Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Болашақ бүгіннен басталады
Болашақ бүгіннен басталады
Әңгімені «Балалы үй – базар» деп бастағым келіп отыр. Бағалы - шағалы отбасыны неге базармен байланыстырады? Себебі сауда - саттық орны болғандықтан, ол жерде күнделікті қызықты хикаялар жалпы тіршілік қызып жатады. Базардағы тынымсыз тіршілік секілді тыныстап жатқан отбасы туралы баяндап көрейін.
Таңмен таласа тұрып, күнделікті күн режимі бойынша балабақша, мектеп, жұмысқа дайындық басталып кетеді. Әркім өз қам - қарекетімен әлек. Бас - аяғы бір сағат ішінде әрбір отбасы мүшесі өзіне бұйырған құтты мекенге жетіп жығылады. Ата - ана жұмысқа кетеді. Оқушылар сабаққа кетеді. Бүлдіршіндер балабақшаға келеді.
Күн қызарып, ұясына бата бастаған мезгіл. Кешкі уақытта барша жанұя мүшелері бір дастархан басына жиналады. Енді міне, осы кезде әңгіме қызады. Әрқайсы көрген қызықтарымен бөлісуде. Көңілді әңгімелер кезек - кезек айтылып, шаңырақты шаттыққа кенелтіп жатыр. Бірі бестік алғанын айтса, бірі кешігіп қалғанын айтып балалар айрандай ұйыған отбасына қуаныштарын құшақ - құшақ етіп әкеліп жатқандай. Міне, бұл жердің де өмірі қызып, әңгімелері қызық болып жатыр.
Бала – адам өмірінің жалғасы. Ал бала мен бақша егіз ұғым сияқты. Неліктен? Жайқалып тұрған бақшаны көрсең, көңілің бір марқайып қалады. Бақша ерен еңбексіз өнім бермейді. Ең алдымен жерді құнарлы етіп даярлайсың. Ол жерге жеміс - жидектің дәнін саласың. Таза сумен суарасың. Күтім жасайсың. Бақшада өскен зиянды өсімдіктер мен шөптерді отап, тазартасың. Жеміс ағашының бойы биіктеп, бүршік атып гүлдесе, қуанасың. Ағаштың бойында бұтақ көп болған сайын мол өнім алуға мүмкіндік барына сенесің. Тамыры тереңге кеткен жеміс ағашы жауын - шашынға, дауылды желге селт етпейді. Біршама жылдар өткен соң, еңбек сіңіріп өсірген жеміс ағашы өнімін беріп бастайды. Не ексең, соны орасың. Жемісі бағалы, көлеңкесі саялы болады. Жанына отырсаң, патша көңіліңе қуаныш сыйлайды.
«Ұрпағыңның жалғасы, көз қанышың болған балаға деген тәрбие оның болашақ анасын таңдаудан басталады»,- дейді данышпан халқымыз. Жанұядағы балалар бақшадағы ағаштардың жемістері секілді. Бала да, бақша да аса жоғары деңгейлі күтімді қажет етеді.
Сананы тұрмыс билейді деп жатамыз. Қоғамда ақсап тұрған маңызды мәселе де осы. Кейбір ата - аналар тұрмысты түзеп, жұмыс жасаймыз деп бала тәрбиесін жыраққа қалдырып жатқаны жасырын емес. Бала тәрбиесін жоғары орынға қойған жөн болар. Құнды қасиетін жоймай келе жатқан бір мәселе бар, ол – жас ұрпақ тәрбиесі. Әл - Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі соның дәлелі емес пе?!
Тәй - тәй деп қадам басқан баланың неге балабақшадан бастау алатынын білесіз бе? Себебі балабақша – барлық мектеп жасына дейінгі балалардың бас қосатын, көпшілік ортаға үйренетін тәлім - тәрбие ордасы, бүлдіршіндер мекені.
ҚР Білім және ғылым министрлігі республикалық мұғалімдердің ІІ съездінің делегация мүшесі, ұлағатты ұстазымыз балабақшамыздың меңгерушісі Еришова Айгүл Қайыржанқызы: «Әр бала – ата - ананың көзінің ағы мен қарасы, болашаққа қадам басқан жеке тұлға»,- деп үнемі ескертіп отырады. Баламен жұмыс жасап жүрген тәрбиелі тәрбиешілерді «бала жанының бағбаны» десек, қателеспейміз. Олардың баланың тұлға болып қалыптасуына қосып жатқан үлестері ешқашан елеусіз болмайды.
Осы орайда, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 2012 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған 280 орындық №11 «Балапан» бөбекжай - балабақшасының жеткен жетістіктеріне тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Республикалық «Үркер» зияткерлік марафонына қатысып, топ тәрбиешілер мен бүлдіршіндер алғыс хаттармен марапатталып, балабақшамызға «Үркер» кубогы және сертификат табысталды. 2015 жылдың желтоқсан айында 16 - желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай мектепке дейінгі мекемелер арасында өткізілген «Тәуелсіздікке тәу етер ұрпақпыз» тақырыбындағы аудандық мәнерлеп оқу байқауында балабақша бүлдірдері бас жүлде иеленіп марапатталды. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткізілген ҮІІ «Ботақан» өнер байқауында бас жүлде иеленген балабақша бүлдіршіні Қаржаубай Кәусар марапатталды. Жеке - жеке тоқталар болсақ, жетістіктер жетерлік.
Балабақшада Елбасы Жолдауына сәйкес «Үштұғырлы тілді дамыту» бағыты қолға алынып келеді. Балабақшамыздың бір ерекшелігі – «Хатха йога», «Асық ату» үйірмесі және ағылшын тілінің бағдарламасы. Күннің ІІ жартысында «Funny English – Ғажайып Ағылшын тілі» вариативтік компоненті тұрақты жүргізіледі.
2016 жылы Қызылорда облыстық білім беру басқармасының облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен өткізілген облыстық семинарда бүлдіршіндер ашық оқу қызметіне қатысып, ағылшын және орыс тілінде ертегілер сомдап сахналады. Өзге тілдерде жатқа айтып берген тақпақтары келген қонақтардың көңілінен шықты.
Ел болашағының тізгінін қолына ұстайтын білімді де білікті азаматтар еліміздегі балабақшалардың бүлдіршіндері деп сенемін.

Қызылорда облысы Қазалы ауданы
Әйтеке би кенті
№11 «Балапан» бөбекжай - балабақшасы
ІІ санатты ағылшын тілі мұғалімі
Айтқалиев Өркен Айтқалиұлы

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама