Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Еркін өлең. Ол қандай?

"ІШКІ ӘЛЕМДЕР ГАЛЕРЕЯСЫ"

Өлең ырғағын өзінше өрнектеп келтіру жағынан Фариза Оңғарсынованың бірталай шығармалары айрықша көз тартады. Сөз қолдану ерекшеліктерінен де, сөйлемдердің синтаксистік құрылысы мен өлеңнің ырғақ-интонациясынан да ақынның өзіне тән публицистикалық үнділікті, еркін сөйлеп айтылатын сөзде ғана болатын оралымдықты мол сезінеміз.

Мен - жастықпын,
алау жүзімді ақ түтек боран мен даланың аптап күні өбкен,
қиындықтарда қылыштай құрыш білекпен
болашақтардың бақыт жолына тік тартып,
жапан түздерді түлеткен.
О, дауылды ғасырым!
Арынды сенің екпініңе бүгін табынып жатыр бар ғалам.
Өзіңде туып,
ерлігіңнен өгей қалуға
мен өлердей арланам!
Сынайын десең - қиындықтарыңды қатталған
арқамды тостым - сал маған!
Мен әкелердің дүбірлі істерін жалғауға жастай ант етіп,
өзімді соған арнағам.
Мен - ұлылардың ұрпағы
қайсарлықтарын қажыта алмаған мылқау дүние қамауға ап,
атойлап олар оятқан бей-жай қалғыған әлемді манаурап,
ұлылардың ұлы мұрасын бүгін ұрпақтарға алып келемін,
жанарымда нұрлы таң аунап.
Талғампаз тарих,
көкірегіңде сенің тұрам мен
алқызыл тулардай алаулап!

Бұл ырғақ-өлеңін ақын «Сенім», «Тарихпен тілдесу», «Ұстазға» секілді бірнеше шығармаларында қолданған. Соларды салыстыра отырып қарастырғанда, мұндағы өлең ырғағының өзгешеліктерін анық байқауға болады. Алдымен көзге түсетін нәрсе — мөлшерлі көлемі, өрнегі бар бірнеше тармақтар өлеңге тірек етіп алынады да, еркін араласып келіп отырады. Олар: он үш буынды тармақ, он буынды және сегіз буынды екі тармақтан біріктіріліп қосылған он сегіз буынды тармақ, сегіз буынды тармақ, кейде жеті буынды тармақ. Соңғысының бунақтау қалпы 4 буын+3 буын. Басқаларын үш буын және бес буыннан бунақтаған. Әдетте, бес буынды тармақтың бөлшегі (не тармақ) 3 буын + 2 буын болып келе береді. Кейде ол екі сөзден құралып (айталық, 1 буын + 4 буын), кейде тіпті бүтін бір сөзден де жасалады. Мысалы: қиындықтарда, болашақтарға. Немесе, басқа өлең нұсқаларынан кездесетіндері: қартаймастаймын, жарақаттанған, жарамсақтықпен, құлдыратқанда, қуаттанасың, жазғытұрымның, қаршадайымнан, қаһармандардың, коммунистерге сенетінімдей, т.б.

Он үш, он сегіз буынды ұзын тармақтардың жиі қолданылуы, сондай-ақ, бунақ кейде бес буыннан құралып, әр жерде бес буынды сөздер кездесіп отыратыны өлеңнің ауызша айтылатын сөздің интонациясына тән сипат алуына себепші болады. Өлеңнің өзі сөйлеу интонациясына көбірек сәйкес болғандықтан және солай оқытылатындықтан, арагідік бес буынды бунақ орнына алты буын түсіп ұзарып, не бір буыны қысқарып, тармақтың көлемі сәл өзгерсе де, одан өлеңнің ырғағы солғын тартқаны байқала қоймайды, өлең ырғағының осылай құрылуы поэзияда кездеспейтін қомақтырақ келген үйірлі сөз тіркестерін ірілендіріп, көлемділеу сөздерді қосарлап топтастыра айту оңайырақ болады. Өлең сөздің нақ-нақ айтылатын ықшамдылығы біраз бәсең тартып, оның есесіне кең орамға да келетін, еркін құбылып отыратын ырғақ өзгешелігі айқын сезіліп отырады.

1972


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама