Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жетім торы

«Жауға барсаң, бәрің бар, дауға барсаң, бірің бар» дегендей, рулы елден шығатын батыр әдетте жалғыз-жарым болмаған. Алдағыға еліктеп, арттағыға үлгі-өнеге болатын үрдіс, әсіресе жоңғар шапқыншылығы кезінде игі дәстүрге айналған. Сол дәстүрдің бір айғағындай болып, Қанжығалыдан қарт Бөгембай шыққанда, оның өкшесін басқан батырлар да аз болмаса керек. Қанжығалы руының Жантай, Үйсінбай, Арқандар атты ағайынды үш батырының жойдасыз ерлігі кезінде иісі қазақтың қайратын жаныған. «Жолбарысты ердің ері алады, болмаса ағайынды екеу алады» деген рас сөз. Қанжығалының үш батыры тізе қосып ұрыс салғанда, қамалдай болып қарсы келген жауды қоғадай жапырушы еді дейді. Әсіресе өңінің сұстылығына орай «Қарабұжыр» деген қосақ аты бар Жантай батырдың ерен ерлігі аңыз болып тараған. Жантайдың жойқын батырлығына Абылай хан ерекше сүйсініп: «Елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне тұтқан қорғаным, қайраулы қара қылышым!» — деп отырады екен. Шынында да, Қанжығалы Қарабұжыр Жантай әлекедей жаланған бес жүз қолды бастап, үнемі алғы шепте, тоспада жүретін болыпты. Жаугершілік заманда жаудың алдын торып жүру оңай емес. Айламен алып, қайратпен жеңетін қатал міндет. Бірақ Жантай жаудан жалтаруды білмесе керек. Қандай қиын-қыстау кезде де қалмақтың қарасынан көз жазбай, қопарыла қозғалар болса, алдымен Жантайдың қолы тоспаға шығып отырған.

Жантай сияқты даңқты ағасын үйсінбай мен Арқандар арқа тұтады. Арқа тұтқан соң да қалмақтың қосынын қорықпай торуылдап, шеттеп қонған күреңінен олжа түсіріп қайтып жүреді екен. Сол әдетпен бір күні үйсінбай батыр үш-төрт түйе олжамен оралыпты. Ауылға жете бергенде қарсы ұшырасқан інісі Арқандар еркелеп «Сауға» десе керек. Сонда інісін қайрағысы келген Үйсінбай: «Сауғам жоқ, қалмақта не көп — түйе көп, денің сау, қол-аяғың бүтін, өзің барып ал!» — деп жүре беріпті.

Ағасының әзіл сөзін көңіліне алып, намысқа булыққан Арқандар жанына серігін ертіп, жауға аттанады. Сол бетінде, қалмақ күреңінің қарасы көрінгенде тізгінді бір-ақ тартады ғой. Баспалап қараса, желдеп жайылып шыққан бір келе түйені көреді. Күреңнен қара үзіп, ұзады-ау деген кезде түйе келесін сырғыта қақпалап айдап жөнеледі.

Жаугершіл кездің көзі қырағы емес пе, қалмақтар түйесіне жаудың тигенін сезіп қалып, қуғыншы шығарады. Өкшелеп келіп қалған қуғыншыны көрген Арқандар серіктерін оздырып жіберіп, өзі тоспада қалады. Алғашқыда, жалғыз-жарым қуғыншы болса бетін бір қайырып тастайын деп қарсы алған Арқандар жау қарасының көп екенін көреді. Арқандардың тәуекелге бел буып, қуғыншыны жалғыз қарсы алудан басқа айласы қалмайды. Сарт-сұрт ұрыс басталып кетеді.

Бұл екі арада, қуғыншының күшінің басымдылығын байқап қалған Арқандардың жеті серігі түйелерді тастай салып, көмекке ұмтылады. Бірақ бұлар жеткенше, саны көп қалмақ Арқандарды қаумалап қоршап, найзамен шабақтап кетеді...

Жақсы көретін інісінің ойламаған жерден мерт болуы Жантай мен Үйсінбайды қатты күйзелтеді. Морт мінезді Жантай: «Не өлемін, не жаудың қанын ішіп, Арқандардың кегін қайтарамын!» — деп бес жүз қолымен атқа қонады. Бұл жорыққа Жантайдың ер жетіп қалған баласы Тоқыш пен інісі Үйсінбай да қосылады.

Жантай батырдың інісінің өлімі аяқсыз қалмайтынын білген қалмақтар да дүрлігіп, оң мың қолмен қарсы алады. Осы жолы, ашу үстінде шолғыншы серіктерінің бірі: «Жақа, жаудың қарасы көптеу екен, арттан келер күшті күтсек қайтеді», — десе керек. Сонда Жантай түнерген қалпы: «Жаумен санап соғыспас болар!»—деп қынаптан қылышын суырған екен. Қалмақтың мұздай құрсанған он мың қолына Жантайдың бес жүз сарбазы жанынан түңіліп қарсы шабады.

Бұл соғыс қазақ пен қалмақтың бірдей жанын түршіктірген, қан қақсап қырғын болған. Соғыстың дәмін татып жүрген Жантай батырдың сарбаздары ұрыс басталғаннан-ақ бас-басына жиырма қалмақтан келетінін бірден болжайды. Мұндайда, түйілген жұдырықтай болып, араға жауды кіргізбей соғысу қажет. Мұны жақсы білетін сарбаздар қоралана тұрып, құжынаған қалмақтың баса-көктеуіне мүмкіндік бермей, кезекке қойып соғысқандай діңкелетеді.

Жан алып, жан берген соғыстың қанқызу бір сәтінде Үйсінбайдың қарнын қылыш сойып өтеді. Сонда тілінген қарнын шалғайымен басып, бір қолымен ұрыс салып жүрген Үйсінбай ағасына: «Жантай батыр, қарын жарылса, тірі қалуға бола ма?» — деп сұраған екен.

Ұзақты күнге созылған шайқас Жантай батыр сегіз серігімен қалады. Оның біреуі Жантайдың баласы Тоқыш болса керек. Соғыстың аяқталуына көзі жеткен Жантай батыр астындағы торы тұлпарына баласы Тоқышты мінгізіп: «Тоқыш балам, мыналар болмады ғой, енді кегімді алар ешкім қалмас, бұзып шық та, елге жет!» — депті. Содан, қолынан қылышы түскенше қалың жаумен жалғыз арпалысқан Жантай жойдасыз ерлік көрсетсе керек.

Осы соғыста әбден селдірей сиреген қалмақ жауынгерлері еліне жеткенде «Қазақтардан жеңіліп қалдық!» деп келіп еді дейді.

Қарабұжыр Жантай батырдың қалай мерт болғанын естігенде Абылай хан: «Тасқа шапса, кетілмейтін қайраулы қара қылышым-ай!» деп күйіне қайғырған екен.

Содан, Абылай ханның өзі бас болып, Жантай батырды арулап қояды. Батырдың әруағы риза болу үшін торы тұлпарын тұлдап, жал-құйрығын күзеп, жылында соятын етіп бос қоя береді.

Қайғыны қайратқа жеңдіретін жаугершілік заман емес пе, аласапыран күндер бірінен соң бірі өтіп жатады. Талай рет дабыл қағылып, талай рет шаңды жорыққа шығып, талай ерлер шәйіт болып, талай рет жеңіс туы желбірейді. Күндердің бір күнінде Абылай хан ордасына қосын жиып, шеру тартып, кезекті бір жорыққа аттанбақшы болады. Жорық алдында әйгілі батырлар хан ордасына жиналып, пәтуаласқан сөздер айтылады. Ереуіл аттары кермені сүзе тартып, ерлерді қан майданға асықтырғандай тықыршиды.

Осындай шақта орда сыртынан ат дүбірі шығып, іле күмбірлей кісінеген дауыс естіледі. Хан ордасына атпен келу рәсімде жоқ. Абылай хан бастаған батырлар мен билер елең етісіп, сөздерін тыяды. Сол екі арада, әлденеге елегізгендей үнмен тағы да кісінеген дауыс естіледі. Төлеңгіттердің бірі ордаға кіріп: «Хан ием, Жантай батырдың тұлданған аты ғой, жорық дүбірін сезіп, иесін іздеп жүрген сияқты», — деп тіл қатады. Осы кезде Жантай батырдың торы тұлпары құйрығы сабаудай болып, орданың алдынан ойқастай өтеді де, батырлардың аты байланған үйреншікті кермеге барып тоқтайды. Сонсоң ішін тартып тағы бір қоңыраудай күмбірлеп кісінейді.

Күтпеген көрініс ордадағылардың есіне Жантай батырды түсіріп, мұңайтып тастайды. Сонда Абылай хан да көзі боталай мұңайып: «Қайран Жетім торы, иесін сағынған екен ғой... Бізге де керек ер еді-ау!» — деген екен.

Абылай ханның «Жетім торы» атты күйінің дүниеге келуіне осы бір оқиға себепші болып еді дейді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама