруға кірісті, балауыз шам үлестірілді. Есеңгіреген сорлы әке тағы да абыржи бастап еді, бірақ адамның жан жүйесін елжіретіп, сүйсіндіретін ғибадат үні оның да жанын қатты тебірентті білем. Ол заматта денесін бір түрлі бүрістіріп алып, әуелі кемсеңдеп, сосын ыңырсып, ақырында бақырып жылады. Өлікпен қоштасқаннан кейін табытты жабу керек болғанда, ол Илюшажанының бетін жасырғысы келмегендей, табытты құшақтап алып, баласының аузынан құшырлана сүйе бастады. Ақыры оны көндіріп, баспалдақтан түсіре беріп еді, табытқа қайтадан қол созып бірнеше гүлді алды. Ол осы гүлдерге қарап тұрғақ сосын басына жаңа бір ой сап етіп, бір сәтке басты оқиғаны тарс есінен шығарғандай көрінген. Сонсоң біртіндеп ойға шомған ол балалар табытты көтеріп алып, бейітке қарай жүргенде қарсылық білдірмеді. Бейіт жақын жерде, аула ішінде, шіркеудің дәл іргесінде еді; қымбат бейіттің ақшасын Катерина Ивановна төлеген. Дағдылы рәсімдерден кейін молашылар табытты көрге түсірді. Снегирев қолына гүл ұстаған күйі оқыс еңкейгенде, ол төмен құлай ма деп қорыққан балалар оны пәлтесінің етегінен ұстап алып кейін тарта бастады. Алайда, ол не болып жатқанын анық аңғармайтын секілді еді. Моланы көме бастағанда, ол топырақты көрсетіп, тіпті бірдеңе деп міңгірлеген болды, бірақ, бұдан ешкім ештеңе түсінбеген, содан кейін ол әлдеқалай өзінен-өзі тынышталған. Бейіттің үстіне нанның қыртысын үгітіп тастау керегін ескерткенде, ол апыл-ғұпыл қалтасынан алып үгітіп жатып: "Міне, торғайлар, осында келіп тұрыңдар, міне, шымшықтар, осында келіп тұрыңдар!" — деп күбірлей берді. Балалардың бірі: "Қолыңыздағы гүлді біреуге бере тұрсаңызшы, әйтпесе үгіту қиын ғой" деп еді, бұған көнбеді. Ол тіпті сол гүлді біреу тартып ала ма деп те қорықты ғой деймін, сонсоң, барлығы істеліп біткенін, нанның қыртысы ұсақтап тасталғанын тексергендей бейітті көзбен бір шолған соң ойда жоқта, асықпай бұрылып үйіне қарай жүре берді. Ол біртіндеп тезірек жүріп, жүгіре басып, үйіне жеткенше асықты. Балалар мен Алеша оның соңынан ілесіп отырған.
— Шешетайына гүл апарып беремін, шешетайына гүл апарып беремін! Шешетайын ренжіттік қой, — деді ол кенет өкінішті үнмен Біреу оған: "Қалпағыңызды кисеңізші, күн әлі суық қой" деп еді, мұны естігенде ерегісе қалған ол, қалпағын қарға бір соғып: "Кимеймін, керегі жоқ!" — деп міңгірлей жөнелді. Смуров деген бала оның қалпағын жерден көтеріп алды. Балалардың бәрі жылап келеді, әсіресе Коля мен Трояны ашқан бала бәрінен де қатты егілді, қалпақты ұстаған Смуров та жылап келе жатқан, әйтсе де, ол жүгіре басқан қалпы қардың жиегіндегі қызыл кірпіштің сынығын алып, ұшқан бір топ торғайға лақтырып та үлгерді. Бірақ тигізе алмаған, көзінен сорасы ағып жүгіре берген. Орта жолға келгенде Снегирев, әлденеге таңғалғандай, жарты минут тоқтап тұрды да, шіркеуге жалт бұрылып, артта қалған бейітке қарай жүгіре жөнелді. Алайда, балалар оны тез қуып жетіп, етегінен жабысып босатпады. Ол әлсіреп, қарға құлай кетті, өзімен-өзі арпалысып, жұлынып, өкіріп-бақырып: "Әкетайым, Илюшажаным менің, сүйікті әкетайым!" — деп зарлана бастады. Алеша мен Коля оны көтеріп тұрғызбақ боп: "Тынышталыңыз, сабыр етіңіз" деп жұбатуға тырысты.
— Капитан, сабыр етіңіз, қайратты едіңіз ғой, қайғыға берілмеңіз, — деп күбірледі Коля.
— Қолыңыздағы гүлді бүлдіріп аласыз, — деді Алеша да, — үйде "шешетайы" гүл әкеледі деп күтіп отыр ғой, сіз бағана Илюшажанның атынан оған бір тал гүл ұстатпағаныңызға жылап қалды емес пе. Үйде ұлыңыздың төсегі де жиналған жоқ...
— Иә, иә, шешетайына барайық! — деп Снегирев кенет үйдегі әйелін есіне түсірді. — Ол төсекті жинайды, жинап әкетеді! — деді ол тағы да, сонсоң ұлының төсегін шынында да бір жаққа жинап әкететінінен қорыққандай, атып тұрып жүгіре жөнелді. Бірақ үй жақын қалған еді, сол себепті бәрі бірге жүгіріп келді. Снегирев есікті жұлқып ашқан соң, бағана өзі қатты ренжітіп кеткен әйеліне жалбақтай бастады.
— Шешетайы, қымбаттым, Илюшажан саған гүл беріп жіберді, сенің аяғың ауырады ғой! — деп елпілдеп қалған ол ілкіде қарға домалап, жұлынғанда аяз сорып, бүлінген бір шоқ гүлді ұстата берді. Бірақ, дәл осы кезде Илюшажанының төсегі алдында, бұрышқа таман тұрған жамау-жамау, ескі, жаман етікке оның көзі түсіп кеткен еді; оны жаңа ғана сол араға апарып қойған-ды. Етікті көре салысымен ол еденге тізерлей кетіп, біреудің қол созып алған соң: "Әкетайым, Илюшажаным, сүйікті әкетайым-ау, етігіңді тастап, өзің қайда ғайып болдың?" — деп зарланып қолындағы сыңар етікті шөпілдетіп сүйе бастады.
— Сен оны қайда апарып тастадың? Сен оны қайда апарып тастадың? — деп күңіренді милау шешесі де. Енді оған қосылып Ниночка жылады. Коля бөлмеден жүгіріп шықты, оның соңынан басқа балалар да кете бастады. Ақырында, олардың соңынан Алеша да сыртқа шықты.
— Жылап біраз шер тартқатсын, — деді ол Коляға, — қазір жұбатудың қажеті жоқ. Сыртта күте тұрайық, сосын қайта кірерміз.
— Иә, қазір жұбатқанымыз жөн болмас, бірақ сұмдық қой бұл, — деп қостады оны Коля. Содан кейін ол, ешкім естімесін дегендей, ақырын ғана былай деді: — Білесіз бе, Карамазов, осы өлім маған да қатты батады, егер оны қайта тірілту мүмкін болса, мен ештеңені аямас едім бұған!
— Аһ, мен де ештеңені аямас едім! — деді Алеша да.
— Карамазов, сіз қалай ойлайсыз, біз кешке келіп біраз отырып кетсек қайтеді? Анау ішіп қояды ғой.
— Ішіп қоюы да мүмкін-ау соның. Бірақ, екеуміз келсек те жетеді, шешесі мен Ниночканың қасында бірер сағат боламыз да кетеміз, ал топырлап кетсек, онда баласын тағы да естеріне түсіреміз ғой, — деп ақыл айтты Алеша.
— Анда үй иесі дастарқан жайып жатыр, — әлгі ас бермекші ме қалай, поп келеді екен; Карамазов, біздің қазір үйге кіруіміз керек пе, әлде кірмей-ақ қоямыз ба?
— Сөзсіз кіруіміз керек, — деді Алеша.
— Осының бәрі тіпті таңғаларлық қой, Карамазов, осындай қайғы-қасірет үстінде құймақ құю дегенді кім шығарды екен, дініміздің осы бір дәстүрі көкейге қонбайды!
— Дастарқанға сүрлеген балық та қоймақшы, — деді Трояны ашқан бала, таңдайы тақ етіп.
— Мен сізден қатты өтінемін, Карташов, әсіресе өзіңмен сөйлеспек түгіл, тіпті ешкім бар-жоғыңды білгісі де келмей тұрғанда, ақымақтық бірдеңеңді айтып қыстырыла бермеші, — деп зекіді Коля оған қарап. Бала бұған дызығып қалды, бірақ бірдеңе деуге батылы бармады. Оның бер жағында бәрі жалғыз аяқ соқпақпен баяу келе жатқан, бір кезде Смуров:
— Міне мынау Илюшаның тасы, ол осы тастың түбінде жатқысы келіп еді ғой! — деді.
Балалар деңкиген тастың түбінде біраз үнсіз тұрды. Алеша тасқа көз салғанда Снегиревтің бірде оған Илюша туралы айтқаны есіне түсіп, оның әкесін құшақтап тұрып: "Әкетай, әкетай, ол сені жаман қорлады ғой!" — деп жылағандағы аянышты көрініс көз алдына елестей қалған еді. Оның жан жүйесінде бірдеңе тітіркеніп кеткендей болған. Илюшаның шәкірт жолдастарының сүйкімді, жарқын жүзін байсалды, тәкаппар пішінмен бір шолғасын ол:
— Мырзалар, менің сіздерге осы арада, дәл осы тастың түбінде айтатын бір сөзім бар, — деді кенеттен.
Балалар оны қоршап алып, бұл не айтпақшы екен деп, ауыз ашып қарап қалды.
— Мырзалар, көп кешікпей біз бір-бірімізден айрылысамыз. Мен біраз уақыт осында екі ағамның қасында болдым, олардың біреуі айдауға кетпекші де, екіншісі әл үстінде жатыр. Алайда, мен таяуда бұл шаһардан кетемін және ұзақ уақытқа кетуім де мүмкін. Сонда бір-бірімізден ажырасамыз, мырзалар. Осы арада, Илюшаның тасы түбінде, біріншіден, оны, екіншіден, бір-бірімізді ешқашан да ұмытпауға уәделесейік. Сонсоң, өмірде бастан не кешсек те, бұрын, естеріңде ме, анау көпірдің жанында оған тас лақтырған, әйтсе де, кейін бәріміз де жақсы көріп кеткен бейшара баланы қалай жерлегенімізді де жадымыздан шығармайық. Ол жақсы бала, мейірімді әрі ержүрек бала болатын, ол әкесінің жаман жәбірленгеніне намыстанып, бас көтерген. Сонымен, мырзалар, біріншіден, Илюшаны өмір бойы ұмытпайтын болайық. Өте маңызды іспен шұғылдансақ та, сый-құрметке жетсек те немесе қандай да бір зор бақытсыздыққа ұшырасақ та — бәріміз бір жолы осы арада бас қосқан керемет сәтті, онда сол бейшара баланы жақсы көргенде бізді, бәлкім, өзімізді де шын мағынасындағыдан гөрі ізгілеу етіп көрсеткен бір асыл, мархабатты сезім біріктіргенін ешқашан да ұмытпаңдар. Көгершіндерім менің, сендерді осылай көгершіндерім деп айтайыншы, өйткені қазір, сендердің осы мейірімді, сүйкімді жүздеріңе қарап тұрған дәл осы минутте, бәрің де жұдырықтай әдемі көгілжім құсқа ұқсайсыңдар, сүйкімді балақандарым, бұл сөзімді сендер, бәлкім, түсінбессіңдер, өйткені менің кейде өте түсініксіз сөйлейтінім бар, бірақ, сендер оны қалай дегенмен ұмытпаңдар, кейін бір кезде бұл айтқаныммен бәрібір келісесіңдер. Алдағы өмір үшін қандай да бір жақсы естеліктен, әсіресе балалық шағыңнан, туған ұяңнан зерделеген естеліктен қасиетті, одан құдіретті, одан үлкен және одан пайдалы ештеңе болуы мүмкін емес, мұны біліп алыңдар. Сендерге тәлім-тәрбиелерің жайында көп айтады ғой, балалық шақтан зердеңде қалған сондай бір ғажап, қасиетті естелік — ең жақсы тәрбие міне осы. Егер адам осындай естеліктерді өмір бойына жетерліктей ғып жинап алса, онда ол еш уақытта жаманшылық көрмек емес. Біздің жүрегімізде тіпті жалғыз ғана жақсы естелік сақталып қалса да, міне сонда да бір кезде соның өзі-ақ бізді жаманшылықтан құтқара алады. Мүмкін, біз кейін тіпті қайырымсыз болып кетерміз, тіпті жаман әдет-қылықтан тартына алмайтын болармыз, біреудің көз жасын күлкі етерміз, Коляның: "Барлық адамдар үшін қасірет шеккім келеді", — деп бағанағы айтқанындай бірдеңе деген кісіні кекетіп-мұқатып қорлауымыз да мүмкін. Әйтсе де, қаншама мейірімсіз болып кетсек те, құдай оның бетін аулақ қылсын — Илюшаны қалай жерлегенімізді, оны әсіресе соңғы күндері қалай жақсы көргенімізді, сонсоң осы тастың түбінде тұрып сұхбаттасқанымызда бәріміздің лебізіміз қалай бір жерден шыққанын еске түсіргенде, онда арамыздағы ең қатыгез, ең мысқылшылымыз да, егер де біз сондай болып кетсек, дәл осы сәтте өзінің қандай мейірімді әрі қандай ізгілікті болғанына іштей қалай дегенмен күле қоймас деймін! Ол ол ма, бәлкім, нақ осы естелік қана оны бір сұмдық жамандықтан ұстап қалар, сөйтіп, ойланған соң, "Иә, онда мен мейірімді, батыл және адал болған едім", — дер. Іштей күлсе күле берсін, оның уақасы жоқ, мейірімділік пен ізгілікке жиі күліп жатады ғой; бұл жеңілтектіктен ғана болып жатады; бірақ, маған илансаңдар, мырзалар, егер ол күлген болса, сол сәтте-ақ: "Жоқ, менің бұл күлгенім жаман болды-ау, өйткені мұндайға күлмейді ғой!" — деген өкініш жүрегін шым еткізетіні сөзсіз.
— Бұл сөзсіз солай болады, Карамазов, мен сізді түсінемін, Карамазов! — дегенде жанары жалт-жұлт еткен Коляның дауысы қатты шығып кетті. Балалар да елеңдеп, бірдеңе демек болып еді, алайда, одан көз алмай, оның аузына қараған күйі қала берді.
