- 17 нау. 2020 00:00
- 227
Жетім көрсең жебей жүр
«Жетім» деген сөз қазақ халқына жат, дегенмен қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны ешкімге жасырын емес. Не себепті қоғамда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар көбеюде, оларға кімнің жаны ашып, кім жәрдемдеседі, кім қамқор болып, кім назарға алуда. Бұл сұрақтарға жауап алу қиын, жауап алсақ та одан қорытынды шығару мүмкін емес. Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да ащы» деген сөздеріне қарамастан бұл мәселенің күрделеніп келе жатқаны жасырын емес. Сол себепті жастардың бойында қайырымдылық сезімін ұялатып, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қоғамның назарын аудару қажет-ақ.
Әрине, барлық қыз баласына күйе жақпаймын. Алайда, бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні барлығымызға белгілі емес пе? Ал ер жігіттеріміз қазақ қызының, яғни, өз «қарындасының» намысын таптайды, жауапкершілік дегенді атымен білмейді. Ия, бойындағы арын емес, бетіндегі әрлеуін ойлаған қазақ қызы мен өне бойы құмарлыққа, ой-санасы ақымақтыққа толған қазақ жігітінің арқасында талай қазақ сәбиі ана қамқорлығы мен әке ұлағатынан қол үзіп, жетім атанып жатқан жайы бар. Сондай жетімдер саны, өкінішімізге орай, күн санап артып келеді. Бұл біздің қазақ қоғамына төнген үлкен қауіп, қатерлі дерт. Осы дерттің асқынып кетуін алдын-алу Қазақстанның болашағы – жастардың қолында.
Бүгінде республикамызда жүз елуден астам жетімдер үйі бар. Жыл сайын қазағымның қара домалақ ұлдары мен қара көз қыздары шетелдік азаматтардың қамқорлықтарына ие болуда. ҚР Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек,1999-2014 жылдар аралығында 8169 сәбиді шетелдіктер асырап алған. Соңғы он жылда қазақстандық жетім балалар әлемнің отызға жуық еліне әкетілген. Бұл жағдайымыз еш жарамас. Балалар үйіне хәл жағдайын білу мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің аға-оқытушысы Әлтаева Нұрсұлу Сауранбекқызының бастауымен және 4 курс дінтанушы студенттерімен «Қайырымды қала» жобасы аясында атты балалар үйіне бардық.
Құрметті, қазақ жастары! Қазақ қызы және қазақ жігіті деген абыройлы атқа сай болайық! Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, қарттарын қадірлеген қоғамымызды қайта жаңғыртайық!
Айжан және Айшабибі