- 13 қаң. 2024 00:00
- 391
Ағыбай батырдың айтқаны (І нұсқа)
Жасынан кедей батырдың дәулеті қартая келе тіпті сарқылады. Балалары да көп, оның үстіне біразы өз аузына өз қолы жетпеген жас болса керек. Бір күні үй сыртына алты-жеті салт атты келіп түсуге ыңғайланады. Оларды көрген батырдың қарт бәйбішесі сасқанынан:
— Аталарың үйде жоқ еді десем қайтер еді? — депті. Сонда:
— Уа, бар болғыр, мені тірідей жоқ дегенің сасқаның ба? Өзім түсіріп аламын оларды, — деп далаға шығады да, әлі ат үстінде тұрған меймандарға:
— Уағаләйкүмүссәлем, балаларым,
Қартайған алдыңда тұр бабаларың.
Көп болды меймандарды көрмегелі,
Қуандым көрінгеннен қараларың.
Уа, бар болса бір қойды әкеп сояр едім,
Басын сап алдарыңа қояр едім.
Қосылып сіздерменен рахаттанып,
Өзім де, үй-ішіммен тояр едім.
Бағым да барлай бермей, тынып қалды,
Сағым да самғай бермей, сынып қалды.
Келгендей кемеліне кедейлік ит,
Желігіп желкеге кеп мініп алды.
Жоқтық сұм жомарт ердің қолын байлап,
Келді де кеңірдектен іліп қалды.
Айызы ақымақтардың қанғандай боп,
Күншілдер көре алмаған күліп қалды.
Кешегі «Ағаң» дейтін ардақтаулар,
Тұғырдан түскеннен соң тұйықталды.
Көп болды қысқы дәмнен тазарғанбыз,
Тоқтыдан кеше сойған жілік қалды.
Сол сойған тоқтымыздан жілік жейсің,
Ескі еттің жоқ екенін біліп жейсің.
Шеңгелдеп асайтұғын көп етім жоқ,
Ақырын қос саусақпен іліп жейсің.
Бірде бар да, бірде жоқ таба наным,
Бұрын да қонақ күткен бабаларым.
Тоймасаң да боларсыз бөрі құрсақ,
Ренжімей түсе бер, балаларым, —
деген екен.
Оқуға кеңес береміз:
Наурызбайдың жолбарысты өлтіруі
Құрманқұлдың Наурызбайдың ерлігіне риза болуы