Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әлиханның үш сұрағы, Ағыбайдың үш жауабы

Ағыбай батырдың қартайған шағында «Ақжолтай атаға сәлем береміз, батасын аламыз», — деп Әлихан Бөкейханов серіктерімен батырдың үйіне келіп қонады. Сөз арасында Әлихан:

— Батыр аға, сізден үш сөз сұраймын деп едім, — дейді.

— Сұра, — дейді Ағыбай батыр.

— Ердің әруақтысын көрдіңіз бе?

— Әйелдің сұлуын қайдан көрдіңіз? Осыны білгім келіп еді, — деп сұрайды Әлихан.

— Айтайын, оны неліктен сұрадың? — дейді Ағыбай.

— Оны сұрағаным — нағыз ер жігіт осының үшеуінен шет болмаса керек қой, — дейді Әлихан.

«Арқада, қырықтағы күнім, — деп, Ағыбай сөз бастайды, — астымда Көкбесті деген атым бар. Осы кезде: «менен артық жігіт, Көкбестіден артық ат жоқ», — деп ойлаушы едім. Бір күні ауыл сыртына көп адам келіп: «Сөйлес-ау!» деген соң, өзім шығып сөйлестім. «Саржан батыр — мен», — дегені.

Алпыс каралы адам екен, үй тігіп, түсіріп қонақ еттім. Саржан батыр аты шыққан ер болғанымен, көзіме өзі де, аты да қораш көрінді.

Ертеңгісін «Ағыбайжан келсін» деген соң барып едім, «Ағыбайжан, Арқада жолдас болуға жарайтын сен деп іздеп келдім. Ақбастауды орыс алып, қазақтарды күнде шабатын көрінеді. Мен алпыс адам, сен қырық жігіт ерт, жүз кісі болып соған барайық», — деді. «Жарайды» — деп, жүз кісі боп аттандық.

Жер шамасына барған соң: «Ағыбайжан, жау тақау, бүгін ат терін алайық», — деді. Сонан соң шабатын аттарды қалдырып, өзіміз алға оздық. Ол кісінің астында тайдай ғана Аққасқа аты бар. Ілгері ұзап шыққан соң, мінген аттарымыздың қарымын байқау үшін бір жүгіртіп алуды ойладық. Атқа шабатын жігіттерді сайлап, керме тартып, ат тостық. Мен ойладым: «Аман болса, Көкбесті атым келер», — деп. Әлден уақытта бағанағы тайдай ғана Саржанның Аққасқасы келді. «Апыр-ай! Көкбесті ат жығылды, қалай тірі қалды ма?» — деп мазаландым. Бір мезгілде аман-сау менің атым да келді. Кермеге байлап: «Неліктен болды?», — деп кермеге барсам, тайдай Аққасқа Көкбесті аттан анағұрлым өсіп кетіпті. «Аттың тұлпары екен ғой, бойын жасырып тұратын», — деп бағаладым.

Ертеңгісін Саржан батыр жатқан жерінен ұшып тұрып: «Ағыбайжан, қайдасың? Жау келіп қалды ғой. Тез атқа мініңдер. Мына тауды бұрын алмасақ, жау бізді алады. Тауды бұрын алайық!» — деді. Жанталасып Ақбастауға келіп шықсақ, ар жағында дала толған кісі қаптап келеді екен. Саржан: «Шыққыр көзім, шықпасаң, дұрыс болжа, — деп бір шола қарап: «Апырай-ай! Ағыбайжан-ай, алты жүздей кісі екен ғой!» — дегенде: «Қайда жүріп болжап қойды?» — деп қарасам, бағанағы көзіме тым қораш көрінген батыр өзімнен анағұрлым өсіп кеткен екен. Сол жерде «Ердің әруақтысы, аттың тұлпары екеуі де Саржан батырда», — деп бағаладым.

Қазақпен көп шабысып, ері — құл, қызы — күң боп, қазақ- өзбек арасы теңдіксіз екен. Найман руына берген қарындасым бір шапқыншылықта өзбекте қолда кетіп, «бұл болмайды екен» деп қырық кісі алып бітімге бардым. Өзбектің Әлімқұл деген ханы бар екен. «Қазақтың Ағыбай батыры бітімге келе жатыр дейді. Оған кім теңкіл береді. Мені сейілге кетті деп қайырып жіберіңдер!» — деп үйінен кетіп қапты.

Мен барған соң шатыр тігіп, «Сонда түсесіз»? — деп еді, «Хан ордасынан басқа жерге түспеймін», — деп Әлімқұлдың ордасына түстім. Үйге кіріп келгенде, есікті ашқан бір аппақ әйел маған жалт қарады. Сол күнде мың сан кісіден бетім қайтпайтын уақытым еді, әйелдің көзіне көзім тұрақтамай тайықсып кетті. Бұл Әлімқұлдың Ақ тоқалы екен. Оның да назары маған ауған сияқты. Басқаны қойып, әйел де мені ұнатқан соң, елге Ақ тоқалды алып кетпекші болып қалдым. Сол жерде ойлана келіп: «Қой, басқа жұмысымды тастап, бір әйелді қызығып алып кеткенім болмас», — деп Әлімқұлды шақырттым. Әлімқұл:

— Бұл маңқа қазақ не іздеп жүр сонау Арқадан? — деп үйге кіре берді. Сол сәт:

— Мә, саған маңқа қазақ, Әлімқұлдың басын шапқалы келдім! — деп қылышымды ала ұмтылдым.

Сонда Әлімқұл:

— Ер шекіспей бекіспес, достыққа — төсім! — деп құшағын жая ұмтылды. Сонымен: «Қазақ-өзбек мал шабысса да, адамды тұтқын қып, ұлы — құл, қызы — күң болу бұдан былай тоқтасын!» — деп билік еттік. Содан бері қолға түскен адам болса, өзбек қазаққа, қазақ өзбекке қайтаратын болды. Мына қазақ ішінде өзбектер бұл бітімнен бұрынғылар екен. Әйелдің сұлуын көргенім, міне, осы жолы еді.

Оқуға кеңес береміз:

Наурызбайдың қарындасы

Наурызбайдың жолбарысты өлтіруі

Құрманқұлдың Наурызбайдың ерлігіне риза болуы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама