Ұлытау
Машина Жезқазғаннан шыққанда қалын тұман қаптады. Жол ұзақ. Көктайғақ.
Беталыс — Ұлытау.
Бұл жолмен мен үшінші рет жүріп келемін. Бірінші — тоқсаныншы жылдардың бас кезі. Осындай қыс еді. Қасымда — «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Федор Игнатов. Машинамыз боранда жолдан шығып кетіп, күртік қарға тығылып, арка ақ боранының айбарын сонда тағы көрдім.
Екінші рет — сол тоқсан екінші жылы жадыра жазда Ұлытаудың қос қыраны — академик Төрегелді Шарманов пен журналистер торағасы Камал Смайылов екеуі де алпысқа тола қалып, ұлан-асыр той болып, сонда келіп едім...
«Ат бір басқан жерін үш басады» екен, енді міне, үшінші рет... Тұман тұтқаны болмаса, бораннан белгі жоқ.
Артта — Сәтбаев қаласы қалды. Жезді қалды. Тұман сейіле бастады. Айнала аппақ кар. Шексіз ақ мұхитта жүзіп келе жатқандайсың. Ара-тұра шағын-шағын аралдардай болып, қарайған үйлер, қараң-құраң мал көрінеді. Бұл жолдың бойында бұрын мұндай елді мекен болмайтын.
— Бұл не?
— Фермерлер, — дейді машинаның алдында отырған Ұлытау аудан әкімі Серік Тілеубаев мырза.
— Фермерлер көп пе?
— Аудан бойынша бір мыңға тарта фермер бар. Фермерлікті біздің халық жекешелендірудің сонау бозала таңында бастап жіберді. Әлі колхоз, совхоз қаймағы бұзылмай тұрған кезде... Талау, тонаудан аман кезінде. Сондықтан бұрынғы ортақ меншік жекешеге әділінен бөлінді. Жер жетеді. Мысалы, осында жалғыз чечен бар. Қамысханов. Тоғыз жүз гектар жер алды. Қазір фермерлердің зоры сол. Егін салады. Мал бағады. Байыды. Тіпті кейбір жоқ-жітік казактарға жылу да береді.
— Неге жалғыз чечен бай? Қазақтар ше?
— Қазақтардан да іскерлер шығып жатыр. Ал Қамысханов өлермен. Өзім дегенде өгіз қара күші бар. Жатпай-тұрмай жұмыс істейді. Шаруаның көзін табады.
Сонда мен үнсіз ойға қалдым.
Таразда ағайынды Махмадов дегендер озып тұр. Чечендер. Арақ зауыты бар. Ертеде, Дәуіт пайғамбар әлі кішкентай бала кезінде Голиаф деген таудай алыпты сақпанмен атып құлатқан екен. Кішкентай Ичкерияның алып Ресеймен соғысы да сондай болды.
Себебі неде? Ешкімге кеудесін бастырмайтын намысқойлықта, ұлттық ұйымшылдықта, азаттық аңсарында. Чечендер гербінде Көк Бөрі бар. Көк Бөрі Көк Тәңірден басқаға бағынбайды. Циркте алып піл де, аң патшасы арыстан да бір адамның қамшысының астында сол не айтса, соны істеп жүр. Циркте Көк Бөріні сөйтіп бағындырып көрші, не қылар екен.
Біз де Көк Бөрінің ұрпағы едік...
Намыс. Бірлік. Азаттық. Еңбек.
Бізде әсіресе соңғысы кемшін. Намыс та керек, бірлік те керек.
Сонымен, Ұлытау ауданы республика бойынша ауылдағы реформаны алдымен бастап жіберген екен. Қазіргі жемісі жаман емес. Кейбір кежегесі кейін тартқандар болмаса, жалпы жұрттың жағдайы киын көрінбейді.
Жекешенің жылқысы. Қалың карды аяғымен аршып, өз тамағын өзі асырап, жайылып жатыр. Бұл дала жылқы түлігіне арналып жаралғандай.
Баяғыда, бала күнімізде ауылдың ақсақалдары айтып отыратын әңгіме еске түседі. Арқада Қақабай дейтін бай болыпты. Жылқысының көптігі сонша, сонау Аркадан біздің Талас Алатауына дейін орыс іздеп жайылады екен.
Казіргі жылқы — қараң-құраң. Шаруаның ыңғайы, жағдайы келіссе, іске деген ыждағат жетсе, Қақабайдай болмаса да, әлді әлуетті орташа байға жетіп қалар.
Қазақ даласын малға, әсіресе жылқыға толтыратын-ақ жөніміз бар. Бірақ өткен-кеткен, келген үкіметтің қыры осыған түспей-ақ қойды. Адамдар өзі қолдан жасап асқындырған радиациядан сақтанамыз деп арақ іше бергенше, сөйтіп екінші кесел тауып алғанша, сол дерттен жылқының етін жеп, сүтін ішіп жайылу немесе аурудың алдын алу Алланың өзі айтып тұрған амал ғой. Бірақ адамдар көбінесе түсіне бермейді. Зерделей ойламайды.
Ауыл шаруашылығының «пірі» вице-премьер мен министр мұны ойламаса, ойламай-ақ қойсын. Ендігі жерде бұл мәселені шаруаның өзі шешеді. Жылқы өсіре ме, қой есіре ме — өзі біледі. Үкімет тек шамалап кредит берсе болғаны. Техника, құрал-сайман, қора қопсы үшін. Содан соң шаруаның өнімін сатып алатын рынок тауып берсін. Бірақ диханнан бір миллион тонна астық сатып алу туралы Президенттің тапсырмасын орындамаған ауыл шаруашылық «иелерінен» жақында жақсылық күту де киын. Қызықты делдалдар, алыпсатарлар көріп жүр.
Делдал демекші, оны да реттеуге болады екен. Ұлытау ауданында заңды делдалдар бар. Олардың міндеті — шаруа өнімін тиімді сатып беру. Рынок заңына ел енді-енді түсініп келе жатыр. Бірте-бірте машықтанар түрі бар.
Қар қылаулап, жел тұрып, сырғыма бұрқасын жүре бастады. Алдымызда — Ұлытау.
— Теке бұрқақ, — деді әкім Серік Тілеубаев.
— Ол не?
— Осы уақытта ақбөкендер «махаббат маусымын» өткізеді. Соны «теке бұрқақ» дейді.
Бетбақ дала, Ұлытау, Торғай даласында бұрын ақбөкен жыртылып-айырылар еді. Соңғы бір-екі жылда көрінбей кетті. Теке бұрқақ қызығы да қызбайды. Не болды? Ауып кетті ме?
Дала аруын адамдар аяусыз қырды. Әсіресе текесіне бола. Текесінің мүйізіне бола. Басқаны қойып, вертолетпен қыратынды шығарды. Қытай дей ме, әйтеуір бір елдерде теке мүйізін алтынға айырбастайтын көрінеді. Алтын дейтін Әзәзілдің жұмыртқасын көрсе кейбір адамдардың ақ бөкен тұрмақ туған анасын сатып жіберетін қорқаулығы бар. Ал вертолет кімнің қолында? Кез келген адам вертолетпен ұша бермейді ғой. Әрине, әлі жеткендердің қолында. Ондайларға Заңның найзасы батпайды.
Қазақстан — ақбөкеннің отаны. Ақбөкен — Қазақстан келбетінің тума нышаны, рәмізі. Ендеше ақбөкенді сатқандар — Отанын сатқандар.
Ақбөкенді қырды, жойды, құртты.
Енді не болды?
Енді қасқыр қастандығы көбейді. Бұрын далада ақбөкеннің өлген-жіткенін, ақсақ-тоқсағын, ауруын андып жүріп азықтанатын қасқыр ақбөкен құрыған соң аш қалды.
Аш қалдым деп «аштық жариялап» жатып алмайды Қасекең. Қасекеңді аяғы асырайды. Ол енді ауылды торитынды шығарды. Жекешенің малын қарақшылар бір ұрласа, қасқыр екі ұрлайды.
Қарақшыны милиция іздеген сымақ болса, қасқырды ақ қар, көк мұзда кім іздейді? Ақбөкенді ақысыз қырған вертолет енді қасқырға ақысыз қадам баспайды. Ақысы удай қымбат.
Құдірет о басында бәрін керемет тәртіппен үйлестіріп жаратып еді. Адамдар жаратылыс тәртібін тәрк етті. Жемісі жаңағыдай.
Ұлытау жолында «текебұрқақта» келе жатқанда осындай-осындай кермек ойлар кернейді.
— Сіздер Ұлытауға нұр әкеле жатырсыздар. Күн ашылайын деді, — дейді әкім Серік.
Айтса-айтқандай, Ұлытау сұлбасы алыстан көріне бастады. Аспан ашылып, ыдыраған бұлттар қызыл қанаттанып, батуға бет алған күннің шапағына малынып, дүние реңі таңғажайып өзгеріп сала берді.
О, сендер Ұлытау аспанындағы бұйра бұлттардың күн сәулесіне шомылған сәтін көрсеңдер ғой. Әттең, суретші жоқ. Теледидарға түсіретін құрал да жоқ. Ал қалам бәрін жеткізе алмайды. Қызғылтым канат көгілдір періштелер аспан аясында бейбіт қалықтап, жердегі пенделердің тілеуін тілеп, қаңсыған жүректердің өзін елжірете жібіткендей сыңсып, сыбызғы тартып, ғарыш әнін салып, Құдіреттің игі сәлемін жеткізіп тұрғандай.
Адамдар көбінесе тұқшиып жерге қарап жүреді. Бір мезгіл басын көтеріп, мынандай таңғажайып суретті көрсе, аспан музыкасын тыңдаса, кім біледі, Алланың игі ишарасын сезіп, пейілдене, мейірлене түсер ме еді...
Ұлытаудың ұшар басынан алтын буы шығып жатқандай бірер сәт болды.
Сәлден кейін сейіле бастады. Космос сәулесін ерекше тартатын киелі жерлер болады. Оны «ауро» дейді. Ол қасиет Құдай сүйген адамдарда да кездеседі. Мынау сол шығар. Ұлытау— Қазақстанның кіндігі. Қазақстанның қазіргі картасына қарасан — кетік-кетік. Шет-шетінен әлдекімдер бір-бір кесіп әкеткендей. Егер сол кетіктерді ойша қалпына келтірсең — біздің территория циркульмен сызғандай дөп-дөңгелек. Ал сол циркульдің инесі қадалған жер — дәл ортасы — Ұлытау. Бұрынғы хандар мемлекет ордасын Ұлытауға бекер орнатпаған. Қашықтық Қазақстан шартарабына бірдей. Қазақ тайпаларының, руларының көсемдері Ұлытауда өз таңбаларын текке қалдырды дейсіз бе.
Осы бір ой орманында келе жатқанда әкім Серік шопырға:
— Тоқта, — деді.
Машина тоқтады. Жолдың батыс жақ қапталындағы төбенің үстінен қарауытып дәу тас көрінді. Әкім Серік бізді сол тасқа қарай бастады. Шомбал көк граниттің бетіне:
«Бұл жерде қасиетті Ұлытау бауырында халық бірлігі мен мемлекет тұтастығын айқындайтын ескерткіш орнатылады», — деп ойып жазылған екен. Дәл осы арада Президент Нұрсұлтан Назарбай тұрып, қалың халықтың алдында сөз сөйлепті. Қазақ ұлтының арғы заманның өзінде-ақ бір тұтастығын, ауызбірлігін аңсаған ата-бабалар аманатын еске салып, осы Ұлытауға да Ордабасыдағыдай ескерткіш орнатылатынын айтыпты.
Сол салтанатты да көрер күнге жеткізсін тағдыр.
Аудан орталығы Ұлытау.
Әкімият үйі алдында бұрын Ленин ескерткіші тұрушы еді. Өзгеріпті. Бір Лениннің орнында енді екі адамның бейнесі тұр. Аулақтан қарағанда олар маған өзім оқыған университеттің алдындағы екі бейнені еске салды. Олар-Герцен мен Огарев еді. Сонау патша заманында азаттық аңсағандар. Азатты күшін күресуге анттасқандар.
Мыналар — Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжанов. Баубек — ұлы Отан соғысында қаза тапқан жалынды публицист, журналист. Мұқан — белгілі жазушы. Екеуі де Ұлытаудың ұландары.
Баубек — мына менің жанымда тұрған Камал Смайыловтың немере ағасы. Соғыс кезіндегі қазақтың Илья Эренбургы. Оның «Комсомольская правда» газетінде жарияланып тұрған отты көсемсөздерін Ғабит Мүсіреповтың өзі аударып, қазақ газеттеріне бастырғаны тегін емес.
Өз ұлдарын ардақтап құрмет тұтқан, кейінгі ұрпаққа үлгі тұтқан иманды елдің тіршілігі бұл. Абыройлы іс.
Қос ағаларымызға тағзым етіп, енді Ұлытау халқымен бетпе-бет кездесіп отырмыз. Ауданның ең үлкен залы лық толы адам.
Сөздер сөйленді, сұрақтар қойылды. Талап-тілектер айтылды. Ең бастысы — адамдардың жүзі жарқын. Қабағын түйіп, мына дүниеден түңіліп отырған ешкім жоқ.
Айтқандары: Ұлытау облыстағы ең шетте жатқан аудан. Облыс орталығы Қарағандымен екі ара мың шақырым.
Президент республика бойынша қамқорлық көрсету керек деген ең шалғай отыз ауданның бірі. Бұл аудандардың қиыншылық дариясын кешіп келе жатқаны белгілі. Ал Ұлытау сол қыспаққа қасқая қарап, қажыса да, талса да ойбайламай, байбайламай, тырмыса тіршілік істеп жатыр.
Соның арқасында кітапханалар жабылған жоқ. Мәдениет үйі баяғыдай. Клубтар әл-қадарынша қыбырлап жатыр.
Ауданның бюджет қоржыны аса ток та емес, анау айтқан аш та емес. Тіпті Қызылордаға қарайтын Құмкөл мұнай өндірісінен де бұл ауданға қаржы түсіп тұрады. Өйткені Құмкөл әкімшілік жағынан Қызылордаға қарағанымен, аумағы жағынан Ұлытау ауданының жері. Жер иесіне жалдау ақысы төленеді.
Банк деген бай мекеме мұнда да қарысқақ. Жеңіл несие бермейді. Фермерлер жер тістелеп, ақ кар жамылып, кек мұз жастанып, жанталасып, жағдайын бірте-бірте жөндегі келе жатыр. Амандық болса, баяғы Игілік байдың, Жұман байдың ізбасарлары қадау-қадау шығып қалатын түрі бар.
Кездесу қызығы көпке созылды. Сөйлеушілер Президент Нұрсұлтан Назарбайға сенім артып, алдағы Президенттікте атқарылса екен деген аманат айтты. Олар мыналар:
— Президентам сенеміз. Сенгендіктен өткендегі кейбір қателіктерді қайталауға жол бермеуін талап етеміз.
Президент — біреу, уәзірлері, әкімдері тіреу. Тіреулер осал болмасын. Қисық-қыңыр уықтар шаңырақты ұстап тұруға жарамды. Президенттің айналасы аса сенімді, адал жандар болсын.
Президент елде қатаң тәртіп орнатсын. Тәртіп орнамаған елде береке болмайды.
— Жемқорлармен, парақорлармен, ұрылармен өзі бастаған күресті Президент орта жолда қалдырмай баянды етсін.
— Елдің болашағы — бала. Демография уайым. Осыны қатты ойлансын. Әлеуметтік жағдай жақсартылмай, халықтың өсімі болмайды.
— Республика байлығы қатаң қадағалансын. Тәртіп сақтау орындары, Заң қызметкерлерінің қолы таза, әділетті болсын.
— Мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбайдың қолынан келетін іс. Қазақстанның көгілдір байрағын құлатпай нық ұстауды біледі.
— Біз Нұрсұлтанға сенеміз.
Талап-тілек, аманаттың бірсыпырасы осындай.
Ұлытаудан басқа, біз Камал екеуміз жұртшылықпен кездесуді Жезқазғанның өз басында, Сәтбаев қаласында, Жездіде және карт Қарсақбайда өткіздік.
Қанша киын десе де, ел еңсесі түспей, бой түзеп келе жатқан нышан бар. Ал жер байлығы жетеді. Айталық Қарсақбайдың өзінде баяғыда Қаныш Сәтбаев ашқан орасан темір кенінің байлығы жатыр. Балбырауын кенішінің толық есептелмеген қоры айналасын қосқанда, миллиард тонна. Осындағы байырғы басшы, кенші металлург Қадыр Мәткеновтің айтуынша, бір тонна кеннің 37-50 пайызы таза металл. Әрі таяз жерде. Алу киын емес.
Мысты былай қойғанда, қара металдың байлығы қаншама. Ұшан-теңіз.
Қудай берген ғой Қазақстанға байлықты аямай-ақ. Бірақ алуын айт. Бұйыруын айт.