Археология, этнология және музеология кафедрасына 50 жыл!
Биылғы жылы қарашаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Тарих факультетінің Археология, этнология және музеология кафедрасына 50 жыл!
1971 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің ректоры У. А. Жолдасбековтың ұсынысы бойынша ең алғаш Қазақстанда тарих факультетінде археология және этнология кафедрасы болып ашылды.
Бұл маманданған кафедраның ашылуына Қазақстандағы археологиялық, этнологиялық ғылымның интенсивті дамуы әсер етті. Әсіресе ХХ ғ. екінші жартысындағы маманданған археологтар мен этнографтар талап етілді. Кафедрада университеттегі тарих факультетінің археологиялық және этнографиялық мұражайына негіз болған археология және этнография кабинеті құрылды. Кафедраның құрылған күніннен бастап, Қазақстандағы әйгілі ғалымдар басқарды. 1971 жылдан бастап 1974 жылға дейін Қазақстан археологиясының көш басында тұрған, қазақ ғалымдарының арасындағы археология саласында ең бірінші кәсіби білім алған, жеріміздің көне дәуір ескерткіштерін зерттеуде көп еңбек еткен ғалым, ұстаз Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев шақырылды. Кейіндері кафедраға ғалымның шәкіртері басшылық жасады. Атап айтар болсақ, 1974 жылдан бастап 1988 жылдар аралығында өзінің бүкіл саналы ғұмырында түрік халықтарының тарихын, этнологиясын, археологиясын зерттеген ғалым, білікті маман, ұлағатты ұстаз Ұлы Отан соғысының ардагері Уахит Хамзаұлы Шәлекеновтің жетекшілігінде болды. Ғалымның атқарған ғылыми, оқу-тәрбиелік жұмыстары мемлекетіміз тарапынан жоғары бағаланып 1984 жылы «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері», 2000 жылы «Университеттің құрметті кафедра меңгерушісі» атақтары берілген. Кафедра меңгерушілігінен кейін тарих факультетінің деканы қызметін атқарды. У.Х. Шалекеновтың басшылығымен 1974 жылы ҚазҰУ-дың Жамбыл облысы, Шу ауданына қарасты Ақтөбе қалашығының ортағасырлық Баласағұн археологиялық базасы ашылды. Бұл археологиялық база 45 жылдан аса факультетімізде оқып жатқан студенттерге оқу үдерісін тәжірибелік зерттеу жұмыстарымен қазіргі күнге дейін байланыстырылып отырған орын. Ақтөбе (Баласағұн) шаһарын зерттеуде кафедраның ғалымдары У.Х. Шалекеновпен қатар, М.Е. Елеуов, Н.О. Алдабергенов, Е. Тургунбаев және т.б. ғалым археологтардың еңбегі зор. Сонымен қатар, 1983 жылы У.Х. Шәлекеновтың басшылығымен факультетімізде «археология», «этнология» музейлері ашылды.
1989-2011 жылдар аралығында кафедраны үшінші «Алтын адамды» тауып, әлемдік археологияға сенсациялық жаңалық әкелген, осы Шілікті алтындарымен Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев танысып, өзінің жоғары бағасын берген, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, этнология-археология саласында танымал профессор Әбдеш Тәшкенұлы Төлеубаев басшылық жасады. Елуге жуық жылын далалық археологиялық, этнологиялық экспедицияға арнаған ғалымның ғылыми мектебі қалыптасты. Ә. Төлеубаевтың ұйымдастырған экспедицияларға қазіргі кафедраға қызмет жасап жүрген этнограф ғалымдар т.ғ.д., профессор Б.К. Қалшабаева, т.ғ.к., С.Х. Шалгинбаева, профессор Т.Е. Қартаева, т.ғ.к. М.Қ. Егізбаевалар қатысты, ал 2003 жылғы Шіліктідегі экспедциясына ғалымның шәкірттері тарих ғылымдарының кандидаттары Ғ.Омаров, Ұ.Үмітқалиев, PhD доктор Р. Жұматаев, Е. Оралбай қатысып, қазіргі күндері бұл ғалымдардың өздері жеке экспедиция басқарып жүр.
Кафедрамызда отанымызбен, шетелдерде аты шыққан ғалымдарымыздың Ә.Х. Шәлекенов, Ә.Т.Төлеубаев, Ж.К. Таймағамбетов, М. Елеуов, А.Б. Қалыш, Б.К. Қалшабаевалардың ғылыми мектептері қалыптасты. Қазіргі күні бұл ғалымдардың шәкірттері ғылыми жолдарын жалғастырып, еліміздің білімінің, ғылымының мәдениетін дамуына зор үлестерін қосып келе жатыр.
2009 жылы кафедра ішінде «Археология және этнология ғылыми зерттеу орталығы» ашылды. Орталықтың мақсаты кафедраның ғылыми зерттеу жұмыстарын инновациялық жолмен дамыту, түрлі ғылыми жобалар ұсыну болды. Ұлттық идея бағдарламасы аясында «Қазақ халқының ұлттық мұрасын тарихи-этнографиялық жинақтау, жүйелеу және жариялау» жобасын ұсынды. 2009-2011 жылға Мемлекеттік ұсынған гранттан кафедра ғалымдары М. Елеуовтың «Ұлы Жібек жолындағы Қаратаудың ортағасырлық қалалары мен керуен жолдары», Ж.Қ. Таймағамбетовтың жетекшілігімен «Қазақстандағы тас дәуірінің ескерткіштерін іздеу және зерттеу», Ә.Т. Төлеубаевтың «Қазақстанның ежелгі халқының культтары, дүниетанымы және идеологиясын зерттеу» тақырыпты жобалары жеңіп алды.
Кафедрада ашылған жылдардан бастап қазіргі күнге дейін көптеген Қазақстандағы атақты ғалымдар академик Ә.Х. Марғұлан, т.ғ.к., Х.А. Алпысбаев, т.ғ.к., С.М. Ақынжанов, профессор Х. Арғынбаев, профессор К.А. Ақышев, ҚР ҰҒА Академигі О.И. Исмағулов, Н. Шаханова, А. Досымбаева, А. Тохтабай, В.Ф. Зайберт, Қ. Алтынбеков жақын және алыс шетелдік ғалымдар Ресей профессорлары М.П. Грязнов, С.С. Черников, Ю.А. Заднепровский, профессор Клоудия Чанг (США), Ожал Огуз (Түркия) және т.б. лекция оқыды.
Кафедра 2011 жыл мен 2016 жыл аралығында этнология ғылымында өзіндік орны қалыптасқан, осы университеттің үздік түлегі, кезінде Абай және Ленин атындағы стипендиялардың иегері болған. Академиялық мектептерден, ғұлама ғалымдардың шәкірті болған т.ғ.д., профессор А.Б. Қалыш басқарды.
Жыл өскен сайын кафедраның ғылыми-зерттеу жұмыстары жоғары белестерге көтерілуде, кафедра ғалымдарының ҚР БжҒ министрлігі ұсынған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұсынылған мемлекеттік грантта кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамы белсенділік танытудың арқасында, археология және этнология салалары бойынша т.ғ.д., профессор Ә.Төлеубаев, т.ғ.д., профессор А.Б. Қалыш, т.ғ.д., профессор Б.К. Қалшабаева, т.ғ.к. М. Егізбаевалардың ғылыми жобалары дәстүрлі, тарихи, рухани және материалдық мұраларды ашумен қатар, ерекше тарихи-мәдени маңызы бар көптеген археологиялық ескерткіштерді зерттеді. Сонымен қатар, «Мәңгілік ел» гуманитарлық ғылымдар аясындағы фундаменталды және қолданбалы зерттеулер мемлекеттік бағдарламасының аясында т.ғ.д., профессор Ә.Төлеубаев, т.ғ.к. қауымдастырылған профессор Т.Е. Қартабаева, т.ғ.к., доцент Ғ. Омаров, т.ғ.к. Ғ.Т. Бексеитовтың жобалары жеңіп алды. Биылғы оқу жылында белгілі ғалым, көптеген зерттеу еңбектерінің авторы, кафедраның қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к. Т.Е. Қартаеваның ұсынған «Этнографическое и геоархеологическое изучение земледельческо-скотоводческих ландшафтов в пустынных дельтах Казахстана: исторические фазы освоения и опустения» жобасы ұтып алып, соның аясында кафедраның этнографтары зерттеу жүргізбек. Кафедра ғалымдарының фундаментальды ғылыми зерттеулері елімізде ғана емес шетелдерінде мойындатып отыр.
2016-2019 жылдар аралығында кафедраны т.ғ.к., доцент Ғ.Қ. Омаров басқарды. Кафедрада шетелдік ғалымдардың қатысуымен 2018 жылдан бастап «Геоархеология» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс жасай бастады. Орталықты кафедрамыздың доценті, т.ғ.к. Ғ.Т. Бексеитов жетекшілік жасап отыр. Ғылыми-зерттеу орталығы «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» мақсатты қаржыландыру бағдарламасы бойынша отандық, ресей, бельгия және жапондық ғалымдар жұмыс жасады.Ұлы дала тарихындағы палеолит кезеңіндегіартефактілерді жаратылыстану ғылыми әдістерін қолдану арқылы археологиялық және антропологиялық зерттеу жасалды.
2019 жылдан бүгінгі күнге дейін – PhD Р.С. Жұматаев басқарып келе жатыр.
Кафедраның ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне еліміздің және тыс жерлердегі білім, ғылым жәнемәдениет салаларында жоғары бағалар беріліп келеді, бірқатар ғылым гранттарын жеңіп, көптеген ғылыми зерттеу еңбектері елімізде және шетел басылымдарында жарыққа шықты. Отандық бұқаралық ақпарат құралдары ерттеу нәтижелері оқу үдерістерінде де пайдаланылып жүр.