— Мен мұны түбінде жаман болып кетеміз бе деген қорқыныштан айтып жатырмын, — деді Алеша, сөзін одан ары жалғастырып, — бірақ, біз несіне жаман боламыз, солай емес пе, мырзалар? Біріншіден және ең алдымен, мархабатты, сонсоң адал болайық, содан кейін бір бірімізді еш уақытта ұмытпайық. Мен мұны тағы да қайталап айтамын Мырзалар, мен өз тарапымнан сендердің біріңді де ұмытпаймын деп уәде беремін; қазір өзімнен көз алмай тұрған әрқайсыңның бет-жүзіңді тіпті отыз жылдан кейін де көзіме елестете аламын Коля бағана Карташовқа: "Біз "сенің бар-жоғыңды" білгіміз де келіп тұрған жоқ-мыс" деді. Сонда мен Карташов деген баланың барын, қазір ол, анада Трояны ашқандағысындай қызарақтамай, сүйкімді, мейірімді, жайдары көздерімен маған қарап тұрғанын қалай ұмытпақпын. Мырзалар, мархабатты мырзаларым менің, бәріміз Илюшажандай ақ көңіл де батыл, Колядай зерделі, батыл әрі ақ көңіл болайық (әйтсе де, Коля есейгенде әлде қайда зерделі болады), сосын Карташовтай ұялшақ, бірақ та, зерделі және сүйкімді болайық. Алайда, менің ол екеуін ғана айтқаным не! Мырзалар, осы сәттен бастап маған бәрің де қымбатсыңдар, жүрегімнің бір түкпірінен бәріңе де орын табылады, ал сіздерден өтінетінім — жүректеріңнен маған да бір кішкентай орын табыңдар! Ал біздің бәрімізді осы бір әманда, өмір бойы еске алып, ұмытпайтын боламыз дегізген ізгі жақсы сезіммен біріктірген кім десек, ол мейірімді бала, сүйкімді бала, бізге әманда қымбат Илюшечка! Оны ешқашан да ұмытпайық, оның жарқын жүзі біздің жүрегімізде мәңгі-бақи, ұзақ сақталсын!
— Иә, иә, мәңгі, мәңгі-бақи ұмытпайық! — дегенде жүзі жайнап кеткен балалардың бәрінің даусы саңқылдап шықты.
— Оның бет-жүзін де, киімін де, жыртық етігін де, кішкентай табытын да, оның сормаңдай күнәкар әкесін де, әкесінің намысын жыртып, оның күллі класқа қарсы қалай айбат шеккенін де жадымызда сақтаймыз!
— Ол батыл болатын, ол мейірімді болатын! Біз оны естен шығармаймыз, ұмытпаймыз! — деп айқайлады тағы да балалар.
— Мен оны керемет жақсы көруші едім! — деді Коля.
— Ah, балақандар, ah, сүйкімді достар, өмірден қорықпаңдар! Ізгілікті һәм ақиқат істі тындырғаныңда өмір қандай ғажап көрінеді!
— Иә, солай, — деп сүйсіне қайталады балалар.
— Карамазов, сізді біз жақсы көреміз, — деген бір екпінді дауыс естілді; бұл, тегі, Карташов болу керек.
— Біз сізді жақсы көреміз, біз сізді жақсы көреміз, — деп іліп әкетті бәрі. Көбінің көзіне келген жас жылтырай қалды.
— Карамазовқа ура! — деп ұран тастады Коля.
— Марқұм баланы мәңгі-бақи естен шығармайық! — деді тағы да Алеша елжіреп.
— Мәңгі-бақи ұмытпайық! — деп тағы да іліп әкетті балалар.
— Карамазов! — деді Коля, — діннің өлгеннен кейін біздің бәріміз көрде қайта тіріліп, бір-бірімізді, тіпті бәрімізді, Илюшечканы да көретін боламыз дейтіні рас па?
— Сөзсіз тірілеміз, сөзсіз жүздесеміз және бұ жалғанда не болғанын бір-бірімізге жайдары, шат көңілмен әңгімелейтін боламыз, — деп жауап қатты Алеша, жартылай, жартылай сәл күлімсіреп, сүйсінгендей пішінмен.
— Аһ, онда қандай жақсы болар еді! — деп қалды Коля.
— Ал, енді сөзді қойып, Илюшажанның асына барайық. Құймақ жейді екенбіз деп қысылмаңдар. Бұл ежелден бергі, еш уақытта көнермейтін дәстүр, онда ізгілікті бірдеңе бар, — деп күлді Алеша. — Ал кеттік! Міне, бәріміз қол ұстасып келе жатырмыз.
— Мәңгі-баки, өмір бойы осылай қол ұстасып өтеміз! Карамазовқа ура! — деп Коля тағы да сүйсіне айқайлағанда, оның бұл сөздерін балалардың бәрі тағы да іліп ала жөнелген еді.