Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Білім беру жолындағы жаңаша бетбұрыс

В.А.Сухомлинский: «Әлемде адам тұлғасынан күрделі, одан бай ешнәрсе жоқ», - деп жазған. Бүгінгі күнде барлық ұстаздардың алдындағы мақсат – өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс–әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу болып табылатындығы бәрімізге белгілі.

Қазіргі біз өмір сүріп жатқан алтын ғасыр жаңашылдыққа толы, әрі жаңашылдыққа бейім ғасыр деп айтсам, асылық айтқаным емес. Сол  себепті де жаңашылдыққа жаны құмар тәрбиелеушілер мен тәрбиеленушілер осы «жаңалық» сөзін қалай қолданысқа енгізуде. Осы  тақырыпта үңіле кетсек, жаңашылдықтың біздің ғылым саласында орны ерекше. Оның дәлелі жаңа технологиялар мен жаңа білім  бағытына арналған жобалар.

«Жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді пайдалану-білім сапасын арттырудың бірден-бір жолы» –деп орыс ғалымы Л.В.Зенков айтқандай,  расында да жаңа технологиялар өз пайдасын беруде деп айтуға болады. Күн сайынғы тіпті сағат сайын артып, өзгеріп отырған әлемдік ақпаратқа ілесу, ондағы жаңашыл әдіс-тәсілдерді меңгеріп, пайдалана білу,бүгінгі күннің мұғалімінен үлкен ізденісті, зор талапты, өз білімін жетілдіріп арттыруды қажет етіп отыр. Заманауи жоғары технологияларды пайдалану арқылы ғана,біз ұстаздар сапалы білім беруге қол жеткізе аламыз. Қазіргі уақытта қолданыста жүрген 25-ке жуық оқыту технологиялары, 40-қа жуық сабақ түрлері бар. Бүгінгі таңда әлем жаңа тың серпілістер үстінде. Қазіргі кезде мектептің оқу үрдісінде 50-ден астам педагогикалық технологиялардың қолданылып жүргені анық. Бұл технологиялардың бәрін бір сабақта қамту мүмкін емес. Сол себепті де жаңа әдіс-тәсілдердің өзімізге қажеттісін таңдап, білім беруге ыңғайлы жолын насихаттауға тиіспіз. Оның бір дәлелі қазіргі күндегі жүргізіліп жатқан мұғалімдердің біліктілігін арттырып, әдіс-тәсілдерді үйретуде мол үлес қосып жатқан Кембридж университетімен «Назарбаев зияткерлік мектебі» арасындағы жасалған жобаны атап кетпеске болмас. 

Аталған Бағдарламадан күтілетін нәтижелер оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды.

Бағдарламаны меңгеру барысының ең төменгі, үшінші деңгейінде осы жеті модульде қарастырылған идеялар сабақта пайдаланылатын жекеленген страгегиялар мен тәсілдер сияқты өзара байланыста болады.

Бағдарламаның модульдері:

1. Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер.
2. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету.
3. Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау.
4. Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялы қтехнологияларды (АКТ) пайдалану.
5. Талантты және дарынды балаларды оқыту.
6. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу.
7. Оқытуды басқару және көшбасшылық.

Бұл жеті модульді сабаққа енгізе отырып, әр оқушыны зерттеуге алуға мүмкіндік пайда болады. Курсты өту барысында мен де өз  тәжірибемде осы жеті модульді сабақтарымда тиімді қолдануға тырыстым.

Білім жетілдіру курсының бірінші бетпе–бет кезеңінен соң, үйренген білімімді яғни жаңа әдіс–тәсілдерді өз іс-тәжірибемде қолдану мақсатында сабақ беретін сыныптарым арасынан 9-сыныпта қазақ тілі сабағын таңдап алдым. Таңдап алу себебім, бұл сынып жаңалықтарға жаны құмар, тез бейімделгіш. Бірақ, орташа оқитын оқушылар саны көптеу. Сыныпты зерттеуге алу себебімнің бірі, орташа оқитын оқушылардың сабақ барысындағы іс- әрекеттерінің өзгерісінен бір нәтиже көру. Бұл сыныпта 19 - оқушы бар. Оқушылар әр түрлі деңгейде оқиды. Алдымен сабағымды жоспарладым. Жоспарлау барысында «оқушыларым жаңадан енгізген тәсілдерімді жақсы меңгеріп, жұмыс жасай алады ма екен?» деген сұрақтың мазалағаны да рас. Бұл сұрағымның жауабын сабақ өту барысында оқушыларымның іс-әрекеті арқылы көрдім. Сабақты бастамас бұрын, оқушыларымды психологиялық жағынан көңіл–күйлерін қалыптастыру және оқушылар арасында достық қарым-қатынасты орнату мақсатында түрлі көңіл  көтеретін  тренингтер қолданамын. Тренинг барысында көңілді ән әуені ойналып тұрды. Оқушылардың өздерін достары арасында өте еркін қимыл-қозғалыста болғанын байқадым. Қимыл–қозғалыстырдың ең тиімді болған сәті, оқушылар еркін бір–бірімен тілдесе алды.

«Құрдастар тобындағы өзара қарым-қатынас оқуда маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Оқушылар жұпта немесе топтарда жұмыс істегенде, олар «мұғалім-оқушы» сұхбаты түріндегі өзара іс-қимылға қарағанда мейлінше «симметриялы» болып табылатын өзара іс- қимылға тартылады, осылайша, негізделген дәлелдерді әзірлеуде және қадағаланатын оқиғаларды сипаттауда түрлі мүмкіндіктерге ие болады.»[1.]  деген Мерсердің ойын негізге ала отырып, оқушылардың ұйымшылдық қарым-қатынастарын жақсарту мақсатында топтарға бөлдім.Топта жұмыс жасауларына мүмкіндік туды. Топқа бөлу кезеңінде оқушылар тарапынан қарсылықтар байқалмайды.

Үй жұмысын тексеру кезінде де түрлі әдістерді пайдаланамын. Power Point программасында таныстырылым жасап келу, плакаттарға  сурет салу, басқа топтарға сұрақтар дайындау арқылы жүзеге асырылып отырады. Жаңа тақырыпты меңгерту барысында да түрлі әдістер қолданғанды тиімді деп таптым. Жаңа тақырыпты ашу ең алдымен оқушылардың өздеріне жүктеледі. Тақырыпты талдау барысында  кездескен қиындықтарды шешуге өз тарапымнан түрлі таныстырылымдар арқылы, сұрақ- жауаптар арқылы шешіп отырамын. Жұмыс  жасау барысында оқушылардың алғашқы сабаққа қарағанда, өзгеше мейрімділікпен, бір–біріне деген сыйластықпен жұмыс жасап  жатқандары айқын көрініп тұрады. Сурет салу барысында бір байқағаным, барлық оқушы өз ойын ортаға салып, талдауға еркін араласып  отырғандары. Тұйық деген оқушыларым топ ішінде кішкене болсын өз үлестерін қосқандарына сенімділік көзқарасымен отырғандарын  байқап жүрмін. Сынып ішінде де еркіндік атмосферасы қалыптасты. Осы тұста Выготский айтқандай жақын арада дамыту аумағы қалыптасқанын байқадым. Бір топта отырған оқушылар бір–біріне көмек қолын созып, түсінбей отырған оқушыларға түсіндіріп, ұғындырып жатты. Мысалы жақсы оқитын оқушы Салтанат орташа оқитын оқушылардың бірі Ақназарға ауызекі сөйлеу стилінің қолданылу ерекшеліктері жайлы егжей- тегжейлі түрде түсіндіріп отырғанын көрдім. Тақырыпты ашу мақсатында салынған суреттер көбіне «Топтастыру» стратегиясын кеңінен қолдана алды. Топтастыру барысында жақсы оқитын оқушы Қазынаның зерттеушілік қабілетін байқадым. Топта сөйлей алмайтын оқушыларды,  сөйлеуге  дайындап  жатқандарының куәсі  болдым. Мұның дәлелі  Қазынаның топтағы көшбасшылық жасап, топ мүшелері  кімнен кейін  кім, қандай тақырыпта сөйлейтіндігі жайлы рөлге бөліп, топ алдында сөйлеуге ықпал  етуі.

Ал сабақтың нәтижелігін көрсететін кезеңнің  бірі - бағалау. Балаларды ынталандыру мақсатында формативті бағалаудың орны ерекше  екенін байқадым. Өйткені, әр топ қорғаған сәтте оқушылардың бір–бірін қошеметтеп, күш жігер беріп отырғандарын көргенде көз қуантты. «Сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес. Мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою жолымен бағалайды. Олар қолданатын кез-келген нысанның артында тек қана обьективті немесе жеткілікті дәрежеде обьективті емес нормалар мен стандарттар ғана  емес, сондай- ақ баланың дамуы, оқуы және уәжі туралы түсінік, сонымен қатар өзін–өзі бағалау, қабілеттілік және күш – жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар  жатады.» [2.]  деп  Александр айтқандай бағалау кезеңінде оқушыларды критерийлік бағалау парағын  қолдану арқылы топ ішінде бағалайды, өзін-өзі бағалайды, барлық топтарды бір оқушы бағалайды.

Қазіргі таңда 9-сыныпта ғана осы әдіспен сабақтарымды өтіп жүрмін, ал басқа сыныптарда мәселен, 5,6- сынып оқушыларын осы кезден  бастап дағдыландырып сабақтарымда толықтай болмаса да, кей бір элементтерін, оның ішінде топқа  бөлу, бағалау, жаңа тақырыпты өз беттерінше талдау сияқты т.б.

Қорыта келгенде Пажарестің  «білім беру стилін таңдау кезінде мұғалімнің білімділігінен гөрі сенімге негізделген ой – тармақтарының ықпалы күштірек деп сендіреді: оқыту үдерісінде қалыптасқан көз қарастар мұғалімнің сыныптағы іс-әрекетіне пәннің қалай оқытылуы керектігі жөнінде әбден қалыптасып қалған пікірлер анағұрлым күштірек ықпал етеді.» [3.] дегендей, «Сенім» ұғымына тереңірек ұғынып,   сабақтарымда тиімді қолдануға тырыстым. Оқушыларға сенімділік артқан сайын, оқушылардың жұмыс істеуінде жылдамдықтың,  нақтылықтың көріне бастағандығының куәсі болдым. Сыныптағы оқушылардың ұйымшылдығы қалыптасып, топта бірлесе жұмыс жасаулары көз қуантады. Мені ең таң қалдырған іс-әрекеттердің бірі-бір де бір оқушы тақырыпты талдаудан тыс қалып қоймайды.  Барлығы да өз ойын ортаға салып, талдауға толық қатысып отырады. Келешекте оқушылардың іс – әрекетін дамыта түсу үшін, тиімді әдіс – тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың өздігінен жұмыс жасай алуына мүмкіндік беру керектігін түсіндім.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Мұғалімг арналған  НҰСҚАУЛЫҚ Үшінші (негізгі) деңгей
1. (Мерсер 2005)  29- бет
2. Нұсқаулық (Александер  2001)  56 - бет
3. Нұсқаулық (Пажарес 1992)  7- бет


Аршалы кенті
№3 Аршалы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
А.М. Саржанова


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама