Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ауырмай есімнен жаңылғаным

5 июльде кешкі шайды ішіп бола берген мезгілде, бір бала ентелей басып келді де, қақалып, шашалып:

— Молдеке, кітап! Неке қияр!.. Неке кітап сұрайды... — деді. «Неке» деп құлағыма тиісімен-ақ, сасқандығым сонша: үйден ата шығыппын. Себебі: алдында естігенім бар да: «Жақын ауылда бір келіншектің 18 жасында күйеуі өліп, тиерлік жөні түзу кісі болмаса да, алты жылдан бері балаларын қимай шыдап-ақ отырып еді; биыл оның үстіне соры қайнап, сүйеніп отырған жалғыз ер баласын қызылша алып кетіпті. Апырмай! Бейшарадан әлгі күнгі үйтем-бүйтем деген сөз шыққан жоқ еді; солай болса да жақын ағайындары: «Енді бізде қарайлайтын нәрсесі қалмады, бір күні орнын сипалап қалармыз, қызға алданып отырмас» деп, өздерінен өздері қобалжысып қайын атасының інісі - саңырау Жүсіп деген жануарға ықтиярсыз басын тигіземіз деген соң, қорадан қораға қашып тығылып, зар еңіреп жүр» деп.

Мына залымдықты ести тұра, күймесің бар ма? — Тұр, аулақ жүр, — дедім. Бала дүрсілдетіп ала жөнелді.

Артынан тағы тыншып отыра алмадым. Бір замандасым келіп сонымен: «Ай, қазақшылық - ай! Обал - ай!» - деп сондай бейшаралардың халдерін қайғырысып, әңгімелесе жүріп ауылдан бірталай ұзап кетіппіз. Артымыздан: «Молдашы, молда!» деп, бүкіл елді көшіріп айқайлаған дауыс шықты. Апырмай, бірдеңе болып қалған екен. Ауыл отағасыларынан ұят болды-ау; «молданы шайтан қуып кетті дейді-ау», — деп, қыпылдап, ысқыра-ысқыра жүгіре басып келсек, баяғы қатын алатын сырбаздың тап өзі екен.

Омырауы ашылған, етек жайылып кеткен, жайдақ атқа мініп, алдымнан қарсы шықты. Ес жоқ, түс жоқ, кеудесімен жер соққандай:

— Ет пісіп тұр. Жүріңіз. Молдеке, жүріңіз. Кітабыңызды ала жүріңіз. Қатты-қатты оқыңыз! Қасіретті адам ғой, - деп атымен ентелетіп, мүлде үстімді басып кете жаздады.

— Баруға уақытым жоқ... олай, былай... — деп едім.

— Апырмай! Тіпті білмесеңіз де, төбеңізді көрсетіңіз, — деп ішіп-жемге қоймады.

Енді барып ықтиярсыздықты көзіммен көріп, неке оқымай, білгенімді қосып зарлы бейшараның көңіліне медеу болып қайтайын деп ойладым. Нақақ біреудің көз жасына қаламысың деп айтушылар болса да, әлгі жолдасымды ертіп, жаяу жүріп кеттім. Бара жатып:

— Жүрсеке, жеңгей рұқсат бере ме? Келініңіз ықтияр ма? Күйеуі өлгеніне қанша болып еді? — деп сұрастырған болып едім:

— Қатты-қатты оқыңыз. Сіз барған соң, болды да, — деп даурыққан жарықтықтың өз сөзінен басқа сөзді ести алмадым, сөзімді де естірте алмадым.

Барсақ, ет пісуге тақалған, жер ошақ басын айнала қамап алған қатын-қалаш, үй ішінде де аяқ басарға орын жоқ; пышақтарын алақандарына жанып, кеңірдектерін соза күрілдесіп отырған сақалдылар:

— Бәрекелді. Қайырымен болар, молдекең де келді. Жоғары шық, — деп шу ете түсті.

Келін біз отырған үйде болмағанға бұл бейшараны қай көріне тыныш булықтырды екен деп, басқаға құлақ қоймай, онда-мұнда қарай-қарай еттен де құр қалдым. Бір жағынан анау жерде отырған қатындардың: «Оған тигенше жарылып өлемін; алты жыл күттім, менен не күнә таптыңдар деп, кеше ойбай салып дауыс қылып еді. Пәлен қайнағаға байлаймын деп, түгеншенің байы да ақырып қорқытқан болды... Ойбай Көнетін емес. Бүгін некесін басып қиғанмен тұрар деймісің...» деп, бір-бірін түртісіп, сөйлескен пыш -пыштары құлағыма келіп, одан жаман құтымды ұшырды.

— Неке суын әкел! — деп даярлап, екі сып борбайды куәлікке сайлап, Ғалиядан сұрап кел деп жіберді де:

— Ал, молда, оқитыныңды оқи бер, — деді. Мен:

— Су да керек емес, оқу да керек емес, көзбе-көз тиемін деген сөзі керек, неке сол, -дедім.

Сол-ақ екен, ақсақалдар бәрі маған үрпиісіп: — Сен қайдан оқығансың? Мүйізі қарағайдай жуан молда да, қызыл молда да басқа үйде отырып-ақ куәлерден сұратып оқи беретін, — деп ал келіп дуылдасты.

— Бұл үйтетін қыз емес, байы өлген қатын... — деп қанша әуреленсем де, онан жаман шабаланып лаға берген соң: — Сырттан басып некесін қиюға уақытым жоқ, - деп киіне бастадым.

Біреулері:

— Қой, молда шариғаттың жөнін айтатын шытар, басқа кісі кіргізбей, молдамен үшеу - төртеуің барып келе ғой, — десті.

Қотанның ар жақ шетінде жатып қалған бір қараңғы үйге бардық. Шам жаққан уақытта үйдің сол жағында бір жаман шапанды бүркеніп, теріс қарап, басын жүктің жер астына кіргізе, тазы қуып көбікке қысылған көжекше, қайтсем жан қалады дегендей, доп-домалақ бір уыс болып, қарлыққан дауыспен бейшараның ішін тарта - тарта, булыға зарланып жатқан формын көріп жүрегімнің қайда кеткенін білмеймін. Иманым тітіркегендей болып тұла бойым қалтырап кетті. Қасына барып «басынды көтер» деп айтуға қане жалғыз адамның батылы барсыншы. Еркектердің тықпалауымен бір-екі қатын барса да, қақпандағы қасқыр секілді жұлып-жұлып тастаған соң, қайта баруға бата алмады ма, немене. Қайтадан екі қатын бас жағына қарай шегінісіп, қабырға құран оқитын молдаға құсап екі жерде шошайды да отырды. Бір отағасы: — «Апырмай, шымылдық құрмайтын ба?» деп безектеп барып анау жерден шымылдық әкеліп құрды.

Бір мезгілде менің һәм куәлерімнің «разымысың» деп баспалатуларымызға қарсы бір түрлі зығырланып күйген дауыспен:

— Құдай біледі, олда разылығым жоқ. Дүние ақыретте разылығым жоқ, жоқ... — деп өксіген, мұңсыған дыбыс естілді.

Бір жағымнан мынау күйдіріп, бір жатымнан екі куәнің өтірік «разы» деген сөзіменен, ақсақалдардың алдыма су толтырып қойып, «құтпа оқы!» деп бір теңгені алдыма қойып, сылдырлатып қамаласуы, ай, не керек! Көрде қысылғандай - ақ қысылдым - ау! Разы болса, бесті - он тиынды олжаланып, әйтпесе, неке оқымай, залымдылығына тоқтау айтып, материал алып қайтайын деп ойыншық көріп келген молдекең көптің талқысына түсумен не қыларын білмей, бір олай, бір былай алақтап, сасқандықтан көзі шарасынан шықпасын ба...

Жаңа келген мені осынша састырып, шығуға тесік тапқызбай отырған жұрт анау зарлап жатқан бейшараның не жанын қалдырды екен деп ойлап, мүлде есімнен айрылыппын. Әр қайсысынан дабыл тойды болып қалған сорлы құр жатып егілгені болмаса, бас көтеруге шамасы келе алмады. Мен шыдай алмадым:

— Бұл не деген сұмдық! Қазақшылығыңды қойсаң, әкелерің өле ме? Құдайдан қорықпай, адамнан ұялмай, ықтиярсыз неке қияйын деп жатқандардың мынау. Оның үстіне мені шақырып былғамақсыңдар. Біреудің көз жасы обалына қала алмаймын! - деп бұрқырап тұра келгенімде бәрі жабылып:

— О не қылғаның, молдеке? Ырза, ырза, көптен ырза... Әншейін қасіретті кісі, бұрынғы күйеуін қайғырады. Құтпа білмесеңіз де, батаңызды беріп кетіңіз, отырыңыз, — деп тағы бір теңге салып, қолдарын жайысып қамалап отырып алды.

— Ала алмаймын, мың теңге берсең де алмаймын, көз жасты алмаймын... — деп керілдесіп жатқанымда:

Аят оқылмаса да, неке суын ішкізу ырымы деп күйеуге ішкізіп, шымылдық ішіне апарса керек.

Су - муымен аспанға шыққан аяқ пен мынандай зарлы дауысты естіп, тағы салғыласуға дәтім шыдамады, басымды ала қаштым. Дауыс мынадай еді:

— Алты жыл қимай күткен, қайын атам!
Мынау ма сонда берген алғыс, батаң?
Өлсем де отқа күйіп, суға түсіп,
Қойнына мылқау иттің қайтіп жатам?
Алты жыл қимай күткен, қайын енем!
Қай жерде қайтқаны бар көңілің менен?
Қайныңның өзі түгіл, атын айтсаң,
Шошиды селк-селк етіп барлық денем.
Алты жыл қимай күткен, құлыным - ай!
Он үзген омыртқамды, жұлыным - ай!
Қарбаңдап, сүйіп мауқым басатұғын,
Айрылып сенен - дағы ұлыдым - ай!
Алты жыл қимай күткен, ауыл - аймақ!
Алдыңнан кесе өткем жоқ, құдай айғақ.
Күйіп тұрған жанымды отқа сал деп,
Көтердің түс - түс жақтан бәрің сайғақ.
Ал енді менің қайда барсам тауым.
Нәрсенің көз алдыма бәрі жауым.
Ініңді алтындасаң, құлқым сүймес,
Басқа жоқ, онан өзге айтар дауым.
Жазаңды ақіретке құдай берсін.
Жер болып жетім-жесір жылай берсін.
Жиылып бәрің бірдей мені жеңген
Ел - жұртым, қалай ерсің, қалай ерсің!

1913


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама