Дүние қалды
Абылай хан осынау фәни жалғаннан өзінің көшетінін білгендей, дүние салатын жылы қазақ даласының оңтүстігін ара лап қайтуға шығады. Жалаң сейіл, жай серуен Абылай болмысына жат, жолға шығар алдында үш жүздің батырларына хабар беріп, Түркістанда тоқайласуға пәтуаласады. Ондағы ойы, орыс пен қалмақтың бір жайлы болған толасын пайдаланып, оңтүстіктегі қалың қазақтың іргесін орнықтырып қайту болса керек. Әсіресе Шымкент, Сайрам, Тәшкент, Қоқан, Бұхара, Үргеніш жағындағы қазақтарды сарттарға түрткілетпей, біртұтас елдік айбарын танытып қайтуға бел буады.
Бұл кезде, кеше ғана қалмақтың қаһарлы қолын жайратып, қытай мен орыстың бетін бері қаратқан Абылай ханның айбары орта Азияның ұсақ хандарын ықтырып отыратын. Абылай хан оңтүстікке келген соң Түркістанға өз баласы Садық сұлтанды, Талас пен Қызылкөл маңына баяғы Қытайға кепілдікке беретін баласы Әділді ие етіп қояды. Шымкент пен Сайрамға Ғабдырахман деген сартты, Тәшкентке Мырзахмет деген сартты әкім етеді. Сонсоң, қалың қосынына шеру тартқызып, Самарқанды бетке алады ғой. Жолда Жиренше шешеннің жеңгесінің атымен аталған Жұпар қорығына жеткенде, тізгін тартады. Әулиелі адам еді деп, бір қонып өтуді ниет етеді де, шатыры құрғызады.
Сол күні Абылай хан батыр-билерімен түннің бір уақытына дейін әңгімелесіп отырып, жатар алдында Бұқар жырауға:
— Не тілеулі жолға аттанып барамыз, нысанаң бар еді ғой, бүгін сәуе көріп бер, — дейді. Сонда Бұқар жырау:
— Қарап жатпаспын, сен хансың ғой, өзің де болжай жатқайсың, — депті.
Оңтүстіктің қоңыр салқын түні қандай, бір мызғып кетсең, ұйқың қанып, құр атқа мінгендей боласың. оның үстіне керіліп жататын уақыт па. Торғай шыр еткенде Бұқар жырау сыртқа шықса, Абылай хан да тұрып, шатырының маңында жүр екен. Бұқар жырау жақындап келіп, сәлем берген екен, Абылай хан:
— Иә не көрдің? — деп сұрайды.
— Ештеңе көріп-білмегендей болғанша, өзің көргеніңді айт! — депті Бұқар жырау.
Абылай ханның жыраудан жасырар сыры жоқ. Бірауық түнере толғанып отырып, көрген түсін бастайды:
— Түсімде бір жолбарыс келіп, шатырымның алдына сұлап жатып алды. Бұл не қылған жолбарыс деп көз тоқтатып қарап едім, жолбарыс дегенім аю болып шыға келді. Апырай, жаңа ғана жолбарыс еді ғой, аю болғаны қалай деп қайта қарағанымда, көкжал бөрі болды. Мұнан соң түлкіге айналды. Одан кейін қоян болып кетті. осы кезде оянып кеттім, көрген түсім осы, — дейді.
Бұқар жырау да ханға тура сөйлеп, қадірін арттырған адам. Көп бөгелмей Абылай ханның түсін жориды:
— Шатырыңның алдына келіп шөккен жолбарыс — өзіңсің. Жолбарыс болып көрінген сенің бақ-талайың, алыс-жақынды ықтырған айбарың. Шатырыңның алдына келіп, бас көтермей сұлап жатып алғаны — сенің жетіп жығылған жеріңнің осы болғаны. Мұнан арғы көксегеніңді бақ-талайың көтермейді. Енді «есіл Абылай баяғыдан бері жүріп-жүріп, сарттан өліпті» дегізбей, аман-есеніңде осы жерден қайта ғой... Ақырыңның не боларын да айтайын. Көз алдындағы жолбарыстың аю болғаны — өкше басар ұрпағың аюша алысып өтетін заман туады екен. Аюдың көкжал бөріге айналғаны — келесі ұрпағың бір-бірімен ит-құсша ырылдасып өтер. Ит-құстың түлкі болғаны — одан кейінгі заман ұрпағыңды түлкіше бұлаңдатар. Сонсоң көргенің қоян болса, қоянша қорғалап, бас сауғалайтын заман да келер, — депті Бұқар жырау.
Абылай хан түйіліп отырып қалады. Әлден уақытта Бұқар жырауға қарай ошарыла бұрылып, әлденеден үміт еткендей:
— Енді өз көргеніңді айт!—дейді. Сонда Бұқар жырау іркілместкен:
— Мен көргенімді айтсам, күннің көзі, жердің жүзіндегі әулиелер «Абылай хан өлді, соның жаназасын шығарысуға Түркістанға бара жатырмыз!» деп құмдай құйылып, жындай жиылып жүр екен. Енді аманыңда қайтқаннан басқа жол жоқ! — деген екен.
Абылай хан жыраудың болжамына құлақ асып, Самарқанға елші жөнелтіп, «соғыспақ ниетім жоқ еді, әулиелерге зиярат қыла келдім, елдің қадірлі қарттары қонаққа келсін» деп сәлем айтқызады. Онымен де тынбайды, Орта жүз бен Кіші жүздің батырлары бастаған қалың қосынды елдеріне қайтарады. Бірақ Абылай ханның көрген түсі есінен кетпей, өзінен-өзі оңашаланып, іштей құмыға толғаумен болады.
Осындай бір толғаныс кезінде домбырасын қолына алып «Дүние қалды», «Қайран елім» деп күй тартқан екен дейді.