- 06 мам. 2021 00:00
- 284
Аңыз әңгімелердің танымдық қыры
Қазақ әдебиеті сан ғасырлардан бері өзінің құндылығын жоймай, жас ұрпаққа үлкен үлгі, өнеге - көрсетіп келеді. Оның бастауы қазақ ауыз әдебиетінен бері сарқылмас қазына болып жалғасын тауып келеді. Қазақ ауыз әдебиеті - қазақ әдебиетінің түп тамыры. Сонау ықылым заманнан бері ауызша таралып, осы заманға дейін ұмытылмай жетуінің өзі, оның құндылығында. Қазақ халқының оқиғасын шындық өмірден алып ауызша шығарған көркем шығармаларының бір саласы - аңыз әңгімелер. Аңыз белгілі бір адамның атына, іс - әрекетіне байланысты туады. Кейде аңыз әңгімеде де шындық оқиға мен қиял - ғажайып оқиға аралас келіп отырады.
Бұл жағынан алғанда аңыз бен ертегі екеуінің арасы жақын. Негізгі айырмасы – аңыз әңгіме көбінесе тарихта болған адамның басына құралады. Әуелде тарихта шын болған, кейін сондай адам болыпты- Мыс деп, ел аузында лақапқа айналған адам туралы әңгіме етіледі. Аңыз әңгімелердің тарихи адамның төңірегінде тууының негізгі себебі, сол адамның өз басына істеген ісіне белгілі бір тарихи кезеңде атқарған рөліне, әлеуметтік мәні зор еңбегіне байланысты. Ол адам батыр, не ел басшысы, «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен » шешен би немесе әділеттік іздеуші, халық мұңын жырлаушы күрескер болуы мүмкін. Бірақ ол адамдардың іс - әрекеттерімен байланысты айтылған әуелгі шындыққа қоспалар қосылып, сол істепті - міс, айтыпты - мыс деген әр түрлі лақап біртіндеп аңызға айнала- ды. Оны әңгіме, жыр етіп, біреуден жаттап алып, кейінгі ұрпаққа қалдырады. Аңыз әңгімелерге қиял элементі қаншама көп араласса да, әлгі аңызға айналған адамның өзі кәдімгі қарапайым адамның қатарында қала берді. Даналықтың мән - жайын алғаш зерттеп, ашып беруге философия талпынған. Даналық адамгершілікті танудағы құрал. Демек, даналықтың тарихи бастауы, қайнар көзі - ауыз әдебиеті нұсқаларында, аңыздар мен діни әпсаналардың желілерінде, өнер туындылары мен әдеби, философиялық шығармаларда жатыр. Қорқыт ата, Асан Қайғы,Толағай мифтік тұлғалардың ой толғам, іс - әрекеттерінде өмірдің өткіншілігіне қарсы күрес, мәңгілік өріне – даналық тәліміне талпыныс бар. Ауыз әдебиетінде аңыз әңгімелер елеулі орын алады Өйткені әуел баста жазу, баспасөз шықпай, дамымай тұрғанда ел басынан өткен тарихи уақиғалар, ел басқарған адамдар, айнала қоршаған табиғат құбылыстары жайындағы мәліметтер мен ұғымдарды ауызекі сөзбен баяндайтын бұл халық шығармаларының білім берерлік, өмір танытарлық мәні, маңызы үлкен. Онда әлденеше ұрпақ өкілдерінің бастан кешкені, көргені мен естігені, екінші сөзбен айтқанда, тәжірибесі жинақталған, қорытылған. Алдыңғы буынның кейінгі буынға айтар ақыл - ойлары, аманат өсиеттері сақталған және олар ондаған, жүздеген ақыл - ой иелерінің, тіл - сөз шеберлерінің сыны мен өңдеуінен өткен. Сондықтан жалпы халық шығармаларының, оның ішінде аңыз - әңгімелерінің мәліметтік маңызымен бірге ғибраттық,эстетикалық мәні де зор.
Тоқанова Аяужан