Қазақстан және Біріккен Ұлттар Ұйымы
Халықаралық ұйымдармен, әсіресе, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымымен (БҰҰ) тығыз ынтымақтастық - Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы басты басымдықтардың бірі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) – дүние жүзіндегі мемлекеттердің басым көпшілігін біріктіретін, ең ықпалды, әмбебап халықаралық ұйым. Басты мақсаты – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтып, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту. Бүгінде әлемдегі ең беделді бұл ұйымға 193 мемлекет кіреді.
Биыл Қазақстанның БҰҰ құрамына кіргеніне – 30 жыл! Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясының пленарлық отырысында бірауыздан Біріккен Ұлттар Ұйымының 168-і мүшесі болып қабылданды. Пленарлық отырыстан кейін Қазақстанның Көк Туын БҰҰ штаб-пәтерінің алдында салтанатты көтеру рәсімі өткізілді. Осылайша еліміздің егемендігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі халықаралық тұрғыдан танылды. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке кірген алғашқы күннен бастап, Қазақстан оның жұмысына белсенді түрде қатысып келеді.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 1992 жылы қазан айында өткен 47-сессиясында ҚР-ның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясаты туралы айта келіп, екі маңызды ұсыныс жасады. Оның біріншісі – барлық елдер үкіметтерінің ізгі ниет білдіру тәртібімен «бір+бір» формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Бұл формула әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінің бір пайызын бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруды көздейді. Осылай еткенде он жылдан соң бітімгершілік сомасы он есеге өседі. Екінші ұсынысы – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шақыру. Мемлекет басшысының бұл бастамасы көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ, БҰҰ-дан қолдау тапты және Қазақстанның сыртқы саясатын айқындауда айтарлықтай рөл атқарды.
Ұйымға мүше болған 1992 жылдан бері біздің еліміз тек халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде қабылданып қана қоймай, сонымен бірге, онда өзінің лайықты орнын таба білді. Қазақстанның БҰҰ жүйесі жұмысына қатысуы еліміздің көпжақты дипломатиясының басты бағыттарының бірі болып табылады. Ол елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға ықпал етіп, әлеуметтік-экономикалық, саяси және қоғамның басқа да салаларында қолайлы халықаралық жағдайларды туғызады. Осы бағыттың негізгі мақсаты – халықаралық аренада Қазақстан Республикасының ғаламдық және аймақтық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мүдделерін, саясат пен экономикада әділетті әлемдік тәртіп пен орнықты даму ортасын құруды, әлемдік қауымдастық мүшелері арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіруді көздейді.
Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісіне үлкен үлес қосуда. Мысалы, Ядролық қарудан бас тарту, Азияда өзара сенім шараларын орнату, Еуразия кеңістігінде интеграциялық үрдістерді нығайту, өркениеттер мен діндер үнқатысуын шақыру – осының барлығы біздің еліміздің БҰҰ Жарғысының ұстанымдары мен мақсаттарына сәйкес атқарған істерінің нақты көрінісі болып табылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Ұйымның бітімгершілік қызметін және оның бітімгершілік әлеуетін нығайту жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсетіп отыр. Қазақстандық бітімгершілік батальоны (Қазбат) құрылып, осы батальон сарбаздары Иракта тұрақтандыру күштері қатарында қызмет көрсетті.
Біздің елімізде 1992 жылдан бастап БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің, қорларының және бағдарламаларының өкілдіктері жұмыс істеуде. Олардың қызметі техникалық, консультативтік және қаржылық көмек көрсетуге бағытталған. Бүгінде Қазақстанда БҰҰ-ның жиырмаға жуық ұйымы жұмыс істейді.
1993 жылы 16 ақпанда елімізде БҰҰ-ның өкілдігі ашылды. Қазақстан БҰҰ-ның іс жүзінде барлық мамандандырылған мекемелерінің, өңірлік комиссияларының мүшесі болып табылады. Сондай-ақ, еліміз бүгінде БҰҰ-ның Адам құқығын қорғау кеңесінің мүшесі. Ал 2010 жылы Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға кандидатурасын ұсынды. 2017 ж. 10 қаңтарда Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде оның «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы ашық пікірталастарына қатысты, осы пікірталастар аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахманов тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси жолдауын таныстырып өтті. Елімізде Ұйымның ірі халықаралық жиындары да жиі өткізіліп тұрады. 30 жыл ішінде БҰҰ мен Қазақстан ынтымақтастығының арқасында талай істер атқарылды.
