Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 6 сағат бұрын)
Егер мен мұнайшы болсам
Егер мен мұнайшы болсам...


Қасиет тұнған мұнайлы өлке Маңғыстау топырағында дүниеге келіп, Қазақстанның болашағы үшін қызмет ету мақсатында білім алып жатқаным мен үшін асқан бақыт. Еліміздің «қара алтын» атанған мұнайы – ел экономикасының дамуына үлкен ықпал етіп отырған байлығы.

ХХІ ғасыр – ақпараттық технологияның қарыштап дамыған кезеңі. Ал қазақ елі әлем бойынша тез қарқынмен дамушы елдердің қатарынан саналады. өнеркәсіп пен ақпараттандырудың өркендеуі көз ілеспес жылдамдықпен жүруде. Бүгінгі таңда мұнай саласындағы адамдардың іс - әрекетінің біршама жұмысы автоматтандырылған. Яғни техника, түрлі автоматика арқылы жүзеге асырылады. Ендеше бұл жұмыс адамдардан асқан білімділікті, техника тілінде ойнайтын шеберлікті талап етпей ме?

Оның үстіне мұнай өндіру зауыттарының экологияға кері әсер етпеуін де ескеру қажет. Қазақстанда мұнай Атырау, Павлодар, Шымкент облыстарында өндіріледі. Ал геологиялық тұрғыда іздестіру, шығару еліміз бойынша Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда аймақтарында жүзеге асырылуда. Мұнайлы өлке Маңғыстау тұрғындары осы «қара алтынымыздың» арқасында жұмыспен қамтылып, қаншама отбасы әлеуметтік жағдайын түзеді. Аулымыздағы мұнайшы ағалардың айтуынша, өлкеміздің Жетібай, Жаңаөзен, Солтүстік Бозащы түбегіне жататын Қаламқас, Қаражанбас, Ақтаудан 43 шақырым жердегі Доңға, Ақтаудан 360 шақырым қашықтықтағы Қарақұдық, Қарақия ауданына қарасты Оймашы, Алатөбе, Аққар аймақтарынан мұнай шығарылады. Осы орайда атақты жазушы М. Әбдіхалықовтың «Алыстағы Маңғыстауда» повесіндегі Сұлтанбек бейнесі есіме оралды. Өйткені Сұлтанбек мұнай саласының Маңғыстау өлкесінде алғаш игерілуіне ат салысқан еңбекқор адам еді. Менің бауырларымның да «Сұлтанбек кейіпкер секілді білімді, шебер, тамаша мұнайшы болсам» деген асқақ армандары бар.

Сондай - ақ Маңғыстау әкімі А. Айдарбаев ағаның биылғы қаулысы әр отбасын қуанышқа бөледі деп ойлаймын. Өйткені онда: «Маңғыстаулық әр отбасында бір мұнайшы болу керек»,- делінген еді. Ендеше өлкемізде тұрмысы нашар отбасы болмайды деген сөз.
Менің ойымша, бұл – дұрыс бастама. Бірақ Қазақстаннан шығарылатын мұнайдың елу пайызына жетпес бөлігі ғана Қазақстанда өндірілетіні маған ой салды. Демек оның жартысынан артығы шикілей шет елдерге тасымалданып, онда өңделіп, өзімізге бірнеше есе бағасына қымбат түрінде (бензин, солярка, кокс) кері сатылады.

Телеарналардан мұнай шығаратын кен орындарының тазалығының көңіл қуантпай тұрғандығы туралы да бағдарламалар жиі беріліп тұрады.
Осы аталғандарды ескере отырып, мен ол кедергілерді қалай жеңуге болатындығы, жақсарту жолдары туралы көп ойландым.

Егер мен мұнайшы болсам, алдымен экологиялық тазалық жағдайына аса назар аударар едім. Мұнай шығаратын кен орындарын жасыл аймаққа айналдыру жолдарын іздестіріп, егер инвесторлар келсе, жасылдандыру шартын талап етер едім. Екінші мәселе, жұмысшылар үшін қауіпсіздік жағына көңіл бөлер едім. Қауіпсіздіктің қатаң бақылауға алынбауы салдарынан қаншама отбасы өздерінің бір мүшесінен айырылып қалып жатыр. Менің жаныма бататыны да осы жағдай. Үшіншіден, мұнай шығарудың жаңа әдіс - тәсілдерін ойластырар едім. Ескі техникаларды жойып, жаңа техникалармен қамтамасыз етер едім. Қауіпсіздік пен тазалық та ескерілер еді. Төртіншіден, мұнай игерудің жаңа технологиясын ойлап шығарар едім. Мұнда өзімізден шыққан өнім шет ел аспай, өз елімізде өңделіп, дайын өнімге айналып, қыруар қаржы үнемделер еді. Бесіншіден, тасымалдаудың да жаңа тәсілін табар едім. Мұнда да тиімділік пен үнемдеуді назарға алмақпын.
Мұнай саласындағы тақырыптар көптен ойымда жүрген болатын. Себебі мен де мұнайшы мамандығының қиындығын сезінемін. Бұл мамандықты еліміздің өркендеуіне бірден - бір септігін тигізетін қажет кәсіпке санаймын.
Әр отбасындағы білімді адам мұнай саласының білікті маманы болуға лайық деп есептеймін.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама