- 27 қыр. 2021 00:00
- 172
Балықшы тұйғын
Балықшы тұйғын — едәуір ірі (қанатының құлашы 167 см, салмағы 1,5 кг) қыран. Келбетті жыртқыш құс, дене пішіні әсем де сымбатты. Денесінің жоғарғы жағы қара, төменгі жағы ақ түсті, осыдан оңай тануға болады. Бұл балыққа маманданған құс, тек қана балықпен қоректенеді. Дүние жүзінде көптеген халықтың тілінде «балықшы қыран» деп аталады. Ертеректе Қазақстанның балығы мол және ұя салуға ағаштары бар көптеген су қоймаларында мекендеген. Қазір ұя басар кезінде бірнеше жерлерде: Марқакөл (Оңтүстік Алтай), Жайық, Ертіс, Іле өзендерінде ғана кездеседі. Саны 60-70-ке дейін (оның жартысы Шығыс Қазақстанда) кеміді. Негізгі себептер — орманды кесу, балық қорларының таусылуы, ересек құстарды жою.
Балықты ауада ұшып жүріп көріп, тұйғын бір сәтке тоқтайды да, қанаттарын қағып, содан кейін екпіндеп суға құлайды да, алдына қарай созылған аяқтарымен балықты ұстайды. Кейде осылай суға да батып кетеді, тек өзінің күшті қанаттарының қағуымен судан босанып шығады. Тығыз, қатты қауырсындары, саусақтарының өткір тікенектері және де алдыңғы үш саусағының біреуін артқа бұру қабілеті арқылы балық аулайды. 2 шұбар жұмыртқасын аналығы мен аталығы кезектесіп, 35 күнде басып шығарады. Балапандары ұясында екі айдан болады. Қазақстанда наурыздың соңынан қазанның соңына дейін болады.