Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Балжан қыз

Балжан деген қыз қарақалпақтар ортасында туып-өскен қазақ қызы екен. Ақылына көркі сай, қылығына өнері сай, жұрт аузына іліккен ару бойжеткен болса керек. Қазанғап жер көріп, ел танып, өнер іздеп жүрген кезінде Балжан қызбен танысып, тұңғыш рет бозбала сезімі оянады. Ойын-тойда сөздері жарасып, өнерлері үндесіп, біраз күн жұптары жазылмай бірге болады.

Содан Қазанғап қайтар кезде Балжан қыз арнайы қоштасуға келіп: «Ал, Қазанғап аға, тілеуі жолыңызда жүретін бір қарындасыңыздың барын ұмытпаңыз, қыз ғұмыры қызғалдақтай келте екенін білесіз ғой, жыл ұзатпай келіп тұрыңыз!», —  деп ішкі сезімін емеурін етеді. Қазанғап та қимас көңілмен тіл қатып: «Уәде — Құдайдың аты, жыл ұзатпай арнайы келемін», — деп сөз береді.

Қазанғап ұзақ жол жүріп, еліне келеді. Елдегі жағдай белгілі. Жоқшылықты серік еткен ата-ана қартайған. Баяғы қоңыр үйдегі тірлік. Қарт анасы Қазанғапқа мұңын шағып, қолқанат болар келін көргісі келетінін білдіреді. Тіптен, көрші ауылдағы көз көрген қатарларымен сөйлесіп, Жәми атты қызға құда түсіп қойғандарын айтады. Тіршіліктің темір қамыты дегеніне көндірмей қойсын ба, Қазанғап әрі-бері ойланып, ата-
ананың тілегіне бас иеді. Жәми қыз да тәрбие көрген ару болса керек, Қазанғаптың көңілі толады. Ата салттың рәсімінде «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген жөн-жоралғы бар. Қазанғап бас құраудың қам-кереметіне кіріседі. Кедейдің ойға алғаны қай бір оңайлықпен орындала қойған, бірі кем дүниенің кетігін бүтіндейін деп жүргенде арада бірер жыл өтіп кетеді. Күндердің бір күнінде аяқ астынан Жәми қыз дүние салады. Қазанғап күйзеледі. Күйзелгенмен өлген қайтып тірілмейді. Тірі адам тірлігін жасау керек.

Қазанғап тәуекелге бел буып, баяғы қарақалпақ арасындағы Балжан қыздың ауылын бетке алып, жолға шығады. Ойы Балжанды өмірлік жар етіп, алып қайтпақ.

Бұл жазмыш дегенді қойсайшы, Қазанғап Балжан қыздың ұзатылу тойының үстіне түседі. Қыз көңілі өңі түгілі түсіндегіге сеніп, дұғадай ұйыйтын әдеті ғой. Балжан қыз Қазанғаптың баяғы уәдесінен көп үміттеніп, күтудей-ақ күткен екен. Бірақ араға екі жылдың жүзі түскенде, амал жоқ күдер үзе бастайды. Күдер үзген соң да сөз салып жүрген бір жақсы жердің баласына келісім береді.

Ақылды ару Балжан қыз бота көзі мөлт етіп, көзінің жасын ішіне жұтады. Сонан соң болған іске болаттай беріктік танытып, болашақ күйеуі мен жолдас-жорасына естіртіп ашық шыраймен тіл қатады: «Қазанғап аға, тағдырдың бұйрығы осылай болды. Менде жазық жоқ, сағынышты серік етіп, уәделі мерзімді екі еселеп күтіп-ақ едім. Кінә өзіңізден, енді арамызда өкпе мен өкініш қалмасын. Ақ тілеулі тойымды өзіңіз басқарып, уәдеде тұра алмаған айып-шамаңызға өмір бойы маған күй арнап өтіңіз!» — деген екен.

Бұл сияқты ақ жүрек, адал көңілге көлеңке түсіруге бола ма, Қазанғап сол жерде Балжан қыздың кісілігі мен бүкпесіз ашық көңіліне риза болып: «Дегенің болсын!» деп бас иеді.

Сөйтіп, Қазанғап өмір бойы Балжанға сұлулық пен ақыл-парасаттың тәңіріндей табынып, күй шығарып өтеді. Ол күйлері «Балжан қыз», «Қыз он бесте», «Балжанның он жетісі», «Балжанның келін болып түсуі», «Сен кеткенде, мен қайтем», «Балжанның екі мықынының бүлкілдеуі», «Балжан қатын» деген атпен күні бүгінге дейін тартылады.

Міне, осыдан кейін өмірді өнердің мәңгілік ететініне күмән келтіріп көріңіз.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама