- 17 нау. 2020 00:00
- 206
Бәкеннің әкесі Мырзатайды сөзден тоқтатып болыс болуы
Бәкеннің он алты жасқа келген кезі еді. Арғын-найман бас қосқан черезвичайный съезі болып, матайдың басшылары, ішінде Мырзатай болыс бар, жүрмекші болып жатады. Бәкен:
— Әке, қайда барасыз? — деді.
— Съезге барамын.
— Қанша адаммен барасыз?
— Қанша адаммен барушы ем, үш-төрт би, екі-үш атқосшы — жеті-сегіз адаммен барам. Бәкен:
— Өзіңіз Қалбаның болысысыз, өзіңіз Мырзатайсыз, Арғын-Найман бас қосқан черезвичайный съезге шошайып жеті-сегіз адаммен не деп барасыз?
Мырзатай:
— Өй, әкеңді... мен сенен ақыл сұрап барушы ма едім, әкеңді....
Бәкен:
— Өй, әкеңді.... Менің әкем ел билеп, жұрт билеп, болыс болып отыр. Ал сенің әкең кім еді? Көшкенде шөккен түйеге міне алмаған жаман Ордабай емес пе еді?
Сөзден тосылып, не дерін білмей, ызаланып, ызнак, мөрін лақтырып, үйіне барып жатып алыпты: «Барса, өзі барсын, мен съезге бармаймын» деп.
— Ау, әке, барыңыз. Үлкен съезге шошайып жеті-сегіз адаммен бармай, жүздеген адаммен барыңыз, атағыңыз бар. Өзіңіз Қалбаның болысысыз, салтанатпен барғаныңыз абырой емес пе?
— Жоқ, мен бармаймын, барсаң өзің бар, — деп жатып алды.
Бәкен:
— Сен бармасаң, өзім барам, — деп ызнак, мөрді тағып алып, жүз кісімен съезге барған екен. Содан болыс болып кете беріпті.