Қазақстан БҰҰ-ның және оның мамандандырылған мекемелерінің мүмкіндіктерін Арал теңізінің тартылуы, Семей сынақ полигонындағы ядролық жарылыстар салдарынан табиғаттың ластануы, ауызсу көздерінің тартылуы секілді техногендік және экологиялық апаттардың экономикалық және гуманитарлық салдарларын азайтуға мақсатты түрде пайдалана білді.
Қазақстанның ғаламдық ядролық қарусыздандыруға қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Себебі, еліміз қуаттылығы жағынан әлемде төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, бейбітшіліксүйгіш ел екендігін танытты. Сонымен бірге, Қазақстан Ядролық қаруларды сынауға тыйым салу туралы шарттың белсенді қатысушысы болып табылады және оның тездетіп күшіне енуіне үнемі қолдау білдіріп келеді. Еліміз бұдан басқа да ауқымды іс-шаралардың ұйытқысы болуда. Мысалы, 2009 жылы Қазақстан бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан қарар қабылдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Бұл қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісіндегі Қазақстанның үлесін әділетті және жоғары бағалау.
БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннан 2002 жылы, ал, кейінгі басшысы Пан Ги Мун 2010-шы жылы Қазақстанға екі рет ресми сапармен келді. Бұл егемен Қазақ еліне деген әлемдік ұйымның құрметі екені даусыз. Пан Ги Мун Қазақстан басшылығына ядролық таратпау мен қарусыздану ісіне қосқан үлесі үшін алғысын жеткізе отырып, біздің еліміздің осы саладағы көшбасшылық рөлімізді атап өтті.
БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі – әлемдік қауымдастықта Қазақстанның мүддесін білдіретін мекеме. Ол 1992 жылы 5 маусымда Нью-Йоркте ашылған. Өкілдік ҚР атынан БҰҰ сессияларына қатысады. Өкілдер ҚР Президентінің Жарлығымен тағайындалады.
2018 жылы 23 қазанда Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы үйінің тұсаукесері өтті. Жоғары халықаралық стандарттар мен қауіпсіздік талаптарына жауап беретін кеңсенің ашылуына дипломатиялық корпус пен БҰҰ-ның 14 аймақтық өкілдігінің өкілдері қатысты. Жалпы, Алматыда 29 консулдық және сауда өкілдіктері бар, 60-тан астам ірі трансұлттық ұйымдардың кеңселері орналасқан.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - Біріккен ұлттар ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасына 2011 жылы қабылданған еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы тұңғыш университет. «Академиялық ықпал» бағдарламасы – 90 мемлекеттің 500-ден аса жоғары оқу орындарының басын біріктіретін адам құқығы, сауаттылық, тұрақты даму мәселесі, қақтығыстарды шешу және бейбітшілікті сақтау, мәдениетаралық диалог сұрақтары аясында әлемге әйгілі он принципті беделді түрде қолдау мақсатындағы БҰҰ-ның жаһанды бастамасы болып табылады. Дүниежүзінде елу мың университет бар, соның ең үлкен, ең алдыңғы қатарлы 500-нің басын қосатын «Академиялық ықпал» бағдарламасына Орта Азия мен Қазақстаннан бірінші болып осы университет еніп отыр.
БҰҰ жүйесінің әртүрлі органдарында еліміздің жиырмадан астам азаматы қызмет етеді. 2011 жылы алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның және БҰҰ тарихында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымына Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағайындалуы, сондай-ақ, БҰҰ-ның Женевадағы Бас директоры және Қарусыздану конференциясының Бас хатшысы қызметін атқаруы Қазақстанның әлемдік қоғамдастық арасында зор беделге ие екендігін көрсетеді.
Жалпы, еліміз БҰҰ-ның халықаралық қатынастардағы рөлін бағалай отырып, алдағы уақытта да адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге өзінің үлесін қоса беретін болады.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы