Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Ақ жолмен өткен азамат

«Лениншіл жас» газетінің (Қазіргі «Жас Алаш») Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі едім. Теміртаудағы металлургия алыбының іргетасы қаланғанын өз көзіммен көрдім. Талай-талай шахталардың астына түстім.

Осының бәрін газетке үздіксіз жазып тұрдым. Бір күні редакциядан телефон соғылды. Сені ЦК шақырып жатыр, тез жет деді. Жеттім. Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы өзі қабылдады. Мақтады. Жағдайымды сұрады. Жағдайым жақсы. Қарағандының қақ ортасында жақсы үйім бар.

Бара бер, — деді бірінші хатшы, — кейін сөйлесеміз, — деді.

Кейіні — 1959 жылдың аяғы екен. Тағы да шақырып алып, мені «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Саттар Бөлдекбаевтың орынбасары етіп отырғызып қойды. Өңім тұрмақ і үсіме кірмеген тіршілік. Пендеміз ғой, қуандым. Ар жағында ме күтіп тұрғанын қайдан білейін.

Менің Қарағандыдағы тілшілік қызметімді, туратын үйімді Рахымберлин дейтін біреу алатын болды. Мейлі. Оны өзім қолынан жетектеп жүріп пәтер бюросына барып, үйдің ордерін соның атына жаздырып бердім.

Алматыдан пәтер беретін шығар деп дәмелімін.

Сонымен жаңа, 1960 жылдың дәл басында емшектегі баламды көтеріп, екіқабат әйелімді жетектеп Алматыға жетейін. Үй жоқ. Сейдахмет Бердіқұловтың бір жарым бөлмелі үйіне барып тығылдық. Үй беретін шығар. Шақырып алған өздері ғой деп қоямын.

Бір күні ЦК-ның бюросы шақырады деді. Бардым. Барсам, бірінші хатшы бюро үстінде «Пионер» журналы жабылсын. Оның бас редакторы «Лениншіл жас» газеті бас редакторының орынбасары болып бекітілсін деп соғы-ы-еп отыр.

Бәсе, батпан құйрық кенеттен қайдан бұйыра қалды деп-ақ едім-ау. Үлкен адамның сөзіне құдайдай сенгендік қой. Әйтпесе орынбасар бюрода ғана бекітіледі. Алматыдан үй алуға кепілдік беріледі. Менде оның бірі де жоқ. Айдалада қалдым.

Бәрінен де әлгі Қарағандыда менің орныма келген қасқаға жып-жылы үйімді, тәп-тәуір қызметімді өз қолымнан бергенімді айтсаңшы. Сөйтсем, ол қасқа шоң бірінші хатшының туған жиені екен ғой.

Бюродан шығып бара жатып біріншіге: «Адамды мұнша қорлағаныңыз қалай?» — деппін.

Сонда барып бұл өмірде неше түрлі әділетсіздік, зұлымдық болатынын жан-тәніммен сездім.

Жастар газетіндегі бөлім меңгерушісі қызметіне бармай, сол күні «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына барып жай әдеби қызметкер болып орналастым.

Мұнда бас редактор Қасым Шәріпов. Бірінші орынбасары Абай Бейсенбаев «Лениншіл жастың» бұрынғы бас редакторы. Мені кезінде жұмысқа алған өзі. Сол Абай мені енді Қасым Шәріповке ертіп апарып, қызметке алдырды. Сөйтіп, «Социалистік Қазақстанда» екі жылдан астам жүріп қалғанымда, баяғы Комсомол Орталық Комитеті мені шақырады. Бұл кездегі бірінші хатшы Өзбекәлі Жәнібеков, идеология хатшысы Камал Смайылов. Өзбекәліні танымаймын. Көрген кісім емес. Камал таныс. «Лениншіл жастан» өскен.

Не керек, мені «Лениншіл жасқа» бас редактор етіп бекітті. Сонда деймін-ау, мені осы үлкен кызметке қоюға Жәнібеков қалай келісті? Әрине, Камал айтқан шығар. Сөйтсе де өзі көз жеткізуі керек қой. Мені оған жақсы таныстырған газетте ылғи да жарияланып тұрған менің жазған очерк, мақалаларым болар.

Сонда бұл Жәнібеков адамның түсіне емес, ісіне қарайтын болғаны ғой.

Содан табаны күректей сегіз жылым «Лениншіл жаста» бас редактор болумен өтті. ЦК-да бірінші хатшы болып Өзбекәлі де осы шамалас отырды.

Жұмыс бабында неше алуан жағдайлар болады. Бұл тұстағы Лениншіл жас» мейлінше халықшыл еді. Соның сөзін сөйледі, жоғын жоқтады, барын баптады. Соның арқасында таралымы жылдан-жылға еселеп өсті. Тіпті ширек миллионға жетті-ау.

Әдебиет туралы «Қазақ әдебиеті» газетімен айтыс та өрши түсті. Сол тұста әдебиет газетінде «формализм», «абстракционизм» деген жағымсыз терминдер көріне бастады. Ол кезде бұл ' сөздер «национализм», «троцкизм» деген сияқты суық естілетін. Мұндай айыпқа сол тұста талантты жас ақын-жазушылар қатты ұшырады.

Ал «Лениншіл жас» оларды шырылдап қорғады, шығармаларын жариялады. Үлкен ЦК қабағын шытты. Үлкен ЦК жастар газетінің бас редакторымен сөйлесе бермейді. Сөйлессе сол газеттің бас иесі — кіші ЦК-ның бірінші хатшысымен сөйлеседі. Газетіңді бейбастақ етпей, түзу ұста дейді. Комсомолдың басшысы басқа біреу болса: үлкен ЦК айтты, давай кет деп мені әлдеқашан босатып жіберер еді.

Өзбекәлі Жәнібеков оған бармады. Өйткені жастар газетінін ақ жолда, әділет жолында екенін бек түсінген, осы жолды өзі де қалайтын, оны мейлінше қорғау керек екеніне көзі жеткен адал азамат еді. Мені құрбандыққа шалдырмады.

Үлкен ЦК- ның талап етуімен кіші ЦК өз бюросында «Лениншіл жас» мәселесін талай рет талқылады. Жәнібеков бізге ұрысқан болады, бірақ қан шығармай, шыбыртқылайды. Бір ретте Лениннің туған күні еді-ау деймін. Ильичтің портреті бірінші бетте басылған. Жарықтықтың басы дәу ғой. Маңдайы, шүйдесі шығыңқы. Ол кездегі баспахана қазіргідей емес, сурет клишеге түседі. Сол клише кейде колонкаға сыймай қалады. Оны метрон-паж қайшымен қырқып сыйдырады. Мына Лекемнің басы да сыймай қалған екен.

Шүйдесін қырқып тастапты. Былай Қарағанда, бүлініп кеткен ештеңе жоқ.

Бірақ үлкен ЦК мұны үлкен саяси қате деп бағалады.

Бюроға тағы түстік.

Бюро мүшелерінің бірсыпырасы бұдан «оргвывод» жасау керек деп құлқын қақты. «Оргвывод» дегені — бас редакторды құрту керек дегені.

Өзбекәлі Жәнібеков қарсы болды.

Келесі жолы газетімізде «Қазақконцерт, халің қалай?» деген үлкен мақала жарияланды. «Қазақконцерт» әртістердің ордасы. Оны билеп тұрған Чернышов (байы), Чернышова (қатыны) дегендер еді. Әртістердің ауызындағыны жырып алып жеп қою, ұлттық кадрларды қудалау, таланттыларға жол бермеу — былық-шылықтары толып жатыр.

Бұлар сол кездегі КСРО көсемі Брежневтің канатының астында жүрген еркетотайлар деп еститінбіз. Бірақ көсемнің жүрегінің төрінен орын алғандар деп ойламап едік.

Газеттің «сигнальный экземплярі» әуелі үлкен ЦК-ға түседі ғой. Таңертең жұмыс басталмай жатып үйдегі телефон әдеттегіден бөлекше безілдеп қоя берді. Идеология хатшысының көмекшісі екен. Маған зілдене:

— Тез жет! — деді.

Идеология хатшысы тапал ғана, басы үлкендеу, бұйра шашты, беті тым шұбар кісі еді, жарықтық үлкен-үлкен жиындарда: домбыраның заманы өткен, киіз үй феодализмнің, жабайылықтың қалдығы, «бешбармақты» қолмен жеуді қою керек деп талай уағыз айтқан.

Осының алдында ғана жас ақын Қадыр Мырза Әлидің өлендерін біз басқанда, оны «Социалистік Қазақстан» қатты сынап, біз оған келіспей, осы хатшы «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Үсебаевты және мені шақырып алып, маған: «Үлкен ағаның бетінен неге аласың?» — деп бір қаһарланған.

Енді, міне тағы... Мен кірген бойда, сәлеміме жауабы:

— Твою мать... — Орысшалап тұрып мықтап бір боқтады. Қазақша боқтаудан гөрі орысшасы өтімді, өткір болады деп ойласа керек.

— Сен өзің өлгеніңмен коймай, бізді де құртайын дедің ғой!

— Не боп қалды?

— Мүләйімси қалуын. Әй, Чернышовтарда нең бар-ей, сенің! Басқа мәселе табылмады ма? Брежневтің көмекшісі телефон соқты. Қонаевтың өзімен сөйлесіпті.

— Комиссия тексерсін. Бәрі шындық.

Идеология көсемі терезе жаққа қарап, үндемей қалды.

Содан соң:

— Шындық екенін мен білмейді дейсің бе? Неге абайламайсың? Өлетін бала молаға қарай жүгіреді деуші еді, рас екен ғой, — деді.

Ақ телефонның тұтқасын алды.

— Әй, мыналарың тағы бүлдірді ғой. Бірдеңе қылсаңдаршы, не қарап отырсыңдар? — деді.

Байқаймын, сірә, Жәнібековпен сөйлесті.

Ендігі әңгіме кіші ЦК-да.

Бірақ Жәнібеков тура келген ажалдан мені тағы арашалап алып қалды. Бұл ЦК-да жұрт сыртынан «Бонапарт» деп атайтын бір хатшы болушы еді. Әсіресе сол құлшынып, мұндайлардың тамырына балта шабу керек деді. Мені айтқаны.

Сонда Өзекем: «Слушай, займись своим делом», — деп әлгінің арынын басты. «Бонапарт» өнеркәсіп, өндіріс жастары жағынын хатшысы ғой.

Кейін ойлаймын ғой. Туғаным емес, туысқаным емес, тіпті рулас та емес. Нағашы-жиенді де емеспіз. Бұл Жәнібеков неге мені қайта-қайта октан алып қалады?

Сөйтсем, сол әміршілдік заманында да әділет жолынан таймаған адамдар болған екен. Бірақ олардың жолы жіңішке болады екен. Сол Жәнібеков әйтпесе сол кезде-ақ үлкен ЦК-ның дайын тұрған идеология хатшысы еді ғой. Жолатпады. «Ұлтшыл» деген таңба тағылды.

Мен оған екі рет арыз апарып бердім. «Лениншіл жасты» сегіз жыл басқардым. Жас болса ұлғайды. Ұдайы жастар арасында сақалды басыммен жүре бергенім жараспас дедім. Екеуінде де қайтарып жіберді.

Үшінші рет:

— «Жалын» деген альманах ашылды. Кейін журнал болады. Соны жолға қоюға күш сал, — деді.

Мен «Жалынға» кеттім. Бұл 1970 жылдың аяғы еді.

Көп ұзамай, жаңадан Торғай облысы ашылып, Өзбекәлі Жәнібеков сондағы обкомның қатардағы бір хатшысы болып, «құрметпен жер аударылды».

Ал Өзбекәлінің жаңа құрылған облысқа орасан еңбек сіңіргенін торғайлықтар әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Ондаған жылдар бойы өмір сүріп келе жатса да, кейбір облыстардың қолы жетпеген мәдениет ошақтары: театр, музей, филармония, т.б. игіліктер тікелей осы Жәнібековтің ақыл-ойы, күш-жігері, қайсарлығы, өзіне кінә ретінде тағылған «ұлтшылдығы» арқасында тез арада дүниеге келді.

Елім деп туған қайсар жан. Институттан алған мамандығы бойынша ол тарих пәнінің мұғалімі еді. Ал құдай берген құдіретті күштің арқасында ол энциклопедиялық білімнің иесі еді. Ол — бірегей ұйымдастырушы, бірегей ұйтқы. Ол музыканы керемет білетін. Ол — этнограф. Ол — философ.

Бәрінен де қорлығы: сол кездегі жүйе оның ғаламат талантын облисполкомның жай орынбасарлығына ғана пайдаланды-ау. Соның өзінде ол мәдениет министрлігі істей алмаған тамаша табыстарға жетті.

Тізе берсе көп. Ақыры содыр жүйе оны Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология саласындағы хатшысы етіп сайлауға мәжбүр болды. Міне, сонда осы уақытқа дейін жұрт атын атауға қорқатын қазақ марқасқаларын мүлдем ақтау процесі басталды. Бұл Ө. Жәнібековтің қайсарлығымен қолға алынған тарихи зор іс еді. Біз қазір Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтарды қолымызға ту етіп ұстап жүрсек, оның қайнар көзі — бастауында Өзбекәлі Жәнібеков тұрды. Оның халыққа сіңірген ересен еңбегін тізбелеп шығу үшін ғана үлкен кітап жазу керек.

Туған еліне, жеріне, халқына шексіз беріле қызмет еткен қайсар қайраткердің өмірі қысқа болғаны өте-мөте өкінішті. Осы күні көзі тірі көптеген атқамінерлер, өнер, әдебиет қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібековтің оты мол жүрегінен жылу алғандар. Бізді, тірілерді, келер ұрпақты рухы қолдасын деп дұға еткен жан жаман болмайды.

Ол — киелі адам.

Ал дұғадан басқа қолымыздан не келеді? Өзекемнің көзін көрген, шарапатын сезген тірі пенделер Өзбекәлі Жәнібеков есімін келер ұрпақтарға жеткізу үшін не істей алады? Парыз ғой. Біріншіден, Алматы, Шымкент, Арқалық қалаларында Өзбекәлі Жәнібеков атында бір-бір көшелер болғаны дұрыс.

Екіншіден, Алматыдағы тұрған үйінің қабырғасына мәрмәр тақта ілгені жон.

Үшіншіден, өзі оқыған және басқа бірнеше мектептерге Өзбекәлі есімі берілсе.

Төртіншіден, Алматыдағы Қазақстан Республикалық Мәдениет және Өнер ғылыми-зерттеу институтын Өзбекәлі Кинібеков атындағы институт деп атау имандылық болады.

Бесіншіден, ол жазған құнды еңбектерді басын қосып, қайта бастырып шығару мәселесі.

Елі үшін еткен зор еңбегін осылай бағаласақ артығы жоқ.

Қаңтар, 1999 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама