Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 7 сағат бұрын)
Ришат Абдуллиннің Абайы

Өнердің классикалық қазынаға айналған озат үлгілеріне уақыт оздырып барып қайта оралып отыру — үлкен мәдениеттің айнымас салтының бірі. Адамзат ақылы қалдырған оқшау мұралар заманнан-заман өткен сайын тек қана эстетикалық нәр алып, көңіл көтеріп қызықтау үшін ғана емес, негізінде әр ұрпақ, әр буынның тәрбие алып отырар ұстазы. Оның классика аталып, өлмес-өшпес өміршеңдікке ие болар сипаты да, құдіреті де осында жатуы ықтимал.

Ал, театр өнерінде классикаға оралудағы бір себеп рухани есеюі мен бүгінгі жеткен парасат деңгейін пайымдау ниетінен табылса, екінші бір себеп өзін өнерден тапқан әрбір буынның сынға түсіп салмақ сырын танытатын, талант тағдырын белгілейтін қайырымсыз таразысы, қатал мектебінде жатыр. Өйткені, шынайы өнермен бағы заманнан үзеңгілес жүретін; жүйрік пен желөкпенің, зерделі мен жетесіздің, дарын мен даңғойдың, саяз сатыр мен сарынның, сәуле мен сағымның, құдірет пен күшеншектің, адуын мен әлжауыздың, өрелі мен өлерменнің белдесер бәсекесі де, беті ашылар бәйгесі де, шекара танытар шайқасы да айта беретін осы классиканы меңгеру үстінде көрінеді.

Ұлы М. Әуезовтың ой мұхитының маржаны төгілген Абай трагедиясының бір өзегін айтулы операға арқау еткен, бүкіл ұлттық музыка мәдениетінің бас зергері, киелі көш басы, корифейі Ахмет Жұбановпен өнеріміздің марқаю тарихында мол еншісі, өзіндік орны бар, жетпіс жылдығы тойланған Латиф Хамидидің творчестволық, ынтымағынан бұдан отыз екі жыл бұрын дүниеге келген туынды. мақтаныш тұтар мұраға, әлгі айтқан қатал мектептің біріне айналып отырғандығы баршаға мәлім.

Театрдың рухани бауырластары, әр табысын алақайлап қарсы алар, көңілінен шықпағанды көп кешіре бермейтін кәнігі көрермендерінің «Абай» операсының үшінші рет қайта қойылуын асыға күткені де содан.

Осы шығарманың тұңғыш Абайы — Ришат Абдуллиннің алпыс жылдығына арналған алғашқы күн, шын мәніндегі өнер мерекесіне айналды дегенді басы ашық айтудың артықтығы жоқ деп білеміз. Сахна адамына, әсіресе опера әншісіне алпыс деген оңай жас болмаса керек. Шымылдық түрілгенше, шынын айтқанда «япырай, қалай болар екен» деген екідай сезім-үміт пен күдіктің арпалысында отырған көптің бірі біз болдық. Алғашқы көріністе-ақ Айдар мен Ажардың арашасына келген Абайдың:

Ағайын, адалдықтан аярым жоқ,
Жақсыңнан жарым жолдан таярым жоқ
Жалғыз-ақ ел ұялтар, ер сыналар
Кезеңде шаппай қалар аялым жоқ, —

таң қылаң берген үміт сәулесі күдік бетін көлегейлей келіп Абайды танытар алғашқы ария:

Қай талқы құл алдында құрылмаған,
Қастықпен қай күнің бар құбылмаған,
Аядым, аянышпен ара түстім,
Жалғыз жол адал жолым бұрылмағаннан, —

басталып шабыт шырқауына бет алған арналы әуен жер бетінен тоятын тауып, ендігі берекені биіктен іздеген қырандай көкке самғай барып, күдік атаулыдан із қалдырмай, болмай қоймас қайғылы халдің қара бұлтын үйіре күрсініс күйзеліспен драмалық түйінге әкелетін:

Зар көрдім шер жүректен жалын атқан,
Азалы ай күндердің уын татқан,
Аядым айнымаймын, жалынбаймын,
Көрсең де мені бетер қас пен жаттан.
Білемін, алдым азап, алты батпан,
Мен емес арам іске арын сатқан.
Сұм заман сыбағама сені берді,
Талап бақ жауың болсам тағы тапқан, —

деп бүкіл залды құшағына ала қайта құйылғанда, Ришат-Абайымен қабат күрсінген қауым, үлкен ризашылық білдірді. Дауыстағы жоғарылы-төменді ырғақ желісінде сезік туғызар селкеулік, сұйылған бояу жоқ. Мұңды саз, зарлы саз, арманды адамның ойына толы салмақты саз. Эфирден аңсай күтетін, талай мерекелік кештердің, арнаулы концерттердің ажары болып жүрген Ришаттың орындауындағы әйгілі ария әлі сол қаз-қалпындағыдай әсер қалдырды... Бүкіл қазақ даласын дүбірге толтырған дүрбелеңі мол сонау әйгілі он алтыншы жылдың көктемі, кенші деген аты болмаса, көз ашқалы тас аударып, топырақ тартумен, күн кешіп келе жатқан күс алақан киіз табан жұмысшы Мұқымның үйіне айрықша қуаныш әкелді. Дүниеге егіз ұл келді. Мүсілім, Ришат деп аттарын да қойды. Кедей үйдің шағын шілдеханасының кемісін аз ғана «жаяу жорғасы» бар Мұқым өз әнімен толтырды. Бұғасы беки келе бұлар отбасының дәстүрімен еңбекке ерте араласты. Он екі жасар Мүсілім әкесінің қасында Рудникте арба айдаса, Ришат мал бағып, жер жыртты. Әлемді аузына қаратып, тірлік атаулыны түлете келген жаңа заманның арқасында екі жас оқудан да қалған жоқ. Ата-анаға қолқанат бола жүре жеті жылдық мектепті де бітірді. өздерінің ата-мекеніне айналған Өскемен өңірі мен ежелгі Ертіс бойындағы ауыл-қыстақтардың той-томалақ, мереке мейрамдарында егіз қозыдай Мүсілім мен Ришаттың қазақша, татарша, кейде орысша салған әндері ел назарын өздеріне ерте аударды. Халық қашанда сыншы, бабы болса бағын өнер бәйгесінен табар балалардың сыңайын таныды. Енді Мұқымға ұлдарыңды оқуға жібер деген ақылшылар да көбейді. Ә дегеннен халық әндерімен қоса, Абайдың ән-жырлары туын тіккен өлкеде' туып өскен Мүсілім мен Ришаттың сөз атаулының дәмі мен иісін сезінудегі ерекшелігі де үлгі тұтар қасиет.

Қазақ қауымы ежелден әнді қос қанатты деп таныған. Бір қанаты ырғақ әуен болса, екінші қанаты өрнекті ойға құрылған құнарлы сөз. Ұлы Абайдың «Құр айқай бақырған, құлаққа ән бе екен», дейтіні де содан. Жалғыз қанатты құстың ұзаққа бармайтыны белгілі. Сөз демекші, бізде тым тәуір даусы бар жігіттер мен қыздардың кейде өз үніне өзі ғашық болып, әулекілене жөнелгенін көргенде сөз сорлының қай жерде жаны шығып, қай сайда қаңқасы қалғанын да аңғармай қаласың. Бүкіл ән тексіндегі он шақты дауысты дыбысты қыл арқанға көгендеп алып, ие мектебі, ие мекені белгісіз жайдақ шырқаумен қанша құлпыртсаң да «өнер алды — қызыл тіл» — деген ұғымнан әзір қол үзе қоймаған халыққа әлгі даңғаза дарымайды, құлаққа кірпідей, денеге түрпідей қадалады. Демек, ән көңілдің күйін оятса, сөз ойға түрткі. Ойсыз күйдің күні құрсын.

Ришаттың жеке концерттерін және театрдан тыңдай жүргенде, оның өзі өскен ортасы, ұлттық операның алғашқы найзағайлары; қазақ бұлбұлы атанған Күләш, өнердің қынап танымас асыл қылышы Құрманбек, әр салада сыбағалы, көз алдымызда жүрген кең пішілген көнтерлі Қаныбек, тыңдаушысын жалындай шарпып, жайындай тартатын арқалы Ғарифолла, қиядан қайырып, тереңнен толғайтын Жүсіпбектер еске түседі. Арнаулы мектеп көрмеген бұлар табиғи дарынның үстіне халықтың ғасырлар бойғы қазынасын арқалай келеді. Олардың, көрген өнегесі халық тарихының тереңінде жатты. Өнер өзегі осылармен тамырлас Ришат та Мүсілім сияқты алғаш адымын Алматының музыкалық техникумынан бастап, Москва консерваториясының тәлім-тәрбиесін көрді. Жасынан халқының ән-күйіне бусанып өскен Ришаттың жинап-тергені енді таныған, тапқан үлгі мектебінің сабағымен қабаттаса ширатылып, шыңдала өрілді. Міне, бүгін сәтті сапарынан өркендей өскен миуалы бақшасының бабында тұрғанына тәнті болып отырмыз.

...Екінші көріністегі Абайда үміт сәулесі бар, бірақ шайқас алда. Секем алар жәйттер де жеткілікті. Бидің қары, батырдың ұры болған заманы. Сүйенері кім сонда? — Халық, халықтан басқа кімі бар? Бірақ, ол сорлының да қауқары жылдан-жылға жадау тартып бара жатқан жоқ па? Дегенмен халыққа не жетсін. Оның да қайратына мінер күні тумас па? Әзір көңілге қуаныш, көзі ашық көкірегі сәулелі Айдар сияқты жастар мен оның төңірегінде Әзімдер бар. Бірақ Әзімді Абай сана көзімен көптен бері танып жүр. Көрген сайын күдігі көбейеді: әрекеттен жыбыры, саналы сөзден сыбыры басым сұмпайының сыңайын танытады. Кейде көзденіп тіресе, кейде мысықтай мүләйім мінезі көңіл суытып, қауіп ойлатады. Өзінен-өзі ұрланып жүретін осы ешкі бас, егеу құйрықтың қызғаныштан ішіне қыл айналмайтын қалпын байқайды. Әйтеуір адам боп жаралып жаны қалған. Жылан болса құйрығын өз басынан қызғанып әлдеқашан өзін-өзі шағып өлер еді. Ие, қызғаныш ұялаған кеудеден мейірім-шапағат күтпе. Осындай ішкі толғаныстар, қоңыр баяу сазда,

Тыныштықта мезгіл бедеу, жыр тумайды,
Сәттер бар, қасіреттен ой тулайды.
Толқыған теңіз атқан меруерттей,
Сол шақта найзағайдай сөз зулайды,
Айдарым, жайдағыдан жөнің бөлек,
Бұлттай биік құшар шағың келед,
Жақсы жыр жанның шерін шайып өтсін
Жаз бүгін, айтпағанды айтсаң керек, —

деп ариясының ақырын Айдарға артқан үмітке тірегенмен, Ришат үнінде еңсесін басқан, күздің қорғасын бұлтындай ауыр ойдың табы, ақылды ашудың ызғары сезіледі. Осыдан кейін жаңа ғана өз тарапынан сырттан шалға танытқан жылы қабақтың, арты не болмақ. Мұның да бейбіт ойынан береке қашқанын Абай байқап қалды. Сенімінен гөрі сесі күшті. Ағаш атты әкім көрсе, соның жүрер жолын сақалымен сыпыруға дағдыланып қалған жайдақ жорға, түлкі құйрық сорлыдан не шығар дейсің. Қыңыр тартып қисық сөйлеу бұған мүлік емес. Анау Жиренше ме. Ол үшін ар ұйқыда, әділет саудада.

Көпке бас игізіп, құрақтай ұшырып, құлдық ұрғызар Кеңгірбай құрып кеткен көрме бар. Ат басында, дау түйінінде жан қысылғанда соған әкеп тірейді. Олардың қылық-қияпаты Абайға мәлім, енді сенері халық, семсері өз ақылы. Осыған бел буған Абайдың:

Зарлының наласы
Жаз жүрек жарасы
От салды ойыма
Болармын панасы.
Қайғылы анасы,
Қапасын қарашы,
Тірлігің құрбандық
Жәрдемге жарашы.
Жылатқан жаласы
Жылаған баласы,
Арналсын жолына,
Жүрегім санасы, —

деп аяқталатын ариясында Ришат Абдуллин замана қалпындағы бар қайшылыққа көзі жеткен, адам тағдырына астарлас, халық тағдырына қамыққан Абайдың осы сәттегі жүрегін жеген жегі мен жанын кеулеген дауыл өртінен туған сан қилы сезім арпалыстарын үйіріп әкеп, жетпіс өрім жылан тіс қамшыдан жігін білдірмей, ақынның ақырғы азаматтық антындай алдыңа тартады... Қанша іріленіп келгенмен Абайға жеңіс оңайға түскен жоқ.

Драмалық қайшылық, қақтығысы қалың осы үшінші актідегі аз ғана серпілісте Абайдың «төл әні» ата-анаға өз қуанышының ырғағымен кететін;

Азбын деме алдың жарқын,
Осы бетің жеткізеді.
Тілеулес елдің молына!
Ал, ағайын, сен қоста,
Шалқысын шаттыққа айнала,
Шексіз қызу той баста! —

дегендері жастарға деген аталық қамқор, ақ пейіл, адал мейірімге толы. Не пайда, бұл да ақталмас үмітке ақырғы талпыныс болып қала берді. Өз ойындағыдай алдынан шыққан қырсықтың басшысы Жиреншеге (артист А. Оншаев) бейім тартқан Әзімнің (Б. Қошмұхамбетов) табансыздығын байқады. Бұдан да қателеспепті. Жанарында жылт етер жанға мейірім, ойға орынның нышаны жоқ түйме көз, ешкі сақал Жиренше ырық берер емес. Бұлаңқұйрықтығын білгірлікке, бұқпантайлығын батырлыққа балап үйренген оның «айдап сал да байлап беріне» көнбесе де тағы тәсілдері бар. Бұған, құрық ұстатқанын құл, сойыл ұстатқанын содыр етіп шығаруы да оңай. Сырттан дөң айбат шегіп, ар қорғағансып, бірлік-береке іздегенсіп, өзгенің қолымен от күреп отыру қандай рахат. Бұл тұста Абайдың өзінің:

Момыннан жаман қорқақ жоқ,
Қу пысық деген ат қайда?
Айлакер болмай атақ жоқ,
Арамза болмай бақ қайда?
Алдадым, ұрдым, қырдым деп,
Шалықтай шалқып шатпай ма?
Қапысын аңдып тұрдым деп,
Қулығын пұлдап сатпай ма? —

дегені айбары бар да азуы жоқ түлкі тірлікпен күн көрген осы Жиренше сияқты заман жезөкшелеріне арналғанын кім біледі. Бақсақ бұлар Абайға «тартылған» аз «сыбаға» емес «мыңмен жалғыз алыспасқа» амалы қанша. Міне, ақыры Жиренше дегеніне жетті. Той қуанышының арты, қан-қазаға душар етті, Ришат-Абай ендігі мұң-зарын:

Ей, халайық, барым ең сен
Зарыңа зар қосып ем,
Жауың емес, досың ем мен.
Дос пейілін тосып ем.
Бауырым жара, сөзім нала,
Дертпен келем мен бүгін
Аямас жау мені айнала,
Салды салмақ сұмдығын!
Біл, ағайын, Айдар жайын,
У беріпті оған жау!
Қазір халі сағат сайын
Ажал жақын, қол қамау...
Алдыңа кеп жар саламын
Тап жауымды жабылып,
Өш аламын, өш аламын
Қанды кекті жамылып, —

дейді халқына. Медет тілейді. «Тап жауымды жабылып», — деп күреске шақырады. Өйткені, бұл тек Абай қайғысы, Абай көріп жүрген шер емес. «Етпесін олай! Жау айла! Абайла» дей келіп, өзінің арман мұратын халқының болашағынан күтеді.

Жоталы талант таңдайтын, жұлынды ойға құрылған Абай ариялары, кез келгеннің ыңғай-сыңайына келе бермейтін, әрқайсысы өз алдына жатқан жан шежіресі — заман шежіресі. Өзімізге мәлім Ришаттың алғашқы Абайларында күрескерлік, азаматтық әуен басым жатса, бұл сапар Абай ойларының мән-мазмұнын тереңдетіп, әлеуметтік философиялық аңғарын аша түсетін кемеңгерлік сыпатын мол танытар мотив бар. Бүкіл образдың қалыптасуында сонау бір көз ұшында «мен бір жұмбақ адаммын оны да ойланың» астары жатыр.

Өнерде еліктеудің баянды болмайтынын бәріміз де білеміз. Нағыз өнер адамына өзін қайталаудың өзі қиын. Ришаттың бүгінгі Абайы осы айтып отырғанымызға нақтылы дәлел. Жиырма сегіз жасында кездескен кейіпкерді өзінің алпыс жасына дейін ажарына әр түсіру былай тұрсын, нұрландыра, тереңдете түсу деген опера өнері тарихында тым сирек кездесетін құбылыстар. Бұл табиғат жомарттығынан еншісін мол қамтыған талант иелеріне ғана тән қасиет. Мұны жеке бастың ғана бақыты емес, өнер төлінің халықтық ырысқа айналуының бір сипаты деп тануымыз шарт.

Сайып келгенде Ришаттың Абайы творчествосының ең биік шыңы. Азды-көпті өз танымымызды қуаттай түсу үшін Москвадағы үлкен театрдың сахнасынан операны тыңдаған СССР-дың Халық артисткасы, Лениндік сыйлықтың лауреаты В. Пашенскаяның «Образ Абая, созданный Ришатом Абдуллиным, бесспорно выдающееся достижение не только казахского, но и всего советского искусства...» дегенін еске алып өткенді жөн көрдік. Осы сапарда совет журналистерімен әңгімесінде атақты үнді жазушысы, философ, әрі тарихшы профессор Рам Кумар Барма Ришат туралы «Мне удалось побывать на опере «Абай» в Большом театре. Я получил большое удовольствие от спектакля, хотя и не понимал казахского языка... Ришат Абдуллин был живым Абаем, который встал мысленно в моем воображении. Актеру присуще тонкая игра, богатые вокальные данные... Образ Абая совершенно пленил меня, я был покорен его глубокой человечностью, величием большого сердца» — деген еді. Ришаттың Абайы жәйлі әр кезеңде айтылған мақтау пікірлер мол. Осының бәрі баршамызға ортақ мақтан. Ришат әлі осы биікте келе жатқаны өнер мерейі.

Бір кездегі осы операның айтулы Айдары, бүгінгі үлкен өнер қайраткері, режиссер Байғали Досымжанов, спектакльге әр буынның елеулі екшелгенін жиыпты. Өнер жолында алдағыны менсінбеген, арттағыны көзге ілмегеннің мұратына жеткендері некен-саяқ болар. Білген адамға алдағыдан өткеннің сырын ұқсаң, арттағыдан келер күннің лебін сезесің. Мұның екеуі де сабақ. Ата тамырын либретто мен музыкалық драматургиядан алған спектакльде, шарттылығы мол опера өнеріндегі кездесе бермейтін бірлік бар. Бұрын хор, би сияқты қосалқы жайлар сиыр бүйректеніп, кейіпкер тағдыры былай тұрсын, жалпы оқиғадан өгейлеу-оқшаулау жон көрсетіп жатса, бұл сапар жік-жапсары көзге ұрмай кіріге бірігіп, бір жүректен тараған қан тамырының лүпіліндей табиғилық сипат танытты. Ең қиын, билер айтысындағы көріністің өзі, трагедиялық шырқау, лирикалық наз, той көрінісіндегі сәулелі сезім сәттерімен сабақтасып Абай төңірегіндегі ақты-қаралы кейіпкерлердің ара салмағын анықтаудан туатын дәуір рухы, заман кейпінде айқын нақтылық бар. Осыған орай сахнадағы әрқилы мизансценалардың оркестрмен бір дем тартып үндесіп жатуы, сөз жоқ, режиссердың шеберлігінен туған тың табысы, Байғали творчествосының жаңа бір белесі, талассыз жеңісі демекпін. Спектакль жабдықтаудағы (А. Ненашев) таза талғам, бояудағы сәуле мен көлеңкенің жарасымының әсемдік әсері шығарманы шоқтандыра түскен Абайдың төл шығармаларын жақсы білетін Байғалидің жеке кейіпкерлердің мінез-құлқын, образ арқауын табуда көп ізденгендігі байқалады. Осының, бәрі спектакльдің берік-белағашы, Абай мен халық тағдыры бір өреде деген режиссер концепциясының астар ағынын көрсетті.

Жеке орындаушыларға келсек, жоғарыда атап өткен жас артист Оншаев вокальдық мол мүмкіншілігімен қоса, кейіпкердің өзіне тән психологиясын дәл басып, осыншама мінез-құлық аңғартқанына риза боласың. Ш. Металиевтің Сырттаны да есте қаларлық, әсіресе дау көрінісінде аш күзендей бүгіліп, біресе Абайға, біресе Жиреншеге қабақ астымен қарап, қалай қиғаштауын білмей отырған өлара халі қатты әсер етті.

Өлмек жол ма сол екеу,
Таныдым тентек тарпыңды
Ит те болса өлмесін,
Қарғыс алып қара боп,
Шулата алман халқымды, —

дегеніне басқаның сынайын байқаған Сырттан өзі де сенбейді. Ақыры Абай ақылы, халық айбары бел алып, бас сауғалап аман кеткеніне риза. Абайдан кейінгі ауыр жүк Н. Қаражігітовтың Айдарында екендігі мәлім. Сол Айдарға байланысты дауыс жағынан мін іздеуден аулақпыз, бұ жағы жетіп жатыр. Кемшіні образдың даму-өсу жүйесінде әлде болса ала-құлалық сәттер байқалады.

Үлкен актриса Р. Жаманова Ажарының ішкі тебіреністерінің жалаң қабаттығынан ба, үн ырғақтың шымқай бір бояуда көрінген сидам-сырдаңдығы әзір басым жатыр ма деген күдік туды. Спектакльдің Әшімова бастаған, Мырзабеков, Бақтаев, Әжмұханов сияқты жастардың жүктері жеңіл болғанмен, жауапкершілікті іштей ұғынған қалыптарымен келешектерінен мол үміт күттіреді. Әлбетте опера шарттылығы мол өнер, бірақ шарттылықта да шек бар. Кейде емеуірінін қас-қабақпен танытар, үндегі жылы лебізбен байқатар сәттерде жастардың көпшілігінде артистік сезімнен гөрі, еліре ұмтылып, елп ете қалу сияқты ішкі көңіл-күйінен аулақ арзан қимылдар кездеседі.

Спектакльдің буыны берік, ширақ-шымыр оркестрмен бір дем, бір тыныста шығуы дирижерге тікелей байланысты. Бұл жолы Тұрғыт Османовтың шеберлігін атап өткен жөн. Спектакльде музыкалық драматургияның биіктігі мен кеңдігі, тереңдігі мен теңдігі, өлшем-өрнегін тауып, партитураның жүйке жүйелеріндегі эмоциялық ағыс-тоғыстармен әр аспаптың шалымын жете аңғарып, шарқын белгілеп отырған зерделі көз бар. Музыкалық мінездемелер де елеусіз кетер елермеліктен ада, шымырлап аққан өзендей, кейде тулай толқып қайтадан өз шығанағының иіріміне оралып отырған бірлік, ұғысқан ұйымшылдық пен байсалды бап қуантады. Жеке солистер, хор, би көріністері қайсысы болмасын, оза шауып, немесе өкпе қабындыра қуатын аптықпадан аулақ, кейіпкердің мүмкіншілігіне сай, өpic сілтер көсемшілдік басым жатты.

Қысқасы, қой тастарды жаңқадай ойнататын тау өзеніндей мың сан үнді арнасынан шығармай, кемерінен түсірмей, бөлекше үндестік келісім деңгейінде тыңдаушыға жеткізу үшін дирижерге, келінге тән сыпайлық пен Құнанбай қаталдығы қатар-қабат керек. Бұл спектакльдегі Тұрғыт өнерінен осы бір сирек қасиетті байқадық.

