Әлжекең жәйлі бір-екі сөз
Советтік қоғамның қазіргі сатыдағы саяси-экономикалық құдіреті мен моральдық мұратының биігінен туған, бүкіл тыныс-тірлігіміздің әділет қазығындай айнымас ережесі — ғажайып документ, жаңа Конституцияның, Ұлы Октябрьдің 60 жылдығы қарсаңында қабылдануы халқымызды қат-қабат қуанышқа бөлеп отыр. Бұл документ әлем алдында совет халықтарының мызғымас достығының, оның жарқын болашағының, тағы бір жаңа айғағы болуымен қатар, прогресшіл адамзат қауымының күрес жолындағы құбыланамасындай сипатқа ие болды. Бұл сапар адам правосын сан-саққа жүгіртіп, саудаға айналдырған саяси жезөкшелерге де, оларды қостай көтерген жолбикелерге де, аяусыз соққы беріліп, әділ үкім айтылды.
Осындай қуаныш кезеңде де, өздеріңізге мәлім, осы алпыс жыл ішінде қалыптасқан сапалы дәстүр, саналы салтымызды еске аламыз. Ол — қай салада болмасын, ортақ игілікке орасан үлес қосқан талантты ұл-қыздарының еңбегін халықтың арнайы атап өту дәстүрі. Соның бір көрінісі — СССР Жоғарғы Советі Президиумының дербес Указымен, Совет әдебиетін дамытудағы еңбегі үшін, жасының жетпіске толуына байланысты Әлжаппар Әбішевтің «Октябрь революциясы» орденімен наградталуы. Бұл тек Әлжекеңнің ғана қуанышы емес, бүкіл қазақ әдебиетінің қуанышы. Бәрімізге ортақ ырыстың жоғары бағалануы.
Бізде, тарихи тағдыры тамырлас көп ұлтты совет әдебиетінде, қайталаған сайын қадірі арта түсетін бір шындық бар. Ол — әдебиетімізді бар дауыспен мақтана Ұлы Октябрь туғызған әдебиет дейміз. Әділі де сол. Өйткені, үдере көшіп үнсіз кеткен ғасырлар, зауалы бар да заңы белгісіз замандар бізде аз болды ма? Олар ат жалы мен атан қомында халықтың талай ғажайып қазынасын егесіз-елеусіз қалдырды. Рухани қайнар бұлақтардың көзі бітелуге бет алды. Жылғалар жүйесін таппай адасты. Осылайша талай таланттың тамырын тандырша кептірген заман келмеске кетті.
Енді Ұлы Октябрь, ең алдымен бас бостандығымен рухани азаттықты ала келді де, халқымызды әлеуметтік әлжуаздық пен экономикалық мешеуліктен құтқарып, саяси суқараңғылықтан көзін ашты. Үні көмескі тартып, құрдымға беттеген Құрманғазы мен Тәттімбет күйлері құдіретіне мінді. Біржан мен Мұхит әні өр, ажарын тапты. Данышпан Абай мен дауылпаз Махамбет ұрпағына қайта тіл қатты. Ұлы Октябрьдің нұры мен нәрі егде тартып, еңсесі түскен Жамбылды тың түлетіп, жыр нөсерін қайта селдетті. Жаңа заман халық атаулыға тән өнердің бар саласынан таланттар тапты, қайратқа шақырды, қанат бітірді. Өткеннің өресін танытып, бүгінгісінің болашағын мегзеді.
Осы сәтте ұлттық әдебиетіміздің бағына дүлей толқын тұңғиықтан көтерген мұхит маржанындай, таланттарының атомдық салмағы да әрқилы, әрқайсысы әралуан нұр шашқан алмас қырларындай бас-аяғы түгелімен бір мүшелдің ішінде туған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсрепов, Ғабиден Мұстафин бастаған ғажайып топ, ұстаз-ұрпақ бір-бірімен үзеңгілес, жалғаса келді.
Бүгінгі таңда, әлемге танылған, бар жанрдан басы түгел қазақ әдебиетінің әр буын өкілдерінің өзінше жеткен биігінің бар бастауы, алғашқы құлаған суаты, айналған ата қазығы, осы ұрпақтан өзек тартып өрбиді. Бұл ұрпақ жаңа заманның қоғамдық санасының сәулесімен бұрынғы мен бүгінгінің бірлігін тапқан ұрпақ. Бұлар өздерінің көреген кемеңгерлігімен жоғалғанды жиып, жоқты түгендеген ұрпақ. Бұл ұрпақ қаһармандық қайратымен де, биік парасатымен де, халыққа, партияға қызмет етудің үздік үлгісін танытқан, айтулы азамат ұрпақ. Бұлар халықтың тірліктен қол үзіп, тереңде қалған рухани тамырын тауып, тусырап жатқан тың ойларының көбісін ашқан ұрпақ.
Міне, осы әр өктем ұрпақ, киелі топ, рухани дүниеміздің бар саласынан халық қазнасын бойына жиған, өнер қонған, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, өрендерінің басын біріктірген, ұйытқысы да, бапкер саятшысы да, сапа салмағын белгілеген сарапшысы да болды. Демек, айналасы алпыс жылдың ішінде әдебиетіміз бен өнеріміздің әр тегі жедел өркендеп, оның үлкен өріс пен профессионалдық шырқау биікке шығуына бүгінгі қазақ қауымы алдымен әлгі айтқан ата буынға борышкер.
Бұл жағын баса айтып отырғанымның тағы бір себебі, бүгінгі той иесі Әлжаппар Әбішев творчествосына тікелей байланысты. Өйткені, үркердей осы ұлы шоғыр Әлжекеңнің әдеби мектебі, табиғи талантының тұңғыш, ұшқан ұясы. Біз білетін Әлжекең, осы ұлы ұрпақтың бұрынғыларынан да, қазіргі көз алдымызда жүрген өкілдерінен де, бір сәт тізесін ажыратып көрген жоқ. Әлжекең өткендерінің кейбірінің басына көлеңке түскенде де, сәуле қуалап пендешілік пейілге құл болған жоқ. Алдағы арыс ағаларының биік парасатын, азаматтық сесін, қажыр-қайратын, халыққа, Отанға деген жүректерінің ыстық табын ол бәрінен жоғары ұстады. Өйткені, Әлжекеңнің табиғи болмысын да, о бастан, солармен тектес мінез, тамырлас мүдде, іргелес ойлар жатты. Сондықтан, бізге Әлжаппар Әбішев қазақтың ұлт мәдениетін өз қолымен жасаған бұрын-соңды халқымыздың тарихында болып көрмеген, рухани ұлы өзгерістердің бастаушысы болған даңқты буынның қол тумасы, олардың көп талантты шәкірттерінің бірі емес,бірегейі ретінде қымбат.
Әлбетте, Әлжекең шәкірт болғанда, ұстазға деген ибә-ілтипаттың ізін қуалап, солардың соқпағынан оңай жол іздеген шәкірт болған жоқ. Өнердегі ондай қанағаттың өрге баспайтынын білді, сондықтан ол әдебиетке өзінің меншікті тақырыбы, мөлдек ойымен келді.
Бізде, кейде жеке жазушылардың шығармаларына сын көзімен сығалай қарағанда, «талантты-ау шіркін, әттең білімі аздау еді» деп бас шайқайтынымыз бар. Әдеби шығармадағы ақауды таланттың табиғатынан гөрі білімінен ғана іздеу әдетке айналған. Ақиқатына жүгінсек таланттың түрлене түлеуіне, шешек атып шұғыла төгуіне білімнің мол шарапаты барлығында дау жоқ. Әттең, дүние әдебиет тарихының төрінен босағасына дейін көз салсақ, білімі мен таланты сайма-сай туыса кету кез-келгеннің, маңдайына жазыла бермеген. Ол тым сирек кездесетін дәулет. Ал, енді, білім десеңіз сонау Аристотельден бастап бүгінгі белсенді сыншылардың шығармаларына дейін жатқа білетіндеріміз баршылық. Жалпы әдебиет игілігіне бұл да керек қуаныш.
