- 20 жел. 2015 00:00
- 215
Әжесінің баласы
"Өздеріңмен бірге болсын, - деді әжесі әке-шешесіне. - Енді мектепке баратын уақыты да жақындап келеді. Ақыры қаланың мектебіне оқытамыз деп отырсыңдар ғой. Үйренісе берсін. Өздеріңнің балаларың ғой".
Қалаға келгелі содан бері жақпағаны, әуелі, әке-шешесі тұратын үй болды. Аядай ғана бір бөлме еді. Былай шапқыласа да, былай шапқыласа да шешесінен ескерту алып қала береді. Бірақ оны оңайлықпен мойындауға жоқ. Кейде отырып алып ұрсысады. Ал тым қатты кетіп бара жатса, кәнігі әдісіне көшеді. Өзінің қорғану тәсілі бар. Жылайды. Жылап отырып "сендерді әжеме айтамын" деп қорқытады.
Кейде анасы ұялы телефонын ала салып, әжесіне қоңырау шалатыны бар. Ондайда анасы әжесіне "бізді әжеме айтамын деп қорқытып жатыр" деп күледі.
Содан кейін-ақ әжесі бар шаруасын тастап, осында артынып-тартынып жетер еді. Немересін айналып-толғанады. Әжесі әкелген тәтті, дәмділерді жеп, соның алдында мерейі өсіп, мейірленіп отырады.
Кейде осы үйдегі үп-үлкен екі адамның қалайша өзін әжесі сияқты түсінбейтіндігіне таңғалады. Әкесі әуелде жылы ұшырап қараушы еді. Қазір ол да салқын. Өзі істейтін қара жұмыстан сілесі қатып, шаршап келеді. Соңғы уақытта дауыс көтеретін де болып жүр. Мұндайда өзінің қорғану тәсіліне көшеді. Күшімді сарқып алмайын дегендей, әуелде жай бастайды. Беріде тоқтата қойса, сол жерден тыйыла қоймақ. Бірақ кейде ерлі-зайыпты екеуі бір-бірімен уәделесіп алғандай, тырс етіп үндемейді. Мұндайда дауыс үдей түседі. Әкесі де, шешесі де жүздері қуқыл тартып, құлақтарын қатарласа тарс басар еді. "Қоя қойшы енді, - дейді екеуі де жарыса, - сен жақсысың, қоя ғой".
"Бағанадан бері солай демейсіңдер ме?"
Сонда да тым ұзап кеттім, кілт тоқтауға болмайды дегендей, ақырын-ақырын барып бәсеңдейтіні бар.
Кейде анасымен бірге бөпесін ойнатып отырады. Бұл өзіне ұнайды. Мәз бола күледі. Ал кейде тәлтиіп тұрған бөпесін иығынан құшақтап, бауырсынып өзіне қарай тартады. Мұндайда мамасы шар ете түседі: "Өлтіресің бе баланы?! Қыстың ғой мойнынан!" Жауап орнына сықылықтап тұрып күледі. Онысы көзін жыпылықтатып, осыған қарсы келмейінші дегендей, илеуіне көне береді.
Кейде түсінде де мамасымен ұрсысып жатады, ал кейде ұйықтап жатып та сықылықтап күледі.
Енді біршама уақыттан кейін мектепке барады. Бәлкім, мектепте еркелігіне байыппен қарайтын әдемі бір мұғалима тәтей күтіп отырған шығар.