Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Бәкеннің шабарманы

Бәкеннің болыс кезі. Бір шабарманын уезге документ қағаздарын поштабай етіп жібереді. Күн ұзақ жүріп, кешке күн бата Жәкіштің Құрманғалысының ауылына қонбақшы болып келсе, төбе басында Құрманғалы болыс бірнеше адамдармен отыр екен. Жігіт сәлем береді.

Құрманғалы:

— Әлейкүмсәлем, қай жігітсің?

Қасен:

— Мен — матаймын, — деп елінің руын айтады.

Құрманғалы:

— Шын айтасың ба?

Қасен:

— Шын айтам.

Құрманғалы:

— Әй, жігіттер, мынау бізді матағалы келіпті, байлаңдар матағыш немені, — деп бұйрық етті.

Жігіттер барды да Қасенді ат үстінен жұлып алып, қол-аяғын байлап бір бөлмеге қамады. Түнде тамақ беріп, ертеңінде атын алып, лаумен жібереді. Қасен уезге поштаны табыс етіп, атын Құрманғалы аудартып алғанын арыз етті. Уезный начальник «біз Құрманғалы мен Бәкенге билік айта алмаймыз» деп лау қағаз жазып берген екен. Қасен Бәкенге болған жағдайды, атын қалай тартып алғанын баяндайды. Бәкен есесін қайтармақ болып, жанына тоғыз адам ертіп, Құрманғалының елі терістаңбалы Ақтағысқа шығып, күн батқан соң бір ауылға келіп, үлкен ақбоз үйдің сыртынан дауыстап адам шақырды.

Үйден жас жігіт шығып сәлемдесті:

— Құдайы қонақпыз, лұқсат болса, — десті. Жігіт:

— Үйде қонақ бар еді, басқа үйге қонсаңыздар екен, — деген кезде, сол үйдің әйелі адуындау адам болуы керек, үйден шыға келіп:

— Қондыра алмаймын, өзімізді қонақ басып жатыр, — деп қайта үйіне кіріп кетіпті. Бәкен жолдастарына:

— Аттан түсіңдер, үйге кірелік, — деп, үйге қарай келе жатыр.

— Әкеңді..., кімдер өзі менің келінімді басқан, — деп үйдегі қонақтарды қамшымен ұрып үйден қуып шығады. Жеті адам екен.

Сол елдің болысы Бердібекті шақыртып алып:

— Мына жеті адам келінімді басыпты, зорлапты. Маған шағым етті. Сол келінімді басқаны үшін айып әпересіз, — деп отырып алады. Бердібек жеті қонақтан да, үй иесінен де айып алып береді. Әйел үйінен қашып, Бәкендер кеткенше келмейді. Ертеңіне Жәкежан байдың үйіне қонады. Бай қораға қонған екен. Олар қаладағы татар салтымен үш бөлмелі ағаш үйде кілем төсеп, таза тұрады. Бейсауыт адамды қондырмайды. Құдандалы, жекжат адамдар келсе, бөлек қонақ үйіне түсіреді. «Қазақ кірлі, битті» деп өздері отырған үйге кіргізбейді екен. Бәкен бастаған топ қонақ үйде, үй іші жұпыны.

Жәкежан мен Бәкен құда болатын. Жәкежан бір жігітті жіберіп, Бәкенді шақыртады, «киімін шешіп, мұнда, мен отырған үйге келсін» депті. Бәкен бар киімін шешіп, көйлек-дамбалмен, жалаңаяқ, жалаңбас есіктен кіріп барып:

— Мынаны да тастайын ба, — деп көйлек-дамбалын көрсетіпті. Жәкежан орнынан тұрып:

— Құлдық, кешіріңіз, — деп үстіне жанат ішігін жауып, ертеңіне қаражорға ат мінгізіп аттандырады.

Қазанғап байдың үйіне қонған екен. Қонақасына серке сояды. Оған Құмалақ бата қылған табақ келген соң, басты бата қылған Құмалақ ұстауы керек қой. Басты алып бір жапырақ кесіп алып, ауызына салып, қақалып, аузынан алып, лақтырып тастап:

— Әкеңді... жасыңнан тау мен тастан орғып, енді мені де жардан ұшыра жаздадың-ау, — деп бір ат айып алған.

Қазіреттің үйіне қонып, базардан қазірет ет сатып әкеліп, картошкамен қосып асып әкеліп, дастарқанға қойыпты. Бәкен пышағымен картошканы әрі-бері домалатып:

— Қырдың қазы-қартасына қарай бармайсың, қаланың бес қадақ етінің қасынан домаланып бір қалмайсың, ә, — депті.

Қазірет «харам болды» деп, жемей тұрып кетіпті. Бәкеннің жолдастары да жемепті. Бәкен:

— Сендерге харам болса, харам шығар. Өзімдікі өзіме адал, — деп, жемек болып табақты алдына тартып, жемекші болған да қазірет:

— Жоқ, жемеңіз, кешіріңіз, қате бізден, — деп мал сойып, ертеңіне ат-шапан айыбын тартып аттандырыпты.

Бәкеннің поштабайының бір атын Құрманғалы алып қалса, Бәкен тоғыз ат, тоғыз шапан алып қайтқан екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама