Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Арқаға саяхат

САЯХАТТАР

АРҚАҒА САЯХАТ

I. «Победамен»

1952 жылдың июль айының басы.

Арқаға саяхат жасауға ниет еттік. Бірақ, қандай көлікпен?

Қазақта «су атасы — бұлақ, сөз атасы — құлақ, жол атасы — тұяқ» деген мақал бар.

Франциядан жеті есе үлкен қазақ даласында, Россияғa бағынғанға дейін, малдың тұяғынан түсетін жолдан басқа жол болған жоқ. Арбаның доңғалағынан түсетін жолды, қазақ даласына, бірінші рет, ішкі Россиядан көшіп келген орыс және украина шаруалары түсірді. Атты арбаға жегетін саймандарды қазақ, бірінші рет, — орыстан көрді. Сондықтан да, ол саймандардың бәрі қазақ тілінің сингармонизм заңына лайықталып орысшадан алынды, мәселен: хомут — қамыт, вожжа — божы, супон (қамыттың тамақ бауы), дуга — доға, шлея-шіля, постромка — постромка, кнут — құныт, тағы басқалар.

Темір жол қазақ даласына өткен ғасырдың аяқ шенінен келе бастады, бірақ, орталап емес, жағалап: Мәселен, — Уфа, Челябинск, Қорған, Петропавл, Омбы арқылы жүретін Солтүстік жол; Орынбор, Ақтөбе, Қызылорда, Ташкент арқылы жүретін Оңтүстік жол. Бұлардан басқа, қазақ даласының кей жеріне XIX ғасырда концессия ашқан ағылшын капиталистері: Қарсақпай — Жезқазған, Қарағанды — Спасовка, Павлодар — Екібастұз... деген сияқты, жан-жағына байланысы жоқ, ені тар, шолтиған қысқа жолдар салып, әлсіз кішкене заводтарына кен тасыған...

Темір жолды транспорттың «құдайы» десек, бұл «құдай» қанатын қазақ даласына советтік дәуірде ғана жайды. Жиырмасыншы жылдың алғашқы жартысы — Петропавлдан Ақмолаға созылған жолды берді, екінші жартысы — Арыстан Новосибирскіге созылған Түрксибті берді; Отызыншы жылдар — Ақмоланы Қарағандыға қосты, Ақмоланы Қарталыға қосты, Қарағандыны Қарсақпайға қосты; соңғы жылдар — Мойынтыны Шуға қосты, Ақмоланы Павлодарға қосты, Қандағашты Гурьевке қосты, Електі Оралға қосты... Кәзір, осы қарқынды тағы да өркендете түсіп жатыр...

Темір жол ғана ма, қазір қазақтың кең даласын кезіп жатқан? Кең даланың аспанын айқыш-ұйқыш шолып жүрген әуе транспорты ше?... Автомобильдер шолып жүрген тасты және дала жолдары ше?.. Осылардың қайсысымен сапар шексең де, қазір еркің!..

Бірақ, біз 1952 жылы Арқаға жасайтын саяхатқа «победамен» жүрмек болдық. Олай ұйғарған себебіміз — темір жолмен жүрсең, жол бойының ғана дүниесін терезеден көресің. Самолетке мінсең, жол бойын аспаннан бұлдыр шоласың. Атпен жүруге алыс жол, маршрутымыз: Алматы — Шу, Мойынты — Қарағанды, Ақмола — Көкшетау, Айыртау, Пресногорьков, Петропавл, Омбы — Павлодар, Баянауыл — Қарқаралы, Шыңғыстау — Аягөз Талдықорған — Алматы... Картадағы масштабпен тура жолдарын өлшегенде де, бұл аталған маршрут, кеміне жеті-сегіз мың километр... Оған ат шыдай ма?.. Ылаулатып жүрсең, суыт және тоқтаусыз жүріп, күніне сексен километрден алғанда да да жүз күн керек болар еді... Ал, автомобильмен жүрсең, жерді әрі тез ұтасың әрі еркін, көлікте емес, өзінде боп, көп дүниені көресің...

Сонымен, біз өзімізге тәуелді көк түсті «победамен» жолға шықпақ болдық.

Машинаның спидометрі үйден шыққанда 13 582 километрді көрсеткен еді екі жарым айдай жүріп, октябрьдің орта кезінде Алматыға оралғанда 23 426 километрді көрсетті. Сонда, біз үйден шығып, қайтып оралғанның екі арасында, 9 944 километр жерді ұтыппыз.

Бұл, әрине, ұзақ сапар. 56 километрсіз 10000 километр жүргенде, біз, әрине, көп дүниені көрдік. Бірақ, уақыттың аздығынан көргеннің бәріне мол тоқырап, сығалай қарай алған жоқпыз. (Олай қарауға айлаған емес, жылдаған уақыт керек болар еді). Бізді әсіресе, сентябрьдің екінші жартысынан кейінгі уақыт қысыңқырап кетті. Бұл кезде біз Павлодар төңірегінде жүр ек. Оған дейін бізді мазаламаған ауа райы, Павлодар тұсында кенет бұзылды да күздің Абай атайтын «түсі суық сұр бұлты аспанды қаптай» бастады. Екібастұз тұсында бұл бұлт күн тәулігіне төпеп жауып беріп, машинамыздың доңғалағы саздан айналмай қалды. Сол азапқа ұшыраған, біз, Екібастұздан шыға, сүр бұлттан Алматыға қарай ығыса қашып отырдық. Бұның жолшыбайғы дүниені көруге әсері де тиіп, материалы бай жерлердің көбіне атүсті ғана соғып кеттік.

Дегенмен, осы жолда тоқырай көргендерден, оқушы көпшіліктің алдына бірнеше картиналарын тартқалы отырмыз. Дағдылы өтінішті бұл жолы да айтамыз: бұл очерктiң де кемшілігін көрсетіп, түзесуге жәрдемдескен оқушыларға күн бұрын алғыс.

ІІ. Жолатасы

Біз таң біліне жолға шықтық. Бетіміз — Шу станциясы.

Алматыдан шыға, Алатауды жиектей батысқа қарай тартатын тас жолмен жүрген машина, Шуға бару үшін, темір жолды Отар станциясынан кесіп өту керек. Отар мені өзіне асықтыра тартады да, өйткені онда менің ең жақын досымның бірі, атақты халық ақыны Кенен Әзірбаев тұрады.

1884 жылы туған Кенен ағай, қоңыр үлкен көзді, сопақтау ұзын бетті, қоңқақ зор мұрынды, қалың ақ мұртты, дөңгелек ақ сақалды, жауырыны бәлкім қушықтау биік денелі — өте көркем және сымбатты адам. Бірақ, оның кескіні ғана сымбатты емес, мінезі де өте сұлу. Жасынан халықты көп аралап, сыпайылық сәндерін бойына түгел сіңірген ол, әр кезде дос-жаранын жарқын жүзбен қарсы алып, «асына» да тойғызады, «қасына» да тойғызады. Жылы қас-қабақпен қарсы алған адамына, оның ерекше тартатын сыйы — әндері. Көркем қоңыр дауысты ол, есін білгелі ондап емес, жүздеп жинаған халық әндерін айтумен ғана қанағаттанбай, оз жанынан да жетпіс-сексен ән шығарып, халыққа ол әндері сүйкімді түрде тарап кеткен адам. — Оның репертуарындағы бұл әндері бір емес, бірнеше күн тыңдауға жетеді және орындауы көркем болғандықтан, қанша тыңдасаң да бұл әндерден жалықпайсың, бір тыңдаған әніңді қайта тыңдауға құмартасың, өйткені, Кенен әрбір әнді шыққан тарихымен айтады, ол тарихтардың әрқайсысы, бір қызық пьеса.

Бұл сапарда да мен, құрметті Кенен ағайдың көркем әндерін тыңдауға құмартып келем. Бірақ, оның бір сөзі есімде келеді. Жуық арада ғана Алматыға келіп қайтқан Кенен ағай, менің сапарға шығатынымды естігеннен кейін:

— Отар станциясына жетер алдында «79» аталатын разъезд бар, сонда менің әрі құрдасым, әрі бала күннен бергі досым, Түрксиб темір жолының бойындағы атақты - жол қараушы1 Бәйкенов Иманәлі бар, көпті білетін кеңесшіл адам, Түрксибтің бар тарихы алақанында, темір жол қызметкерлері оны «жол атасы» деседі, жолда соған соқ та, мені шақыртып ал, бір күн мәжілісте бірге болайық, — деген.

Бәйкеновтың аты газеттерде, әсіресе түрксибтің өз газет! — «Темір жолшы да» көп кездесетін газеттер оны үлгілі, даңқты темір жолшының біреуі ғып көрсететін. Сондай адамды көру және сөйлесу, әсіресе, Кенен мінездегеннен кейін көріп сөйлесу, маған, әрине, қызғылықты.

79-разъезге біз күн көтеріле жеттік. Аз үйлі ауылдың алғаш жолыққан адамынан сұрастырсақ, Бәйкенов жол қарау қызметінде жүр екен. Ол қызметтен менің аздаған мәліметім бар: темір жолдың өн-бойын жол қараушылар кезекпен үздіксіз бақылайды да, рельс сыну, винт босау, шпал қозғалу сияқты кемшіліктер болса сигнал жасап, тез түзеттіреді...

Сол қызметінде жүрген Бәйкеновтың біз жон сұраған адам, «анау жүрген» деп қараңдаған жобасын көрсетті. Ол адам, ашық күннің көзіне шағылысып төстабаны жарқыраған жолдың өн-бойын қуалай аяңдап, әлсін-әлсін еңкейеді де, оң қолына ұстаған қарумен екі жағындағы рельсті кезек-кезек соғады.

Бізді ол осы қызметінің үстінде қарсы алды. Машинамен деңгейлеп кеп тұсына тоқтап, жаяу түсіп беттегенде, ол жұмысынан бөгеліп, жадыраңқы жүзбен қарай қалды: орта бойлы, тығыршық денелі, күнге күйген қоңыр өңді, қарабурыл сақал-мұртын қысқарта қырыққан адам. Егер Бәйкенов осы болса, «құрдаспын» деген Кененнен, бұның түр-тұлғасы әлдеқайда жас. Бұл шамасы, қырықтың ішінде деп мөлшерлейтін кісі. Біз таяна ол::

— Оу, жолдас жазушы Сәбит Мұқанов, келіп қалдыңыз ба? — деп оң қолындағы балғасын сол қолына ұстай, биік жолдан түсе берді.

— Мені қайдан білесіз?- — дедім мен, күле сөйлей, қолымды ұсынып.

— Көзіміз бар емес пе? Көрмейміз бе? — деді ол күліп, қолымды алып, — көшеде, жиналыста көріскеніміз былай тұрсын, менің сізбен бірге түскен картышкем де бар!..

— Қайда?.. Қай жерде?..

— Семей жақтан және Луговой жақтан салынған Түрксибтің 1930 жылы түйіскені есіңізде шығар. Сол түйісуге байланысты, қазіргі «Бірінші Алматы» аталатын станцияның депосында салтанатты мәжіліс болғанын білесіз бе?

— Білем.

— Сіз сонда, Түрксибке арналған «Қара айғыр»2 деген өлеңіңізді оқыдыңыз ба?

— Оқыдым.

— Сол жолы, президиумде бірге отырып бірге түскен картышкеміз, менің үйімде сақтаулы.

Иманәліге біз кезегі біткен кезде жолығып тұр екеміз. Біздің жол жайымызды сұрап алғаннан кейін::

— Іздеп келе жатқан Кененіңіз үйінде, — деді ол, күле сөйлеп, — кеше ғана барып қайттым. Жасында жігітшілікті көп жасап, ой-қырға көп жортқан шіркіннің аяғына, қартайғанда ақау түскен бе, қалай, қыс бойы тізесінен басыр боп жатып, көктем туып, күн қыза ғана тәуір болған. Сонысына қорғалап қалған ба, немене, атқа ол қазір, бұрынғысындай көп мінбей, Насиқасының қасында қисайып, домбырасын тартып жатады.

— Со кісіге бармаймыз ба? — дедім мен.

— Баруға да болады, — деді Иманәлі, — бірақ, — деді ол жымиыңқырап, — жазушы дегендермен, мен араласқан кісі емеспін, сондықтан олардың береген, немесе, сараң екенін білмеймін, ал, ақын дегендердің әуені мен әні бай болады да, дастарқаны шағындау келеді... Сонда да, бара қалсақ шәй тауып берер, мәселе онда емес, үйіме ол да көптен бері келген жоқ еді, сіз атымен келмеген адамсыз, біздің үйге барайық, Кененді алдырайық, сөйтіп, ол зар жаққа біраз ән салдырып, ойнап, күліп отырайық...

— Жұмысыңыздан қалдырамыз ғой сізді.

— Қалмайды жұмыс. Ертең демалысым. Түні бойы мәжіліс құрамыз.

Иманәлі бізді көндірді. Машинаны біз Кененге жібердік те, өзіміз Иманәлімен оның үйіне қарай жаяу жүрдік.

Олай етуіміздің себебі де бар: қызмет жөнінен алып қарағанда, Иманәлі үлкен емес, «кішкене» кісі. Түрксиб темір жолын қолынан салысқан оның, жол салынып болғаннан бергі қызметі, ұзын тұрқы бес километр ғана жолдың бойын бақылап, кемшілігі болса түзеттіру.

Бірақ, «кішкене» қызмет пе, осы?

— Ағып келе жатқан жолдың бойында, — дейді Иманәлі, — рельстің сынық сүйемдей жері шатынап тұрса, төңкеріледі де түседі. Оның аты — жүздеген адамның қазаға ұшырауы, миллиондаған сомдық мүліктің науыт болуы!..

— Сондай шығынға ұшыраудың талай реті келіп қалады, — дейді Иманәлі.

— Бірақ, — деді ол жымиып ап, — тәубасын ішіне қоса айтқанда, жиырма жылдың ішінде, мен күзеткен жолдың бойында бір рет те крушение3 болып керген емес.

— Қалай, сонда? — деймін мен, қалжыңдап, — сізге сынбайтын темірлер мен тозбайтын шпалдарды4 бере ме ылғи?

— Неге өйтсін, — дейді Иманәлі, — «өлмейтұғын өмір жоқ, сынбайтұғын темір жоқ» демей ме бұрынғылар? Неге сынбасын темір?.. Осы рельстер омырылып та, жарылып та жатады... Болттардың да босайтыны, ұшып кететіні жиі кездесіп тұрады. Шпал деген — ағаш қой. Ыстықты-суықты, жаңбырлы-шашынды ауа райына көп кездесетін ол тез шіриді. Оның жарылуы да, омырылуы да оңай... Темір түгіл, ағаш түгіл насыпқа5 салған топырақ та тозады. Оны қар мен жаңбырдан болған дымқос тоздырады... Біздің міндет — осының бәрін кезінде біліп, кезінде түзеттіріп тұру.

— Бұл білудің оңайы да, қиыны да бар, — деп жалғастырады, Иманәлі сөзін, — насыптың босаған жерін табу оп-оңай,- — бір поезд жүріп кеткенде-ақ, ол тұс ойпаттана қалады. Шпалдың да сынған, жарылған жері көзге тез көрінеді. Ал, рельс ше? Ол өте ұры материал?..

— Қалайша?

— Рельс, әдетте, қоспа тұсынан сынады. Онысы заңды да. Жүріп жатқан поездың сансыз доңғалақтарының күші, екі рельстің қосылған жеріне қаттырақ түседі, өйткені, — темір ыстықта ұзарып, суықта қысқаратын болғандықтан, рельстердің қоспасында, ұзарғанда сығылысып қалмау үшін, екі елідей ашық жер қалады ғой; өтіп жатқан поездың доңғалағы, әдетте, осы кезеңді жерге қатты ұрады да, рельстің басын омырып жібереді. Оны көру оңай...

— Қиыны неде, сонда?

— Қиыны — рельстің ұзын тұрқынан жарылатыны болады. Көбінесе, ол көзге түсетін үстіңгі жағынан емес, көзге түспейтін астыңғы жағынан жарылады.

— Оны қайдан білесіздер?

— Мәселе осында, — дейді Иманәлі, — мен домбырашы адам емеспін, — дейді ол жымиып ап, — ал, менің құрдасым Кенен, домбырашы.

— Ол кісіні неге еске алдыңыз? — деймін мен, Иманәлінің рельстен домбыраға неге ауып кеткеніне түсінбей.

— Еске алғаным, — дейді ол, жымия түсіп, — домбырашы кісі ғой, домбыра шектерінің күйінде тұрған-тұрмағаның домбыра пернелерінің орнында тұрған-тұрмағаның домбыраны қолына ап, қағып жібергенде біле қояды.

— Әрине, — деймін мен.

— Әркім өз қызметінің домбырашысы болады екен, шырағым, — дейді Иманәлі күлкі кескінін салмақтандырып, — мақтанғаным емес, осы рельс дегеннің бабында тұрған-тұрмағаның мен оны балғамен қағып қалғанда-ақ білем. Оқымаған адаммын «қалай білесін?» десең, мен саған айтып жеткізе алмас ем, бірақ, мен, соны білем!..

— Қалай, сонда да?..

— Рельстің өзі айтып тұрады. Бүтін рельспен, кемшілігі бар рельстің дауысы екі басқа. Бүтінін соқсаң, дыбысы қағылған қоңырау сияқтанып, дірілдей ұзаққа барып басылады, ал, сынығы не жарығы бар рельсті соқсаң, дыбысы ұзамай қақала қалады. Сол мылқау дыбыстан жарығын не сынығы барын, немесе, шпалына я насыпына ақау түскенін біле қоясын: сынық болса — даусы дүңқ ете қалады, жарылса — шыңылдай қалады, болты босаса — соққан рельсіңнің дыбысы екінші рельске тұтаспай шолақ қайырылады, шпалы не насыпы босаса — рельстің дыбысы күңгірлеп кетеді...

— Мынауыңыз бір шиеленісіп жатқан музыка ғой! — дедім мен күліп.

— Енді қалай? — деді Иманәлі, — рельсті, әдетте «темір жолдың күре тамыры» дейтін көрінеді ғой. Сонысы рас та. Рельссіз поезд адымын аттай ала ма?.. Рельске ақау түсу, поездың қатерге ұшырауы емес пе?.. Жасыратыны жоқ, крушениелер болып жатпай ма әр жерде... Шамалған тұсында болған бір крушениені өзім де көрдім!.. Өлген адамдар мен бүлінген мүліктерді көргенде, иманым қасым болып, төбе-шашым тік тұрды. Содан бері, рельске тіпті де сығалай қарайтын болдым.

— Солай сығалап қараған кездеріңізде, қатерлі жағдайдың кездескен уақыты болды ма? — дедім мен, ерек¬ше ұшырасқан жағдайларды білгім кеп.

— Неге болмасын? Күн сайын болмағанмен, жиі кездесіп тұрады, ондай жағдайлар. Кейде маңдайыңнан терің шыға қысылатын кездерің де болады.

— Сондай кезіңіздің бірін айтыңызшы!

Иманәлі ойланғандай аз тоқтады да:

— Мынадай бір жағдай кездескен еді, — деп бастады әңгімесін, 41-жылдың қысы. Екі таудың кезеңіне біткен осы бір жазықтың кей жылғы қысы қатты да, боран-шашыны көбірек те болады. 41 жылдың қысы бұл арада сондай, қаттырақ болды...

— Алматыда солай болды ол.

— Сондай қыс. Түн. Боран боп тұр... Жолды бақылау жұмысына шықтым. Бригадада бес адам. Менен басқалары әйел... Темір жолдың ортасымен жүріп, екі жақтағы рельсті балғамен соққылап келем. Дыбыстары жақсы... Кей жерде балғамды қайталай соғам... Рельстің дыбысы ойдағыдай шыққанға қуанам... Бір кезде, жүрегім дүрсілдей қалды...

— Неге?!.

— Бір рельстің дыбысы құлағыма шың ете қалды... Оның аты — жарықшағы болуы!.. Басыма киген қасқамның маңдайында электр фонары бар... Қолымда да бар ол... Екеуімен шыңылдаған рельстің өн-бойын кезек-кезек қараймын — көзге түсетін ештеңе жоқ!.. Серіктерім де қарайды, — оларда ештеңе көре алмайды... рельс бүтін сияқты... Балғаны қайта соғам, күдігім күшейе түседі, сау рельстің даусы емес!.. Енді қайда, мұның ақауы?..

— Бәсе, деймін-ау! — дедім мен де, Иманәлінің халына түсе ғап...

— Бір әдісім болушы еді, — деді Иманәлі, — неге екенін өзім де білмеймін, егер рельстің үстіне құм сеуіп, құмның үстіне бақыр сап балғамен бақырды ұрсаң, сынығы бар жерді тауып береді...

— Қалай?!.

— Рельстің сынбаған жерінде шіңгір ащы шыққан бақырдың даусы, сынған жерінде күңгір етіп сақаулана қалады.

— Апырай, ә?!. Неліктен екен ол?..

— Қайдам!.. Маған соны орыстың бір қарт темір жолшысы айтқан еді... Тәжрибеде онысы рас боп шықты...

— Иә, сонымен...

— Сонымен, бақыр сап ұрғанда, рельстің ақаулы екеніне көзім жетті... Астыңғы жағында жарығы бары анық... Бірақ, қандай жарық?.. Сызат қана ма, болмаса, шатынау ма? — оны анықтауға уақыт жоқ...

— Неге?..

— Мезгіл мөлшерін білем, кешікпей поезд келуге тиісті... Жай поезд емес, әскерлер мінетін эшелон!.. Олар майданға баратындар... Майдан аса қызып жатқан... Жау шекарадан алдақашан өтіп, бері қарай, Москваға қарай жылжып келе жатқан кез... Жан мұрынның ұшында!.. Москваны жауға бермеу үшін, жауды кейін шегіндіру үшін, советтің ер азаматы кеудесіндегі жанын үзіп беруге даяр екендігін көріп жүрмін... Солардың біреуі — өзіммін... Маған Отанның тапсырғаны — темір жолдың бес километрлік жерін бақылау, сол арадан поездарды тоқтаусыз, аман еткізуге жағдай жасау... Ал, поездар ше?.. Ол кездің поездары көбіне майданға қажетті құралдарды, азық-түліктерді, әскерлерді тасиды... Оларды аман өткізу — майданға жәрдем беру...

— Сонымен не істедіңіздер? — дедім мен, ақауы бар рельстің жайын тезірек білгім кеп...

— Хал қиын болды!.. Қиын болғанда, әрине, ақауы бар рельсті білген соң, поезды тоқтату оңай, — қызыл фонарьды жағып жолға іліп қойсаң, оны аттап ешбір поезд етпейді...

— Қиындық неде сонда?

— Қиындық, — поездың тоқтап қалуында. Соғыс кезінде, поезды, әсіресе, — соғыс эшелонын қанша уақытқа тоқтатсаң, сонша уақыт жауға төтеп болуды тоқтату деген сөз...

— Рас! — дедім мен риза боп кетіп, — ал, сонымен қайттіңдер?

— Сонымен, қызыл фонарьды жағып, жолға іліп қойдық да, ақауы бар рельсті ауыстыру жұмысына кірістік.

— Жаңа рельсті қайдан таптыңдар?

— Осы бір тұстың шпалдарын ауыстыру мәселесі қозғалып, материалдары үйілген еді, қажеті боп қалуы мүмкін деп, аздаған рельс те қойылған еді.

— Жақсы болған екен!..

— Ақау табылған жолды түзету міндеті, — ремонт бригадасына жүктеледі. Ондай бригада Отарда. Ол, мен бақылайтын тұстан он километрдей. Оған барып, ремонт

бригадасын шақырғанша, эшелон келіп қалады... Соны ойладық та, ремонтты өзіміз жасауға кірістік...

— Техникасын білесіз бе оның?

— Турксибтің топырағын салысқан күннен бастап, көзім рельс салумен шығып келе жатқан адам емеспін бе?.. Мақтанғаным емес, өте жақсы білем оны...

— Иә, сонымен?..

— Сонымен, «ақауы бар-ay» деген рельсті жалма-жан ағытып ап, орнына жаңасын салып жатқанда, алыстан арқыраған паровоз даусы да естілді. Жалт қарасам, көзі жарқыраған паровоз, Алматы жақтан айдап келеді... Көп вагондар тіркеп келе жатқаны, поездың жерді дүңкілдеткен салмақ дыбысынан сезіледі...

— Жаңа бастап па едіңіздер жұмыстарыңызды, әлде дендеп пе едіңіздер?..

— Жақындап қалғамыз. Бірақ, поезд деген керемет емес пе... Даусын құлақ естір жерден лезде ағызып келіп қалмай ма?.. Сонысын біле тұра, серіктерім асығайын деп еді, мен «асықпаңдар!» дедім...

— Неге?

— Шалағай істегенмен болмайды... Орнықты істеу керек... Қайта-қайта істеп жүреміз бе оны?.. Олай істеуге уақыт бар ма?.. Лек-легімен поездар ерсілі-қарсылы өтіп жатпай ма? Енді, барлық поезды бөгегенше, бір поезды ұзағырақ бөгеп, жаңа рельсті тиянақты ғып орнату керек емес пе?

— Әрине.

— Мен жаңа рельсті солай орнатпақ болдым. Жаңа рельсті бұрынғы рельстерге екі жақтан да қосып, болттарын бұрап боп, шегелерін де дендеп қаққан кезде, арқыраған поезд ағызған қалпымен жақындап келді де, даусын үдете шығарған қалпымен, баяулап кеп, қызыл фонарь жаққан жерге тоқтады... Әлдекімдер жүгіріп түсе бастады.. Онда менің жұмысым қанша... Маған жаңа рельсті тез орнықтыру керек те, тоқтаған поезды тез өткізу керек...

— Сол ниетпен, — деді Иманәлі, иығына салып келе жатқан балғасын көтеріп ап, — шпалға шегені осылай алтей қағып жатқанымда қасыма бірнеше солдат пен офицерлер келді. «Бұл не?» деді олар. «Көрмей тұрсыздар ма, не екенін?» дедім мен, жұмысымды доғармай...

— Жөніңізді айтсаңыз болмай ма?..

— Оған уақыт боп жатыр ма?.. Тағы бір мақтанып қояйын, — деді Иманәлі маған күле қарап, — жасымнан жұмыс істеген кісі, қолым қарусыз болмайтын: шпалға біреулердің он ұрып әрең кіргізетін шегелерін, мен балғамен құлаштай екі соққаннан қалдырмайтынмын... Қасыма келген солдаттар мен офицерлерге не істеп жатқанымды аз сөзбен ғана білдіріп, ісімді орындай беріп ем, «шегені біз де қағысайық» десті олар... «Өзім де қағам» дедім мен,..

— Олар жәрдемдессе тезірек бітірмейсіз бе?

— Әрине. Бірақ, сапасы, мен қаққандай болмайды ғой...

— Неге?

— Әр нәрсенің әдісі бар. Оның аты — дағдылану... шпалға шеге қағу — менің дағдыланған ісім. Мен қаққан шеге, тура барып орнығады, ал білмеген кісі қақса, шеге жан-жаққа бұлтыңдай кіріп, шпалға тік және тығыз барып отырмайды, ендеше ол, толқығыш та болады. Сондықтан, шпалдың шегесін кім көрінген қақпайды, тек қағу әдісін алған адам ғана қағады...

— Түсінікті... Иә, сонымен?..

— Поезды ұзақ тоқтатқан жоқпыз. Ол не бары он минуттей ғана кідірді. Жаңа рельсті біз орнықтырып болған кезде, Отар жағынан дрезинамен ремонт бригадасы да келіп қалды...

— Қайдан білген ол?..

— Жолға қызыл фонарь жағылғаннан және Ши қамыс станциясынан шыққан поездың кешігуінен... Олар кеп тоқтағанда, мен шпалға соңғы шегені қағып жатыр ем...

— Оны қағып боп, — деді, Иманәлі, сол сәттегі шаттығын көз алдына келтіргендей жайраңдаған жүзбен, — төңірегіме. қарасам, нақ қасымда бір генерал тур... Мен оған «жол жөнделді, жүруіңізге болады!» деген рапорт бердім... Ол не хал болғанын білгісі келгенін айтты.. Ремонт бригадасының бастығы, суырылған ескі рельсті қараса, астыңғы жағы ұзыннан жарылған екен... Поезд өтуге ол жарамайды екен... Сол арада крушение болуы сөзсіз екен... Соны көрген генерал, рахмет айтты да, — деді Иманәлі тез қалтасынан жұқа металл сағатты суырып, — «өмірлік ескерткіш болсын» деп, маған осы сағатты сыйға тартты. Сөйтіп жүріп кетті олар... Майданға кетіп бара жатқан бір эшелон әскер екен...

— Майданға бара жатқанын қайдан білдіңіз?..

— Сол эшелонный, бір офицерінен, айға жақын уақыттан кейін хат алдым... Эшелон бізден өткен қалпымен тура барып Украина майданына кіріпті... Ұрыстан кейін генерал мені еске алып, хат жаздырыпты...

Ғажап болған екен!.. Мұндағы жұрт білді ғой, ол ісіңізді?

— Қай жұртты айтасыз? — деді Иманәлі

— Мәселен, — Түрксиб басқармасындағылар?

— Білді. Ертеңіне мені Алматыға, Түрскиб басқармасына шақырды. Барсам, саясаттық бөлімнің бастығы Поляков жолдасқа жолығу керек екен...

— Поляков кішіпейіл кісі екен. «Темір жолшы» газетінің редакторы Тіникин Ыбырайке екеуміз кабинетіне кіргенде, ол ұшып түрегеп қарсы алды да, қолымды сілкілей ұстап алғыс айта бастады. Соз жобасына Қарасам кешегі әскери эшелонды аман өткізгенімді біліп қойыпты. Қалай тез білгеніне, мен таңданып ем, — «мен түгіл Москва да, Нарком да естіп, сізге алғыс айтыпты» деп, Поляков маған Наркомның телеграммасын көрсетті...

— Жолығуымыз бірінші рет болғанмен, — деп жалғастырды Иманәлі сөзін — Поляков жолдас мені өте жақсы біледі екен. Жұмыс жайларымды кеңесе келіп, ол маған екі жаңалық айтты: бірі — біздің разъезде бір дистанцияның жол бақылаушыларының слетін өткізіп, менің тәжрибеммен оларды таныстырмақ екен; екіншісі маған әлде не анкеталарды толтыртпақ екен. Соңғысын «не үшін керек?» деп сұрасам, Ыбырайке маған томпақ үлкен көзін күлімсірете қарап қояды да, «орденге ұсыну жабдығы ғой деймін, ақсақал» дейді... Бірақ, қағазды толтырып жатқан өзі... Маған тек сұраулар ғана береді... Ал, слет дегенге мен әуелі қарсы болдым...

— Неге?

— Слетке алпыс шақты кісі жиналатын сияқты, оларға немді айтам мен, сонда?

— Іс тәжрибеңізді айтасыз да...

— Көз бен құлақты ғана қандырудың несі тәжрибе?

— Имеке-ау, сол ғой «тәжрибе» деген? Көзі қаныққан, әдісін алған іс қой ол «тәжрибе?»

— Қайдам?.. Сөз дегенге шорқақ болушы едім, өзім... Алпыс кісі түгіл, алты кісінің алдында сөзімді дұрыстап айта алмайтын едім... Және қандай сөз ол, аз кісінің алдында айтылатын сөздер?.. «От басы, ошақ қасы» деген сияқты, ұсақ жабдықтың әңгімелері емес пе?.. Сондай кісі, алпыс адамдық жол бақылаушылардың алдында іс тәжрибесінен сөз сөйлесін!.. Оған дәті шыдау оңай боп па?

— Қиын болғанмен де көндіңіз ғой соған?

— Көнбес еркіңе қояйын деп тұр ма, сенің?.. «Өткізу керек, ақсақал!» деп Поляков отырып алды, Оны Ыбырайке де қолдады... Сонан соң, амал жоқ — көндім...

— Иә, сонымен?..

— Бір күні, екі жағымыздан да cay етіп жол бақылаушылар келе қалды... Алпыстай кісі!.. Поляков пен Ыбырайке де келе қалды... «Газеттен келді» деген үш-төрт кісі жүр... «Киноға түсіреміз» деп те біреулер келіпті... Артистер де келе қапты... Соларға қарап, — деді Иманәлі күліп ап, — «Ал, Иманәлі, бекін енді!» дедім өзіме... «Тәуекел деп түс ортаға... Білгеніңді айт көпке!.. — дедім...

— Иә, сонымен?..

— Сол күні ертеден кешке дейін олар менің іс тәжрибеммен танысты... Мен ойлағам, «бәрімізді клубқа жинайды екен де, мені сөйле деп терлетеді екен» деп. Олай болған жоқ... Мен оларды бастап, жолдың өзім бақылайтын жеріне алып бардым да, кем-кетігін қалай табатынымды айтып бердім. Бұл кеңес ұзақ күнге кетті. Жұрттың сұрауын, менің жауабымды Алматыдан келген бір жас жігіт жаза берді. Әлденеше жерде киноға да, суретке де түстік... Сөйтіп, кешке разъезге оралған соң, бір семіз қойымды сойып қонағасы бердім де, түні бойы мәжіліс құрдым. Отардан Кененді алдырдым. Ол келгенше қонақтарға артистер қызмет етті...

Есіме түсе кетті: Алматыда мен, Бәйкенов жолдастың разъезінде болған осы слетті түсірген кино-журналды көргем. Сөзіне қарағанда, дәлін түсірген де қойған!.. Алысты жақындатып жіберу — кино өнерінің дағдылы ісі. Аталған журналдың аяқ жағында, Бәйкенов Иманәлі жолдасқа 1942 жылдың көктемінде Ленин ордені берілгендігі де көрсетілген...

Одан кейін, Бәйкенов жолдасқа, 1945 жылы бір рет, 1951 жылы бір рет, Еңбек Қызыл Ту ордені беріліпті. Бұлардың қатарына «Даңқты теміржолшының» екі-үш значогі, әр кезде берілген бірнеше медальдар қосылғанда, Имекеңнің кеудесі наградқа симайды....

— Сондағы бар еңбегім, — дейді Иманәлі, — артығы, кемі жоқ, темір жол бойының бес километрін-ақ бақылау...

Бақылауда кездескен қиыншылықтар туралы, оларды қалай жеңу туралы Иманәлі тағы да толып жатқан қызық әңгімелерді айтып кетеді... Оның бәрін тізуге қалың кітап керек болар еді... Бұл арада айтарымыз, — Иманәлі қарттың әңгімелерін тыңдап отырғанда келетін ой, «ол — шынында да жол атасы екен!..»

ІІІ. «Су атасы»

Қазақта «су атасы Сүлеймен» деген сөз бар. Бала кезімде мен «суға ата» боп жүрген «Сүлеймен» кім екен деп ойлайтын ем. Кейін, сондай ата барын өзім де көрдім, ол — Еңбек Ері, СССР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты күріш өсіруде дүние жүзілік рекорд жасаған Ыбырай Жақаев.

Ыбекең менің есіме, Арқаға саяхат жасап бара жатқан жолы тағы да түсті.

Біз темір жолды бойлай отырып, Бірлік аталатын станцияға жеттік. Осы арадан Мойынты — Шy темір жолы басталады, бізге соны бойлай жүру керек.

Бірліктің жан-жағы қаптаған егін екен, бәрі де суармалы егін. Суды Шу өзенінен тартқан арықтан ішеді. Соларды аралай жүрген жолмен келе жатып, біз бір тұста тоқтай қалдық.

— Осы ара егін бе, әлде Шудың жайылымынан шыққан шалғын ба? — деді жолдасым.

— Менімше, бұл күріш, — дедім мен, — судың текшелі атжаптарымен келіп жатқан соған ұқсайды.

Машинадан түсіп байқасақ, пісуге таянған күріштің сабағы жантая жығылып қапты. Оларды да және түрегеп тұрғандары да күрішке көзі қаныққан кісі ғана танитын, қанықпаған кісі, бәшке құрақтармен, өлең-шөптермен сапырылысып аралас шыққан күрішті танып ала алар емес.

Жығылып жатқан берекесіз күрішті біз аралап жүргенде, әлдеқайдан шапқылап күзетші де келе қалды. Қартаңдау, қарабурыл сақалды ол:

— Уа, не іздеп жүрсіздер мұнда? — деді, атын ентелете бізге жақындап.

— Күріш іздеп жүрміз, — дедік біз қуланып.

— Іздегені қалай? — деді ол, біздің қалжыңға түсінбей.

— Күріш еккен жер ме, осы?

— Көрмей тұрсыңдар ма?

— Бізге күріш көрініп тұрған жоқ, қамыс пен шоп қана көрініп тұр...

Қарт әлі де қалжыңға түсінбей «Неге жоқ күріш?..» деп атынан түсе қалды да, жантайып жатқан күріш сабағының бір уысын жұлып ап бізге көрсетті. Сабақтар жіңішке әрі қуқылданып кеуіп қалған, жақсы күріштің сабағы, дәні піскенде де көгілдірлеу болуға тиісті. Дәніне келсек, қаз-қатар тізілудің орнына, құмға шыққан шөптей, собықтың әр жеріне бытырай бітіпті.

— Мұның гектарынан қанша күріш алады? — деген сұрауға,

— Төрт-бес центнер алатын болар, — деді қарт...

Ыбырай Жақаев осы арада кеп еске түсті. Ол 1948 жылы, Сырдария бойына өз қолынан егіп күткен он гектар жердің бәрінен, орта есеппен 124 центнерден алған.

Шудың суы бұл өлкені Сырдариядан кем азықтандырмайды... Жер жағдайы да Сыр бойымен бірдей, мұнда егінге құнарлы бозғылт түсті май топырақ... Күн райы да бұл арада Сырға ұқсас — мұнда да күрішке қажетті ыстық күн көп.

Ендеше, мәселе неде? Мәселе, әрине, жерді дұрыстап күте білуде, тұқымды тазалап себе білуде, енген тұқымды бабын тауып есіре білуде.

Осы жөннен, Ыбекең не істейді екен, соған бір үңілейік.

1949 жылдың көктемі. Қызылорда облысының Шиелі ауданында, Қызылту колхозында тұратын Ыбырай Жақаевты іздеп бара қалдық. Шиеліден Қызылтуға аттанар алдында, Райкомның бізбен бірге баруға жиналған секретары:

— Таң жаңа сіберлеп келе жатқанмен, Ыбекеңді үйінен таба алмаспыз,' — деді бізге. — Ол өзі басқаратын егістің маңында түнеп жүрген болар.

— Әрине, — деді, аудандық агроном Алтынбеков, — егін басында жүруіне дау жоқ, бірақ ол, бүгін өз участогінің маңында болмас, Дәулешова Ұлдардың участогінде болар.

— Ұлдар кім?

— Ыбекеңнің звеносынан өткен жылы бөлініп, өзіне меншікті звено құрған адам. Ондай шәкірттері, аудандағы 24 колхоздың он тоғызында құрылған. Бәрі де өздерін «Жақаевшылар» деп атайды. Жақаев оларды аралап, нұсқау беріп жүреді. Жыл сайын көктемде, олармен мәслихат еткізіп, тәжрибелерін ауысады. Бүгін Ұлдардың участогінде болатын себебі, онда ағаштың қопарылмай жатқан біраз ескі түбірлері бар еді, Ыбекең соларды қопарысуға жәрдемдесем деп жүрген...

— Түбірсіз жер жетпей ме?

— Жетеді. Бірақ анау — топырағы құнарлы жақсы жер...

Біз жүріп кеттік.

Алтынбековтың айтқаны дәл келді: Ыбырай, шынында, Ұлдардың участогінде түбірлерді қопарысу жабдығында жүр екен. Әлде не заманда, әлдекімнің бақшасы болған бұл орынның ағаштары ерте заманда күйіп, орнында түбірлері қалған екен, олардың біразы қопарылған күйінде, теңкиіп жатыр....

Тағы бір түбірді қопару жабдығында жүрген Ыбырайды, бет-аузын, үсті-басын шаң басқандықтан, біз алғаш танымай қалдық. Қысқа амандықтан кейін:

— Ал, кәне, әкеліңдер, темір арқанды! — деді ол серіктеріне.

Бірнеше адам жуан темір арқанды жазды да, бір ұшын күрілдеп тұрған тракторға байлап, екінші ұшын, тарбиған тамырларымен тұтас алғанда, шөке түсіп жатқан бүйіге ұқсаған қу түбірге байлады.

— Ал, тартыңдар, енді! — деді Ыбырай.

Тракторшы газды беріп қалғанда, күрілдеуі үдеп кеткен трактор, тұрбасынан қара-қошқыл қою түтінді лықыта әлденеше рет атқылап жіберді де, жалпақ темірлерден құралған ұзын табаны жыбырлай, қозғала жөнелді.

Түбірлер тез жұлынып кете қойған жоқ. Темір арқанмен тартқан трактордың ырқына көнгісі келмеген ол, бұратылған жуан тамырларын көре созып, тұрып алғысы келді...

— Сірескеніңмен болмас, — деді колхоздың председателі Әбдімауленов, түбірге күле қарап, — сен түгіл, сені егіп өсірген байды да түп тамырымен жұлып құртып жібергеміз...

Соза тартқан трактор, қаптаған қалың тамырларын кейін суыра, кейін үзе, түбірді қопарып алып шықты...

— Бір жүк машинаға мол жүк-ау, мынау!, — десті әркімдер.

Бет-аузын шаң басқан мосқал әйел, түбірге қарап, сазданған терін саусағымен маңдайынан сыпырып жіберді де:

— Барлығы 35 түбір еді бұл арада, ең соңғысын қопардық олардың. Енді орнындағы шұқырын тегістеу керек те, жерді айдау керек. Дәулешова Ұлдар осы әйел екен. Олардың тамақтанып дем алатын мезгілі екен. Жұртты Ұлдар өзінің канал жағасына жасатқан қосына алып барып, әңгімені сәскелік астың төңірегінде сөйлесіп кеттік.

Бұл арада күріштен мол өнім алудың тарихы қалай басталғаның Райкомның секретарь! қызық әңгіме түрінде қолыңа қондырып береді, сонда бас геройы, болса-болмаса да Ыбырай Жақаев.

Күріштен мол енім алу идеясы Ыбырай Жақаевта, ауыл шаруашылығы колхозданған жылдардан-ақ басталады. Өмір бойы кетпенші боп еңбек атқарған ол, күріш тұқымдарынан бұл арада қандайы қалай өсетіндігіне көзі қанған адам. Жақсы егін — жақсы тұқымнан ғана өседі. Соны білген Ыбырай, колхоздың алғашқы жылдары аздап еккен күрішін қарап жүреді де, қайдағы жақсы өскен, дәні толық собықтарды қырқып ап, қалтасына сала береді. Осылай жинаған толық дән, алғашқы жылы бір қап болады. Енді осыны өндіру керек.

Бірлескен еңбекке колхозшылар жаттығып болғанша, біраз жылдар өткенін біз білеміз. Ыбырайдың жинаған жақсы дәндерін жеке егіп, ерекше күту ісіне колхоз алғаш көңіл бөле қоймайды...

Бірақ ынталы Ыбекең бұған мойымай, Ұлы Отан соғысы басталар жылы, жылдың басында аудандық басқарушы мекемелерге арыз беріп, мол өнімшілер звеносын құруды сұранады. Оның бұл тілегін аудан да, колхоз басқармасы да қабылдап, сол жылдың көктемінде Жақаевтың тоғыз адамнан құралған звеносы іске кіріседі. Звено бастығы өзі болады. Ғылымдық жағынан жәрдем беру міндетін аудандық агроном Анас Алтынбеков алады.

Алғашқы жылы өнім, бес гектардың, әрқайсысынан 44 центнерден түседі. Бұл төңіректе ол жылы егін шығымды болғанмен, мол өнімшілерден басқалар гектарынан он бестен ғана алады.

Ыбекең мұнымен қанағаттанбайды. Өзі күтетін участоктың өнімін жылдан-жылға арттыра отыра, ол 1948 жылы, күріш өсіруде жердің тарихында болмаған табысқа жетеді — он гектардың әрқайсысынан 124 центнерден алады, кей жеке гектарлар 160 центнерден береді. Бұл дүние жүзілік рекорд!..

Бұл табысқа Ыбекең ғана ортақ емес, оның звеносындағы барлық адам да ортақ. Ыбырайдан үлгі алған олардың әрқайсысы, аз жылда күріш өсірушілердің шеберіне айналып кетеді. Сондықтан, 1946 жылы мол өнімшілердің жеке звеносын құрып Аралбаев Сағындық шығады, 1947 жылы Дчулешова Ұлдар шығады, 1949 жылы, звеноның ең жас мүшесі, комсомолка — Патан Айманова шығады. Бұлардың бәрі де ұстаздарымен жарысып, жүз бен жүз елу центнер арасында астық суырып отырады... Осы үлгімен бұл ауданның ғана емес, бүкіл Қызылорда облысына қарайтын аудандардың көбінде мол енім алушылар звеносы құрылып, бәрі де Ыбырай Жақаевтың әдісімен зор табысқа жетеді... Ол звенолар Ыбекеңді ағаштың жуан діңгегіне, өздерін сотая шыққан бұтаққа санайды...

Ал, енді, осынша мол өнімге жеткен Ыбырай Жақаевтың әдісі қандай деген сұрау туады ғой?.. Сұрастыра келсек, Ыбырайда әдетке айналған ондай әдіс бар да екен. Ыбекеңнің өзінен сұрасаң, ол әдістерін былайша баяндайды:

«Бірінші, дейді ол — арғымақтан есек тумайды. Егер жақсы егін алғың келсе, жақсы тұқым сеп».

«Екінші, дейді ол, — дән бала сияқты. Оны жақсы ана ғана тәрбиелеп өсіре алады».

«Үшінші, дәннің, анасы — жер».

«Төртінші, ана баласын жақсы өсірсін десең, сен ананы да жақсы күт».

«Бесінші, біркелкі күріш өнімі, тегіс жерге ғана шығады, өйткені, күріш суда ғана өсетін дақыл, су тегіс жерге ғана тегіс жайылады»...

«Алтыншы, адам сияқты, егін де таза суды тілейді. Сасыған не ескірген судан адам сияқты егін де ауырады. Ендеше, күрішке үнемі таза су беріп тұру керек. Ол үшін, күрішке күнде жаятын суды, күнде ағызып жіберіп, жаңа су жайып тұру керек».

«Жетінші, өсе бастаған кезде, күріштің сабағынан нәзік нәрсе жоқ. Ол, ешкінің түбітінен де нәзік. Бірақ, ол, оңай үзіле қоймайтын, созылған нәрсе, оны тамырымен ғана үзіп аласың. Жер неғұрлым дымқыл болса, күріштің тамыры соғұрлым мықты келеді».

«Сегізінші, күріштің сабағы, тебіндегеннен бір ай кейін ғана тік тұра алады. Дән шығатын «құлағы» да осы кезден бастап ашылады. Одан кейін, оның «құлағына» су жібермеу керек, егер су кетсе «саңырау» боп қалады, анықтап айтқанда, жақсы дән бермейді».

«Тоғызыншы, біреудің есебінен күн көретін арамтамақ өсімдік күріштің, ішінде де бар. Мысалы, шиін. Егер кезінде отап тастамасаң, ол күрішке деген азықтың бәрін жеп қояды. Түр жағынан оны күріштен айырып алу қиын. Бірақ, сорайып босқа өседі де, басында дән болмайды. Оны күріштен айыра білу, кезінде жұла білу, күрішшілердің басты міндеті».

«Оныншы, күрмек ше? Ол күріш тұқымдас өсімдік. Оның дәні де бар. Бірақ, қандай? — Қатыңқы келген кіп-кішкене. Азық жоқта ол да тамақ. Ал, азық барда, түкке керегі жоқ өсімдік. Ол да күрішке араласа қалың шығып, оған керекті азықты жейді де, аш қалдырады... Оны да кезінде құрыту керек».

«Он бірінші, жақсы егін өсірумен ғана мол өнім ала алмайсың. Күріш деген құйылғыш дақыл. Піскеннен кейін төгіліп түсе бастайды. Оны тез жинап алу керек».

«Он екінші, мұның бәрі ерінбей және әдісін біліп еңбек атқарудан ғана енетін жеміс».

«Он үшінші, біліп еңбек атқару деген — ғылым мен тәжрибенің бірлесе, тұтаса қызмет атқаруы деген сөз».

«Он төртінші, өнімді еңбек атқарам десең — көпке сүйен. Соның тілін тауып, соған қызмет атқарта біл».

«Он бесінші, көпті үлгілі болсын десең, оның алдында өзің де үлгілі бол»...

Бірнеше күннен кейін, аудан орталығында күрішшілердің мәслихаты болды, сонда Ыбекең күріш есірудің алдағы міндеттері туралы баяндама жасады. Маслихатқа облыстың және ауданның бірталай ғылыми қызметкерлері қатынасты. Бұл жолы Ыбекең, жоғарыда атаған әдістеріне тағы да толып жатқан жаңалықтар қосты...

Сол сөздерін тыңдап отырғанда маған келген ой: «Жерді, суды пайдалану ісінде, бұл кісі қалай көп білді!..»

Мен ғана емес, осылайша көп адам ойлайды екен. Олардың бір ауыздан айтары - — «біздің замандағы су атасы Сүлеймен — осы Ыбекең!»

Ыбекең ол жылы 56 жаста. Совет өкіметі орнағанға дейінгі өмірін жалшылықта еткізген ол өз өкіметі орнағаннан кейін, ақыл-ойын, күш-қуатын социалистік құрылысты өркендетуге ынталана жұмсады да, зор табыстарға жеткендігі үшін, отанымыздағы ең құрметті адамдардың қатарына қосылды...

Ол советтік азат жердің адал баласы да және оны тәрбиелей білетін адал атасы да.

IV. Кәрім Мыңбаевтың кеңесінен

Біздің ойымыз, — Бірліктен шыға, Арқаға Бетпақ дала арқылы асу еді. Оның сәті түспеді. Білетіндердің айтуынша, КНИЖ-дің базасы — «Ұланбел», «Бірліктен» 150 километрдей; жолда ел жоқ, ара-тұра, жеңіл машинаны қиыншылықпен еткізетін құмдар, жолдан жаңылтатын ізсіз ақ тақырлар, Шудан тарамданатын сазды өзектер бар. Бұл шақ, жұрттың Ұланбелге аз қатынасатын кезі. Егер жалғыз жүріп, жолда машина әлдеқалай бұзылса, адамның шөлден өлуі мүмкін. Ондай оқиғалар бұрын ғана емес, кейін де кездескен, сондықтан жолаушылар қомақтала, топтала жүретін болған.

Бізге ондай жүргінші кездеспегендіктен, амалсыз Мойынты — Шу темір жолын бойлап, елді өлкемен жүруге тура келді. Бұл темір жол, Бетпақ даланың шығыс жағын қырқалай жүреді екен. Соны жиектей жүріп келе жатып Бетпақ жаққа көзіңді салсаң, ұшы-қиырсыз жазық дала... Шіркін, аралар ма еді оны!..

Бетпақ далаға біз соншама неге құмартамыз?

Ол — Арқа аталатын қазақстандық жонның Балқаш сыртында жатқан құлай берісіндегі кең шөл дала.

Шығыстан батысқа созылған ұзын тұрқы 450 километрлік, күнгейден терістікке созылған көлденеңі 400 километрлік жалпы алабы 150 мың шаршы километрлік, он бес миллион гектар жері бар, бір өзіне, қазіргі екі Австрия еркін сиятын бұл шел дала, Европаға бір кезде Арктика қандай қорқынышты жұмбақ болса, советтік дәуірге дейін қазаққа да сондай қорқынышты жұмбақ боп келді.

Оған Бетпақ даланың аты да куә. Біреулер «Бетпақ» деген сөзді, арабтың «бад-бахыт» (бақытсыз) деген сөзінен шыққан деседі. Ол қате. Нелер ғасыр бойынан айнала көшкен кең далаға қазақтың арабша ат қоюы мүмкін емес. Қазақтың өзінде «бетпақ» деген байырғы сөз бар, оның мағынасы бетсіздік. Ұятсыз, бетсіз адамды, әсіресе әйелді, ауылда күні бүгінге дейін «бетпақ» деп сөгуі, қазақ тілін жақсы білетін адамның бәріне мәлім. Бұның арғы негізі «бет» және «бақ» деген сөзден құралу керек. Беті — кәдімгі бет; ал, «бақ» дегені — бағу, яғни — қарау. «Бетпақ» деген сөз «бет бақтырмайды», «бет қаратпайды» деген ұғымнан болу керек, өйткені, Бетпақ даланың төңірегін мекендеген қазақ елін сан ғасырдың бойына бет бақтырмай, яғни, ішіне кіргізбей келгені рас.

Неге бет бақтырмай келді ол?..

Бет бақтырмаған себебі — 150 мың шаршы шақырымның бойында, не өзен, не көл, не бұлақ жоқ, құдықтың суы жиырма-отыз метрлік тереңнен шығады, кейде одан да алысқа кетеді, кей жердегі құдықтың суы ащы... Ауа райы: жаз ерекше ыстық, қыс ерекше суық.. Мал оты қар суымен көктемде ғана шығады да, июнь-август айларында ыстықтан қурап кетіп, күзгі жаңбырда ғана көктейді... Ендеше, революциядан бұрынғы мал шаруашылығымен ғана күн көретін көшпелі ауыл, онда қалай мекендемек?..

Бірақ, Бетпақ даланы айнала біткен, көшпелі елдің мекендеуіне аса қолайлы жерлер бар: мысалы, шелдің күнгей-батыс жағындағы құмға кеп, атақты Шу өзені сіңеді. Сіңген жеріне дейін оның өнебойы, әсіресе құмға тақала жайылған жері ғажап кең шабындық, та, жайылым да. Соңғы кездің, есебі бойынша, Шудың төменгі жағынан шығымды жылдары шапқан шөппен үш миллионға жақын малды қыстай асырап шығуға болады.

Шу өзені көп тіреліп, аржағы бұйратталып кететін ұзын тұрқы жүздеген, көлденеңі ондаған километрді алатын Мойынқұм ше?.. Оның өнебойы малдың жазы, қысы жайылуына еркін жететін ащылы-тұщылы от... Онда семірген мал, қазақша айтқанда «жонынан жарылады», «айғырға қарыстан артық қазы бітеді», «қошқарға сүйемнен артық сүбе» бітеді, «мал етінің асылдануы сондай, майы аузыңа салдырмайды».

Бетпақ шөлінің теріскейін алып жатқан Арқа — жусаны, изені араласқан қалың селеу мен жабағыдай ұйысқан бетеге... Онда көктемде суланып, жаз кебетін өзендер де бар...

Осындай мекендер бола тура көшпелі ел Бетпақ далаға неге құмартқан? Неге құмартады?

Бұл сұраудың жауабын, мен алғаш марқұм Кәрім Мыңбаевтан естіген едім.

1948 жылдың күзінде, қызмет бабымен ұшқан самолеттің апатқа ұшырауынан қаза тапқан бұл жолдас, Бетпақ даланың жасырын сырын алғаш ашқан адамның біреуі.

Бүкілодақтық Ленин атындағы ауыл шаруашылық академиясының Кәрім Мыңбаев Қазақстандағы филиалының президенті болатын...

1906 жылы, кедей семьяда туған ол, Қазақстанда совет өкіметін құруда белсене қатынасқан коммунист ағасы Тұрыспек Мыңбаевтың тәрбиесінде өсіп, агрономия ғылымында жоғары дәрежелі білім алады. Одан кейін каучук мәселесін зерттеумен шұғылданған ол, ауылшаруашылық ғылымының докторы деген дәрежеге жетеді. Қазақстанда мичуриндік ғылымды таратушылардың алдыңғы қатарында болған Мыңбаевты академиктер қатты бағалап, онымен жеке басы дос боп кетеді...

1923 жылдан комсомол қатарында, 1940 жылдан партия қатарында болған ол, Ұлы Отан соғысы басталған кезде Ленинградта ғылыми қызметте жүреді де, қаланы жаудан қорғауға құрылған халықтық қосындардың қатарына кіріп, жылдан артық уақыт майданның ең алдыңғы қатарында болады.

1942 жылы, майдан қызметінен босаған мамандардың ішіне жолдас Мыңбаев та қосылып, Қазақстанға ғылымдық қызметін атқаруға қайтады. Ауылшаруашылық ғылым академиясының Қазақстандағы филиалына президент болуы содан кейін...

Осы қызметінде жүргенде, ол жоғарыда айтылған аянышты қазаға ұшырады...

Кәрім Мыңбаев менің жақын достарымның бірі болатын. Биік, сом, балуан денелі, қоңыр, сұлу кескінді оның мінезі де ақжарқын: өтірікті, көлгірсуді, екіжүзділікті білмейтін ойына келген сөзді тура айтатын, іске шебер, сөзге алғыр, уәдеге берік, досқа мейірімді, әр кез шындықты ғана сүйетін ар-ұяты таза, намысқор адам еді. Ол өзі қуған ғылымға ғана емес, әдебиет, искусство сияқты мәдениет жүйелеріне жетік, оларды көп оқыған, көп көрген, әрбір оқығаны, көргені туралы өзінің айқын, ашық және терең көзқарасы бар адам... Оның бұл көзқарасы, марксизм-ленинизм ғылымымен тығыз байланысып жататын. Ғылымның болсын, мәдениеттің өзге жүйелерінің болсын, бәріне де ол партиялық көзбен қарайтын.

Ол искусство қайраткерлерімен, жазушылармен жиі кездесуді, олармен мәжілістес болуды ұнататын еді. Сондықтан, ол, кейде, әкімшілік немесе ғылымдық істерімен жолаушы шығатын болса, қасына артистерден, не жазушылардан кісі ертіп ала кетуді сүйетін.

Бір күні ол менің үйіме телефон соқты да. КНИЖ6 аталатын шаруашылығына бірге барып қайтуды ұсынды.

— Құп болады, — дедім мен.

КНИЖ-ға біз Кәрімнің «газигі» мен кеттік. Ол шаруашылық Алматыдан жүз километрдей жердегі Күрті өзенінің бойында болады екен. Тас жолмен батысқа тартқан біз, алпыс шақырым жердегі Ленин атындағы колхөздан тура теріскейге қарай кеттік. Тағы жиырма кило¬метрдей жүргенде, алдымыздан кішірек өзенше, оның бергі қабағында КНИЖ-дың шошқа фермасы кездесті.

Тасып жатқан кішкене өзенше машинаны өткізбейтін болған соң, аржағына салт кететін болдық.

Кәрім ат құмар жігіт. Шаруашылықтарында жүрген қызметкерлеріне ол жорға, жүйрік сияқты көркем аттарды мінгізеді. Шошқа фермасының бастығы Завада дейтін украиналық жігіт екен. Қазақ тілін қазақтан кем білмейтін бұл жігітті, Ұлы Отан соғысының алдында, өзім туған өлкеде, қой совхөзының директоры боп жүрген кезінде көргем. Енді ол КНИЖ-ға келіп, екі қызметті бірдей атқарып жүр екен: бірі — фермаға бастық, екіншісі — ісіне байланысты ғылымдық диссертацияға материал жинау.

Кәрімнің аса жақсы көретін КНИЖ дағы бір қара жорғасы, сәті түсіп, Завадиның үйіне келе ғапты. Оның өзінде бурыл жорға бар екен. Екі жорғамен, Кәрім екеуміз, айлы түнде әрі қарай сапар шектік: қара жорға менде, бурыл жорға онда.

— Қара жорға, — деді Кәрім маған аттанарда, — бурылды шаңына да отырғызбайды, сізге оны сый қонақ ретінде ғана мінгізем. Жалғыз-ақ шартым — қыза жорғалағанда, басы темірден де қатты: ауыздықты тістеп ала тартқанда, бет алған жағынан бура алмайсың; беттеген жағында дөң тұрсын, ер тұрсын қарамайды, ырғып аржағына бір-ақ түседі... сонысына шыдасаңыз ғана мініңіз!..

— Оқасы болмас, — дедім мен күліп, — маңдайыма жылқы бітпегенмен, бала күнімнен байлардың жылқысын бағысып, әр мінезді жылқыға тақымым үйренген, тәуекел деп көрермін!..

Біз жүріп кеттік. Семізден жарап жүрген қара жорға, шынымда желөкпе жылқы екен. Судан, шыға:

— Ал, Сәке, — деді Кәрім, — ай жарық, алдымызда сара жол. Ойы-қыры көпке дейін жоқ. Аздап тақым жазамыз да?

— Болсын!

Тарта жөнелдік. Қара жорға шынында екпінді екен, «һайт!» деп тебініп жібергеннен-ақ, дедектеп ұшты да кетті. Басының қаттылығы да рас екен. Еркіне жіберсең, тізгінді сүзе тартып беті ауған жаққа алып кететін. Бірақ, менің де «еркек» деген атым бар емес пе? Басына ерік алғысы кеп, тізгінді басын изей тартқан кезде, ауыздықтың екі жағынан шаужайлай ырғаңқырап жіберіп ем, «ақылды» ат, алпамсадай еркекті бетімен ұшыра алмасын білгендей, енді қайтып ауыздықты сүзгілеген жоқ...

Ырқыма көндірген атты біраз уақыт бар пәрменімен жорғалатып, «тыныстайтын кезің де болған шығар» деген оймен артыма қарасам, Кәрім де екпіндетіп жақын келеді екен. Ат тұяғының дүсірінен шамалаймың — жорғалап келе жатқан жоқ, шауып келе жатыр!.. Атымды тежейін десем, ұрып кететін...

Атымды ерегісе жорғалатып тағы да біраз жер Кәрімге шалдырмағаннан кейін:

— Уһ, Сәке, аялдаңыз! — деген даусы естілді оның.

Қызып алған атты, тез тартып тоқтата қоюға болмайды. Олай тоқтатудан, аттың қараөкпе ауруына шалдығуы мүмкін... Мен жорғаны баяулатып барып, аяң-жортаққа түсіргенде, танаулары ұстаның басқан көрігіндей, екпіндей пысылдаған Кәрімнің бурылы да жанаса берді.

— Апыр-ай! — деді Кәрім, қатарласқаннан кейін, — мына қара жорға сұмдық екен ғой. Бүгін көрдім ғой, мұның, жел жетпейтін жорға екенін...

— Қалай? — дедім мен, жорғаның бар жүрісін көрсеткеніме мәз болған дауыспен.

— Менің астымдағы — жорғасымен қатар, жарыста бәйге алып жүрген жүйрік жылқы. Жорғасымен ілесе алмайтын болған соң, барлық шабысына салып ем, онда да жеткізбеді қара жорға. Мына түріне қарағанда, сағатына қырық шақырымды бұл еркін алады екен!..

Одан әрі бүлкіл жорғамен кеттік. Кәрімнің одан арғы кеңесі, Қазақстанда мал шаруашылығын өркендету туралы болды.

— Қазіргі мәселе, — деді ол, — малдың басын көбейте беруде ғана емес, оның сапасын да арттыруда...

КНИЖ осы мақсатпен ұйымдастырылған екен. Онда СССР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, әлденеше орденді, ауыр шаруашылық ғылымының докторы Владимир Александрович Бальмонт басқарған, бір топ ғылыми қызметкерлер еңбек атқарады.

Көп жылдық тәжрибенің арқасында олар шығарған мал тұқымының аты: «Биязы жүнді қазақ қойы».

Бальмонт басқарған топтың табыстарын айта келе, қазақ даласына кең жайылған бұл тұқымның мінін алдына сала сөйлейді.

— Бұл тұқымның алды жақсы басталды, — дейді ол, — саулықтың тірі салмағы жетпіс килоға, қошқардың тірі салмағы жүз он килоға жетті. Қазақы қойдан ол екі есеге жақын көп, жүні де алғаш қою болды. Қазір салмақ жағы сақталды, бірақ жүн жағы сұйылып, әрі сапасы кеміп келеді...

— Неге?

«Бұл қойлар жазы-қысы жайылыммен ғана күн көреді» деген қате ұғыныстан, сол ұғыныстың салдарынан қысқы қорасы мен шөбін даярламаудан, содан барып қойдың қыстан жүдеп шығып, қара кемік болуынан...

Осыдан, қойдық қорасы және жемі туралы сөз басталып кетті. Бетпақ дала мәселесі де сонда кеп шықты.

— Мал басы республикамызда жыл санап көбеюде, — деді, Кәрім, — жайылымдар қазір көп жерде жетпеуге айналды... Қора-қопсы дегеніміз көп жерде жоқ. Булардың бәрі, ғылымды да, тәжрибе адамдарын да қатты ойландырады...

— Мәселен?

— Мәселен — Бетпақ дала.

Мен бұл сөзге құлағымды түре қойдым. Өйткені, өткен 1947 жылдың жазында, Кәрім бастаған ғылыми экспедицияның Бетпақ даланы бірнеше ай жүріп аралап келгенінен хабарым бар. Бірақ, нелер істеп келгенін сұрауға сәті түспей жүрген. Енді сәті түсе қалды. Сөзге шебер Мыңбаев, қызғылықты түрде әңгімесін бастай жөнелді.

Бетпақ даланы көруге, мен бала кезімнен құмарттым, — деп бастады ол сөзін...

— Неге? — дедім мен.

— Менің Тұрысбек деген ағам болғанын білесіз.

— Білем: өзі шала сауатты батырақ бола тура, ол 1917 жылы жергілікті Совдепті ұйымдастыруға араласқан, артынан Колчак үкіметінің абақтысына түсіп, одан қашып шыққан адам ғой...

— Сол қашқан бетінде ол Нұра бойындағы елімізге келді де, одан Әулие-Атада құрылған Совет өкіметіне қосылу ниетімен, сол жаққа баратын бірнеше адамға қосылып салт жүріп кетті... Біздің туған жерде де совет өкіметі орнағаннан кейін қайтып келген ағайдан сұрасақ, олар Әулие-Атаға тартқан жолында, Бетпақ даланы баса жүрген екен...

— Шөлден қорықпаған ба?

— Бастаушылары болған. Бастаушылары Бетпақтың қай жағына шығам десе, де көзін жұмып табатын қу екен. Жолшыбай олар шөлде өлген хайуандар мен адамдардың талай жерде қураған сүйектерін де кездестіріпті... «Егер бастаушы болмаса, — дейді ағай, — біз де қаңғып өлетінбіз, өйткені сусыз мидай дала, белестенген адырлар біріне-бірі ұқсайды,.. жол жоқ... басқа белгі жоқ...»

— Солай деседі, — деймін мен, басқа бір әңгімелерді еске түсіріп...

— Ол көп кеңес, — дейді Кәрім, — мен қысқасын айтайын: сонымен, ағайдың айтуынан, «мен де сол даланы көрсем-ау» деп арман ететін ем. Көрудің сәті — 1947 жылы ғана түсті.

— Біз қаруланып шықтық, — деп жалғастырады Кәрім сөзін,- — бірнеше жүк машинамыз бар, оларға артқан тамақтарымыз, қару-құралдарымыз, машиналарымыздың саймандары, майлары бар су құятын цистерналарымыз бар... барлығы жиырмадан аса кісі бар...

— Челюскин жорығы сияқты ғой, мынау! — деймін мен күліп.

— Енді қалай? — дейді Кәрім салмақты кескінмен, — Бетпақ дала да осал жау емес. Ол да талай адамның қанын жұтқан... Сонымен біз Алматыдан Шу станциясына бардық. Одан әрі Ұлан-Бел аталатын жерге тарттық. Ол Шу өзенінің теріскей жақ бетінде.

Бұдан әрі, Кәрім екі айлық сапарларында көрген-білгендерін сөйлеп кетеді. Оның бәрін тізе берудің бұл арада екі жақтан қажеті жоқ: біріншіден — Бетпақ дала туралы, ол далаға шеккен сапары туралы Кәрім жазған «Бетпақ дала» атты монография бар; екіншіден — Кәрімнің Бетпақ далада көрген-білгендерінің бәрін сипаттауға қалың кітап керек болар еді, бұл қысқа очерктің міндеті ол емес.

Жалпылап қысқаша айтқанда, Кәрімнің (және басқа экспедиция қызметкерлерінің айтуынша) Шу өзенінің, Шу станциясынан құмға барып жоғалғанға дейінгі 600 километрлік екі жақ өлкесі де көп замандар суарып егін алатын танаптар болған. Кәрімнің жобалауынша, бұл суарылған жерлердің жалпы көлемі жүз мың гектарға барады. Суару тәртібі, Орта Азия үлгісімен, арық қазу арқылы іске асқан. Егістік танаптардың көлемі, өзара әрқилы, он гектарлық та, жүз гектарлық та, мың гектарлық та жер бар. Бұл жердің иесі байлар болғанға, егіндерін батырақтар салғанға ұқсайды. Суды өзеннен көп жерде шығырмен көтерген. Жерді «омаш» аталатын ағаш соқамен айдаған, көлігі болса-болмаса да түйе мен өгіз...

Жергілікті байлардың су арқылы еңбекші көпшілікті қалай қанау, еңбекшілердің оған қалай қарсылық білдіруі туралы, Кәрім Мыңбаев төмендегідей аса бір айқын фактыны келтіреді: Шу өзенінің аяқ тұсындағы шөлге, 1903 жылы барған экспедиция бұрғы салады да, 213 метрден судың көзін табады. Жер астында қысылып жатқан су көзі ашылғаннан кейін ытқып сыртқа шығып, фонтандай үздіксіз атқылайды да тұрады.

Осы суға Сейтқали дейтін жергілікті бай ие бола кетеді Бұл судан ол өзінен басқаның ақысыз-бұлсыз малын да суартпайды, ішермендік те су бермейді. Бір қора қойдың әрбір су ішкен ақысына бір қойдан алады да отырады... Күн сайын солайша су ішетін қора қойлар, бұлай алым алуға шыдай ма? Бай адам шыдар, кедей қалай шыдайды?..

Шыдамағанымен амал жоқ!.. Одан басқа жерде, бұл маңайда су жоқ... Сондай амалсыздықпен пайдаланып, Сейтқали кемеліне келе алым-салық алмай, жерден атқылап жатқан судан ешкімге тамшысын да татырмайды...

Осыған кектенген ел, Сейтқали ұзап көшкен бір шақта, су атқылап жатқан жерді, әлденеше күн азаптанып, тереңіне дейін тас төгіп бекітіп тастайды... Оны ашуға Сейтқалидың да, ешкімнің де әлі келмейді...

«Сөйтіп, орыс экспедициясы ашып берген табиғаттың ен байлығы жабылып қалады, оны ашудың енді ғана мүмкіндігі бар» — дейді Кәрім.

Ауызша айтуына да, кітапқа жазуына да қарағанда, қаруланып-ақ барғанмен, Кәрімнің экспедициясы, Бетпақ шелінің «жан баспаған» қалың ішіне кірмей, бұрынғы белгілі жолдың бойын қуалап жүрген сияқты. Қай хан жүргенін кім білсін, Тәшкеннен Әулие-Атаны (Қазіргі Жамбыл) Шу өзенінің Ұлан-Бел тұсын, одан әрі Қарманшиты, Болат тауларын басып, Ақтау, Ортауды басып Ақмолаға, одан Көкшетау арқылы Омбыға түсетін Хан жолы атты ескі жол бар. Бұл жол Бетпақ даланың шығыс жақ жиегіне жақындай жүреді. Ерте кезде, Арқадан Шуға, Шудан Арқаға қулаған көшпелі елдер, осы жолмен жүретін болған, өйткені, бұл жолдың бойында сирек кездесетін бұлақтар, елдің өзі қазған құдықтар бар. Құдықтар мен құлақтарды қуалай жүретін бұл ирек жолдың ұзын тұрқы 600 километрдей болу керек. Кәрімнің экспедициясы да негізінде осы жолдық бойын қуалаған... Бетпақтың жан баспаған батыс жақ қалыңына еркін сүңгімеген. Оның себебі, бізге мәлімсіз.

Әр кезде, әр мөлшерде құрылып жүрген экспедициялардың ішінде, Бетпақ даланы өзгесінен көбірек кезген адам — Москва профессоры Дмитрий Иванович Яковлев жолдас. Ол кісінің айтуынша да, Бетпақты әлі түгел аралап көрген ешкім жоқ...

Аралаған жерлерінен алған әсерлері туралы айтқан ұзақ әңгімелерін тыңдағаннан кейін, мен Кәрімге қортынды есебінде бір сұрау бердім:

— Қысқаша айтқанда, Бетпақдаланы жандандыру үшін не керек?

— Су ғана керек, — деді Кәрім. — Су барса, оның өн бойындағы он бес миллион гектар жердің бәрі де іске асады. Оған егістің де бар түрін, ағаштың да бар түрін өсіруге болады. Миллиондаған малдың жайылымын да жасауға болады. Осылардың бар тетігі суда. Су болса, Бетпақтың шөліндей топырағы құнарлы жер жоқ.

— Су мәселесі ше?

— Ол әзірге ең ауыр мәселе. Бір жобада Ертісті бұрып, Қарағанды арқылы Сары-Су өзеніне құю бар. Ол іске аса қалған күнде де, Бетпақтың батыс-теріскей жағынан екі-үш миллион гектарлық пұшпағы ғана суарылады...

— Шуды бұрса ше?

— Оның суы, өзінің екі жақ кең өлкесін суарудан аспайды...

— Сонда немен суарылмақ?

— Географияны білесіз ғой? — деді Кәрім күліп, — жер шарының құрғағынан суы әлдеқайда көп емес пе? Қай шөлді суарсаң да жетпей ме сол су?.. Бірақ, оны толық пайдалануға, бізді қоршаған капитализм дүниесі біраз бөгет боп отыр... Жер жүзінде капитализм бітсін. Содан кейін сахара, Губи, Бетпақ дала сияқты жер шарындағы кең шөлдерді қалай суарар екеміз!..

— Сонымен, Бетпақ даланың үсті, бүгінгі күн үшін несімен хат?

— Мәселені Шудан бастайық. Шу өзенінің бойы, малдың қыстауына аса қолайлы. Жыл жақсы болса, мал оның қамысымен де қыстан күйлі шыға береді. Ал, жазды күні, ол араға көп мал қоюға болмайды.

— Неге?

— Біріншіден — мал жайласа, шабындық жер болмайды, жайламаса — миллиондаған тонна шоп шабамыз. Бұл маңайда, радиусы бес жүз километрде, мұндай шабындығы бар жер жоқ. Шөбін түгел шауып алса, Шудың бойына, миллиондаған малды қыстан асырап шығуға болады. Малды жаз онда жайлатпаудың бір себебі осы болса, екінші себебі — жаз айларында Шу бойының масасы мен сонасы көп. Олар малды, әсіресе, түйе мен жылқыны өлтіріп жібереді... Бұрынғы көшпелі елдің де Шуда жаз отырмайтын себебі сол болған. Олар жазғытұры қар ери бастаған кезде, қарды қуалап, Арқаға қарай көшкен де, күз қардан қашын Шуға көшіп, қыс түсе Шудың жағасына кеп бекіген...

— Сонда, Бетпақ даланың мәні неде болған?

Оның мәні — апрель, май айларында, қардың суымен Бетпақтың бойына жусаны мен ыраңы аралас қалық шөп шығады. Малға ол мың да бір ас; сол қардың суы, июнь айына дейін саяңдарда қақ болып та жатады, өзектерде өзен болып та ағады, ол, әрине, малға да, адамға да сусын; осы өсімдік пен осы суды Шудан Арқаға кешкен ел толық пайдаланады, екі айда олар Арқаға еркін жетеді...

— Арқаға неге көшеді?..

— О не дегеніңіз, Сәке-ау?! — деді Кәрім күліп. — Көрген жеріңіз емес пе, Арқа. «Бетегесі білектей, баттауығы жүректей!» деп поэзияға шыққан жер емес пе ол?.. «Құдай» ұрған бір құрғақшылық жылы болмаса, изені, жусаны аралас шыққан селеуі мен көдесі теңіздей толқып жатпай ма?.. Өн-бойы толған бұлақтар, өзендер емес пе оның?.. Тұлабойы малдың құтына толған таулары бар емес пе оның?.. Масасы мен сонасы да жоқ емес пе?.. Үнемі жанды жайландыратын самалы соғып тұрмай ма?.. Мал баққан ел, ондай жерді жайламағанда нені жайлайды...

— Қыстап неге қалмайды? — дедім мен.

— Қысы қатты ғой Арқаның, — деді, Кәрім. — Жыл жақсы болса құба-құп қой, жұтшылық болса, көп мал күн көріп шыға алмайды ғой онда...Шабындық жері аз... Қыстың қалай болатынын кім болжай алады... Сондықтан, бұрын да көшпелі елдер Арқаны жаздай жайлап, күзге қарай, не шабындығы мол солтүстікке қарай, не Шу мен Сарысу өзенінің бойына қарай кешіп кеткен. Әлі де мал баққан ел сөйтеді. Күзге қарай, жаңбыр Бетпақта да болады. Ыстық айларда өсімдігі күйіп кеткен Бетпақтың шөбі, күзгі жаңбырдан тағы көгереді, тағы да қақтарға, сайларға су жиылады, сөйтіп, Шуға елдің саспай көшуіне мүмкіндік береді... Ендеше, Бетпақ даланың көктемде де, күзде де мал шаруашылығына пайдасы көп...

— Түсінікті, — дедім мен, — бірақ, көшпелі елдің булай пайдалану ежелгі дағдысы болса, ғылымға ол мәлім дағды болса, бұл Бетпақ далаға қазір экспедиция шығарып зерттеуден мақсат не?

— Мақсат: ауасын, жерін, суын өсімдігін зерттеу, сөйтіп болашағын жобалау... Бұл мәселеге біз енді ғана көңіл бөліп отырмыз. Сондықтан да оны біздің тыңнан зерттеуіміз және советтік ғылымның жолдарымен зерттеуіміз керек...

Кәрім ол жөндегі көп материалдардың жайын ұзақ баяндап кетті...

Бір кезеңде Кәрім ақбөкенді әңгіме ғып кетті.

— Бүкіл жер шарында, ақбөкеннің үш-ақ жерде барын білесіз бе? — деп бастады бұл әңгімесін.

— Жоқ, — дедім мен.

— Ол солай: Бетпақ дала, батыс Қазақстандағы Нарын құмында және Монголияда... Осы үшеуінен басқа жерде ақбөкен жоқ. Аңшылардың жобалауынша, Бетпақ далада он мыңға жақын ақбөкен болуға тиісті... Біз өзіміз тұтас жайылып жүрген бес жүздейіне ғана кездестік...

— Қудыңыздар ма?..

— Миллиондаған жылдарды аттап, біздің дәуірге азайып жеткен мамонттық дәуірдің өкілін ату, әрине, аянышты, дегенмен, «ұшқан құстан басқаға жеткізбейді» деп аңыз қылатын жүйрік аңды машинамен қуу да қызық!..

— Әрине...

— Менің мінгенім «газик».. Бабындағы жаңа машина. Қасымда Бегалин Байқадам деген қарт аңшы бар. Бетпақтың даласын түгел кезіп, алақанындай, білетін адам. Біз оны басшылыққа алғамыз Айтуынша құралайды көзінен ататын мерген... Біз оны құрметтеп «Бәйеке дейміз... Мылтықты мен де бір кісідей ата алам ба дейтін ем, ол тіпті сұмдық екен: аспанда шырылдаған бөзторғайды жалғыз оқты шитімен түсіреді. Одан басқа мылтықпен атпайды... Сонымен Шудан бұрылып, Бетпаққа шыққан бетімізде алдымыздан алыста бұлдырап, қыратта жиылған бірдемелер көрінді, «ақбөкен деді Бәйекең елеңдей ғап. «Кісі көрмеген бөкендер екен — деді ол, — әйтпесе ығысып қашар еді!..» Біз жақындай, бөкендер қаша жонелді... «Ол жақта тастақ жер бар, бөкен соған паналауға тырысады...»

— Қуып кеп бердік! — деді қызу қанды Кәрім, көтеріле сөйлеп. — Мұндай ұшқыр болар ма!.. Сағатына 50-60 километр алып келе жатқан машинаға шалдырар түрі жоқ!.. Аппақ таңдары жарқ-жұрқ етіп зымырап барады!.. «Бұлар шаппайды,... тек желеді, — деді Бәйекең. — Қазірде олар желіп барады... «Сол арада Абайдың «Аттың сыны» деген өлеңіндегі «Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс» дегені есіме түсті... Мына бөкендер, ат түгіл машинаға да жеткізер емес, қазіргі желісінде, шамасы, сағатына 70-80 километрді еркін алып бара жатыр!..

— Ғажап екен!..

— Біз жеткізбейді деп сасайық десек, «саспаңдар, — дейді Бәйекең, — өкпе-бауыры бар, айыр тұяқты қара мал емес не, біраздан кейін алдырады ол!..»

- Сонымен, жете алдыңдар ма? — деймін мен асығып.

— Шамасы жиырма-отыз километрдей жерден соң, алыстағы сайғақтарды машина ұта бастады... Тағы бір он бес, жиырма шақырымнан кейін жақындай бастады... Бірақ, біз тұра қумай, Бәйекең сілтеген жаққа қарай қиғаштап келеміз... Ол қулығымызды ақбөкен сезгендей, алдымыздан кесе-көлденеңдеп жолға таласуға айналды...

Ал, енді, — деді сол кезде Байқадам қарт, мұның бір-екеуін атып алу керек, әйтпесе алдымыздан етіп алғаннан кейін, олар бұйратқа кіреді де, одан кейін алдырмайды...»

— Аттың ба сонымен?

— Мамонт дәуірі есімнен шығып кетіпті. Қызып кетіппін... Үш ауыз мылтығым бар еді, сонымен, көлденеңдей берген ақбөкендерді тартып-тартып жібердім... Жақын-ақ жер!.. Мықтап-ақ көздеген сияқты едім!.. Денем де нық тұрған сияқты еді, бірақ, құлаған сайғақ жоқ!.. Тағы атам, тағы құламайды!.. Машинаны тоқтатайын десем, ұзап кететін... Не істеу керек?..

— Бегалинге «ат!»деу керек қой.

— Өзім де сөйттім. Ол ағып келе жатқан машинаның үстінде, түрегеп, ұзаңқырап бара жатқан бөкендерге қарап, шитісін тартып жіберіп еді, бір сайғақ бүктеліп кеп түсті!..

— Бәрекелді!..

— Тағы да атайын деп еді, аттырмадық. Жығылған, бөкенге келсек. оқ құлақ шекеден тиіпті. Кан саулап жатыр. Сайғақтың аяқтары ғана қимылдайды.

— Сөйтіп, — деді Кәрім күліп, — миллиондаған жылдар өмір сүрген бейбақтың ажалына себеп боп, бауыздап алдық!..

— Шіркін, мерген екен-ау! — деймін мен...

— Кісілігін қайтерсің! — дейді Кәрім. — Өлердей дос боп кетіп ем. Сағынып жүрмін, сол кісіні...

Кәрімнің осы кеңесін тыңдаған адам, Бетпақ даланы көруге қалай құмартпас!

Одан кейін де мен Бетпақ дала туралы көп кеңестер естідім, көп материалдар оқыдым. Солардың бәрін жинағанда айтылған сөз — Бетпақ даланың меңгеріле бастауы. Онда кәзір Кәрім Мыңбаевтың атына қойылған тәжрибе станциясы бар. «Ұлан-Бел» дегеніміз сол. Станция асыл тұқымды мал түліктері мен егіс дақылдарының түрлерін Бетпақ далаға өсіруде көп тәжрибелер жасап, ғажап табыстарға жетіп жүр. Колхоздар мен совхоздар да Бетпақ даланы шаруашылығына пайдаланады. Ғылым орындары, әсіресе тау кенін зерттеушілер, шөл даланың, астынан нелер қымбат мүліктерді табуда... Сонымен қысқасы, бұрын түсін суытып маңына адам баласын жолатпайтын Бетпақ дала, кәзір оған иіп, иесі сол екенін түсіне бастады. Оның адамға осы бағынғаны — бағынған!.. Адам оны жыл санап гүлдендіре түседі!..

V. Шахтердің семьясы

Бірліктен біз ойысып Мойынты — Шу темір жолына жеттік те, одан әрі соны бойлап кеттік. Тұрқы әлденеше жүз километрге созылған темір жолды, халық оз күшімен Ұлы Отан соғысының жылдарында бастады. Біз көрген кезде жүк поездары жүріп, Қарағандының көмірін Қазақстанның оңтүстік қалаларына және Орта Азия қалаларына тура тасуға кіріскен екен. Оның шаруашылық мәні аса зор екеніне бұл очеркте тоқтаудың қажеті жоқ.

Жолаушылар поезы Мойынты — Шумен әлі жүрмеген. Жаңадан салынып жатқан станциялар мен разъездердің көбінде, әлі халық аз. Дегенмен, бұрын Бетпақ даланы ернеулеп, құлазып жататын, қош сүрлеуінен басқа жолы жоқ, тұрақты мекен жасаған адамдары жоқ бұл жерде, кәзір қайнаған өмір!

Бір тауды сағалап келе жатыр ек, бізге қарсы беттен жүк поезы көрінді... Әлденеге арқырап дыбыс берген оның үніне таңданғандай, көз жетер жердегі тастаққа бір топ хайуан ойнақтап шыға келді. Бинокльмен қарасақ — арқарлар екен!.. Олар адырая аз қарап тұрды да, дүркірей әрі қарай қашты...

«Бұл не?!.» деп таңданып барасың-ау, ә? — деді, бізге еріп келе жатқан қартаң адам күліп арқарларға. — Асықпасаң, әлі үйренерсің шырағым!..

Аржағында көп ұзамай, біз Балқаш көлінің батыс жақ жағасына жеттік. Самолеттен қарағанда, екі жақ жағасы да көрінетін бұл көлге жерден қарасаң, ұшы-қиыры жоқ көк теңізге ұқсайды екен. Және бір ғажабы — батыс жағы қаптаған арал. Қазақтар оны «Мың арал» дейді екен. Аралдардың бәрі алыстан суда жүзіп бара жатқан кемеге ұқсайды... Тоқтап көруге уақытымыз тығызырақ...

Балқаштан біз Мойынты станциясына тарттық. Жаңа жолдың өн бойына қоныстап жатқан елдің әр село, әр ауыл, әр разъезд, әр станциясынан көркем әдебиетке толып жатқан тема табылатын. Міне, қайда, жазушының көретін жерлері!..

Мойынтыдан әрі, Қарағанды — Қарсақпай темір жолын бойлап кетті. Бетіміз — Қарағанды. Бұл жағалап келе жатқанымыз Қазақстанға екінші бесжылдықтың сыйлаған жолы!..

Ертерек меңгерілген бұл жолдың бойында, нелер ғажап заводтар да орнап қалған, нелер ғажап қалалар өскен!

Қарағандыға біз түнде Успен заводы жағынан келдік. Бұл бір ғажап көрініс. Ерте заманда Ит-жон аталатын бұл араның белесті шөл даласын, революциядан бұрын тек көшпелі ауылдар ғана баса көшіп, тұрақтап мекендеген ешбір ел болмайды екен.

Белестің астында көмір бары, бұдан жүз жыл бұрын мәлім боп, капиталистер табылған көмірді алуға тез кіріскенмен, 60-70 жылдың бойында алынған көмір, кәзіргі механикаланған бір шахтаның бір жылда алған көміріне жетпейді.

Қарағанды көмірін алуға, Совет Өкіметі, шын мағынасында, 1930 жылдан бастап кірісті. Жылына Отанға миллиондаған тонна көмір беретін бұл өндіріс, кәзір Советтер Одағының үшінші көмір ошағы саналады, оның, кәзір барлық шахталары да механикаланып, көмірді қазуды да, тысқа шығарып, вагондарға тиеуді де электр қуатымен қаруланған машиналар атқарды.

«Қарағанды» аталатын өндірісті тұтас алғанда, 65 мың шаршы гектар жерді алып жатады. Сонша кең көлемді жердің сай-саласына, өндіріс жағдайына байланысты бірнеше көркем қалалар, поселоктар орнаған, олардың бәрі электр қуатымен пайдаланылады.

Қарағандыны менің бірінші рет көруім — 1933 жылы. Ол кезде әлі қарқындап үлгермеген өндірістің шахты саны да қазіргіден әлдеқайда аз, қала көлемі де әлдеқайда кіші болатын. Электр станциясы қазіргіден әлдеқайда әлсіз болғандықтан, ол кезде шамдардың саны әрі аз, әрі сәулесі көмескі болатын.

Енді ше?..

Успен заводы жақтан келетін жол, Қарағандыға Байдаулет тауының жотасынан құлайды. Сол жотаға, 1952 жылдың жазғы түнінде шыға келсем, «жердің жүзі, күннің көзі» дегендей, алдымыздағы белесті даланың ылди өрі, сол түнгі ашық аспанда жалтыраған қалың жұлдыздан да қалың электр шамына тұнып тұр!.. Не деген көп, не деген жарық, сәуле бұл!..

«Жүрмеген жердің ой-шұқыры көп» дегендей, жердегі жұлдыздардың қалың ішіне сүңгіген біз, қалаға тура кіріп кете алмадық. Айқұш-ұйқыш жолдардың біреуі бізді әкеп, қалың орманның ішіне кіргізді... Қайдағы орман бұл?!. Бұндай орман, бұдан жиырма жыл бұрын, бұл маңайда жоқ еді ғой?.. Аралап керсек, ағаштары жуандаған жыныс!.. О, ғажап!.. Аз жылда жер мұнша өзгереді екен-ау!..

Артынан білсем, бұл орман, қаланың орталық паркі екен. Советтік Қарағанды құрылысы басталған кезде, 275 гектар жерге тігілген жас ағаштар, кәзір жуан ағашты осындай жынысқа айналып кеткен. Қасында келі бар...

Қайдағы кел бұл?

Осы арада бұрын «Соқыр» атанатын кішкене өзенсымақ болған. Оның қандай өзен екенін аты-ақ көрсетіп тұр. Жазтытұрым өзенге қардың суы жиналады екен де, көпіршіп тасыған боп, июньге жетпей арнасы аңырайып құрғап қалады екен.

«Соқырды» Совет үкіметі, Қарағандыны ашқан жылы бөгейді де, іркілген суынан, жоғарыда аталған кел жасалады. Бұл келді қарағандылықтар қалжыңдап, Кіші теңіз дейді. Үлкен теңізі де алыс емес, — қаланың теріскей жағында, 20 километр жерде.

Ол — Нұра өзенін байлаудан жасалған «теңіз». Оның көлемі «ат шаптырым» емес, «машина шаптырым». Тереңдігі отыз-қырық метр. Бүкіл Қарағандыны әзірге сусындатып тұрған осы «теңіз»...

Бұл теңіздің жағасында бүкіл Қарағандыға электр қуатын беретін ГЭС және Қазақстанның темір қорытудағы мақтанышы — Теміртау металлургия заводы қызмет атқарады...

Қаланы біз парк күзетшісінің сілтеуімен таптық. Бұл — жаңа қала. Оны мен, 1941 жылы, қарт ақын Доскей Әлімбаевтың тоқсан жасқа толған тойына барғанда көргем. Қазір қала, одан әлдеқайда кеңіген... көп этажды, нелер ғажап үйлер салынған... Көшелерін бойлай еккен ағаштар қалыңдап ғажап аллеяларға айналып кеткен!.. Қысқасы, бұл қала. Москваның сәнді орамдарына ұқсайды...

Ертеңіне біз досымыз Бәшір Нұрмағанбетовты іздеп кеттік, басшымыз — «Социалистік Қарағанды» газетінің редакторы Бейсенғали Тайқұманов жолдас.

Алматыда да, Москвада да кездесіп жүретін жолдас Нұрмағамбетовты, атқаратын еңбегінің үстінде, үй тұрмысында көру, маған арман сияқтанатын. Сол мақсатпен іздеген оның кім екенін оқушыларға қысқаша таныстыра кетейік.

1914 жылы кедей семьяда туған ол, ересек жасқа жеткеннен кейін, әуелі Ертіс бойындағы пароход қызметінде, одан Семейдегі ет заводында жұмысшы боп еңбек атқарады да, 1937 жылы Қарағандыға келіп, шахты жұмысына орналасады. Содан бері шахтыдан қол үзбей келе жатқан ол, соңғы екі-үш жылда «Бис — 31» аталатын шахтыны басқарады. Өзіне тапсырылған істі мемлекет алдында жыл сайын аброймен атқарғандығы үшін, 1950 жылы үкімет оған, еңбек майданындағы ең биік дәреже — Социалистік Еңбек Ері атағын береді. Құрметті шахтер мемлекеттік ж:ше партиялық басқару істеріне де араласады. Соңғы бірнеше жылда ол Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің пленуміне мүше.

Бізді Нұрмағамбетовтың үйіне бастап апаратын Тайкуманов Бейсенғали жолдас Қарағанды өндірісінде не халдар болып жатқанын күн сайын бақылап, газетіне жазып отырған адам ғой, сондықтан:

— Бәшірдің биылғы жоспары қалай орындалып жатыр? — десек:

— Ол жоспарын орындау үшін ғана жаралған кісі, — дейді, Бейсенғали қалжыңды дауыспен, — ол үшін «орындау» деген сөз емес, «асыра орындау» — сөз.

Бейсенғали қойын книжкасын алды да, биылғы январьдан бастап, августқа дейін Нұрмағамбетов Бәшірдің айлық жоспарын қалай орындаған цифрын көрсетеді. Бұл цифрларда «110»нан берісі жоқ, аржағы «220».

— Біздің Бәшір осылай! — дейді, Бейсенғали жымиып қойып.

Бәшірді біз басқаратын шахтысында жолықтырдық.

Көмір шахтысын менің бірінші рет көруім 1928 жылы Байқоңырда. Атақты Жезқазған өндірісінің жанында ашылған бұл кенде, кемір қыртысының қалыңдығы жарты метрден төмендей беріп, кей жері сынық сүйемдей ғана болып қалады. Қарағанды ашылмаған кезде, Қарсақпай заводына осы көмір де керек боп, 1928 жылы мен барғанда, жұмысшылар алып жатыр екен. Бірақ, қалай? Кей жерде көмірді жамбастап жатып шабуға тура келеді және өзге құралмен емес, қайламен. Ол, бесжылдықтардың басталмаған кезі.

...Енді, бесжылдықтар жемісін мол берген кезде, Қарағанды шахтерларының ішіне тау комбайндары кіріп, бұрынғы қолмен соғатын қайланың қызметің қимылы одан мыңдаған есе қуатты машиналар атқарып жатыр, Сондай машиналар Бәшір Нұрмағамбетовтың шахтасында көмірді үздіксіз өндіреді.

Бұл да ғажап көрініс: 1933 жылы Қарағандыға барғанда, шахтаға мен «бадья» аталатын зор ағаш шелекке мініп түскен едім. Ол қолдан бұраған темір арқанмен көтеріліп түсетін еді. Шахтаға түсетін үңгір көрдей қараңғы да. Тастай қараңғылықпен ұзақ уақыт төмен түсіп бара жатқан адамның, қорқынышты көзі емес, денесі сезіп, «қайда барып қирар екем!» деген қорқыныш пайда болатын.

Шахтаның ішіне түссең де сол қараңғылықта. Қолыңа ұстатқан керосин фонарьмен тар шахтаны бойлай жүргенде, алдыңнан адам итерген, не ат сүйреген көмір тиеулі вагонеткалар кездесетін... Әлдеқайда көмірді қол қайламен шауып жатқандарға барсаң, крепке ілген керосин фонарьдың, күңгірт жарығымен, екі ұшы да сүйір қайланы, жылтылдаған көмір пластасына дамылсыз мықшия ұрған шахтердің өнімсіз еңбегіне жаның ашитын.

Енді ше?..

Енді шахтаға электр лифтімен түсесің. Оның тазалығы да, жылдамдығы да, Москва гостиницаларындағы лифттерге ұқсайды...

Шахтаның ішіне түссең, ол да электрленген бір кең сарай. Тізбектелген вагонеткалар, көмірді қазір электр күшімен ғана тасиды. Көлбей жасалған шахталардан тізбектеліп өздері шығып жатады, тік шахталарда да машиналар көтереді...

Көмірдің қазылып жатқан жеріне барсаң, бүкіл денесімен тұтаса қимылдап жатқан тау комбайндары. Олар көмірді қазып жатқан сияқты емес, «көмір» аталатын жердің өзегін үздіксіз және мол тарта сорып жатқан сияқты. Соған қарап тұрып, тапқыш адам ойының,, көмірге арнап шығарған бұл қуатына қайран қаласың да тұрасың!..

Адамның еңбегінен туған машина атаулының қуаты жеткен мөлшерде қимылдап, қызметті өнімді атқару тетігі адамның өзінде ғана. Адам басқармай, өз бетімен қимылдап машина тез арада тас-талқан боп қирар еді. Машина атаулының бүлінбей дұрыс қызмет атқаруы — оның күтімін де, тетігін де білуден.

Біздің Бәшір осындай адам екен. 1946-жылдан бері ол басқарып келе жатқан «Донбасс» атты комбайн, қажетті ремонттан басқа уақытта, не қақалып, не тұрып қап көрмейтін. Бұндай комбайнды, Байқоңыр сияқты жұқа қыртысты көмірге апарып салса, әрине, дәл мынадай өнім бере алмас еді. Қарағанды шахтысындағы көмірдің қалыңдығы метрден бастап, әрі қарай жоғарылайды. Одан көмір өндіру, комбайнға қандай ыңғайлы, қандай жеңіл... Осындай жағдайда көмір өндірген Бәшірдің нормасын артығымен орындамаған күні жоқ. Кейде ол, бес-алты норма да беріп жібереді. Оның Социалистік Еңбек Ері деген зор даңққа жетуі де, үнемі қарқынды қимылдауынан...

Социалистік қоғамның сөзі: «өндіре еңбек атқар да, мәдениетті тұр». Осы ұранның іске асқанын біз Бәшірдің үйінен де көреміз. Қызмет орнына жақын жерден берілген оның пәтері — төрт-бес бөлмелі жеке ағаш үй. Әйелі Рахима, бұл үйдегі бөлмелерді сәндеп жиған. Олай жинауға, жасау, жиһазы жетіп те жатыр.

Заманымыздың бақытты балаларын біз бұл үйден де көреміз. Бәшірдің 13 жасар үлкен баласы Нұрания жетінші класта үздік оқиды. Жеті жастағы Гауһария мектепке алдағы күзде бармақ. Үш жастағы Серік, балалар бақшасында.

Бұл бақша, Бәшір үйінің қасындағы кең парктың ішінде. Шахтерлердің 250 дей жас бөбектерін тәрбиелейтін бақшада, Бәшір, Бейсенғали үшеуміз барсақ, Серік тыныс сағатында екен. Тәрбиесі, күтімі жақсы сәбилердің бәрі де, беттерінде қаны ойнаған көрікті, балтырлары бесіктей етжеңді... Тәртіпке бағынып қалған олардың біразы біз көргенде ұйқыда, ал енді біразы, көздерін ашып-жұмғанмен, қимылсыз жатыр...

Қарағандыда баланың демалысы осындай болса, үлкендердің демалысы қандай?

Қарағандыда отыздан астам клуб бар, олардың бәрі де еңбекшілердің дем алу жағдайына лайық салынған. Солардың ішінде, ең көріктісі боп, жаңа қалада «шахтерлердің мәдениет сарайы» тұрады. Архитекторлық көркі көзді тұндыратын бұл сарайдың жүзден аса мәдениет бөлмелерін талдап айтпағанда, үш залын сипаттап етуге көп беттік сөз керек болар еді. Мың кісілік орны бар үлкен залдың төбесіндегі жалғыз люстраның ғана бағасы 340 мың сомдық. Лекциялық залға 400 кісі сияды. Залдардың да, бөлмелердің де бәріне барқыт орындықтар қойылған, терезелеріне торғын жібектен перделер қойылған, қабырға мен тебе көркем кестелі бояумен, оюлармен безенген, кісі жүретін жолдарға кілемдер төселген... Отыз бес мың томды кітабы бар оқу залына, жібек жамылтқылы столдар, орындықтар қойылған...

Міне, осы сарайға да, басқа клубтарға да, Қарағанды халқы кеш болса жиналып мәдениетті дем алады. Қарағандының өзінде орыс және қазақ драмалық театр, 16 жерде кинотеатр және филармония бар. Бұларға қоса, арғы шеті Москвадан, бергі шеті Алматыдан театрлар немесе жеке артистер келіп гастроль жасап жатады, сондықтан Қарағанды клубтары сауық кешінсіз тұрмайды.

Біздің Бәшір сауықшыл кісі емес екен. Көп концертке, кейде спектакльге оны ерке қызы Нұрания апарады екен. Бұл жолы оны мәдениет сарайына біз апардық. Мұнда Украинадан келген бір театр «Черевичканы» көрсетті. Москва, Алматы театрларын түгел көрген Бәшір, театр дегеннің не екенін жақсы біледі, жүріп жатқан спектакльді жақсы ұғады... Операны ол рахаттанып тыңдады...

Ол бізді ертеңіне үйіне «дәм ауыз тиюге» шақырды. Күн жексенбі болғандықтан, кішкене Серіктен бастап бар жаны түгел екен. Жасалған дастарқан үстінде, бірінші тосты айту реті маған келді. Мен айтатын сөзді, өмірдің өзі аузыма салып тұр, ол социалистік құрылыс ішінде жасаған, еңбегі азат адамның бақыты. Бұл жағынан қарағанда, Бәшірдің семьясынан бақытты кім бар!.. Осы семья арқылы, бүкіл совет адамдарының бақытын көз алдыма елестеткен мен, сол жайларды айта кеп, тостыны бақытты семья үшін көтердім!

VI. Туған ауылда

Қарағандыдан әрі, біз Нұра өзенін бойлап кеттік те, Ақмола қаласына Қозыкөш тұсынан барып кірдік.

Қозыкөш дегеніміз — Есіл мен Нұра өзенінің бүйірлесе жақындайтын тұсы. Бұл екі араның жырақтығы қаншалық екендігі атынан да көрініп тұр, бір өзеннің жағасынан екінші өзенге қозымен көшіп күнделік уақытта жетуге болады.

Қазақтың атақты әндерінің біреуі «Көкжендет», қазіргі атақты әншілеріміздің біреуі Қосымжан Бабақовтың айтуынша, осы Қозыкөш бойында туған.

— Белгілі әнші, Ақан серінің «Көкжендет» деген лашыны болған екен, — дейді Қосымжан, — сол құсына осы арада, іңірде үйрек ілдірем деп жүріп айрылып қапты да, қайтып таба алмапты. «Көкжендет» әнін соған арнап шығарыпты.

— Оған дәлеліңіз?

— Бірінші — көзімен көрген қарттардан естідім, екіншіден, әннің:

Сусылдап соқыр үйрек ұшар кешке,
Көкжендетім түседі сонда еске
Айрылып Көкжендеттен қапияда
Созылып әрең жеттім Қозы-көшке. —

деген сөзі қуа.

Қосымжан Қарағандыда тұрады. Көптен сыйласып, дос-жар боп жүрген адам, бізбен біраз жер саяхаттап қайтуды өтінгенбіз де, ол бізбен бірге аттанған.

Соңғы жылдарда, Ақмола облысының өзге облыстарға үлгі болған бір мәселесі, — қолтабанды суарма. Ол — көктем кезінде тасып, жаз айларында құрғап қалатын сайларды бөгеп, суын егіндік және шабындық жерге жайып пайдалану... Ақмола колхозшылары бастаған бұл игілікті іс, Қазақстанға түгел жайылып, егіндік, әсіресе шабындық жерді молайтуға орасан көп көмек жасап келеді..

Біз соққан кезде «Қозыкөштің» екі жағы да қолдан құйған судың жемісін орып, Есілдің де, Нұраның да қалың шалғынын шауып жатыр екен, құралы — өзі жүретін шөп машинасы.

Шоп машина» дегенді менің алғаш көруім 1912 жыл. Ол кезде «маккормик» және «диренг» аталатын машиналарды патшалық Россия шетелден алатын болса, оларды өгіздер мен аттар сүйресе, енді бесжылдықтардан туған үйдің Отандық «самоходка» көліксіз жүреді!..

Су жайылған Есіл өлкесінде биыл да шабындық орайды екен. Нұра өлкесі де сондай. Колхоздармен совхоздардың, қаз-қатар шұбырған самоходкалары, биіктігі адамның белуарынан келетін шалғынды шетінен керте жығып жатыр. Олардың соңын ала шұбырған тырнауыштар, ысырып апарған шөптерін итарқаларға үйе тастап жатыр...

Дегдіден итарқаларды, жергілікті шеберлердің қолдарынан жасалған мая-үйгіштер тау-тау ғып өсіріп жатыр!.. Дала — қызған еңбек!..

Күн бойы шөптің шабуы, жиюы, үюі, маялауы сияқты қарқынды істердің арасында жүріп, кешке біз, пішеншілердің қосына қондық.

Көптен бері Ақмоладан Қарағандыға көшкен әншілері, — Қосымжанның даусын жерлестері сағынған екен.

Әндердің, олардың ішінде қазақ әндерінің жалпыға ортақ екені рас. Әндер Қосымжанға да солай. Ол қазақ әндерінің бәрін де айтады. Және баппен айтады. Бертінірек кеп, композитор Орловтың, концерттік бригадасына араласқан ол, нотаға да үйреніп, соған сүйену арқылы, нотасы бар әндердің бәрін де айтып береді.

Сөйте тұра, ақмолалықтардың да, Қосымжанның да ерекше жақсы көретін «ақмолалық әндері» де бар, олар, мысалы: «Шәмсі-Қамар», немесе Ғазиз шығарған әндердің бәрі. Әнді орындауға аса шебер Қосымжан, бұл әндерді қоңыр, әдемі даусымен екпіндей айтып бергенде, ақмолалықтар желіге айқайлап, ырғақты жерлерінде балқып барып қатады да қалады!..

Әркімге туған жері қымбат. Жолшыбайғы қызған еңбек, шаттық тұрмыстардың бәрін көргің келсе, жылжи алатын түрін, жоқ. Олай етем десең, осы маңайда қыстайтынсың.

Бірақ, біз өйтпедік. Арқаның қыр жонынан асқаннан кейін-ақ, жылы лебі мұрынға келгендей болған туған жер, Қарағандыдан шыққан соң-ақ, «тезірек жете гөр!» деп шақыра берді...

Ақмоладан шыға, бұл дауыс тіпті үдеп кетті. «Қалай аттап өте алар екенсің!» дегендей, жолда мұнартып Көкшетаудың тоғай жамылған сансыз таулары тұр, көздің жасындай мөлдіреген сулары ирең қағып шалқар көлдері жатыр... Оларда біздің қызметіміз де көп... Бірақ, туған жер, көркемдік жағынан оларға таласа алмағанмен, ыстықтық жағынан әлдеқайда артық сияқты... Ол анаң сияқты сенің. Ажары қандай болса да, туған анадан ыстық не бар адамға!..

Туған жерге жақындаған сайын, машинамыздың жүрісі екпіндей түсті... Машина екпінінен дөңгелене зырлаған жер, «туған өлкеңе тезірек жеткізейін» дегендей, кең денесін жиыра түскен сияқтанды...

О, туған жер?..

Miнe, біз, туған жерге таянып та қалдық. Оның әрбір ылдиы, өрі, сайы, саласы, дөңі, ойпаты ағашы, алабы, көлі, томары... бәрі... бәрі менің алақанымда!.. Алыстан көрінген оның әрбір орны, маған, келуімді күте сағынып тұрған бір туысыма ұқсайды!..

Қостанай облысы, Пресногорьков ауданында Сәбит аталатын колхоз, 1951 жылға дейін: Жалтырша, Октябрь, Жаңа жол, Сәбит аталатын төрт колхоздан тұрады. Қазір олар, бір колхоздың төрт бригадасы.

Бұл колхоздың тарихынан бірнеше сөз: 1723-жылы болатын «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» жұтында, Сыр бойында көшіп жүрген біздің ел де, қазіргі мекеніне ауып, Россияға еркімен бірінші боп қосылған ауылдардың қатарына кіреді.

Кенесары 1840 жылдардың басында Россияға қосылдың деп, біздің ауылдарды шабады да. Сол жолы Құнанбай, Танжарық, тағы бірнеше адамдар Кенесарының найзасынан қаза да табады.

Қосылған елге, патша өкіметі, жергілікті феодалдың бірі Есеней Естемесовты сұлтан — правитель қояды.

Мыңдап мал біткен, патша өкіметінен чин, шекпен алған, мекендеуге кең жер кестіріп алған оның жалғыз қызы болады да, ұлы болмайды. Осы қыз, Есенейдің қолында тілмаш боп тұрған Тілеміс Сапақов деген адамның Торсан атты баласымен көңіл қосып, әкесі өлгеннен кейін қосылады. Мал-мүлік Торсанның қолында қалады.

Торсан да патша өкіметінің оң көзі болды. Оның өзі де, Шақан, Шери аталатын балалары да әлденеше жыл болыс боп, еңбекші көпшіліктің қанын борсықтай сорды.

Есенейден Торсанға мұраға қалған жердің ұзындығы қырық-елу, көлденеңі жиырма-отыз шақырым жер, және орманды, көлді, қара топырақты, аса құнарлы жер. Бұл жерді шет-бұшпақтап бертінде переселен — участоктері алды, ал, қарамағында қалған жерге, Торсан ұлықсатсыз бір қада қақтырған жоқ, бір сілтем шоп шаптырған жоқ.

Қарт адамдардың айтуынша, қарамағындағы қалың ағаштан біреу бір бұраулық шыбық кессе, Есеней сол құрау сынғанша, оған дүре соқтырады екен. Торсан да жерді солай қатал бақтырған адам.

Совет өкіметі орнай, Торсанның шұрайлы жеріне кедейлер ие болды. Партияның бастауы бойынша, жерге ие болған кедейлер, бұл маңайда бірінші боп 1926-жылы артель ұйымдастырды. Артельдің іргесін қалаған Бейсек Тәпелов, Исақмет Мырзақанов, Райысқали Сүлейменов, Ұл Бекішов, Исақмет Бейсенов, Сағит Жоланов сияқты қарттар әлі тірі, олар бұл арадағы елдің де, колхоздың да тірі тарихы.

Бірге өсіп, біте қайнаған бұл адамдардың тарихын мен жақсы білем. Әріресе, — Бейсектің тарихын. Оның әкесі Тәпел, шешесі Дәметкен, ағасы Қошпан революциядан бұрын өмір бойы Торсан байдың жалшылығында болып, есігінде елді. Қайратты, тілді туған өжет Бейсек Торсан үйінің қорлығына төзбей бала жасынан кәсіп іздеп сыртқа кетті де, орыс кулактарында жалшылықта жүрді. Одан Қорған қаласына барып жүкші болды. Сөйтіп жүргенде, ол 1916 жылдың мобилизациясына ілігіп, майданға кетті.

Майданнан 1917 жылғы февраль революциясынан кейін қайтқан ол, ауылға революциялық рухты ала келді. «Жер байдікі емес, кедейдікі» деген сөз бұл арада алғаш соның аузынан шықты. Кедейлер бұл сөзге елең ете қалды да, Бейсектің төңірегіне ұйымдаса бастады. Оған ең алғаш серік болған Рамазан Ережепов (1889 — 1938). Туған жерінде Совет өкіметі орнаған күннен партияға кірген Рамазан, кедейлерді партия қатарына тарта бастады, олар партия ячейкасын құрды. Ячейка ауылдағы тап тартысына жетекші боп, үкіметтің, партияның ұрандарын іске асыруға жәрдем берді.

Рамазан, Бейсек, екі Исақмет, Бейсембі, тағы соларға ерген кедейлер, ауылда ашылған сауатсыздықты жою мектебінен хат таныды. Газет, журнал, кітап оқуға әлі келген олар, саяси сауатын да ашып, социализм қоғамын құрудың мән-жайін ұқты, жеке шаруа мен социализм құруға болмайтынын түсінді, сондықтан,1926 жылы сегіз үй артель боп ұйымдасты. Өкімет оларға жәрдем берді...

— Байлар да қарап қалған жоқ — дейтін еді Рамазан марқұм, — олардың: «артель болсаң өзіндік түгін, болмайды, мал да, жан да, төсек-орын, ас-су да, ең аяғы әйелін, де ортақ болады» деген үгітіне кедейлер сеніп, алғаш артельге кірмеді. Бірақ, бұл қашқалақтау ұзаққа созылған жоқ. Алғаш «Мойын қос» аталған сегіз үйлі артель өкіметтен он гектарлық жерге тұқым алды, соқа-сайман алды, сөйтіп сепкен егініміз жақсы шығып, астыққа молықтық та қалдық. Артельден тысқары астықсыз отырған кедейлердің көзі енді қызыға бастады, біртіндеп артельге тартыла бастады...

— Өйтпегенде ше ,дейтін Рамазан, — өзің білесің бұл арадағы 200 үйлі Сыйбанда, советтік дәуірге дейін, Topсаннан басқа егін себетін адам атымен жоқ еді ғой. Астық деген, кедейге ең қат дүние болушы еді. Біздің сегіз үйлі артель алғашқы жылы еккен он гектардан мың бұтқа жақын астық алды. Ендеше, астықсыз отырған кедейлер қалай қызықпас!..

Сегіз үйлі артель жыл сайын молая кеп, ақыры, 1929 жылы колхозға айналды...

Өткен жылдармен салыстырғанда, бұл колхоздың мал шаруашылығы кәзір әлдеқайда молайған, бірақ, көршілес ауқатты колхоздармен салыстырғанда, әлдеқайда төмен. Бұған колхоз басқарушыларының өздері де мойындап, алдағы колхоздармен қатарласуды өздеріне міндет көреді.

Әзірге, бұл колхоздың мақтанышы мал емес, егін. Жоғарыда 1926-жылы құрылған бірінші артельдің он-ақ гектар бидай сепкені айтылды. Кәзір колхоз үш жарым мың гектардай жер себеді. Біз сипаттап отырған жылы, бұл себілген жердің әр гектарынан колхоз орта есеппен тоғыз центнерден алған. Шығымды гектарлар 25 центнерден берген. Колхоз одан да мол енім алуды мақсат етеді, өйткені жағдайында ондай астық алуға мүмкін, кей бір шығымды жылдарда бұл араның гектарына 40 центнерден келеді.

Сібірлік өлкеге жататын бұл араның жері дөңі, ойы араласқан ойпатты келеді. Дөңдеріне, әдетте қайың, терегі, тал, шілігі араласқан қалың орман еседі. Сай-салаларында көлдер көп болады. Ормандардың, көлдердің аралығына керіле біткен кең жазықтардың көлемі, кейде мың гектардан асады. Ол өлкелердің құнарлы қара топырағының қалыңдығы кейде метрге жетеді, ең жұқа жері жарты метр. Осындай жазықта, трактормен жер айдау қандай тамаша!..

Ондай жерлер біз барғанда айдалып та жатыр екен. Жайқалған жалпақ егін даласын, көсілген қалың орманды аралап келе жатсаң, кенет алдыңнан қара мақпалдай құлпырған, о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін егіндік кездесе кетеді. Бұ шетінде тұрып, о шетіне қарай көз жүгіртсең, туырылып жатқан қап қара бораздалар, кең далаға жаба салған қара бұйра қозының өлшеусіз зор сеңсеңіне ұқсайды... Не деген қалың қара топырақ!.. Не деген кең боразда!.. Жыртылған ұшы-қиырсыз бұл даланың болашағына көз жіберсең, алдыңа жайқалған қалың егіннің елесі келеді... Қанша мол қазына ол!..

Бірақ, бұл колхоздың (ол маңайындағы өзге колхоздардың да) жер байлығы „түгел пайдаға асып жатқан жоқ. 37 мың гектар жердің әзірге үш жарым мыңы ғана егін пайдасына асады. Колхозшылардың айтуынша, 20 мыңнан астам жерге әлі соқа тимей тың жатыр. «Шіркін, соның бәрін ексе!» деп арман етеді колхозшылар...

Құнарлы жерге, жаңбырлы жылы шоп те ғажап шығады: дөңесіне — қау, ылдиына — жоңышқа... Колхоздың отыздан астам машинасы тегіс жүріп кетсе, ой мен қырға жүздеген жиі мая тұрғызады... Сонда да кең жердің мол пішенінің мұртын сындыра алмай, қалың шабындығы жабағыдай ұйысқан нелер өлкелер қалып қояды... Жаңбыр болмаса да, ұқыптылық жасаса, бұл араның малы қыс жұтауға тиісті емес, өйткені, ондаған көлдің төңірегіне жайыла шалғын өседі. Кей көлдер жаз құрғап қалады, солардың өн бойы тұнған шабындық. Біздің ауылдың колхозы бұл байлыққа соңғы жылдары көңіл бөліп, өз малынан артылған шөбін, оты тапшы колхоздарға сатып, көп пайда жасайды екен.

Егін шаруасы да, мал шаруасы да көтеріліп келе жатқан бұл колхоз, құрылыс жағына мақтана алмайды. 120 сиырлық бір базаны, колхоз сабан кірпіштен 1951 жылы ғана соққан. Оған дейін барлық малы суық, қолайсыз қораларда тұрып келген. Кәзір де малының көбі сондай қораларда тұрады. Ағаш үй бұл колхозда бірен-саран ғана кездеседі. Өзгелерінікі — терезелері кішкене, еңсесі аласа, іші тар, көбі сәкісіз шым үйлер.

Мектеп бұл колхозда көптен жасап келеді. Соңғы жылдарда он жылдыққа арналған мектептің «қарт мұғалімі» аталатын Хамит ағай Махмутовтың алдынан, осы очеркті жазып отырған, адамнан бастап, ондаған адам шаруашылықтың, өндірістің, мәдениеттің, партия, совет қызметтерінің кадрлары боп, республикамызда тарап жүр. Қазір мектепте он беске жақын жоғарғы білімді мұғалімдер бар.

Колхозда радио да, телефон да, почта да, аз койкалық болғанмен, аурухана да бар...

Мен колхоз басқармасының бірнеше мәжілісінде болдым, бірнеше бригаданы араладым. Сонда көргенім: әр адамның төрешісі социалистік сана. Әр адамның бір ғана мақтанышы бар, ол — Советтік азамат екендігі; әр адамның бір ғана ынталанып атқаратын ісі бар, ол социалистік құрылыс, әр адамның бағасына бір ғана өлшеуіш бар, ол — өнімді адал еңбек...

37 мың гектарлы колхоз жерін, кейде машина, кейде атпен, кейде жаяу, мен түгін де тастамай, түп-түгел сүзіп шықтым. Кең жердің қай түкпірін араласаң да, елмен жарыса есіп келе жатқан өлкені көресің: көп өлкеде жайқалған егін, жыртылған жер, көп өлкеде үйілген маялар, шошақтар, шөмелелер, жиналған итарқалар... Бірақ, бұның бәрі ойдым-ойдым... Солардың арасында орақтың жүзі, соқаның тілі, малдың тұяғы тимеген тұстар толып жатыр...

Туған жер қандай ыстық!.. Оны аралау қандай қызық!.. Уа, туған жер...

VII. «Баян» колхозы

Туған жерді, туған елді жақсы көргеніңмен, оның, кемшілігімен келісуге болмайды. Мен туған ауылдың колхозы, жыл санап ілгері өрлеп келе жатқанымен, әлі алдыңғы қатардан орын ала алған жоқ.

Бірақ, озат колхоздар бұл маңайда жоқ емес. Мысалға, біздің ауылдан алпыс-жетпіс шақырым жерде тұратын, Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданындағы Баян колхозын алайын. Бұл колхоз, біздің ауылдың колхозымен бір кезде ұйымдасты. Жер жағдайлары бірдей. Үй сандары да шамалас. Үкіметтің жәрдемі екеуіне де бірдей беріледі. Сөйте тұра, біздің ауылмен салыстырғанда, Баян қала сияқты көрінеді.

Неліктен бұлай?

Бұл сұраудың жауабын берерден бұрын, Баян колхозының ішкі өміріне үңілейік. Ол үшін Баянмен қашаннан танысқанымды оқушылардың алдына елестете кетейін.

Бұдан 35 жыл бұрын, 1918 жылдың күзінде оқуға түсу үшін, Қызылжарға (Петропавл) сапар шектім. Ол кезде қазіргі Баян колхозының орталығы орнаған жерде бойы биік болмағанмен, жуандығы кісінің құшағы жетпейтін жалғыз қайың тұратын. Қайыңды қоршаған қалың зират еді...

...1930 жыл. Мезгіл — майдың аяғы.

Оқудың, қызметтің жағдайларымен туған елден ұзап шығып, сағынған елді көруге демалысқа келем, астымда автомобиль.

«Әр кімнің өз туған жері ыстық» деседі. Ол рас. Бірақ, туған жер болғандығынан ғана емес, мен туған өлкенің көктем айларында көз тіккен адамның делебесін қоздырарлық аса бір көркемдіктер, дем тартқанда жанды рахаттандыратын аса ләззатті бір лептері болады: ерсілі-қарсылы ырғалып теңселген шалғынның арасынан әлдене түсті гүлдер жарқ-жұрқ көрінеді де жасырынады, жасырынады да көрінеді; теңселе толқыған тоты түсті қалың шалғынның қай жағына көз тіксең де, алыстаған сайын көмескіленіп, арғы шеті сай-салада ирелеңдей толқыған көгілдір сағым, сағымның аржағы сирек ақша бұлтты аспанмен тұтасып кетеді; сол айнала толқыған сағымның бейнесіне қарап тұрсаң, төңірегінде шоқтала өскен ормандар, я, әлдеқайда отырған ауылдар теңіз үстінде қалқып, өзіңе қарай келе жатқан сияқтанады; көзіңе не шалынса, соның бәрі жұпар бүріккендей, қоңыр самалды ауадан жаныңның ләззаттанатыны сондай, — демді үнемі ішке тартуды тілейсің сыртқа дем жібергенде өкінгендей боласың...

Туған өлкенің осындай бір аса көркемденетін шағында келе жатырмын. Маршрутым: Бескөл, Надеженка, Боголюбов, Өрнек, Алтай-Мұрат, Қоржынкөл, Жекекөл, Майбалық, өз ауылым.

Коржынкөлдің (Спасовка) «Г» әрпіне ұқсас көшесін батысқа қарай жарып өткеннен кейін, менің есіме Баян дөңі түсті. Ол — алдымызда сонау сағымданып көрінген орманның, аржағында. Сол маңайдан хат жазып тұратын бір жолдасымның хабарынша, Баян дөңіне, өткен күз тұрғын елден ұйымдасқан бір ауыл шаруашылық артелі, осы жылдың көктемінен бастап қоныс салмақ.

Баян дөңінің бергі беті — қалың қара ағаш. Сол ағаштан арғы ашыққа шыға келгенімізде, алдымызда сағымдана дөңкиген дөңнің жан-жағынан үстіне шұбай шығып жатқан көп арбаларды, үстінде ерсілі-қарсылы ағылған көліктер мен адамдарды көрдік. Жел алдымыздан еді, шақ-шұқ шапқан ағаштардың дауысы естіледі, күнге шағылысқан балталардың, жарқылдары көрінеді.

Дөңге жақындасақ, шұбаған көліктердің тасығандары құрылыс саймандары, әсіресе, ағаштар. Деңге шықсақ, баяғы, өзім бұдан он екі жыл бұрын көретін «Баян бейітін» ортадағы алапқа бастап, шығыстан батысқа қарай көсіле біткен дөңнің қырқа жонын бойлап, ортасы көшелене, бірнеше ағаш үйдің іргелері көтеріліп қапты, бірнеше ағаш үйдің саймандары, болашақ жұрттың орындарына үйіліпті. Салынып жатқан да, салынғалы жатқан да ағаш үйлердің қастарында шошайып бір-бір қараша кигіз үйлер тұр.

Біз жұрттың көбіректеу жиналған бір тұсына тоқтай қалдық. Сол арада, ақ көбігі шығып, бүйірлерін соға ентіккен, тарантасқа жегілген аттар тұр. Тарантастың тоқыма кең қорабында екі жас жігіт отыр, өзге топ соларды қоршапты.

Машина көп тоқтаған соң топтың көңілі бізге бөлінді. Тарантастан түсіп екі жас жігіт де келді: біреуі, — қалың қабақты, дөңгелек кескінді, қара торы, біреуі, — қыр мұрынды, ашық өңді аққұба. Жөн сұрассақ, қара торы — артельдің председателі Исабай Камен екен, аққұба артельдің есепшісі Сексембай Тұралин екен.

Қазекеңнің жолаушы көрсе «дәм тат» дейтін әдеті. Жеңіліскен соң-ақ:

— Қане, Исабай, біздікіне апар, бұл кісілерді, — деді, түрі Исабайға ұқсастау, шоқша сақалды адам.

«Мұнысы кім?» дегендей, біз оған қарап ек:

— Анау Исабайдың мен әкесімін, — деді қарт, — атым — Қалы.

Қасында ағаш үй қиылып жатқан кигіз үйге бізбен бірге Исабай, Қалы, Сексембай және бірнеше адам кірді.

Артель жайын сұрастырғанда, сөзуар Қалы жауапты өзгесінен гөрі бұрынырақ айтып қалады:

— Бұл артельдің аты «Баян»- — дейді Қалы, — осы дөңнің аты Баян еді де, қазақтың «Баян», «Баянды болсын» и ген сөздері жақсы сөздер ғой. Жақсы тілеумен ұйымдасқан соң, артеліміз баянды болсын деп, атын «Баян» қойып ек те.

— Үй сандарыңыз қанша?

— Елуге жақын бар ғой деймін, балалар, ә!

— Қырық сегіз, — деді Исабай. — маңайдағы өзге артельдердің біразы осында қосылмақ.

— Кимелей берді деп сөкпе, шырағым, — деді Қалы. Мына балаларға енді көшіп жүруді қойып, біржола ірге тебеміз дейсіңдер ғой. Өйтетін болсаңдар, қоқырсып шым үйде отырмай, айта қарарлықтай ғып, үй басы бір-бір ағаш іш қиғызыңдар — дедім. Балалар: «Оны істер ек, әзірге күшіміз келе ме», деп еді, «өкіметтің өзі емес пе, жақсы тұр деп жатқан, — дедім мен, — қарызға болса да ақша сұрамайсыңдар ма?» Айтқаным келді, сұраған екен, Сексембай шырағым айтып жіберші, немене деп еңдер өкіметтің берген ақшасын?

Кредит, — деді Сексембай жымиып.

Ия, сол — деді Қалы, — онымен де қоймай, ағаш та беріп жатыр өкімет, тебе жабатын қаңылтыр да, шеге, шыны да беріп жатыр. Өкімет сұрағаннан тартынып жатқан жоқ. Сонымен, не керек, мақтанды десең де айтайын, шырағым, кешегі байлар заманында, байдың байы-ақ отыратын еді ағаш үйде, енді, міне, артельдің барлық мүшесі бір-бір ағаш үй қиғызып жатыр.

Артель сол жылы 50 гектар ғана егін сепкен екен. Он бес шақты өгіз, жиырма шақты аттан басқа, ортақтасқан мал жоқ екен. Мәдениет орнынан — сол жылы бастауыш мектепте 4 бөлмелі ғана үй салынады екен.

Жас «Баян» артелінің, оқтай түзу, кең көшесінің, екі бетінде кейінің іргесі қаланып, кейінікі қаланбаған ылғи ағаш үйлерді түгел аралап шықтық. Көше бұдан 12 жыл бұрын көретін қамысы ортасына сақыйналана біткен, суы жалтыр, түбі қайраң, жары биік Маса-көлінің жағасына созыла тартылған екен. Қайталап айтайық: көшенің нақ ортасындағы алапта, бұтағы қалың жуан жалғыз қайың шыққан «Баянның бейіті».

Қайыңның қасына, «Баян бейітінің» басына кеп тұрып бұдан 12 жыл бұрын, жаңбырлы күзде, осы ағаштың панасы жетпей жаураған қойларды еске түсірдік. Сондағы қой кезегін баққан бала кәзіргі колхоздың есепшісі және комсомол ячейкасының секретары Сексембай Тұралин екен.

— Бұл артельдің атын «Баян» қоюға себепші болғандар, әсіресе, әйелдер, — дейді Семсембай, — олар Баян баяғы заманда арманда өлген, сол кездегі күң әйелді біздің өкімет теңдікке жеткізді, Баян сияқты армандылардың көз жасы далаға кеткен жоқ, ендеше, Баян қоямыз артель атын деп шуласты. Солардың, ұсынысын қабылдадық...

— Енді уәде былай болсын, қонақ жолдас, — деді Сексембай Тұралин маған, — біз осы артельді мәдениетті, бай колхозға айналдыруға тырысайық. Сіз енді төрт-бес жыл¬да тағы бір келіңіз, соған дейін ойдағыны орындай алмасақ, жамандап жазуға біз шыдадық.

— Болсын, келем!

* * *

Уақытты метрмен өлшегендей-ақ, мен Баянға осыдан кейін, тағы да он екі жыл өткен соң, 1942 жылдың күзінде соқтым. Бірақ, бұл күз, бұдан 23 жыл бұрын осы арада кездесетін күздей жаңбырлы емес, қоңырсыған құрғақ салқынды, төңіректегі ағаштардың жапырағы да, жол жиегіндегі ұшырасатын егіндер де сарғайған «алтын» деп атарлық күз.

Мезгіл жағдайы айтпай-ақ мәлім: Ұлы Отан соғысы қызуда. Отанның бар күші, жауды тойтаруға, жеңіп қашыруға, жойып жоғалтуға кетіп жатыр.

Баянға мен ылау атпен келем, Қасымда, Тау-ағаш колхозында баласы мұғалім боп отырған Аткелдір дейтін маған туыс бір шал.

Ол Баянды Тау-ағаштан шыға-ақ мақтады.

— Керемет бай колхоз, — деп көтермеледі ол Баянды, құрылысы да тамаша! Көшесіне кіргенде көрерсің. Мына шетінен ана шетіне дейін, көшелерінің өнбойы түп-түгел ағаш үй. Астығы да орасан шығып тұр өзінің жыл сайын.

Біз Баянға кіргенде, ымырт жабылған еді, бірақ, ай сүттей жарық.

Көшенің шетінен кіре, «Аткелтірдің сөзі рас екен-ау» — деп ойладым ішімнен. Ленинградтың проспектілері сияқтанған тұп-тура кеп-кең, арғы шетін күңгірттенген түнгі аспанның жиегімен тұтасып жатқан көше!..

Көшені бойлай біраз жүріп кеп, бұрыла екінші бір көшеге түссек о да манағыдай!.. Аткелтір айтқандай бұл колхоздың көшелерінде, мыжырайған шым үй кездеспейді, — бәрі — еңсесі көтеріңкі ағаш үйлер!.. Жан-жағына қарасаң, расында бұдан он шақты жыл бұрын ғана іргесін қалаған ауыл сияқты емес. Көп заманнан орныққан байсалды шаһар сияқты. Қай үйге барсаң да, бойы өсе, кербездене қарайды.

Сұрастыра кеп, колхоздың председателі егін басында екенін білген соң, серігімді оның үйіне орналастырдым да соған тарттым.

Жол жосылып жүк тартқан көлік.

— Бұл не? — десең, бәрінің берер жауабы біреу-ақ:

— Астық.

— Қайда апарасыңдар?

— Мәкөшінге.

— Бұл колхоздың, — дейді менің бастаушым, — екі жүк машинасы бар еді, оларды армияға бердік. Ендігі транспорт — өгіз.

— Көп пе еді колхозда өгіз?

— 50 пар. Бәрі де қу мүйіз атан өгіздер.

Жол қалың егіннің арасынан кеп килікті. Ай аса жарық. Егер қараңғы болса, біз аралап келе жатқан егінді көлдің қамысы деп ойларлық. Не деген биік, қалын. егін!..

Әлдеқайдағы өлкенің бүйірін солқылдатқан трактор даусын, біз ауылда-ақ естіп: «уаһ, мынау «ЧТЗ» екен!» дегеміз.

— О неғып жүр? — дегенде, бастаушым:

— Комбайн сүйреп жүр, — деген.

Біз жақындаған сайын «ЧТЗ-ның» күрілі күшейе түсті.

Сонау бір қарауытқан орманның бергі бауырында демінен ұшқын бүріккен трактор мен комбайнның қарауытып өздері де көрінді... Оларға тура тартуға алдымыз тірелген егін.

Жол бізді егін арасымен орманның қойнауына сырғауылдан кертелеп салған, төбесіне қоян жондап сабан жапқан ұзыннан-ұзақ, маңайы егінге керекті сайманға толып, бензин сасыған сарайға алып келді.

Жақындаған еркекті айдың жарығымен тани кеттім: ана жылы көретін қарт Қалы. Жөн сұрасып амандасқаннан кейін:

— Бала-шаға ер жеткен соң, мен жұмыстан қалып едім, — дейді қарт, — өзін, білетін Исабай райкомның қызметінде. Өзге балалар әскерде. Біздің колхоздан жауға қарсы көп жігіттер кетті. Ауылдағы жұмыстың ауыртпалығы бала-шағаға, қатын-қалашқа, біз сияқты кәрі-құртаңға түскен соң, үйде отыруға ұялып, мен де жұмысқа шығып, белімнің бір шойырылмасы болған соң, ауыр жұмысқа жарамай, осы керосин күзетінде тұрмын.

— Қоста кім бар?

— Жан адам жоқ. Жұрт қазір көздерінің шырымын кезекпен ғана алады да, ұйқыдан көзі ашылса, жұмыстан қол үзбейді Осы жұмыс істелмесе, егін жинала ма, егін жыйналмаса, жау жеңіле ме?

— Рас, ақсақал.

Біз комбайн жаққа кеттік. Жолда салт жолыққан колхоз председателі — Хажымұратты ерте кеттік.

Комбайн бір өлкені орып тауысып, тағы бір жалпақ егінді жағалап кеткен екен, гүрілдеген дауысы ғана естіледі, тұрбасынан шашыраған ұшқын ғана көрінеді, өзі көрінбейді.

— Алыстап кетті, — деді Хажымұрат, — осы арада 120 гектар тұтас массив бар еді, соны орап кетті, қуып жете алмаспыз, оралуын тосайық.

Комбайн жағалап кеткен егіннің шетіне түсіп, арасына кірсек, ауыр бастары қаздың мойнындай иілген бидайлардың сабағы кішігірім адамның бойынан асады екен.

— Неше центнерден береді, мұның гектары?- — деп сұрадық Хажымұраттан.

— 25-тен айналып тур.

— Шығымды екен.

— Одан да артық күтіп ек, бұл залокке сепкен егін еді, дәл керек шағында жаңбыр кемірек жауып, ойдағыдай болмады.

— Ойдағыдай болса қалай болар еді?

38-жылы осындай жер 45-50 центнерден берді ғой.

— Барлық eгic көлемдерің қанша еді?

— Бір мың сегіз жүздей.

— Өкіметке қанша бермексіңдер?

— Жиырма мың центнердей.

— Еңбеккүнге қанша жоспарлап отырсыздар?

— Күніне бес килодан келеді ғой деймін...

Комбайн оралғанша, колхоздың жалпы жәйін кеңестік.

— Баянды бүкіл Қазақстан колхоздарының маңдай алдына таластырамыз ба деген ойымыз бар еді, соғыс бөгейтін болды, — деді Хажымұрат, комбайн жақындаған соң, сөзін жинап айтып, — қолғанат болар жігіт аз, тәжрибеге сүйенгенім болмаса, өзім оқымаған қараңғы жігіт ем, бай колхозды жақсылап басқара алсам жарар еді.

* * *

Преснов аудандық партия Комитетінің секретары Владимир Андреевич Васин жолдаспен мен 1946 жылдың август айының аяғында кабинетінде, аудандағы МТС директорларымен мәслихаттасып отырғанда кездестім. Мәселе астық жинаудың барысы туралы екен.

— Көктемде жаңбыр көңілдегідей болмағандықтан, — дейді Владимир Андреевич, — -астық биыл ойдағыдай шықпады. Орташа шыққан астықты жинауға кіріскенімізге 10 шақты күн өткенмен, біраз колхозда биыл салақтық болып отыр. Ташкент, Алматы, Семей, Омбы, Челябі сияқты бізді қоршаған бірнеше қалалардағы метеорологиялық станциялардың хабарлауына қарағанда, алдымыздағы сентябрьдің, бесінен әрі, әлденеше күнге тұтасқан жаңбыр болмақ, соған дейін егінді шауып үлгеруіміз керек. Кейбір колхоз соққан астығын қайда сақтауды да еске алған жоқ. Астық сақтауда Баян колхозын үлгіге тартуға болады: оның председателі Тұралин Сексембай жолдас, жабық қырманды жаз бойы даярлатып, қазір соғылған астығын дымнан аман сақтауға даяр отыр. Еңбек жақсы ұйымдасқан колхоздың егін жинау, астық тапсыру жағы да жақсы, бұл жөннен де Баянды мысалға алуға болады.

Маслихат біте, кабинетте Владимир Андреевич екеуміз ғана қалдық. Ол өзі көркем әдебиетті де көп оқыған, жазушыларға бірсыпыра тілегі де бар адам екен.

— Бүгін одақтық Орталық Партия Комитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы қаулысын оқыдым, — деп бір қойды, Владимир Андреевич, маған жымия қарап, — қазіргі заман темасына жазылған көркем шығарма азы рас. Ауыз толтыра сипаттайтын колхоздар көп, мәселен, біздің Баян...

Баян жайын Владимир Андреевич көп және мақтай сөйледі.

— Біздің ауданның жігіттері өзара қалжыңдасқанда, — деді ол, — Пресновканы «Москва» дейді де, Баянды — «Ленинград» дейді. Аудан көлемінде, құрылыс, мәдениет жағынан, Пресновкадан соң, Баянға таласатыны жоғы рас. Бұдан он алты жыл бұрын жап-жалаңаш тұратын дөңде, аз жылда осындай көркем қала өссе, ол туралы неге жазбасқа!..

Васин жолдаспен Баянға баруға келістік.

— Сіз оның қазіргі күйіне ғана емес, алдағы жаңа бесжылдықта қалай өркендеуіне де көңіл бөліңіз, — деді Владимир Андреевич, — колхоз бесжылдық жоспарын жуырда басқарма мәжілісінде бекітіпті, жақында аудандық атқару комитетінің президиумында қаралады. Баянның председателі Сексембай Тұралин деген жолдас, ақылды, шаруаны аса жақсы білетін жігіт...

Сұрастырсам, бұл Тұралин, өзім білетін Тұралин боп шықты. Ол 1942 жылдың аяғында тіленіп армияға кетіп, оң қолынан кемтар боп, 1944 жылдың көктемінде келіпті. Содан кейін ол, аз күн аудандық атқару комитетінде істеп, Баян колхозының председателі Үмітбаев Хажымұрат ауысқан соң колхозшылардың сайлауымен Баянға председатель болыпты.

Баянға біз сентябрьдің алтысы күні түнде келдік. Бүгінгі Баян — ұзын, тік, кең көшелі, жаппай ағаш үйлі!..

Бір көшені бойлап кеп, үш көшені тұтастыратын алапты жарып өттік. Кең алаптың бір бүйіріне шұбалта салған өзіме мәлім астық сарайының алдында, жағылған фонарьлардың жарығынан бірнеше жүк машинаға астық тиеп жатқандар көрінеді. Бұрылып бардық. Сексембай Тұралин бізді тани кетті. Қасында Исабай Қалин де жүр.

— Сен қайда едің, Исабай?

— Мен осы Баян советінде председательмін.

— Өкіметке биыл жеті мың жарым центнер астық бермек ек, — дейді Сексембай, — ол астықты станцияға жеткізуді Мамлютканың авто-колоннасы мойнына алған еді, мынау артып жатқандар солар.

Бес-алты жүк машинасы сарайдағы бидайды еңсеріп алып кетті. Сол кезде, бір көшенің өн-бойын тұтас алған, бричкаларға парланып жегілген, шаңырақ мүйіз, атан түйедей өгіздердің де алды сарайға кеп тірелді. Бұлар қырманнан астық тартып әкелгендер екен.

— Неше пар барлығы?

— Жиырма бес.

Кеңсеге кеп колхоз жайын сөйлескенде, Сексембай Тұралин колхоздың биылғы күйін соғыстың алдындағы — 1940 жылмен салыстыра айтады: ол жылы 1818 гектар еккен едік, биыл 1925 гектар; ол жылы 13 370 центнер астық алып ек, биыл 18 188 центнер астық аламыз; ол жылы өкіметке 6 111 центнер астық беріп ек, биыл — 7 114 центнер береміз; ол жылы жұмыс өгізі 80 еді биыл — 150, ол жылы МТФ да 170 сиыр бар еді, биыл — 204; жылқы 70 еді, биыл 130; қой ол жылы 560 еді, биыл — 850...

Колхоздың бесжылдық планымен таныстық. 1950 жылы — 2 500 гектар егін, 4 000 гектар шеп себіледі, сиыр басы 50 процент, жылқы — 61 процент, қой — 108 процент еседі; 400 тауықты, 200 қазды құс фермасы болады, ара¬ның 40 ұясы жасалады...

— Біз енді алманы Алматыға барып қана жемейміз,- дейді Сексембай жымиып — Мичуриннің алма ағаштары біздің жаққа да келді, Мамлютканың тәжрибе станциясы алманы есіріп жеп отыр. Алдағы жылдан бастап біз де егеміз, 1950 жылы бізде 5 гектар алма бағы болады.

1942 жылы барғанда, Баянный, сонша көркем түріне жарасымсыз жалғыз ғана зат бар-ды, ол — мектебі. Мектептің үйі екі-ақ бөлме екен.

Енді 1946 жылы келсек колхоз, қарағайдан 18 бөлмелі үй салдырып жатыр екен, саймандары түгел, октябрьде бітпек, сол үй бітісімен, 7 класты мектеп онжылдыққа айналмақ, мектеп қасында 60 балалық интернат болмақ.

Мектептің мұғалімі он төрт екен. Солардың ішінде ең қарты — совет мектебіне 26 жыл қызмет атқарған, 52 жастағы Хаким Иманов.

— Мектептің жаңа үйі салынғанға қуаныштымыз, — дейді Тастамбек, күлімсірей сөйлеп, — бірақ, осы колхозда клуб жоқ, колхозда елуден аса комсомол бармыз. Өзге жастар да көп. Олар бос уақытын мәдениетті орында өткізгісі келеді.

— Бізді салақсымасын деп айтып тұр мұғалім, — дейді Сексембай, — әйтпесе, алдағы жылда қарағайдан қиғызып, кең залды клуб салуды жоспарлағанымыз өзіңе мәлім, сонда кітапхана да, физкультура, шахмат бөлмелері де болмақ, кино аппарат орнатылмақ.

Ол күнгі кеңесті сонымен аяқтап, түнде дем алдық та, ертеңіне бай колхоз Баянның мал жайылған, егін себілген өлкелерін аралауға аттандық.

* * *

1952 жылдың жазында барсақ, Баян колхозы, социалистік құрылыстың тағы бір биік сатысына шығыпты: колхозда жүз киловат-сағат күші бар электр станциясы орнапты.

Баянда әлі де председательдің қызмет атқарып келе жатқан Семсембай Тұралин жолдастың айтуынша, колхоздың егін соғу, қой қырқу, ұсталық істерін атқару сияқты жұмыстары электр күшімен бітеді екен.

Колхоздың ана жылы барғанда салуға ниет қана етіп жүрген клубы, қазір қызметін атқарып жатыр екен. Электр жарығына бөленген сәнді клубта кешке болған жиналыста, ХІХ-партия съезінің материалдары талқыланған еді. Сонда, коммунизм туралы сөз болғанда, жүзге жақындаған бір қарт сөйлеп:

— Аз жылдық қана өмірім қалды менің — деді сезімі толқыған дауыспен, — бірақ мен көрем оны. Көруіме куә, — деді ол төбеде жарқырай жанған электрлік зор лампаны дірілдеген қолымен нұсқап, — соно-оу сәуле!.. оның қалай жанатындығына менің ақылым жетпейді. Менің ақылым жететіні, — осы шамды бізге Ленин жіберді, Ленин жолымен жүрушілер жіберді!..

Баян колхозы осындай!.. Оны көргенде, өзімнің туған аулымның да, басқа ауылдардың да колхоздары осылай болса екен деп тілеймін.

Олар солай болады да. Оған Коммунистік партияның Ленин жолынан аумай ілгері ерлейтін қырағы басшылығы кепіл...

VII. Сәлем, Омбы!

Баяннан әрі, біз Қызылжарға бардық. Ол қаланы менің шексіз сүйетінім және неге солай сүйетінім, оқушыларға бірнеше шығармамнан белгілі.

Сүйген Қызылжарға мен қуана кіріп, құмарлана амандастым. Аз күн тұрғанда, оның ой-қырынан араламаған жерім жоқ. Сонда, экономикасының, үйлер санының халқының бұрынғыдан әлдеқайда есуіне қуана отыра, бір мәселеде ренжідім, ол, — қаланың далия кеңуі болмаса, көркемдік жағынан жөнді еспеуі...

Далию жағынан, қала мейлінше созылып баққан: батыс жағында бұрын «Меновой двор» аталатын сауда-саттық сарайлары, қаладан оғаш, ашық дала еді, қазір қала, «Меновой двормен» тұтасыпты да, одан әрі өрбіп, километрден аса жердегі Есілдің жағасынан аса құлапты; бұрын, қаланың солтүстік жағында, қала мен вокзалдың арасында екі километрдей жалаңаш жер болушы еді, кәзір, ол ара да үйге толыпты; теріскей-шығыс аралығында, төрт-бес километрдей оғаш тұратын ет комбинаты да кәзір қаланың мол ішіне кіріпті; шығыс жақтағы оңаша моланы, қала орап әкетіпті... Соның бәрін тұтас алғанда, қала бұрынғысынан екі-үш рет кеңіген... Ал, көркемдігін алғанда — баяғы қалпы: әр жерде салынған мектептер мен жаңа заводтардың төңірегіне топталған азғантай жилкомбинаттар болмаса, тұрғын халыққа салынған бір де кең, көркем, биік үй жоқ, бары — тапырайған кішкене үйшіктер.

Қаланы жасылдандыру жұмысын қалалық Совет бастаған да, аяқтамай тастаған: көшелерге бертінде тігілген шыбықтар күтімсіздіктен өспей қапты, қала ортасын көріктендіріп тұратын «Шала қазақ бақшасы» кесіліп, жалаңаштанып қалыпты.

Асфальт қаланың бірер көшесінде ғана бар, тротуардың көбі әлі баяғыдай, тозған тақтай, кеп көшеде ол да жоқ. Кеше атаулының жүзден тоқсан бесіне тас төселмелі, сондықтан жауынды күндері жүрген машиналар қазып, ор ғып тастаған, ондай көшелерден дымқос уақытта і.илік те, адам да жылжи алмайды. Кейбір көшелердің бойы терең жыраға айналып кетіпті. Қалада транспорт нашар: троллейбус жоқ, автобустар сирек жүреді және атам-заманғы ескі, сәнсіз, кішкене машиналар, такси азғантай, бары тозған... Қалалық Советтің тұрғын халыққа жасамақ болған бір «жақсылығы» — вокзалдан басталған проспектіні бойлай, орталыққа дейін поезд жүргізу. Бұл «жақсылықтың» тұрпайылығын былай қойғанда, пайда орнына залал: көп көшені жара салынған темір жолдың бойында, анда-санда ғана көлік пен кісі өтетін көпір бар, көп көше өткелсіз, темір жолға тіреліп тұр, соның салдарынан, «құрмалдықтар» да жиі кездеседі екен...

Қасында Есіл сияқты қуатты өзені бола тұра, бұл қалада, көшелерге және үйлерге дұрыс жарық беретін электр станциясы жоқ... Көп көшелер түн мезгілінде қап-қараңғы...

Бұның бәрі не қаражат, не жағдай жоқтықтан емес, қалалық Советтің қызмет істей білмеуінен. Қалалық Советі қызмет істей білетін қалалар қандай тамаша!.. Мысалы — Омбы.

Қызылжардан Омбыға қарай біз темір жол бойын қуа жүрдік. Бұл екі арада, қазақша Жолды-өзек аталатын саян, жатады. Оның өнбойында Шұбар аталатын қайыңды шоқ ағаштар, жиегі қамысты шалқар көлдер көп. Көлдердің маңайы, әдетте, сортаңды, ащылы келеді.

Грейдерлі жол, біздің бағымызға құрғақ болды. Қызылжар мен Омбының арасы 280 километр. Сағатына 60- 70 тен алып отыратын «Победаға» ол қанша жер!..

Омбыға жақындаған сайын, оны тезірек көргім кеп, жүрегім алып-ұшып барады...

Өйтпегенде ше!..

Мен оған екінші рет, аттай 34 жылдан кейін келе жатырмын. Бірінші рет, мен оған, 1918 жылдың күзінде, карлы жаңбыр құйып тұрған шақта, вагонның төбесіне мініп барғаным, бара-сала баспана таба алмай сандалғаным, қыс бойы «қайыршылықпен» күн кешкенім, оқушы көпшілікке мәлім.

Одан 34 жыл кейін, мен Омбыға, советтің тең праволы азаматының бірі болып, совет жазушыларының бірі боп, жұмсақ та, жылы да, жүйрік те «Победамен» келе жатырмын.

Әне, Омбы көрінді де!.. Сәлем, Омбы!..

Біз оған Коломзин станциясы жағынан кеп кірдік. Кең Ертістен паромдарға отырғызылған ағаш көпірден өттік.

Омбыға біз кірдік те. Мен өз көзіме өзім сенбеуге айналдым!.. Бұл — мен бұдан 34 жыл бұрын көрмеген Омбы сияқты...

Бұрын, алшақтығы он километрден вокзал мен қаланың екі арасында, тұрғын жұрт овощ салатын немесе тұсаулы ат, арқандаулы сиыр мен бұзау оттайтын кең көгал болушы еді. Қазір ол екі ара тұтасып, кең көшелі көркем, биік үйлерге толып кеткен!..

Бұрын трамвай деген болмаушы еді, қазір олар көшелерді бойлай, ерсілі-қарсылы ағылып жатыр! 1918 жылы қыстай тұрып, мен Омбының көшесінде, автомобильдің ешбір түрін де көрген жоқ едім. «Ол, тек Колчакта ғана бар» деп еститін ек, көзіміз көрмейтін еді; «Неге көрінбейді?» деген сұрауға, «көзге түссем покушениеге ұшыраймын деп, Колчак қорқады» дейтін еді... Енді, әр марқалы автомашиналар тынымсыз ағылып, көшелерге әрең сыяды!..

Нақ Омбының өзі қайдан басталатынын шамалай алмаған біз, жолда тоқтап, әлдекімнен білмек боп ек, ол «қайдан келген адамсыңдар?» дегендей бізге одырая бір қарап алды да:

— Омбының шеті вокзалдық аржағында бес-алты шақырымнан басталмай ма? — деді күліп, — айта берсең, — деді ол күле түсіп, — Ертістен өтіп, Коломзиннен де әрі кетпей ме?..

Жүріп келе жатып тани кеттім: баяғыда, қаланың вокзал жақ шетінде тұратын және көп қойдың ішіндегі түйедей сорайып, Омбының, сол тұстағы аласа ағаш үйлерінен оғаш тұратын «Омбы темір жолының басқармасы», кәзір маңайындағы биік үйлермен теңдесіп қатар тұр...

Омбы — Дөң-қала, Ой-қала боп екіге бөлінеді. Екі қаланы ортасынан жара аққан, орысша Омь, қазақша Омбы аталатын өзен, бүйірінен барып Ертіске қосылады.

Омбы қаласы 1714 жылы Улы Петрдің бұйрығымен орнаған қала ғой. Тарихи деректерде қала әуелі қорған болып, Омбы өзенінің Ертіске құйылатын теріскей жақ жарқабағына салынған екен. Бұл қорған (крепость) XIX ғасырдың аяғына дейін жасап, Сібірге жер аударылған саяси қылмыстылардың, айлап, жылдап қамалып жататын абақтысы болған. Атақты жазушы Федор Михайлович Достоевский осы қорғанның ішінде тұтқын боп отырған. Қорғанның кең ауласы біздің ғасырда бұзылып, кәзір тек кірер биік қақпасы мен жеке корпустары ғана сақталыпты...

ХІХ-ғасырдың орта кезінде, Омбыда тұрған суретші Гонттан сақталған бояулы бір суретте, қорғанның төңірегі қарағайлы жыныс орман екен. Онда аю, қасқырлар көп болады деген лақаппен, қарулы әскерден басқа жан ішіне кірмейді екен...

Өткен ғасырдың екінші жартысына дейін, Дөң-қала жақта қорғаннан басқа тұрғын үйлер болмаған. Қазір ол Жақ үлкен де, көркем де қала боп кетіпті...

Ой-қалада, Омбы өзеніне барып тірелетін «Дворцовый проспект» атты қысқа, орталық көше болатын. Екі-үш этажды үйлер Ой-қалада соның бойында ғана тұратын. Бір орамды тұтас алған, төрт этажды бұрынғы кадет корпусы да сонда.

Көшенің «Дворцовый» аталатын себебі — ХІХ-ғасырдың елуінші жылдарында, Батыс-Сібірдің генерал-губернаторы боп қызмет атқарған Горфорд, осы көшедегі кең алапқа үй салдырып, бір жағын кеңсе, бір жағын пәтер жасайды. Мақтаншақ, баққұмар Горфорд, бұл үйдің ішін де, сыртын да Романовтардың Петербуртегі қысқы сарайына ұқсатпақ болады... Бірақ оған архитектор, ақша қайда, материал қайда?

Дегенмен, шама-шарқынша, Қысы сарайға бұл үйдің өзін болмағанмен, елесін ұқсатқан Госфорд, «Сарайға» санап оның көшесіне де, алабына да «сарайлық» (Дворцовый) деген ат қояды.

Қазір қалалық музей болған бұл үй, патша сарайына теңеспегенмен, провинциялық қалалардағы көркем үйлердің бірі. Оның мүліктерінің де көбі сақталған. Соларға қарағанда, генерал-губернаторлар да аса салтанатты тұрған.

Ой-қаланың қазіргі сәні, бұрын «Дворцовый», кәзір Ленин көшесі аталатын азғантай ғана жерінде емес, ен бойының бәрінде. Онда кәзір советтік дәуірде ғана салынған биік көркем үйлердің сәнді көшелері толып жатыр!..

Бұрынғы Кадет корпусының үйі, кәзір Фрунзе атындағы Қызыл тулы жаяу әскер училищесі екен. Омбыға менің барудағы мақсатым — Шоқан Уәлиханов туралы материал іздеу ғой. Ол оқыған кадет корпусы — ең қымбат материалдық бірі. Сондықтан, мен, корпустың архивымен де, үй-жайымен де толық таныстым. Оған қосымша, кәзіргі училищенің начальнигі, генерал-майор Лиленков жолдас маған корпустың жүз жылдық юбилейіне арналып шыққан (1913 жылы) қалың кітапты сыйлады. Сондағы мәліметтер мен фотоларға қарағанда, корпус мәдениетті әскери мектеп болғанға ұқсайды.

Қаланың біз сыртымен де таныстық, әсіресе — Сібірлік Академияның тәжрибе станцияларымен. Маған сонда ерекше көрінген асыл тұқымды малдары да емес, ғылымға көп жаңалық қосқан егістері де емес, жатаған өскен алма ағаштары мен шытырман боп өскен жүзімдері!..

Алматыда, немесе сол сияқты күнгейлік өлкелерде алма жемісінің қадыры жоқ, өйткені, ол көп те, арзан да... Оның күтімі қымбатқа түспейді...

Ал, Сібірде ше?.. Әсіресе, — Омбыда?..

Биология ғылымның алыбы Иван Владимирович Мичурин алманың, тағы сондай жемістердің Сібірде осу әдісін де тапқан. Бірақ, бұл аса қиындыққа түсетін өсіру екен. Соны көргенде, адам баласының ойға алғанын істемей қоймайтындығына қайран қаласың.

Жүзім — Алматыға бертінде келген қонақ. Оның ата мекені — Орта Азия және одан әрі күнгейге қарай. Онда жиілігі тізген маржандай боп, жуандығы қос жұдырықтай боп өсетін әр түсті жүзімдердің,, Омбыдағы жеміс бақшасында өскен шытырман арасынан бірен-саран боп көздері ғана жылтырайды. Адамға оның көбінен, сондай азы таңсық екен. Күнгей жақтан жүзімнің қалың жынысын аралап жүріп, аузыңа бірін салмасаң, Омбы бақшасында әрқайсысын татқың келеді. Татып көрсең, дәмі қышқыл.

— Неге? — десең.

— Күн сәулесі аздықтан, — дейді бақшашы.

Бірақ көп тата алмайсың ол жүзімдерді. Татуыңа жетпейді. Және олар тату, не жеу үшін емес, сол арада өсуге мүмкіндігі барлығын дәлелдеу үшін ғана өсіп тұр. Сондықтан да өсірушілері, ол жүзімді өте сақ бағып, айналасына, шығыршықпен сымға байлаған қабаған иттерді, жүгіртіп қойыпты. Жат адамның исін сезсе-ақ олар дүрліге шабаланып, орманды даланы бастарына көгереді...

Біздің Отанның қай жеріне барсаң да, халықтар достығының бір ғана қалпын көресің — ол әр кезде достық құшағын жайып қарсы алу...

Бізді де Омбы солай қарсы алды. Обкомның бірінші секретары Лебедев жолдастан бастап, облыстық архивтің директоры Клеткинге дейін, қажетті жәрдемінен тартынған жоқ. Әркім өз туған жерінің патриоты. Омбылық жолдастар да сол мінезін көрсетіп, қаланың бойында бар жақсының бәрін көрсетуге тырысты. Біз де оларды көруге тырыстық. Бірақ, он шақты күнде қанша дүниені көріп үлгересің!..

Одан көп жатуға уақыт мүмкіндік бермей, оң шақты күннен кейін, мен Павлодар жаққа жүріп кеттім.

Жол көрсетпек боп, біздің бірнеше достар, машинамен қаладан он бес, жиырма километрдей шығарып салды. Олармен қоштасқаннан кейін, артымызда үйлері ағараңдаған көркем Омбы, қолын бұлғап шақырғандай боп тұр екен. Қайта оралып барғым кеп кетті менің оған!... Мейірімді жылы құшағына қайта кіргім кеп кетті!.. Оған бұ жолы уақыт жоқ!..

Бірақ, мен ондай уақытты табам!.. Тез арада оралып келем саған, сүйікті Омбы!.. Әзірге, көріскенше хош бола тұр!..

IX. Коммунизмнің бір берік қазығы

Біз Омбыдан, күнгей-шығысқа созылған Ертістің теріскей жағын жағалап, Керекуге беттеп келеміз. Өзеннің бұл беті дөңес, қырат болады екен де, тоғайлық ойпат жағы күнгейінде болады екен.

Күн райы салқындағанмен, әлі де құрғақшылық Қырат жердің құмдақтау жолы, төсеген тақтайдан да тегіс. Тоғайлық жаққа көзіміз алыстан түседі: онда үйілген маялар, мыңдап жайылған қой сияқты, ол өткен көктемде Ертістің қатты тасығанын көрсетеді.

Ертістің теріскей қабағында — қазақ-орыс станицалары, күнгей жағында — қазақ ауылдары отырады екен. Көпір көп жерде жоқ. Екі жақтың халқы пароммен араласады...

Орысша Павлодар, қазақша Кереку аталатын қаланы мен будан бұрын көрген емен. Кешке қарай жетсек, үйлерінің көпшілігі қарағайдан қиылған, шап-шағын, тап-таза ғана қала екен. Кереку дегеннің өзі орыс сөзі екен: қала салынардан бұрын, осы арада Краков деген балықшы орыстың балағаны турады да, қаланың алғашқы қадасы сол араға қадалған соң, жергілікті халықтың тілінде Краков аталып кете барады, қазақтар ол атты өз сингармониясына бағындырып Кереку дейді.

Павлодарда біз ұзақ болмай жүріп кеттік. Ендігі бетіміз Екібастұз. Бұл атты өндірісті естуіме көп жылдар болғанмен, көргелі келе жатқан бетім осы. Қаладан шыға аралап кеткен қалық тоғайдың кең алаптары, үйілген маяларға тұнып тур. Не деген көп шеп!.. Не деген көп байлық!..

Міне, Ертіс өлкесінен ұзаңқырап барамыз. Енді төңірегіміз таусыз, ормансыз керілген кең дала. Қай жағына көз тіксең де бетеге, жусаны аралас жазық дала әлдеқайда алыстап кетіп, төңкерілген көкжиекпен жапсарласады. Көптен бері маужырап тұрған күннің жылы шырайы бүгін өзгеріп, қарсы алдымыздан қатаңдау салқын жел еседі; аспанда бытырай көшкен күздің сұрғылт бұлты, әр тұста торланады да, тарамдана жаңбыр төге бастайды. Автомашинмен алыстан сапар шегіп келе жатқан Тұрсын, айнала торыған жаңбырлы бұлттарға адырақ көзін тігіп қойып:

— Саздап бір жерде отырып қалмайық! — деп, Екібастұзға тезірек жету үшін, педальді басыңқырай түседі.

— Саспаңыз, — дейді, бізге жол бастап келе жатқан, Павлодардағы «Қызылту» газетінің редакторы Сыздыков Хамза жолдас Тұрсынға жымиып қойып. — Бұл жолдың үсті ерсілі-қарсылы жөңкіліп жатқан машиналар екенін көрмейсіз бе, саздап қалсақ буксирге алар.

Біздің машина рельсі әлдеқашан сыпырылған ескі темір жолдың табанымен жарысып келеді. Хамзаның айтуынша бұл жолды бірінші империалистік соғыстың алдында ағылшын концессионерлері салған. Олардың кім екендігі тарихи деректерден мәлім. Қазақстанның кені бай даласына ағылшын империалистерінің қол созуы өткен ғасырдың ортасынан басталады. Жыртқыш тырнағын өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Қарсақпайға қадаған олар, Екібастұздың бай кеніне біздің ғасырдың бас кезінде жетіп, оған дейін басқарып келген «орыстың акционерлік қоғамынан» арзанға сатып алады. Кен байлығын тұмсығы тіміскілегіш ағылшын капиталистері, олардың Қазақстандағы қан сорғыш сүлігі Уркварт, Екібастұздың өз астында да, төңірегінде де таусылмас бай кендер барын біледі, со байлықты жалмауыз құлқынына тез тығу керек, қанағатсыз қарнына құю керек. Осы мақсатпен іске кіріскен Уркварт, мол кенді мақсатты жеріне тез жеткізу ниетімен, жоғарыда атаған темір жолды салады.

Уркварт Октябрь революциясынан кейін қуылады. Бірақ, толып жатқан жағдайлардың салдарынан, Екібастұздың жаңадан іске кірісуі біраз жылдарға кешеуілдейді. Таситын түгі жоқ ағылшын темір жолы өзінен-өзі тозып, рельсі сыпырылады. Біздің машина жиектеп келе жатқан темір жол танабы осы.

Екібастұзды жаңадан жүргізу мәселесін Совет өкіметі 1948-жылдан бастап қолға алды. Әрине, Советтік социалистік мемлекет пен үркерден ағылшын капиталистерінің өндірісті қолға алуында жер мен кектей айырма бар: бастапқысы таудай, соңғысы төмпедей. Социалистік индустрия аса бай шикізатты тілейді. Екібастұзда ондай байлық бар-жоғын әуелі барлап алу керек. Сол мақсатпен жүргізілген барлау негізінде біткен. Білетін адамдардың айтуынша, Екібастұздағы көмір запасы, соңғы техниканы қолданғанның өзінде жүздеген жылдар қазып алуға жетеді.

Жаңа ірі өндірістің қажетін қамтамасыз етуге темір жол керек. Ақмола — Павлодар аталатын ондай жол қазір салынып бітіп, жүк тасу ісіне кірісе бастаған. Оның тыңнан салынған жол танабы да, жолмен жарыса тартылған діңгек қатарлары да, олардың басына тартылған сым арқаулары да, жол бойына әр жерде орнаған жаңа станциялар мен разъездері де біздің машина сарлап келе жатқан жолға кейде жақындап, кейде жырақтап көрініп отырады. Тұрсын оған қарап қойып:

— Жаңа темір жолды мына ескі танаптың бойымен неге тартпаған? — десе:

— Ағылшын танабы, советтік жолға тар болғаны да, — дейді Хамза жымиып, — советтік жолға кең танап керек болғаны да!..

Павлодардан жүз жиырма шақырымдай туратын Екібастұзға жақындап келгенде, жер бетінің бейнесі өзгерісі, ойлы-қырлы адырлау боп кетеді екен. Соларды аралап біраз жүргеннен кейін, алдымыздан жарқыраған көл көрінді, одан әрі, сай-салаға жайылып кеткен үйлер, түтіні будақтаған әлдене биік турбалар, қатарлары айқыш-ұйқыш созыла тартылған, жыпырлаған діңгектер. «Екібастұз» дегеніміздің сыртқы бейнесі осы екен.

Біз оның ішкі бейнесімен тез таныстық. Әзіргі Екібастұз, — бесінші бесжылдықтың зор мақтанышының бірі болатын гигант Екібастұздың қалана бастаған іргесі ғана. Олай дейтініміз, жүздеген жылдарға жететін көмір запасын алудың қазір даярлығы ғана жүріп жатыр. Қайда, нелер істеліп жатқаның сол өндірістің бас инженері Хищук жолдас, тайға таңба басқандай ап-айқын ғып алақаныңа қондырып береді. Жасы қырықтарды орталаған, зор денелі, қызыл шырайлы көркем кескінді ол, өндіріс жайын сұрағанда, қулана жымиып алады да, украиндық акцентымен:

— Бұл өндіріс ашыларда, — дейді, — Главкадан төрт «щука» (шортан) келген ек: Каращук, Хищук, Пинщук, Полещук. Бесінші «Щука» боп Әбенов дейтін атшымыз қосылды. Оның атын жұрт ойын ғып — «Атщук» қойып алды. Бес «Щукадан» Каращук жолдас қана ауысып, өзгеміз орыншамыз, қолдан келген қызметті атқарып жатырмыз. Бірақ бұл істің басы ғана, зоры алда.

Хищук жолдастың айтуынша, Екібастұздың көмірі ашық жыралардан алынады. Оның не екенін түсіндіргенде:

— Бұл араның көмірі бетіне жақын, — дейді Хищук, — жақын жердегі кемірдің үстінен жер қыртысын жырып жол ашамыз да, көмір қыртысын адымдағыш экскваторлармен көсіп аламыз.

— Сонда, қыртыстың қалыңдығы қанша? — деген сұрауға:

— Онша қалың емес, — дейді Хищук қуланған кескінмен, — былайша айтқанда, 50-60 метрлеп қалады!..

Геология ғылымына онша жетік болмағанымызбен мынау қалыңдық, — аса сирек кездесетін қалыңдық!.. Ендеше, оны барып көру керек.

Ашық жыра әзірге біреу-ақ екен. Оған бізге маркшейдр Петренко жолдас бастап апарды. Кең және терең жыраның екі бүйірі баспалдақтана қазылыпты. Бозғылт, сарғылт түсті баспалдақтардың тереңдеңкіреп барған тұсында, шымқай қара баспалдақтар тур.

— Көмір қыртысы сол, — дейді Петренко бізге. — Бет жағынан қабаттап сыдырмаса болмайды оны. Экскаватор ең мықтап кеміргенде 3-4-ақ метр қалыңдықты қамтиды, ал, көмірдің қалыңдығы, мана Хищук жолдас айтқандай, бұл арада 50-60 метр.

Қалың көмірді қыртыстай сыдырып үш-төрт адымдағыш экскаватор жүр. Олардың сорайған ұзын мойындары әлде не бір құлдыраған еңістерге созыла барып жетеді де, азу тістері құлаштай аузы аңырая ашылып, көмірдің қара қыртысын қапсыра кеп асайды. Әп-сәтте ұзын мойын қайқайып қайта көтеріледі де, жырада жонын тосып тұрған ашық вагондерге асаған көмірін әкеп тастай береді.

— Бір асағанда қанша ауырлықты қамтиды екен? — деген сұрауға:

— Әрқилы, — дейді Петренко, — үш тонналығы бар, бес тонналығы бар...

Адымдағыш экскаватордың өзімен де таныстық. Советтік социалистік ірі индустрияның бұл алыбының қалай құралғанын баяндау біздің міндетіміз емес. Оның шым-шытырық тетіктерін көрген адам, советтік техникаға қайран қала тұра, меңгерушілерге одан да артық қайран қалады. Сипаттап отырған экскаваторымыздың іші, ірі заводтың зор бір цехына ұқсайды. Соның бәрін қимылға келтіріп, зор істі атқартып отырған жалғыз-ақ кісі. Пәлен тонна ауырлықты қопара асап ап, көтеріп апарып вагонға тиеу үшін, экскаватордың ішінде біріне-бірі көмекші талай ғажап тетіктер бар, бәрі де электр қуатымен ғана қимылға келеді, соның бәрін қимылдататын, басқарушының қолындағы кіп-кішкене руль ғана!.. Тәсілін білетін рульді басқарушы ретін тауып қозғаса, зор денелі экскаватордың іші-сыртына жан біткендей сатыр-сұтыр қимылға кеп, басқарушының ойын айтпай білгендей, тілегенін іске бұлжытпай асырады!.. Не деген ғажап!..

— Бір демде қанша көмір қаза алады?' — деген сұрауға:

— Нормасы 950 тонна, — дейді Петренко, — бірақ, көбі асыра орындайды. Кейбір экскаваторшы бір вагонды үш минутте тиеп үлгереді...

— Кімдер бар қазір, ондайлардан? — деген сұрауға:

— Оның жауабын трестін. еңбек және еңбек ақы бөлімінің меңгерушісі Омашов Жұмат жолдас берер, — дейді Петренко.

Ол Екібастұздың «ескі» патриотының бірі екен. Әкесі де, өзі де осы Екібастұзда туып-өскен. Бұл көмір ошағының бұрынғысы да, бүгінгісі де оның алақанында, қай тұсын сұрасаң да қолыңа қондырып береді. Оның айтуынша да, басқалардың айтуынша да бұл өндірістің негізгі салмағын көтеруші жас жұмысшылар, олардың басыңқы көпшілігі, әрине комсомолецтер. Комсомолец — жастардың ішінен бүкіл Екібастұздың мақтанышы Николай Колотьев екен. Өткен жылдың октябрінде ол рекорд жасап, экскаваторымен бір күнде 3164 текше метр көмір қопарған, сөйтіп, Бүкіл Советтер Одағының бұл жүйелі істегі рекордсмені, — Куйбышев Гидро-құрылысындағы экскаваторшы Лямкиннен 62 процент асырып жіберген. Сол абыройын Колотьев жолдас әлі сақтауда.

Жұмысшылардың, әсіресе экскаваторшылардың екпінді қимылдарынан нелер ғажап мысалдарды айта кеп:

— Қазылып жатқан және тыңнан қазылатын жыралар әлі көп, — дейді Жұмат, — соған әзірше электр қуаты жетпейді. Біз әзірге электро-поездың қуатын ғана қолданып отырмыз, қолдағы бар техникамызға ол өте тапшы, кейде жетпей қалады да, простойлар боп тұрады.

— Бұл уақытша қиындық, — дейді ол, — күшті электр станциясын салып жатырмыз. Ол бітсе электр қуаты жетіп бағады.

Біздің Советтік Отанда барлық рахат адам үшін ғана. Біздің елдің ураны — өндіре еңбек атқар да, мәдениетті тұр. Бесінші бесжылдықтың бір мақтанышы — Екібастұздың еңбекшілері мәдениетті тұру үшін, үкімет барлық хажатты шараларды іске асырып жатыр. Мысалы, социалистік қала жасауды алайық. Болашақта республиканың ең зор, ең көркем қаласының бірі болуға бет алған Екібастұз қаласының да өсу қарқыны ғажап. Кеше ғана құлазыған далаға бүгін орнаған сәнді стандарттық ағаш үйлерінің орталығындағы кең алапқа, зәулім тас үйлер мен мәдениет сарайларының қатарлары қаланып жатыр. Не деген көп құрылыс!.. Не деген көп мүлік!.. Соның бәрі Екібастұздың жұмысшылары мен инженер-техниктерінің рахаты үшін!..

Жаңа салынған үйлердің ішінде, ерекше көзге түсетін біреуі — балалар яслиі. Архитектурасы аса көркем салынған бұл үй, 250 балаға жылы ұя болмақ. Яслидің іші социалистік архитектураның соңғы сөзімен безенген. Советтік семьяның, жас балапандары рахатта өсуге қажетті мәдениет жабдықтары түгел. Ясли бірінші октябрьден бастап қызметке кіріседі екен. Біз көргенде оған он шақты күн қалғанымен, «бүгін келсе де даярмын» дегендей, жылы құшағын сәбилерге ашып тұр.

Екібастұздың біз өндіріс орындарын да, қаласын да асықпай араладық. Бұл ХІХ-партия съезінің ашылу даярлығы жүріп жатқан кезі еді. Қай коллективке барсаң да, кіммен сөйлессең де, съезде қаралатын мәселелерден түгелімен хабардар, бәрінің де ынтасы — сүйікті Ленин партиясының съезіне жаңа табыс, жаңа жетістіктермен бару.

Съезде қаралатын бесінші бесжылдық мәселесін Екібастұз коллективі түгел талқылаған, өздерінің ұсыныстарын қосқан. Соны айта тұра, Екібастұздың әрбір еңбекшісі ерекше қуанышта екен, өйткені, бесінші бесжылдықтың бір зор жемісі өздерінің Екібастұзы болғалы тұр, сондықтан олардың әрқайсысының, айтары, —

Коммунизм, құрылысының біздің Екібастұз да берік бір қазығы, ендеше мемлекет пайдасына оны тез асырамыз!

X. Баянаулы төңірегінде

Біз Екібастұзбен танысып үлгермей, күн райы бұзыла бастады. Оған дейін ала-шабыр ғана бұлт жамылған аспанды, «Күз» атты өлеңінде Абай сипаттайтын «түсі суық сүр бұлт» орап алды. Ертелі-кешті ерсілі-қарсылы сапырыла көшкен қарасұр бұлт, сақтан жолаушым!» дегендей, алысырақ бір тұстарда тым қарауытып, тарамдана нөсер төккен белгісін көрсетті. Бұлай болуға мезгіл де жеткен еді. Сентябрьдің, аяғы болып қалған.

Жергілікті жұрттың айтуынша, бұның арты үздіксіз қаражаңбырға айналуы мүмкін, онда бізге қиын, өйткені — бұл тұстың топырағы құрт-кесек, ащылы шақат болады екен, егер ондай балшық суланса машинаның доңғалағына жабысып жүргізбейді.

Сол жағдайды көргеннен кейін, біз суыт жүруге ұйғардық, бетіміз — Баянаулы...

Бұл атты тауды, мен бала шағымда естіген едім. Со кезде, мен туып өскен ауылға «Дүние-ай!» деген ән келді, сөзі былай:

Баянаулы басынан бұлт кетпес
Қиядағы түлкіге құсым жетпес
Ақ отаудың тұсынан аттандырып,
«Қош ағатай!» — дегенің естен кетпес!
Баянаулы басында балалы құр,
Бір сүйейін қалқатай мойныңды бұр,
Ауылымның тұсынан ән салғанда,
Ақбоз үйге сүйеніп қара да тұр!..
«Баянаулы деген не ол?»

деп сұрағанда, ұзын-құлақты адамдар «таудың аты» дейтін. «Қайда ол?» десек, «алыста» деп жауап беретін. «Оған барған кісі бар ма?» деп сұрағанда, со кезде жүзге жақындап отырған Тоғанастан басқа ешкім біздің арадан бармаған боп шығатын...

Ересек боп жыр жинауға кіріскен шағымызда, «Баянаулы» аталатын себебі, — «Қозы — Көрпеш Баян сұлу» жырындағы Баян сол тауда туған екен» деген де аңыз шықты...

Бертінірек, Баянауылын көрген адамдарға кездескенде, олар «сұлулығы Бурабайдан артық болмаса, кем емес, ол — екінші Бурабай» деп мақтады...

Бұның бәрі, көңілге құмарлық құятын сөздер, көруге ынталандыратын сөздер... Екібастұздан біз Баянға осындай құмарлықпен аттандық...

Тоқсан километрдегі Баянның жотасы, Екібастұздан ұзап шықпай-ақ көрінеді. Созыла біткен бұл таудың жотасы, алыстан аумаған Бурабай сияқтанып, көкпеңбек боп көрінеді.

Жолда бізге Майқайың алтын өндірісі кездесті. «Степняк» аталатын дәл осы сияқты кең Бурабайдың да ығында бар, екеуінің сыртқы тұлғасы бірдей: шахталардан шығарылған балшықтар мен пародалар сай-салаға тау-тау боп үйілген, олардың аралығында жұмысшы поселкелер!..

Майқайыңға біз тоқтаған жоқпыз. Аралай өтіп бара жатқанда келген ой: — «Бурабайдың астында алтынның көлі бар десетін еді, Баянаулының маңы да солай екен ғой!..»

Баянаулына біз күн түске тармаса жеттік. Оның сыртқы жобасы Бурабайға ұқсағанмен ішкі құрылысында көп өзгешелік бар екен. Ең, алдымен, Баян тауының өнбойы көбінесе жалаңаш тастан құралады екен, ал Бурабай биіктерінің бірталайы, қалың қыртысты шым жамылады; Бурабайдың төбесінен төмен түскен қарағайлы қалық орман, етегі арқылы, жазық далаға кең жайылып кетеді. Баянның орманы алысқа ұзап бармайды; Бурабайдың сексен көлінің бәрі жыныс орманмен жиектеле қоршалған. Баянның ығындағы атақты Сабын-көлдің айналасы тек қана тырбиған аршасы бар жалаңаш тастақ; Бурабайда кең шалқар көлдердің саны оннан аса, Баянда ондай көлдер үшеу-ақ: Сабынкөл, Жасыбай, Торайғыр.

«Баянаулы» аталатын бұрынғы казак-орыс (казачья) станицасы, таудың шығыс-күнгейіндегі бауырында, төскейге өрлей салынған екен. Іргесі қалануына жүз жылдан асқанмен, атағы зор болғанмен түр-тұрпат жағынан бұл дағдылы станицаның бірі.

Баянаулына қонған күннің ертеңіне, күннің реңкі түзеле бастаған соң біз бұл тауды айнала шолып түсуді, одан әрі, егер ауа райы мүмкіндік берсе, Шорман тұқымы мекендеген жерлерге барып қайтуды мақұл көрдік. Шорман нағашысы болғандықтан Шоқан Уәлиханов оның ауылына талай барған, ендеше менің оны да көруім керек.

Баянаулынан біз басшылыққа аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Талғат Еңсебаевты алдық. Баян төңірегін ол жақсы біледі екен. Үйде картаға қарап отырып жасаған маршрут бойынша, біз, біріне-бірі жалғасқан «жақсы» және «жаман» аталатын екі «аула» ны да түгел орап түспекпіз. Осы мақсатпен, таудың шығыс-теріскей жағын орай жүріп кеттік.

Бұл бетімізде біз көп ұзамай, қазақтың атақты ақыны, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қабырына кездестік. Ол «Торайғыр» аталатын таудың етегіндегі, «Торайғыр» көлінің жағасында екен. Таудың бұл жағы, аспанға тік өрлеген биік қия тас. Тауды жиектей біткен ұзынша шалқар көл, белестердің арасын қыдырып, арғы шеті көрінбейтін ұзаққа кетіпті, ортасында, жүзіп келе жатқан кемеге ұқсас тас арал...

Ақынның қабыры бұрын жалаңаш екен. Бертінде (советтік дәуірде) жергілікті мекемелер қабырды айнала, цементпен байластырып тастан аласа қорған соғыпты да, оның үстіне, төбесі шатырлы ағаш мұнара орнатыпты. «Сұлтанмахмұт Торайғыров. 1894 — 1920» деп құйылған жазуы бар шөген тақтайшаны темір қазықтың басына бекітіпті де, қабырдың алдына, төрт-бес метрдей жерге оңаша қадапты. Оны қабырының басына қою керек екен.

Торайғыровтың өзін көрмегенмен, шығармаларына, өмір баянына таныспыз. Кедей шаруадан шығып, жоқшылықпен оқыған ол, ортаға жетер-жетпес білім алды да, өзін халыққа қызмет атқаруға арнады. Қазақ аулында қанаушы және қаналушы екі тап барын ол көре білді, өзінің ықласы, тілегі еңбекші көпшіліктің жағында болды. Кедейдің мұңын жоқтаған ол, қанаушыларды тілі жеткенше сөкті, еңбекші көпшіліктің қанаудан құтылуын арман етті. Бірақ, арманын қалай орындаудың жолын таба алмады, бұл жолды іздеуде кәп қателіктерге ұрынды. Бұл қателігінен құтылуға жағдай туып, Совет өкіметі орнаған кезде, жасынан жабысқан туберкулез дерті оны жеңді де, 1920 жылдың көктемінде қазаға ұшырады...

Барлық өмірбаяны, ісі Торайғыровты шын мағынасындағы Совет жазушысы болуға әкеле жатыр еді, мезгілсіз ажал, қыршынын қиып кетті!.. ол:

Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам,
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам!.,

деген арманына жете алмады...

Қабырының, басында тұрып, осы халын еске түсіргенде, адамның аузына, — «түрегел, құрметті ақын!.. Бақыт тілеген халқыңның бақытқа жеткенін көр!.. Сол бақытты жырла!..» деген сөз кеп тұрады...

Торайғыр келінен әрі, жол таудың желке жағын орап кетті. Бұл Бурабайға тіпті ұқсамайды: жерден тікейе өскен, ылғи биік шың тас, алыстан қарағанда, жайылып жатқан уақты, үлкенді малдарға ұқсайды. Ішінде түйеге, пілге, текенің мүйізіне, шың басында отырған құс, бұғыға, тағы сондай неше түрлі аңға ұқсайтын фигуралар бар. Бурабайдың сыртында мұндай тастар жоқ...

Ғажап фигураларды аралаған жол бізді Баян тауының желкесін ала біткен Жасыбай көліне әкелді. Міне, бұл кө-ө-өл!.. Үлкендік, тереңдік, мөлдірлік жағынан да, төңірегіне біткен таулық, ормандық сән жағынан да, бұл Бурабайдың ең сұлу деген көліне таласа алады!..

Бұрынғы заманда, тұқымынан бай да, патша өкіметінің чиновнигі де көп шыққан Айтпакиндар мен Боштаевтардың меншігі ғана болған бұл тамаша көркем келдің жағасында, кәзір Екібастұз, Майқайың, Бозша кел сияқты ірі өндіріс орындарының жұмысшылары тынығуға салған нелер салтанатты үйлер бар екен. Біз соларды аралап және кәлді жағалап екі-үш күн жүрдік!.. Қай жерін қай кезде араласаң да көз тоймайтын көркемдік... Мұндай да көркем жер жаратылады екен-ау...

Жасыбайдан шыға, біз батыс жақтағы белесті кең даладан сорая көрініп тұрған Жыланшық тауына тарттық.

Жолда Көкдомбақ аталатын таудың биік асуы бар екен, құрғақ күннің өзінде машина әрең шығады екен, жаңбыр болса аттап баса алар емес.

Көкдомбақтың аржағы бұйратты кең дала. Талғаттың айтуынша, Ақ келін аталатын Шорман қыстауы бұл арадан 50-60 километрдей, жолда Алексеевка аталатын орыс поселкасы бар, содан ұзамай-ақ бұрын Шорман жері болған өлке басталады...

Шорман Күшіков қазақтың атақты феодалының бірі екені оқушыларға мәлім. «Сібірлік» аталатын қазақтар XVIII ғасырдың орта кезінен Россияға өз еркімен қосылғаннан кейін, патша өкіметі XIX ғасырдың басында хандықты жояды да, бағынған елді бірнеше дуанға (округ) бөліп, басына қазақтан әкімдер қояды. Шорман сол кезде Баянауыл ауданының сұлтан-правителі болады. Білетін адамдардың айтуынша, Шорманның әкесі Күшік шағын ғана дәулетті, момын адам екен. Шорман пысық боп туып, бала шағынан, Баянауыл ауданындағы ең көп ру, Сүйіндіктің биі — Шоңның қасында жүреді де, билікке жастан араласып «бала Шорман» аталады, оны сұлтан-правительдікке Шоң ұсынады.

Ол заманның әкімі парақор, ел жегіш. Шорман да бағынған елін жеп тез байиды. Одан: «Мұса, Мұстафа, Иса, Әужан дейтін балалар туады. Балаларын ол орыс школына сабаққа береді.

Шорман жастай өліп (37 де), Мұса деген баласы 19 жасында орнына сұлтан-правитель сайланады. Ақылды, пысық, қу, орысша хат білетін Мұса патша үкіметіне жағады да, чиндер алып, подполковннктік дәрежеге жетеді. Патша өкіметінің оны қадырлеуі сондай: 1855-жылы І-Николай қайтыс болғанда жаназасына шақырылады, 1856-жылы ІІ Александр таққа отырғанда, тойына тағы шақырылады. Сол сапарда Мұсаға подполковниктік чин, ертіп апарған 13 жасар інісі Әужанға хорунжи чині беріледі...

Бай да болған, әкімшілікті де қолынан шығармаған, халықты жүз жылдан артық қысымында ұстаған Шорман тұқымына тек Советтік дәуірде ғана көр келіп, 1928-жылы, ірі байлардың қатарында мал-мүліктері түгелімен конфискацияға алынды.

«Шорман тұқымы» дегеніміз осылар. Естуімше, ол тұқымның алған жерінде ұшы-қиыры жоқ. Ақкелін Мұсаның ғана мекені. Жердің олай аталуы — Мұсаның алғашқы әйелі ақ кескінді және сұлу адам болған соң, көтермешілер «Ақ келін» атаған екен. Сол келін осы таудың етегінде түскен соң, жерді көтермешілер Ақ келін атаған. Кейін «Ақкелін» атты болыс та болған.

Біз Ақкелінге жеттік. Ол тау емес биіктеу ғана адыр екен. Бауырында Ащы және Тұщы аталатын екі өзенше ағады, аттары дәмдеріне қарап қойылған.

Бұрынғы Шорман қыстауының орнында ештеңе жоқ. Оның қасында тек молалары ғана қалған. Моланың көпшілігі балшықтан соққан, қаңқайған «төрт-құлақтар», олардың, біразы опырылған. Мұсаның өз зираты қала тәртібінше темір төркөзбен қоршалып, алдына аты-жөнің чинін орысша, қазақша жазған сұр мрамордан тас қойылыпты. Оның маңында, Мұса ұрпақтарына қойған сондай тастар.

Тұщының Шорман қыстауына жақынырақ жағасына, 20 жылдық Қазақстан атты колхоз орнапты. Бұл Павлодар облысындағы бай колхоздың бірі екен, председателі елуді орталаған, ақылды, салмақты, шаруаны білетін адам көрінеді. Шорман тұқымының біреуінде батырақ болған ол, Шормандарды конфискациялауға қатынасып, қолынан аттандырыпты.

Председательдің айтуынша, жүз он үйлі колхоздың қарамағында 70-80 мың гектардай жер бар, бірақ соның бағыңқы көпшілігі мал оты ғана, егіндік жер ете аз және ара-тұра таулардың бұлақты бауырларында ғана бес, он гектардан ойдым-ойдым боп қана кездеседі.

Жер жағдайынан колхоз малды, әсіресе қойды мол ұстайды екен. Колхозда 13 мың қой бар, оның тең жартысы, — арқар-меринос. Қысы қатты сібірлік жерде бұл аз қой емес. Бірақ, жемшөп мәселесін ерте қамдап, колхоз жұтқа мал бермейді екен. Колхозда мыңнан артық жылқы, сол мөлшерде сиыр бар. Қойлар машинамен қырқылады.

Құрылыс жағынан колхоз мақтаулы емес. Он жылдық мектеп те, қасындағы интернат та, аз койкалы аурухана да, кеңсе мен байланыс үйі де терезесі кішкене, еңсесі аласа жер үйлерде отыр. Колхозшылардың үйлері — жер үйшік.

«Бұл қалай? деген сұрауға председательдің табар жауабы — «Колхозшылардың көбі отарда болады, қысқы үйді күтпейді».

Бұл дәлел емес. Шаруасы осындай кейбір колхоздың үйлері тап-тинақтай.

Отардағы үйлері де оңып тұрған жоқ екен. Жерін көру үшін, біз колхоздың Аюлының қара көлі аталатын 90 километр жердегі жайлауына да бардық. Бұл, кәдімгі «Қырық мың жылқы түссе де ылайланбас» деп өлеңге шыққан атақты Аюлының қара келі. Көл — шынында көл-ақ екен. Айналасы «ат шаптырым» дерлік кең, асты құм қайраң, өзі терең, суы мөлдір және тұщы. Маңы да малдың ғажап оты екен. Көп аудан айналай жайлайды екен. Осындай жайлауда ерген мал семіздіктен жонынан жарылғалы жүр. Бақташыларда да тоқшылық. Киімдері жақсы. Өздері көңілді. Тек, жетіспейтіні — тұратын үйлері үй емес, қос және керегесі ыдырап, киізі тозған қос. Малшылардың талабы — жылы, бүтін кең кигіз үйлер жасау ғана.

«Ақкеліннен біз Баянаулының күнгей жағын орап қайттық. Жаманаула бізбен біраз уақыт жарысып отырды. Ол — үсті қарағайлы, тастақты, аласалау жота екен. Екі «Ауланың» түйіскен тұсында «Мырзашоқы» аталатын жалаңаш биік тау бар.

Баянауыл станицасына жол бұл жатқан Жалаңтөс аталатын асу арқылы түседі екен. Ел ішіндегі аңыз бойынша қалмақтар Баянауылда тұратын қазақтарды жаулап алмақ боп келгенде, таудың үш асуын: Жалаңтөс, Жасыбай, Көшет дейтін үш батыр қорғап, жауды беттетпепті. Тұрғын ел күшін жинап болғаннан кейін, аталған үш батырдың бастауымен, жауға қарсы шабуыл жасапты да, қатты қырғынға ұшыратып, кейін қашырыпты. Оған куә, — Сабынкөлдің ығында Қалмақ қырған деген жер бар.

Баянауылдан Қарқаралыға беттеп шыққанда да біз Жалаңтөс асуынан өттік. Алдымыз бұйратты кең дала. Соған сүңгіген көркем Баянның шоқтығы биіктей берді, көркі сәндене берді...

— Көріскенше хош бол, көркем Баян!..

XI. «Жарлының» баюы

Баяннан Қарқаралыға біз бұдан жүз жыл бұрын салынған жолдың торабын бойлай тарттық. Бір кезде бұл соғыс жолы болған. Кенесары бандасын орыс әскері осы жолды бойлай қуған. Кейін дуандар құрылғанда, бұл жол: Павлодар, Баянауыл, Қарқаралы, Шыңғыстау, Аягөз арасын жалғастыратын даңғылға айналған. Сол кезде, Павлодардан 500 километрдей Қарқаралымен екі араға, даңғылдың екі жағынан, арасы жүз метрдей жерден тас үйіле беріпті. Кезінде бұл тастардың биіктігі кісі бойындай еді деседі, қазір белуардан келеді. Арасына топырақ сала үйген ұсақ тастар бір-біріне кірігіп, жентектеліп қапты, әдейі қопармаса бұзылар емес. Адақталған бұл тас белгілерден, қандай боран соғып тұрса да, қандай қараңғы түн болса да, көзі бар кісі адасар емес. Қазір тас бекеттерді жиектей телеграф діңгектері орнапты.

Атақты Бозшакөл алтын кені осы даңғылдың үстінде екен. Ол — іргесі жаңа ғана қаланып жатқан өндіріс. Сөйте тұра, жасалып жатқан құрылыста қисап жоқ, — аз жылда тамаша қала орнап қалған. Жолыққан инженердің айтуынша, оның келешегі Майқайыңнан да, Степняктан да зор...

Бойын қуалай жортқан даңғыл, бізді атақты «Қоянды» жәрмеңкесіне алып келді. Айдалада, Талды өзенінің бойында, өткен ғасырдың орта кезінде ашылған бұл жәрмеңкеге шығыстан қытайлар, күнгейден Орта Азия елдері,

Россиядан Петербургтан бергі жердің саудагерлері келетін болған. Соларға жағдай жасау мақсатымен патша үкіметі талай тас сарайлар салдырған. Жәрмеңке Советтік дәуірдің алғашқы он шақты жылында да жасап, колхоздану ісі жасалғаннан кейін тоқтаған. Жергілікті орындардың салақ қарауынан, жәрмеңкенің сарайлары мен үйлері түгелімен тозған, құрылыс материалдарын кім көрінген тасып әкеткен.

Соңғы екі-үш жылда Қояндыға машина-мал станциясы орнапты. Оның, директоры Асқаров Борамбай, Ленинградта ауылшаруашылық институтын бітірген агроном екен. Өзі ынталы, қайратты жас жігіт. Оның айтуынша, МЖС радиусы жүз километр жердегі колхоздарды жем-шөп даярлайтын құралдармен қамтамасыз етеді. МЖС жәрмеңке үйлері мен сарайларының біразын жаңартып пайдаға асырған, әлі де асырмақ.

— Бірақ, — дейді Асқаров, күліп, — мұнда жиналған тастар, талай МЖС-ке жетеді.

Асқаров мерген жігіт көрінеді. Оның үйінде он шақты қасқырдың, отыз шақты суырдың терісі тұр, бәрін өзі атып алған...

Қарқаралы тауының төбесі, біз Қояндыға жетпей-ақ, белесті белдердің үстінен көрінген. Алыстан көгере көрінген оның найза шоқысында, бүркіт сияқты бірдеме шоқиып отырған.

Біз жақындаған сайын, шоқы да, шоқиған да сорайып биіктей түсті. Жүз километр жерден көзге шалынған шоқы, маңайлағанда аспанға шырқап кетті. Бақсақ, бұл шоқы қырынан көрініп тұрған Қарқаралы тауының өзі екен.

Қарқаралыда мен алғаш 1936-жылдың жазында болып, тұла бойын түгелімен армансыз сүзгем, биігінің бәріне шыққам, биік шоқысының бірінің басына біткен Шайтан көліне шомылғам. Сонда, маған келген ой, — «тек, маңында қайраң, шалқар көлдер жоқ демесең, тауының, жерінің, орманының көркемдік жағын алғанда, екінші Бурабай осы ғой!..»

Қарқаралы тауының ішкі-сыртқы бітімі — Бурабайдың копиясы, айырмасы: көлемі кішірек, көлге кедей...

1936-жылы Қарқаралы қаласында тозғандық белгі көп еді, кәзір одан көп өңделіпті: жаңа үйлер салыныпты, ескі үйлер түзеліпті, үй-үйдің арасына заборлар орнапты, қала бұрынғысынан әлдеқайда, кеңіпті, көлемі кішкене болғанмен, тәп-тәуір, тап-таза гостиницасы бар.

Соған қонып шыққан біз, бұрын да көргенмен, күн райының қабағы түйіле түскеніне қарамастан көркем Қарқаралыны тағы бір орап түспек болдық.

Тауды жағалай шолып жүрміз, баяғы көркем тау!.. Баяғы көркем дала!.. Қай жаққа көз тіксең де, әлдеқайдан, әлде не бір таудың басы қылқияды...

Бұл сапарымызда біз бір ғажап құрылысқа кездестік. Қарқаралының батыс-күнгейінде Жарлы атты кішкене өзен барын 1936 жылы көргем, «көктемде тасиды» дейтін бұл өзеннің суы, жазды күні үзік-үзік боп жылап ағып жатқан.

— Аты неге Жарлы? деген сұрауға, сол араның бір адамы:

— Түріне лайық қойылған ат. Өзен боп ешкімді жарытпаған соң, Жарлы демегенде не десін! — деген.

Сол Жарлыны үкімет 1952-жылдың жазында, Қарқаралыға жақын жерінен бөгетіп жатыр екен. Бөгеу ісінің қызу кезі екен: экскаватор, бульдозер, трактор, землесос, жүк машиналары сапырылысып жүр... Тастақ жер болғандықтан, ара-тұра динамиттер де атылып, жерде қатпарланған күрең тастарды аспанға ұшырады... Бір ұста, негізіне гранит төселген темір көпір де жасалып жатыр... Темір көпір арқылы ететін даңғыл жол да биіктеп, тас жол болудың қарсаңында... Қысқасы, кішкене болғанмен, бұл да ғажап құрылыс!.. Бұның да қарқыны қызу!..

Инженер Николай Гаврилович Батманов «Жол құрылысы» мекемесінен келген екен, өзі орта жастарда, Қазақстанда көптен қызмет атқаратын адам. Содан сұрасақ, Жарлы босқа бөгеліп жатқан жоқ екен. Бөгеліп болғаннан кейін, ол жүздеген гектар егіндік және шабындық жерді суарады екен, оның үстіне, осы бөгеттің тұсына электр станциясы салынып, қалаға және төңіректегі колхоздарға қуат береді екен. Соның бәрін Батманов есебімен көрсетсе, Жарлының болашағы зор байлық!..

Батманов қулықшыл адам. Осы құрылысқа өзі тіленіп неге келгенін баяндай кеп:

— Коммунизмнің улы құрылысын, — дейді ол күле сөйлеп, — әдетте Волга, Ертіс немесе Днепр сияқты үлкен өзендердің жағасынан іздейді, Бірме-бір колхозға, сол ұлы құрылыстардың пайдасын бұл кіші құрылыс та тигізсе, оның аты улы құрылыс емей немене?

Батмановтын, есебіне қарасаң — рас: жеке бір колхозға ұлы құрылыс тигізетін пайдадан, Жарлы құрылысының бір колхозға тигізетін пайдасында түк те айырма жоқ!.. Соны айта кеп:

Волга немесе Ертіс жер атаулының бәріне жете бермейді, деді Батманов, — Жарлы сияқты ұсақ өзен талай жерде толып жатыр. Солардың бәрін осылай бөгесе бәрі де төңірегіндегі елге осындай пайда береді. Бәрінің пайдасын қосқанда қайда кетеді!.. Ұлы құрылыс деген осы боп шығады!..

Талассыз сөз!.. Іске асатын сөз!.. Болашақтың айнасы сияқты сөз!..

— Мұндай Жарлылар әсіресе біздің Қазақстанда көп, — дейді Батманов, — олардың бәрі де, осы Жарлыдай, кешікпей байиды.

XII. Байлықтың қайнар көзі

Қарқаралыдан біз Абыралы ауданына кеттік, басшымыз, — Қарқаралы ауданындағы Ленин колхозының председателі Қосмағамбет Рысмағамбетов.

Жолда Боқты аталатын аласа, ұзынша тау бар екен, содан аса бере, бір қызыққа кездестік.

Жолдың оң жағында, таудың етегін ала, салт мінген бір адам, жағалай қайырып бір табын қой бағып жүр. Қойдың деңгейінен әрірек етсек, жазық далада, жолдан кило¬метрдей жерде екі мақлұқ шоқиып отыр.

Аз уақыт көз тікеннен кейін, біріміз ол шоқиғандарды ит дедік, біріміз қасқыр дедік.

Неде болса жақындап көруге бұрыла бергенде, шоқиғандар әрі қарай қаша жөнелді, — қасқыр!..

Жазық, құрғақ дала. Күн еңкейіп қалғанмен, қасқырды қуғымыз келсе, қас қараюға көп уақыт бар.

Тура ғап ақылдасқанда, Қосмағамбет қууды өтінді. Онысы заңды да. Мал баққан колхозға қасқырдың залалы орасан, Қосмағамабеттің айтуынша, бір Ленин колхозынан, осы жаздың көктемінен бері қасқыр жеті бұзау, екі құлын, оннан артық қой жеген. Қасқырдың, бұл мал шаруашылығына атам-заманнан істеп келе жатқан қастығы, сондықтан малшылар қасқырдың мейрімсіз дұшпаны...

Қосмағамбеттің де сөзін қимай, өзіміздің де делебеміз қозып, біз тоңқаңдай жазыққа қашып бара жатқан екі қасқырдың артына түсе кеттік. Біз тұра қалған шақта, олар бізді қумайды деп дәмеленген болу керек, қуа жөнелген кезде арттарына жалт қарады да, екі айырылып созыла тартты, бірінің беті — сол жақтағы сайға біткен қалың ши, бірінің беті, — әрірек тұстағы тау. Қайсысын қуу керек?

Бір жорамалда, ши арасында бөлтіріктері болу керек, ендеше, олай қарап тартқан — ұрғашысы; екінші жорамал¬да, «кәрі қасқыр қалтаңға, жас қасқыр жалтаңға» дегендей, шиге тартқаны — кәрісі болу керек; үшінші жорамалда қасқырдың еркегі, әдетте, ұрғашысын құтқарып жіберу үшін, қуғыншының дәмесін зорайтып, көлденеңдей, жақындата қашады, қырға тартқаны соны істеп бара жатыр...

Біздің неде болса к,ырға тартқанын қуғымыз келді. Ол жақ, — жазық. Ойға қашқан қасқыр, біз жеткенше шиге кіріп кететін.

Қырға тартқан қасқырды қуа жөнелдік. Жер жазық, әрі тақтайдай тегіс. Машинаға газ беріп «сексенге» салған кезде алдымызда төрт-бес километрдей келе жатқан қасқырға жақындап қалдық.

Артына алақтай қашқан «батырың» сасайын деді. Ол өзінше күшін іркіп, ақырын шауып келеді екен, машина жақындай бергенде, бар пәрменімен көсіле тартты-ай геп!..

Қасқыр дегенің де жүйрік болады екен. Шофердің айтуынша «ол қазір сағатына 40-50 километрден беріп келеді!..»

Дегенмен машинадан жүйрік пе ол? Ар жағында бес-алты километр шаппай жақындап қалдық. Үлкендігі тайыншадай, Сібірдің нағыз көкжалы екен. Бәлем, ышқына шауып қысылуға айналды..

Ендігі ең қызығы, машинаға бастыру ғой. Бірақ бұрынғы бір көрген тәжрибеде, қашан өкпесі күйіп жығылғанша қасқыр жалт беріп, машинаға бастырмайды...

Бізде «асоавиахим» бар, оғы көп. Ол Қосмағамбеттің қолында. Айтуынша, Қосмағамбет мылтықты жақсы атады.

Машина қасқырға қатарласа бергенде, сол жақ терезені ашқан Қосмағамбет қасқырды тартып кеп жіберді. Оқ тиген белгі көрсетіп, қасқырдың жауырын үстінен қызыл қан жолақтана төмен саулады...

Жанталасқан қасқыр бұрыла жалт беріп, машинаның артын орай қашты. Біз бұрылып соңына түскенше, ол тары үш-төрт километр кетіп қалды. Ендігі тырмысып бара жатқаны — жақындап қалған тау.

Қасқырдың бағына қарай, алдына сортаң шыққан шақат жер кездесті. Машина оған кірсе, қақалып отырып қалуы мүмкін. Біз амалсыз, шақатты орай жүрдік. Қасқыр тік тартты. Оның басқа жаққа бұрылар жәйі жоқ, таудан басқа паналар жері жоқ.

Машинаның аты — машина. Шақаттан шыға, қасқырға ол тағы жетті. Итің болдыруға айналған, тілі аузынан сала құлаш шығып кеткен!..

Жақындай беріп Қосмағамбет тағы атты. Оқ алдын ала түскен сияқтанды, қасқыр орғып түсті, бірақ. бет бұрар шамасы жоқ. Екінші атқанда, қасқырдың бүйірінен қан шықты... ол тауға таянып қалды... Со кезде машина тіпті жақын қатарласып, Қосмағамбет атқанда, қасекең бүктетіліп кеп түсті... машина екпінімен өтіп кетті...

Жалма-жан бұрылсақ, қасқыр өз шабын өзі тістелеп домаланып жатыр екен...

— Басайық! — дедік біріміз.

— Бастан атайын! — деді Қосмағамбет.

Ол дәлдеп атпақ боп машинадан түсе бергенде, қасқыр тура қашып, тауға көтеріле берді... Қосмағамбет тағы атты!..

Бұл оқ тағы да тиді ме, немесе, манағы жараларының сыздауынан ба, жақпар тасты тауға ырғып бара жатқан қасқыр, тағы да жата ғап домаланды...

— Енді өлді! — деп, біз машинадан шыға тауға тырмыстық.

Иттің жан себілі-ай, тағы да ол атып тұрды да, тастан-тасқа секірген қалпымен көзден ғайып болды... со кезде ымырт жабыла бастады...

* * *

Абралы ауданының орталығы, Абралы тауының қойнауында екен. Біз оған түнде жеттік. Көшеде кездесіп үйіне қонуға шақырған аудандық военком, жолдас Сыдықовтың айтуынша қасқырға ататын «асовиахим» оғының басын керту керек екен, сонда ғана ауыр жаралайды екен, әдеттегі оқ, не жүрек, не мидан тимесе, қашан әлі біткенше, қасқыр құламайды.

— Бірақ, — дейді Сыдықов, — ол тастың арасына барып жатады да, қансырап өледі. Оны өзге қасқырлар жеп қояды...

Қасқыр демекші, бұл жақтың тауында, Сыдықовтың айтуынша қасқыр көп, — әсіресе — Абралыда... Олар қысты күні ауылға да шауып, түнде ит аулайтын көрінеді. Рас болса, өткен қыс осы ауылдан қасқыр 20 шақты ит жеген. Ит байғұс сақсынып үріп шықса «қасекең» қағып әкететін көрінеді...

Аудан орталығының аты Қайнар екен. Ол — бұлақ аты.

Биіктен ағады деген бұлақты, ертеңіне салт атпен тауға өрмелеп барып көрдік. Расында ол керемет бұлақ екен. Таудың кеуде тұсындағы бір қуысын екпіндей ағып жатқан жеріне шелек тосып ек, секундына екі рет толтырды да тұрды. Сонда, минутына 120 шелек, сағатына 7 200 шелек, тәулігіне 172 800 шелек... осыны айға, жылға есептесе, қайда кетпек!..

Бірақ, аудан осынша мол суды дұрыс пайдаланбайды. Өзге былай тұрсын, Қайнарда овощь жоқ. Жері — овощтық, су анау!..

Бұл бейқамдықты айтқанда, аудан басшылары ұялған болады, кемшілікті түзетуге уәде берген болады...

Ал енді, дұрыс пайдаланды бар ғой, Қайнардың тамаша тұщы суымен, Қайнар ауылын жасыл орманға бөлеуге де болады, овощты да шаш-етектен өсіруге болады, егіндік, шабындық жерге шығаруға болады...

Пайдалана білсе, Қайнар байлықтың қайнар көзі болуғa даяр тұр.

XIII. Ұлы ақынның басында

Абралыдан біз Шыңғыстауға тарттық. Жолда Абралының «Социалистік Қазақстан» аталатын колхозының егіншілері бар екен. Колхоз председателі Жақыпов Мекішті біз сонда жолықтырдық.

Жасы алпысқа таянған бұл адамның семьясы қызық: үлкен баласы Бақтажар Москва Университетін со жылы бітірмек, екінші баласы Сағи Семейдегі педагогика институтын бітіріп мұғалім боп жүр екен, үшінші баласы Нәби Алматыдағы Қазақ Университетінде оқиды, төртінші баласы Сандуғаш со жылы Қайнарда он жылдықты бітірді, ең кіші баласы Бақытжамал 6-класта оқиды.

— Сонымен, — дейді Мекіш қуланып, балаларының жайын айтып ап, — бала біткенді сабаққа жіберіп, бәйбіше екеуміз Қозыкөрпеш — Баян боп, егін басында жүрміз.

Сонша баланы есірген Гүлзағила жеңгей әлі жап-жас ол егін қырманында, сеялканың құлағын ұзақ күнге талмастан ұршықтай зырылдатады.

Колхозда 83 мың гектар жер бар екен, сонда егетіні НОО-ак, гектар. Малдан: 23 мың қой, 1400 сиыр, 1300 жылқы, 65 түйе.

— Жер көп, — дейді Мекіш, — егіндік жер өте аз, шабындығы да 8 ООО гектардай ғана, өзгесі тек жайылым. Жазды күні болмаса, қысты күні жайылымдық жердің квашен пайда жоқ...

Мұндай жағдай, ұзын тұрқын алғанда, Баян тауынан бастап, Аягөзге дейін созылады, бұл мыңнан астам километр жер. Көлденеңін алсаң, шығыстан Мұғажар тауынан тартылады, бұл екі мың километрдей. Сарыарқа аталатын осы кең, өлкенің аты табылып қойылған. Анда-санда ойдым-ойдым кездеспесе, бұл кең өлкеде, мысалы Сібірде кездесетін егіндік жалпақ жер жоқ. Астының бай кенін айтпағанда, бұл аталған өлке, негізінде малдық қана жер, ойда да көпшілігі жайылым.

Социалистік Қазақстаннан, Абай ауданының шекарасы алыс емес екен, Қызыл ту колхозы іргелес отырады екен.

Біз Шыңғыс тауының желкесіндегі Шаған өзенінен өттік те тауға көтерілдік. Қоңырәулие аталатын тау астындағы келдің үңгірі, жолдан алыс емес екен, бірақ машина бара алмайды екен.

Біз үңгірге жаяу көтеріліп бардық. Таудың еңістеу жеріне көлбей біткен қызық үңгір, өзі тар, денелі кісі қысылып әрең түсетін.

Шаршаңқырап келе жатқан біз үңгірге түспей, тек аузынан ғана үңілдік. Айтушылар үңгір астындағы көлді көлемді де, терең де дейтін еді, сол рас қой деймін, — үңіліп тұрып дыбыс шығарсақ, үнің әлдеқайдағы алысқа жаңғырығып кетеді... Үңгір аузындағы кесек тастарға әр заманда арабша және орысша жазылған кісі аттарының хисабы жоқ...

Жол Шыңғыстан аса, оны бауырлап, тура Абай ауданының орталығы, Қарауылға тартады екен. Қарауыл біз өткен асудан 70-80 километрдей деседі. Тастақ даңғыл жол ғажап, — асфальтіңнен бір кем емес.

Даңғылмен ағызып келе жатқан біздің көзімізге Қарауыл аталатын биік шалынғанда, есімізге Абайдың зираты түсті.

Бұл маңға мен бірнеше рет 1940-жылы, халқымыздың ардақты ақыны Абайдың тууына 95 жыл толуына байланысты, бір топ жазушылармен, бірінші рет Семей жағынан келіп қайтқам. Абайдың зиратын да сол жолы көргем. Ол Қарауылдың теріскей-шығысында, 25 километрдей жерде тұратын. Шилі жазық далаға орнаған зираттың балшықтан соққан төбесі ашық, биік қабырғалары қаңқиып алыстан көрінетін.

Ол біз келе жатқан жолдың бойынан да солай көрінеді екен. Сүйікті ақынның зиратына соқпай кетуге болмайды. Со жаққа қарай ойысқан жіңішке сүрлеумен бұрылдық.

Зиратқа жақындаған сайын, ұлы ақын туралы ой толқи түседі. Заманның шамшырағы болған ол, туған халқының бақытқа жетуін көкседі. Өз заманында бір де арманы іске аспаған Абай, дүниеден зармен өткен кісі. Оның армандары тек Советтік дәуірде ғана түп-түгел және артығымен іске асты.

Абайдың атағын, шын мағынасында, тек Совет өкіметі ғана аспанға көтерді. Революциядан бұрын, баспасөзі жоқ қазақ аулында, қолжазбамен ғана тараған, ол қолжазбалар өзге ел түгіл, қазақтың өзіне де түгел жетпеген Абай шығармалары, Советтік дәуірде, бір емес, әлденеше рет мыңдаған тиражбен басылып, қазақ еліне түгел тарап кетті.

Советтік дәуірде ғана орыс тіліне аударылып басылуы арқылы, Абай шығармаларын бері салғанда бүкіл Совет халқы, әрі салғанда, бүкіл дүние жүзі таныды.

Советтік дәуірде ғана Абай туралы толып жатқан жанрда көркем шығармалар жазылды, мақалалар, монографиялар шықты. Аудандарға, колхоздарға, қалалардың көшелеріне, кітапханаларға театрларға Абайдың аты қойылды, концерттерде Абайдың әндері айтылды...

Советтік дәуірде ғана Абайдың туу немесе өлу даталарына байланысты бірнеше рет юбилей өтті...

Ұзын сөздің қысқасы, туған халқы ғана емес, Абайдың өзі де, тек Советтік дәуірде ұлы бақытқа ие болды!..

Осы ойлардың толқынына жүзіп отырып, Абайдың зиратына жеткенімізді білмей қалыппыз.

Сүрлеу жол бізді ақынның зиратына тура әкелді. Бұрынғы көрген там есігінің, алдында 1940 жылы тууына 95 жыл толуына байланысты, Семейден әкеп қойған сүр мрамор тас; тамның ішінде Абайдың інісі — Оспанның және бірер баланың бейіті.

1945-жылы, Абайдың тууына жүз жыл толуына байланысты, үкімет берген қаражатқа Семей облысының басқарушылары, Абай қабірінің үстіне кірпіштен зират жасатқан екен, онысының ескерткіш сиқы жоқ.

Зират маңындағы Абайдың бұрынғы қыстауын тәртіпке келтіру және қабірінің үстіне ескерткіш орнатуға үкімет 1945-жылы жүз мың сом берген, сонша мол қаражатқа жергілікті ұйымдар көз тоқтарлық ештеңе істей алмапты. Қыстауды түзетулері, тек күлерлік қана іс!..

Москвада, «Ново-девичьи Монастырь» аталатын қабрыстан бар, сондағы мастерскойде ескерткіш жасауға заказ алады. 50-60 мыңға қалаған түсті мрамордан жасаған ескерткіштердің көркемдігі адамды қайран қалдырады. Семей бастықтарының басына бұл ой кірмеген.

Енді, биыл, 1954-жылы, Абайдың қайтыс болуына 50 жыл толуын мерекелеу туралы үкімет алған қаулы бойынша Семей бастықтары жасаған олақтық пен салақтық түңіліп, Абайға арналып зиратының басына да, Семейге де, Алматыға да ауыз толтыра айтарлық, ескерткіштер салынбақ...

Ол күні біз Абай ауданының орталығы — Қарауылға бардық та, ертеңіне Аягөзге жөн тарттық, маршрутымыз: Аягөз, Үржар, Талдықорған, Алматы...

Бұл бетте біз бөгелмек емеспіз, өйткені, негізгі мақсат Жаны аралау еді, оны азды-көпті көрдік. Арқаның бұл шеттегі шеті — Аягөз, одан әрі Жетісудың жері басталады...

Біз жолға шықтық.

Заула, машина!..

1952 — 1954 ж.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама