«Bouquiniste» кітап дүкені
Таңертеңгілік мезгіл ескі дүкен есігі жайлап сықырлап келе жатып, шалқасынан ашылғанда, тозығы жеткен кітаптар қаланып тұрған ағаш сөрелерге күн сәулесі құлады. Әдетте, сырттан кірген жұрт көзіне бірінші көнерген қолжазбалар, жорналдар, басылымдар, шақыру қағаздары, фото-альбомдар, сосын, қара бақыр тиындар, мерейтой күндеріне арналып шығарылған теңгелер, пошта ашық-хаттары түсетін.
Ол құлыпты темір торға іліп, қайыра бұрап жапты да, табалдырықтан ішке аттады. Қасқыр құйрық қарағайлар шілде айының ыстығында беймезгіл маужырап, еңселі ғимарат үй іргесіне, жібек еспе, қоңыр салқын самал қамап, қаумалап, бульварлардың, көшелердің, даңғылдардың бір сәт тынысын ашады.
Енді қазір — ағаш сөрелер, негізінен, қаптап — бос тұр. Жас кезінен тиянақтап, ұқыптап жинаған қалың дәулет, қазына-мүлік, дүние-жиһаз күн сайын шетінен желініп сатылып жатыр. Құшақтап сыпырып алғанда, ойылып түседі. Әрбіреуі жүрегінің бір-бір бөлшегі еді. Ол бетіне қонған шаңын шүберекпен мұқият сүртіп жатып көзіне жас алды. Ғұмыры зая кетті, бүкіл қызметі рәсуа болды, ал бұрынғы өмірі қандай еді. Тау жақтан сарқырап ағып келіп жатқан арықтар шаһарға кірген бойда, тосын, қапелімде шуын, шуылын көбейтіп, дыбысын, күбірін үдетіп, көшеден көше жағалап, алма бағы, жасыл желек жамылған қала тіршілігін қақ жарып, төмен қарай жан ұшырып, тасқындап, арнасын қуалап жүйткіп кете баратын. Елдің бас қонысы Алматы қаласы, екеуі, шіркін, бір мезгілде, қатар оянып, таңертеңгілік, жазғы тыныштықта, кофені қуырып, жан-жағына, төңірегіне, қош иісін, жұпарын аңқытып, бұрқыратып, бірге қамдап, ішіп, рақатқа батып, сосын, тротуарды жағалап, жол үстінде, жұмысына қарай, асқақ күй, көтеріңкі көңіл, бақытты сезімде, асықпай, аптықпай, байсалды қалпы, жайбарақат баяу, қозғалатын.
Заңғар Фолкнер, Гюго, Бальзак, Толстой, Мелвилл, Стендаль, Лондон есімдерін қазқатар тізілген кітап түптерінен оқып тұрып көзіне жас алды. Дублин, Берлин, Шарль Гранье архитектуралық жобасы, үлгісі бойынша тұрғызылған ұлы Париждің “Кафе де ла Пэ”, сосын, “Клозери де Лила”, “Ротонда” тәрізді, сәнді, салтанатты, сал-серілер кафелерін кезіп, қыдырып жүріп, модернист атанған Эрнест Хемингуэй, Джеймс Джойс, Франц Кафка, Марсель Пруст, Дос Пассос, Фрэнсис Скотт Фицджеральд, Томас Элиот, Симона де Бовуар секілді ақын-жазушылардың шығармаларын көріп, роман-повестерін есіне түсіріп жатып көзіне жас алды. Көбісінің мұқабалары ескірген, ұстала-ұстала қаптама қағаздары тозып, парақтары сарғая бастаған... Оқығаны есінде, Париж Операсына серік, атақты «Кафе де ла Пэ» табалдырығын аттаған қаламгер, өнерпаздар ішінде Эмиль Золя, Ги де Мопассан, әндері де, әншілік өнері де танымал Ив Монтан, Морис Шевалье, Анри Сальвадор бар еді. Ел бүгін жақсы есімдерді ұмытты. Тіпті, шетелдік меймандардан — Петр Ильич Чайковский қонақта болған деседі.
Марсель Пруст, Джеймс Джойс, Франц Кафка тәрізді модернист жазушылардан соң, пәлсапасын айтып экзистенциалистік ойшылдар келді, Блез Паскал мен Серен Аабье Кьеркегорді өнеге тұтқан, Мартин Хайдеггер, Карл Ясперс, Габриэль Марсель, Альбер Камю, Жан-Поль Сартр, Симона де Бовуар топтастырған, бір шоғыр жұрт елуінші жылдары жаңа романшыларға орын берді, алпысыншыда — еркін өмірді үлгі көрген Джек Керуак адамзат ақыл-ойын билеп-төстемек болды, сосын, Милорад Павич, Умберто Эколар сахнаға шықты. Көкжиектен Йозеф Шмуэль Агнон көрінді.
Бұрын қолға өткен, сатылған нәрселері, негізінен, екі-үш жылдан соң, қайта айналып, дүкеніне қайтып келіп жататын. Ол сағынысып көрісетін. Көрген бетте, жанарында жас толқып, қайта-қайта сүйіп, қайтқан дүниені дүркін-дүркін маңдайына басатын. Сағынышы терең еді. Әкесі Яаковта кітап сатқан-ды. Тіпті, әкесінің әкесі, оның атасы, Польшадан қоныс аударған саудагер, Эвер, Верный қаласында кітап дүкенін ашқан алғашқы белсенділердің бірі, өз заманында кітап саудасынан байыған иаһудей екен деседі. Авраам жақсы өмір сүрді, Сарадан перзент сүйді, қайың атасы нәрестені көшпелі көне жұрттарды қосқан дәнекер көріп, есімін Адам қойды, кейін үйлендірді, жас отбасы Одақ ыдырағанда, туған елінде тұрақтамай, жаңа бақыт іздеп, орыс тілді Хайфа қаласына көшті, бірақ, әкесі екеуі Эвер атасы жеткен байлыққа жете алмады. Бөгет көп болды. Бірақ, Яаков баласына жақсы мұра қалдырды. Оны Авраам кіреберіс босағаның қос қапталына, шыны астына салып, келте ғұмырында бір көлеңке түсіртпей, алтындайын жарқыратып ұстады. Қызыққан жұртқа, алайда, гиюр Авраам, әкесінің қолы тиген, тері сіңген, иісі жұққан, сонау бала кезінен бастап бауыр басқан, көзі үйренген, көне-көскі нәрселерін, күнде бір қарап, зер тастап қоятын әдетіне, дағдысына айналған қазынасын, жыл сайын құны артып, бағасы өскен ескі-құсқы заттарын қимады. Түрлі қолжазбалар, темір-терсек, ағаш бұйымдары, құранды шүберектер, торғын жібек қиындылары, бәрі бейне бір табыс кілтіндей, бақ-береке кепілі, жалғасып келе жатқан жақсы салт-дәстүр белгісіндей, ескіліктің көзі, көшпелі жұрт мойнына ілген қасиетті тұмардай, тіпті, қара шаңырақ, байырғы әулет, керегелі отбасы көтерген байрақты тудай, алтын босағасына мәңгілікке байланды.
Қайран заман, қайтеміз, уақыты келді, сахнадан кетті, деп ойлады Авраам. Жаңарды, алмасты, ұрпақ ауысты. Оны, тегі, ниет өзгеріп, пейіл тарылып, жақсылық азайып бара жатқаннан байқаймыз. Иә, ниет өзгерді. Енді қазір — ағаш сөрелер, негізінен, қаптап — бос тұр.
Көшеден автомобильдер дыбысы құмығып жетеді. Ол кезінде күшті кітап дүкенін ұстады. Өзі оқып-тоқыған, үйренген бес-алты тілде кітап сатты. Күніне ондаған, тіпті, жүздеген кітап сататын еді. Енді қазір — ағаш сөрелер, негізінен, қаптап — бос тұр. Өткен ғасырдың елу бірінші жылына дейінгі жарияланымдар, басылымдар тегіс жылдам сатылып кетті. Антиквариаттар соңынан, күміс жүзіктер, білезіктер, алтын алқалар, түрлі әшекей бұйымдар саудаға түсті. Тақауда дүкен толық босайтын шығар. Қазірдің өзінде бөлмелер, бұрыштар, бұрылыстар, қатарлар, қалтарыстар — жартылай бос. Күн санап, апта санап, тауарлар бөтен қолға өтеді, бейтаныс жандарға үлестіріледі, белгісіз бір мекен-жайларға жөнелтіледі. Босаған сайын букинистің де жан дүниесі босап бара жатқандай көрінеді. Әр тауар сатылғанда, жаны да кескіленіп, сатып алушы шетінен шауып, бөліп алғандай, жүрегі ауырады. Құдай қаласа, бірер күнде барлық нәрседен Авраамның, шынымен, қолы босайды. Біржола. Толық. Мәңгілік. Ол бірінші рет жұмысқа бармайтын болады. Сол кезде көнетоз көк белсебедке отырып, балалық шағынан бері ат ізін салмай кеткен өзенге, балық аулауға, елең-алаңда, таң ата, жерге күннің алғашқы сәулесі түскенде, жалғыз өзі, қасында ешкім жоқ, аттанатын шығар. Егер өзен тартылып қалмаса...
— Ата, — деді біреу.
Ойы үзілді. Таныс дауыстан қиял-естеліктер тасқыны қалт тоқтады. Ескі Алматы, шіркін, есіне оралғанда, жүрегі қозғалады. Көңіл түкпірінде жатқан сағынышы қайта оянып, көз алдына кешегі жарқын, жайдары, жайлы ғұмыры келе қалады. Шүберегін тастап, ол сөрелер арасынан шықты да, босаға жаққа мойнын созды.
— Адам баласы, это ты?
— Иә, мен.
— Бері жүр.
— Компьютерлерді түсіре берейін бе?
— Машина келді ме?
— Есік алдында тұр.
— Кіргіз.
Бала жігіт шығып кетті. Жоқ, ол балыққа да бармайды, белсебед те теппейді, көше де қыдырмайды. Авраам үйде жатады. Ол бұл жалғанда адамзатқа бір адамдай қызмет етті. Үйде жатып, бар өмірін еске түсіреді, бүкіл оқыған, сатқан, сатып алған кітаптарын ойлайды. Мүмкін, тізімін жасайды. Қайсы қайда кетті, кімнің қолына тиді, қай жерде сақтап отыр. Кәдімгі әмбебап каталог. Ол, әдетте, дүкенге түскен кітапты, ең әуелі, қалыптасқан дәстүр, орнаған тәртіп бойынша, өзі оқып шығатын, сонда, букинист оқып үлгерген жаңа кітаптар тез сатылатын еді. Бұ дүниеде, сірә, пірәдар Авраам біліп жасаған, жат қылық, әлде күнә, мүмкін, айып-қателік, тезге салса, шын мәнісінде, жоқ шығар, ал білместіктен қай бейбақ теріс жолға түспейді, кім жаңсақ баспайды. Кітап саудасымен айналысты, сосын, тауар құнына үстеме баға қосты, адал еңбегінің ақысы, өсімқорлыққа бой алдырған жоқ. Тегі, Авраам ұлы жазушылардың ғұлама кітаптарын сатпай, көпшілік сұранысын өтемей, жұрт сұраған сирек басылымдарды елге тауып бермей, шытырман желісін білмей, шын мағынасын түсінбей, уақиғасын талқыға салмай, әсілі, қаракетінен рақат көріп, бақытты өмір сүре алмас еді.
Кітаптың қуанышы көп еді. Авраам кітапқа ғашық болды, кітап дүкенін ұстағанды аса қатты қадір тұтты, қастерлі бейнетқор кітапшыл халықты сүйді. Ол, рас, туғанда есімі кітапқа жазылды, кітаппен ғұмыр кешті, енді, міне, кітап соңынан өледі. Сондықтан, ата-бабалары сонфау көне замандардан бері керуен тізіп, кіре тартқан, көш түзеп, кітап-қағаз тасыған, дарқан мінезді діндарман Авраам бұл неғайбыл, дүдәмал тіршілікте білместікпен жасаған күнәсі болса, Құдай Тағала кешіріп, жұмаққа жіберетініне кәміл сенеді.
Бірақ, Авраам, ертең, жас ұрпақ іздеген кезінде, ненің қайда жатқанын, жылдам әрі оңай, қала берді, адаспай табуына қажет, әмбебап каталогын тез арада дайындап қоюы тиіс. Кім біледі, ажал аяқ астынан, қаза күтпеген жерден. Ол тосын ойына қуанып кетті. Бала кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін, көп жылдар бойы жасаған еңбегі өшпесіне оның енді еш күмәні жоқ.