Балқаш мысының бастауында
Үлкен тұлғаларды ел өміріндегі үлкен оқиғаларға қатыстыра еске алатынымыз бар. Балқаш мыс балқыту комбинатының іске қосылуы біздің республикамыз үшін сондай оқиға болды. Сол оқиғаға қатыстыра айтатын абзал азаматтардың бірі, бәлкім, бірегейі деуге де келер — Камал Қадыржанов. Қазақтың алғашқы инженер-металлургтерінің бірі. Еліміздің экономикасын дамытуда орны бар адам.
Кезінде Камал ағамыздың өзімен жүздесіп, әңгімелесудің сәті түспеді. Бірақ ол туралы әңгімені естігелі талай болды. Тіпті сонау 60-жылдардың аяғында Семей өңіріндегі Аягөз ауданының “Таңсық” кеңшарында болған кезімізде оның директоры Ғалым Баймырзин деген азаматтың өз ауылының тумаларын айтқанда, Балқаш мысын алудың басында болған Қадыржанов дейтін азаматымыз бар деп, туған жерін ұмытпайды деп мақтанған еді. Ал талантты жазушы бауырымыз Ғабиден Құ¬лақметов ол туралы жыр айтатын десе болғандай. Әскери дайындықта біраз күн бірге болғанда ол Камал ағамыздың қызметінен бұрын азаматтық бейнесін, оның әншілік-серілік қасиетін айрықша құштарлықпен сөз еткен. Жолықтырамын дейтін, мынау күйбең тіршілікте оның сәті түспеді. Камекең өмірден озып кетті.
Жалпы Камал Қадыржанов туралы айтылған, жазылған жайлар баршылық. Сонау қырқыншы, соғыс жылдарында ол жайында ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі Балқаш туралы очеркінде жазып кеткен. Әйтпесе заманымыздың ұлы тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев та өз еңбектерінде оның атын бір емес, бірнеше рет ілтипатпен атайды. Ал батыр Бауыржан Момышұлы ағамыздың оны “Ақынсың ақыл-ойың маған жақын” деп сипаттайтыны бар. Бұл жерде инженер-металлург ағамыздың өлең де жазғанын айтсақ жөн болар. Өзі дүниеден озған соң, оны балалары жинастырып, кітап етіп шығарған.
Бірге істеген қызметтес дос-жарандарының естеліктерінен де, жалпы оның өмір жолына қатысты құжаттардан да қиындықтан мойымаған жігерлі де білікті басшының, атпал азаматтың жарқын бейнесі көз алдыңа елестейді. Сол өмір жолына көз жүгіртіп көрейікші.
Ол осыдан бір ғасыр бұрын жоғарыда айтқан Аягөз ауданындағы қазір Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесі тұрған маңдағы қазақ ауылында дүниеге келіпті. Көзі ашық текті отбасы өз баласының білім алғанына жағдай жасайды. Соның арқасында 16 жастағы Камал Қазан қаласындағы орыс-татар рабфагіне оқуға жіберіледі. Одан соң 1927 жылы Мәскеудегі Түсті металдар және алтын институтына түсіп, оны төрт жылда бітіріп шығады.
Жас маман 1932 жылы Ленинградтағы Түсті металлургия кәсіпорындарын жобалау институтына жіберіліп, сонда Балқаш кен-металлургия комбинатын жобалау жұ¬мысына қатысады. Бұл оның өмірлік жолын айқындады десе болғандай. Бұдан кейінгі оның біраз өмірі сол Балқаш мысына қатысты.
Қазір уақыт қашықтығынан қарағанда, бәрі оңай сияқты көрінеді. Әйтпесе Мәскеуден сол Балқашқа жеткенше 46 күн жүріпті. Бүкіл Ресейдің бір аймағын айналып өтіп барып әзер жеткен. Оның 14 күнін қақаған аязда Қарағандыдан Балқашқа дейін жаяу жүрген. Мұндай қиындыққа біреу шыдар, біреу шыдамас. Сондай қиындық боларын ол бұрыннан білетін. Министрлікте оған “Балқашқа барасың ба?” деген сұраққа өзінің “Егер ондағы жұмыстан мен бас тартсам, Балқашта кім істейді?” деген жауабы әрқашан оның көңілінде жүргенін Қамекең өз естелігінде жазып кеткен.
Балқаштағы өмірдің қиындығын тұрмыспен ғана шектеуге болмас еді. Тамақ та, су да жетпейтіні, тар үйдің суықтығы өз алдына, үлкен кәсіпорын салыну көзделгенмен, мұнда кадр жоқтың қасы еді. Тәжірибелік байыту фабрикасында оның директоры Кочнев екеуінің ғана инженерлік мамандығы болды. Өздері өндірісті ұйымдастырып қана қойған жоқ, жақын маңнан келген ауыл қазақтарын мамандыққа үйретті.
Өмір көз алдарында өзгерді. Кішкентай тәжірибелік фабрика алып кәсіпорынға айналып бара жатты. Елдің түкпір-түкпірінен ағылып адамдар келді. 1000 комсомол мүшесі мен 500 коммунисті жұмысқа шақырған ұран көп кешікпей жүзеге асты. Поселке Балқаш қаласына айналды. Үш жыл бұрын 14 күн жаяу жүрген Қарағандыға дейін енді темір жол салынды. Күрек, қайла, арба орнына трактор, крандар, бульдозерлер пайда болды.
Сөйтіп бес жылдың әлетінде әлемдік түсті металлургияның бір алыбы алғашқы өнімін бере бастады. 1938 жылдың 24 қарашасында алғашқы Балқаш мысы алынды. Кейін бірте-бірте жобалық қуатына жеткеннен кейін оның өнімі әлемдік биржада эталонға айналды.
Осынау табыста Камал Қадыржановтың айрықша үлесі бар. Еңбек жолын жай шебер қызметінен бастап, одан кейін ауысым бастығы болды, үлкен кәсіпорынның техникалық қызметін басқарды, сонан соң байыту фабрикасының директорлығына тағайындалды. Балқаш мысы оның белсенді қатысуымен алынды.
Осы өңірде ол өз өмірінің мәнін ашты десе болады. Діттеген мақсатқа жетіп, қазақ мысы деген ұғымды орнықтырып, ұлттық мүдденің бір үдесінен шықты десек, отбасын құрып, жеке өмірінің алтын қазығын қақты — Мәймүна Меңліахметқызы Қонаевадай текті жерден шыққан адаммен тағдырын қосты.
Балқаш мыс алыбымен бірге Камал Қадыржановтың өзі де өсті. Маман ғана емес, кең ауқымды басшы ретінде қалыптасты. Фабриканың 35 жастағы директорын Республика Жергілікті өнеркәсіп министрі етіп жайдан-жай тағайындамайтыны өзінен-өзі белгілі.
Министрлік қызметте ол көп болған жоқ. Бірақ сол бір жылдай уақытта жұрттың есінде қалғандай қадам жасады. Осы кезде Ұлы Отан соғысы басталған еді. Камал Қадыржанов, қолында соғысқа бармайтын бронь болса да, өзі сұранып майданға кетті. Онда үлкен қызмет атқарған да жоқ — рота саяси бөлімі бастығының орынбасары ғана болды. Сірә, жаман соғыспаған — Отан соғысы орденімен, екі медальмен марапатталды. Мықты адамдар соғысқа ғана емес, бейбіт өмірге де керек — сол соғыс аяқталмастан Қазақстан басшылығы оны 1944 жылы елге шақырды. Алдымен Талдықорған облысының, онан соң Қарағанды облысының облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлық қызметтерін атқарды.
Сол тұста ақсап жатқан жерге білікті басшыны жіберіп, ондағы жағдайды түзету дәстүрі болатын. Камал Қадыржановтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тау ішіндегі “Ленгеркөмір” тресіне бастық етіп жіберілуі сол дәстүрге сай шара еді. Бес жыл өмірі сонда өтті.
Қалай дегенде де, Камал Қадыржанов түсті металл жөніндегі маман. Сірә, республика басшылығы оның Түсті металлургия министрлігінің Шахта құрылысы бас басқармасының бастығы қызметіне тағайындағанда, соны ойлаған болар. Бұдан кейін елімізде шаруашылықты басқаруда біраз өзгерістер болды. Жер-жерде Халық шаруашылығы кеңестері құрылған кезде ол әкімшілік аудандарында болсын, республикалық деңгейде болсын, сол кеңестердің түсті металл жөніндегі салаларын басқарды. Кейінірек он жыл бойы қатарынан Республика
Түсті металлургия министрлігінің Мыс өнеркәсібі, Мыс және алюминий өнеркәсібі басқармаларының бастығы болды.
Сол кезде жасы зейнеткерлікке жеткендерді қызметте көп ұстамайтын. “Құрметті” зейнеткерлікке шығарып салар еді. Ал Камал Қадыржанов аса жауапты қызметте он жыл “артық” отырды. Әрине, аса білікті кадр болған соң. Жетпіске толған шағында шын мәнінде құрметке бөленіп, үлкен абырой арқалап кетті.
Соған да міне отыз жыл өтіпті. Содан бері ұмытылмай келе жатқан Камал ағаға қатысты бір әңгіме бар. Оны білетін адамдар бұл әңгімені айтпай кетпейді. Біз де дәстүрді бұзбай, сол естігенімізді айтайық. Сонда жетпіске толған соң, министрліктің бас басқармасы бастықтығынан зейнеткерлікке шыққан салтанатта бір лауазымды адам сөз сөйлеп, өз сөзін Компартия Қамекеңнің әке-шешесі де, ұстазы да болған дегенге тірейді. Сонда ол: “Қарағым, өзің не деп кеттің? Мен Коммунист Большевикович Социал-Демократов емеспін ғой, егер Камал Қадыржанов екенім рас болса, мені оқытып, тәрбиелеген Қазан, Мәскеу қалаларындағы ұстаздарым мен Балқаштың жұмысшылары ғой!” депті. Жұрт бұған күлген де, сүйсінген де. Бұл Ком¬партия нағыз дәуірлеп тұрған 1976 жыл еді. Оның ұлылығына күмән келтірмейтін, барлық жақсылықты Компартияға апарып тірейтін, онсыз өмір жоқ десе, талайлар иланатын кез. Камал аға өзінің қайсарлығына басып, сол құдіретті өзінің әжуасына арқау етті. Бұл жай адамда бола бермейтін мінез.
Шын мәнінде Камал Қадыржановтың өмірі — өнегелі өмір, ел жадынан өшпейтін өмір. Оның есімі энциклопедияларда, ұлылардың мұраларында жазылған. Замандастарының жадында сақталған. Осынау қадірлі есімнің отбасылық жалғасы да бар. Мәймүна Меңліахметқызы апай екеуі өсірген үш ұлдан ұрпақ өсіп жатыр. Ал балалары елге қызмет етудегі әке дәстүрін жалғастырып келеді: Еркіні — “Сарыарқа” акционерлік қоғамы корпорациясының президенті, Алтайы — “Алматыэнергоның” бас директоры, Қайраты — ядролық физика саласындағы үлкен ғалым.
Камал Қадыржановтың аты аталса, Балқаш мысы қазақ мысы деген ұғымдар көңілге оралады. Ал бұл ұғым қазақ елінің сипатындай ешқашан өшпейді.