Данышпан қазы
Алжир жұртының патшасы Бауақас деген қол астындағы қалалардың біреуінде бір данышпан қазы бар, онан өтірік айтып ешкім құтыла алмайды, даугердің қайсысының ісінің ақ екенін айтпай табады деп есітіп, рас па екен білейінші деп, бір көпес кескінді киініп, қазыға қарай жүрді дейді. Қалаға кіре бергенде, бір аяғы жоқ ақсақтіленші қайыр сұрады. Бауақас қайыр беріп өтейін деп еді, тіленші етегінен ұстап айрылмады.
— Мен қайыр бергенім жоқ па, енді не керек? — деді Бауақас.
Тіленші айтты:
— Қайыр бердің, бірақ тағы бір қайыр қыл, мені мінгестіріп, орам ортасына жеткізіп таста, әйтпесе базарда ат пен түйелер басып кете ме деп қорқамын, — деді.
Бауақас тіленшіні мінгестіріп, орам ортасына жеткен соң, тіленшіні түсірейін деп тоқтады. Тіленші түспеді.
Бауақас айтты:
— Енді неге тұрсың, түс, орам ортасына жеттік қой.
Тіленші айтты:
— Неге түсейін, ат менікі, атыма дау еткің келсе, қазыға жүр.
Төңіректегі халық жиылып, бұлардың даусын есітеді, бәрі де айтты:
— Қазыға барыңыз, ол қайсыңның ақ-қараңды табар, — деп.
Бауақас тіленшімен қазыға келісті. Келсе, қазының алдында бұрынырақ келіп тұрған да даугерлер бар екен. Қазы ретпен сұрап отырып, бір молда мен мужикті шақырды. Бұл екеуі бір қатынға таласып, молда менің қатыным, мужик менің қатыным дейді. Сөздерін тыңдап болып, оларға қазы айтты:
— Қатынды мұнда қалдырып, өздеріңіз ертең келіңіз.
Олардан соң рет бір қасапшы мен май сатушыға келді.
Қасапшының тұла-бойы қан, майшының үсті-басы май. Қасапшынын қолында ұстаған ақшасы бар, майшы сол ақша ұстаған колынан ұстап жібермей тұр. Қасапшы айтады:
— Мен бұл майшыдан май сатып алып, ақшасын беруге қалтамды шығарып едім, майшы ақшаңның бәрін тартып аламын деп қолымнан ұстады. Сол ұстаған қалыбымен ақшаны тартып ала алмаған соң, саған бәле саламын деп сізге келді.
Майшы айтты:
— Бұл сөзі өтірік, қазы. Қасапшы маған май сатып алуға келген соң, бір бақыраш май құйып бердім. Сонда қасапшы айтты: бір алтын айырып берейін, — деп.
Мен: айырып бер, — деп қалтасымен ақшамды шығарып, алдымыздағы тақтайға қойғанымда, қасапшы ақшаны алып қашайын деп еді, қолынан ұстай алып, жібермей сізге келтірдім, — деді.
Тыңдап болып, қазы айтты:
— Ақшаны мұнда қойып, өздеріңіз ертең келіңіз. Енді кезек Бауақас пен тіленшіге келді. Бауақас бастан аяқ істің мәнін айтып еді, тіленші дауыстады:
— Мұның сөзі өтірік. Мен атқа мініп, қалаға келе жатыр едім, бұл көпес жерде отыр екен, қалаға жеткізіп таста деп өтінді. Сонан соң, атыма мінгізіп, қалаға келтірген соң, түс десем, аттан түспей, ат тіпті өзімдікі деп әуре етіп жүргені, — деді.
Қазы азырақ ойланып тұрып:
— Атты мұнда қойып, өздеріңіз ертең келіңіз, — деді. Келесі күні көп кісі жиылды қазының төресін есітеміз деп. Әуелі молда мен мужик келді. Оларға қазы бұйырды:
— Қатын молданікі, мужикке елу шыбық ұрыңыз. Айтқанынша сол жерде-ақ қатынды молда алып, мужикке жасауыл елу шыбық ұрды.
Екінші қасапшы мен майшы келді. Қазы:
— Ақша, қасапшы, сенікі, майшыға елу шыбық ұрыңыз.
Үшінші Бауақас пен тіленші келді. Қазы Бауақастан сұрады:
— Жиырма аттың ішінен атыңды танып алармысың? Бауақас айтты:
— Танырмын. Тіленшіге тағы:
— Сен де танырмысың? — деді қазы. Ол да айтты:
— Танырмын.
Сонан соң «екеуің де маған еріңіз» деп, ат қораға алып келді. Қораға екеуі Бауақасты кіргізіп, ол көп аттардың ішінен тұп-тура барып өз атын ұстады. Оның артынан тіленшіні кіргізіп еді, ол да атты танып қасына барды. Сонан соң қазы орнына келіп отырып төре берді:
— Ат, көпес, сенікі, тіленшіге елу шыбық соғыңыз. Бұл істердің төресін беріп, орнына келтірген соң, қазы үйіне барды, Бауақас қалмай ере келді.
— Сен неге келесің, — деді қазы — әлде берген төреме разы болмадыңыз ба?
— Жоқ, — деді Бауақас — төреңізге разымын, бірақ білгім келеді: «Қатынның молданыкі екенін, ақшаның қасапшынікі екенін, аттың менікі екенін қайдан білдіңіз?»
Қазы айтты:
— Қатын турасында білгенім, таңертең қатынды үйіме шақырып: «қара сауытыма қара сия құй дедім». Қатын жып-жылдам қара сауытты жуып, сонан соң қара сия құйып, бұл іске сонша ептілік көрсетті. Мұнан көрінді қара сия сауытпен айналысып көрген қатын екендігі. Мұжық қатыны болса, ондай іске епті бола бермес еді. Осынан молданың сөзінің растығы білінді. Ақша турасында білгенім, ақшаны кеше кешке бір кесе суға салдым да, таңертең тұрып қарадым: «судың бетіне май шықпас па екен?» деп. Май шыққан жоқ. Мұнан көрінеді майшының сөзі өтірік, қасапшынікі дұрыс екендігі, не үшін десеңіз — майшының майлы қолымен ұстап тұтынған ақша болса, су бетіне ақшадан май жүзіп шығар еді. Бәрінен сіздің ат турасында қиынырақ болды. Сен та-ныған атты тіленші де таныды, бірақ менің ойымда сендерге ат таныту емес еді, ат қайсыңды таныр екен деп атқораға алып барып едім. Сіз аттың қасына барғанда оқыранып, ат саған мойнын созды, тіленші қасына барғанда құлағын жымитып, аяғын көтерді. Мұнан ат сенікі екендігі білінді деді.
Сонда Бауақас айтты:
— Мен көпес емес, Бауақас деген патшаңмын. Сенің тураңда жұрттың айтуы дұрыс па екен деп сол үшін келіп едім, айтқанындай бар екенсің. Енді тілегің болса тіле, — деді.
Қазы:
— Маған сый керек емес. Патшамның осы мақтағаны да жетерлік сый деді, — дейді.