Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Төрт жасар Али Адамбек мектеп табалдырығын аттады

Түркістан облысындағы төрт жасар Али Адамбек ерекше қабілетімен танылып, мектеп табалдырығын аттады. Бала қазірдің өзінде бастауыш сынып бағдарламасын толық меңгеріп, есеп шығарудан да, оқудан да оза шапқан.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алидің ерекше қабілетін ата-анасы екі жасында байқаған. Бұл жаста ол әріптерді жаттай бастаған, ал үш жасында көбейту кестесін меңгеріп, екі амалды есептерді шеше алған. Ол тіпті үлкен ағасының үй тапсырмаларына көмектескенде ата-анасын таң қалдырған.

Мұғалімдердің таңданысы

Алидің мұғалімі Әлия Миятбекова баланың білім деңгейінің жоғары екенін айтады. «Оның білімі менің шәкірттерімнен әлдеқайда жоғары. Али ойша есептерді қосып, азайта алады. Қиындау тапсырмалар бердім, бәріне де жауап берді. Әліппені оқыттым – ешбір қатесіз, ретімен оқып шықты», – дейді мұғалім.

Ата-ананың қолдауы

Алидің анасы Нұргүл Мырзағали ұлының математикаға деген қызығушылығын ерекше атап өтті. «Ұлымда үшінші сыныпқа арналған математика жинағы бар. Өзі есептерді шешеді. Тіпті ұйықтар алдында да менімен бірге есеп шығарғысы келеді. Біз оның қызығушылығын қолдаймыз. Күнделікті жарты сағаттай кітап оқып, жаңа мақсаттар қоямыз», – дейді анасы.

Қазіргі таңда Али қазақ алфавитін толық меңгеріп, ата-анасымен бірге ағылшын тілін де үйреніп жүр. Оның бұл жетістіктері көпшілікті таң қалдыруда.

Жаңалықтар

Жарнама