Демек, осы екі ортада әдебиеттің мықты алгебрасы жатыр. Бірақ кейде сол алгебраны қанша құйқылжытқанмен оның аржағында «талант» атаулы химия жатқанын аңғармаймыз. Мүлде, су мен оттың химиялық формуласын білмей-ақ, алгебраны былай қойып, әдебиеттегі арифметиканың өзін арқаланып, «таланттың» айдарын тағып жүрген жан себілдер де бізде біршама бар емес пе. Олардың шығармалары әйнек астында бой теңеп, бітім тапқан қиярдай түрі әдемі нәрі жоқ, суы мол да дәмі жоқ боп келетіні кімге жұмбақ.
Ал Әлжаппар Әбішевтің талант химиясының бүкіл элементі өмір алгебрасынан жүйе жол тауып, өз реакциясының шама-шарқын әлдеқашан анықтаған. Оның қаламынан шыққан туындылардың нәрлі болуының да, дәмді болуының да сыры осында жатыр. Олай дейтін себебім, Әлжекең оқудан бұрын еңбектің дәмін татты. Селтең мен серіліктің ортасындағы әкімсымақ емес, қаршадайынан қарабайыр жұмысшы болды.
Ежелден, еңбек жүрген жерде ащы тер бар, ақиқат бар, адалдық азаматтықтың алғашқы әліппесі бар. Мұндай да айла мен арамзалықтың күні қараң. Оның атаусыз кетер жолы да, жатар жері де аяқ асты.
Әлжекең малшы да, жалшы да болған жоқ. Енді қаз-қаз тұра бастаған қазақ жұмысшы табының қалыптасар тобының қақ ортасында жүрді. Қолына қайла мен күректі кезек ұстаған балаң жұмысшы өз төңірегіндегі үлкен-кішіден естіген революция қарсаңындағы қым-қиғаш қайшылықтардан таптық сананың соғу тамырын тапты. Сергек-сезімтал жігіттің бала кезінде есінде қалған он алтыншы жыл оқиғалары, Азамат соғысы кезіндегі ақтар сойқаны, қасірет-қазаға сүріндірген бүліншілік күндер көз алдына қайта елес берді, Осының бәрі өзі жүрген ортаның тірлік-тынысымен астарласа өзіндік сыры бар қиян-кескі оқиғаларға толы өмірдің шындық сипатын танытты. Әлеуметтік өзгерістен туған қоғамдық сананың қалыптасуындағы кейбір фактілер де болашақ жазушының назарынан тыс қалған жоқ. Қазақ даласында совет өкіметінің ірге тебуіндегі сан қилы оқиғалары мен коллективтендіру дәуірінің қиын-қыстау кезеңдеріне өзі куә болды.
Бұл қарсаң Әлжекеңнің бастауыш мектеп пен мұғалімдер даярлайтын арнаулы курсті бітірген шағы болатын. Енді өз бетімен оқи іздене жүріп, өмірден алған мол тәжірибені сұрыптау кезеңі келді. Республикалық газет-журналдарда қызмет ету, күнделікті әдеби процестің шаруасына тікелей араласуға әкелді. Өзінен бұрынғы жазушылардың үлкенді-кішілі шығармаларының аңғарын зерледі. Ол кездегі тым жиі болатын әдеби айтыстар, жеке шығармалардың төңірегіндегі баспа бетіндегі пікірталастары, заманның, дәуірдің әдебиетке, өнерге қояр биік талаптары, суреткер борышы, бүкіл елде болып жатқан мәдени революцияның күнделікті жеңісі мен жемісі, Әлжаппардың араласа жүріп, бес саусағындай білетін жайлары болды. Оқтын-оқтын орталық газеттерде әңгіме-очерктері көріне бастады. Сонымен, Әлжекең отызға иек артқан кезде 1936 жылы «Зауал» атты кітап дүниеге келді.
Қазақ әдебиетінде тұңғыш рет жұмысшы табының бұрынғысы мен бүгінгісін баяндаған, тағдыр-талантын таразылаған шығарма бар шындығымен, характерлерінің нақтылығымен, автор позициясының айқындығымен, оқушылардың да, әдеби қауымның да назарын ә дегеннен өзіне аударды. Бұл шығарманың Әлжаппар талантының айғағы болғандығына, кітаптың алғысөзін Сәкен Сейфуллин жазып, оған қосымша Ғабит Мүсіреповтың «Мен жас талант Әлжаппар Әбішевтің мына ұзақ әңгімесін қызыға оқып шықтым. Тырнақалды шығарманың мұндай пісіп келген түрін өзімнің бірінші рет көруім» дегенін айтсақ та жеткілікті.
«Зауалдан» басталған құтты қадам шын мәніндегі талант иесіне шабыт беріп шеберлікті игеруіне айқын жол ашылды. Ізденістің әр жемісі әдебиетіміздің қорын молайта түсті.
Әлжаппар шығармаларының оқушысын тәнті етер сыры — оқиғаларының өмірлік өзегінің мықтылығында, адамдарының мінез-құлқының нақтылығында жатты. Әсіресе, бүгінгі күн тақырыбы дегенде, Отанымызда болып жатқан ұлы өзгерістердің күнделікті құбылысына, әңгіме, повесть-очерктерімен Әлжекеңнің үн қоспай қалғаны кемде-кем. Кешегі бүкіл халық басына түскен нәубет Ұлы Отан соғысындағы қан кешті, күрес, тылдағы жанқиярлық еңбек жазушыны тыным таптырмаған кезең.
Сол «Зауалдан» бастап Әлжаппар Әбішевтің творчествосындағы үлкен белес 1945 жылы «Жас түлектер» романының жарыққа шығуы. Бізге аян, көп жылдар бойы осы шығарма қалың оқушы қауымның қолынан түскен жоқ. Әсіресе, біз құрбылас жастар қатты сүйсінгенбіз. Оның себебі романда жастар өмірінің суреттелуі ғана емес еді. Әңгіме, сол жастар тап болған сынның ауырлығында, күлкінің тиылып, кектің оянуында, ерлік пен ездіктің беті ашылуында, парасат пен парықсыздықтың ашық белдесуінде, ата буын мен бала буын арасындағы тіл табысудың ыстық махаббатында. «Жас түлектерді» қазақ әдебиеті активінде татымды туынды, құнды шығарма етіп тұрған да осы қасиеттері болса керек. Дәл сол кезде, майдан өртімен тылдағы еңбек адамдарының бір тыныстағы қайрат-қажырлы енбегін, халық патриотизмінің, өлмес махаббат туын достық, ерлік сипаттарын қазақ әдебиетінде мұндай суреттеген шығарма бола қойған жоқ.
Әлжекең «Найзағай» романына дейін де бірнеше роман-повестер жазған. Олардың көркемдік құны жәйлі талдаулар оқулықтарда, зерттеулерде, қала берді Әлжекеңнің мүшелді мерекесі қарсаңындағы мақалаларда айтылып жатыр. «Найзағай» атақты әнші Мәдидің өміріне арналған. Бұл «Терең тамырлар» повесінен кейін, автордың тарихи тақырыпқа екінші рет баруы. Романда Мәди өмір кешкен дәуір, замана қыспағы, өнер адамының көрген жапа-жаласы, оған мойымас Мәдидің қайсар мінезі, халықпен бірлігі, мұңдас-сырластығы, шындық-шеңберінде суреттеледі. Бір қуанатын жай үлкен прозаның ауыр тақырыбына бет қойған Әлжекең әзір де айтарының молдығын аңғартты. Оған журналда жариялана бастаған «Найзағайдың» екінші кітабы дәлел. Бұл сапардан да олжалы оралуына тілектеспіз.
Әлжаппар Әбішев өзінің әдеби творчествосында екі жанрды ерттеп мінген жазушы. Екеуінде де құйысқаны берік, қоржыны толық, Драматургияны «әдебиеттің ең қиын жанры» деп арғы-бергі теоретик, сыншы атаулы әлдеқашан баталасып қол қойған екен. Есітер айқайы көп те, алар алғысы шамалы бұл жанрға Әлжекеңнің алғашқы құрық тастағанына аттай қырық жыл болыпты.
Цифр араласпаса, сөздің сәні келмесе айтайық. Әлжекеңнің қаламынан осы жылдар ішінде табаны күректей отыз екі драмалық шығарма туған. Бұл осы жанрмен айналысқан қазақ топырағындағы жазушылардың ешқайсысының түсіне кірмеген байлық. 1937 жылы КазПИ-дің сауыққойлар үйірмесінде тұңғыш пьесасы «Совет қызындағы» бозбаланың образын жасаған қазақтың бүгінгі көрнекті ақыны Халижан Бекхожиннің өзі қазір алпыстың аржақ-бержағын аралап жүр. Сол айтылған мол байлықтың жонды-жоталасының он екісі осы Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы академиялық, драма театрының ажарын келтірген, қазынасын байытқан, актерлардың әлденеше буынын тәрбиелеген шығармалар. Қалғандары облыстық, колхоз-совхоз, халық театрларының репертуар негізін қалап келді.
Әдебиетте, қай жанр болса да, алып та жығам, шалып жығам деу, ақылдан гөрі әшейін әулекіліктен туса керек. Әсіресе, драматургия өз құдашаңдай әзілдесуді көтермейді. Баршаға белгілі, әр жанрдың ойлау әдіс жүйесі (метод мышление) өлшеу өресі, шекарасы бар. Бақаннан қамшының сабын шығару екінің бірінің қолынан келер, ал қамшының сабынан бақан шығарған шеберді әзір ешкім көрген жоқ. Қамшының сабындай оқиғадан бақандай драма туғызам деу кеседегі суға кемемен жүзем деген есерсоқтың кәсібі. Бес-алты адам сахнаға шығып алып, таң атқанша шүңкілдескенмен драма тумайды. Бұл жанр «ет піскенше, шай іше тұрайық» деген біздегі кейбір сабаздардың жүрек жалғау психологиясын да көтермейді. Ол әрдайым жоталы оқиға, жұлынды тартыс, тегеуірінді мінездерді тілейді. Әлжекең шығармаларының өміршеңдігі өзгеден озық тұратын қасиеті де осыдан.
Жанрдың сыр-сипатын ұғуда, оның алдындағы жауапкершілікті тануда, тынбай ізденуде Әлжекеңдей еңбеккер кемде-кем. Осының бәрі Әлжекеңді бүгінгі таңда қазақ драматургиясының көш басы етіп отыр. Өйткені, советтік дәуіріміздегі өмірдің қай кезеңі болмасын, Әлжаппар драматургиясына өзек болмағаны, орын алмағаны жоқ. Зерлеп қарағанда, Әбішев драматургиясы заманымыздың шежіресіндей, бүгінгінің де, ертеңгінің де көп көңіл аударып, зерттейтін ғылыми объектісі. Әсіресе қазақ драматургиясын, театр тарихын жеке актерлар творчествосын Әбішевті айнала кетіп сөз ету мүмкін емес.
Осы жанрдағы өзіме ұстаз Әлжекеңді прозада күшті ме, драматургияда күшті ме, деген сұрақ туса, әрине, сыншылардың сыбағасына қол салғым келмейді. Бірақ, екі жанрда да қамау тері шыққанша, қайрат көрсетіп жүрген Әлжекеңді өзім илеп жүрген терінің пұшпағына қарай тартқым келеді де тұрады.
Әдебиеттің әр жанрының қиындығын басынан кешкен бір білгір адам, «бар жанрға қол артуға болады, ал драматург табиғатта болатын әркім өзіне бұйырған реңмен туатыны сияқты, драматургте о бастан драматург болып туу керек» деген екен. Сол кісінің сөзіне сенсек Әлжекең о бастан-ақ драматург болып туғандығына дау жоқ. Оған осы саладағы қыруар еңбегі ұстаздық үлгісі куәгерлік ете алады.
Әлжекең, пьесаларында колхоздастыру кезеңіндегі тап тартысын сөз етсін, өндірістегі жұмысшылардың өмірін баяндасын, кешегі Отан соғысындағы ерлік шайқас пен тыл бірлігін айтсын, ауыл өмірін шолсын, жалпы интеллигенцияға арнасын бәрінде де негізгі мотив болатын — ар тазалығы, махаббат адалдығы, советтік патриотизм, азаматтық борыш, адамгершілік парасат.
Әрбір индивидиумның мінез-құлық әрекетінен байқалатын ар мен адалдық проблемасы адам өзін адаммын деп танығалы әдебиеттің арқауы болып келеді. Адам мекендейтін планетада адам болса бұл проблема бола да бермек. Адамның адамдығы да ар мен адалдық айнасының алдында өлшенеді. Зұлымдық пен арамзалықтың жер жастанар орны да сол айнаның алды. Міне, осы проблема Әлжаппар Әбішев шығармаларында әр ситуацияда, әр кезең адамдарының мінез-құлқында, сан қилы қырынан көрініп бой тастайды. Ар мен адалдықты туы ете сөйлейтін автор өмірде жек көретін жайларды, қоғамдық дамуымызда кедергі болып жүретін кейбір жексұрын қылықтарды әлгі айнаның алдына сүйреп шығарады да, «сақтанарың мынау» дегендей аяусыз соққыға жығып отырады.
Өміріміздегі үлгі тұтар үйренер биік парасат иелерінің образын бейнелеуде де автор қолы жомарт. Тек Әлжаппар Әбішев творчествосында ғана күдерлі бел емес, бүкіл қазақ драматургиясының биігі болып саналатын «Достық пен махаббат» пьесасындағы Сәуле, Абзал, Тайман, Темірлердің жарқын бейнелері күні бүгінге дейін көз алдымызда. Автордың жазушы болып қалыптасуына көп ықпал жасап, ағалық қамқорлық, достық кеңес, ақылын аямаған ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың бұл пьеса туралы: «совет тақырыбына жазылған қазақ пьесаларының ең тәуірі, ең тұрақты, көркемдік сипатқа ие болып шыққаны» деп аса жоғары бағалауы тегін емес еді. Сөз арасында айта кеткенде әлі күнге дейін көркемдік құнымен актуальды мәнінен айырылмаған осы шығармаға театрдың қайта оралатын уақыты жеткен сияқты. Бұл аз болса В. Шкловскийдің аудармасымен 1949 жылы Москва баспасында шыққан нұсқасына жазған соңғы сөзінде Леонид Соболевтің «Автор адамдар бойынан біздің халқымыздың тіршілігін ұстап тұрған ең биік сапаларды іздейді олар. Отан сүйгіштік терең сезім, еңбектегі жан қиярлық, қиыншылықты жеңудегі коммунистік тұрақтылық, адалдық пен сезімнің молдығы. Осы бір дәнді тауып ала алған ол содан үлкен образдар туғызады. Ондай адамдарды сүймеу мүмкін емес. Меніңше совет драматургиясының міндеті көрермендерді өмірдегі ең күшті жақсы адал, түзу нәрселерді көре білуге үйрету. Коммунизм құрып жатқан халықтың бойындағы ең жақсы сапаларды тануға баулу керек» деген сөздері Мәдениет министрлігіндегі басшы жолдастарды қалай ойландырмас екен.
Халқымен тығыз байланысты, өмірлік тәжірибесі мол Әлжекең күнделікті құбылысты жіті бақылап отырады. Қай тақырып болмасын оның кейіпкерлері қиын тартыс үстінде танылады. «Бір семья», «Кім менің әкем?», «Әке үкімі», «Белгісіз батыр», «Күншілдік» қай-қайсысында болмасын Әлжекең коммунистік моральды, бүгінгі қоғамдық биік сананы уағыздайды.
Қазақ қауымында, бағы заманнан елдіктің еңсесін басып, бірліктің берекесін алатын, аталастық, руластық, жүздік деген кесепат кеселді ұғымдардың кейбір санадағы сарқыншақтарының анда-санда қылаң беріп қоюын әшкерелеуге арналған «Мансап пен ұждан» атты жаңа шығармасы да коммунист жазушының азаматтық кредосымен, бәрімізге ортақ идеалды ту етеді.
Сөз аяғын тұжыра келгенде, Әлжаппар Әбішев тек қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл совет әдебиетіне мол үлес қосқан жазушы. Оған прозалық шығармалары мен пьесаларының көпшілігі ондаған тілдерге аударылып, көптеген ұлт сахналарын көргендігін айтсақ та жеткілікті. Осынша қыруар дүниені жазған адам, шаршамай келді деу беріден салғанда әбестік болар еді.
Бірақ, Сіз шаршамайтын да себептер бар: Сізді шаршатпайтын ең алдымен халқымыздың Сізге деген махаббаты, талантыңыздың қайнар көзі, өмірден алған мол тәжірибеңіз, олай болса, алдымен халқымыз аман болсын, сол халықтың қадірмен ұлы өзіңіз аман болыңыз.
Октябрь, 1977