Атақты ұрыдан туған ақылдылық
Бұрыңғы өткен заманда Жылысбай деген бір кедей адам болыпты. Бар кәсібі ұрлық екен. Ұры болғанда ана-мына емес, баукеспенің өзі болыпты. Оның ұрлаған нәрсесін, дүниеде адам баласы сезіп, көз шалып көрмеген екен. Сиқырлығы жоқ болса да сиқыршылардан ептілігі асқан ұры болыпты.
Жылысбай ұрының жас ортасына келіп қалған кезінде көрген Сапар деген жалғыз баласы болған екен.
Жылысбай жасы ұлғайып, жалғаннан өтетініне көзі жетіп жалғыз баласы Сапардың өмірі туралы қиялды бір қайғы ойлапты. Қайғысы:
— Өмірімді дерлік ұрлықпен өткіздім. Дүниеден ұрлыққа менен епті, менен ыспар адам болмады. Ұрлықтың арқасында қарным аш, киімім жыртық болып көргем жоқ. Ал енді, міне артымнан алдым жуық, жасым болса ұлғайды. Ерте ме, кеш пе, бір өлімнің бары рас. Ажалым жетіп бір күні өліп кетсем, Сапарым қалай кәсіп етіп, қалай өмір сүрер екен. Кедейліктің кесірінен оқу да оқыта алмадым. Немесе ұрлықтан пайда тауып, осының өміріне пайда тиерлік мал жинап артымда қалдыра алмадым. Не бір өнердің соңына түскізіп, соның құйрығын ұстатып кете алмадым. Ұлыма әкелік борышымды өтей алмай, мойнымда кететін болды-ау. Қалай күн көріп, кәсіп етер екен? Енді ойлағанмен кеш қалдым. Бәрібір кешіктім деп, көп ойланып тарығып, ақыры мынадай ойға келеді. Өзімнің бар білетін өнерім–ұрлық. Ұрлық түбі-қорлық дегенімен өз басым қорлық көрегім жоқ. Енді бұған сол ұрлықтың әдіс-амалын үйретіп кетейін. Ұрлықтан қорлық көріп барып, құдай өзі кешейін десе қиын ба? Бұл сырды кемпірінің қасында айтса:
— Әй, ұрлығыңмен құрығыр! Енді жалғыз баланы жарға жығып жайратқалы жүрмісің? – деп байбалам салады. Онанда оңаша жерге апарып, ойымдағыны айтып, білген өнерімді үйреткен жөн деген оймен баласын қасына ертіп, бадамшалы тоғайдың ішіне алып келіп, құпия сырын айтып беріпті.
Баласы бұған не қарсылық, не разылық білдірмейді. Әкенің баласына қас істемеуі нақ, өзіңіз біле беріңіз деп ғана жауап береді. Жылысбай сонда баласына:
— Алдымен ұрлыққа өзімнің қандай епті екендігімді саған көрсетемін, содан кейін басқадай әдіс-амалдарымды үйрете жатармын, – деп баласын ертіп, тоғайды аралап жүріп кетеді. Келе жатса бір зың шынар ағаштың басында ұя басып отырған қарғаны көреді.
— Әне балам, –депті сонда Жылысбай баласына әлгі ұя басып отырған қарғаны көрсетіп. Мен ана қарғаның баурында басып отырған жұмыртқаларын ұрлауға барамын. Қарғаны үркітпей жұмыртқаларын алып келе алсам, ұрлық жолының сәті сейсенбі күні туғандығымды дәлелдер. Менің қимыл-әркетімді жаңылмай жадыңда сақта – деп ағашқа жабысып өрмелей жөнелген әкесінің оң аяғының етігінің ұлтанын пышақпен бүлдірмей сөгіп алып қалыпты Сапар. Бұл қылықты әкесі де сезбей, ағашқа өрмелеп кете барыпты. Жылысбай сол өрмелеген күйі қарғаның ұясына жетіп, қарғаға сездірмей, бауырында басып жатқан алты жұмыртқасын қойнына салып алып, қайта түсіп баласына көрсетіп:
— Енді сездірмей ұясына, қайта салып келейін деп ағашқа қайта шыға бастайды. Ол қайта түсіп келіп:
— Міне, балам, менің ұрлыққа ептілігім осындай, көрдің бе? – деп аздап мақтанған түрде баласына қарап күліп арқасынан қағып қояды.
— Әке, заманыңызда өнеріңіз үстем болғаны көрініп тұр. Өзіңізден өнері, ептілігі асып көрген кісі болды ма, осы өміріңізде? – деп сұрапты Сапар әкесінен.
— Жоқ, балам, өмірімде ондай адам кездесіп көрген емес. Оған мына қарға дәлел емес пе? Аң бол, адам бол қарғадай сақ жан–жануар болмайды, – депті Жылысбай баласына. Сонда Сапар былай деп әкесіне аз ғана өсиет айтқан екен:
— Ол жөн ғой, әке, ептілігіңіз жан-жануардан асқан екендігі өзінен өзі-ақ көрініп тұр. Бір аздап кемшіліктеріңіз де бар екен. Ұрлайтын заттарыңызға барарға жақындағанда, өзіңізді өзіңіз ұмытып кетеді екенсіз, көрдіңіз бе? Сіз ұяға өрмелей жөнелгенде, мен сіздің бір етігіңіздің ұлтанын сөгіп алып қалғанымды әлі сезбей тұрсыз ғой, – дегенде Жылысбай етігіне қарап күліп жіберіпті.
— Әке бір білместігіңіз бар екен, өзіңізді өзіңіз ұмыту деген аңғалдыққа жатады. Осындай ұлы іс жолында жүрген адамға мақтан пайда болғаны масқараға ұрындыруы мүмкін. Бұл–жүйрікке де бір томар деген сөз. Енді үйге барып ұлтаныңызды жамап алыңыз, – депті Сапар.
Жылысбай сонда қатты қуанып:
— Құдайдан тілеген тілегім орындалған екен. Енді күні бүгін өлсем де арманым жоқ, ұрлықты менен асып істемесең, кем түсер түрің көрінбейді. Қанша епті болғаныммен жалғыздық көріп жүрген жерім көп еді, – деп баласын ертіп үйіне келіп, етігін жамап алып, енді қандай ұрлыққа бару жөнінде Сапарға кеңес беріпті.
— Ханның қазына сарайындағы алтыннан жалғыз болып ұрлай алмай жүруші едім, енді екеулеп амалын табайық, сен маған серіктікке жараған екенсің.
Сөйтіп әкелі - балалы екі ұры ханның қазына сарайына келеді. Сарайдың айналасындағы күзетшілердің жанынан өтіп бара жатып, ескілікті талмасы ұстаған адам болып сереңдеп талып қалады. Күзетшілер талып жатқан адамға көмектесіп, шуылдасып жүргенде Сапар сарайдың терезесін бұзып ішіне түсіп, өзі көтергенінше алтынды алып кете барады. Алтынды Сапар алып болды-ау деген кезде Жылысбайдың талмасы тәуір болып, басын көтеріп күзетшілерге:
— Сіздерді тәңір жарылқасын, қашаннан осындай ескілікті ауруым бар еді, – деп жөнімен кете барады.
Сарайға түнде кім келгенін білген бір де күзетші жоқ. Таң атып, күн шыққаннан кейін қазына сарайды тонатқандарын білісіп, ханға хабарлапты. Сонда хан ойланып отырып, бұл ұрының оңай ұры емес екендігін біледі де, мынадай жария шығарады:
— Осындай қалың күзеттің біреуіне шалдықпай алтынымды ұрлаған ұры, ұры атасы адам болса, келіп сол әдісімен тағы ұрлап көрсін. Күзетшілерге ұсталып қалса, менен рахым табамын демесін!.
Бірақ сол алтынды алып кетіп сол алтынды алып кеткен терезенің алдынан терең ор қаздырып, ордың ішіне адам денесі толық сиғандай кеспек ыдысқа толтыра май құйып, майға шайыр араластырып қайнатып, ордың аузын жұқалап шөппен жауып қояды. Ханның бұл жариясын естіген Жылысбай баласына:
— Балам, елу жыл жалғыз жүріп, жан адамға сездірмей, жаһанның жанкеспесі болып едім. Алтын ұрлаған хан менің намысыма тиіп жария шығарып отыр. Намысым қозып, нартәуекел дегелі отырмын. Сен қорықсаң, үйде қал. Мен барып, байқап көрейін дегенде, –Сапар:
— Бәрібір ғой! Сіз ұсталып қалсаңыз, мені сіздің балаңыз деп үйден де ұстап алады емес пе. Онанда екеуіміз барайық, –деген ақылға келісіп, ханның қазына сарайына келеді.
Ханның қандай амал істеп қойғанын бұлар сезген жоқ. Күзетшілер кешегі өздері бұзып алтын алып кеткен терезе жақта молырақ жүргендерін көріп, сол жақтан көрініс беріп қашып кетіп қалғанда, әкесі сарайдың басқа жақ терезін бұзып ішіне түсіп, алтынды алып болып баласына жалғастырып жіберіп, енді өзі шыққалы жатқанда, күзетшілер біліп қалып сол терезеге қарай ұмтылады. Жікең кешегі бұзылған терезені қағып жіберіп, сыртқа қарай қарғиды да ханның май құйып қойған кеспегіне шоп беріп түсіп кетеді. Сапар сезіп қалады да күзетшілер ана терезеге үймелеп, іштегі ұрыны ұстап аламыз деп ханға кісі жіберіп сырттан басқадай тағы бір жарым кісі іздесіп у-шу болысып жүргенде, Сапар келіп әкесі секіріп түскен жерді көрсе, ыстық шайырлы майға күйіп баяғыда дүние салыпты.
Көп ойланып тұруға уақыт жоқ, әкемнің денесін таң атқан соң көреді де, мені де ұстап құртады. Ал бүгін денесін алып кетуге, мына қарбаласта шама келмейді. Енді не істеу керек, – деп аз тұрады да, ханға танылмас үшін, өліктің басын кесіп алып, денесін құдықтың түбіне тастап кетеді. Бұл қылықты білген күзетші де хан да болған жоқ. Ұры қазына сарайдың ішінде деп таң атқанша берік күзетіп, таңертең жарықта ұстаймыз деп гуілдеседі. Таңертең сарайдың есігін ашып қараса ұры жоқ. Бұл қайтіп кетіп қалды деп қарап жүрсе, май құйып қойған құдығынан басы жоқ өлік табылады. Хан аузын басып, санын бір-ақ соғады.Құдықтан өлікті шығарып алып келеді, бірақ кім екені, қандай адам екені, кәрі ме жас па? – түгі білінбей, хан тағы алданып қалады.
Екінші алданғанын білген хан енді қандай амалмен алдап ұстау керек деп ойлап отырып, өзінің бой жетіп отырған қызымен ақылдасады. Сонда қызы әкесіне:
— Ұлы сөздің ұяттығы жоқ әке, хан басыңызға қатты қорлық болды. Сіздің ұлықтық намысыңыз қозса, ұрының жігіттік намысы қозған екен. Бұл ақылдан кенде адам емес, енді біз мұның жігіттік намысына тие әрекет жасауымыз керек. Сол үшін елдегі он бес пен қырық жас арасындағы азаматтарды түгел жинап, сарайда қонақ етіңіз. Мен жатқан сарайға берік күзет қойдырыңыз, жиналған жігіттерге, менің қызымның жастығының астында оймағы мен тарағы тығулы болады. Осы қалың күзетке сездірмейтін, сол оймақ пен тарақты алып кеткен азаматқа қызымды қосамын деп жария етіңіз. Сол ұрыдан басқа адам ол іске жүрегі батып, маған сөз қатып, оймақ пен тарақты ала алмайды. Онан соңғы ақылды мен беремін – депті.
Бұл да ақыл екен деп, қызының айтқандарын түгел істеп, хан жатып қалады. Бұл жиынға Сапар да келген еді. Хан жиналған жігіттерге қонақасын жақсылап бергізіп, сыймағандарын ауланың ішіне, қайда болса сонда жатқызып неше қабат күзет қояды. Ханның қызының жататын бөлмесі жеті бөлмелі сарайдың ең түпкісі екен. Сол жеті есікке мықты жеті зжігіт күзетші қойылған екен. Жанының үміті бар адам, қыз жатқан бөлмеге кіретіндей ешбір мүмкіндік жоқ еді. Қалың жігіттердің ішінде Сапар да жатты. Ол көпке дейін ұйқысы келмей, алуан түрлі ой ойлады. Япырау, бұл ханның қалай істеген қылығы. Жалғыз қызын күйеуге бергенде, өзінің ақымақтығын жұртқа білгізіп, баласының арын айрандай төгіп,хан болмай, қас ақымақ болғаны өзіне біліне ме екен? Әлде басқадай ойлаған ойы бар ма екен. Сен хан, менің жігіттік намысыма тиіп, жылжытпа амалмен ұстамақ екенсің ғой. Олай болса сенің намысыңа, шынбайыңа мен де тиіп, масқаралап кететін амалды ойластырармын деген оймен орнынан қозғалады.
Алдырайын дегенде, алжаса кететін қашаңғы заңы емес пе? Көп күзетші бір-біріне сеніп, маужырасып қалғуға кетісті. Олардың қалғығанын аңдып тұрған Сапар, қараңғыны пайдаланып ара-арасымен жүріп, ақырғы күзетшіге келгенде, ол ояу екен. Есіктің алдында ары-бері жүріп, есікке барып қайта айнала бергенде күзетшінің артынан Сапар да ере жөнеледі. Күзетші есікке барғанда қыз жатқан есікке жып беріп, кіріп үлгереді. Сапардың ойы-оймақ пен тарақ емес, хан қызына жолығып, оны масқаралап кету еді. Сол мақсатымен келген бетте іркілмей қызды оятты. Қыз да бірден бұрыңғы танысындай, шүйіркелесе кетті. Аздан соң Сапар:
— Ебін тауып кезігіп тұрармын, – деп қызбен қоштасып, қайтып келген жолмен кеңге шығып, айнала қараса, қыз бес саусағының табын түсіре, қызыл рет жағып жіберіпті.
Сапар бағанағы жолмен қыз жатқан бөлмеге қайта кіріп, қыздың жастығының астындағы жібекке түйілген қызыл ретті тарақ, оймағын алып шығып, өзінің бетіне салған таңбадай таңбаны сол сарай төңірегінде жатқан қалың жігіттердің бетіне түгел жағып, тарақ пен оймақты сарай есігінің алдына қыстырып, өзі жатқан орнына келіп, ұйықтап қалады.
Таңның сыз беруін асыға күткен Қаныша күннің шығуын әрең тосты. Таң ата уәзір, сардарларды Қаныша өзіне шақырып алды. Оларға түндегі болған уақиғаны түгел баян етті дағы:
— Мына қонақ болып жатқан жігіттерді түгел оятып, қатарға тұрғызып, бетінде қызыл реті бар жігітті ұстаңдар, – деді. Қаныша өзі бас болып, ұры ұстаушы жігіттерді оята бастағанда, бояу жағылған жігіт бірден кезікті. Бас салып оны ұстаған дүбірімен басқа жігіттер оянып кетіп, бастарын көтеріп алғанда көбінің беттері қызыл бояу.
Шаш ал десе, бас алатын жігіттер. Міне бояулы, әне тағы, міне тағы, ойбай тағы және біреу, ұстаңдар десіп бояулы жігіттерді шетінен матай берді. Ұсталғандардың ішінде Сапар да тұрды. Қаныша аң-таң, өзінің рет жаққаны бір-ақ адам. Бұл не болып кетті, тіпті рет бетіне жағылмаған адам қалмапты. Қаныша дағдарып тұрып, амалы таусылып, бұл жолы да алданып қалғанын әкесіне келіп айтты.
Хан да қалай алдап ұстаудың амалын ойластырып бақты. Бұлжолы мынадай амал тапты. Осы менің қолымдағы басы жоқ өліктің туыс, жан ашыры, оның денесін көргенде бір жыламай дәті қалай шыдар екен. Осыны барлық халқыма тұтас көрсетсем, өлікті көріп жылаған адам, менің ұрым болады да шығады емес пе? деген шешімге келіп, аруақтың басы жоқ денесін ханның ордасының есігінің алдына тік тұрғызып, сүйеп қойып, қол астындағы елдің кәрі-жасын түгел өткізеді. Уәзір, бек, сардарларына өлікті көріп жылаған кім болса да ұстаңдар, – деген жарлық береді. Бұл жарлық бойынша халық шұбырып өтіп жатты. Бірақ өлікті көріп жыламақ түгіл сескеніп кетіп жатты.
Мына хабарды естігенде Сапар мықтап састы. Оның сасатын жөні де болды. Қырық жыл отасып келген жолдасының қорлықпен өліп, болмағанда денесі бүтін де емес, бассыз денесін көргенде дәті шыдамай, шешем жылап жібереді дағы, хан тап сол жерімізден ұстайды, – деп ойлап сасқан еді.Бірақ бұған да бір амал тапты.
Кішкене үйсымақтарын жығып, тұра көшетін болады. Жалғыз өгізі бар екен. Бар жүгін соған артып болып қалғанда Сапар шешесіне былай дейді:
— Шеше, біз қазір хан ордасының алдынан өтеміз. Орданын алдында әкемнің басы жоқ денесі тұрғанын көресіз. Әкемнің денесін көргенде өзіңіз де жыламай кете алмайсыз.
Егер сіздің жылағаныңызды көрсе, ханнын сайлауыттары бұлтартпай екеуімізді ұстап алады. Сіз жылағанда мынандай сылтаумен жылаңыз. Жүктің ең үстіне үлкен қазанды бос қояйык. Сіз жылай бастағанда, мен өгізді тулатамын. Содан қазан құлап, жерге түсіп сынатын болсын. Сынған қазанды сылтау етіп, мені қарғап жылай бересіз,–деп шешесіне айтып қояды Сапар.
Өгізіне жүктерін артып, қазанды бос бастырып, ханның ордасына да жақындайды. Жылысбайдың басы жоқ май мен шайыр араласып жабысқан, былғанышты денесін көріп, қорлықпен өлгенін есіне түсіргенде, кемпірдің көнілі босап еңкілдеп, жылай бастағанын сезе қойған Сапар:
Атан түйе орнында өгіз аршын,
Артында айдап жүруге қолда қамшым.
Былғанышты арт жағын, мұрның сасық,
Сен сасыққа беретін мен бе жалшың,– деп айқай салып, бір ауыз өлең айтып жіберіп, өгіздің құйырығына бір қарыс бізді шаншып кеп жібергенде өгіз мөңіреп барып қарғып-қарғып кетеді. Алдымен қазан ұшып тасқа түсіп төрт бөлінеді. Баласының тентектігінен кемпірдің мынадай шығынға ұшырағанын хан да, халық та көріп тұр. Жылаудың жыны қысып жатқан кемпір ойбайын сала жөнеледі. Қанғырып жүргенде, қай қағынған, ойбай, қағыңды алғыр-ай! Қапсағай ұлы атамнан қалған жалғыз мұрамды құрттың-ау, құт берекемнің ұйтқысы болған еді. Қу жалғыз, құртып тындың-ау,
Тереңіне тайдын еті бір-ақ сиятын еді,
Шырақ отын жақсам да шымырлап қайнайтын еді.
Қола емес шойын еді.
Сыну дегенді қойып еді,
Көзім жұмылып көрге кіргенше.
Сындырмасам деген ойым-еді,
Қара құрттың қасы келгір,
Ерегеспенің басы келгір,
Таяқсыз тұралмайтын, тоқсанға жасы келгір.
Қаңғырып далаға кеткір,
Қазанымнан садаға кеткір.
Дәулеттен көзің ашылмай,
Алтыныңды далаға тепкір.
Ойбай құдай, ойбай,
Дүниеден өтіп едім.
Бір күн тоймай,
Шанырағым тағы сыныпты.
Қиратып бітті-ау,түгімді қоймай, – деп жер-көктегі қарғысты баласына жаудырған болып, ойбайын салып жатыр.
Бірақ қарғыстың cөзіне мән берген адам болмады. Шешесі қарғап емес, алғап жатқанын сезген адам болмады. Азан-қазан долы қатынның бейнесімен жылап-еңіреп баласын таспен атып қуып жүргенде, Сапар шешесіне еркелеген және өтірік қорыққан болып ішек-сілесі қатып күле қашып жүріп, елді бір-бірден шұбыртып өтіп жатқан жерге келіп, ағатайлар, мені жылдам өткізіп жіберіңдер. Шешем қазан сынғанын менен көріп, қуып жүр. Маған атқан тасы, өздеріңізге тиіп кетіп жүрмесін, – дегенде әлгілер бірі қашып, бірі қуып жүргенге мәз болысып, мысқылдап күлісіп Сапарды өткізіп жіберіп:
— Шеше, сіз де жылдам өтіп кетіп, қайткен күнде өшіңізді алыңыз деп мысқылдасып, кемпірді де айландырмай, өткізіп жіберіп қарқылдасып күлісіп жатты. Ханның сайлауыттары, шек жерінен өткенмен, шерменде кемпір сорлы баласын бірсыпыра жерге қуып, өкпесі күйген соң отырып алып Сапарға қарғысты жаудыра берді.
Бұл қылықты хан да көріп, бейшара өзі де ақыр заман долы адам екен. Қазынадан бір жүз ділда беріп, қазан сатып ал, деп ашуын басқызып, жолға салып жіберіңдер, – депті.
Ханның жарлығы орындалды. Бір жүз ділда беріліп, кемпір өз жолымен жүгін артып кете барғанда, Сапар да шешесінің сонынан еріп кетіпті.
Орданың алдынан өлікті көріп жыламақ түгіл, қабақ шытып та өткен адам болмады. Ұры болса да тегін ұры емес. Ұрылардың сырттаны екен, – деген ойға келеді. Дегенмен мал ашуы жан ашуы дегені рас ғой. Хан тағы ойланып мынандай ақылға келді-дағы, ол ойын жария қылып тақтаға ілдірді. Жариясында: енді орданың есігінің алдына, мына бассыз өлікті көрнекті жерге қоямын. Екі босағадан қарама-қарсы қатарластырып, дауыс шақырым жерге созылтып, екі қатар атты әскерді сапка тұрғызды. Сол екі қатар әскердің көзіне көрінбей, өліктің қасына келіп, қайтып кетсе, ұрланған алтынымды үріндіге жіберіп, барлық кылмысын кешемін. Жүрегінің батылдығын осыдан сынаймын. Бұған амал таба алмаса,тоқты, лақ, жырым шеттіктің ұрысы екен деп, – қолыма түскен күнде адам баласы көрмеген қорлықпен өлтіремін, – депті. Мына жарияны көргенде Сапарға мынандай ойлар келді. Япырым-ау,өлім айдаған тышқан мысықтын құйрығымен ойнайды. Соның кебін киіп алысқанда, емес, арыстанмен ойнағанда немен тынам.Ұрлык істеп, мен не марқадам табам. Ұрлықтың түбі-қорлық екені де белгілі нәрсе ғой. Сорлы әкем бұл ұрлықты, өнер деп маған өлім жолын үйреткенше, өмірдің өзіне сай, өрмекші ғұрлы жан бағатын, бір кәсіпті неге қалап алмады екен.Ұрлыкка сондай епті болғанда, өмірге де сондай бай адам емес пе? Сол байлығын не өзіне, не халқына тигізе алмай, өз басы қор болып өліп енді міне, менің басымды өлім саудасына салып қойғаны. Жарлық қатты жан тәтті. Жарлық қаһарынан қорқып, жан әкем басыңды өз қолыммен кестім. Мұнан қорлық не бар. Екі бөлек денеңді біріктіріп, бір жерге көме алмасам, әкелік қарызыңды өтей алмаспын.
Арманы таусылмай, анам да зарлаумен өтер. Мына ханның ендігі ойы шыжық қоңырсытып, қақпанға түлкі шақырғанның кебі емес пе?
Түлкі де қақпанды оңайшылықпен киіп алмайды.
Амалын тауып қақпанды шаптырмай шыжығын теріп жеп кете береді емес пе? Түлкіден адамның бір амалы артық деуші емес пе еді. Мен адам емеспін бе? Бір амал тауып, осы ханды тағы да санын бір соқтырып, шамам келсе әкемнің денесін де ұрлап алып, басына қосып көмейін деп ойлайды да, өткелге атпен бармақ екен. Сапардың әкесінен қалған жалғыз ақ аты бар екен. Атының бір жақ қабырғасын қазанның күйесін майға араластырып болды. Сонда атының бір жағы қара, екінші жағы қалпынша болды. Әлгі түні ай жарық екен. Атына мініп алып қарама-қарсы тұрған екі сап әскердің ортасымен жүре берді. Мына келе жатқан адамнын аты баран, – деп мінер жағындағы әскерлер түстеп тұрса, қамшы жақтағы әскерлер ақ атты адам, – деп түстеп тұрады.
Бірақ көрген жерден бас салмай, ордаға барып қайта қайтқанда, ұстаймыз десіп тек бөгенайын ғана байқап дайындалып тұрады. Бұлар мені қайтқанымда ұстамак болып дайын тұр-дегенді Сапар жорамалдап білген еді.
Осылай ордаға да жетіп тамның қабырғасына сүйеулі тұрған әкесінің өлігін іліп ала, жалт беріп қайта қашады.
Сапардың келгендегі, мінер жағында тұрған әскер, қамшы жағындағы әскердің баран аттысын қуады да, ал қамшы жағында тұрған әскерлер, мінер жағында тұрған әскердің ақ аттысын қуады. Осылай жапа-тармағай у-шу болып, бірін-бірі қуып жүргенде Сапар бір тоғайдың ішіне кіріп адастырып, әкесінің өлігіне басын қосып жерлепті.
Мұны естіген хан аң-таң болады. Хан енді ары-бері ойлап ақырында мынандай шешімге келеді. Осы ұры ерлігін де, ақылдылығын да, даналығын да көрсетті. Мен іздеп таппадым. Бастабында ызамен іздедім. Келе-келе бұл істің қызығын көргім келді, бәрін де көрдім. Тіпті осы істеп жүрген ерлігіне сүйіндім. Алдау-арбау, – деп ойлама. Өзі маған келіп осы істеген әдіс амалдарды, ауызекі айтсын. Мүмкін тек өз басыңа ғана емес, халыққа пайдаң тиетін адам болуың да ықтимал. Ерді кебенек ішінде таны- деген ғой, – деп хан жария шығарады.
Бұл жарияны көріп Сапарға да дұрыс ой келеді. Ұрлык пеп сұмдықтың сұрқиясы болғаннан да ұлылықтың құлы болғаным жөн екен. Халықты бастап отырған ханымыздың да қас ақымақтық қылықтары көп. Оны да әшкерелеп берсем халыққа қиянаты азаяр. Жанымнан қорқып жасырынғанмен жалғанды арқалап кетпеуім нақ деген шешім ойға келіп:
— Алдияр тақсыр, – деп, ханға келіп сәлем берді Сапар. Ұрым келді деген ханда да ой жоқ еді.
— Иә, пақырым, қандай мұқтаждығың бар. Тілегің орындалды ма айт? – деді Сапарға. Ол:
— Құлдық тақсыр, құлдық тақсыр. Алдыңа келсе, атаңның кұнын кеш, – деген екен. Мейіріміңізді тілеймін. Хан екен деп қорықпа, қаталығын алдына сал. Қаралығы асқанмен қасиетіңді білер дегенді, тағы сол ата-бабаларым айтқан екен. Келіп алып несін жасырайын. Сізбен жасырынбақ ойнап жүрген мен едім, тақсыр. Хандығыңызды бұлдасаңыз, қасиетіңіз таяр! Сара жолға тартсаңыз, бас иетіндер даяр! Сізге орасан сұмдық еттім: Жолына өзі салар, құлдық еттім! – деп Сапар отырып қалыпты.
Мынандай жас бала, осындай сұмдық, қулыктың кенін қайдан аралап тауысып жүр екен, – деп ойлады да, хан, уәзір, бек сардарын жиғызды дағы ұры Сапарға сұрау бере бастады:
— Ал ұрым, әуелі өзің кімнің баласысың, өз атың кім, ағайын-туысың кім?
— Шыққаң тегім, қайбір текті тұқым дейсіз!
Ата-тегім ұры менен қарақшы,
Елден шығып, діннен безген арапшы!
Баян етем тарихымды, кәзаптік,
Қандай ісі ұнамды екен, жаратшы, – деп бір ауыз өлең айтып жіберіп:
—Әкемнің аты Жылысбай, өз атым Сапар, бізде жанашыр ағайын деген болмайды, – дегенде хан:
— Қарайгөріңдер, жаман иттің атын бөрібасар қояды деген рас екен-ау. Мынаның әкесі менімен аттас, өзі қызыммен аттас болып шыға келуін. Менің өз атымды қалайша Жылысбай қойғанын кім білсін. Мен өз баламның атын Сапар қойғаным, өзім бір саяхатпен сапарда жүргенімде туған бала болған соң, қыз да болса атын Сапар қойып едім, – депті хан жанындағыларға.
Сонда әлгі ұры Сапар:
— Тақсыр оны несіне танырқайсыз! Менің ұлы атам Сауысқан деген кісі де ұры болған екен. Ол кісі баласының атын өзі сауысқандай сақ ұры болған соң, жымсыма ұры болсын деп Жылысбай қойған екен. Таң болары жоқ, сіз халықтың ханы болсаңыз, менің әкем ұрылардың хан сұлтаны болған шығар. Немесе сіздің де ұрлыкка жақын жеріңіз болған шығар тақсыр! – деп айтады. Сонда хан Жылысбай:
— Оллаһи! Тіліңе шоқ түссін, – депті.
— Е,оны жиіркенсеңіз ұры Жылысбай, хан Жылысбай, ұры Сапар, ханыша Сапар деп атала береміз ғой! Атта тұрған не бар дейсіз, – депті ұры Сапар.
— Тіліңді темірге жанып, тегіме тие берме! Терістік ісіңді оңға бұруды ойлан. Мына отырғандар: менің халқымның қамқоршылары болады деп сайлаған адамдарым. Әлеуметтілерім! Сөзді тыңдағанда, түбірін, амалы мен арбауын, ептілігі мен тектілігін тексере тыңдаңдар! Жалғыз менің ішіме жалғыз ғана аяқ ас сияды. Көптің ақылы біріксе, көмескіні табады. «Ащы менен тұщыны татқан біледі, алыс пенен жуықты жортқан біледі», – деген мақалды еске алғанда, осы жас бала болғанымен, жортып та, татып та көргенге ұқсап отыр. Қой асығын қор тұтпа, қолыңа толса сақа тұт, – деп хан көпшілікке ескерту айтты да, ендігі сөзді ұры Сапарға берді. Ол: Әкесінің қандай нәрсені кәсіп еткендігі, ұрлыққа ол кісінің неге әуес болғандығы, өмір бойы ұрлығы бір сезілмей, ақыры жүйрікке де бір томар болып, ұры Жылысбайдың, хан Жылысбайдан қазасы болғандығы, баулу жолында ханның сарайына қандай амалдармен келіп, алтын ұрлағандығы, әкесінің өлу жолы, өліктің басын неге кескендігі, ханшаны қалай масқаралағандығы, өлікті көріп жылаған адамды, соның жанашыр жақыны деп ұстар деген оймен шешесін не амалмен жылатқандығы, әкесінің табытын қандай амалмен ұрлап алып кетіп, қайда жерлегендігі туралы істелген амал- әдістерін тұтастай баяндап айтып шығады.
Ұры Сапардың бұл кеңесін тыңдаушылардың кейі күліп, кейі таң болып, кейі риза болып, кейі ыза болады. Хан Жылысбай бұларға назарын аудармай, ұры Сапарға тағы сұрау берді:
— Сенің осы істегендеріңнің бәрі қылмыс екен деп ойлайсың ба? Ойласаң қандай қылмыс! Ауыр ма? Жеңіл ме? Өзіңе жаза бар ма? Жоқ па? Жазасыз болсаң, қалай жазасыз боласың. Ендігі істе, ісіңді кімге арнап, не үшін істер едің? Атап айтқанда адал ниетті халкымның бірі болып, менің хан атағыма кір келтірмей істер ме едің? Өз басыңның мұраты үшін істер ме едің? Осының бәрін кең толғап, ойланып, жасырмай бүгіп қалмай, менің де қате ісім болса хан екен деп корғаншақтамай, мойныма қоя арылтып айт та, қалған рахатың мен бейнетіңнің бірін ал!
— Тақсыр, өзіңіз кеңшілік берген соң менде бүгіп қалар не болсын. Шешінген судан тайынбайды деген ғой. Сонда менің бір сұрауым тұрғаны, – деді қылмысты Сапар.
— Сұрап алып, арылтып айт! – деді Жылысбай хан.
—Менің мына істеген қылмыстарыма өзім ғана қылмыстымын ба? Әлде еншілес адам бар ма? Мен ойласам – әкем еншілес қой. Бірақ ол марқұм дүниеде жоқ қой. Тақсыр! Енді тыңдай беріңіз! Ендеше қылмысты жүктейтін, дүниеде мен ғана емеспін, – деп сөзін бастап кетті ұры Сапар.
— Осы қылмыстың ең ауыры сізге артылады. Ғаділдік жолға келгенде оның мәнісі енді айтылады. Ұядан ұшқанда балапан нені көрсе соны алады деп бекер айтпаған ғой. Өзіңіз кеңшілік берген соң, сіздің кемшілігіңізді кеңінен толғап айта кетейін. Өзіңіз халықтың басына шығып алып көрнеу ұрлықпен жегеніңізден тәлім, үлгі алған менің әкем сияқтылар халықтың қалың ортасына кіріп алып, қаралыкпен жеуді өнер көріпті. Көрдініз бе, менің әкем сізден тәлім алып ұры болса, мен әкемнен тәлім алып ұры болғамын. Менің әкеме қатысым қалай болса, әкемнің сізге қатысы дәл солай. Сіз патша адамсыз. Сізге қараған әлеумет халық түгелдей сіздің балаңыз десек те қателеспейміз. Осылардың бай, кедей болуы, ұры, қарақшы, жомарт, момын, жаман, залым, ғалым, шешен, дәрігер, қорғаншақ, батыр, батыл болулары қысқасы сізге байланысты. Осының түбіне жете ойламапсыз. Сіз сол мен ұрлаған алтынды, халықтан қалай алып, қазынаға салуды ғана көздедіңіз. Бұл қылығыңыз көрнеу ұрлық. Ұрлық дейтінім, сол мен ұрлаған алтынды халықтан жиғызып алып, орнына не бердіңіз? Сіздің бергеніңіз, мен сендердің хандарыңмын деген атағыңыз ғана емес пе? Ал сол жиылған алтыннан халыққа тиер пайда бар ма? Жоқ, болмаса қәріп-кәсірге жылына бір рет жейде кигізбейсіз. Сіз ханмын деп халыққа еркелік істесеңіз, мен ханның ұлымын деп сізге еркелік істедім. Шын қамқоршы болса, менің бір еркелігімді кешірер деп едім. Кешкенді қойып, кесепат жолға сүйрелеп, асқындырып, түрлі-түрлі сұрқиялықа өзіңіз жетелеп кеттіңіз. Мен сіздің орныңызда хан болсам, алтынды қазынаға жинап қойып көзімді суарғанша, сол алтынның күшімен халыққа білім таратқан болар едім дегенде, хан:
—Алтынмен қандай білім табылмақ? – депті.
—Дүниеде білім, ғылымнан көп не бар дейсіз. Алтыннан қақы беріп, білімі көп ғалым адамдарды қатарыңызға алып, халыққа өнер үйретуді талап етсеңіз, ғылым үйретеді де әлеумет халқыңызға өнер тарап, қалаған мұратыңызға сіз де, халқыңыз да жетеді емес пе? Сақтаулы тұрған алтын сазарған тас емес пе? Халыққа жаныңыз ашып, бай тұрмысты, салтанатты болғызайын десеңіз, ғылым, білімді көп тарата беріңіз, ғылымның шешпейтін түйіні, ашпайтын кілті болмайды ғой. Бай болу, жомарт болу, шешен, ділмәр болу, ержүрек, батыр болу, тақуа ғалым болу, рахатты тұрмыста болу тек білімде ғана емес пе?
Ал халқымыздан жаман, қорғаншақ, ұры-қары, қияңқы, бетімен кету, біреуді-біреу күтіп, сыйлауды білмеу, үлкен, кішілік жоқ болудың барлығы, – осы білім жоқтыққа әкеп соғады. Осыларды ойлайтын сіздің өз басыңызда түсінік аз болған соң, момын халықтың басына кім әкеп осы білімді құйып жіберер дейсіз. Әлде болса кеш емес. Бос тұрған алтынның пайдасын халық игілігіне жұмсауды тілеймін. Ұрлығым үшін жаза кесем десеңіз, онынызға құлдық. Жазадан ағартып кешіп жіберсеңіз, халыкқа салмағыңызды салып қана бұрыңғыша сіз отыра берсеңіз, мен тағы тыныш отыра алмай қайтадан сіздің алдынызға, жазаға келетін боламын. Сондықтан халық игілігінен өзіңіз бас тартпайтын болсаңыз, қылмысты қылығыммен ақтап алып, осы өзім айтып отырған өнердің біреуін үйрендіріп, сол тапқан білімімді халық игілігіне арнауыма жағдай жасауды тілеймін. Тек қылмысымды кешіре гөр деп жаным үшін жалынбаймын, – деп ұры Сапар сөзін бітірген екен.
Жылысбай хан ұры Сапардың сөзін тыңдап болып, би, бектеріне қарап:
—О, әлеумет абзалдарым. Сапар баланың айтқан сөзі ішімді өрттей жалап, сыртымды қауыздай қаусатты. Шынында да біз халықты түзу бастап, мүддесін дұрыс біле алмаған екенбіз. Қара басымыздың қамы, атақ-абырой үшін ғана халық басында отырыппыз. Сапардан сөз қалған жоқ, халықтың қарызын өтей алмай, масқаралық кейіпте екенбіз. Елді бастау дегенді өзіміз біле алмай, білгеннің тілін алмай, ары қарай қырыссақ, халықтың қырсығына ұрынамыз. Игіліктің ерте-кеші жоқ екен. Ендігі өмірімді ел игілігіне арнаймын. Ұрлықтың жазасына келсек, ортақ екеніміз де енді білінді. Халықтан біріміз тартып алсақ, біріміз сол тартып алған алтынды ұрлап келіппіз. Сапар балам, сенің ұрлағаныңды кештім. Менің қылығымды сен де кеш, сенің біліміңе елу жігіт, елу қыз берейін. Сапарды өзің бастап, өнер жолын ізде, қаржыдан қамтамасыз етіп, қазынадан қырық мың алтын ақша берейін. Тек саған қояр шартым, үш жылда үйренген өнерлеріңнің алды елге келіп үлгі бола бастасын, – деген Жылысбай ханның ақырғы жарлығы шыққан екен. Жарлық бойынша ұры Сапардың өзіне сынатып, елу жігіт, елу қыз, қырық мың алтын ақша беріліп, өнер іздеу жолына салыныпты.
Содан бері Сапар аты ел аузында сақталып қалған екен.