Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Қазыбектің бір ер туралы айтқан билігі (ІІ нұсқа)

Ұлы жүз үйсіннің бір адамы Төле биге келіп:

— Мұндай ерді үш жүздің баласында ешкім мінген жоқ. Мен олар ерге сонша қызыққаныммен, ер иесінің байлығымен мырзалығы менен кем емес, дүние пұлға қызықпайды. Сұрағаныма бермейді. Сіздің тіршілігіңіз де осы ерді алып атқа бір ерттетіп мінсем деген ойым бар, биеке, — депті.

Төле би оған:

— Мен тірі тұрғаңда ол тілегіңе де жетерсің. Кіші жүз өзінің асына шақырып отыр. осы асқа сол мырзаң да келіп қалар. Соңда ретін тап та жүгініске түсер, қамыңды қарастыр! Оған билікті мен айтпайған да кім айтар дейсің, — депті.

Үш жүздің баласы асқа бас қосқанда ерге құмартқан бай үш-төрт жылпың жігіттерін дайындап алып өзі білетін ерді іздетіпті. Асқа ер иесі де келген екен, атынан түсіп байлап қойғанда әлгі жылпың жігіттер:

— Мынау көк арғымақтың иесі кім? Үстіңдегі ерін танып тұрмыз, бұл ер жесірге бергісіз атымызбен бірге жоғалған еді, — деп айт-ұйт жоқ атты ерімен алып кетіпті.

Мұндай нақақ қорлыққа жаны күйген ат иесі Төле биге келіп жайын айтса, ол өзінің ұлы жүзінің адамдарына қарап:

— Таныған еріңді ал да, атын өзіне қайырыңдар. Екі арыс елдің арасыңда бір тай әрі де, бері де жүрмей ме? Жоғалған атыңды қумай-ақ қой! — депті. Бұған өте ызаланған Кіші жүз төбелес шығарайын десе, ас, өзінің елі бүлінеді, шығармаймын десе, көрінеу жасалған қиянат күйдіріп барады. Соңда астың аяғында Мәме би:

— Ара ағайын Келдібектің сарысы бұған [не] айтады екен? — деп Қазыбекке кісі жіберіпті. Қазыбек тарауға бет алған елді тоқтатып, ұлы жүз бен кіші жүзді екі жаққа отырғызып, ерді ортаға қойғызыпты. Содан кейін екі жақтың ешкіміне ештеме деместен, ерге келіп сабаумен нұқып
қойып:

— Қапталың қайың, қасың бөз,
Қалмамбет шапқан бір ерсің.
Ұлы жүз бен Кіші жүз
Бір ерге қайтып мінерсің.
Бүйте берсең, әй, Төле,
Сендер бір күн өлерсің.
Теріс билік айтсаңыз,
Тәңір алдыңда не дерсің?
Осы ер орнына қайтады,
Осы ер орнына қайтпаса,
Қалменіңнен күйерсің,—

депті. Ұлы жүз жағы ол тұспалға жөнді түсінбей:

— Қазыбек не деп кетті? — деп Төле биден сұрапты. Сонда Төле би:

— Не деп кетуші еді? Келдібектің Сарысы айтпайды, айтса, сол айтысқаннан қайтпайды. Орта жүз бен Кіші жүз жабылып кетсе, бізден не қалады, ерді орнына апарып тастаңдар, — депті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама