Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 48 минут бұрын)
Ақсу-аюлы өңірінде

Арқадағы атышулы мекендердің бірі Ақсу-Аюлы Жезқазған облысына қарасты Шет ауданының орталығы. Бұл өңірді Нұра өзені жанамалай ағады. Қарағандыдан Балқашқа тартылған даңғыл асфальт жол көктей өтеді.

Бұл ауданда ешкімді білмеймін.

Қарағандыда кездескен аудандық информация бастығы Төлеутай Жұманов әзір сол қаладан оралмапты.

Аудандық газеттің редакция сына баруға кеш. Жаңа мекен, бейтаныс жандар. Жападан-жалғыз тықыршып отыра алмай, қарай бөлменің есігін қақтым. Шашы өсіңкіреп кеткен, жұқалтаң келгем сіріңке қара жігіт есік ашты.

— Сізге кім керек? — деп сұрады.

— Сіз керексіз, — деп жауап бердім.

Жігіт күліп жіберді де, орындық ұсынды.

Терезе алдында жатқан әдеби кітаптарға көзім түсті. Марқұм Мұқағали Мақатаевтың жаца жинағы жатыр. «Кім де болсаң әдебиетке жақын жан шығарсың» деп түйдім ішімнен.

— Танымады. Әйтеуір бұл жердің адамы емес екеніңіз анық, — деді жігіт.

— Аудандағы барлық адамды білесіз бе?

— Мамандығымның бір пұшпағы — ел-жұртты біліп, тану.

— Аудандық статистика бөлімінде қызмет етерсіз?

— Есеп-қисапқа шорқақпын.

— Онда журналист болдыңыз - ау, тәрізі.

— Дәл таптыңыз. Шет аудандық «Ильич туы» газетінің редакторы Орымбетов Қасым деген мен боламын, — деді жігіт.

Танысып жөн сұрастық.

Қасымның осы қонақ үйді мекендегеніне біраз болған екен. Бұған деген үй-жай әне-міне бос айдынмен біраз айларға созылып кетіпті.

— Шортанбай ақынның еліне келгеніңізді білесіз ғой, әрине, — деді Қасым.

— Шортанбай! Сонда қалай?.. Осы Ақсу-Аюлы әйгілі Шортанбай ақынның мекені ме? — деп қалай асығыс сұрағанымды өзім де білмеймін.

— Туған әдебиетіміздің тарихынан алатын өзіндік сүбелі орны бар Шортанбай ақынның зираты осы арадан қашық емес. Егер көрем десеңіз, ертең алып барайық, — деді Қасым.

...Түнімен Шортанбай ақын жайлы, оның ерекше тағдыры туралы көп ойланып, толғанып шықтым. Сонау оңтүстік өлкеде, Түркістан маңынан Шортанбай Қанайұлы Арқаның апайтөс алабына қалай келді екен? Осы маңда өткен төрелердің балаларын оқытты ма? Арқадағы Бөкей тұқымдарының орда ақыны болды ма? Олай деуге тағы да ауыз бармайды. Жәңгір ханмен ат құйрығын шорт кесіскен Махамбет ақын секілді семсер сілтеп, найза құлаштамаған Шортанбайдың да көр замандағы келеңсіз істерді әшкерелей білген өзіндік уытты жырлары бар. Тілге шебер ақынды жақтырмаған сұлтан, төрелер мен олардың айналасындағылар сол кездің өзіңде Шортанбайға «зар жақ, кер заман» ақыны деп айдар таққан. «Әттегене - айы», бүгінгі әдебиет зерттеушілерімізде Шортанбайға сол бір «қалыптасып кеткен» көзқараспен қарайды. Аға сұлтан мен төрелердің ауылынан кетердегі Шортанбай жыры оның кім екенін, ақынның жан дүниесіндегі сезім сырын әсерлі бермей ме?

Сен тақ мінген хан едің,
Мен сөз қуған жан едім.
Өмірдің көбін кезбен өткіздім,
Тәубә сіз бос созбен өткіздім.
Сенен хандық кетті,
Менен жын қуған жастық кетті.
Енді жан күтіп, мал бағатын уақыт жетті.

Көңіл қоярлық бір дерек: 1846 жылдары осы Арқа елдерінде мал санаған Омбы әкімдерінің экспедициясына қатысқан нәсілі поляк, Омбы шекара комиссиясының чиновнигі Адольф Янушкевич күнделіктері мен хаттарында Шортанбай есімі кездеспейді. Өзінен бұрынғы ақын-жыраулардың кебінің есімдерін, шыққан ата-тегі, руларын атаған Шоқан Уәлиханов жазбаларында да Шортанбай есімі жоқ. Бұған қарағанда, әуелде төре, сұлтан, би ауылдарында бала оқытқан Шортанбайдың ақындық дарыны келе-келе, орта жастан аса бере ашылса керек.

Шортанбайдың ақындық өнерінін, басталуы патшалық Россия капиталының қыр еліне ендеп кіруімен тұстас келеді.

Бұл тұстағы өзара араздасып, арыздасқан қазақ қауымында бас көрсетіп қалыптасқан адвокат, тілмәш, писарь секілді «зиялысы мақтардың» ел ішіндегі сұрқия сұмдықтары мен зұлымдық озбырлықтарын Шортанбай ақындық өткір тілмен әшкерелей білген.

Жүгірісіп қалаға,
Қаныққан соң жалаға,
Көшеде жүрген көп тілмаш
Дұшпаным менің осы деп,
Алып келер ауылына —
Өзінің туған бауырына.
Келген соң кімді аяр.
Жығып салар дүрені...
Көшіп кетер жерің жоқ,
Сөйтіп қалмай не қылдық
Құтылмастан пәлеге.

Қазақ совет энциклопедиясында Шортанбай ақын жайлы мынадай дерек бар: «Шортанбай шығармаларында қазақ даласындағы әлеуметтік өмір бірсыдырғы шындықпен бейнеленген. Ол бір топ шығармаларында («Бір тәңірге аянды», «Бір насихат айтайын», «Қалықтаған сұңқар ем» г.б.) еңбекші бұқараның азапты ауыр тұрмысын, би-болыс, ұлықтардың зұлымдығы мен парақорлығын әшкереледі.

Кедейге салып шығынды,
Негізі байың тоймайды, —

деп байлардың ашкөздігін бетіне басты».

Ел билеушілерді аяусыз түйреп, олардың жиынтық бейнесін жасауға талпынған Шортанбайды аға сұлтан, төре, би, тілмаштар жек көрді. Сол кездегі байлардың тоғышарлығын жер-жебіріне жеткізе сынаған Шортанбай еңбеккер кедей жатақтың намысын қорғады. Сол үшін де ол әділеттілікті өткендегі әділ билерден іздеді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманды аңсады. Шортанбай сынды ақындардың поэтикалық қиялы әсем өмірді, әділ қоғамды қазақ елінің қисса - дастандарынан іздеді.

Мұндай ақындардың өз заманында, сол өздері өмір сүріп отырған ортаның әлеуметтік қайшылықтарын шыншылдықпен жырлап беруінің өзі батылдық, шығармашылық, ерлік дер едік.

Бүгінгідей алдыңғы қатарлы қағидалы іліммен сусындай алмаған Бұқар, Шал, Дулат, Мұрат, Шортанбай сынды ақын-жыраулардың заманына сай ӨЗІІІДІК философиялық көзқарастары болған. Бұлардың ақындық мұрасын сол тұрғыдан, олардың өскен ортасына орайлы жасаған рухани қазынасы тұрғысынан бағалау қажет секілді.

Бұл аталған ақын-жырауларымыздың көркемдігі келісті, шеберлігі мен шынайылығы астасып, астарласып жатқан толғау - дастандарының түп тамырын басқа да бауырлас халықтар поэзиясы тарихынан таба аламыз.

Ең алдымен, орыс поэзиясы тарихына зер салсақ, кешегі патшалық Россия монархиясының қабырғасы мықты кезінің өзінде озық ойлы орыс ақындары қалың қауымға әлеумет теңсіздігін шынайы түрде ашып айтып, сол кезеңнің ауыр ахуалын қам көңілмен жырға қосты. Әріден тартсақ, Олег, Игорь сынды ұлы князьдері мен Степан Разин кезеңін аңсап, жырға қосқан Рылеев, Одоевскийді бүгінгі зерттеушілеріміз неге зар заман ақындары деп атамайды? Одан кейінгі орыс поэзиясының толқыны — петрашевшіл шығармашылығынан да торығушылық пен шежіре шыңырауына үңілушілік молынан ұшыратамыз. Фет, Тютчев, Аполлон Григорьевтер жырларын айтпағанның өзінде, бір ғана Некрасов поэзиясындағы халық басына түскен ауыр халге қамығушылық пен торығушылықты қайда қоямыз? Грузия ақындары Николаз Бараташвили, Бажа Пшавела, армян қаламгерлері Хачатур Абовян, Ованес Туманян, азербайжан жыршылары Мырза Шади, Сеид - Әзім Ширвани секілді дарындар да біздің Дулат, Мұрат, Шортанбайларға үндес жырлаған. Олар да өз еліндегі, өз орталарындағы келеңсіз өмірді ақындық қам көңілмен өлеңге қосты.

Бүгінде біздер Бұқар, Шал, Дулат, Мұрат, Шортанбайлар сол кездің өзінде неге көреген болмады, келешектегі жақсы өмір, жайдары қоғамды болжай біліп, соны қуанышпен, шаттықпен неге жырламады дегендей «кінә» таққымыз келеді.

Егер де орыс әдебиеттану ғылымының революцияға дейінгі ескі сүрлеуі сақталған болса, сондай-ақ, Совет өкіметінің бастапқы жылдарында әдебиет танудағы көбіне - көп солақай көзқарастар осы күнге дейін өзгермей, сол қалпында қалса, бүгінгі ұрпақ Лев Толстой, Федор Достоевский, беріде Сергей Есенин, Павел Васильев сынды ірі қаламгерлердің туындыларымен өлі күнге дейін таныстырған болар еді.

...Ақсу-Аюлы қонақ үйінің таза бөлмесінде мені мазалаған ойлардың шеңбері осы еді.

Таң атқан соң Қасыммен бірге бөлмеге екі жігіт кірді. Таныстық: Шет ауданындағы жеті жылдық музыка мектебінің директоры Зейнолла Игіліксіз пен сол аудандағы орыс мектебі оқу істерінің меңгерушісі Кәміл Жүнісов екен. Бұл жігіттер Қарағандыдан Балқашқа баратын қара жолдың бойынан екі-үш шақырым қашықта көрініп тұрған, араларында күмбезді бейіттері бар қорымға алып келді.

Оң жақ жиегіне, бас жағына қалың қараған қаптай өскен төмпешіктің тұсына тізе бүктік. Шортанбай ақын шикі кірпіштен тұрғызылған құлақты бейітке жап сырлана жерленіпті.

— Қартая бастаған шағында осы елдің Жанғұтты деген беделді адамына келіп паналаған Шортанбай ақын өлеріңде өзін Әзірет сұлтанға апарыңдар деп те өсиет етпепті. Соған қарағанда бабамыз пәлендей діндар бола қоймағанға ұқсайды, — дейді Зейнолла.

— Басыма ешбір белгі қоймаңдар деп те тапсырған ақынның өзі көрінеді, — деген Қасым қолындағы газетті жаза бастады.

— «Лениншіл жас» газеті ғой, 1966 жылғы 10 февральдағы саны, Шортанбай ақынның басына әдейілеп ала келдік, — деді Кәміл.

— «Аталар сөзі. Ертеде халқымыздың та лай сөз зергерлері өткен. Ол сөздің бізге жеткенінен жетпегені көп. Жас ұрпаққа бір топ баба ақындардың жақсылық пен жамандық, достық пен ынтымақ, адалдық пен адамгершілік жайындағы өлеңдерін ұсынып отырмыз», — деп дауыстап оқыған Қасым осы беттегі ақын-жыраулардың есімдерін атай келіп, — Шортанбай Қанайұлы (1818—1881), — деді де, ақынның «Жақсыны жаман көре алмас» деген өлеңін оқып шықты.

Қыдырма жел қараған түптерін жұлқылап өтеді. Жан - жағыма, айналама қараймын. Желке тұсымызда Аюлы тауы, одан бері Балқаш баратын үлкен қара жол сайрап жатыр. Маңдай алдымызда қиялай барып Нұраға құятын Ақсу өзенінің жасыл құрағы желкілдейді. Одан әрірек Серго Орджоникидзе атындағы совхоздың үшінші бөлімшесінің үйлері ағараңдайды.

Шортанбай ақынның зиратына белгі қою дегендей ұсыныстар кезінде айтылса керек. Алайда бұл заңды ұсынысқа құлақ асқан ешкім болмапты. Өкінішті.

Шортанбай ақынның зиратында өскен топ қарағанның екі-үш бұтасын ескерткішке үзіп алдым.

Бұл бұтаны Тәжікстаннан Әбілқас Рудаки мавзолейінен әкелген раушан гүліне қосамын.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама