Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 сағат бұрын)
Уақыттай тынымсыз, мазасыз...

Жәй жүріп, жәй тұрғанда ақынның жүрегін жарып, өзегін өртеген әр шумақ, әр жолынан өзіне таныс-бейтаныс өмірдің ағыны мен сарынын аңғарып, түйгендей толқып тебіренгендей, қабаржып мұңайғандай, қуанып, жұбанғандай едің? Көзге көрініп, қолға ұстата бермес кез-келген дүниелік ахуалдардың сыры мен сымбаты өлең болып өріліп, өзіңді де, өзгені де әлдилер еді, әуелетер еді, түптеп келгенде, бей-жай, тыныш қалдыра алмас еді. Қолыңа калам алып, сол түйдек-түйдек әсер мен жырға деген алғысыңды қағазға түсірер сәтте неден бастап, немен аяқтау керегін білмей дал боласың. Ауа қармап, қиналасың... Кім біліпті?.. Бұл бәлкім алпыс екі тамырдан асқақтап шыққан, өзгеше сөзі мен өзгеше әуен ырғағы бар шынайы өлең туралы жаңа сөз тауып, ой айтсам ба деген бұлқыныс, қиналыстан туған сәттік дағдарыс та болар?

Өз оқырманына - «Жырақта болсаң да, менің жай-күйімді жанымдағылардан артық түсініп, сезініп жүретін сенің бұл дүниеде бар екеніңді медеу тұтар - авторың» деп 1978 жылы жарық көрген таңдамалысында талантқа тән кішілік мінез танытқан Фариза Оңғарсынова поэзиясы жалпақ оқырманның қуаныш-кенішіне бөленіп, өз бағасын алған. Ақынның әр жаңа жинағы жұртшылық көңілін өзіне елең еткізе бұрып, тағлымдық, талғампаздық сипатын «тайға таңба басқандай» анық аңғартып келеді... аңғартып жүр!

Күлкімді, жайлы күнімді,
қуаныш, қайғы, мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін
менің мынау қиындау тағдырым болып,
о баста көріскенің үшін
мен сені аялаймын!

Кең тынысты, кесек мінезді поэзияны кейде жалғыз-ақ шумақ өлеңнен танып, таратып айтуға болады. Өлеңді кәсіп пен мансап көрмей, өмірдің өзіндей етіп өріп, күллі бұлқыныс-сілкінісімен, қуаныш-қайғысымен, жеңіліс-жеңісімен, қыраты-еңісімен сезіну, сезінту бар тұста, өлең өрісі кеңейіп, арнасынан асып, телегейге айналмақ. Ал телегей - ерте көктемде жарықтық Жер-Ананың буын-буыны босап жатқанда, күллі тіршілік атаулы жаңарып-жасарып, жонданып-түлеп жатқанда дүние әлемді жалғыз-ақ рет масаң халге бөлейтін табиғат мінезі. Шын өлеңде де осы мінез болуы керек, тіпті керек емес-ау, хақ!.. Ақынның ішкі бұлқынысы - реалды өмір шындығы мен уақыт, дәуір рухының жемісі. Оның өлең болып, өмірін тауып, атойлап сыртқа шығуы талантының байлығы мен келеңдігін, параметрін байқатады... Біз оқып отырған жолдарда әркім-ақ қолданып жүрген кәдуілгі қазақ сөздері ерекше шиыршық атып, әлгі бір «телегейлік» қасиетке ие болғандай елес береді. Мәселе сыртқы дыбыстық диссонанста да немесе жаңа сөз іздеп, жанұшырған «ізденімпаздықта да» емес, мәселе өлеңнің бойында булығып, бұлқынып жатқан өмірге деген керімсал құштарлық пен сенімнің, мінездің барлығында...

Ақын мына аспан асты, жер үстінің үлкен бір тіршілігін әуелі өз бойынан іздейді, жерге тән адамдарға ортақ қасиеттер мен наным-сенімдердің қай-қайсысы да оған жат емес, жалған емес. Олар қайсы? Қуаныш, Қайғы, Мұң, Азап, Жеңіс... Ащысы мен тұщысы егіз өріліп, қатар жүретін тағдырдың болмыс-бітімі... табысу, көрісу!.. Өмірдің өзіндей көріп, өртеніп жанып, аялау!.. Нені?.. Кімді?.. Азаппен, күреспен, жеңіліс-жеңіспен келетін жақсылық, жасампаздық атаулының бәрін, бәрін аялау...

Міне, ақын философиясы мен стихиясының құлаш қарымы, көркемдік кредосы мен концепциясы қолтық сөгер осындай әлемдік, адами ұғымдарды мұрат көріп, мақсат етуімен қадірлі де өтімді.

Бұйығы өмір тілемен ғасырдан мен,
мейлі жұртым ақын дер, асыл жан дер.
Бұл тірлікте жарқ еткен жақсылықтың
барлығын да құшамын ғашық жанмен, - дейді ақын.

Бейшаралық пен бойкүйездік, ымырашылдық пен мансапқорлық, аярлық пен сатқындық, тоғышарлық пен жалтақтық тәрізді адамзат ойы мен рухани мәдениетінің дамып-кемелденуіне кері әсерлі сипаттардың қай-қайсысы да поэзия ауылына қоңсы қонбақ емес. Бұл бас қатырып, тәптіштеп, ежіктеуді көп қажет ете бермейтін бағзы күндерден белгілі аксиома — ұғым... Бірақ, қай заман, қай дәуірде де көркем ойдың күн тәртібінен түспей, уақыт пен өмір ыңғайына орай, жаңа түрмен, жаңа мазмұнда айтылып келе жатқан қасиетті қағидасы. Өнердің бірінші шарты — адам бойына сұлулық пен әділет атаулының мысқалдап болса да түйір дәнін себу, мына ұлан-ғайыр өмірдің сұлулығы мен құдіретін түсінуге, түйсінуге үйрету дейтін болсақ, әлгі айтылған кері сипаттарға қас жауындай қарсы тұра білмеген жерде хас өлеңді күту мүмкін емес. Ақынның «Бұйығы өмір тілемен ғасырдан мен» деп шатынап, сілкінуі де «жақсылықтың барлығын да құшамын ғашық жанмен» деп ақтарылып, ағынан жарылуы да заңды. Бұл үлкен поэзияға жүк артар, сенім артар тұста ғана болатын, ілуде біреуге қонатын ащы айқай — жан айқайы. Оқырманды өз өнеріңе сендіру, бағыштау, ерту осындай тұста — сөз тіл ұшы мен өңештен ғана емес, бүкіл жүйке жұлыныңнан, қаныңнан, тереңіңнен суырылып, сыздықтап шығып, осылай бұлқан-талқан ақтарылғанда ғана болатын күрделі процесс: өнердің мәртебесі мен мерейін үстем етер, таланттың қарымы мен қуатын танытар жалғыз жол. Басқа жол жоқ, болуы да мүмкін емес.

Ақындық ойдың, дүниетанымның мазмұны «өзек жарған осы екен-ау» деп жөн-жосықсыз айқайлаудан емес, әлемнің қызығы мен қуанышын қызғыштай қорыған азаматтық үннен, әуезден, дауыстан аңғарылады.

Мұндай өлшем бар жерде тақырыптың ірісі мен ұсағы болмайды, «жүректен шығып, жүрекке жетер» жыр ғана болады. Жалын атып, аһ ұрған жастық жайлы, сезіміне еліткен сұлу жайлы, махаббатын күзеткен жігіт жайлы, күнге асылған таулар мен шежіре тарихын бауырына басып, там-тұмдап шығарып жатқан Дала жайлы, жол жайлы, әлем жайлы, уақыт жайлы жазылмасын, қай-қайсысында да:

Дара күндерімнің,
нала түндерімнің
серігі болғаның үшін,
сенімі болғаның үшін
мен сені аялаймын,

— деген Фариза Оңғарсыноваға ғана жарасар атой сезім буырқанып жатады. Ақынның:

Ей, жастығым, маужырап қалғымағын,
бала қаздай қияға түлет мені.
Көктеменің мүлгіген таңғы бағын
менің жаным жүрген жоқ тілеп тегі, — деуі де сондықтан.

Ақын жырларындағы мінез бен сергектіктен құралатын концепциялық тұтастық өлеңнің өрлігі мен азаматтық ой деңгейін, сезім деңгейін, жалпы поэзиялық-көркемдік деңгейін, мәдениетін анық аңғартады. Бұл жәйт әр жылдар бедерінде жарық көрген, «Сандуғаш», «Маңғыстау маржандары», «Мазасыз шақ», «Мен сенің жүрегіңдемін», «Шілде» жинақтарынан үрдіс үлгіде көрініс тауып отырғаны белгілі.

Ақынның лирикалық кейіпкері — мазасыз, мына ауыздық, жүгенімен алысқан уақыттай асау да тынымсыз. Соған орай, сол ырғақ, сол күйге орай поэзиялық бояуының әрі мен нәрі де, сәуле нұры да екпінді, өршіл, өзгеше асқақ...

Мен сондаймын.
Сүйсем егер ғұмырлық сүйіп кетем.
Басқаларға жүрегім — тұйық мекен.
Аласарсам, ешкімге ұқсамайтын
сезіміммен көңілді биіктетем.

Ақын жарық дүниенің жарқылдары мен сәулесін өз призмасы арқылы өткізіп, сындырып таратады, жүрегінің жылуы мен сезімінің шуағын қоса таратады.

Фаризаның қай жинақ, қай жырын елекке салмаңыз, бүгінгі өмір мен уақыттай -тынымсыз, мазасыз сирек суреткер жүрегінің лүпілі мен соғысын аңғарасыз. Жеке өз басының жалқы сипаттарын жалпылықтың биігіне көтеру, сол арқылы поэзиядағы интимдік лирика мен азаматтық лирика дейтін ұғымдардың шарты мен шекарасын ұластырып, тұтас алаңға айналдырып жіберу - Оңғарсынова жырларының өзіне тән үлкен ерекшелігі.

«Өлең, мен сені аялап өтем!» деген ақын жүректің ыстығы мен жалынына малынып шыққан, шырқырап дүниеге келген сұлулығы мен сымбатына, әуезі мен үніне қалай сенбессің?! Сенесің. Өйткені ол уақыттай тынымсыз, уақыттай мазасыз...

1979


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама