- 02 қаң. 2020 00:00
- 231
Мұңлы қыз
Бұл күй халық арасында «Әуппәли, бөпем-ай», «Жетім қыз», «Мұңлы қыз» деген атауларға ие. Көп тараған аты — «Мұңлы қыз». Күйдің де, аңыздың да бірнеше нұсқалары бар. Сол аңыздардың бірінде былай делінеді:
Бір жігіт әкеден жастай жетім қалып, шеше тәрбиесінде өседі. Тентек атанып өскен ол бетіне ешкімді келтірмепті. Шешесінің «мүмкін, тоқтар» деп үйлендірген ниетінен ештеңе шықпайды. Әйелі ұл бала туады, бірақ тоқтауына ол да септеспейді.
Ақыры сол елдің ауқатты әулеттерімен сыйыспай, елден шеттеп кетеді. Маңайына адам топтап, байларға бөрідей тиеді. Бір күні өзі жоқта елін қарақшылар шауып, ауылды аяусыз масқаралап, қырып-жояды. Қан сасыған ауылда жігіттің қарындасы мен жалғыз баласы ғана тірі қалыпты.
Ағасының жас баласын арқалаған қыз, жігіттің бекінген жеріне келіп, ағасына шешесі мен жеңгесінің, бүкіл ауыл азаматтарының қазасын естіртіпті. «Жігіт кек алу жолында атқа мінеді», — деп аяқталады шежіре-сөз. «Әуппәли, бөпем-ай» немесе «Мұңлы қыз» күйі өмірге осылай келіпті.