Қорыта келгенде айтарымыз, «өнердегі өзіңді емес, алдымен өнерді сыйла» деген қағида бар. Сөз реті келген соң айта кетудің артықшылығы болмас деген ниетпен, осы қағида қанша қатып қалса да өз бойындағы өнерді сыйлап, бабында ұстаудың да, қаншалықты пайдасы барын, Ришат Абдуллин басынан көріп отырмыз. Музыка атаулының түп-төркіні дыбыстан туындайды десек, сол дыбыстар Ришат үнінен әрқилы бояу, бедер-белгісімен қылау ине шеккен қиын кестедей қиюласып жым-жігін табады. Енді сол үйлесім әуенге (мелос) ауысып, сырлы әуезге (кантилена) иек артып алады да, қыл шылбырдай ширатылып, ырғақ (мелодия) ұғымынан бір-ақ шығады. Осыдан келіп қою қоңыр саз (тембр) құдіретіне мініп, артистік ішкі зауықпен (эмоция) туыса қабат өріліп, шабыт (вдохновение) шырқауындағы байыз берекеге ұласады. Ришаттары талант тылсымы да, шеберлік сиқыры да осында.

Ұлттық шығармалардан бастап дүние жүзінің әйгілі композиторларының үздік туындыларын қосқанда жиырмадан аса опералық партияларды атқарған Ришаттың концерттік репертуарында батыстың, орыстың қаншама классикалық романстары мен қазақ, татар, башқұрттың талай халық әндері бар. Ағайынды Абдуллиндер тек қана Советтер Одағының ірі қалалары емес, Канада, Швеция, Скандинавия елдері, Финляндия, Венгрия, Индия, ГДР, Монғолия, тағы басқа мемлекеттерде арнаулы концерттер беріп, Ұлы Октябрьден кейінгі халқымыздың қолы жеткен музыкалық мәдениетінің табысын танытып мерейін көтерді.

Ришат пен Мүсілімдегі бір ерекшелік қай тілде, қай халықтың әнін орындамасын оның ұлттық бояуын қанықтыра, стиль ерекшелігін берік ұстанады. Классикалық романстар мен халықтың ескі әндерінен дәуір рухының лебін, тілін табады. Осы күнгі қазақ композиторларының жілігі татыр туындыларын халыққа жедел жеткізуде Ришаттың белсенділігі әлі сол қалпында. Ришаттан үлгі алар, үйренер қасиеттің бірі осы. Бұл қасиет өз бойындағы талантты қатал тәртіпте ұстап, өнер парызын тірлігінің тынысындай ұққан адамға ғана тән. Осыған орай талант — халық игілігі, халық қазынасы дегенді бәріміз білеміз. Бірақ соны сақтау, оған деген қамқорлықтың, бізде халі қандай дегенді де айта кеткен орынды. Кейінгі жылдары әр тұстан талантты жастар келді. Келген күннен тақияларымызды аспанға лақтырып қол соқтық. Оның жас талантты қарсы алуда оғаштығы жоқ. Білмеймін, солардың көпшілігі қызу қошеметтің салмағын ауырсынды ма, әлде жауапсыздығы басым болды ма, не керек, жеті-сегіз жылдың ішінде жиған-тергенін шашып-төгіп, ажарынан бұрын әуеніне әжім ерте түсті. Театрымыздың ертеңі дегендеріміздің көбі сусып кешегінің орнын басты. Сандуғаштай сайрап келген кейбір қыздарымыз сауысқанша, үніне қаз айналған ұлдарымыз қырғауылша қайыратынды шығарып жүр. Сөз жоқ, кейбірінің өздері кінәлі де шығар. Бірақ бәріне қамқор мәдениет мекемелерінің басшылары не ойлайды. Осындай орны толмас, өрескел өкінішке кім душар етті. Әлде олар жылында бірді-екілі болатын концерттерде алып жүрген «рахметін» бүкіл өнердің, әсіресе, опера театрының «азығы» болат деп ойласа, онша тереңдікті танытпайды. Жаңағы қолдан сусып кеткен таланттардың әрқайсысын тәрбиелеуге өкімет қаншама қаржы жұмсап, қаншама еңбек етті. Біз сол қолдағы бар алтынның қадірін білмей, тым болмаса ие болуға мұршамыз келмей отыр. Өнердің бар саласында байқалатын бұл кемшілік кейінгі бес-алты жылда бойын бекітіп әбден иектеп алды. Осы жағын баса ойланатын да уақыт жеткен сияқты.

1977


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама