"Жас қазақ" газетінің мазмұндық, тақырыптық ерекшелігі
"Жас қазақ" - 2005 жылдың 7 қаңтарынан бастап жарық көріп келе жатқан қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық, сараптамалық газет. Қазіргі таңда Срайыл Смайылдың редакторлығымен шығып отырған "Жас қазақ" қоғамда өзіндік орнын тауып, оқырман тарапынан сұранысқа ие басылымдардың біріне айналды. Газеттің "Қоғам", "Көкейтесті", " Біздің сұхбат", "Жаңалықтар", "Өлке", "Руханият", "Спорт", "Оқшау ой" атты тұрақты әрі танымал айдарлары сапалы да мәнді материалдар ұсынудан жалыққан емес.
Мысалы "Қоғам" айдарында берілген "Жер көп, жайылым жоқ" атты мақалада Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылының түйіні тарқатылмай жатқан өзекті мәселесі сөз болады. Автор Айдос Құсайынұлы ауыл тұрғындарымен тілдесіп, жағдайды жіті түсінген соң, жерді "жекеменшік еткіштердің" араны ашылып, тіпті, халыққа тұрғын үй, қора-жай салар жер қалмағандығын ашына айтады. "Күнкөрісін қолындағы азын-аулақ малдан айырып отырған ауыл тұрғындары жайылым таппай қиналып отыр" - дей келе автор Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Түгіскен ауылында да дәл осындай жағдай қалыптасқандығын баяндайды. Осы сарындас тағы бір мақалада автор Талап Тілеген "Жер жетеді, бірақ диқан мен малшыға жер жоқ" - деп өткір тақырыпта ұшқыр ойларын төгеді. Ал "Кемелді нұсқа осы" атты материалда газет ұжымы шеңберінде өткізілген дөңгелек үстелдің барысы сипатталып, латын әліпбиінің нұсқалары жайлы ой қозғалады. Бүгінгі таңда қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан жаңа әліпби мәселесін Жарас Кемелжан кеңінен талдайды.
Аса көкейтесті мәселелер "Көкейтесті" айдарында беріледі. Яғни, мұнда журналисттік зерттеулер ұсынылып, оқырманға ой салар салмақты дүниелер сөз болады. Мәселен, 2018 жылдың 17 наурызында жарияланған Жарас Кемелжанның "Қаламы - қылыш, қағазы - қалқан" мақаласы, 2017 жылдың 21 ақпанындағы Ұлдай Сариеваның "Шейх Халил деген кім?", 2016 жылдың 19 ақпанындағы Марат Мадалимовтың "Бумеранг" мақалалары ерекше толымды, ойлы.
"Біздің сұхбат" рубрикасының мазмұны атауынан ақ аян. "Жастар жұмыс жоқ деп өтірік айтпасын" деген жалынды тақырыппен берілген сұхбатта көп ғибратты дүние айтылады. Біреулер «екі қолға бір күрек» жоқ десе, 73 жастағы кейіпкер әжей кәсіп ашып, жұмыс істейтін жастарды таба алмай жүр. Бекзада Нұрханқызы – зейнеткер, екінші топтағы мүгедек. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша бизнес жоспарын қорғап, үкімет грантымен тігін цехын ашты. Алайда, жұмысқа алып, білгенін үйретейін десе жігерлі жастарды таппай жүр. Яғни, бұл материал жастарды ізденімпаз болуға, әрі үнемі жаңа мүмкіндіктерді пайдалана білуге үйретеді. Ақын Жәркен Бөдешпен болған әсерлі сұхбат "Көзімді жұмсам Жәйірдемін, ашсам жалғызбын" деген тартымды тақырыппен ұсынылады. Дәрігер Әкім Тұрсынмен болған танымды да тағылымды сұхбаттың айтар ойы бөлек. Бүкіл әлемді тығырыққа тіреп, сабыр мен төзімді сарқып, өлім мен өмірдің мәнін терең ұғындырған жұқпалы індет өршіп тұр. Ел басына күн туғанда, кейбір пысықтар мен алаяқтар ақша жасаудың алуан түрлі амалын ойлап тауып, қалтасын қампайтып қалу үшін неше түрліні жасап жатқандығын көз көрсе, құлақ есітіп-ақ отыр. Сенатор Мұрат Бақтиярұлынан алынған сұхбатта қоғамның өзегіне түскен жегіқұрт – жемқорлық, қолдан жасалған дәрі-дәрмек тапшылығы, дәрігерлердің біліктілігі жайы арқау болады.
"Өлке" айдары жаһан жұртшылығының тыныс-тіршілігінен хабар берсе, "Руханиятта" рухыңа қуат беріп, көңілді серпілтетін тың дүниелер беріледі. Мәселен, газеттің әр санында "Шәмші мен Есенғали", "Айылдан шыққан мүсінші", "Қадыр ағаның көз жасы", "Ғұн Еділдің әлі ашылмаған ақиқаты", "Бейсентану", "Абай - ақылдың панасы", "Қазақтың рыцарі", "Алтын Орда тағылымы" сынды алуан түрлі тақырыпқа арналған қызықты материалдар жарияланып тұрады.
Көпшілік күте жүріп, қалдырмай оқитын "Спорт" айдары спорт әлемінің тың жаңалықтарынан тыс қалмай, тұрақты түрде оқырман көңілінен шығып келеді. Ал "Оқшау ой" елді елең еткізіп, қоғамда қызу талқыға салынып жатқан мәселелерді көтереді.
"Жас қазақтың" бетіне шығып жүрген материалдарды қарап отырып, басылымның бағыты қалыптасқан, бағдары айқын екендігін түсінеміз. Қоғам сұранысын қанағаттандыра алатын қабілеті мен материал сапасын суалтпайтын қасиеті газетті өзге басылымдарлан оқ бойы озық ұстап тұр десек, қате болмас, сірә! Тақырыптың көбігін қалқып емес, тамырынан дөп басып, тереңінен жазатын газет сол үшін де сүйікті халық арасында. Баспасөздің мақсаты ақпарат беру, оқырманға мардымды, ойлы дүние ұсыну десек, "Жас қазақ" жас та болса бас бұл орайда. Газет күннен-күнге қарқынын арттыруда, потенциалын жоғалтпай, тұрақты даму жолына түсіп алған. Сайты болсын, сары қағазды тиражы болсын оқырман үшін қымбатты басылым қайсарлығымен қорытпа ой, құнды дүниелер ұсына берсе игі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Журналистика факультеті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының 1 курс студенті Мейірбек Баян Мұратбекқызы