Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 сағат бұрын)
Оңтүстік туралы ойлар

Оңтүстік өңірі десе, жүрегім елжіреп, ерекше күй кешемін. Кеңес Үкіметінің құдіреті жүріп тұрған кез. Ақындар Аян мен Тұрсынай: «Шымкентте болмаған екенсіз, барып қайтайық», — деп қолқа салды. «Оңтүстіктің халқы ерекше ғой, шіркін, оқырмандарымыздың бәрі сонда, әдебиет, өнер десе, кәрі-жасы ішкен асын жерге қояды», — деп талай ақын-жазушылардың тамсана айтқанын естіп жүретінмін. Осының алдында ғана Кенен атамыздың тойында кездесіп қалып, бұрын алдында болып көрмесем де, сәлем бергенімде, Шымкент облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Асанбай аға:

— Сен Фаризасың ғой? Ақын-жазушылар Шымкенттен шықпайды, сен бір келмейсің, — дегені бар еді.

Аян мен Тұрсынай 2-3 күн аралатып, халықпен жүздестірді. Түркістанды да сол жолы алғаш көріп ем. Бәйдібек ата, Домалақ ана басына келгенде, жанымыздағы партия, комсомол өкілдерінен сескеніп, бәрі состиып-состиып тұрып қалды. Мен шыдамай:

— Ал, мен дұға оқимын, қол жаюдан қорқатындар, машинаның жанына бара беріңдер, — деп тізерлеп отыра кеттім де, анам марқұмнан қағазға жазып алып жаттаған аятымды оқи бастадым.

Темірланда, Түркістанда, мектептерде өткен кездесулер бұл елдегі үлкен-кішінің поэзияны астын сызып оқитын, терең түсінетін білгірлер екенін дәлелдегендей әсер қалдырып еді. «Орыс тілін білмейтіндер зиялы адамдар қатарына қосылмай жүргенде, ананың тілін қастерлеп, қазақ жырын кие тұтқан Оңтүстік өңірі шынында да елдігімізден қалған ескерткіштей құйқасы кеппеген уыз өлке екен-ау,» — деген ой келді маған. Әр ауылына бара қалсаң, сенің жақсы-жаман жазған-сызғаныңды жатқа соғып алдыңнан шығатын жастарды, көптен көрмей, сағынысып табысатын аға-жеңгелердей іш тартатын үлкендерді көріп, бала шағым өткен туған ауылымдай бауыр басып кеткен едім.

Оған қоса Шымкент аймағындағы сіңілілеріміз қандай еді! Сайлаукүл, Жұмазия, Оразкүл, Рсалат, Нәзира — әрқайсысы ел басқарған, даналық пен нәзіктікті бойларына қатар сіңірген арулар. Ханбибі секілді ақынын, Асхан, Зухрадай журналистерді де орталарына алып жүреді. Көп жерлерде, оның ішінде мен туған Атырауда, қыз-келіншектердің бастары бірікпей, тауыққа шашқан тарыдай түйір-түйір болып әр жерде жүргендерін көргенде, көңілің құлазиды.

Кейін Шымкент өңірінде бірнеше рет болып та жүрдік.

Соңғы 5-6 жылда ол жаққа жолым түспеді. Оған себеп болған бір жағдай болды. Зауытбек Тұрысбеков бауырымыз облыс әкімі кезінде менің жарыққа шыққан бір жинағымның біраз данасын, алдын-ала телефон арқылы келісіп алып, бір компаниядан көлік сұрап, өзім алып бардым. Кітап сатылғасын ақшасын төлеуге келісіп жеке баспадан шығарған едім. Бірақ «су аяғы құрдымға кеттінің» кері келіп, әйтеуір соңғы жағы сиыр құйымшақтанып тынды. Апарғандағы ойым: «Менің оқырмандарым Оңтүстікте көп, әкімшілік өзіммен бірер кездесу ұйымдастырып, көңіл бөлсе, маған да, оқырманға да дұрыс болар еді».

Бұдан кейін кітап жайлы кімнен сұрарымды білмей, сұрау салуға ұялып, ақыры бұл мәселеге нүкте қойғанмын.

Өткен жылы Сарыағаш ауданының орталығында Төлеби бабамызға ескерткіш ашылып, Оңтүстікке тағы да жолым түсті. Оның үстіне Сарыағаштың саумал тектес суын ішіп, лас ой, лайлы тірліктен кірленген ішкі құрлысымызды жуып-шаю жайлы пенделік пиғыл да жоқ емес еді.

Төле бабаның тұлғасына тағзым етуге халық ойдан-қырдан көп жиналды. Бұл да рухани тірлік тамырының нәрі кеппегенін көрсеткендей.

«Қонақ аз отырып, көп сынайды» (осы тіркестегі «сынайдының» орнына «байқайды» десе дұрыс-ау) — елдің бірлік пен тірлік деңгейі осындай үлкен шаруаның үстінде тосын көзге көбірек көрінгіш қой.

Ұлтты ұлы күшке, жеңілмейтін жұдырыққа айналдыратын — оның бірлігі. Сол бірлік пен ынтымақты тұтастықтың туы етіп көтеріп, үш жүздің ойлысы мен орнықтысын маңына жинаған данагөй бабамыздың көзге елестер тұлғасы бұрын-соңды сомдалмағандықтан ба — әйтеуір Оңтүстіктің аудандарынан, көршілес елдің жерінде қалған ауылдарымыздан келген сан жүздеген кәрі-жастың ынтымақ-ықыласы осы тұста айқын көрінгендей еді.

Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, оның бүгінгі әкімі Бердібек Сапарбаев жайлы көлеңкелі күңкілдер көп естілетін болды. Отанымыздың жері шұрайлы, халқы шырайлы аймағына тағылып жүрген айыптар расында шындық па, жоқ болмаса, облыс әкімі болуға көз сұққан бәсекелес белсенділердің «ұра берсе, Құдай да өледі — жамандай берсек, жығамыз» пиғылынан таралған жамау-жаманаттар ма деген ой келді маған.

Өмірде жақсы мен жаман деген ұғымдар салыстырмалы түрде бағаланады. Оңтүстіктің тіршілік тынысына үңілуді ойладым. Ниетім періштенің құлағына шалынғандай, Түркістанға барудың сәті түскені. Көрнекті өнер қайраткері режиссер Райымбек Сейтіметов Түркістан қаласында театр ашатын болып, Шерхан Мұртаза ағамыз екеумізді шақырыпты.

Қазақ үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азияның мұсылмандары үшін Медине болып есептелетін Түркістан баяғы, бұдан бірнеше жыл көргендегімдей емес, шамдары жарқырап, үйлері сәнденіп, Европаның қаласына ұқсап қалыпты.

Қала әкімі Өмірзақ Әметұлы алғыр азамат болса керек, көп сөйлеп көлгірсуге жоқ та, үндемей жүріп іс тындыратын сыңайлы. Қазақ-түрік университетінің оқытушы мамандарына арналған қалашық, оралмандар ауылы — осы әкімнің кезінде салыныпты. Бұрын аудан орталығы болып келген Түркістанда енді кәсіби драма театры бой түзеген. Әрине, өткен жылғы ғасыр жарымдық Түркістан тойы қарсаңында республика облыстары мен мекемелерінің сүбелі үлес қосуы қаланың бітім-бедерін көркейтуге себеп болғаны рас. Бірақ келген қаржыны орынды пайдаланбай, қай тиынның қай сайға құйылғаны белгісіз жайлар әр жерде жиі кездесіп жүр ғой.

Көп адам әкім болуға ұмтылады. Бүгінгі экономикаға тізгінделген заманда шаруашылықтан хабары болмаса да, әйтеуір баю үшін, халыққа бөлінген қаржыны қымқырып қалтасына салу үшін ұмтылады.

Елдің тұрмысына елу пайыз арнап, өзіне он пайыз қалдыратын әкімге ескерткіш орнатуға болар еді.

Әр әкім, әрбір басшы ауылдастары мен руластарын жанына жиып алып, өзгелерді өңменінен итеріп тастайтын «дәстүр» шығарды. Түркістанның әкімі маңайына іскер, еңбекқор жандарды жинауға тырысады екен. Ал, Қазақ-түрік университетінде жағдай тіпті де олай емес. Оған бізге, Парламент депутаттарына, келіп жатқан хаттар куә...

Оңтүстіктің қай ауданына барсаң да, көсіліп салып, қол жайып отырған жанды көрмейсің: жасы да, кәрісі де тырбанып тіршілік етіп жатады, бұлар аспаннан ақша жаумайтынын ерте түсінген, еңбек етуге ерінбейтін көнбіс ел.

Тілінің де, дінінің де тінін тарқатпаған, шүкіршіліктен танбаған, қазақы мінезін, халқымыздың салты мен дәстүрін бойына сіңірген ел.

Оңтүстікте басты бір проблема бар. Ол — ру-руға бөлініп, жіктеліп-жіліктеніп, «ана рудың азаматы атқа мінді, біз неге қалып қойдық» дейтін аталастықтың ауруы.

Ол аурудың вирусын тарататын қарапайым халық емес, биліктің биігіне көз алартатын атқамінерлер. Бұл аймақтағы «ДТ» мен «ҚТ» тартысын осы таңда бүкіл республика жұрты езу тартып мысал етіп айтатын болды. Ливенцов мырзаның басшылық еткен тұсынан ұлы жүз (дулат, қаңлы, сіргелі, шанышқылы) бен қоңырат руының өкілдерін басшы қызметке таластырып қойып, кім ақшаны көп берсе, майлы орынды соған беру «дәстүрі» басталған. Ал, Тәуке ханға дейін Қоңырат Қаңлының інісі болып келгені көкірегінің көзі бар адамға тарихнамадан белгілі. Екі ағаның итжығыс күресіне жалтаңдаған кіші жүздің балалары (олар да облыс халқының 30 пайызын құрайды) «баланың кішісі болғанша, иттің күшігі болдың» күнін кешеді.

Ал, бүгінгі әкім Сапарбаевтан мін іздеп, қалайда кінә табуға тырысу, аласапыран кезде ала алмаған ақшаны тілге тиек етіп, әйелдердің бір тобын айқайлатып Астанаға жіберу — сол баяғы даудың жалғасы.

Оңтүстік — Қазақ еліндегі ең бай, ең шұрайлы өңір. Байлығы — алдымен екі миллионға жуық халқы. Шұрайлысы — бір түйір дән ексең, он түйір өнім беретін құнарлы топырағы.

Оңтүстік — қазақ жерінің мөлтек көрінісі секілді: Алатау, Қаратау, Түлкібас, Қазығұрттай таулары, Бәйдібек, Отырардай жазық даласы, Созақ пен Шардарадай құмды өңірі, Сайрам, Ордабасы, Мақтарал секілді суармалы жері — Қазақстан деген байтақ елдің кішірейтілген картасы іспетті.

Өткен жылы Оңтүстік өңірінде 150 мың тонна мақта талшығы өндіріліпті. Оның бір тоннасын 800 доллардан есептегеннің өзінде 120 миллион доллар түседі екен.

Теріскейде жатқан Созақ бойындағы уранның өзі ауданды емес, облыс халқын он жыл асырай алады.

Түлкібастан түрлі түсті цементінің өзі неге тұрады!

Сайрамның бау-бақшасы мен көкөнісі Қазақстанның шөп өспейтін батысында жатқан, асқабақ пен қауынды ажырата алмайтын ағайындарға да жетіп жатқан жоқ па?!

Шымкент қаласындағы дәрі-дәрмек, цемент, «Шнос», экскаватор, станоктар шығаратын ондаған акционерлік қоғамдарды қоспағанда, аудандардың мүмкіндігі елдің мұртын балта шаппайтындай етіп асырауға жетеді.

Әрине, шешілуге тиісті проблемалар бұл аймақта жоқ деуден аулақпын.

Ел басшыларының ізі түсе бермейтін Созақ жеріндегі бұрын ескі әдіспен өндіріліп келген уранның ашық қалған шахталары тіршілікке өте зиянды радияция таратып жатыр. Ол — халықтың денсаулығына қатты зиян келтіріп тұншықтырып жатқаны белгілі.

Түлкібастың басқа жерде кездеспейтін әк, цемент байлықтарын тиімді пайдалану үшін оны өңдейтін зауыт технологиясын жаңарту, жетілдіру облыс экономикасын арттырары анық.

Ал, Сайрам ауданындағы бау-бақша, көкөніс өндіру дәстүрін суармалы аудандардың бәріне енгізсе, еңбекқор елдің алғыстан басқа айтары жоқ.

Ақжарқын, еңбек десе бала-шағасына дейін бас тартуды білмейтін осындай халқы бар, байлығы тұнған жері бар елде ру-руға, ата-атаға бөліну аузын ашқан арыстандай мемлекеттердің қоршауында отырған қазақ секілді халықтың тұтастығын, бауырмалдығын мүжиді. Тамыр-тамырымызды кеулеп келе жатқан нарық заманында жұртшылық тығыз орналасқан аймақта қиыншылық арта түседі, жұмыссыздыққа жол ашылады. Осы ретте ата-атаға бөлініп ыдырамай, кәсіптестік, үндестік пен үйлесімділік жағынан бас қосылса, біріксе, елдің мерейі өсер еді. Елдегі ақсақалдар рудың ақылгөйі емес, ұлттық бірліктің данагөйі болса, ұрпаққа өнеге болары анық.

Бердібек Сапарбаев мырзаны Білім, ғылым министрлігінде қаржы бөлімін, кейін Министрлер Кабинетінің қаржы саласын басқарған кезінен жақсы білемін: қазақ мектептерінің, балаларға арналған басылымдардың күрделі мәселелерін шешуде ұлтқа жанашыр, ұяты, мейірімі кетпеген азамат екенін көргенбіз. Креслоның биіктеуіне көтерілсе болды, көкіректеріне нан пісіп шыға келетін басшылардан емес, қай салада, қай өңірде істесе де, күн-түн демей елдің мерейін өсірем деп дамыл көрмейтін азаматты ру мен жүзге жіліктеп кіна артуға тырысу негізсіз және елге абырой бермейтін жай.

Әрине, табиғатынан қазақы жұмсақ мінезді ол кадр таңдауда ру басыларының көңілін жықпайтын бұрынғы сүрлеуден бұрыла алмай жүрген секілді. Аудан әкімі — елдің тағдырын шешетін ірі тұлға. Оның іскерлігіне, халыққа жанашырлығына, адамгершілігіне қарай қарауындағы қара халықтың тіршілік жағдайы өседі не өшеді. Аудан, қала әкімдеріне кіру, жағдайын айту қарапайым кісі үшін ел басына кіруден қиын. Бұл — Оңтүстікте ғана емес, бүкіл елде өріс алып отырған көлеңкелі көрініс.

Оңтүстіктің аудандарындағы әкімдердің ішінде алғырлығымен, ұйымдастыру қабілетімен, жаңа дәуірде жаңаша жол іздейтін кадрларды тани білу, таңдай білу қасиетімен көзге түсетіндері некен саяқ.

Бастықтарды көрсе, бас киімін алып, «ләббәй, тақсыр!» — деп жалпаңдап, төменгілерді көрсе, төбесіне түкірердей құлықпен қарайтын әкімдер бүгінгідей қиын-қыстау заманда ел тағдырын шешіп жарытпайтыны белгілі.

Бір ауданда сан жағынан бір облыстың халқы тұратын Мақтарал, Сарыағаш аудандары бір кездегі ұр да жық саясат жүйесімен біріктіріліп, екі бөлмелі қала пәтерінде үш ұрпақтың ерлі-зайыпты үш жанұясы тұрғандай күй кешіп отыр.

Тұрғындары тығыз орналасқан, әрқайсысында 260-230 мың адам тұратын осы екі ауданды ретімен төрт ауданға бөлуді шешу де — күн тәртібіндегі мәселе.

Екі миллион, яғни республика халқының төрттен бір бөлігі тұратын Оңтүстік Қазақстан — байлығымен де, халықтың тәрбиелілігімен де, мүмкіндігімен де үлгі-өнеге таратар аймақ. Бұл аймақтың абыройы, кемшілігі мен көлеңкелі тұстары Қазақ елінің әр азаматына ортақ деп ойлаймын.

Мен Шымкентте туғаным жоқ, Сапарбаев та бауырым емес. Бірақ «Оңтүстік», «Шымкент» деген сөздер айтылғанда, жұрт мысқылды кейіппен езу тартып, «ру таласының ордалы өңірі» дегендерін естігенде, жаным ауырады.

Бабаларымыз Егемендік пен тұтастықтың қазақ тарихындағы алғашқы туын тіккен аймақтың абыройы — бәріміздің ортақ абыройымыз.

2001


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама