Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Азғын

1

Н... қаласында анда-санда қойылатын сауық-кештерінде Мырзабек тақпақ сөйлемей қоймайтын.

Қарапайым кісімен Мырзабектің тақпағы бір емес. Тақпақ сөйлеуге келгенде оның көзі де, аузы да, қас пен қабағы да, денесінің қимылы да бұрынғы Мырзабек болып шықпайды, бақырайып алдында қарап отырғаныңмен көзіңе әлдекімді елестетіп жібереді.

— Қалай еді? — десеңіз. — Былай:

Сахнаға шыға келгенде ол дөңгелек қара көзін қысыңқырап, сопақтау келген ұрт етін үрген көріктей желдендіріңкіреп біресе аузын ашып ақситыңқырап, маңдайының терісін жиырыңқырап жылмия қояды. Минут өтпей шошыған адамдай селтең ете түседі де, аузын томпитып, мұрнын шүйіріп, қабағын түйіп, түсін суытып, көзін әлденеге қадалтып, денесін кірпідей жиырып алады. Мырзабек ол қалпында да ұзақ тұрмай, борандай түтеген ашулы кескіні, жылжып аққан бұлақтай бәсеңдеп келіп, дағдылы қалпына түседі. Мұның бәрі тақпақ сөйлер алдындағы құбылысы.

Сөйлерден бұрын дағдылы қалпына түскен Мырзабек, сөйлегеннен кейін тағы да өзгереді. Оның әдеттегі даусы мөңіреген сиырдай барылдап, арғы жағында жетім қақырық тұрған сықылды болатын. Бір сөзге бір сөзді қоспай жыпыңдатып кететін мына даусы ол емес, сыбызғыдай нәзік, жібектей созылғақ.

Мырзабектің бұл көріністері әуелгі кезде тыңдаған, көргендерге таңсық болғанымен, артынан үйреншікті әдет болып кетті. Көшедегі балаларға шейін «Мырзабек болайын ба?» деп бет-аузын, денесін қиқаңдатуға айналды. Расында бұны қызық көрген жұрт кейін «белгілі қиқаң» деп, немқұрайды кескінмен тыңдауға айналды.

Жұрттың бұлай деуіне тағы бір себеп, — Мырзабектің қайда болса да бір өлеңді айта беретіндігі еді. Ол:

«Махаббат бір тікенек,
Жүрекке барып қадалар.
Бақытсыз ғой ол жүрек,
Сорғалап одан қан ағар!..»

Мырзабек «барлық өмірдің шешілмеген жұмбағы, әлемге біткен шындық, тілдің барып -барып жеткен шегі, осы өлең ғана» деп біледі. Бұл өлеңді айтарда күлімсірейтін себебі, көз алдына: шашы тізесіне түскен қара, он, жақ бетінде дөңгелек қара меңі бар, қыр мұрын, дөңгелек жүз, қызыл шырайлы, қара көз, қара қас, ұзын кірпік, қаз мойын, оймақ ауыз, қыпша бел, сүйрік саусақ, орта бойлы, талдырмаш денелі бір қыз елестей қалады. Қыз әуелі құшағын жайып, көзін жұмып, басын шалқитып, шашын желкесінен жерге төгіп Мырзабекке жақындайды. Мырзабектің сөйлеп тұрып бір аттап қалатыны — алдындағы аруды құшақтай алғысы келеді; бірақ, құшағына әне ілікті, міне ілікті деген кезде қыз шошыған киіктей ыта жөнеліп, Мырзабектің қолын ілектірмейді. Кенеттен ашулы кейіпке түсе қалатыны да осыдан. Осының бәрін елестететін жоғарғы бір ауыз өлең. Бұл өлеңді айтса-ақ оның ойына талай сұлу елестейді. Мырзабектің, бір қызды осылай сүйгісі, жан -тәнін бергісі, өзі ойлағандай бір арудың құшағында ләззәтті өмірін өткізгісі келеді. Сүймеген жүректі, сүйіспеген көңілді, Мырзабек ақылына сыйғыза алмайды. Сүйіспейтін, сүю жолында құса болып өлмейтін жан болуға мүмкін емес деп ойлайды.

2

Мырзабек бүгін қызметкер әйелін шаршатты. Талай жағалар, көйлектер, галстуктар, костюмдер әлденеше өтектелді.

«Ол ең кеміне үш сағаттай

Айна алдында сәнденді...»

деген Пушкиннің өлеңі ойында тұр. Айна алдында құбылды. Жүрді. Түзелді. Иісмайланды. Бұл да айна алдында кеміне екі-үш сағат тұрды. Киімін киініп болып білек сағатына қараса, қызына жолығатын мезгіліне 45 минут бар екен. Күн қыс, әрі суық еді, далада тоңазығанша үйде отыра тұрайын деп, ілулі тұрған мандолинін алды да, әлде не әнді шыңғырлата ойнап, төсегіне қисая кетті.

Төсекке жамбасы тимей-ақ көз алдында топталған ойлар тізбектеле қалды:

Шоқшалау сақалы, таңқы мұрты бар, үстіне қой жүні күпі киген, мұрнынан сорасы ағып, жұмыс соңында жүрген алпыстағы әкесі Сөмпек елестеді.

Маңдайында жасымда жылқы тепкеннен түскен таңбасы бар, беті жолақ-жолақ әжімді, беліне өгіздің бел жібін байлап, түтінге булығып біреудің жұмысын істеп жүрген елудегі бәйбішесі Домалақ елестеді.

Бір мүйізі қисық, қортық, алабел егізі, сабалақ құйрық қара иті, тарғыл мысығы, арық көк байталы, мыжырайған қора-қопсысы, құрым үйі елестеді.

Шашы дударланған, жыртық киімді, башпайы жұлығынан жылтырап шығып, байдың баласын ойнатып жүрген он төрт жасар қарындасы Әлима елестеді. Ауыл-үй, тамыр -таныс, ілік-шатыс бәрі де бір-бірлеп өтіп жатты. Бір уақытта қолында жетектеген жеті жасар баласы бар, көзінен от шашыраған қарасұрлау бір жас әйел елестей бергенде, шошыған кісідей Мырзабек мандолинін тастай беріп теріс қарап кетті. Қарасұр әйелдің қарағаны көкірегінен атып жібергендей болды.

Ол әйел Мырзабектің бір кездегі әйелі болатын. Аты Дәметкен. Дәметкенді Сөмпек Мырзабекке бесігінде айттырған. Екеуі түйдей жасты. Сөмпек өзі қарақасқа кедей болғанымен, Мырзабекті кімнен де болса кем қылып өсірген жоқ та. Орыс поселкесінің малын жаяу бағып жүріп Мырзабекті ол орысша оқытқан. Мырзабек он алтыға келгенде қызық көремін деп Сөмпек келінін қолына алмақ болған еді, әкесі Сағынай айнып кетті. Өйтетін себебі, Сөмпек алғаш құда болғанда Сағынай да сіңірі шыққан кедей болатын. О да орыс селосында мал бағатын. Артынан Сағынай, кенет тез байып кетті. Жұрт оны «орыстың саудагерінің түсіп қалған ақшасын тауып апты» деген қауесет шығарды. Қалай байыса да Сағынай үстіне ақ үй тігіп, алдына үйірлеген мал түліктерін салып, еліне көшіп кетті.

Бірақ Дәметкеннің көңілі Мырзабектен кетпеді. Намысын жоқтаған Мырзабекпен ол оңашада ретін тауып жолықты да, малын емес, басын, жігітшілігін сыйлап, дұшпанына мерт қылмай бір түнде жоқ болды. Әкесі қызының бұл қылығына өкпеледі де, «өлмесең жаның шықсын» деп, қарада бойын көрмей кетті.

Мырзабек Дәметкенмен екі-үш жыл отасты. Араларынан бір ұл туды, аты — Серік.

Бұрын орыстың бастауыш мектебін бітірген Мырзабек, Колчак тұсында бір қыс оқып, онан кейін советтік дәуірде екі жыл оқып, орта дәрежелі білім алды. Бұл жылдарда Мырзабек Дәметкенді, Дәметкен Мырзабекті шын жүректен сүйді. Дәметкен кейде ойнап «сен оқып жүрсің ғой, бір күні мені тастап оқыған әйел аласың ғой» дегенде, жорта ма, болмаса шыны ма, Мырзабек ашуланып қалатын еді.

Бір күні Мырзабек үлкен мектептердің біреуіне барам деп күзге қарай жиналды. Бұрын ондай алыс жолға шықпаған Мырзабекті үй іші де, Дәметкен де жібергісі келмей көп әуре ғып, ақыры Мырзабек жеңді де бет алған жолына жүріп кетті. Ол жолы оқуға іліге алмаған Мырзабек, орталықтағы бір қызметке тұрды. Сол бетімен ол жоғарылап, ақырында «үлкен» бір қызметтің биігіне шықты. Бұл жолда бес-алты жыл жүрген ол, «жұмыстан қолы тимей» үйіне оралмады.

Сөмпектің баяғы күні күн. Сақалынан жасы шұбырып, әлі де байдың малын жаяу бағуда. Шешесі Домалақ та сол күйде. Күйеуі бес-алты жыл келмей безгенімен, Дәметкен Серігін ермек қып, бұзылмай-жарылмай әлі отыр. Мырзабек Сағынайға хат жазып «маған байдың қызы керегі жоқ, Дәметкенді алып кет» деп хабар айтты. Сағынай бұл сөзді ести сала шауып барып Дәметкенді алып қайтайын деп еді, Дәметкен: «менің маңдайыма жазған үй осы үй, келмесе кетсін, Серік бар, ата-енемді күтіп отырамын» деп әкесін қайырып жіберді.

Аударылып жатқан Мырзабекке елестеген Дәметкеннің ұшқынды кішкене қара көзі қадалып «имансыз, ұждансыз, неге тастадың мені? Не кінәм бар еді алдыңда? Мен сенің басыңды, жігітшілігіңді сыйлап, бай әкемнің азғырғанына қарамап едім ғой, ұятың, адамшылығың қайда? Жұдырықтай балаңды, бейнеттегі сорлы әке-шешеңді неліктен тиын құрлы көрмедің?..» деген кісіше аржағынан тесіп өтіп кете жаздады. Мырзабек шыдай алмады, өкпесі алқынып аузына келді. Ұяттан қызған беті өртке шарпылғандай дуылдап кетті. Өзінен өзі ұялып түрегелді. Сағатына қараса, мезгіл өтіп бара жатыр екен, ішінен күбірлеп «Ойы құрғыр қайдан келді, уақытты өткізіп ала жаздаппын ғой!.. Лөля өкпелеп жатқан шығар» — деп, үстінен басқан ауыр ойды лақтырып тастады да, кілтін жауып үйінен шыға жөнелді.

3

Лөля X... мекемесінде қызмет қылатын әйел еді. Онша асып кеткен түр-тұлғасы жоқ: мұрны ұзын, шықшыты қысыңқы, көзі үңгірлеу, саусақтары қысқалау быртық, кемиек, жауырыны қушық, сирағы ұзын, кеудесі қысқа, бойы арықтау талдырмаш. Бірақ, сол қалпында Лөля барып тұрған кербез, барып тұрған тәкаппар. Бойына бітпеген сұлулықты ол қолынан жасап алады: қуқыл ернін қызыл далаппен қан-қызыл ғып бояйды, қою қоңыр қасын қылдырықтай ғып жіп-жіңішке ғып асты-үстінен қырғызады, ұзын кірпіктерін қайшы жақтарына қарай қайқайтады, сүрме тартқан шегірлеу көздері қарауыта мөлдірленіп кетеді, опаның үстіне қызыл өңлік жағылғанда, сұрғылт беті қызыл шырайланып кетеді, екі шықшытынан бұйраланып түскен самай шаштары, сопақтау бетін, қара бұйра бұлт арасынан сығалаған айдай жарқыратып жібереді, күрең қасқалай бояған тырнақтары сүйрие ұшталады...

«Ағаш жапырақ, адам көркі — шүберек». Бұл қалада Лөлядан сәнді киінетін және асыл тас, асыл металлдармен безенетін әйел жоқ. Оның үстіне «иісі күндік жерге мол жететін» иісмаймен бұрқырайды да жүреді.

Мұнша сәнденетін қаражатты Лөлянің қайдан табатынын жұрт айтпай-ақ біледі. Ол осы қаладағы атақты мал саудагерінің және ірі байдың қызы. Бойжеткен оны әкесі оны бір офицерге бергелі жүргенде азамат соғысы басталады да, ақтарға жақтас болған әке де, күйеу де эмиграцияға кетті. Лөля өзіне тетелес апасымен, туған жерінде қалып қойды.

Ақылды және көрікті апасы тез күйеу тапты, және анау-мынауды емес, «топтан таңдап атқан текедей» coвет қызметкерінің дыңдай біреуіне тиді. Бұл үйлену, Лөляға да үш жақтан өмір жолын ашты: бірінші — «комиссардың балдызы» болғандықтан, енді оны «жатсын» деп ешкім көзге шұқи алмайды; екінші — тіршілік жағынан қамтамасыз етілген ол, ерді асықпай-ақ іздеп, аптықпай-ақ таңдайды; үшінші — сырт панасына апасы мен жездесі де жарайды, өзі өлгенше киініп-ішінуіне, өзі тығып ұстайтын алтын-күмістері мен асыл тастарының артығы да жетеді... Ендеше, күйеуді шекеден шертіп жүріп таңдау керек...

Н... қаласындағы шекшығар бозбалада Лөляға қызықпайтыны болған жоқ. Біреулері көргеніне, біреулері сөйлескеніне, біреулері жұғысып кеткеніне мәз болады да жүреді. Қолы жетпей ме, болмаса расы ма, кейбір бозбалалар «кәрі екен, бетіне әжім кіріп қалыпты, әуелде сұлу көрінсе артынан жоламай кеттім» деп қомпиып қалады. Соның бірі Мырзабек.

«Таласқан бозбаладан жеңіп әкеттім» деп Мырзабек бір кезде мақтануға айналды. Онысы өтірік. Мырзабектің ауыз байлығы болмаса, қызды ұршықтай тез үйіріп әкететін өнері болмайтын. Лөляға оның қолын жеткізген адам — құрдасы Қасым. Әне ол бір көргенде -ақ, қызды құйындай үйіріп әкетеді.

Мырзабектің жақын танысқаннан кейін Лөлясіз ішкені ас болмады. Оны көрмей отыра алмады. Лөля сықылды адам баласы сөйлей алады, сақылдап күле алады, белін бұралтып, бөксесін ырғалаңдатып жүре алады, көзін төңкеріп қарай алады деп Мырзабек үш ұйықтаса ойына алмады.

Лөлясы құрғыр да мұның ырқын таба білді. «Мой киргизонок» деп Мырзабекті арқаға қағып, аузын жақындата беріп, Мырзабек сүйейін деп ернін тосса, «нет извините, еще рано» деп құмарландырды да жүрді.

Көп күндер осылай өткеннен кейін, бір күні Лөляның аузынан, — «мен сені сүйемін, менің бақытым жалғыз саған ғана байланысты, менің жүрегім сенің жүрегіңмен үйлеседі, ендігі түйін, — тек ЗАГС-та ғана» дегенді айтты. «Оның күні қашан?» деген сұрауға, «өзім айтам» деп жауап берді Лөля.

Лөлянің күткен күні тез туды: Мырзабек наркомның бірі боп тағайындалды да, газет арқылы бұл хабар тез тарай қалды. Қуанған топтың бірі боп, газетті Лөля да оқыды. Оның күтіп жүргені осы хабар еді. — «Наркомша» болу оның ең зор арманы да. Мырзабекке де ол осындай «дәрежеден» үміті бар жігіт деп қызығатын. Өмірбаянына қараса, егер Мырзабектің қолы наркомдікке бір іліксе, тез төмендей қоймайды, «бағы» ұзаққа созылады... Мінезіне қараса, Мырзабекті ықпалына көндіріп алу оңай... Ендеше, құшағынан өмірлік босатпайтын бұндай «бақытқа» неге қызықпайды ол?..

Мырзабектің нарком болғанын ести сала, Лөля жездесінің үйінен телефон арқылы құттықтап алды, кешке бақша ішінде жолығатын сағатын айтты.

Мырзабектің асыққан себебі осы еді...

4

Үлкен зал. Төрде айна. Ортада үсті ыдысқа толы стол. Жағалай орындық. Есік қағып «мүмкін бе?», оған қарсы «кіріңіз!» деген дауыстар әлсін-әлсін естіледі. Тойға «айыпты» Мырзабек пен Лөля. Мырзабек қонақтарын қарсы алып жүгіріп жүр. Жаңа түскен жас келіншек Лөля шошаңдай қоймай, қонаққа келгендерді әдемі қимыл, ойнақы қаспен ғана

қабылдады. Той басталды. Айына екі жүз сомға жақын черновец алатын Мырзабек бүгіннен не жанын аясын. Нелер түрлі арақ, неше түрлі жеміс, басқа да дәмді ішім -жемдіктер стол үстіне әрең сыйды. Өңшең жастың басы қосылып қызғаннан кейін сөз дүкені де қозды. Лөлянің арақ ішетін көңілі жоқ еді, біреу ананың, біреу мынаның құрметіне ішіңіз деп қыстап, о да аз уақытта қызып қалды. Топтың ішінде бойын бағыңқырап отырған Мырзабек. Қанша сүйіп қосылғанмен Лөляні сыншы деп біліп сыр білдірмегелі отыр. Бұл бір. Екінші жағынан Сейіл дейтін жігіттің Лөлямен жақын едім деген сөзін ерте кезде естіген еді. Егер ол қауесет шын болса, мас күйінде неғып сыр бермес екен деген ой бір бүйірінде тағы жатыр.

Жұрт ерсіл-қарсыл жүре бастады. Біреулер билеуге, біреулер өлең айтуға, біреулер сандырақтауға айналды. Думанмен араласып сый көрсетіп жүрген Мырзабектің бір кезде көзіне сып етіп екінші бөлмеге кіріп кеткен Сейіл көрінді. Лөля да сонда кеткен. Күдіктенген Мырзабек көлденең кісілерге сыр бермей, аңсызда есікті ашып қалып еді, Сейіл Лөляні құшақтап сүйіп тұр екен. Мырзабектің іші мұздай болып кетті. «Мастығым, менде айып жоқ» деген кісіше Лөля Мырзабекті құшағын жазып жүгіріп кеп бассалды. Мырзабек ішінен «бүгінгі сынымнан түгел өтсең өмірлік жолдас болдың, болмаса алдандым» ғой деді.

5

Кішкене ғана қара домалақ бала Лөляға апыл-тапыл басып «мама!» деп ұмтылып еді, «кет әрі!» деп қағып жібергенде ұшып түсті. Төрде шашын шалқасынан қайырып, шылымының түтінін дөңгелете ұшырып отырған аққұба жігіт, бақырып қоя берген балаға таңданғандай, үлкен қара кезін төңкере қарады.

— Неге ұрасың? — деді жігіт Лөляға, баланы қолына көтеріп ап — сен оны, әлде сүймеймісің?

— Қарауға жеркенем! — деді Лөля, жігіт ұсынған баланы қолына алмай.

— Ендеше неге тудың? — деді жігіт жымия қарап тұрып.

— Тууға ойлаппын ба мен? — деді Лөля кейіген кескінмен теріс қарап, — тағдырдың мойныма артқан азабы бұл!.. Кухняға шығарып бер!..

Жігіт баланы кухняға шығарып қайта кірсе, Лөля шылымды бопылдата қатты сорып, құмыға жұтқан түтінді екпіндей үрлеумен, аузы мен мұрнынан бөлшектей ұшырып отыр екен.

— Тынышталдың ба, Лөля! — деді жігіт, сүзіле, жымия қарап.

Лөля жауап бермей, шылымын сора түсті...

Оның қазір бере қояр жауабы да жоқ. Бала күннен досы санайтын бұл жігіт, Лөля Мырзабекке шығуын ақылдасқанда:

— Өзің білесің, — деген еді жігіт, — менімше бұл неке ұзаққа созылмайды. Советтік құрылыс сүйенетін диалектика заңында «бәрі ағады, бәрі өзгереді». Ендеше, ерте ме, кеш пе, сенің ғашығыңның да наркомдығы өзгереді. Сонда сен қайтпексің?

— Оған дейін сыбағамды алып үлгерем, — деген Лөля күліп.

Лөля сол мақсатына тез жетті де. Еркін тез билеп алған Мырзабекке ол үй тұрмысында ғана емес, мемлекет ісінде де қожа болды. Ең алдымен, нарком қарамағындағы екі сұлу жирен атқа жегілетін әдемі фаэтонды үнемі Лөля мініп, Мырзабектің өзі жаяу жүрді. Кеңседегі төрт-бес ажарлы кілемнің көбі Лөлянің бөлмелерін сәндеді. Тәуір мебельдердің де көбі сол пәтерге барды. Онымен ғана қанағаттанбаған Лөля Мырзабектің қалтасын қағып, ананы әпер, мынаны әперден көзін ашырған жоқ. «Сүйген жардың» көңілін қимаймын деп, кеңсе алдында борышқа белшесінен батқанын Мырзабек сезбей де қалды.

Кеңсе алдында Мырзабек одан да ауыр қылмысқа килікті. «Қызметке ананы ал, мынаны ал» деп жүріп, Лөля көңілдегі көп адамын өткізіп жіберді.

Совет кеңсесі мұнша өзімсінуге шыдамай, тиісті жерлерге сигнал беріп, жұмысшы -крестьян инспекциясы тексеріп қалғанда, барлық мін шодырайып шыға келді.

Қызметтен босануы анықталған Мырзабектің алдында екі таңдаудың бірі тұрды: не мекеменің борышын төлеу, не сотталу.

Бастапқысын таңдау, Мырзабек пен Лөлянің арасына от жақты: Мырзабекке салса сатыну, Лөляға салса сатынбау.

Жан керек болған Мырзабек, қарсылығына қарамай, ішіне Лөлянің да біраз қымбаттыларын қоса сатынып – сұғынып, борыштан әрең дегенде азат болды.

Сол күннен бастап, Лөляның басына үш қайғы оралды: біріншісі — уысымнан шықпайды деген күйеуінің құрық алып кетуі, екіншісі — олжаға баттым деп жүргенде аз мүлкінің біразынан айрылуы, үшіншісі — күн көрістің шағындалуы.

Бұндай халде, бұрын да сүйіп тимеген Мырзабекпен енді өмір сүруінде мағына жоқ сияқты. Сондай ойға келгенмен, бірнеше жылдан бері сіңісіп қалған жардан айырылу да оңай емес, оған бірталай жағдайлар және себептер керек.

Солайша толқи бастаған кезде, өзінен туған баланы ішіне қоса Мырзабек пәтері түгелімен тікендей көрінді, оның жігіт көзінше баласын сабаған себебі де осы. Сөйтіп жүріп алшақтатып алған араларын енді қалай жақындатуына Лөлянің көзі жетпейді, себебі — жігіт те қазір үйлі-баранды болып қалған адам. Оны жігіттің өзі де жасырмай, соңғы кезде Лөляға жақындасып, оның халін түсінген, аяған болғанда айтар есіркеуі — тағдырдың бізге ендігі жазғаны астыртын аралас болу ғана. Лөлянің өз ойы да осы. Мырзабектің көзі тайса-ақ, бұл үйге жігіттің келе қалу себебі де, екі көңілдің осылайша бір жерден түйісуінен...

6

Ұзаққа созылады деген бұл арамдық көңілдің өрісі, ойда жоқ бір себеппен қысқара қалды. Бар арамдықты ішіне жинап алған Лөля, Мырзабекті бетінің жалған бояуымен алдап жүрген күндердің біреуінде, бұл үйдің есігі шиқылдай қалды. Мезгіл — жаз. Күн ыстық.

— Мүмкін бе? — деген дауыс естілді сырттан.

— Кіріңіз! — десті Мырзабек пен Лөля қосынан.

Кеудесінде бөктерген бұлғары қоржыны бар почта тасушы үйге кірді де, бір жапырақ қағазды қолына ұстап:

— Сөмпеков осында ма? — деді.

— Иә, менмін, — деді Мырзабек.

— Сізге телеграмма.

Қолына алған телеграмманы Мырзабек ашып оқып жіберіп, қуқылдана қалды.

— О, қайдан? — деді Лөля.

— Жәй.

— Жәй телеграмма бола ма? Қайдан?

Мырзабек телеграмманы үндеместен терезеге қоя салып еді, Лөля жылдамдата басып барды да, оқып жіберіп:

— Бұларың кім? Сөмпегің әкең бе? Ол неге келеді? Шақыртып па едің? Шешең де бар депті ғой. Маған айтпай шақыртуға қандай хақың бар?! — деді Мырзабекке төніп кеп.

«Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дегендей, Мырзабек сөйлемей жеңейін деді де төр үйге кіріп, төсегіне жантая кетті. Желді күнгі түндіктей кеудесі басылып-көтеріліп, танауы желпеңдеген Лөля, сөйлеуге шамасы жоқ адамдай, барқыт диванның жұмсақ жастығына арқасын тіреп, қолдарын қырына арта, шалқая отырады.

Лөлядан қорқып жұмған Мырзабектің көзіне: алыстағы көшпелі ауылдан түйемен шыққан кемпір-шалдың бұл қалаға қалай жету картиналары елестеп кетті. Сол ойға шомған оның құлағына, әке-шешесі есігінің алдына келіп қалғандай сезіліп, жұмған көзін ашып алды.

— Мырзабек! — деді Лөля сол кезде, — кім бұларың?

— Әкем мен шешем...

— Олар неге келеді?

— Баласына келеді де.

— Мен оларды бұл үйге кіргізбеймін, — деді Лөля, — басқа бір үйге түссін. Бірақ, өзің қарсы алмайсың.

— Кім қарсы алады?

— Жұмса біреуді...

— Кімді?

— Оны өзің білесің.

Ол күнгі кеңес сонымен бітті. Ертеңіне пойызды қарсы алады-ау деген шақта, Лөля Мырзабектің кеңсесіне барды да, оңаша шығарып ап, бұйрығын айтты:

— Бармайсың деген соң бармайсың, — деді ол, — егер бұны істемесең, не асылып, не у ішіп өлем де, жаласын саған жауып, басыңды абақтыда шірітем.

Мырзабек қорқып қалды, мінезіне қарағанда оны істейді деп ойлады.

Егер, — деді Лөля, — басыңа жамандық шақырғың келмесе, өзің қозғалма да, әке -шешеңнің алдынан кісі жіберіп, таныс біреуіңнің үйіне түсір. Өзің кешке бар. Жыныма тимей тез қайтар оларды. Маған көрсетпе!..

Мырзабекті ол осыған көндіріп, уәдесін алды...

7

Қолпырайған үлкен қой жүн күпісі бар, аяғында байпақты бастама етігі бар, басында тыстама лақ терісінен істеген көне бөркі бар, белінде ширатқан мата жіп белбеуі бар бурыл сақал, денелі, еңкек бір шалмен, өңірі жамалған қара-тозбас камзолы, шажамайынан басқан кебісті, кір жаулықты, қолына кішкене қапшық көтерген бір кемпір, — Мырзабек үйінің алдына келіп сағат екіде түсе қалды. Бұлар Мырзабектің әкесі мен шешесі еді.

- Осы үй ме?-деді Сөмпек алып келген жігітке.

- Осы! – деді жігіт.

Мырзабектің жұмсауымен вокзалдан қарсы алған бұл жігіт, кемпір мен шалды әлдекімнің үйіне апармақ еді, жолаушылар: "баламыздың үйі тұрғанда, басқаға түсуші ме ек?" деп көнбеді, жігіт оларды амалсыздан Мырзабектің үйіне алып келді.

«Балаңның үйі осы» дегенде көптен сағынған ананың жүрегі шыдай алмай көз жасы домалап кетті. Даусы шығып кете жаздап еді, Сөмпек «неге жылайсың? Қазір балаңды көресің. Ұят болады!» деп білгірсіді. Шәрлі жердің үйіне кіргенде есігін қағу керек дегенді Сөмпектің құлағы шалған еді, сондықтан, көше жақтағы есіктің басқышына шықты да есік қақты. Бұрын мұндай басқышты көрмеген кемпір, — құлап кетпе деп шалына ақыл айтқан болды.

Сөмпек әуелі ақырын қақты, — үн жоқ. Қаттырақ қақты, үн жоқ. Сөмпек ызаланған кісідей сіңірі шыққан жуан жұдырығымен есікті періп-періп қалды. Есіктің, топшасы шығып кете жаздады. Лөляның қыңсылаған күшіктей жіңішке даусы аржағынан шаңқ ете түсті:

— Бұл кім? — деді ол.

— Мен Сөмпек.

— Кім керек?

— Мырзабек осында тұра ма?

— Осында. Бірақ, өзі үйде жоқ.

— Сен кімсің?

— Онда сенің жұмысың жоқ.

— Есікті аш! — деді Сөмпек.

— Жоқ, ашпаймын! — деп Лөля ішке кетті.

— Бұл кім өзі?! — деді жігітке Сөмпек — жөнін де айтпайды, есікті де ашпайды!..

Лөляның қылығына іштей ыза болған жігіт, одан әрі не боларын күткендей үндемеді.

— Кім болса да баламның үйінде не ақысы бар? — деп кемпір ашумен есікті тартып қалғанда, ілгешегі үзілді де ашылып кетті. Шашы үрпиген Лөля, ентелеп кіре берген кемпірді итеріп қалып еді, басқыштан домалай жығылып, бет-аузын қарағай тіліп кетті, әжімді кәрі кескінінен қан шапшып шыға келді. Кемпір «өлдім!..» деп бақырып қоя берді. Жігіт оны ұстай ап, сүйемелдеп тұрғызды.

— Бұл кім өзі? — деді, бетінен қаны сорғалаған кемпір, денесін сүйеген жігітке.

— Келінің! — деді жігіт.

— Не дейді?! — деп кемпір шошып кетті.

— Келмейік деп құдайдың зарын қылдым, — деді ызаға булығып тұрған Сөмпек. — Ынтаң құрыды да тұрды. Сыйыңды алдың міне!

— Өз обалым өзіме! — деп кемпір кішкене қапшықшасын арқалап көшемен келген жағына қарай бет алды. Сөмпек те соңына ерді. Қабақтарын қайғы жауып, шал мен кемпір жыласып келе жатыр еді, анадайдан сидаңдаған біреу көрінді.

— Балаң! — деді Сөмпек.

Мырзабек жақындай бергенде кемпір жаулықты жұлып қолына алды. Екі бетке тырнақты салып жіберіп тіліп тастады. Мырзабек «апа, не болды? деуіне қарамай, омырауын жыртып жіберіп, тозған торсықтай екі емшегін шығарып алды да, көкке сауып:

«Көк көкаршын, көкаршын,

Көкке жаяр құлашын.

Мені бүйтіп жылатқан,

Мендей болып жыласын!».

деп дауыс қылып көшені басына көтерді. Сөзін «тумай кет, тумай кет, ақ сүтімнен садаға кет, кешпеймін ойбай, кешпеймін».

«Тоғыз ай, он күн көтергем,

Көтерген екем бекер мен!

Сүйткен құлыным мынадай,

Енді қалай етермін!»

деп жылады ол. Екі емшегін қолына ұстап, сүтін көкке атқан кемпір, жалынған баласының сөзін құлағына ілмей бозарып талып кетті.

Сөмпек қап-қара түнектей қатты да қалды.

— Жылама! — деді ол есін жинаңқыраған әйеліне, — ақ сүтің ұpap, азғын балаңды!.. Жүр, қайтайық!

Талықсыған кемпір сүйретіліп түрегелді. Қоршаған жұрттан біреу күлді, біреу жылады... Сөмпек бір бет, айтқанынан қайтпайтын адам еді, сондықтан, жалынған Мырзабекке айтқаны:

— «Жақсы ит те өлімтігін көрсетпей өледі». Неше жыл асырағам. Күткем. Қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытқам жоқ-ты. Табанымды шегір тіліп, жаяу мал бағып жүргенде де сені тең құрбыңнан кем қылмағам. Мың шақырым жерден әдейі іздеп келдім. Пойызға мінерде телеграмм бергіздім. Неге алдымнан шықпайсың? Неге танымай кеттің? Жаман да болсам әкең емес пе едім? Мынау шешең емес пе еді? Бетін даладай қан қылған келінге бұл енді қалай барады? Сыйың, жетті. Күттің. Өзің осындай сыйға жолық! Сен менен тумаған екенсің. Ниетің қарайған екен. Өзім аш жүріп, сені тоқ қылған күндерім, жетілген соң есіңнен шыққан екен! Көзіңнен шықсын, ниетіңнен тап! Енеңнің ақ сүті ұрсын! Жүр қатын, елде өлейік. Сағынған жүрек адыра қалсын, бекер сағынған!

Сөмпек кездескен бір көлікті жалдады да келген ізімен бip-ақ тартты.

Алдын ойламай алаңғасарлық істеген Мырзабек, өмірдің, не шыңырауына түскенін енді айқын түсінгендей, әкесінің аузынан әлгінде шыққан «азғын» деген сөзді даусын шығара қайталап:

— Иә, мен азғынмын! — деді өзіне өзі, — өмірдің жүрер жолын білмеген маған осы керек!..

Оның басы айналып, жүрегі лоблып кетті.

Күн түсте айнадай жарқырап, баласын көре келе жатқандардың қуанышын құттықтаған сықылды еді. Енді жерде емшегін қолына алып назаланған кемпірдің даусына сілкінгендей болды. Бұлыт қоюлана қалды. Кемпірдің іштегі жалынымын дегендей, әр жерде бұлытты жарып нажағай оты жарқ-жұрқ етті...

Декабрь, 1927 ж.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама