Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Дінтанудың қоғамдағы орны және оның маңызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы
Дінтану мамандығы                                                                                     

Дін – адамзат баласы пайда болған уақыттан бастап өмір сүріп келе жатқан ерекше құбылыс. Дінтану ғылымы діннің пайда болу, қызмет ету мен даму үдерісін, оның құрылымы мен әр түрлі бөліктерін, қоғам дамуының әр түрлі кезеңдері мен қазіргі таңдағы діннің көптеген көріністерін, жекелеген тұлға мен жалпы қоғам өміріндегі орны мен рөлін, мәдениеттің басқа салаларымен өзара байланысы мен әрекеттестігін зерттейді.

Қазіргі жаһандану процесі кезінде әр мемлекет өзінің ұлттық құндылықтарын, ұлттық болмысын сақтап қалуға тырысады. Бүгінгі әлеуметтік жағдайда елімізде белгілі бір идеологиялық білім ретінде дінге деген қажеттілік бар екені белгілі. Сол себептен, Қазақстан қоғамының түрлі этностық, конфессиялық сипатын ескере отырып, соған қоса ұлттық діни мұраны сақтап қалатындай қазіргі зайырлы қоғамға, заман талабына сай дінтану пәнін оқыту, дінтанушы мамандар аса қажет және бұл тақырып қашан да өзекті болып қала бермек. 

Қоғамда зайырлы дінтанушы мамандармен қатар, дінді тереңінен түсіндіретін теолог мамандарға да сұраныс жоғары. 

Дінтану пәні – бұл тек діндер туралы ғылыми пән ғана емес, сонымен қатар ең басты мақсаты – оқушының дін туралы түсінігін және оған деген объективті қатынасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін гуманитарлық пән болып табылады. Сондықтан, бұл пәнді арнайы дінтанулық білім бар мамандар беруі тиіс. Өкінішке орай, бүгінгі таңда мектептерде аталған пәнді дінтанушы мамандар емес, өзге пән мұғалімдері жүргізуде. Мектептегі дінтану пәнін арнайы дінтанушылардың оқыту жолдарын қарастыру керек, болмаса бұл пәнді жүргізіп жатқан мұғалімдерді дінтану саласы бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өткізу қажет. 

Діннің қоғамдағы рөлін, тұлғаның қалыптасуындағы маңызды орнын, еліміздің поликонфессиялығын ескере отырып, бүгінгі дәстүрлі емес діни ағымдардың етек алып, діни негіздегі экстремистік, террористік саясаттың өрбуі кезеңінде халықтың діни сауаттылығын көтеру үшін, жастардың бойында түрлі жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру үшін, елдегі және шетелдердегі діни жағдайды бақылап, талдау жасай білу үшін көпконфессиялы қазақстандық қоғамға діни білім аса қажет және бүгінгі күні өзекті болып табылады. 

Жалпы, діннің қоғамдағы рөлі артқан сайын, бүгінгі қоғамның сұранысын қанағаттандыра алатындай дін мамандары мен діни қызметшілерді даярлайтын орта және жоғары оқу орындарын құру мен қолдауға көңіл бөлінуде. 

Қорыта келгенде, қазіргі Қазақстандағы дінтанулық білім өзіндік базаға, тиісті білім үдерісі құжаттарына, қалыптасқан тәжірибеге ие, халықаралық ғылыми және білімдік байланыстарды жандандыруға өзіндік үлес қосып отырған қоғам өміріндегі маңызы жоғары білім беру саласы болып табылады. Өзге де білім салалары секілді дінтанулық білім уақыт талабына сай бағыттылығы жөнінен бірізділендіріліп, мазмұны тұрғысынан байытылып отыруға тиіс. Дінтанулық білімнің динамикалығын арттыру, қасаң көзқарастардан арылту, тәжірибелік курстар санын көбейту шараларын жүзеге асыру нәтижелі болмақ.

Айжан және Айшабибі


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама